Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 05 Қаңтар 2012

ЖІГІТТІҢ АЛТЫ АҒАЙЫНЫ БОЛСЫН: PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:31

Жігіт қабырғаның қалың етінен шықсын.

Қалың жиында сүрінбейтін тілді болсын.

Білімді, сауатты болсын.

Қонақ талғамайтын, қазанды сақи болсын.

Үстінен қой айдаса да үндемейтін ашусыз болсын.

Ұстаса кеткен жағдайда бір адамдық күші болсын.

Жетес  би

 


САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:26

*Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өзекті мәселелері бойынша түрлі деңгейдегі атқарушы, өкілетті органдар алдында мәселе­ көтеру, орындалуына ықпал ету;

*Арал қаласы аумағынан аудан тұрғын­дарына жаңа жер телімдерін беру бағытындағы жұмыстарды бақылауда ұстау, аталған аумақта инфрақұрылымның (ауызсу, жол, электр энергиясы) жүргізілуіне ықпал ету, қаладағы бұрын­ғы әскери қалашықтың орнының тазаланып, тұрғындардың қажеттілігіне берілуі бағытында тиісті құрылымдар алдында мәселе көтеру;

*Арал қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесінің жобалау-сметалық құжаттарының жасалып­, кәріз жүйесінің салынуы бағытындағы жұмыстарды бақылауға алып, орындалуын қадағалау;­

*Арал қаласының екі бөлігін жалғастыратын көпір құрылысының аудан үшін әлеуметтік маңыз­ы жоғары мәселе екендігі жөнінде құ­зырлы органдар алдында мәселе көтеру, көпір құрылысының жобалау-сметалық құжаттарының дайындалуы бағытындағы жұмыстарды жүргізу;

*Арал қаласындағы көпқабатты үйлер мен жаңадан салынған үйлерге ауызсу жүргізу бағытындағы жұмыстарды бақылауда ұстау;

*Арал қаласының көркейту, көгал­дандыру, абаттандырылуына, көшелерге жол жүргізу, тротуарлар, бордюрлар салуғ­а қаржының жеткілікті бөлінуіне ықпал ету, көп жылдан бері қаладағы өзекті проблемаға айналған сорлы көлдер мәселесінің оң шешімін табуы бағы­тын­дағы жұмыстарды жүргізу;

*Арал өңірінен шыққан дарынды жастарғ­а (шығармашылық, өнер, ғылым, спорт т.б салалар бойынша) қолдау көр­сету, үздіктерді түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында қаланың шет аймақтарында шағын спорт алаңдарының салынуына ықпал ету.

 


ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТIСТIКТЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:22

Сыр өңірінің мәдени мұраларын зерттеп, зерделей жүріп, 1998 жылы Арал өңіріндегі сүлейлер мектебін қалыптастырушы Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылығынан ғылыми диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.
А.Сақыпұлының құрылтайшылығымен әр жылдарда Сыр өңірінің ақпараттық-танымдық “Ақмешіт апталығы”, діни “Нұр” газеті, қоғамдық-саяси “Халық” газеттері жарық көрді.
Сондай-ақ А.Сақыпұлының авторлығымен “Нұртуған шайыр”, “Жетес би”, “Жылқаман батыр” кітаптары жарық көрген.
Ол 1997 жылдан бастап Қызылордадан “Тұмар” баспасын ашып, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының жарық көруіне үлес қосушы – баспагер. Осы жылдарда “Тұмар” баспасынан Сыр өңіріне қатысты 300-ден астам ғылыми және мәдени  мұра  кітап  болып  жарық  көрді.

 


МАРАПАТТАУЛАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:21

Аманжол Сақыпұлы 2001, 2005 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың “Алғыс хатымен”, 2005 жылы облыс әкімінің “Құрмет грамотасымен”, 2006 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің “Құрмет грамотасымен”, 2009 жылы ҚР “Мәдениет қайраткері” белгісімен марапатталған. 2011 жылы “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы” мерекелік медалiмен марапатталды.

 


АҚИҚАТШЫЛ АЗАМАТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:19

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Сыр бойы жұртшылығының көңілін алаңдатқан, алаңдатып қана қоймай, біреу­ді арандатқан, біреуді амалдатқан жағдаят болды.

Облыс тізгінін «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстағысы келген басшылардың бірі «біздің аймақтың экологиялық ахуалы туралы жарияға жар сала берудің қажеті жоқ, ең ақыры қызың күйеуге өтпей, ұлың қалыңдық таппай, қапыда қаласың» дегенге дейін айтып, көпшілікті айлық жалақысына үстеме етіп отырған несі­бе-нәпақасынан айыруға әрекет жасады. Сонда бұл бейбастақтыққа қарсыласа өре түрегелген де, жәркелештене  қосыла шапқан да, не дерін білмей тілін тістеген де табылды. Әсіресе, халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» деп әдемілеп-әспеттейтін бұқаралық ақпарат­ құралдарына нағыз сынақ сәті туған­ еді. Міне, сол заматта айқын қалпынан айнымай, атына заты сай бол­ған бірегей басылым – «Халық» газеті екендігін айта аламыз. Басшы қыз­метімен қоштасты, ел ентігін басты. Дін мәселесіндегі дүбаралық, дүм­шелік туралы уақытылы дабылдатқан да – осы үнпарақтың журналистері. Бүгінгі күні сол «жартасқа барып күнде айғай салғанның» дұрыстығына анық көзіміз  жетті. Бәріне өлшем – мезгіл.  Дәуірдің  дүрбелеңдеріне төтеп берген мерзімді басылым – шын мәнін­дегі мықты  басылым.

Әлбетте, «Халық» газеті» десе, елдің есіне алдымен Аманжол Сақыпұлы түседі, ал Аманжол Сақыпұлы десе – жадына тағы да «Халық» газеті оралады­.  Жоғары оқу ордасында  ардақты әде­биетші-ұстаз Темірхан Тебегенұлының, баспасөз майданында саңлақ журналис­тер Әділхан Бәйменовтің, Қази Данабаевтың, өнер өлкесінде даңғыл жырау Алмас Алматовтың, тұңғиық суретші Қайырбай Зәкіровтің тәлім-тәрбиесін жан-жүрегіне бойлатып, үзеңгілес талант­ты достары – сазгер, әнші, айтыс­кер Лена Әбдіхалықовамен, ақындар­ Дүйсенбек Аяшұлымен, Әділ Ботпановпен, сүлей әнші-зерттеуші Берік Жүсіповпен, тағы басқа жайсаң жігіт­термен  тығыз араласып-құраласып, жыл жылыстаған  сайын өрісі кеңіп, өресі кемелдене түскен кейіпкеріміздің   елмен  етене, жұртпен  жақын­ болмауы мүмкін емес-тұғын. Бұған құдай берген қабілет, мойымайтын мінез, ілкімді ізденімпаздық қосылса, жігіттің бағы қалай жанбасын, бабы қалай жұтын­басын!? Қазір облыстың­ басты ба­сы­лымдарын бір шаңырақт­ың астына ұйытқа­н «Сыр-медиа­» атты құрылымның тізгінін ұстап отырса, бұл – Аманжол Сақып­ұлының журналистік жетіс­тігі ғана емес, қоғамға қажет қайраткерлігінің өзінше бір өтемі.

Бір жағы, ол – баспагер. Қазір «Сырдария кітапханасы» атты сериямен сырбойылық ілгері-кейінді қаламгерлердің кітаптары том-томдап жарық көргені баршаға белгілі. Ал ертеректе Аманжолдың ешқандай сүйемелсіз, ешкімнің сілтеуінсіз осындай ізгілікті шаруаның ізашарларының бірі болғандығына куәміз. Жазғанын жарыққа шығаруға қолы жетпей, қолы жетсе, қаражаты құралмай  жүрген талайларды оның «Тұмар» атты баспасы тығырықтан құтқарып, шығармашылықтарына шабыт­ берді. Ел ішіндегі елеусіз ерлер­дің, бағалаусыз бағландардың даңқын дәріптеген кітаптармен қалың қауымды қалауынша қауыштырды. Осы істі Аманжол ықылас-ынтызары мен қажыр-қайратының арқасында табанынан таусылып жүріп тындырды.

Сегіз қырлы, бір сырлы Аманжолдың ендігі бір еректігі – ғалымдығы. Қат-қабат тынымсыз тірлігінің ішінен уақыт жырып, Аралдың ақтаңгер ақыны Нұртуған Кенжеғұлұлының әдеби мұрасы­н саралап-сұрыптады, зерттеп-зерделеді. Алматыдағы оқымысты ортаның, әдеби әлеуметтің талқысына түсіп, диссертациялық кеңестің алқалы жиыны­нда академиктердің сынынан сүрінбей өтті. Сөйтіп, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі санаткерлік парақшасына жазылды.­

Бойда тұрған барды, ойда тұнған арды жұртшылықтың игілігіне жарат­паған, айналасынан ұзата алмаған жанның­ еңбегі – тұл. Баптаған жүйрігін бәйгеге қосуға қимаған бейбақтай бүгежек­теп, бұқпантайлап күн кешкеннің кері. Аманжол әрқашан аталған­ әдеттен ада. Ол бүгінгі күннің бүлкілін, қоғамның алуан қайырым­дарын тамыршыдай тап басып, қызу қайнаған болмыстың қақ ортасынан табылып та, танылып та жүр. Онысына­ көңіліміз көншіп, мәртебе-мерейінің биіктей бергенін тілейміз.

Мен білетін Аманжол үлкен істі үндемей тындырады. Байбалам, береке­сіз тірліктен беті аулақ. Уәдесіне тас мығым. Сылдыр сөзбен ешкімді алдамайды.  Сырын шашпай сақтайды. Керек кезінде ғана, әсіресе шындық шырқырар, ақиқат айтылар тұс­тарда көсіліп кетеді. Кесімді пікірін келістіре пайымдайды.

Азаматтық асыл қасиетінің бірі – кіндік қаны тамған Аралдың туымды топырағын аңсап тұратын, соның жақсысы­на қуанатын, жаманына қамығатын  аруана  бауыр  мінезі.

Мұндай ұланның халық сенімінен шығатынына кәміл сенгім келеді.

Ендеше, ел мүддесін қорғау – Аманжолға серт, Аманжолды қолдау – елге серт!

Амантай  ШӘРІП,

филология ғылымдарының

докторы, «Дарын» мемлекеттік

сыйлығының  иегері

 


ҚАЛАМГЕР. ҒАЛЫМ. БАСПАГЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:18

Шығармашылық жұмыс барысында үш буынның өкілдерімен тұрақты түрде араласуға тура келеді. Алғашқысы – үлгісі мен үйретері көп аға буын. Екіншісі – орта буын атанып үлгерген өз тұстастарың. Үшіншісі – жаңа заманға лайық, қарымы бөлек кейінгі буын.

Аға буынмен аралас-құралас болу аса қиын емес. Өйткені, олардың жазған-сызғандарымен, сал­ған соқпағымен жақсы таныссың. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен өз буыныңның да жөні бөлек. Қай-қайсысын да алыстағы дүбірінен аңғарып отырасың. Ал қарым-қаты­насқа күрделірегі кейінгі буын. Олар заманының үні­мен тіл қатады. Тарихтың өр даусына үнемі өз даусын қосып отырады. Бұл – барлық жас буынға тән нәрсе.

Бірақ солардың ортасынан суырылып шығып, аға буын­ның да, орта буынның да арасына тастай батып, судай сіңіп кететіндері де болады. Жас буынның басы мен орта буынның соңын жалғап тұрған осындай өтімді жігіт­тер­дің бірі – Аманжол Сақып­ұлы. Ол өз ортасынан дараланып шығып, іскерлігін көрсете білді. Жас болса да, Сыр бойындағы жекеменшік полиграфияның негізін қалау­шылардың бірі болды. Тәуелсіз газеттер ашып, жаңаша­ қоғамдық көзқарас, еркін пікір орнықтырды. Жұрт жаппай жұмыла оқитын қызықты басылымдарды өмірге әкелді. Аймақтық ақпараттық кеңістіктің тың мәліметтермен қамтамасыз етілуіне мол үлес қосты. Ол басқарған басылымдар өзін­дік ұстанымымен, батыл пікірлерімен ерекшеленді.

Аманжол білікті баспагер ретінде де танылды. Сыр бо­йының талай жылдан бері жинақ­талған рухани-танымдық құндылықтарын басып шығарды. Жас таланттардың алғашқы жинақтарының жарық көруіне қолдау көр­сетті. Жер түбінен кітап шығар­уға қиналатын жергі­лікті қаламгерлер Аманжолдың баспасына қарай ағы­ла­тын болды.

Аманжол Сақыпұлы – Арал өңірінің перзенті. Ол өзі туып-өскен аймақты еш­қашан жадынан шығарған жоқ. Ғылыми еңбектерін осы өңірге арнады. Аралдың танымал ақын-жазушыларының шығармаларын жинақтап, басты­рды. Елдің мұң-мұқтажынан көмегін  аямады. Ел­дің шығармашылық тұл­ғала­рына үнемі құрмет көр­сетті. Өзі басқа­рған басылымдары арқылы­  талай  аралдықтардың  тағдырына  араша түсті.

Аманжол – әйгілі жыр саңлағы Нұртуған Кенжеғұлұлының әдеби мұрасын зерттеген ғалым. Ол 1998 жылы осы тақырып бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде профессор Серік Негимовтің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады.

Қазір ол облыстық басылымдарды біріктіретін «Сыр медиа» кәсіпорнын басқарып отыр. Бұл қызметін де жемісті атқарып келеді.

Қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, білікті баспагер Аманжол Сақыпұлы облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат болып тіркеліп, додаға түсіп жатыр. Біз, Астанада тұратын қаламгер жерлестері оған сенім артамыз. Ол – халық қалаулысы болуға әбден лайық азамат!

Бауыржан   ОМАРҰЛЫ,

Халықаралық Айтматов академиясының

және Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану

ғылымдары академиясының академигі,

филология ғылымдарының докторы,  профессор

 


АМАНЖОЛДЫҢ АЙҚЫН ЖОЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:16

Ұстаздар   ұстанымы

Халқымыздың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан дәстүрлі жолы – ғасырлардан жеткен адамгершілік-имандылық қасиеттерді сақтау, отбасыларынан құралатын қасиетті Отанға қызмет ету.

«Ұлан байтақ Тұран, Алаш кеңістігін қазақ атымен аталған халықтық, ұлттық атымен, жауынгерлік-қаһармандық айбынымен, елдік, отаншылдық салтымен сақтаған ұрпақтардың дүниетаным ұстанымы қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы тұғырындағы мемлекеттік мәртебелі биіктігімізге жеткізді.

Қазақ тарихының қазіргі кезеңінің жаңаша қалыптасуы, нығаюы, өсіп-өркендеуі жаңа буын қайраткер азаматтарымыздың ел тағдырын таразылайтын, халықтың бақытты тұрмысын, мәңгілік болашағын ойлайтын, адалдығы мен іскерлігі тұтасқан сергек ойлы серпінді толқын өкілдері арқылы­ орындалады. Осындай азаматтарымыздың бірегейі - Аманжол Сақып­ұлы Оңғарбаев.

Аманжол – менің сүйікті шәкір­тім. Қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік университетінің (ол кезде Н.В.Гоголь атындағы пединститут) филолог­ия факультетіндегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімінің үздік оқыған студенті болды­. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша теориялық және тәжірибелік пәндердің барлығын да үнемі жан-жақты ізденістерімен игерді.

Оқу үдерісі аясында өзіндік ғылыми шығармашылық ізденістермен айна­лысты. Әсіресе, туған жері Арал теңізі атырабындағы ақын-жыраулар, жазбаша қаламгерлер мұраларын жинаумен, солард­ың негізінде ғылыми баяндамалар жасауымен танылды. Қазақ әдебиеті тарихынд­ағы көрнекті ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылық өмір жолын, әдеби мұрасын жинақтап, өзіндік талдаулар, бағала­улар жасаған баян­дамаларым­ен облыстық, республикалық конкурс­тарға қатысты. Сол еңбектері жоғар­ы бағаланып, Қазақстан Респуб­ликасы  Білім  және  ғылым  министр­лігінің  арнаул­ы  мадақтамалық  жүлделермен  марапатталд­ы.

1989 жылы 2-курста оқып жүргенінде Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда қалалық ұйымының жауапты хатшысы болып сайланды. Облыс орталығындағы мекемелердің іс-қағаздарын жазуының, жиналыстарды өткізуінің мемлекеттік тілде болуына ықпал ететін талай маңызды іс-шараларды жүзеге асырды. Аманжол институт кітапханасының оқу залында күн сайын­ тапжылмай сағаттар бойы отыратын.

Жоға­ры оқу орнын бітіргеннен кейін Аманжол ғылыми-зерттеу және журналистік, сонымен бірге баспагерлік қызметтерімен қалың жұртшылыққа кеңінен танымал болды. «Ақме­шіт апталығы» газеті редакторының орын­басары қызметінде жүргенде жаңа басылым арқылы халықты­ң әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалын жақсартуға арналға­н талай өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосты.

Көптеген жылдар бойы маңына топтасқан талант­ты әріптес қаламгер жастармен бірге «Халық» газетіні­ң үздіксіз жарық көруін ұйымдастырып қалыптастырды. Өзі сол газеттің бас редакторы болып­ қызмет істеді. Аманжол бас­қарған «Халық» газеті облыстың және республи­каның саяси-әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени дамуы мәселелерінің халыққа пайдалы болып оң шешілуіне ықпал ететін ұсыныстарды үнемі ұйымдастыра білді.

Аманжолдың өзіндік бастамасымен ұйым­дастырылып, нәтижелі жұмыс істеп келе жат­қан «Тұмар» баспасы да республикамыздың, облыстың рухани мәдениеті тарихында халық тілегін қанағаттандырған үлгілі қызметімен құрметке ие болуда.

Аманжол – қазіргі кезде Қазақстандағы көрнекті шығармашылық ортаның бірі «Сыр медиа» баспасөз орталығын басқарып отыр. Қызылорда облысындағы материалдық және рухани мәдениет мәселелерінің мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүзеге асырылуы­нда облыстағы баспасөз орындары қызметінің пәрменді ықпалы айрықша маңызды. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында бағдарланған экономикалық, мәдени­ тұрмыстық мәселелердің оң нәтиже­лермен орын­далуына ақпараттық-насихаттық қызмет арқылы ықпал етуде «Сыр медиа» орталығ­ы елеулі қызметі­мен маңызды  орын алып отыр.

Аманжол Сақыпұлы - филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, бірнеше монография­лардың, әдеби-мәдени танымдық мол шоғырлы­ мақалалардың авторы­. Өнегелі өмір кезеңдерін­де өзін қоршаған әлеумет­тік ортаның, жеке адамдардың тұрмыстық күрделі мәселелерін шешуге аянбай үлес қосып келеді­. Тұрмыстық хал-ахуалы нашарлаған талай отбасыл­арына тікелей материалдық көмектер ұйымдастыр­ғанын да білемін. Талантты жастардың шығармашылық кәсіппен айналысуына да қолынан келген көмегін тигізіп жүр.

Аманжол Сақыпұлы - халық даналығына сай «Ел үшін туған ер» атағына сәйкес қайраткер азамат. Барлық адамдарға да өзінің білімді, білікті, иманды қасиеттерімен қызмет етіп келе жатқан абзал азамат,­ шәкіртім Аманжол Сақыпұлын мен мақтаныш етемін! Алты Алаштың барлық атыраптарындағы оны құрметтейтін әртүрлі жастағы адамдар да үнемі Аманжолдың барша қазаққа, халыққа қызмет ететін қайраткер – азамат екендігін жоғары  бағалайды.

Темірхан  Сақаұлы  ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі

Қазақ әдебиеті  және журналистика

кафедрасының меңгерушісі

 


АҚ ТІЛЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:14

Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер інім

Оңғарбаев Аманжол Сақыпұлына

Ардақты інім Аманжол,

Әу баста таңдап адал жол...

Айнымай сонан келесің,

Көз-тілден қалқам аман бол!

 

Өзіңді көптен білемін,

Елім деп соғад жүрегің...

Әлеке, талап оң болсын,

Ақ жол саған тіледім.

 

АЗАМАТсың талмастан,

Жақсы ісің жалғасқан...

Сайлаудан өт сүрінбей,

Мәслихатқа МАРҚАСҚАМ!

Ізгі тілекпен,

Ә.ҚАЗЫБЕК

зейнеткер

 


ҚАЙЫРЫМДЫ һәм ҚАРЫМДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:07

Ұмытпасам, 1988 жыл болса керек. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты филология факультетінің аудиториясында студенттер мен жергілікті ақын-жазушылардың кездесуі өтті.

Әлі есімде, көздері жәудіреген қырық қыздың ортасында мұрттары енді ғана тебіндеген екі бозбала еркін сөйлеп, сол сұхбаттасуымыздың көрігін басып, ажарландырып отырды. Қырдың қызғалд­ақтарындай қырық қыздың алақандарына салып аялап жүргендері – Аманжол Сақыпұлы және Дүйсенбек Аяшұлы, бүгінгі күні бірі – филология ғылымдарының кандидаты­, екіншісі – белгілі ақын.

Осы талантты жастардың қанаттарының қатаюына ықылас аударып, шарапатын тигізіп жүрген, ағалығы алғаусыз, Сыр бойы­ның танымал қаламгерлерінің бірі Әділхан Бәйменовтың орны ерекше. «Ақмешіт апталығы» газетінің алғашқы санынан бастап жаста­рдың қарымы аласармай биік асуларды алып отыруына Әдекең аянбай еңбек етті.

Кейінірек Аманжол Сақыпұлы «Халық», «Нұр» газеттерінің негізін қалап, қарапайым халықтың қалауын тап басып, қалың оқырмандардың ықыласына бөленуі осы ақпарат құралдарының бет-бейнесін айқындай түсті. Уақыт өткен сайын Аманжол Сақыпұлының ұйымдастырушылық қабілеті молайып, «қалауын тапса, қар жанар» мәтелінің растығына көзімізді жеткізді. Редакция аясында­ шағын баспахана жұмыстарын жолға қойып, қаншама жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерін жарыққа шығаруға көмегі тиді. Нарық заманында осы шаруаның ауыр­лығын қай-қайсымыз да мойындауымызға тура келген-ді. Бекұзақ Тәңірбергенов, Әскербек Рахымбек­ұлы, Оңталап Базара­лиев, Дүйсенбек Аяшұлы,­ осы жолдардың автор­ы Қайырбай Зәкірұлы, бәріміз де Аманжолдың қайырымдылығын көрдік. Алматыда тұратын суретшi досым – өнердегі дара тұлға Дәркембай Шоқпарұлының өлеңді де өгей­сітпей қойын дәптеріне қыздың бұрымындай өріп жүретіндігін бай­қап қалғаным бар-ды. Бір жолы Аманжол ініме базыналық жасап, Дәркембайды тосын сый жасап қуантпаққа келісімін алдым. Аманжол іске ықы­ластана кірісіп кетті. Даңқты Дәркембай зергердің өлең кітабына «Ай-Алқа» атауын­ лайық көрдік. Қомшабай Сүйенішов ағамызға­ алғыс­өз жаздырдық. Ең қызығы Дәркен хабарсыз...­

Шыңдалған төске жігерің,

Ол баста – мыңнан бірі едің.

Өкшеңді жерге тигізбей,

Көтеріп көкке жүр елің.

Жүрегің жерге жақындау,

Жұлдызда орның білемін.

Құс жолыменен тарта бер,

Ағыны сынды Іленің.

Қолыңда – «Айдың Алқасы»,

Көркіңде – Күннің күлкісі.

Өзіңдей-ақ қуансын

Танылған елге бір кісі.

Кітаптың былай шығуы,

Қайырбайдың қолқасы.

Аманжол жанның арқасы!

Тамырды зейіл тани ма?!

Тар болса пейіл қалтасы, -

деп, әлі сиясы кеппеген кітабына қолымды қойып, Алатаудың етегіндегі жанұясына табыс еткенімде, Ақ Дәркеннің балаша қуанғанын көрсең ғой, шіркін!

Аманжол Сақыпұлының осылайша қаншама аға-інілерін қуантқан сәттерінің есебі шексіз. Сыр бойында ежелден белгілі меценаттар жетерлік. Солардың бірі Қаратамыр Төребай Үш жүздің өзі естімеген жақсыларын құлағы шалса, шақыртып, тойлатып, думандатып, той-сыйын жасап, еліне шығарып салатын болыпты. Сол аталарынан дарыған қасиет Аманжол Сақыпұлының бойында бар. Болымды азаматтың тірлігі алғаусыз. Сол баяғы 1988 жылдың алғашқ­ы жолыққан сәтінен бастап ағалы-інілі жұбымыз жазылған емес. Кей тұстары ағалық та жасап жіберетін кездері бар...

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамның келеңсіз тұстарына жайбарақат қарамай, көңілі ояу, көзі ашық жандардың жанында көлеңкедегі көпшіліктің жоғын жоқтап жүрген кездерін жиі көретінмін. Елдің татулығы, ағайынның ауызбіршілігін мақсұт тұтқан ортада ылғи да төбе көрсетіп жүретіндігі көпке аян!

Алдағы 15 қаңтарда өтетін облыстық мәслихаттың депутаттығына бірден-бір табанды­, орынды жерде ойын айта алатын батыл, қайырымдылығы мен қарымдылығы қатар жүретін ел таңдауына лайықты – Аманжол Сақыпұлы деп санар едім.

Қайырбай  ЗӘКІРҰЛЫ,

Қазақстанға еңбегі сіңген

өнер қайраткері

 


АМАНАТТЫҢ АУЫР ЖҮГІ ЕРГЕ СЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Сайлау – 2012
06.01.2012 11:05

Азаматты тосады асу...

жол алдан,

Ол ықпайды,

Қорықпайды бораннан.

Елдің жүгін еншіледің ендеше,

Саған ақ жол тілеймін мен Аманжан!

 

Жақын түгіл, жаттан қашар сенсің бе?!

Надан емес,

Нағыздармен қоңсы ірге.

Кесе жолдан,

Неше жолдан құйғытқан,

Керқұла атты Кендебайдан кемсің бе?!

 

Алдың асу...

бұлт бойламас асқақ шың,

Шегінбе сен,

елім десең,

тас батсын

Табаныңа құзар шыңда тайғанап,

Жанарыңа мұз боп мейлі, жас қатсын!

 

Шың басында шімірікпе,

өрге тарт!

Шын тілекші үйде қатын...

төрде қарт.

Азаматқа лайықты арда емген,

Аманаттың ауыр жүгі,

елге қат.

Сілкін, таста, күмән-күдік сен бұлтын,

Жүрегіңе ерік-жігер бер, бұл күн.

Алыс жолда,

ауырсынба...

алқынба,

Аманатын арқалатты ел-жұртың.

 

Жүрегіңді,

жігеріңді желкен ет!

Бізге бүгін Намысы-нән ер керек!

Артыңдағы ініге жүр ізет қып,

Алдыңдағы ағаға жүр еркелеп.

 

Құр күні үшін күйбеңдеген кісі көп,

Жалаңаяқ кеш, Отаның үшін от!

Ержігіттің ойланбасқа әдді жоқ,

Ез жігіттің тойдан басқа ісі жоқ.

 

Аманатың -

Абыройың,

Айбарың!

Жамағатың - Арың, ойың,

қайнарың,

Сайлаушыңның жүрегінде желбірет,

Топтан озып,

барша жеңіс байрағын!!!

 

Толыбай  Абылаев,

ақын,  Жарасқан  Әбдірашев

атындағы  әдеби  сыйлықтың иегері.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2012 >
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары