Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Тамыз 2017

Кәсіпкерлер палатасы 6 айда 150 кәсіпкердің құқығын қорғады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.08.2017 10:18

Бұл туралы Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Ерлан Әбдікеров айтты.

Оның айтуынша, Палатаға жыл басынан бері бизнес өкілдерінен 97 өтініш түскен. Нәтижесінде 48 өтініш оң шешіліп, 150-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен биылғы жылдың 6 айының өзінде кәсіпкерлердің 217 млн теңгесі сақталып қалды және 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Түскен шағымдардың 22 пайызы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметіне, 22 пайызы квазимемлекеттік орган қызметіне, 18 пайызы жер қатынастары, 10 пайызы салық салаларына қатысты», - дейді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы.

Ерлан Әбдікеров оң шешілген мәселелердің маңыздыларына да тоқталып өтті. Атап айтқанда, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда облыстық филиалы тарапынан кәсіпкерге салынған 25 млн теңгеден астам, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облыстық департаменті тарапынан кәсіпкерге салынған 37 млн теңге айыппұл жойылған.

«Тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік орган өкілдері - көші-қон полициясы қызметкерлері, Арал ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы мен бас маманы, Арал ауданының жергілікті полиция инспекторы. Бұл азаматтарға «атқарып отырған лауазымына сәйкес емес», «сөгіс», «ескерту» берілді», - деп атап өтті Ерлан Әбдікеров.

Мұнан өзге, Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерімен жыл басынан бері «Атамекен» ҰКП-на қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты 20 ұсыныс жолданған.

Егер кәсіпкер ретінде құқығыңыз бұзылған болса, онда Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері Сізді қорғауға әзір. Ол үшін 8 /7242/ 40-09-81 /ішкі 4319/ байланыс телефонына хабарласуыңызға немесе Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесі 28 мекен-жайда орналасқан Кәсіпкерлер палатасына келіп, өтініш қалдыруыңызға болады.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Әлем мойындаған көрме PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.08.2017 17:28

EXPO-2017 көрмесі – әлемдік деңгейде ұйымдастырылған Тәуелсіз Қазақ елінің ең ірі көлемді жобасы. Көрменің басты тақырыбы – «Болашақ энергиясы», бұл дегеніміз – өте ауқымды, тың тақырып.

Қазіргі кезде бүкіл әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғандығы белгілі, сондықтан әлем елдері энергияны үнемдеп, «жасыл» экономикадан баламалы энергия көздерін алуға бет бұра бастады. Бұл бүкіл әлемді шикізатқа тәуелділіктен арылту болып табылады. Көрме кешенінің жүрегіне айналған, алып шар тәрізді ғимарат «Нұр әлем» деп аталады, биіктігі – 100 метр, диаметрі – 80 метр, 8 қабаттан тұратын ұлттық павильон әрбір көрмеге келушіні өзіне шақырып тұрады. Сфераның төменгі табанында 5 мың шаршы метр аумақта орналасқан ұлттық павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Мұнда Қазақстанның өткен тарихынан бастап болашағы туралы мәліметтер қамтылған және жоғары қарай павильонның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана - болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген.

Ғарыш, күн энергиялары орналасқан қабатқа кіргенде әр адам өзін айға, күнге барып саяхат жасағандай әсер алады, осы уақытқа дейін теледидардан көріп, естіген әлемімізді көзбен көргендей болдық және түрлі шөптер мен дақылдардан адамзатқа қажетті баламалы шикізатты, мысалы, жанармай тектес сұйықтық алуға, болашақта күннің қуатымен автокөліктерді жүргізуге болатындығына көз жеткіздік. Құды бір өзімді ертегі әлеміне кіріп кеткендей сезіндім. Сфераны айнала орналасқан шетелдің павильондарын бір күнде аралап, танысу мүмкін емес. Алайда өзім естіп, біліп жүрген Қытай, Өзбекстан, Жапония, Тайланд, Катар, Түркия, Франция, Германия, АҚШ, Щвейцария сияқты бірнеше мемлекеттің бағдарламаларымен қатар, көрмеге дайындаған дүниелерімен таныс болдым.

ЕХРО көрмесіне барып келген қызметкерлермен мекемеде өткізілген ««ЭКСПО-2017 - Ұлт мақтанышы» атты кездесу кешінде қызмет алушылар мен ұжымдастарыма көрген, білгенімді слайд арқылы көрсетіп, әңгімелеп бердім. Кез келген жақсы бастама сынсыз болмайды, дегенмен де осы уақытқа дейінгі сын айтып келген тұлғаларымыздың пікірі өзгеретіндігі сөзсіз. Әрбір қазақ елінің азаматы өз елінің жетістігімен мақтануы тиіс. Көрме аяқталғаннан кейін еліміздің құрметі артып, мәртебесі қазіргі таңдағы деңгейден де жоғарылап, тың өзгерістерге аяқ басып, кәсіпкерлік дамып, жаһандық дағдарыстан шығуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Көрмені өз көзімен көрген әрбір азаматтың танымдық деңгейі өсіп, өмірге деген қөзқарастары өзгереді. Сондықтан мүмкіндігінше көрмені көруге кеңес беремін. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінде мемлекетіміздің мығымдығы, еліміздің еңселілігі, ойымыздың тереңдігі, халқымыздың қонақжайлылығы, ұлтымыздың ұлылығы көрсетілуде. Тәуелсіз Қазақ елінің тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт еліміздің берекесі арта берсін. Көк туымыздың тұғыры берік, еңсесі биік болсын.

Гүлжанат Төлегенова,

Қазалы арнаулы әлеуметтік

қызметтер көрсету орталығының заңгері

 


Дәрі-дәрмек бағасын реттеу кәсіпкерлерді мазалайды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.08.2017 13:15

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу арқылы халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмек тізбегі өседі деп көзделген.

3 тамыз күні «Атамекен» алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, денсаулық сақтау мекемелері, онлайн байланыс арқылы өңірлердегі дәрі-дәрмек өндіруші компаниялар мен дәріхана өкілдері қатысуымен дәрі-дәрмектің нарықтық бағасын реттеу мәселесі талқыланды.

Өткен апта Міндетті әлеуметтік медицианлық сақтандыруды енгізу бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз ұсыныстарын Үкімет отырысында айтқан болатын. Ұлттық палата аталмыш жүйені кезең-кезеңмен еңгізуді сұраған.

«Баршаның көкейінде жүрген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жалпы дәрі-дәрмек бағасына есер етеді ме? Ал девальвация, курстың құбылуы кезінде кәсіпкерлер не шара қолданады? Жалпы, баға белгілеу қалай жүргізіледі? Бұл мәселе де міндетті медицианлық сақтандыру жүйесі сынды маңызды», – деді Юлия Якупбаева.

Жалпы, дәрі-дәрмек шығару индустриясы әлемде дамып кеткен. Сырттан келетін дәрілер нарықта доминатқа айналған, отандық тауар өндірушілерге көбінде бәсекеге қабілетті өнім шығару қиынға соғады. Дәрі-дәрмектер бағасын реттеу, отандық тауар өндірушілердің мүддесін қорғау, халық қалтасы көтеретін сапалы дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету - өзекті мәселе.

«Аталған жобамен арнайы тағайындалған жұмыс тобы айналысып жатыр. Бірер күн бұрын Алматыда фарм-қоғамдастықпен кездестік, даулы мәселелер көп. Бастысы, Міндетті медициналық жүйен енгізу керек. Ол тірі ағза сияқты, бірден қалыптасып кетпейді. Біз еуропалық кемел жүйеге бірден жетуді көздемейміз, бәрі өз уақытымен. Дәрі-дәрмектер диспансерлік есепте тұрған науқастар, туберкулез сынды аурулармен ауыратын науқастарға беріледі. Жасыратыны жоқ, тегін берілетін қажетті көлем бола беремйді, бәрін тегін бере алмаймыз. Сондықтан азаматтар дәрілерді өз қалтасы есебінен төлейді. Міндетті әлеуметтік медицианлық сақтандыруды енгізу арқылы тегін берілетін дәрі-дәрмек тізбегі артады», – деді ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртанов.

Фармацевтика индустриясында дәріге баға белгілеу күрделі үдеріс. Мәселен, кәсіпкер бір препаратты шығарса, оның нарықтағы бағасын тіркеуге қою үшін өтінім беру қажет. Өтінім 30 жұмыс күнінде қаралып, мемлекеттік реестрге тіркеледі. Ал шетелдік өндіруші Қазақстан территориясында ЖШС ашса, ол өзінің барлық мүмкін болар шығынын өтінішінде көрсетіп, оның бәрі баға белгілеуде ескеріледі.

«Өткен жылдары девальвация салдарынан фармацевтикалық компаниялар шығынға ұшырады. Ал оларға ешкім шығындарын өтеген жоқ. Сондықтан баға белгілеу де нарыққа қарай құбылып тұру керек, әйтпесе, шағын кәсіпорындар, дәріханалар бәсекеге қабілетсіз болады, тіпті жабылып қалуы мүмкін», – деді Юлия Якупбаева.

Бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері былай жауап берді.

«Жаңа жүйе бойынша түрлі девальвациялық қатерлерді ескере отырып баға белгілеуге жылына төрт рет, яғни әр тоқсанда бір өзгертулер енгізуге рұқсат», – деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева.

Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық палатасының көздегені бір – дәрі-дәрмек бағасын белгілеуді реттеу үдерісіндегі ашықтық, дәрілердің халыққа қолжетімділігі. Шара барысында кәсіпкерлер өздерін мазалаған мәселелер бойынша сауалдарды қойды.

«Қазақстан Республикасындағы Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер» қауымдастығы президенті Вячеслав Локшин министрге фармацевтер арасында этикалық кодты қабылдауды ұсынды. Яғни бұл код арқылы маркетинг әдістер алынып тасталып, халыққа дұрыс қызмет көрсетіледі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл ұсынысты назарға алды.

Алия  Кемелбекова

 


«Бастау Бизнес»: қазалылық 6 азаматтың жобасы қаржыландырылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.08.2017 13:12

Қазалыда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытылған азаматтардың жобасы қаржыландырылуда. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданы бойынша филиалы директоры Ермек Аймаханов айтты. Оның айтуы бойынша, жобаның 1, 2-легінде оқыған азаматтардың ішінде 6 қазалылықтың жалпы құны 50,5 млн теңгені құрайтын жобасы қаржыландырылған.

«Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жобаларын қорғаған азаматтардың жобаларыын қаржыландыру басталды. Жалпы құны 2,5 млн теңгені құрайтын алғашқы жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы қаржыландырылған болса, қалған жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын 5 жоба «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы қаржыландырылды. Қазір қосымша 2 жоба оң шешімін алды», - дейді филиал директоры.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылған 5 жобаға қысқаша тоқталып өтсек.

Ауданға қарасты Әйтеке би кентінің тұрғыны Ғазиз Әліш асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналыспақшы. Ол үшін «Атамекен-77» өндірістік кооперативін ашты, 18 млн теңге несие алып, 4 адамды жұмыспен қамтуда. Бүгінде мал жайылымдық жері, қора-жайы мен каналдары әзірленіп, жұмыс басталып кетті.

20 жастағы Еркін Серікбаев Ақтан батыр ауылында қоғамдық монша салып жатыр. Ол құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау үшін 5 млн теңге несие алды. 2 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Келесі жас кәсіпкер Танат Шакмарданов несиеге алынған 5 млн теңгеге автокран алып, кәсіппен айналыспақшы.

Ал Нұрбибі Утепова мал шаруашылығымен айналысуда. Жылқы сатып алу үшін 6 млн теңге несие алды. Нәтижесінде 2 адам жұмыспен қамтылады.

Кәукей ауылының тұрғыны Әсет Тоғысов та мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдықтар болып «А.Арсен» кооперативін құрып, жұмыс істеуде. Ірі қара мал алу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдікпен 14 млн теңге несие алды. 2 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.

«Жыл басынан бері Қазалы ауданында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 95 азамат бір айлық курстан оқып, біліктіліктерін жетілдірді. Қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Біздің оқу курсымызға тек несие алу үшін қатысады деген жаңсақ пікір. Мәселен, қазалылық бір азамат осы жобаға қатысып, оқып шықты да өзі қаржы құйып, тігін цехын ашты. Қазір жұмыс жасап тұр», - дейді жобаның Қазалы ауданы бойынша бизнес-тренер Аманкелді Жарылқағанов.

Айта кету керек, жобаның 3-легіне қатысушылар облыстық комиссия алдында 31 шілде күні бизнес-жоспарларын қорғап шықты.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«Тасбөгет» кооперативі 58 млн 600 мың теңге несие алды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.08.2017 13:05

Қызылордада «Тасбөгет» кооперативі 58 млн 600 мың теңге несие алды. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Олжас Аяғанов айтты.

- «Тасбөгет» өндірістік кооперативінің төрағасы Сұлтанбек Сейсенбаев Кәсіпкерлер палатасынан екі күндік «Бизнес-кеңесші» оқу курсынан өтті. Мұнан өзге, біз ағамызға бизнес-жоспарын әзірлеп бердік, - дейді Олжас Аяғанов.

Ал 1992 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Сұлтанбек Сейсенбаев малдың жайын білетін азамат. Мамандығы ветеринар.

- Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі дегенді естіп, биыл мамыр айында Тасбөгет кентіндегі іскер жігіттердің басын қосып кооператив құрдық. Басында жеңілдетілген несие алуға болатындығына көзіміз онша жеткен жоқ. Бұл жұмысқа бірнеше ай кететін шығар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз. Тиісті құжаттарды "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Қызылорда облыстық филиалына тапсырғаннан кейін 1 айға толмайтын уақыттың ішінде кооператив мүшелері жалпы құны 58 млн 600 мың теңгені құрайтын несие алдық. Қазір осы істің басы-қасында болған Кәсіпкерлер палатасына, сондай-ақ жеңілдетілген несие берген Қордың жігіттеріне алғысымды білдіремін. Жасаймын деген адамға тірлік жеткілікті, тек ниет болса болғаны, - дейді «Тасбөгет» өндірістік кооперативінің төрағасы Сұлтанбек Сейсенбаев.

Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету, қолдау орталықтарынан 3582 кәсіпкер 6615 кеңес, 984 кәсіпкерлік субъектісі 1044 қызмет алды.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қызылордада акция аясында тұрғындардан 307 дана атыс қаруы өтемді түрде қабылданды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.08.2017 17:22

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2017 жылғы 10 сәуірден бастап республика аумағында халықта заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өтемді түрде сатып алу акциясы жүргізіліп жатқаны белгілі.

Аталған акция қағидаларына сәйкес, атыс қаруын ерікті түрде өтемді тапсыру шығындарын қаржыландыруға республикалық бюджеттің қаражаты есебінен Қызылорда облысына 15 миллион теңге бөлінді.

Өткізіліп жатқан іс-шара барысында азаматтардан өз еріктерімен заңсыз қаруларды өткізу жайлы 160 арыз тіркеліп, 307 дана атыс қаруы, оның ішінде 22 дана иір ойықты болса, 285 данасы тегіс ұңғылы атыс қарулары қабылданды.

Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің  Әкімшілік полиция басқармасы республика аумағында өткізіліп жатқан акцияға азаматтар өз үлестерін  қосады деген сенім білдіреді.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


БІЗДЕ ОППОЗИЦИЯ НЕГЕ ҰЙЫМШЫЛ ЕМЕС? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
03.08.2017 17:14

Біле білсек, саясаттың салқын тарт­қаны қиын, жүні жылтылдаған қызыл түлкі сияқты, бірде ішін, бірде сыртын береді. Әсіресе, біздегі пар­тия­лардың айналасындағы айтыс-тартыс бір толастаған емес, өз іші ала тай­дай  бүлініп  жататыны тағы бар. Соның  ішінде  оппозициялық ба­ғытты  ұстанған саяси құрылымдар төңірегіндегі әжік-гүжік әңгіме қоғамның назарын  еріксіз аударады.

 

Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғам екіге жарылып тұр, бүгінгі биліктің бағыт-бағдарын  жақтайтындар  және қарсы топ, яғни оппозициядағылар. Бірақ, қанша жерден аттандағанымен, соңғы топтың соңынан әлеуметтік және ұлттық мүдделері аяққа тапталып жүрген қазақ жұрты әлі күнге ермей келеді. Неге? Оның жауабы­н алыстан іздеудің қажеті жоқ, бастысы, кеңес дәуірінің «шекпенінен шыққан» бүгінгі оппозиция серкеле­рінің ұлттық Мені қалыптаспаған. Бұл  бүгінгі  билік  басындағыларға  да тән. Екеуінен де ұлты үшін жанын беретіндерді табу қиын, олар бүгінгі қазақ ұлттық саясатты талап етіп отырғанын түсінгісі жоқ, жалтақтық, қорқақтық басым. Содан болар, жұрттың қос тарапқа да онша-мұнша бүйрегі бұра бермейді, «іш пыстандары өз ішінде қайнап», тыныштықты қалайды. Әрине, билік белден басуға бейім, оппозиция да позициясын айқындай алмай жүр. Көбіне-көп сайлауалд­ы науқандарда жүзін көр­се­тіп, елдік, ұлттық мүддеге келгенде, бейтарап қала береді. Яғни, жұдырық болып түйіліп, қоғамда орын алып жатқа­н келеңсіз жайттарға бірігіп жауа­п іздеуде үнсіз қалады. Жалпы, бізде оппозиция неге ұйымшыл емес? Бұл сауалға саясаттың қазанында қайнап­  жүрген  азаматтардың  өздері жауап  берді. Оқыңыз!

 


 

Сағат  ЖҮСІП,

саясаткер:

- Мұндай сұраққа жауап беру үшін әуелі «оппозиция бізде бар ма?» деген сауалға жауа­п алу керек. «Алға» пар­тияс­ы сотпен жабылған уа­қыттан бері бізде ешқандай оппоз­ициялық күш те, топ та, партия да жоқ. Бүгінгі билік дәуірінде оппозицияның болуы­ мүмкін емес. Бұл – бүгінгі  күннің  шындығы.

Ал, Жармахан Тұяқбай ше дейсіз ғой. Бұл кісі «Алға» партиясы бар кезде оппози­цияның лидері болғысы келді. «Алғадан» көп нәрсені үйре­нуге мүмкіндігі болды, бірақ үйренбеді, үйренгісі де келме­ді. Ұнатпады десем де артық болмас. «Алға» сияқты бола алмад­ы. «Алға» аренадан кетсе, оппозицияның көшбасшысы болармын деген ойы да болды. Бірақ ол партия аяусыздықпен жойылған  соң  кімнің  кім екені  белгілі  болды. Оны кеті­ру­ге көмегі болды ма, жоқ па білмеймін... Бірақ кеткенін қалады. Үлкен жетістігі – оп­пози­цияға арналған бос орынды алып отыр, ешкімді ол жерге кіргізбей отыр. Бір сөз­бен айтар болсақ, біздегі пар­тия­лардың барлығы – «Нұр Отаннан» енші алған оның балалары, ал Ж.Тұяқбай – «Нұр Отанның» өкіл баласы болып отыр.

P.S. Байқаған боларсыз, мен партияның атын атап отырған жоқпын. Бір адам жайлы­  айтып  отырмын...

 


 

 

Әміржан ҚОСАНОВ,

саясаткер:

- Оппозиция да басқа кез келген қоғамдық құбылыс секілді жанды да өзінің ішкі заңдары бар жаратылыс. Сондықтан қоғамға, керек десеңіз, жеке адамдарға тән қасиеттер де оппозицияға тән. Қазақстанның қазіргі оппозициясы біркелкі емес. Шартты түрде оларды үшке бөлуге болады. Біріншісі – ешбір мәмілеге келгісі жоқ, биліктің бар қызметін тек ғана  сынап-мінеуге  әуес  әрі билікті орнынан кетіруді дереу­ қолға алуға шақыратын күштер. Оларды радикалдар деп айтуға болады. Өкінішке орай, олар оппозиция ішін­дегі өркениетті бәсекені, пікір алуандығын қабыл­дамай жатады. Екіншісі – рефор­маларды заң аясында жүргізіп, елдегі жағдайды өзгерткісі келетін күштер. Олар да билікті қатты-қатты сынап, өздерінің балама ұсыныстарын айтып жатады. Бірақ, олардың ресми ұйымы жоқ, олар көбінесе әлеумет­тік желілерде өз пікірін біл­діріп жүр. Үшіншісі – билік өзі қолдан жасап алған, «демократияшылсымақ» пар­тиялар мен ұйымдар. Олар да билікке сын айтады, бірақ белгілі бір шеңберден асып кете алмайды. Билік оларды «ресми оппозиция» ретінде көрсеткісі келеді. Олар тіпті парламентте де отыр. Ұйымшылдықтың үш тұғыры бар. Идеялық. Қарап отырсақ, жоғарыда аталған үш топтың идеологиясы үш бөлек. Сондықтан олардың бірігуі екіталай. Ұйымдық. Өкінішке орай, бізде ресми түрде тір­келген шынайы оппозициялық партия не республикалық тұрпаттағы басқа ұйым жоқ. Адами. Тағы да өкініш­ке орай, бізде кейбір партия не ұйым басшысы тұнып тұр­ған амбиция боп келеді. Бір қатарда жүрсе де, оппози­циялық әріптесін өзінің бә­секелесі не қарсыласы көре­ді. Сондықтан да оппо­зи­циялық партияларда «кө­сем­шілдік» етек жайып, ортақ іске өз кесірін тигізіп жатыр.

Пікір   жинаған  Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

 


КРИПТОВАЛЮТАҒА КІРІПТАР БОЛАМЫЗ БА, ӘЛДЕ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
03.08.2017 17:07

Еміс-еміс есімізде... Бала күнімізде әжеміз көйлектің жеңін­ен тігілген қалташасына бума-бума ақшаларды жинап, тыққыштап жүретін. Кейде шетіне­н алып, нанға, сүтке жұм­сайды. Кейін сол ақшалар мүлдем жұмсалмай, біздің «автобус» ойыны­мыздың «жолпұлына» айнал­ды. Сөйтсек, сабан ақша деген сол екен. Тәуелсіздік алғанна­н  кейін  рубльдік  санадан арылып, төл теңгеміз айналымға түскен кезде «жарамсыз» деп танылған тұсы да сол біздің балалық шаққа тұспа-тұс келіпті. КСРО-ға мүше елдер ішінде Қазақстан ең соңғы болып рубльдік  зонадан  шығарылғанын білесіздер. Енді  ғана есін жиса да, еңсесін тіктеп үлгермеген елдің  алдында  валютаға  қатысты екі ғана таңдау болды.

Бірі – одақтас елдердің тәжірибесіне сүйену, бірақ бұл жолдан бізге бас тартуға тура келді. Екіншісі – жаңадан Ұлттық валюта енгізу. Соңғы қадамды жүзеге асыруға бекінген мемлекет басшысы құпия түрде жаңа валютаның кескін-келбетін әзірлеу жұмыс­тарын тиісті мамандарға тапсырды. Бұл туралы басшылықтағы санаул­ы адам ғана хабардар болатын­. Демек, қараша халықта «ақша ауысады» деген ой мүлдем болған жоқ. «Ақша операциясы» түгелімен аяқталып, айналымға енгенде ғана бұқара басын шай­қады. Қап-қап сабан ақшалар банк бөлімшелерінде айырбас­талып, сабанша  өртелді.

 

Соңғы жылдары аса құпия жұмыстың басты кейіпкері бол­ған төл теңгеміздің құнсыздану фактісі орын алып жүр. Арагідік одақтас елдермен ортақ валюта қолдану туралы да мәселе қозғалады. Жақында «Х  Астана экономикалық  форумында»  президент  әлемге  ортақ бірыңғай  валю­та  енгізуді   ұсынды.

- Халықаралық есеп айыры­судың  төлем  бірлігі  әлемді  валю­талық соғыстан, алаяқтықтан, нарық­тағы  тұрақсыздықтан  және сауда қатынасында жіберілетін кемшілік пен қатеден сақтайды. Бұл валюта қарапайым әрі ашық болуы керек. Технологиялардың дамуын, цифрландыруды ескере отырып, криптовалюта түрінде есептік бірлік құруға болады. Ол абстрактілі сенімге емес, нақты активтерге негізделуі тиіс, - деді форум барысында мемлекет басшы­сы.

Ал криптовалюта де­ге­німіз – сандық ақша төлем құралы. Төлем бірлігінің бұл түрі өзгертуге келмейтін таңбалар жиынтығынан, яғни математикалық алгоритмдер арқылы шешілген әріптер мен сандардан тұрады. Түсінікті тілде криптовалютаны «сандық ақша» деуге болады. Бұл ақшаның физикалық баламасы жоқ, сондықтан ол виртуалды кеңіс­тікте ғана жүретіндіктен девальвацияға ұшырамайды. Оған киберша­буыл қауіпті емес. Оны әлемнің кез келген нүк­тесіне қас-қағым сәтте жөнелтуге болады. Төлем құралының дәл осы түрі мемлекет пен ұлттық банкке бағынбайды. Виртуалды валюта бол­ғандықтан оны қолмен ұстап, көзбен көру де мүмкін емес. Криптовалютаның еуродан, доллардан, юаньнан және теңге мен рубльден басты  айырмашылығы оны­ме­н кез келген елде есеп айырысуға болады. Бү­гінгі таңда Еуропа одағы криптовалютаны  жаппай қолданысқа енгізуге талпы­нып жатыр, ал Жапон­ия күнделікті өмірде кеңінен қолданып жүр. Ақша жүйесі­нің бұл түрі Қазақстанға енгізілуі мүмкін бе? Алдағы уақыттары қаржы нарығын қандай жаңалықтар күтіп тұр? Бұл сауал­ға еліміздің бас банкирінің мына сөзінен жауап табуға болады.

- Ақша суррогаттары, түр­лі криптовалютаны зерттейтін арнайы жұмыс тобын құрдық. Бұл таяу болашақта алдымыздан шығатын жұмыс бол­ғандықтан, оны елемей өту дұрыс емес. Қазір біз әлемдегі ірі банктердің консорциумы зерттеулерінің нәтижесін күтіп отырмыз. Сондықтан алдағ­ы уақытта қаржы секторын дамыту жоспарына өзгерістер енуі мүм­кін, - деп мәлімдеме жасағ­ан еді ҚР Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев.

Президенттің пайымынша, БҰҰ жанынан арнайы комитет құрып, Орталық банктердің пулы­н қалыптастыру арқыл­ы жаһандық валютаны қолданысқа енгізуге болады. «Барлық елдің тең құқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Бізге мұны айтып қана қоймай, шешу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. ҚР қаржы министрі Бақыт­  Сұлтанов  мұнайға тәуелділіктен құтылу үшін  халықаралық  криптовалюта құру ісі күн тәртібіне қойылуы керек екенін айтып жүр. Оның сөзінше, мақсатқа жету үшін әр елдің қаржылық жүйесін жақсы білетін мықты мамандар тізе қосуы керек. ЕАЭО елде­рі аясында қаржыны үй­лестіруге қатысты сұрақ көтеріліп жүргенімен, бұл үшін өте үлкен да­йындық  қажет.

Жуырда  ғана ҰБ төрағасы  Америка сауда палатасының мүшелері алдын­да: «Қаржы нарығындағы бизнестің дәс­түрлі сегменттерінен басқ­а Ұлттық Банк жаңа технологияларға, атап айтқанда «blockchain», «криптовалюталар», сонда­й-ақ «киберқауіп­сіздік» мәселелеріне айрық­ша мән беруде, себе­бі әлемдегі барлық жағдай цифрлы болуын ұлғайтуда. Таяу уақытта біз  осы мәселелер бо­йынша өзіміздің пайымдауымызды ұсына аламыз» деп баяндама жа­сады. Соған қарағанда, еліміздің қаржы нарығындағы ахуал жақын уақыттары өзгеріп сала бермесіне ешкім кепіл­дік бермейтін секілді. Тіпті бұл туралы бас банктің  баспасөз  қызме­ті «Қазақстандағы заңнама шеңберінде виртуалды валютаны пайдалану төлем құралы ретінде қарастырылмайды. Елдегі  қаржы ұйымдарының криптовалютамен операция жасау жұмы­сына қатысты құқы жоқ. Сонымен қатар оған қатысы  бар  келісімдерге қызмет етпейді. Криптовалютаны пайдаланушы жеке тұлғалар құқықтық жағынан қорғалмаған. Сондықтан мемлекет азаматтардың криптовалютаға қатысты қара­жатының нақты құнына қатысты және оның сақталуына кепілдік бермейді» деген мәлімдеме жасаған. Сонда біз қандай жүйеге және қашан көшкелі  отырмыз?

Айрықша айта кетер­лігі, заңнамада төлем құралы болып белгіленбегендігі. Оны қолдану мен  қолданбауға қатысты да сөз қозғалмаған. Қолданыстағы заңнамада криптовалютамен есеп айырысу – құқық­бұзушылық. Хош. Теңге­ні айналы­мға енгізгені секілді құпия жұмыстар бұл бағытта да жүргізілуі әбден ықтимал. Айналамызды жиыстырып бо­ла­мын дегенше теңгемізді талдың түбіне апарып өртеп жүрмесек, игі!

А.СҰЛТАН

 


“БҰТАҚ” қатты болса, “БАЛТА” да өткір еді... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
03.08.2017 17:01

31 шілде күні, кешкілік автобусқа отырдым. “Сірә, соңғы рет 70 теңге тө­лейін деп тұрған шығармын, ертеңнен бастап жолақы 90 теңге болады емес пе?” деген ой басымырақ болды. Мұндай ішкі тебіреністен туындаған фантазия әлеуметтік желідегі біршама достарымның жазбасынан байқалып жатты. Нілдей бұзылған көңілдің ертесіне толқыны азайып, тұнығы байқалып, жайлана түскендей. №1 бағытта қатынайтын автобустың біреуін­ арнайы жіберіп, келесісін күттім. Ондағы ойым “автобустардың арақашықтығы ретке келген болар” деген күдігі  аралас зор сенім еді. Көп күт­тір­мей “90 теңгелік” автобус есігін айқара ашып, кондуктор жылы шыраймен қар­сы алды. Расын айтайық, есіктен ентелеп кіргенде сырттай бәрі жақ­с­ы секілді еді.

Бірақ, іштегі хал-ахуал көңіл көн­шітерлік емес екен. Автобус жүр­гізушісінің қасында тұрған шелек­тің суы арнасынан асқан дариядай тасып жатты. Перде атымен жоқ, орнын кіл жарнамалар басқан. Арасынан “іш­киім­дерге акция­” атты жазуы бар жарнама көзге оғаштау көрінді. Дұрысы, аталған жайттар қызмет сапасының артқанын білдірмей тұр. Кондукторға ақша ұсынғанда 70 теңге алғанын байқадым. “Сапасы сын көтермейтінін өздері де білген сияқты ма?” деп қоямын өз-өзіме күбірлеп. Таңданарлығы сол, көлікте халық өте аз. Себебін кондуктор түсіндіргендей. “90 теңге болады деген соң ба, білмеймін бүгін адамдар аз ғой” деді жабырқау үнмен.

Бұл күні баға өзгеріссіз қалды. Десе де, жолауш­ыларға 90 теңге төлеуін талап еткендері де бар екен. Содан не керек, ертесіне Қызыл­орда қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 6 сәуірдегі №3438 қаулысына өзгерістер енгізу туралы 2017 жылғы 31 шілдедегі №8361 қаулысына сәйкес, 2017 жылдың 2 тамызынан бастап жолаушылар мен багажды қалалық қатынастарда авто­мобильмен тұрақты тасымалдаудың тарифі барлық­ маршруттар үшін бірыңғай жолақы белгіле­ніп, ересектерге автобус және шағын авто­бустарда 90 теңге, 6 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға 40 теңге болып белгіленді.

- Мәслихат депутаттарының ұсынысы бойын­ша 70-тен асқан зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдіктер енгізілді. Қазіргі таңда “Қызылорда автобус паркі” ЖШС басшылығы қосымша жеңілдікт­ерді қарастыруда. Қыркүйек айында қандай жеңілдіктер енгізілгені жөнінде толық ақпарат  берілетін болады, - дейді “Open kyzylorda” парақшасы  әлеуметтік  желіде.

Көрдіңіз бе, қосымша жеңілдіктерді қарастыруда дейді, қарастырды емес. Сосын қоғамдық көліктердегі жақсарған қызмет сапасын көре алмадық. Баяғы жартас – сол жартас! Алғашқ­ы күн ғой, “көш те жүре түзеледі емес пе?” деп айта көрмеңіз. Өйткені көш бір ай бұрын “жолға шығып­ кеткен” болатын. Жолақы “жырына” байланысты қала әкімі Н.Нәлібаев: “Жеке кәсіпкерлер! Халыққа қызмет көрсету сапасы­н жақсартыңыздар!” - деп қадап-қадап айтқан еді. Әкімнің сөзіне құлақ аспайтын, одан нәтиже шығармайтын “Қызылорда автобус  паркі” үй ішінен үй тігіп алып, жұмысын өз еркіме­н жүргізетін болған ба, түсініксіз! Айтпақшы, “жолақ­ы өссе, қызмет көрсету сапасы да жақ­сарады” деген сөз бұрын да айтылған, кеше де айтылды, өкініштісі, әлі де айтыла бермек...

Құрқылдаған тауық тумай қоймайды. Иә, жоғарыдағылар өз дегендерін жүзеге асырды. “Баға негізсіз көтерілмейді” деп сендірді. “Арық атқа қамшы ауыр” дейді ғой, айлығы шайлығына әзер жетіп отырған жұртқа мұның айтарлықтай ауырлық екенін биліктегілер білмейді емес, біледі. Бірнеше баласы мектепке баратын ана қайтпек? Айлығы аз, ауысымдық жұмыстан жан бағып отырған әке ше? Не болса да, оны қыркүйек айынан бастап көрсе­тілетін жеңілдіктерден кейін білетін боламыз. (Оған дейін көпбалалы үйдің балалары қоғамдық көлікке мінбейді екен!) Бір айдан соң, қоғамдық көліктерден оқушылар мен студенттердің көбейгенін байқайтын боламыз. Сол кезде жолақыға қатысты әлі де шудың шығатыны анық. Сондықтан, қара халықтың бас ауруы­на айналған тақырыптың соңғы нүктесі қойылды дей алмаймыз. Әліптің артын бағайық...

Рыскелді   ЖАХМАН



 

Желідегі  жазбадан

Әлеуметтік  желілерде тарифтің қымбаттауына байланысты қарсы пікір жазғандар өте көп. Ел-халықтың көбісі жұмысына байланысты үнін шығармай, амалсыздан тілін тістеп отырғанын ойласақ, қатары мұнан да қалың екенін байқауға болады. Ашынған халықтың пікірін орфографиялық және пунктуациялық қателерін жөндеп, ойын шашыратпай, өзгертпей  беріп  отырмыз.

 

Забира   РАХИМ:

- Оқушылардыкін неге қымбаттатады, сонысы ақылға қонбайды. Тұрақты жұмысы жоқ отбасылардың балалары мектепке бармасын дегені ме? Олар  сабақтан соң жаттығу­ға, үйірмеге барады ғой. Сонда күніге 1 балаға 160 теңге кетеді екен. Бір айда бір балаға 3840 теңге керек. Тек жол ақысына ғана. Ал  4-5  баласы  барлар қайтпек?

 

Әсел  ДӘУІР:

- 200 теңгеге 10 теңге қосып, 3 рет мінетін едік. Жұмысқа “пересадкамен” барамыз, түскі асқа үйге қайтамыз, кешке тағы қайтуымыз керек. Қоғамдық көліктерге жұмыс істейтін  болдық  па  сонда?

 

Ғафура   ТЕМІРБЕК:

- Бұл өте сұмдық! Маршрутты қыстың суығы мен жаздың ыстығында 20 минуттап күтеміз. Тіпті, кешке ерте қайтып та кетеді. Өздері біле­ді, жүргісі келсе, жүреді. Осы ма, қарапайым халықтың жағдай­ын  жасағаны? Бағаны ойлап тапқан және шешімді бекітк­ен аламдардың өздерін жүргізу керек автобуспен. Неге сонша салмақ салады халыққа?

 

Нұрахмет  САДЫҚОВ:

- Кішкентай қалаға мынау тіпті ұят. Қаланың арғы басынан бергі басына таксидің өзі 700-800 теңге алады емес пе? Ал бұлар 10 адамның өзінен 900 теңге  шығарып  тұр.

 

Гүлжазира  ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ:

- 90 теңге болған соң, студенттерге 40 теңге жеңілдік берсін. Жетпістен асқан зейнеткерлерге 50 пайыз жеңілдік деген не, ол кісілер маршрутқа мінбейді  де  ғой.

 


ФАНАТИЗМ ҚАЙСЫСЫ: ЖАНКҮЙЕРЛІК, ЖАНКЕШТІЛІК, ЖАНҚИЯРЛЫҚ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
03.08.2017 16:20

- Сен Барсафансың ба?

- Жоқ, “Челсидың” жанкүйерімін.

Мұндай диалогтар күн сайын әлемде мыңдаған адамдар арасында болатын шығар. Оған күмәнмен қарамаймыз. Бұл тақырыпты­ қаузауымыздың басты себебі – жанкүйерлікті жанкештілік немесе жанқиярлық деп түсінгеніміз. Жалпы, фанатизм деп жүргені­міз не өзі? Уикипедияда “Фанатизм (лат. fanaticus – құрбандық) индивидтің белгілі бір сенімдерге жіпсіз байлануы, басқа ешқан­дай баламаны қабылдамайтындай күйге түсуі. Бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді. Фанатизм сол жолда құрбан болуға дейін астасады”­ - делінген. Демек, қазақша баламасы  жанкүйер  сөзіне  сәйкес  келеді.

Қазіргі күні өнердегі, футболдағы  жұлдыздардың  жанкүйерлері күн сайын артуда. Расын айтар болсақ­, бұл – әлемде асқынып тұрған дерт. Мұның біздің елімізге де  ентелеп, есіктен еніп келе жат­қаны  көңілді  құлазытады. Жас­тардың белгілі бір адамға немесе топқа­  құлдық  ұрып, табынуға  дейін баруы, әсте қуанарлық жайт емес. Әсіресе, Еуропа халықтарының басым­  бөлігі өз өмірлерін футболсыз елестете алмайтындай. Тіпті, үйлерінің ішін командасының жейдесімен сәйкестендіріп сырлап, безен­діріп жатады. Ер-азаматтар болашақ жарының сүйікті клубымен алдын ала танысып, оның өзі үшін маңызды рөл атқаратынын ескерту­ден де тайынбайды. Бір жағы­нан  қарасаң, асырасілтеушілік көрінісі байқалмайтындай. Әйт­кенмен “жанкүйер” атын жамылып, тұлғаның  жеке  өміріне  қызығу, есін жоғалту  секілді  жайттар көптеп кездеседі.

Әрине, бес саусақтың бірдей емес екендігін ескерсек, әркім кімді тыңдайтынын, нені көріп, нені оқитынын өзі біледі. Бірақ, осы “өзім білем” деп ешкімнің сөзіне құлақ  аспау, бірбеткейлікке  салыну  түптің  түбінде  жақсылыққа апармайтыны  анық.  Әйтеуір шама­дан тыс  жанкүйерліктің кесірінен  жантүршігерлік жайтқа ұрынып қалмасақ  жарар  еді...

“Жанкүйерлікті қалай түсінесіз?” деген сауалды бірнеше  замандасқа төтесінен  жолдаған едік. Өз ойларын­ бүкпесіз баяндауды да қосымша  ескертуді  ұмытпадық.

 

Мөлдір  ІЗТІЛЕУ,

әнші Т.Төреәлінің

жанкүйері:

 

МЕН   ТӨРЕШТІҢ

ӨЗІНЕ   ЕМЕС,

ӨНЕРІНЕ    ҒАШЫҚПЫН!

- Жанкүйерлік, яғни “фанатизм” қай салада болмасын, бар нәрсе. Ең біріншіден, жанкүйерлік  табынушылық  емес! Жанкүйер – сол адамның еңбегін  бағалайтын, ризашылық білдіріп, жаңа белестер күтетін  адам. Жақсы қарым-қатынас талантты жанға қуат  сыйлайды.

Менің  Төреғали Төреәлінің жанкүйері  болып  жүргеніме  4  жыл болады екен. “Іздеме” деген әні шыққаннан бастап әндерін іздей бастадым. Жүрегімді жаулап алған өнеріне деген сүйіспеншілігім әлі сөнген емес. Төрештің орын­дауындағы  әндердің  барлығын жатқа білемін десем де болады. Әрине, бұл ешқандай да ғашықтық емес. Мен Төреғалидің өзіне емес, өнеріне ғашықпын! Ал әншінің (тұл­ғаның – ред.) артынан  аңдып, сол   жүрген  жолмен  жүріп,  қолын сүйіп, аяғына  жығылу мүлде басқа­  нәрсе.


Нұрперзент  АБДУАЛИҰЛЫ, “Реал   Мадрид” футбол

клубының   жанкүйері:

 

ЖАНКҮЙЕРЛІК   ЖАҒА

ЖЫРТЫСУ   ЕМЕС

- Футбол клубтарына деген жанкүйерліктің шегі әлемде қалыптасқан ғой. Ал біздегісі – ең бергісі. Өз басым испандық “Реалд­ың” жанкүйерімін. Әр ойынын­  қалт  жібермей  тамашалап, құрамындағы  футболшылардың жасына, техникасына, жүріп өткен жолына жіті мән беремін. Мен үшін олардан асқан футбол клубы жоқ. Десе де, бізде жалған жанкүйерлік басым, жеңсе­  ғана қолдап, жеңілсе, теріс айналу  қалыпты  жағдай  секілді. Ал жастардың әлеумет­тік желід­е  бір-бірлеріне футбол клубтары үшін тіл тигізуін түсіне алмай­мын. Қысқасы, мен үшін жанкүйерлік – жаға жыртысу емес, оларды  қолдау, команданың ойынына  сүйсіну.

 

Айшолпан  МҮРТАЛАП,

әнші  Қ.Нұртастың

жанкүйері:

 

ЖАНКҮЙЕРЛІКТІ  ЖАНҚИЯРЛЫҚПЕН ШАТАСТЫРМАЙМЫН

- Негізінен, жанкүйер­лікті көбіне халық ғашықтықпен, жан­қиярлықпен ша­тас­тырып  жатады. Мысалы, мен Қайрат Нұртастың жан­күйерімін. Оның суреттерін жинап, қабырғаға іліп, ән­де­рін үздіксіз  тыңдауды  әдетке  айналдырғанмын. Қайраттың  өзімен  болмаса да, анасы әрі продюсері Гүлзира Үсенқызымен сөйлесіп тұрамын. WhatsApp желісінде жанкүйерлерге арналған арнайы топ бар. Сол жерде Қайратқа қатысты барлық жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Ол жайында жаман сөз айтылса, жазылса, оны қолдауға тырысамыз. Қайраттың арқасында қаншама дос таптым, олармен тығыз  байланыстамын. Оның жаңа әні шықса­, бір-бірімізден сүйінші сұрап қуанамыз, ал қаламызға келсе, күтіп  аламыз.

Рыскелді   ЖАХМАН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2017 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары