Өзекті мәселелер

  • 08.11.18

    Халық – сыншы әрі әр­қашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудан­дарына іссапармен барға­н облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқал­ап қайтты. Бұқараның базы­насын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын  жақсартуда аймақ басшысы бір­қатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жер­гілікті тұрғындар сол игі істер­дің жалғасына куә болды.

    Алдымен Арал ауданы орталы­ғындағы жаңа аурухананың аш...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Кез келген тауарды сырттан тасымалдау үлкен тәуеке­л мен көп шығынды талап ететіні сөзсіз. Дамыған­ елдердің көпшілігі тұтынатын тауарын өзі өндіріп, кәсіпкерлері шаруасын шыр айналдырып отыр. Ал бізде ше? Қандай өнім бар дегеннен гөрі, нендей өнім жоқ дегенге жауап табу тез болып тұр. Былай қарағанд­а, қарапайым қаламсап шығаратын зауы­тыңыз  да  жоқтың  қасы. Қайтпек  керек?

    ...
    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке ие. Ойыңызда жүрген жайтты жақсылап тұрып жазып, көпшіліктің талқысына тастай саласыз. Мұнда  сөздің  байыбына баратын, оны саралай алатын да, көкпардағы  серкедей  жүнін  жұлып, ту-талақай  ет етін де  жұртшылық бар. Ал, күшке ие дегеніміз – көп  мәселенің  шешімін  табатынында. Жама­н жері  кейде жаны ашып жазғандар да жазықты болып жатады­. Атын шыға...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Нәзіктік пен әсемдіктің символы – қыз баласы қашаннан сұлулыққа құмар. Ару­лар­ға ақыл мен  әдеміліктің қатар қажет екенін қазақ бұрыннан айтып кеткен емес пе? Көріксіз қыз – тұзсыз нанмен тең. Ендеш­е  сұлулығын  арттырып, тартымды бола түсу – бұрымдылар үшін сүйікті «мәселе». Бүгінде  айқабақ,  алтын  кірпік, қызыл ерін  сылқымдар кірпігін қалай  күтіп  жүр? Сырт көзге сөз қылуға тұр­майтын т...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүзд...

    Толығырақ...
Қазан 2018

«АТАҚТЫ ҮКІМЕТ БЕРЕДІ, АБЫРОЙДЫ ХАЛЫҚ БЕРЕДІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.11.2018 11:36

Баяғыда біреу айтыпты ғой. «Сайлау алдында, соғыс уақытында және аңшылықтан соң өтірікті өкіртіп айта беруге болады» деп. Былай қарасаң, шындық.

Жақында біз әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Өйткені, көзі ашық жандардың көпшілігі осында шоғырланған. Сондықтан «өз сайлау округіңізден сайланған жергілікті депутатты танисыз ба? Соңғы рет қашан жүздестіңіз?» деп баршаға сауал тастадық. Алдымен әлеуметтік желідегі әлеуметтің пікірін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

– Жоқ. Ондай кісілер бар ма не? - дейді Арайлым Жүсіпова.

– Танимын, сайлауда ғана көрдім, - депті Мақсат Әлиев.

– Депутаттар өздері сайланады, өздері қояды. Ешқайсысын танымайды екенмін, - деген Болатбек Жұмағұлов.

– Танымаймын. Кезде­сіп көрген емеспін, - дейді Жеңісбек Рысмамбетов.

«Тағайындалғандарды» танымайды екенмін,- депті Ақан Серік.

Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамада «Жергілікті өкілді орган (мәслихат) - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың немесе­ ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Респу­бликасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқын­дайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган» дейді де, одан әрі «тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, соның ішінде қаладағы аудан әкімдері (қаладағы әрбір аудан бойынша жеке-жеке) іске асыратын бюджет­тік бағдарламаларды бекіту; өздерiнің қарауына жатқы­зылған әкімшілік-ау­мақтық құрылыс мәселелерін шешу; сәулет, қала құрылысы және  құрылыс  iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтетiн үлгi­лiк қағидалар негiзiнде әзiр­ленген жасыл екпелердi күтiп-ұстау  және қорғау қағидаларын, қалалар мен елдi мекен­дердiң аумақтарын абаттан­дыру қағидаларын бекiту» деп тайға таңба басқандай боп жазул­ы тұр. Ол аз десеңіз, депутат­тар өз округіндегі сайла­ушылармен кездесу өт­кізуге, атқарып  жатқан жұмыс­тары жөнінде жылына кемінде бір рет хабарлап отыруға, сай­ла­ушылардан келіп түскен өтініштерді қарауы тиіс делінген. Міне, жергілікті мәслихат депутаттарына жүктелген міндеттер  қысқаша – осы.

Көптен бері осыны жазып отырған пақы­рыңызды «жергілікті мәс­лихат депутаттарын өз сайлаушылары неге танымайды?» деген сауал­ толғандырып жүр­ді. Расымен, заңнамада көрсетілгендей, олар елмен етене араласса, есебін берсе, атқарған жұмысына тоқталса, алдағы жоспарларымен бөліссе, жұртшылық ат үстін­дегі азаматын танымай не көрініпті? Елдің бәрі еңбек еткен­ адамды ескерусіз қал­дыр­майтыны  анық. Былтыр  «Саяхат» мөлтек  ауданының  тұрғындары редакциямызға хабар­ласып, шағымын айтты. Бұқараның базынасын тыңдап, газетке бастық. Тұрғындардың ішіндегі бір кейуананың «Балам, анау жатқан төбені  көрдің бе? Әлгі сайланған депутаттар сол жерге кеп тоқтайды. Бері қарай келмейді. Сол жерден кері қайтады. Мына жолмен жүрмейді» деп ашынғаны әлі күнге көз алды­мда.

Депутаттық мандат не үшін керек? Бұл сауалға жауапты марқұм Шерхан Мұртаза ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылым (1999-2004) депутаты боп тұрған шағында кезект­і сұхбатында былай деп жауап берген еді: «Депутаттықа келетін адамдардың көбі – лауазы­мды адамдар. Әріптестерімнің арасында «непри­косновенность депутаты» деген­ түсінік бар. Мейлі, сен біреудің тұмсығын бұз, біреуді ұрып жық, ішіп жүр. Дәл бұл үшін сен сотқа бармайсың. Абайсызда ауыр қыл­мыс­ істемесең, жүре бересің­». Алдында жүрген әріптесте­рі­нің аяқ алысын, жүріс-тұрысын танитын Шер­аға­ң бекер бұлай демеге­ні  белгілі.

Ісі  мандымай, маңдай тіреп келген елдің базынасын тыңдап, мәселенің шешілуіне мұрындық болған депутаттар да баршылық. Жоқ емес. Десе де, Қадір Мырза Әлінің «атақты үкімет береді, абыройды халық береді» деуінде біраз «мәселенің» жатқаны мәлім.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ОРТАҚ ВАЛЮТАҒА ҚАШАН КӨШЕМІЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.11.2018 11:31

Біз қазір айға да, аспанға да ұмтылып жатқан жоқпыз. Бар ынта-жігеріміз – жаһандық бәсекеде, қазір сол тізімде 42-орындамыз. ТМД елдері арасын­да Ресейді артқа тастап, алға жылжыған екінші ел – біз. Көштің үздік үштігінде Швейцария, Сингапур, АҚШ мемлекеттері тұр. Айта кетейік­, әлемдік экономикалық форум бұл рейтингті инфрақұрылымы, еңбек пен тауар нарығына­ қабілеттілігі, денсаулық сақтау мен білім сапасы, мемлекеттегі макроэкономикалық талпынысы, иннов­ациясы, қаржылық дамуы бәсекеге қабілетті деген талапқа сай келетін елдер арасында жасақ­таған. Демек, біздің төбеміздің көрініп қалғаны.

Шыны керек, егемендік жариялағаннан кейін алыс елдерден бізді танығандар көп болған жоқ. Қазақ елі өзінің кең тыныстап, алшаң басып жүргенінің арқасында Еуропа төрі Азия көзқарасына ие болды. Бүгінде экономикалық талаптарға сай бір емес, бірнеше елдермен сауда-нарықтық байланыс орнатып, әлемдік саяси сахна «терезесін» қағып жүр. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанымызға 4 жылға жуықтағанымен, шешілм­еген ортақ мәселе бар. Ол – ЕАЭО елдеріне­ ортақ валюта қоры. Бұл мәселе туралы бұған дейін де жазып келгенбіз. 2015 жылы үш дос үшжақты кездесу өткізіп, сонда Путин:

- Бүгінде ақша саясатын үйлестіріп отырған тиімді. Сондықтан болашақта валюта одағын құру мәселесін талқылайтын уақыт келді деп ойлаймыз. Қойын-қолтық жұмыс істеудің арқасында ортақ қаржы нарығын оңай қорғауға болады, - деген еді.

Одан бері үш жыл іргеде қалып, төртінші жыл табалдырықта тұр. Жуырда осы мәселеге үлкен нүкте қойылған тәрізді. Өйткені ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Д.Ақышев Армения астанасында өткен ЕАЭО мүше мемлекеттердің орталық банктерінің валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңесінің отырысына қатысты. Бас банкирд­ің айтуынша, қазіргі уақытта одақтың ошағын­а үңіліп отырған бес елдің қаржылық реттеу­ш­ілерінің  күш-жігері ортақ қаржы нарығын қалыптастыру бағдарламалық құжатын әзірлеуге жұмсалады. Сондай-ақ, банктік және сақтандыру секторларындағы, бағалы қағаздар нарығы­ндағы еншілес ұйымдардың  қолжетім­ділігін жеңіл­детуге­ байланысты мәселелер де назард­ан тыс қалмады­. Тұжырымдаманың қаржы нарығын реттеу­ жөніндегі жоғары органның міндеттерін және  өкілет­тіктерін сипаттауға арналғ­ан бөлі­мінің мазмұнына қатысты пікір алмас­қан тараптар бір шешімге келгендей. Яғни, ортақ валюта орталығы 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы­ шартқа сәйкес Алматы қаласында 2025 жылы құрылуға тиіс.

- Қазақстан Ұлттық Банкі үшін бұл іс-шара орталық (ұлттық) банктердің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша пікір алмасуға арналған тиімді алаң ғана емес, сол сияқты одан әрі ықпалдасу және ЕАЭО ортақ қаржы нарығын құру бойынша­ шоғырландырылған ұстанымды әзірлеу орны, - деді еліміздің бас банкирі Ереван төріндегі жиында.

Ал, бес елдің сауда-экономикалық саласындағы ортақ валютаға бас июі туралы VIII Астана экономикалық форумында Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Дмитрий Панкин:

- Меніңше, валюта – ең соңынан көтерілуге тиісті мәселе. Мұны Еуропалық интеграция тәжірибесі де көрсетіп отыр. 30 жылға созылған интеграциялық процестер түптеп келгенде еуроның құрылуына түрткі болды. Ал қазір бізде жағдай­ қандай? Тіпті, салық-бюджет саясатымыз және басқа да экономикалық ұстанымдарымыз келісі­лмеген. Бұл – байыпты проблема. Қырғызстанда жан басына шаққандағы табыс 1000, Қазақстанда 13 мың, Ресейде 14 мың долларды құрайды. Яғни, табыс деңгейі, экономика құрылымы алуан түрлі. Сондықтан да бір секіріп, бірыңғай валютаға көшу үлкен қателік болар еді, - деген болатын.

Айта кетейік, жыл басынан бері ЕАЭО елдерінің сыртқы саудасы 419,6 млрд долларға жеткен. Десек­ те, сауда көлеміне қарамастан Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика бойынша коллегия мүшесі Татьяна Валовая да бұл мәселеге келгенде кесімді пікір айту қажет емес деп есептейді.

- Еуропалық одақтың жағымды тәжірибесінен бөлек, ЕАЭО олардың қателіктерінен де сабақ алуы керек. «Бұл тұрғыда еуропалық тәжірибені өте жіті зерттей келе, біз ортақ валюта туралы сөз қозғау әлі ерте екенін, тіпті «ол туралы айтудың қажеті бар ма?» деген шешімге келдік. Неге? Біз өзіміздің экономикалық құрылымдарымызды сарапта­дық. Біздің экономикалық құрылым­дар­дың Еуропалық одақтан айырмашылығы көп. Мәселен,  өзара  сауда-саттықтың үлесі – бізде 14,5 пайыз. Ал Беларусь секілді елде бұл көр­сеткіш сауда-саттықтың 50 пайызын құрайды. Себебі­, Қазақстан мен Ресей – әлемдік энергия өндіру тұрғысында айтарлықтай салмақты ойыншылар. Ал Еуропа одағында өзара сауда-саттықтың үлесі 66 пайызға жетеді. Демек, Еуропа одағы елдерінің кәсіпкерлері бірыңғай валютаны енгізе отырып, біршама қаражатын үнемдеп қалды. Осыны­ ескере отырып, біз ортақ валютаны енгізуге асықпау керектігін, тіпті бұл тақырыпты талқы­лаудың қажеті жоқ екенін түсіндік, - деп өз ойын жеткізген қазақ астанасында өткен «АХҚО және ЕЭК: серіктестік көкжиегі» атты отырыста.

Сондай-ақ, жүздесу аясында ҚҰБ төрағасы Д.Ақышев Беларусь Республикасы Ұлттық банкінің басқарма төрағасы П.Каллаурмен ақпарат­тық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге және бес елдің орталық банктерінің төрағалары Еуразиялық  экономикалық  одаққа  мүше  мемлекеттердің қаржы  нарығы  саласындағы заңнамасын үйлес­тіру  туралы  келісімге  қол қойды.

Н.ҚАРАСАЙ

 


Сан сұрақ: САНДЫРАҚ ПА, ШАМШЫРАҚ ПА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.11.2018 11:23

АҚТАЛУ

Кейбір тақырыптарға ену аса қиынға соғады. Оны жақсылап зерттеп-зерделемесең, білетіндердің ашу-ызасын тудырып, оларды өзіңе қарсы қойып алуың әбден мүмкін. Арал теңізі жайындағы бір ақпаратты интернет желісінен оқыған сәттен бастап, аузымды жыбырлатып жүріп, ойыма мына бір шумақ өлеңнің нобайын жасап қойдым. Кейіннен барып хатқа түсірдім.

Қазақтың жаралы Аралы,

Қазіргі ажары – халықтың алаңы.

Сарқылған суы ол – ажалы,

Жо-жоқ, демі оның бар  әлі...

 

БАҚ  ТАБУ

Иә, теңіздің демі үзілген жоқ. Бір кездері бақ болып, бұқара бақытын тапқан теңіздің де (бір бөлігінің – ред.) арнасы толып келеді. Қанша жылдан бері теңіз тиесілі 5 мемлекеттің басшылары жолығып, ортақ бағдарламалар қабылдап, Арал мәселесіне алаңдаушылық білдіріп келеді. Ал, Елбасымыздың қиын-қыстау кезеңде САРАТС жобасын қабылдағаны көпшілікке аян. Теңізге қатысты шаралардың да мақсаты айбынды Аралдың айдынына оралу болатын.

- Кеңес одағы күйреген  90-жылдардың басында менің алдымда бүкіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңдады. Арал ауданында жұмыс жоқ. Сырдарияның өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатады. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады, - деген еді Елбасы республикалық жиындардың бірінде. Осыдан-ақ көп нәрсені біле беріңіз, сезе беріңіз...

 

ШАТТАНУ

Әлбетте шаттанамыз. Өйткені, Өскемен қаласының тұрғыны Серік Самарханов тартылып кеткен Арал теңізін небәрі бір аптаның ішінде толтырып беремін деп бізді қуантып отыр. Оған Қыдыр ата аян беріпті-мыс. “Күллі ел болып жиналып, тек айтқанымды екі етпей орындаса болды. Тартылған теңіз суы толып, халықтың қалағаны орындалады” деген сөзін “Жас Алаш” газетінің сайты мысалға келтіреді.

- Аралдықтардың талай жылдан бері тартып келе жатқан қасіретінен құтқарамын. Ол үшін тек дұға оқып, ас берілсе болғаны. Құрбандыққа 5-6 жастағы атан өгіз немесе сол жастағы түйе шалыну керек. Одан кейін атамыз қазақ ақсарбас дейді, 7 сарбас қой сойылса болады. Сонда Көк Тәңірден келетін сый да дайын. Яғни, су тартылып, құрғап  қалған жеріне малдың қанын ағызсақ, бұрынғыдай теңізіміз толып шыға келеді, - дейді ол.

Таңғаласың. Күдік басым, үміт те жоқ емес...

 

ТАҢҒАЛУ

“Егесіз қалған ауланың, ешкі кемірген талындай” күй кешкен Аралдың басына түскен ауыртпалық – қазақтың ғана емес, әлемнің басы қатқан мәселе. Ал, мұндай оқиға оп-оңай шешіліп кете ме? Бірақ, арада тылсым күш болса, мүмкін ғой. Әлгінде айтқандай, мұны жоққа шығара алмаймыз, тиісінше қолдау да қисынсыз секілді. Мүмкін бұл Арал секілді актуальды мәселемен ойнағысы келетіндердің бірі шығар. Жер өртеп емес, су толтырып атын шығарғысы келді ме екен? Қалай десек те, соңғы жылдары танымалдық жолында адам тұрмақ, Құдайдан да қорықпайтындар пайда бола бастады. Серік те солардың кезектісі ме, жоқ па, оны уақыт өте келе білетін боламыз.

Ойымызда сан сұрақ бар. Бірі – сандырақ, екіншісі – шамшырақ. Әуелгісі болмай, Аралымыздың шамшырағы жана түссе ғой дейміз. Таңғалу мидың құр сандалуы болмаса игі еді...

 

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ДИІРМЕННІҢ СӘНІ – ҚАПШЫҚТЫҢ ДӘНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.11.2018 11:10

Қазақ елінің қойнауын тұнған байлықпен көмкеріп жатқан иен дала өз жұртын несібесіз қалдырған емес. Сағым құшып, көсіліп жатқан сардаланың өсінділері жел тұрса сыбызғы тәрізді әуен ойнатып, шаруаның тірлігін тыңайтқан. Байтақ елдің байырғы тұрғындары көктемде дала төсін думанды еңбекке бөлейтінін білмейтін жан жоқ. Ал ағаш біткен жүрегінен ажыраған сәтте оңай жерде артық азық жатпайтыны тағы бар. Егінді алқаптың күмістей шашылған дәндері шаруаны шаш етектен келетін еңбекке қарық қылатын мезгіл де – осы  күз. Жер-ана бусанған бойда бауырына дән себетін егіншілер­ ала жаздай еткен еңбектерінің нәтижесін жиын-терім науқаны аяқ­талған кезде бір-ақ көреді. Оған дейін керегі – маңдай тер мен шыдам­дылық және күш-жігер. Кешегі апта күрежолдың жиегінде, теміржолдың бойында, дарияның жағасында қоныс тепкен Сыр халқы­ үшін қамбаға астық құйылып, еңбектің жеңісі тойланып, жемісін көрген сәт болды. Өйткені, топырағының тозаңында талай тарихи тұлғаның табан ізі қалған Сыр өңіріндегі Ыбырай ата ізбасарлары  үшін  тарихи мезет.

Ағымдағы жылы көктем мезгілі  алабұлттанып  тұрса  да, Сыр диқандары тыңайып тұрған жер қалтасының  87,3 мың гектарына күріш дәнін септі. Аймақта орын алған­ су тапшылығына қара­мастан орташа өнімділік 54,5 центнерді құрады. Жоғары өнімді сорттарды пайда­лану есебінен соңғы 5 жылда күріш жармасының өндірісі  39  пайызға, ал биылғы жалпы түсім 2 есеге артты. Өйткені Жалағаш ауданында элеватор базасындағы «Байқоңыр» агрохол­дингін құру аймақта күріш кластерін дамытуға ықпал етті. Айта кетейік, Ы.Жақаев атындағы күріш өндіру ғылыми-зерттеу инс­титуты Бүкілресейлік күріш институтымен бірлесіп Қы­зылорда облысы үшін арнайы сорттарды шығаруда. Өткен жылы аймақтағы күріш шаруашылықтарында Иранда сұранысқа ие «Торем Хошеми» сорты­  өсіріле  бастады. Осыған орай, қармақшылық «Ақ­төбе  және К» ЖШС осы сортты 70 гектар жерге екті, Қазалының «Сыр  маржаны» шаруа­шылығы  сынақтан  өткізу үшін 1 гектар аумаққа дән тастаған еді. Ал 2020 жылға қарай об­лыста Иран күрішінің егістік алқабы 5 мың гектарға дейін ұлғайтылып, өңделген күріш экспортының көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жос­парлануда. Ең бастысы, Сыр өңірінің күріші Түркіменстан, Тәжікстан,  Қырғызстан, Ресей, Белоруссия, Армения, Әзірбайжан, Моңғолия, Ау­ғанстан секілді бірқатар ел­дерге  экспортталмақ.

Қамба астыққа толып, жұрттың несібесі молайған кезде аймақта ауыл шаруашылығы  өнімдерінің  жәрмеңке­сін ұйымдастыру – жазылмаған заңдылық, қалыптасқан дәс­түр. Бұл жолғы тоқшылық мерекесі қа­ланың түкпір-түкпі­рінде облыстың барлық аудандары мен қала маңындағы елді мекендердің қаты­суымен өтті. Аймақ шаруалары 1500 тоннаға жуық ауыл ша­руашылығы өнімін – көкөніс, бақша және сүт өнімдерін, балық, қой мен ешкі әкелді. Барлық өнім облыс орталығындағы нарықтық  бағадан арзан сатылды. Ал ау­дандардың көшін баста­п тұрған Шиелі жәрмеңкесі 90 жылдық тарихы бар Тас­бөгет кентінде өтті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін жәрмеңкеге күрішті өлке бұл жолы 700 тонна ауыл шаруашылығы  өнімдерін  әкел­ген­. Жәрмеңкеде жергі­лікті ауыл  шаруашылығы  тауарл­ары өзге сауда орын­дарынан 20 пайызға арзан бағам­ен сатылды. Негізгі бағаларын талдайтын болсақ, ақ күріш – 170, қызылша – 100, бақша  асқабағының келісі – 50, жуа – 50, қырыққабат – 80, қияр – 180, қызанақ – 180, болгар  бұрышы – 80, картоп – 70, ет – 1250, балық – 350 теңге аралығында, қауынның  келісі – 70, қарбыздың таразыға тартқандағы әр келісі 50 теңгеден халыққа  ұсынылды.

- Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген  ауыл  шаруашылығы  өнімі­нің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту, - деген еді ел президенті Қазақстан халқына  жолдаған Жолдауында.

Бүгінде ала жаздай тер төккен шаруалар бейнетінің зейнетін көріп отыр. Бұл ретте Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аудан ретінде көш бастап тұр.

Жалпы, егін жинау науқанының аяқталуына орай Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ-музыкалық драма театрында өткен «Алтын дән – 2018» салтанатты мерекесі еңбеккерлердің мерейін үстем етіп, абыройын асырған жиын болды.

- Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамы­туға жасаған қамқорлығының арқасында соңғы жыл­дары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвести­ция көлемі 23 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салын­ған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биылғы жылдың ауа райы, әсіресе, мамыр-маусым айларындағы ауа температурасының әдеттегіден салқын болуы, сонымен бірге, вегетация кезінде жоспарлы сумен қамтамасыз етудегі орын алған қиыншы­лық­тар облыста аса күрделі жағдай қалыптастырды. Десек те, «Егінші мәрт, жер жомарт»  дегендей, диқандарымыз жаңа заманауи астық жинайтын техникаларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдықпен аянбай еткен еңбектің арқасында астықты ысырапсыз жинап, дала еңбеккерлерінің жемісті мерекесін шат көңілмен той­лаудамыз. Биыл да соңғы жылдағы қарқынды сақтай алды, 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны ел қазынасына құйылды, - деді шара шымылдығын аш­қан облыс­  әкімі  Қ.Көшербаев.

Ел президентінің тапсырмасы аясында аймақтағы Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар  жүргізілуде. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері Қытай мен Ресей елдеріне жеткізіледі.

«Алтын дән» – еңбек мерекесі. Сондықтан, Социалистік Еңбек Ері, 11 бала тәрбиелеп өсірген «Батыр ана», Ыбырай Жақаевтың шәкірті Сәлима Жұмабекованы марапаттау рәсімінен бастау керек деп санай­мын. Сыр елін «Алаштың анасы» деп атайды, ал Сәлима Жұмабекқызын «Сыр анасы» деп атауға болады, - дей келе, аймақ басшысы ардагерге 5 бөлмелі жаңа үйдің кілтін табыстады.

Сахнадан Еңбек ерінің еңсесі көрінген сәтте залда отырғандар орындарынан тік тұрып, қол шапалақтап, құрмет үлгісінің шырайы мен сыйластық мерейінің қандай болатынын көрсетті. Сахна фоны да Сәлима анамызға жараса қал­ғандай. Сыр анасына көрсетіл­ген құрмет ананың да, залда отырған  сырбойылықтардың да көзіне жас үйірді. Әрине, қуаныштан.

Шара аграрлық сала бойынша үздіктерді түрлі номинация бойынша марапаттаумен жалғасты. ҚР АШМ «Еңбек ардагері» медалі аралдық К.Қуанов, қармақшылық М.Смағұлов және жалағаштық Ө.Шәменов­тің кеудесінде жарқырады. Ал «Ауыл шаруашылығы сала­сының үздігі» төсбелгісі облыс­тың экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін А.Сәрсенов (Қазалы), Б.Лекеров (Сырдария), Б.Әшірбеков (Шиелі), А.Апсаттаровтарға (Жаңақор­ған)  тағылды.

Аймақтың ауыл шаруашылығы саласында маңдай терін төгіп, еңбегінің жемісін көріп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің артуына едәуір үлес  қосып, табан аудармастан 20-30 жыл еңбек еткен мамандар ҚР АШМ «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Олардың қатарында облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының бөлім басшысы Г.Исабергенова, Қармақшы аудандық ауыл  шаруашылығы  бөлімінің бас маманы  Т.Өмірқұлов, «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы­ бойынша филиалының  бөлім басшысы Н.Калугина және облыстағы ауыл шаруашы­лығы бағытындағы серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының төрағалары мен орынбасарлары  бар.

«Еңбек – ырыстың қазығы». Жерге сепкен ырысының берекесі мен құтын желге ұшырмай, жерге төкпей, еліне көрсетіп отырған бірқатар сырбойылық кәсіпкерлер де назардан тыс қалмады. Нақтырақ айтқанда, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері С.Сыздықова, «Досты­қ Жер МК» ЖШС төрағасы Б.Меңлібаев, Д.Раушан­бекұлы марапатталды. Еңбекті елеусіз қалдырмайтын ІІ дәрежелі дәл осы төсбелгі «Рза Агро» ЖШС-нің механиза­торы  Б.Бердалиев, «Жаңажол» ЖШС-нің механизаторы С.Бегімбаев, «Таң ЛТД» ЖШС-нің күрішшісі С.Алиевтерге берілді. Ал І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі «Абай-Дәулет» ЖШС дирек­то­ры М.Сәрсенбаев, «Ақниет - 2» ШҚ төрағасы С.Ақшалов, «Еркі­нқожа» ШҚ төрағасы Е.Аманкелдіұлына  бұйырды.

Дана қазақтың салмақты  сөз  қоржынында «Ердің атын еңбек шығарады» деген бар. Олай болмаса, қазақтың күнкөрісіне айналған ауыл шаруашы­лығы саласындағы дала еңбегі ерлерінің есімдері тарих беттерінде сақталмас еді. «Біз – табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпа­ғынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі». Бұл мазмұнды сөйлемнің авторы – «Мен күрішке тек тағамдық дән деп емес, ата-бабамның, атамекенімнің байырғы дақылы деп қараймын. Сондықтан жақсы көремін» деп өзінің ісіне деген жауапкершілікті, сүйіспеншілікті меңзеген даңқт­ы күріш өсіруші Ы.Жа­қаев атамыз. Бүгінде Социалистік егін шаруашылығының даңқты шеберінің ізін жалғап отырған күрішшілер аз емес. Еңбектің ерлікке, ерліктің елдік­ке жеткізетінін «Ыбырай Жақаев» атындағы төсбелгімен марапатталған күрішшілер анық дәлелдеді. Алғашқысы – Нұрхан Тасбергенов. Ол – Сырдария ауданындағы «Қы­зылдихан» ШҚ күрішшісі. Ол небәрі 30 гектар егістік жерге өнім егіп, орташа есеппен гектарына 98,5 центнер терім жинад­ы. Биылғы жылдың рекор­дтық көрсеткішін ор­натқан оған деген құрмет пен таңғалыстан  залда  отырғандар үзіліссіз шапалақ соғуға мәж­бүр  болды. Одан кейінгі күріш­шілер де осал емес. Еңбектері бағаланып, кеудесіне төсбелгі таққан күрішшілердің қатарында «Төңкеріс К» ШҚ-ның звено жетекшісі Б.Ербай, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы» ҒЗИ күрішшісі К.Бодықов, жаңа­қорғандық Қ.Тасболатов, жалағ­аштық Б.Шоңбаев, қармақшылық А.Мамбетов, қазалылық  М.Рахметовтер  бар.

«Диірменнің сәні – қапшықтың дәні» екенін ұмытпасақ, аймақтағы ауыл шаруа­шылығы саласы ақырындап алға жылжып келеді. Биылдың өзінде Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылуда. Олар – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты мен Қызылорда қаласындағы 2 гектарлық автомат­тандырылған жылыжай, Қармақшы ауданындағы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, Шиелі  ауданындағы 1200 бас­қа арналған тауарлы сүт фер­масы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мал бордақылау алаңдары. Сондай-ақ, суармалы су тапшылығын болдырмау және ауыл шаруашылығын әрта­раптандыру мақсатында да атқа­рар тірлік қыруар. Бірін­шіден, шаруа­шылықта құнарлылығы жоғары малазықтық дақылдар – жүгері, сорго, судан шөбі, майлы дақылдар – соя мен мақсарыны, халық көп тұтынатын картоп, көкөніс, бақша дақылдарының және көпжылдық жемістердің егіс көлемдерін ұлғайтуға басымдық  беріледі.

Екіншіден, суармалы егістік жерлердің мелиоративтік жағдай­ын  жақсарту шараларын  іске  асыру  және  суармалы жерлердің көлемін ұлғайту арқылы облыста өндірілетін өнім көлемін арттырады. Бұл бағытта алдағы жылдары барлығ­ы 188 мың гектар суармалы жерлер бойынша сомасы 127,3 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба бар. Нақты айтқанда, суармалы жерлердің ирригациялық-дренаждық және инжен­ерлік жүйелерін қалпына келтіру, пайдаланылмай жатқ­ан жерлерде ылғалды сақтай­тын агрогельдер мен аквасор­бенттерді пайдалану, жерасты суларды пайдаланып, жаңбырлатып, тамшылатып және топырақасты суландыру жүйелерін енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту көзделуде. Бұл шаруалардың барлығы жұ­мысшы күштің көмегімен жүзеге асатын жұмыстар екені анық. Салтанатты шара барысында егін шаруашылығына еселі еңбегі сіңіп жүрген бригад­ир, комбайншы, жаткист, күрішші, көкөнісші, бағбан­, агроном, гидротехник, картоп, бақша өсірушілер еңбек ердің айнасы екенін дәлелдеп, облыс әкімінің Алғыс­ хаты мен бағалы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, аймақ­тың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуін ақпарат құралдары беттеріне жарыққа шығарып жүрген әріптестеріміз «Хабар» теле­арнасының  операторы Ә.Тұр­лыханов, республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық­ «Халық» газетінің жауап­ты  хатшысы Н.Құдайбергенова және «Қазалы» аудандық газетінің бөлім басшысы Ұ.Талапбаева да арнайы номинация  бойынша  марапат биігінен  көрінді.

Есесі қайтпас еңбек жоқ. «Алтын дән – 2018» салтанатты шарасы осы мәтелдің ма­ғынасын ашқандай. Озаттардың ішінен «AB Inbest group» ЖШС «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясына ие болды. Ал «Озат шаруашылық» номинациясының ІІІ дәрежелі дип­ломы «Ақмая» шаруа қожалығына, «Байтабын», ІІ дәрежелі дипломы «Мағжан және К», І дәрежелі дипломы «Жаңажол» ЖШС-ларына бұйырды. Көненің «Колхозың алда болса, аузың балда болар» дегені бар екен. Дәл осы мақал аясында  «Озат аудан» номинациясының ІІ дәрежелі дипломы өңдеу саласы бойынша Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевқа, мал шаруашылығы саласы бойынша Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, егін шаруашылы­ғы бойынша Жаңақорған ауда­ны­ның әкімі Ғалым Әміреевке табысталды. Марапат қорытындысында Шиелі ауданы «Үздік аудан» деп танылып, аудан әкімі Әшім Оразбекұлына І дәрежелі диплом табысталды. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген осы болар.

«Топырағын таппаған дән өнбейді». Сыр диқандарының биылғы маусымдағы еселі еңбегінің нәтижесі осындай болды. Алда қыруар жұмыс, жүйелі жоспар бар. Ауыл шаруа­шылығы өнімінің өн­діріс көлемін арттыруда «Байқо­ңыр»  әлеуметтік  кәсіп­керлік корпорациясымен бір­лесіп, кластерлік дамыту бағ­дарла­масы аясында 2019 жылы кем дегенде 10 тамақ өнер­кәсібін құру жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың арқасын­да еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықты  тұрақты  жұмыспен  қамтитын  болады.

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ,

Б.Есжанов, Н.Нұржаубай (сурет)

 


ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:56

Шәкірат  ДӘРМАҒАМБЕТОВ – 90  жаста

...Ойланып келемін. «Қалай қабылдайды екен?» деген күдігім де жоқ емес. Өйткені, ол кісінің екінің біріне ашыла бермейтінін ұзынқұлақтан жиі еститінмін. «Тәуекел түбі – желқайық, өтерсің де кетерсің» деген тәмсіл жетегінде журналистиканың жарық жұлдызы саналған Шәкірат Дәрмағамбетовтің шаңырағына бас сұқтым. Үй-іші тым-тырыс. Кекіл шашы желбіреген кішкентай тәй-тәй басып, қолын созды. Ішім кәдімгідей жылып, «ата көрген...» деген осы шығар деп пайымдадым.

– Ассалаумағалайкүм, ақсақал!

– Уағалайкүмассалам, бала жоғарылат, - деген қария парақтап отырған қағаздарын жиыстыра бастады.

Амандық-саулық сұрап жатырмын. Кеудесі алтын сандық қарттың білері көп екені сарғайған газет тігінділері мен қаттаулы қағаздардан, том-том кітаптардан аңғарылады. «Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» демекші, алаңсыз әңгіме тінін тарқаттық. Тыңдай бергің келеді. Тоқсанның төріндегі кейіпкеріміз ақиқаттың ақ туын биік ұстаған, адал еңбегімен бүгінгідей дәрежеге көтерілгенін дүйім ел жақсы біледі. Салаға сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасында ел құрметтейді, төбеге көтереді.

 

ЖОСПАРДЫ   ОРЫНДАУҒА   АТСАЛЫСҚАН   ЖЕТКІНШЕК

Балықшы отбасында дүниеге келген бала ерте есейді. Әкесі Дәрмағамбет ізбасары­на адал еңбек ғана алға оздыратынын айтудан жалықпаған көрінеді. Қасынан бір елі тастамай, қаршадайынан еңбекке баулыған. Ақ сүт берген анасы Набат та үміт артқан ұлына біреу­дің ала жібін аттамауды үнемі айтып, санас­ына тоқыған. Отбасы – шағын мемлекет. Қағылез жеткіншек қос қамқорының ақыл-кеңестерінен көп нәрсе ұқты. Шаттығы тарқамаған шаңырақтың отағас­ы 1942 жылы Қарағандыдағы еңбек армиясына аттанды. Үлкен жолға аттанып бара жатып, бауыр еті баласына­ үлкен міндет  жүктеп, орнын жоқтат­пауды­  тапсырды.

Алақандай ауыл. Тұрғындарының басым­ бөлігі теңіз тереңінен су маржанын сүзеді. Белгіленген жоспарды орындауға асығады. Талап солай. Сол еңбеккерлер арасында Дәрмағамбеттің тұңғышы да жүрді. Үлкендер ақжал толқынмен алысқан жас өренге сенім артты.­ Жандарына ертіп, айдын төсін бірге шиыр­лады. Күн артынан күн, ай артынан ай жылжып, Дәрмағамбеттің қолғанаты балық аулау ісіне әбден төселді. Көктем шығып, қыс қаһарына мінгенше, теңіз төсінде әбжіл қимылымен танылды. Жүктелген тапсырмаларды орындау арқыл­ы  пысыды. Осылайша, 13 жастағы ұлдың қайық үстіндегі өмірі туған жер тұсындағы Баян көлінен басталып, Ұлы теңізбен шектесіп жатты.

«Возрождение» аралы. Мұнда әскерилермен уағдаласып, атакәсіптен түсетін өнімді еселеу ісі тіптен қиямет-қайым. Жағалауда тірлік кешкен адамдар арасынан «сен тұр, мен атайын» деген­  кіл мықтылардан бригада жасақталған. Орталарында жасы кіші дегенмен, анау-мынау тепсе темір үзетін жігіттермен теңескен Шәкірат та бар.

«Әй, бала, қатарға қосыл. Сенің орның бөлек. Бір жағымызды алып жүресің» деген ағалар үнінен қуат алған жеткіншек, өркеш-өркеш толқынымен ерек­шеленетін теңіз үстінде тізбектелген қайық­тардың біріне мінді. Теңізде туып, теңізде өскен ұл ештеңеден қаймықпады. Елдің қамын күйттеген іс барысында ағалар сенімін ақтағаннан асқан бақыт жоқ деп білді. Алып-ұшқан жүрегін мақтаныш сезімі кернеп, әр ісін жеңісті жақындатуға қосқан үлесім деп ұқты. Нико­лай  тауының  етегінде таңмен таласа­ тұрып,  су  тереңінен құлаш-құлаш ау тартқан­ ұлан шемая балығын аулауға тынбастан атсалысты. Нәтижесінде, еңбек армиясындағы әке жоспарын асыра­ орындағаны үшін басқарма тарапын­ан алғыс алып, еңбекақысын анасының алақанына салды. Қияға қағылған  қанат  осылайша  қатайды.

 

ҮЛКЕН   ӨМІРГЕ   ЖОЛ

Теңізде түнеп, жағасында түстенген Шәкіратты құрбы-құрдастары қуана қарсы алды. Еңбекте де, оқуда да озат ұлдың аты алақандай ауылда айрықша атала бастады.

«Тіл-аузымыз тасқа. Дәрмағамбеттің баласы кәнігі балықшы атаныпты» деген жерлестері оның бір жерден шығатынын кесіп-пішіп қойғандай сыбырласты.

Солай болды да. Қаратереңдегі алтын ұя мектебінен сапалы білім, саналы тәрбие алған бозбалаға ұстаздары сәт-сапар тіледі. Қызылорданы бетке алған арманы асқақ жас іргелі білім ордасында тарих-география пәндері бойынша оқыды. Инстит­ут қабырғасында жүргенде де кең маңдай ағай-апайлардың үмітіне айналды. Кадр тапшы кез. Соғыс салған зардаптан халық есін енді жия бастаған. Институт басшылығының шешімімен бірнеше түлек Гурьев облысына жолдама алды. Қатарында кейіпкеріміз Шәкірат та бар еді...

Үкімет оқытты, қызмет ұсынды. Енді уақыт оздыру – орны толмас қателік. Осыны­ жан-тәнімен түсінген маман жоғарыда аталған облыстың жалғыз қазақ мектебін­ің есігін сеніммен ашты. Партаға жайғасқандардың көбі әскерден оралған ересек жігіттер. Жұмыс ауқымды. Шәкірат педагогиканың басты қағидасы аясында іс жасады. Бәрін жүйелі түрде шешті. Кедергілерді еңсерді. Оқушылардың білім деңгейі­н әбден зерделеп, әділ баға қоюды ұстанды. Кейбір ата-аналар тарапынан «бұл қайдан келген білгір?» деген кертарт­па көзқарас қалыптасып, мектепке келіп шу шығарғандар да болды. Көзбояушылыққа жаны қас ұстаз өз жолынан танбай, мектептегі білім сапасының төмендігін қалалық білім бөліміне дәлелдеді. Ақы­рында, келген комиссия өкілдері педагогтің жанайқайына құлақ түріп, балалардың сауатсы­здығына  көз  жеткізді.

Атырау облысындағы тартысты айлар осылайша өрби берді. Есімі білім қызметкерлері тарапынан жиі аталды. Беделі көтерілді. Тіптен ең бұзық балалардан құралған сыныпқа жетекшілік еткен кезде, аралдық мұғалім бетімен кеткен оқушыларды тәртіпке салды. Үй-үйді аралап, жүгенсіз  жеткіншектердің  әке-шешесімен­ жеке-дара сөйлесті.

Бірде қызық оқиға орын алды. Өз ісіне шындап берілген Шәкірат ауатком төрағасы орынбасарының үйіне де кіріп, тентегінің сабаққа құлықсыз екенін, осы бетім­ен кете берсе, болашағы қиынға соғаты­нын еш бүкпесіз баяндады. Зәулім үйдің төрінде жантайған үлкен лауазым иесі ертесіне мектепке арнайы соғып:

– Мен бір нәрсеге таңғалдым. Кәсібіне адал ұстаздар некен-саяқ деуші едім. Олай емес екен. Мені іздеп үйіме Шәкірат есімді жас мұғалім келді. Балам туралы мән-жайды жасырмай бетіме басты. Осы кезге дейін оқушының үйін аралаған ұстазды алғаш көруім, - деп, басқаларды одан үлгі алуға шақырды.

Қиындығы мен қызығы қатар жүрген күндер керуені алға жылжыды. Мерейі тасыға­н кадрға сұраныс арта түсті. Өкініштісі, ойламаған  жерден  Шәкіраттың денсаулығы сыр берді. Қысқасы, науқас­  меңдеп, батыста  ұзақ  бола алмаған ол, тіршілік  толқынымен  айдынды Аралды  бетке  алды...

 

ТУҒАН   ЖЕРДЕГІ  ТОЛЫМДЫ   ТІРЛІК

Адам жанының саулығы бәрінен қымбат. Шәкірат теңіздің саф ауасымен тыныста­йтын  әдетімен  ақжал  толқын­дарға қарап көп ойланды. Ендігі бағыт қалай болмақ? Еңбек кітапшасына кім назар аударады? Институттан алған диплом кәдеге­ аса ма? Көп ұзамай санадағы сан сауалдың жауабы табылды. Аудандық оқу бөлімінен шақырту түсті. Олар да жас маманны­ң  мұғалімдік  жолынан  құлағдар екен. Енді не тұрыс? Барды, тиісті сала басшыларымен  бағыттасты.

– Керексің, денсаулығыңның жақсар­ғанын да естідік. Бізге директор тапшы. Шөмішкөлге барасың, анау-мынау емес, басшылық қызмет. Еңбек жолын мектептен бастаған кәсіби маманға бұл сала жақсы­ таныс деп білеміз, - деді адам танитын  ағалар.

Жұмыстың бүге-шігесіне қанық Шәкірат  тартынбады. Табиғаты сұлу ауылдағы мектепте  қолтаңбасын  қалдырды. Өзіне тән ісін жалғастырды. Одан әрі қызмет­ баспалд­ағы Шижаға, Қаратерең мектептерін басқаруға бастады. Мұны да абыроймен­ атқарды. Бір айта кетерлігі, жүрген жерінің барлығында тың ойларын жүзеге асырды. Ізденді, ұстаздар мен шәкірттерге  қолайлы  жағдайлар  жасады.

Қаратереңдегі қарбалас Шәкіратты тіптен ширата түсті. Миллионер колхоздың шаруасы шалқып тұрғанымен, білім жағы­нан­  мәселе  бар. Соны шешуді мойнына алған директор Дәрмағамбетов жаңашыл үрдісін жалғастырды. Сонау Литва елінен Аралға жолдамамен келген орыс тілі пәнінің мұғалімін аудандық білім бөліміне қолқа салып, ауылға тартты. Ондағы ойы – шалғай ауылдағы жұртшылықты өркениет көшіне ілестіру-тұғын. Еңбегі еш кетпеді. Ата-ана да, бала да мәз. Жағалауды жер жәннатына балаған жасөспірімдер литвалық бойжеткеннен көп нәрсе үйренді. Сары қыз жатырқауды білмейтін ауыл халқы­на әбден бауыр басты. Алайда сөз байласқан теңізші күйеу жігіт сүйіктісіне оқтын-оқтын хат жазып, ара-тұра ауылға іздеп келіп жүрді. Отбасылық өмір бас­тайтын күн жеткенін жиі есіне салды. Ақырында, қос ғашық қосылды. Алақандай ауылдың бір қызындай болған Алла Иордано­ва еңбекші қауыммен қимай қоштасты.­

Үнемі ой үстінде жүретін Шәкірат ауылдан жаңа мектеп салуды жоспарлады. Бұл жөнінде колхоздың басқарма төрағасы Мақсұтқали Демесіновпен ақылдасқан­да:

– «Жас келсе – іске» деген. Біз тарапынан қолдау жасалады, - деп игі бастаманы бірден қоштады.

«Жазған құлда шаршау жоқ». Сөзден іске көшкен ол кірпіш құйып, жаңа білім ұясының іргесін қалады. Ауыл тұрғындары­  бір кісідей жұмылды. Көп ұзамай асыға күткен мектеп те пайдалануға берілді. Артынш­а, тағы бір мәселенің басы қыл­тиды. Асылы, ел үшін жасаған шаруа аяқсыз қалмауы тиіс. Шәкірат кешкі мектеп ашуға құлшына кірісті. Себебі, шалғайдан қатынап­ оқитын балықшылардың бала­лары жетерлік­. Олардың жайын өзі ойламаса, кім ойлайды?..

Әйтеуір, ашылды-ау. Айтуға оңай бол­ғанымен, қаншама шаруа атқарылды. Ауылдағы 4 жылым бригадасына ұсыныс тастағанда, ұрпақтарының жайын ойлаған олар бірден келісім берді. Нақтысы, балықшы ағалар жас коммунистің үніне үн қосты. Тамақ пен өзге де қажетті жабдықтар рет-ретімен шешілді, қаржы көздері табылды.

Күйбің тірлік мезі еткен елге тағы не істеу керек? Салмақты сауал ел алғысына бөленген Шәкеңнің мазасын алып, ұйқысын бұзды. Сосын талай жерге ат арытып, халықты партия тынысымен таныстырып, еңбек озаттарын қалың бұқараға насихаттап отыруды көздеген ойын тиісті орындардың назарына ұсынды.

Өткен күнде белгі бар. Қарт журналист­пен сұхбаттасқан сайын ХХ ғасыр көз алдыңа келеді. Сырбаз жаннан көркем сөздер төгіле түседі. Жұртының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған азаматтың кісілік келбеті айшықтала береді, айшықтала береді.

 

БАСПАСӨЗГЕ   ЖАСАЛҒАН   БЕТБҰРЫС

– Мына ән қандай ғажап еді...

Жүректі елжіретеді екен, - деген тұрғындар радиодан тамылжыта шырқал­ған  әсем  сазды  тапжылмай  тыңдады.

– Айтатыны жоқ, көсегесі көгергір Дәрмағамбеттің ұлы біздің көзімізді ашты ғой, - деді қорадағы қой-ешкісін жайғарып болып, қою шай толы кесені қолына алған шал.

Қаратереңде радио мен газет хабар тараты­п, кісі қызығарлықтай мәдениет қалыптасты. Ақпарат құралдарының қаузаған тақырыптары да сан алуан. Жұмысқа мойны жар бермей, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүргенді жаны сүйетіндер сынға ілігіп қалмаудың қамын күйттеді. Партия жоспарын орындауға шабан­дық танытатындар кәдімгідей естерін­  жиды. Жұмыс алға басты. Шәкіраттың «Озат балықшы» атты үнпарағы ақпарат­ айдынына желкен керіп, облыстан бәйге алып та үлгерді. Аудан орталығынан жүзден астам шақырым алыс жат­қан ауылдағы соны жаңалықтардан атқару­ комитеті де хабарсыз емес. Әрбір материал­ бағыттасып барып жарияланатын.

Бір күні Шәкірат Дәрмағамбетов аудандық­ партия комитетінің бюросына шақырылсын деген тапсырма берілген соң, еңсесі тік азамат ақ көйлек киіп, галстук таққандардың ортасынан табылды. Жиында­ атқарушы билік қаратереңдік­терге рухани байлық сыйлаған жанның жұмысын оң бағалап, жылы лебіздерін жарыса­ білдірді. Бюро отырысында елдің мәселесі жан-жақты қаузалып, соңынан оған «Социалистік Арал» газетінің өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі болу жөнінде  ұсыныс тасталды. Міне,  осы тұс­тан бастап, ұстаз Шәкіраттың қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистік жолы  бастау  алды.

Баспасөз саласының көрнекті өкіл­дерінің қатарына қосылған қаламгер «журналист пен қасқырды аяғы асырайды» деген қағида негізінде қала мен далан­ы шарлады. Көрген-білгенін қағазға түсіріп, ойлы оқырман іздеп жүріп оқитын тұшымды материалдарын мерзімді баспасөз беттерінде жиі жариял­ады. Бертін келе, Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде қызмет етіп, редактордың орынбасары атанған Шәкең сенімге селкеу түсірмеді. Облыстық «Ленин­ жолы» газетінде 1965-1991 жылдар аралығында Арал, Қазалы аудандары бойынша меншікті тілші болып, журналистиканың ыстығына күйіп, суығын­а  тоңды. Заманында талайларды ұйқысынан оятқан фельетондары оңай пайда табуға құныққандарды райынан қайтарды. Қоғамның келеңсіз шақтарын ашып көрсетуде алдына жан салмаған газет қызметкері қаншама дөкейлердің бюрода басы салбырап тұруына сеп болды.­ Айқын дәйектер келтіріліп жазылға­н мақалаларын редакторлар лездем­е сайын  мысал  етіп, өзге әріптес­теріне  үлгі  қылды.

Жалпы, фельетон мен сын  мақалалар газеттің өткір жанры болып саналады. Шәкірат Дәрмағамбетовтің оң жамбасына келетіні де – осынау қос жанр. Бұл – дәлелдеп жатуды қажет етпейтін шындық. Тарқатар болсақ, «Қазаншының еркі бар...», «Өтірік филиал», «Сәтсіз­діктің бәрі бақытсыздық емес», «Ет жеймін деп иегің қышымасын», «Қағазда бар, қорад­а жоқ» сынды фельетондарын көз көргендер ұмытпайды. Себебі, ол «біреудің өзі, біреудің көзі жақсы» деп, жоғарыдағыларға жалтақтамады, ықпалына көнбеді. Тек толғауы тоқсан тіршіліктің күнгейі мен көлеңкесін ажыратты­. Елге қажетті деген тақырыптарға қалам тербеді. Сол еңбектің жемісі шығар, 1979 жылы Қазақстан Респуб­ликасының «Мәдениет­ қайраткері» атағын­  иеленіп, «Арал арайы» атты кітабын­  жарыққа  шығарды.

Тоқсаныншы жылдардың басында қарт журналист Шәкірат Дәрмағамбетов құрметті демалысқа шықты. Бірақ, қаламы­ зейнеткерлікке шыққан жоқ. Көрген-түйгені көп ғибратты ғұмыр иесі республикалық, облыстық, аудандық басылым­дардың тұрақты авторына айнал­ды. Газет редакторлары ардагер журналистің мақалаларын іздеп тұратын дәрежеге жетті. Мемлекет те марапатсыз қалдырмады. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын еншіледі. «Арал ауданының құрметті  азаматы»  атағын  алып, омырауында түрлі мерекелік медальдар  сыңғырлады.

Шаруаның қыр-сырына жетік Шәкірат ақсақалдың Жер-Ана төсінен ырзық-несібе алған кезі де болған. Ардагердің өзі басы-қасында жүріп, Ақбай алқабын игерді. Елдің жайын бірінші кезекке қойған өмірі өнеге ақсақал 2005 жылы Елбас­ы Нұрсұлтан Назарбаев ауданымызға келгенде, барша аралдықтар атынан шексіз ризашы­лығын білдіріп, «Көк­арал» бөгеті салынғанын, теңіздің екінші тынысы ашыл­ғанын  айтқаны да тағы бар.

Адамзат баласы шыр етіп дүние есігін ашқанда екі елі маңдайға тағдыр жазылады. Міне, Шәкірат Дәрмағамбетов тоқсанның төріне шықты. Мезгілсіз фәниден өткен жұбайы Қанымшамен бірге алты­н асықтай ұл-қыз өсірді.

Бүгінгі күні абыз ақсақал жары Маржанкүлмен бірге көз қуаныштарына айналған не­мере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған жайы бар. Ұрпақтары да әкелерінің дара жолын үлгі етіп, биік белестерден  көрінуде.

Иә, әдемі қартаю да – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт­. Сол бақыт ардақты ақсақалымыздың еншісінде. Тор­қалы жас құтты болсын, Сыр өңірінің ардақ тұтар абызы!

Абай  ЕЛЕШ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Арал  қаласы

 


КОМСОМОЛ КЕМПІР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:45

Жасы жетпістің жетеуін «жалап» қойған кемпір, жасы сексенді «сипалап­» отырған көрші үйдегі атайды­  тоғайдағы  томардың  жа­нын­да­ кездесуге шақырды. Құдайы берген Бергенбайдың үйінде кемпір көзін қысып, оңашалап алды да:

– Партиябек, бүгін  кешке тоғайда­ кездесейік? - деді.

– Ленингүл, тоғайда той болатын ба еді? - деп сұрады Партиябек сақалын сипап тұрып.

– Шайтан шақырғандай шалқаңнан түспеші, әңгіме бар.

– Есекпен барайын ба?

– Есекпен келесің бе, ешекпен ке­лесің бе, ишакпен келесің бе, өзің біл!

Әңгіме осымен аяқталды, шал байғұс кемпірдің сөзін қимай, ішінен аяп қалды... Кеш түсіп, ауыл иттері­ әр жерден үре бастағанда, жастар жиналып, анекдот тыңдап, күле бас­тағанда, Партиябек көк есегіне мініп алып, насыбайын атып, жақын жердегі тоғайға қарай бет алды. Шынында, Ленингүл әжей томардың үстінде торғайдай болып, шоқиып отыр екен. Үстіне көк камзолын киіп алған, ақ жаулығы ағараңдап, әудем жерден көрінеді, мойнында – кеңес дәуірінің мектеп оқушылары тағатын қызыл галстук. Атай да көк костюмі­нің жағасына комсомол белгісін, «значогын» тағып алыпты.

– Желпілдеп жетіп келдік, ал, не айтасың? - деп сұрады атай жымсиып.­

– Қыз күнімде сені «қортық» деп менсінбеуші едім, - деп жымиды комсомол кемпір.

– Осы тоғайға өзіңді талай мәрте кездесуге шақырдым. Керігіп, келмейтінсің!

– Апам жібермеуші еді.

– Енді қай түлен табаныңнан түртті  екен?

– Сенің кемпірің, менің шалым қайтыс болып кеткелі қашан! Киноға да шақырмайсың...

– Сексеннің сериалын көріп жүрмін онсыз да...

– Ой, Құдай-ай, жастық шағымызды бір еске түсірейік деп едім. Бастық біткен комсомолдың жүз жыл­дығын тойлап жатыр. «Егемендікті есірке­меді» деп естерінен танып жатқандар  да  бар.

– Немене, соны айту үшін тоғайға шақырдың ба?

– Мені коммунистік партия қата­рына­  қабылда.

– Қалай?

– Сен тарап кеткен совхоздың парткомы едің ғой?

– Өй, мұның бәрі өткен заманда ғой? Кеңес дәуірі кетті, егемендік дәуірі жетті...

– Депутаттар комсомолды сағынып жүргенде, мен неге сағынбайын? Партияға қабылда.

– «Құшағыңа қабылда» дегендей болды-ау? Мөрім де жоқ.

– Мөрдің орнына бетімнен сүй.

– Сенің бетің қазір картон қағаз сияқты болып қалған... «Нұр Отан» партиясына өтсеңші, одан да?

– Мені қайтсін? Коммунистік партияға өтіп барып өлгім келеді.

– Е?

– Сонда, мен өлгенде газеттер: «Байырғы коммунист қайтыс болды» деп некролог жазады.

– И, қойшы, қағынған комсомолка! - деген атай әжейдің мойнынан бір сүйді де, есегіне әрең мініп, кете барды.­

Кемпір болса, балқып отыр, комсомолға өткен жылдарын еске алып, шалқып отыр. Бұл айтқандарым өмірдің өзі берген есебі ме, жоқ әлде ертегі ме, ол жағын өзіңіз пайым­даңыз, сізге айтарым: биліктегілердің дені – кәрі комсомолдар, осы жағын уайымдаңыз...

Мұхтар   ШЕРІМ

 


ӘЙЕЛ – ЕР-АЗАМАТТЫҢ МЕНШІГІ ЕМЕС PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:37

Өмір  біреуді үлкен бағымен, ал енді бірін  түрлі қиындықтарымен сынайды. Тағдырдың сан қилы сынағына шыдап, небір ауыртпалықты бастан өткеріп жүрген келіншектер бар арамызда. Оларды көріп, жағдайын сезінбе­у, түсінбеу мүмкін емес. Алғашында жігіттің төресіне, адамзаттың асылына қосылдым ба деп жүргенде, кейіннен таяқ жеп, көкала қойдай боп жүретінін қалай түсіндіресің? Осындайда «біздің қолдан не келеді?» деп қарап қалмай, сол жандар үшін жаңа орталық ашып, оларға бар жағдайды жасап келе жатқан «Самұрық»­ инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қоры жанындағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығының ұжымымен, жұмысымен танысып қайт­қан  болатынбыз.

– Орталықты осы жылдың 9 айында 146 адам паналап шықты­. Қазіргі таңда 9 ана, 15 бала, барлығы 24 адам бар. Өкінішке қарай, отбасында жасалынып жат­қа­н қылмыстар мен зорлық-зомбылық жылдан-жылға көбейіп келе­ді. Оны орталық көмегіне деген сұраныстың артуынан байқау­ға болады. Негізі бұл бұған дейін де болған нәрсе. Бірақ ол кезде бүгінгідей әйелдер­ өз құқықтарын біле  бермейтін. Күйеуі әйеліне қол көтерсе,­ ол бір солай болуы тиіс нәрсе болып көрінді. Алайда әйел – ер-азаматтың меншігі емес. Ауылдық жер­лерде мынадай түсінік қалыптасқан. Үйленеді де, «менің әйелім, не істесем де өзім білемін» дейді. Ол бір ұрады, екі ұрады, ал соңы қайғы­лы жағдаймен аяқталмасына кім кепіл?- дейді орталық басшысы Жандос Тұсмағамбетов.

Орталықтың негізгі мақсаты – екі жасты бітімге шақырып, татуластыру, әйелді отбасына қайта қосу. Статистикаға сүйенсек, осында ағымдағы жылдың 9 айында 52 отбасынан келіншектер келген болса, соның 85 пайызға жуығы күйеулеріне қайта қосылыпты. Әрине, қолын бір көтеріп қалған адам екінші рет ұрмасына кім кепіл деуіңіз мүмкін. Осы жерде айта кету керек, мұндай оқиға болғ­ан жағдайда арнайы ішкі істер бөлімінің мамандарымен қорғау нұсқамасы шығары­лады. Онда күйеуіне әйеліне дөре­кі сөйлеуге, қол көтеруге қақысы жоқ екендігі айтылады. Ал егер қайталанса, әкімшілік іс қозғалатыны ескерті­леді. Сондықтан да болар, бүгінгі күні қайта татуласқан отбасындағы әйелдердің тек 5 пайызға жуығы ғана орталыққа қайта жүгінген.

Осында шілде айында көмек сұрай келген Әсемді күйеуі күрекпен ұратын көрінеді. Бұған дейін есірткіні шеккенін көрмесе де, құмарлығы жайлы қайынапаларынан естігені бар екен.

– 1986 жылы туғанмын. 2014 жылдың аяғында өзімнен 3 жас үлкен жігітке тұрмысқа шықтым. Екі қызым бар. Кішкентайым жақын­да 1-ге толды. Жұбайым алғаш­қы жылдары ауылда егінге қатысты жұмыстарды істеп, ақша табатын. Кейін ол жерде айлық бермей, шығып қалды. Қолынан құрылыс жұмыстары да келеді. Кейде солай азын-аулақ ақша тауып­ әкеледі. Негізгі жұмысы жоқ  бірақ, - дейді ол.

Қазіргі таңда орталық мамандары жолдасымен жұмыстар жүр­гізіп­ жатқанын айтты. Күйеуін қоғамдық кеңес талқылауына салып­ты. Ал Әсемнің енесімен қарым-қатынасы жақсы екен. Жақын­да немересін сағынған әже оларды көруге де келіпті мұнда. Ал үлкен қызы балабақшаға барады­. Тегін. Тіпті, тасымал көлігі де бар. Мұның бәрі орталықтың кәсіп­керлермен байланысының арқасында мүмкін болып­  отыр.

Ал жасы 23-тегі Заринаның өмірі тіптен қиын. Осыдан 6 жыл бұрын өзінен 20 жас үлкен ер кісі алып қашып кеткен. Содан­­ бері фазендада өмір сүріп келген ол ертелі­-кеш сиыр сауып,­ күбі пісумен болған. Қолы босаса, балық аулайтын көрі­неді. Былайынша айтқанда, жеке өмірі жоқтың қасы. Бірде күннің қатты суығында жаздық аяқкиіммен сиыр сауған ол қатты тоңады. Үйдегілердің оның жағдайын ойлайтын түрі жоқ. Содан амалы таусылған Зарин­а фазендадағы көп қой­дың бірін сатып жібереді. Қырсыққанда, сол кезде өзге малдары да жоға­лып, соңында енесі бар пәлені осыған жабады. «Дауды­ң басы Дайрабайдың көк сиыры» демек­ші, сатқаны да, жоғалғаны да осының мойнында кетеді де, арада үлкен түсі­ніспеушілік туады. Сөйтіп Заринаны­ң осында келуіне тура келеді.

– Қармақшының қызымын. Үш балам бар. Тұңғышым 1-сыныпта оқиды. Қазіргі жолдасым сыртымнан ұнатып, алып қашып кеткен. Қарсылық танытпадым. Өйткені өзімнің 1 қызым бар еді. Бірінші  күйеуімнің  де жасы  үлкен  болатын, - деді ол.

Келгеніне әлі бір айдың жүзі бола қоймаған Зарина өз ойын ашық жеткізе алмады. Тұйықталып қалғаны соншалықты, оған бұл өмірде ешнәрсе қызық емес секілді көрінді. Десе де, өзіндей тағдырлас жандармен бірге мұңын айтып, шерін тарқата алатыны қуантады. Ал орталық мамандары жолдасын тапқанын, енді осында шақырып, жұмыс істейтіндерін айтады.

Негізінен, мұндағы мамандар ерлі-зайыптыларға уақыт береді екен. Өйткені ер-азамат әйелсіз күн көрудің қаншалықты қиын екенін, балаларының жанында болмағанының жүрекке ауыр тиетін­ін түсінуі керек дейді олар. Ал таяқтың астында қалып, үнемі денесі көгеріп жүретін келіншектерінің ашуы қайтуы қажет. Сол кезде ғана олар бір-бірін іздей баста­йтын  көрінеді.

Айта кетейік, бұл жер – жабық, қоршаулы зона емес. Ашық мекеме. Әйел көмек сұрап келгенімен, әкесінің баласын көруге қақысы жоқ деген түсінік жоқ. Кез келген уақытта көре алады, кездесе алады. Тек ол үшін ер-азаматтың ішкі істер органдарының өкілі­мен, арнай­ы рәсімнен өткен қорғау нұсқамасы болуы қажет.

«Қамқорлық»  дағдарыс орталығ­ында біз сөз еткен келін­ше­ктерден  бөлек  тағы 7 ана   жатыр.  Олардың   дені – аудандардан. Әсіресе, Сырдария ауданынан жүгінетіндер көп екен. Себебі­ қалаға жақын орналас­қандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге қол ұшын созатын арнайы мекеменің барынан хабардар дейді Ж.Тұсмағамбетов. Бір жағынан, әйелдер өз құқықтарын қорғай бастаған. Олар өздеріне қол көтерудің қылмыс екенін түсінген. Соңғы статистикаға сүйенсек, елімізде әрбір сегі­зінші әйелге зорлық жасалады екен. 1986 жылы Қайрат Рысқұлбеков: «Алаңға мен Қонаевты да, басқаны­ да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген­ соң бардым» деген екен сот­қа берген жауабында. Ал біз бүгінде сол қазақ қыздарын өзіміз, қазақ жігіттері ұрып жатырм­ыз. Ер-азамат деген атымызға кір келуде­. Тіпті, сұра­ныстың артуынан да болар, орталық жаңа ғимаратқа көшкен. Мұнда бұрынғыдай 8 адамға емес, 30 адам­ға дейін қабылдай алады. Ж.Тұсмағам­бетов ағымдағы жылдың шілде айын­да үкіметтік емес ұйымдардың кездесуінде арнайы облыс әкіміне ұсыныс та жасапты. Онда облыста зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер санының жыл сайын артып келе жат­қанын әрі жақсы нәтижелерге қол жет­кізіп отырғанын айтып,  100 орын­ға дейін кеңейту қа­жет­тілігі туралы өз ойын білдірген.

Мұхтар Әуезов «Адамдықтың негізі – әйел» дейді. Егер отағасы әйелді бағаласа, дүниеде одан өткен мейірімді жан болмас еді. Өйткені оның жаратылысы – нәзік, гүл сияқты. Аяласаң жайнайды, аямасаң солады.  Шынында да үйінің жыртығын жамап, кемтігін толтырып жүретін әйел заты барынша қамқорлықты қажет етеді. Олар өздерінің жанында жылағанда жұбататын, жығылғанда қол ұшын созатын мықты ер-азаматтың болғанын қалайды. Олардан жаралы жанына шипа болатын сөз естігісі келеді. Кемеңгер жазушы жоғарыда біз айтып  өткен мақаласының соңында «...Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел­  болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деген екен. Берік отбасы болып­, саналы ұрпақ тәрбиелей­мін деген адамға түсінікті-ақ!

(Кейіпкерлер есімдері өзгертілген)

 

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


НАМЫСТЫҢ ТУЫН НЫҚ ҰСТАҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:30

Мырзалығы да, серілігі де бар Абдулла Сапар ағамызды сырттай жақсы танитын едім. Ақындығы өз алдына­ ұстаздық қызметінің өзі не тұрады? Мұғалім дегеннің өзі жай ғана мамандық емес пе? Ал, оның адамгершілігі, кісілік келбеті ше? Тұлға еді ғой, алып еді ғой...

Үлкен  қалаға  кішкене болса да еңбегін  сіңіргендер бар. Әрине, ол да – олжа. Әбекең болса, кішкентай ауылына  үлкен  еңбегін сіңірді. Замандастары игі істерін, ізгі ойларын аңыз етіп айтып жүр. Жалпы, ақынжанды­ ағамыз  туралы  жазу  көптен бері ойда жүрген-ді. Шоқпар болады: көтере алатын, көтере алмайтын. Әуелгісін әупірімдеп  болса да қолға алуға ниеттіміз. Екіншісін белге байлаудың керегі не дедім. Сосынғысын Абдулла Сапармен аралас-құралас жүрген жігіттердің бірі – ақын, суретші Ғабит Кәдірбайға бір ауыз қолқа салып көрген едім. Екі ауыз сөзге келместен келіскен Ғабеңнен көп ұзамай-ақ электронды поштамызға хат келіп түсті.

Рыскелді  ЖАХМАН

2013 жылы өз ауылымда шағын­ ғана шығармашылық кешімді өткізген едім. Жанқожа батыр­ ауылдық мәдениет үйінің сахнасы­нда сол шараны жүргізіп тұрған Абдулла Сапар  көпшілікке  қарап:

- Мен Рүстем Жанай көкеммен көп жүрдім. Көп жүргенде... иық тіресіп қатар жүргенім жоқ, «барып кел, шауып келіне» икемдірек­ болдым ба, әйтеуір мені ізіне көп ертетін. Сонда мені басқаларға таныстырғанда былай дейтін: «Мен – Рүстем Жанаев, қазір Қазалыда нөмірі 1-ші ақынмын. Ал, мынау – Абдулла Сапар деген жігіт. Мен өлсем, осы бала Қазалыда нөмірі 1-ші ақын болады!». Әжептәуір көңілім көтеріліп, қоттиып қалатынмын...

Ал, енді қазір Рүстем Жанаев жоқ. Қазалыда мен №1 ақынмын. Мен өлсем, мына Ғабит Кәдірбай бірінші ақын болады! - деген болатын.­

Қазалыда өткен бір аста ақ­шаңқан киіз үйлерді жағалап, үлкендерге сәлем беріп жүріп Абдулл­алардың үстіне түстім. Қасында – қазалылық жас та болса­, адуынды жырларымен көзге ілініп қалған ақын Есет Табынбаев. Әдеттегідей Әбекең Есетті қонақтарға таныс­тыр­ып отыр: «Мен Сапар Абдулла – Қазалы­дағы  нөмірі  бірінші  ақынмын.  Ал,  мынау  Есет – екінші  ақын. Егер  мен  өлсем...»

Шыққан соң айтатыны ғой: «Баяғыда Рүстем көкемнің мені осындай етіп көтермелеуін едәуір­ дәреже көретінмін мен де. Бір күні Нұрдәулет Махамбетовке «Рүстем көкем мені солай деді, мен өлсем мына Абдулла Қазалының бірінші ақыны болады» деп айтты деп мақтаны­п отырсам, Нұрдәулет айтады: «Өй, ол кісі мені де сөйдеп айтқан» деп. Сол сияқты ғой, Ғабитжан» деп арқадан қаққаны бар еді. Сонда Есет екеуміз ағеділ ағамызға ризашылықпен қарап: «Біз ешқашан №1 болмай-ақ қояйық. Сіз өлмей, аман-сау жүре беріңізші» деп едік-ау...

Жалпы, қазір ойлап отырсам, Абдулла Сапар­мен аралас-құраластығым бес-ақ жыл екен. 2011 жылы 25 жасымда алғаш рет аудандық мүшәйраға қатысып, бас жүлдесін алған едім. Сонда қазылар алқасында Жетіскен Мәкенәлі көкемізбен бірге қазылық етіп отырған­ өткір көзді сары жігіт маған айрықша ықылас танытып, телефон нөмірімді алып, электронды поштасын беріп, басқа да өлеңдерімді оқығысы келетінін айтқан.

Менде ешқандай да өлең жоқ болатын. Мектеп қабырғасында да, студенттік кезеңдерде де  бірер жол тақпақ құрағаным болмаса, өлең өлкесіне ден қоя қоймаған кезім. Абдул­лағ­а «поштаңызға өлеңдерімді жіберем» деп қалай уәде бергенімді білмеймін, әйтеуір сол сөзімді орындау үшін де күніне бір өлеңнен шығарып, Әбекеңе жіберіп жүрдім. Өлеңдерім­нің түзелуі­не, ақын боп қалыптасуыма көп әсерін тигізіп, ақыл-кеңесін аямай беріп жүретін.

Өзінің айтуынша 18 жасында шығарған «Намыстың туын нақұрыс қана ұстамас...» деп басталатын жалғыз ғана өлеңін Абдулланың шекпенінен шыққан бүкіл ізбасарлары жатқа соғады. Осы туынды сияқты өміршең өлеңді дүниеге әкелсек деп талпынады. Абдул­ла өте аз жазады. Аз жазса да, саз жазатын еді ғой...

Жанқожа бабаның 240 жылдығында бәріміз бірге мүшәйраға қатысатын болдық. Сонда «Байланбаған Бабажан, тайраңдаған Тықылар...» деп күбірлеп жүрген Абдулланы көріп, өте бір сұрапыл өлең жазғалы жүргенін сезе қойдық. Солай болды да...

...Жаздыгүні шілде болғанда дария жағалап балыққа шығамыз. Қона жатып қармақ саламыз. Жайын мен сазан тез арада түсе қоя ма, Абдулланың аузына аңқиямыз ғой баяғы.

- Бір күні үлке-е-ен бір дөкейлермен аңға шықтық. Прокурорлар ма, бірдеңелер екен... Мені «жол көрсетесің» деп алып шықты. Аналар­ екі жап-жаңа «Нива» мінген. Ысылдап тұр. Мен өзімнің жаман «Ниваммен».

Қайтарда күн алай-түлей боран болды. Жарты жолға келгенде анау екі «Нива» да шиқыл­дап жүрмей, бірінен соң бірі тұралап қалды. Менікі мұндай құқайдың талайын көріп, небір сыннан өткен ғой, жүріп тұр. Аналардың күні маған түсіп, менікіне мінбекші болды ғой енді. Сөйтіп тұрып ішіндегі ең дөкейі «Мынаның орындықтарын неге алып тастағансың?» деп гүжірейеді. (Абдулланың бұл көлігінде тек өзі отыратын орындықтан басқа ештеңе жоқ). «Бұл – прокурорлар мінетін емес, менің иттерім мінетін машина!» деймін аларып­. Жанындағылар шошып кетіп, «Абдул­ла,­ қойшы енді...» деп күбірлейді жалынышты үнмен. Содан бәрі сығылысып иттеріммен бірге маған сыйысты. Түтекпен арпалысып ытқып келе жатыр ек, менің қаншығым басқа адам таппағ­андай әлгі «гәттаның» бетін жалап қалмасы бар ма? Анау тыжырына қалды да, мылтықтың құндағымен «дүңк» еткізді. Қаншығым қыңсылап, «ұлы ойбайға» салды да қалды. Тоқтай қалдым. «Түс, машинадан!» дедім. «Немене, ит емес пе? Онда тұрған не бар?» дейді. Мен айтамын «Мен үшін сенен мына менің итім қадірлі. Бала-шағамның несібесіне пайдасын тигізіп жүр. Ал сен... Өзің кісіге кіріп­тар боп келе жатып­, мұның не? Мінгіз­бей­мін енді» деп тұрып алдым қасарысқан күйі. «Алдыма келер­сің...» дейді анау тісін шықырлатып сыздана. «Құдай сенің алдыңа барғызбасын! Абайсызда  қылмысқа ұры­на қалсам да, істеге­німді мойныммен көтерермін. Тап саған­  басымды  имеймін!».

Әй,  қойшы,  әйтеуір  барлығын  жарты  сағат­ дедектеттім. Сынбады-ей сабазың. Жанындағы жандайшаптарының жапа-тармағай жалынул­арымен жібіңкіредім де, иттеріммен «құшақтастырып» қайтадан машинамды топыр­лата  толтырдым. Елге жақындап қал­ғанда, ит екеш итті қойсайшы бұл, құрғыр-ай «бір тексеріп көрейін» деді ме, әлгінің сазар­ған бетін тілімен тағы да төменнен жоғары қарай  сыпырып  еді,  анау  шімірікпестен  отыра­  берді, - деп бір  қайырғаны  бар.

«Лёхамен (Абдулла Әлия жеңгемізді осылай атайтын) қалай таныстың?» деп сұраймын әңгіменің арасы үзіліп бара жатса. Оны да майын­ тамызып тұрып әңгімелеп береді. Оны кейінгі бір естеліктерімде жазбасам, бүгін мақалан­ың  ауқымынан  асып  кеткелі  тұр-ау...

Бірде Жетіскен көкем Мәкенәлімен көшеде­ ұшырасып, сәлем беріп жатсам: «Ғабитжан, пенсияға шықтым. Енді қолымыз бостау. Ағаңа соғып тұр» деп еді. Мен бас изедім де жүре бергем­. Сол... екі-үш айдан соң дәм-тұзы таусы­лып, аттанып кетті ғой. Міне, Жетіскен көкем­ді дұрыстап тыңдай алмадым-ау деп өзекті  өртеп жүргенде, қапыда Абдулла да кетті. Естір құлағымыз болғанымен, есті санамыз­  болың­қырамады ма, жоқ әлде Әбекеңді жуық арада арғы әлемге аттанып кете қояды деп ойламадық­ па, біраз  әңгімесін шала-шарпы  есімде  ұстап  қалыппын.

 

Ғабит  КӘДІРБАЙ

 


КІМ ЖЕТКІЗДІ, КІМ ХАБАРЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.11.2018 10:23

Кәмпеске кезіндегі ОГПУ-ға жетіп тұрған мына хабарлар осы кезге дейін жабық болған, енді ашылған деректер көздерінен алынды. Мұндай деректер мың сан. Ашылмай жатқаны қаншама... Біз олардың тек Қызылорда облысына қатысты бірнешеуін ғана беріп отырмыз. Деректерде аты аталғандардың басым көпшілігі – кейін репрессияға ұшырағандар, жазаланғандар... Лайым, елімізде енді мұндай зұлматтар, «жеткізушілер  мен  хабарлаушылар»  болмасын.

....Қызылорда  ауданының  №5 ауылының байы Ержан­ Данов алдағы болатын тәр­кілеу жайлы естіп, малын ресми­ түрде балаларына бөліп берген, осындай жолмен өзін кедейлердің қатарына қоспақ болған. Ауыл­дастарына Данов: «Енді маған келе берсін, мен де жұрт сияқты пролетариймін» деген. Бөлісуді заң жүзінде жасаған, бірақ балаларымен бірге тұрады. Барлық малын, яғни 450 қой, 35 түйе, 25 жылқы және 30 бас ірі қа­раны балаларына тең етіп бөліп  берген.

 

...Тереңөзек ауданының №7 ауылының байы Жұрғамбет Нұржанов алдағы уақытта болатын кәмпескелеуді естіп, осы ауылдың ауыл­советінің төрағасы туысқанымен келісіп мал-мүлкін бөліп берген, әйелін өз алдына  мал мен шаруашылық иесі етіп  бөлек шығарған.

 

...Шиелі ауданының №10 ауылының байы Махамбетов барлық  малының 2/3 бөлігін 5-6 бастан ауылындағы кедейл­ерге уақытша пайда­лануға берген, осы жолмен кәмпескелеуден құтылмақ болған.

 

...Қызылорда округінің бұрынғы Сұлутөбе болысының №1 ауылының байы Сейіт-Мәмбет Нүркеев осы жылдың шілде айының ортасын­да кәмпескелеуден қашып, малын жасырмақ болып­ қолындағы 800 қойының 500-ін Қызылқұмға айдап­  әкетті.

 

...Қызылорда округі Шиелі ауданының №16 ауылының байы Бәйімбет Мамықов бұрынғы Сұлутөбе болысының №1 ауылының байлары Әбдіқадыр және Ибашпен келісіп, малының 2/3 бөлігін мал санын билік­тің көзі көрмесін деп, кәм­пескелеуден жасыру үшін Сырдария өзенінің оң жағалауына  айдап  әкеткен.

 

...Қызылорда округінің Тереңөзек ауданының №1 ауылының байы Абердин Ниязов байлардың арасында малды сатуға үгіттеп жүр: «Бізге, байларға тез арада малды сатып ақшасын сенім­ді жерге жасыру керек, әйт­песе бәрібір биыл малды тартып алып, өзіміздің кедейлерге таратып береді». Оған таныстары «өзің неге солай етпей жүрсің?» дегенде, Ния­зов келесі күні 400 бас қойын Қызылорда базарына айдап әкеліп сатты да, қалған малын – 600 қойын, 30 жылқысын екіге тең бөлген.

 

...Алдағы кәмпескелеуге байланысты үрей жетегіне түскен элементтер қазақ халқын «тонағысы келген» кеңес үкіметіне қарсы жамандықтар айтып қарғап-сілеуде. Мысалы, «Қызылорда ауданының 8-ші ауылының атқамінері Сейіт Нархожин үйіне қонған Қожанов атындағы интернаттың мұғалимасы Жалмұхамедоваға былай деген: «Үкімет көшпелі халықты тонайын деп жатыр деген сөз бар, қарғыс атсын мұндай өкіметті. Бұл үкімет тек қамау мен тонауды біледі, ұнағанын тартып алады, әртүрлі алым мен салықтың астында қалдырды. Сен оқыған адамсың ғой, бәрін жақсы түсіне­сің, қалада болған кезіңде байқашы, тонау қалай жүріп жатыр? Биыл даланың адамдарын тәркілеу басталатыны рас па екен, рас болса маған хабарла, мал мен мүлкімді алдын ала жасырайын».

Биылғы жылдың шілде айының басында Нархожин баласын заңды түрде бөлек шаруашылық етті (бірақ шын мәнінде бірге тұрады).

 

...Қызылорда ауданының №1 ауылының байы Атибеков ескі Бұқараға 150 қойын айдап апарып сатқан.

 

...Шиелі ауданының №18 ауылының байы Жәрімбетов те сол жаққа барып 150 қойын сатқан. №17 ауылдың байы Есенжолов та тамыз айында сол жаққа малын айдап, 500  қойын  сатқан. Қызыл­құм далас­ының байлары өзара сөйлесіп, салқын күн­дер түс­кеннен кейін Өзбекстанға бір қора малды айдап баруға  келісіпті.

 

...Қызылорда округі Те­рең­өзек ауданының №1 ауы­лының байы Ниязов малдарын сатып, түскен ақшасына күміс теңгелер мен мануфактура сатып алған. Бай ауылдастарына да осылай етуге кеңес беріп жатыр.

 

...Қызылорда округі Шиелі ауданының №20 ауы­лының байы Әбдіқожаев кәмпескелеу болады деген әңгімелерден соң қолындағы бар малын бес інісіне таратып берген, бұл әрекетін шындыққа жақындату үшін інілері үлестеріне тиген малдары­на өз таңбаларын басқан.

 

...Қызылорда округі №22 ауылының байы Жеренов «Еңбекші қазақтан» кәмпескелеу жайлы оқып, алыстағы Қызылқұм даласындағы таныс­ байларға  адам  жіберіп, хат жазып­, жақын уақытта кәм­пескелеу басталатынын ескерткен, даланың алыс түк­піріне, үкіметтің адамдары жете алмайтын жерлерге көшіп кетуге кеңес берген. Қызылорда округінің бір­неше  аудандарының  байлары кәмпескеден қорқып Қарақұм мен Қызылқұмдағы көшіп жүргендермен хат жазысып, малын ұстап баға тұруды, өздерімен бірге кө­шіп жүруге рұқсат сұраған. Кейбір байлар округтік ат­қару комитетінде жұмыс істейтіндер  арқылы  кәмпескенің нақты басталатын күнін  білуге  әрекеттенген.

 

...Шиелі селосының (Қызылорда окр.) тұрғыны Василий Яровенко (ауқатты) Данилов деген азаматпен әңгімесінде былай деген: «Кеңес үкіметі шаруаларға тыныштық өмір бермей отыр, ай сайын бірдемені ойлап­ табады, біресе заем, біресе салықты көбейтеді. Оның азабын көретін шаруа. Салықпен жон терімізді сыдыр­у аз болғандай, енді байдың малын кәмпескелеу­ді ойлап тауыпты, мұнысы тыныштықпен бітпейді, кәмпескені ойлап тапқандар оның «қызығын» көреді».

 

...Шиелі ауданының (Қызылорда окр.) бұрынғы болысы, №6 ауылдың байы Көптай Алғымбаев осы жылдың қыркүйек айының басында дастарқанына өзінің руластарын жинап, оларға былай деген: «Биыл көшпелі халықты үлкен бақытсыздық жайлады, Кеңес үкіметі қазақ халқының ең жақсы-жайсаңдарын тонап жатыр, осылай қолымызды буып отыра берсек­, үкімет бұл жұмысын табыс­пен жасайын деп отыр. Сендер қалай етсеңдер өз еркіле­рің, мен винтовкамды дайындаймын, оның бүгін-ертең пайдасы тиіп қалуы мүмкін». Қатысушылар Алғымб­аевтың бұл сөзін қолдама­ды, себебі кеңес үкіметі мықты, оған қарсы тұру  пайдасыз.

 

...Қызылорда округі Шиелі ауданының №5 ауы­лының байы Арыстанбай Жолтаев осы ауданның №16 ауылының азаматы Есеновпен кәмпескелеу жайында былай деген: «Дала қазір дүбірдің алдында, дала бір үлкен іске дайындалып жатыр. Бұл дайындықтың ақы­ры коммунистерді оңдырмас. Мен 6 жылдан бері винтовкамды тығып қойған жерге­ көз салмап едім. Жақын­да оны көмген же­рімнен алдым, себебі қажет болайын деп тұр».

 

....Тереңөзек ауданының (Қызылорда окр.) 7-ші ауы­лының азаматы Мүсірепбеков (Нұржанов деген байдың ағасы) осы жылдың 12 қыр­күйегінде Тереңөзек қыстағының азаматы Федяевпен әңгімесінде оған ҚазЦИК төрағасы Ерназаров жолдасқа Нұржанов байдың малын тәркілеуді тоқтатсын деген өтініш жазып беруін сұраған. Мүсірепбеков сонымен бірге: «Нұржанов арызын тап­сырған кезде Ерназаровқа 3000 рубль береді, меніңше ол Нұржановтың өтінішін орындауы  тиіс. Ол бұл ақша­ға келіседі, себебі 3000 рубль үшін ол екі жыл қызмет етуі керек» деген. 7 қыркүйекте Нұржанов Қызылорданың базарында 50 қойын сатқан, жақын күндері қолындағы түйелерін сатпақ ойы бар.

 

...Қызылорда округінің №2 ауылының бір топ байлары мен орташалары жақын ауылдардағы кәмпескелеу комиссиясының малды тәр­кілеп жатқанын көріп, малдарын арзанға көк тиынға сатып­ жатыр. Мысалы, Сейіт Нұрмағанбетов деген бай 8 жылқысын 150 рубльге сатқан. Осындай топтар тәркі­ленуге түседі деген бар малын қазан айының ортасында Өзбекстанның базарына айдап­  апарып  саудаламақ.

 

...Қызылорда ауданының №4 ауылының байы Байжан Талашев (тәркіленуге жататын) ауылсоветтің төрағасымен келісіп, малын өзін қолдайтын ауылдастарына бөліп берген, содан кейін ауылдық кеңестен 100 қойы бар деген куәлік алған. Малды бәрібір тауып алады ғой деп айтқандарға: «Менің малым құрымайды, олар сенімді қолда, коммунистерге түкіргенім бар, олар маған ештеңе істей алмайды, себебі орташа­ларды  жер аударсын деген заң  жоқ».

 

...Бұрынғы Сұлутөбе болысының (Қызылорда окр.) №15 ауылының атқамінері Нұртаза Шоқаев және оның немере ағасы Мырзеке Қа­лымбетов ауқаттылардың арасында Парижде жүрген Мұстафа Шоқаевтың жазған хаттарында айтқандарын тарат­ып жүр, жақын уақытта қазақ халқы ұлы орыс халқының қанауынан босайды. Ал осы байлар өткен маусым айын­да Мұстафаға алдағы уақытта болатын кәмпеске туралы жазыпты-мыс. Мұстафа Шоқаев оларға былай деп жауап беріпті: «Егер коммунистер  кәмпескелеу жүргіз­се, оған көп қайғырмаңдар, себебі сендерден тартып алынған мал кеңес үкіметі Қазақстаннан қуылған соң қайтарылып беріледі, ол уақыттың  күні  алыс  емес».

 

...Қазалы аудандық милициясының бастығы Оспан Төлеков өз ауданының байларымен тығыз байланыста, байлардан сыйлық алып тұрады, кәмпескелеу кезінде өз туысқандарын кәмпескеден аман алып қалуға тырысады. Мысалы, Айсықұлов деген бай Төлековқа бір жыл­қы­, бағасы 70 сом тұратын күміс белбеу және 50 сом сыйлады. Осындай істердің ар­қасында №8 ауылдың байы, Төлековтың інісі Омар Төлеков кәмпескелеу кезінде ағасының көмегіне сеніп отыр. «Оспан комиссия мүшесі ретінде №5 ауылға кетті, қолынан келгенінше біздің шөмекейліктерге жамандық жасамас, осылай деп өзі де айтып кетті», «уайымдама, біздің Оспан комис­сияның мүшесі, өз адамдарына  жамандық  жасамайды».

 

...15 қыркүйек күні Қы­зылорда округі Шиелі ауданының №11 ауылының атқамінерлері Малитбеков Сарбас пен Сыздық, Малибеков Омархан және Шанабай (тегі белгісіз) кәмпескелеу комиссиясының келуінен бір күн бұрын ауылдың кедейлері мен батырақтарын жинап, ауылындағы байлардың мүл­кін комиссияға бермеңдер деген. Қатысушылардың бірі Сартай Ташиметов деген батыр­ақ оған келіспей: «Егер біз қанаушыларды қорғайтын болсақ онда үлкен қылмыс жасаймыз, мен қатысушылардың барлығын комиссияға көмектесуге шақырамын, мен байлар туралы не білетінімді өзім айтып бере­мін» дегенде атқамінерлер Сартайға ұмтылып, жұрттың көзінше оны бір-екі рет қамшымен тартып жіберген. Қалған кісілерге атқамінерлер: «егер кімде-кім байларға қарсы аузын ашатын болса, ондай адам рудан аластатылып жоқ етіледі» деген. Келе­сі күні Шиелі ауаткомына келіп болған жайды айтқан. Комиссия осы арыздың негі­зінде екі атқамінерді тұтқындады, бірақ ауылда осы оқи­ғаны тексерген кезде арыз беруші мен куәлар бұл жанжал екеуара жеке бастың кикілжіңі деп арыздарынан бас тартқан.

 

...Қызылорда округінің Қарақұмдағы байлары малдың бағасының арзандап, оған сұраныстың азайып бара жатқанын байқап, малын неси­еге  сата  бастаған. Осындай  91 дерек  тіркелді.

 

...Қызылорда  округі  Шиелі  ауданының  байлары­ малы мен мүлкін тәркілеуден аман алып қалу мақсатында кедейлерді үгіттеп, үйлеріне той-жиын­дарға шақырып көңілдерін алып, «тәркіленген мал кедейлерге таратылмайды, Қызыл Армияға етке жіберіледі»  деп  айтып  жүр.

 

...№8 ауылдың (Жаңақорған) жер аударылған байы Бидаш Изеевтің баласы Бектұрсын Бидашев комиссия мүшелерінің арасында «кәмпескеленген заттарды тауып бергендеріңмен бәрібір үкімет кедейл­ерге бермейді, үкімет оларды совхоздарға береді­» деп үгіт жүргізді. Жасырылған малды табу кезінде мұндай сөздердің маңызы зор болды, себебі Бектұрсын Бидашев жер аударылуға жатпайды, ауылдың ішінде абыройы үлкен еді. Осы жағдайға байланысты іс-шаралар қабылданып, Бектұрсын Бидашев кеңес үкіметіне қарсы жүргізген үгіт жұмыстар­ы үшін қамалып жауапқа тартылды. Алғашқы­ кездегі түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде­  мынадай кемшіліктер болды: №8 ауылдың ауылсоветінің  төрағасы Рысбеков (партия мүшесі, әлеуметтік  жағдайы  кедей) конференция өткеннен  кейін бір күннен соң өз қалауымен  Изеев  Бидаш­ байдың үйіне барып, оның жер аударылуға жата­тындығын ескерткен. Изеев бір қара қойды сойып, ескерткені  үшін  уақытша пайдалануға деген­  желеумен­  Рысбековке  бір  атын береді.

Келесі мысал да партия мүшесімен (қызметі жоқ) болған, ол да сәтті жағдайды пайдаланбақ болып ауданнан өз ауылының орташа малшысының үйіне келіп, оған «малының саны 25 бастан артық кісі­лердің малын кеңес үкіметі тартып алады, сол себеп­тен де сен бір қара қойыңды сой (құрбандыққа шал), енді көріп отырсың ғой, мен партия мүшесі ретінде сенің малыңды тәркілеу мен өзіңді жер аударудан құтқарамын, егер сен күзгі қырқым жүніңді маған берсең» дейді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген кезде­  біздің  ауданда  осындай оқиғалар орын алды, мұндай  оқиғалар болған жерлерге дереу барып, бай-феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеудің мақсаттарын түсіндірудің нәтижесінде тез жойылып отырды.­ Жоғарыда аталған жолдастар қызметтерінен  алынып, істері  РКК-ға  берілді.

 

...№2 ауылда түсіндіру науқанын аудандық батырақ­тар комитетінің төрағасы Ж.Ерубаев жүргізді. Түсіндіру жұмыстарын аяқтағаннан кейін оның баяндамасын аудандық комиссияда тыңдады, баяндамасы бойынша науқан керемет өткен, оның ауылында бай да жоқ, атқамінер де жоқ. Артынша №2 ауылдың науқанға көмектесу комиссиясының мүшелері, екі кедейден арыз түсті. Арызда аудандық уәкіл Ерубаев бастаған комиссия мүшелері 3  байдан 500 сом ақша алып, №2 ауылда жер аударуға­  жататын  байлар  жоқ  деп  қаулы шығар­ған. Сонымен  бірге Ахметов деген осы ауылдық комисс­иясының  мүшесі  №1 және 11 ауылдың  комис­сия  мүшелеріне­ «біз  өз  ауылымыздың  байларын  ауылымызда байлар­ жоқ деп аман сақтап қалдық» деп мазақтап күліпті. Бұл болған жағдай, болған жерге барып өз көзімізбен көрдік. Бұл адамдар­дың барлығы тұтқындалды, істері  тергеу­шілерге  тексеруге  жіберілді.

 

...Аудан бойынша 6 бай анықталды: 1. Бидаш Изеев, №8 ауыл, 8 жан, ірі қараға шаққанда 353 бас малы бар. 2. Сердалы Бидашев №8 ауыл, 12 жан, ірі қараға шаққанда 234 бас малы бар. 3. Ербісбек Баваше­в, №1 ауыл, 15 жан, ірі қараға шаққанда 320  бас. 4. Әліп Толқымбаев №11 ауыл, 10 жан, ірі қараға шаққанда 246 бас. 5. Жантөре Аралбаев, №12 ауыл, 5 жан, 61 бас. 6. Жәнібек Тұрсынбаев, №12 ауыл, 20 жан, ірі қараға шаққанда 635,5 бас. Бүкіл аудан бойынша ірі қараға шаққанда 1849,5 мал табылып таратылды. Аталған 1849,5 мал былай таратыл­ды: 90 жеке шаруашылыққа – 143 түйе,  246 жылқы, 50 ірі қара, 4 есек, 641 қой, 286 ешкі (бәрін ірі қараға шаққанда 494,5 бас), 1 киіз үй және 2,5 киіз үлестірілді. № 1, 11 және 8 ауылдарда жаңадан­  ұйымдастырылған 4 колхозға (мүшелерінің саны 164) таратылды: 140 түйе, 155 жылқы, 274 мал, 8 есек, 1590 қой, 1397 ешкі, 3 киіз үй, 5 киіз. Барлығы ірі қараға шаққанда 977 бас. Бұрын ұйымдасқан­ 3 колхозға ортақ пайдалануына: 39 бас түйе, 34 жыл­қы, 2 өгіз, барлығы ірі қараға шаққанда 75 бас берілді. Қабылдау-өткізу акті бірге тігілді. Жаңақор­ған ауданында совхоздар жоқ, сондықтан аудан агроно­мына совхоздарға тарат деп: 3 түйе, 22 жыл­қы, осы жылқының бір үйірі (10) бөлініп берілді,  2 бас қошқар, 1 ешкі, 1 серке, жиынтығы ірі қараға шаққанда 26 бас. Қабылдау-өткізу актісі барлық малдың түс белгілерімен және денсаулығының жағдай­ымен  қоса тігілді. Ауыл шаруашылығы салығы­  үшін деп 701 қой, 10 бас түйе, 4 ешкі, ірі қараға шаққанда барлығы 158 бас бөлінді. Бақташыларға  жалақы  үшін ірі қараға шаққанда 14,5 бас және әртүрлі аурудан 9,5 бас өлді. Алты киіз үй барлық­  бөлшектерімен және 16 кілем сақтауға қалдырыл­ды, қабылдау-өткізу  актісі  бірге  тігілді.

Жаңақорған ауданы бойынша уәкілдер Ерден­баев, Каратаев

АП РК. Ф. 141. Оп. 1. Д. 2058. Л. 130-160. Растал­ған  көшірме.

 

С.ЕСМАХАНҰЛЫ

 


АЙБОЗ АЙДОСТЫҢ АСУЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.11.2018 10:15

Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен әлем чем­пио­наты мәресіне жетті. Халы­қаралық жарыста қызылордалық балуан, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Айдос Сұл­танғали грек-рим күре­сінен сынға түсті. Мықтылар бас қосқан бәсе­кеде жерлесіміз қола медал­ьді иеленіп, жер­лестеріне жеңіс сыйлады. Жалпы, жарыста айтул­ы спорт түрінен Қазақстан  құрамасынан екі спортшы ғана қола жүл­дені  еншіледі. Біреуі біздің жерлесіміз Айдос Сұлтанғали болса, екін­шісі – шымкенттік Мейірж­ан  Шерма­хан­бет.

Былтыр  ел  намысын 8 спортшы қорғаған жары­ста (Польша, Быдгощ, әлем чемпионаты) сырбойылық балуан ғана жүлдегер атанған еді. Сол уақытта спортшымен жедел сұхбат құрып, біраз жайтқа қаныққанбыз. Айдосқа қойылған соңғы  сауалымыз “Алда­ғы жылдан не күтесіз? Қандай арманыңыз бар?” деп бағытталған болатын. Сонда білекті жігіт: “2018 жылы мені көптеген байрақты бәсекелер күтіп тұр. Солардың барлығында облыстың, еліміздің намысын абыроймен қорғасам деймін. Әсіресе, Азия ойындарында  және  әлем біріншілігінде  топ  жару­ды  мақсат тұтамын. Мен үшін әнұранды шырқатып, көк туды желбіреткеннен асқан бақыт жоқ. Арманым – отбасымның, елімнің сенімін ақтау” деп еді. Әрине, Айдос жеңіс тұғырынан көрінбесе де, ел мерейін үстем ете білді, ел сенімін  ақтады.

60 келі салмақта бозкілемге шыққан  балуан бірінші белдесуде Украина  спортшысын 6:1 есебімен ұтса, одан кейінгі кездесуде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, жапониялық қарсыласын 7:5, әлем чемпионы, 5-ші жабық Азия ойындарының жеңімпазы қырғыз спортшысын 9:0 есебімен ұтты. Тек жарты­лай финалда ғана ресейлік балуанға есе жіберіп алды. Қола медаль үшін болған кездесуде Солтүстік Кореялық қарсыласынан айласын асырып, үшінші орынғ­а  ие  болды.

Облыс тарихында 2005 жылы грек-рим күресінен ересектер арасында Ермек Көкетов әлем чем­пионатында қола жүлдегер болса, оның жетістігін ізбасары Айдос қайталап келеді. Қазіргі таңда облыс­тың барлық аудандарында күрес  түрлерінен  секциялар  жұмыс істейді. Айтулы спорт түрімен өңірде 3000-нан аса спортшы  айналыса­ды. Спортшылардың   осы спорт  түрлерімен  айналысуға күрес түрлерімен спортшылар көптеп шұғылданатын Түгіскен (Жаңақор­ған ауданы), Мәдениет (Жалағаш ауданы), Жанқожа батыр ауыл­дарында (Қазалы ауданы) жаңада­н спорт кешендері салынып, балуандарға мүмкіндіктер жасалды­.

- Мықтылар бас қосқан жарыста жеңіс тұғырынан көріну үшін барым­ды салдым. Жалпы, әлем чемпионатына екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы Польшаның Быдгощ қаласында жастар ара­сында өткен әлем чемпионатында үшінші орынды алған болатынмын. Биыл ересектер арасында алғаш рет бағымды сынадым. Бұл жолы да еншіме­ қола медаль бұйырды. Бұл жеңісімді  туған  жерім – Қызыл­орда қаласының 200 жылдығына арнай­мын, - дейді  Айдос  балуан.

Енді қызылордалық спортшы келесі жылы Астана қаласында грек-рим күресінен өтетін әлем чемпионатына  дайындалады.  Айта кетейік, бұған дейін Айдос  2015 жылы жасөспірімдер, 2016 жылы жастар арасында Азия чемпионы, 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарының және әлем чемпионатының қола жүлдегері атағын иеленген  болатын.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары