Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
Желтоқсан 2014

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ «ПАРЫЗ» БАЙҚАУЫНЫҢ «ГРАН-ПРИІН» «ҚАЗГЕРМҰНАЙ» КОМПАНИЯСЫНА ТАПСЫРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.12.2014 15:36

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Индустрияландыру күні аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының «Гран-приін» тапсырды.

Аталған марапатқа Қызылорда облысындағы «Қазгермұнай» БК» ЖШС ие болды.

«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз серіктестіктің жұмысына жоғары баға беріп, сенім артқаныңыз үшін кәсіпорын атынан шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Республикамыздың үздік кәсіпорындарының қатарына ену - үлкен құрмет. Бұл ардақты марапатты алуға біздің ұзақ жылдар бойы тынбай еңбек етіп, табандылығымызбен жетіп отырмыз деп ойлаймын», - деді компанияның бас директоры Медет Кәрім.

Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған байқауға қатысуға ниетті жеке кәсіпкерлік субъектілер санының артуы байқалуда. ҚР Президентінің Жарлығымен жарияланған «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауына биыл қатысуға барлық өңірлерден 584 өтінім берілген. Конкурс өткізіле бастағаннан бері 2,5 мың шағын, орта және ірі кәсіпорындар қатысты. Ағымдағы жылы байқауға қатысуға берілген өтінімдер саны бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр.

 


Шексіз мүмкіндікті дәлелдеген драма PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.12.2014 15:29

БҰҰ Бас ассамблеясының 1992 жылы жариялаған Халықаралық мүгедектер күніне орай «Жібек жолы» сауда орталығында кәсіби емес актерлар - мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен түсірілген «Быть или не быть» әлеуметтік драмасы көрсетілді. Әзиз Зайровтың бұл туындысын көруге келгендердің қарасы қалың. Сонымен қатар Қызылордадағы мүмкіндігі шектеулі балалар да көрермен болды. Көрсетілімді фильмге түскен Рақымжан Сартбай мен Қанағат Тасқараев та тамашалады. Көрсетілім басында сөз алған режиссер: «Мен ұзақ сөйлемейін, біз сіздермен фильм көру арқылы тілдесеміз», - деп киноны тамашалауға кезек берді.

Шынында, аса сәтті туындыны көргеннен кейін толғанбау мүмкін емес. Басты рөлді сомдаған Тахирдің бір үйдегі жалғыз өзінің сүрең өмірі, оның он екі мүшесі сау адамдарда кездеспейтін қайсарлығы көрермен көзіне жас алдырды. Тізерлеп жүріп ас пісіріп, спортпен шұғылданып, өз-өзін жеңуге тырысады. Оқиғадан гөрі ойға көп құрылған туындыда Тахирдың таза да шексіз жан дүниесі көрсетіледі. Қарапайым адамдар түсіне бермейтін биік адамдық өз әлемінде жүріп өмір сүріп, Шекспирдің Гамлетіндей Офейляға - көрші қызға ғашық болуы, ол қыздың көз алдында басқа жігітпен кеткендегі жан дүниесінің көрінісі аса әсерлі. Күйзеліс соңында өз-өзіне қол жұмсағысы келгенімен, ақырғы шешім шығарып өмірді жеңуге талпынады. Фильм аты айтып тұрғандай, үнемі өзіне сұрақ қоюмен өрбиді. Әлемдік классикалық туынды Шекспирдің Гамлетімен ұштастырылған фильмнен арбаға таңылған жандардың шексіз әлемін көре алдық. Он екі мүшеміз сау бола тұра дәл олардай өмір жайлы ойлана алмайтынымызды көрсетті. Шындығында бұл фильм кемшілік тек ақыл мен жүректе болатындығын дәлелдеп бергендей.

Қазақстанның белгілі мәдениет қайраткерлері Саин Ғабдуллин, Сатыбалды Нарымбетов, Владимир Тюлькиндер картинаның көркем суреті мен өнегелік әлеуетіне жоғары баға берген. Қазіргі уақытта фильмді халықаралық кинофестивальдарға ұсыну жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шығармашылық команда туындының табысқа ие болатынына сенімді.

Көрсетілім соңында көрермен ұзақ уақыт қол шапалақтап, ризашылығын білдірді. М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің студенттері фильмге түскен балаларға гүл шоқтарын беріп, жылы лебізін арнады. Бұл жолы басты рөлді сомдаған Тахир Умаров денсаулығына байланысты келе алмапты. Мүмкіндігі шектеулі балалар фильм арқылы шексіздік мүмкіндік болатынын дәлелдеп берді.

Мәди Құрманәлі

 


«Кем дүние» фильмінің тұсауы кесілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.12.2014 15:28

Кино - қызығы мен шыжығы мол сиқырлы әлем. Ондағы әрбір образ өмірдегі адамдардың тіршілігінен ғана емес, ішкі жан дүниесінен сыр шертіп тұрады. Сондықтан мұндағы артылатын жауапкершілік те ауыр. Бүгінде елімізде түсіріліп жатқан сапалы фильмдер аз емес. Оның үстіне, өнерімен тәнті етіп жүрген жас актерлеріміз де жетерлік. Кем-кетігіміз толы болғанымен, бір кездері зар боп жүрген фильмдер бүгінде әртүрлі тақырыпта топ-тобымен шығып жатыр.

Сәрсенбі күні қаладағы «Жібек жолы» сауда үйінің кино залында облысымызда түсірілген «Кем дүние» фильмінің тұсаукесері болды. Қайрат Сағынаевтың режиссерлігімен түсірілген фильмнің көзге ұратын кейбір кемшіліктері болғанымен, тақырыбы назар аударарлықтай. Қысқаметражды туындының негізгі тақырыбы махаббат жайында болды. Сурет өнеріне ғашық жігіт мұражай аралап жүріп, бір қыздың суреті салынған картинаны көріп қалады. Музей қызметкерінен кімнің картинасы екенін сұрағанда, бұл суреттегі қыз өз-өзін айнаға қарамай салатынын, бұны сол қыздың анасы әкеліп бергенін айтады. Осылай әлгі қыздың телефон номерін алып, арада әңгіме өрбіп, ғашық бола бастайды. Бірақ кездесуге шақырғанда қыз үнемі келмейді. Жігіт шыдамай қыздың үйін тауып барады. Қыздың кездесуге келмеуінің себебі мүгедектігі екенін көргенде қаңтарылып, не істерін білмей кері қашады. Сөз жоқ, фильм сюжетінің желісі бөлек әрі айтайын деген ойы да бар. Кәсіби емес актерлердің қатысуымен түсірілген фильмге қатал түрде сын айту әбестік болар. Әйтсе де басты рөлде ойнаған қыздың шеберлігі кей көрерменнің бойын шымырлатты. Басты рөлдерде суретші қызды «Болашақ» университетінің 4-курс студенті Әлия Ермаханова және Санжар есімді жігітті Данияр Сабыров ойнады.

- Шымкентте қазір бізге қарағанда киноиндустрия әлдеқайда дамыған. Ондағы фильмдер сапалырақ. Алайда бізде де дамытып, сол дәрежеге жетуге болады. Бұл фильм - «Dala cinema» продюсерлік орталығының алғашқы туындысы. 30 минуттық түсірілімге бас-аяғы 2 миллион теңге жұмсадық және қаржылай көмек көрсеткен Жаңабек Демеуов пен кәсіпкерлер палатасына алғысымды айтамын. Бұл 30 минуттық фильм жалғасын сұранып тұр. Алдағы уақытта қаржы боп жатса, түсіруге тырысамыз, - деді Қайрат Сағынаев.

Облысымызда кино саласын дамыту үшін бұл жақсы бастама. 20 күн ішінде түсірілген киноны көру барысында актерлердің шеберлік жетіспеген тұстарына көрермен арасынан көңіл толмаушылық та байқалып жатты. Оларға аса мән бермедік, себебі, көштің жүре түзелетіні белгілі.

Мәди Құрманәлі

 


Аймақ басшысы ардагерлермен кездесті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.12.2014 15:22

Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ардагерлермен кездесіп, жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Алдымен аймақ басшысы жыл бойы атқарылған шаруалар жайын баяндап, алдағы жылы жүзеге асатын жобалармен бөлісті.

Биыл Сыр өңірі инвестиция тарту, құрылыс, салық, бюджетті нақтылау бойынша республикада алдыңға қатардан көрінді. Сыр елінің диқандары күріштен рекордтық өнім жинаса, соңғы 2 жылда Қызылорда облысының дамуына бөлінген қаржы 2 есеге артты. Әлеуметтік саланы қаржыландыруда жан басына шаққандағы шығын бойынша Қызылорда облысы республикада бірінші орында.

– Аймақ халқының әл-ауқатын арттыратын инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асты. Алдағы жылы да жұмыс ауқымы азаймайды. Енді бар күш-қайратымызды, білімімізді, біліктілігімізді осы жетістіктерді еселеуге, туып-өскен жеріміздің өсіп-өркендеуіне жұмсайтын боламыз.

Жасым ұлғайды демей, ағайынның арасында елдіктің сөзін айтып, мағыналы өмір сүрудің биік өнегесін көрсеткен ақжайраң пейілдеріңіз бен адал ниеттеріңізге үлкен рахметімді, шексіз алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға ардагерлер оң бағасын беріп, өз пікірлерін білдірді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

 


Қазалылықтар Жолдауды қолдайды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.12.2014 10:27

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірді қазалылықтар тағатсыздана күткен еді. Оның мәнісі де бар. Бұл жолы да аудандағы берекелі істер Президент назарына ұсынылды. Тағы да деуіміздің сыры шілдедегі телекөпірде шалғайдағы Сарыбұлақ ауылында телегазет қызметі тұрғындар игілігіне берілгені баяндалған-ды. Ал бұл сапар облыстық мәслихат депутаты, ауданның құрметті азаматы, танымал кәсіпкер Самұрат Имандосов басшылық жасайтын «РЗА» АҚ-ның игі қадамы паш етілді. Осылайша Тұран ойпатының перзенттері санаулы уақытта көгілдір экран арқылы Елбасымен екінші мәрте дидарласты.

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған «Рза» АҚ-ның «660 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының» жобасы өңірдегі бірегей жобаның бірі. Елбасымыздың Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспортты әртараптандыру, тауарлы-сүт фермаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, ет өңдеу өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлінгені белгілі. рзалықтар осы үддеден табылуда. Аталмыш акционерлік қоғам аудандағы ең іргелі кәсіпорын есептеледі. Мұнда көптеген адам еңбек етеді. Әрі Имандосов бірнеше елді мекеннің басты инвесторы.

Жобаның құны - 2 млрд. 228,4 млн. теңге. Асыл тұқымды мал саны 1714 басты құрайды. Ағымдағы жылдың 9 айында 4121,4 тонна сүт өнімдерін өндірді. Германия, Италиядан әкелінген озық технологиялық құрал-жабдықтар қойылған сүт зауытында дайындалған пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сарымайдың сапасы жоғары. Соған орай сұранысқа ие. Бұл өнімдер көршілес аудандарға, Қызылорда, Байқоңыр қаласына, Атырау, Ақтөбе облыстарына сатылуда. Келешекте балмұздақ, йогурт, ряженка, бренза дайындау межеленуде. Ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдеу зауытында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Типтік жобадағы 1200 бас сауын сиырға, төлін қосқанда 3000 басқа арналған тауарлы сүт фермасының кешенді құрылысы салынды. Кешенге Венгриядан жеткізілген 660 бас «голштино-фриз» деп аталатын асыл тұқымды қашарлар өз төлі есебінен көбеюде. Бір жерде тұрып бағылатын асыл тұқымды ірі қараларға қажетті жем-шөпті қоғамға қарасты «Рза-Агро» ЖШС дайындайды. Сондай-ақ егіс егіп, құрылыс нысандарын салуда өзгелерге үлгі болуда.

Телекөпір басталардан бұрын Астана төрінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды. «Қос тойың қабат болсын» дейді дана халқымыз. Салтанат барысында «Рза» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосовқа Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Алтын сапа» сыйлығын тапсырды. Мұны көгілдір экраннан тамашалаған жерлестері риясыз шаттанды. Аудан экономикасының өрге басуына қомақты үлес қосып жүрген атпал азаматқа арналған шынайы ықыласын ауылда қалған ағайын қызу қол шапалақтап білдірді.

Міне, көптен күткен кезең де жетті. Сөз кезегін алған «Рза» АҚ-ның вице-президенті Нұрлан Имандосов Елбасымызға ұжымның ауылшаруашылығын өркендету жайлы тапсырмасына сәйкес заманауи технологиялармен жұмыс жасап жатқандарын, Еуропадан әкелінген асыл тұқымды қашарлардың саны төлі есебінен ұлғайғанын , қазіргі таңда тауарлы сүт өнімдерін шығаратын өндіріс кешені шын мәнінде толық қуатында екендігін, сиыр сауудан дайын өнімді сатуға дейінгі шаруаны өздері атқаратындарын, нәтижесінде бірқатар жаңа жұмыс орындарын ашқандарын, облыс көлемін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, іргелес елдерге саудалауды межелегендерін, қазалылықтардың «Нұрлы жолды» қолдап, өз үлестерін қосатынын тебірене жеткізді.

Елбасымыздың «Қызылордада аса ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Сүт өнімдерін өндіру құптарлық іс. Бұрын бірнеше сиырдан сауылатын сүт енді бір бас сиырдан алынатын болыпты. Дұрыс бастама» деген лебізі Қазалы жұртының мерейін тасытты.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Ендеше алар асу асқақ болғай.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


Үздік кәсіпкерлер марапатталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.12.2014 10:24

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бизнес өкілдерімен кездесіп, облыстың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген үздік кәсіпкерлерді марапаттады.

Аймақ басшысы жылды жемісті аяқтаған кәсіпкерлерді табыстарымен  құттықтап, бизнес пен билік арасындағы ынтымақтастық  жыл өткен сайын дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізіне қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз еткен «Шиелі тас Оңтүстік» ЖШС директоры Ермек Хасанаев, өңіріміздің агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Сәкен Әбенов және «Кәсіпкер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Әшімов Қызылорда облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ, еліміздің кәсіпкерлік саласын дамытуда өз үлесін қосып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып жүрген кәсіпкерлер облысы әкімінің  «Алғыс хатын» иеленді.

Марапатталғандар атынан сөз алған «Шиелі тас Оңтүстік» ЖШС директоры Ермек Хасанаев аймақ басшысына еңбектерінің бағаланғаны үшін алғыс айтып, өңірді өркендету жолында еңбек ете беретіндерін айтты.

Жиын соңында облыс әкімі кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселер жайын талқылап,  пікір алмасты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

 


Қызылордада көпір пайдалануға берілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.12.2014 18:16

Бүгін Елбасының қатысуымен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері» тақырыбында өткен жалпыұлттық телекөпірде Қызылордада көпір пайдалануға берілді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының негізгі бөлігі, яғни 812 шақырымы Қызылорда облысы аумағында. Жоба бойынша  48 көпір, 14 жол айырығы, 2 темір жол өткелі бар.

Еліміздің Батысы мен Оңтүстігін жалғайтын көпір монолитті  технологиямен салынған. Күрделі нысан бір жарым жылда салынып болды. Тәжірибесі мол әзірбайжандық компания нысан құрылысын ойдағыдай аяқтады және ол елімізде бұрын-соңды қолданылмаған тың әдісті пайдаланды. Көпірдің ұзындығы - 220 метр. Мамандар  төрт жолақты жолдың сапасы өте жоғары екендігін айтып отыр.

Еуропа мен Азияны жалғайтын транзит облыстың мүмкіндігін кеңейтеді.  Ал көлік логистикасының  дамуы өңір экономикасын арттырады.

Ғасыр жобасы саналатын ірі құрылыс экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік  жағынан да тиімді. Құрылыс жұмыстарына 15 мың жергілікті тұрғын тартылса, құрылысқа қажетті материалдар да Жаңақорған және  Шиелі аудандарынан алынды. Сондай-ақ, Елбасы телекөпір арқылы Қазалы ауданындағы «РЗА»-ның «Мал өнімдерін өндіру және қайта өңдеу кешенінің» жұмысымен танысты. Заманауи технологиялармен қамтылған кәсіпорын жобасының жалпы құны 2089,03 млн. тенгені құрайды. Бұл кешенде 160-тан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қазіргі таңдағы мал және сүт өнімдерін өндірумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорынның жылдық қуаттылығы - 3,6 мың тонна. Аймақтағы жетекші кәсіпорынның қуаттылығы ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етуге жетеді.

Мемлекет басшысы екі жобаның да еліміз үшін маңызы жоғары екенін айтып, көпірді пайдалануға рұқсат етті.

Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

 


ИНВЕСТИЦИЯ мен ИНФЛЯЦИЯ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.12.2014 14:05

Желтоқсан - жыл қорытындысы. Алған асуымыз бен бағындырған белесіміз, атқарылмай қалған істеріміз түзіледі. Қазына қазанындағы қаржыға сұрау салынып, ел экономикасындағы артықшылықтар мен кемшін тұстар саралана­ды. Ендеше жылқы жылының жемісін «жіліктесек».

Ресми статистикаға сүйенсек, жыл басынан бергі инфляция 6,9 пайызды құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға артық. Stat.gov.kz мәліметтеріне қарағанда 2014 жылдың қаңтар-қарашасындағы экономикалық индикатор 2,6 пайызға өскен. Демек капиталға салынған инвестицияларда өсім бар. Бірақ тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы инвестициялық­ белсен­діліктің бәсеңдеуі салдарынан сырттан тартылатын табыс 4,1 пайызға төмендеген. Сәйкесінше ағымдағы жылы азық-түлік 6,9 пайызға, ал азық-түлік емес тауарлар 7,8 пайызға қымбаттап, ақылы қызметтер құны 6,1 пайызға артқан.­

- Ағымдағы  жылғы 10 айда отандық тауарлар экспорты 4,9 пайызға азайды. Бұған бірінші кезекте, мұнай және негізгі экспорттық  металдардың әлемдік бағаларының құлауы ықпал етті. «Қара алтын» биылғы жылы, былтырға қарағанда,  2,4 пайызға кем өндірілді. Бұған «Теңізшевройлдағы» күрделі жөндеу жұмыс­тары себеп болды. Жос­парланған мерзімнен кеш аяқталған істің ақыры өндіріс жоспарының орындалмауына әкеп соқты,-деген еді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәдина Әбіл­қасымова.

Мұнай баррелінің құнынан басқа бізді алаңдататын тағы бір жайт бар. Ол - Ресей экономикасының тығырық­қа тіреліп,  валютасының құлдырауы мен көрші­міздің көмір­ден бас тарту­ы. Қазақстан билігі көмір өнді­рі­сін құлатып алмас үшін ғана Кремльмен келі­сімге келіп отыр. Әлбетте­ мұнда Мәскеу­дің ұпайы түгенделеді де, Астана «асатумен» айналысады. Осындай бір­қатар бас асатып, сіңір шайнататын шарттардан шаршаған Үкімет Ресейге тә­уелділікті азайтып, өзге елдермен алыс-бе­рісті арттыруға кірісті. Бүгінде әртараптандыру жол­дарын да жан-жақты қарастыруда. Мәселен, «Қорғас-Шығыс қақпасын» кәдеге жаратып, Ақтау мен Құрық порттарын пайдаланып, оңтүс­тік бағытта Иран асатын шойын жол бағытын іске қосуды көздеуде. Жоспар жүзеге асса, Қазақстанның транзиттік әлеуеті артады және отандық өнімдердің  жаңа нарық­қа шығуына жол ашы­ла­ды. Дей тұрғанмен Қа­зақ­стан Ресеймен қа­рым-қа­тынасын шорт кесе алмайды. «Аласапыран» уақытта да солтүстіктегі көршінің көңіліне алаңдайды. Мұның дәлелі  1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ  өз жұмысын бастайды. Бі­рақ бұл адалдық жыл басы­нан бергі ЖІӨ-нің өсімі нөлге жуықтаған РФ-мен бірге құрдымға кетірмесе игі. Себебі биылғ­ы Кеден одағы елде­рі арасындағы алыс-беріс бар-жоғы 16310,5 АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 19,3 пайызға төмен. Демек бүгінгі инф­ляция  иек қышытпайды.

ТАМШЫ

 


Жұбатудың орнына «жылатады» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.12.2014 14:04

Байқоңырлықтарға Ресей рублінің құнсыздануы кесірін тигізіп отыр. Өйткені мұн­дағылар зейнетақы мен жалақыны Ресей валютасымен алады­. Өңірдегі екінші деңгейлі банктерден несие алған халық оны теңгемен өтейді. Қалталарына түскен қаржыларын теңгеге аударғанда рубль­дің репеті кетеді. Сайып кел­ген­де несиені өтер кезде тұр­ғындардың теңгесі түк болмай қалады  екен.

Байқоңырда  қазақстандық банк филиалдарынан тек «Халық» банкінің бөлімі ғана жұмыс жасайды. Одан екінің бірі несие ала ал­майтын бол­ғандықтан, жұрт облыс орта­лығындағы екін­ші деңгейлі банктерге  барады. Бүгінде байқоңырлық кә­сіпкерлер де қай жа­ғы­на  болы­сарын  білмей  дал.

- 200 мың рубль миллион теңге болатын. Енді 200 мың рубль - 600 мың теңге. 400 мың теңгені жоғалтып отырмыз. Оның бәрі жұртқа  кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы­, нанды 12 рубльмен сатып келсек, енді 15 рубльмен сатуға мәжбүр­міз. Халық ашулы, сауда жүрмей жатыр­. Әрі қарай не боларын білмейміз,- дейді кәсіпкер Ж.Қоянба­ев.

Қазір 1 рубльдің құны 3 теңгеге тең. Жұртшылықтың әбігерге түсетінінд­ей-ақ бар. Рубльдің құнының төмендеуінен жеке кәсіпкерлер де тауар, азық-түлік бағасын көтеруге мәжбүр. Әйт­песе, сауда айналымсыз қалады. Бұған министрлік те міз бақпай отыр. ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау  министрі Е.Досаев байқоңырлықтарға «басын ауыртпа­йтынын»  жеткізді.

- Олар Ресей кәсіпорындарында жұмыс істегеннен кейін, жалақы­лары Ресей сомасы болғаннан кейін, көмектесе алмаймыз. Қа­зақстандық кәсіпорын болса да біз көмектесе алмаймы­з, - деп мәлім­деді ол.

Шындығында Ресей рублінің құнын  жоғалтуы Қазақстанға қалай әсер етеді? Отандық эко­номистер жағдайды жан-жақты талдау­  үстінде.

- Рубльдің рекордты құлдырауы бүкіл қаржы жүйесін шатқаяқтатты. Жуырда орталық банк негізгі пайыздық мөлшерлемені өсірді. Енді бұрын берілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 25-30 пайызға дейін қымбаттайтын болды­. Яғни өңдеуші өнеркәсіп тиім­ділігі нөлге түсіп кетеді,- деді Қазақстан экономистер қауым­дастығының атқарушы директоры Олжас Құдайбергенов.

Жалпы, рубльдің құлдырауы Ресей тауарларын сататын импортерлер үшін тиімді. Ал тауар экспорттаумен айналысатындар, кері­сінше тауарларын өткізе алмай қиналып қалады. Девальвация жөніндегі қауесеттерге келсек, егер мемлекеттік бюджеттің кірісі азайып­ кетсе­, девальвация болуы мүмкін. Бюджетке түсетін кірістің 70 па­йы­зы қазір мұнай экспортынан түсіп отырғанын ескеруіміз керек.

Керім  ТАУАР

P.S. Дәл қазір Ресейдің қас-қабағына қарап  отырған  байқоңырлық­тардың байбалам салуының жөні бар. Байқоңырдың басындағы мәселелер онсызда­ жетіп артылады. «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Халық көтеріліп, басылар. Бірақ, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің жұртты жұбату­дың  орнына «жылататыны» жаныңа батады.

 


Жылдар тоғысындағы тағайындаулар PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.12.2014 14:02

Астана. Бас қаланың әкімі Әділбек Жақсыбековтың өкімімен Нұрәлі Әлиев оның оң қолына айнала кетті. Қызметіне кіріспес бұрын қып-қызыл әңгімеге қалды. Келмей жатып, ала жіптен аттаған жоқ. Алайда­ атасының Президент, әкесінің Әлиев болуы оған сөзбен шыбық тигізді.

Нұрәлі Рахатұлын басы жоқтардың қатарына қоса алмайсыз. Ол алдымен шетелден емес, еліміздегі Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және қаржы мамандығын тәмамдаған. Кейіннен Пеп­перд­ин университетін бизнес-әкімшілендіру мамандығы бойынша бакалавр бітіріп, магистратурасын Имадек университетінде жалғастырған. Бүгінге дейін бұйырған қызметтің басын шалған Нұрәлі «Нұрбанк» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымдарында болған. 2008 жылдың желтоқсанынан 2013 жыл аралығында «Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағалығын «тақымына басып үлгерген».

Сондай-ақ, Астана қаласы әкімінің тағы бір орынбасары жаңарды. Ол – Ермек Аманшаев. Бұл лауазым оған таңсық емес, кезінде осы орынға отырып кеткен. Ермек Әмірханұлы бұған дейін ҚР Премьер-Министр­і Кеңсесінде жұмыс істеген, Мәдениет комитет­інің төрағасы, ҚР Мәдениет министрінің орынбасары, ҚР Мәдениет, ақпарат  және  қоғамдық келісім  вице-министрі лауазымдарын  атқарса, жаңа қызметке Ш.Айманов  атындағы «Қазақфильм» ҰК» АҚ  президенттігінен келді.

Қызылорда. Астанадағы  тағайындаудың  лебі  осы аптада­ Қызылордада есті. Облыстық мәслихаттың хатшыл­ығына орынтағын ауыстырған Ақмарал Әлназарова­ның  орнына  облыс  әкімінің  орынбасары­ ретін­де  Рауан Кенжеханұлы (суретте) келді. Қызыл­ордалықтар­ үшін жаңа есім. Сырттан шақыртылған кадр  Шығыс­  Қазақстан  облысының  тумасы.

Отызында орда бұзған ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынш­а білім алған. Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын іскерлік әкімшілік мастері мамандығы бойынша, АҚШ-тағы Гарвард университетінің Халықаралық қатынастар орталығының Дж.Кеннеди атындағы басқару мектебін бітірген.

Оның қызметтік сатысына қысқаша тоқталсақ, 2002-2005 жылдары «Хабар» агенттігінің Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының редакторы, Ресей Федерациясы бойынша меншікті тілшісі, 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде екінші және бірінші хатшы, 2006-2009 жылдары «Қазақстан» республикалық теле­радиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалының директоры, Маң­ғыстау облысы әкімінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тағы Гарвард университе­тінде лингвистика департаментінің оқытушысы болып тер төгіпті. 2011 жылдан күні кешеге дейін Bilim Media Group компаниясының директорлығында болған. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгерген Рауан Кенжеханұлы Google Translate тізіміне қазақ тілін енгізуге бастама көтергендердің бірі ретінде аты шыққан. Атақ-абыройына қарап, қазіргі лауазымға лайықты жан деген баға беруге болад­ы. Қаншалықты ойы ширақ, ісі жинақы­ екендігін уақыт көрсетеді.

Намазшам

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2014 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары