Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Тамыз 2017

ҚЫЗЫЛОРДАДА МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.08.2017 09:33

Кеше Қызылордада білім саласы қызметкерлерінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Конференция қорытындысында аймақ ұстаздары облыс әкімінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің наградаларымен марапатталды. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы Серғали Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицей ұжымына 17 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Жиын барысында өткен оқу жылы қорытындыланып, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер мен аймақтағы білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалып, жалпы республикада білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар таныстырылды.

Дәстүрлі тамыз конференциясына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариямкүл Мұқатаева, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымы Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Абдильдина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ардагер ұстаздар, т.б қатысты.

Айта кетейік, тамыз кеңесіне облыс аудандары да онлайн режимде қатысты.

Аймақ басшысы Рухани жаңғырудың басты тірегі - ұстаздар, ал, оның іске асырылатын негізгі алаңы – біздің оқу орындары екендігін атап өтті.

- Мен бүгін Сіздердің алдарыңызға облыстың әкімі ғана емес, өздеріңіз жақсы білетін “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі және осы бағдарламаның әр тарауы мен әр қадамын шын жүректен жақтаушы, жанашыр азамат ретінде келіп тұрмын. Рухани жаңғырудың мектеп және ұстаздар үшін аса маңызды болуының бірнеше себебі бар. Рухани жаңғыру – мемлекет пен қоғамды ішінен жаңартудың, адамның санасын өзгерту арқылы елге жаңа сапа берудің әлемде баламасы жоқ, ерекше бағдарлама. Бұл бағдарлама Ұлттық сипатта, бірақ, жеке тұлғалық деңгейде іске асады. Яғни, қоғамдық сана, жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде іске асады. Сондықтан да, бұл бағдарламаның әр қадамы ұрпақ, яғни тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, маман дайындау жұмысымен қатар жүреді,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Айта кетейік, облыста білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Сала бюджеті 2015 жылы 63,9 млрд теңгені құраған болса, 2016 жылы ол 70,0 млрд.-қа жетіп, 2017 жылы білім беру саласының қаржысы 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 89,3 млрд. теңгені құрады. Облыстағы білім беру қызметі жалпы саны 293 болатын  9 бастауыш, 24 негізгі орта, 260 жалпы білім беретін орта мектептерде жүргізілетін болады. Оның ішінде шағын жинақталған мектептер саны – 22.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың айтуынша, соңғы үш жылда облыс түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары балл жинап, республикадағы үздік бестіктің құрамына еніп отыр. Мәселен, былтырғы оқу жылында мектеп бітірген 6564 түлектің 95% коледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде білімдерін жалғастыруға қол жеткізді. 2017 жылы 6196 түлектің 4123-і жаңа форматтағы ҰБТ сынағынан өтіп, орташа 82,4 балмен республика бойынша өз білім деңгейлерінің жоғары екендігін тағы да дәлелдеді.

Конференция  барысында ҚР Білім және ғылым министрілігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Ш. Каринова, А. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті М. Е. Мұқатаева, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев баяндама жасап, аудандардағы ұстаздар онлайн-режимде өздерінің көкейтесті сауалдарын жолдады.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында үш ауысымды мектептер мәселесі мен   3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту толығымен шешілді. Енді жыл соңына дейін апатты жағдайдағы мектептер мәселесі  түбегейлі шешіледі деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.08.2017 17:52

2017-2018 оқу жылы қарсаңында Қызылорда облысында жаңа мектептер ашылды.

Жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы аудандарында бірнеше маңызды әлеуметтік нысандардың салтанатты ашылуы өтті. Оған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

Ол алдымен Арал ауданы Аманөткел ауылдық округі Аққұлақ елді мекеніндегі жаңа мектептің, бұдан бөлек жаңа балабақшаның ашылуына қатысты.

Содан соң облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Ақжона ауылдық округі Майдакөл ауылындағы жаңа №98 орта мектептің ашылуына қатысты. Жаңа ғимарат екі  қабаттан, екі блоктан тұрады. Онда оқу бөлмелері, спорт зал, медициналық бөлме, шаруашылық бөлмелері, әкімшілік, мұғалімдер бөлмесі, гардероб, 80 орындық асхана, 120 орындық мәжіліс залы, жалпыға және мүгедектерге арналған әжетхана, жуынатын бөлмелері қарастырылған.

Шара барысында Ақжона ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы, мектептің бұрынғы директоры, ардагер-ұстаз Күләш Сұлтанқызы ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға 2020 жылға дейін орындалуға тиісті басты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою мен 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Алдымен, үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік. Содан соң, өздеріңіз білетіндей, облыс бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытудың үлесі басым екенін айту керек,- деді Р.Рүстемов.

Осы күні Қазалы ауданында да 2017-2018 оқу жылы қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Әйтеке би кентіндегі №216 орта мектепке қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Мектеп ауласында дизельді электростанция, спортзал, асхана, шеберхана орналастырылды.

Қазалы ауданы Шәкен ауылдық округі Шилі ауылындағы №259 негізгі мектеп ашылды. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Онда оқу бөлмелері, мұғалімдер бөлмесі, медициналық бөлме, шеберхана, мультимедия және лингафон кабинеттері, шаруашылық бөлмелері, гардероб, 32 орындық асхана, 40 орындық акт залы, жалпыға арналған әжетхана, жуыну бөлмелері қарастырылған.

Шара барысында ауыл ардагерлері тұрғындар атынан аймақ басшылығына келешек ұрпақ игілігі үшін атқарып жатқан жүйелі жұмыстарға алғыстарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында үш ауысымдық білім беру жүйесі жойылып, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілді. Жыл соңына дейін апатты жағдайдағы мектептер санын толықтай шешу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТТЕРІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.08.2017 14:55

Қызылорда қаласында елімізде алғашқылардың бірі болып құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Сағатбек Сүлеймен қатысты.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында әрбір қазақстандықтың санасын, қоғамды тұтастай жаңғыртудың бірнеше бағыттарын атап өтті. Бұл - прагматизм, сананың ашықтығы, сонымен қатар, бәсекеге қабілеттілік. Бүгінгі ашылып отырған орталықтың да басты міндеті - атқарушы және құқық қорғау органдары мен халықтың арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев жаңа орталықтың ашылу салтанатында.

Орталық "бір терезе" қағидаты бойынша арнайы орындармен және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда жеке және заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер прокуратура, ішкі істер, әділет органдары, әкімдік қызметкерлерінен, адвокаттардан, медиаторлардан қажетті кеңестер ала алады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Жөндеуді қажет ететін тұрғын үй көп PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.08.2017 14:54

Облыста 260 елді мекеннің 194-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ал мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл көрсеткіш 80 пайыз болуы тиіс. Әзірге біздегі нәтиже жаман емес. Былтыр аймақта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 жоба басталған-ды. Ол биыл пайдалануға берілмек. Осының арқасында 280 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауызсумен толыққанды қамтамасыз етілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин баспасөз брифингінде айтты. Оның айтуынша, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасымен 36 жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігерлері анықталған. Бұйырса, 2018 жылы 335 шақырым ауызсу құбырлары және 7,7 шақырым кәріз су жүйелері жаңартылады.

Көптен бері қалаға қоңсы қонған Белкөл кентінің тұрғындары көгілдір отынды күтіп жүргені мәлім. Бүгінде бұл мәселе де оң шешімін тауып, облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Бұл бағыттағы шаралар мұнымен де тоқтамайды. 2018-2020 жылдары 12 жоба бойынша ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылған. Қорытындысы күтілуде. Осы күні Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары қарқынды жүруде. Болашақта жаңа қаланың бой көтеретіні де белгілі. Оған газ тарату желілерін салу үшін (1 кезек-ГТП-2 орнатумен АГТС-1-ден 1,2 МПа жоғары қысымды тартылатын газ құбыры) тиісті шаралар атқарылуда. Тағы бір айта кетерлік жайт, Ж.Махамбетов пен Наурыз елді мекендерін де сол жағалаумен қатар көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Облыс орталығымен қатар аудандарды да жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

– Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі  35/10 кВ №22 ҚС-сын кеңейту және қайта жаңғырту, Қармақшы ауданы Төретам кенті мен Ақай елді мекені 6-10/0,4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту, Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі 220/35/10 кВ «Жосалы» ҚС-сын қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде,- деді басқарма басшысы.

Баспасөз брифингі барысында БАҚ өкілдері шаһар тұрғындарына ыстық судың қашан берілетіндігін сұрады. Медет Усаинның айтуынша, бұл мәселе біраз жұмысты талап ететін көрінеді. Себебі облыс орталығындағы «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК 1964 жылы салынған. Бүгінде ол ескірген. Оны қайта жабдықтау көп қаражатты талап етеді. Сондықтан осы мақсатта тиісті шаралардың атқарылып жатқандығын жеткізді. Бірақ нақты қашан берілетіндігі жөнінде айтылмады.

Сонымен бірге 2017 жылдың 1 қаңтарына республикалық бюджеттен қайтарымды қаражат пен аудандық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген. Оған барлығы 160 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткен. Әйтсе де, Қызылорда облысында жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлердің саны 640-ты құрап отыр.

Қозы Көрпеш  Жасаралұлы

 


Мешіт салдырып, сауап арқалаған PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.08.2017 10:36

Жуырда  қарымды  қаламгер Нұрперзент Домбайдың «Алғыс  арқалаған  азамат»  атты кітабын  оқып, зор  әсер  алдым­. Онда «ҚР Құрметті авто­көлікшісі», Қазалы  ауданының құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты, «Қазалы – Жолаушы» ЖШС директоры Бекқали Бекбауыловтың өмір жолы, игі қасиеті шұрайлы тілмен өрнектелген екен. Бекеңнің көпшілік болып жұмылған  ортақ істен ешқашан қалыс қалмайтын дағдысына, жабырқаған жандарға демеуші­лік  танытатын  жо­марттығына  қанық  болғандықтан, туындының  соңына шыққанша асықтым. Кітап та таусылды. Десе де, жақсы тағамның дәмі таңдайыңда ұзақ уақыт сақталатыны сынды көркем шығармадағы оқиға желісі көпке дейін көз алдымнан кетпей­  қойды.

Толқыны көкке шапшыған теңіз қолтығында кіндігі кесіліп, Қазалының белді азама­ты  атанған  Бекбауылдың Бекқалиын қазір ауданда та­нымайтындар жоқтың қасы. «Елдің атын ер шығарады» десек­  те  тарыққанда  жанынан табылып, қиналғанда қол ұшын созған ұлын елі де өзекке теппейтіні рас екен. Мақаланы жазу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ерлан Нұржаубаев пен мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбековтен Бекқали жайлы пікір сұраған едім. Ел азаматтары тосылмады. Екеуі де Бекбауыловтың көпшілікке жасаған жақсылығын, демеу­шілігін сүйсіне жеткізді. Шыныме­н де ауыз толтырып айтарлықтай  бар  екен. Санамалап  көрсек. Бекқали  жастардың түрлі спорт сайыстарына, өнер  байқауларына қатысуына, өзінің сайлау округіндегі тұрмысы төмен отбасыларының  газет-журналдарға тегін жазылуына, әлеуметтік қол­дауды қажет  ететін отбасылар­ға көмектесуді  тұрақты дағдыға айналдырған. Қатарынан екі рет аудандық мәслихаттың депут­аты болып сайланған азама­т  сайлаушылар  сенімінен шығуда. Қожабақыдағы мектептің жылу жүйесін жөн­деуге, Өркендеудегі балабақшаның жылу жүйесі ғимара­тына  қаржы  бөлдіруге, Бір­лік­тен жаңадан мектеп құры­лы­сын салуға және “Сол Жаға” канал­ына көпір салдыртуға, Өркендеуге  кіреберісінен  көне Жанкент шаһарына дейінгі жолды асфальттауға, өзге де әлеуметтік  маңызы  бар мәселелердің түйіні шешілуіне ықпалын  тигізді.

«Имандының жүзі жар­қын». Сонау 1896 жылы қазіргі Бірлік ауылында Рамберді ишан алғаш рет Алланың жердег­і үйі мешітті салдырып, халықты имандылыққа ша­қырған-ды. Арада жылдар өте мешіт ескіріп, тозығы жеткен болатын. Бекқали жеке қаражатынан мешіт үйін жаңалауға мұрындық болды. Оған қоса кезінде іргелі қоныс болып, кейін теңіздің тарты­луына байланысты тіршілігін тоқтатқан туған ауылы «Ұялы» елді мекені болған жерге ескерткіш-белгі орнатты. Перзент парызы дегеніміз осы шығар.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


Сенімді ақтай ма, “таптай” ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
24.08.2017 10:36

Футболдан ҚР Премьер-лигасы­ басталған тұста, сырбойылық бас командаға белгіленген меже турнир кестесінде алтылықтан төмен түспеу болатын. Әрине, бірінші лигадан енді келген ұжымға бұл оңай тапсырма емес-ті. Маусым алдында­ғы жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: “Қайсарда” қар­жы­лық қиындық болмайды”, - деді. “Қайсардың” №1 жанкүйері керек кезін­де алаңнан табылып, қолдау көрсетіп келеді. Сырбойылық футболшылар сенімді қаншалықты ақтап жүр? “Байқоңырдың”, “Қайсар” жаста­ры­ның ойыны қандай дәрежеде? Жергілікті клубтарды жарна­малау жағы қалай жүргізіліп жатыр­, т.б. сауалдар төңірегінде ізденіп көрген едік. Осы орайда  “Қайсар” футбол клубы­ басшылығына  хат жол­дадық. Өз кезегінде олар қысқа да нұсқа  жауап  беріпті...

Әлгі сенім дегеннен шығады ғой. Негізі, “Қайсар” сенімді ақтап келе жатыр деуге  болады. Себебі сол, әзірге “Қайсар”  28 ұпаймен турнир кестесінде 6-орында келеді. Егер маусым соңында осы орында қалса, қуантарлық нәтиже көрсеткені. Одан да жоғары орындарға тұрақтаса, облыс әкімінің ақшалай сыйынан бөлек, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленер еді. Қуанарлық жайттың бірі – “Байқоңырдың” ойыны. Төл клубымыз әзірге бірінші лигада 22 ұпаймен 4-орында келеді. Жерлестеріміздің көр­сеткіші “бәрекелді” деуге тұрарлық. “Байқоңыр” “Қайсарға” мықты ойыншылар да­йындауды мақсат етеді. Ерекшелігі сол, құрамында жергі­лікті ойыншылар және қазақтар доп тебеді. Ал, “Қайсар” жас­тарының нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Тіпті, айтуға тұрмайды...

2017 жылғы “Қайсарға” бөлінген қаржының көлемі  2 миллиард теңгені құрайды. Ал, клубта барлығы (бапкерлер, футболш­ылар, т.б.) 133 қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі таңда команда Қызылорда қала­сының белсенді жастарынан құралған “Жастар-фан” қозғалысымен тығыз байланыс жүргізуде. Жанкүйе­рлерге де­меу­шілердің көмегіме­н жейделер берілг­ен.

“Қайсар” футбол клубының эмблемасы бейнеленген, жазуы бар мойынорағыш, кепка, футболка, кәдесый т.с.с. заттар қаламызда өте аз. Бұл өз кезе­гінде футболға деген қызығушылықты оятпай, клубтың жергілікті жердегі танымалдығына кері әсерін тигізуде. Осы мәселенің алдын алу үшін клуб тарапынан қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?”, - деген сауа­лымызға “Қайсар” командасының эмблемасы бейне­лен­ген мойынорағыш сатылымда бар” деп жауап жазыпты. Украи­на елінде “Қайсар” атты жазуы, эмблемасы бар қаламсаптың 2000 таралыммен сатылымға шыққаны туралы ғаламтордан оқыған едік. Ал ютуб желісінде Африка құрлығында спорттық киімдерге қызылордалық клубтың аты жазылғанын көріп шын қуанғанбыз. “Неге өзгенің ісіне қуануымыз керек, неге өзіміз осылай істемейміз?” деп шағымдануға болатын шығар. Бұл бастан-аяқ клубтың атқаратын шаруасы емес секілді. ҚР Премьер-лигасының XXI туры аясындағы “Ақтөбе”-“Қайсар” арасындағы ойынды көруге батыс өңірге жолым түскен еді. “Қобыланды батыр” атындағы орталық стадионның айналасында “Ақтөбе” футбол клубын­ың заттарын сататын дүңгіршектер бар екен. Бір байқағаным, мұны клуб келі­сімін алған жеке кәсіпкер істеп отыр. Бас пайда үшін деңіз, мейлі жана­шырлық деңіз, бәрібір. Бас­тысы, ішінде қа­жетті барлық заттар бар, сауда да жүріп тұр.

Мұны неге жазып отырмын? Футбол – әлемдік спорт. Ол – көңіл сергітетін, көтеретін, тіпті демалатын жер. Мыңдаған көрерменді жинау үшін тек команда­ға жеңіс мақсат емес, басшылыққа оң іс маңызды. Түп­теп келгенде біз футболдан бизнес жасай алмай жатырмыз. Яғни, көрермендердің фут­болға деген сезімін ояту, жан­күйер­лердің қызығушылығын арттыру үшін еңбек ету керек сияқты.

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 62 ТҮЛЕГІ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БІЛІМ ГРАНТТАРЫН ИЕЛЕНДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.08.2017 10:27

2017-2018 оқу жылында Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу институтына (МИСиС) - 14 түлек, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне – 24, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технологиялар және дизайн университетіне – 24 бала оқуға түсті. Барлығы 62 түлек білім гранттарына ие болды.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарында оқитын қызылордалық жастармен кездесуінде айтылды.

- Аймаққа қажетті мамандарды даярлау мақсатында Сырдың өздеріңдей талапты түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің ең беделді жоғары оқу орындарына түсіп, Ресей мемлекетінің есебінен білім алуда. Осы бастаманың арқасында үш жыл ішінде 400-ге жуық түлегіміз оқуға қабылданса, биыл олардың қатары тағы да 62 түлекпен толығып отыр. Болашақта осы түлектер елге оралып, ІТ, тау-кен, металлургия, мұнай, күрделі қосылымдар, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларда аймақта индустриалды-инновациялық жобалардың сәтті іске асуына, экономикамыздың өркендеуіне өздерінің үлесін қосатын болады деп үміттенеміз,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Сонымен, Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу институтына (МИСиС) 14 түлек 8 мамандық бойынша оқуға түсті: «Технологиялық машиналар және құрал-жабдықтар», «Физика», «Нанотехнология және микрожүйелі технология», «Наноматериалдар», «Тау және мұнай өндірісінің физикалық процестері», «Электроэнергетика және электротехника», «Материалтану», «Металлургия».

Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технологиялар және дизайн университетінде «Химиялық технология», «Электроэнергетика және электротехника», «Жылу энергетикасы және жылу техникасы», «Технологиялық машиналар және құрал-жабдықтар», «Технологиялық процестер және өндірісті автоматтандыру» «Химиялық технология, мұнай химиясы және биотехнологиядағы энергия және ресурс жинақтаушы процестер», «Менеджмент» және «Дизайн» мамандықтары бойынша 24 түлек білім алады.

Тағы 24 түлек К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне «Транспорттық технологиялық машиналар мен кешендерді эксплуатациялау», «Техносфералық қауіпсіздік», «Агроинженерия», «Жерүсті транспорттық технологиялық кешендер» мамандықтары бойынша оқуға қабылданды.

Бұдан бөлек, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.А.Садовничийдің өкімімен облыс түлектеріне 20 грант (магистратураға) бөлінді.

2014 жылдан бастап қызылордалық 390 студент Ресей Федерациясы Үкіметінің қаржысы есебінен Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу институтында 19 мамандық бойынша – 204 студент, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде 22 мамандық бойынша – 98 және Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технологиялар және дизайн университетінде – 21 студент білім алуда.

2018 жылы алғашқы түлектер түлеп ұшады деп күтілуде. Оқу орнын жоғары балмен аяқтаған сутденттер «Сколково ғылым және технологиялар» институтында "магистратура" бағдарламасын жалғастырады.

Бұдан бөлек, биыл 10 сала бойынша облыс әкімінің 182 білім гранты бөлінді. Айта кету керек, білім гранттары әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға берілуде.

- Айта кету керек, 2013 жылдан бастап облыс әкімінің білім гранты әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, әсіресе ауылдық жерлерден шыққан балаларға берілуде. 2017 жылға дейін барлығы 512 түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. Биыл түрлі салалар бойынша 182 грант қостық. Осы мақсата облыстық бюджеттен 101,7 млн теңге қаржы бөлінді,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Бахытжан Сайлыбаев.

Сонымен, осы жылы техникалық мамандықтарға 40 грант бөлінсе, оның 10-ы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Электроэнергетика» мамандығы бойынша оқитын болады. АӨК саласындағы мамандықтарға тағы  20 грант бөлінді. Өнер саласына - 27, ал археология мен этнологияға 5 грант бөлінді. Педагогикалық кадрлар дайындауға 50 грант бөлінсе, тағы 20 грант жас дәрігерлерге резидентурада оқу мақсатында қаралды. Сонымен қатар 1 грант «Жалпы тәжірибе дәрігері» мамандығы бойынша М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқу үшін бөлінді. Сонымен бірге 5 грант «Жерге орналастыру» мамандығына, 3 грант «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығына, ал 1 грант «Журналистика» мамандығына бөлінді. 2013 жылдан бері 694 білім гранты бөлініп отыр.

Айта кетерлігі, Елбасының тапсырмасымен қолға алынып жатқан «Серпін» бағдарламасы аясында 4 мыңға жуық мектеп түлегі еліміздің түкпір-түкпірінде, солтүстік және орталық аймақтарда қалаған оқу орындарында білім алуда. 200-ге жуық жас «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде білім алып, кәсіби маман атанды. Бүгінгі күні 80-ге жуық бағдарлама түлектері өңіріміздің дамуына атсалысуда. 20 мыңнан астам жас «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушысы атанған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛТІРГЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.08.2017 10:32

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Бай­қожаев­ БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Басқосу барысын­да мемлекеттік қызметшілердің әдеп норма­ла­рының сақталу деңгейі сөз болды.

- Жалпы, Әдеп Кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызмет­шілер өзінің іс-әрекетімен, мінез-құлқымен қоғам  тарапынан  сынға  себепкер  болмауы  тиіс,- дейді Берікбол  Ұзақұлы.

Алайда нақты деректердің мемлекеттік қызмет­шілер  жасаған теріс қылықтарды жасыра алмайтыны тағы бар. Оның айтуынша, биылғы алты айдың өзінде  басшы лауазымындағы екі мемқызметкер Әдеп кодек­сі талаптарын бұзған. Іс қаралған соң кінәлілер тәр­тіптік жауапкершілікке тартылған. Жүргізілген жұмыс­тар­дың нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі азаматтардың ойын-сауық орындарында, табиғат аясында алкого­льдік ішімдіктердің жанында түсіп, әлеуметтік желіге салынған 50-ге жуық суреті анықталды. Бір ғана мысал, Сырдария ауданы Шаған ауылдық округінің жетекші маманы Қ.Ізімбаев құмар ойы­нын (карта) ойнап жатқан суретін «Мой мир» әлеуметтік желісіне орналастырыпты. Осындай деректерге сәйкес ұсыным­дар негізінде 18 мемлекеттік қызметші ескерту,­ сөгіс түрінде жаза алған. Осылайша мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін суреттері әлеуметтік желіден алынып тасталынған.

- 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Жолдағы сыбайл­ас  жемқорлықты төмендету бойынша 10 қадам» жобасы аясында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік автокөлік құралдарын қызметтік емес мақсат­та пайдалануына және қызметтік өкілет­тілігін теріс пайдалануына жол бермеу мақсатында мобиль­дік топ құрылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді, - деді  Б.Байқожаев.

Ал тілшілер тарапынан қойылған «Қазалы ауданы басшыларының қызметтік көлікті мақсатсыз пайдалануы» туралы  сауалға департамент басшысының орынба­сары «Бізде мұндай дерек тіркелген жоқ. Алайда­  алдағы  уақытта тексеріс  жүргізілетін  болады»  деп  жауап  берді.

Жазира  БАҒЛАН

 


АСТАНАДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ КҮНДЕРІ ӨТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2017 15:06

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада 10-14 тамыз аралығында Қызылорда облысының мәдени күндері өтеді. Шара аясында тарихи-өлкетану және қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, спектакльдер мен концерттер, сондай-ақ Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, халықаралық ғарыш станциясындағы 52-ші экспедиция экипажы көрмеге келушілермен байланысқа шығып, Астана тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды.

Мәдени-бұқаралық іс-шараларға облыстан 270-ке жуық өнер өкілдері қатысады.

"Қызылорда облысының мәдени күндерінің ашылуы 10 тамыз күні "Қазанат" ипподромындағы этноауылда өтеді, онда «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және өңірдің тарихы мен мәдениетінің көрмесі өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, концерттер мен спектакльдер ұйымдастырылып, бағдарлама "ЭКСПО-2017" көрмесінің алаңында «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланады және осы жерде "МИР" халықаралық ғарыш станциясының 52-ші экспедициясының ғарышкерлерімен телекөпір ұйымдастырылады,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Сонымен, 10 тамыз күні Мәдениет күндерін аймақ тарихы мен мәдениетіне арналған «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің және қолданбалы өнер көрмесі ашады (Өтетін жері: «Қазанат» ипподромы). Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сыр елінің бай мәдени мұрасы мен асыл қазынасынан сыр шертетін экспонаттары ұсынылады. Мұнымен қоса, 25 сәндік-қолданбалы өнер шеберлері «Шығыс базары» жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ мұнда зергерлік бұйымдар мен киіз өнімдерін жасау, сүйек өңдеу мен тоқыма тоқудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Көрме 20 тамызға дейін жалғасады.

Осы күні, 10 тамызда М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Иран Ғайыптың «Қорқыт» спектаклі қойылады. Айта кетейік, спекталь көрсетіліміне қойылым авторының өзі де қатысады.

11 тамызда Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына екі бірдей театрландырылған қойылым ұсынылады. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қызылорда облыстық филармониясы жанындағы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясының кішкентай артистері Г.Остердің «Мазасыз тиін» қойылымын ұсынады. Ал, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрда Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының өнерпаздары М.Ахунзаденің «Кетпейсің. Болды кетпейсің» атты комедиялық қойылымын сахналайды.

12-13 тамыз күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесінде («Қазақстан» СК жанында) қала тұрғындары мен қонақтарына Сыр өңірінің өнімдері ұсынылады. Жәрмеңкеде қызылордалық 30 шаруашылық өз өнімдерін саудаға шығарады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40-тан астам түрлері нарық бағасынан төмен бағада сатылады. Олардың қатарында күріш, жылқы еті, сүт өнімдері, қымыз, шұбат, балық, көкөніс, бақша өнімдері және т.б. бар.

12-13 тамыз күндері «Сыр самалы» ансамблінің, эстрадалық дуэт, трио, квартет орындаушыларының, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дәстүрлі орындаушылардың (жыршы, термеші) және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерттері ұйымдастырылады. (Өтетін жері: Астана қаласының  орталық саябағы)

Осы күні «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар: ат үстіндегі өнер, қыз қуу, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, тоғызқұмалақтан, асық атудан және қазақ күресінен сайыстар ұйымдастырылып, қазақы тұқымды тазылардың көрмесі өтеді.

Қызылорда облысының мәдениеті күндерінің бағдарламасы 14 тамыз күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағындағы амфитеатрда өтетін «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланады. Концертте би ансамбльдері, жыршы, термешілер, қазақ эстрадасының жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Серік Ибрагимов және т.б өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, гала-концерт аясында халықаралық ғарыш станциясындағы 52-ші экспедиция экипажымен телекөпір өткізіліп, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен Сергей Рязанский Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына ғарыштан сәлем жолдайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қызметіңіз – халыққа, алқа тағынған асыл жан PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.08.2017 10:19

Ағымдағы жылдың 22-25 маусымында Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы: "Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына байланысты халық саны артып келеді. Егер бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 миллион болды деп жариялаймын", - деген болатын. Еліміздегі демографиялық өсімнің жылдан-жылға ұлғайып келе жатқаны халықтың Елбасымыздың салиқалы саясатына, Қазақстанның болашағына деген сенімінің зор екенін білдіреді. Жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, білім алуына елімізде барлық жағдай жасалуда.

Облыс көлемінде де жас отбасыларына, көпбалалы отбасыларына үлкен көмек көрсетіліп келеді. Солардың қатарында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті Қызылорда қаласының №2 бөлімінің құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы, «Алтын алқа» иегері Гүлбану Жеткербаева 5 жылдан аса жұмыс атқаруда. Біздің маман 10 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеумен қатар, халыққа да мүлтіксіз қызмет көрсетуде. Сонымен қатар бөлімнің алтын алқа иегері облыстық, қалалық және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің алғысына бөленіп, әрбір мейрам қарсаңында құттықтау марапатын иеленуде.

- Ұл-қыздарымызды елге қызмет ететін, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-жұмсайтын боламыз, - дейді  10 баланың анасы Гүлбану Жұмабайқызы.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Қызылорда бойынша филиалы - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Қызылорда қаласының №2 бөлімі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2017 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары