Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Қараша 2018

Жыр жолдары PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
29.11.2018 10:36

«Сыр – Алаштың анасы»

 

Алғашқы астанамыз – Қызылорда,

Көркейді қиындықты бұзып орда.

Жасыл желек оранған үлкен шаһар,

Көшелерін аралау – қызық ол да.

 

Ақ күріштің ордасы – Қызылорда,

Көз тартты дәннен моншақ тізіп орда.

Ақ балығы, қаязы азайған жоқ,

Кемелерім Аралда жүзіп ол да.

 

Қол жеткенді мақтасақ болмас айып,

Кемелдендік оң, солға қанат жайып.

Сары күздің жемісін түгел жинап,

Астық толып қамбаға, тұрмыз байып.

 

Әкіміміз әр іске ұста болды.

Бар жақсылық ол жүрген тұста болды.­

Халқына әділ үкім  жүргізерде,

Қолы ұзын, әңгімесі қысқа болды.

 

Тұзымыз бар, сарқылмас газымыз бар,

Қыс аязын жолатпас жазымыз бар.

Тер төгумен тіршілік ажарланды,

Өткен жылға демейміз назымыз бар.

 

Елеусіз бір кездегі Қамысқала,

Ал, қазір біраз елге таныс қала.

Байқоңыр өзге елдердің ынтызары,

Алғаш рет жол аштық ғарышқа да.

 

Жақсы істер көбеюде қызығардай,

Жатқан жоқ өткен жылдар ізі қалмай.

Дарияның сол жағын да иелендік.

Бұл елдің ұлы іскер, қызы нардай.

 

Жасыл қалам сау болғай тіл мен  көзден,

Ұл-қызым алыс болғай суық сөзден.

Мұндай бақыт келген жоқ өздігінен,

Оның ауырлығына халқым төзген.

 

Аз емес алуандығы бітер істің,

Ел аузында қарқыны құрылыстың.

Баспаналы болғандар көбеюде,

Аз емес жұмсалуы оған күштің.

 

«Сыр – Алаштың анасы» аталынған,

Жасыл қалам озды енді қатарынан.

Ақ шуағын еселеп төгіп жатыр,

Күннің өзі сәл бұрын батарынан.

 

Аз жылда біраз белден асқандаймыз,

Болдық, толдық деп бірақ мастанбаймыз.

«Мәңгілік ел» болудың қамындамыз,

Қазақ елі қиыннан жасқанбаймыз.

 

Елбасының бергені зор бағаны,

Жаратқан халқымызды қолдағаны.

Қазақы сәні, салты сақталынған,

Сыр бойындай басқа ел болмағаны.

 

 

Еңбегі  елеулі  ана

Облыстың бас кітапханашысы Сисекеева Күлбаршын

Раушанбекқызына арналады (автор)

 

Күш беріп, ажар беріп білімділік,

Тұсыңызда тұрғандай күнің күліп.

Келесіз қиындықты бұзып-жарып,

Қол жетпес биік шыңдар тілін біліп.

 

Тағдыр сізге сыйлаған іскерлікті,

Елі үшін көтерсін деп ауыр жүкті.

Нәзіктігің еңбекте сыр берген жоқ,

Сан қиын іс өзіңе тізе бүкті.

 

Еңбегіңді елеулі елің танып,

Ақ жүзіңде тұрғандай шамың жанып.

Тамшылап маңдайыңнан аққан терге,

Туған жердің қалғандай шөлі қанып.

 

Кітапқа үңілдіріп ұл мен қызды,

Оларға жегізгендей нан мен тұзды.

Алпыс сегіз жыл жүгі арқаңызда,

Осынша өткізіпсіз жаз бен күзді.

 

Анасыз, әже болдың бір жағынан,

Ұл-қызды, немерені ырза қылған.

Аталдың Ақмешіттің ақ моншағы,

Сол қалпың сақталып тұр нұр жамылған.

 

Көтеріп ердің және ана жүгін,

Ерте айырып ақ, қара аражігін.

Әрқашан арқа тұтып адалдықты,

Алаштың аттамадың ала жібін.

 

Жақсының сұлу әркез жүрген жері,

Аталдың «Мәдениет қайраткері».

Ағарту ісінің де үздігісіз,

Сансыз марапаттардың иегері.

 

Халқыңның ең қажетін есте сақтап,

Сенімін өз еліңнің жүрсіз ақтап.

Миллиондаған ұл-қызбен жүрсіз бірге,

Кітапты жарты ғасыр насихаттап.

 

Тым биікте қалықтап көңіл-құсың,

Ақ шуаққа оранып жүрген тұсың.

Көбейсін кітаптан бас алмайтындар,

Тынымсыз еңбек еттің соның үшін.

 

Қиындықтар өткен кезбен бір қалсын,

Ұлы далам күннен-күнге нұрлансын.

Есіміңіз – өз еліңе мақтаныш,

Ғасыр жаса, ғасыр жаса, Күлбаршын!

 

Рысты  БЕКБЕРГЕНОВА

 

 

Көрікті,  көркем  Қызылорда

 

Сейхун дария болғалы,

Серік болған Қызылорда.

Ұлы Жібек жолдағы,

Көрік болған Қызылорда.

Жаудан емес қорыққан,

Намысты болған Қызылорда.

Жолбарыстар жорытқан,

Қамысты болған Қызылорда.

Тарихынан аңғардым,

Қоқан қашқан Қызылорда.

Қаһарынан хандардың,

Емес сасқан Қызылорда.

Дүбірлі дүние «дауылда»,

Астана болған Қызылорда.

Бар зиялы қауымға,

Баспана болған Қызылорда.

Қазағымның өз атын,

Алып берген Қызылорда.

Несі бар көп созатын,

Анық берген Қызылорда.

Талай батыр тұлғалар,

Өмірге келген Қызылорда.

Ерліктері жырда бар,

Ерлерім енген Қызылорда.

Жырлары нөсер жауындай,

Сүлейлер шыққан Қызылорда.

Екпіні ерен дауылдай,

Дүлейлер шыққан Қызылорда.

Ақ маржаны әлемге,

Әйгілі болған Қызылорда.

Белгілі болып бар елге,

Байлығы болған Қызылорда.

 

Қызылордам күн сайын,

Көріктеніп келеді...

Жасауға кәсіп кім дайын,

Ерік беріп келеді...

Зәулім үйлер жыл сайын,

Бой көтеріп келеді...

Көшелері күн сайын,

Көрікке еніп келеді...

Көшелері керемет,

Көбеюде даңғылдар...

Қонаққа келсең көре кет,

Көрікті көп даңғыл бар.

Біздің шаһар осындай!

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ АҚЫСЫН ТӨЛЕУ – БАРШАҒА МІНДЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.11.2018 10:26

Адам баласының тіршілігінде судың алатын орны орасан. Шүкір, бүгінде бұрынғыдай ауызсуды тасып ішетін заман­ емес. Қаладағы қай үйге болмасын келіп тұр. Елді сапалы ауызсумен қамту мәселесіне келгенде де үкімет қаржыны аяп қалып жатқан жоқ. Бір ғана облысымыздың өзіне жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. Арнайы «Ақбұл­ақ»  бағдарламасының арқа­сында  ауызсуға  миллиардтаған  қаржы қа­растырылған. Елбасы Тәуелсіздіктің алғаш­қы  жылдарында «Қазақстандағы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі – халықтың денсаулығын сақтаудың аса маңызды міндеті. Сондықтан бұл біздің басымдығымыз болмақ», - деп атап өткен болат­ын. Қызылорда облысы бұл межеден абыройлы өтіп келеді. Ауызсудың сапасын арттыру мақсатында «Қызылжарма»  жерасты  суын  пай­да­лануды  қолға  алды.

Алайда «Қызылорда су жүйесі» мекемесі жұртшылыққа көрсеткен коммуналдық қызметтерінің ақысына уақытылы қол жеткізе алмай келеді. Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2018 жылғы қараша айының 15-жұлдызындағы мәлімет­теріне сүйенсек, жеке тұл­ғалардың жалпы қарызы 117 млн 314 мың теңгені құрапты. Аз ақша емес. Қарапайым ғана тұрғындардың суға келгенде салғырттық таныт­уы көңіл көншітпей тұр. Елестетіңізші, қалада бір күн су болмаса, қалай күн көресіз? Құбырлар жарылып, келеңсіздіктер орын алғанда, әкімдіктен бастап жұмысшыға дейін кінәлі болып, жүйелі жұмыстың жоқтығын бетке басамыз. Алайда өзгеден кінәні іздемес бұрын өзіміз­дің берешегімізді өтеуді ұмыт қалдыратынымыз өкінішті. Заңды тұлғалардың да қарызы жетерлік. Бүгінгі күні олар «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне 36 млн 874 мың теңге берешек. Бұл тізімде мемлекеттік мекемелер де жоқ емес. Олардың да суға келгенде берешег­і 10 миллион теңгенің үстінде екен. Аталмыш кәсіпорын ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні қаладағы мемлекеттік мекемелердің жалпы  қарызы 11 млн 916 мың теңгеден­ асып  кетіпті.

Жаздың жайма шуақ күндері артта қалды. Қыстың қамын жаз ойла демек­ші, жылу маусымына сол кезден бастап дайындық жұмыстары да жүріп кетті. Себебі күз келісімен табиғаттың тосын мінезі қатар жүретіні баршаға аян. Айтқан­дай-ақ, қазанның басында (жылу  беру  маусымы  басталмай  жатып – ред.) әншейінде жылы болып тұратын Қызылордада қара суық болып, жылусыз отырған жұртшылықты әбігерге салғаны бар. Одан қалды, қарашадағы қақаған аяз қала халқын жылусыз күннің ғаріп екенін тағы бір түсіндір­гендей. Иә, жасырмаймыз. Жылу беру маусымы қашаннан қарбалас болған. Биыл да солай болды. Алайда қазіргі күні бәрі кезең-кезеңімен реттелді. Қысым  көбейтіліп, қала  үйлеріне  жылу үздіксіз беріліп келеді. Десе де, жылудың  мардымсыз  екенін  айтып, шағымданушылар көп. Осы тұрғыда тұрғындар жеке тұлғалардың «Қызылорда­жылуэлектрорталығы»  МКК-на жалпы қарызы 220 млн теңге­нің (220 405 366 теңге) үстінде екенін біле ме екен?! Осы жайт ойландырады. Қанша жылы жерде отыра тұрып, коммуналдық қызметтің бұл түріне ақы төлемеу әбестік емес пе? Жеке тұрғындарды былай қойғанның өзінде шағын және орта бизнес нысандарының берешегі де белшесінен келіп тұр. Дәлірек айтсақ, 25 млн 105 мың 163 теңге. Мемлекеттік мекемелердің де қарызы жоқ емес. Үкімет бюджеттен ақша аударып отырса да, қаладағы мемлек­ет  қарамағындағы  нысандардың жылуға қарызы 1 859 405 теңгені құрайды  екен.

Негізінен, коммуналдық қызметке ақы төлеуге тұрғындар селқос қарайтын сияқты. Себебі бірнеше ай төлемеген­нің салдарынан жиналып қалған қарыз сомасы осылай көбейіп, соңында тұрғындарды төлеуден жалтаруға әкеп соғатын секілді. Өйткені көбейген сома қалтаға салмақ салады, тиісті коммуналдық мекемелердің де жұмысына кедер­гі келтіреді. Сондықтан қарыз мөлшері көбеймесін, су, жарық, жылу, газ тұрақты болсын десеңіз, уақытылы коммуналдық қызмет түрлеріне ақы төлеуді  ұмытпайық!

Ж.ЖҮНІСОВА

 


Жаңғыру жолындағы Жалағаш жастары PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.11.2018 09:56

Кеше осы атаумен Жалағаш ауданы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет Үйінде аудандық жастар форумы өтті.

Форум аясында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде «Кәсіпкер болу – табысты болу», Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте «Ақпараттық технологияны меңгеру – заман талабы» Мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Жастар саясатын жүзеге асырудың жаңа тетіктері» атты секция жұмыстары жүргізілді.

Секция жұмыстары аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде пленарлық отырыспен қорытындыланды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнінен бастау алған пленарлық отырыстың алғы сөзін аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев алып, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар белсенді жастарды марапаттады.

- Мемлекет жастар үшін барлық қажетті жағдайды жасап келеді. Әсіресе, Сыр елінде жастарды қолдаудың ерекше үлгісі қалыптасқан. 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы Үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Мұны облыстағы айрықша бастамалардың бірі ретінде атап өтуге болады. Ресейде білім алып жатқан жастардың 13-і жалағаштық өрендер екенін атап өткен дұрыс. Олардың алғашқы легі елге келіп жұмыс істеп, алған білімдері мен жинаған тәжірибелерін өңірді өркендету үшін жұмсауда. Олардың қатарында жалағаштық Бижұма Самғат сынды болашағынан зор үміт күттіретін азаматтың да бар екенін біз мақтан тұтамыз, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Пленарлық отырыста Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айсана Намурадин, «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасының жеңімпазы Абай Молдаш, «Жас Отан» Жастар қанаты Жалағаш аудандық бөлімшесінің басшысы Нарбота Серәлі сөз сөйлесе, Жалағаш жастары атынан Амандық Нұржан форумның үндеуін жариялады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 млн. 77 мың теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артып отыр. 2017 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2 млн. 290 мың теңгеге 1 жоба жүзеге асырылса, 2018 жылы 4 млн. 580 мың теңгеге 4 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Салыстырмалы түрде атап өтсек, өткен жылы ауданда 186 жас кәсіпкер болса, биыл олардың саны 243-ке жетіп отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында  20 маманға – 3 млн 367 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, 47 маманға  163 млн 890 мың теңге тұрғын үй несиесі берілді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ СӘЛИМА ЖҰМАБЕКОВАНЫ ҚОНЫСТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.11.2018 09:48

11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана, сондай-ақ "Құрмет" орденінің кавалері, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова қоныстойын тойлады.

Естеріңізге сала кетейік, егін жинау жұмыстарының аяқталуына орай өткізілген салтанатты шарада Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Сәлима Жұмабековаға қала орталығындағы жаңа жеке үйдің кілтін табыстаған еді.

"Жаңа баспанаңыз құтты болсын, шаңырағыңызға бақ-береке тілеймін. Менің ойымша, бұл - сіздің туған жеріңіздің игілігі жолындағы көпжылдық еңбегіңіз үшін лайықты марапат", - деді аймақ басшысы.

"Сізге және Мемлекет басшысына қамқорлығы үшін үлкен алғысымды білдіремін. Менің көпжылдық еңбегім бағаланғанына өте қуаныштымын. Барлық қазақстандықтардың отбасына амандық пен молшылық тілеймін", - деді С.Жұмабекқызы.

Сәлима Жұмабекова 1935 жылы 25 тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин ауылында (1997 жылдан бастап – Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, сондай-ақ, өзі туған ауылда ауылдық кеңесті басқарған.

2008 жылы облысқа жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр елінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар ардагер-әйелдерге жаңа пәтердің кілтін табыстаған болатын. Олардың қатарында Сәлима Жұмабекова да болды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«АРАЛ» КОМПРЕССОРЛЫҚ СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.11.2018 16:32

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Арал ауданының Сексеуіл кенті маңында компрессорлық станция іске қосылды.

Станцияның ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев қатысты. Шараны Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және республиканың газбен қамтамасыз ететін кәсіпорындарының басшылары тікелей байланыс арқылы тамашалады.

«Бүгін біз Арал өңірінде «Арал» компрессорлық станциясының іске қосылу рәсіміне куә болдық. Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанының бір дәлелі ретінде атап өтуге болады. «КазТрансГаз» АҚ қызметкерлері бөлінген 50 млрд теңге қаржыға жеті айда рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қатар, жақын арада «Қорқыт ата» компрессорлық станциясы іске қосылады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы басталып, Елордамызға көгілдір отын жеткізу жобасының басталуына куәгер боламыз. Осының барлығы - халқымыздың ауызбіршілік, ынтымағының және  Елбасы саясатының арқасында»,-деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қызылордалықтарды станцияның іске қосылуымен  құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысының әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын - Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газдандыру жұмыстары басталды, 2020 жылы барлық 7 аудан орталығын көгілдір отынға қосу жоспарлануда.

Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген, 2020 жылға қарай газдандыруды 95% - ға жеткізу міндеті қойылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЕРІКТІ «АДАЛ ҰРПАҚ» МЕКТЕП КЛУБТАРЫНЫҢ ІІ СЛЕТІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.11.2018 15:08

Жалағаш ауданы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет Үйінде Жалағаш аудандық ерікті «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының ІІ слеті өтті.

Рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру мақсатында 2016 жылдан бері Жалағаш ауданы мектептерінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынды.

Салтанатты жиынның алғы сөзін аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев алып, «Адал ұрпақ» ерікті клуб мүшелері арасында облыстық, аудандық деңгейде үздік жұмыстарды көрсеткен №38, №123, №201 мектеп ұжымдарына «Үздік ұйым» номинациясын табыстады.

- Болашақтың еншісін арқалайтын жастар жаһандық сын қатерлерге төтеп беруде шар болаттай шыңдалған рух пен өнегелі ілімді бойына ұштастыра білуі қажет. Ал, сол сын қатерлердің басында қоғамдағы сыбайлас жемқорлық та бар. «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтары - рухани-адамгершілік тұрғыда оқушыларды  өнегелі, жауапкершілігі жоғары, патриоттық рухы бекем болуға баулитын  бастама, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Слет барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Еркебұлан Сарымбетов сөз алып, «Адал ұрпақ» еріктілер клубына жаңадан қабылданған оқушыларға клуб мүшесі куәлігін табыстады.

Жиында сонымен қатар, Жалағаш ауданы прокуроры Мадияр Бекпанов рухани адамгершілік, азаматтық, патриоттық тақырыбында ұйымдастырылған «Адал жол» оқушылар шығармашылығы көрмесінің үздіктерін марапаттады.

Айта кету керек, аудан мектептеріндегі 20 «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарында белсенді де бастамашыл 238 оқушы мүше.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ТӨЛЕГЕН МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.11.2018 09:20

Нартай Бекежанов атындағы театрда композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджановтың "Құс жолы" атты шығармашылық кеші өтті.

Биыл Төлеген Мұхамеджанов мерейлі 70 жасқа толды.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Төлеген Мұхамеджановты мерейтойымен құттықтады.

"Осы бір толғанысты сәтте сонау тоқсаныншы жылдары талғампаз көрерменнің жүрек төрінен орын алып, шынайы махаббаттың көрінісін бейнелеген талантты режиссер Талғат Теменовтің "Махаббат бекеті" фильмін еске түсірсек деймін. Күні бүгінге дейін өз тыңдармандарын еселей түскен "Махаббат бекеті" композициясының авторы Төлеген Мұхамеджанов болатын. Төлеген Мұхамеджанұлы тек махаббат әнін жазатын композитор болып ғана қалған жоқ, ол симфония, опера, камералық шығармалар жазып, қазақ өнерінің классикалық үлгісін дамыта білді. Бүгінгі өнер кешінің «Құс жолы» аталуы да тегін емес. Құс аспанға ғана лайық болса, Құс жолы ұлылыққа ғана лайық», - деді аймақ басшысы

Шығармашылық кеште музыкант жары, опера әншісі Нұржамал Үсенбаевамен бірге "Мен сенімен кездестім", "Махаббат диалогы" авторлық композицияларын орындады. Сонымен қатар, концертте "Заман-ай", "Іңкәрім-ай", "Туған жер", "Мен деп ойла" және т.б. әндер шырқалды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«Бастау» жобасы - армандарды, батыл жасалған қадамдарды орындайтын мүмкіндік» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.11.2018 09:05

Кейде кәсіп бастауға туыстарымыздың, достарымыз бен жақындарымыздың кеңесі себеп болып жатады. Ал бүгінгі кейіпкерімізге салаға жетекшілік ететін мемлекеттік органдағы жұмысы жеке ісін ашуға негіз болды.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны Айзат Момынтаева теміржол саласы бойынша білім алған. Бірнеше жыл түрлі салада өз бағын сынап көрген Айзат аудандағы кәсіпкерлік бөлімінде жұмыс істеп жүргенінде іскер азаматтармен жиі кездесіп, жетістіктеріне қызыға қарап жүрді және уақыт өте келе өзі де осы жандардың қатарында болғысы келетініне көзі жетті.

Қолынан кондитерлік өнімдерді пісіру келетін Айзат осыдан үш жыл бұрын несиесіз өз ісін бастап кетеді. Күнделікті пісірген өнімдерінен түскен қаржыны айналымға салып, кәсібін дамыта түседі.

Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалындағы мамандардан «Бастау» жобасына қатысып, ісін кәсіби түрде жүргізуге, тіпті қаржы ұйымдарынан қажетті қаржыға қол жеткізуге болатындығын естіп, оқуға ниет білдіреді.

«Оқу барысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несиелеу шарттары жайында ақпарат алдым. Бизнес-тренерім маған сауатты бизнес-жоспарды құруға көмектесті. Әр күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, бизнестегі әр қадамымды ойластыра бастадым «Бастау» жобасына қатысу арқылы кәсіпкерліктің әліппесін үйрендім. Қаржыны сауатты басқару, тұтынушымен дұрыс байланыс орнату, оларды табу, кризис кезеңінен ұтымды шығу жолдары – оқу курсында көтерілген бұл мәселелердің барлығын бүгінде тәжірибеде қолданып келемін», - дейді кәсіпкер Айзат Момынтаева.

Жас кәсіпкер «Бастауда» жобасын сәтті қорғап, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан алған 3 млн. теңгеге шағын цех ашып, қажетті құрал-жабдықтар алады. Қазір өзінен өзге 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Өнімдеріміз ауданда сұранысқа ие. Торт пен печеньелердің түр-түрін пісіреміз. Мұнан өзге тоқаштар, бәліштер, тәтті нандар мен кондитерлік өнімнің өзге де түрлерін күнделікті тұтынушыларға ұсынып келеміз. Бизнес ашу арман еді. Енді ол орындалды. Жоспарда өндірісті кеңейтіп, тағы бірнеше жұмыс орнын ашу тұр. Ары қарай елімізде тамақ өнеркәсібін дамытуға күш салмақпын. «Атамекен» ұжымына, бизнес-тренеріме алғысым шексіз. «Бастау» жобасы - армандарды, батыл жасалған қадамдарды орындайтын мүмкіндік. Кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекеттік қолдау бағдарламаларына назар аудару керек деген кеңес беремін», - дейді «бастаулық» кәсіпкер. Айзаттың кәсібіне береке тілейміз.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«ҚАЗГЕРМҰНАЙ» БК» ЖШС-нің БАС ДИРЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.11.2018 09:30

«ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» серіктестігінің Бас директоры болып Мұрат Мұстафаев тағайындалды.

Мұрат Кеңесбайұлы - Сыр өңірінің тумасы. Еңбек жолын 1997 жылы «ОңтүстікМұнайГаз» акционерлік қоғамында қызмет етіп бастаған. Одан кейінгі жылдары «Харрикейн Құмкөл мұнай», «ҚуатАмлонМұнай», «Торғай-Петролеум», «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамдарында түрлі қызметтер атқарған. 2016 жылдан бастап «Қазақ мұнай-газ ғылыми зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамының» Бас директоры қызметін атқарып келген.

«ҚазГерМұнайдың» бұрынғы бас директоры Есен Қайыржан «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы орталық аппаратына қызметке тағайындалды.

Аймақ басшысы Есен Қайыржанұлына кәсіпорындағы көпжылдық қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

 


Көлшік үстінен жер телімі берілгені заңды ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.11.2018 17:30

Қаладағы жер телімінің бағасы жал сипатпай тұр. Тіпті, жыл өткен сайын құны өсіп, қарашаның қалтасын қағып барады. Жасыратыны жоқ, тұғындардың кейбірі кезегінің келетініне күмәнмен қарайды. Оған себеп те жоқ емес. Былтыр ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, жер қатынастары саласында заңбұзушылық жиі тіркелетіндігі анықталған. Бұл да бүгінгінің «безгегіне» айналған.

Облыс орталығындағы жер учаскелерінің орналасқан аумағына қарай құны да құбылып тұр. Қаланың қақ ортасынан алғыңыз келсе, «көк қағаздың» біршамасы қалтаңызда болуы тиіс. Біз көптен байқап жүр едік. Жаңадан бой көтерген «Арай-1», «Арай-2» шағын аудандарына барар жолдың оң жағында, көлшіктің үстінде шағын үйшіктер бой көтеріп жатыр. Қайбір күні «Жер сатылады» деген жарнама көзімізге оттай басылды. Содан сатып алушының кейпіне еніп, «Арай» мөлтек ауданы О.Әбдімомынов көшесінің бойындағы жер учаскесінің иесімен тілдестік.

– 10 сотықтан екі жер. Екеуінің бағасы – 10 млн теңге. Көк қағазы бар. Таза сатып аламын десеңіз, қатып қалған баға жоқ, - деді ол.

– Жердің айналасы көлшік сияқты...

– Жаңбырдың суы шығар.

– Инфрақұрылым жеткізілген бе?

– (сәл ойланып. – ред.). Газ, су, жарық, жол бәрі де келіп тұр.

– Қанша дейсіз?

– Таза аламын десеңіз, келісеміз!

– Жарайды, сау болыңыз?

Міне, көлдің үстінде тұрса да жер телімінің бағасы осы шамада.

Бізді қызықтырғаны, заңды тұрғыда көлшіктің айналасынан жер телімі беріліп, оны сатуға рұқсат бар ма? Бұл аумақ «Су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы» ережеге қарамай ма? Тіпті, ондай жерге инфрақұрылым жүргізілмейтіні де белгілі емес пе? Білуімізше, инфрақұрылым жүргізілмейінше (сызбасы сызылып, көше-көшеге су, жарық, газ, жол салынуы қажет), меншік иелері ол жер телімін сатуға құқығы жоқ. Әлгі маңда инфрақұрылымның «иісі» де шықпайды. Жалпы, бұл жерлердің нақты иесі кім? Олар мемлекеттік актіге қалай қол жеткізді? Біз Қызылорда қаласы әкімдігі, қалалық жер қатынастары бөлімі, прокуратура мәселенің ақ-қарасын анықтап, тиісті жауап беруін күтеміз. Бұл мәселе «Халық» газетінің назарында болатынын айта кетейік.

Халық-хабар

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары