Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Қазан 2018

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2018 12:10

Облыстық ардагерлер кеңесінің қаулысымен Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Дүйсенбаев Серік Әбішұлы сайланды.

С.Дүйсенбаев 1951 жылы дүниеге келген. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша және Қызылорда гуманитарлық университетін «қаржы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Казсельхозтехника» Шиелі аудандық бірлестігінің слесары ретінде бастап, 1977-1996 жылдары «Нан өнімдері» бірлестігінің инженер-механигі, директор орынбасары, директор лауазымдарында  жұмыс істеген. 1996-2002 жылдар аралығында «Ел ырысы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, 2002-2005 жылдары «Қызылорда ауданаралық жылу орталығы» АҚ президенті, 2005-2007 жылдары «Арзан базар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болған. 2007-2008 жылдары қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы, 2008-2013 жылдары Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған.

2013-2016 жылдары Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

2017 жылдың басынан бастап Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

 


Батыр ауылында өткен спорт бәсекесі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2018 10:20

«Ауылым – алтын бесігім». Халқымыздың жауға сілтер алдаспаны, қорғанар қалқаны болған Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз атындағы ауыл Қазалы ауданындағы ең көрікті мекен саналады. «Тіректі елді мекен» атағын иеленген іргелі ауылдың айшықты ажары, көрікті нысандар салынуы жағынан өзге өңірмен салыстырғанда шоқтығы биік. Оқтай түзу асфальт көшелер, жарқыраған түнгі жарық, жаз мезгілінде жайқалған жасыл желек, сапалы ауызсумен қамтылуы, еңселі балабақша, әсем спорт кешені, мәдениет үйі, мектеп, жаңадан бой көтеріп жатқан мешіт, саябақ мұндағы ағайынның берекелі тірлігін аңғартады.

Өткен аптада спорт кешенінде тоспадоптан ауылдағы мекемелер арасында жарыс ұйымдастырылды. Мұндай әсем де талапқа сай ғимарат кейбір аудан орталықтарында да кездесе бермейді. Спорт кешенінің меңгерушісі, кезінде еркін күрестен талай мәрте додалы бәсекеде топ жарған, танымал спортшы Ғанибек Рзабай жаңа ғимаратта алғашқы шарасын өткізді. Ғанибектің ұжымы білікті бапкерлерден жасақталған екен. Спорт кешенінде бастарын құраған жұртшылық қасиетті жұма күні өткен осынау жарысқа жеті команда қатысуын жақсылықтың жоралғысына балаған. Бір байқағанымыз, батыр атамыздың есімін иеленген ауылда спортқа бүйрегі бұратын жандар баршылық екен. Бір команданың басы-қасында жүрген елу жасты орталаған Жетібай Қарасаев алаңда өткен доп тартысында ептілігімен спортпен айналысуға жас ерекшелігі кедергі келтірмейтінін дәлелдеді.

Сайысқа қатысушылар алдында Арықбалық ауылдық округі әкімі Сапарбек Қуатов, №17 Қазалы ауданының олимпадиалық спорт мектебінің директоры Қуанған Бәкен, «Сарқұл қожа» мешітінің имамы Мұратбек Бәлкеев, еңбек ардагерлері Мнаж Хайруллаев, Қожас Медеубаев, белгілі кәсіпкер Қонысбай Ниетәлиев тілектерін білдіріп, ауыл ақсақалы Айжарық Жұмағалиев бата берді.

Мұнан соң байрақты бәсеке басталды. Бірнеше сағатқа созылған жарыс көрермендерін еш жалықтырған емес. Біз болсақ, Елбасының бұқаралық спортты дамытуға берген тапсырмасының көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып жатқанына куә болдық. Жарыс болған соң жеңімпаздар да анықталатыны анық. Бұл жарыста ауылдағы спорт кешенінің командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші, үшінші орындарды № 94 мектеп, ауыл жастары командалары иеленді. Жеңімпаздар арнайы диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Спорт кешенінің меңгерушісі Ғанибек Рзабай жарыс соңында ұжымда өткен алғашқы шарасы аясында мал шалып, аруақтарға құран бағыштатты. Осынау тағылымды қадам «ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмайды» деген қанатты қағиданы жадымызға оралтты.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КҮРІШШІЛЕР 500 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ ӨНІМ ЖИНАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2018 09:56

Биыл Қызылорда облысында 87,3 мың гектарға күріш егілді, орташа өнімділігі гектарына 54,5 центнерді құрады.

Айта кетейік, жоғары өнімді сорттарды пайдалану есебінен соңғы 5 жылда күріш жармасының өндірісі 39 пайызға артып отыр, ал осы жылдары күріштің жалпы түсімі 2 есеге артты.

Жалағаш ауданында элеватор базасындағы «Байқоңыр» агрохолдингін құру аймақта күріш кластерін дамытуға ықпал етті. Айта кетейік, Ы.Жақаев атындағы күріш өндіру ғылыми-зерттеу институты Бүкілресейлік күріш институтымен бірлесіп Қызылорда облысы үшін арнайы сорттарды шығаруда.

2017 жылы облыстағы күріш шаруашылықтарында Иранда сұранысқа ие "Торем Хошеми" сорты өсіріле бастады. Осыған орай, қармақшылық "Ақтөбе және К" ЖШС осы сортты 70 гектар жерге екті, ал Қазалының "Сыр Маржаны" шаруашылығы сынақтан өткізу үшін 1 гектар аумаққа еккен еді.

Атап өту керек, 2020 жылға қарай облыста Иран күрішінің егістік алқабы 5 мың гектарға дейін ұлғайтылады, сонымен қатар, өңделген күріш экспортының көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Сыр өңірінің күріші Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Моңғолия, Ауғанстан және т. б. елдерге экспортталатын болады.

Қызылордада егін жинау науқанының аяқталуына орай ұйымдастырылған "Алтын дән" мерекесі аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аймақтағы ауылшаруашылық саласының ардагерлері мен үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕҢБЕК ЕРІНЕ ЖАҢА ҮЙДІҢ КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2018 09:50

Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттау рәсіміне орай аймақ басшысы Қ.Көшербаев «Құрмет» орденінің кавалері, Социалистік Еңбек Ері, 11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана Сәлима Жұмабековаға жаңа үйдің кілтін табыстады.

Бүгін Қызылордада егін жинау науқанының аяқталуына орай мерекелік іс-шаралар өтуде. Салтанатты шарада облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтап, сала бойынша үздік қызметкерлер мен ардагерлерді марапаттады.

"Алтын дән" - бұл еңбек мерекесі болғандықтан, социалистік еңбек ері, 11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана, Ыбырай Жақаевтың шәкірті Сәлима Жұмабекованы марапаттау рәсімінен бастау керек деп санаймын. Сыр елін "Алаштың анасы" деп атайды, ал Сәлима Жұмабекқызын "Сыр анасы" деп атауға болады", - дей келе аймақ басшысы Сәлима Жұмабековаға жаңа үйдің кілтін табыстады.

Өз кезегінде, осы уақытқа дейін көпқабатты үйде тұрып келген Сәлима апа облыс басшылығына қамқорлығы мен жаңа кең баспанасы үшін алғысын білдірді.

Сәлима Жұмабекова 1935 жылы 25 тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин ауылында (1997 жылдан бастап – Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, сондай-ақ, өзі туған ауылда ауылдық кеңесті басқарған.

2008 жылы облысқа жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр елінің ауылшаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар ардагер-әйелдерге жаңа пәтердің кілтін табыстаған болатын. Олардың қатарында Сәлима Жұмабекова да болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ «АЛТЫН ДӘН» МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2018 09:44

Мереке аясында облыстың барлық аудандары мен қала төңірегіндегі елді мекендерінің қатысуымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

Қызылорда облысының шаруалары 1500 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін – көкөніс, бақша және сүт өнімдерін, балық, сондай-ақ, қой мен ешкі әкелді. Айта кетейік, барлық өнім облыс орталығындағы нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды.

Сонымен қатар, жәрмеңке алаңдарында концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды.

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев Жаңақорған және Шиелі аудандарының жәрмеңкелеріне барып, диқандарды егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жасаған қамқорлығының арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд. теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы жылдың ауа райы, әсіресе, мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншылықтар облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші мәрт, жер жомарт» дегендей, диқандарымыз жаңа заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен аянбай еткен еңбектің арқасында астықты ысырапсыз жинап, міне, бүгін біз дала еңбеккерлерінің жемісті еңбектерінің мерекесін шат көңілмен тойлаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алды, 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қазынасына құйылды»,-деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарада аграрлық сала бойынша үздік аудандар мен қызметкерлер түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында аймақтағы Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Монғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып, сондай-ақ, Иранға экспорт жасау жоспарлануда. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері Қытай мен Ресей, т.б. елдерге жеткізіледі.

2018 жылы Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 7,1 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Бұлар - халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты мен Қызылорда қаласындағы 2 гектарлық автоматтандырылған жылыжай, Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, Шиелі ауданында 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мал бордақылау алаңдары.

Суармалы су тапшылығын болдырмау және ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында келесі шаралар қабылданды. Біріншіден, шаруашылықта құнарлылығы жоғары малазықтық дақылдар – жүгері, сорго, судан шөбі, майлы дақылдар – соя мен мақсарыны, халық көп тұтынатын картоп, көкөніс,бақша дақылдарының және көпжылдық жемістердің егіс көлемдерін ұлғайтуға басымдық беріледі.

Екіншіден, суармалы егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту шараларын іске асыру және суармалы жерлердің көлемін ұлғайту арқылы облыста өндірілетін өнім көлемімен өнімділікті арттырады. Бұл бағытта алдағы жылдары барлығы 188 мың гектар суармалы жерлер бойынша сомасы 127,3 млрд. теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылатын болады. Нақты айтқанда, суармалы жерлердің ирригациялық дренаждық және инженерлік жүйелерін қалпына келтіру, пайдаланылмай жатқан жерлерде ылғалды сақтайтын агрогельдер мен аквасорбенттерді пайдалану, жерасты суларды пайдаланып, жаңбырлатып, тамшылатып және топырақасты суландыру жүйелерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту.

Үшіншіден, аграрлық салада «ақылды технологияларды» өндіріске енгізу ауыл шаруашылығы техникаларының барлық процестерін компьютерлік бақылау, ауа райын болжау арқылы шаруашылық құрылымдар өндіріс шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін ұлғайуға мүмкіндік береді. Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруашылығы базасында «нақты егіншілікке» арналған «Aқмая смарт ферм» жобасының нәтижесінде, цифрлық, инновациялық агротехнологияларды өндіріске енгізу тәжірибесі аймақтағы басқа да шаруашылықтарға таратылатын болады. 2022 жылға қарай облыста «ақылды технологияларды» өндіріске енгізген шаруашылықтардың санын 286-ға жеткізуді қамтамасыз ету жоспарлануда.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығы өнімінің өндіріс көлемін арттыруда «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, кластерлік дамыту бағдарламасы аясында 2019 жылы кем дегенде 10 тамақ өнеркәсібін құру жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

Аймақта мал шаруашылығын дамытудың кластерлік әдісі енгізілуде. Қабылданған шаралар 2019 жылға қарай ет өндіруді - 17%-ға, сүт өнімі - 7%-ға, жұмыртқа - 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «ШАЛҚИЯ ЦИНК» АҚ ТАУ-КЕН БАЙЫТУ КОМБИНАТЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2018 09:36

"Шалқия" қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу жобасы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында іске асырылуда. Толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 4 млн. тоннаға дейін кен өндірілетін болады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары А.Айдарбаев облысқа жұмыс барысы аясында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевпен бірге «Шалқия» кен орнындағы кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Сонымен бірге, Қызылорда облысы әкімдігі, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ және «Доберсек» неміс компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

"Аталған жоба Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылғанын атап өткім келеді. Жобаны іске асыру Сыр өңірінің экономикасын дамыту ғана емес, республика экономикасын дамытуға қызмет ететін болады. Болашақта мұнда ресейлік жоғары оқу орындарындағы түлектеріміз бен жергілікті тұрғындар арасынан мамандар жұмысқа орналасады", - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

"Қаржыландырудың барлық мәселелері шешілді, келесі кезекте - тау-кен келісімшарты және жөндеу жұмыстарын жүргізу. Жоба мерзімінде және тиімді жүзеге асырылады деп үміттенемін, бұл біздің ортақ міндетіміз деп санаймын", - деп атап өтті "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев.

2016 жылдың мамыр айынан бастап кен орнында кен байыту комбинатының құрылысына дайындық жұмыстары басталған болатын. «Шалқия» кен орнында кен байыту комбинатының құрылысы жобасы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылуда. Жоба құны 650 млн. АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорында құрылыс кезеңінде 1 мыңға жуық, ал іске қосылғаннан кейін 1500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Кәсіпорын кенді вертикальды-конвейерлік әдіспен байыту және өндіру бойынша инновациялық әдісті қолданады.

Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкімен қаржыландырылады.

Атап өту қажет, ағымдағы жылы 2 қазанда Лондон қаласында «Тау-Кен Самрұқ» АҚ және «Доберсек» неміс компаниясы арасында «Шалқия» кен орнында кен байыту компаниясының құрылысын жүргізу туралы ЕРС-келісімге қол қойылды.

Шалқия – JORC классификациясы бойынша көлемі әлемде дәлелденген және ықтимал қорлар бойынша 5-орындағы және мырыш қоры 6,5 млн. тоннаны құрайтын қорғасын-мырышты кен орны болып табылады. Сонымен қатар, BrookHunt зерттеуші компаниясының мәліметі бойынша Шалқия кен орнындағы мырыш қоры Қазақстан Республикасындағы барлық мырыш қорының 30%-ын құрайды. Аталған кен орнын игеру мырыш нарығында ірі компаниялардың бірі болуға және үлкен көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік береді.

Мұнан соң «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің ахуалдық орталығында болды, онда делегация «Ақылды кен орны» цифрлық технологиясын енгізу жұмысымен танысты.

Бұл технологияны енгізу нәтижесінде мұнай өндіру көлемін 1-2%-ға, жөндеу аралық кезеңін 700 күнге дейін ұлғайту, операциялық шығындарды 10%-ға төмендетуге және басқарушылық шешімдердің тиімділігін 20%-ға арттыру жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Ертең ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.10.2018 15:56

Қызылорда қаласында «Алтын дән- 2018» салтанатты іс-шараларын өткізу туралы Қызылорда облысы әкімінің 2018 жылғы 3 қазандағы №878-ө өкіміне және Қызылорда қаласының әкімінің 2018 жылғы 15 қазандағы №1764-ө өкімдеріне сәйкес, «Алтын дән-2018» салтанатты іс-шаралары аясында 2018 жылдың қазан айының 27-сі күні Қызылорда қаласының Әйтеке би көшесінің  бойында (Қазыбек би көшесі мен Д.Қонаев көшеснің аралығы), Қармақшы ауданының Журба көшесінің бойы (Сахи Романов көшесі мен Саламатов көшесінің аралығы), Жалағаш ауданының Ә. Қашаубаев көшесінің бойы (Жетікөл көшесімен қиылысы), Сырдария ауданының Жанқожа батыр көшесінің бойы (Реалбза алды), Арал ауданының С. Торайғыров көшесінің бойы («№1 Шұғыла» балабақшасының алды), Қазалы ауданының Ғ. Мұратбаев көшесі мен Қ. Яссауи көшесінің қиылысы («Шұғыла» мөлтек ауданы), Жаңақорған ауданының Астана даңғылы (Е.Көшербаев көшесі мен А. Иманов көшесінің аралығы), Шиелі ауданының Тасбөгет кенті (Орталық алаң) ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің қатысуларымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіледі.

Осы ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қала тұрғындарын қатысуға шақырамыз.

Қызылорда қаласы ішкі саясат бөлімі

 


Кәсіпкерлер палатасы: «Күріш комбайнына берілетін субсидия көлемі артты» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.10.2018 16:21

Бүгін біз ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан қолдау түрлеріне қатысты болып жатқан жаңалықтармен бөліспекпіз. Сауалдарымызға Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков жауап береді.

- Жасұлан, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қандай жаңалығыңыз бар? Аталмыш салада мемлекет тарапынан қандай бастамалар қолға алынып жатыр?

- Соңғы жаңалықтарға тоқталатын болсам, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазір басым бағыт беріп отырған саласы – мал шаруашылығы. Бұл салаға қатысты несиелендіруді де, субсидияны да күшейтіп жатыр. Атап айтатын болсам, егер кәсіпкерлер немесе кәсіпкер болуға ниетті азаматтар мал шаруашылығының ет бағытына қатысты кәсіппен айналысса, оған қатысты несиені 4 пайызбен алуға мүмкіндіктері бар. Бұл - еліміздегі ең төменгі пайыз мөлшері. Бірақ оның шарттары малды міндетті түрде шетелден алып келуі керек. Яғни шетелден асыл тұқымды немесе ет бағытындағы малды алып келсе, қажетті қаржыны 4 пайызбен ала алады. Бұл бастаманың екінші артықшылығы – шетелден алып келген 1 мал үшін 225 мың теңге субсидия беріледі. Мәселен, шетелден 1 малды 400-500 мыңға алды делік, оның 225 мың теңгесін мемлекет қайтарымсыз көмек – субсидия түрінде береді. Бұл жаңалықты енгізудегі мақсат – кәсіпкерлерді, шаруаларды сырттан мал әкелуге ынталандыру. Осы уақытқа дейін, баршамыз білеміз, мал алуға берілген мемлекеттік қолдау түрлерінің нәтижесі аздау болды, себебі алған қаржыға облыс, аудан, ауыл ішінде мал алынып, мал басының көбеюіне, асылдануына айтарлықтай ықпал етілмеді. Осы мәселені шешу үшін, малдардың тұқымын асылдандыру үшін мемлекет осындай қолдау түрлерін көрсетуді қолға алды.

- Жалпы, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан салаға қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар немесе өзге де мәселелерге қатысты ұсыныстар берілді ме? Нәтиже бар ма?

- Кез келген кәсіпкерлік саласына қатысты нормативтік-құқықтық актілер шығатын кезде бірінші бізге - Кәсіпкерлер палатасына жобасы келеді. Аталмыш жобамен әр саланың сарапшылары бар, танысып, кәсіп иелері үшін тиімділігі, зияны – барлығын сарапқа салады. Мұнан өзге, қолданыстағы заңнамаларды да сараптап, кәсіпкерлердің ісін жүргізуге қатысты кедергі келтіретін нормаларына қатысты ұсынысымызды беріп отырамыз. Солардың бірі - инвестициялық субсидиялар. Аталмыш субсидия кәсіпкерден кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беруге арналған. Біз екі жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына күріш комбайнына қатысты берілетін субсидияға қатысты ұсыныспен шығып келдік. Осыған дейін егін шаруашылығымен, оның ішінде күрішпен айналысатын кәсіпкер комбайн алған жағдайда жалпы кеткен шығынның тек 6 млн. теңгесі ғана субсидия түрінде төленетін. Мәселен, кәсіпкер 150 млн. теңгеге комбайн сатып алса, мемлекет тек 6 млн. теңгесін ғана қайтарып беріп келді. Басқа техникаларға қарайтын болсақ, мысалы, бидай комбайнына 10-12 млн. теңге субсидия беріліп келді. Бұл жайт, әрине, кәсіпкерлердің өкпе-ренішін тудырады. Біздің ұсыныстарымыз ескеріліп, инвестициялық субсидия беру ережелеріне өзгеріс енгізілді. Ендігі жерде күріш комбайнын алған кәсіпкерлерге 29,5 млн. теңгеге дейін, яғни алынған техниканың 25 пайызына дейін субсидия берілетін болды. Бұл - біз үшін ерекше жаңалық. Өз ұсынысымызда, ең болмаса 12 млн. теңгеге дейін берсе деген ұсыныс болған. Ал нәтижесі, өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік қолдау тетігі жақсарды. Аталмыш құжат 17 қыркүйек күні күшіне енді.

Келесі мәселе кәсіпкердің лизингке алған техникасына қатысты. Аталмыш техникаға кеткен шығынның мемлекет бір бөлігін қайтарып беретін. Қайтарып бергенде қалай, субсидияға берілген қаржыны мемлекет бірден кәсіпкер техника алған мекемеге аударып жіберетін. Лизинг те несие секілді ғой. Кәсіпкер ай сайын лизингте көрсетілген қаржы көлемін өз ақшасына жауып, субсидияға бөлінген қаржыны кәсібін дамытуға жұмсағысы келсе де, бұл қадам мүмкін болмай келді. Біз осы мәселені де өткен жылдан бастап көтеріп келдік. Ұсынысымыз ескерілді. Жаңа ережеде мемлекет тарапынан субсидия түрінде берілген қаржы кәсіпкердің келісімі негізінде ғана лизинг беруші компанияға аударылады. Егер кәсіпкер қаржыны өзінде қалдырғысы келсе, оған толықтай құқығы бар. Бұл да болса біздің жеңісіміз деп санаймын.

- Алғашқы сауалымызда Сіз мал шаруашылығы саласындағы жаңалықтарға тоқталып өттіңіз. Егін шаруашылығындағы жағдай қандай?

- Республика бойынша гектарлы субсидияны алып тастап жатыр қазір. Өткен жылға дейін күріш пен мақта және қант қызылшасына гектарлы субсидия берілетін. Осы жақын уақыттан бері гектарлы субсидияны алып тастады. Бұл бір жағынан дұрыс болды деп ойлаймыз. Себебі, бір кәсіпкер жеріне жан-жақты мамандар шақырып, жаңа технологияны енгізіп, қомақты қаржы салып жұмыс жасауы мүмкін. Ал келесі бір кәсіпкер тұқымын сеуіп, одан артық қаржы жұмсамауы мүмкін. Мұны мысал түрінде келтіріп айтып отырмын. Міне, осы жағдайда қаржы салғаны да, салмағаны да гектарына сай субсидия алып келді. Былай қарағанда, әділетсіздік. Жаңа ереже бойынша ендігі жерде субсидия өңделген өніміне беріледі. Егер Сіз кәсіпкер ретінде 1000 тонна өнім жинасаңыз, сол жинаған өніміңізге субсидия аласыз, 1 тонна жинасаңыз, онда сол көлемге ғана арналған қаржыны аласыз. Міне, саладағы өзгерістер осы.

- Әңгімеңізге рахмет.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


“ТОЙ ТОЙЛАҒАН ӨКІНБЕС...” PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.10.2018 12:15

Өткен аптада азаттықтың ақ таңы атқан қалада, дәлірек айтқанда Алматыда Коммунистік жастар одағының 100 жылдығы тойланды. Сол-ақ екен, әлеуметтік желідегі ағайын ұлардай шулап қоя берді. Бірден дұрысын жазып жатырмыз, әйтпесе, әлі де шулап жатыр. Бірақ, қайда барады дейсіз, шулап-шулап қояды да. Біз жазған соңғы сөйлем билік басындағылардың өз-өзін жұбататын “қисынды” сылтауы секілді. Қазақтың қаспағын емес, қаймағын сүт бетінен сүзіп алғандай күй кештірген зұлымдық мына біз секілді тәуелсіздіктен кейін өмірге келген ұрпаққа тарихтан ғана белгілі. “Қан жұттырған, қынадай қырған” деп суреттеледі. Мұны айтуға да аузың бармайды. Аждаһа, зұлым, залым, қанқұйлы, қаныпезер, қанішер, қуақы, сұрқай...

Желіде ашуланғандардың көбісі “алашшылдардың 100 жылдығы неге тойланбады?” деп дабыл қағуда. Иә, рас Алаш қозғалысының ғасыр тойы бізге “жетім қыздың тойындай” ғана әсер қалдырған еді. Ал, биылғы “басты мейрамның” дүбірі алыстан естілді, күбірі артынан айтылып жатыр. “Менмін” дегендердің өзі алдын ала қарсылық жасап, “мың асқанға – бір тосқын” етіп үлгеретіндей болмады. Шенеуніктер бір сәтте Ленин бейнесіндегі комсомолдық төсбелгілерін тағып алып, шат-шадыман күйге ене қалды. Бәрінен бұрын, фотодан көргеніміздей, тәуелсіз қазақ сарбазы көсем саналған кісінің бейнесіндегі кеңестік қызыл туды көтеріп тұрды. Тағы десеңіз, ол көк туымызбен тең дәрежеде тұр. (жоғары да болуы мүмкін – ред.) Білуімізше, мемлекеттік емес жиында мемлекеттік тудың қайдан жүргенін де түсіндіретін жан керек. Айтпақшы, біз мұнда құр аттандап жатқан сияқтымыз. Өйткені, бұл “той” әлі Елорда төрінде де аталып өтіледі екен. Одан бөлек бірнеше облыстың осыған орай мерекелік кеш өткізуге білек сыбанып отырған жайы бар. Тіпті, қазақы өңір саналатын Қызылордада да бір қоғамдық бірлестік төрайымы әкімдерді икемге көндіріп, кейбір аудандарда атап өткен-ді. Мұны “Алаш арыстарының бетіне түкіру” деп жазып жатқандар табылады. Бұлай жалғаса берсе, біз жай ғана түкіргеніне мәз болып қаламыз-ау...


Ерлан ҚАРИН, саясаткер:

“БІЗ  ҮШІН  САЯСИ САБАҚ  БОЛДЫ”

- ...Әрине, алаштықтардың жүз жылдық тойы көлеңкеде қалып, ал комсомолдың ғасырлық тойы дүркіреп өтіп жатқаны, шынымды айтсам, мені қынжылтады. Бірақ, былай қарап отырсаң бәрі де дұрыс. Неге?! Себебі, кім, қалайша біріге, ұйымдаса алды, солай тойын тойлады, атайтынын атады.

Алаштың жүз жылдығын да солай дүркіретіп өткізуге болар еді, тіпті одан да асырып жіберуге де мүмкін еді. Бірақ, әр жерден бір шулап, айтып-айтып­ қойдық. Сөзге мықтымыз, ал нақты­ іске келгенде, әрқайсысының мыңдаған сылтауы шыға келді. Мойындау керек, Алаш идеясы риторика деңгейін­ен аспай қалды. Ал, шын мәні­сінде, алаштықтар мемлекеттілікті басты мақсат етіп қойды. Және олар азаттық үшін күресі бір бөлек, ал сол дербес, тәуелсіз мемлекетті сақтап, қорғап тұру үшін саяси мемлекеттік басқару тәсілдерін де барынша меңгеруді насихаттаған болатын. Сон­дықтан, комсомолдың  жүз  жылдығы біз үшін  қай  жағынан  болса да жақсы саяси­  сабақ болды.


 

 

Қазыбек  ИСА, ақын, журналист:

“САЯСИ  САУАТСЫЗДЫҚ  ДЕУГЕ   БОЛАДЫ”

- ...Сонда бұрын бізді отарлаушы коммунистердің идеология­сын  белсенді атқарушы органы комсомолдың 100 жылдығын тойлау қандай ұғымға сыяды? Пайымы мен парасаты бар адамға­ парадокс емес пе? Бұл тойды кімдер ұйымдастырды? Қыруар қаржы қайдан алынды? Бүгінгі парламентте отырған Косарев бастаған Коммунистік партияның (жалғыз өзінің) бұған шамасы жете қояр ма екен? Мұндай мерейтойға жеткеніне жүректері жарылардай қуанышты болып жүрген Қуаныш Сұлтанов пен бақыттан басы айналған Бақытжан Жұмағұловтар бастаған, депутат Серік Сейдумановтар қостағ­ан нұротандықтардың толып жүргеніне қарағанда билік соларда секілді. Кеңестік-комсомолдық медальдарын сыңғырлатып тағып алып, “сызып“ жүрген коммунист депутат Жамбыл­ Ахметбековтың жайраң қағуын “өз тойы” болғандықтан шығар дедік. Ал, нұротандық сенатор Бірғаным Әйтімованың  есі шыға шаттанып жүргеніне не дерсің? Әлде, Қазақстан Коммунистік жастар одағының хатшысы кезінде Желтоқсан оқиғасында жастарды қалай жазалағанының “жалыны” әлі басылмаған ба? Бұлардың бәрінің “Мен әлі құлмын” деп мақтан­ғандай, отарлаушы империяны дәріптейтін медальдарын жарқыр­атып ашып тұрып, мәз-мейрам болып суретке түсуін нағыз саяси сауатсыздық деуге болады. Иә, парламенттегі партиялардан “Ақ жолдан” басқа екі партия тайлы-таяғымен­ түгел өріп жүр. Тіпті, “Біз ғана оппозициямыз” деп кеудесін қаққанда бос жаңғырық шығатындар да босағадан көрініп қалды… Рухани  жаңғырып  жатқанымызда  бұлай  рухани-саяси­ кері кетуді қалай түсінеміз?

Ақын М.Шахановша айтсақ, бұл “Ресейдің туфлиін жалауға негізделген шара” болды. Той деуге татымайтын­ жиын туралы ойымызды осылайша қорытындыладық. Доспамбет жырау “Торы төбел ат мініп, Той тойлаған өкінбес” деп еді өз толғауында. Жоғарыдағы атқамінер ағаларымыздың (аталарымыздың болуы да мүмкін) атқа мінбегенінен бе, той  тойлағанға да  өкінетін  жағдайға  жеттік...

Ш.ШАТҚАЛ

(Пікірлер qazaquni.kz ұлттық порталынан,

www.tarlan.kz саяси сараптамалық порталынан ықшамдалынып алынды.)

 


ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ ӨСЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.10.2018 12:12

Тағы да сол «ауру». Ресей тұмаурата­ды,­ Қазақстан түшкіреді. Бұл жолғы дендеген «дерт» жанар-жағармайдың құнына кеп тіреліп тұр. Жылдағы «дәстүрге» телуге болар еді, бірақ бұл жолғы жағдай­ басқаша. Әдетте егін нау­қаны басталар тұс пен орақ маусымы таяған сәтте жанар-жағармай тапшылығы сезіліп, бағас­ы күрт өсетінін жұрт жаттап алған. Биыл мұндай жағдай қайталанған жоқ, есесіне 2019 жылдан бастап баға шарықтауы мүмкін. Оған себеп қандай? Ортақ одақтағы елдердің «қызуы» Қазақстанға «теуіп» жатыр ма?

Әлемдік саясат төбесінен төмпештеп жатса да, түр бермейтін теріскейде жанар-жағармай бағасы қымбаттауы мүмкін. Оның салдары қақпағы ортақ қазаннан ас ішіп отырған қазақ еліне тимеуі әсте мүмкін емес. Біз айтты деп жүрмеңіз, ресми деректер жыл аяқталысымен Путиннің елі бензин мен дизель салығын бір жарым есеге көтеретінін мәлімдеді. Бас энергетиктің айтуынша, бензині ең арзан 167 мемлекеттің ішін­де Қазақстан – 12-орында.

- Мұнай өнімдері нарығы бүгінде сапалы өзгерістер жағына ауысуда. Біз Қазақстан мұнай өнімдері нарығында транзиттік уақытта тұрмыз. Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының жаңғырту жұмыстары аяқталып, қозғалтқыш отындарына қатысты импор­ттық тауарларға деген тәуелділік төмендеді. Бүгінде отандық мұнай өнімдері бойынша жағармай 90 пайыз­ға, дизельді отын 90 пайызға, әуеке­росин 58 пайызға қамтамасыз етіліп отыр, - деген еді ҚР Энергетика министр­і Қ.Бозымбаев Мәжілісте өткен кезекті Үкімет сағатында.

Шыны керек, нарықтағы және қойма қорларындағы жанармай мөлшері сәт санап өзгеріп отырады. Және ол туралы­ талап та қатал. Мәселен, Кеден Одағының техникалық тәртібіне сәйкес К-4, К-5 стандарттарына сәйкес келмейтін отынды шығаруға тыйым салынды. Бұл да – экологиялық аспект. Өткен жылы «Маған министр болған көбірек ұнайды» деп республикалық басылымға сұхбат берген бас энергетик тықыр таяғанда осындай жағдайдың болатынын білді ме, әйтеуір жыл басталысымен мәселенің мәнісіне терең үңіліп, алдағы 4-5 жылда елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытының салынып, бензин және дизель отынының резерві құрылатынын  айтқан.

- Жанармай отыны бойынша тапшылық  биыл 10 пайыз шамасында ғана болад­ы. Келер жылы ішкі нарық отандық өніммен 100 пайызға қамтылады. Бірақ, алдағы бес жылда жаңа мұнай өңдеу зауыт­ы салынбаса, қайтадан сыртқы­  өнімге  тәуелді  боламыз. Тиісті құжаттарды дайындау керек. Мұндай зауытты­ 1-2 жыл ішінде сала алмаймыз. Биылдан бастап қолға аламыз, - деген министр­дің  айтқаны  келді.

Келмегенде ше, көршінің нары­ғында бензин қымбаттайды. Ал біз жақын­да ғана жанармайды сыртқа шығару­ тура­лы келісімге қол қойдық. Нәтижесінде Ресейге жанар-жағармай көп мөлшерде тасымалданып, елде бензин­  тапшылығы осыдан туындайды.­ Ал  біздегі  тапшылық...

- Бізде тапшылық бір жолмен шеші­ле­ді. Яғни, тапшылық тудырған тауардың бағасы қымбаттайды. Әсіресе, бұл жанармайға қатысты болғанда. Десе де қаншалықты қымбаттайтынын айту қиын, - дейді мұнай-газ нарығының сарапш­ысы  Сергей  Смирнов.

Дегенмен, өткен аптада Энергетика министрлігі мамандары жанармай нары­ғындағы ахуал тұрақты және әзірге жанармай тапшылығы жоқ, қоймадағы жанармай қоры кемінде 17 күнге жете­тінін айтты. Ал біздегі нарық бағасы ортақ одақтас елдерге жалтақтап тұратыны жасырын емес. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысы­ мәселесі пысықталуда. Халықаралық «Global Petroleum Prices» талдау агенттігінің ай сайынғы зерттеп отырған деректеріне сенсек, Қазақстанда тұтынудың бол­жам­ды өсуіне байла­нысты 2021-2023 жылдары бензин және дизел­ьдік отын же­тіспеушілігі орын алады. Оған де­йін тәуекел...

 

Н.ҚАРАСАЙ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары