Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 12 Қаңтар 2012

ӨРЕЛI ІСТЕР ӨРІСІН ТАБАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2012 13:10

Сапар

Өткен аптада облыс әкімі Болатбек Қуандықов Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында іссапарда болды. Сапар барысында бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы тұрғындармен кездесті.

Онда аталған аудандар мен Сексеуіл және Төретам кенттері әкімдерінің өткен жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды. Басшылық тарапынан болған кездесулерде жұртшылықтың ұсыныстары да тыңдалды. Іссапар барысында халықтан түскен ұсыныстар талданып-таразыланып, алдағы уақытта жүзеге асырылатындығы айтылды.

АРАЛ. Облыс әкімі сапарын солтүстік аудандағы Сексеуіл кентінен­   бастады.   Алдымен   осында салынып жатқан 150 орындық  мектеп пен ауылдық клубтың құрылы­сымен танысты. Мектеп құрылысын «БоМур­» ЖШС өткен жылдың маусым­ айынан бері жүр­гізуде. Бүгінде оның 70 пайызы салынып­ біткен. Облыс басшысын мектеп құрылысымен серіктестік дирек­торы Сәкен Айбосынов та­ныстырды.

-   Қазіргі таңда облыс бюджетінен бөлінген 377 млн. теңге қаражаттың 200 млн. теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан 60 жұ­мысшының 40-ы - жергілікті азаматтар. Мектеп үстіміздегі жылдың мамыр­ айында пайдалануға беріледі. Оған қажетті құрылыс материалдары түгел алынды, - деді ол.

Сексеуіл кентінің осы бөлігіне мектеппен бірге 150 орындық жаңа клуб салын­уда. Осы ауылдық клуб жанына кенттің даму сыз­басы бойынша емхана, балабақша, сауда үйі және бірнеше мекеме салынбақ. Ал клуб үйі осы жылдың шілде айында пайда­лануға беріледі деп күтілуде.

Сексеуілдегі №177 мектепте өткен тұрғындармен кездесуде кент әкімі Елеу­сіз Серікбаев соңғы 3 жылда­ атқарылған жұ­мыстарды баян­дап берді. 12 мың­ға жуық тұрғыны бар кентті көр­кейту-көгалдандыру жұмыстары осыдан 3 жыл бұрын басталған. 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бекетті абаттандыру жұмыстарына 39 млн. теңге, келесі жылы 34 млн. теңге, ал былтыр 52 млн. теңге қаражат бөлі­ніпті.

Кездесуде облыс басшысы Сексеуіл бекеті болашағының үлкен екендігіне тоқталды. Себе­бі, алдағы уақытта «Жезқазған-Сексеуіл» теміржолы мен «Бейнеу-Бозой» газ құбыры желісінің құрылыс жұмыстары басталады. Аталған екі үлкен жоба жүзеге асқанда, теміржолдың бойына орын тепкен бекет тұрғындары ілеспе газдың игілігін көреді, ба­йырғы теміржолшылардың бүгінгі ұрпағына мамандығы бо­йынша жұмыс көзі ашылады. Бұған қоса, өңір тұрғындары осы теміржол арқыл­ы Ортал­ық  Қазақстанға қиындықсыз  жететін болады. Облыс­ басшысы сонымен бірге, тұрғындарға мемлекеттен берілетін жеңіл­детілген несие мен «Сыба­ға» бағ­дарламасы бойынша беріліп жатқан несие­ден шет қалмау­ керектігін еске салды.

Кенттегі электр желілері әбден ескірген. Бұл мәселе «2012-2013 жылдарға арналған өңірде «Электр желілерін жаңғырту жобасы» аясында шешімін табатын болады. Тозған желілер жаңартылып, подстанциялар қойылып, олар «КРЭК» АҚ меншігіне беріле­ді. Биыл кент ішін­дегі 5 шақырым жол жөнделген. Бұл жұ­мыстар алда­ғы уақытта да жал­ғасын табады. Жыл сайын ауыл жолдарын жөн­деуге 1 млрд. теңге бөлінуде. Сондай-ақ, ауызсу мәселесінің де шешімін табатын күн алыс емес. Кездесу соңында локомотив жөн­деу депосының басты­ғы Б.Сәңкібай темір жолдың арғы бетіне мектеп салу қа­жеттігін және спорт мектебін қайта жөндеуден өткізу немесе­ салу қажеттігін жеткізді. Кенттің шығыс бөлігіне салынып жатқан №231 мектепке қосымша ғимарат қанатын қосу арқылы арғы мектеп мәселесін шешуге болатынын айтқан­ облыс әкімі спорт мектеб­і мен кент әкімшілігінің ғимаратын салу үшін алдымен тиісті мамандарға зерттеу жұмыстарын жүр­гізуді тап­сырды.

Арал ауданы тұр­ғындарымен кездесу Арал қаласындағы жаңад­ан салынған 300 орындық мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімі­нің міндетін ат­қарушы Е.Райымбетов жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерге тоқтал­ды. Елбасының баста­масымен қолға алынған САРАТС жобасының 1-кезеңі­нің нәтижесімен Кіші Арал теңізі дүниеге қайта келді. Теңіз аумағы ұлғайғалы өңірде ба­йыр­ғы балық кәсіп­шілігі өркендеуде. Уа­қыт өткен сайын­ су маржаны­н аулау мен өңдеу ісі қарқын алып келеді.

Кездесу соңында тұрғындар облыс басшысына ауданда атқарыл­ған игі жұмыстар үшін алғыстарын білдірді. Мұнан соң Арал қаласында аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура әкімшілік ғимараттарының ашылу­ салтанатына қа­тысқан аймақ басшысы сала қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Балық шаруашылығын дамы­туды қолға алған қосжарлық балық­шылардың жылым тарту рәсіміне куә болған аймақ бас­шысы Қаратерең ауылдық округінде орналасқан «Қуаныш» ЖШС балық өңдеу цехының жұмысымен танысты. Аталған серіктестік «Қызыл­орда» ӘКК» АҚ-мен бірлесе отырып, «Қаратерең ауылдық округінде жылдық қуаттылығы 400 мың тонна балық өңдеуді ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруды қолға алып отыр. Жоба аясында аталған елді мекен­де «Қаратерең балық» ЖШС құрылды. Нақты кезеңде мұнда 4 мұздатқыш ғимарат салынып, оларға мұздатқыш қондырғылар орнатылған. Нысан­ның пайда­лануға берілу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Б.Қуандықовқа серікте­стік басшысы Б.Пірекеев теңізден ауланатын балықтың Қазақстан аумағына таралатынын жеткізді.

ҚАЗАЛЫ. Облыс әкімінің аудандардағы сапары одан әрі Қазалы ауданында жалғасты. Бозкөл ауылында болып, осындағы су насос станциясының жұмысымен танысты. Ауылдық округ әкімі А.Бөлебаев облыс­ әкіміне стенд арқылы Арал-Сарбұлақ топтық су құбырының                 5-кезеңінің аяқ­талып, аудан орталы­ғынан шалғ­айда орын тепкен­ 5 елді мекен тұрғын­дары­ның таза ауызсуды пайдалану мүмкін­дігіне қол жеткізіп отыр­ғанын жеткізді. Айта кетейік, Арал-Сарбұлақ топтық су құбырының құрылысы солтүстіктегі екі ауданда 2006 жылы басталды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік «Таза су» бағдарламасының игілігін бүгінде қос аудандағы 45 елді мекен көріп отыр. Аталған топтық су құбырының 5-кезеңіне­ 2010-2011 жылдарға республика бюджетінен 4,6 млрд. теңге бөлін­ген. Тораптық су құбырының су айдау станциясы, яки, 1000 текше метрлік су сақтау қоймасы мен бас насосы осы Бозкөл ауылына орнатылып, бірнеше тұрғын жұмысқа орналасты. Оның ашылу қуанышынан ауылдық округ тұрғындары да шет қалмады. Салта­натты шарада сөз алған облыс­ басшысы мұның бәріне тәуелсіздігіміз бен ауызбірлігі­міздің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды атап өтті.

Осы күні Қазалы қаласындағы жаңадан салынған қалалық әкімшіліктің ғимараты пайдалануға берілді. Аймақ басшысы қатысқан шарада еңбек ардагері Кәрім Баймұрат әсем ғимараттың ішіне бі­р­неше қызмет түрлерінің топ­тастырылғанын, мұның тұр­ғындар үшін пайдалы екендігін қуана жеткізіп, өз ризашылығын білдірді. Сонымен бірге Ақтан батыр­ ауылындағы ауылдық емхана­ облыс басшысының аудан­ға сапары кезінде пайда­лануға берілді. Ауылдық емхананың жұмысымен облыстық денсау­лық сақтау басқармасының Қазалы ауданы бойынша өкілі Қуаныш Әзіров таныстырды. Сондай-ақ, облыс басшысы Әйтеке би кентіндегі «Бақыт» ШҚ жанынан құрылған «СПК Қызылорда балық» ЖШС филе дайындау цехында болды.

Аудан тұрғындарымен кездесу­ 5 қаңтар күні кент орталығындағы №266 мектеп-лицейінің акт залын­да өткізілді. Мұнда Қазалы ауданының әкімі Мұрат Иман­досов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтып берді. Ол облыс әкімінің назарына 9 мәселе ұсынды. Олар - Бекарыстан би ауы­лына 140 орындық балабақша, Бірлік ауылындағы апатты жағдай­да тұрған №102 мектепті қайта салу, Абай ауылына ауылдық клуб, кент орталығына 200 орындық аурухана мен 250 орындық емхана және спорт кешенін салу, аудан орталығының кәріз жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту, Ақсуат елді мекенін ауызсумен қамтамасыз ету, соны­мен бірге Сарбұлақ ауылдық округіне «Сарбұлақ» су тоспасын салу секілді мәселелер. Сонымен қатар, аудан басшысы биыл Шығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толатынын, осы мереке­ні лайықты атап өту үшін дайындық жұмыстарын қолға алғалы отырғанын жеткізді. Ғани туған ауылды көркейтіп-көгалдан­дыруға қатысты ойларын ортаға салды. Тұрғындармен кездесуде сөз алған облыс әкімі Б.Қуан­дықов қазалылықтарға сүйінші хабарды күтіп отырғанын мәлім­деді.  Аудан территориясында барлау,­ бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан мұнай компа­ниялары газ табылғанын, алдағы жаз айларына дейін мұнай табу мүмкіндігі барын айтқан.

- Өткен жылды табысты қорытындылап, еліміз Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесін лайықты атап өтті. Онда біздің облыстың да елеулі­ үлесі бар. Әр жаңа жылдың басында 7 ауданды аралап, елдің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді нақтылап алуды дәстүрге айналдырдық. Ондағы мақсат - тұрғындардың ұсыныстарын жина­п, оларды жан-жақты зерттеп, шешу. Елдің игілігіне жұмыс жасайтын нысандарды кезең-кезеңі­мен салып, алдағы міндеттерімізді айқындап отыру. Кешеден бері Арал, Қазалы аудандарының елді мекендерін аралап, жұртшылықпен кездесу өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрдім. Халық болашаққа зор сеніммен қарап отыр. Қазалы­дан мұнай табылып жатса, ауданның іргелі, өндірісті өңірге айналатыны даусыз. Аудан әкімі М.Иманд­осов ұсынған 9 мәселе­нің дені облыс деңгейінде шешіледі. Ал, Ғ.Мұратбаевтың мерейтойын алдағы күз айында өткі­земіз, - деді облыс басшысы.

Кездесуде тұрғындар Сырдария өзені үстінен көпір салу, ауыл жолдарын күрделі жөндеуден өткізу секілді ұсыныстарын жеткізді. Өзенге көпір салу САРАТ­С жобасының аясында жүзеге асатыны белгілі. Онан бөлек облыс бюджеті қаржысына көпір салу ісі биыл басталады. Соным­ен қатар ауыл жолдарын жөндеуден өткізуге жыл сайын 1 млрд. теңге бөлінеді.

ҚАРМАҚШЫ. Аймақ басшысының Қармақшы ауданындағы сапары Төретам кентінен бас­талды. №80 мектептің залына жиналғ­ан ғарыш кешенінің қақпасы атанған екі елді мекен тұрғындары мен жұртшылықтың алдында аудан басшысы мен жергілікті әкімдер қысқаша сөз сөйлеп, өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады, алдағы тұрған міндеттерге де тоқталды.

Кент әкімі М.Демесіновтің мәлімдеуінше, экономикалық белсенді халықтың саны 7100 болса, жұмыспен қамтылғандар 5320-ны құрапты. Өзін-өзі тұрақты еңбекпен қамтамасыз етушілердің де қатары қалыңдай келіп, 1220-ға жеткен. Соңғы кезде шағы­н және орта бизнеспен айна­лысатын азаматтардың үлесі ұлғайғанын білдік. Асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатындағы бағдарлама бойынша «Зілқара» шаруа қожалығы бес миллион­ теңгеге несиелендіріліп, 27 бас мүйізді ірі қараны бағуда. Өткен жыл көлемінде арнайы бөлінген 24 млн. теңге қаралып, ұзындығы 2400 метрді құрайтын екі көшеге жөндеу жұмыстары жасалған. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің қолдауымен де орталықтағы жолдың­ жақсартылғаны айтылды. Алдағы кезеңде қосымша 29 көшені қайта қалпына келтіру қарастырылуда екен. Электр қуатын күшейту мақсатымен 1300 метрлік жоғарғы кернеулі желі тартылып, іске қосылғаны мәлім болды. Бұл бағытта 8 млн. теңге жұмсалған. Және де ресей­лік кәсіпорынның құзырындағы жабық электр тарату стансасы аудандағы салалық мекеменің теңгеріміне алынған төрт көшенің жарықтандырылуы да жұртшылықты риза қылды. Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін құбырларды жөндеуге ау­дандық бюджеттен 6 млн. теңге қарастырылып, әрбір үйге есептегіш құрылғылары қондырылуда. Тұтынылған тіршілік көзінің әрбір текше метріне 40 теңге бекітіліп, қалған бөлігі мемлекет есебінен төленуде. Былтыр жаңадан 150 орындық мәдениет үйінің іргесі бекітіліп, қабырғалары қалануда. Механикаландыру жұмыстары басқармасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде былтыр бөлінген 153,9 млн. теңгенің белгілі бір бөлігін тиімді игеріп, қалғанын биыл жаратуға жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Болатбек Баянұлы биылғы жылы ғарыш қақпасы атанған кенттің аумағынан 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы бас­талатындығын айтып, 280 бүл­діршінге арналған балабақша ғимаратының жобалау құжаттары әзірленгенін айрықша атады. Және де екі елді мекеннен емхан­а мен ауылдық амбулатория салудың да қам-қарекеттері қарас­тырылуда.

Аймақ басшысының аудандағы сапары орталық мәдениет үйінде жалғасып, тұрғындармен кездесті. Аудан әкімі былтырғы жылы атқарылған ауқымды істерді баяндап, алдағы жоба­лармен таныстырды.

Биыл - назым сөздің шебері, Сыр сүлейі Тұрмағанбет Ізті­леуовтің туғанына 130 жыл. Осы орайда аудан әкімшілігі мен жергілікті мәслихаттың мақұл­дауымен 2012 жыл «Тұрмағамбет жылы» болып жарияланып, іс-шаралар тізбесі белгіленген. Мерейт­ой жылындағы ғылыми-теориялық конференция, ақындар айтысы және жыр мүшәйрасы ұйымдастырылатындығын білдік. «Шаһнама» кітабы бойынша аудандық мәдениет үйі жанынд­ағы халықтық театр сахна­ландырылған қойылым әзірлеп, түрлі деңгейдегі рухани және спорттық байқаулар өтізі­ле­тіндігі жоспарланыпты.

- Тұрмағамбет ауылындағы сексенінші жылдары салынған ақын ескерткіші тозып тұрғандықтан, қайта жаңғыртуға 21 млн. теңгені құрайтын жөндеу жұмыс­тарын жүргізу жобаланды, - деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев. - Аудан орталығына кіреберістегі 8,5 гектарлық алқапқа дендропарк орналастырылып, ақынның домбырасы мен қауырсын қалам бейнесіндегі кітап парақтарына шайырдың нақылдары ойып жазыл­атын болады.

Аудан басшысының айтуынша, 300 орындық стадион мен балала­рдың қысы-жазы демалатын тынығу лагерінің құрылысын жүргізу жоспарда бар. Және темірж­ол вокзалындағы «Тағзым» алаңына қосымша абаттандыру жасалатындығын білдік. Былтыр қомақты қаржымен «Жыраулар үйінің» ауласы мен сыртқы бейнес­і қайта жаңғыртылған-ды. Ендігі кезекте ішкі бөлмелеріне жөндеу жүргізіліп, орындықтары жаңартылу қажет. Сахналық киімде­р де жұтаң. Сондықтан бұл бағытта 48 млн. теңге қарастырылатындығы көзделуде.

- Тұрмағамбет шайыр сыр­бойы­лықтардың ғана емес, қазақ халқын­ың мақтанышы, - деді Болат­бек Баянұлы. - Мерейтойлық бағдарлама идеологиялық тұрғыдан елді біріктірудің басты шарты болғаны жөн. Аудандағы атқарылған шараларға оң баға берілді. Бірақ әлі де жүргізілетін жұмыстар жетерлік. Көмекбаев ауылындағы орта мектеп ғимараты құрылысының дер кезінде аяқталмауына мердігерлер арасын­дағы кемшіліктер кедергі келтірген еді. Тапсырмалар берілді, белгіленген мерзімінде тұрғындар игілігіне пайдаланылады. Бұл нысан менің тікелей бақыл­ауымда тұр. Өткен жылғы сапарымда ескі интернат үйінің де жағдайын көзбен  көрдім. Қайта салу үшін қажетті құжаттарды дайындаудамыз.

Облыс әкімінің аудандағы сапары­ «Жаңажол» ауылдық округін­де жалғасып, Дүр Оңғар атындағы құтты қоныстың даму жобасымен танысты. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы бойынш­а жеңімпаз танылып жүрген «Жаңажол» ЖШС-нің басшысы Қ.Әбішевтің мәлім­деуінше, екі мыңнан астам тұр­ғыны бар ауылды абаттандыру үшін жалпы құны 229 млн. 142 мың теңгені құрайтын жобалау жұмыстары нақтыланыпты. Осы орайда жергілікті инвестор ретінде шалымды шаруашылық 100 млн. теңгенің көлеміндегі жұмыстарды өз есебінен атқаруды мойнына алып отыр. Қал­ғанын мемлекеттік қаржымен атқар­ған тиімді болмақ.

Облыс әкімі аудандағы сапары барысында өміршең өзгеріс­терді өрге сүйреуі тиіс ел азаматтарына сенім артып, бағалы бастамалардың баянды, бірлікті екендігін айрықша атап айтты.

ЖАЛАҒАШ. Облыс әкімінің жұмыс сапары одан әрі Жалағаш ауданында жалғасты. Оның аудандағы алғаш атбасын тіреген елді мекені - Таң ауылы болды. Облыс басшысын күтіп алған аудан әкімі Серік Сермағамбетов бірінші кезекте ауылдық округтегі мәдениет үйі мен әкімшілік ғимаратын және халыққа қызмет көрсету орталықтарымен таныстырып, оларға қатысты проблемалық жағдайларды алға тартты. Мәдениет үйі де, әкімшілік ғимараты да күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Сондай-ақ ауыл көшелерінің жағдайы қанағаттанарлықсыз екені атап өтілді. Сол секілді Таң ауылының ауызсу жүйелері қайта жаңғыртуды қажет етеді.

Елді мекен жағдайынан мағұл­мат алған облыс басшысы бастаған топ мұнан кейін ауылдағы орта мектепке келіп, аудан әкімі­нің есеп беру жиналысына қатыс­ты. Жиналыс басталар алдында аудан басшысы облыс әкімінің назарына ауданда индустрияландыру бағытындағы «Серпін» атты өндірістік аймақ құру жоспарымен таныстырып өтті. Аудан орталығынан 22 гектар жерді құрайтын аймақта 5 жоба іске асырылмақшы. Олардың арасында жылыж­ай, мал сою цехы, құрылыс материалдары өндірісі бар.

Аудан әкімі Бұқарбай батыр, М.Шәменов, Қаракеткен және Таң елді мекендеріндегі ауызсу жүйесі қайта жаңғыртуды күтіп тұрғанын атап өтті. 2012 жылы аудан үшін қоғамдық-саяси маңыз­ы зор шара - Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойын атап өту жоспарлануда. Қазір бұл мерейтойды атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Аудан басшысы есебінен кейін көтерілген мәселелерге қатысты облыс әкімі өз ойын білдірді. Ауылдағы проблемалардың бәрі шешілуі тиіс. Бірақ оның бәрін бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Оған бюджет қаржысы жетпейді. Сондықтан олар кезегімен шешіледі. Мәселен, биыл ауылдың кіреберіс жолын жөндеуге 61 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Ал егер ауыл тұр­ғындары бұл қаржыны бірінші кезект­е ішкі жолдарды немесе мәдениет үйін жөндеуге жұмсау керек деген ұсыныс айтып жатса­, оны сол бағытқа бұруға болады. Ауылдың су жүйесін қалпына келтіруге 260 млн. теңге қаржы қажет. Оған облыс бюджетінен қаржы табу қиын. Сондықтан республикалық бюджеттен қар­жы бөлдіру жұмыстары жүргізіле­тін болады. Ал жалпы су құбырларын жөндеуге жататын 4 елді мекенге 1 млрд. теңге қаржы керек.­ Ал аудандағы индустриялық жобалар бойынша нақты ұсыныстар мен есептер берілгеннен кейін, оған «Қызылорда» ӘКК» АҚ-нан немесе басқа көз­дерден қаржы бөлу қарастырылатын болады. Осы ретте облыс әкімі Жалағаш облыста өндірісі ең аз аудан болғандықтан осы салаға қатысты жұмыс істеген С.Сермағамбетовті ауданға басшылық жасау­ға жібергенін атап өтті.

Аймақ басшысы жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Мақпалкөл ауылындағы ауруханаға қатысты қазіргі денсаулық саласындағы реформалар жайын түсіндіріп өтті. Болатбек Баянұлы келешек егістікке береті­н су көлемі кеми беретінін, сол себепті суды аз қажет ететін мал азығы дақылдарын өсіруге көп көңіл бөлу керектігіне басты назар аударды.

Облыс әкімі мұнан соң кенттегі 90 орындық санаторлық бала­бақшада болды. Өткен жылы пайдал­ануға берілген нысанда қазір 1 мен 5 жас аралығындағы 61 бала тәрбиеленуде. Олар 4 топ­қа бөлінген. Балабақша меңгерушісі Б.Байжанова балаларға бес мезгіл тамақ берілетінін, жарты жыл сайын тиісті дәрігерлік тексеруден өтіп тұратынын жеткізді. Екі қабатты ғимараттың жайлы да жылы екенін көрген облыс әкімі мұнан соң балалар әзірлеген концертті тамашалады. Қоштасар сәтте аймақ басшысы балалардың әрқайсысына сыйлық таратып, балабақшаға теледидар тарту етті.

ЖАҢАҚОРҒАН. Апта басында облыс әкімі Жаңақорған ауданындағы іссапарын ауданның тау беткейіндегі Бесарық ауылдық округінің «Талдысу» тынығу лаге­рінің жұмысымен танысудан бас­тады. Мектеп оқушыларының жазғы каникул кезінде тынығуы­на арналған саялы жерге орналас­тырылған жаңа типтегі сәулетті де ауқымды кешен аудан еңбеккерлерінің қысқы мерзімде де демалатын мекеніне айналып, игілікті қызмет атқаруы тиіс. Осы тұрғыдағы біршама жұмыстар облыс басшысының тікелей бақылауымен жүзеге асырылып келеді. Сол маңнан скважина қазу, жылу жүйелерін ретке келтіру, монша салу жұмыстары да өз кезегін күтіп тұрған әлеуметтік салаға қатысты шаруалар. Осы жұмыстарды тағы бір пысықтаған аймақ басшысы тиісті басқармалар мен департамент басшыларына тапсырмалар берді.

Аудан орталығындағы мә­дениет үйінде өткен жұртшылықпен кездесу жиыны да аса бір ұйымшылдықпен басталды. Ауыл тұрғындарының өкілдері, мекеме, кәсіпорын басшылары, ауыл әкімдері, ардагерлер қатысқан жиынды қазақы қалыппен амандасудан бастаған Болатбек Баянұлы тарих сахнасына көте­рілген Жаңа жылмен жұртшылықты құттықтап, Жаңақорған ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы С.Ыдырысовтың хабарламасына зейін қойды. Бірыңғай ауыл шаруашылығымен шұғылданып келген аудан өнеркәсіптік бағытты да тиімді өрістетіп келеді. Индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылуына кең өріс аша отырып, жаңа жұмыс орындарының халық игілігіне айналуы елдің көңіл-күйін де, жалпы тұрмыстық жағдайын да жақсарта түскені сезіледі. Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіш бір жылдың өзінде біржарым еседен артық өскен. Сондай-ақ, алдағы уақытта осы салаға 80 млрд. теңгені­ң инвестициялық қар­жысы тартылады деп жоспарлану­да. Аудан бойынша жалпы құны 92 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба енгізілсе, оның 5-еуі іске қосылды. Атап айтарлығы, оның біреуі республикалық, төртеуі аймақтық дәрежедегі жобалар. Мәселен, Кейден елді мекені маңындағы «СКЗ-U» ЖШС-нің құрылысы аяқталып, оның қорытындысын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы телекөпірде облыс әкімі Елбасыға баяндады. Зауыт толық қуатында іске кіріскенінде­ жылына 10 млрд. теңгенің өнімін өндіретін болады. Өндіріс саласын қамти отырып, ауданда аграрлық салада да тың серпілістер бар екендігін атап өткіміз келеді. Кеңес­ ауылындағы жалпы құны 500 млн. теңге тұратын «Тату Агро» ЖШС-нің томат өндіретін зауытының және Қаратөбе ауылдық округіндегі құны 75 млн. теңге­ болатын жылыжай да - өңірдегі жақсы жаңалықтардың бірі. Мұндай өрелі істердің жал­ғаса түсуі елдің жағдайын жақ­сарта түсетіндігі сөзсіз.

Облыс басшысы Жаңақорған ауданындағы атқарушы биліктің ұйымдастырушылық қызметіне оң баға берді. Сондай-ақ, оның алдағы даму мәселесіне көңіл аударды. Қамқорлық аясында атқарыл­ған шаруаларды негізге ала отырып, аймақ басшысы әр саланың жетістігіне жан-жақты тоқталып өтті. Алдағы міндеттерді сараптады. Атап айтқанда, соңғы үш жыл көлемінде облысымызда білім саласына 130 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Облыс бюдже­тінің 40 пайызы осы салаға жұм­салатынын ескеретін болсақ, бүлдіршіндердің болашағы үшін қомақты жұмыстар атқарылып келеді. Осы уақыт аралығында 40 мектеп, 60 балабақша, 223 шағын орталықтар пайдалануға берілг­ен. Бұл орайда Жаңақорған ауданы да өзіндік үлестен құр емес. Мәселен, үстіміздегі жылдың өзінде 4 мектептің жаңа ғимарат­ы пайдалануға берілетін болады. Келер жылы да сондай көлемде оқу ордалары есіктерін айқара ашады. Сондай-ақ, осыдан оншақты жыл бұрын ауылдарда асармен салынған мектептер жаңартылатын болады.

Облыс басшысы жол жағдайы, электр жарығы, ауыз су мәселелеріне нақтылай тоқтала келіп, алдағы жоспарларды да жұрт алдына жайып салды. Сырдария өзенінің деңгейін жазғы тұрым көтеру үшін құрастыр­малы тоспалар салу ойластырылуда. Сонымен бірге бағаны тұрақтандыру мақсатында бюджеттен 751 млн. теңге бөлінгенін, бұл қымбатшылықты болдырмай, тұтыну нарқын бірқалыпты ұстауға мүмкіншілік беретінін айтты.

Ауданның жұртшылық өкіл­дері облыс басшысының сөзіне қанағат сезімін білдіріп, өздерінің өтініштерін, ұсыныстарын да орта­ға салды. Ардагер И.Байхожин Қорасан ата кесенесіне апаратын жол, ондағы электр жарығын қайта көтерсе, Манап ауы­лының тұрғыны Қ.Мейірбековті Бесарық ауылындағы үш елді мекен­ге қызмет жасайтын аурухананың жабылып қалғандығы мазалайды. Ал Байкенже ауылының ардагері Т.Тілеубергенов «Күркіреуік» каналын тағы да таза­лау қажеттігін еске салды. Ардагер-ұстаз З.Әбіл­қайыров Жайылма мектебінің сыйымдылығын қайта қарауды, кент ішінің ауызсу мәселесін, басқа­ да мәселелерді ортаға салды. Әр сауалға тия­нақты әрі дәлелдермен жауап берген Болатбек Қуандықов қажет жерінде облыстық департамент, басқарма басшыларына сол арада тапсырма беріп, оның орындалу мерзімін де белгілеп берді.

ШИЕЛІ. Аймақ басшысының сапары осы күні түс ауа Шиелі ауданында жалғасты. Алдымен аудандық әкімшілік ғимаратында­ тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Барлық аудандарда болған сапарларында әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан­дардың жұмысымен танысып жүрген облыс басшысы мұнан соң «Шиелі жарығы» ЖШС-нің жаңадан ашылған ғимаратында болды. Серіктестік директоры Қ.Қасымов облыс басшысын мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Атал­ған серіктестік энергиямен жабдықтаушы мекеме ретінде электр энергетикасы нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нақты кезеңде серіктестік Шиелі, Жаңақорған және Сырда­рия аудандары тұтынушыларын, жалпы алғанда 80 елді мекенді электр энергиясымен жабдықтап отыр. Мекеме өзінің негізгі қызметімен қатар қосымша электр желілерін құрылыс- монтаждау жұмыстарымен, электр желілерін күтіп-баптау жұмыстарын да қоса атқаруда. Бүгінгі таңда мұнда барлығ­ы 120 адам қызмет етеді. Қызметкерлердің орташа еңбек­ақы мөлшері осыдан үш жыл бұрын 36 мың теңге болса, қазір олар 67 мың теңге жалақы алады.

Аймақ басшысы Б.Қуандықов аудан орталығындағы «Шұғыла» санаторлық балалар бақшасына ат басын бұрды. Бұл балабақшаның құрылысына 2010 жылы облыс­тық бюджеттен 174 млн. теңге бөлінген. Бас мердігер «Абусер» ЖШС 169 млн. 100 мың теңге­ге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, 90 орындық санаторлық типтегі балабақшаны 2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берді. Аталған балабақшаның меңгерушісі Ф.Қожасова облыс әкіміне балабақшада 90 баланың төрт топта тәрбиеленіп жатқанын, оның 18-і биылғы жылы мек­тепке баратынын жеткізді. Мек­теп­алды даярлық тобындағы балал­ар қадірлі қонақтарға арнап жаңажылдық ертеңгілік дайындапты. Балғындар жасыл шыршаның жанында қонақтарға ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Аймақ басшысы балабақша тәр­биеленушілеріне тәттілер мен жұмсақ ойыншықтарды сыйлыққа берді.

Мұнан соң облыс әкімі «Қы­зылорда электртарату тораптары компаниясы» АҚ-ның Шиелі аудандық электр тораптары мекемесінде болып, қайта жаңғыртудан өткен қосымша стансаның ашылу салтанатына қатысты. Сонау­ кеңестік заманда, яғни 1972 жылы салынған 220/35/10 кв «Шиелі» қосалқы стансасы осы күнге дейін күрделі жөндеу көрмепті. 2008 жылы облыс әкімінің бастамасымен «Қызыл­орда электртарату тораптары компа­ниясы» АҚ жекеменшіктен коммуналдық меншікке, яки мемлекеттік меншікке қайтарыл­ғаны белгілі. Осылайша, желілер мен қондырғылар әбден тозып, күрделі жөндеу көрмеген мекеменің аяғынан тік тұрып кетуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі:

- 2009-2010 жылдары Елбасының бастамасымен елімізде «Жол картасы» бағдарламасы басталып, республикалық және жер­гілікті бюджеттен түрлі салаға қыруар қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында энергетика саласындағы түрлі проблемалар кезең-кезеңімен шешілуде. Міне, бүгін Шиелі кентінде қосымша станса Еуропаның Франция мемлекетінен әкелінген соңғы үлгі­дегі құрал-жабдықтармен қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріліп отыр. Енді бұл қосымша станса Шиелі және Жаңақорған аудандарының тұрғындарын электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз ететін болады. Сонау тоқсаныншы жылдан 2009 жылға дейін бұл қосымша стансаға ешқандай күрделі жөндеу жүргізуге қаржы бөлінбеген. Облыс­тық бюджеттен бөлінген 296,3 млн. теңге қаражатқа ол қайта жаңғыртылып, ескі қон­дырғылар жаңа заманға сай қондырғыларға ауыстырылды. Сондай-ақ, шие­лілік энергетиктерге автокөліктер мен құрал-жабдықтар алып берілді. Осы нысанның бас мердігері - «Қызыл­орда электр тарату­ тораптары компаниясы» АҚ. Бұл жерде құрылыс-монтаж жұмыс­тарын жүргізген энергетик мамандарға да ал­ғыс айтуға тиіспіз. Бүгінгі таңда Аралдан Жаңақорғанға дейінгі барлық аудандарда жарық­қа ешқандай да шектеу қойылмайды. Себебі, мұндай жұмыс­тар өткен жылдан бері барлық аудан орталықтарында жүргізілуде. Облысымызда 2010 жылы «Аудандардың электр желілерін қайта жаңғырту» үш жылдық өңірлік бағдарламасы жасалып, оның алғаш­қы кезеңі 2011 жылы атқарылды. Осы бағдарлама аясында 2013 жылға дейін аймағымыздағы барлық жеті ауданның электр желілерін қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 444 млн. қаржы қаралып отыр, - деді.

Мұнан соң энергетика саласының ардагері Б.Медетбеков соңғы жылдары облысымыздың энергетика саласы жақсы дамып келе жат­қанын, Ақшабұлақтағы электростанса толықтай іске қосылған кезде өңірі­міздің электр энергиясына деген тәуел­ділігі азаятынын, мұның бәрінде аймақ басшысының үлесі зор екенін атап өтті.

Облыстық  ішкі  саясат басқармасының баспасөз  қызметі

 


САЙЛАУДЫҢ «БОЛҒАНЫНАН» «БОЛАДЫСЫ» ҚЫЗЫҚ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2012 12:58

Сайлау – 2012

Сайлауға 3 күн қалды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл сайлау да талай қызықтарымен есте қалатын түрі бар. Саяси додаға ат қосқан партия да, үміткер де үкілі үмітпен күн өткізіп келеді. Бәрінен де орта жолға келгенде, «ойыннан» шығып қалғандарға обал болды. Әсіресе, «сегіз серінің» сапындағы «Руханият» партиясына қиын.

Өз ішінен жік шықты. «Руха­нияттың» негізін қалаушы А.Жағанова партия төрағасы С.Мәмбетәлинге сенімсіздік білдіріп, партия­ны саяси науқаннан шығарып тынды­. Нақты айтқанда, «Саяси партиялар туралы» Заңда және пар­тияның жарғысында белгіленген партиялық тізімді анықтау және тіркеу жөніндегі ереженің бұзылуы, съезді шақыру және өткізу ереже­сінің сақталмауы, басқа да біршама­ заң бұзушылықтардың орын алуына орай, Орталық сайлау комис­сиясы 2011 жылғы 28 желтоқсанда «Руханияттың» партиялық тізімін тіркеудің күшін жою туралы шешім шығарды. Мұның астарында не жатқа­ны, әрине, А.Жағанова мен жоғарғы жақтағыларға белгілі. Ал, 6 қаңтарда Астанада «Руханият» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, А.Жағанова қайтадан саяси ұйымның төрайымы болып сайланды. Төрайым өз сөзінде жағымсыз жағдайдың С.Мәмбеталин мен оның жақтастары жасаған әрекеттердің салдарынан орын алғанын айтады.

Есесіне аталмыш партияның кейбір бұрынғы мүшелері мәлім­деме жасап, партия төңірегіндегі қалыптасқан жағдайға байланысты ерікті түрде саяси ұйым қатарынан шығып, өзге партияға кіріп жатыр. Олар жекелеген партиялардағы келеңс­іздіктер мен ішкі текетірестер, сайлаушылардың құқы мен мүддесіне мүлде қатысы жоқ айтыс­-тартыстар алдағы болатын сайлаудың да, саяси партиялардың да қадірін түсіріп отырғанын алға тартады. Бір қызығы, мұндай түсініспеушілік, келіспеушілік «Азат» жалпыұлттық социал-демокра­тиялық партиясында да орын  алып,  «өткелде ат ауыс­­тырып» жатқандар бар. Осы партия құрамын­ан шығып, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына өтініш тапсырған олардың айтуынша, партия бас­шылары жүргізіп отырған саясаттан көңілдері қалғаны соншалық, сайлау науқаны қызған шақта амалсыз­дан  осындай  қадам  жасау­ға  бел  буған.

Айтпақшы, Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) партиялық тізімдерден мәжіліс депутаттығына 18 үміткерді шығарып тастады. «Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ұсынылған табыстар туралы декларацияларда алшақтықтардың анық­талуына байланысты мәжіліс депутаттығына бұрын тіркелген тізімдерден 18 үміткерді шығарып тастау туралы шешім қа­былдады», - деп хабарлады ОСК-ның басшысы Қ.Тұрған­құлов. Оның сөзіне қарағанда, «Сайлау туралы» Заңның 89-ба­бы 2-тармағына сәйкес, парламент мәжілісі депутаттығына үміткер және оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін тұр­ғылықты мекенжайы бойынша салық органдарына табыстары мен мүлкі туралы анықтама ұсынуға тиіс. Оларда көрсетілген мәліметтің айқындылығы салық органдарымен партиялық тізімнің тіркелген күнінен бастап он бес күн ішінде тексеріле­ді екен. Сөйтіп, партиялық тізімдерден шығарылған кандидаттар қатарында «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша тіркелген Н.Абдуллин, А.Акчурин, Ж.Әубәкірова; «Ақ жол» партиясынан – Е.Барлыбаев, Б.Дүйсенбинов, Т.Ерғалиев, К.Жанпейісов, Б.Момышев; ЖСДП-дан – А.Дәукенов, Ө.Иқсанов, С.Рахымберлин; «Ауыл» партиясынан – Қ.Ақ­таев; «Әділет» партиясынан – Ш.Бекішева, Г.Ниязбекова, Ж.Қалыбаев; «Патриоттар» партиясынан – Б.Аманбаев, В.Лопаткин бар.

Ал, жергілікті жерлерде жекеле­ген үміткерлер де өз кандидатурасын саяси додадан алып тастауда. Дені бұл қадамға баруын Жаңаөзендегі жағдай мен сайлауды кейінге қалдыруға келіспеген жоғарғы жақтағыларға наразылықпен байланыстырады.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бұл сайлаудың да өз ретімен жылжып, өте шығатыны белгілі. Талай елдік маңызы зор саяси додаларды өткізуден тәжірибесі бар құзырлы орындар осы шара­ны да өз деңгейінде ұйымдас­тыратыны ақиқат. Алайда, оның нәтижесі қандай болмақ? Елдің тағдырын шешіп, болашағын айқындайтын кәсіби парламенттің, жергілікті мәслихаттардың лайықты құрамын қалыптастыра аламыз ба? Ендігі оның депутаттарының айтатын пікірі, көтеретін мәселесі Қазақстанның көшін түзеуге ықпал ете ала ма? Бізді бәрінен бұрын осы жай ойландыруы керек.­ Бұл өз кезегінде сайлаушылардың бейтараптық танытпай, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне мүдделі болуы қажеттігін ұқтырады. Ең бастысы, сайлауға түсетін үміткерлердің шын мәніндегі халыққа қажет шара мен оны жүзеге асырудың нақты жолдарын ұсына алатын азаматтар болуы айрықша маңызға ие. Бұл ретте респонденттердің пікірі қандай?

2006 жылдан бері жұмыс істейтін «Альтернатива» актуалды зерттеу институты қоғамдық пікірге сұрау салып, 15 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлау алдында сайлаушылардың белсенділігі мен таңдауын анықтады. Елі­міздегі 14 облыс пен Астана, Алма­ты қалаларында өткізілген жеке сұхбат пен телефон желісі негізінде 1200 адамға сұрау салынғ­ан. Нәтижесінде сұрал­ғандардың басым көпшілігі (98,6 пайыз) сайлауға қатысуға ниетті, 1,4 пайызы сайлауға бармайды. Сайлауға қатысудан бас тартқандар елдегі саяси пар­тия­ларға сенбейтінін, уақыты жоқ екенін, денсаулығына байла­нысты қатыспайтынын айтады. Ал, респонденттердің элек­тор­алдық таңдауы мен оған себеп­кер жәйттарға назар аударсақ, партиялардың электоралдық рейтингін «Нұр Отан» ХДП 78,2 (электоралдық таңдауға себепкер жәйт – партияның белсенділігі (33,9%) пайызбен бастап тұр. «Ақ жолды» қолдау­шылар да көбейіп келеді – 14,3% (партия белсенділігі (23,8%), ҚКХП – 2,5 % (партия белсенділігі 40%), ЖСДП – 2,3% (партияның сайлауалды тұғырнамасы (22,2%), «Әділет»- 0,5% (партия белсенділігі (33,3%), Патриоттар    партиясы – 0,5% (партия белсенділігі және жекелеген әлеуметтік топтар­дың мүддесін қорғауы (33,3%), «Ауыл» - 0,3% (партия сайлаушыларының аздығынан себебі айқындалмады). Сонымен, қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижесінде отандық сайлаушылардың көңілі «Нұр Отан» ХДП мен «Ақ жол» ҚДП-ға ауып отырғаны аңғарылады.

Қазақстандықтардың электоралды көңіл-күйін «Info­System» зерттеу орталығы» қоғамдық қоры да байқап көрді. Қордың еліміз бойынша жүр­гізген әлеуметтік зерттеуіне 1628 респондент қатысыпты. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес сайлаушылардың электоралды белсенділігі 76,1 пайызды құрап отыр. Ал электоралды кеңістік­тің абсолютті лидері бұл жолы да «Нұр Отан» партиясы бол­ғаны анықталды. Билік партиясының рейтингісі 82,2 пайызды құрады. «Оған бәсекелес бола алатындай басқа ешқандай партияның мүмкіндігі жоқ»,-дейді «InfoSystem» зерттеу ор­талығының жетекшісі С.Ахмедова. Сондай-ақ, зерттеу барысында респонденттерге саяси партияны таңдау кезінде олар қандай құндылық бағыт-бағдарларды басшылыққа алатынын анықтау ұсынылған. Алынған жауаптарға сәйкес қазақстандықтардың көпшілігі келесілерді басты құндылықтар деп санайды: тұрақтылық - 78,2%, татулық пен келісім - 69,2%, болашаққа деген сенім - 59,4%, тұрақты даму - 55,2% және мемлекеттік тіл - 54,2%. Сондай-ақ респонденттер халықтың әл-ауқаты (45,3%), әлеуметтік әділдік (38,6%), демократияның дамуын (29,4%) маңызды мәселелер қатарына жатқызған.

Сөз жоқ, саяси науқан кезін­де сауалнама жүргізетін ұйымдар көбейіп кетеді. «Әлеумет­тану институттары – қоғамдағы саяси көңіл-күйдің шынайы индикаторы емес, саяси технологияның, сайлаушыға әсер ету үшін жасалатын үгіт-насихаттың құрамдас бөлігі» деген де пікір бар. Мұндай жағдайда сауал­намаға сенер-сенбесіңді де білмейсің. Әрине, биліктің немес­е белгілі бір партияның беделін асқақтатып көтеру үшін құрылған әлеуметтану ұйым­дары да бары анық. Олар тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Олардың мақсаты – қоғамдағы шынайы көңіл-күйді білу емес, өздерінің пайдасына сай келе­тін­ қоғамдық пікір түзу немесе­ қоғамдық пікірді бағыттау, бұру. Мұны «пиар-технологияның бір бөлшегі» деп қарастыруға болады.­ Демек, дұрыс таңдау жасау - әр сайлаушының өз қолында тұр.

Н.ЕРТУҒАН

 


БАСТЫ МІНДЕТ – ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2012 12:56

Сайлау – халық таңдауы. Саяси партиялар осы додадан қалыс қалмай, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен ел аралап­, халықпен кездесу арқылы дауыс жинаудың қамына кіріскен. Жексенбіде Сыр еліндегі қолдаушыларымен кез­дескен «Ақ жол» ҚДП-ның төрағасы А.Перуашев бастаған топ та жұртшылыққа сайлауалды бағдарламаларын жеткізді.

Кездесу барысында партия жақтаушылары қазіргі таңда мемлекеттің алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерді сөз етті. Олардың айтуынша, халықтың мүддесін ойлау - әрбір ел ағаларының міндеті. Сондай-ақ, үміткерлер партияның ел қамы үшін тер төгіп жатқандығын да тілге тиек етті.

- Біз оппозициялық партиямыз. Оппозиция болғанда, билікті қаралайтын қарсылас емеспіз. Партия – жемқорлыққа, асыра­сілтеушілікке, дүрдараздыққа оппозиция. Кез келген партияның­ міндеті - халық мүддесін қорғау. Бұл ретте «Ақ жол» ҚДП да қалыс қалып жатқан жоқ. Партия мүшелерінің ең алғаш сөз етер мәселесі - әрбір қазақстандықтың ауызбірлікте, татулық­та болып, еліміздің өркендеуіне бірлесе атсалысуы, - деді партия төрағасы А.Перуашев.

Кездесуде «Ақ жол» партиясының белді мүшелері, еліне аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай шығарылған медальмен марапатталды.

- Сайлау деген - әрбір азаматтың таңдау мүмкіндігі. Саяси додадағы үміткерлердің бірі «Ақ жол» партиясының негізгі атқарып­ жатқан шаруасы - тарихи оқиғаларды, тұлғаларды тарих сахнасына қайта шығару. «Тарихын білмеген ұлт, өшкен ұлт» деген нақыл бар. Бүгінгі беріліп жатқан медаль тек маған емес, күллі партия мүшелеріне берілген марапат, - деді партия мүшесі М.Дүзелбаев.

Кездесу соңында қазақ халқының қасиетті қара домбырасын күмбірлеткен айтыс ұйымдастырылды. Белгілі айтыс майталм­андары М.Ниязов пен Н.Мансұров сөз барым­тасына шығып, саяси науқан мен ел үмітін сөзге тиек етті.

Д.САДЫҚ

 


БАҒАНЫҢ ӨСУІНЕ ҚАРСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2012 12:52

«Біз баға мен тарифтің өсуін тоқтатып, баспананы, сапалы медицина мен білімді қолжетімді етеміз. «Еуразиялық топ», «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Миттал стил» сынды ұлттың ұрлан­ған үлесін халықтың өзіне қайтарамыз».

Парламент сайлауы­на оппозиция атынан жалғыз қатысып отырған жалпы­ұлттық социал-демократиялық партия төрағасы Жарма­хан Тұяқбай және белсенді мүшелері, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, белгілі саясаткер Балташ Тұрсымбаев сырбойылық электоратпен кездесуде осылай деді.

- Әділ бөлсе, әр қазақстандыққа 5 тонна мұнайдан келеді. Сөйте тұра, көбі 15-17 мың теңгеге күн көруге мәжбүр. Халық­аралық статистикаға сүйенсек, билік айтып жүргендей халықтың­ бүгінде 5 емес, 40 пайызы – жұмыссыз. Кедейшілік деген – осы. Тағы 50 пайызы – өз-өздерін еңбекпен қамтыған. Үйінде сауын сиыры болып, сүтін сатса, оны отбасылық табыс­ санайтын саясат­ бар бізде. Халықтың тек 10 пайызы – «не ішем, не кием» демейтіндер­дің қатарынан, - деді Ж.Тұяқбай.

Мәжіліске өткен жағдайда олар шағын және орта кәсіпкер­лікті бес жылға дейін салықтан құтқарып, қалаға жөңкіліп келіп жатқан ауыл жастарына ұзақ мерзімге пайызсыз ипотека­лық үй беру мүмкіндігін қарастырмақ. Кездесуде әлеуметтік теңсіздікті жоймайынша, жемқорлықты ауыздықтамайынша, шенеуніктердің озбырлығын тоқтатпайынша, билікті халықтың бақылауына бермейінше бай мен кедей арасындағы алшақ­тық өрши түседі деген пікір айтылды. Партия белсен­ділерінің пайымынша, күмәнді түрде жекешеленіп кеткен шикізат объектілерін мемлекет меншігіне қайтаратын және шетел мұнай компанияларымен 90-жылдардың басында жасалғ­ан келісімшарттарды қайта қарап, халықаралық стандарт­тарға сәйкестендіретін кез жетті.

5-інші нөмірлі партия өкілдері өздерінің парламентке әрбір қазақстандықтың мүддесін қорғау үшін баратынына сендіріп отыр. Жиын сайлаушылар диалогымен түйінделді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ

 


ТАҒЫ ДА ТЕМІРЖОЛ ТУРАЛЫ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
12.01.2012 12:43

Ұсыныс

Қазақстан Үкіметі қабылдаған 2015 жылға дейінгі Көліктік стратегиясы бойынша перспективалық жобаларды­ң қатарында жаңа Жезқазған - Бейнеу темірж­ол бөлігі құрылысын салу да жоспарланған.

Осы жерде уақытқа сәл шегініс жасасақ, бұдан бірнеше жыл бұрын еліміздің оңтүстігі мен шығысы арқылы Қытай теңіз порттарын кеңейтіліп жатқан Ақтау портымен жалғастыру жолын қысқарту мақсатында, Сексеуіл - Бейнеу темір жолын салу белгіленіп, зерттеу-жобалау жұмыстары басталып та кеткен болатын. Кейінірек Қазақстан - Қытай арасындағы келісім бойынша Достық­ бекетінен бастау алатын Достық - Ақтоғай - Мойынты - Қызылжар - Жезқазған - Сексеуіл - Бейнеу - Түрікменстан территориясы арқылы өтетін тар табанды еуропалық стандартты теміржол желісін жүргізу жоспарланып, бірақ кейбір қиыншылықтары ескеріліп, бұл күрделі құрылыстан бас тартылды. Содан­ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Үкімет қолдауымен, бұрынғы ізбен туралап, Жезқаз­ған - Сексеуіл - Бейнеу теміржол құрылысын салуды қарастыра бастаған болатын.

Алайда, соңғы кезде экономикалық тиім­ділік, технологиялық ыңғайлылық ескеріле бермей, яғни Бейнеу мен Шалқар арасын қосатын (Жезқазған - Сексеуіл - Шалқар - Бейнеу) темір жолы тура­лы тек әсерге негіз­делген бөлігі өзгертілуге­ тиіс деген әңгіме бой көтеріп жүр («сатылы жол» деп ат қойса да бола­ды). Бұған себеп болған 2005 жылғы тамыз айында Елбасының Республика халқымен өткізген телеэфирдегі сұхбаты кезінде шалқарлық зейнеткердің (әри­не, жергілікті биліктің ұйымдастыруымен) берген Бейнеу - Шалқар арасын қосу туралы ұсынысынан кейін болған жағдай. Бұл кісі бүкіл елдің алдында өңірдегі қалыптасқан жағдайды бұрмалап, Президентке жалған ақпарат беріп жіберді. Сол ақпараттың ішіндегі шындыққа жанасатыны - Шалқардың Бейнеуге дейінгі ара қашықтығы Сексеуілден 56 шақырым жақындығы. Мемлекет басшысы тарапынан «теміржолшылар зерттеп, ұсыныс береді» деп тоқтам айтылса да, содан бері ешқандай сарап­тамадан өтпеген тиімсіз жоба туралы ұсынысты тықпалау тоқтар емес. Осыған байланысты аталған теміржол желісінің ертеректе салынған Орынбор - Ташкент теміржол желісіне қай жерде түйісіп өте­тіндігі туралы талас пікірлерге қатысты өз ойымды ҚР Көлік және коммуникация минис­трлігіне білдірген едім. Ол ойларды ортаға салу­ға теміржол саласында, оның маңызды бөлі­гі­нің бірі болып саналатын локомотив шаруашылығында (локомотив депосы басшылығында, локомотивтерді жобалау, пайдалану, жөндеу, сынақтан өткізу жө­нін­дегі маман ретінде) жұмыс жасаған көп жылдар­ғы  жинақталған тә­жірибе мен азаматтық ұстанымым итермеледі.

Сонымен, болашақ  жолдың бірінші бөлігі, яғни  Жез­қаз­ған - Сексеуіл (540 км) арасын қосу туралы талас жоқ. (Жезқазған - Шалқар арасы 643 км). Жолдың екінші бөлігі туралы екі нұсқа пайда болды.

Оның біріншісі: Бейнеу - Шалқар арасы (476 км), екін­шісі: Бейнеу - Сексеуіл арасы (532 км).

Енді осы нұсқалардың артықш­ылығы мен кемшін тұстарын салыстыра отырып түйін жасауға талпынып көрелік.

Бірінші  нұсқа туралы:

Рас, ара қашықтықтың 56 км жақындығы бар, бірақ осы жерде бір нәрсені ұғыну керек. Ол - бұл жол екі ауылдың арасын қосатын соқпақ емес, ел экономикасына қосар үлесі зор мемлекеттік, тіпті халық­аралық маңызы бар транзиттік дәліздің бір бөлігі. Енді осы нұсқа іске асса, пойыздар қозғалысы қалай ұйымдас­тырылады, соған тоқталайық.

1. Елдің орталығынан (солтүстігінен, шығысынан деп түсінуге де болады) шыққан пойыз Жезқазған арқылы өтіп, Сексеуілге (540 км) соғып, оңға бұрылып Шалқарға барып, сол­ға бұрылып Бейнеуге (532 км) бағыт түзейді. Жолдың жалпы ұзындығы 1181 км (540+165+476)

2. Cол секілді, Арыс бағытынан (елдің оңтүстігі мен шығы­сынан) шыққан пойыз Сексеуілге келіп, 165 км жүріп, Шалқар арқылы солға бұрылады да, Бейнеуге дейін 476 км, барлығы 641 км жүреді (егер болашақта Қытайдан шығатын еуропалық стандартты тар табан­ды жол салу идеясы қайта көтеріле қалса (жаһандану үрдісі мен халық­аралық интеграция талап­тарына сай), қисық жолды қалай түзетеміз?

3. Бұл «сатылы» бұралаң жолды пайдаланған кезде Жезқаз­ған - Бейнеу және Арыс - Қандыағаш аралығындағы    по­йыз­дар  тасқыны  Сек­сеуіл - Шалқар бөлі­гінде күрт өсіп кетеді де, қозғалыстың ір­кілуі мен қауіпсіз­дігінің төмендеуіне алып келе­ді.

4. Қандыағаш пен Сексеуіл аралығында (450 км) жаңадан тағы бір сұрыптау стансасы пайда болады және онда вагондар мен локо­мотивтерге техникалық қызмет көр­сету пункттері мен басқа­ да қызмет салаларының нысандарын салу қажет болады. Бұл дегеніңіз - қосымша шығын.

5. Қазіргі жағдайда пайдаланымдағы жолдың Сексеуіл - Шал­қар арасында бірнеше асу бар және Шалқар Сексеуілге қарағанда, биік жерде орналас­қан. Бұл асулардан өту барысында пойыз дина­микасына кері әсер етіп, қозғалмалы құрамаға әжептәуір қосымша жүктеме тү­седі, локомотивтердің дизель-генератор қондырғысына, әсіресе, тарту электр қозғағыштарына, қосдоңғалақ бандаждарына, локо­мотив пен вагондардың тарту-жалғау құрылымдарына, жол төсеніш рельсіне, т.б. яғни негізгі қорлардың тозуын жеделдетуімен қатар, қозғалыс қауіп­сіздігін төмендетеді.

6. Жер бедерінің күрделілі­гіне байланысты бұл аралықтағы пойыздар салмағы шектеулі бола­ды, яғни Сексеуілден Шалқар бағытына жөнелтілетін пойыздар салмағы 10 пайыз жеңіл­детіліп жіберіледі (бізге керегі барынша көп жүк тасымалдау емес пе?). Сонымен қатар қазіргі таңда Сексеуіл - Шалқар аралығында пойыз­дардың орташа учаскелік жылдамдығы 47,1 км/сағ болса, көр­шілес Қазалы - Сексеуіл ара­лығында орташа жылдамдық 55,6 км/сағ. Яғни Шалқар ба­ғытындағы пойыздар 15,3 па­йыз баяу жүреді (бізге керегі жүкті межелі жерге жедел жеткізу емес пе?).

7. Дизель отынының 10 мың тн км брутто тасымалдау жұ­мысына берілетін үлес салмағы көршілес Қазалы - Сексеуіл аралығ­ына 25,3 кг болса, Сек­сеуіл - Шалқар аралығында               27,5 кг, яғни 8,6 пайыз көп жұмсалады. Осындай пропор­циямен дизель майы да шығындалады, т.б. (Біздің мақсат шығын­ды барынша аз жұмсау емес пе?).

Енді  екінші  нұсқа  туралы:

Сексеуіл - Бейнеу арасын (532 км) қосқан кезде неден ұтыламы­з?

- 56 км жол құрылысына кететі­н шығын.

Не ұтамыз?

1. Темір жол жазықты даламен тура тартылады.

2. Жол пайдалануға берілгеннен кейін пойыз Жезқазған арқылы­ Сексеуілге келеді де, турала­п Бейнеуге бағыт алады (жалпы қашықтық 1072 км (540+532).

3. Сонымен қатар Сексеуілге­ Арыс жағынан келген пойыз солға­ бұрылып, Бейнеуге қарай шығады, яғни Сексеуіл - Бейнеу (532 км) арасы Сексеуіл - Шалқар - Бейнеу (165км+476км)= 641 км аралығынан 109 км (641 км+532 км) қысқа!

4. Пойыз салмағын азайтудың қажеттілігі жоқ.

5. Қазіргі кезде Сексеуіл стансасындағы осыдан жиырма жыл бұрын Қандыағаш - Түр­кістан аралығындағы екінші жолдар титулы бойынша салын­ған, тәулігіне 80 жұп пойыз өткізуге арналған өндірістік нысан­дар: станса жолдары, вагон­, локомотив бақылау пункт­тері, жол, байланыс және белгі беру шаруашылықтары, локомо­тив жөндеу, пайдалану деполары, т.б. 30 пайыздай қуатпен жұмыс жасауда. Яғни жаңа теміржол желісі құрылысы барысында барынша аз шығынмен торапты кеңейтіп, пойыздар қозғалысын ұлғайтуға қол жеткізуге­ болады.

6. Жол құрылысы және оны кейін пайдалану кезінде үлкен көлемде тұщы судың қажет бо­латы­ны түсінікті. Қазіргі таңда­ Қызылорда облысының екі бірдей ауданының пайдаланып отырған сапалы таза суы осы Сексеуілдің қасындағы жерасты су топтамасынан. Қоры жөнінен елдегі ең ірілерінің қатарына жататын бұл су көзі тұщы су мәселесін толық шеше алады.

7. Кіші Аралдың қайта оралуы­, аймақта табиғи пайдалы қазбалардың болуы (іргедегі «Қарасандық» темір қоры, мұнай мен газдың барланған қорлары) өңірдің көліктік инфрақұры­лымын дамытуды қажет ететіні заңдылық.

8. Егер болашақта теміржол желісі бойымен қатарластыра, Жезқазғаннан Бейнеуге дейін автомобиль жолын салып, Сексеуіл маңында «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолымен қиылыстырып өткізіп, Ақтау - Атырау автожолына жалғаса, бұл жолдар ел экономикасының дамуы­на зор үлес қосатын көліктік логистиканың қажетті құрамдас бөлігі болар еді.

9. Теміржол желісі құрылысына салынған қаржы өтелім мерзімін қысқарту үшін құры­лысты екі кезеңде жүргізуге болады. Бірінші кезекте Бейнеу - Сексеуіл аралығын пайдалануға беріп, пойыз қозғалысын ұйымдастырып, содан кейін Жезқазған - Сексеуіл аралығын қосу.

Жоғарыда айтылғанға қайта оралсақ (бірінші нұсқа бойынша), 109 км ұзақ та, ауыр жол бөлігін пайдалану онсыз да өнімсіз шығындары көп республика теміржолына қаншалықты тиімді болмақ? Тек қана жолдың осы бөлігінен (109 км) 10 ткм брутто тасымалданатын жүктің есептік өзіндік құны 1200 теңге құрап, жылдық жұмыс көлемі 5000 млн. тн км брутто  болғанда, жолда­ жоғалатын уақыт пен материа­лдық шығынды қос­па­ғанда, жылына қосымша 600 млн. тг шығын көруге болады.

Егер теміржолдың қызметі ғасырларға кететінін ескерсек, болашақтағы ысырап мөлшері қандай болмақ?

Бұл пікір Қазақстанның алғашқ­ы көлік министрі, бірін­ші вице-премьер Н.Есенғариннен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мамандары тарапынан қолдау тапқан болатын. Сек­сеуіл кенті тұрғындары да қызу қолдап, Қазақстан Республи­касы Үкіметіне, Көлік және комму­никация министрлігіне, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына ашық хат жолдап, ой-пікірге сараптама жасалуы сұралған. Осыған байланысты министрліктің қатынас жолдар комите­тінің берген түсінікте­месінде Жезқазған - Бейнеу темі­ржол желісінің техникалық-экономикалық негіздемесін жаса­ған «Транспроект-К» ЖШС-ға (жобалау институты) сілтеме жасап, дәйектеме ретінде Сексеуіл мен Бейнеу аралығында елді мекендер сирек, коммуникация жоқ, жері құмайтты деген уәж келтіреді. Бұл өзі - қисынға сыймайтын, негізсіз дәйек. Осы арада елдің оңтүстігінен Үлкен Қарақұмды басып өтіп, Ташауызға теміржол тартып қойған түрікмендерден қай жеріміз кем деп айтқымыз келеді. Ал елді мекендер мен коммуникацияға келетін болсақ, қазір осы аралықта Бейнеу - Бозой - Шымкент газ құбыры жүргі­зілуі жоспарланып, іске асуда, яғни коммуникация туралы әңгіме қозғау артық. Елді мекен­дер саны жөнінен Сексеуіл мен Бейнеу аралығында Шалқар мен Бейнеу арасын­дағыдан көп болмаса, аз емес екені айқын.

Cол сияқты негіздеме жасауш­ылардың пайымдауынша, «егер жолды Сексеуілден Бейнеуге тіке тартса, Сексеуіл - Шалқар телімінде жүк ағымы күрт азайып, өзін-өзі ақтамайды, жолды құм басып қалады-мыс». Тіптен түсініксіз, қи­сынсыз. Себебі Қытай мен Ор­талық Азия мемлекеттерінің Еуропаға шығатын күре тамыры болып есептелетін бұл жолда жүк қозғалысы көбеймесе, азаймақ емес. Турасын айтқанда, уәждердің барлығы теміржол көлігі алдындағы негізгі міндет - жүктер мен жолаушыларды межелі жеріне жедел жеткізу мақсатымен салыс­тырғанда  түкке  тұрғысыз! Жол салудағы бір реттік шығыннан қашып, болашақтағы сол жолды пайдаланудағы уақыт пен материалдық шығынның тиімділігінің ара жігіне онша мән берілмеген сыңайлы. Бұл әрекетті қазір әртүрлі жолдармен түсіндірмек болғанмен, келешек ұрпақ бас шайқай­тыны анық.

Жақын болашақта теміржол көлігіне жаңа техника мен озық технология келеді. Қоз­ғалыс жылдамдығы өседі, локо­мотив бригадалары мен локомотивтердің, басқа да құрылымдардың қызмет көр­сету учаскелері ұзартылады, жөндеу қызметі азаяды. Сөй­тіп, олардың осы күнгі шашыраңқы жүйесі ықшамдалып, ірі тораптарға шоғырландыруға тура келеді. Яғни, таяу уақытта қазіргі таңдағы теміржолдағы еңбек өнімділігін екі есеге­ дейін көтеру міндетін шешу қажет болады.

Жыл аяғында «Өзен - Түрікменстан» шекарасы, «Қорғас - Жетіген» теміржол желілері құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл дегені­ңіз - Қытай мен Парсы шығанағы аралығында жүк тасымал­ын еселеп арттыруға жол ашылды деген сөз. Ендігі кезек - Көліктік стратегия белгілеген жоғарыда аталған же­лі­лерді олардың құрамдас бөлігі болып саналатын Жез­қазған - Бейнеу бөлігімен тұйықтау болып­ табылады. Осы жерде Сексеуіл мен Бейнеу арасын қосу  сұранып  тұр, ал оған дәлел - жоғарыда көрсетілген нақты дәйектер.

Қорыта айтқанда, ел экономикасы үшін маңызы аса зор жаңа теміржол құрылысын салуд­а қателікке ұрынбай, түсінікті де тиімді шешім шығарылатынына сенгіміз келеді.

Серік ЖАНҰЗАҚОВ.

Сексеуіл кенті,

Арал ауданы

 

Редакциядан: Бір қауым елдің үмітін арқалаған аталмыш хат 2011 жылдың 14 сәуірінде республикалық «Айқын» газетінде де (№65) жарияланған. Әрине, біз де тиісті орындар ел экономикасы үшін маңызы аса зор жаңа теміржол құрылысын салуда қателікке ұрынбай,­ тиімді шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Өткен аптада Арал ауданында іссапарда болған облыс басшысы да өз сөзінде алдағы­ уақытта «Жезқазған-Сексеуіл» темір жолы мен «Бейнеу-Бозой» газ құбыры желісінің құрылыс жұмыстарының басталатынын айтты­. Бұл да болса, өңір тұрғындарының көңілінде үміт отын ұшқындатса керек.

 


КӨК МҰЗДА КӨЛБЕҢДЕДІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
12.01.2012 12:18

Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай... Бірі ерте, біреуі жәй өтті де кетті. Қыстың қаһарына мінетін шағы – қаңтар айы. Бүгінде Қызылорда сақалын қырау шалған шал сияқты ерекше кейіпке енген.

Алайда, жаңа Ұлу жылын қар аралас жаңбырдың әсерімен көк мұзда көлбеңдеп жүріп қарсы алғанымыз күні кеше. «Қыс жауын-шашынды, бұрқасынды болады» деген синоптиктердің ескертуінен кейін де қимылға көшкен жауапты мекеменің не көлігін, не жұмысшысын көрмедік.

Облыс орталығының санитарлық тазалығын қамтамасыз етуден бөлек, көшелерді қардан уақы­тылы аршып, көктайғақ кезінде құм себу – «Көр­кейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шаруасы. Қалалық  тұр­ғын үй коммуналдық шаруа­шылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұл мекемеге 26 көшені бекітіп берген.

- Олардың қауіпсіз­ді­гін сақтау мақсатында ауысымдық кезекшілік ұйымдастырылған, 6 арнайы техника бар. Қар жау­ғанда әуелі сыпырады. Жол тораптарына, жүр­гінші жолдарына, теміржол өткел­де­ріне, көше қиы­лыстарына, мектептер мен мекемелердің алдына, Саламатов көше­сіндегі жаңа кө­пірге, Яссауи мен Қорқыт ата көшелерінің бойындағы тесік көпірге, Титов қыстағындағы көпірге құм себіліп тұрады, - дейді «Көркейту» МКК-ның бас инже­нері Арман Төленов.

Сонда олардың жасап жатқан жұмысын неге жұрт көрмейді? Адамдар мен кө­ліктер әлі күнге тасбақа жүрістен арыла алмай жүр. Неге? Абайсызда аяқ-қолы сынып не шығып кетіп, аурухана төсегіне таңылатындардың жиілейтіні – осы кез. «Темір тұлпарда» тізгінге ие болу да оңай емес. Мұндайда халықтың бас амандығы керек. Тазалық мекеме­сінің өкілі барлық көшені қамтуға қол қысқа, уақыт тар екендігін айтып отыр.

- Бәріне бірдей үлгермейміз. Әй­теке би көшесін мысалға алайық. Қарлы күндері бір жағын тазалап жатсаң, екінші жағы көліктің табаны­мен тапталып қалады. Оның үстіне бұл көше көлеңке бетте ор­наласқан. Қаланы ай­налып жеткенше мұз­дақ­қа айналады. Халықтан да көмек керек. Жүр­гізу­шілердің көліктерін жиек­ке қойып кетуі жұмыс істеуімізге кедергі келтіреді, - дейді А.Төленов.

Бір шаршы метр жерге ережеге сәйкес 300 грамм құм себілуі тиіс. Қазіргі күні қалада оның орнына 650-950 грамнан себілуде. Биылға деп дайын­далған 300 текше метр құмның осы күнге дейін жартысы кәдеге жара­тылған.  Қыстың қарлы әрі суық болғаны ештеңе емес, белгілі жұлдызшы Назарбек Қожамсейітовтың сәуегейлігіне сенсек, көктайғақтың «көкесі» көкек айында көрінеді. Соған қарағанда, көркейтуліктерді аяйын деп тұрған ауа райы жоқ...

Н.Саниязова

 


ҚАҚПАНҒА «ШАБАҚТАР» ҒАНА ТҮСЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.01.2012 12:14

Қоғамда қалыптасып отырған жемқорлық мәселесін­ің ел экономикасына кері әсер ететіні айтпаса­ да түсінікті. Бірақ осы індетті түп-тамырым­ен жою мүмкін еместігін мойын­дауымыз керек. Бұл біздің санамызға бағзы заманна­н сіңіп қалған.

«Орамал­ тон болмайды,­ жол болады», «аз да болса, көптей көр» деп, келген-кеткеннің иығына орамал не шапан жауып­, одан қалды, қалтасына анау-мынауд­ы сүңгітіп жіберу дәстүрге айналып кеткен.

Жалғасын тауып келе жатқан осы «дәс­түр» елімізде өте жақсы дамыған. Тамыр-та­ныс­тықтан бастау алатын сыбайластықты билік басындағы шенеуніктен мектептегі оқушыға дейін жақсы біледі. Мысалы, ата-ананың өтінішімен мұғалім оқу­шының бағасын көтеріп қояды, жөндеп жібереді, тіпті аттес­татын өзгертіп беруге бар. Осындай істерді көріп-біліп отырған бала келешекте өзі де сыбайлас іздеп, оның қалтасын толтыруға машықтанады. Осыдан кейін жемқорлықты жоятын боп әурелену­дің қажеті шамалы. «Алаған қолым – береген» деп, қол астындағы қызметкерден алған «сыйымен» өзінен жоғары тұрған адамның аузын майласа, одан жоғарысы оның бармағын жалайды. Қазіргі таңда «бармақ басты, көз қыстының» басқа түрі кең етек жайып тұр. Егер «крышаң» бол­маса, абайлап жүрген дұрыс. Себебі қармаққа ілінетіндер – дер кезін­де «көз қысып» үлгермегендер. Сценарий бойынша құрылған қақпанға түскен адам оңайлықпен құтыла алмай­ды. Қақпанға түсіру үшін де «крышасы» мықты еместер таңда­лады. Бұл тек жоспарды асыра орындаған боп ақпар тарату үшін керек. Мәселен, бір мекемен­ің қаржылық жағдайы­ тексерілді делік. Қаржы мәселесін алдын ала жөндеп қой­ған мекеме басшысы қызметкерлерін үркі­тіп, керекті қаражатын жинап алады. Ал осы ақша қаржы мекемесі­нің қалтасына түсті ме, жоқ па, ол жағы бей­мәлім. Мүмкін, бұл – бастықтың алдағы істерде басқа біреуге берет­ін сомасын жинап алу үшін ұйымдастыр­ған операциясы шығар. Осылай жең ұшынан жалғасқан жемқор­лықтың шетін тауып көр. Бұл – шексіз, үзіл­мейтін дүние.

«Бармақ басу, көз қысу» қарапайым халық үшін де тиімді екені жасыр­ын емес. Себебі онсыз жұмысың тез арад­а біте қоймайды. Ұзын-сонар кезекке тұрып, уақытың зая кете­ді, жүйкең тозады. Амал жоқ, таныс тауып, бірден баруға тура келеді. Мұндай майда-шүйделерді сыбайластық деуге келмес. Сонда да болса, «жұмыс жасап­ жатырмыз» дегендер үшін бұл таптырмас жаңалық болар еді. Өйткені жоғарыдағы аузы әйдіктерден қор­қамыз, жұтып қоюы мүмкін. Оларға «майда шабақтарды» аулаудың өзі жеткілікті.

Гүлмира РАУШАНБЕКҚЫЗЫ

 

 

 


ЖАНАРМАЙ «ЖЫРЫ» ЖАЛҒАСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
12.01.2012 12:08

Мәселенің мән-жайы

Өткен жылдың соңғы айларында облыс халқы біраз әбігерге түсті. Әсіресе, көлігі бар жандарды қамықтырған мәселе - жанар-жағармайдың жетімсіздігі. Расынд­а Сыр өңірі еліміз бойынша «қара алтынның» Батыс Қазақстаннан кейінгі екінші отаны саналады.

Алайда, мұндай  байлықтың барлығы еш әсерін тигізбей, жанар-жағармайдың тапшылығы талайдың шымбайына батты. Май құю бекеттері­ мұнай өнімдерін тек белгілі уақыттарда сатуға шығарып, басқа кезде талонмен ғана тұтынушылардың қолына тиетін-ді. «Лимиттің» әсерінен темір тұлпарлылар жаяуға айналды. Жалпы, мұндай тапшылыққа не әсер етті? Осы жылдың басында осындай тапшылық жалғаспасына кім кепіл?

Жанар-жағармайдың тапшылығы ең алдымен ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген жандарды алаңдатты. Олардың алаңдайтын да жөні бар. Қазақта диқандарға тікелей қатысты «Жаз арбаңды қыс, қыс шанаңды жаз сайла» деген мақал бар. Жергілікті диқандар көктемгі егін егу науқанына қызу дайындықты бастап та кетті. Олар тек ауылшаруашылық техникаларды күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, жанар-жағармай мәселесін де алдын ала шешіп алуға тырысады.

- Жанар-жағармайдың тапшылы­ғы алаңдатарлық жайт. Егін шаруашылығы мұнай өнімдерімен тікелей қатысты. Себебі, жанармай жеткі­ліксіз болса, аймағымыздың басты байлығы күріш өнімінен табыс ойдағыдай түсе қоюы неғайбыл. Өткен жылдың соңындағы сұйық отынның тапшылығы жыл басында тез арада шешілмесе, егін егу науқанына кері әсерін тигізбек. Ауыл шаруашылығына дизель отыны ғана қажет емес. Қазіргі таңда техника дамыған уақытта бензин де сұранысқа ие,- дейді Қармақшы ауданы Ақтөб­е ауылындағы төртінші бригада бригадирі Ж.Ибраев.

Мұнай өнімдеріне тапшылық тек ауыл шаруашылығы мамандарын ғана емес, сонымен қатар таксист болып бала-шағасының нәпақасын тауып жүрген жандарды да селт еткізгені белгілі. Ақшасына жанар-жағармай сатып ала алмаған автокөлік жүргізушілері мұндай тапшылық болады деп күтпеген де болар. Азан­ғы уақытта берілетін «лимиттен» тыс уақытта «қамбасын» майға толтырып үлгермегендер біраз әлекке түсетін-ді. Әсіресе, Аи-92 маркалы бензин тіпті ауадан да қымбатқа түсетін жағдай­ға жетті.

- Аяғыңды аттап бассаң, ақшаға тірелетін мына заманда­ өмір сүру тіптен қиындап кетті. Әсіресе, жанар-жағармайдың тапшылығы жағамыздан алып отыр. Шынын айтқанда, табатын табысымыз бензин пұлымызды да ақтамайды, өлместің күнін кешіп жүрген жайымыз бар. Оның үстіне «лимитті» құрсауланған май құю бекеттері сұранысқа ие Аи-92 маркалы бензинді жоқтан бас­қаны айтпайды. Амалсыз сапасы­ төмен жанар-жағармайды­ қанағат тұтатын болдық. Жаңа жылда тапшылық мәселе­сі біржақты шешілер деген үмітте едік. Алайда тапшылық әлі де реттеле қойған жоқ, - дейді такси жүргізушісі О.Қо­жақов.

Жанар-жағармай тапшылы­ғы қарапайым халықтың да шымбайына батып тұр. Тапшылықтың соңы қымбатшылыққа әкеп соға ма деген қауіп әркімді де алаңдатады. Сондай-ақ, қоғамдық көлік иелері онсызда өткен жылдың орта шенінде жолақыны қымбат­тату керек деген ниетте еді. Мына тапшылық жолақының өсуіне итермелеуі де әбден мүмкін. Базар бағасы да жанар-жағармайдың тапшылығы әсерінен қымбатшылық кебін киюі де ғажап емес. Осы жағдайлар халықтың ойын сан-саққа жүгіртіп әлек.

- Мына тапшылық бағаға әсерін тигізбесе игі болар еді. Жанар-жағармайдың қымбаттауын ауырсынатын едік, енді тапшылық сол қымбатшылыққа итермелеуі мүмкін. Қоғамдық көлік иелері осыған дейін жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты жолақыны өсіруге ұмтылыс жасаған-ды. Егер бұл мәселені біржақты қылмаса, қарапайым халық зардабын тартады, - дейді қала тұрғыны Қ.Алпысбаев.­

Жанар-жағармайдың жетіспеу­ші­лігі жөніндегі сауалға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының сауда және лицензиялау бөлімі мамандары нақты жауап бергендей болды. Бөлім басшысы Ш.Жанбаеваның сөзіне сенсек, өткен жылдың желтоқсан айынан бері мұнай өнімдеріне тапшылық мәселесі шешілген. Тапшылыққа итермелеген жағдай облысқа жанар-жағармай жеткізіп отырған Шымкент қаласындағы «ПетроКазахстанОйл продакс» мұнай зауытының жыл сайынғы күрделі жөндеу жұмыстары екен. Аталмыш зауыт өткен жылдың қараша айына­ тиесілі жанар-жағармайды жеткі­зуде кешеуілдеп қалыпты. Дегенмен, зауыт басшылығы алдын ала облыс­ басшылығына күрделі жөндеу жүргізілетіндігі жөнінде хабарлаған. Осындай жағдайлардан соң сала маман­дарының бел шеше кіріскен еңбегінің арқасында облыс халқы жанар­-жағармаймен толық қамтамасыз етіліпті.

- Расында жанар-жағармайға тапшылық болды. Шымкент қаласындағы зауыттың күрделі жөндеуден өтуі тапшылыққа себепкер. Бірақ алдын ала жасалған шаруалардың арқасында тапшылық онша қатты әсер ете қоймады. Бұл ретте облыста жанар-жағармай бағасын тұрақтандырушы және қамтамасыз етуші 14 оператордың жасаған еңбегі мол. Желтоқсан айында тапшылық мәселесі толық шешілді. Ал, жанар-жағармай бағасы өседі деген тек қаңқу сөз. Мамандардың арқасында көктемге дейін мұнай өнімдерінің бағасын қалыпты жағдайда ұстау үшін түрлі шаралар жасалуда. Айта кетерлік жайт, облыста осындай жағдайларда жанар-жағармайды көп көлемде сақтайтын орын жоқ. Сондықтан май құю бекеттерінде «лимит» деген орын алды. Жыл басынан бастап ол да алынып  тас­талды. Бүгінде мұнай өнімдері жет­кілікт­і  және баға тұрақты, - деді бөлім бастығы­.

Бүгінде жанар-жағармайға тапшылық бұлты сейілген. Дегенмен, кейбір май құю бекеттерінде «лимит» патшалық құруда. Мамандардың сөзіне сенсек­, тапшылықтың дәурені өткен. Облыстағы 129 май құю бекеттерінде Аи-80 маркалы бензиннің орташа бағасы 86 теңгені құраса, Аи-92 - 106 теңге көлемінде. Ал дизель отынының орташа бағасы 90 теңгенің шамасында тұр.

Дастанбек САДЫҚ

 

 


САННАН САПАҒА БЕТБҰРЫС PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.01.2012 12:05

Мамандар Қазақстан әлемдік жоғары білім беру массификациясының қарқынынан айтарлықтай озып барады деп дабыл қағуда. Расынд­а елімізде жан басына шаққанда 10 мың адамға 377 студенттен келсе, Чехияда – 147, Жапонияда – 222, Ұлыбританияда - 272 студенттен.

Инновациялық экономикасы бар дамыған елдер үшін бұл қарқын еңбек нарығының сұранысына сай. Дегенмен, әлемдік сарапшылардың мәліметтері бойынша, инновациясы қалыптасу сатысында тұрған елдер үшін жоғары білім беру орындарының көбеюі білім сапасына кері әсерін тигізеді. Елімізде студенттер санының едәуір арту­ы сырттай білім берудің нәтижесінде екендігі баршаға аян. Бүгінде елімізде­ білім саласына, мамандар біліктілігіне деген талап айрықша күшейтіліп отыр. Қазірде білім саласын өркендетуге қатысты жүргізіліп жатқан реформалар көбейді. Соның бірі – ЖОО-дағы білім жүйесін сапалы ету үшін сырттай оқу орындарының санын қысқарту.

Білім және ғылым министрлігі кәсіптік және жо­ғарғы білім жүйесін оңтайландыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда еліміздегі университеттер мен институттарда 285 мыңдай студент сырттай білім алуда. Бұл - жалпы студенттердің 46 пайызы. Яғни болашақ мамандардың тең жартысы сырттай білім алуда. Сырттай білім алуға талапкерлер ниетінің артуына бірнеше себеп бар. ҰБТ-да межеленген ұпайға қол жеткізе алмауы, бұл – бір және оқу ақысы мұнда күндізгіге қарағанда арзандау. Соның салдарынан болу керек, арнаулы оқу орындары мен кәсіптік білім ордаларына баратын жастардың саны кемі­ген. Осы секілді олқылықтардың орнын толтыру үшін білім және ғылым министрлігі өткен жылдың соңында білім саласын реформалауды қолға алды. Министрлік 12 жоғарғы оқу орнының жұмысын тоқтатты. Алайда, олардың бәрі бірдей жабылып қала ма, жоқ па, әлде, кәсіптік оқу орын­дарына айнала ма, онысы жұмбақ күйінде қалып отыр. Жалпы,­ білім беру саласын рефор­малау 3-4 жылға жоспарланған. Өткен жылы сегіз жоғары­ оқу орны мемлекеттік аттестациялаудан өтсе, үсті­міздегі жылы – 22 жоғары оқу орны, 2013 жылы 30 жоғары оқу орны сынақтан сүрінбеуі қажет. Ал білім беру қызметін лицензиялаудың ережелері туралы ҚР заңнамасынының орындалуына сәйкес өткен жылы 17 жоғары оқу орны тексерілсе, 2012 жылы – 50, 2013 жылы 45 жоғары оқу орны тексеруден өтеді.

Негізінен халықтың түгел білімді болуы, жеке тұлғаның білікті маман болғаны өзі үшін де, мемлекет үшін де өте қажет. Инемен құдық қазғандай ұрпақ санасын білім нәрімен сусын­дату – бүгінгі күннің басты тала­бы­. Қазірде еліміздегі жүздеген жоғары оқу орны жыл сайын сырт­тай білім бөлімінде мыңдаған маман даярлап шығаруда. Бұл – кеңес тұсынан келе жат­қан дәстүр десек те болады. Деген­мен, жылына университетке екі-ақ  рет  соғатын студенттен қандай білікті маман шықпақ? Сапалы маман даярлауда сырттай оқу түрінің тиімділігі төмен екендігіне қарамастан, қазір мектеп бітірушілер осы оқу түрін таңдайды. Бұл қаржылық қиындықтарға да байланы­сты болуы мүмкін. Алайда, бүгінгі студент – ертең­гі маман екендігін естен шығармауымыз керек. Ол өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгеруі тиіс. Күндізгі бөлімді тәмамдап барып, екін­ші мамандық аларда сырттай оқыса, онда әңгіме басқа. Елімізде медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарынан өзгелердің барлығында дерлік сырттай оқу түрі бар. Сырттай бі­лім алудың бі­лім сапасына кері әсер  етіп отырғаны жасыр­ын емес. Олардың арасында техникалық және кәсіптік білім беру базасында оқи­тын студенттер 60 пайызды  құрайды  екен.  Бір қызығы, сырттай білім алу негізінде екінші мамандық алушылар үлесі - 18 пайыз ғана. Сондықтан ЖОО-да сырттай білім беру бөлімдерінің санын қысқарту қажет. Жаңа реформа жүзеге асса, ендігі жерде бірінші жоғары­ білімді сырттай алу деген­ ұғым мүлде жойылады. Тек екінші немесе үшінші маман­дық алу үшін сырттай оқуға жол ашық.

Таяқтың екі ұшы болатындай, білім беру саласын реформалауда кедергі жоқ емес. Мәселен, Ата заңымызда ЖОО-да сырттай білім алуға азаматтардың құқығы бары көрсетілген. Ал қазірде бұған шектеу қою мәселесі қозғалып жатыр. Сондықтан министр­ліктегілер арбаны да сын­дырмай, өгізді де өлтірмеудің жолын­  қарастыруы  қажет.

Т.САЙЛЫБАЙ

 


ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫҢ ҚАЙМАҒЫ – АУЫЛДА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.01.2012 12:00

Қазақтың алтын кіндігі саналатын ауылдың­ жағдайы тоқсаныншы жылдармен салыстырға­нда біршама өзгергендігі байқалады. Десек те, әлі шешімін таппаған мәселе шаш етектен.

Жасыратыны жоқ, қазір ауылдағ­ы білім ордалары мәдениет үйінің қызметін­ қоса атқарып отыр. Жиналыс, мерек­елік  кеш сонда  өтеді.

Білімді, тәрбиелі, өнегелі, адамгерші­лігі және ақыл-парасаты мол ұрпақтардың қанатын шыңдау - бүгінгі күннің басты мәселесі. Әл Фараби: “Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы”, - деген. Сондықтан болашақ жастарды қоғам талабына­ сай, ұлттық дәстүрмен байланыстыра отырып­, ауыл жасөспірімдерін өнегелілік­ке, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Жалпы, барлық салт-дәстүр, ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие – ауылда. Ауыл мектебі көпұлтты Қазақстан халқының ұлт ретінде жойылып кетпеуіне және төл мәдениетінің сақталуына көмектеседі. Ауыл мектебінің басым көпшілігі қазақ мектептері болғандықтан, ата-бабалардан мұра болып қалған ұлттық құндылық­тарымызды сақтай отырып, оны жаңа­ша дамыту, жетілдіру қажеттілігі заман талабынан туындап отыр. Онда ұлттық сана-сезім, мінез-құлық, рух, діл, мемлекеттік тілді оқушылар бойына ұялату үшін оқу-тәрбие жұмыстарын кешенді түрде жүргізу оң нәтиже берері анық.

Әрбір елдің келешегі мектебіне байла­нысты. Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысты. Мектептен мемлекет мәдениеті көтеріледі десек, бұл – болашаққа үміт, тілегіміз мектептен басталады деген сөз. Еліміз егемендікке ие болғалы шынайы ұлттық мектептің іргетасы қалана бастады. Төл оқулықтарымыз жасалып, ғылым негіз­дерін оқытудың жаңа тұжырымдамалары іске асырылуда. Ұлттық мектептер ұлт тарихын, тілін, мәдениетін оқып, зерттей отырып, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылуда.

Ауыл балалары тек мектептегі сабақ пен мерекелік іс-шаралардан басқа еш қызық көрмейтіні жасырын емес. Оларды үйде жетеле­йтін, ұстаздармен бірлесіп тәрбиелейтін ата-аналардың көбінің білім деңгейі, ойлау қабілеті өте баяу. Ауылға мәдени орталық­тардан келіп көрсетілетін мәдени шаралар жоқтың қасы. Ауыл кітапхана­шыларының, клуб меңгерушілерінің, ауыл әкімдерінің тарапынан ұйымдастырылып жатқан ауыл тұрғындарының рухани мәдение­тін көтеретін іс-шаралар жоқ. Осы жағдайлардың бәрі ата-аналардың ұс­таздарға, әлеуметтік педагогқа деген көмегін тежейді. Негізінде таланттылардың басым бөлігі ауылдан шығады. Бірақ қазір “бұлақ көрсең, көзін аш” деген қағиданы ескерусіз қалдырып отырмыз. “Аузы қисық болса да, бай баласы сөйле­сін” дейтін заманда таланттылардың талабы­ мұқалмаса екен.

А.ӘЛІМОВА

 


Күнтізбе

< Қаңтар 2012 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары