Өзекті мәселелер

  • 15.08.19

    Қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Бұған дейін мәжіліс залында ине шаншар орын болмайтын. Бұл жолы орын бос болды. Шамасы, ақжағалылар тамылжыған тамызда тынығуды жөн санаса керек. Жә, бастысы, ол емес.
    Аппарат мәжілісінде екі мәселе таразыға тартылды.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Өткен аптада Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округінде қарбыз шырынын шығаратын цех алғашқы өнімін сынақтан өткізді. «Енді Жайылмада қарбыз кластері дамиды» дейді білетіндер. Лайым солай болғай! Естеріңізге салайық, осыдан тура 6 ай бұрын өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сүйінші жаңалықты Жаңақорған ауданының әкімі  Ғалым Әміреев бірінші болып жеткізген-ді. Сол кезд...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Жасыратыны жоқ, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың көп нәрсеге мүмкіндігі жоқ деген қате пікір әлі де бар. Алайда әр пенденің бұйыратын өз несібесі бар. Біреудің қолынан келмеген іс екінші адамның қолынан тууы мүмкін. Сол секілді айналадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекпен жетіп жатқан жұмыстарына қолдау көрсетіп, шынайы баға беруді міндет санағанымыз жөн. Сондай өмірге құштар, ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де өркениетке өрлейді. Жұмыссыздық азаяды. Нарық халыққа қажеттіні қамтиды. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлерге қолдауды арттырды. Іскерлік мүмкіндігін молайтты. Солардың қатарында сырдариялық тұрғындар да мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруде. Мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы  мен ...

    Толығырақ...
  • 15.08.19

    Сәрсенбінің сәтті күнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовтың қатысуымен брифинг өтті. Бір ерекшелігі, Олжас Азатұлы қашанда өзімен бірге спорттың әр түрінде жеңімпаз атанып, ел намысын қорғап жүрген қызылордалық өрендерді баспасөз мәслихатына  ертіп әкеліп, БАҚ өкілдерімен бетпе-бет жүздестіреді, кері байланыс орна...

    Толығырақ...
Қыркүйек 2017

Жастар мақаланың маңыздылығына тоқталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 17:39

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында “Дидар” ақпараттық клубының кезекті отырысы өтті. Шараға өңіріміздегі “Сыр бойы”, “Халық”, “Ақмешіт апталығы”, “Ақмешіт жастары” газеттерінің жас тілшілері мен “Болашақ” университетінің студенттері қатысты.

Басқосу Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласын насихаттау мақсатында өткізілді. “Табысты адамдар – табысты ел” тақырыбында өткен жиында бәсекеге қабілеттілік, ұлттық код, Қазақстанның эволюциялық дамуы және “Туған жер”, “100 жаңа есім”, “Қазақстанның киелі жерлері” жобалары талқыланды.

Шараның өзектілігі өз алдына бір бөлек болса, өтілу форматымен де ерекшеленді. Өйткені, ондағы жастар өздерін еркін ұстап, ашық пікір алмасты. Мұндай іс-шаралардың көбіне ресми түрде өтетінін ескерсек, жастардың өз ойларын көсіліп айтуына да шектеу болатын.

Бір ғана мысал, қай-қайсымыздың болмасын жанымыздан белгілі дәрежеде шыққан биігі бар, нәтижелі істердің басы-қасында жүретін жандар табыла кетеді. Олардың есіл еңбегін, қажырлы қайратын өзгеге үлгі ету, жазу, айту әр адамның парызы іспеттес. Сонымен қатар, тұтас Қазақстанды алмай-ақ, бір ғана Сыр елінде көзден таса, жұрттан шеткері жатқан қаншама тарихи маңызды жерлер барын білеміз. Бұл мақаладан туындайтын “Қазақстанның киелі жерлері”, “100 жаңа есім” бағдарламалары турасындағы пікірлер еді. Кездесуден соң жастар Елбасы мақаласының түп-төркіні туған жердің тау-тасынан бастап, таудай тірлік тындырған жандардың еңбегін ескерусіз қалдырмау екенін ұғынғандай. Бір түйгеніміз, Ұлт көшбасшысының сенімі жастардың жігерін жанып, шеберлігін шыңдай түспек.

Халық-хабар

 


«РЗА»-ға» ел риза PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 17:11

Өзге аймақтар тәрізді Қазалы ауданында да жұмысы жанданып, шаруасын дөңгелетіп отырған іргелі ұжымдар бар. Солардың алдыңғы легінде «РЗА» акционерлік қоғамы тұр. Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, білікті кәсіпкер Самұрат Имандосов басқаратын аталмыш қоғамның атақ-даңқы баршаға жақсы мәлім. Өзінің жұмысын ғасыр тоғысқан тұста бастаған рзалықтар арада өткен жылдарда небір асулардан өтті, талай биіктерді бағындырды. Әрине, табыс өзінен-өзі келмейтіні тағы рас. Ауданның экономикалық, әлеуметтік, материалдық және техникалық деңгейі осы кезеңдегідей қарқын алмаған шақта қыруар тұрғынды жұмыспен қамту оңайға түскен жоқ. Алайда қарсы кездескен кедергілерден өтуге өмірлік бай тәжірибесін, білік-парасатын қарсы қойған, ең бастысы, діттеген межеге жету жолында табандылық танытқан Самұрат Жұманұлы бастаған ақционерлік қоғам қазіргі таңда облыс көлеміндегі қуатты техникалық және өндірістік базасы, кәсіби шеберліктері жоғары мамандары, бай материалдық ресурстары бар беделді мекемеге айналды. «РЗА» акционерлік қоғамында нақты кезеңде 1200 адам тұрақты еңбек етеді. Сонымен қатар Қызылорда, Алматы, Астанада өкілдері жұмыс істейді.

Ал қоғамға қарасты «РЗА-Асыл түлік» жаупкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы болып табылады. Енді бұл сөздің мәнісіне тереңірек тоқтала кетсек. Бағдарлама шеңберінде кәсіпорын мұнан біршама уақыт бұрын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырған еді. Нәтижесінде экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасына қоса ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. «РЗА-Асыл түлік» серіктестігінің негізгі қызметі аталуынан аңғарылып тұрғандай асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру мен өткізу болып табылады.Осы мақсатта әу баста Венгриядан 660 бас голштино-фриз аталатын асыл тұқымды қашарлар әкелінген болатын. Көпшіліктің ішінде кімдер жүрмейді дейсіз. Алғашқыда «табиғаты өзгеше өңірге бейімделіп кетсе игі» деп күмәнмен қарағандар да кездесті. Алайда олар бекер күдіктенген екен. Жерсіну тұрмақ төлі есебінен көбейді. Қазіргі таңда асыл тұқымды мүйізді ірі қара саны 1600 басқа жетті. Оған қоса әрбір сауын сиырдан 8000 литр сүт сауылады. Осылайша жылына орта есеппен 5 500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия, Германиядан алынған. Озық технология өзін толық ақтап тұр. Өткен жылы 6150 тонна сүт өндірілген болатын. Бұл өнім Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларындағы («Магнум», «Смол», «Анвар», т.б.) ірі сауда орталықтарында сатылуда.

Сексенге тарта адам еңбек ететін «РЗА-Сүт» ЖШС сүт өнімдерін өңдеу, сатумен айналысады. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауытынан Еуропаның ең озық технологиялық құрал-жабдықтарын кездестіресіз. Мұндағы дәмі тіл үйірген пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдеріне тұтынушылар дән риза.

Зауыт өнімдерінің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтуға лайықты. Мәселен, 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме- конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Табыстарды онан әрі тізбектесек. Араға сәл уақыт салып «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.

Қоғамдағы тағы бір ұжым «РЗА-Агро» ЖШС ағымдағы жылы 4895 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын ексе, оның 2500 гектарын басты дақыл күріш құрайды. Қазіргі таңда аудан бойынша егін жинау қарқын алуда. Ал «РЗА- Агро»-ның егіс алқабындағы «Лидер», «Янтарь», ресейлік «Светлый», «Фаворит», отандық «КазЕР-6» тұқымының шығымы жан жадыратады. Егін жинауға қатысып жүрген техникалардың жұмысы өнімді. Сондай-ақ серіктестік диқандары егілген бидайдың әр гектарынан 12,5 центнерден өнім иеленді. Мақсарыдан алынған өнім де бөтен болмаса, мал азығы да мол дайындалған.

«Шаруасына ұқыпты сында қысылмайды» деп тегін айтылмаса керек.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Қала жылу маусымына дайын ба? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 15:27

Бүгінде облыс орталығында жылу беру маусымына дайындық қызу. Синоптиктердің айтуынша, биылғы қыс мезгілі суық болмақ. Сондықтан қаланы жылумен қамтамасыз етуде жауапты мекемелерге артылар жүк ауыр. Соңғы 5 жылда 8 млрд теңгеден астам қаржыға 60 пайыз жылу желілері жаңартылған көрінеді. Жергілікті биліктегілер «біз қысқы маусымға тас түйін әзірміз» деп сендіріп отыр. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында шаһардағы бірнеше нысанды аралап, жылу маусымына дайындық жұмыстарын пысықтап қайттық.

Қаладағы №5 И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицейінің жылу желілері жөндеуден өткен. Мектеп директорының сөзіне сенсек, көптен бұл ғимараттың жылу желілері ауыстырылмағанға ұқсайды.

– Жасыратыны жоқ, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары біраздан бері жүргізілген жоқ. Биыл бұл олқылық жойылды. Үстіміздегі жылы 200 метр жылу желілері ауыстырылды. Келесі аптадан бастап жылу беріле бастайды. Қазіргі таңда оны тексеру жұмыстары атқарылып жатыр,- дейді мектеп директоры Алтын Избасова.

Қалалық білім бөліміне қарасты 54 мектеп, 26 мемлекеттік балабақша және 4 қосымша білім беру орталығы бар. «Бүгінде бұл нысандардың барлығы жылу маусымына толықтай дайын» дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов. 1 қазанға дейін әзірлік барысы тексерілмек. Аталмыш білім ұяларының 50-і «Қызылордажылуэлекторорталығы» МКК-ға қосылған. Ал 4-еуі газбен, қалғандары көмірмен жылытылмақ. Оларға бүгінде тиісті көмір мен сұйытылған газ толық жеткізілген. Жалпы, биыл оқушылар қыстан қысылмай шығуы үшін 55 млн теңге қаржы жұмсалыпты.

Биыл жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн 100 мың теңге бөлінген. Атап айтқанда, жылу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына «Европалық қайта құру және даму банкі» арқылы 764 млн теңге, сондай-ақ, кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 139 млн 500 мың теңге қаржы қаралған. Қаладағы «Ескі базар» аталып кеткен аумақта да құбыр желілері жөнделуде. Мамандардың айтуынша, жаңа құбырлар 20 жылдан аса уақытқа жарамды. Мердігері – алматылық «К-Строй» мекемесі.

Баспасөз туры барысында «Шұғыла» мөлтек ауданы №3 тұрғын үйге де бардық. Аталмыш көпқабатты үйдің өжіресі бұрын суға лық толы болатын. Қазір ол жоқ. Биыл жылу желілері жөнделіп, толықтай жаңартылған.

– Қаланың жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы қалалық штаб құрылды. Бүгінгі таңда «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесі тарапынан жоспарланған 11,3 шақырымның 10,2 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Европалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылатын 7,8 шақырымды құрайтын 4 жобаның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде,- дейді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Біржан Далабаев.

Жауапты мамандардың сөзінен түйгеніміз, 15 қазаннан бастап тұрғындарға жылу толық беріле бастайды.

Халық-хабар

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҚОРҚЫТ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 10:40

Қыркүйектің 27-30-ы күндері Қызылордада түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өтуде. Оған Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстанан 80-ге жуық өнерпаздар мен фольклортанушы ғалымдар қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі үш жылда бір рет Қызылорда облысында өткізіліп келеді. Оған Қазақстан мен алыс және жақын шетелден өнерпаздар қатысады.

Фестиваль аясында «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз- әңгімелері және әуендері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Пленарлық отырыста облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі.

«Ел Президентінің қолдауымен Қызылорда облысы әкімдігі және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесе төртінші рет «Қорқыт және Ұлы Дала» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаевтың интеграциялық бастамалары нәтижесінде шет мемлекеттермен достық қатынасымыз нығаюда», - деді Қырымбек Көшербаев. Сонымен қатар, конференцияға белсенді қатысып, ұлы ойшыл Қорқыт бабаға құрмет танытып келген жандарға алғысын білдірді.

Сонымен бірге, фестивальге қатысушыларды «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Қазақстанның халық әртісі, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева құттықтады.

Түркия, Беларусь, Ұлыбритания, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар музыкалық өнердің дамуы және Қорқыт шығармашылығының әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесі туралы баяндамаларын оқыды.

Фестиваль аясында конференция, шеберлік сабақтары, Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалды кешеніне сапар және Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклінің көрсетілімі өткізіліп, бағдарламасы гала-концертпен қорытындыланады.

Сыр өңірінде Қорқыт ата есімін ғасырдан-ғасырға аманаттау, оның ішінде Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне «Қорқыт ата мұраларын» енгізу тұрғысында көптеген ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, жақында Қазақстанда халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесе жоғары деңгейде өткізіліп, көрме аясында Қорқыт ата кешені мен облысымыздың мәдениетімен танысу үшін мыңдаған турист Сыр еліне келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Шиеліде 9 айда екі мыңнан астам азамат Палатадан қызмет алған PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 10:33

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов аудан кәсіпкерлері алдындағы есепті кездесуінде айтты.

Филиал директорының айтуынша, осы жылдың 9 айында ауданда Кәсіпкерлерді қолдау орталығымен Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамалары бар тұрғындарды кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпараттандыру, мемлекеттік бағдарламалар туралы, жеңілдетілген несиелер және қаржы институттарымен жұмыс жасау алғышарттарын түсіндіру бойынша 907 адамға кеңес берілген.

Сервистік қолдау бойынша 180 кәсіпкер «Бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізуге, сондай ақ статистикалық есептілікті жасауға байланысты» атты қызмет түрін алған.

Рысбай Нысанханов хабарламасында халықты жаппай кәсіпкерлік негіздеріне оқыту шараларына да аудан тұрғындарының белсенді қатысып жатқандығын жеткізді.

Тұрғындарды бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету шаралары «Бизнестің жол картасы-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламары шеңберінде «Бизнес-кеңесші», «Іскерлік қатынастар» және «Бастау Бизнес» жобалары бойынша жүзеге асырылуда.

«Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша ауданда 9 ай ішінде 141 адам оқытылған.

Мұнымен қатар, шиелілік кәсіпкерлер «Іскерлік қатынастар» компоненті бойынша белсенділік танытып, қатысуға 11 өтініш түскен. Нәтижесінде «Ақсерен бала бақша яслиі» ЖШС директоры Н.Абубакирова мен «Ақсәуле» жеке кәсіпкерлігі басшысының орынбасары Г.Абдулхамит Алматы қаласында өткен кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 апталық оқу курсына қатысып, біліктілігін жетілдірген.

Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша осы жылы Шиелі ауданында 202 адамды «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.

Бүгінгі күнге дейін 4 топта 135 азамат оқытылып, сертификаттарын алды. Қазір бесінші топта 49 адам оқытылуда.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қазалыда кәсіпкерлер қатары артуда PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 10:24

«Сананы тұрмыс билейді» деген бар. Бұл қағида, әсіресе, қазіргідей нарық заңы белең алып тұрған тұста өзінің шынайы мағынасын терең дәлелдеп тұр. Соңғы жылдар мұғдарында Қазалы өңірінде сауда-саттық, кәсіпкерлік саласы кеңінен қанат жайғанын күнделікті тіршілікте аңғарып жүрміз. Алға жылжыған уақыт көшімен бірге аудан көлемінде жеке кәсіпкерлердің саны артып, халық қазынасына түсетін салық көлемі де ұлғайып келеді. Әрине, өте қуанатын нәрсе. Ауданда мемлекеттің қолдауын сезініп, бизнесін дамытып жатқан іскер жандар да баршылық. Қазалы десе көпшіліктің көз алдына «РЗА»-ның сүт өнімдері, «Сыр маржанының» күріші мен еті, Қазалының дәмі тіл үйірген кәмпиті, Ерхатов пен Игіліковтің балық өңдеу цехында дайындалған балық сүбесі, елді мекендерден жеткен шекер татыған қауын-қарбызы елестейтіні тағы рас.

Бүгінгі таңда аудандағы 4201 шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 8737 адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жыл басынан бері жаңадан 380 кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, оның ішінде ауыл кәсіпкерлерінің үлесі 14,2 пайызды құрайды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі де бөтен емес. Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 17 жоба толық іске қосылып, 212 адам жұмыспен қамтылғанын, оның ішінде 2 жоба аймақтық индустрияландыру картасына енгізілгенін атап кетсек.

Аудандағы кәсіпкерлік саласының көшінің басында тұрған «РЗА» АҚ-ның сүт өндеу зауытында жоба аясында өндірілген сүт Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларындағы ірі сауда орталықтарында сатылуда. Ағымдағы жылы «РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін» жүзеге асыру жоспарланып, тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өңдеу көзделуде. Жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен 13,5 млн теңге бөлінген. Ал «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің «Балық өңдеу зауытының құрылысын іске асыру» жобасы аясында өткен жылы 854 тонна балық өңделіп, Еуропа елдеріне экспортталған еді. Серіктестік басшысы, облыстық мәслихат депутаты Аманбай Ерхатовтың Ресейден балық өңдеу зауытын ашқандығынан оқырмандарымыз хабардар болар. Қазір ол зауытта тәулігіне алты жарым мың тонна балық өнімі өңделеді. Сондай-ақ өткен жылы осы бағдарлама негізінде аймақтық үйлестіру кеңесінен жеке кәсіпкер Төребек Игіліковтің «Сүбе шығару» жобасы оң қорытынды алып, жұмыс істеуде.

Ауданда «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 га жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті шаралар атқарылған-ды. Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлері тарапынан жалпы құны 428,1 млн теңгені құрайтын жаңа 10 жоба бойынша жер учаскелері алынды. Олардың қатарында тазартылған, құйылмалы ауызсу шығару, күріш өнімдерін өңдейтін және ұн сақтау қоймасын кеңейту, құрылысқа қажетті темір-бетон, пеноблок шығаратын шағын зауытын іске асыру, темір-бетон және кірпіш бұйымдарын шығаратын цех салу, көкөніс өнімдерін өңдеу және қойма салу, жылыжай салу, автопарк ашу жобалары бар.

Олардың қатарындағы 3 жоба іске қосылып, 33 жаңа жұмыс орны ашылды. Айта кетерлігі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолының 96 шақырымы Қазалы ауданының аумағынан өтеді. «Сыр маржаны и К» ЖШС автокөлік дәлізі бойынан «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, «Sinooil» ЖШС жанар-жағармай станциясы құрылысын салу жөніндегі жобасы бойынша қаржыландыру жолдары шешілуде. Оған қоса жеке кәсіпкер Байсуганова мен Басеновтің «С» санатты, «GlobalAlatauGroup» ЖШС-нің «D» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобаларын жерге орналастыру жүргізілуде.

«Аудан бойынша биыл бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 185 адам жұмыспен қамтылатын болады. Олардың қатарында көлік, сауда-логистикалық орталығы, жол бойы қызмет көрсету кешендері, ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы, балық өнімдерін өңдеу цехы, түйе, жылқы сүтін өндіру және мал бордақылау кешені жобалары бар. Кәсіпкерліктің дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты аясында биыл 222 адамды оқыту жоспарланған. Жыл басынан 69 адам оқытылып, 247 млн теңге құрайтын 51 бизнес-жоба қорғалды. Аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 116 кәсіпкерге 684 млн теңге несие берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 231 млн теңгеге артық», - дейді өзіміз тілдескен сала мамандары.

Назар аударатын жайт, инвесторлар тарту арқылы өңір экономикасын дамытуда аудан әкімінің бастамасымен іргелі істер жүргізілуде. Мәселен, кәсіпкерлердің қатысуымен өткен «ҚазалыИнвест» форумында көптеген келелі мәселелердің түйіні тарқатылып, тың жобаларды жүзеге асыру жолға қойылды. Ауданда жыл сайын ұйымдастырылатын жас кәсіпкерлер форумында жаңашыл бастамаларды қолға алған белсенді топ өкілдері тың идеяларымен бөлісіп, кәсіппен айналысатын, кәсіп жасауға ниетті жастарға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде.

Бұл қадам кәсіпкерлердің өзіне деген сенімінің артуына игі әсер етері хақ.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Қызылордада 1688 құқықбұзушылық анықталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 09:43

Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 25-27-сі күндері аралығында облыс көлемінде «Тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» республикалық акциясы  өткізілген болатын. Акцияның негізгі мақсаты халық арасында тәртіпсіздік пен ұсақ құқықбұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру, азаматтардың құқықтық танымы мен құқықтық мәдениетін көтеру болып табылады.

Акция барысында облыс бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтары үшін 1688 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтқанда, ит пен мысықтарды асырау ережесін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы) – 66, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы) – 87, түн тыныштығын бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы) – 55, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы) – 137, белгіленбеген орындарда темекі шеккені үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы) – 61, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі) – 88, сәулеттендіру ережесін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы) – 178 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен бірге, акция барысында полиция қызметкерлерімен 179 мәрте құқықтық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, атап айтқанда дөңгелек үстелдер, брифингтер, конференция және семинарлар өткізілді.

Аталған іс-шаралар барысында орта білім беру және жоғары оқу орындарының білім алушыларына, мекеме қызметкерлеріне мүлдем төзбеушілік қағидатының көздейтін мақсаты жан-жақты түсіндіріліп, қоғамдық орындарда бұзақылықтар мен вандализм көріністеріне жол бермеу бағытында профилактикалық шаралар, қоғамдық орындарды ластамауға, саябақтар мен көшелердегі жарықшамдар мен мүліктерді бүлдірмеуге шақыратын насихат шаралары жүргізілді.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


ЕКІ УНИВЕРСИТЕТ АРАСЫНДА ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.09.2017 09:16

Сауд Аравиясы Корольдігінің Ханзада Мохаммад бен Фахд университетінің ресми делегациясы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне ресми іссапармен келіп, жоғары оқу орындарының арасында өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оған Сауд Аравиясы Корольдігінің Ханзада Мохаммад бен Фахд университетінің ректоры, профессор, доктор Исса Хассан Алансари, көпшілікпен және БАҚ-пен байланыс жөніндегі директор, доктор Фейсал Юсиф Аланези, Ректордың кеңесшісі Салех Мохаммед Альшамрани, Ректордың Мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі офис менеджері Мохаммед Аид Альхаджри, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректорат мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры – бірінші проректор Абайбек Жүнісов сөз сөйлеп, универсиеттің ағымдағы жетістіктерін саралады.

Биыл облыс орталығындағы ғылым мен білімнің қарашаңырағына 80 жыл толды. Университет ҚР көпсалалы үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде 10-орын иеленді.

Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Австрия, Испания, Италия, Польша, Корея, Түркия, Египет және Ресейдің ЖОО-мен, білім және мәдени орталықтарымен, жетекші ғылыми орталықтарымен, қорларымен және қоғамдық ұйымдарымен әріптестік қатынастар орнатылды, халықаралық ынтымақтастық саласында 75-тен астам келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылды. 2013-2014 оқу жылынан бастап университет «Шетел тілі – екі шетел тілі» мамандығының «Ағылшын-Араб», «Ағылшын-Қытай» және «Ағылшын-Корей» тілдері бағыттары бойынша мамандар даярлауды бастады. Қазіргі кезде ағылшын-араб бөлімшесінде 53 студент білім алады. Оның ішінде биылғы оқу жылында 24 студент оқуға қабылданды. Шетел тілдерін оқытуда Египеттен, Америка Құрама Штаттарынан және Корея Республикасынан шақырылған шетелдік оқытушылар үлкен үлес қосуда.

Содан соң Сауд Аравиясы Корольдігінің Ханзада Мохаммад бен Фахд университеті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті арасында өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сауд Аравиясы Корольдігінің Ханзада Мохаммад бен Фахд университетінің ректоры, профессор, доктор Исса Хассан Алансари алдағы уақытта әріптестік байланысты одан әрі нығайтуға күш салатындығын жеткізіп, университет ұжымының жұмысына табыс тіледі.

Осы күні Сауд Арабиясының делегациясы университет мұражайы мен бірінші оқу ғимаратындағы араб бөлімінің студенттерімен кездесті.

Айта кетейік, Ханзада Мохаммад бен Фахд университеті – Сауд Арабиясындағы жеке коммерциялық емес жоғары оқу орны. Ресми түрде 2006 жылы құрылған. Ханзада Мохаммад бен Фахд университеті Сауд Арабиясындағы ең танымал оқу орындарының бірі және әлемнің озық 30 еліндегі жетекші оқы оқу орындарының қатарына кіреді. Университетте бір мезгілде 4000-ға жуық студент білім алады және мұнда 600-ге жуық оқытушы жұмыс істейді.

ҚМУ-дың баспасөз қызметі

 


Алтын қолды қамқоршылар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.09.2017 14:50

Баспасөз  туры

Өткен сәрсенбіде бұған дейін көзімізбен көрмеген дүниені көрдік. Көрдік те, шошыдық. Ол бөлменің ішінде істелетін жұмыстарды жүрегі әлсіз жандар көтере алмас, сірә?! Өзіне тән иіс қолқаны қапқанда, аңтарыласың да қаласың. Тіпті, аядай жерде ауқымды тірліктің атқарылатынын тағы бір мәрте аңғардық. Әлі де болса, жадымызда сақталған көріністерді ұмыта алмай отырғанымыз да рас. Бұл облыстық медицина орталығындағы ота жасау бөлімшесі еді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен тілшілік тірлігімізді тастап, ақ халаттылардың бір күндік жұмысымен таныстық. Табалдырықтан аттаған соң біздің топты қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Данияр Таңқыбаев күтіп алды. Оның айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 19 мыңнан аса науқас қаралған. ОМО-на жеткізілген кез келген науқасты осы бөлім қабылдап алады. Сөйтіп, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес қажетті шараларды қабылдайды. Ауыр жағдайда жеткізілгендерге шұғыл түрде ота жасалады. Ал жедел жағдайда келгендер тексеруден толық өтеді. Жағдайы қанағаттандырарлық деңгейдегі науқастар дәрігерге қаралып, нақтама қойылған соң, жоспарлы емге жіберіледі. Бүгінде қабылдау бөлімінде білікті 23 дәрігер жұмыс істейді.

Одан кейін бірнеше бөлімшеге бас сұқтық. Науқастардың хал-жағдайын сұрап, әңгімеге тарттық. Солардың бірі – Тереңөзек кентінің тұрғыны Ұлдана Жұмағалиқызы. Жол апатына түскен оның абзал жандарға айтар алғысы зор. Ажал тырнағынан арашалап қалды дейді.

– Көлік апатына ұшырадық. Аудан орталығынан осында әкелді. Дереу ота жасады. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін,- деді ол.

Қолы және жамбас сүйегі сынған Ұлдананың бүгінде беті бері қараған. Қолын қайта қалпына келтіріпті. Бұрынғыдай гипске орап тастамаған. ОМО-ға әкелінген жаңа технологиялардың көмегімен бұл ота өте сәтті өткен. Бұйырса, жақын күндері палатадан үйге жіберілмек.

160 жылдан аса тарихы бар аймақтың бас ауруханасының жетістігі аз емес. 1998 жылы Елбасының қатысуымен 600-ден астам төсектік жаңа ОМО ашылды. Қазіргі таңда мұнда 24 клиникалық, 37 қосалқы бөлімше жұмыс істейді. Оларда 1500 жуық қызметкер еңбек етсе, оның 196-сы – білікті дәрігерлер, 541-і – орта буын, 373-і – кіші буын, қалғаны – басқа да мамандар. Жылына 40 мыңнан аса науқас келіп, соның 15 мыңнан астамына стационарлық ем көрсетіледі.

– Біздің аурухананың өзге өңірлерге қарағанда ерекшелігі сол, көпсалалы болып табылады. Яғни, медициналық мамандықтың бәрі қамтылған. Кардиологиялық көмек, хирургиялық көмек, терапияның барлық салалары, т.б. бар. Медициналық қызмет жоғары мамандандырылған және медициналық көмек болып бөлінеді. Жүрек-қан тамырларына, травматологиялық жарақат бойынша жасалатын оталар саны артып отыр,- дейді ОМО-ның директоры Сәбит Пазылов.

Осыдан кейін ота жасау бөлімшесіне бардық. Онда күніне жоспарлы түрде – 40-50, жедел түрде 10-15 ота жасалады. Барлығына да асқан жауапкершілік қажет. Талай адамды ажалдан құтқарған осы бөлімшедегілердің еңбегіне ерекше тоқталғанды жөн санадық. Журналистерді жүзі жылы жандар қарсы алды. Арнайы киім кигізді де, ота залына қарай апарды. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Ұмытпасам, 4-5 бөлмеде ота өтіп жатыр. Мүлгіген тыныштық. Тек дәрігер мен арнайы құрал-жабдықтардың дыбысы сілтідей тынған залда жаңғырып тұр. Бұл бөлмелер талай адамға қайта өмір сыйлады ғой жарықтық! Кенет біз тұрған ота бөлмесінен кейінгі есік ашылды. Арнайы жылжымалы кереуетте науқас жатыр. Аузында түтікше. Жасанды тыныс алдыратын дүние ғой деймін. Анығын айта алмаймын. Шамасы, отасы тамамдалғанға ұқсайды. Тиісті медициналық көмек одан әрі палатада жалғасатын тәрізді. Енді бұрыла бергініміз сол еді, тағы бір жан өміріне араша сұрап келе жатқандай көрінді. Ол да кереуеттің үстінде, көкке көзін тіккен. Не ойлап бара жатқанын кім білсін?! Дәрігерлердің демалатын түрі жоқ. Тағы да қолғап пен медициналық тұмылдырығын тағып, қолын суытпастан араша сұраған адамның жанына келді. Басталды ота... Жоғарыда күнделікті жасалатын оталардың санын айттық. Олардың әрқайсысы сағаттап созылады. Мұны біз де көрдік. Дәрігерлер тікесінен тік тұрып тиісті шараларды атқаруда. Заманауи технологияның мың жерден мүмкіндігі болғанымен, барлығы да дәрігердің біліктілігіне байланысты екендігі белгілі. Тіпті, күрделі оталар 11 сағатқа дейін созылатын көрінеді. Енді есептей беріңіз... Қысқасы, абзал жандардың қолы алтын. Тек бағалай білу қажет.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы

 


Талантымен танылған Талант PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.09.2017 14:40

Ұстаздар  мерекесі  қарсаңында

«Адамның есімі оның тағдыр жолына тікелей әсерін тигізеді» деген бар. Оған қоса барша әке-ана дүниеге келген әрбір сәбиінен зор үміт күтіп, бауыр етінен жаралған перзентінің бақытты ғұмыр кешкенін Жаратқаннан жалбарына тілейтіні тағы белгілі. Соған орай шақалаққа ат қоюдың мәні де, маңыздылығы да ерекше. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де өмірдерегі осы қағидамен тығыз қабысып жатыр.

Сонау сексенінші жылдардың аяқ шенінде қабырғалы қауымның құты саналатын Ащыкөлдің баурайындағы қасиетті Жанқожа батыр ауылында жарық ғаламның есігін ашқан нәрестеге жақын-жуық, ағайын-туыс Талант деген есімді еншіледі. Бәлкім, лебізі қабыл, сөзі дуалы іргелі жұрт осынау киелі топырақта елді аузына қарататын тағы бір дарынды ұл өсіп-жетілсін деген шығар. Тіл-көзден сақтасын, Талантымыздың да әзірге аяқ алысы бөтен емес. Білікті ұстаз, мықты өнерпаз ретінде атағы аудан асып, облысқа танылған азамат.

Таланттың кітап оқуға деген құштарлығы бала кезінен қалыптасты. Алғашқы немерені төлбасы есептеп әулеттің үлкендері бауырына басатын қазақы дағдымыз баршаға аян. Салиха әже де Талант десе бар дүниені тәрк етуге дайын болатын. Қол-аяғы тырбаңдаған немересін мейірлене өпкенде тағдырдың тауқыметін тартқан әжімді жүзі нұрланып сала беруші еді. Тәңіріне іштей шүкіршілік етіп, жалғыз ұлы Тоқтасын мен келіні Мәуегүлдің шаңырағы шайқалмауын, немерелерінің аман болуын тілейтін. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Таланттың кітап оқуға деген ынтасының артуына аяулы әжесі Салиха бірден-бір әсерін тигізді. Олай демегенде ше? Немересі әріп танығаннан әжесі марқұм көркем туындыларды дауыстап оқуға дағдыландырды. Әсіресе батырлар жыры, «Бес ғасыр жырлайды», «Шешендік шиырлары» деген кітаптарды Талантқа жиі оқытып, өзі құмарта тыңдайтын. Қалайша қайран қалмассың? Ғұмыр бойы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шалғай ауылда қарапайым тірлік кешкен асыл ана осы  тағылымымен ұрпағының зердесіне білім, өнер деген ұлы ұғымға іңкәрлік сезімін оятқанын өзі білді ме екен? Ұрпағы үшін отқа да, суға да түсуге, тіпті жанын қиюға да әзір қайран әжелер-ай десеңші.

Таланттың мектепте де айы оңынан туды. Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектептің табалдырығын аттағанда алғашқы ұстазы Мира Бөлекбаева тәжірибесі мол, бала жанын терең ұғатын адам еді. «Білім негізі – бастауыштан» деп текке айтылмаған. Мира апайы балақайларды ұқыптылыққа, жинақылыққа, сауатты жазып-оқуға баулыды. Жоғары сыныпқа көшкенде Думан Төкешов ұстазынан білімнің қыр-сырына терең қанықты. Өмірге деген көзқарасы кеңейді. Ал география пәнінің мұғалімі Марат Кеулімжаевтан (Марат ағайы қазіргі таңда Байхожа елді мекеніндегі мектептің директоры) шығармашылық ізденіске, ғылыми жұмыстармен шұғылдануға машықтанды. Әрі жақсы нәтижеге де жетті. Бірнеше мәрте облыстық сайыстарда жүлдегер атанды.

Еңбек жолын Талант Нұрмаханов Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 орыс-қазақ мектебінде география пәні мұғалімі болып бастады. Тәжірибесі аз болғанымен, үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашыл педагог түрлі жарыстарда өзі де, шәкірттері де талай топ жарды. Жасы үлкеннің алдынан кесе өтпей, кішіні сыйлай білетін қазақы тәрбиені зердесіне бекем сіңірген ағеден жігітті ұжымдастары да құрмет түтты. Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінің артиллериялық дивизионының басқарма взводында аға барлаушы-қашықтықты өлшеуші болып Отан алдындағы борышын өтеген соң Талант ұстаздық қызметін Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте жалғастырды. Мектепішілік, аудандық, салалық түрлі шараларда дара шығып, өзінің талантын дәлелдеген кейіпкеріміз Қазалы аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жанынан құрылған «Серпін» жастар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оған қоса табиғат берген актерлік, шешендік, мәнерлеп оқу сынды өзге де жақсы қасиеттермен дараланатын Талант Тоқтасынұлы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Баянауылда ұйымдастырған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес «Кәсіптік жаңару мен жаңғыру» атты жас ұстаздардың республикалық жазғы лагерінде болып, тәжірибе алмасудан өтіп қайтты. Нақты кезеңде білікті ұстаз Талант Нұрмаханов Басықара ауылындағы №182 мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Мереке құтты болсын!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2017 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары