Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Қаңтар 2012

Шектен шыққан ШЕКСІЗ ЕРКІНДІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
26.01.2012 12:07

Құзырлы  орындардың  назарына

Ақпарат құралдарына әдетте қайда барса да, әділдік таппай, тағаты таусылған жандар көп келеді. Өз тәжірибемізде ондай мысалдар жетерлік. Амалдың жоғынан «Халықтың» есігін қаққандардың бірі – Абылай Қалилаев­.

Ол басқарып отырған «ТехноБурСервис-Қызылорда» ЖШС-нің жұмысшылары екі жарым жылда­ Аралдың Сазды ауылынан 150 орындық мектеп салды.Қызылорда қаласындағы сот сараптама орталығын­ толықтай жөндеп, жылу электр орталығының бу қазандықтарын жаңартты. Қазір техникасы қаңтарылып, жұмысшылары айлық ала алмай жүрген жайы бар. Баяғыдай қарқын қалмаған. Бас-аяғы екі жүздей адамның, оның сыртындағы осынша отбасының обалы кімге деген сұрақ туады.

Бітпес дау бүкіл жауапк­ершілік серіктестіктің өндірістік директо­ры Ерболат Әбубәкіровке өткен 2009 жылдың маусым айынан басталған. Ол уақытта А.Қалилаев сырқаттан­ып жүрсе керек,­ емделмек болып, орынбасарын уақытша өз орнына қалдырады. Е.Әбубәкіров мұны шексіз еркіндік деп түсінген сияқты. Қайын жұртын, оның ішінде балдыздары Айгүл Тастанбекова мен Сабина Тоқтаболатованы, танысы Мира Арыстанованы қасына алып, қисапсыз қаржыны тізе түйістіре оңды-солды жұмсағанына қарағанда солай. Тендерде ұтқан 3 объектіден түскен 91 млн. 732 мың теңге қаржының қомақты бөлігінің желге ұшқаны 2010 жылдың аяғында жүргізілген ішкі тексеру барысында анықталған. Оны  басшы құ­жаттарды көтергенде бір-ақ байқайды. Кіріс-шығыс құжаттарының ұрлануы, жалдамалы техникалар үшін (бірақ дәлел боларлық құжаты жоқ) айма-ай ақы төленуі, ең бастысы, сенім артылған адамдардың ашкөздігі салдарынан талай­ адамға нан тауып беріп отырған құрылыс мекемесі қазір қаусап тұр.

- Есептегенімізде, құжатталмаған ақшаның сомасы 20 млн.-ның үстіне шықты. Негізгі кіріс-шығыс жөніндегі ордерлер не қолдан жа­салған, не ақша бухгал­териядан алынған болуы мүмкін. Мұны сот-сараптама, аудиторлық тексеру, облыстық қаржы поли­циясы мен ішкі істер департаментінің тергеу нәтижесі де растады. Жалпы шығын көле­мі 40 млн. теңгеге жуықтайды. Ал бұл аз ақша емес, - дейді серіктес­тіктің бас директоры А.Қалилаев.

Қаржы тапшылығының Саздыдағы мектепті салуға әжептәуір кесірі тиген. Е.Әбубәкі­ровтың тапсырмасымен алынған «ЮМЗ» тракторының ол жерде қарасы­ да көрінбеген, орнына­ жұмысқа «Толыбай и К» ЖШС-нің техникасы жегіліпті. «Т-150» маркалы трактордың да пайдасынан зияны­ көп болғанға ұқсайды. Қармақшының тұсында қарсы бағыт­тағы көлікке соғылып, екі жақ әлі соттасып жатыр. Қызығы, қай техниканың да сапасы­ сын көтермей­тінді­гіне қарамастан, нарықтағы (қағаз жү­зіндегі) бағасы таңдай қақтырады. Мысалы, Мәдениет ауылының (Жалағаш ауданы) тұр­ғынынан 300 мың теңге­ге сатып алын­ған   «Т-150» скреперінің құны құжатта 1 млн. 925 мың теңге деп көрсе­тіліпті. Бұзылған кезде оны жөндеуге кеткен қаражат та қомақты.

- Мен жоқта Әбубәкіров өзінің 5 жылдан бері қызмет атқармай тұрған «Ернұр» деген серіктестігін іске қосады. «Миг-ХХІ» мекемесімен келісім жасап, Талсуатта құрылыспен айналысқан. Біздің қызметкерлер мен техникалық құрал-жабдықтарымызды сонда жұмысқа салып, айлықты біздің есебімізден алып,  пайда­ тек «Ернұрдың» есебіне түсіп отырған. Сот сарап­тама орталығының ғимаратын толығымен жөндеу үшін бөлінген 2 млн. 448 мың теңгенің 1 млн. 748 мыңын еш себепсіз «Сәулет-Т» серіктестігіне аудартқызған. Құны 1 млн. теңгеге жуық құрылыс материалдарының қайда жұмсалғанының есебі жоқ. «Белара-Пласт» мекемесінің басшысы Зухра Әбдірашидқызы мен іс жүргізуші Тоқта­болатова екеуі жалған құжаттарға қол қойған. Әбубәкі­ровтың құзырындағы «Ернұр» серіктестігінің қызметкерлері толық жұмыс атқармаса да, күні-түні бір тынбаған қарапайым жұмысшылардан екі-үш есе жоғарғы жалақы алған, - дейді А.Қалилаев.

Осындай деректерді алға тартып, А.Қалилаевтың арызданбаған жері жоқ. Өткен жылдың қазан айында мектептің құрылысы үшін бюджеттен қаражаттың толық бөлінбеуіне байланысты облыс әкіміне хат жолдаған, ол да әзірге жауапсыз. Қаржы полициясы қылмыс­тық іс қозғаудан бас тартса, облыстық прокуратура полицияға сілтеген.

- Арыз Қылмыстық кодекстің 176-бабының  3-бөлігінің «б» тармағымен қозғалған қылмыстық іске біріктірілді. Кінәлі азаматтарды жауапқа тарту мәселесі тексеру нәтижесіне қарай шешіледі, - деген облыстық ІІД-нің тергеушісі Сәкен Сыздықов істің таяу арада сотқа жететініне сендіріп отыр.

«ТехноБурСервис-Қызылорда»  ЖШС-нің жаб­дықтау бөлімінің бастығы Қайрулла Қалиевтің пікірінше, Е.Әбубәкіровтің басты кінәсі – ескі-құсқы техниканы сатып алғанын­да.

- Қыруар қаржыны орнымен жұмсағанда бұлай тарықпа­с едік. Міне, қанша уақыттан бері жалақымызды ала алмай жүрміз. Зейнет жасына жетіп қалғанда осылай жұмыстан айрылып, қол қусырып отыру қиын екен, - дейді Қ.Қалиев.

Қаржылық қитұрқылықтан моральдық және материалдық тұрғыда зардап шеккендердің қатарында «Техно­БурСервис-Қызылордадан» бөлек, «Бучнев», «Қылышева», «З.Өтешов», «Қожаева», «Байманов» сынды жеке кәсіпкерлер мен «ДСК» серіктестіктері бар. Жалданып жұмыс істегендер оларды жиі мазалауға мәжбүр.

- 2010 жылдан бері бригададағы 9 адам айлық алған емес. Соттасып жатыр ма, онда біздің шаруамыз жоқ. Бізге еңбекақымызды берсе, болды. Былтыр бес-алты рет келдік. «Әне береміз, міне беремізбен» шығарып салады, - дейді Саздыдағы құрылысқа қатысқан ағаш ұстасы Сұлтанбек Жалмағамбетов.

Сонау Аралдан келіп, бізге мұңын шаққан отбасының асыраушысы Жақсыгелді Шәуленов те ақадал еңбекақысының сағымға айналып бара жатқанына күйінеді. Аяздың өтінде, аптап ыстықта сағатпен санаспа­й жұмыс істейтін бұл азаматтардың өкпесі орынды. Ал обалы кімге? Оны анықтау және кінәлілердің жазасын беру– құзырлы органдарға сын.

Н.ШАМАУ

 


ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ көңілден қашан шығады? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
26.01.2012 12:02

Баяғы жартас – бір жартас...

Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары қоғамдық көліктегі мәдениеттіліктің жоқтығы жиі сынға алынатын болды. Одан қалды, бір бағыттағы маршурттар бір-бірімен жарысып, жол ережесін де сақтамайды. Сондай-ақ, жүргізушілер таңертеңгілік медициналық бақылаудан да өтпейтін көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда­, қаламыздағы қоғамдық көлік мәселесінің өзектілігін жоймай, бір жүйеге түспегеніне де бірталай уақыт болды. Бұған дейін де халық арасында біршама дүрбелең тудырып, сарсаңға салған көлік мәселесінің түбегейлі шешілетініне жергілікті билік те жұртты сендірген. Себебі, тендерді «Көлік сервис» мекемесі ұтып алып, өзіндік ережелерін енгізген болатын.

Өзгерістің басы ретінде көптеген қоғамдық көліктердің қалалық­ бағыттағы нөмерлерінің ауысуы болды. Алғашында тұрғындар арасында түсін­беу­шілік тудырғанымен, аз уақыттың ішінде бұған да үйреністі. Келесі­ кезект­е тендер шарты бойынша қоғамдық көлік жүргізушілері мен кассирлерін арнайы­ киіммен жабдықтап, көліктер базадан жүргізілу қажет еді. Екінші шарттың бүгінде қаншалықты орындалып жатқанынан бейхабармыз.­ Ал әзірге жүргізушілер мен кассирлердің бірыңғай форма­ киіп жүргенін көз көрген жоқ.

- Қазіргі таңда Арзан базар, Тасбөгет­ кентінде, теміржол вокзалында, жаңа базарда орналасқан базам­ыз бар. Сол жерлерде күнде­лікті көліктер мен жүргізушілер техникалық, медициналық тексеруден өткізіліп, көлік қозғалысы реттеледі. Күзде Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы тапсырыспен қаланың орталығында жүретін үш бағыттағы көліктердің жүргізушілері мен кассир­іне арнайы киім тіктіргенбіз. Бірақ күннің суытып кетуіне байланысты олар бірыңғай форманы көп киген жоқ. Көктем мезгілінен бастап, бірыңғай форманы киюді қайта міндеттейміз, - дейді “Көлік сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орын­басары Болат Құдабаев.

Бүгінде жаңа өзгеріске байла­нысты бұрынғы 40 маршруттан  25 маршрут қалды. Ауылдық елді-мекендерге қатынайтын автобустар нөмірмен емес, Қарауылтөбе, Абай деген сияқты бағытымен аталатын болды. Тағы бір айта кететіні, тендер шартына орай бір есікті автобус­тардың жүргізілуіне рұқсат жоқ бола­тын. Бірақ көлік санының жетімсіздігіне байланысты олар әзірге қолданыстан шығарылмаған. Адам басы­нан техника – автокөліктердің саны артып бара жатқан қазіргі уақытта Америка мен Еуропа елдерінде қоғамды мұнан әрі автомобилизациялаудың мүмкін емес екенін мойындап, соңғы жылдары, керісінше, қоғамдық көліктерді барынша және жедел қарқынмен дамыту қолға алынған. Мұның себебі түсінікті – қаптаған көлік, жолдағы қозғалыстың қиындауы, кептелістер, ең бастысы – ауаның ластануы, экологияның бұзылуы. Осы орайда қоғамдық көліктің таптырмас шешім екені де айдан анық. Сыр елінде сыры кетпес мәселені шешу бағытында үш жыл бұрын Түркиядан “TEMSA” компаниясынан 100 көлік әкелінетін бол­ған. Бірақ көп уақыт өтпестен шетелден емес, Семейден “Daewoo” маркалы 200 көлік әкелу жоспарланған. Оның алғашқы легі облыс орталығына­ жеткізілген-ді. Бірақ олар қолданысқа берілместен ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Ал “Көлік сервис” мекемесінің мамандары жаңадан көліктер әкелуге­ инвестор тарту бағытында жұмыс жасап жатқандығын айтады. Бірақ бұл мәселенің жақын арада шешілеті­ніне сену қиын. Өйткені қолданысқа берілгелі тұрған көліктердің сағымға айналғаны еш нәрсеге таңғалуға болмай­тынын меңзегендей.

Қоғамдық көлік көпшілік орын саналатындықтан, мұнда мәдениет­тілік болғаны дұрыс. Әсіресе, кешкілік халықтың жұмыстан қайта­тын уақытында адамды аузы-мұрнына дейін толтырып, жүргізушілердің радио дауысын шегіне дейін жаңғыртып қоятындары, теме­кі шегіп, дауыстарын көтере сөйлеуі, кассирлердің балағат сөз­дер айтып, түрлі жағымсыз қылықтар жасауы, жұртпен дөрекі қарым-қатынасы қоғамдық көлікте қызмет ету мәдениетінің төмендігін бай­қатады. Сондай-ақ халықтың көп айтар шағымдарының бірі – қоғамдық көліктердің бекітілген кестеге сай жүрмейтіндігі. Біреулер таңертең көлікті көп күтіп қалып, жұмыс­тарына кешігіп жатса, жұмыстан кеш шығатын енді біреулер соңғы автобусқа үлгермей, үйлеріне жете алмай әуреге түседі. Осы секілді мәселелерге жол бермеудің жолы қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тағы бір айта кетерлігі, “жығылғанға - жұдырық” дегендей, жақын күндері қоғамдық көліктердің жолақысы қымбаттайды. Үлкен сыйымдылықтағы автобустарда жолақы - 45 теңге, кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көлікте 50 теңге болмақ. Ал оқушылар 20 теңгеден жолақы төлейді. Жолақыны қымбаттатуға жанар-жағармай бағасының өсуі себеп болыпты. Онсызда халықтың көңілінен шықпай тұрған қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттағаны көптің ренішін тудыра­тыны сөзсіз.

Т.ӘЛЖАНОВ

 


КӨППАРТИЯЛЫ ПАРЛАМЕНТ, МЫЗҒЫМАЙТЫН МӘСІМОВ һәм ҮКІМЕТТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.01.2012 11:56

Саяси  сараптама

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау, тәйірі. «Қара қылды қақ жарған» әділ сайлау да өтті, үш партия қара үзіп келді. Ал, өткен жұмада  құрамы алпыс бес пайызға жаңарған көппартиялы парламент (яки, Мәжілісавт.) өз жұмысын баста­ды. Енді Алаш даласының тағдыры - нұротандық 83, ақжолдық 8, коммунистік 7, ассамблеялық  9 халық қалаулысының қолында, яғни олардың саяси белсенділігіне тікелей байланысты.

Сөйтіп, бесінші шақырылымның су жаңа 107 депутаты мемлекет басшысының алдында отанға адал болуға ант-су ішті. Ал, Президент: «Жаңарған парламент алдағы бес жылда елдің болашағына, қоғамның тұрақтылығы мен оның жан-жақты­ модернизациялануына жауап бере алатын саяси күш бола алатынына сенемін»,- деді. Іле-шала депутаттар мәжіліске төраға сайлауға кірісті. Төртінші шақырылым таратылып жат­қанда, жұрт аузынан «келесі шақы­рылымда спикер Нұрлан Нығматулин болады» деген сөз шыққан-ды. Айт­қаны айдай келді, оның кандидатура­сын депутат Р.Халмұратов ұсынып, палатаның 106 депутаты жасырын дауыс­ беру арқылы бірауыздан кандидатураны қолдап, 49 жастағы Нұрлан Зайроллаұлы Мәжіліс спикері болып шыға келді. Ал, төрағаның қос орынбасарлығына бұрынғы әкімдер – Батыс­ Қазақстан облысын басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ақмола­ облысының әкімі болған Сергей Дьячен­ко келді. Отырыс барысында Мәжіліс депутаттарының басым даусына ие болған Р.Мәдинов Аграрлық мәселелер, Д.Назарбаева Әлеуметтік мәдени-даму, Р.Мұқашев Заңнама және сот-құқықтық, Г.Қарағұсова Қаржы және бюджет, М.Әшімбаев Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік, А.Милютин Экологиялық мәселелер және табиғатты қор­ғау, С.Әйімбетов Экологиялық ре­фор­малар және өңірлік даму комитеттерінің тізгінін ұстады. Осылайша қызу қарқынмен үш партиялы парламент жұмысын бастап кетті. Заты үшеу болғанымен, әлі де барлық күш «Нұр Отанда» тұрғанын байқау қиын емес.

Айтпақшы, көппартиялы Мәжі­лістің жалпы отырысында депутаттар Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовті премьер-министрлікке тағы да лайық деп тауып, басым бөлігі қолдады. Бес жыл бойы  үкіметтің тізгінін қолына уыстап ұстаған Мәсімов мызғымайтын болды. Кәрім Қажымқанұлы 2007 жылы әлемдік қаржы дағдарысының қара дауылы тұрған кезде Қазақстанның атқарушы билігін қолға алып, дағдарысқа қарсы бірнеше бағдарлама қабылдап жіберген болатын. Осынысына қарап елдегі орыстілді баспасөздің оны «антикризисный премьер» деп әспеттейтіні бар. Осы үкіметбасы 2011 жылдың сәуірінде кезектен тыс өткен президент сайлауынан соң іле-шала орынтағына қайтадан жайғасқан еді. Елбасының парламент сарайына барып депутаттарға Мәсімовтің кандидатурасын ұсынып, «бүгінгі уақытқа осы адамды тағы қолай көрдім, ол қаржы дағдарысынан ел экономикасының қабырғасын күйретпей алып шықты» дегені, сол кезде оның кандидатурасын қолдап өзін-өзі таратып тынған мәжілісімендердің жүз пайызы дауыс­ бергені есте. Сарапшылар арасында да «Мәсімовтің бес жылдық қызметі қаржылық дағдарыстың бетін қайтар­ғанымен оң бағаланады» деген пікір бар. Дегенмен, келесі бір сарапшылар «дағдарысты еңсеруде Мәсімовтің іскерлігінен гөрі, Ұлттық қордағы мұнай доллары көп рөл атқарды» деген­ді алға тартады. Ал, саясаткер С.Әбділдин көп күткен кадрлық өзгерістердің Мәсімовті айналып өткенін тікелей мемлекет басшысының мүд­десімен байланыстырады. Оның айтуынша, ұлт көшбасшысы үшін қазір­гі жағдайда кландармен тікелей байланыспаған Мәсімовті таңдаудан бас­қа амал жоқ. Жасыратыны жоқ, бұған дейін оның орны босайтыны туралы қауесет тараған. Үкімет әне ауысады, міне ауысады дегелі бірнеше­ жыл өтті. Су жаңа Мәжіліс құтқарып қалған мұртынан күлетін мырза, керісінше, өзгелерді орнынан алып, жаңа таға­йындаулар жасап жатыр. Есілдің сол жағалауынан пәтер, көлік, жеке көмекшісімен қоса ай сайын 500 мың теңге көлемінде жалақы алатынын біліп, қатты қуанып жүрген жаңа құрам депу­таттары таңдаған ескі һәм жаңа премьер парламенттің батасын ала салысымен ұшақпен ел аралап кетті.

Алдымен Қарағандыға ұшып барып, өзінің кеңесшісі қызметіндегі Әбілғазы Құсайыновты облыс басшысы етіп қалдырып қайтты. Ал бұрынғы әкім Серік Ахметовті осыдан екі жыл бұрынғы вице-премьерлік орынтағына қайта жайғастырды. Сондай-ақ, Қайрат Келім­бетов те премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін экономикалық даму және сауда министрі болып келген оның орнына Павлодар облысын басқарғ­ан Бақытжан Сағынтаев отырды. Тиісінше, Павлодар облысы әкімі қызметі­не он жылдан аса уақыт бойы Павлодар мемлекеттік университетін басқарып келе жатқан атақты ғалым Ерлан Арын кірісті. Көпшілікке тосыннан көрінген ауыс-түйістің бірі экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне қа­тысты. Соңғы төрт жылда еліміздің бас қаржы полицейі болған Қайрат Қожамжаров Ақмола облысына аттан­ды. Әкім болып, әрине. Ал, агенттік төрағалығына бұған дейін әділет министрі болып келген Рашид Түсіпбековке таңдау түсті. Р.Төлеутайұлының орнына Әділет министрі болып сенатор Берік Имашев тағайындалды. Жаңа жасақталған мәжіліске өткен Нұрғали Әшімнің орнына қоршаған ортаны қорғау министрі болып 42 жастағы Нұрлан Қаппаров барды. Еліміздің бүгінгі бас экологы, Қазақстандағы ең ірі ұлттық компаниялар – “Қазтрансойл” мен “Қа­зақ­ойлды” (қазіргі “Қазмұнайгаз”) жастайынан басқарып тісқаққан Қаппаровтың ісі енді қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан инвесторлармен болмақ. Ал астықты өңір Қостанай облы­сын басқаруға Нұралы Сәдуақасовқа сенім артылды. Оның есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс, агроном, әр жылдары облыс әкімі аппаратының басшысы, қала және екі ауданның әкімі де болған ол 2006 жылдан бері облыс әкімінің орын­басары лауазымын атқарып келген. Бұрынғы әкім Сергей Кулагинге сенат­тан орын бұйырды. Мәжілістің вице-спикері қызметіне келген Б.Ізмұхамбетовтың орнына Батыс Қазақстан облысы әкімі болып Нұр­лан Ноғаев тағайындалды. Ол соңғы 5 жыл бойына облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, мұнай саласы­ның маманы, кезінде «Қаз­мұнайгаздың» атқарушы директоры, энергетика және минералды ресурстар министрлігінің департамент директ­оры да болған. Білетіндердің айтуына қарағанда, Нұрлан Асқар­ұлы батыс өңірі үшін басты тұлғаға айналған А.Мусиннің сенімді жігіт­терінің бірі көрінеді.

Президент әкімшілігінде де ауыс-түйістер бар. Президент әкімшілігі жетек­шісінің орынбасары болған Тал­ғат Донақов бұдан былай ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы қызметін атқар­ады. Ал, Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлығы 42 жас­тағы Бақыт Сұлтановқа тиді. Ол екі жыл бойы президенттің көмекшісі қызметін атқарып келді. Соңғы  13 жылдан бері Ақмола облысы әкі­мінің орынбасары болып келген Қадырхан Отаров Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынтағына отырды. Айтпақшы, мемлекет басшысының жарлығымен екі бірдей министрліктің «теңі» қайта буылды. Ақпарат және байланыс министрлігінің жұмысы тоқтатылып, кейбір қызметі Мәдениет минист­р­лігінің құрамына өтіп, Мәдениет және ақпарат министрлігі болып қайта құрылды. Ал мемлекет­тік қызметтерді автоматтандыру және халыққа қызмет көрсету мін­деттері Көлік және коммуникация министр­лігіне берілді. Бұл министр­лікті енді Асқар Жұмағалиев басқарады, бұған дейін министр лауазымындағы Берік Камалиев қызметінен кетті. Бір қызығы, Лондон олимпиадасының қарсаңында Туризм және спорт министрлігі де жабылып, арнайы агент­тікке айналды. Министрлік қысқартылған соң, министр Талғат Ерме­гияев та орын­тағын босатып, агенттікке барды. Атқарушы биліктегі қандай да бір ауыс-түйістің аужайын­ бағып отыратын сарапшылар мен болжаушылар «болашақ премьер» деп ен тағып­ үлгерген Әсет Исекешов вице-премьер­лік постты тастап, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жұмысымен бірыңғай айналысатын болды.

Апта басында жаңа тағайындаулар болды. Мәдениет және ақпарат министрі болып Дархан Мыңбай тағайындалды. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкі­бас ауданының әкімі, облыс әкімі­нің орынбасары, аталмыш министр­ліктің вице-министрі болған ол жаңа қызметке Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің жетек­шілігінен келді. Ал, Мәдениет экс-министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстанның мемлекеттік хатшысы қыз­метіне тағайындалды.

Кейбір дереккөздер алдағы уақытта ауыс-түйістер жалғасатынын айтады. Жалпы, елге беймәлім адамдар аймақ басшылығының екі тізгін, бір шылбырын қолға алып жатқанымен, атқарушы биліктің негізгі құрамы ілгеріде лауазымды қызметтер атқарған тұлғалардан жасақтал­ғаны байқалады. Бұл биліктің әлемдік қаржы дағдарысының кезекті толқынының алдын алуға сақадай сақтап келген кадрлары болса керек-ті.

Н.ЕРТУҒАН

 


ПАРЫҚСЫЗ ПОЛИЦЕЙЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.01.2012 11:52

«Паханчик» пара алып жатып ұсталыпты». Ел аузында соңғы күндері желдей есіп жүрген сөз – бұл. Еш өтірігі жоқ. Қылмысты­ әріптесімен бірігіп іске асырған. Көліктер жосылып жүретін қаладағы ескі базардың маңын екеуі әдейі таңдаған көрінеді.

12 қаңтарда жеңіл-желпі жол ережесін бұзған жүргізушіден елу мың теңге пара алып жатқан жерінде бұларды қаржы полицейлері қолға түсірді. Алдыңғы күні ғана жәбірленушінің он мың теңге ақшасы мен ұялы телефонын кепілдікке алып қойыпты. «Паханчик» пен әріптесі екеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

- Қылмыстық кодекстің 311-бабының   4-бөлігі, яғни топ болып пара алу деген айып­пен олар қазір қамауда отыр. Бұл ең ауыр қылмыс болып саналады, - дейді облыс­тық прокуратураның басқарма бастығы Ә.Абдуллаев.

Қызылордалық жүргізушілерге жақсы таны­с жол полицейлері 7-ден 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Полиция қашанда сыннан көз ашқан емес. Өткен жылдың өзінде тәртіп сақшыларының үстінен 6 қылмыстық іс қозғалған. Облыстық ІІД-нің жедел уәкілі А.Сейітжаппаров пен инспектор Е.Қодаровтың «қылығы» тіпті адамшылыққа жат. Прокуратураның көрсетуінше, ол екеуі 22 шілдеде Ә.Нұрымовты қалалық ІІБ-на апарып, сол жерде қолы мен саусақ іздерін алып, суретке түсіріп, одан кейін айдаладағы біреу­дің қылмысын осының мойнына ілмек болып, ұрып-соққан. Бір күн бойы себепсіз қамап қойған. Екеуі­нің ендігі тағдырын сот шешеді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ

 


ЖЕР ТЕЛIМІ, ПӘТЕР КЕЗЕГІ... мәселенің түйіні тарқатылар емес PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
26.01.2012 11:45

Бүгінде ел экономикасының барлық саласында жаңа жобалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Елбасы­ тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарына да саланы әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Сонымен қатар шикізаттық экономикадан арылып, Қазақстанды индустриалды елдер қатарына қосуға батыл қадам жасалуда. Сондай-ақ, жер, баспана мәселесі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Аталған салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспар жөнінде қала әкімінің орынбасары Ардагер Ақжігітов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баяндап берді.

Жалпы, облыс орталығында өткен жылы 1 021609,1 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Ал кен өндіру бойынша 988468,5 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл - жалпы өнеркәсіп өнімі­нің 96,8 пайызы. Сондай-ақ, жыл ішінде 10938,6 мың тонна мұ­най, 1525,1 млн. текше метр табиғи газ өндіріл­ді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 17233,9 млн. теңгені құрады. Оның ішінде сусын өндіру – 2,1 есеге, ет өнімдерін өндіру - 2 есеге, нан және ұн өнім­дерін өндіру - 4,4 па­йыз­ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 17,9 пайызға артқа­н. Өткен жылы индустр­иалды-инновациялық даму бағдар­ла­масы аясында 3 жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, өсімдік майы, сүт зауыты және күріш жаткаларын жинайтын өндіріс орны іске қосылды.

- Индуст­риалды-иннова­циялық даму бағдарламасы қолға алынғаннан бері кәсіп­керлік саласында қарқын кү­шейді. Өңіріміз­де өткен жылы гигиеналық қағаз шығару, өсімдік майын шығару секілді ірі жобалар жүзеге асырылса, биыл асфальт шығару, жылыжай салу секілді жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда қаладағы басты мәселе жер телімі болып отыр. Он сотық жер алуға ниет­ті халықтың саны 40 мыңға жуықтады. Бұл өті­ніш­тер­дің барлығын бір ме­зетте қамту мүмкін емес. Жер кезегіндегілер­дің саны азаюды­ң орнына өсіп жатқан­ының бірден-бір себебі олардың өтініш­тері қанағаттандырылып жатқа­н жоқ. Өйткені бас жоспар болғанымен, инфрақұрылымы дайын­далған арнайы алаңдар жоқ, - дейді Ардагер Өркенұлы.

Алайда, билік басындағылар өзекті мәселені шешудің тетігін тапқан секілді. Олар алдымен 2005 жылға дейін өтініш білдірген азаматтарды жер телімімен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Ол үшін Досан ауылы мен Тасбөгет және Белкөл кенттерінің аралығында 1400 гектар алаң дайындалмақ. Бұл жоба­ға 56 млн. теңге қарас­тырылып, қазірде 980 гектарға топография жасалған. Жоба толық жүзеге асқан уақытта 5800 өтініш иесі жер телімімен қамтамасыз етілмек.

Баспана да басты мәселеге айналғалы қа­шан. Пәтер кезегіндегілерді саусақпен санап шығу мүмкін емес. Бұл мәселені бір жақты етуде де ауқымды жұмыстар атқар­ылуда. Өткен жылдың өзінде 157842 шаршы метр үй тұрғызылған. Оның 25120 шаршы метрі республикалық бюджет есебінен, қал­ғаны кәсіпорындар мен халық қаржысы есебінен салынған. Жалпы, еліміз бойынша тұрғын үй салу көрсеткішінен ТМД мен Орта Азияда алдыңғы орында тұрмыз. Бірақ шатқаяқтаған мәселенің түйіні әлі тарқатылар емес. Негізінен қолда­ныс­тағы көпқабатты үйлердің басым бөлігі өткен ғасырда тұрғы­зылған. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің 85 пайызының тозығы жеткен. Бұл да “жығылғанға – жұдырық” болып тұр. “Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаң­ғырту мен дамыту” бағдарламасы негізінде өткен жылы 18 тұрғын үй жөндеуден өтсе, биыл жөндеуді қажет ететін 64 үйдің тізімі жасалған. Дегенмен, алдын ала жоспар бойынша жыл көлемінде 39 көпқабатты үйді қайта жаңғырту көзделуде. Тағы бір айта кететіні, осыған дейін пәтер кезегі 12 санат бойынша тізімделген болса, енді бұл төртеуге дейін қысқарады.

- Қазірде үй кезегіндегілердің санында да шек болмай тұр. Санаттардың санын қысқартып, шын мәнінде, баспанаға мұқтаж жандарды ғана тізімге алуды жоспарлап отырмыз. Өтініш­тердің көпшілігі ертеректе жазылған. Яғни одан бері көпшілігі өз қаражатына баспана сатып та алды. Немесе мүгедектігіне байланысты кезекте тұрғандардың арасында ауруынан сауығып кеткендері де бар. Осы секілді мәселелер бүге-шігесіне дейін қайта тексеріледі. Сөй­тіп, пәтер кезегіндегі тізімді  бюджет қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, апаттық үй, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген деген санатқа бөлеміз. Бұл арада халықтың абыржуына еш негіз жоқ. Барлығы өтініш жазылған күніне дейін тексеріліп, кезекке қойылады, - деді А.Ақжігітов.

Ардагер Өркенұлы Қызылорда ауыл шар­уашылығы құрылым­дары бар еліміздегі бірден-бір қала екен­дігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта “Ақжарма” ауылына инвестор тарту жоспарда барын жеткізді.

Т.ЖОМАРТҰЛЫ

 


ЗАҢДЫ ЖЕТЕ БІЛМЕГЕН БАСШЫЛАР ЖАЗАСЫН АЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
26.01.2012 11:39

Тәртіп тепкіні

Заң баршаға ортақ. Қызмет бабында заң жүйесінің қыры мен сырын жете білмей, қадам жасауға әсте болмайды. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге тікелей қатысты. Жақында құқықтық сауатының төмендігінен Шиелі ауданын­дағы екі ауылдық округтің әкімдері бір мезетте қызметінен айрылды.

Бұған қызмет бабын­ асыра пайдалану, немесе сыбайлас жем­қорлық емес, заң жөніндегі сауаттарының төмендігі себеп болды. Жалпы, құқықтық сауаты­ төмен жандардың қалайша мемлекеттік қызмет­ке, оның ішінде әкім болып тағайын­далатыны қайран қалдырады?

Қаржы полициясының тексеруі нәтиже­сінде Шиелі ауданы Жиделіарық ауылдық округінің әкімі А.Мұсабаевтың ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 12-бабы 1-бөлігі 4-тармағына сәйкес шешімдерді әзірлеу мен қабылдау кезінде заңды және жеке тұлға­ларға заңсыз артықшылық жасап, сыбайлас жемқорл­ыққа жағдай туғызатын құқықбұзу­шылыққа жол бергендігі анықталды. Соған орай бұл мәселе облыстық тәртіптік кеңес отыры­сында қаралып, елді мекен әкімін қызметінен босату туралы шешім қабылданды.

Аталмыш заңбұзушылықтың түп төркіні 2011 жылы жергілікті бюджеттен елді мекенді көр­кейту-көгалдандыру бағдарламасы бойынша 2 млн. теңге қаржы бөлінгеннен бастау алады. Бөлінген қаржыға сай ауылдық округ әкімі елді мекендегі Есабыз, М.Мәметова көшелеріне жаяу жүргінші жолын салу жұмыстарын жүргізуге 1,8 млн. теңге бөлген. Осы орайда ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес конкурс өткізіліп, ҚР үкіметінің №1301 қаулысымен бекітілген мемлекеттік сатып­ алуды жүзеге асыру ережесінің 124-тармағының  4-тармақшасына сәйкес, конкурсқа  қатысуға бір әлеуетті өнім беруші ғана жіберілуіне байланысты конкурс өтпеген. Ал, ауыл әкімі А.Мұсабаев өзінше жүргінші жолын жүргізудің тиімді жолдарын қарастырып, №56-Ө өкімімен мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілін таңдап, «Асылбек» өндірістік кооперативімен 1779 мың теңгеге №4 келісімшарт жасасқан. Мемлекеттік сатып алу ережесінің 28-тармағында конкурс тәсілімен тауар­ларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы жеке конкурстық комиссия құратыны және конкурстың хатшысын анықтайтыны көрсетілген. Алайда, ауыл әкімі аталмыш ереженің көрсетілген талаптарын сақтамай, өзіндік менмендікке салынып, былтыр­ғы жылдың мамыр айында екі комиссияның орнын­а бір ғана комиссия құрған. Сондай-ақ, А.Мұсаба­ев келісімшарттың да заңдылықтарына көзді жұма қараған. Жасалған шарттың 2, 3-тармағында тапсырыс беруші мердігерге алдын ала төлемді жалпы соманың 30 пайызын, жұмыс аяқ­талғаннан кейін 70 пайызын төлеуі керек болатын. Алайда, Жиделіарық ауылдық округінің әкімі жұмысты қабылдау актісіне қарамастан, алдын ала төлемнің мөлшерін өзінше өзгертіп, заңда көрсетілмеген артықшылық жасаған.

Тәртіптік кеңесте ісі қаралғандардың енді бірі - Жуантөбе ауылының әкімі (бүгінгі таңда Гигант ауылдық округінің әкімі) Е.Ахметов. Ол да Жиделіарық ауылының әкімі А.Мұсабаевқа тағылған айып бойынша кінәлі болды. Е.Ахметов­  «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды­ өрескел­ бұзып, құрылыс-монтаж жұмыстары­н жүргізуге лицензиясы жоқ «С.Ермаханов­» ЖК тікелей келісімшарт жасасып, 200 мың теңге мемлекет қаржысын төлем құжатымен аударып берген. Сондай-ақ, таға­йындалған сот-құрылыс сараптамасы анық­тағандай, аталмыш жеке кәсіпкер келісімшарт бойын­ша 53 мың теңге көлеміндегі жұмыстарды атқармаған. Жеке кәсіпкер С.Ермахановтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол кінәсін мойындағ­ан. Ал, заңбұзушылыққа жол бергені үшін Гигант ауылдық округін­ің әкімі Е.Ахметовті қызметінен босату жөнінде аудан басшылығына ұсыныс берілді.

Бүгінде аймағымызда 146 ауылдық округ бар. Олардың әкімдерінің барлығы бірдей заңгер, экономист мамандықтары бойынша жоғарғы білім алмаған. Олардың ішінде қарапайым мұғалім, мал дәрігері, механик мамандары да бар. Шиелі ауданының әлгі екі ауыл әкімінің де бірі – мұғалім, екіншісі – инженер-механик. Әрине, олар еліміздің заңдық нормаларын біле бермейді. Бірақ, мемлекеттік қызметкер лауазымын иеленгендіктен, заңды өзінің ата-тегіндей білуі тиіс. Бұл жерде оларды мемлекеттік қызметк­е  қабылдарда  құқықтық сауатын тексерме­ген  жергілікті биліктің де кінәсін жоққа  шығара  алмаймыз.

Д.САДЫҚ

 


«БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛҒАНДАР БАР» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
26.01.2012 11:26

 

 

 

 

 

 

 

Қайрат  ӘБДІХАНОВ,

Қызылорда облысы прокурорының міндетін атқарушы:

 

 

- Жемқорлық жайлаған облыс ре­тінде Қызылорда өткен жылы сынға ілікті. Ұятқа қалдыр­ған, әсіресе, әкімдіктің қызметкерлері һәм шенеуніктер болды. Жағдайдың күрделеніп кеткені қалай?

- Прокурорлық ықпал ету актілері негізінде бір жылдың ішінде 15 млн. 416 мың теңге қаржы мемлекет пайдасына өндірілді. Сыбайлас жемқорлық сипатында құқық бұзғаны үшін жергілікті атқарушы органдардың 35, ішкі істер органының 20, білім саласының 17, денсаулық сақтау саласының 5, төтенше жағдайлар департамен­тінің 4, кеден органының 1 қызметкері әртүрлі жауапкер­шілікке тартылды. Қызмет бабын пайдаланып, бюджеттің 185 730 теңге қаржысын ысырап етіп, оның 90 мыңын заңсыз иемденген Жаңақорған аудандық балалар мен мәдени тәрбиелік жұмыстар орталығының директоры 5 жылға шартты түрде сотталды. Арал ауданындағы «Ақ­бұлақ» балабақшасының директоры да жалған құжат жасап, 1 млн. 908 мың теңге­ні желге ұшырды деп айыпталып, 3 жыл мерзімге шартты жазаға­ кесілді. Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің бас маманы Тереңөзек кентінде тұратын 18 жасқа дейінгі балалары бар отба­сылардың несібесіне ортақтасқан. Ол 2007 жылдың І және ІІ тоқсандарына есептелген 209 058 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыны жалған құжат жасап иеленген. Кінәлі азаматқа 1 жыл шартты жаза тағайындалды. Бұлардан келген 2 млн. теңгеге жуық шығын­ның орны толтырылды. Қалалық демалыс паркіне аттракц­иондар әкеп орнатуға тиіс болған «Ата Даңқ» серіктестігі қала әкімдігімен арадағы келісімшарт талабын орын­дамаған соң 11 млн. 052 мың 092 теңгені мемлекетке кері қайтарды. Осы ретте облыстық прокуратураның сыбайлас жемқо­рлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұдайы жүр­гізіп келе жатқанын ерекше атағым келеді.

- Қаладағы су жаңа теміржол өткелінің төңірегіндегі дау ба­сылған сияқты. Көпірді «сапасыз салынған» деп, республикалық БАҚ-тарға дейін шулады. Қайрат Әлиханұлы, сіздер осы мәселенің астарына үңіліп көрдіңіздер ме? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды», білесіз...

- Иә, көпір төңірегінде көп айтылды да, жазылды да. Біз бұл мәселені зерттедік. Саламатов көшесінің бойындағы теміржол үстінен аспалы көпір салуды ойластырған – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Тендерден «Бушра» серіктестігі жеңіп шығып, оған 2009 жылдың аяғына дейін құры­лысты аяқтау тапсырылады. Жалпы құны 1 млрд. 561 млн. 657 мың 407 теңгеге мемлекет­тік сатып алу шарты жасалған. Арада бір жарым жыл өтеді, уәдеде тұрған «Бушра» жоқ. Кешенді сот-құрылыс және экономикалық сараптаманың 2011 жылғы наурыздағы қорытындысы көрсеткендей, тапсырыс иесі сөйте тұра атқарылмаған жұмыстар үшін 255 млн. 180 мың 411 теңгені артық төлеген. Қаржы полициясы маусым айында сеніп тапсырылған қаражатты ысырап ету фактісі бойынша Қылмыстық кодек­с­тің 176-бабының 3-бөлігінің «б» тармағымен қылмыстық іс қозғады. Құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарға және техникалық нормаларға сәйкестігін және мате­риалдық залалдың нақты мөлшерін анықтау үшін қыр­күйекте қосымша кешенді сот-құрылыс, экономикалық сараптамасы тағайындалған. Ал желтоқсан айында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  50-бабының 1-бөлігінің 8-тармағының негізінде істің тергеуі  тоқтамға  алынды.

- Көпір түсуі тиіс жерге қа­тысты да шу шығып еді...

- Жергілікті әкімдік 2009 жылдың басында №903 қаулы шығарып, қала тұрғындары Әлмұханова және Беркімбаеваның 30 615 шаршы метр жерін мемлекет мұқтаждығына мәж­бүрлі түрде алып қойған. Ол кісілер кейіннен бізге арызданды. Анықтағанымыздай, әкімдік не жер иелерінің келі­сімін алмаған, не сотқа талап арыз бермеген. Конституциялық құқықтарына нұқсан келген қос азаматқа екі жақтың келісімі арқылы жер телімдері үшін өтемақы төленді. Заңбұзушылыққа жол берген бас­шылардың біріне қатаң ескерту жасалса, енді бірі сөгіс алды.

- «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолын салып жатқан жұмысшылардың құқығы аяққа тапталғанда, прокуратура араша түсіп, жағдайды реттеген-ді. Мега жобаны мойнына алған шетелдік компаниялар ел заңдарын қазір қаншалықты сыйлап отыр?

- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің 814 шақырымы біздің өңірдің үстін кесіп өтетін болғандықтан, жолдың сапалы салынуына және жұмысшылардың маңдай терімен тапқан ақысын уақытылы алып тұруына әрбір жауапты орган мүдделі деп есептеймін. Тек прокуратураның ықпалымен 2011 жылы 269 млн. теңгеден астам жалақы бойынша қарыздар өтеліп, 1 628 азаматтың конс­титуциялық құқықтары қор­ғалды. «Жылыой Строй Сервис», «Казсевавтодор», «МерСтрой», «Қуан КБ», «Энергомост ЛТД», «Азеркорпу» секілді субъектілер тарапынан жұмысшыларға тиісті еңбекақылардың төленуі қамтамасыз етілді. Бұл күрежолдың Сыр бойындағы бөлігін бүгінде «Импреза», «Салини Конструттори», «Азеркопу», «Тодини Конструциони Дженерали», «Аккорд-Окан» компаниялары мен олардың қосалқы мердігерлері салып жатыр. Кем­ші­лік аз кездеспейді. Кейбірі­нің жұмыс орындары мен жатақханалары санитарлық нормаларға сай емес. Жалақыны уақытылы төлемеген, еңбек қауіпсіздігін cақтама­ған, жұмысқа қабылдау кезін­де орынсыз талаптар қойған, жазатайым оқиғаларды жасы­рып қалған жағдайлар болды. Мысал ретінде «Жылыо­й Строй Сервис» серікт­естігінің былтыр көк­темде 289 жұмысшыны жалақ­ы бермей, зыр жүгіртіп қойғаны бар. Содан кейін ғана жағдай оңалды. Ал Еңбек кодексінің талаптарын бұзғаны үшін заңды тұлға әкімшілік жауапкерші­лікке тартылды. Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жол құрылысында жұмыс атқарып жатқан азаматтардың конституциялық құқықтарының сақта­луына облыстың прокуратура органдары тарапынан үнемі қадағалау жұмыстары жүргізілуде.

- Қайрат Әлиханұлы, енді аймағымыздағы жетім балалар жайын сөз етсеңіз...

- Конституцияның 27-бабының 1-тармағында бала мемлекеттің қорғауында болатыны көрсетілген. Ал әке-шешесі жоқ, қорғансыз балалар ерекше қамқорлықты қажет ететіні сөзсіз. Қайсыбір қиын-қыстау шақта жетімін жылатпаған қазақтың осынау адамгершілік қағидаларынан алшақтап бара жатқандығы өкінішті-ақ. Тексеру нәтижесінде, мысалы, олардың асыраушыларына ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының төленбегені анықталып отыр. Ел үкiметiнiң 2011 жылғы 1 тамыздағы № 893 қаулысының 12-тармағына сәйкес ақшалай көмек әр айдың 15-iне дейін қорғаншы не қамқоршы тұлғаның дербес шотына аударылуы тиіс. Алайда, бұл талап орындалмаған. Прокуратураның араласуымен ғана 161 қорғаншы мен қамқоршыға 5 млн. 473 мың 440 теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Жергілікті әкімдік­тер тағдырдың тәлкегіне түскен балаларды пәтер кезегіне қоюды тіпті ұмытқан сияқ­ты. Жалғыз Жалағаш ауданында білім бөлімінің есебінде тұрған 43 баланың тек 3-еуі үй-жайдан үмітті. Сонда басқа балалардың бола­шағы не болмақ? Кейбір білім ошақтары сыннан көз ашпай келеді. Бұл, әсіресе, қаладағы № 1 мектеп-интернатқа қатысты. Осында тәр­биеленіп жатқан Рябчиков, Куцко және Вахненко интернаттан үш рет қашқан. Бір апта бойы ұшты-күйлі кетіп, Сырдария ауданынан табыл­ған да кезі болған.

- Аты-жөні жоқ бала неге қашады? Мұнда бір гәп бар боп тұр ғой...

- Себеп – интернатта балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалмай отыр. Кейбір сыныптарда шамдар күйіп кеткен, жаңаланбаған. Балалар осындай жағдайда оқып-жазуға мәжбүр. Сабақ кестесінің дұрыс құрылмағаны байқалады. Пәндер қиындығына қарай дәрежеленбеген, мектепте қосарланған сабақтар өткізілуде. Оқу жүктемесінің норма­ла­ры санитарлық ережеге қайшы. Өткен оқу жылында басқа түлектер жаппай ҰБТ-ға қатысып жатқанда, интернаттың 11 сыныбын аяқтаған 10 тәр­биеленушінің барлығы бірдей сынақтан шет қалған. Олардың жоғары оқу орындарына түсуге талпынбағаны көрініп тұр. Демек­, интернат тәрбиеленушілері сапалы білім алу мүм­кіндігінен шет қалып келеді.

- Осы жазда өткен ҰБТ кезін­де жаңақорғандық талапкерлер жаппай жоғары ұпай еншілеп, айды аспанға бір-ақ шығарғаны есте. Сынақ жауаптарының саудасы һәм мемлекеттік құпияны бұзғандардың ісі немен бітті?

- Сіздің меңзеп отырғаныңыз Жаңақорған кентінің №163 орта мектебінде өткен тестілеу сынағы ғой. Елді елең еткізген жағдай шынымен де мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің, яғни сұрақ кітапшаларының көшірмелерінің заңсыз айналымға шыққанын көрсетіп берді. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қы­зыл­орда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша депар­таменті Қылмыстық кодекстің 172-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу нәтижесіне орай комитет департаментінің Шиелі аудандық бөлімшесінің бұ­рынғы бастығы мен жедел уәкі­ліне Қылмыстық кодекстің 380-бабының 2-бөлігімен, 172-бабының 4-бөлігімен және Жаңа­қорған аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі мен Жаңақорған ауданындағы №163 орта мектептің дирек­торына осы кодекстің 307-бабының 4-бөлігімен, 28-бабының 5-бөлігімен, 172-бабының 4-бөлігімен айып тағылды. Комитет қызметкерлері соттың санкциясымен қамауға алынды. Қылмыстық істі былтыр қазан айында біз Шымкент гарнизонының әскери сотына жолдадық. Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда.

- Заңсыз мұнай айналымы бойынша қанша дерек тіркеліп, кімдер жазаланды? Қайрат Әлиханұлы, облыс прокурорларының осы бағыттағы жұмыс­тарына тоқталсаңыз...

- 2011 жылы облыс аумағында мұнай ұрлау, оны жасырын шағын зауыттарда өңдеу, сату, заңдастыру сипатында барлығы 13 қылмыстық іс қозғалды. Оның 12-сі сотқа жол­данып, қалған 1-еуі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Есепті мерзімде заңсыз айналымнан 235 млн. теңгенің 2 931 тонна өнімі алынды. Мысалы, Қызылорда қаласының тұр­ғыны Қойшыбаев қылмыстық жолмен келген шикі мұнайларды заңдастыру үшін 2009 жылы 22 желтоқсанда «Үшқоңыр-Қызылорда» серіктестігін құрады. Әділет басқармасына, салық комитетіне тіркеледі. Қылмыстық жолмен келген ақшаларды алу үшін Қойшыбаев «Халық банкінің» облыстық филиалынан есепшот та ашып қойған. Содан кейін тергеу­ кезінде анықталмаған адамдарды топтастырып, кеніштер­ден ұрланған құны 16 087 059,3 теңгенің 232,170 тонна шикі мұнайын сатып алып, өзінің Қызылорда қаласындағы «Ай Дан Мұнай» компаниясынан жал­ға алынған «Үшқоныр-Қызылорда» серіктестігінің терминалына жинақтаған. Қойшыбаев қылмыстық жолмен тапқан «қара алтынды» жалған мәмілелер жасау арқылы Алматы облысындағы «ВАS Group» серіктестігінің мұнай өңдеу зауытына жөнелтіп жатқан жерінен ұсталған. Бүгінде ол соттың үкімімен бас бостандығынан айырылды. Былтыр қаржы полицейлері анық­таған 1 заңсыз мұнай өңдеу цехы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қызылорда-Жез­қазған трассасының 53-шақырымында орналасқан цехтың басында 2010 жылдың 25 желтоқсаны күні ешбір құжатсыз 10 тонна шикі мұнай тиелген «Камаз» көлігі ұсталған болатын. Жалпы құны 692 697 теңгені құрайтын 9,489 тонна дизель отынын және 84 мың теңгенің 1 тоннадан астам жерасты байлығын заңсыз алып өту дерегіне қатысты 2011 жылдың қаңтарында Қылмыстық кодекстің 190-бабының  1-бөлігімен, 183-1-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен айналымдағы зат мемлекет пайдасына тәркіленді. Мұнайды заңсыз өңдеумен шұғыл­да­натын ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтарды әшкерелеу, қылмыстың алдын алу об­лыстағы құқық қорғау органдарының алдындағы келелі міндет болып қала бермек.

- Әңгімеңізге  рахмет.

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА


 


ТАПТАЛҒАН АҚҰЛПА ТАҒДЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.01.2012 11:21

Ақұлпа. Ақұлпа мен адамзаттың тағдыр­ы тым ұқсас. Алғаш жауғанда ақұлпа да жер бетіне шаттық сыйлайтыны анық. Ол – періште пәктіктің нышаны. Бірақ жерге түскеннен кейін пенде біткен аяққа таптап, бейкүнә кейпінен айырып, тазалығын жояды.

Пенде де жарық дүниенің есігін аш­қанда қуаныш әкелері хақ. Сәби періш­тедей тұнықтық пен пәктіктің символы. Алайда,­ адам өмірі талайдың іс-әрекетінің іздерінен құдай сыйға тартқан періштелігінен айрылады, мүлде қоштасады. Міне, бар ұқсастық осы пәктік пен бейкүнәліктен айрылуда жатыр...

Ақпанның алқымнан алып, үскірік желімен тіршілікті қысымға алып тұрған шағы. Кеше жауған қардың ызға­ры бұл. Әлемді ораған ақ мамық дүние­ні тек пәктіктен тұрады дегізеді еріксіз. Алайда, астында жатқан жасырынулы дүниені тек көктем түскенде ғана аңғарасың...

Айғаным ысқырған аязға қарамай жолға шықты. Мақсаты айқын болғанымен, сапары алыс. Тек белінің ауырғаны болмаса, алып-ұшып тұр. Аяғына киген киіз етігі қадымын алшақ басқызар емес. Оның үстіне «алып тонның» өзі сыздаған беліне бар салмағын салып келеді. Алпысқа келгенде таяқ сүйенуді көзіне елестете алмайтын Айғаным жасы келгенде немерелерін арқалап жүргенін көз алдына келтіретін. Міне, енді немере болғанмен, арқалау арман, жүріп-тұру мұңға айналды. Иығындағы қапшық-сөмке – шалының ауылдағы шеберге арнайы тіктіріп, сыйға тарт­қан ерекше тартуы. Ертесімен немересіне тоқыған жүн шұлық, кеудеше, қолғабын осы қоңыр қапшығына салып, неме­ре иісіне қанбай жүрген құмарын бір қандыру үшін ғана сарышұнақ аязды елемей жолға шықты. Айында, жылында қарт ана баласының үйіне өзі бармаса, қарнын жарып шыққан шұбар жыланы мұны іздеуді қойған тіпті. Сонан­ туған немерені іздеп бара жатқан­ жайы бар.

Асылды Айғаным тілі шықпаған кезде бауырына басты. Сіңлісі мен күйеу баласы ажырасқан шақта бауырын құндақтағы бөбегімен далаға тастай алмады. Мүгедек шалынан айрылған Айғаным жалғызсырап жүрген бола­тын. Сонан бері Асыл Айғанымды анасын­дай көріп кетті. Құрсақ көтеріп көрмеген Айғаным болса бар мейірімін Асылға бөлетін. Бүгінде сол баласын қалай жоғалтқанына сенер емес... Жал­ғызын мектепті кіл бестікпен тәмамдағасын қатарымен бірге оқуға түсірді. Ондағы мақсаты – көкірегі ояу, көзі ашық азамат етіп тәрбиелеу. Білдей заңгер болар деген үмітпен қорадағы қараның бәрін осы баласына жұмсады. Ай сайынғы зейнетақысын аузынан жырып­, жалғызының аузына тосты. Ауылда қалса, аузы арақтан босамайтын Бәтіш сындылардың соңына еріп, қор болар деп уайымдады. Ақыры Асылы қалада қалып, елдің бетін көрмейтін жағдайға жетті. Тіпті анасын көруге де ауылға аттап баспайтынды шығарды. Мұның бәрі бір кәсіпкердің жалғыз қызының шалғайынан ұстап, үйленгенде бастал­ған-ды. Алғашында Айғаным дымды сезбей, баласының үйленетініне қуанып, шаңырағының құламасына сенді. Жалғызының тойын да ешкімнен кем өткізбеген жесір ананың жалғыз қаларына кім сенсін? Бала­сы үйленіп, қалаға алып кетер, не ауылдағы ошағын сөндірмес деген ниетте­ еді ағайыны. Бірақ өмір басқа арнаға бұрылды. Айғаным ауылда жалғыз қалып, баласы кәсіпкердің үйінде тұруға көшті. Алғашқы немересі дүниеге келгенде де елге оралмады. Өзге үйдің ішін шаттыққа бөлеп жүре берді.

Міне, бүгін сол немересін бір көруге ынтығып, жолға шыққан болатын. Ескі автобус әлсін-әлсін «күңіреніп», қалаға да жеткен-ді. Айғаным түсе салысымен, қолындағы қағаз бойынша мекен-жайға тартты. Бір күдігі – келіні үйге кіргізе ме, жоқ па, сол. Жаз ортасында барғанда «бала­ма ауруыңды жұқтырасың, қақпас» деп үйден қуып шыққан болатын. Бұл жолы да солай етпесіне кім кепіл? Сонда да ана жүрегі алқынып, немересіне ұмтылды. Қоғамдық көліктің құдасының үйінің жанына баратынын білетін Айғаным­ жұрттан жөн сұрап, әлекке түспеді. Тура барар жеріне тартты.

Зәулім үйдің жанында Айғаным біраз әбігерге түсті. Есігін ұрғылағанмен іштен жан шықпады. Айқайлап та көрді. Адам­шыл­ығы бар екен, көшеден өтіп бара жатқан­ бір жас жігіт амалын тауып, есікті ашқызды әйтеуір. Үйге кіре алмаймын-ау деген күдігі сейіліп, жүрегін қуаныш биледі.

- Кім бұл? - деген жарқын дауыс жанын­ жадыратып жіберді. Асылының дауысын шілдеден бері естіп тұрғаны – осы. Көзіне еріксіз жас тығылып, не қуанарын, не жыларын білмеді байғұс ана.

- Мен, құлыным, мен ғой! Сағындырдың ғой, Асылым-ау! Келіп тұрмын.

- Мама, қалайсыз? Амансыз ба? - деді Асыл есікті ашып жатып, - үйге кіріңіз, шай ішіңіз. Бойыңыз тоңып қалған болар. Күннің суығында неге келдіңіз? Мен өзім баратын едім ғой.

- Бұл сөзді талай айтып, талай сөзіңде тұрмағансың, қарғам. Мен немеремді сағынып, тәтті қылығына сусындағалы келдім. Келін үйде ме?

- Ммм... Үйде, үйде. Сіз шешініп отыра беріңіз, мен ас қамына кірісейін, - деп Асыл асханаға ұмтылды.

Киімін шешпестен төрдегі былғары орындыққа отырды да, қабырғада ілулі тұрған немересінің суретіне қарап сүй­сінді. Баладан немеренің артық көрінетінін енді білді. Баласының орнын немере басқа­ндай құдды.

- Асыл, әй, Асыл, Шәрбат қайда? Ұйықтап жатыр ма, неге оятпайсың? - деді қарт ана асханадан жауап күткен кейіппен. Осы уақытта жоғарыдан:

- Что за шум? Не кричите! Адамды ұйықтатпадыңдар ғой, - деген келінінің дауысы шықты.

Баласы жоғарғы қабатқа шығар баспалдақ тұсына келіп, жоғарыға қарады да:

- Жаным, ұйықтай бер, мен ғой теледидар қосқан. Шәрбатты төмен түсірші, шайын берейін, - деп, Асыл анасына кеттік деген сыңай білдірді.

Екеуі асханаға барып, дастархан басына жайғасты, үнсіз отыр. Бірі төмен қараған, бірі баласына тесіле қараған кейіпте.­ Таңғы асын ішпесе де, Айғанымның өңменінен келінінің мына қылығы өтпей тұрып қалды. Алғаш келін боп түскенде Айғаным дауыс шығарып айқай­ламақ түгілі, адамның жүзіне қарауға ұялып жүретін еді, мына келіні оспадарсыз қылығымен суыған көңілін одан әрі суыта түскендей.

- Мама, дәм алып отырсаңызшы. Менің үйім – сіздің үй дегендей...

- Асыл, сен кімге айналғансың? Мен сенен мұндайды күтіп пе едім? Жал­ғызым-ау, не көрінді саған? Мені қара жерге қараттың ғой, - дей бергенде, жоғарғы қабаттан Жарқын түсіп келді.

- Ох, какие люди? Неге келдің? Жылау мен сұраудан жалықпайды екенсің. Менің баламды ауыртқалы келдің бе? Өзің қашан суға түскенсің? Үйдің ішін қолаңса алып кетті ғой! – деп Жарқын Айғанымның басынан аяғына дейін көзімен сүзіп шықты. Көзі құдды жалмауызды көргендей шатынап тұр. Айғаным жанарын төмен салған күйі үнсіз тұр.

- Әкеңнің салған үйі ме еді бұл, кез келген адам кіре беретін? Саған не айт­тым мен, бұл үйге аяғыңды аттап баспайсың деп едім ғой! - деді де қатулы жүзін Асылға бұрды.

Асыл сүмірейген күйі келіншегіне қарап:

- Жаным, бұл менің анам ғой?! Маған, саған, Шәрбатқа қонаққа келген...

- Вот она, тағы кім қалды? Шақырсай ауылдағы мал сасыған ағайын­дарыңды. Көрсетем саған... Сейчас я принимаю душ. Сосын шыққанда мына албасты шешең бұл жерде болмайтын болсын. Ұқтың ба? - деп киімшең денесіне жапқан халатын жолшыбай шешіп, ваннаға кіріп кетті.

- Қой, балам мен кетейін. Кет дегенде ит те кетеді ғой. Рахмет асыңа. Мыналарды Шәрбатқа тіккем, тұрғасын көрсетерсіңдер. Мен жүрейін, - деп Асылға қарап еді, ол бір нүктеге шұқшиған күйі отырып қалыпты. Сарышұнақ келінінің қылығы байғұс анаға сарышұнақ аяздың шымшығанынан да қатты тиді.

Ілулі тұрған киімін алып, қарт ана далаға беттеді. Есік алдына шыққанда жапалақтап жауып тұрған қарды көрді. Даланы едәуір басып тастапты. Көше бойлай зулаған көліктің доңғалағы астын­да ақұлпа пәктігін жоғалтуда. Рас, Асыл да осы ақұлпадай тұнық-тын. Бірақ оның осындай жағдайға жетуіне не әсер еткені түсініксіз. Адам ба, тағдыр ма? Айғаным ақұлпаның бетінен із салып кетіп барады. Бәлкім ол біреу­дің өміріне әсер еткен шығар?!

Д.САДЫҚ

 


ӨМІРДІҢ ӨЗЕГІ НЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.01.2012 11:08

Ой-тамызық

Адам болып өмірге келіп, жер бетін басып жүрген пенде болған соң кім-кімді де өмірдің өзегі не, мәні қандай деген сауал мазалары анық. Шынында да өмір арнас­ында осындай бір шымшым ойдың жетегінде жүрудің өзі бақыт. Кейде айналамдағы құрбы-құр­дастарым өздерінің дене пішіндеріне, болмысына көңілі толмай жатады.

Осындай сәтте тәубе ету санан­ы бір сілкілеп алса ғой деп ойлаймын. Неге десе­ңіз, мына жалғанда өмірдің қатпар-қатпар қайғысын арқ­алап, тағдыр төсеген тар жолмен тіршілік кешіп жүрген жандар қаншама?! «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?» деп  Асан қайғы айтпақ­шы, бұл фәниде де өмірдің қызығын толықтай сезініп жүрген пенделер аз. Адам бар нәрсесіне тәубе етіп, өзіне, айналасына мән берсе, көптеген жәйтке қанығып, біраз мәселенің мәнісіне үңілер еді. Өмірдің болмашы сынағына төзбей, Алла берген ғұмырды өз қолдарымен қиятындар да бар. Мұндай қадамға өмірден әбден қа­жыған, өзіндік алар орнын таба алмаған, жанары мұңға, жүрегі қасіретке толы жандар барады деуші едік. Қазір барлығы да керісінше болып бара жатқандай. Тіпті өрім­дей жас ұл-қыздар жарық дүниемен қош айтысуға дайын­ тұратын болды. Ме­ніңше, олар басына түс­кен қиындықпен күрес­кісі келмейтін тәрізді. Бел­гілі ақын Қадыр Мырза-Әлінің «өмір­ге  келудің  бір-ақ  себе­бі  болса, өмірден кетудің он­даған себебі бар» деген сөзі осыған куә.

Бірде бір жігіт данышпан қарияға келіп, қанша талпынса да, дүниеге жарымай жүргенін баяндапты.

- Сірә, менің маңдайыма­ осындай таршылығы мол тағдыр жазылған шығар...

- Талпынған адамның табысқа жетпеуі мүмкін емес, сенің қателігің соны түсін­беуде жатыр, - дейді қария. Содан соң данышпан жігіт­ті өзен жағасына алып ке­ліп, өзімен бірге суға алып түсіпті. Адам бойламайтын терең жеріне алып келіп, ба­сынан ұстап, төменге батырыпты. Алғашқыда шыдап көруге тырысқан жігіт, болмай бара жатқан соң жоғары­ шығуға ұмтылыпты. Шалдың қолынан босанып шыға алмағасын, қатты бұлқынып, басын су бетіне зорға шығарып тыныстапты. Сонда данышпан қария: «Міне, сенің талпынысың осындай болғанда ғана таршылықтың тұсауынан босай аласың», - деген екен.

Міне, өмірдің өзегі адамның өмірге деген құлшынысында жатыр. Талпыныс деңгейі артқан сайын қадамы да нықтала түспек. Тар қапаста қалған жан дү­ниеңді тазарту үшін ең алдымен одан шығар жолды іздеген жөн.

Өмір – шыны тәрізді. Кейде мұнтаздай тап-таза қалыпта тұрады, енді бірде қайғыдан құса боп жылаған адамның келбеті секілді күйге енеді. Ал енді бірде  жігерлі адам тақылеттес, оңайлықпен сына қоймайды. Жай ғана шытынағанда бір нәрсені көңіліне алып, уайымға батқан жан сияқты болады да қалады. Шын­туайтында, өмір – айна. Бар болмыс-бітіміңді айнытпай бейнелеп тұрады. Ақтың ақ, қараның қара бейнесінен жаңылмайды. Бұл да – құдірет.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


АУРУ – АСТАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
26.01.2012 11:04

«Салауаттың» сауаттану сабағы

Денсаулыққа әсер ететін барлық факторлардың ішінде тамақтану ерекше орын алады. Аурулардың көбеюі дұрыс тамақтанб­ағандықтан және қимыл-қозғалыстың аздығынан болып отыр. Ұтымды тамақ­тану үш түрлі ережеге негізде­леді:

1. Тамақтану ар­қылы бойға жиналатын және еңбектену кезінде жұмсалатын энергия қуатының тепе-тең­дігі; 2. Тамақтағы ағзаға қа­жетті рациондардың сәйкес­тігі; 3. Қай уақытта және рационды­ тағамды қандай мөлшерде тұтыну керектігін білу.

Қазіргі кезде жүрек-қан тамы­р, семіздік, қаназдық, алқым­ безі, сусамыр сынды аурулардың асқынып тұрғанына көбіне осы талаптардың сақталмауы әсер етеді. Астың құрамындағы негізгі құнарлы элементтердің бірі – ақуыз. Ол ағза  жасушаларының қалыптасып, өсіп, дамуы үшін аса қажет. Ақуыз негізінен бұр­шақ, соя, арахис, жаңғақ, жұмыртқа, ет, балық пен сүтте кездеседі. Көмірсудың  көмегімен ағза жылуды сақтап, одан қуат алады. Құрамында көмірсуы бар тағамдар: нан, картоп, жарма, банан, қант, бал, т.б. Ал майлар ағзада май тіндері ретінде жиналып, қуат өндіреді. Олар сары майда, өсімдікте және малдың майында көптеп ұшырасады. Аурудан сақтануға көмек­тесетін дәрумендерге, әсіресе, жеміс-жидектер мен көкөністер бай болып келеді. Микроэлементтер – ағзаның  қалыпты жұмыс ат­қаруына мүмкіндік беретін химия­лық заттар. Оның жетіспеуінен ағзадағы өсу және даму процестері бәсеңдеп, зат алмасу бұзылады, жүрек, қатерлі ісік ауруларына, семіздікке шалдығу қаупі жоғарылайды. Йодтың жетіспеу­шілігі ойлау, есте сақтау қабілетінің нашарлауына, кретинизм, алқым безі ауруларына әкеп соғады. Йодталған тұзбен, дәрумендермен, микроэлементтермен құнарландырылған ұнды пайдаланған дұрыс. Темір жетіс­пеушілігі анемияға, адамның ой-өрісінің төмендеуіне, бойдың өспеуіне, тез шаршағыштыққа  әкеледі. Ал кальций тапшылы­ғы рахит ауруын туғы­зады, сүйек сынып, тіс ерте түсе бас­тайды, тіс­жегісі пайда болады, тырнақ жұмсарады. Адамдар арасында көп тараған тамақтану тәртібінің бұзылу себептері: рафинадтал­ған өнімдерді (ақ нан, тазартылған күріш, жай қанттар, кондитер өнімдері) шамадан тыс көп пайда­лану, олардың энергиялық құндылығы жоғары болғанымен, биологиялық маңыздылығы төмен; дайын өнімдермен қоректену салдарынан майды шамадан тыс мөлшерде қабылдау; құрамында азық тапшылығы көп заттарды­ мөлшерден аз қолдану; ағзаның дәрумендермен және кейбір микроэлементтермен (йод, темір) жеткілікті мөл­шерде қамтамасыз етілмеуі; ас тұзын шамадан тыс көп пай­далану;

Біздің ағзамыздағы барлық (тыныс алу, жүрек соғысы, зат алмасу) процестер ырғақты сипатт­а болады, тіршілік құ­былыстарының жүйелілігі – күрделі биологиялық жүйе қызметінің міндетті шарты. Тамақтану тәртібі күні бойы ас қорыту жүйесіндегі теңестіріл­ген жүктемені қамтамасыз етеді. Тұрақсыз тамақтану асқорыту жүйесіне қосымша салмақ түсіреді және осы кездегі салмақ денсаулықтың түрлі ауытқуларын тудырады. Артық ішіп-жеудің салдарынан түскен артық калория шығарылмай, ағзада май болып жиналатындығы қаперде болғаны дұрыс. Ләззатсыз тамақтанудың әсерінен тағам жеткілікті сіңбей, асқазан мен ішек жолдарының қызметін бұзады. Сүзбе, сүт, қаймақ, айран, ірімшік, құрт, қаймақ, қымыз, шұбат, ет, шұжық, балықты күнделікті өмірде көбірек тұ­тынған жөн.

Зәуреш   МАХАМБЕТОВА,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының маманы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2012 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары