Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Қараша 2018

Елтаңбадағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы өзгереді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.11.2018 15:25

Еліміз кириллицадан латын графикасына көшеді дегелі халықтың кәдімгідей уайымға салынғаны рас. «Енді не болады? Бәрі өзгеретін болды» деп әбігерге түскенін де жасыра алмаймыз. Алайда бұл бір күнде не бір жылда шешілетін мәселе емес екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, елімізде алғаш болып Елтаңба өзгеретін болды. Енді ондағы «ҚАЗАҚСТАН» деген жазу «QAZAQSTAN» деп жазылады. Өткен аптада осы мәселеге қатысты өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті.

– «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ұлттық стандартына 2018 жылғы 1 қарашадан бастап №1 өзгеріс енгізілді. Бұл бойынша өзгерістерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оны ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков басқаратын болды,- деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов.

Бұл енгізілген 1-ші өзгеріс бойынша 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін уақыт берілетін болады. Яғни мемлекеттік мекемелер мен өзге де нысандар осы уақытқа дейін өздеріндегі Елтаңбаны осылайша өзгертулері қажет. Осыған сәйкес ұлттық стандартта да бірқатар түзетулер болады. Техникалық реттеу және метрология комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Серік Қасымовтың айтуынша, стандарттағы 4.2, 4.1-тармақшасының 2-абзацында Елтаңбаның түсі нақтыланып көрсетіледі екен.

Халық-хабар

 


Сотталғандар жазасын өз жерлерінде өтейтін болады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.11.2018 15:23

Бұдан былай жаза басып, қылмыс жасағандар қай өңірдің тумасы, сол жерде жазаларын өтейтін болады. Бұрынғыдай өзге қалаларға жіберіліп, туыстарының қатынауына ауыртпалық түспейтін болды. Қазірдің өзінде өңірімізде жалпы режимдегі сотталушылар жататын түзеу мекемесі ашылып, өзге өңірліктер өз облыстарына жіберіліп жатыр екен. Бұл туралы өткен аптада Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Ғанибек Отарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Сондай-ақ, департамент басшысы сотталушылар мен тергеудегілерге күніне қанша қаржы кететіндігін де жасырмады.

– 2018 жылдың 10 айында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде барлығы 1272 (2017 жылы – 1275) адам жазасын өтеуде. Ал департаменттің қалалық, аудандық Пробация қызметтерінің есебінен аталмыш уақытта 2069 (2017 жылы – 1892) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес сотталғандар өтіп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 177-ге өскен, - деді Ғ.Отарбаев.

Айта кетейік, департамент өзіне қарасты мекемелердегі (қаладағы ЗК-169/5 аралас, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылындағы ЗК-169/4 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі, тергеу изоляторы және 9 пробация қызметі (аудандарды қосқанда. – ред.) сотталушылардың бос уақытын тиімді пайдалану әрі үкіметке және жәбірленушіге төленетін берешегін өтеу үшін жазасын өтеушілерді жұмысқа тарту жағын да қарастырған. Мәселен, ЗК-169/5 түзеу мекемесінде 9 кәсіпкер сотталғандармен жұмыс істеп отыр. Мұндағы тігін, газоблок, мүсін, қолөнер, дәнекерлеу цехтары мен брусчатка жасайтын өндірістік орында барлығы орта есеппен 120 сотталған жұмыс істейді. Бұл, бір жағынан, кәсіпкерге де тиімді. Себебі, жұмыс беруші тек алған орнының коммуналдық қызмет түрлеріне ғана қаржы төлейді. Ал жалдаған жері – тегін. Сондай-ақ, жұмыс күшіне де аса көп шығындалмайды. Сотталғандардың екі қолына бір күрек тауып беріп отырғандықтан, жоғары айлық та жоқтың қасы. Бірақ, бұл – жазасын өтеушілердің де құр қарап жатпай, қанша жылын босқа кетірмей, еңбектенуіне, сот шығындарын өтеуіне үлкен көмек. Мекеме жанынан ашылған сауда дүкенінен де керек-жарағын сатып алуға жағдайы болады. Ал ең бастысы, темір тордан босап шыққаннан кейін жұмыс табылмай жатса, осы еңбек түрін жалғастыруына мүмкіндік алады. Орта білімі жоқ сотталғандарға арналған жалпы білім беретін мектептер де жұмыс істейді мұнда. 2018-2019 оқу жылында жалпы білім алушы сотталғандар саны 32-ге жетсе, оның 24-і мемлекеттік тілде оқыған.

Ал сотталушылар мен тергеудегілердің бір күніне кемінде 2-3 мың теңгеден жоғары қаржы кетеді екен. Мәселен, бір сотталушы күніне 2425 теңгенің тамағын жесе, тергеудегілерге 3750 теңге жұмсалатын көрінеді. Енді барлық жазасын өтеушілерге жылына бюджеттен қанша қаржы бөлінетінін есептей беріңіз.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


ӨЛКЕМІЗДЕГІ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫМЫЗҒА QR-код ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.11.2018 15:17

«Туған жер» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыруға бағытталғаніс-шаралар жоспарының 3.2. «Туған өлке мәдениеті» тармағының 66-тармақшасы «Облыс көлеміндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге QR-кодын енгізу» жұмыстарын 2018-2020 жылдары жүргізу жоспарланып, бүгінгі күні облыстық бюджет есебінен осы жұмыстар бастау алды.

QR “Quick Response - Шұғыл жауап”- бұл мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін, екі өлшемді (бар код) штрих-код. QR-кодтың көмегімен интернет желісін қолдану мүмкіндігі бар жерлерде ескерткіштер туралы кез келген ақпаратты кодтауға болады. Ол үшін камерасы бар ұялы телефонды алып, кодты сканерлеу үшін бағдарламаны іске қосады, камераны кодқа әкеліп, қажетті ақпаратты ала алады.

Бүгінгі күні ескерткіштердің тізімі нақтыланып және олардың мәліметтері қамтылған сайттың базасы толықтырылды. Іс-шаралар жоспарында көрсетілген мерзімде тиісті ескерткіштерге штрих код орнатылып, қолданушылар сайт арқылы өздеріне қажетті мәліметті алуына болады.

Бір ескере кететін жайт, ең алдымен тізіміге облыс орталығындағы сәулеттік ескерткіштер мен туристік маршруттағы маңызды нысандар енгізіліп отыр.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


«Қараөзектің» қауқары PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.11.2018 14:53

Өткен аптада БАҚ өкілдері үшін «Қараөзек» компрессорлық стансасына баспасөз туры ұйымдастырылды.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры жобасына Елбасының бастамасымен 2017 жылы жан біткен болатын. Қазіргі уақытта байыпты бастаманың жемісін бүтіндей бір облыс ғана емес, еліміздің өзге де өңірлері көріп отыр.

Бүгінде облыс жұртшылығының 60 пайыздан астамы табиғи газды пайдаланады. Ал 7 ауданның 4-еуі тұрақты түрде көгілдір отын тұтынып отыр. Сыр өңірі халқының қытымыр қыстан қысылмай шығуына мүмкіндік мол. Тұрғындар көмір жағып, күл шығармайды. Отын уайымынан құтылған. Президенттің әлеуметтің жағдайын жақсартуға деген бастамасы осылайша жан-жақты жүзеге асырылуда.

Бұл тақырып төңірегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламановтың айтары бар.

- Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» кеңінен айтылды. Қазіргі таңда 267,3 миллиард теңгені құрайтын «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңіндегі «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытын 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында бастап, 2019 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда. Осы арқылы «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бойындағы 171 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ете аламыз. Тұрғындарды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту көзделген. 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Экологиялық ахуал жақсартылып, 800 уақытша жұмыс орны ашылады, - деді Е.Жоламанов.

«Қараөзек» компрессорлық станциясының еліміздің орталығы мен солтүстік өңірлерін де газбен қамтамасыз етуге күші жеткілікті. Станция басшысы Талғат Менеевтің сөзінше, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан 944 шақырымда орналасса да, нысан жылына 10 миллиард текше метр газ өткізуге қауқарлы. Сала мамандарының пікірінше, компрессорлық станция Астана және солтүстік өңірлерді газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға қуаты толығымен жетеді дейді.

Бұдан бір-екі жыл бұрын ғана іске қосылған станция заманауи құрылғылармен толықтай қамтылған. Мәселен, газ айдаушы агрегаттар, жұмыстың күрделі режимдерінде пайдалануға арналған соңғы үлгідегі қосалқы жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, газ құбырлары, газды есепке алу торабы және басқа да инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы қаланды.

Ал «Қараөзек» компрессорлық стансасының негізгі күші – жұмыстың ең күрделі режиміне арналған үш газтрубиналық қондырғылар. Америкалық «Solar Turbines» компаниясының жоғары технологиялары негізінде дайындалған жабдықтар жұмыс көрігін қыздыра түседі. Барлық үш агрегатты пайдаланған кезде станцияның өнімділігі тәулігіне 43,5 миллион текше метр газды құрайды. Осылайша Сарыарқа газы Сырдан бастау алар күн де алыс емес.

Ж.Қойшыбекова

 


Аралда Қызылорда қаласының мәдени күндері өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 14:42

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында Арал ауданында Қызылорда қаласының мәдени күндері өткізілді.

Аталмыш шара барысында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация аудандағы Ә. Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйінде және Рәміздер алаңында болды. Сонымен қатар, Өрт сөндіру депосының және «Аралтұз»АҚ-ның жұмысымен танысты.

Аудандық мәдениет үйінде өткен аудан тұрғындарына арналған мерекелік концертте Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қаланың 200 жылдық мерейтойына Арал ауданының жасаған тартуына ризашылығын білдіріп, ауданның бірқатар азаматтарына Қызылорданың 200 жылдығына арналған мерейтойлық медальдім» табыстады.

Салтанатты шара өнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты. Онда қазақтың халық әндері, ұлттық билері, әлемдік классикалық музыканың озық үлгілері орындалды.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Халқын сұлу сазбен тербеткен еді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 10:40

«Жақсының аты өшпейді» деседі. Рас екен. Жуырда өткен қазалылық ақын әрі сазгер марқұм Батырхан Нұрымбетовті еске алуға арналған аудандық әншілер байқауы көп жайтты ұғындырғандай. Сырға толы, таңғы шықтай мөлдіреген әндерімен тыңдарманның көңілін баурап, жүрегін жаулаған Батырханды көпшілікке таныстырудың өзі артық шығар. Көпшілік әлі күнге егіле іздейтін, өмірден ерте кеткен әнші Нәби Аймұратов орындаған « Гүлім, гүлім, гүлімсің» деп басталатын әнді кім білмейді дейсіз? Ә дегеннен тыңдарманын елең еткізген осынау әннің авторы Бәкең болатын. Мұнан өзге де қаншама әндер жазып, халқының көңілінің нақ төрінен орын алған ақпейіл де қарапайым мінезді Батырханның жалған ғұмырдан өткенініне де жыл толыпты.

Түктібаев атындағы елді мекенде өткен байқауға талапкерлердің көп қатысуы жұртшылықтың сүйікті сазгеріне деген ыстық ықыласын аңғартты. Аталмыш шараға Қазақстан авторлық қоғамының мүшесі, сазгер Серік Төлеуов, әнші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Галя Оспанова, белгілі әнші, ұстаз Анар Әділова тәрізді нағыз өнер майталмандары қазылық етті. Бұл кешке «Ақмаржан» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Тәжімұратов, №88 мектеп директоры Қуандық Қожалепесов, сазгердің сыныптастарыдемеушілік жасағанын атап кеткен жөн. Осынау әсем әуен көкке қалықтаған байқауда Әмір Сариев бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, өнерімен дараланғандар түрлі номинациялар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сазгерді еске алуға арналған шара Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты ән кешімен жалғасын тапты. Кеш шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап өнер иесінің өнегелі жолына тоқталды. Сазгер шығармашылығына арналған «Ерте үзілген ән-ғұмыр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Сазгерлікпен қатар, ұстаздық жолда да аянбай тер төккен талант жайлы Қазалы ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Шарафадин Алтынбаев тебірене әңгімелеп, Алға ауылдық округінің әкімі Абдолла Төлемісов, еңбек ардагері Байғабыл Әбсұлтанов өз естеліктерімен бөлісті.

Аудан өнерпаздары ақын, сазгердің әндерін орындады. Өлеңдерін оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Білім беру қызметінде де заңбұзушылық бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 10:35

Ағымдағы жылдың 10 айында облысымыздағы 4 колледж бен 11 мектептің білім беру қызметімен айналысу үшін берілетін лицензиялары тоқтатыла тұрған. Бұл туралы өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы білім беру саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Қарабалаев айтты.

Есепті мерзім ішінде департаментпен барлығы 36 бақылау шаралары жүргізілді. Оның 20-сы – ішінара, 16-сы – жоспардан тыс тексерулер. Жүргізілген бақылау шараларының нәтижесінде 4 колледж, 11 мектеп және 5 балабақша, барлығы 20 мекеменің білім саласындағы заңбұзушылықтары бойынша 310 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал 4 колледж бен 11 мектептің 6 айға лицензиясының мерзімі тоқтатыла тұрды. Себебі олар стандартта көрсетілген талаптарды орындамаған. Мысалы, білім беру мекемелерінде егер бір сыныпта не топта 24 білім алушы болса, онда кей сабақтар екі топқа бөлініп оқытылуы қажет. Тексеру барысында осы талаптардың бұзылғандығы анықталды. Сондай-ақ, сабақ беретін ұстаздардың талапқа сай келмеуі, оқулық жетіспеушілігі мәселелері де бар, - деді Ерлан Қарабалаев.

Сонымен қатар департаментке осы 10 айдың ішінде «Е-лицензиялау» бағдарламасы бойынша білім беру қызметімен айналысу үшін лицензияны немесе лицензияға қосымшаны алуға және қайта рәсімдеуге арналған 154 өтініш түскен. Ал білім туралы құжаттарды апостильдеу көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрін алуға 141 адам өтінім білдіріпті. Алайда оның тек 138-і қанағаттандырылған. Қалған 3-еуінен бас тартылыпты. Себебі білім туралы құжаттағы адамның аты-жөнін тексерген кезде, ондай кісілердің аталған оқу орындарында оқымағандығы белгілі болған. Ерлан Қарабалаев қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына хабарланғанын айтады.

Айта кетейік, кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізілгелі, профилактикалық бақылау атты жаңа ұғым қалыптасқан. Бұл бойынша тексеру жұмыстары мекемеге барып та, бармай-ақ та жүргізіле беретін болады. Себебі жаңа бағдарлама барлық білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен тәрбиеленушілердің, педогог қызметкерлерінің санын компьютерден-ақ көрсетіп тұрады. Және бір баланың екінші жерде тіркелуіне жол бермейді. (Әсіресе, балабақшаларда болатын жағдай – ред.). Сондай-ақ, онда білім ұяларының техникалық базасы жөнінде де ақпарат қамтылатын көрінеді.

Департамент басшысы биылғы Елбасы Жолдауына да тоқталып өтті. Айтуынша, 2019 жылы «Педагог мәртебесі» атты жаңа заң қабылданады екен. Онда ұстаздардың жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа азайту және тексерулер мен есеп берулерді азайту мәселелері қарастырылады дейді. Оқушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігі үшін білім беру мекемелеріне бақылау камераларын орнату қажеттілігі де айтылды. Қазіргі таңда республика бойынша мектептердің 80, балабақшалардың 58 пайызына бейнебақылау орнатылыпты. Ал бұл көрсеткіш облысымыздағы мектептерде 67, балабақшаларда 39 пайызды құрайды екен. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда бұл меже 100 пайыз болуы тиіс.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


Қазалыдағы тағылымды шара PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.11.2018 10:26

Ғани  Мұратбаевтың  мемориалдық  музейіне  -  50 жыл

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих». Қазалы қалалық мәдениет үйіндегі Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің 50 жылдық мерейтойына арналған шарадан осындай ой түйгенбіз. Аталмыыш шара қарт Қаратау мен айдынды Арал арасындағы қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысудан басталды. Айта кетерлігі, қазақтың қолөнерін қастерлеген көрмеге қызығушылық танытқандардың қарасы мол болуы ұлттық өнеріміздің бәсі қашанда жоғары екендігін аңғартты. Біздің назарымызды Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің «Электронды есептеуіш машинасының операторы» тобының ІІ курс студенті Мұрат Жақсымұраттың (жетекшісі – информатика пәнінің оқытушысы Аяжан Ильясова) жасаған «AGROBOT» көп функциялы роботтандырылған құрылғы (дән себуге, арамшөптерді тазалауға, астықты жинауға арналған) магнитше өзіне тартты.

- Ғалымдар егістік жағдайы туралы әртүрлі ақпараттарды алу және жинақтау мүмкіндігінің туындауы ақырында оларды жедел өңдей алатын технологиялардың көптеп шығарылуына алып келеді деген пікірлер білдіруде. Бүгінгі біздің жасап келген макетіміздің аты – «AGROBOT». Агроботтар өзіне орнатылған камера арқылы піскен астықты айқындап, оларды жинап алуға қабілетті. Агробот астықтың арасынан арамшөптерді де ажырата алады. Олар LED дисплейдің көмегімен егістіктің электронды картасына қарап та жұмыс істей алады. Агроботымыз күннен қуат алады, - деген Мұраттың жұмысына сәттілік тіледік.

Қолөнер шеберлерінің көрмесінде облыс орталығы, өзге аудандармен қатар Қазалы ауданынан «Жас прожект» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, жұмысын бастаған «Мархаббат» қолөнер шеберлерінің орталығының бұйымдары қойылды. Көрмеге келген көпшілікке ағаштан ойылып жасалынған қобыз, домбыра, бесік, санамақ секілді мүсіндер мен ұлттық нақышта тігілген киіз үй жабдықтарын, құрақ көрпе, жастық, төсеніштер қойылды.

- Қолөнер жұмыстарын көпшілікке насихаттау, дәріптеу көптен бергі арманым болатын. «Қазақ» деген сөздің өзінен тіліміз бен діліміз, салтымыз бен өнеріміз, әсіресе қолөнер шеберлігі есіп тұруға тиісті. Қазалыда ағаш ұсталығы, зергерлікпен айналысатын шеберлердің қатарын неге ұлғайтпасқа? Бүгінгі шарада осы арманым жүзеге асқандай болды. Ел ағалары тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатындығына сенімім зор, - дейді қолөнерші Мархаббат Асанова.

Қазақтың қолөнерін әлемге танытсақ деген қарындасымыздың алғаусыз пейілі біздің де көңілімізді тебірентті.

Мұнан соң «Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференция өзінің тартымдылығымен ерекшеленді. Шарада аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның сәтті өтуіне тілектестігін жеткізді.

Алғашқы болып сөз алған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова «музей ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың алтын ордасы, өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір, Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ғимараты облыстық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында» дей келе, музейді басқарған басшылар мен еңбегі сіңген жандардың есімін атап өтті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында батыс өңірдегі музейлермен байланыс жасалғаны да көпшілікке мәлім. Музей осы жылы Қазақстан Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Астана қаласындағы Ұлттық музейде өткен алғашқы құрылтайына қатысты. Ғанидың туған күніне орай дәстүрге айналған футбол жарысы мен «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасы үздіксіз өткізіліп келеді. Музей қоры тың экспонаттармен толықтырылып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуде.

Тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры Тәттігүл Қартаева, тарих ғылымдарының phd докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев, Ақтөбе облысы, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Гүлсара Сейілова, мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің аға ғылыми қызметкері Жазира Шілдебаева, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Қызылорда қаласындағы Салахаддин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының өнертанушысы Тұрсынбек Омаров және басқалар жұртшылыққа құнды деректерге негізделген хабарлама жасап, ойларын ортаға салды.

Шара «Ғанидың қара шаңырағы» атты мерекелік бағдарламаға ұласты. Мерейтойға келген қонақтар, музей ұжымының озаттары марапатталды. Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне тағзым жасалып, музей ішімен танысты. Музейдің мәжіліс залында ұйымдастырылған «Музей – рухани тәрбие орталығы» атты дөңгелек үстел тартымды өтті. Екі жақты жасалған меморандумға сәйкес, Шалқар ауданынан келген делегация Ақтан батыр ауылындағы батыр кесенесіне тағзым етіп, ауылдағы №190 мектеп жанындағы «Тарихи-өлкетану» қоғамдық негіздегі музейінде болды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


"ҚЫЗЫЛОРДА, МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕҢМЕН!" БАЙҚАУЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2018 16:49

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында 7 қарашада А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Бұған дейін байқауға 100-ден аса суреттер мен бейнероликтер келіп түсті. Үздіктерді таңдау желі қолданушыларының лүпіл басуы арқылы жүргізілді.

Ұйымдастырылған сайыстың нәтижеcі төмендегідей:

«Жас суретшілер» байқауының үздіктері:

ІІІ орын – Асылбек Кәусар Ербұланқызы;

ІІ орын – Асылбек Нұрай Ербұланқызы;

І орын – Зейнулла Әнел.

«Үздік фотосурет» байқауының үздіктері:

ІІІ орын – Адамбек Айым Нұрлыбекқызы;

ІІ орын – Абдрахманова Тоғжан;

І орын – Жібек пен Ұлпан Кенжеғалиевалар.

«Жақсылық сыйла» байқауының үздіктері:

ІІІ орын – Нұртай Нұрислам Жандосұлы;

ІІ орын – «Креатив» шығармашылық клубы;

І орын – «Шын жүректен» еріктілер тобы.

«Үздік аула» байқауының үздігі:

- Көктөбе көшесі 103 үй, 32 пәтер тұрғыны Еркін Ердуман.

Байқауға қатысқан барша қала тұрғындарына алғыс айта отырып, жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтаймыз!

Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 


Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТР ҰЖЫМЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ 3 НОМИНАЦИЯҒА ИЕ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2018 14:14

Ағымдағы жылдың 30 қазан - 6 қараша аралығында Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театрлар фестивалі өтті.

Фестивальге Башқұртстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінің театрлары және Қазақстаннан бірнеше театр ұжымдары қатысты.

Фестиваль аясында Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнер жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Сондай-ақ, шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, Т.Жүргеновтің өміріне арналған деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталмыш фестивальге Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен қатысты. Спектакльді қойған режиссер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір, суретшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Пірмаханов.

Өнер додасының қорытындысы бойынша Халықаралық фестивальдің тақырыптық айнасын ашқан Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы үш бірдей номинацияға ие болды. Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара рөлін сомдаған Бақытбек Алпысбай «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Сырым Әбдразақов бас кейіпкердің бейнесін үздік сомдағаны үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары