Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
Қазан 2014

Облыстың бас басылымдары 85 жылдығын атап өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2014 14:59

Облыстың бас басылымдары «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерінің жарыққа шыққанына 85 жыл. Мерейтойға орай «Жаһандану және журналистика: бүгінгі күннің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, аймақтың ата басылымдарын құттықтады.

- Талай таланттарды тәрбиелеп шығарған қос басылым аймақтың айнасына айналды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарламалардың орындалу деңгейін сараптап, елдің бірлігін насихаттап келе жатқан ата басылым биік тұғырынан түспейді деп сенемін. Басылым ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Алғашқыда "Сыр бойы”, сосын "Ленин туы”, одан кейін "Ленин жолы”, сосын барып бастапқы атауын қайта иеленген облыс жаршысы осыншама уақыт Сыр жұртшылығының көзі мен құлағы, сенімді серігі мен сырласы, ақылшысы әрі қамқоршысы болып келеді. Халықтың үні саналған қос басылым көптеген өсу, өркендеу жолдарынан өтті, оны биік белестерге көтеру барысында қаншама журналистер өлшеусіз еңбек етті.

Облыстың басылымдарын біріктірген «Сыр медиа» холдингі жаңа ғимаратқа көшкеніне де көп уақыт өткен жоқ. Баспаханалары соңғы озық технологиямен жабдықталған. Бастысы, жаңалықты оқырманға жылдам әрі сапалы жеткізу үшін бар мүмкіндік қарастырылған.

Конференцияда Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев, профессор Бауыржан Жақып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің диканы Сағатбек Медеубекұлы, т.б. журналистиканың бүгіні мен болашағын талқылады. Бейресми төртінші билік саналатын саланы дамытудың тетіктері айтылды. Жас буын өкілдерін мамандыққа машықтандыру жолдары да тасада қалған жоқ.

Қос басылымның мерейтойына орай облыс әкімі Қ.Көшербаев 2 автокөліктің кілтін салтанатты түрде сыйға тартты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


Қызылордада ЕЭК дөңгелек үстел отырысы өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2014 09:19

Кеше Қызылорда қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Коллегиясы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері бойынша консультативтік комитетінің «Еуразиялық экономикалық одақ аймағындағы бірыңғай қызметтер нарығы мен жалпы қаржы нарығы жағдайындағы бизнесті дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара жұмысына ЕЭК департаментерінің басшылары, «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі» РМК, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның өңірдегі өкілдігі, Беларусь Республикасы Экономика министрлігінің Кәсіпкерлік депртаменті, т.б. өкілдері қатысты. Отырыста бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайындағы кәсіпкерліктің өзекті мәселелері қаралды.

 


Қызылордада ІV «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2014 09:14

«Еуразиялық экономикалық одақ жағдайындағы облыстың жаңа инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбындағы ІV Байқоңыр инвестициялық форумының екінші күнінде бірнеше әлем елдерінің бизнес-қауымдастығы өкілдері, банк басшылары, қаржы институты жетекшілері мен шетелдік дипломатиялық миссия өкілдерінің қатысуымен пленарлық мәжіліс өтті.

Форумды ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оны өткізудегі мақсат Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру, тиімді іскерлік қатынастарды дамыту, өлкедегі өндіріс саласы мен шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын ортаға салу екенін айтты.

Экономиканың және өнеркәсіптің түрлі салаларының дамуы бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық және халықаралық ғылыми және бизнес ұйымдарының өкілдері баяндамалар жасады.

Еуразиялық экономика комиссиясының мүшесі, Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министр Тимур Сүлейменов Еуразиялық кеңістіктегі экономика мен өндірісті дамыту ерекшеліктерінің тиімділігі туралы сөз қозғап, инвестициялық қолайлы климатты қамтамасыз ету мемлекет алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті.

Форум барысында Еуразиялық даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ және Түріктің Ходжаелі провинциясының сауда-саттық палатасымен өзара ынтымақтастық туралы, «Астана Экспо» халықаралық ұйымымен сувинерлік өнім мен қолөнер заттарын дайындау бойынша, сонымен қатар «ЮжАвтострой» компаниясымен жел электростанциясын салу жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

Форум жұмысы «Қызылорда облысының басым бағыттарындағы инновациялық жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстар», «Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру», «Мемлекеттік-жеке серіктестік -аймақты дамыту стратегиясының механизмі» тақырыптарында секциялық жиындармен қорытындыланды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


ИСЕКЕШОВ АЛМАСТЫРА АЛАДЫ. Ал өзгелер ше? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.10.2014 12:30

Қазақстанның Үкіметі қайта құрылғалы бері министрліктегілер күн сайын келелі кеңес­ өткізетін болды. Жұмыстарын жар­намалап, жеті айлық қорытындысын шығарып­  үлгергендер де бар.  Мөңке бише айтсақ: «Елге бір тиын пайдасы жоқ, Ай сайын­ бас қосқан жиын боладының» кері. Оған қоса халық «мәу» дейтін министр­ліктегілердің мәлімдемесіне мәз-мейрам болы­сады. Сөзін нанымды етіп екшелесе, сөйтпегенде қайтсін? Құдды қамкөңіл қа­ра­шаның қамы деп ұғып қаласың. Осындай шенеуніктердің кеңесінде елдің қамын күйт­тегенсіп, орнынан ыршып тұратындар да аз емес. Алқалы жиында арагідік азулы мәсе­ле­лерді  айтып  қалатындар­ да  кездеседі.

Сондай маңызды жиындардың бірінде Инвестициялар және даму министр­і Ә.Исекешовтың «отандық аяқкиімдер сапалы болса, онда неге үкімет мүшелері кимеске?» деген пікірі қоғамда зор талқыға түсті. Аптаның айшықты­ ақпары да осы болды. Бұл министрд­ің Алматыдағы «Казлегпром-Алматы» тігін фабрикасын шолып, ондағ­ы отандық аяқкиімдердің сапалы екендігіне қанығып қайтқандағы сөзі болатын. Осылайша шенеунік шен-шекпенділерге ой салды. Дегенмен, ел арасы Ә.Исекешовтың бұл әрекетін сынға­ алды. «Далбаса» дегендер де табыл­ды. Әрине,  шетелдік “мерседес”  мінген министрлер Қазақстанның өнімін қайтеді? Оның үстіне бренд былғары­сын қарапайым тігін фабри­касындағы  аяқкиімге  ауыстырсын  ба? Орынды  сауал...

Десек те, бұған дейін отандық өнімді жақтаушы азамат шетелдік авто­көлігін «КИА»-ға ауыстырған еді. Бұрынғ­ысы «Шкода» болатын. Осыған қарап министр жәй айтпаған деген ойға қаласың. Сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Мүмкін мұны бірнеше рет сын «садағы­на» іліккен министрдің жөнге келе бастағаны деп білеміз бе? Бұлай деуім­ізге себеп те жоқ емес. Елорда төрінде тайлы-тұяғымен жиылған жинал­ысты тізгіндеген министрге дүйім жұрт сын айтқан еді. Басқосу мемлеке­ттік  басқару  жүйесінің  реформасына  сәйкес  бірнеше министрлік пен агенттіктің  негізінде жаңадан құрыл­ған  Инвестициялар және даму министр­лігінің  алқа  мәжілісі  болатын.  Бір  қызығы, бұл  жиынға  тек қазақтар  қатысқан көрінеді. Бірақ отырыс­ орыс тілінде жүргізілген. Сөз алған алты баянд­амашы да орысша баянд­ама жасап­ты. Бұған ашынған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозға­лысының төрағасы Мұхтар Шаханов айтарын  айтып  қалды.

Cөзін Ә.Исекешовке тікелей бағыттаған қоғам қайраткері алдымен ал­қалы жиынның неге орыс тілінде өткізілгенін сұрады. 300-ге таяу азамат қатысқан алқан­ың арнайы жоспары таратылып бергені, ол кестенің орысша жазылып тұрғанын да тіліне тиек етті. Құры­ғанда алты баяндаманың біреуі ана тілімізде жасалғанда жақсы болар еді деді. Бұл мемлекеттік тілді менсінбеу деген баға берді ақын. Содан соң, қайраткер елдегі телеарналарға көшті. Көрерменге жол тартып жүрген бағдарламалардың 50 пайызы тек қазақ тілінде болуы керек.­ Ал қазіргі таңда телеарналарда ана тілімізде хабар тарату 15 пайызға дейін төмендегендігін алға тартты. Сөз соңында ұлт жанашыры «Төрт министр­ліктің басын қосқан, өзіңіз басқаратын жаңа министрлік алдағы кезде де мемлекеттік тілді мойындамай ма, немесе елдік, ұлттық мүдде биігінен көрінуге қам жасауы мүмкін бе?» деген сауал қойды.

Ал Инвестициялар және даму минист­рі Әсет Исекешев бұл сауалға былай деді: «Сұрағыңыз да, талабыңыз да өте орынды. Бұдан былай министр­ліктегі барлық жиындар тек мемлекет­тік тілде өтетін болады!»

Қалай болса да, вице-премьер итжығыс күйде қалып жүр. Біресе сынның астында қалады, енді бірде айы оңынан туады. Бұл жолы министр жарады. Әріптестеріне жол көрсетті. Әрине, біздің басшылар бағалы былғарысын ысырып, отандық аяқкиіммен көсіле жүреді деу күмән келтіреді. Бірақ бастам­аны қолдауға әбден болады.

Н.ҒАСЫР

 


БЕЛДЕН ТӨМЕНГІ КАСТИНГТІ КІМ ЖАРИЯЛАҒАН? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
30.10.2014 12:28

Өткен аптада ғаламтор әлемінде Қызылорда өз атын 18 жасқа толған қыздарды порнокастингке шақырған жарнамасымен шығарды.

Вконтакте әлеуметтік желісіндегі хабарландыруға көз жүгіртсек, порнокастингке шақырылған қыздардың 18 жасқа толуы шарт екен. Бұл жастың ұзақтығы 25 жасқа дейін созылады. Сонымен қатар өзге қалада тұратын бойжеткендер де бұл іріктеуге­ қатыса алады. Әлгі ұйымдастырушы сымақтардың айтуынша, енді қалғаны елімізде порноиндус­трияны дамытуымыз екен. Жарнаманың төменгі бөлімінде ұйымдастырушылардың ұялы байланыс құралы көрсетілген. Көпшілік бұл нөмірдің иесі жергілікті жастар қоғамдық бірлес­тігінің мүшесі Еркебұлан Есмахан ретінде танып, сондай-ақ осы хабарлама таратылған вконтакте әлеуметтік желі парақшасында соған сілтеме жасалғ­ан.

Сол ізбен біз де Еркебұлан Есмаханмен тілдесуді жөн көрдік. Оның  айтуынша, оның  дәл қазіргі жарнамада тұр­ған нөмері біршама уақыт бұрын ұялы телефонымен қоса жоғалған. Бір сөзбен айтқанда, оның бұл жағдайғ­а еш қатысы жоқ көрінеді.

Порнокастинг Қызылордаға қа­лай жетті? Бұл хабарландыру өзгені қаралау мақсатында қолдан ұйымдас­тырылған болуы да ықтимал. Біз Еркебұланнан бұл іс бойынша өзін ақтап алуға қадам жасаған-жасамағандығын білгіміз келіп хабарласқанда, ол:

- Қалалық ішкі істер басқармасынан келіп, түсініктеме алып кетті. Ал өзім жеке атымнан шағым түсіре қоймадым. Бірақ мен түсініктемеде барлық жағдайды барынша түсіндіруге тырыстым. Онда маған тиесілі вконтакте әлеуметтік желісін қалай бұзғандығы турасында да жаздым, - дейді.

Біреудің бір адамға қазған орының кесірінен бүкіл бір облыстың абыройы айрандай төгілді. Ал белден төменгі кастинг әлеуметтік желі белсен­ділерінің наразылығына ұшырады.

Г.ЕСІМОВА

 


Атынан ат үркетін – ЭБОЛА PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
30.10.2014 12:16

Әлемге бүгінде  қауіп қарудан  емес, аурудан  төніп тұр. Ақпарат  құралдары күнде сөз етіп  жүрген  эбола­ ауруы араға ай салмай, жаһанды жайлап барады. 1976 жылы Африкада табылған ауру қоздырғышын Лондон  лабораториясында  вирусологтар  анықтаған.  Аурудың  аты  Африкадағы Эбола өзенімен аттас.­ Оған ең алғаш сол ауруға шалдыққан нау­қастың сол  жерді  мекен  етуі  себеп. Аты  жаман  ауру  төңірегінде  аз-кем ақпарат  берсек...

Ауруға шалдыққан адамның басы айналып, темпера­турасы 38,5 градустан жоғарылайды. Иммуните­ті төмендейді. Әлсіздіктің әсерінен аяққа тұрудан­ қалады. Іші өтеді, құсады. Ауру адамның­ әбігерін шығарып жібереді. Асқынғанда адам ағзасының кез келген жерінен қан кетіп, тұрған жерінде жантәсілім етеді.

Бұл кесел қазіргі таңда Батыс Африкада кең тараған­. Гвинея, Либерия, Сьерра-Леоне секілді елдер­мен қатар Испания мен Малиге, тіпті АҚШ-қа да жетті. Адамнан адамға кез келген қатынас арқыл­ы жұғады. Науқастың білегіне сау адамның қолы тиіп кетсе де ауру тасымалданады. сілекей­ бездері және жыныстық қатынас арқылы да тарайды. Аурудың жұқтыру көздері – африкалық маймылдар мен жарғанаттар. Бір ғана жануардың өзінде вирустың 320 мың түрі кездеседі. Мысалы, соның бірі ретінде эболаны атап көрсетуге болады екен. Айта кетерлігі, бұл вирус африкалық маймылдардың бәрінде жолықпайды.

Қазіргі таңда бұл аурудан Қазақстанға қауіп жоқ.

 


 

Ұлбосын АХАНАЕВА,

облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау

департаменті басшысының орын­басары:

 

«Қызылордаға  келген африкалықтардан эбола белгілері анықталмады»

Біз бүгінгі таңда бұл ауру төңірегіндегі ақпарат­тармен жұмыс жасап отырмыз. Соңғы 25 қазан күнгі мәліметтерді негізге алсақ, әлемде он мыңнан аса адам осы науқасқа шалдықса, соның бес мыңға жуығы көз жұмған. Жалпы, ауру  90 пайызға дейін өлім-жітіммен аяқта­лады.­ Бұл дертті «ауыздықтайтындай» вакцина табылы­п отырған жоқ. Тіпті бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының да қауқары жетпеу­де. Яғни, тосқауыл қоя алмай келеді. Бірақ 2015 жылы ауруды тоқтататындай вак­цина табылуы тиіс дейді мамандар. Ауруға шалдық­қан науқасқа жәрдем көрсетуге барған медициналық қызметкерлердің 60 пайызы осы ауруды өздеріне жұқтырып алған. Былай қарағанда, көмек көрсетушілер бұл ауруды жұқ­тырмауы тиіс. Себебі олар арнайы жеке қорғаныс құралдарына жүгініп, арнайы киім киеді. Соның өзінде аурудың өткірлігі соншалық, тері­ден өтіп кетуде. Кейбір жерлерде адамдар скафан­др киіп те жәрдемдесуде. Бұл аурумен бір рет ауырған адам екінші рет ауырмайды. Жұғу аралығы екі күн мен жиырма бір күннің ортасы. Науқастың жанында болған сау адамда бір-екі күннен кейін оның белгілері байқала бастайд­ы.

Дәл қазір Қазақстанға қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда жұқпалы вирустық инфекцияларда шекара деген ұғым болмайды. Біз Қызыл­орда облысына жұмыс бабымен келген үш африка­лық азаматты тексердік. Олардың ешқайсысынан эбола ауруының белгілері анықталмады. Облыстық тұтынушылардың құқы­ғын қорғау департаменті тарапынан түрлі семин­арлар өткіздік. Онда мамандардың білімін жетілдіру жолында ауру төңірегінде көптеген ақпараттар ұсындық. Облыстық денсау­лық сақтау­ басқармасымен де бірлесе отырып, жұмыс жасаудамыз. Туристік агент­тіктерге хат жібер­дік. «Батысқа сапар шегетін жолаушылар болса, бізге келген-кеткендері туралы  хабар  беріңіздер» деп.


 

Бананнан қауіп қаншалықты?

Әлеуметтік желі Whats app-та «эбола ауруы вирусы бананнан анықталды, сондықтан бұл өнімді тұтынбаңыздар» деген кеңес беруші хабарландырулар таратылуда. Бұл ақпаратты облы­стық тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева жоққа шығарды­.

Оның айтуынша, эбола ауруы­ның белгілері бар науқас бананды  ұстағанда  ғана  жұғуы ықтимал. Ескерерлігі, біздің елімізге жеткізілетін кез келген тағам  өнімдері шекарадан қа­таң  бақылаумен  өтеді.

 

Естіген құлақта  жазық жоқ

Ел арасындағы алыпқашпа әңгімеге сенсек, бұл аурудың мұндай жиілікпен таралуына АҚШ кінәлі. Олар бұл ауруды қолдан ұйымдастырып отыр деседі­. Қол ұшын беруге бар­ғандарды басында африкалықтар осы ауруды таратушылар ретінде қабылдаған. Қызығы, қырық жылға таяу тарихы бар ауру қалай аяқ астынан бір жылдың­ ішінде эпидемиялық сипат алды?

 

ТҮЙІН: Батыс Африкадан бастал­ған ауру Азияға жетпесе игі. Күн өткен сайын науқастар  саны артып келе жатқан аурудың әлі дауасы да табылмады. Айығып кету мүмкіндігі тым аз. Бұл ауру шарпыған өрттей дәл осы  қарқынмен әлемге таралса, онда күніміз  кәріп. Шекарасын жан-жақты «қымтап отырған» Қазақстан жоқ. Сол себепті бізге қауіп екі бастан. Кеселдің қынадай қырған құрбандары көп. Сондықтан сақтанған қазақты Құдайдың өзі сақтасын.

Г.ЕСІМОВА

 


Әбілязов Қазақстанға қайтарылуы мүмкін PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.10.2014 12:13

Бес жыл бұрын БТА банкін барымталаған Мұхтар Әбілязовты Лион соты Ресей мен Украинаға экстради­циялауға санкция бер­ді. Ал бұдан кезінде кемпірді де, шалды да алдап қашқан «бауырсақ» Қазақстан билігіне қор боламын ба деп қорқып отыр. Сондықтан соттың бұл шешіміне адвокаты Марк Фейгин үш ай ішінде кассациялық шағым түсір­мек.

Әбілязовты экстрадициялау алғаш айтылып отырған жоқ. Бұ­ған дейін де (қаңтар, 2014 жыл) Франция соты қомақты соманы қым­қырған Әбілязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім шығарған.

Бірақ сәуірде қарсы тараптың шағымдануымен жер аудару тоқтатылған тұғын. Осы тұста Ұлыбритания да Мұхтардың мазасын қашырып, саяси баспанасын жоймақ болды. Сауатты «сұғанақтың» ісі мұнымен бітпеді. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Лион соты көсеуқолдардың түрт­пектеуімен Әбілязовты экстрадициялау ісін қайта тұтатты. Нәтижесінде Әбілязов «қап түбінен қағып алғандардың» аумағына жақындамақ.

Францияның Лион сотының судьясы Әбілязовты экстрадициялауда одан кө­бірек зиян шеккен Ресейге басымдық берілеті­нін және Кремль оны Қазақстанға сыйға тарт­пайтындығын айтып сендіруде. Десе де осыдан үш жыл бұрын Ақорда Англиядан Әбілязовты экстрадициялауды сұраған. Бірақ қашқын банкир тағы да «әніне салып», ағылшындарды да айға қаратып, сытылып кеткен. Тек 2013 жылы Украина сотының талабы бойынша Франциядан табылып, қолына кісен салынған.

Халықаралық дәрежеде қаралып жатқан бұл іс жайында Қазақстан парламентінің депутаты Владислав Косарев «Азаттыққа» берген сұқбатында:

- Француздардың Әбілязовты ұзақ ұстаған себебі - оның қомақты капиталын біраз сілкіп көрді. Бөлісер ме екен деп, ұзақ экстрадициялағысы келмеді. Енді Ресей мен Украина онымен (Әбілязовпен - ред.)  арадағы  мәселесін ше­шіп алғасын Қазақстан­ға да кезек тиеді. Әбілязов өзін Қазақстан саяси себеппен қуғындады деп көр­сетіп келді. Қазір оның ісі халықаралық деңгейге шыққандықтан, Қазақстанға саяси фон жасаудың қажеті де жоқ, - дейді.

Ал оппозициялық саясаткер Әміржан Қо­санов алабөтен пікірде.

- Мұхтар Әбілязовқа әрқалай қарауға болады. Көпшілік ол БТА банкінің қаржысын жымқ­ырды дейді, бірақ анық дәлел жоқ. Бір анығы - 2000 жылдардың басында-ақ ол Қа­зақстандағы саяси режимге қарсы шықты. Оппозициялық ҚДТ қозғалысын құрып, бас­қарды. Сол үшін түрмеге­ отырып шықты. Сондықтан оны қудалаудың саяси себебі бар,- дейді ол.

Мәскеу мен Астананың саяси әріптес әрі үнемі бетін қақпайтын мемлекет басшысының қолын Путин де құр қалдырмасын ескеріп, Қазақстанның Украина үшін де «жалпақшешей» екенін қаперге алсақ, Әбілязовтың Қазақстан­ға қайтарылатын түрі бар. Ал Әбілязовтың «мені елден кетірген Назарбаевтың тепкісі» дегені қаншалықты шындыққа саяды? Оны уақыт анықтап береді...

ТАМШЫ

 


САЯЖАЙЛЫҚТАР ҚАЛАҒА ҚАШАН ҚОСЫЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
30.10.2014 12:09

Соңғы екі жылда аймақ тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып, облыстың экономикалық өрлеу сатысына шыққаны жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастағаны рас. Қыруар жұмыс кезең-кезеңімен шешіліп, сүрленген мәселелердің нүктесі қойылды. Тындырылған іске қарсы келіп, дау айтып жатқан ешкім жоқ. Бірақ, облыс орталығында шешімі шықпаған шырғалаңды проблемалардың бар екені рас. Солардың бірі – шаһар маңында орналасса да, қалаға қосыла алмай тұрған саяжайлар мәселесі. Тұрғындар мұны айтып, сан рет билікке арызданды да. Алайда «түйенің етін жеген» мәселенің мәнісін ашуға бет бұрып, білек сыбанғандарды көрмедік. Себебі неде?

Газетіміздің 16 қазан күнгі  №41 (740) санында «Әкім орынбасары сөзінде неге тұрмай жүр?» деген тақырыпта материал жарық көрді. Әңгіме  қала  аумағында орналас­қан «Береке» саяжайы турасында болған тұғын. Саяжай қалаға жақын­ орналасқанымен, ондағы жарық проблемасы әлі түбегейлі шешілмеген. 500-ге тарта үй бір трансформатордан сым тартып отыр. Ал оның мұнша үйге қуаты жетпей, жұрт білте шамның сәулесіндей сығырайған жарықпен күн кешуге мәжбүр. Тұрғындар мұны айтып билікке мұң шақса, олар «оның саяжай деген аты бар» неме­се «қала аумағына қосылған соң шешілетін шаруа» деп жауап қайтаратын көрінеді. Бірақ «қашан қала аумағына заңды түрде қосылады?» деген сауал көпшіліктің көкейінде жүргені рас. Ең күрделі деген мәселені әрі кетсе 2-3 жыл ішінде шешуге болады. Ал жеті жылдан бері тұрғындар мұндай нәтиже­сіз арызданудан әбден шаршаған. Мезі еткен мәселенің нүктесі қойыл­уы үшін ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы шығуы қажет екен-міс. Проблема шешімін таппай кешеуіл­деп жатқанының бір себебі осыдан көрінеді.

Билік бұған бас қатырмаса, саяжайда өмір сүріп отырған тұрғындар мәселесінің мәні ашылмайтыны­ айдан анық. Жуырда сенатор Е.Сағындықов саяжай тұрғындарының проблемасын шешу үшін оларға тұрғын үй мәртебесін беруді орта­ға тастаған.

- Тәуелсіздік алғаннан бері саяжайларға үй салып, өз күнін өздері көріп отырғандар бар. Соларды неге тұрғын үй ретінде қабылдамас­қа? Мысалы, халықаралық дәрежеде мұндай практика бар, ал біздің мемлекет неге мұны қолға алмай жүр? Осыны ойластырғанымыз дұрыс болар, - деп мәселенің шетін ағытты сенатор Е.Сағындықов.

Ұсынысты «ләббай» деп қабыл ала қоймағанынан-ақ, жоғарыдағылардың проблеманы шешуге құлықсыз екендігі байқалады. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қ.Өскенбаев:

- Біз оған келіспейміз! Өйткені саяжайды тұрғын үйі ретінде санасақ, оның мектебін салу керекпіз, жанындағы ауруханасын салу керек­піз, жолдарын жөндеу керекпіз. Өздеріңіз білесіздер, саяжайлар ешқандай нормаларға сай келмей­ді, - деп кесіп айтты. Ескерте кетейік, бұл – Астана қаласындағы сая­жайлар төңірегіндегі талқылау­лар. Бас қаладағы қордаланған проблемалар жолға қойылмай тұрғанда қалғандары ауыз ашып, билік­ке мұңын айтпай-ақ қойсын дейміз бе? Оның үстіне министр­дің өзі аз жұмысты қиынсынып, «біраз шығынға ұшырап қаламыз» деп отырғанда өзгелер төр­ге шықпай-ақ табалдыры­қтан қайта беретін секілді.

Саяжайдағылар қала құрамына кірсе, біраз шаруа шалқасынан түсер еді. Бұл саяжай тұр­ғындарының дымын құртып отыр. «Саяжай деген аты бар» деп, жергілікті билік те қаладағы саяжай тұрғындарының кейбір мәселелерін шешіп беруден тартынып отыр. Проблема шешілген жағдайда оған жұмсалатын қар­жы тым көп болмақ. Сондықтан, алдымен саяжайлар қала құрамына алынып, содан соң бір жол­ға қойылады-мыс. Бірақ ондай күн нақты датамен белгіленіп, белі сызылған жоқ. Әйтеуір билік «болады» деп отыр. Оған да шүкір дейміз. Ел ішінде отырып, ескерусіз қалып отырған саяжайлардың «жетім қозыдай» жағад­а қалып қойғаны жанға батады­. «Бауырындағы баласын сыртқа тепкен безбүйректің» рөлінде жүрміз. Әйтпесе, аядай жерді қатарға қосуға шамамыз жетпей қалды деген әбестік шығар.­

Кенже ТАУАР

 


АЛАЯҚТАР 13 АДАМДЫ САЗҒА ОТЫРҒЫЗЫП КЕТКЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
30.10.2014 12:06

Бүгінгі нарықтық за­ман­да елімізде қандай кәсіп­пен айналыссаң да жол ашық. Тек қана ерінбей адал еңбек етіп, наныңды адал жолмен тапсаң болғаны. Алайда көк қағазға құнығып, тірліктерін алдау арқы­лы тындыруды, ауырдың үстімен, жеңіл­дің астымен жүруді мақсат еткен жандар жетер­лік. Жасырын емес, соң­ғы кездері алаяқтардың арбауына түскен адамдар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып келеді.

Осы санат­тағы қылмыстардың өсім алуы құзыретті билік органдарын да алаңдатуда. Алаяқтық қылмысымен күресу жөнінде тиісті мемлекеттік мекемелер бірле­сіп, біршама жұмыстар жүргізіп келеді. Дегенмен, әлі де болса алдау жолымен  құрығына түсіріп, сенімге қиянат жасап­, құр уәдемен ауыз толтыратын  алаяқтардың саны  азаяр  емес.

Статистикалық мәлі­метке сүйенсек, бүгінде елімізде алаяқтық әрекеттің белең алғаны байқалады. Алаяқтық қылмыс 2013 жылдың 9 айымен салыстырғанда 2014 жылы 0,7 пайызға өсім алған.­ Яғни, өткен жылдың есепті мерзімінде Қызылорда қаласы бо­йынша 689 қылмыс тіркелсе,  биылғы жылдың 9 айында 694 қылмыс орын  алған. Құқық  қорғау қызметкерлерінің айтуынша, көбіне алаяқтардың арбауына қалта телефонынан айырылатын кішкентай балалар ілігетін көрінеді. Одан кейін ақшадан бастап, құнды құжаттар мен жылжымайтын мүлікке ауыз сала бастайды. Айта кетейі­к, тұрғындар құ­қықтық сауатсыздығы салдарынан алаяқтың арба­уына түседі. Алаяқтар көбінесе адамды алдап­, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай бағал­ы  нәрселерді ерікті түрде бергізеді. Олар өтірікті шындай етіп соға­тын айлак­ер, таза әрі әдемі киінетін, асықпай сөй­леп, адамның көзіне тура қарап, барынша сенім тудыр­ады. Содан кейін оңай олжаны қалтасына басып алып, табанын жалтыратады.

Осындай құқықтық сауатсыздықтың әсерінен орын алған қылмыстың қатарына мынадай мысал келтіре аламыз. Қызылорда қаласының екі тұрғыны бір-бірімен келісіп,  бөтеннің  мүлкін иемдену мақсатында үшінші бір қала тұрғы­нымен танысады. Жылы шырай танытып, оның сеніміне кіріп, жүк авто­көлігі мен тұрғын үйін кепі­лге  қойғызады. Банк­тен алған 3 000 000 теңгесін алып, өз пайдаларына жаратады. Осындай тәсілмен басқа да Қызыл­орда қаласының 13 азаматын алдап, банктен әр­түрлі ірі мөлшерде ақша алып, өз пайдаларына жаратқандары анық­талды. Бүгінгі таңда кү­дікті екі азаматша құрықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

«Келеңсіз жағдай­ларға тап болмай, алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?» деген­ заңды сұрақ туындайды. Осы бағытта, мына­дай кеңестер беруге болады. Ең бірінші, қазақылықтан арылып, заңды жолмен жүруге ерінбей, тегін дүние табуға ұм­тылудан арылу керек. Екін­шіден, салғырттыққа жол бермей, бейтаныс, тосыннан кездескен  адамдардың айтқандарына сенбей, өзіндік пікір­ді, көзқарасты қалып­тастыру  керек. Құқықтық сауат­сыздыққа жол бермей, әр істі бастағанда  заңгерлермен, заң органдары мамандарымен ақылдасып отыру қажет екенін ескертеміз.

Алаяқтық – қоғамда жиі орын алатын қыл­мыстың түрі. Бұл қыл­мысқа тоқтау болар басты жол – халықты құ­қық­тық сауаттандыру әрі істің  өз жазасы бар еке­нін түсіндіру. Осы орайда, бөтеннің мүлкін ұр­лау, бөтеннің мүлкіне қол сұғу арқылы сенімге қиянат жасау, оңай олжа табу мақсатында бірнеше алаяқ қылмыстарын жасау­ заң органдарымен жазаланып,  қылмыстық жауаптылыққа тартылатыны ескертіледі.

Ғани  СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қызылорда   ҚІІБ  басты­ғы,  полиция  полковнигі

 


АЯНЫШ ТУДЫРҒАН АЯҚКИІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
30.10.2014 12:04

Қызылорда  қаласы  әкімінің  назарына

Бұрын «жол азабын тартқан біледі» дейтін едік. Енді бар азапты көрген аяқкиімге аяныш тудыратын болдық. Бұ­лайша тақырыппен ай­қайлауымызға қаладағы Сәулет мөлтек ауданының №23 көше тұрғындары түрткі болды. Редакцияға мұңын шағып келген Асыл Оразова әңгі­мені көп созбай, төтесінен бастады.

- Көшеміз батпақ. Жаңбыр жауған күні біздің көшенің басына «Асан­қайғы» орнайды. Жұмыс орным­ыз қаланың қақ ортас­ында. Үлкен жолдың бойына барып, қоғамдық көлікке мінем дегенше аяқкиіміміз адам көргісіз кейіп­ке енеді. Біздің кө­шенің жолына әлі тас та төселмеген. Былай­ қарап тұ­рсаң, қаланың шеті емес қой, - дейді.

Оның ай­туынша, азанда сабаққа ерте тұрып кеткен қызы бес-он минут өтпей жатып, үйге қайта оралыпты.  Оған себеп – балшыққа әбден батқан аяқ киім. Жылап-еңіреп келген мектеп оқушысы сол күні мектепке барудан бас  тартты. Дәл осы жағдай  Асыл апайымыздың қы­зының ғана бас қай­ғысы емес. Бұл – көше бойындағыларға ортақ  мұң. Редакция­мыз­ға  тауы  шағылып  келген тұрғынды көрші­лері Айжан­  мен Мұрат та қолпаштай  кетті.

- Былтыр телеарнаны шақыртып, мәселені айтқанбыз. Бір жылдан бері шырылдап жүрміз. Жоғары жақтан «алдымен қалалық әкімдікке шағым түсірмей ме?» депті. Содан әлгі түсірілген дүние жайына қалды, - дейді көше  тұрғыны  Айжан.

«Айтқан екен орындай қояйық» деген оймен жол құрылысына қатысты Сәулет №23 көше тұрғындары жиналып, қолдарын қойып, арызды қалалық әкімшілікке апарып береді. Алайда одан да жөнді қайыр бола қоймаған.

- Арызды апарып беріп, көрсетіп қойған нөмеріне хабарластық. Сөйтсек бір-біріне сілтейді. Бақберген Бейсенбаев дегенге, одан кейін қалалық құ­рылыс бөліміне де хабар­ластық. Бір тұшымды жауап­  айтпайды, - дейді арызданушы көше тұр­ғындары.

Көше  тұрғындарының сөзіне сенсек, көрші көшенің жолы асфальтталған. Сонда айтатындары: «Біз тоқалдан ту­дық па?». Қоғамдық кө­ліктің жағдайы екі бастан сын көтермейді екен. «Енді құдайдың қара жолы­н  асфальттап, қа­лыпқа келтіріп берсе бол­ғаны». Бұл – Сәулет №23 көше тұрғындарының  бар  талап-тілегі.

Осы мәселені негізге ала отырып, қалалық әкімшілікке қарайтын екі бірдей бөлімге қоңы­рау шалдық. Қалалық құрылыс бөлімі қала көшелеріне тас төсеумен айналысады екен. Ал көшені асфальттау – қалалық коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің еншісінде. Бұл бөлімнің маманы Бақберген Бейсенбаев:

- Бұл көше биылғы жылы асфальтталатын көшенің тізімінде жоқ. Алдағы жылдың жоспары арыз-шағымдар бойынша әзірленеді. Ол көшеге әлі тас та төселмеген. Асфальттау тас төселген көшелерге жүргізіледі. Қалада ондай қаншама көше  бар, - дейді.

Бүгін-ертең көшені асфальттауға әзір тұрған ешкім жоқ сыңайлы. Көп көшенің бірі ретінде бұл асфальтталмаған көшеге көңіл бөліне ме, жоқ па?! Ол жағы да бізге бей­мәлім. «Түйе сұрап, бие алғандай» болсын, жуырда  тым құрыса тас төсел­се­ игі. Сөйтіп келер жылы  асфальтталуы  тиіс көшелердің тізіміне еніп кетер. Әзірге сәулеттік тұрғындарға етікшімен дос болуға ғана кеңес береміз.­

Г.АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2014 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары