Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
Желтоқсан 2018

Ұстаз бен шәкірт құстың қос қанатындай... PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.12.2018 15:00

Жалпы ұстаздық жолда келе жатқаныма 17 жылға жуық уақыт өтіпті.Әрине, бұл аз уақыт емес...

Ұстаз бен шәкірт  құстың қос қанаты іспетті. Баланың тілін тауып,бағытын біліп,зейінін аша білу керек.Өткенге көз тастайтын болсақ, біздің кездегі оқушы мен қазіргі оқушыны мүлдем салыстыруға келмейді. Балалар тез арада бәрін меңгеріп алғанымен, жалығып кетуі де тез-ақ. Сол себепті де, күнделікті сабақтар әртүрлі әдіс-тәсілдермен өтеді. Оның үстіне физикада теориямен бірге тәжірибе қатар жүрген кезде,оқушының пәнге деген қызығушылығы одан сайын артады.

Өздеріңіз білетіндей, жаһандану заманында, елімізде білім беру саласында жаратылыстану бағытына басымдылық берілген. Осы орайда, Қазалы ауданы, Қожабақы ауылы №25 орта мектептің оқушылары үнемі ізденіс үстінде көрінуде. Айталық, аудандық, облыстық, республикалық әртүрлі байқаулардан, олимпиадалардан, ғылыми жобалардан мектебімізге оқушылар жетістіктермен қоржындарын толтыруда.

Жуырда Қызылорда облысында «Ізденіс жолы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауы аясында ІІІ облыстық «Orda-Junior-2018» ғылыми жобалар байқауына қатысып, физика секциясы бойынша 10-сынып оқушысы Айжан Бақытжан мен 9-сынып оқушысы Диас Тойбазар ІІ орынмен марапатталды. Ғылыми жоба барысында «Hyundai bus» тақырыбында Айжан қоршаған ортаға зиян келтірмей, күн батареясымен,электр тогымен және үйкеліс күші арқылы жүретінін теориялық тұрғыда қорғап шықса, Диас тәжірибе жүзінде іске асыра отырып, жасаған макетін жоғары дәрежеде көрсетті.

Аймақтық деңгейде өткен ғылыми жобаға жеті аудан мен қала оқушылары қосылғанда, қалаға қарағанда ауыл балаларының ұяңдығы басымырақ келері сөзсіз. Сондықтан да ұстаздар қауымы мектептерде дебаттар мен дискуссияларды жиі-жиі ұйымдастырып, іс-шаралар өткізсе, соған балаларды жастайынан қатыстырып, қолдау көрсетсе, баланың өзіне деген сенімділік пен тәжірибені арттыруы сөзсіз орындалады.

Қазіргі таңда кез келген тәжірибе мен теорияны байланыстырып, істеген жұмыстарын қорғай алатын, бірсөзбен айтқанда, болашақта өз мамандығының ораторы болатын шәкірттерді мектебіміздің ұстаздары тәрбиелеуде. Алдағы уақыттарда бұл жұмыс оң нәтижесін беретініне сенімім мол.

Балнұр  МӘМЕН

 


ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ СПОРТШЫЛАРҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.12.2018 10:17

Аймақ басшысы бір топ спортшылармен, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарымен кездесіп, оларға пәтер кілттері мен ақшалай сертификаттар табыстады.

Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен III жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Диас Бахраддин мен парадзюдо бойынша алғашқы қазақстандық әлем чемпионы Олжас Оразалыұлы жаңа пәтерлердің кілтін алды.

Кездесуге III жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы (6-18 қазан, Буэнос-Айрес, Аргентина) Диас Бахраддин, парадзюдо бойынша әлем чемпионы (16-18 қараша, Одивелаш қ., Португалия) Олжас Оразалыұлы, сондай-ақ дзюдодан Пара Азиаданың күміс жүлдегері Азамат Тұрымбетов, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали және байдарка мен каноэ есуден Азия ойындарының қола жүлдегері Мерей Медетов және отырып ойнау волейболынан Пара Азия ойындарының қола жүлдегерлері Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев қатысты.

«Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Облысымызда бұқаралық спорт, жоғары спорт шеберлігі, ұлттық спортпен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында да спорт қарқынды дамып келеді. Португалияның Одивелаш қаласында парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді қызылордалық Олжас Оразалыұлы алып берді. Бұл жеңіс Қазақстан Паралимпия спорты тарихындағы алғашқы медаль болып саналады. Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтіп, мыңдаған жастың спортқа, салауатты өмір салтына ынтасын арттырары сөзсіз. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар»,-деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, Диас Бахраддин, Айдос Сұлтанғали және Эрик Қасқабаев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Спорттағы жетістіктері үшін Диас Бахраддин мен Олжас Оразалыұлы пәтер кілттеріне, Айдос Сұлтанғали – 3 млн. теңге, Мерей Медетов пен Азамат Тұрымбетов – 1 млн. теңге, ал Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды.

Өткен демалыс күндері Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен "Спорт жұлдыздары" республикалық журналы ұйымдастырған марапаттау рәсімінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, № 2 спорт мектебі және облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы 2018 жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев "Үздік спортқа жанашыр облыс әкімі" номинациясы бойынша марапатталды.

Айта кетейік, спортты дамыту саласында аймақта олимпиадалық резервті дайындау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 35 спорт түрімен 18 мыңнан астам оқушы айналысады. Олардың қатарында 1 спортшы - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 40 спорт шебері, 878 спорт шебері кандидаты мен 1-дәрежелі спортшылар бар. Қазақстан Республикасының құрама командасына аймақтың 470 спортшысы қосылды.

Соңғы екі жылда аймақта 16 спорт ғимараты пайдалануға берілді. Оның 9-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, 7-еуі облыстық бюджет есебінен салынды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін марапаттады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.12.2018 10:00

Кеше Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында аймақта кәсіпкерлік саласының дамуына атсалысып жүрген бірқатар іскер азаматтар марапатталды.

Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов 2018 жыл Сыр кәсіпкерлері үшін табысты жыл болғандығын айта келе: «Жыл басында облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыстық қоғамдық кеңес пен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдар облыста жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Аймақта кәсіпкерлік саласының дамуында Палата тарапынан да ауқымды шаралар жүргізілуде. Жыл ішінде Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері 200-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғап, Палата мамандары 5855 азаматқа кеңес берді, «Бастау» жобасы аясында 1600 азаматты оқытты. «Бизнес-мектеп» аясында оқу курстарын аяқтаған 1548 азаматтың ішінен жалпы құны 1 млрд. теңгеге жуық қаржыға 429 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалардың барлығы Палата тарапынан сүйемелденді», - деді.

Кәсіпкерлер палатасының басшысы өңірде саланы дамытуда мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен мүдделі мекемелердің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде облыстың өңірлер арасында бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша 1-орынды иеленіп, «Хан тәңірі» сыйлығына қол жеткізгендігін де айтып өтті.

«Бүгін жылды қорытындылар сәтте Сіздермен кездесіп, «Атамекен», сондай-ақ облыс, қала басшылығымен берілген марапаттарды табыс етуді жөн көріп отырмыз. Бұл марапаттарға Сіздердің жыл көлемінде жасаған еңбектеріңізді ескере отырып, Палата тарапынан ұсынған болатынбыз», - дей келе, төмендегі кәсіпкерлерді марапаттап шықты.

1. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың «Алғыс хатымен»:

- «Аралтұз» АҚ-ның президенті Тауасаров Айдынбек;

- «СтандартСтройСервис ЛТД»ЖШС-нің директоры Қалышев Асылбек;

- «СКЗ U» ЖШС-нің директоры Бекжанов Мадихан;

- «Сұлтан Сүйрік» ЖШС-нің директоры Сұлтанов Серік;

2. «АТАМЕКЕН» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтің «Алғыс хатымен»:

- «AB INVEST GROUP» ЖШС-нің директоры Дүйсенбаев Ғалым;

3. Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы Президентінің «Алғыс хатымен»:

- Жеке  кәсіпкер, «Сәулет» базарының басшысы Курбанов Шамсуддин;

4. «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медалімен:

- «К Групп ЛТД» ЖШС-нің директоры Боранбаев Қайрат;

- «ФракДжет» ЖШС-нің директоры Орынғалиев Аслан;

- «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Қарақожаев Оразбек;

- «Полимер продукт» ЖШС-нің директоры Бимағанбетов Қайрат;

- «Монтажспецстрой» ЖШС директоры Үдербаева Рая;

- «Нефтьпромснаб» ЖШС директоры Қуанышбаев Қазбек;

- «Юсупова» ЖК-нің басшысы Юсупова Бибайша;

5. Қызылорда  облысы  әкімінің орынбасары Евгений Кимнің «Алғыс  хатымен»:

- ЖК «Промкоммерц К», Керімқұлова Аида;

5. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың «Алғыс хатымен»:

- «ЭлектроТехнология» ЖШС-нің инженері Шалабаев Марат;

- «Интеллект КИПиА Сервис» ЖШС-нің директоры Абуов Батырбай;

- «Абзал и К» ТС-нің ардагер қызметкері Байылов Молдан;

- «Абзал и К» ТС-нің ардагер қызметкері Микбасов Хамит;

- «Казспецстрой Экспертиза» ЖШС-нің директоры Гүлзагира Абдраимова;

- «Жәрдем» ауылшаруашылық кооператитерінің Ревизиялық кеңесінің төрағасы Шәріпұлы Айтуған;

- «Абай Даулет» ЖШС-нің директоры Сәрсенбаев Мұрат;

- «Сыбаға» ЖШС-гі директорының орынбасары Төлеков Ақперде;

- «Жайна» СҮ-нің басқарушы директоры Сүгүрбаева Рая;

- Қызылорда облысы туризм Қауымдастығының төрайымы Булегенова Сәуле;

- ЖК «Қуаңбаева Гульжан», Қуаңбаева Гүлжан;

- ЖК «Токбердиев», Тоқбердиев Турали марапатталды.

Шара қорытындысымен кәсіпкерлер Палата тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, алғыстарын жеткізді.

 

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«Қазалының қасиетті жеріне» айналса... PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.12.2018 17:30

«Жақсымен бірге өткізген азғантай уақытың ғасырмен тең» дегенді естіп жүрміз. Жансарайың ашылып, қоршаған ортаға, тіпті өмірге деген құлшынысың арта түседі. Күйбің тірліктің шырмауынан бір сәтке болса да арылғандай сезімге бөленіп, ертеңгі күнге сенімің де нығаяры анық.

Кластасым әрі досым Болат Жолтаев қоңырау шалды. Өз басым Бөкеңді пайғамбардың ұрпағы, білікті азамат, мықты тарихшы деп қатты бағалаймын. Жастау кезінде керемет асаба ретінде көпшілікке танылған досымның гитарамен қосыла шырқаса ортасын елең еткізердей дауысы, анау-мынау тіл маманын тосылдыратындай шешендігі де бар. Олай болмағанда ше? Тектіліктің тұқым қуалайтыны белгілі. Болаттың арғы бабалары Қараханид қожадан тарайды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Сыр өңіріне келіп қоныстанған текті әулеттің Бақы есімді бір ұрпағы ел арасында әулие, ғұлама атанған. Онан кейінгі Ақ ишан атамыздың да киелі жан деген қасиеттілігі көпшілікке жақсы мәлім. Жолтай көкеміз болса мықты күйші, тұлпар шығар жүйрікті құлынынан танитын атбегі, жүйрік тазы жүгіртіп, қыран құс баптаған саяткер екен. Болаттың өз әкесі Әбен ағай бізге мектеп қабырғасында жүргенде музыка пәнінен сабақ берді. Ауданның мәдениет саласының дамуына бір кісідей тер төккен өнерлі адам еді. Осындай тектілік жеті атасынан дарыған Болат досым да, өз басым «қожекеңнің елтісі» деп әзілді-шынды атайтын ақкөңіл зайыбы Бақыткүл сұлу да мамандығы бойынша мұғалім. Бақыткүл кезінде Алматыдағы жоғары физика-математика мектебін үздік тамамдаған. Мұндай оқу орнының сол тұстағы қадір-құны қаншалықты биік екендігін менің замандастарым жақсы түйсінеді. Аудан әкімінің орынбасары, білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры лауазымын атқарған Болаттың өзі қазір іргелі ұжымның тізгінін ұстап отыр.

Бөкең мен Бақыткүлдің перзенттерінің де талаптары бөтен емес. Гүл-Фарида есімді қызымыз Швейцариядағы беделді оқу орнын бітірген болатын. Бөкеңнің қазіргі қоңырау шалуы да осы қызымыздың ақ жолтай қуанышымен астасып жатқандай.

«Гүл-Фарида қызың Сауд Арабиясы ханшайымы биылғы жылы ашқан институына дәріс беруге шақырту алды. Ұшаққа билеті дайын тұр. Жанқожа бабамның ұрпағы деп қуанышымды өзіңмен бөлісуді жөн санадым» деген досымның дауысынан тебіреніс белгісін байқадым. Бізде мәре-сәреміз.

Сауд Арабиясы сынды мемлекеттің ханшайымының басқаруындағы мәртебелі оқу орны кез келген маманға ұсыныс жасамасы бесенеден белгілі ғой. Таңдау Сыр елінің, қала берді Қазалының перзентіне түссе, неге шаттанбасқа? Қалай қуанып, масаттансаң да артық емес, Қазалым! Жолтаевтардың Нұр-Ислам есімді кенжесі Алматы қалалық жер басқармасында қызмет етеді.

Енді Болат досымнан естіген осы мақаланы жазуға себепші болған жайтқа тоқталсам. Күні кеше Қазалыда Әйтеке би ескерткіші мен Рәміздер алаңы ашылғаны әмбеге аян. Көпшілікке ортақ игілікті іске сүйсінісін жеткізген қожекеңнің мына сөзі мені елең еткізді. Болаттың айтуынша, Қазалы ауданы әкімі қызметін атқарып жүрген кезінде Айтбай Көшербайұлы ағамыз «өңірден шыққан әулие, ғұлама, даңқты бабаларымыздың ескерткіштері, өзге де ел ұлағат тұтар орындарды Жанқожа батыр атамыздың кесенесі орналасқан беткейге шоғырландырса жөн болар еді. Сонда бүтін бір аумақ көпшілік тағылым алатын мекенге айналып, сырттан келген қонақтарға «Қазалының киелі жері» деп мақтанышпен көрсетер едік» десе керек. Өмірден көрген-түйгені мол ағамыздың сол лебізі жылдар өте шындыққа айнала бастағандай. Көркейіп, гүлдене бер, қасиетті Қазалым!

Жұмабек Табынбаев,

Жанқожа батыр ауылы

 


Үкіметтегі ауыс-түйіс PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.12.2018 14:48

Атамқұлов Сыртқы істер министрі болды

Сыртқы істер министрі болып Бейбіт Атамқұлов тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

"Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылсын", - делінген Қаулының мәтінінде.

 

Жеңіс Қасымбек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды

Ж.М.Қасымбек Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне тағайындалды.

"Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі қызметінен босатылсын", - делінген Қаулыда.

 

Асқар Жұмағалиев Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылсын", - делінген Қаулының мәтінінде.

 

 


Қызылордада қарақұйрықты атқандар ұсталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.12.2018 14:28

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылына қарасты Қазанбай деп аталатын учаскеде «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігін тоқтатып тексеру барысында 2 бас қарақұйрық, 33 бас құм қояны, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары заттай дәлелдемелер алынды.

Осыған байланысты күдікті 32- 33 жастағы екі азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жинақталған материал Жалағаш аудандық сотына жолданған.

Жалағаш аудандық сотының 24.10.2018 жылғы Үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігінің 2, 4-тармақтарымен сотталушылар Н.Ж. мен Е.Х. екеуі 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылауға алынған.

Сонымен бірге, сотталушылардан мемлекет пайдасына 8 млн. 729 мың 978 теңге және 3 млн.  284 мың 378 теңге залал өндіруге үкім шығарылған.

Сондай-ақ, осы үкіммен «Тоуоta  Land Cruiser» маркалы автокөлігі, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары мемлекет пайдасына тәркіленген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 31.10.2006 жылғы №1034 қаулысына сәйкес, қарақұйрық аңы – жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне және Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

 


ҚАРМАҚШЫДА «ЖАСТАР БАЛЫ» ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.12.2018 14:21

Ауданымызда тұңғыш рет «2019 жастар жылына» орай «Қармақшы - жалынды жастар мекені» атты аудан жастарының балы өткізілді.

Жастар балының құрметті қонақтары қатарында аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы және Қызылорда облысының жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Жасұлан Нұргелдіұлы және аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қайырбекұлы қатысты.

Жастар балының алғы сөзін маслихат хатшысы Марат Наятұлы ашып, аудан жастарын келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

Сондай-ақ, жастар және оқушылар мәслихаты депутаттарының куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

Сонымен қатар шара барысында ауданымызда жастар саясаты саласында қызмет атқарып жүрген мамандармен бірге белсенді жастар облыс әкімінің орынбасарының, аудан әкімінің және жастар саясаты мәселелері басқармасының алғыс хаттарымен марапатталып, құрметке бөленді.

Шара соңы жастардың бал биімен және «Алғашқы қар» атты шоу бағдарламаға жалғасты.

Айбол Қозыбақов

 


АУДАН ӘКІМІНІҢ ШЫРШАСЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.12.2018 14:13

Кеше "Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!" атты аудан әкімінің мерекелік шыршасы өтті. Шыршаға мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғалған, оқу үздіктері, түрлі халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен байқауларда, олимпиадаларда және спорттық сайыстарда ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген оқушылар қастысты.

Шарада аудан əкімі Сұлтан Мақашов бүлдіршіндер мен ата-аналарды жаңа жылымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Балалар Ақшақар мен Аяз ата сынды кейіпкерлермен бірге көңілді ән шырқап, би биледі.

Тамаша кеш барысында ертегі әлемінің кейіпкерлері бүлдіршіндерге керемет көңіл күй сыйлады. Балақайлар болса, сыйлықтар үшін алғыстарын білдіріп, түрлі ойындарға қызыға қатысты.

Айбол Қозыбақов

 


ШЕКТІ МӘН һәм ШЕКСІЗ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
27.12.2018 13:34

Заманның бір тұсында бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейтін халге жеткен. Байдың үйі кең, әдемі болыпты.­ Іші толған – алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгілі, нанын әзер тауып жейтін кедей егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті. Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:

– Әй, кедей! Сен мына бір кесек алтынды ал да, маған бір үзім нан бер, - дейді.

Міне, су тасып, бұрқасын дауыл болмаса да дәл осындай күй кешіп отырған отбасылар жоқ деп сіз де, біз де айта алмаймыз. Өйткені көшеде көретін көрі­ні­сіміздің көбі – қайыршы адам мен қайырымсыз жолаушы.

Нарықтық бағаның жағадан алып, балақтан тартып тұрғанынан зардап шеккен кедей өз азығының құнын біліп, тал қармап тұрған байға «Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын» дейді. Өйткені оған бір үзімін берсе, тойымсыздығын көрсетіп, қомағайлануы бек мүмкін. Тура біздің нарық секілді. Қымбаттаған үстіне қымбаттап, айлық, зейнетақы мөлшері көбейеді дегенді естігеннен-ақ, табысы азық-түлік қоржынынан төмен 0,2 пайыз халық тағы да есеңгіреп қалды.  ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесі ағымдағы жылдың жартыжылдығында 4,7 пайызды құраған. Естеріңізде болса, қазан айында азық-түлік бағаларын төмендету туралы әңгіменің төркіні шыққан еді. Алдыңғы апталардың бірінде еліміздің бас экономисі сұраныстың артуы бағаның өсіміне әкеліп соғатынын айтып, шулаған елді басқандай сыңай танытқан.

- Бұл жағдай түсінікті, себебі біз нарықтық экономикада өмір сүріп жатырмыз. Тауарға сұраныс артқан сайын, баға үнемі жоғарылай береді. Бұл тұрғыда қонақүйлерде жаз кезінде басқа баға қалыптасса, қыста баға керісінше төмендейді. Осы жағдайлар нарықтың аясында қалыптасып отыр және оған дайын болу керек. Ал азық-түлікті арзан бағамен сату үшін мемлекет тиісті дүкендерді ашуды жоспарламайды, - деген еді ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов.

Жалғастырайық. Әлгі кедейдің көршісі ағаш басынан әлі түскен жоқ. Екінші күні тағы да нан сұрайды.

– Алтынымның жартысын берейін, - дейді ол бұл жолы.

– Жоқ, бере алмаймын, - деп кедей де келіспейді.

Өйткені ол нан өзінің жеке басына ғана шақталған. Ал өткен жылғы ресми деректер халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 83053 теңгені құрағанын мәлімдеп отыр. Осы кезеңдегі тұтыну тауарлары мен қызметтері бағасының  7,4 пайызға өсімі кезінде халықтың нақты ақшалай табысы 1 пайызға ғана өскен. Ал одан халықтың қалтасы томпайып кеткен жоқ. Әдеттегі сарынмен қолдағы барын күнделікті азығына жұмсап күн кешіп келеді. Алтынын арқалаған бай да бір үзім нанға бүкіл байлығын айырбастайтынын айтты емес пе? Оған кедей көнбеді. Жалғыз томардың қызуына жылынып отырған тұрмысы төмен отбасылары үшін байлықтың қажеті жоқ. Өмір тынысынан қағылмас үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арзандағаны да олжа.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (бұдан әрі – ӘМАТ – ред.) бағаларының өзгеруі өткен аптамен салыстырғанда 0,3%-ды  құрайды. Барлық өңірлерде қырыққабат және қант бойынша шекті мәндердің 15%-дан астам көтерілуі байқалды. Бұл мәселе тетігі   10 өңірде байқалғанмен, екі өңір әлі күнге үнсіз. Ағымдағы жыл аяқталуға жақын, әкімдіктер келесі жылға арналған ӘМАТ-тың болжамдық мәндерін белгілеуі тиіс. Алайда бірде-бір әкімдік шекті мәндерді бекіткен жоқ, бұл 2019 жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне уақытылы ден қоюға кері әсерін тигізуі мүмкін, - деді Т.Мұратұлы  сейсенбідегі Үкімет  сағатында.

Әлгі хикаяның соңы немен аяқталды дейсіз ғой? Бойынан күші кеткен байдың басы  айналып, суға құлап  түседі. Келесі күні  тасқынсу тоқтап, кедей ағаштың басында  отырған күндерден құтылады. Ал азық-түлік тауарларын қолжетімді бағаға арзандату туралы мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу қорытындысын халық сезінуі керек. Бұл – Үкіметбасының сөзі. Бастысы, халықтың көкейіндегі мәселе Үкіметтің құлағына жетіп тұр.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ӘКІМНІҢ СӨЗІ ӘРКІМНІҢ СӨЗІ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.12.2018 12:30

Қаладағы КБИ мөлтек ауданында орналасқан мал базары қала сыртына көшірілуі тиіс. Дәл осы мәселе жөнін­де қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжі­лісінде айтылған болатын­. Мұнан тура 3 ай бұрын. Сірә, қалалық ветеринария және ветерина­риялық бақылау бөлімінің басшысы Шыңғыс Жұмаділ­лаевтың жылдың алғашқы 7 айында атқарған жұмыстары туралы баянда­масы оған ұнамаса керек-ті.

- Осымен екі жыл болды, мал базарын қаланың сырт жағына көшіру айтыл­ып келе жатыр. Алайда нәтиже жоқ. Базарға  барсаң, жүру  мүмкін емес. Кәсіпкердің  алдынан  өтіңдер, қаланың сырт  жағына  көшірсін. Оның бұл кәсібін ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ. Ал, егер ол талапқа көн­бей ме, ендеше­  басқа кәсіпкер табыңдар. Әрине, кәсіппен  айналысқан  дұрыс. Бірақ ол ақша тапсын деп қарапайым халық қиналуы керек емес ғой, - деген еді  сонда  шаһар  басшысы.

Иә, мұнан бері 3 ай да зу етіп өтіп кетті. Мүмкін, Шыңғыс бастаған бөлімдегілер шынында мәселені шешуге­ талпынып жүрген болар. Жалпы­, жайсыздықты КБИ-дегі тұрғындар  тартып-ақ жүр. Мәселенің көтерілгеніне 2 жылдың болғанын қала әкімі өз сөзінде айтты. Үш ай бойы алынбаған “қамал” бір-ақ күнде, бір-ақ түнде буынып-түйініп көшіп кете ме екен? Өткенде таныс жігіттен осы мәселе турасында сұрағанымда: “Әй, оны ешкім көшіре алмайды” деп сенімді түрде айтқан болатын. Сонда “Қойшы, тегі” деп таңғалғаным әлі есімде. “Әкімнің сөзі әркімнің сөзі емес шығар” деп те ойлағанымды несіне­  жасырайын...

 

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары