Өзекті мәселелер

  • 15.02.18

    Дария демі ішінде. Ақпан басталғалы Сырдарияның маңына жақын орналасқан жұртшылық арнасынан асқан өзен суынан қауіптенгені белгілі. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Бұл туралы облыс­тық  жұмылдыру дайындығы бас­қармасының басшысы Серік Сермағамбетов өңірлік ком­муни­ка­циялар қызметінде БАҚ  өкіл­деріне мәлімдеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Көпшілік ортада кейбір баланың іс-әрекетіне, қылығына қарап, оның тәрбиесіне баға береміз. Өйткені бала ес білгеннен бастап ата-анасының іс-әрекетін қайталап, айтқан сөздерін жаттап, санасына тоқып алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осының дәлелі іспеттес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға, балаларға тәрбие жөніне келгенде көңіліміз толмайды. Өйткені, (барлығына бірдей топыр...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Алланың адам баласына берген­ сыйы – жарық дүние. Сол дүние есігін ашқаннан бастап өмірден озғанға дейінгі уақыт ол әр адамның өз еншісінде. Ата-ана үшін өмірдегі ең маңызды сәт – сәби сүйіп, тұлға етіп тәр­биелеп, жетілдіріп, ел қатарына қосу. Бұл – әрбір ата-ана үшін алдыға қойған бірінші мақсат. Мұндай  бақыт  біреуге  бұйырса, біреу  осыған  жете  алмай  жүр.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Әңгіменің төркінін тақырыптан-ақ бажайлаған боларсыз. Иә, мәселе жұдырығын жұмса ашпайтын, ашса шаш­пайтын  нағыз Шықберместердің ізін жалғап, өкшесін басып­  келе жатқан жігіттер жайын­да болмақ. Жомарттық, мәрттік, кеңдік, ол – кісінің алдын­а қысылмай кең құлаш даста­рқанын жайып, қолында барын төге салатын, тіпті қажет болған жағдайда жарты бай­лығын теңдей бөле салатын адам. Сіз бен бізде,...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жауды...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 15 Ақпан 2012

КЕДЕН «КЕКІРІГІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.02.2012 11:41

Апыр-ай, ә!

Қазір кеден дегенде, көл-көсір ақша мен көлбеңдеген бейнелер һәм келеңсіз кикілжіңдер көз алдыңа келеді. Экспорт пен импорттың игілігін мемлеке­тіміз де көріп отыр, «көрінбейтін көкелер» де көріп отыр. Бір сөз­бен айтқанда, қазіргі кеден төңірегінде өр­біген әңгіме тым үрей­лі. Өйткені пәлеңшекеңнің жегені мен түгеншекеңнің жұтқаны өздеріне сор болып жабысады. Содан да кеденге келетін де, кететін де көп. Былтырғы кеден маңайындағы сыбай­лас топтың үш жетекшісінің қыруар аста-төк байлығымен мәшһүр болғаны, комитетке төрт жыл қо­жалық қылған Қозы-көрпеш Кәрібозовтың ерте жарықта табанын жалтыратқаны, іле-шала Ішкі істер минис­трлігімен қош айтысқан Серік Баймағанбетовтың «нағыз жіліктің» майлы басын ұстағаны – бәрі-бәрі қоғамды бейжай қалдырмаған-ды. Сол жолы жұрт «Баймағанбетов кеден­ жұмысына жаңа серпін әкеле алар ма екен?» дескен. Керісінше, у-шуы көп кеден бекеттеріндегі былық үдей түспесе, кеміген жоқ. Ақырында бір жылға жетпей Баймаған­бе­товтың да аяғы аспаннан келді.

 

Жасыратыны жоқ, Қазақстанның кеден салас­ы айқай-шудан арылмай-ақ қойды. Қаржысы көп, соған байланысты болар, дауы да көп. Тіпті, бұл құрылым қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке көп тартылатындардың қатарында тұр. Қызметкерлер арасын сауат­сыздық жайлаған. Бұл нені білдіреді? Тойын­ғандықты, содан да кеден­ «кекірік» атып тұр. Кедендегі келеңсіз­дікті, былықты көріп жаңа басшы Есенбаевтың да есі кетіп, жағасын ұстап отыр. «Таңертең ақпараттарды оқып отырсаң, соғыс кезіндегі мәліметтерге ұқсайды: «біреуді-біреу атып кетіпті, біреуді бауыздап тастапты» дегеннен көз ашпаймыз. Неліктен мұндай қылмыстар бұзақы топтарда емес, кеден департаменті қызметкерлерінің арасында болады? Кеден комитетінің Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және өзге де департа­менттерінде тәртіп орнай ма? Бұл өте күрделі мәселе. Ақиқаты, алқа отырысынан кейін жиналып, қитұрқылыққа салмай, жұмысты неге ретке келтіре алмай отырмыз деген мәселені көзі­мізге тура қарап отырып талқыл­аймыз»,- деді келмей жатып, кедендегі «соғыстан» жүрегі шайлығып қалған бас кеден­ші ведомствоның апта басындағы алқа отырысында.

Бұрын басшылары қол астындағылардың қатесін жасырып, статис­тиканы түзеп әлекке түсетін. Бұл жолы басқаша өрбіді, бәрін өздері жайып салды, ашығын айтты. Тіпті, өткен жылы Кедендік бақылау комитеті офицерлерінің үсті­нен қанша рет қылмыстық іс қозғалып, қаншасы қамауға алынғаны да айтылды. Бақсақ, 2011 жылы кеден органдары қызметкерлеріне қатысты республика бойынша 65 қылмыстық іс қозға­лыпты. Бұл туралы комитет төрағасының орын­басары Александр Кочубей мәлiмдедi. “Қылмыстық iстер қызметте жалғ­андық жасау, қызмет бабын асыра пайдалану, салақтық, әрекет­сiздiк, пара алу, алаяқтық, өзгенiң мүлкiн иелену баптары бойынша қозғалған”, - дедi А.Кочубей. Төраға орынбасарының айтуынша, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 51 қылмыс анықталыпты. Басшылық құрамдағы үлкендi-кiшi­лi 40 шенеунiктiң тәртiбi қаралған. «Департамент басшылары жауапкер­шілікті әртүрлі түсінеді. Кейбірі қарамағындағы қызметкерді жұмыстан шығарады, енді бірі сөгіс берумен шектеледі», - деді ол. Былтыр Кедендiк бақы­лау комитетiнiң шендiлерiне қатысты   827 қызметтiк тексеру жүр­гiзiлiп, 1022 қызметкер тәртiптiк жауапкер­шi­лiкке тартылса, бұлардың 50-i жұмыстан шы­ғарылған.

Бір қызығы, жақында ғана «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен қамауға алынған аталмыш комитеттің экс-төрағасы Серік Баймағанбетов жайында әріп­тестері жиында жақ ашпад­ы. Ал, комитет төрағасының орынбасары А.Кочубей бұрынғы басшының заңға қайшы әрекеттері туралы асығыс шешім қабылдамауды және сот шешімін күте тұруды ұсынды. «БАҚ-тан баршаның құлағдар болғаны, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған. Осыған қатысты айтылып жатқан нәрселер көп, өкінішке қарай, соңғы уақытта оның бәрін түгел оқып отыруға уақыт жоқ, бірақ ба­сылымдарда «ақылға қонымсыз» нәрселер де жазыл­ған. Сену қиын. Сот процесі болып жатса, мұның бәрі дәлелденер немесе жоққа шыға­рылар. Бұл туралы маған әзірге айту қиын», - деді ол.

Айтпақшы, көп ұзамай барлық кеденшілер погондарымен қоштасады. Қайта аттестация­дан өтеді. Содан соң жеке құрамның 13 пайы­зы ғана иықтарындағы жұлдызды қайта тағады. Қалғандары құқық қорғау қызметтерімен айналыспайды. Аза­маттық топқа теңеледі. Яғни, пара талап етіп, өткен-кеткенге алақан жаю азаймақшы. Бұл – жаңа басшының жем­қорлықты жойып қана қоймай, қабілетсіз кадр­ларды орнынан алып, комитетте «жаппай тазар­ту жүргіземін» деген­ уәдесі.

Сонымен, кедендегі келеңсіздікті кім тоқ­тата алады? Күн сайын жаңаша сипатпен түр­леніп келе жатқан кеден туралы әңгімені одан әрі құбылтпауға, өршіт­пеуге кімнің ерік-жігері жетеді? Жаңа басшы Мәжит Есенбаев та осал жан емес. «Айыл тартпаны» бос ұстай қоймайды. Бірақ, Есен­баевтың есін шығарған кедендегі «соғыс» еш­қашан толастаған емес. Қылмыс әлемінің жазылмаған заңы сол, көлеңкелі ақша жүрген жерде айқас та толас­тамайды...

 

Н.АҚПАН

 


ЖАЙЫМБЕТОВ НЕГЕ ЖЕКIДI? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
16.02.2012 11:39

БОС   УӘДЕ

Алдында «Көлік қызметі» еді, кейін «Көлік сервис» боп өзгерді. Атауы ауысқанмен, проблема сол баяғы. Өткен жылы тендер кезінде уәдені үйіп-төккен мекеменің төңкеріп тастағаны шамалы. Мар­шруттарды ықшамдады – бары сол. Қай-қайсысының да қайығы судан өткеннен­ соңғы тірлігі осы ма деп ойлайсың.­

Басшы-қосшылардың басын қосқан­ тұрақты кеңесте қала әкімі Мархабат Жайымбетов қызмет сапасы сын көтермейтін саланың қожа­йындарын сөзбен «сабап» алды. Кассирлердің биылдан қалмай бірыңғай үлгіде киіне­тіні, жолаушылардың билет­пен жүретіні кезекті уәденің бірі боп қалып отыр.

 

 

- Кешегі күн суықта ешқандай көлік шыққан жоқ. «Әкелеміз» деген 200 маршрут қайда? Жыл сайын көліктерді 15-20 пайызға жаңартатын болғансыңдар. Солардың бірде-бірі орындалған жоқ, - деп, әкім тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жағдайды қатаң бақылауды тапсырды.

Оны айтпағанда, қоғамдық көлікті көп күту, автобустардың адамды аузы-мұрнынан шыққанша толтыра тиеп алып жүруі жолаушылардың шыдамын тауысуға таяды. Қол көтерген оқу­шыларды адам құрлы көрмейтін де жағдайлар аз ұшыраспайды.

- №18, 20, 23, 2 маршруттар балаларды алмайтын көрінеді. Бұл не деген масқара! Сондағы шофер­лардың өздерінің де балалары бар емес пе?! - деді М.Жайым­бетов.

Қыстың көзі қырауда тіпті қиын, оқушылар сабақтан кешігеді. Шаһар басшысы осыдан кейін өзі де бір сәт жолаушы кейпіне еніп, аялдамаларда маршрут күтті. Сол арада жұртпен тілдесті. Естігені мен көргені өзі айтқандай еді...

 

СОҢҒЫ  ЕСКЕРТУ

Қала жолдарының ақ қар, көк мұздан толық аршылма­уы да – көзге күйік болған көп мәселенің бірі. Тазалық жөніндегі штаб отырысында М.Жайымбетов жауапты мамандарға қадау-қадау тапсырмалар жүктеді. «Көркейту» мекемесінің басшысына соңғы рет ескерту жасады.

- Орталық көшелердегі тротуарлар, жолдар мен аялдама­ларға түгел тұз себіңдер. Әйтпесе, ерітіп жібе­ріңдер. Егер сыннан қорытынды шығармайтын бол­саңыз, жұмыстан кетесіз, - деді ол.

Қаланы таза ұстауды теңдей міндеттеп алған «Пристань­», «Сантехстрой», «Сервис дима» сынды мердігер­ мекемелердің де бітіріп жатқаны шамалы. Әкім айтқандай, бірде-бірінің техникасы жоқ. Жұмысты ұйымдастыра алмайды. Құрал-сайманын түгендемей, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұларды­ қалай жұмысқа жегіп қойғаны түсініксіз. Санитар­лық жедел топ мүшелері апта бойы көше-көшені аралап шыққандағы өздері куә болған жағдайларды баяндады. Шет аймақтарды былай қойғанда, ор­талық көшелерде күл-қоқыс тау болып үйіліп жатыр.

- Неге айыппұл салмайсындар? Неге кешірімшіл­сіңдер? Күл-қоқыс бір тәуліктен артық жатпауы тиіс. Айтқан – бір, орындау – екі. Түпкілікті нәтиже шығару­ керек кой осыдан, - деді М.Жайымбетов.

Бүгінге дейін қала бойынша 30 жерасты контейнерін орнатқан «Ыбырайхан және К» ЖШС-ін пәтер иелері кооперативтерімен бірлесе жұмыс жасауға шақырд­ы.

P.S. Әкімнің бұлай шүйлігетін жөні бар. Қызыл­орданы таза қала деңгейіне көтеру әзірге мүмкін болмай тұр. Қоғамдық көлік қызметіне көптің көңілі толмайды. Біз де қал-қадірімізше бұл мәселелерді билік­тің құлағына жеткізуге тырысып келеміз. Үніміздің естілг­еніне де шүкір. Бірақ, Жайымбетовше түйіндесек, сөз бен іс – бұл екеуі бөлек нәрсе.

Н.ИБРАШТЕГІ

 


ҚАНЫ ҚАЗАҚ ҰРПАҚ “ВАЛЕНТИН ӘУЛИЕГЕ” НЕГЕ ТАБЫНАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
16.02.2012 11:35

Айтарым  бар

Тәуелсіздігімізді алып, өшуге айналған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға тырысқанымызбен, жағамызға жармасқан жат мәдениеттің қалдықтары әлі де санамызды улап келеді­. Жиыр­ма жылдан бері бейресми ұлттық мейрамымыздың сапында жүр­ген беймәлім «Әулие Валентин» күні жаста­рымыздың бойындағы ұлт­тық рухтың өшуіне себепк­ер болуда. Тілімізді шұбарлап жүргенімізді былай қойып, енді ка­толиктік діни ағымның қазақылығы­мызға қарсы мерекесін неге тойлаймыз?


Жастарымыз 14 ақпан жақындағанда алып-ұшып, өмірге серік еткен қосағына сый жасауға асығатыны анық. Бұл кезде дүкендер мен үлкен сауда орындарында ғашықтар жыры жазылған, көбіне орыс тіліндегі ашық хаттар мен арнайы сыйлықтар қатары кө­бейеді. Сауда сөрелерінен  «Я тебя люблю», «Я тебя обажаю­», «Ты мой первый и послед­ний» деген құттықтау хаттардан көз сүрінеді, тіпті. Ол – ол ма, кей облыстарда ғашықтар күніне орай түрлі мерекелік шаралар ұйым­дастырылып, тіпті қос ғашықтар арасында бір сағат бойы сүйісуден жарыс өткізілуде. Бұл не деген масқара?! Қаны қазақ ұрпаққа тән қасиет пе осы?! Әрине, бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында «Әулие Валентин» мерекесін тойлау түбегейлі алынып тасталынды. Бірақ, бүгінгі мектептер мен оқу ошақтары жанындағы дүкендерде өз мәдениетімізге балта шауып тұрған жат әулиені насихаттаған жарнамалар оқушыларды еліктірері сөзсіз. Демек, тек білім беру ұйымдары ғана емес, сонымен қатар оларға жақын орналасқан сауда нүктелерінен де мерекені тойлауға мұрындық болмауды талап ету керек-ақ.

Жалпы, «Әулие Валентин» мерекесінің қайдан шыққандығын толық ешкім білмейді. Дегенмен, бүгінгі әлем халықтарының «сезім-символына» айналған Валентин хақында бірнеше аңыз бар. Валентин Рим импера­торы Клавдийдың тұсында өмір сүріп, өмірін тақуалыққа арнаған діндар (монах) бол­ған екен. Ал, осы билеушінің тұсында жастар елді жаудан қорғаудың орнына жастай үйленіп, әскерге барудан қашатын болған. Сондықтан Клавдий ІІ әскерге­ бармайынша үйленудің алдын алу үшін заң шығарып, заңға қарсы шыққандарды өлім жазасына кесіп отырған. Солардың қатарында Валентин де өлім жазасына кесілген көрінеді. Бірақ Валентин өзгенің әйелімен заңсыз некеге тұрған екен. Келесі бір аңызда, діндар жігіт жас қыздарға жүрек тәрізді хат жолдап отырған. Бірақ католик шіркеуінің шарттарына сәйкес, олардың сезімі тек құдайларға арналуы тиіс. Алайда, Валентин дінге қарсы шыққандықтан, жазаланады. Ал үшінші аңызға сүйенсек, шіркеу қызметкері Валентин түрмедегі тұтқындарға ғашық болып, осы жағдай әшкереленген соң жаза­ланған.  Осы үш аңызда да Валентиннің басы 14 ақпанда шабылғаны айтылады. Соған орай 469 жылы билік еткен Гелариу­с есімді император осы күнді «Әулие Валентин» күні деп жариялапты. Ең сорақысы­ сол, оны әулиеге балайт­ындығы.

Үш аңызда да Валентиннің діннен безген арсыз екені анық аңғарылады. Бірде тұтқындарға ғашық болғаны айтыл­ған. Рас, түрмеде көбіне-көп ер адамдар жазасын өтейтіні белгілі. Римде әйелді лажы келсе, түрмеге қамауға алмай, күңдікке салатын болған. Сонда бүгінгі қазақ жастары бір жынысты махаббатты символ етіп алған ба? Әлде қандай мерекені атап өтіп жатқанын аңғармай ма? Ал келесі аңыздарда като­лик дінінің шарттарын бұзғаны хақында сөз етіледі. Рас, Ислам дінінде шари­ғатты бұзғандар күнәһарлар саналады. Жастарымыз діннен безген күнәһарды өздеріне пір тұтып жүргені ме?

«Біздің елге әулие-сымақты насихаттау қайдан келді?» деген сауалға да жауап беру қиын. Алғашында бұл мейрамды Еуропа жұртшылығы тойласа, 1777 жылы әулие Валентинді ардақ тұтуды­ АҚШ бастаған екен. Ресейге өткен  ғасырдың басында  жеткізілсе, сол арқылы біздің елде де жалған әулие­ні насихаттау  белең  алғанға  ұқсайды.

Еліміздің белсенді жастары осы жат мәдениеттің жағымсыз мейрамын жоюға белсеніп, өзіміздің махаббат мейрамын 15 сәуір деп жариялаған болаты­н. Сонда да Валентиннің айы оңынан туып тұр.

- Өз басым «Әулие Валентин» күнін тойламаймын. Бірақ 14 ақпанда жұп­тарына сыйлық алып әбігерге түсетін доста­рым жетерлік. Мен бұл мейрамға түбегейлі қарсымын. Оның орнына 15 сәуір – Қозы көрпеш пен Баян сұлу күнін тойлау­ мен үшін үлкен бақыт. Сүйіктіме де осы күні сыйлық әперемін, - дейді Қ.Алпысба­ев.

Орта Азияда ғұндардың дәурені соғып тұрған шақта, ғұн билеушісі Мөде вассал қытайлықтардың салықты төлемегеніне наразы­ болып, жаушы­лыққа ат­тануға дайындалады. Сонда Мөде шаньюді қолбасы бір ауыз сөзімен тоқтатқан екен. «Егер сен Қытайды жаулап алар болсаң, олар сені қарусыз­ жаулап алады. Олар сені өлтір­мейді. Сенің ұлттығыңды мәдениетімен жояды»­ деген екен. Киелі қазақ даласын­да қайдан шыққаны белгісіз жат мәдениеттің мәнсіз тойлануына қарап ішің ашудай-ақ ашиды. Өзбекстан мемлекеті бұл күнді атап өтуден ресми түрде бас тартып, оның ор­нына 14 ақпанды «Бабыр күні» деп белгіледі. Бізде де ашық пікір айтып, заң жүзінде тыйым салып, оның орнына тарихқа енген, әдебиет әлемінде есімі таныс ғашықтарымыздың есімін беруг­е әбден болады.

P.S. Сейсенбі күні облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма­ театрында эстрада әншісі Ғаділбек Жанай жеке концертін өткізді. Билет 1000, 1500 және 2000 теңге аралығында сатылымға түсті. Айтайын дегенімі­з, қала ішіндегі аялдамаларда, кез келген нысанның қоршауына ілінген жарнамаларда «14 ақпан. 19:00. Н.Бекежанов атындағы драма театры­. Ғаділбек Жанай. Ғашықтар күніне жеке концертіне шақырады» деп жазылған. Қазақ әншілері 14 ақпанды халыққа дәріптеп концертін өткізсе, айтарға сөз табу қиын-ақ. Кешқұрым орталық алаңда қол ұстасқан ғашықтар театрға ентелей кіріп бара жатты. Қайран қазақ...

Дастанбек САДЫҚ,

Гүлімай БОРАНҚҰЛОВА

 


СЕҢ КЕПТЕЛIСIНЕ ЖОЛ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
16.02.2012 11:30

Сақтансаң, сақтайды!

Сырбойылықтар үшін биылғы қыстың қаһары ерекше болды. Қылышын сүйреткен қыстың алғашқ­ы айында-ақ көкжиекті тұман тұмшалап, көп ұзамай-ақ жапалақтай жауған мамық қар қара жердің бетін жапты. Жылда мұндай көріністің куәсі болмаған тұрғындар «ә» дегеннен сол қардың ысқырып келетін ая­зынан қорыққан-ды. Жауған қар, уілдей соққан қысқы жел, қала көшелеріндегі көктайғақ мұз, сықыр­-сықыр ететін сарышұнақ аязда жүрген адамдар… Мұның барлығы көптен бері көрмеген қыстың келбеті. Әсіресе қаңтар айының соңғы онкүндігі адам төзгісіз қатты аяз болды. Тіпті көшеде кісі аяғын басқысыз көк мұзда көлбеңдеп, ұзақ жолға шығу әсте қауіп туғызды. Осындай қаһарына мінген қатты аяздард­а Сыр жұртшылығын дариян­ың ахуалы алаңдатқаны рас. Өйткені қыс келсе болғаны дүлей мінезді дария деңгейі көтеріліп, су тасу қаупі туатынын ел-жұрт жақсы­ біледі әрі бұл жайтқа толықтай қанық. Биыл да дария жағасында қоныстанғандардың үрейі жоқ емес. Қатты аязда қатқан мұз күн жылына бастағанда ерісе, онда су деңгейі көтеріліп, арнасынан тасуы­ ғажап емес.

Қазіргі күні Оңтүстік Қазақстан облысымен шектескен тұста су деңгейінің тербелісі сол аумақтағы қатқан мұзға байла­нысты өзгеруде. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, дария жағдайы бірқалыпты. «Сырдария-Шардара» су бекетінде су деңгейі 709 сантиметрді құраса, қалаға қарай секундына 795 текше метр су ағып келуде. Ал Арыс-Шәуілдір су бекетінде қатқан мұз бекеттен төмен бол­ғанымен, су деңгейінің көтерілуі әбден мүмкін. Одан бөлек, Қызылорда облысына қарасты барлық аудан тұстарында мұз қат­қан, кей жерлерде мұздың кептелу жағдайлары орын алса, Төменарықтан бастап Сырдария ауданына дейін дария бетінде сеңді мұз шоғыры бар. Одан әрі Арал ауданына дейінгі дария ахуалы бірқалыпты көрі­неді, дегенмен қатты мұз қату жағдайы тіркелген. Аймақ бойынша ең жоғар­ғы су деңгейі Қармақшы ауданында 660, сонан соң Тасбөгет кенті мен Қызыл­орда қаласында 658 сантиметр тіркелген.

- Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 800 текше метр су құйылуда, оның 200 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне алынып, 600 текше метрі біздің облысқа келуде. Қызылорда су торабына жоғарыдан келіп тұрған судың көлемі секундына 520-530 текше метр. Су торабынан 470-480 текше метр төмен жіберіліп жатыр. Онда судың жоғар­ғы деңгейі 128,70 абсолюттік белгіні көрсетіп тұр. Облыс орталығы тұсындағы мұздың қалыңдығы 50 сантиметрдің көлемінде. Қазіргі күні қала бойынша судың деңгейімен қатарлас қорғаныс бөгеттері салынып, бақылауда тұр. Қауіпті сейілтіп, апаттың алдын алу мақсатында күн­де­лікті кезекшілік ұйым­дасты­рылған, - дейді «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқы­ғындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалының «Қазсушар» өндірістік учаскесінің бастығы Ж.Нұрым­бетов.

Ауа райы әзірше бір­қалыпты температурада тұр­ғандықтан, су бетіне қатқан мұздан ешқандай қауіптің жоқтығы айтылуда. Дей тұр­ғанмен, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы үстіміздегі жылға бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстарын бастап та кетті. Ондағы ең басты мәселе – облыс аумағында су тасқынын болдырмау. Осыған байланысты облыс­тық төтенше жағдайлар комис­сиясының қаты­суымен бір­неше жиын өтіп, Қызылорда облысы бойынша көп мөл­шердегі суды қабылдау іс-шара жоспары әзірленіп, облыс­ әкімі бекіткен болатын. Түйіні оңайлықпен тарқатылмайтын бұл мәселенің күрделілігіне орай үкімет тарапы­нан да алаңдау­шылық бар. «Апат айтып келмейді» деген сөз бар қазақта. Тосыннан су тасқыны болған жағдайда қауіпті учаскелерге арнай­ы инженерлік техникалары бар жауапты мекемелер жұмыстарына тас түйін әзір­леніп отырған көрінеді. Бұл мақсатта тұрғындарды кө­шіруге арналған 78 жинақтау, 96 қабылдау пункттері жасақталған. Төтенше жағдайда тосы­лып қалмас үшін да­йын­далған 456 көліктің 227-сі адам тасымалдауға, 229-ы жүк тасымалдауға қызмет етеді.

Осы күні Тоқтағұл су қоймасында 15440, Әндіжанда 957, Қайраққұмда 3506, Шарбақта 635 млн. текше метр су бар. Ал сыйымдылы­ғы 5200 млн. текше метрді құрайтын Шардара су қоймасына секундына 1200-1300 текше метр су түсуде.

- Қазіргі уақытта күн райы­ның аяздығына байланысты қауіп-қатер төніп тұрған жоқ. Арыс өзенінен бастап Арал ауданына дейінгі мұз 1390 шақырымды құрайды. Мұз қалыңдығы 10-15-тен 60-70 сантиметрге дейін, ал қала маңында 55 сантиметр көлемінде қатқан. Шардара су қоймасындағы су мөлшері былтырғымен салыстырғанда 1 млн. текше метрге артық, яғни өткен жылы 3203 млн. м3 болса, биылғы жылы бұл көр­сеткіш 4279 м3-ке жетіп отыр. Сол себепті де жағдай қиындау болады. Оны сейілту үшін секундына 600 м3 суды төменге жіберу керек. Арнасайға 1,3 млрд. м3 су тастамасақ, қиындықта қалуымыз мүмкін. Бүгінде Сырдарияға 800, Арнасайға 200 м3 су жіберілуд­е, - деп «Арал-Сырдария бассейндік» инспек­циясы басқарма басты­ғының орынбасары Ж.Нұр­сейітов төтенше жағдайлардың алдын алуға бай­ланысты өткен жиында мәлімдеді.

Су тасқынының алдын алу іс-шараларына бөлін­ген 141,2 млн. теңге қаржының 92,2 млн. теңгесі жер­гілікті бюджет есебінен қарастырылды. Мұз жару жұмыстарына 34,2 млн. теңге бөлініп, сол жұмыспен айналысатын тиісті мекемелермен келісімшарт жасалып, бүгінде 4 бригада жасақталуда. Сондай-ақ, аймақ бойынша 174,750 мың дана қап, 87,3 тонна жанар-жағармай қорлары мен 19900 бау қамыс секілді керек-жарақтар дайындалған. Сең жүру кезі­нде Сырдария өзенімен келетін мол суды қауіпсіз қабылдау мақсатындағы жұмыстарды ат­қаруға облыстың қаржы қазанынан қосымша 184 млн. теңге бөлінді. Оны атқар­у кезіндегі жұмыс­тарға барлығы 276,2 млн. теңге қаралып отыр. Бүгін­де осы бағытта су шаруа­шылығы маман­дарымен бір­лесіп жұмыстар ұйым­дастырылуда.

P.S. Күн көзі жылынып, көктем басталар тұста мұз еріп, сең жүреді. Сол кезде қауіп болуы мүмкін. Дария деңгейі жоғары­ көтеріліп тұрғанын жасыру мүмкін емес. Елдің тыныштығын ойлаған да дұрыс шығар, бірақ «сақтансаң, сақтайды» дегенді де ұмытпаған жөн. Сала мамандарының сөздеріне сенсек­, әзірше дариядан төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Әйтсе де аласұрған су мен алаулаған өрттің тілсіз жау екенін естен  шығармаған  абзал.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 


ЕМ мен ЕСЕП PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.02.2012 11:07

Жыл басы болған соң жиын көп. Жаппай есеп беріп жатыр. Гиппократ­ атымен ант бергендер де дәстүрден аттап кете алмады.

ЖҮРЕКТЕН «КЕТУ» КЕМІДІ

- Он жыл бұрынғы медицина қазір мүлдем өзгерген. Бес жыл бұрынғымен де салыстыруға келмейді. Жүрек-қан тамыр­лары ауруларының мәселесі ол кезде күрделі еді. Қазір өзіміз ота жасауға көштік. Шет елдерден шақыртып, өзіміздің маман­дарды сонда жіберіп, жаңа техно­логияның тілін біраз біліп қалдық, - дейді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы бастығының орын­ба­сары Сәкен Серғазиев.

Кардиохирургиялық орталық ашылғалы алысқа шапқылаудың қажеті болмай қалды. Адамның «моторын» өзіміздің дәрі­герлер-ақ «жөндей» береді қазір. Қан тамырлары ауруларын ерте анықтап, емдеуге толық мүмкін­дік бар. Кеселдің кесірінен көз жұматындардың саны азайды. Өлім-жітім көрсеткіші алдыңғы жылғыдан 7,5 пайызға қыс­қарып отыр. Жүректен «кеткендердің» саны 14,1 пайызға кеміген. Құрт ауруына да құрық бойлай бастаған сияқты. Мамандар, Кох таяқшасының, әсіресе, балал­ар арасында кеміп келе жатқ­анына сендіреді.

 

«ОДАН ҚОРЫҚПАУ КЕРЕК»

Есесіне онкологиялық дерт дәрігерлерді діңкелетіп бітті. Облыст­а 100 мың адамға шаққандағы аурушаңдық деңгейі 142,2-ні құрайды. Қармақшы мен Арал жақта жағдай асқынып кеткен­. Өңеш, асқазан, өкпе және сүт безінің қатерлі ісігі күрделі күйінде қалып отыр.

- Қатерлі ісік қаншалықты ерте анықталса, оны емдеу бізге соншалықты оңай түседі. Осы айдың басында облыс көлемінде онкүндік өткіздік. Сол аралықта бар болғаны 285 адам тексерілді. Шет елдерде бір терапевтің өзі күніне 40-50 адамға дейін қарайды екен. Ал бізде ешкім еркімен келмейді. «Онкология» десе, төбе шашы тік тұрады. Одан қорықпау керек, - дейді онкологиялық орталық­тың бас дәрігері Кәрібай Төлеутайұлы.

Аурудың көзбен көріп, қолмен сипап табуға болатын түрлеріне дейін көбіне-көп асқынғаннан кейін бір-ақ анықталатын көрінеді. Ауыз қуысы мен тік ішекте кездесетін қатерлі ісік тіпті тез дамиды. Науқас екенін біле тұра, ем-домнан өз еркімен бас тартатындардың барын естіп, таңырқ­ап қалдым (ал өмір онсыз да қысқа). К.Төлеутайұлы облысқа бір онкологиялық диспансер керекті­гін айтады. Бұл ұсыныс жиырма жыл бұрын көтерілген екен. Сметалық жобасы да сол кезде қоса ұсынылған. Айта-айта бас онколог бастаған ісін түбіне жеткізуге асық.

- Орталықта жатқан науқас­тарға бөлек-бөлек бөлме керек. Оларға ерекше күтім керек, - дейді ол.

 

ТҰМАУРАТҚАН  ЕКI  АДАМ  БОЛДЫ

Тұмаудың түр-түрі бар. Кейінгі жылдары «құс» пен «шошқаға» дейін қосарланып алды. Сырттан ауып келген аурудан, әйтеуір, ел-жұрт аман.

- Қаңтар айында Қызылорда бойынша 2 адам маусымдық тұмау­мен тіркелді. Аурудың вирус­тары ұлттық референс зертханасында ПЦР әдісімен олардың мұрын жұтқыншағынан алынған сүртіндіні тексеру барысында табылғ­ан, - дейді облыстың мемлекеттік санэпидқадағалау департаменті директорының орын­басары Ұлбосын Аханаева.

Мамандар эпидмаусым бас­талған қазан айынан бергі жағ­дайды қалыпты деп бағалап отыр. Ақпанға дейінгі аралықта тез тарала­тын инфекциялардың 12 226 жағдайы анықталған. Бұл бұрнағыдан 6 пайызға аз. Вирус жұқтырған 157 жүкті әйелдің ішінде, абырой болғанда, ауруы асқынған ешкім жоқ. Олардың 11-і өзінің және сәбиінің ден­саулығы үшін ауруханада жатып­, ем алған. СЭС өкілінің сөзінше, бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсетуші мекеме­лер науқастарды қабылдауға сақадай сай.

 

ТЕГІН  ЖЕЛІДЕ ТЫНЫШТЫҚ

Өткен желтоқсанда елдің 16 аймағында дәрілік ақпарат орталық­тары құрылып, халыққа call-қызмет көрсетуді бастады. 8 800 080 88 87 нөмірлі бірыңғай желі арқылы медикаменттерді қалай қолдануға болатыны жөнінде кеңес алуға мүмкіндік бар. Кез келген стационарлық телефоннан қоңырау шалу тегін.

- Тегін медициналық көмек­тің кепілді көлемі, емдік заттарды ауыстыру мен сақтау шарттары, олардың тиімділігі мен жанама­ әсерлері туралы да сұрап білуге болады. Өз кезегінде мамандар дәлелденген медицина көздері мен дәрілік өнімдер бойынш­а халықаралық деректер базасын қолдана отырып, толығымен объективті және дәйекті ақпарат ұсынады, - дейді осы орталық­тың біздің аймақтағы өкілі Қартаңбай Қалиянов.

Биылдан бастап амбулато­риялық есепте тұрған азаматтар қажетті препараттармен 50 пайыз­ жеңілік негізінде қамтамасыз етіл­еді. Ал бұрын жеңілдікпен дәрі алып келгендерге тегін бері­леді. Call-қызмет жалпы жұрттың медициналық сауаттылығын арт­тыруды көздейді. Дегенмен, қызылордалықтар әзірге белсен­ділік танытпай отырған көрінеді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ

 


ОНЫҢ ӘР КҮНІН, ӘР СӘТІН ЕРЛІККЕ БАЛАЙМЫН... немесе ұлағатты ұстаз Жұмаш Балғожаева туралы бірер сөз PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.02.2012 11:01

“Алты  алаштың баласы бас қосқанда,

қадірлі орын – мұғалімдікі”.

Мағжан  ЖҰМАБАЕВ

Байқағаным, күнде қасыңда жүрген адамның бір басында кісі толғана­р қаншама қасиет бар екенін сезсең де сезбегендей, көрсең де көрмегендей болып жүре береді екенсің. Олай дейтінім, мектепте­ (Қызылорда қаласы, Т.Рысқұлов атындағы №222 мектеп) маған ұстаз болған Жұмаш апайдың қадір-қасиетін енді түсінгендеймін. Бірақ ұстаз туралы сөз айту да тіпті оңай шаруа емес екен... Ойым ұшқары, пікірім піспегендей көрінеді. Қалай толғансам да ізгілік нұрын сепкен ардақты жанның тұлғасы қай уақытта да өз биігінде,­ өз тұғырында қала береді емес пе?!.

ЖҮРЕК   ЖЫЛУЫ

Бастауышты аяқтап, орта буынға өткенде, біздің сынып жетекшіміз Жұмаш Балғо­жаева болды. Он бірінші сынып­қа дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берумен қатар, бізге жетекшілік жасаған ұстазымыздың бейнесі жадымызда, өнегесі жүрегімізде. Апайдың сабақ беру тәсілі мен үй тапсырмасын сұрау әдісінің өзі ешкімге ұқсамайтын. Көптеген пән мұға­лімдерінің кімнен сұрайтынын алдын ала біліп «барлау» жасай­тын болсақ, Жұмаш апайға келгенде ол жорама­лымыз пайдаға аспайтын. Оның талабы қашан да қатал. Ол қатал талаптың ішін­дегі ең негізгісі, әрі маңыз­дысы – өз ойыңды бүкпесіз жеткізе білу. Одан қалды, пікіріңнің дамуы, көз­қара­сыңның кеңейгені де қатал бақыла­нады.

Қазақтың ұлы тұлғалары өмірінің һәм өлеңінің әрбір жолын назардан тыс қалдырмай, талдау жасап, тереңнен қармап, асыл ойды санамызға берік, нық етіп құюына бар күшін салатын. Сосын сабақтан кейін үйге қайту деген болмайды, міндетті түрде Жұмаш апай алтыншы немесе жетінші сабаққа алып қалады. Ол – тәрбие сағаты. Қазір қарап отырсам, сол тәрбие сағаты «Әдеп», «Адамгершілік», «Руханият», «Дінтану» пәндерінің рөлін атқарған екен.

Мектеп бітіргелі жеті жылдың жүзі болыпты. Осынша аз уақытта шәкірттері өмірдің сан тараулы жолдарында еңбек етіп, белсеніп жүр. Сыныптас­тарымызбен кездескен сәтте ұстазымызды сағынышпен еске алып жатамыз. Жұмаш апайдың өз уақытын аямай, біздің бақытымызды аялауының және біздің оны сағынуымыздың сыры неде? Міне, сауал­дың астарын­а үңіліп қарадым. Түсін­гендеймін...

Меніңше, ұлтын шын сүйген ұстаз ғана ұлтжанды, отансүйгіш, білімді шәкірт тәрбиелей алады. Жұмаш Балғожаева – ұлтын шынай­ы сүйетін жан. Ұлтын сүйген ұстаз ұрпақ тәрбиесіне де бейжай қарамайды. Бұл жауабымды педаг­ог К.Ушинский де қуаттайтындай. «Егер мұғалім өз бойына­ іс пен шәкірттеріне деген­ сүйіс­пеншілікті біріктір­ген болса, ол – кемел ұстаз», - дейді ол. Орыс орман «святой» деп атап кеткен данышпан Лев Толстой: «Егер оқушыны өз баласындай көрсе, барлық кітаптарды оқып бітір­ген, бірақ не оқушыға, не жұмысына еш жылыл­ығы жоқ мұғалім­нен артық.  Егер жұмыс пен оқу­шыны қатар қадірлесе, нағыз ұстаз – осы!» деп пайымдайды.

Соңғы жылдары жас ұрпақ тәрбиесінде ұстаздар қауымының сыналып жатқан жері де осы шәкіртке деген сүйіспеншілік пен жан жылуының жетіспеу­ші­лігі емес пе?! Бұл елімізде білім беру саласындағы өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Айтайын дегенім, біз ұстаздың жүрек жылуы­н сезіне алдық. Құдды бір ұстазымыз көріп тұрғандай немесе біліп қоятындай, «Жұмаш апай ұрсады», «Жұмаш апай ренжи­ді», «апайдан ұят болады» деп жат қылыққа бармайтынбыз. Мектеп бітірген соң «апайға сәлем бердің бе?», «мерекемен құттықтадың ба?», «мектепке бардың ба?» деп шәкірттері бір-бірінен сұрап отыратын және соны өзімізге міндет санайтын болдық. Бар болмысымен бала жүрегіне жол тапқан жанның ғана еңбегі ақталып, шәкірт пен мұғалім арасындағы көрінбейтін сыйластық, махаббат жібі жал­ғанады екен.

 

«ӨНЕГЕЛІ  ӨМІРДЕН  ӨНЕГЕ  АЛАМЫН»

Ұлттық тәрбие, ұлттық мектепті қалай қалыптастырамыз деп басын тауға да, тасқа да ұрып, педагогикалық өлшемдерді зерттеп жүрген мамандар өздерінің зерттеуінің бір нысаны ретінде Жұмаш Балғожаеваның тәрбие беру тәжірибесіне назар аударса, құба-құп болар еді.  Өйткені,  Жұмаш Балғо­жаева – жеңіл, бұқаралық мәдениет жаппай етек алғанда, яғни жаһан­дану дәуірінде жас ұрпақ­қа ұлттық тәрбиенің маңызды екенін жете түсінген педагог. Сонау 1997 жылдан бастап, ұлағатты ұстаз ұлттық тәрбие беруді дамытып келеді. Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігі құжаттары мен зерттеушi ғалымдардың еңбектерiнде этнопедагогика мұралары соңғы жылдары ғана назарға iлiніп отыр. Озық жетiс­тiктерге негiзделген бiлiм нәрi­мен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақтар ғана ұлт тағдырын тереңiнен таразылап, болашағын барынша болжайтын тұлға ретiнде танылатынын мемлекет те, қоғам да түйсінген сыңайлы.

Жұмаш Балғожаеваның ұлт­тық тәрбие берудегі бір ғана тәсілін еске салсақ жеткілікті. Мәселен, «Өнегелі өмірден өнеге аламын» деген тәсілі бесінші сынып­тан бастап жүргізілді. Ол бойынша бізге, яғни шәкірттері­не өнегелі өмірін үлгі тұту үшін қазақтың ақын, жазушы, хан, батыр­ ұл-қыздарын бөліп берді. Мысалы, сыныптасым Досхан – Қаныш Сәтбаев болды­, Ардақ – Сәкен Сейфуллиннің өмірін үлгі тұтты, ал мен Шоқан Уәлихановқа елі­ктеп өстім.

Бір қызық айтайын, бесін­ші сыныптағы кезім. Қораздайын дүрдиіп, сыныптас­тарыма одыраңдап жүрмін: «Мен Шоқанмын, Шоқанға жол беріңдер» деп бетпе-бет келгенін соғып, итеремін. Апай менің бұл әрекетіме күліп: «Шоқан есерсоқ бол­маған, оның атына кір келтіргенің қалай?» - деп мақтамен бауыздағанда, қатты қызарып, жер шұқығаным бар. Осыдан кейін мені “Шоқанның өмірі неге өрілді, нені мақсат тұтты?” деген­ сұрақтар қызықтыра бастады.­

“…Мұндай балалар мектеп бiтiргеннен кейiн қай жұрттың арасында жүрсе де сүйегiне сiңген ұлт рухы жасымайды, …қайда болса да, тiршiлiгiнде қандай ауырлық өзгерiстер көрсе де ұлт болып қалады”, - дейдi Міржақып Дулатұлы. Ал елі үшін қызмет еткен ұлағатты ұстаздың екі дүниеде де абыройы асқақтай бермек.

P.S. Сыныптасым Оңталап «Жұмаш апайдың жаны қандай мейірбан­?! Маған көп қамқорлық жасады. Балалық шағымыз  90-жылдары өтті ғой. Нанпұл табу қиын болатын. Жағдайымыз­ мәз емес еді. Әкем науқас, інім мен қарындасым болса кішкентай. Сол кезден бастап Жұмаш апай мектеп бітіргенімше жақсы білім берді, материалдық көмек көрсетті. Соны көрген сыныптастарым да «қарлығаш достығын» жасады. Қазір жағдайымыз оңалды. Ұстазым­ның қамқорлығы мен берген тәлім-тәрбиесіне қарыз­дармын», - деп елжірей еске алады. Бұл – бір ғана мысал. Ал осы Оңталаптай шәкіртінің асқан  ырзашылығы – ұстаздың  орын­далған арманы емес деп кім айта алады?!

Дәурен  СЕЙІТЖАНҰЛЫ,

Ақтау  қаласы

 


СЕССИЯДАҒЫ БІЛІМ САУДАСЫНА КІМ СЕБЕПШІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.02.2012 10:59

Студенттік өмір – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, адамның есте қалар ерекше кезеңі. Жоғарғы оқу орны білім берумен қатар үлкен өмірге бейімдейтіндей. Себебі ата-анаң ауылда қалып, жалғыз өзің өмір сүруге үйренесің. Алғашқы кезде жаңа ортаға үйренісуің, сабақтың қиындығы, қарныңның аштығы еріксіз көзіңе жас үйіртеді. Уақыт өте келе барлығына бейімделіп, жаңа достар тапқан соң бұл қиыншылықтар да артта қалғандай болады. Мен үшін «студент» деген ұғымның өзі құпиясы тереңнен ашылмай жатқан қазына іспеттес. Гүл дәуреннің барлығы да сол бір шақтан бастау алады емес пе?! Өзім де студент болып, жатақханада тұрып, қайтал­анбас кезеңдерді бастан өткергенмін. Өмірдің ыстығына төзіп, суығына тоңып көрдім.

Студенттік шақтың ең тамаша кезеңдерінің бірі – сессия. Дегенмен, кейбіреулер үшін ғана сондай сәт. Бір сөзбен айтқанда, студенттер Алланы еске алып, дұғасын оқып, иманын үйіре­тін нағыз қарбалас шақ. «Осы сессиядан аман-есен өтсем, келесі семестрден бастап сабақты жақсы оқимын» деген өмірі орындалмайтын қияли ойлар да осы шақта қылаң береді. Жасыратыны жоқ, қыл көпірден «инемен құдық қаз­ғандай» білім алатындар мен «крышасы» мықтылар еш қиналмастан өтеді. Ал кімдердің сан соғып қалатыны айтпаса да түсінікті. Уақытысында сабағына жөнді мән бермей, бос уақытын ойын-сауық­қа ар­наған студенттер сессиядан сүрініп жатса да «ләм» демейді. Өйткені, бар кінә өздерінен екенін жақсы түсінеді. Бірінші­ден, жақсы бағаға өзінің білімі сай еместігін аңғарса, екіншіден, «крыша» ұстауға қалтасы көтермейді. Сынақтан сүрінген студент­тердің жұмған аузын ашпауы жазылмаған заңдылыққа айналып бара жатқандай. Жалпы, сессияның сергелдеңі бұнымен таусылмайды. Осы қарбалас кезеңде ұстаздардың қалтасы да қалыңдай түседі деген пікір бар. Көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен, қай мұғалім болмасын, сабағы­на ұқыпты студенттің аяғынан шалады дегенг­е сену қиын. Негізінен ұстаздардың пара алуына студенттердің өзі мүдделі. Әйтпесе, олар «сабағыңды оқымасаң да болады, сессияның кезінд­е өзім қатырамын» демейді ғой. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздардың қалтасын қампитып жүрген – қыл көпірден өте алмаған студенттер. Барлық студенттер уақытылы сабағына қатысып, тиісті білімін алса жемқорлыққа жол берілмес еді. Білімді саудалағаннан ешкім ұтпасы анық. Сондық­тан әркім өз міндетіне тиянақты болса, бұл қоғамдық мәселе туғызбас еді.

Айжан   АХМЕТОВА

 


БІЗ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫҚ? болжамдар мен пікірлер PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.02.2012 10:35

Адамзат баласы бүгінгі таңда жаратылысты жаңғыртып, жұмыр жердің асты мен үстіндегі ғаламат құпиялары мен қазыналарын ашып қана қоймай, қадым заманнан бері қиялға айналған ғарыш кеңістігіне құлаш сермеп үлгерді. Тіпті жұлдыздар әлеміне ғарышкерсіз аппараттарды жөнелтіп, өзге ғаламшарлардың құпиясы­н ашуға деген жанталас басталып кеткелі қашан?! Ғалымдардың мұндағы бар мақсаты – болашақта адамзаттың өмір сүруіне қолайлы әлем табу. Жұмыр бастылард­ың ғылым саласында жеткен жетістігі аз емес. Прибор ішінде тірі ағзаны­ң жасушаларын дамытып, болашақта пенденің дене-мүшелерін өсіріп шығаруға бетбұрыс­ жасауда. Рас, ғылымның арқасында ғалымдар талай жетістікке жетіп үлгерді. Бірақ ғалымдардың жауап таппаған бір құпиясы – жердегі тіршіліктің қалай пайда болғанды­ғы. Адам болып жаратылғаннан бері көкжиекке көз сүзіп, бұл ғаламның қалай пайда болғандығы жөнінде түрлі пікірлер мен болжамдар жасап, тылсым өмірдің пайда болу құбылысын өздерінше топшылап келеді. Алайда, нақты дәлел жоқтың қасы.

Тіршілік пен жер. Бұл екеуі – біз үшін ажырамас дүние. Ғарыштың бір қиырынан дәл жер планетасы сияқты бізге қолайлы ғаламшар табыла ма? Жердегідей тіршілік ғарыш әлемінде бар ма? Әлде біз жалғыз ғанамыз ба? Өмір қалай пайда болды? Жоқтан бар пайда болуы мүмкін бе? Сол ар­қылы жасушадан эволюциялық тұрғыда дамып­, «Homo sapiens»-ақылды адам деңгейіне жетті ме? Әлде тіршілік байқаусызда пайда болды ма? Тіршілік тұрғысында зерттеу жүргізгенде ғалымдар осы сұрақ­тарға жауап іздейді. Бүгінде адамның ғылым­ға деген ынта-ықыласы  ауғаннан бері тіршіліктің пайда болуы төңірегінде түрлі болжамдар бар. Алайда, ғалымдар ара­сында қызу талқыда жүрген әрі қайта-қайта дәлелдер табылып, бір-бірін жоққа шы­ғаруға ұмтылған бес болжам бар.

Діни ағымдардың нанымына сенсек, адамды, оның ішін­де тіршілікті Құдай жаратқан. Әсіресе, ислам мен хрис­тиан діндерінде Жаратушы жерді 6 күнде пайда қы­лыпты. Ал, Ирландиядан шыққан архиепис­коп Ашер 1650 жылы Адам Ата мен Хауа Ананың пайда болған күнін есептеп те шы­ғарған көрінеді. Ашер христиандардың қасиетті кітабы – Библиядағы әулие-әмбиелердің өмір сүрген уақыттарын есепке алып, адамзаттың жерде қоныстанған уақытын дәл тауыпты-мыс. Оның есеп­теуінше, Адам Ата Құдайдың құдіреттілігі­мен біздің заманымызға дейінгі 4004 жылы қазанның 23-і күні таңғы сағат 9-дар шамасы­нда пайда болған. Дегенмен, шығыстағы археологиялық қазбалар адамзаттың тарихы әріде жатқанын дәлелдеуде.

Келесі болжамды әлем ғалымдарының көп бөлігі қолдап, түрлі дәлел-дәйек­термен тіршіліктің пайда болу пайымдарын айтып келеді. Солардың бірі – белгілі ғалым А.Опарин болжамы. Ғалымның еңбек­теріне жүгінсек, жердегі өмір өліден пайда болған көрінеді. Яғни табиғатты жер бетін­де үлкен жарылыс болып, нәтижесінде химия­лық-физикалық реакция нәтиже­сінде жансыз жандыға айналыпты-мыс. Және ғалым өмірдің бастауы вулканның әсерінен ысыған судағы аминқышқылы, көмірсутегі, нуклеотид сынды элементтері синтезделіп, найзағайдың қуаты мен ультрафеолеттік шағы­лыс нәтижесінде және радиацияның арқасы­нда бір мезгілде пайда болыпты-мыс. Бұл болжамды кеңес вулканологы Е.Мархинин қуаттаған. Алайда, А.Опарин болжамы әлі де дәлелденген жоқ.

Өзінен-өзі пайда болу концепциясын Аристотель алғаш ұсынып, өлі табиғаттан өмір пайда болады дегенді жалпақ әлемге жайып салды. Бірінші ұстаздың болжамына Платон, Галилей, Декарт, Гегель, Ламарк қолдау білдірген. Бірақ бұл концепция тек болжам күйінде қалып, олардан кейінгі ғалымдар да бұл теорияның «шындыққа» айналуы­на себепкер болды.1688 жылы итальян­ биологы Франческо Реди зерттеу жүргізу барысында шіріген етте тіршілік нышан­ын байқаған. Алайда, өзге ғалымдар шіріндідегі пайда болған тіршілік шыбынның жұмыртқасы екенін дәлелдеген. Сондай-ақ, ғалымдардың бүгінде прибордың ішінде тірі жасушаларды өсіруі осы болжамның расқа айналуы­на мүмкіндік жасауда. Ч.Дарвиннің эволюциялық даму теориясы бойынша өлі­ден пайда болған тіршіліктің арқасында табиғат күрделеніп, мутацияланып, ақылды адам деңгейі­не дейін жеткен. Дегенмен, өлі­ден тірі пайда болды дегенге сену тіптен қиын.

Жиырмасыншы ғасырдың басында Кельвин, Гельмгольц сынды ғалымдар ғылымға панспермизм ұғымын қосты. Бұл теория да өмірдің қалай пайда бол­ғаны туралы сауалға жауап іздеу барысында дүниеге келді. Панспермизм концепция­сының мағынасы жерге тіршілік жұлдыздар әлемінен әкелінген дегенд­і білдіреді. Яғни, жер бетіндегі тірші­лікпен қатар адам да жерге­ бөтен ғаламшардан жеткізілген. Өткен ғасырдың басында қолданысқа енген панспермизм теориясының қолданысы 40-50-жылдары бәсеңдеп, 60-жылдары түрлі ғалымдардың пікірі мен болжамдары арқасында қайта жанданғ­ан. Сол кезден бері бұл концепция өз мәнін жойған жоқ. Белгілі ғалым Арре­ниустың айтқан пікіріне жүгінсек, біз өмір сүріп жатқан әлем, ғаламшарлар, жұлдыздар, галактикалар мәңгілік өмір сүріп келеді екен. Олардың арасында зат алмасу болады екен. Сол зат алмасу арқасында ең алғаш жер бетіне­ тіршіліктің спорасы түскен көрінеді. Және өзге ғаламшарларға да осы споралар түсіп тұрады екен. Бірақ жердің қолайлы жағдайы болғандықтан, тіршілік спорадан ақылды адам деңгейі­не жеткен. Орыс ғалымдары да осы болжамды қолдап, С.П.Костычев, Л.С.Берг, П.П.Лазеревтер өздерінше тұжырымдармен дәлелдеуге тырысқан.

Ал, бүгінде NАSA ғалымдары бұл бол­жамға ерекше ден қойып отыр. Олардың пікірлері бір арнада тоғыспайды. Бір бөлігі метеориттерді зерттеу барысында тапқан органикалық заттардың себебінен жерге тіршілікті құйрықты жұлдыздар әкелген деген­ болжамда. Ғалымдардың ендігі бір тобы жерге­ өмірді арнайы тасымалдаған деген пікірден танбай отыр. Олардың арқа сүйеген дәлелі жердің қай тұсында болмасын кездесіп тұратын БҰО болып­ отыр. Жатғаламшарлықтар жерге тіршілікті зерттеу жүргізу мақсатында жеткізген.­ Демек олардың пікірінше біз зерт­хана­лық қоян сықыл­дымыз.

Ал аңыз-әңгімелерге сүйенсек, өмір мәңгілік жалғасуда. Бұл ретте ғалымдар әлемнің түкпір-түкпірінде жатқан әрі бір-бірімен кездесу «бақыты» бұйырмаған нәсілдер мен ұлттардың аңыздарында кездесетін ұқсас образдарды басты назарда­ ұстайды. Мысалы, әлем халықтарында жиі сөз болатын бір көзді алыптар (Атланттар), ерекше күш иесі-алып адам-құдайлар (Титан­дар) адамның арғы тегі саналады. Жер бетінде өмір сүріп жүрген жұмырбастылар төртінші өркениет саналады. Бізге дейін бірнеше өр­кениет өмір сүріп, олар өзара соғыстардың кесірінен жойылғанға ұқсайды. Бұл ретте бұл болжамды қол­даушылар атцтектердің «окасындағы» (күнтіз­бесін­дегі) ақырзаман дегеннің орнын­а дәуір алмасу екенін алдыға тартады. Сондай-ақ Тибеттегі алып суреттер, шумерл­ер­дің археологиялық қазбалары, Ежелгі Грекия мен Рим әдебиеттері мен Египет, Оңтүстік Америка байырғы халық­т­ары­ның аңыздары да осы пікірге дем бергендей. Бізден кейін де талай өркениеттер жерде дәурен құрады-мыс.

Адамзатты толғандырған жаратылыстың сыры әлі де ашылмаған күйде қала бермек­. Бірақ өмірдің пайда болуына бір құдіретті күштің әсері бар екені ақиқат. Чарльз Дарвин айтқандай, қаншама ғалымдар өмір сүріп, зерттеу жүргізгенімен, олардың болжамдары мен зерттеулері жаңа дәлел пайда болғанда жоққа айналып, жаңа ғылым саласы ашылып, құпияға жақындауымыз мүмкін. Ал бүгінше бар шындық­ осы бес концепция төңірегінде қала бермек.

Дастанбек САДЫҚ

 


ҚҰМЫРСҚА ІСІКТІ ҚАЙТАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.02.2012 10:33

Артық болмас  бiлгенiң

Құмырсқа – тіршілікте тынымсыз еңбек етіп жүретін, жылы аймақта өмір сүретін жарғаққанаттылар отрядының бір түрі. Оның денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Ал үш жұп аяқтары бар екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Сыртта­й қараған адамға құмырсқа біткеннің бір-бірінен айырмасы жоқ секілді. Бірақ олардың жер бетінде он мыңдай түрі бар.

Құмырсқаның адам денсаулығына пайдасы көп. Балтыр сыздағанда оның илеуіне аяғын салып отырып­, ем қабылдауға болады. Сол кезде адамның бойындағы ауруды құмырсқа өзіне тартып алатын­ көрінеді. Олардың денесінде 70-тен астам амин қышқылы, дәрумендер бар. Қазіргі кезде Қытайда одан аса бағалы азықтық, дәрілік қасиеті бар препараттар дайындалады. Дәрілердің буын аурулары мен қант диабетін емдеуге, қан қысымын реттеуге әсері зор. Кішкентай ғана тіршілік иелері жұқпалы аурулармен ауырмайды, пайдалы болатыны сондықтан. Егер балаңыздың алқым безі жұқпалы ісінуге ұшыраса немесе басқа да ісіктердің алдын алғыңыз келсе, онда таңертең ерте тұрып, құмырс­қа илеуінен керегінше алыңыз. Оны қайнатып, суыған соң шүберекке орап, ісінген жерге таңасыз. Мұндай ем түрін жәндік шаққанда,­ ісікті, уытты қайтару үшін, ая­ғыңызға жара шығып, мазаны ал­ған­да да қолдануға әбден болады.

Құмырсқалар топтанып өмір сүреді. Олардың өмір сүретін ортасын, яғни илеуді бұзуға болмайды. Халқымызда осындай ырым бар. Және де бір тәуліктің ішінде илеу­дегілер он мыңнан отыз мыңға дейін зиянды жәндіктерді жоятын көрінеді. Егістігіңіз болса, бұл – таптырмас көмек. Кейінгі кезде құмырсқа жейтін халықтардың да барын көріп жүрміз. Мысалы, Азияның оңтүстігінде тұратын­дар мен мексикалықтар сөйтеді. Бұл елдер­де құмырсқадан арнайы тағам да әзірленеді.

Құмырсқа жайлы қызық деректер өте көп. Күнделікті өмірде өзінен екі есе дәнді арқалайды да жүреді, тыным таппайды, өте бейнеткеш. Сезім мүшелері қатты дамыған. Егер жерде он дән жатса, оны көрген құмырсқа өзімен бірге тағы он серігін ерте келеді екен. Неге он дейсіз ғой? Себебі дән де он емес пе?! Топта «жауынгерлер» және «жұмыс­шылар» болады. Аналық тұрғыда қабілетсіздері илеудегі жұмыстарды атқаратын көрінеді. Соңғы кезде құмырсқаның сөйлейтіндігі жөнінде де айтыл­ып қалып жүр. Бұл олардың да өз тілі барын көрсетсе керек.

Жансая  ЖҮНІСОВА,

ҚМУ-дің  студеті

 


АЙМАҚТА КОМАНДАЛЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ КЕНЖЕЛЕП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
16.02.2012 10:28

Апта басында Қызылорда облыстық туризм, дене шынықтыру­ және спорт басқармасының бастығы С.Мұстафаев БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда облыстың спорт саласы қай деңгейде дамып келе жатқан­дығы талқыланып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспары таныстырылды.

Сыр спортының беделі өткен жылы Париж төрінде үшінші мәрте әлемді бағындырған Илья Ильиннің ерлігімен айшықтала түскендігі мәлім. Бұған қоса алғаш рет Сарыарқа төрінде ұйымдастырылған төл күрестен «Қа­зақстан барысы» атанған Ұлан Рысқұлдың да жетістігін ерекше атап өтуге тұрарлық. Негізі аймағымызда спорттың қай түрінен болмасын, әлемдік деңгейде атой салып жүрген спортшылар жеткі­лікті. Оларды жеңіске жетуге жігерлендіре түсу үшін толық жағдай жасалуы керек. Біздің өңірде бұл күрмеуі қиын мә­селе болатын. Тек соңғы жылдары спортқа деген көзқарас жақсарып, салаға қомақты қаражат бөлінді. Соның нә­тижесінде спорт алаңдарының да қатары күн санап көбейіп келеді.

- Спортқа деген құмарлық баланың мектеп жасында оянады. Олар достарына еріп, әртүрлі спорт секцияларына қатысады. Қайсысында жағдай жақсы жасалса, сонда баланы­ң қарасы көп болатыны заңды. Бұл бағытта бір­қатар спорт нысандарын қайта жөндеуден өткіздік. Өткен жылдың өзінде 100-ге жуық жасанды төсеніші бар ойын алаңдары салынды. Алдағы­ екі жылда тағы 142 алаң салынады,- дейді басқарма бастығ­ы С.Мұс­тафаев.

Жасыратыны жоқ, ойын алаңдары бой көтерісімен көп уақыт өтпестен істен шығып қалып жатыр. Бұл, әрине, халықтың немқұрайлығынан. Бір жағынан қадағалау жоқ. Ойын баласының жауапсыздығынан жасанды төсеніштер жыртылып, қоршаулар ерте тозып жатыр­. Басқарма басшысы салын­ғ­ан спорт нысандарына тұрғындардың өз дүниесіндей қарау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ бұл аулаларға бас-көз болуды­ мектептерге жүктеу жағы да  қарастырылып  жатыр  екен.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен жылы мем­лекеттік тапсырыс негізінде 86775 мың теңге қаржы қаралған. Нәтижесінде 244 адам спорт нұсқаушысы болып 127 елді мекенде жұмыс жасады. 30960 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданды. Екі жыл бұрын сергектікті серік еткендер 18,8 пайызды құраса, өткен жылы бұқаралық спортқа бет бұрғандар 20,9 пайызға жетті. Үстіміздегі жылы олардың қатары 22 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Аймағымызда командалық спорт түрлері кенжелеп қалғанын да жасыра алмай­мыз. Тек «Сейхун КАМ ҚМУ» гандбол клубын айт­пағанда. Олар ел біріншілігін­де жүлделі орындардан көрі­ніп жүр. Баскетболдан мүлде команда жоқ екені белгілі. Ал волейболдың жағдайы да көңіл көншітпейді. «Қайсар» футбол клубының да жетістігі мақтанарлықтай емес. Дегенмен, команда бюджеті премьер-лигадағы ұжымдарға қарағанда ең төмендігіне қарамастан өткен жылы 8-сатыға тұрақтады. Биыл «Қайсарға» 559 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Қазіргі таңда Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан жерлестерімізге қандай міндет жүктелетіні алдағы уақытта белгілі болады. Биыл­ғы жылдың басты бәсекесіне баланатын Лондон Олимпиа­дасы өтеді. Әзірге тұманды Альбионда өнер көрсетуге екі жерлесіміз жолдама алды.

- Лондон Олимпиадасына қатысуға құқық беретін қоржында әзірге екі жолдама бар. Оның бірін еркін күрестен Дәулет­ Ниязбеков еншілесе, екіншісін ауыратлет Илья Ильин жеңіп алған болатын. Кем дегенде тағы үш жолдама еншілеуге мүмкіндігіміз бар, - деді басқарма бастығы.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2012 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары