Өзекті мәселелер

  • 20.06.19

    Гүлсім  ТАҢАТОВА,

    судья:

    Қап арқалаған қария. Әр сот отырысында жанынан тастамайтын кенеп қап... Оны есірткіге қатысты қылмысқа не мәжбүр етті? Тәжірибелі судьяның қылмыстық істі қараудан үзілді-кесілді бас тартуына не себеп? Бұл сауалдардың жауабын бірер айдан соң отс...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    АҒАЙЫНДЫ

    Екі ағайынды жігіт. Қабы да бір, сабы да бір: әке де, шеше де ортақ. Көргені де, жүргені де бір. Ішкені бірдей, жегені бір­дей... Бірақ біреуіне көптің көңілі қызығарлық ақыл қон­ған, біреуіне көптің шырқын бұзарлық арақ қонған...

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    ЕКІ  ЕСАЛАҢ

    Ол түнімен «Нақұрыстың өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүние­сіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның балғындығын бүкіл тамырымен сезі­не­ отырып, тәтті қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына  сүңгіді. Күнде теріскей жақтан­ ке...

    Толығырақ...
  • 20.06.19

    Қазақ өз ұрпағына қашанда жақсы тәлім, өнегелі тәрбие беруден жалыққан емес. Тіпті тәрбиенің бір бастауы­н бесіктен­ бастап, оның ата-анасының да жауапкерш­ілігін жүктеп отырған. Бүгінде осы ұлы мін­детті жартылай да орындай алмай жүргендер бар.

    ...
    Толығырақ...
  • 20.06.19

    «...Бізге керегі шын дарындар. Мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті». Иә, талантты да дарынды жастар – елі­міздің бетке ұстар мақтаныштары. Оны  жоғарыда айтылған Тұңғыш президентіміз Н.На­зар­баевтың сөзінен айқын байқауға болады. Жас ұрпақтың келешекке нық қадам басуы­ – қоғам үшін маңызды да жауапты күш. Еңсесін тіктеп келе жатқан ел...

    Толығырақ...
Ақпан 2019

СЫНЫҚШЫ АҒАЛЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2019 10:41

1996 жылдың көктемі жаңбырлы бастал­ды. Күн құрғатпай шелектеп құйған жаңбыр бір ашылмай-ақ қойды. Наурыз айының соңына қарай ғана толассы­з жауған жауын тоқтап, күн жылы­на  бастады.

Көктемнің бұлтсыз көк аспанына үлкен үйдің сол жақ бетіне шикі кір­піштен салынған шағын үйдің терезе­сінен мағыналы көзқарасымен қарап сынық­шы Ағалық отыр. Бір кезде есік ашылып, сырттан жеті ұлының алтыншысы, мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Бекәділ кіріп келді де әкесіне қарап:

- Көке, сүйініші, ұлды болдым! - деп әкесінің қасына келіп отырды.

- Әй, бәрекелді, бақытты, ғұмырлы болсын, - деп Ағалық баласының арқасынан  қағып  қойды.

Осы кезде сырттағы малды жайғап болып Бекәділге «құтты болсын» айтып үйге аға-інілері бірінен соң бірі кіріп келе бастады. Барлығы жайғасқан соң жеті ұлдың үлкені Беркімбай әкесіне:

- Көке, немереңіздің есімін кім деп қоямыз? - деді.

- Ойланып жақсы есім қояйық.

Бөлме ортасындағы дастарқанды айнала жайғасып, әкесі бастаған жеті ұл сәбиге жақсы есім қою үшін аз-кем ойланы­п отырды. Бір уақыт жеті ұлдың ішіндегі әзілқойы Әділбай отырған­дарға өз ойын айтты.

- Көке, балаға Алтынбек деп есім қойсақ, қалай болар екен? Алтынбек атамыздай дәулетті болсын, - деді.

Үйде отырған барлығы мұны жөн көрді. Ағалық та немересінің есімінің Алтынбек болуына қарсы болмады.

Міне, сол Алтынбек биыл бес жасқа толды. Атасы Ағалық болса жетпіс бес жасты еңсерді. Соңғы уақытта Ағалық бұрынғы достарын, өмірден озған таныст­арын жиі еске алатын болды. Бір күні үйде таңғы асын ішіп болып сыртқ­а шығайын деп орнынан тұра бергенде үйге сенімді серігі, досы Досалы кіріп келді. Ағалықпен амандасып болғасын:

- Ағалық, ұзақ жылдардан бері хабарсыз кеткен досымыз Ордабектің қай жерде екенін білдім, - деді.

- Қайда екен?

- Алтынбелді ауылында екен.

- Бүгін емес, ертең ерте тұрып аттанайық, - деді Ағалық орнына қайта отырып.

Содан ертесіне немересі Алтынбекті алып, Ағалық пен Досалы бір-бір атқа мініп, Алтынбелді ауылына аттанды. Қазірде Ағалық қайда барса да, немересін бірге алып жүретін. Жолда достары Ордабек үшін базардан қоржындарын толтырып базарлық алды. Суыт жүрген олар сол күні кешке дейін жол жүріп, қас қарайғанда Көкарал ауылы маңына маңдай тіреді. Түнде сол ауылға қонып, таң сызат­тана бастағанда қайта жолға шығып, сәске уақытында Алтынбелді ауылына да жетті. Ауылға кіреберісте есек арба мініп келе жатқан біреуден Ордабектің үйі қайда орналасқанын сұрап біліп алды. Әлгі адам айтқан мекен­жайға келіп, тағы да жол шетінде отырған үш адамнан Ордабектің үйін сұрап еді, «анау кішкене қақпалы үйде тұрады» деп тар көшенің сол жағында орналасқан ағаш қақпалы бір үйді қолдары­мен көрсетті. Ағалық аттан түсіп, жол шетіндегі адамдар көрсеткен үйдің қақпасын ашты да:

- Ордабек! - деп айғайлады.

Бір бала үйден жүгіріп шықты.

- Ордабек үйде болса айт, қонақтар келді деп.

Әлгі бала «мақұл» деп зып етті. Аула іші тар. Үй де үлкен емес екен. Аздан соң жаңағы бала үйден шығып, «кіре беріңіздер, атам төргі бөлмеде отыр» деп үйге қайта кіріп кетті. Ағалық неме­ресінің қолынан ұстап үйге кірді. Кіреберіске аяқкиімдерін шешіп төргі бөл­меге кіріп барса, бөлменің сол жағындағы қабырға түбінде күркілдей жөтеліп Ордабек жатыр. Жоқшылық ғой, едендегі ши үстіне жыртық-жыртық киіз төселепті. Алба-жұлба киінген екі бала бір бұрышта отыр.

- Ассалаумағалайкүм! - деп кіріп кел­генд­ерге Ордабек қадала қарап жатты­  да:

- Ағалықсың ба? Ой, жаныңдағы Досал­ы ма? Пәлі, қайдан келдіңдер бауыр­ларым-ау? - деп қозғалақтап-қозғала­қтап қойды да тұра алмайтыны есіне түскендей, екі қолын жатқан күйі алға  созды.

- Келдік ғой, Ордабек, келдік. Өзіңді көп іздедік, - деп Ағалық оның қолын алды. Ордабектің көзінен жас сорғалап, жылап жіберді.

- Жылағаның не, Ордабек? Қайта біз келгенге қуанып мәз болмайсың ба?

Осы сөзден соң Ордабек екі көзін алақанымен сүртіп, зорлана жымиды.

- Қалай, Ағалық? Аман-сау келдіңдер ме? Төрге шық.

- Бұл күйге қалай түсіп жүрсің? - деді Ағалық досының орнынан тұра алмайтынын көріп.

- Е-е-е, Ағалық, «сорлы сордан көз ашпайды» дегендей, маңдайым сордан көз ашпайтын жазған екенмін де. Мына екі жас бүлдіршін – менің немерелерім. Төрт жыл бұрын жалғыз ұлым Құттыбай мен келінім бір күнде өзенге ағып қайтыс болды. Ал кемпірімнің қайтқанына да он жылдан асқан. Ұлым мен келінімнен бір күнде ажыраған соң, шал басыммен екі немеремді құшақтап қала бердім. Осы қыста шөп түсіремін деп сатыдан құладым. Құлағанда жұлыныма зақым келіпті. Қыс бойы ойбайлап, ұйқы көрмедім. Міне, Ағалық, жатырмын содан бері осылай, немерелерім­нің аман-саулығына тәубе деп.

- Ішіп-жемді қайдан тауып жатырсыңдар? - деді Досалы.

- Көктем келгелі екі немерем көшеге­ шығып, базарға барып жүк тасып, біреуле­рге жалданып жүріп болса да нанпұл тауып келіп жүр. Кей күндері аш қаламыз. Қазір сендерге не береті­німді білмей жатырмын.

Ордабектің әңгімесін естігенде Ағалықтың аза бойы қаза болып, жүрегі шымырлады.

- Бізді қойшы. Өзің амансың ба? Бала-шаға, немерелерден нешеу  болды? - деді Ордабек Ағалықтың тізесінде отырған Алтынбекке қарап.

- Құдай нәсіп еткен жеті ұлым, екі қызым бар. Мына немеремнің есімі Алтынбек, алтыншы ұлым Бекәділдің тұңғышы, - деп Алтынбектің бетінен сүйді.

Ордабек Алтынбекті алдына отыр­ғызып:

- Есімің Алтынбек екен ғой, жеті атаңды білесің бе? - деп ерекше мейірім­ділікпен күліп Алтынбектің жүзіне қарады.

Ағалық Алтынбекке он екі атасына дейін өзі жаттатқызған болатын. Ордабек сұрақ бергенде Алтынбек тосылм­ай бірден жеті атасын айта бастады.­

- Мен он екі атама дейін білемін, Бекәділ, Ағалық, Ергебек, Алтынбек, Сәукі, Масақбай, Бозан, Жолбарыс, Өтеғұл,  Бораш,  Тәңірберді, Жандер­біс, - деп жауап берді де, атасының мойнына еркелей асыла кетті.

Ордабек Алтынбекке тағы да сұрақтар қойып, жауап айтқан жас баланың тәтті тіліне риза болды.

Достарын іздеп барған Ағалықтар екі күн Ордабектің үйінде болып, үшінші күні ауылдарына жүріп кетті. Кетерде Ағалық пен Досалы бір бума ақшаны Ордабектің немересінің қолына ұстатты. Қоштасарда Ордабек жатқан жерін­де Ағалықты ұзақ құшақтап еңкілдеп жылап алды. Кетіп бара жатып Ордабекке «күзде келіп сені және немерелеріңді ауылымызға алып кетеміз, бізбен тұратын боласың» деді.

Бірақ бұл кезде Ағалық пен Досалы көп өтпей достары Ордабек қайтыс болатынын, оның екі немересі ұзақ жылдардан соң Ағалықты іздеп келетінін білген жоқ-ты...

Күн батып шам намазын оқу үшін Ағалықтың жеті ұлы әкелерінің бөлмесіне жинала бастады. Ағалық дәретін алып үйге кіріп келсе, балалары жайнамазды дайындап өзін күтіп тұр екен. Алтынбелді ауылына барып, досы Орда­бекті көріп келгеніне де бір ай уақыт болған. Сол уақыт аралығында Ағалық ең сүйікті немересі Алтынбекті ертіп көп­теген таныстарының үйіне, таудағы бұ­рынғы аңшы достарына да барып қайтты.

Ағалық намазға келген жеті ұлын көріп қатты қуанды. Содан барлығы шам намазын оқыды. Имамдыққа кіші ұлы Нұрәділ шықты. Намазды аяқтап болғасын, келіндері дайындап қойған асқа барлығы отырды.

Ас әр уақытта Ағалықтың бөлмесінде ішілетін. Еркектер үшін бір бөлек, әйелдерге бір бөлек, жас балаларға бір бөлек дастарқан дайындалатын.

Кешкі астарын алдарына енді ала бергендерінде Аюбхан есімді ауылдастары әрі Ағалықтың ұлдарының жақын досы сәлем беріп кіріп келді. «Кел, кел төрге шық» деп келген қонақты төрге отырғызды. Аюбхан қарапайым шаруа адамы болатын және қайтыс болған­дарға мазарда бейіт қазумен де айна­лысатын. Жалпы, Ағалықтың үйінен қонақ үзілмейтін. Сынықшы болғасын ем іздеп келетіндер де көп еді, сондай-ақ көршілері де, ауылдастары да жиі келіп тұратын.

Тамақтанып болған соң Ағалық Айыпқ­а  қарап:

- Аюбхан, өзің келіп қалған екенсің әрі мұнда ұлдарым да түгел отыр. Төрт көздерің түгел кезде өсиетімді айтайын­ сендерге, - деді.

Дастарқан басындағы ұлдары мен келіндері түгел әкелеріне қарап үнсіз отыр.

- Бірінші кезекте ұлдарыма айтарым, әрқашан тату болыңдар. Бір-бірің­ді сыйлап, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп құрметтеңдер, - деп Ағалық өзіне қарап отырған ұлдарының жүзіне бір қарап шолып өтіп сөзін жалғастырды. - Мен өмірімде біреудің аманатына қиянат жасамадым, адал өмір сүрдім. Сендерге де соны өсиет етемін. Тату-тәтті, тек ғана адал өмір сүріп өткізіңдер бұл жалғанды. Сосын тағы айтарым, мен өліп қабірдің ішкі қуыс-үйіне жатқыз­ғандарыңда мына Алтынбек бір уыс топы­рақ алып басыма сол топырақты тастасын, - деп Айыпқа қарады. - Ал Аюбхан, менің саған айтарым, мен өлген кезде қабірімнің ішкі қуыс-үйінің барынша үлкен болуына өзің жауапты бол, - деп сөзін аяқтады.

Бөлмеде отырғандардың барлығы «мақұл» дегендей үнсіз қалды.

Ертесіне Ағалық Спатай есімді ұлын шақырып, үйірдегі екі жылқыны базар­ға алып барып сатып, ақшасын алып келуін тапсырды. Ұлы базардан келге­сін, екі жылқының ақшасын қалтасына салып, қасына немересі Алтынбекті алып, ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға жылқының ақшасын түгел таратып, қайтар жолда ауыл сыртындағы мазар­ға  кірді.

Мазар қақпасынан ішке кіргенде батысты бетке алып төрт жүз метрдей жүргенде Ағалықтың әке-шешесінің, інісі Асубайдың және басқа да туыс­тарының бейіттері тұр. Ағалық немере­сінің қолынан ұстап қатар жатқан әкесі мен анасының бейітінің басына келді де жүрелей отырып көзіне жас толған күйде ұзақ уақыт құран оқыды. Немере­сі Алтынбек те үнсіз атасымен қатар бейітке қарап отыр. Ағалық құранды аяқтап, қолын жайып ұзақ дұға етіп бетін сипады. Сосын орнынан тұрып мазар шетіндегі кішігірім үйден бір орақ алып алдымен әке-шешесінің, одан соң інісінің бейітінің топырақ бетіне­ өскен шөпті орып тазалап, орыл­ған шөпті сыртқа шығарып тастады. Сол күні Ағалық бейіт басында екі сағатт­ан  астам  болды.

Мазардан шығып ауылындағы мешіт­ке келіп екі бас намаз оқыған Ағалық онда да ұзақ отырды. Қасында ылғи бірге жүретін немересі, ол намаз оқығанда терезе жақтауындағы тізіліп тұрған кітаптарды парақтаумен болды. Намазын оқып біраз отырған Ағалық мешіттен кеткісі келмей қайта-қайта артына қарап, мешіттен шығып үйіне келді. Келсе аулада ұлы Бекәділ отын шауып тұр екен. Ұлына қарап:

- Бекәділ, атты жүріске дайында, - деді.

- Жарайды, көке, - деп ол атқораға қарай жылдам жүріп кетті.

Немересін үйге тастап торы атқа мініп ауыл сыртына шықты. Жарты сағат­ жүрген соң биік бір қырдың үстіне шығып батысқа қарап, қиындықта өткізген балалық шағын, інісі Асубайды, қайтыс болған достарын ойлап біраз уақыт қыр басында тұрды. Сол күні кешке­ дейін ат үстінде кең даланы шарлаға­н Ағалық күн батуға айналғанда­ үйіне қайтып келді. Түнде ұйқысында түс көріп оянып та кетті. Түсінде тағы да әке-шешесін көрді.

Таңғы бамдат намазы басталар алдында ұйқысынан оянып тұрып, сыртқа­ шығып дәрет алып келді де намаз оқуға әзірленді. Немересі Алтынбек әрқашан атасымен бір бөлмеде жататын. Ағалық ұйқыда жатқан немересінің бетінен сүйді де ақырын көтеріп шетке жатқызды. Осы кезде есік ашылып сырттан бамдат намазын оқу үшін жеті ұлы бірі­нен соң бірі бөлмеге кіре бастады. Бесінші ұлы Әділбай жайнамазды намаз­ға дайындады. Сосын барлығы қатар сапқа тұрды. Сапта Ағалықтың оң жағында Беркімбай, Көркембай, Спатай есімді ұлдары тұрды, сол жағында Бекәділ, Ағатай, Әділбай ұлдары қатар тұр, ал жетінші, кенже ұлы Нұрәділ әдеттегідей имамдыққа алға шықты.

Намаз басталып бамдат намазының екі рәкат сүннетін оқыды. Содан кейін барлығы бамдаттың екі рәкат парызын оқуға кірісті. Парыздың бірінші рәкатын оқып болып, екінші рәкатта «аллаһу­ әкбар» деп сәждеге барды. Барлығы маңдайларын жерге тигізіп дұғасын оқыды. Сосын алдағы имам «аллаһу әкбар» деп айтқанда Ағалықтың ұлдары бастарын жерден үзіп көтеріп намазға тән отырыспен отырысты. Бірақ Ағалық маңдайын жерге тигізген күйде сәждеден тұрмады. Ұлдары екі жаққа сәлем беріп дұғасын жасап бол­ғанда да Ағалық қимылдамады. Бекәділ ақырын әкесінің иығынан түртіп «көке» деді. Бірақ жауап та жоқ, бір қимыл-әрекет те жоқ. Бекәділге Беркімбай қосылып әкесін тұрғызбақ еді, болмады.­ Әкелерінің басын көтеріп қараса дем алмай, демсіз жатыр. Осы сәтте жеті ұлы да әкелерінің қайтыс болғанын білді. Барлығы әкелерін құшақтап өкіріп жылап­ қала берді.

Ағалық қайтыс болғанда бүкіл ауыл, онымен қоса ауданның түкпір-түкпі­рінен, таудағы аңшы, қойшы достарына дейін жаназаға жиналды. Ағалықты танымайтындар жаназаға жиналғандар санына қарап бір бай немесе атқамінер өлген шығар деп ойлады. Бірақ қарапайым сынықшының жаназасына жинал­ғандардың қарасы мол болды. Ағалықтың денесі салынған табыт үйден бастап мазарға қабір басына дейін қолдан-қолға өтіп барды. Өзі өсиет етіп айтқанындай қабірінің ішкі қуыс-үйі өте үлкен болды және Ағалық айтып кеткеніндей немересі Алтынбек бір уыс топырақты алып атасының інісі Бердібайға берді, Бердібай топырақты алып қабірдің ішкі қуыс-үйінде жатқан ағасының басына аздап сеуіп, қалғанын басын­ың астына тастады. Қабір көмі­ліп, топырақ үйілген соң молда «ясин» сүресін оқып дұға жасады. Сосын Ағалықтың жеті ұлы және немересі Алтын­бектен басқа адамдар дұға жасал­ған соң жапа-тармағай үйлеріне тарасты. Жеті ұлының ішінде кенжесі Нұр­әділ жылап отырып ұзақ уақыт тағы да құран оқыды, одан соң барлығы дұға жасап орындарынан тұрды. Барлығының көзінде жас. Әкелерін қимай-қимай, арттарына қарап-қарап жеті аға-іні және Алтынбек мазардан шығып үйлеріне бет алды.

Иә, Ағалық осылай өмірден озды. Намаз үстінде қайтыс болу екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Өмірін халық игілігі мен Құдай жолына арнаған сынықшы қайтыс бол­ғанда ұзақ уақыт орны білініп, адамдар аузында тек жақсы сөздермен еске алынды...

 

Абдулла  Бекәділұлы,

Қорқыт Ата атындағы

ҚМУ-дың магистранты

 


МЕНІҢ ҚАРАТЕРЕҢІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2019 10:39

Ыстық құшақ жан анамдай көремін,

Өзіңе арнап жыр маржанын төгемін

Сен деп қана дүрсілдейді жүрегім,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

 

Толқындардай тынбай алға келемін,

Көк теңіздей тебірене беремін.

Шағала-арман шарқ ұрады кеудемде,

О, сүйікті менің Қаратереңім!

 

Ақын Серік Сейітмағамбетовтың сөзіне жазылға­н бұл әннің біздің шаңырағымызда маңызы­ өте зор. Күн сайын шырқалады десем де болады. Себебі әнін Орынбай Сейтжанов атам жазған. Біз «атамыздың әні» деп шуласақ, әжем әннің тарихын айтып, атамды сағынышпен еске алады. Жасырат­ыны жоқ, қазір ән Арал ауданы­ Қаратерең ауылының ән­ұраны іспеттес. Мен де сол мекеннің тумасымын. Туған жер қашанда ыстық болып көрінеді емес пе? Оның топырағы, суы мен нуы, тіпті керек десеңіз, қызған тірлігі де жылы ұшырайды. Тіршілік көзі дедік ғой, ендеше қасиетті Қаратереңімнің бүгінгі бет-бейнесіне тоқталайын­.

Ауыл Сырдарияның Арал теңізіне құяр жеріне жақын орналасқан. Бұл аймақтың негізгі шаруашылығы балық екенін бәрі біледі.

Әлі есімде, менің бала кезімде әкем күні-түні теңіз басында болып, дастарқанымыз су маржанынан арыл­майтын. Бірақ бұл дәуреннің саябыр­лан­ған кезі де болып тұратын. Әжем бір сөзінде:

– Әкең ер жетпей тұрып, жас кезі­мізде біз де балық аулайтынбыз. Бір емес, бірнеше жұмысты қатар  атқардық,- дейтін.

Демек, балық аулау кәсібі ауыл үшін де, біз үшін де атакәсіп екені анық. Журналист Б.Омаров біздің ауылды «кез келген үйдің маңында – теңкиген қайық, алты құлаш ау, төрт құлаш таяу» деп суреттеп еді. Алайда ауылдың бұл тіршілігі бір кездері күйреп, теңізі тарты­лып, халықтың азығы болған балық бір сәтте көзден ғайып болды. Ауыл тұрғындары үшін мұндай қиын-қыстау кез жанға батқаны рас.

Сырт қалаға бара қалсаң, «Арал тартылып, халқы­ нашар күй кешіп жатыр екен ғой» деп таңғалатындар да табылады. Ауыл жайлы сөз қозғай қалсаң, құмнан басқа ештеңе көрін­бейтін, ішіп жер асы, күнкөріс қамы  жоқ, бір сөзбен айтқанда, күйреген ауыл деп жарыса айтатындар да бар. Ит байласа тұрмайтын жер деп сұстана қарағандар, кейін ең бай ауылдың балығ­ын аңсайтындарын білмеген-ау, сірә?! Байланыс болмай, жер тегіс­телмей көлік қатынау қиынға соқ­қаны шындық. Ауыл адамдары үшін сеңдей соғылған баяғы мол балық та болмады. Демек,­ Бауыржан ағамыздың сөзімен айтқанда, қара қайық қара майы кеткен соң, жата-жата отынға, алты құлаш ау шіри-шіри шудаға  айнал­ған  еді.

Қазір арада қанша жыл өтті?! Мекен­нің мон­шақтап тізіп айтар жақсы жаңалығы көп. Бүгінде ел тір­шілігі жақсарып, ауылдың өн бойына қан жүгірді. Теңізге балық қайта келіп, атакәсіптің өрісі кеңейіп, кәсіпкерлік нысандары, соның ішінде «Қуаныш» балық өңдеу зауыты да ашылды. Соған­ орай тұр­ғындардың көбісі жұмыспен қамтылды. Бүгінде балықтың­ 15 шақты түрі ауланып, халықтың өз қолы­ өз аузына жететіндей өмір сүріп жатыр.­ Тіпті тіл үйірер балыққа сырт аймақтан сұраныс жоғары. Яғни ауылдың қара қазаны ошағынан түскен жоқ. Қалаға қонақ бола қалсаң, балы­ғың базарлық болатыны рас. Иә, біз балықпен мақтанып, оны жеп өскен ауылмыз. Ауыл ішінде қағытпа қалжыңын айтар жастар «Малдың басын­ кәрі жейді, Балықтың­ басын бәрі жейді» деп айтып жүретін әзіл­деп. Зәулім-зәулім үйлері қатарласа орналасқан ауыл бүгінде байланыстан да кенде емес. Алыс аймақтан оңай әрі тез хабар ала алатын жағдайға жетті. Шұң­қырға айналған жер бірқалыпты тегістеліп, жеңіл көліктер қиналмай келетінін айтып қуанамыз. Арба жетектеп, шелек ұстап су таситын Қаратерең ауылының адамдарына ауызсу­ да мәселе емес. Әрбір үйге «Сары­бұлақ» суы келіп тұр. Тау тұлғалы­ аға-апаларымыздың  ізін  баса­р, саналы  ұрпақты тәрбиелей­тін  екі  қабатты үлкен білім ордасы салыны­п, мектеп жаны­нан көптеген үйірмелер де ашылды.

Қасиетті мекен Қаратерең ауылы қазіргі таңда өсіп, дамып келеді. Барлық жағдайы жасалған мекенге сырттан келіп демалушылардың легі де көп. Бауырмалдылық пен адамдыққа, сыйластық пен адалдыққа бастайтын ауылға жетер ештеңе жоқ. «Гүл жайнаған, нұр жайнаған» менің Қаратереңім міне, осындай!

Алтынай  Орынбаева,

Қ.Жұбанов  атындағы АӨМУ

филология  факультетінің  4-курс студенті

 


ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.02.2019 14:00

Қазақ қашанда қарттың сөзіне тоқтап, ақылын тыңдап, тәрбиесімен сусындап өскен. Қариясын қазынасындай көріп, даналықтың алтын  кілті   ақсақалды  аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз деп білген. Себебі «қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз бар. Қариясы бар әрбір шаңырақтың шаттығы сақталады, бірлігі бекем болып, ақылшысы да бола алады. Бәріне белгілі, ата-әжесі бар үйдің балалары өзгеден ерек, жауһар сөз­дерін саналарына сіңіріп, аталы сөзді баталы сөз деп өседі. Немере үшін үлкеннің маңдайдан иіскеп, үнемі тілекші болып, қуанышына жас балаша мәз болғанынан, ата-әжелер үшін немерелерінің «ата­лап­», «әжелеген» былдырына жетер ештеңе  жоқ.

Ақылын айтар дана, ел төрінде құрметке ие болатын қарттың көзін мен де көріп өскенмін. «Әженің қызы» болдым десе де болады. Атамның көзін көрмесем де, оның тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаз болғанын ел арасынан да, әжемнен де көп еститінмін. Сондықтан болар, үлкен кісілерді көрсем көзіме жылы ұшырап, ақылдары мен даналық сөздерін тыңдағым келіп тұрады. Бірақ осынау дана тұлғалардың бүгінде шаңырағында емес, «қарттар үйінде» тіршілік етіп жатқаны жанға батады. Қазір өз туған­ ата-аналарынан безі­ніп, оларды тар қа­пасқа әкеп тоғыта салатынын жасыра алмаймыз. Әрбір қазыналы қарияның жасы келген шағында қарттар үйінде емес, шаңырақтың төрінде отырып, немере қызығына сүйсі­ніп, жасы кішілерге ақыл айтқанын қалаймын.

Қазіргі  қоғам  жастарының  бірі болсам да, арғы-бергі тарихты аудармай-ақ білетінім бар. Ол –  қазақта ерте кезде «қарттар үйі» ұғымының болмағандығы. Ал қазір ше? Қала-аймақтың бәрі мұндай мекемеге толы. Қариясын сыйлап өскен қазақтың мұнысына күйі­нішпен қарайсың, әрине. Өз туған әкелері­ мен аналарынан бас тартатын қатыгездердің бұл ісі азғындық емей немене?

Жазушы әрі журналист Бауыржан Омаров «Қаратерең вальсі» деп аталатын мақаласында былай деген еді. «...Үлкендер поштаның алдына­ көбірек жиналса, ауылда әлеумет­тік мәселелер көп жинақталып қалды деген сөз. Қазір поштаның алдына баратын шалдар да сиреген секілді. Біз алыста шығандап, тау іздеп жүрсек, тау тұлғалы қарттардың бәрі өз ауылымызда екен ғой!» деген сөзі қариялардың биік шың екенін  байқатады.

Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп отыра­тын, халықтың тұла бойына ұлт­тық рух пен асыл қасиеттерді сіңірткен абыздарымыздың мәртебесі қашанда биік болып қалары сөзсіз.

«Қартайған ата марқаяр,

Халыққа жағып ұлы өссе» деген ғой дана халық. «Ұлым – болашағым» деп баққан жастар кейде ой­ланс­а екен деймін. Абызын ардақтап, қартт­ық шағында бейнет көрсетпей, құрметтесе, нұр үстіне нұр болар еді.

Алтынай  ОРЫНБАЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ филология факультетінің

4-курс студенті

 


ХАҚ ЖОЛЫНА ҮНДЕГЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.02.2019 11:35

«Имандының жүзі жарқын». «Жанқожа батыр» атындағы мешіттің ауласына қадам басқаннан кеуде­мізді шаттық кернеді. Айшығы күнге шағылысып, жарқырай сәуле төккен киелі мекен бізге маңайға нұрын шашып жатқандай әсер қалдырды. Көзінің тірісінде аңызға айналған әз бабаның аруағына іштей сыйынып, есіктен имене аттадық.

Батыр бабаның есімімен аталатын, мінсіз салын­ған мешіт ғимараты кенттің келбетіне ерекше айбат, көрік беріп тұр. Негізгі демеушісі жерлесіміз Дархан Бердалиев болған аталмыш мешіт құрылысы белгілі себептермен уақытша тоқтап та қалған-ды. Алайда жалпы жұртшылықтың, азаматтардың қолдауымен толық аяқталып, біршама жыл бұрын ел игілігіне берілді. Мешіт құрылысының жүруіне көпшіліктің, әсіресе әкелі-балалы Самұрат, Мұрат, Нұрлан Имандосовтардың сүбелі үлес қосқанын атап кеткен жөн.

Қос қабатты еңселі нысан алыстан көзге түседі. Жылу кіші бу қазандығымен беріледі. Әшекейлі есіктері, ақ мәрмәрдан жасалған баспалдақтары, ұлттық өрнекпен нақышталған қабырғалары өзгеше әсер қалдырады. Алтын айшықты күмбездің астындағы «Алла» жазуы, Құран аяттары көңіліңе ерекше сезім сыйлайды. Күмбез астына ілінген ауқымды аспалы шам (люстра), өзге де жарық шамдары мешіт ішін самаладай жарыққа бөлейді. Еденге жайылған жайнамаз үлгісіндегі кілемдер тылсым әлемге жетелегендей. Екінші және үшінші қабатында мың жарым адамға есептелген намаз оқитын бөлме орнал­асқан. Мешіттегі құран оқыту, дәріс алу бөлмесі, ауыз аштыру, садақа беру сынды рәсімдер өтетін асхана, жас жұбайлардың мұсылманша некесін қию залы жамағат көңілінен табылуда. Неке залында жас жұбайларға мұсылманша неке куәлігі табысталады. Сәбилерге азан шақырылып ат қойылады. Халал асханада санитарлық талаптарға сай тақуалық, мәдениетті үлгіде қызмет көрсетіледі. Ас беру құран аят­тарымен  басталып, уағыздарға жалғасады. Яғни, садақа­ тек «ас ішіп, аяқ босатумен» ғана шектелмейді. Мешіттен­ сауат ашуға көпшілік тарапынан қызығушылық  басым.

Мұның өзі «Мешіттер мәдени және рухани ағарту орталығы болуы керек. Біз ата-бабадан жеткен салт-дәстүрімізбен өнегелі өз жолымыз бар ел екенімізді есімізден шығармауға тиіспіз» деген Елбасымыздың лебізімен астасып жатқандай.

«Қазіргі таңда мешітте бас имам, наиб имам, іс басқарушы, баспасөз хатшысы, молдалар, жалпы                 10 адам қызмет атқарады. Дүйсенбі мен сенбі аралығында­ күнделікті жамағатқа мешіттің бас имамы­ мен наиб имамы ақида, фиқһ, құран, тәджуид, әліппе, ахлақ, сияр пәндерінен сабақ береді. Күнделікті құптан намазы алдында жамағатқа бір хадис, бір уағыз айтылып тұрады. Сәрсенбі мен сенбіде әйелдер, қыздар жамағатына сабақтар өткізіледі. Оған қоса ай сайын­ түрлі тақырыпта іс-шара ұйымдастырылады» дейді біз тілдескен мешіт қызметкері.

Аудан орталығындағы «Қожаназар ишан» мешіті өткен ғасырдың басында пайдалануға берілген. Біз барған­да азан айтылып жатты. Мұны жақсылықтың жоралғысына баладық. Тұла бойымызды жайлаған қасиетті құранның мақамы Қожаназар ишан мешіті мен оның иесі, атақты әулие, ишан атамыз жайлы дерект­і  жадымызға  оралтты.

Мешіт 1902 жылы іске қосылыпты. Мәдени-тарихи­ ескерткіштер қатарында мемлекет қорғауына алынған­. Сапалы салынған Алланың жердегі үйінің арада қаншам­а жылдар жылжыса да міні құрымаған.

«Дін апиын» деп саналған сонау кеңестік кезеңде де мешіт қызметін тоқтатпады. Ол кезде облыста екі ғана «Айтбай мешіті» мен «Қожаназар ишан» мешіті болған еді. Екеуінің де аты кейін айтылды. Ол кездегі атауы мұсылмандар мешіті еді. Ишан – діни атақтардың ең үлкені. Қазақ жерінде ишандық атақты алу үшін жеті мешітке барып, сынақтан өткен. Ишандар киелі болған. Ишанның осалдау дегенінің өзі қабірде жатқан өліктің жағдайын біледі екен» дейді деректе.

Қожаназар Артықбайұлы 1855 жылы дүние есігін ашады. Әлімнің Қаракесек тайпасынан өрбиді. Меккеге үш мәрте қажылыққа барған ғұлама тура Пайғамбар жасында ғұмырдан өтіпті. Қожаназар ишанның жеті ұлы болыпты. Түгелге жуық діндар, оқымысты адамдар екен. Аудан орталығындағы өз есімімен аталатын мешітті кейін інісі Бекназарға беріпті. Мұнан соң мешітке Бекназардың баласы Нұрмағанбет басшылық жасаған. Өкінішке  қарай, Нұрмағанбет небәрі 24 жасында өмірден өтіпті. Ишан атамыздың жеке қаржысына салдырған екінші мешіті Сырдарияның жағалауында, қазіргі Жанқожа батыр ауылының тұсында орналасқан. Қалың тал қоршаған жерде мешіттің орны бар.

Қожаназар ишан атамыз әулие, емшілігімен қатар мықты бағбандықты да терең меңгерген киелі жан екен. Мұны:

«Дарияның бойы, нулы жер,

Жібектей ескен самал жел.

Айшығы күнмен таласқан,

Мешіттен дәріс алған ел.

Ғұлама, ишан, емші өзі,

Аллаға үндер әр сөзі.

Әулие болған әз ата,

Тал егіп, аула өңдеді.

Жайқалған гүлдер, жасыл бақ,

Самғаған құстар, сайрап шат.

Мәуесін төккен сан жеміс,

Тамсанған жұрты, қайран қап» деген жыр жол­да­рынан аңғаруға болады.

Бұл күнде өзінің әулие, ғұламалық ерекше қасиеті­мен елінің жадында берік сақталған Қожаназар ишан бабамыз салдырған мешіт жамағатты хақ жолына баулуда.­

 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


Табиғатты қорғаушыларға қолдау қажет PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.02.2019 11:33

Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының материалдық базасы нашар көрінеді. Ондағы 17 автокөліктің 7-еуі есепте емес. Әбден сілікпесі шыққан. Қалған 10 көлік 2007 жылы зауыттан шығарылыпты. Оның үстіне мұндағы қызметкерлердің жалақысы мардымсыз екен. Демек, табиғатты қорғаушылардың өзіне де қамқорлық керек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде аталмыш инспекция басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов мәлімдеді. Әрине, Марат Жалпақбайұлы мұның бәрін өздігінен айтқан жоқ. Осы мекеменің материалдық базасы жөнінде қойылған сауалға жауап ретінде айтты. Әйтпесе, жыл ішіндегі жұмысын жіпке тізіп, алдағы жоспарларымен ғана бөлісер ме еді, кім білсін?!

Қарағанды облысындағы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторының қазасынан соң орман қорғаушылардың қазіргі жай-күйі ашық талқылана бастаған еді. Әр өңірдегі филиалдардың мәселелері назарға алына бастады. Бұл ретте аймақтағы аумақтық инспекция басшылығы өз тарапынан ұсыныс тастаған. Алдымен, жаңа автокөлік, байланыс құралдары, қызметкерлердің жалақысын көтеру сынды проблемаларды көтеріпті. Дегенмен, Марат Жалпақбайұлы жақында 5 су жаңа «УАЗ» автокөлігі алынатындығын жеткізді. Бұл машиналар бекітілген стандарт бойынша алынады екен. Әйтсе де, аңшылардың Toyota Land Cruiser, Toyota Hilux, Toyota 4Runner site, т.б. автокөліктерді тізгіндейтінін ескерсек, орман қорғаушылардың браконьерлермен қалай күресетіні белгісіз.

Облыс аумағында мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 6,5 млн гектарды құрайды. Соның ішінде 3 млн гектары – орманмен көмкерілген алқаптар.

– Былтыр орманды қалпына келтіру жұмыстары 15334 гектар жерге жүргізіліп, оның ішінде Арал теңізінің суы тартылып кеткен ұлтанына жергілікті бюджет есебінен 2500 гектар және Оңтүстік Корея мемлекетінің бастамасымен 5000 гектар жерге сексеуіл егілді. Бүгінгі таңда оның шығымдылығы 30 пайызды құрап отыр,- деді Марат Нұрмағамбетов.

Сондай-ақ, аумақтық инспекция табиғат заңдылығын бұзушылыққа қатысты анықталған 89 қылмыстық істің ішінде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің 61 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Оның 43 дерегі сотқа жолданып, 10-ы қысқартылса, 8-і тергеу органдарының өндірісінде екен.

Қазіргі таңда аймақта 8 млн 805 мың гектарды құрайтын 38 аңшылық алқап бар. Былтыр аңшылық шаруашылығы бойынша 6 млн 872 мың теңге болатын аң және құстарға лимит бөлініп, ол толықтай игерілген. Өткен жылы инспекция «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның «Зоология институты» ШЖҚ РМК-ның қызметкерлерімен бірлесіп облыс көлемінде «Қызыл кітапқа» енгізілген қарақұйрық аңына санақ жүргізілген. 2017 жылы олардың саны 2009 бас болса, былтыр 2050-ге жеткен.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


БАСШЫЛАРДЫҢ КАБИНЕТТЕРІ КӨЗГЕ ТҮСЕ БАСТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.02.2019 14:05

Өткен жылы ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «мемлекеттік органдардың алаңдармен қамтамасыз етудің заттай нормаларын сақтамауларын анықтау бойынша жұмыстарды бірлесіп жүргізу туралы» бірлескен бұйрығы шыққан болатын. Бұл бойынша мемлекеттік органдардағы артық жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілуі шарт. Мәселен, бір мемлекеттік қызметшіге ереже бойынша мекемеден 7,5 шаршы метр жер қарастырылуы керек. Ал басшы лауазымындағыларға 30 шаршы метр, қабылдау бөлмесіне 10 шаршы метр жер бөлінуі шарт. Сондай-ақ демалыс бөлмесіне (басшылардың) де арнайы шаршы метр қарастырылған. Ол норматив бойынша 7 шаршы метрден аспауы керек. Алайда мұндай олқылықтар мемлекеттік мекемелерде жетерлік. Бұл жағдай арнайы түгендеу жұмыстары барысында анықталып отыр. Бұл туралы өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды.

Бірлескен бұйрыққа сәйкес облыс, қала, аудандарда арнайы жұмысшы топтар құрылып, Қызылорда облысындағы барлығы 403 (оның 99-ы – орталық мемлекеттік орган аумақтық бөлімшелері, 304-і – жергілікті атқарушы орган) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың орналасқан алаңдарына түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесімен 13799,2 шаршы метр мемлекеттік органдардың алаңдармен қамтамасыз ету нормаларын сақтамауы анықталды. Оның ішінде басшылардың кабинеттері алаңының нормативтен асып кетуі – 2592,74 ш.м., (орталық мемлекеттік орган аумақтық бөлімшелері – 259,2, жергілікті атқарушы орган – 2333,54), басшылардың демалыс бөлмесі алаңының нормативтен асып кетуі – 271,6 ш.м., басшылардың қабылдау бөлмелерінің алаңының нормативтен асып кетуі – 914,9 ш.м., орынбасарлардың кабинеттері алаңының нормативтен асып кетуі – 1099,5 ш.м., қызметкерлердің кабинеттері алаңының нормативтен асып кетуі – 3660 ш.м,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

Мұнан бөлек түгендеу жүргізу барысында бос пайдаланылмайтын 4627,26 шаршы метр алаңдар анықталған. Қызылорда облысы қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Құдайбергеновтің айтуынша, артық және бос тұрған жерлер жалға берілетін болады екен. Осылайша артық шығынды болдырмай әрі қосымша қаражат өндіріледі. Ал олардың жалға беру құны 6 критерий бойынша өлшенетін көрінеді. Егер барлық жағдайы жасалған және ол мекеме орталықта орналасқан болса, бағасы да соған сәйкес жоғары болатынын айтады. Сондай-ақ, Ринат Мәжитұлы мұндай жерлерді тендерде ең көп жалға алу құнын көрсеткен кәсіпкерлердің ұта алатынын алға тартты. Қазіргі таңда Қазалы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратына бұрын Әйтеке би әкімдігінде отырған және нормативке сәйкес шаршы метр жетіспеген бірнеше бөлімшелер көшіріліпті.

– Тексеру барысында Қазалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен 2 мың шаршы метрге жуық бос орын анықталды. Бұл – өткен жылы Қазалы аудандық ауруханасы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін сол жерге, яғни 3 мың шаршы метр болатын ғимаратқа орналасқанның салдарынан орын алған жағдай. Алайда аудандық коммуналдық меншіктің қалған бөлігіне аудандық сәулет, жер, ветеринария, мемлекеттік сатып алу бөлімдері орналастырылды. Сондай-ақ, Қызылорда облысы Әділет департаменті ғимаратынан анықталған артық 134,5 шаршы метр жерге енді сот сараптама орталығы орналасатын болады, -деді Р.Құдайбергенов.

Сонымен қатар анықталған алаңның 3847 шаршы метрі немесе 3/1-і, ортақ ғимараттардағы ортақ үй-жайлардан орын алып отыр екен. Олар – мәжіліс, конференц залдары, сервер кабинеттері, гардеробтар және т.б. Алайда әкімдік ғимараттарынан анықталған артық жерлерге кеңсе, оқыту үйірмелерін ашуға болады. Бірақ дүкен немесе шаштараз ашу қисынға келмейді. Сондықтан бұл мәселелерді де ескерген жөн дейді Р.Мәжитұлы.

Өздеріңіз білесіздер, соңғы салынған ғимараттарда, мысалы осы облыс әкімдігінің әр қабатында мәжіліс залдары бар. Оны біз мәжіліс өткен кездері пайдаландық, қалған уақытта бос тұрады. Негізінен осындай алаңдардан артық алаңдар шығып отыр. Енді оны басқа біреуге беру немесе уақытша өзгелерді орналастыру мүмкін емес,- деді ол.

Ал басшылық құрамнан 4449 шаршы метр бос алаңдар анықталыпты. Бұл облыс әкімі орынбасарларының, аудан әкімі, олардың орынбасарларының, аппарат басшыларының және тиісті басқарма басшыларының алаңдарынан анықталған екен. Алайда жалпы осы орналасуды реттейтін Қаржы министрлігінің №179-бұйрығына сәйкес, ғимараттардың ерекшеліктері оны қандайда бір өзгерістерге келтіруге келмейтін болса, мұндай артықшылыққа жол берілуге рұқсат екен.

 

Жансая  ЖҮНІСОВА

 

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.02.2019 11:00

Конференцияда Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты партияның алдағы жұмыстары жайлы мәселелер талқыланды.

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде "Нұр Отан" партиясының 20 жылдығына арналған конференция өтті. Конференцияның ашылуында Қызылорда облысының әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев "Нұр Отанның" еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңыздылығын атап өтті.

Конференцияда 27 ақпанда Астана қаласында өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съездінің делегаттар тізімі бекітілді. Қызылорда облысынан съездге 61 делегат қатысады.

«Партияның бірінші съезі 1999 жылдың 1 наурызында өткен еді. Еліміздің жетекші партиясы жиырма жылдың бедерінде үлкен жолдан өтті. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, елді дамыту мен халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты»,-деді аймақ басшысы.

Партия ардагері, 1999 жылы Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі Қуанышқали Шапшаңов "Нұр Отан" партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі" тақырыбында баяндама жасады.

«Тарихи өлшемге салсақ, 20 жыл – қас қағым сәт. Алайда осы бір уақыт жолағында «Нұр Отан» партиясы шын мәніндегі жасампаздық пен біріктіруші күшке, саяси сахнада салмағы басым көшбасшыға айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өздеріңізге мәлім, «Нұрлы көш», «Ауызсу», «100 мектеп», «100 аурухана», «Болашақ» және тағы басқа да ірі әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар іске асты. Қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін 1000 тегін IT-сынып пен ақпараттық технологиялар саласына білікті мамандар даярлау үшін 20 IT орталық ашу, геоақпараттық онлайн қызмет порталын құру, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту және тағы басқа да заман талабымен үндесетін істер бар. Бүгінгі күні 1 миллионнан астам Қазақстан азаматтары партия қатарында»,-деді Қ.Шапшаңов.

"Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы Саяси бюросының мүшесі, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының облыста жүзеге асырылуы туралы айтты.

«Облыс бойынша жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтеруге ниет білдірген мекемелер мен кәсіпорындар арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Нәтижесінде бүгінгі күні облыс бойынша 29 ірі және орта кәсіпорындарда 2548 адамға жалақыларын 44 400 теңгеден 54 200 теңгеге дейін  көтеруді растап отыр. Білім беру саласында аймақта Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесіне сәйкес білім беру жүйесінде жаңартылған мазмұнды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі күні ол 46 мектепте енгізілді»,-деді Р.Рүстемов.

Сондай-ақ, жиында атқарылған жұмыстар туралы аймақтағы мемлекеттік органдардың басшылары да баяндама жасады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Жас ақындар айтысты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.02.2019 16:42

Мағжан сенген жастарға сын болады,

 

Халықты бір серпілтіп тастамаса,

 

Жастар жылын айтыспен кім бастайды?

 

Ғани туған топырақ бастамаса.

 

Дарияның екі жағын ен жайлаған,

 

Ақмешіттің басқа да кемі бар ма?

 

Талайменен бұйыртса тең тұрады,

 

Дәні менен ураны, кені барда.

 

Осылай деп Ақмешіттің төрінде өткен республикалық айтыстың шымылдығын аламан бәйгенің екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов ашты.

 

Жастар жылына және Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдығына арналған "Жастар жырлайды" атты республикалық ақындар айтысын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған. Бүгінгі айтыстың негізгі мақсаты – ежелден елдік мүддені негіз еткен айтыс өнері арқылы қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан ұлтымыздың бірегей тұлғасы Әйтеке би Бәйбекұлының даналық өсиеттерін, шаршы топта сөз бастаған шешендігі мен қара қылды қақ жарған әділ төрелігін ұрпаққа үлгі ету, жастарды ұлттық өнерге баулу және жас таланттар арасынан жаңа есімдер табу.

 

Жыр додасына республикамыздың танымал айтыскер ақындары қатысуда. Олар: Шұғатаев Аспанбек (Павлодар қаласы), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы қаласы), Аруна Керімбек (Тараз қаласы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Дәурен Ысқақ (Астана қаласы), Райымбек Өтепов (Орал қаласы) және Сыр елінен Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбек, Нұрзат Қару, Бексұлтан Орынбасаровтар ұлттық өнерді ұлықтауда.

 

Сонымен қатар, айтыстың қазылар алқасына ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етсе, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын Адам» сыйлығының лауреаты, «Айқын» газетінің бас редакторы Жүсіп Нұртөре, ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Айжарық Сәдібекұлы, айтыскер ақын, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Кенжебай Жүсіпов қазылық етті.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 

 

P.S. Айтыстың нәтижесі де белгілі болды. Жүрсін Ерман әуелі Сырдан шыққан бұрынғыдан бүгінгіге дейінгі барлық ақындарды түгел айтып өтті. Бексұлтан мен Нұрзатқа жоғары баға берді. Сөйтіп, Нұрзат Қару, Дәурен Ысқақ, Бексұлтан Орынбасар, Сырым Әділбек ынталандыру сыйлығына, Райымбек Өтепов арнайы ең жас ақын жүлдесіне ие болды. Ал, 3-орынды Аруна Керімбек, Аспанбек Шұғатаев (300 мың), 2-орынды Біржан Байтуов (400 мың), 1-орынды Рүстем Қайыртайұлы (700 мың), бас жүлдены Нұрмат Мансұров (1 млн) алды.

 


ҰЛТТЫҚ САНАҚ: САПА мен САЛМАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 12:00

Қазақ мал басын айтса­ да, адам басын санама­ған. «Құдайдың бергені» деп шүкіршілік еткен. Сол Жаратқаннан сый болып келген басты капиталды 10 жылда бір мәрте «санау» – дағдымыз. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, ең алғаш­қы санақ 1897 жылы патша­ үкіметі тұсында өтті. Алғашқы дереккөз сол кездегі қазақтардың үлес салмағын 6 мил­лионнан асып жығылды деп ақпар берген. Одан кейінгі санақ араға 23 жыл салып, 1920 жылы жүргізіліпті. 1923, 1926, 1937 жылдары өткізілген санақ нәтижелері сәтсіз деп бағаланып, 1939 жылы қайтадан жүргізі­леді. Араға тағы да жиырма жылды тарихтың қойна­уына тапсырып, 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары жалпы тізім алынса, еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін 1999 және 2009 жылдары өткізілген. 1939 жыл мен 1959  жылдың  арасындағы 1949  жылы  жүргі­зілуі тиіс санақ неге өт­педі?

Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым «Жас Алаш» газетіне берген мақаласында «Өткен он санақтың екеуі – 1937 мен 1939 жж. – «ұрлан­ған» санақтар болып есепте­леді. Аштық, жаппай қуғын-сүргіннің нәтижесінде КСРО халқының кемігенін көрген Сталин бұл санақтардың нәтижелерін жариялауға тыйым салады. Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде кейбір деректер бойынша 40 миллионға дейін халқынан айырылған Кеңес өкіметі қорқа-қорқа келесі санақты тек 1959 жылы өткізді. Оның да деректеріне мамандардың айтары көп. Бас­қаға қарағанда «дұрыс», «таза» өтті деп, 1970, 1979 және 1989 жыл­дардағы санақтарды атай аламыз» деп жазған.

Жалпы, халық санағ­ы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл ел халқының немесе оның бір бөлігінің демогра­фиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жария­лау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шара. Бұл санақ халықтың дәл сол уақыттағы  мәліметін жария етуге мүмкін­дік береді. Халық сана­ғында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады. Жаппай санақ жүр­гізу – көпшілік елдерде негізгі роль атқар­са, кей елдерде демографиялық және әлеуметтік, экономикалық мәлі­меттер жинаудың жал­ғыз жолы. Сонымен қатар, халық санағы халық өмірінің қырларын таңдамалы түрде немесе үй шаруа­шылығын есепке алуда қолданылады. Халық санағын жүргізудің ғылыми және ұйымдас­тырушылық негіз­дері XX ғасырдың екінші жартысында қалыптасып болды. Көптеген елдерде тұрақты 5 немесе  10 жыл сайын жүр­гі­зіледі. Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысын нақтылауға бо­лады. XXI ғасырдың басында әлемде халық санағы өткізіл­меген бірде-бір ел қалмады. Ұлттық санақ қорытындылары өзара сәйкес келу керек, ал негізгі қорытындылар бүкіл­әлемдік халық санағының бөлігі болып есептеледі. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың жаһандану дәуірінде үлкен мәнге ие. Соңғы дереккөздерге сенсек, Қазақстан халқы­ның  саны  бойынша 246 елдің ішінде 63-орынға тұрақтаған. Ал көрші Ресей – 9, Түркия – 19, Ауғанстан – 38, Өзбекстан 43-орында тұр.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бүгінде елімізде 18 млн 392 мың 960 адамның барын айтады. Оның үстіне биыл – он жылдан кейінгі тарихи­ санақ жүргізу уақыты. Парламент Мәжілісінің жалпы  отырысының сыртында ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов 2019 жылғы қарашада өтеді деп жоспарлан­ған халық санағына 8 млрд 8 млн теңге қарастырылғанын айтты. Естеріңізге салайық, 2009  жылғы  халық  санағына  ел  бюджетінен 6 миллиард теңге бөлінген. Халық сана­ғына жұмылдырылған персонал саны 80 мыңнан асып жығыл­ады. Ал биылғы санақ заманауи технологияларды пайдалану арқылы, яғни әр адам арнайы интернет портал­ға өтіп, өзінің жеке мәліметтерін көрсету арқылы санақ жүйесіне тіркеледі. Сол се­бепт­і персонал саны үш есе азаяды.­

Тәуелсіздікке бір қадам ұмтылып тұрған шақтағы, 1989 жылғы халық санағында 16 млн 199,2 адам тіркелген. Осыдан кейінгі он жылдық аясында 1 млн 246 мың адамға кеміген. Оған бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыс, украин, неміс, кавказ халықтарының өз атамекендеріне көшіп кетуі себеп болды. Өсу қарқынын тоқтатпаған өңірлер қатарына Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда, Атырау облыстары мен Алматы, Астана қалалары енді. Халық санағы – елді дамытудың барынша тиімді жоспарлануын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер туралы басты ақпарат көз­дерінің бірі. Қызылорда об­лы­сындағы нәтижесі туралы ҚР Ұлттық экономика министр­лігі Статистика комитеті Қы­зылорда облысының статис­тика департаментінің мәліметінше, 2009 жылғы Қызылорда­ облысында өткен халық санағының қорытындысы бойынша тұрғындар алдыңғы санақпен салыстырғанда 8,6 пайызға артып­, 678,8 мың адамды құраған­. Ал облыс тұрғындарының жалпы санындағы қазақтар үлес салмағы бойынша 95,3, орыстар 2,4, өзбектер 0,2, түріктер 0,2, татарлар  0,3, кәрістер 1,2, басқа да ұлыс­тар 0,4 пайызды құраған. Жалпы­халықтық деңгейде өтетін халық санағы – тек ғана адам санын есептеу ғана емес, өзге де критерийлер бойынша жауап беретін мемлекеттік маңыз­ды шара. Мәселен, діни сеніміне байланысты он жыл бұрынғы санақта Ислам дініне сенушілер 652,2 мың адам болса­, 19  мыңы – христиан, 1,4 мыңы – буддизм, 0,1 мыңы – иудаизмге, 0,1 мыңы – өзге де дін түрлеріне бет бұрғандар. Кейде адамның ішкі түйсі­гін ажырату қиын, жан дүние­сінің терезесінен үңілу мүмкін емес жағдайлар кезігеді. Осы секілді 5,2 мың адам дінге мүлдем сенбейтіндердің қатарынан  табылыпты.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабектің пікірінше, үшін­ші халық санағы – ел дамуының келесі онжылдықтағы бет-бейнесін бағалайтын, ашып көрсететін бір өлшемі. Яғни, 2019 жылғы жаңа замандағы жаңа Қазақстанның жаңа бейнесін анықтайды. Саясаттанушы Әзімбай Ғали «1926 жылғы санақ­та рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет берген. Ал биыл­ғы санақта рулық-тайпалық құрам туралы мәлімет жина­у қисынсыз. Бұл біздің ұлттық біртұтастығымызға сына қағады. Ұлттық санақта ескеретін мәселелер: миграция және ассимиляция. Егер соңғы онжылдықта 26,3 пайыз өссек, бұл өте жақсы көрсет­кіш» деген пікірде.

- ҚР Президентінің  әкім­шілік басшысы А.Жақсыбеков­тің 2017 жылдың 22 қыркүйегін­дегі №17-61-44.120-1 тапсырмасын басшылыққа ала отырып, облыс әкімінің басшылығымен 2018 жылы (2 рет), 2019 жылдың қаңтар айында (1 рет) өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде Ұлттық халық санағын­а дайындық туралы мәселе қаралды. Алқа мәжілі­сі­нің қорытындысымен халық санағ­ына  дайындық жұмыс­тары жайлы іс-шаралар жос­пары бекітілді. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, қазіргі таңда барлық қала, аудандардағы (елді мекендердегі) көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншла­гпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Санақ­ты жүргізуге қажетті қала, аудан орталықтарының схемалық картографиялық мате­риалдары 4 данадан, ауылдық округтердің карталары 3 данадан қағаз түрінде шығарылды. Облыс көлеміндегі саяжайлардың паспорттары жасалы­нып, шекаралары нақ­тылануда. Бұл өткізілетін халық санағының айырмашылығы ақпараттық-технологияны қолдана отырып, басым көпшілігінде дәстүрлі әдіспен 30 пайыз интернет  желісі арқыл­ы және 70 пайыз қолайлы-есептеуіш  құрылғы (планшет­ті компьютер) арқылы өткі­зілуінде болып отыр. Санақ нәтижелері бойынша алынған деректер демографиялық үрдіс­терді өлшеуге, салыстыруға, талдауға және интенсивтілігі мен ағымдарын болжауға мүм­кіндік береді. Санақ барысында алынған халықтың саны және жыныс-жас құрамы туралы дерек­тер барлық деңгейдегі бюджет­ті барынша объективті қалыптастырудың негіз­гі көзі болып табылады.

Халық санағы – мемлекет­тік дәрежеге ие, көптеген сұрақтарға жауап беретін сая­си іс-шара. Бұл жұмысқа уа­қытша жұмысқа тартылатын сұхбатшылардың жалақылары, санақты өткізуге байланысты басқа да шығындар жергілікті атқарушы органдар мен ста­тистика департаментінен қарастырылатын болады. Ұлттық халық санағын өткізу­дің нақты мерзімі жайлы Үкі­меттің қаулысы күтілуде, - деді ҚР ҰЭМ СК Қызылорда об­лысының статистика депар­таментінің басшысы М.Бае­кеева.

Кейбір тыңайтылған дереккөздерде жер бетінде 17 миллионнан астам қазақтың бары көрсетіліп жүр. Ал бұл цифрлардың азайған кезі де болды, өкінішке қарай. Қай кезеңдер екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Әрине, қазақ халқының басына төнген зар заман – нәубет, зобалаң, қуғын-сүргін, аштық, таршылық, соғыс жылдары­нда талайдың тамыры соқпа­й қалғанына тарих куә. Өткеннің бедеріндегі 1897 жылы қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн 333 мың адам мен 60 ұлт өкілі есепке алынса, 1917 жылы 6 млн 218 мың 300 адам, 1926 жылы 6 млн 198 мың 467 адам тіркелген. КСРО-ның 1937 жылы жүргізген жұмысы аяқсыз қалып, 1939 жылы қайта өткізілген санақ Қазақстанда 6 млн 530 мың 528 адам барын анықтады. Анықтап қарасаңыз, 1917 мен 1939-дың аралығындағы 22 жылда халық саны небәрі 312 228-ге көбейген. Неліктен? Өйткені осы уақыт аралығындағы тарихи оқиғалар елдің демографиялық ахуалы мен әлеуметтік тұр­мысынан айналып өткен жоқ. 1917-1920 жылдар аралығында халық саны алты жылда 2 431 390 адамға азайды. 1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 2 миллион 300 мыңнан астам адам жапа шекті. Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқа­рмасының мәліметтерін зерттеген тарихшы Клара Саркенованың келтірген деректері бойынша (әр жылдың 1 маусымына сәйкес) 1928 жылы Қазақстан халқының саны 6 507 077 адам болса, 1928-1936 жылдар аралығында халық саны 3 219 177-ге кеміген.

Бұл – ресми тарихи деректер. Өткенімізді ұлықтап, оған құрметпен қарау да – борышымыз. Ендігі бағытымыз – болашақ. Тәуелсіздік алғалы үшін­ші мәрте өткізілгелі отырған халық санағынан не күтеміз? Алдыңғы екі санақта, 1999 жылы 14 млн 953 мың 123, 2009 жылғы санақта 17 млн 200 мың адам есепке алынған. Ал үшін­ші санақ қандай қорытынды шығарады?

Н.ҚАЗИ

Бет  қатталып  жатқанда:

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметі «Қазақстан Республикасында халық санағының 2020 жыл­ғы раундын өткізуге дайындық 2017 жылы басталды. Халықа­ралық әдіснамаға сәйкес халықтың ең аз қозғалатын­ жыл кезеңдері (күзгі-қысқы маусым) санақтарды жүргізудің ең оңтайлы мерзімдері болып табылады. Аталған кезең халықт­ы қамту және жиналатын деректер сапасы тұр­ғысын­ан алғанда санақты анағұрлым сәтті өткізуге барынш­а мүмкіндік береді. Осыған байланысты 2020 жылы санақты өткізуге барынша қолайлы мерзім ақпан-наурыз болып  табылады.

Ұлттық санақты дайындауға және өткізуге байла­нысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселе­лерді ескере отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық халық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы­ шешім қабылданды. Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағын 2020 жылы өткізу туралы» Үкімет қаулысының жобасы МО және ЖАО, аккреди­ттелген  ұйымдармен, «Атамекен» ҰКП-мен келісу­ сатысында, сонымен  қатар ашық түрде талқылау үшін ҚР ҰЭМ интернет-ресурсына орналастырылған. Үкімет жобасы келісілген және қабылданған жағдайда ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурыз аралығына  жоспарланған»  деген  мәлімдеме  жасады.

«Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерді бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы  Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы №1049 қаулысына сәйкес халық санағын өткізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасы­з ету үшін, сондай-ақ халықаралық ұсынымд­арды  ескере отырып (БҰҰ ЕЭК) Қазақстан Республ­икасында халық санағы кемінде он жылда бір рет өткізіледі. Санақтардың арасындағы 10 жылдық кезеңді сақтау үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан аралығы­ндағы  мерзім  санақ өткізу үшін қолайлы.

Келесі жылы көрші Ресей Федерациясында да жалпы­ұл­ттық  халық  санағы  жүргізіледі.

 


ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
14.02.2019 11:40

Бірде Бөлтірік шешенді сөзден сүріндірмекші болға­н төре:

- Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайтын, таймайтын қолдаушың мен қорғаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады? - деген сұрақтарды жаудырады­. Сонда Бөлтірік:

- Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол – АҚЫЛ. Дүние­де таймайтын адал қорғаушың біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде асыл текті жел жетпес пырақ біреу, ол – АҚЫЛ, - деген екен.

Расында да, АҚЫЛмен шешкен әр ісіңнің түбі – береке, нәтижесі – толымды. Алаштың анасы атанған­ Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы­ да аймақ басшысының ақылмен ойлаған жобалары­ның жемісі екені анық.

Дария жағасындағы даланы игеріп, жағалауға жаңа қаланың бой көтеруіне ықпал жасауда облыс әкімінің еңбегі зор. Дала төскейіндегі топырақтың тұрғын­дарға бұйыруын тілеп, тіршіліктің көзі, көне тарихтың куәсі болып жатқан дарияның үстіне көпір салуға ұйытқы болған тұлғалығы және бар. Тұтастай бір өңірдің, бір қаланың тағдыр-тұрмысы мен әлеуметтік-экономикалық белсенділігін тұрақты қалпында сақтап отырудың өзі ақылды қажет етеді. Сәрсенбінің сәтінде негізгі бөлігі Тұран ойпатында ойысып жатқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 2018 жылды қорытындылап, алдағы міндеттерімен бөлісті.

ОҢ  ТЕНДЕНЦИЯ  ҚАЛЫПТАСТЫ

Соңғы бес жылда аймақтың индустриалды-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық саласынан бастап барлық­ сала жаңаша сипат, тың идея, соны серпінге ие болды. Мәселен, өнер­кәсіптің өңдеуші секторында, ауыл шаруаш­ылығында, тұрғын үйлер салуда­, аймақтың әлеуметтік дамуына инвес­тициялар тартуда және де құрылыс жұмыстарын жүргізуде оң тенденциялар қалыптасқанына халық куә. Экономика саласының ең маңызды тетіктері­нің бірі саналатын инвестиция тарту мәселесі біздің өңірде оң шешімін тапқа­н. Оған 2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн теңге тікелей инвестиция тартылғаны дәлел. Өткен 2018 жылдың өзінде аймаққа тартыл­ған инвестиция 25,5 пайызға өсті. Сондай-ақ, Қызылорда облысы оң нәтижелі жұмыстардың қорытындысымен ең үздік аймақ ретінде «Алтын сапа» сыйлығы­на ие болды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 13,1 пайыз­ға өсті. Бұл көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша аймағымыз республикада жетекші­ орынға ие.

- Аймағымызда 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы болып жарияланды. Осыған байланысты әзірленген кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы» шеңберінде әртүрлі көздерден 32 млрд теңгеден астам қаражат тар­тыл­ған. Мәселен, мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге шағын несие алып, 1000-нан астам шағын бизнес жоба­сының іске асырылуы 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, - деді Қ.Елеуұлы.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік тетіктері тиімді пайдаланылып келеді. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, соңғы 4 жылда алғаш рет Қызылорда облысының ЖӨӨ көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Мемлекет басшысының экономиканы құру жөніндегі тапсырмасы орындалып, қазіргі күні аймақ көмірсутек шикізаты мен уранның бағасына бұрын­ғы­дай тәуелді емес. Ал ең басты жетістік деп соңғы 6 жылда облыс халқының 53,5 мыңға артқанын айтуға болады.

 

ИНВЕСТИЦИЯ  ИГІЛІГІ

Облыс әкімдігі өңір экономикасының мұнай мен уранға тәуелділігін ескеріп, өткен жылы Үкімет деңгейінде экспортқа шығарылатын мұнай көлемін ұлғайту, газға әділ баға қою және жаңа кеніштерді игеру мәселелерін шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Ал индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 152 млрд теңгеден асатын, іске қосылғанда 5,4 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 25 жоба іске асы­рылуда.

- Аймағымызда басқа да ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойын­ша жұмыстар жалғасуда. «Чайна Триумф» қытайлық компаниясының қатысуымен шыны зауытының құрылыс жұмыстары жалғастырылды. Жоба әріптестері арасында туындаған зауыт­тың­ іске қосылу мерзімі кейінге шеге­рілд­і. Нәтижесінде аталған компания 2019 жылы жазда зауытты іске қосуды өз жауапкершілігіне алып, бүгінгі күні қалайы балқыту ваннасы мен қыздыру пешінің монтаждау схемасын қайта жобалаумен айналысуда, - деді облыс басшысы есепті жиында.

Жалпы алғанда атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысымен өңірге 325,5 млрд теңге инвестиция тартылған.

 

АЗЫҚТЫҚ  ДАҚЫЛДАР  ЕГІЛЕДІ

Агроөнеркәсіп кешенінде негізгі басымдық ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді және оның экспортын ұлғайту, жоғары рентабельді және суды аз пайдаланатын ауыл шаруашылығы дақылдарының үлесін арттыру болып табылады. Аймағымыздың бренді саналатын ақ күріштің атағы бүгінде шетелде де жоғары мәртебеге ие. Оған диқан қауымының су тапшылығы қиындығына қарамастан, 473 мың тонна өнім жинап, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарын игеруі дәлел. Өңірде дәстүрлі өнімнен бөлек Иранға экс­портқа шығару үшін ирандық сортын өсіру  басталды.

- 2018 жылы күріш егісі 3 мың гек­тарға кеміп, майлы дақылдар егісі, атап айтқанда, мақсары 8404 гектарға дейін ұлғайды. Бұл мақсары майын өндіруді ұйымдастыруға және экспортқа шыға­руғ­а мүмкіндік берді. Бүгінде Қытайға жыл сайын 2,4 мың тоннадан кем емес мақсары майын жеткізу бойынша келісімшарт жасалды. Осының есебінен өсімдік шаруашылығы өнімдері экспортының 28% өсуін қамтамасыз етуге болады­, - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап аймақта соя және судан шөбі, қант құмай сияқты азықтық дақылдарды енгізу­ жұмыстары басталған еді.

 

ЖЕҢІЛ  ӨНЕРКӘСІПКЕ ЖОСПАР  БАР

Шыны керек, аймақта ғана емес, елім­ізде жеңіл өнеркәсіп саласы ақсап тұр. Осы мәселе бойынша ағымдағы жылы облыста жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша аймақтық бағдарлама жұмыс істей бастайды. Жаппай тұтыну тауарларын шығару жөніндегі өндірістерді құруға – тоқыма, тігін, тері және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ, тағы да басқа өнеркәсіптер бойынша өңірлік инвести­циялық орталық арқылы 10-нан 20 млн теңгеге дейінгі сомада 8 пайызбен 5 жылға несие берілетін болады. Бірінші кезеңде оны іске асыруға шамаме­н 800 млн теңге бағыттау жоспар­лануда.

 

ҮШ  ШАҒЫН  АУДАН  БОЙ  КӨТЕРЕДІ

Сырдарияның сол жағалауынан жаңа тұрғын үйлердің бой көтеріп, шағын­ қалашықтың сап түзегеніне тәнті болмайтын адам жоқ. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде. Былтыр  614 мың шаршы метр жеке тұрғын үй салынған. 2018 жылы 4,5 мыңнан артық жер теліміне инженерлік коммуникация тартылды, ал соңғы 4 жылда бұл көрсеткіш 28,5 мың учаскеден асты. Ағымдағы жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін тағы 3384 жер телімі­не инженерлік коммуникациялар жүргізіледі.

Есепті жиын барысында облыс басшысы­ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бо­йынша жұмыстар жалғасқанын, бұл мақсаттарға республикалық және облыстық­ бюджеттерден 7,9 млрд теңге­ бөлінгенін айтты.

Былтыр бір ғана шағын аудан бой көтерсе, биыл 3 шағын аудан құрылысы жүргізілмек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА  БЕС  ОБЛЫСТЫҢ ҚАТАРЫНДА

Қызылорда облысы республика бойынша қарқынды дамып келе жатқан­ бес облыстың қатарында. Қай салада болмасын бағыты тек алда, тығырыққа тіреле қалса, одан шығатын жол да дайын­, бағыт та айқын. Аймақ халқының ең қуанатын жайты – облысты­ң аудан орталықтары мен елді мекенде­рінде газдандыру жұмыс­тарының жүргізілуі. Бұл жұмыстар «Бейнеу – Бозой - Шымкент» магистральді газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асырылу­да. 2015 жылы аймаққа қарасты Арал қаласы,­ Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған­ кенттері газдандырылған болатын. Бүгінде қалған 3 аудан орталығы­н (Жоса­лы, Жалағаш, Тереңөзек) ілеспе газға көшіру жұмыстары жүргізілуде.

 

БІЛІМНІҢ  КҮЙРЕГЕНІ – ҰЛТТЫҢ  КҮЙРЕГЕНІ

Бүгінде облыс көлемінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Smart city» тұжырымдамасы аясында­ жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын­ 40 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, біздің облыс – «Ақылды басқар­у» бағыты бойынша пилоттық аймақ. Одан өзге алдағы уақытта өртке қарсы қызмет (101), полиция (102), жедел­ медициналық көмек (103), авария­лық газ қызметі (104) және төтенше қызмет (112) жедел қоңыраулары «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі арқылы қабылданатын болады. Бұл да – пилоттық жоба.

Айта кетейік, цифрландыру технолог­иясы білім саласында да қарқын­ды жүргізілуде. Облыстағы  293 мектеп кең жолақты интернетке толықта­й қосыл­ған. Бұл салаға 2018 жылы облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. 2018 жылғы мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестіл­еуден орташа балл көрсеткішін 85,8 пайызға жеткізген.

- Педагогтің міндеті – сапалы білім беру ғана емес, оның әмбебап болып қалыптасуына септігін тигізу. Оңтүстік Африка университетінің кіреберісінде мынадай жай жазбаны оқыдым: «Кез келген ұлтты құртуда атом бомбасын немесе қашықтықтан әрекет ететін зымыран­ды пайдалану қолжетімді. Тек білім сапасын төмендетіп, оқушыларды­ емтихандарды көзбояушылықпен өткізуге рұқсат берсе, жетіп жатыр. Науқа­стар осындай дәрігерлердің қолынан­ өледі. Осындай құрылысшылардың қолынан шыққан ғимараттар құлайды. Осындай бухгалтерлердің қолынан қаражат жоғалады. Осындай заңгерлер мен соттардың қолынан әділдік  жойылады.  Білімнің  күйрегені – ұлттың күйрегені». Әрине, бұл сөздермен келіспеу мүмкін емес. Білім сапасына баса назар аударатын кез келді. Салмақты әрекет қажет. Мысалы, жоғары және орта оқу орны басшылары өздерінің жеке коммерциялық пайдасын емес, білім беру сапасына көңіл бөлулері қажет, - деді облыс әкімі есепті жиын барысында.

Өткен жылды қорытындылап, алдағы­ жылы атқаратын міндеттерді сарала­ған есепті кездесуде жастар саясатында, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауда, инфрақұрылымды дамыту­да, ауыл шаруашылығында, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту­да, тағысын тағы салаларда іргелі жобалар жүзеге асқаны туралы баянда­ды. Сондай-ақ, аймақтың ең өзекті деген мәселелері де облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында Көкарал бөгетін сақтау, Қызылорда су торабын және «Күміскеткен», «Қараөзек» су қоймаларын салу, көмірсутекті кен орындарында масштабты геологиялық барлау, мұнай көлемі экспортын ұлғайту, газға әділетті баға беру мәселелері көтерілді. Қазіргі күні қаланы жылумен қамтамасыз ететін екі қазандық ғана жұмыс істеп тұр. Қызылорда қаласы – ыстық суы жоқ бірден-бір облыс орталығы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүзеге асырылады. Одан өзге, Бай­қоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық қарқын алуы да мемлекет бас­шысы мен облыс әкімінің тікелей бақы­лауында. Ана мен баланы, мүгедектерді әлеуметтік қорғау да – басты­  бағыт­тар­дың қатарында.

Жиын соңы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың аудандар мен қала тұрғындарының көкейінде жүрген сауалдарына жауап­ берумен аяқталды. Ал есеп беру барысында әлеуметтік желі және қызу желі арқылы барлығы 206 сауал келіп түскен. Басым бөлігі тұрғын үй, жұмыспен қамту, медициналық көмек көр­сету, білім беру, коммуналдық сала мәселелеріне тиесілі.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Б.Есжанов (сурет)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары