Өзекті мәселелер

  • 21.11.19

     

    Ерлан  ЕСТЕК,

    қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

    Толығырақ...

  • 21.11.19

    «Заманның  қожасы  да,  тұтқасы  да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакт­орлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазыла­тын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап­  кеткені...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    «Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын­ көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланға­н қарыздарын жеке тұрғындар мен меке­мелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға­ қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда.

    ...
    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Қазақстандық медицина  саласын  жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың  бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

    ...
    Толығырақ...
Маусым 2017

Темекі тұқылын тастағаны үшін жауапкершілікке тартылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.07.2017 09:58

Тазалық көптеген жайттардан хабар береді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың мәдениеті, жауапкершілігі, өзін және айналасындағыларды сыйлауы тазалық шараларынан көрініс беретіні айқын. Қазіргі таңда қала көшелерінің тазалығын сақтап, келбетін келістіру бағытында қарқынды жұмыстар жасалуда.

Алайда көше тазалықшыларының жұмысын бағаламай, қоқыстарын көрінген жерге тастай салып, тазалыққа немқұрайлы қарайтындары да жетіп артылады. Бұндай құқықбұзушылықтар көп жағдайда бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Мәселен, 14 маусымда 2 азамат балалар ойнайтын аулада әңгіме-дүкен құрып отырып, шегіп отырған темекі қалдығын қоқыс жәшігіне емес, отырған жерінде, яғни тура балалар алаңына тастай салғандары белгілі болды. Аталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданды.

Дәл осы күні тағы бір азаматтың өз көлігінде темекі шегіп отырып, темекі тұқылын көшелердің біріне тастай салғаны бейнебақылау камераларының назарына ілікті. Аталған азаматқа да 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Тіпті тұрғындардың өз тұратын жерлерін, подъездерін ластап, ортақ пайдаланатын орындарын темекі шегетін жерге айналдыратын жайттар да кездеседі. Тіпті кейбірі балконда тұрып темекі шегіп, тұқылын далаға тастай салады. Бұның бәрі тәртіп бұзушылық болып есептеледі.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


БАҚ өкілдерінің әскердегі бір күні PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.07.2017 09:50

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мерекесі мен байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай Қызылорда гарнизонының ұйымдастыруымен алғаш рет «Әскердегі бір күн» тақырыбында баспасөз туры ұйымдастырылды.

Аталған шараға республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері шақырылған.  Іс-шара барысында журналистер Қарулы Күштердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, жан-жақты ақпарат алды.

Бағдарламаға сәйкес, Қызылорда гарнизоны бастығының орынбасары, подполковник Асқар Рыспаев 66597 әскери бөлімінде БАҚ өкілдерін қарсы алды. Сонымен қатар, әскери бөлімінің әскери қызметшілері қару-жарақ және әскери техника үлгілерімен таныстыра отырып, арнайы мақсаттағы барлау тобының ұрыс тәсілдерін көрсетті. БАҚ өкілдері үшін сарбаз ботқасы да ұйымдастырылды.

Шара соңында гарнизон басшылығы атынан БАҚ өкілдерін марапаттап, әскерилерлер мереке иелері үшін концерт ұйымдастырды.

 


Бақша еккен жайқалтып PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.07.2017 09:44

«Қарбыз-қауын, жаздай сауын» қағидасын ескерген қазалылықтар биылғы жылы бау-бақша егуге білек сыбана кіріскен еді. Жуырда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов ауылдық округтерді аралап, бау-бақшаның күтімімен танысты. Аудан басшысы ең алдымен Абай ауылына аялдап, еңбек адамдарымен жүздесті. Ағымдағы жылы ауыл тұрғындары топтасып егу тәсілімен 20 гектар жерге қауын-қарбыз дәнін тастапты. Егіс бригадирі Жүсіпәли Қалыбаевтың айтуынша, бақша өнімдерін егу үшін барынша жағдай жасалған. Су айдайтын жаңа насос пен жаңа трактор беріліп, бақшалықты қоршау жұмыстары жүргізілген. Оған қоса абайлықтар үйіргелік жерлерінен де бақша егуді көптен дағдыға айналдырған. Солардың бірі - Абуталип Бердіқұлов есімді тұрғын. Оның иелігіндегі жасыл желегі жайқалған бақта көптеген алма, алмұрт ағашына қоса, шиенің 11 түрі, басқа да көк өскіндер күтіп-бапталуда.

«Жанкент Ерасыл» кооперативі Өркендеудегі 23 отбасыны біріктіріп, 40 гектар жерге қауын-қарбыз егіпті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Өткелбай Жолмырзаев бақша өнімдерін өз ауданымызда егу арқылы халықты табиғи әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге болатынын айтады. Ардагердің ойынша, аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл тірлік жастарды еңбекке баулуға, масылдықтан арылуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға, қосымша табыс көздерін табуға мол мүмкіндік беретіні даусыз.

Бозкөл ауылының тұрғыны Мінажат Қаниев болса, 80 сотық жерге қауын-қарбыз, асқабақ еккен екен. Жергілікті әкімдік жеткізіп берген бақша дақылдарының жаңа сорттарын еккен жетпіс жастың жотасына шыққан қария өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстардың үйлестірілгеніне қуанышты. Ауылда егілген бақшалықтың тең жарымынан астамы «Бозкөл» кооперативіне тиесілі екенін атап кеткен жөн.

Келесі кезекте Шамұратов Аранды, Ақжона, Алға, Майдакөл ауылдық округтерінде болып, диқан қауыммен пікірлесті. Майдакөлдік Саин Сапаев пен Асқар Мұқашов қауын-қарбыздың өтімді түрлері Колхозница, Жұлдыз, Жиеншар (торпедо), Валет дәндерін мамыр айы туысымен егіпті. Қазіргі таңда өркен жайып, түйнек сала бастапты.

Биылғы жылы ауданға 6 МТЗ тракторы, 6 тіркеме, соқалар мен дән сепкіш техникалары сатып алынып, елді мекендерге берілген еді. Нақты кезеңде ауыл халқы осынау техникалардың игілігін көруде. Соның бірі осы Алға ауылдық округіне берілген. Аранды, Майдакөл, Бозкөл, Сарыкөл, Өркендеу ауылдық округтерінің шаруалары да жаңа техниканың игілігін көруде. Бейнеттің зейнетін татар сәт те жырақ емес.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.06.2017 11:20

Ел арасында кіші Түркістан аталып кеткен Қазалы өңірінде кәсіпкерлікті қолдауға баса мән беріледі. Күні кеше ауданда «Жас кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбымен өткен жас кәсіпкерлер форумы соның бір айғағы. Форум барысында аудан әкімі Нажмадин Шамұратов пен өзге де меймандар жуырда ашылған балаларға арналған ойын-сауық орталығының жұмысымен танысып, жеке кәсіпкер Жеңіскүл Қыстаубаеваның «Расул» дәмхана кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Айта кетерлігі, аталмыш нысанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Форумда облыстағы басқарма басшылары, қаржы-несие ұйымдары, жергілікті атқарушы органдары мен жас кәсіпкерлер ой-пікірлерімен бөлісті.

Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы директорының орынбасары Ғабит Құлмахан, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жасұлан Алдабергенов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының директоры Гүлжахан Ерімқызы, Қазалы ауданы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттары туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиев хабарлама жасады.

Мұнан соң форумға қатысушылар аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірнеше инвестициялық жобалармен танысты. Шағын кәсіпкерлікті дамытуда белсенділік көрсетіп жүрген бір топ жас кәсіпкерлер аудан әкімінің, облыстық салалық басқарма басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде бір ай мерзім оқу курсына қатысқан тыңдаушыларға сертификаттар тапсырылды.

Аудандағы кәсіпкерлік субъектілерінде өткен жылмен салыстырғанда өсу динамикасы қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта тіркелген жеке кәсіпкерлік субектілерінің 13,5 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды. Жас кәсіпкерлер саны  өткен жылға қарағанда едәуір артық. Сондай-ақ «Ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдейтін зауыт», «Балық, күріш өнімдерін өңдеу зауыттары» және сапалы темір-бетон бұйымдарын шығаратын цехтарда жаңа технологияны меңгерген 60 жас маман жұмыс істеуде. Ауыл жастарын қажетті мамандықтар бойынша даярлау бағытында «РЗА» АҚ тарапынан грант бөлу негізінде бір топ жас ауылшаруашылық және ет-сүт өңдеу технологтары мамандықтары бойынша еліміздегі және Ресейдің жоғарғы оқу орындарында шәкіртақысымен оқытып жатыр. Өткен жылы Омск қаласынан 3 студент бітіріп келді.

Форум жұмысы қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Қызылорда қаласы прокуратурасының ықпалымен ауыл мұғалімдері 68 млн теңгеге әлеуметтік көмек алды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.06.2017 17:17

«Өзгерістер бағдарламасында» көрсетілгендей, жаңа форматтағы прокуратураны қалыптастыру үшін мәселелердің салдарларымен ғана емес, олардың алдын алуға шаралар қолдану маңызды. Бұл халықтың прокуратура органдарына сенімін арттыруға оңды нәтиже беру қажет.

Айта кетсек, кейбір кездерде «достық» ортада қарапайым заңды түсіндірудің өзі, бірқатар азаматтардың заңды мүдделерінің қорғалуына алып келеді.

Талдаумен, ауылдық мектептерде бір жылдан астам жұмыс істеген мүғалімдер өздерінің құқықтарын білмегендіктен, көтерме жәрдемақыны, сондай-ақ үй салуға немесе оны сатып алуға мемлекеттік әлеуметтік көмекті ала алмаған.

Осы орайда, үстіміздегі жылдың наурыз айында прокуратураның бастамасымен барлық ауыл мектептердің мұғалімдерімен кездесу өткізіліп, олардың құқықтары және тиісті көмек алу үшін қандай құжаттар қажеттігі туралы түсіндірілді.

Қызылорда облысының прокуроры М.Досмағанбетов кездесу нәтижесімен уәкілетті органға 56 мұғалім өздерінің ұсынымдарын бергенін атап өтті.

Қалалық әкімдіктің 17.04.2017 ж. қаулысымен 31 мұғалімге барлығы 67,8 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек бюджеттен бөлінді.

Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі

 


Теңізбен түлеген төскей PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.06.2017 14:36

Балықшылар күні қарсаңында

«Теңіз төскейінде Арал өңірі балықшыларының дәстүрлі ІІІ слеті өткізіледі. Табиғаты көркем Қамбаш жағасында ұйымдастырылатын тағылымды шараға елімізбен қатар алыс-жақын шет мемлекеттерден арнайы келген меймандар қатысады. Тұтас қос тәулікті қамтитын осынау мерекеге дайындық қызу жүргізілуде. Несін айтасың, ауданда дүбірлеген той болмақшы» дегенді естігелі қалам ұстаған қауымның да делебесі қозғаны рас. Олай болмағанда ше? Қашанда жағымды жаңалықты оқырманға жеткізгенше жарғақ құлағы жастыққа тимейтін тілшілер қауымы ел-халық алқалаған дүбірден қалыс қалсын ба? Естіген-білгенімізді, көкейге түйгенді ақ парақ бетіне түсіруге тырыстық.

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық». Межелі мерзім жақындаған сайын тойға әзірлік пысықталуда. Қашанда пейілін кеңге салатын дарқан жанды қазекең бұл жолы да тартынып қалмайтын сыңайлы. Қайда қарасаңыз да жайдары көңіл, берекелі тірлікті байқайсыз. Теңіз төскейі қайта оралған теңізбен бірге түлеп, жаңарып жанданған. Ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа мирастаған мұндағы қабырғалы қауымның сәт санап тынысы кеңеюде. Еңбек ырғағы қалыпты соғылған ұжымдарда несібесін айырған көптеген тұрғындар тұрақты жұмыс көздерімен қамтылған. Ал қолы қимылдағанның аузы қимылдайтыны тағы рас. Әрі мұндай көріністі аудан орталығынан ғана емес шалғай ауылдардан да жиі жолықтырасыз. Ендеше төл мереке қарсаңында балықшы қауым жайлы әңгіме өрбітсек.

Ауданда шаруасын дөңгелетіп отырған іргелі ұжымдар баршылық. Солардың қатарындағы «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС халықаралық стандартқа сай салынған кәсіпорын саналады. Тұтынушы талғамынан табылуды мұрат тұтқан серіктестіктің жылына 6000 тоннаға дейін балық өңдеуге мүмкіндігі бар. Зауыттың қуатты технологиялық жабдықтары балық филесін дайындауға арналған. Қазіргі таңда 30 адам еңбек етеді. Өндіріске қажетті балық кіші Арал теңізінен  жеткізілуде.

Осындай тіршілігі алға басқан мекеменің бірі "Арал сервистік дайындау орталығы" ЖШС-нің балық өңдеу зауыты десек жарасымды. Білікті кәсіби маман, балықшылар әулетінің перзенті Нұрбек Әйімбетов басшылық жасайтын зауытта сапасы жоғары өнім дйындалады. Бүгінгі таңда өңделетін балық көлемін арттыру үшін қосымша цехтардың құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынға Арал теңізінің №10, 12, 14, 15, 17 учаскелері бекітіліп берілген. Тура жеті жыл бұрын зауыт өнімдерінің Еврокод белгісі алынған еді. Осылайша «Арал» СДО уақыт талабымен үндесіп, құлашын кеңге жайды.

Енді сөз тізгінін елді мекендердегі балық шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелеріне қарай бұрсақ. «Мергенсай ауылдық округінде «Аста» ЖШС, «Бақыт» шаруа қожалығы Кіші теңізден балық аулау жұмыстарын жүргізеді. Бұл қадам теңіз перзенттеріне бөтен болып тұрған жоқ. Ауыл тұрғындарының көпшілігі осы шаруашылықтарда маусымдық балық аулаумен айналысады» дейді өзіміз тілдескендер. Тастүбек елді мекенінде «Бақыт» шаруа қожалығы балық қабылдайтын мұздатқыш орталығын салған болатын. Нәтижесінде ауылдың біршама адамы еңбекпен қамтылды. Мұздатқыштың сыйымдылығы 50 тоннаға есептелген. Осынау балық қабылдау мұздатқышында ағымдағы жылдың маусымында қомақты көлемде балық қабылданды. Олардың арасында көксерке, торта, қылыш, жайын, ақмарқа, табан атты балық түрлері бар. «Бақыт» шаруа қожалығының балық қабылдау мұздатқышында жеті адам тұрақты жұмыс істесе, маусым кезінде бұл көрсеткіш еселене түседі.

Қияндағы Қаратерең ауылының басты кәсібі балық аулау болып табылады. Осындағы «Қуаныш» ЖШС 46 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда 600 тонна балықты сыртқа шығаруға мүмкіншілігі жетеді. Күз, көктем айларында, қыста балық тұрақты түрде ауланады. Мамырдан бастап балықтардың уылдырық шашу мезгіліне орай заңдылыққа сәйкес уақытша тыйым салынады. Кіші теңізде балықтың 22 түрі бар. Әсіресе көксерке балығы жиі кездеседі. Экспорт сұранысына сай тыран, сазан, торта, жайын балықтары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі сатылымға шығарылып отырады. Балық кәсіпшілігінің қарқындауымен Қаратерең ауылының әлеуметтік-экономикалық ахуалы жоғары деңгейге көтерілді. Округке қарасты «Тастақ» бөлімшесінде өткен ғасырдың орта шенінен бастап жұмыс жасайтын балық өсіру питомнигі орналасқан. Еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін аталмыш питомник мемлекеттік сұраныспен Балқаш, Мыңарал, Лепсі, Қапшағай көлдеріне балық жіберетін еді. Кіші теңіздің қайта оралуына байланысты «Тастақ» питомнигіне жыл сайын 22 млн.-ға жуық майда шабақтар өсіру жоспарға сәйкес жүктелген. Қазіргі таңда аталмыш питомникте 48 адам жұмыс істейді.

- «САРАТС 2» бағдарламасының аясында «Тастақ» питомнигіне 100 га жер жалға беріліп, жаңа үлгідегі балық өсіру питомнигі салынады деп күтілуде. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Қаратереңде көптеген тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Ауылдың әлуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайы жақсарып, халықтың тұрақтануы, жастардың жергілікті жерде жұмыс жасауы артады. Ауыл көлемінде балық шаруашылығын дамыту мақсатында балық қабылдау, орналастыру цехын салуға «АР-Н-КОМ» ЖШС-не жер беріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл балық қабылдау, өңдеу орталығының 600 тонна балық өндіретін қуаты бар. Бүгінгі күні басым бөлігінің жұмысы аяқталды. Жобаны жуық арада іске қосып, пайдалануға беру көзделген. Отбасылық кәсіпті дамыту мақсатында бірқатар істер атқарылуда. Біршама ауыл тұрғындары кіші кеме қайығын жүргізу үшін аудандық «Жұмыспен қамту орталығында» облыстық деңгейдегі мамандардан дәріс алуда, - дейді Қаратерең ауылдық округінің әкімі Құдабай Жиенбаев.

Той тойға ұлассын, балықшы қауым.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Арал ауданы.

 


СЕНАТҚА БАҚТИЯРҰЛЫ БАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.06.2017 11:45

Осыдан бірнеше ай бұрын, яғни сәуір айында сайлаудың самалы ескен-ді. Олай дейтініміз, ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттарды ұсыну мен тіркеу қоса жүріп, мамырдың соңында межелі мерзімі аяқталған еді. Маусымның алғашқы аптасы бітісімен үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына білек сыбана кірісуіне жол ашылды. Ал күні кеше осы сайлаудың қорытындысы шығып, үкілі үштіктен ең үздігі анықталды.

ҚР Сайлау туралы заңнамасына сәйкес, ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау процесі таңдаушылардың бірлескен отырысында жүргізілуі тиіс. Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының құрамы және облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары осы мақсатта арнайы бас қосты. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов жиында сайлау бюллетеньдерін толтыру, дауыс беру тәртібі туралы айтып өтті.

Биылғы Сенат депутаттығына Қызылордадан үш үміткер бақ сынады. Олар – Сырдария аудандық­ мәслихатының хатшысы Ержан Әжікенов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы. Естеріңізде болса, 2011 жылғы сайлау науқанында 9 кандидат ұсынылса, 2014 жылы 6 үміткер Сенат орындығына жайғасқысы  келген  еді.

Облыс бойынша барлық деңгейдегі сайланған 147 депутаттың 144-і Сыр елінен сынға түскен үміткерлердің ішінен сенаторды анықтады. 3 депу­тат дәлелді себептермен дауыс беру мүмкіндігінен қалыс қалды. Әйтсе де, сайлауға халық қалаулы­ларының  50  пайыздан астамы қатысса да жеткілікті еді.  Демек, заңды болып саналады. Сонымен, саяси­ үлесі басым Сыр шаһарындағы Сенат сайлауы да қорытындыланды. Дауыс берушілердің 13-і (9,03%) Ержан Ертарғынұлын, 30-ы (20,83%) Ақмарал Шәріпбайқызын, 101-і (70,14%) Мұрат Бақтияр­ұлын қолдады. Осылайша, қараша халықтың мұңын мінбердегілерге жеткізіп келген, саяси аренада өзіндік орны бар жерлесіміз жылы орнына қайта жайғасты.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ҚАЗАҚ БОЛУ – Жаратқанның сыйы! PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.06.2017 11:41

Туған жер! Аласаң биік, жотаң тау, баурайың ыстық, өлкең кең! Табаныңды қыздырып шипа берген құмы да, таңдайың кепсе, бал татыған суы да, жаныңды қоса жайқалтқан жасыл нуы да, бәрі-бәрі ыстық. Естеріңізде болса, Отанына оралған әр қазақ басын жерге тигізіп, топырағын иіскейді. Асылында бұл – тапсырма емес, туған елге, жерге деген сағыныш лебі. Тарихтың томдаған бетіне үңілер болсақ, қазақ халқының нәубет жылдары көрмеген азабы, соқтықпаға­н соқпағы, бастан кешпеген сүрең жолы жоқ. Осы соқпақт­ың салдарынан талай қазақтың туған жерінен безіп, өзге елден бақыт іздеуден басқа амалы қалмады.

Солақай саясаттың қылшыл­дап тұрған қылышы қынға салынғаннан кейін ғана жаппай ақтау мәселесі шешімін тапқаны рас. Тығырықты тар заманда тарыдай­ шашырап кеткен қазақ бауырларымыз бүгінде Түркия, Германи­я, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия секілді мемлекеттерде қоныс тепкен. Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет өткізілген дүниежүзі қазақтарының І құрылтайына әлемнің 33 елі­нен 800-ден астам өкіл қатысқан. Содан бері 25 жыл. Ширек ғасыр өткен соң егемендік алған елдің төрінде, бас қаланың Тәуелсіздік сарайында дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен өтті. Қазақ елінің «Күлтөбедегі» алты құрлыққа сауын айтқан айтулы жиынына әлемнің 39 елінен 350-ден астам қандасымыз жиналды. Шекара асып келулерінің өзі бір ғанибет. Келеді, әлі де келеді, өйткені «қазақтың Отаны біреу. Ол – Қазақстан».­

- Ардақты ағайын! Қымбатты бауырлар! Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына келген баршаңызға қазақтың қастерлі Атажұрты – Қазақ Еліне, оның бас ордасы – Астанаға қош келдіңіздер деп, қуанышымды білдіремін!

Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына­ дейін қасиетті Қазақ Елі. Бүгінгі басқосуға негізінен жас буынның өкілдері шақырылды. Себебі, жас ұрпақ түп қазығын ұмытпай, бір тамырын тарихи Отанында жаюға тиіс. Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпай, біліп өсуі қажет. Құрылтай балама­лы­ энергия бойынша жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өтуде. Біз арнайы осылай байланыстырдық, - деп ықыласын жеткізді Құрылтайдың ашылуында ел президенті.

Еліміздің егемендік алғаннан кейінгі тарихында жаңа парақ ашқан алғашқы құрылтайдан кейін шетелде тұратын­ қазақтар үшін арнайы заңдар өз күшіне енген еді. Сол арқы­лы әлемнің 40-қа жуық елінде өмір сүріп жатқан диас­по­ралар Қазақстанға қарай бет түзеді. Содан бері үздіксіз жұмыс жалғасуда. Ал бесінші басқосудың басты ерекшелігі – жастардың шақырылуында. Өйткені, елдің ертеңі – жастар. Жас өскін секілді жас ұрпақ та түп тамырын ұмытпай, тарихи Отанында қанат жаюы тиіс. Туған елімен байланысын нығайтып, ата салтын сақтап, ана тілін ұмытпай біліп өсуі – ұрпақ жетістігі.

Сондай-ақ, қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы бары­сында мемлекет басшысы қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындап көрсетті.

- Мен биылғы 1 шілдеде халқымыздың саны 18 миллионға жетеді деп жариялаймын. Қандастарымызға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау мен көмек көрсету үшін мына жұмыстар қолға алынуы тиіс.

Біріншіден, шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар» қорын құрамыз.

Екіншіден, құрылған Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін.

Үшіншіден, «елім», «жерім» деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ.

Төртіншіден, жастарға қолдау көрсету. Біз шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауы­мыз  керек.

Бесіншіден, сыртта жүрген бауырлардың бір бөлігі, әсіресе,­ жастар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуге тиіспіз.

Алтыншыдан, алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақстанда не болып жатқанын біліп, атқарылып жатқан істерді көргісі келеді. Қазір шетелдік көрермендерге арналған «Kazakh TV» телеарнасы қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеймін.

Жетіншіден, кез келген мемлекет кәсіби, білімді, жаңашыл мамандарға мұқтаж. «Мен тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын» деген әрбір талантты қазақты елге шақырамын.

Сегізіншіден, біз арнайы бағдарлама қабылдап, Оңтүстіктің тұрғындарын Солтүстікке көшіріп жатырмыз. Ағайындар еңбек күші аз теріскей жаққа қоныстануға ынталы болуы керек, - деп үндеу тастады.

Бүгінде сан тараулы жолдарды жүріп өткен қазақ халқының өркениетке ілесу жолында қабылдаған стратегиялық маңызды құжаттары мен реформалар, арнайы бағдарламалары бар. Бұл құжаттардағы тапсырмаларды жүзеге асыру­ үшін елдің бірлігі тұтас, іргесі бүтін болу керектігі түсінікті қағида. Бұл ретте ел президенті «Тарих­қа көз салсақ, қазақтың жеңіліп, біреуге бодандыққа түсуі тек қана іштен ыдырап, бірлігінен айырылған кезде болған. Керісінше, қазақ біріккен кезде жеңіп отырған. Осыны ұмыт­пауымыз керек. Қазіргі жаһандану дәуірінде руха­ни тұтастық қана қазақты ғасырлар сынынан сүрінбей өтетін мәңгілік ел етеді» деп топшылады.

- Шеттегі әрбір қандасымыз – қазақ елінің бір түйіршігі. Сіздер екі ел арасындағы дәнекер боласыздар. Шетелдегі қазақтар елге жиі келіп, туған жерге тамыр бекітіп тұрғаны дұрыс. Сіздер елге келіп көзайым болсаңыздар, мен де сырттағы жастарымыздың ой өрісін, білім деңгейін, бастысы, қазақы болмыстарын көріп, көңілім толып  отыр. Осы қалыптан танбаңыздар. Қайда жүрсеңіздер де, арқа сүйер Атамекенді, бүкіл қазақ қасиет тұтар Қазақстанды жүрек төріне сақтап жүріңіздер. Сонда өздеріңіз де, ұрпақ­тарыңыз да мәңгі қазақ болып қаласыздар. Қазақ болу – мәртебе, мақтаныш, қазақ болу – Жаратқанның сыйы! Осыны бәріміз де бағалай білейік!, - деп түйіндеді мемлекет басшысы Құрылтай соңында.

Қазақ қайда жүрсе де тамырлас. Қаны бір, жаны егіз, тілі бір, тілегі ортақ қандастарымыздың өзге елде жүріп, туған жерге аңсарының ауғанының өзі біз үшін мақтаныш. Біз өз Отаны­мызда, тарихтың тарғыл тасы айналып, таңба қалдырған ортада аяқ басып жүргенімізге қуаныштымыз.

Айтпақшы, аталмыш құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев қызметінен босатылды. Оның орнына елімізде талай жылдар бойы лауазымды қызмет атқарған Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


САҒЫНТАЕВТЫҢ САПАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.06.2017 11:35

Қызылорда облы­сында соңғы жылдары қар­қынды жұмыстар жүргізілуде. Өңірге ин­вес­тиция тарту, құрылыс саласы, тұрғындарды әлеуметтік  нысандармен қамтамасыз ету бойынша өзге аймақтардан көш ілгері. Сөзімізге дәлел, 2017 жылдың ІІ жартыжылдығында  шыны зауыт­ы іске қосылмақ. Сонымен  бірге  биылдан бастап Сырдарияның  сол жа­ғалауын  игеру  жобасы­ қолға алынған болатын. Қазіргі таңда жаңа қа­лашықтың құ­рылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Десе де, өңірде кейбір түйіні тарқатылмай  келе  жат­қан мәсе­лелер де бар­шылық. Ал жергілікті атқару­шы орган осы олқылықта­рды  жіпке  тізіп, үкіметке ұсынбақ. Күні кеше ҚР Премьер-министрі Бақыт­жан Сағынтае­в Елба­сының тапсыр­ма­сына сәйкес Сыр еліне жұмыс  сапарымен  келді.

Үкімет  басшысы  аялдаған алғашқы нысан – Сырдария өзеніндегі су тасқыны кезеңінде су жинауғ­а және ауыл ша­руа­шылығына ар­налған жерлерді суаруды қам­тамасыз етуге ықпал ететін Қызылорда су тораб­ы. Жалпыға  мәлім, Сыр өңірі аграрлық ай­мақ­қа жатады. Сондықтан бұл нысанның маңыздылығы жоғары. Облыста суармалы егіс ал­қабының көлемі 240 мың га құрайды. Ауыл шаруашылығы алқаптарын кеңей­ту гидротехникалық құрылыс, яғни Қы­зыл­орда су торабы ар­қылы жүргізіледі. Әйтсе де, 1956 жылы салынған нысанға содан бері күр­делі жөндеу жасалмаған. Нақтырақ айтсақ, апаттық жағдайда тұр. Біршама уақыт бұрын бұл көпір арқылы көліктердің өтуіне тыйым салынған-ды.

– Өздеріңізге  белгілі, биыл көктемде жоғары жақтан Сырдария өзені арнасы арқылы мол су өтті. Бақытжан Әбдір­ұлына осы су торабын жөндеуге үкіметтің резервінен қаржы бөліп, 198 миллион теңгеге жоба-сметалық құжаттарды дайындап, келесі жылдан бастап тиісті жұмыстарды бастауды ұсынып отырмыз,- дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов.

Қызылорда су торабының жобалық қуаты – Қызылорда қаласы және облыстың Сырдария, Жалағаш және Қар­мақшы аудандары аумағында орналасқан ауыл шаруашылығына ар­нал­ған 110 мың га жерді және 250 мың га шабындық жерлер мен жайылым­дарды суаратын сумен қамту.

Елбасы облыс әкімдеріне тапсыр­ған жұмыстардың бірі – ауыл шаруашылығына қажетті суды сақтайтын қоймаларды салу. Бүгінде оңтүстік аудандарда қар суын  жинайтын 8 қойма бар. Оның 2-еуі республика, қалғаны облыс балансында тұр. Олар жылы­на 4 миллион текше метр суды жинай алады. Серік Салауатұлының айтуынша, «Агрокәсіптік кешенін дамыту» бағдарламасы аясында тағы 3 су қоймасын салу жұмыстары  басталмақ.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев облыстық балалар ауруханасын аралап, 2018 жылдан бастап қолданылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты дайындық шараларымен танысты. Сонымен қатар үкімет басшысы «Атамекен» ӨКП жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды­. Облыс әкімінің орын­басары Евгений Ким «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Ал, қаладағы білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Нұр Шұғыла» балабақшасында мәртебелі мейман мектепке дейінгі мекем­елердің құрылысына және инвестициялар тарту мен мемлекеттік тапсырысты үлестіру шаралары туралы ақпараттандырылды.

Достық үйі. Үкіметбасының аймақтағы сапары осында жалғасады деп жиылғандардың қарасы мол. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақтағы Жолдау бағыттарының қалай жүзеге асырылып жатқанын көзбен көруге келген ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев өзге нысандарды арала­п жүрген аралықты бос жіберген жоқпыз. Облыстағы бірден-бір индустриалды кешен – шыны зауыт­ының құрылысы тұралап қалған болатын. Енді қытайлық көршілеріміздің араласуымен қайта жанданбақ. Яғни, Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін ҚХР-ның «China Triumph» компаниясының вице-президенті Ма Минлинг пен «Орда Гласс ЛТД» ЖШС басқарма төрағасы Е.Сағымбаев екіжақты меморандумға қол қойды.

- Бүгін Қызылорда облысындағы шыны зауытының құрылысын жүргізуге қол қойдық. Жалпы, Қазақстан бойынша жүргізгелі тұрған екінші жобамыз. Оның бірі шыны зауыты болса, екіншісі – цемент шығару зауыты. Бұл процеске қатысуымызға ықпал еткен облыс әкімі көп көмектесті. Біз Қазақстанға келген 2007 жылдан бері екі үлкен жобаны аяқтадық. Олар - «Жамбылцемент» және «Шымкентцемент» зауыттары. Бұлардың құрылысын бүгінде түбегейлі аяқтадық. Ал бүгінгі келісімшарт жасасқан жоба – үшінші нысан­. Бүгінде жұмысқа кірісу үшін техника күштеріміз дайын болып тұр, - деді «China Triumph» құрылыс компаниясының вице-президенті Ма Минлинг.

Түрлі ұлт өкілдерінің достық сарайына айналған «Достық» үйінде өткен жиында Үкімет басшыс­ы жұмыс істеп тұрған өндіріс­терді технологиялық жаңарту­ға және базалық сала­лардан жұмыстан босатылған жұмыскерлерді сервистік эко­номикаға көшіруді басқару бо­йынша жүйелі жұмысқа, жаңа индус­трияларға және қарапайым  заттар  экономикасына  баса назар аударды. Сонымен қатар, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыссыздарды кәсіптік оқыту және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықпен жұмыс мәселелері талқыланды. Күн санап өзгеріп жатқан әлемдік жағдаятты  ескере  отырып, өңірдің экономикасын  әртараптандыруды ұсынды. Атап айтқанда, инвестицияларды тарту және саланы цифр­ландыру  арқылы  өңдеу  өнер­кәсібін дамыту қажеттігін алға тартты.­ Кездесу  барысында  облыс әкімі Қ.Көшербаев Президенттің Жолдау­ын іске асырудың аралық қорытындылары мен өңірдің әлеуме­ттік-экономикалық даму қарқыны  туралы  хабарлады.

- Жыл басынан бері аймақ эконом­икасының жағымды өсімі қамтамасыз етіліп келеді. Бір ғана көрсеткіш – мұнай өндіру көле­мінің төмендеуіне байланысты өнеркәсіптік өндіріс көлемі кеміп кетті. Бес айдың ішінде 450 мың тоннаға азайды. Жалпы алғанда, 3,5 жыл уақыт ішінде мұнай өндіру көлемі 11 млн тоннадан 6,8 млн тоннаға дейін кеміді. Ол Ақтөбе облысында өндірілетін мұнай көлеміне пара-пар. Жұмыс істеп тұрған кеніштер өз қорларын тауыс­уға жақын. Ондағы су үлесі­нің артуына байланысты 2020 жыл­ға қарай мұнай өндіру көлемі 5 млн тоннаға дейін төмен түседі деп күтілуде. Бұл бір-бірімен қа­быса байланысқан өндірістер мен жұмыс орындарының қысқаруына және соған сәйкес салық базасының азаюына әкеп соғады. Бұл тек экономикалық мәселе емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылық тұрғысынан алғанда да маңызды мәселе, - деді облыс әкімі Қ.Елеу­ұлы  баяндамасында.

- Өткенде бір өңірге іссапармен барғанда бір мемлекеттік қызметкер бюджет қаржысын «былай жұмсадық, былай игердік» деп баянд­ап шықты. Ол қызметкердің түйсігінде бір-ақ нәрсе бар, ол – алған ақшаны игеру. Бітті. Ол қалай игерілді? Нәтижесі қандай? Артына қарамайды. Елбасы бізге олай айтқан жоқ. Қаржы оқуға бөлінді ме, ол азамат оқуын бітір­ген соң жұмысқа орналасты ма, жоқ па? Қандай жұмыс орнын ашты? Жұмыс орнын ашса, қанша адамға жұмыс орнын берді? Бәрін қадағалау керек.

Тағы бір мәселе, барлық минист­рлік бір-бірімен тығыз бай­ла­ныста болуы керек. Әр министр­лік өз бетімен жүре бермей... 2025 жылға дейін ішкі жалпы­ өнім          3,5-4 пайызға жетсе, одан кейін 5,5-6 пайызға шығып, сол деңгейден түспей, дамуымыз керек. Сонда ғана дамыған 30 елдің қатарына енеміз. Сол үшін техникалық модернизацияны енгізуді, халықты жұмыспен қамтамасыз етуді, цифрлық экономиканы қалыпқа  келтіруді, бастысы, адами­ капиталды дамытуымыз керек. Күштің бәрін соған салу керек, - деді ҚР Премьер-министрі Б.Әбдірұлы.

Достық үйінде өткен келелі жиыннан соң Үкіметбасы «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті. Айта кетейік, кәсіпкерлікті дамыту Үкімет қызметінің қаржылай және заңнамалық қолдау шараларынан тұратын басымдықты бағыты болып табылады. Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағда­рламасы бойынша шекті мөлшерлемесінің ең көбі 6% бола­тын 17 млн теңгеге дейін шағын несиелер берілуде. Сонымен қатар, бизнес ортаны қайта реттеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр, рұқсаттар саны 3 есеге қысқартылды, мемлекеттік бақылау және қадағалау қызмет­теріне тексеріс жүргізілді, салықтық тексерістер  саны 40%-ға  қысқартылады  деп  күтілуде.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес қатысушыларын, соның ішінде аграрлық салада­ғы мамандарды ұсынылып отырған мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдаланып, ішкі қажеттілікті молайтып, экспорттық нарыққа шығару үшін жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнім­дерді өндіруге шақырды.

Сыр өңіріне сапары барысында премьер-министр Б.Сағынтаев өзен үстінен жаңадан салынған көпірге аялдады. Мұнда ол Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыстың барысымен танысып, жарқын жобаға сәттілік тіледі.

Жағалауда бой түзейтін жаңа қала туралы қала әкімінің орын­басары Асылбек Шаменов толы­ғырақ тарқатып берді. Оның айтуын­ша, бүгінгі таңда аталмыш жоба бойынша игеру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Осы мақ­сатта облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, егжей-тегжейлі жоспарлар  әзірленген.

- Сол жағалауды игеру бойынша биылдыққа 18 тұрғын үйдің құры­лысы жүргізілуде. Әлеуметтік нысан­дар бойынша 320 орындық балабақ­шаның іргетасы қаланып, ары қарайғы шаруалар орындалып жатыр. Бұл құрылыс біздің жергі­лікті құрылысшылармен және жер­гілікті кәсіпкерлердің еңбегімен бой көтеріп жатыр. Аталмыш балабақша  мемлекет пен жеке кәсіпкер арасындағы әріптестік байланысты артыра түседі деген сенімдеміз. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар бойынша салынатын биылға жоспарлап отырғанымыз 1532 гектардан бірінші кезеңде 500 гектар игеру бойынша жұмыстар жаса­лынуда. Соның ішінде әлеуметтік салада мұража­йымыз, осыған қа­жетті қаражаттар бөлініп, жастар үйінің құрылысы үшін бүгін­де жер тегістеуі, құрылыстың бастапқы кезеңдері басталды. Облыст­ық бюджеттен биыл инфрақұ­рылымды дамыту үшін сол жағалауға тиісті қаражаттар бөлініп, жоба-сметалық құжат­тары әзірленді. Қазіргі таңда бөлі­ніп жатқан қаражат газдандыру, электр энергиясы жүйелерін тартуға қаралды. Сонымен қа­тар, шілде айында облыстық бюджеттен ауызсуға, жылу жүйелері­не, жаңа көпірді «Батыс Қытай – Баты­с Еуропа» дәлізімен қосатын автожолдың құрылысына да тиісті қаражаттар қарастырылып, жос­парл­анған. Жалпы, бүгінгі күнде барлық тұрғын үй құрылыстарына жұмсалып жатқан құрал-жаб­дық­тар жергілікті кәсіпкерлерден саты­п алынса, сәулетті нысандар­ға жан бітіруде жергілікті құрылысшылардың еңбегі зор. Қазіргі уақытта құрылыс нысандарында 120-дан астам адам жұмыс істеп жатыр­. Алдағы уақытта бұл жұ­мыс күші 300-400-ге дейін жетед­і, -деді қала әкімінің орынбасары.

Үкімет басшысының сапары Жаңақорған ауданындағы «Шал­қия» кешені мен көне тарих көм­бесі саналатын ежелгі Сығанақ қаласын зерттеу жұмыстарымен танысумен қорытындыланды.

«Халықтың»  тілшілері

 


ҚАЗАЛЫДАҒЫ СҮРЕҢСІЗ НЫСАН, ТОЗҒАН БИЛБОРД PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
29.06.2017 11:16

Көрмейін  десем,  көзім  бар...

Көзбен көрген көріністер осындай түйін жасатты. Қазалы қаласының тари­хы тереңнен сыр шертеді. Кезінде ояз, бертінге дейін аудан орталығы болған ескі шаһардың жасыл желекке малын­ған келбеті де өзгеше. Әлденеше ұлттың өкілдері қоныстанған құтты қоныстың тұрғындары шетінен еңбекқор, бағбандық кәсіпті де терең меңгерген. Кент базарларында қаладан жеткізілген жеміс-жидек, бақша өнімдеріне сұра­ныстың жоғары екені де рас. Десе де, бұл сапар басқа жайтты қозғамақшымыз.

Қалаға кіреберістегі ұлы жолдың бойындағы (мақаладағы суреттер топтамасы 27.06.2017 жылы түсірілді) есігінің орны опырайған, сылағы түскен нысан алыстан көзге шалынады. Бұл көшенің бойымен қалаға қоса әлденеше елді мекенге (тіпті Арал ауданының кейбір ауылына да автобус, өзге де техникалар) қатынас үзілмейді. Оған қоса қаладан күнделікті кентке қатынап жұмыс жасайтын мекеме басшылары мен лауазымды қызметкерлер да жет­кілікті. Сонда дейміз-ау, тәулігіне ерсілі-қарсылы бірнеше мәрте өтетін құзыреттілер қаланың шырайына кірбің түсіріп тұрған нысанды қалайша байқамайды? Әлде көрсе де елемей ме? Егер осынау әдемі салынған нысанға сәл назар салынса, әлі де кәдеге жарайтыны сөзсіз. Сондай-ақ көшенің қарсы бетінд­егі билбордтың бос орнына жаңас­ын ілу де ешкімнің ойына кел­меген тәрізді.

Май құю бекетінің жанындағы көшеге түстік. Ұзындығы келте болғанымен, жолдың жайы мәз емес екен. Асфальтталған деген аты ғана. Кедір-бұдыр, шұқыр-шұқанағы мол кейпі көңіліңді құлазытады. Қарсы кездескен көліктер тегіс жерді қуалап жүріп жатты. Бұрынғы автобазаның маңайындағы көрнекі ақпараттың да ажары келісіп тұрғаны шамалы. Күн сәулесімен оңып, тозып кетіпті. Әріптерінің сыры көшкен. Блақбаев пен Қорқыт ата көшесінің қиылысындағы бейберекет шашылып жатқан қоқыстарға кім назар аударады екен деген оймен ілгері жылжыдық.

Халқымыздың аяулы перзенті Шоқа­н Уәлихановтың есімін иеленген көшедегі қоғамдық колонкадан үздіксіз аққан су далаға кетіп жатыр. Тектен-текке ысырап болған тіршілік нәрі «судың да сұрауы бар» деген халық даналы­ғын жадыма оралтты. Сапасы жоғары, өзіндік құны алтынмен пара-пар Сарыбұлақтың суының сұраусыздығына қынжылдым. Түктібаев, Жамбыл көшелерінде түсініксіздеу көрі­ніске тап келдік. Аталмыш қос көшенің бойына мұқияттап жасалып, көрнекі әріптермен жазылған «Бұл жерге күл-қоқыс (мусор) тастауға болмайды. Айып­пұл салынады» деген тақта ілініпті. Хош делік. Ал жазудың аяқ жағынд­а бос қауашақ, пакетке салын­ған өзге де заттар шашылып жатыр. «Бұл қалай? Сонда жазудың мағынасы нені нұсқайды?» деген сауал көкейде қалғанын  несіне  жасырамыз.

№95 мектептің жанында төбесі аңғал-саңғал аялдама құлазып тұр. Көлік тосқан жүргіншілерге қыста пана, жазда сая болмайтыны айдан анық. Сыры көшкен сипаты күтімі олқы екенін ұқтырғандай. Осы маңайдағы үйлерге жақын жердегі арықтан қашқан­ су кішігірім көлшікке айналғандай әсер қалдырады. Шалшықтың бетінде жыпыр­лаған шыбын-шіркейден көзің сүрінеді. Бойымызды «күннің қызуымен шалшықтан ауаға жағымсыз иіс-қоңыс тарап, тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізбесе, игі» деген қорқыныш биледі.

«Сақтансаң, сақтармын» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2017 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары