Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 1414 |
![]() | Кеше | 2601 |
![]() | Осы аптада | 15685 |
![]() | Өткен аптада | 18090 |
![]() | Осы айда | 18115 |
![]() | Өткен айда | 58946 |
![]() | Бәрі | 4199205 |
-
05.12.19
Толығырақ...
«Құмкөл-Қызылорда» автожолының 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт алған «Neoplan» маркалы автобус аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырғаны анық.
... -
05.12.19
Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетістік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабарға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...
- 05.12.19
Толығырақ...Ерғали АБДУЛЛА
Қу ақша
Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...
- 05.12.19
Толығырақ...Арнайы бетіміздің тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен сұхбаттасудың сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәтижесінде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, болмысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...
- 05.12.19
Толығырақ...Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымша, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...
- 05.12.19
ЖАҢА БАСШЫЛАР ЖАСАҒЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
09.02.2012 10:32 |
Ауыс-түйіс Саяси қоғамның қаңтардағы қызуы әлі басыла қойған жоқ. Сайлау, көппартиялы парламент, премьер-министрдің «мүмкіндігі», үкіметтегі ауыс-түйістер, жолдау т.б. қоғамның өн бойына қан жүгіртті. Әрине, саясат аренасындағы ауа райын табиғаттың арқыраған ақпандағы ауа райымен салыстырудың еш реті жоқ. Аязды күндер адымды аштырмай тұрса да, «саяси температура» жоғарылап тұр. Қазір жер-жерде жолдаудың басым бағыттары түсіндіріліп жатыр. Жергілікті деңгейдегі әкімдер «күнделігін» дайындап, жұрт алдында есеп беруге кірісіп кетті.
Ақпан да ауыс-түйіспен басталды. Кешегі жұмада Жаңақорған және Сырдария аудандарының жаңа әкімдері тағайындалды. Қаңтарда өткен сайлауда Жаңақорған ауданының әкімі Бекмырза Еламановтың елдің сенімін иеленіп, депутат атанғаны белгілі. Артынша оның облыстық мәслихаттың хатшылығына сайланғаны да жұрт жадында. Осы кадрлық өзгеріске сай енді Жаңақорған ауданы әкімінің креслосы Сұлтанбек Тәуіпбаевқа тиді. Бұған дейін Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған С.Тәуіпбайұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен жете таныс, басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мол, тәжірибелі маман екенін облыс әкімі де жоққа шығармайды. Оның соңғы жылдары экономикалық жағынан елеулі даму қарқынын қалыптастырып отырған Жаңақорған ауданындағы жетістіктерді одан әрі өрістетуге қабілеті жеткілікті екені айтылды. Соңғы үш жылдан аса өзі басқарған Сырдария ауданын нәтижелі жетістіктерге жеткізген С.Тәуіпбаевтың мамандығы инженер-гидротехник, техника ғылымдарының докторы. 2003-2008 жылдары «Қызылордасушаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры болған. Ал, Сырдария ауданына Ғизат Әбілтай әкім болды. 1976 жылы туылған Ғ.Майданұлы жастығына қарамастан, еңбек жолында бірнеше маңызды әрі жауапкершілігі зор қызметтер сатысынан өткен тәжірибелі маман. Ол екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген білікті экономист, бұрынғыны айтпағанда, соңғы жылдары бірқатар басқармаларда орынбасарлық, басшылық қызметтер атқарған. Облыс әкімі аппаратында үлкен қызметтік мектептен өткен Ғ.Әбілтай әкімдік креслоға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы лауазымынан келді. Оны аудан басшылығына тағайындау кездейсоқтық емес. Жоғарыда айтылғандай, оның қай қызметте де өзін білімі мен біліктілігі тұрғысынан көрсете білгенін ескерген аймақ басшысы облыс экономикасына жастық жігер, тың серпінмен еңбек ететін жас маманға үлкен сенім артып отыр. Сонымен, облыстағы әкімдер командасы жасақталып болды, олардың дені - жастар. Енді олардың нағыз халық қызметшісі ретінде ауданның ахуалын жақсартуын, жан-жақты дамытуын, елдің тұтастығын сақтауын, ең бастысы, әкімдік қызметіне адал болуын тілейік. Айтпақшы, облыстық білім басқармасы бастығының орны екі-үш айдай бос тұрған-ды. Қаңтардың соңғы күндері ол орынға Министрлер Кабинеті аппаратының үлкен мектебінен өткен жас маман келді. Жаңа басшы Абзал Мұхимов білім саласының проблемаларымен бұрыннан таныс десек, қателеспейміз. Ол Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезде жетекшілік жасаған салалар қатарында білім саласы да бар еді. Сондай-ақ, бұған дейін Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы қызметін атқарған Ләйла Төрешова облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары болса, осы лауазымды атқарған Айдын Қайруллаев қалалық ішкі саясат бөлімінің тізгінін қолға алды. Осындай тағайындаулар бүгінгі күні облыста мемлекеттік органдарға басшылық жасап отырған жастар легі қалыптасып үлгіргенін аңғартады. Ендеше, қалғанын уақыт төрешінің құзырына қалдырып, жастардың да жалыны мен жігерін аңдап көрейік. Н.КЕНЖЕТАЙ |
“ЖЕТІМ БҰРЫШ” жағалаған қазақ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Тіршілік тіні |
09.02.2012 10:27 |
Тіршілік тіні «Мәскеуліктерді құртқан пәтер мәселесі» деген екен баяғыда белгілі орыс жазушысы Булгаков. «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды...» дегені бар бірде Қасым ақынның күйінгеннен. Әлі қанша қазақ «айхай, өз үйім» (Жиренше) дейтін күнді аңсап жүр?!
Жалдамалы пәтер нарығының көркін қыздырып тұрған ауылдан қалаға ағылып келіп жатқан ағайын мен жатақханаға сыймай қалған студенттер екені анық. Айлығы шайлығынан ауыспаса да, әйтеуір, далада қалмаудың қамы. Жылда неше үй салынса да, бұл мәселе неге шешілмейді? Өткен жылдың өзінде облыс орталығында екі жүз пәтер пайдалануға берілген. Яғни осынша отбасы жаңа қонысқа көшті. - Кезекте әлі 8 жарым мыңдай адам бар. Өтініш күнде түседі. Тек былтыр мыңға тарта адам арыз тапсырған. Біздің сол арыздарды қанағаттандыру жылдамдығымыз бен халықтың кезекке тұру жылдамдығының айырмашылығы жер мен көктей. Кезекті тезірек жылжыту үшін құрылыстың қарқынын жоғарылатуымыз керек немесе басқа шешім қабылдамаса болмайды. Салынып жатқан – негізінен 30, 40, 50 пәтерлік стандартты үйлер. Көптеп әрі қазіргіден де биік қып салуға болар еді. Өкінішке қарай Қызылорданың географиялық орналасу жағдайы бұдан арғыны көтермейді, - дейді қала әкімінің орынбасары Ардагер Ақжігітов. Менің бір танысым мынадай жылдамдықпен мемлекеттен қашан үй алатынын есептеп көріпті. «Жасым 82-ге келгенде бұйыратын сияқты» деп отыр. Бала күнінен мүгедек ол қартайған әке-шешесінің мойнына масыл болғысы келмейді. Тағы бір таныс апайым «кезегім күйіп кетіпті» деп, шыр-пыры шығып жүр. Жалпы, халықты үй-жаймен қамту мәселесінде басы ашылмаған сұрақ көп. Мысалы, кезекте тұрғандардың бәрі баспанаға мұқтаж ба? - Жоқ, бәрін бірдей мұқтаж деп айтуға келмейді. Біз қазір Титовтан 15 шақты пәтердің орынсыз берілгені жөнінде сотқа материалдар жолдап жатырмыз. Полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп көрді. Ондай факт Сырдария мөлтек ауданында да бар. Мұқтажбын деп алады. Басында үйі болғанымен, оны басқа біреудің атына тіркеп қоюы мүмкін. Заң бойынша арызды қабылдамауға біздің қақымыз жоқ. Ал үйді алғаннан кейінгі әңгіме бөлек. Кейбіреулер есігіне құлып салып қояды. Я болмаса, жын-ойнаққа айналдырады, туысқанына өткізіп қояды не ұзақ мерзімге жалға беруі мүмкін. Ілгеріде, 2005-2006 жылдары кезек реттілігі сақталмаған десек те болады. Одан кейін де солай жалғасқанына көзім жетеді, - дейді А.Ақжігітов. Прокурорлар да кезек реттілігінің сақталмауына байланысты халықтың арыз-шағымы азайғанын, тіркелген күнде де көбі дәлелін тауып жатпағанын айтады. Екі жыл бұрын әкімдіктің жауапты қызметкерінің істі болып, жұмысынан босатылғаны бар. Өткен жылдың аяғына таман қадағалаушы органның араласуымен ІІ топ мүгедегі ретінде есепке алынған Әбдірахман Берденовты әуреге салған мәселе түйінін тапты. - Ол кісі 1994 жылдан бері тізімде тұрады екен. Тұрғын үй комиссиясы былтыр оның кезегін қалпына келтіруден бас тартқан. Ал заң бойынша мемлекет есебінен баспана І және ІІ топ мүгедектеріне бірінші кезекте берілуі тиіс. Яғни комиссияның әрекеті заңға қайшы. Біздің наразылығымызбен Берденов Жібек жолы көшесіндегі жаңа үйлердің біріне жайғасты, - дейді қала прокурорының аға көмекшісі Айбек Нұрлыбекұлы. Елімізде 2010 жылдан бастап қолға алынған жалдамалы үй салу ісі жалғасуда. Оның артықшылығы – бағасының көңілге қонымды болуында. Ең төменгі есеппен бір шаршы метріне – 38 теңге. Үш бөлмелі үлкен пәтерді алсақ, айына 2 656 теңге төлеу керек. Түк те емес. Қазір осындай жаңа үйді жалға алатын болсаңыз, кемі 25 мың теңге сұрайды. Айырмасын қараңыз. Соны да төлеп қарық қылмай отырғандар бар көрінеді. Жергілікті әкімдік салық басқармасы арқылы қазір анықтап жатыр, алты айдан бері қарызын төлемегендерді түгел үйден шығарып тастамақ. Кезекті жылдар бойы күтуге тура келетіндіктен, жағдай біраз өзгеруі мүмкін. Заңда осы жағы қарастырылмаған. Мысалы, толық емес отбасында әйел немесе ер адам екінші рет үйленуі мүмкін. Онда отбасының асыраушысы пайда болады. І, ІІ топтағы кембағал жандардың денсаулығы түзеліп, кейінгі санатқа ығысуы ықтимал. Билік ондай жағдайда адамды бірден кезектен шығарып жіберу жөнінде шешімге тоқтапты. Осы негізбен былтыр желтоқсан айында 25 адам «ұшып» кеткен. 8,5 мыңның тағы 2,5 мыңы қысқарып кетуі ғажап емес. Әкімнің орынбасары негізі тізімнің о баста дұрыс құрылмағанын айтады. 12 санатты дербес жүргізген, ал заңда 4-ақ санатқа бөлген. Олар – мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендер, әлеуметтік қорғауды қажет ететін топ және апатты күйдегі үйлер. Енді әлгі шашыраңқы тізімдегілерді осы төртеуіне топтастырмақ. Әйтпесе, кезектің жылжуы тіптен қиындай түседі. Бүгінгі күні, мысалы, жарымжан бала тәрбиелеп отырған отбасылардан кезекте 309 адам бар екен. Бұл – кезекте тұрғандардың 3,6 пайызы ғана, яғни 3 пәтерден артық беріле қоймайды. Қазақтың әркімнің табалдырығында жүріп тіршілік кешуіне тағы бір себеп ретінде жер берудегі іркілісті атауға болады. Оның өзі әртүрлі категорияға бөлінеді. Бір санаттан екінші санатқа ауыстыру оңай шаруа емес көрінеді. Досан мен Маханбетов ауылдарындағы бос алаңдарға газ, ауызсу, кәріз, жылу жүйелерін апару үшін үлкен дарияның, Шіркейлі каналының, жолдың астын тесіп өтуге тура келеді. Ол 2-3 млрд.-тан кем түспейді екен. Ал коммуникация тартуға 12 млрд. теңгедей қаржы қажет. Билік оның қымбатшылығынан қорқып отырған жоқ. Тек болашағына алаңдайтын сыңайлы. - Мемлекеттік басқару магистрі ретінде өз пікірім, Тасбөгет жақта жасалып жатқан жұмыстардың болашағы жоқ. Он жылдан кейін ол жерде халықты ұстап тұра алмайсың. Досан қаладан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Махамбетов ауылы да алыстау. Жезқазған трассасы тиімді сияқты. Егер осы алаңдарды игере бастасақ, 5 800-дей адамның өтінішін қанағаттандырар едік. Бірақ бұрынғыдай он емес, сегіз сотықтан беріледі. Шыны керек, жер мәселесі Қызылорда қаласында өзінің мәресіне жетті десе болады. Қалада қазір жер жоқ. Халық ойлайды, жан-жақтың бәрі бос жатыр, неге соны бермейді деп. Бірақ оның бәрі бірдей үй салуға жарамайды, - дейді А.Ақжігітов. Үй сияқты жердің де нарықтағы бағасы ұшынып тұр. Жоғары «сорттысының» құны шамамен 40 мың долларды құраса, мемлекет белгілеген кадастрлық құны 1 млн. 845 мың теңгеден аспайды. «Жер жоқ» деген соң қырық мың қызыл болса да, қалтамдағы соңғы тиыныма дейін қағып, қаланың шетінен бір бос орынға қазық байлап кеттім. Орталыққа қарай ойыссаң, әкесінің құнын сұрайды. Жылжымайтын мүлік болған соң жем-шөп керек етпейді. Бірақ жақында заң өзгерді, екі жылға дейін қажетіңе жаратпасаң, ол жерді қайтып алып қояды. Осы бастан іргетасын құя беру керек. Екі жыл деген демде. «Айхай, өз үйім» дегенді айтсаңшы... Н.САНИЯЗОВА |
ҚЫСТЫҢ ҚАТАЛ СЫНАҒЫ етек-жеңімізді жинауға үйретті |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Тіршілік тіні |
09.02.2012 10:25 |
Әдетте, Сыр өңірінің халқы қыс басталысымен жандарын шүберекке түйіп отыратын. Оның себебі сол, дария суының тасу қаупінен көңілдеріне қорқыныш ұялайтын. Биыл бұл жағдайға бас ауыртатын тағы бір мәселе қабаттаса қосылды. Жаз бойы жарыса, күзде көлгірсіп сөз сөйлеген басшылық қыс маусымы келгенде жұртшылықтың жылудан қағылатынын ескермепті. Ескермегені сол, тиісті қадағалау дер кезінде жасалмаған. Қылышын сүйреткен қыс әбден қаһарына мінген шақта Қызылорда қаласының тұрғындары күрделі жағдайға жолықты.
Бұл кезде әкімдерге дейін әбігерге түсіп, жағдайды бақылауда ұстауға тырысты. Ал онсыз да дірдек қағып отырған тұрғындар үшін екі есе қиын тиді. Әсіресе, газға сеніп, пештерін бұзып тастаған жер үйдегілер қиналды. Себеп Ақшабұлақ мұнай кенішіндегі электр желілерінің үзілу салдарынан кеніштегі екі газ өңдеу зауытының жұмысы тоқтап қалған. 4 ақпан күні таңғы сағат 8-ден бастап жеке сектордағы 17 мың тұтынушының 70 пайызы газ желісінен ажыратылған. Қаладағы қос жылу орталығы мазутқа көшіріліп, әйтеуір, халықты тоңдырмаудың қамы жасалды. «Тұтынушыларға еш ескертусіз, жылу жүйелері газдан ажыратылып, жұмысын тоқтатты», - дейді ашынған тұрғындар.
Қалалық әкімдіктен алынған мәліметтерге сүйенсек, қала әкімдігі тарапынан уақытында тиісті ескертулер жасалынған. Алайда, «КазГерМұнай» БК ЖШС-нің жылу маусымына дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны және аталған мекеменің жауапты тұлғаларының өз қызметтеріне салғырттық танытуы салдарынан осындай жағдайлар орын алып отырғандығын айтады ондағылар. Ал, Қызылорда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетов: «Ақшабұлақ мұнай кенішінде электр энергиясы жоқ, мұнай кенішіндегі ұңғымалар, скважиналар тоқтады дегеннен бастап біз қаладағы екі жылу орталығын мазутқа көшірдік резервтік отынға. Соның арқасында сағат кешкі 22-ден бастап таңғы сағат 8-ге дейін жеке сектордағы газ тұтынушылар газбен қамтамасыз етілді. Қазір Ақшабұлақ мұнай кенішінен 15 текше метр газ беріліп жатыр. Жарты сағаттың ішінде 1-ші газ зауыттан 32 мың, одан соң 45 мың текше метрге дейін бізге газ берілетін болады», - деп тұрғындарды жұбатты. Редакцияға телефон шалған қала тұрғындарының бірі облыстық телеарнадан «104», «27-58-16» телефон нөмірлері қызмет жасап тұрғандығын айтты. «27-58-16 телефон нөміріне қоңырау соғып, «КазТрансГаз - Аймақ» АҚ-на телефон шалып, газдың өшіріліп, жылу берілмеу салдарынан зардап шеккені үшін оған кім жауапты екенін сұрағанда, «Әкімдер отчет үшін айта береді. Месторождениеден газ келмей қалды. Біз де екі күн болды ұйықтамай жүргенімізге. Мұның бәрін әкімшілікке айтасыз. Сол әкімшіліктің берген ақпараты ғой. Біз оларға «Бәрі бітті, дұрысталды деп айтыңдар» деген жоқпыз. Бүкіл қалада газ болған жоқ. Біз көпқабатты үйлерге әлі беріп жатырмыз. Біздер әлі де тәулік бойы жұмыс жасап жатырмыз», - деген жауап алған. Бұл - 6 ақпан күнгі жағдай. Жағдайдың орын алу себебін қалалық әкімдіктегілер «тиісті мекемелердің салғырттығынан» десе, «тиісті мекемелер» әкімдіктегілерге ысырады. Осылайша, «Апама жездем сай» болып тұр. Жылу болмай жаураған жұртшылық енді мұңдарын кімге шағарын білмей дал. Айта кетерлігі, Қызылорда қаласында мұндай күрделі жағдайдың орын алуы алғаш рет болып отырған жоқ. Қыс маусымы басталғалы бері бұған дейін Ақшабұлақта екі бірдей газ өңдеу зауытының тоқтап қалуы осымен үшінші рет тіркеліп отырса, қалаға газдың жеткілікті көлемде берілмей қалуы салдарынан 136 мәрте шектеу болған көрінеді. Бірақ жауапты адамдар халыққа жауап бермек түгілі, кешірім де сұраған емес. Сонда халықты басыну қашанға дейін жалғаса бермек?! P.S. «Шыдамның да шегі бар» дейді қазақ. Тіпті, футбол ойынында тәртіп бұзғандарға екі рет «сары қағаз» (ескерту) көрсетілгеннен кейін, үшіншісінде «қызыл қағаз» (қатаң ескерту) беріліп, ойыншы алаңнан қуылады және ол келесі екі ойынға қатыстырылмайды. Негізі ойындағы бұл тәсілді қолданатын кез келген секілді. Бірақ, футбол алаңында емес... Асқар СӘРСЕНҰЛЫ |
БЕЙІТ БӘСЕКЕЛЕСТІГІ немесе қабірлерді қиратқандардың қылығы |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Ой-талқы |
09.02.2012 10:22 |
Көрмейін десем, көзім бар... Соңғы жылдары қара жердің қойнын паналап жатқан адамдар тірі кезінде көрмеген қорлықты көруде. Атап айтар болсақ, мәйітті жәбірлеу, бейіт басындағы көктасты қирату, оның темірлерін ұрлау секілді жайсыз жағдайлар орын алуда. Мұндай әрекеттерге әлбетте діни сауаты төмен және жат ағымдардың жетегіне ерген адамдар ғана бара алады. Бір сөзбен айтқанда, ертеңгісін бүгін ойлай алмайтын дінсіздердің ісі. Ақиқатқа көзі жетпеген адасқан адамдар бүгінгі қоғамда аз деп айту қиын.
Ел еңсесін тіктеп, діни ахуалға мән беріп, жастарға діни тәрбие беру мәселесі ұйымдастырылғанда жат ағымдардың қызу жұмыс атқарғаны белгілі. Зайырлы мемлекет болғанымызбен, тілге де, мәдениетке де, дінге де алабөтен көзқарастар көп. Бір ғана Ислам дінінің тармақтарын таратқанда түрлі ой қалыптасады. Ал жат діндер мен жат ағымдардың адамзат баласын жоғалтуға дейін қауқары жетеді. Жасыратыны жоқ, еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан тосын жайларға осы өзге ағымдардың қатысы бар. Мұны жарияға жар салмағанмен, «ауруын жасырған аңдамай өледінің» керін киіп келе жатқандаймыз.
Сан ғасырлар бойы өзінің діні мен тілін, дәстүрі мен салт-санасын берік ұстанған ата-бабаларымыз келер ұрпақтың қайырсыз болуын тілемеген болар. Елдің керегесін кең, терезесін тең ұстайды деп сенген ұрпақтың баба бейіттерін бұзуына қоғамның түрлі жағдайлары түрткі болуда. Оның ішінде көпдінділік мәселесі тіземізді бүктіріп-ақ тұр. Ұлт болып ұйысқан талай мемлекет жер бетінен жойылып, тек тарихтың ақтаңдақ беттерінде із қалдыруына да осы дін негіз болған. Бұған облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы С.Әділханның мына сөзі дәлел: «Бұрын Каспий теңізінің маңайында Хазар деген қала болған. Археологтар қазба жұмыстарын жүргізгенде қала орнынан христианның шіркеуі де, еврейдің синагогасы да, буддисттің храмы да, мұсылманның мешіті де табылған. Қазіргі уақытта Хазар деген ел тарихта бар, тіпті ирандықтар Каспий теңізін Хазар теңізі деп атайды. Бірақ, ол ұлт жоқ, өзінің ұлттығын жойған. Біраз бөлігі ауғандарға, әзірбайжандарға, ирандарға қосылып, жоғалып кеткен. Бұл бізге нені білдіреді? Қайбір ұлт түрлі-түрлі дін ұстанатын болса, бұл сол елдің елдігіне зиян. Ақырындап-ақырындап ұлттың тамырына балта шабады. Және қайсыбір ел өзінің дінін сататын болса, ол ел де дәл осындай халге душар болмасына ешкім кепіл бола алмайды. Түркі тілдес елдерде жойылудың сәл-ақ алдында тұрған ұлттар да бар. Ал керісінше, кішкене болса да, дінін сақтаған ұлттар әлі де бар. Біздің елімізге келіп жатқан жат діндердің де түпкі мақсаты – сол. Елдің болашағы байлығында ғана емес, халықтың тұтастығында. Тек осылай ғана біртұтас ел бола аламыз. Ал жат ағымдарға келер болсақ, «Дінді бұзатын дүмшелер» деген сөз бар. Олар өздері түсінбеген нәрсені жұртқа айтып, керағар пікір тууына себепкер болады». Демек, елдегі сауық-сайран құрып жүрген секталардың жымысқы әрекетіне көз жұма қарар болсақ, елдің болашағына қауіп төнетін түрі бар. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, оңаша «отау тіккен» олардың басты идеологиясын білгенмен, қалай жүзеге асыру әдіс-тәсілін біле қою әлдеқайда қиын. Әсіресе, буыны енді ғана қатып келе жатқан жастарымыздың санасы уланып, теріс ағымдардың жағадан алып, етектен тартатын әрекеттерін жасап жүр. Бiр күнi Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларына: «Менiң үмбетіме бiр заман келедi. Сонда олар бес нәрсенi жақсы көрiп, бес нәрсенi ұмытады. Олар, біріншіден, дүниенi жақсы көрiп, ақыреттi ұмытады. Екіншіден, өмiрдi жақсы көрiп, өлiмдi ұмытады. Үшіншіден, зәулiм сарайларды жақсы көрiп, қабiрдi ұмытады. Төртіншіден, мал-мүлiктi жақсы көрiп, ол үшiн берiлетiн есептi ұмытады. Бесіншіден, жаратылысты жақсы көрiп, жаратушыны ұмытады», - деген екен. Расында да, бүгінгі қоғамның бет-бейнесін бағдарлар болсақ, осы көріністер айна-қатесіз орындалып жатқандай. Тіпті ақырет күнін ұмытып, бұзақылық жолмен бейіт басын тонауға дейін баруда. Мұндай қылмыс жасағандар ҚР Қылмыстық кодексінің 275-бабына сәйкес өлгендердің мәйітін қорлағандарға, құлпытастарды, зират сарайындағы күмбездерді бүлдіргені үшін бір жылдан үш жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айрылады. Егер де үйлерді, ғимараттарды немесе үлкен тұлғаларға арнап салынған ескерткіштерді бүлдірсе, онда мұның жазалары аса ауыр емес. Себебі бұл тағылық (вандализм) болып табылады. Мұндай жағдайда ҚР ҚК-нің 258-бабы бойынша төрт айға немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Сондай-ақ 500 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Н.Мақұлбековтің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері біздің аймақта мұндай оқиға тіркелмеген. Тек өткен жылдың екінші жартысында Шиелі ауданындағы Н.Бекежанов көшесінің бойында орналасқан мазарлардың шырақшысы Н.Алданазаров белгісіз адамдардың өткір затпен марқұм болған Ә.Шорабаевтың мазарының алдында орналасқан орындықтарды сындырып, бейіттің оң қабырғасын шауып, бүлдіріп, қорлап, оқиға орнынан бой тасалағаны туралы арызданған. Аталған оқиға бойынша Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі ҚР Қылмыстық Кодексінің 275-бабының 2-бөлігінің «б» тармағымен қылмыстық іс қозғап, жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесі болмай, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын айыпталушылардың анықталмауына байланысты ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 50-бабы, 1-бөлігінің 1-тармағымен істі тоқтатқан. Дегенмен қазіргі күні қылмысты ашу мақсатында жедел іздестіру шаралары жалғасуда. Ал Ислам дінінде мұндай жағымсыз әрекетке бармақ түгілі, оларға титтей де зиян келтірмеу керектігі баса айтылған. - Ислам дінінде зиратқа, яғни қабірдің аяқ асты болмауына ерекше көңіл бөлінген. Бұған көптеген хадистер дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қабірлерге намаз оқып, үстіне отырмаңдар» десе, тағы бір хадисте: «бірде Амр ибн Хазм деген сахабаның қабір үстіне сүйеніп тұрғанын Расулуллаһ (с.ғ.с.) көріп «Оған сүйенбе. Бұл қабірдің иесіне зиян келтіресің» дегені де бар. Олай болса, қабірге сүйенудің өзі иесіне кесірін тигізетін болса, оны бүлдіру тіпті сорақылық екені сөзсіз. Себебі тып-тыныш тұрған қабірлерді қирату ата-бабаларымыздың рухына, марқұмдарға деген құрметсіздік болып табылады. Имам Мүслим жеткізген тағы бір хадисте: «Тірі адамға қабір үстіне отырғанынан гөрі киімін күйдіретін шоқтың үстіне отырғаны қайырлы» деп Алла елшісі (с.ғ.с.) қатаң ескерткен. Ал қабірлерді бұзу білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындап отырған өкінішті жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармауы тиіс. Өйткені бұл өз басына ғана емес, тұтас Ислам дініне кір келтіретін жағымсыз әрекет. Қазіргі таңда батыс өңірлерде жиі қайталанып отырған қабір қирату, сол арқылы халықтың жанды жеріне біз сұққандай әсер етушілер мен елдің арасында күні ертең ұрыстың бұрқ ете қалмасына кім кепіл. Халықтың, қазақтың сеніммен, оның ата-бабасымен ойнаудың түбі қашанда отқа апарады. Ойыны осылады, - деп түйіндеді өз ойын дінтанушы, Қызылорда облысы бойынша діни-психологиялық және құқықтық кеңес беру орталығының жетекшісі Т.Әбуов. Жасыратыны жоқ, қоғам қаншалықты дамыса, соншалықты деңгейде бәсекелестік артады. Байлықтан да, киімнен де, тамақтан да артылмаған бәсеке қабірге де жетті. Жол жиегіндегі мұнара секілді аспанмен тіресіп тұрған бейіттерді көргенде, қанша ысырапшылдық екенін бағамдауға болады. Жағдайы жетіп, қалтасы көтеріп тұрған соң әшекейлеп, қаспеттеп салып жатқандар қатары күн санап артып келеді. Күмбез тұрғызып, кесене орнату – негізінде шариғаттан қолдау таппайтын әрекет. Дінтанушы Тұрар Әбуовтің айтуынша, дініміз Ислам бейіттерді асыра сілтеп салуға, әсемдеуге, күмбездеп, безендіруге үзілді-кесілді қарсы. Сондай-ақ бейітті темір, ағаш және т.б. заттармен қоршау шариғат бойынша дұрыс емес. Исламдық жерлеу рәсіміне назар аударсақ, қабір аяқ асты немесе мал баспайтындай етіп, саз кесекпен кіндіктің деңгейіне дейін қалануы керек. Сонан соң мәйіттің кім екенін білу мақсатында белгі қойылып, оған тек аты-жөні, тегі, туылған және дүниеден өткен күні жазылса жетіп жатыр. Бейітті қанша күмбездеп, сәндесең де, ол марқұмға еш пайда бермейді. Тіпті, оны салған адамға да ешқандай сауап жоқ. Бар болғаны ысырапқа жол бергендік болып есептеледі. Ал, Құранға назар салсақ, ысырапкершілік жайында былай дейді: «Шынында ысырапқорлық шайтанның бауырлары, ал шайтан – Раббысына өте қарсы» («Исра» сүресі, 27-аят). Жалпы алғанда, Ислам дінінің әрбір бұйрықтары мен тыйымдары адамзат баласының бақытына негізделген. Бейітті сәндеуді әрбір адам шариғатқа қайшы іс, ысырапшылдық деп түсінбесі анық. Қала маңынан алшақтап бара жатқан жолдардағы сәнделген бейіттерді көріп, ескі қалашықтарды көргендей боласың. Кейбірі тіпті «менмұндалап» тұрады. Бүгінде мұндай бейіттердің кейбірі тексіз туған ұрпақтың тебіндісіне айналып бара жатқаны да жаныңа батады. «Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық» деген осы болар, бәлкім. Нұрбике ҚАЗИҚЫЗЫ |
«АРЗАН БАЗАР» атына заты сай болмай тұр |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
09.02.2012 10:19 |
Мәселенің мән-жайы Ел экономикасы қарқынды өрлей бастаған жылдар кәдімгі жайма базарларды біраз азайтып, сауда орындары жабық ғимараттарға көшіріле бастады. Яғни, елімізде «өркениетті сауда-саттық» қалыптаса бастады. Қаламызда «Алма», «Мандарин», «Айтбек», «Мирас», «Ажар» секілді жабық базарлар қатары көбейді. Дегенмен, ондағы бағалар қарапайым халықтың қалтасына ыңғайлы болмады. Содан билік басындағылар «бір оқпен екі қоянды ату» мақсатында «Арзан базар» сауда орнын ашқан-ды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан сауда орны жайма базардың санын азайтып, халыққа арзан өнім ұсынуды көздеген. Алайда, базар атына заты сай болмай тұр.
Қазірде базар бағасын шарықтатпаудың түрлі жолдары қарастырылуда. Тіпті халық көп шоғырланған жерлерге маусымдық жайма базар ұйымдастыруға да рұқсат берілді. Алайда, мамандар санитарлық-эпидемиологиялық тазалығы талаптарға сай келмейтін мұндай ашық жайма базарларды барлық талаптарға сай келетін жабық сауда орындарына көшіруді әкімшілік жолмен қолға алу керек екендігін де айтып жүр. Керек десеңіз, олар осы уақытқа дейін бірнеше базар басшыларымен соттасты. Әрине, бұл жерде азық-түліктің қауіпсіздігі мәселесі жатқаны анық. «Базарларды жабу табысы төмен әлеуметтік топтарға ауыр соқпай ма?» деген сауалдың да туындайтыны даусыз. Өйткені жабық сауда орындарында бағаның ашық базарлардан біршама жоғары болатынын білеміз. Сондықтан жабайы базарлардың жабылғаны біз үшін тиімді ме? Бір жағынан өркениетті елдер қатарына қосыламыз десек, жайма базарларды осы бастан жабу қажет. Ондай жерлерде көбіне тазалық сақтала бермейді. Айналасына көлік қаптайды. Базардан шығатын қоқыстың өзі қаншама?! Яғни, мұның бәрі қаланың сәнін кетіреді. Шынымен де бағаны тұрақтандыру қажет болса, оның көтерілу себебіне талдау жүргізген жөн. Импорт тауарларына жоғары бағаны базарлардағы сатушылар қалыптастырмайды. Мысалы, импорттаушылар баж салығын аз төлеу үшін кедендік декларацияда бағаны төмен көрсетуі мүмкін. Тасымалдау шығындары бар. Оған делдалдарды қосыңыз. Олар қайда жүрсе, сол жерде тауарларға артық ақы төленетіні белгілі. Ал базарды алатын болсақ, ол – бұрыннан келе жатқан сауда жүйесі. Шығыста орналасқан біздің еліміз үшін базар дәстүрдің құрамдас бөлігі де. Нарықтық қатынастар дамыған Батыс елдерінің өзінде базарлар жүйелі түрде қызмет көрсетуде. Көтерме сауда жүйесі қанша дамыған болса да, өзінің артық өнімін, уақытша жұмыспен қамтуды ойластырған адамдарға базар өте қажет нәрсе. Базарда баға біршама жоғары болуы мүмкін, бірақ көп жағдайларда ондағы тауарлар, әсіресе, азық-түлік өнімдері дүкендегідей көп сақталмаған, жаңа әкелінген және экологиялық тұрғыдан таза. Хош, сонымен жергілікті билік «Арзан базарды» ашып, түйіні тарқатылмаған мәселені шешкендей болған. Әрі ондағы азық-түлік бағасын арзан етіп, тазалыққа да селқос қарамайтындығын аңғартқан. Облыс орталығында экономикалық, әлеуметтік маңызы бар коммуналдық базар ашуға жергілікті бюджеттен 180 млн. теңге қаржы бөлініп, “Арзан базар” ЖШС мемлекет меншігіне сатып алынып, коммуналдық базар құрылды. Оған қоса базардың ғимаратында сыйымдылығы 500 тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынды. Маусымдық кезеңде сырттан тасымалданатын өнімдердің тұтынушыға тікелей жету жүйесі қалыптаспайтыны жасырын емес. Осы кемшілікті жоюға аталған базар мұрындық болды. Бірақ кейінгі жылдары аталған базардың басынан қара бұлт арылмай отыр. Тіпті уақытылы жалақыларын ала алмаған базар қызметкерлері басшыларын сотқа дейін сүйрегені есте. Өткен жылдың қыс мезгілінде жылу, жарық үлкен мәселе туғызды. Әрине, қарызға белшеден батқан соң коммуналдық қызмет те дұрыс болмайтыны белгілі. Бала-шағасының нәпақасы үшін саудагерлердің барлығына төзуден басқа амалдары жоқ. Аталған базардың басшылығы соңғы рет өткен жылы ауысқанын білеміз. Арада бір жылдай уақыт өтті, ал басшылығы ауысқан базардың ахуалы әлі мәз емес. - Жасыратыны жоқ, мұнда күрмеуі қиын мәселелер шаш етектен болатын. Қолдан келгенше солардың түйінін тарқатуға тырыстық. Алдымен базардың белшеден батқан қарыздарын жаптық. Жарық мәселесін шештік. Тазалыққа аса мән беріп, техникалық қауіпсіздік мәселесін жүйеледік. Қазір жылу мәселесі қиын болып тұр. Базар ішін тоқ пештермен жылытуға мәжбүр болып отырмыз, - дейді «Арзан базар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Қуат Қалиев. Бұл базардың жыры мұнымен түгесілмейтін тәрізді. Кезінде Тасбөгет кентіне баратын қоғамдық көліктер «Арзан базар» арқылы жүретін. Кейін базарға №17 маршурт қана соғатын болды. Қазір ол да жоқ. Тек базарды соңғы аялдамасы қылған №20 және №9 маршурттар халыққа қызмет көрсетіп тұр. Ол базарға халықтың көп бармайтынының бір себебі осында. Осыдан екі үш жыл бұрын «Арзан базардың» филиалы ретінде қаланың әр шетінде дүңгіршектер ашылған болатын. Қазір олардың бірі де жұмыс жасап тұрған жоқ. Базардың дәл мұндай күйге түсуіне жергілікті биліктің бүйрегі бұрмай отырғандығы да себеп. Әйтпесе кезінде маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасын шарықтатпау мақсатында салынған «Арзан базардың» 500 тонналық қоймасы бос тұрмас еді ғой. Жақында дәл осыған ұқсас тағы бір жоба жүзеге асты. Маусымаралық кезеңде халықты картоп, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге арналған 3250 тонналық сақтау қоймасы салынды. Жалпы, құны 747 152 мың теңгені құраған қойма “Алтын қамба” агроөнеркәсіп комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында бой көтерді. «Арзан базардың» дүңгіршектері секілді «Алтын бақ» дүкендері салынды. Алғашқысынан соңғысының айырмашылығы сол, байқап тұрғандарыңыздай, жоба құны да, қойманың сыйымдылығы да артық. Дүкендер заман талабына сай жасақталған. Билік тарапынан көңіл бөлінбесе, бұл жобаның да бір күні құрдымға кетпесіне кім кепіл? Т.ӘЛЖАНОВ |
ТОҒЫЗ АЙ ӨТТI, ТЕЛЕФОНЫМ ӘЛI ТАБЫЛҒАН ЖОҚ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
09.02.2012 10:15 |
Халықтан “Халыққа“ хат Қазір біз ұялы телефонсыз өмір сүре аламыз ба? Жоқ. Кәрінің де, жастың да қолында жүретін ұялы телефон біздің сенімді серігімізге айналған. Егер ол жоғалса, Сіз не істер едіңіз? Әрине, үнемі жаныңызда жүретін болғандықтан жан-жағыңызды қармалап іздей бастайсыз. Бір отбасынан жыл ішінде бір емес, үш телефон жоғалды. Үйден және жұмыс орнынан ұрланған. Телефонның ұрланғанын мәлімдеп, ішкі істер басқармасына арыздансақ, полиция қызметкерлері түсінік жаздырып алғаннан басқа ешқандай шара қолданған жоқ. «Иә, апай, осындағы жігіттер іздейді ғой. Бұл – біздің жұмысымыз», - деді арызды қабылдаған қызметкерлер. Содан бері тоғыз ай өтті, әлі хабар жоқ. Табылмаған болу керек. «Неге табылмайды?» - деп сұрадым. «Небәрі бес мың теңгенің соткасын кім іздейтін еді, одан да оның орнына жаңасын сатып алмайсыз ба?», - деп өзімізге ақыл айтты. Қажет емес деп, кім бес мың теңгені көшеге тастап жатыр екен? Мұның себебі жалқаулыққа, салғырттыққа бой алдырудан деп ойлаймын. Сонда ішкі істер қызметкерлері не үшін жалақы алып отыр? Әсіресе, ескі базар маңында отыратын полиция инспекторлары ешқандай нәтижелі жұмыс атқармай жүр. Қашан көрсек те, есігі жабық тұрады. Қазір мен ұялы телефонсыз жүрмін, оны сатып алатын жағдайым да жоқ. Ал осы сауалдарға телефон іздейтіндер не айтар екен?! Менің білуімше, IMEI-номер телефон неше мыңдық болса да, бағасына қарамай-ақ ғаламтордан көрініп тұрады екен. Тек оны іздейтін адам болса деңіз. Осыдан кейін неше қайтара түсінік жазғызып, сонша әуреге салып, аяғында зым-зия жоғалып кететін полиция қызметкерлеріне халықтың сенімі жоғалмайды деп кім айта алады?! Редакциядан: Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасындағылар арызданушылардың арасынан оқырманның аты-жөнін таба алмады. Соған қарағанда, арызды өзі емес, үй-ішіндегілердің бірі жазған болуы мүмкін. Ұялы телефон қалтаға қол сүңгіткен ұры-қарының оңай олжасына айналғалы қашан?! 2010 жылы қалалық ІІБ-на қапыда соткасынан айрылып қалған 250 адам шағым түсірсе, бұл көрсеткіш бір жылдан кейін бірден 1 351-ге көбейген. «Алдында телефонының ұрланғанына көзі анық жетіп тұрса ғана арызданатын. Қазір оған қарамайды, белгісіз жағдайда жоғалтып алса да, полицияға жетіп келеді. Ал арызды қабылдамауға біздің қақымыз жоқ. Жәбірленуші жақтың ішінде жалған сөйлеп, керісінше, өздері істі болған жағдайлар да кездесті», - дейді басқарманың БАҚ-пен байланыс жөніндегі қызметкері Л.Рысдәулетова. Дегенмен, оқырман қозғап отырған мәселенің барын және оның орынсыз еместігін мойындауға тиіспіз. Полицейлер кең тараған бұл қылмыстың алдыңғы жылы тек 19,4 пайызын, ал былтыр 60 пайызын ашқан. Қалғандары бойынша ұры-қарылар тайраңдап жүр деген сөз. Жыл басынан бері «Евразия» спорт кешенінде әлдебіреудің қалта ұрлығымен айналысып жүргендігі жөнінде ІІБ-да 6 дерек тіркелген. Қазіргі күні жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді. Осылай деп хабар таратқан қала прокурорының аға көмекшісі С.Жәрекеев халықты қылмыс құрбаны болмау үшін қоғамдық орындарда ақшалары мен құнды заттарын қымтап ұстауды ескертіп отыр. Нағима ДОСАНОВА, Қызылжарма ауылы, Қызылорда қаласы |
КИЕНІҢ КЕСАПАТЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
09.02.2012 10:14 |
Түн. Бөлме іші тастай қараңғы. Мүлгіген тыныштықты арасында ауылдың шәуілдек иттерінің үні бұзады. Төрт күнге созылған қарлы боранның дәурені өтіп, қыстың мамыражай түні орнаған. Кешегідей емес, ауа райы да сәл жылып, тіршілік біткен иығынан ауыр жүк түскендей күйде. Боранның әсерінен ауыл жарықсыз қалғаны болмаса, ел іші қалыпты тіршілігіне көшкен. Күннің суықтығынан өзге бөлмелер салқындау болғасын Асқар пеші бар асханаға жататынды шығарды. Әйтпесе, әкесі барда салынған он екі бөлмелі зәулім үйден бөлме табылған жоқ емес. Соңғы уақытта Асқар үй ішінде шылым шегуге дағдыланып алды. Асқар жатқан керeует әлсін-әлсін сықырлайды. Мұндай ұйқысыз түндері соңғы уақытта жиілеп кетті. Түйе жүн көрпесін аяқ жаққа ысырып тастап, шылым тұтатты. Ауыр күрсініп, қабырға жақтауында ілулі тұрған суретке үңілді. Осыдан екі жыл бұрын, бауырлары аман, әке-шешесі тірі бақытты шағы көз алдына елестеді. Темекіні сораптай тартып, өміріндегі боранды уақыттарға көз жүгіртті. Қыстың жерге ең алғашқы қары түскен шақта Асқар мылтығын асынып, қансонарға аттанды. Аңшылық қасиет әкесінен дарыған болатын. Бүгінде Асқар ата кәсібін тастамай, жалғастыруда. Ауылдан ұзамай-ақ аңшы қанжығасын майлады. Екі қоян мен қырғауыл дорбасының түбінен орын тапқан. Аңшылыққа бейімделген Алыпсоқ тасадан жемтікті шеттетіп шығарып, Асқардың атуына бейімдейді. Ауыл қарасы үзілген шақта аңшы бағытын Сарыкөлге бұрды. Сол маңдағы малшы ауылына соғып, аққа мұртын малуды, көлден құс атуды мақсат тұтқан болатын. Аты малшы ауылы болғанымен, мұнда Шоңбайдың үйінен басқа ешкім жоқ. Ауылдың сиырын бағып, нәпақасын табатын бақташы қария бұл маңды мекен еткелі қашан? Ағарған сағынған жан ауылдан алыс емес малшылардың қонысына ат басын бұрып, айраннан ауыз тиіп жатады. Тіпті, құдайы қонақ болып, жатып алатын кездері де болады. Әсіресе, мұнда аңшылар жиі соғып, көл құстары мен балығына қырғидай тиетіні бар. Шоңбай қарт та қолы ашық, мейманшыл жан. Сарыкөл мен малшылар қонысының арасы таяқ тастам жер. Қыстың қай мезгілі болмасын, бұл көлдің берекесі тасып, аңшылар мен саятшыларды бір ренжітпейді. Қыс айларында мұз астындағы балығы, өзге мезгілдерде құсы мен аңы талайдың қанжығасын майлап, ырысын тасытып жатады. Асқар бүгін дорбасын қаз-үйрекке толтырып, әкесіне майлы табиғи еттен ауыз тигізбек. Әкесі сатып әперген мылтықтың арқасында аңшы жігіт әрбір аңға шыққан күнінде құр қайтпайтын-ды. Бұл жолы да солай болмақ. Асқар Шоңбайдың қыстауына жақындағанын аңғармай да қалды. Малшының үйі түтіні бұрқырап, мен мұндалап, қызықтырып тұр. Шоңбай қарт та атынан түсіп, аңшыға ұзақ қарап қалды. Сірә, Асқарды жақында тіктірген түлкі тымағынан танымаса керек. Кепе маңына жақындаған Асқарды көріп, жымиды да: - Аңшы бала, дәл уақытында келдің. Кеше батыстан бір топ құс келді. Сірә, саған бұйырған шығар. Бірақ, кеше бес-алты жігіт келіп қонып, таң қылаң бере көлге бағыт алған-ды. Несібеңді атып қояр ма? - Ассалаумағалейкум. Амансың ба, ақсақал? Ай, несі бар, алсын. Мына қос ауыздан құтылар деймісің қалғаны? - Жә, құс қашпас мылтығыңнан, үйге жүр. Мен де малдан жаңа келдім. Азанғы сәресімді ашпаған ем, ауқаттанып алайық, - деді де қарт аңшыны ертіп үйге беттеді. Үй іші жылы. Шағын екі бөлмелі үйдің қабырғасы түлкі, қасқыр терісінен көрінбейді. Дастархан да жайнап тұр. Құрт, май, бауырсақ, ірімшікке көмкерілген берекелі дастарханға жайғасты. Шоңбайдың бәйбішесі даярлаған шайды терлей отырып ішкен аңшы жігіт маужырай бастады. Тіпті, шаршағаны енді білініп, буын-буыны босап ұйқы қысты. Еріксіз жұмылып бара жатқан көздерін уқалай салып, орнынан жігерлене тұрды да: - Қой, ақсақал, жеңгейдің шайынан соң ұйықтап қалар жайым бар. Ана жігіттер құсты қырып кетпейінше мен де өз несібемнен құр қалмайын. - Мақұл дейік. Жылы-жұмсағыңнан дәм татқызуды ұмытпассың. Атты міне кетіп, суара саламысың, әрі жолыңды қысқартады, - деп қарт малшы терлеген маңдайын сүртті. - Жарайды, Шәке. Менің соқпай кеткен күнім болды ма? Осылай ренжітесіз-ау, - деп қарқылдай күліп Асқар есікке беттеді. Атқа отырысымен, көлге жақындады. Құстарды шошытпайын деп, көлігін төбе жанындағы жыңғылға байлады. Көл жағасындағы қалың қамыстың арасына ептеп еніп, көл ортасына көз жүгіртті. Көл беті құстан көрінбейді. Асқар жайлап басып су бетіндегі құс тобына мылтық кезенді. Қос құлақшаны бірдей тартып, қос шүріппені қатар басты. Көл бетіндегі қаз-үйрек топырлай көтерілді көкке. Ал Асқар мылтықты қайта оқтап, қайта атты. Ұшқан құстардың дені көтеріліп үлгерді де, үш-төртеуі су бетіне жалп етті. Аңшы жігіт жүгіре басып, Шоңбай қарттың қайығы тұрған орынға беттеді. Жалма-жан ескекті есіп, көл ортасындағы құстарды жинай бастады. Кенет жаралы аққуды аңғарды. Құс жанталасып, көкке көтерілмек ниетте. Сынық қанаты дес бермеген соң қайықтан қашыққа кетуге тырысты. Асқар жаралы құсты қауырсынынан ұстай алғанда, құс та жанталасып, шоқып алды. Қанатын сабалап, дес бермегіне қарамай қайыққа салды. Бір аққу көл бетінде айналшықтап ұшып жүр. Қанаты сынған аққудың бауырында оқтың мылжаланғанын аңғарған Асқар құстың жаны қиналмасын деп лажсыз бәкімен бауыздап тастады. Жағаға жақындап, қайық жақтауына отырған шақта сыртынан: - Алла-ай, балам, не қылдың? Киесі ұратын болды ғой енді. Қарамадың ба атар кезіңде? - деген Шоңбай қарттың сөзін естіді. - Ақсақал әдейі емес, байқамай қалдым. Барын білгенде атпас та едім ғой. Үйрек, қаздың ішінде осы да бар екен. Не шарам бар қылар?! - деп Асқар тымағын атып ұрды да, төмен салды басын. - Е-е, Асқар балам, тағдырдың жазуы да! Өзіңе-өзің қылдың-ау. Апар да аққуды көміп таста, ит-құсқа жем қылма бейшараны. Басы салбыраған күйі аңшы жігіт аққуды аяғынан көтеріп, көл жағасындағы төбеге көмді. Қарт малшыға үйректің барын тастап, өзі ауыл қайдасың деп тартып отырды. Киенің ұратынын сезгендей... * * * Сол оқиғадан бері бар-жоғы екі-ақ жыл өтті. Бірақ сол екі жыл өмірінде соққан бораны болды. Алғашында әкесі қайтты. Онан соң анасы, қос інісі, қарындасы жол апатына ұшырап, түгел мерт болды. Үйленген жары да бірінші баласын босану үстінде өмірден озды. Сол екі жылда отбасы ойрандалып, Жантастың шаңырағының шырқы кетті. Аққуды атқан Асқарды бүгінде ауыл жұрты кие ұрған адам дейді. Олай дейтін себебі, Шоңбай қартқа барған аңшылар ауылға жеткізген. Әңгіме желдей есіп, ауылдың өсекші әйелдеріне таралған сыңайлы. Кие ұрған отбасымен қатынасу да ауыл адамдары үшін өліммен бірдей. Жалғызбасты Асқар бүгінде өзіне келер киенің кесапатын күткен секілді... Д.САДЫҚ |
КИЕ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
09.02.2012 10:12 |
Марал кішкентай күшікті үйіне алып кірді. Анасы Шынар терісіне сыймай ашуланып, сыртқа шығартып тастады. Шешесінен қорыққан қыз күшікті көшеге қоя берді. Көршілеріндегі Құтжол жыл сайын күшіктейді. Қыс айы болғасын, үй иесі суықта үсіп қалады деп ойласа керек. Сұрағандарға таратып жатқан болатын. Марал да балалармен бірге біреуін үйіне әкеліп еді. Анасынан басы бәлеге қалды. Шынар өзі ит, мысық дегенге жаны қас. Жанына жуытқысы келмейді. Әкесі қызының көңілін қимаса керек, «болмайды» деуге бата алмады. Содан бері Маралға ермек табылды. Ағасы есік алдындағы ағаштарды құрастырып, үйшік жасады. Марал Ақтөске қатты бауыр басты. Сабақтан келген бойда күшігімен ойнайды. Сол үшін шешесінен талай мәрте сөз естігені бар. Ақтөс әдемі күшік болып өсіп келеді. Өзі сондай сақ. Үйіне бөтен адам келсе, үріп шығады. Үй иелері оның саққұлақтығына дән риза. Бірде Марал ата-анасымен көкесінің үйіне қонаққа баратын болды. Ағасы үйленіп, той жасап жатқандықтан, бірнеше күн қалада қонуына тура келді. Марал күшігін қимай, біраз қиналды. Қараусыз қалса, күні не болады деп уайымдап жүр. «Екі күнге ештеңе етпес» деді әкесі. Маралдың іші сезген екен. Екі күнді әрең болдырды. Аулаға енгеннен күшігі алдынан шықпады. Кенет есік алдында сұлап жатқанын көріп, жылап жіберді. Аузынан ақ көбігі ағып, тістері ақсиып қалыпты. Қай жауыздың дәті барып, өлтірді екен. Кейін білді, көрші әйел үйін айналшықтап шықпай қойған соң дәрі беріпті. Марал осыдан кейін Сақыпты жек көріп кетті. Күшіктің не жазығы бар?.. Көп ұзамай Сақып тамақ ауруына ұшырады. Жасамаған емі, қаралмаған дәрігері жоқ. Олардан қайран болмаған соң емші-тәуіпті жағалады. Алланың құдіреті десейші, аурудың емін таппай, қатты қиналды. Бірде Марал анасының әкесіне айтқан әңгімесін естіп қалды. Сақып: «Жазығы жоқ күшікті бекер өлтіріппін. Енді соның азабын тартып жатырмын», - деп жылаған көрінеді. Мұны естіген қыз күшіктің киесі ұрғанын түсінді. Ақтөстің аянышты халі көз алдынан кетпейді. Марал Сақыпты қатты аяды. Тамағынан ас өтпеген қиын екен. Көздері үңірейіп, азып кетіпті. Ауырмай-сырқамай бәлеге ұшырағаны түсініксіз. Білікті дәрігерлер ауруының себебін анықтай алмай жүр. Сақып соңғы кезде Маралдың күшігін жиі ауызға алатын болыпты. Түн баласы ұйқы көрмей, жылап шығатын көрінеді. Шырқыраған даусы кісінің денесін түршіктіреді. Қыздың кішкентай жүрегі езіліп кетердей. Төсекте жанын қоярға жер таппаған Сақыпқа аянышпен қарайды. Көз алдына тісі ақсиып, көздері жәудіреген Ақтөсі келе береді... ҚАЛДЫҚЫЗ |
АРАЛАС һәм АЗАМАТТЫҚ НЕКЕ қазаққа қайдан келді? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Ой-талқы |
09.02.2012 10:08 |
Кереғарлық АЗ ХАЛЫҚТЫ ЖҰТУДЫҢ АМАЛЫ Адам тән құмарлығынан тоят алу үшін емес, шаңырақ көтеру, ұлт келешегін баянды ету, өз өмірін, ой-сезімін тәртіпке келтіру, тән құмарлығын тізгіндеу үшін үйленеді. Кім-кім де өмірлік серігін сұлулығына, әсемдігіне ғана емес, ақылына, тәрбиесіне қарап таңдайды. Сондай-ақ ұлтына қатты көңіл бөлетіндер мен оған назар аудармайтындар да бар. Соңғысы, яғни аралас неке – ұлты бөлек екеудің жұп жарастыруы. Аралас неке саны елімізде 1950 жылдары тың игеру кезінде күрт өсті. Жыл соңына қарай 23 пайызға дейін көтерілген. 1979 жылы шаңырақ көтеруші әрбір бесінші жұпта бір-бірінің ұлтына мән беру болмаған. Тек 1980 жылға қарай бұл көрсеткіш бірден 9,7 пайызға төмендеді. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетте мұны заңды құбылыс ретінде қабылдауға болатын сияқты. Жыл сайын қиылатын 100 мың некенің 20 пайызы немесе 20 мыңы аралас. Бір таңғаларлығы, қазақ бойжеткендері шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуды өздері қалайды екен. Өзге ұлттың өкілдерімен некелесушілердің 50 пайызы – ресейліктер. Келесі орында Қырғызстан мен Өзбекстан тұр. Ал Қызылорда облысы бойынша АХАЖ бөлімінің ақпаратына сүйенсек, аралас некеге тұрғандар саны 2010 жылы 50-ді, 2011 жылы 37-ні құраған. - Шариғат бойынша еврей мен христиан дініндегі қыздардан қазақ жігіттеріне әйел алуға рұқсат етіледі. Ал бойжеткендерімізге, керісінше, бұл діндегі азаматтарға тұрмысқа шығуға болмайды. Неге дейсіз ғой? Себебі ер азамат – отбасының тірегі, отағасы ретінде сүйіп қосылған жарын өзі ұстанатын дініне тартуы мүмкін. Қандай да бір үлкенді-кішілі отбасының басқарушысы ретінде ол береке-бірлікті сақтап қалу үшін осындай қадамға бара алады, - дейді «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің найб-имамы Асқар Жұбанов. – Екі жас отау құрар болса, онда ұлтта тұрған проблема жоқ деп есептеймін. Тек олардың арасындағы сезім махаббатпен ғана шектелмеуі керек, сонымен бірге сабырлылық, рақымшылық, сыйластық та болуы ләзім. Өйткені қазіргі кезде «сүйдім-күйдім» деп үйленіп, кейіннен мінездері жараспай, ажырасып кетіп жатқандар аз емес. Расында, жан-жақты ойластырылмай құрылған отбасылар әрдайым бір жақтың далада қалуымен, тастанды балалардың жетімдер үйінің кезекті тұрғындарына айналуымен және адамдардың жүрегін жаралаған қылмыстармен ғана есте қалмақ. Сондықтан отбасын құрып, некеге тұрарда терең ойлану керек. Асықпай шешім қабылдаған жөн. Аралас некенің шектен тыс көбеюі салдарынан жеке ұлттың немесе мемлекеттің жойылып кетуі әбден мүмкін. Әрине, адамдардың кімге үйленуі әркімнің өз еркінде. Алайда, аралас неке аз халықты жұтудың амалы сияқты. Мұны зерттеуші ғалымдар да айтып жүр. Сол себепті аяғын енді ғана тіктеп келе жатқан елдің болашағына балта шаппас болар!
ЕСЕПТЕ ЖОҚ ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛЫҚ ӨМІР Азаматтық неке ұғымы 1580 жылы Нидерландияда пайда болды. Кейін, 1791 жылы Францияға, 1836 жылы Англияға, 1875 жылы Германияға, 1917 жылы Ресейге тараған. Енді біздің елге келді. Оның өзгешелігі – мемлекеттік органның тіркеуінен өтуді қажет етпейтіндігінде. «Неке және отбасы» туралы заңда ол туралы ешқандай түсініктеме берілмеген. Сол себепті заң өкілдері мұны әзірге «бейресми некелесу» деуден әрі аспай отыр. Бүгінгі күні азаматтық некеде тұрып жатқандар жетерлік, оларға таңғалуды қойдық. Мамандардың пайымынша, тіркеуде жоқ жұптардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, ажырасып тынады екен. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанады. Сонда қаншама қазақ қыздары ешқандай құжатсыз, некесіз өзі қалаған жігітімен бір шаңырақ астында тұрып, тұрмыс кешіп жатыр! Мінездері жараспаса, ажыраса салады. Екінші рет өзгемен көңіл жарастырып, сол кісімен жаңаша өмір бастауға бар. Көбіне бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе карьера қамын ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар азаматтық некеге тұруды құп көреді екен. Соның салдарынан талай сәби некесіз туылуда. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 22 пайызды құрап отыр. Бірақ Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова «некесіз туған бала» деген пікірмен мүлдем келіспейді. - Өз басым аралас некеге де, азаматтық некеге де қарсы емеспін. Себебі аралас некеде тек ұлтта ғана өзгешелік бар. Әр ұлттың өз менталитеті, ұстанатын салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бөлек. Сондықтан аралас неке құрарда бұл жағдайлар қолайсыздық тудырмас үшін өзара үйлесімділік, сыйластық болу керек. Үлкен қадамға барарда алдын ала дайындалып, сол ұлттың дәстүрлерін толық меңгеріп кетпегенмен, хабары болғаны дұрыс. Сонда ғана ол отбасы ұзақ жасайды, - деген А.Аяғанова ойын одан әрі сабақтады. – Азаматтық неке ұғымы да қазіргі кезде қоғамға таңсық емес. Оған да қарсылығым жоқ. Өйткені осыдан 10-20 жыл бұрынғыдай берік, мықты, тату отбасыларының саны азайып барады. Ендеше неге азаматтық некеде тұрып, алдымен бір-бірін жақсылап танымасқа?! Үлкендер жағы балаларының жар таңдаудағы шешімдеріне араласпаса екен деймін. Еліміздегі дағдарыс орталығына жыл сайын азаматтық некеге тұрып, алданып қалған 15-20 шақты әйел көмек сұрап келетін көрінеді. Психологтардың пікірінше, нәзік жандылар көбінесе күйеуім бар деп сенсе, ер азаматтар оларға тек көңілдес ретінде қарайды екен. Ал екі ортада бала болса ше? Исламда бала тәрбиесі әке мен шешеге тең жүктелген. Ислам діні жастардың отбасылы болуына айрықша мән береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Неке – менің сүннетім, кім менің сүннетімнен бет бұрса, ол менің үмметім емес», - деген. Неке қидыру дегеніміз – ер мен әйелдің адал жолмен қосылып, перзент сүйіп, киелі шаңырақ көтеруі. Аллаһ алдында ақ некесін қиғызу – ислам дінінің, жергілікті АХАЖ бөліміне тіркеліп, неке куәлігін алу – заңның талабы. Ендеше, әрқашан адал жолмен жүріп, Аллаһтың сүннетінен алыстамайық! Жансая ЖҮНІСОВА, ҚМУ-дің студенті |
ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ҮШIН ҚАНША ҚАРЖЫ ҚАЖЕТ? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Сергек |
09.02.2012 10:07 |
Cоңғы жылдары Сыр елінде бұқаралық спортқа бетбұрыстың артқандығы байқалады. Дегенмен, бұқараның сергектікті серік етуіне әлі де жағдай толық жасалған жоқ. Мәселен, облыс орталығында санаулы ғана спорт кешені бар. Бірақ олардың қызметін пайдалануға қарапайым халықтың мүмкіндігі жоқ. Солардың бірқатарын аралап, дене шынықтыру үшін қанша қаржы керек екендігін бағамдап көрдік. Халық жиі бас сұғатын «Евразия» мәдени спорт кешенінде жүзу бассейнінің қызметі үшін 12 жасқа дейінгілер бір сағатқа 200 теңге төлеуі қажет болса, 16 жасқа дейінгілер - 300, ал үлкендер 600 теңге төлейді. Жаттығу залында дене шынықтыру сағатына 500 теңге болса, боулинг ойнау үшін 1000 теңге төлейсіз. Бұлардан өзге аталмыш кешенде футбол, гандбол ойнауға, ролик, коньки тебуге мүмкіндік қарастырылған. - Жүзу бассейніне күніне 850 адам келсе, жаттығу залына 595 адам, боулинг орталығының қызметін 132 адам тұрақты пайдаланады. Кешенде жылына 650 880 адам түрлі секцияларға қатысады. Жалпы, спорт кешеніне келетіндер саны бұрынғыдан екі есеге артты, - дейді коммерция бөлімінің бастығы Ділдагүл Тілеубаева. Облыс орталығында жаңадан ашылған теннис орталығы айына жасөспірімдерге 7000 теңгеден, ересектерге 12000 теңгеден бастап қызмет көрсетеді. Ал, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ спорт кешені аталған компания қызметкерлерінің балаларына ақысыз қызмет көрсетсе, қарапайым жұрт ақылы түрде денесін шынықтыра алады. Міне, көріп отырғанымыздай, әлі де болса қарапайым халықтың арнайы жабдықталған спорт кешендерінде жаттығуға мүмкіндігі жоқ. Тапқан табыстары шайлығынан аспайтын қарапайым халық денесін шыңдауға спорт ғимараттарына барады деу қисынға келмейді. Сара ОМАРОВА, ҚМУ-дің студенті |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>