Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 22 Ақпан 2012

РЕПЕТИТОР РЕПЕТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
23.02.2012 11:19

Мәселенің мән-жайы

«Неліктен қазір репетитор қаптап кетті?» Газетіміздің өткен жолғы санында біз оқырманға осындай сауал қойғанбыз. Сонда көбі «мұғалімдер мұны бизнеске айналдырып алған» деген нұсқаға дауыс берді.

Біздің сұрақты бұлай төтесінен қоюымызға түрткі болған редакцияға қоңырау шалған оқырманның сөзі еді. «Бастауышта оқитын балам бар. Кейбір мұғалімі сабақ соңында оқушыларға «ақшасын төлесеңдер, бұдан да көп үйрете аламын» дейтін көрінеді. Білімнің де саудаға түскені ғой. Баламның қазір мектепке бар­ғысы жоқ. Ынтасы төмендеп кетті. Ал менің басқалар сияқты мұғалім жалдауға шашымның түгі жетпейді», - деді ашынған ана. «Кесірім тиіп кетеді» деп қорықса керек, ұлының қаладағы қай мектепте оқитынын, тіпті өзінің аты-жөнін де айтпады. Біз бірақ оқырманның жанайқайын жылы жауып қоя алмадық.

 

Құзырлы органдардан сұрап білгеніміздей, репетиторлық қызмет «Білім туралы» заңға томпақ келмейді екен. Заңда бала өзінің бейімділігі мен қажеттілігіне қарай қосымша ақылы білім алуға құқылы (47-баптың 3-тармағының 4-тармақшасы) екен­дігі айтылған. Мемлекеттік білім беру мекемелеріне жалпыға міндетті білім беру стандарттары шеңберінде ақылы негізде білім беруге тыйым салынады (63-баптың 2-тармағы). Сол баптың 3-тармағының 3-тармақшасында: «Пәндер (сабақтар мен сабақтардың циклдері) бойынша ғылым негіздерін тереңдетіп оқыту ақылы негізде ұйымдаст­ырылады», - делінген. Ал 37-баптың 1-тармағында жазыл­ғандай, табыс алумен байланысты жеке педагогтік қызмет кәсіпкерлік қызмет боп есептеледі. Жеке педагогтік қызметпен айналысатын тұл­ғаны мемлекеттік тіркеу заң аясында жүзеге асырылады.

 

- Қосымша білім алу қа­жетті­ліктен туындайтыны белгілі. Өңіріміздегі «Достық», «Мерей» сынды ақылы орталы­қтар бүгінде бұл сұранысты өтеп отыр. Жеке мұғалімдер де жұмыс істейді. Меніңше, репетиторлық қыз­мет­пен  айналысу ұстаз мәр­тебесін өсірмесе, төмендетпейді. Мектептерде оның орнына вариативті компонентте қосымша сағаттар қарал­ған. Бюджеттен сол үшін де қаржы бөлінеді, - дейді қалалық білім бөлімі бастығының міндетін ат­қарушы Марат­  Аралбаев.

Айтуынша, факультативті сабақтар өз деңгейінде жүргізілуде, мек­тептерде репетитор болудың еш реті жоқ. Қаладағы №3 мектеп-лицейдің директоры Гүлжан Айдарова болса, былай дейді:

- Жылына 1 500 сағат, ай сайын тағы 4 сағат қосымша сабақ өткізуіміз керек. Бірақ бізге ол үшін үстеме ақша қарастырылмаған. Факультативті сабақ деген жоқ. Тек таңдау пәнін тереңд­ете оқытып, балаларды ҰБТ-ға дайындаймыз. Жұрт ойлайды, гим­назия, лицейлердің дәрежесі орта мектептерден жоғары деп. Шын мәнінде олай емес. Айырмашылық – статусымызда ғана.

Факультативті са­бақтардың қайта жан­данғанын қалайтынын бізбен әңгімесінде №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі Алмагүл Тұр­сын­баева да айтып қалды.

- Қазақ тілінен көбіне орысша тәрбиеленген балал­ар қиналады. Сабақты дұрыс түсінбейді. Әсіресе, құрмалас сөй­лемнен қиналады. Морфологиялық талдауды шатастырып жатады. «Үйренсем, білсем» деген бір-екі баланы өздері ұсыныс білдірген соң қазір үйден оқытып жатыр­мын. Ақы талап етпейм­ін. Пайдам тисе, сол олжа. Бірақ аз уақыттың ішінде бәрін қамтып үлгеру мүмкін емес. Сондықтан үлкендер баланы үнемі қадағалап отыру керек. Факультативті сабақ­тар болса, тіпті жақсы,­ - дейді А.Тұрсынбаева.

Ұстаздардың ойынша, репетиторлық қызметпен айналысудың еш сөкеттігі жоқ. Өйткені бүгінде оқу бағдарламасы өте ауқымды.

- Алгебра, геометрияны алсақ, оған аптасына екі-ақ сағат бөлінген. ҰБТ-ға дайындық кезінде бұл аздық етеді. 9 сыныптың география пәні бойынша бір параграфта он парақ болады. Ал же­тісіне ол бір сағат оқы­тылады. Оқушы өз бе­тінше жұмыс істемесе, мұғалімнің жалғыз өзіне ауыр. Репетиторды бірін­ші сыныптан бастап жалдай­  беретін болды ғой қа­зір. Мен оның қажеті жоқ деп ойлаймын. 1-4 сынып оқушыларына үйретуге мұғалімнің күші жетеді, - дейді Г.Айдарова.

Ал А.Тұрсынбаева басқа­ша пікірде.

- Бастауыш сыныпқа репетитордың  керегі  жоқ дегенге келіспеймін. Білімнің негізі бас­тауыштан қаланады емес пе?! - дейді ол.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Әйтсе де, оқырманның сөзіне қарап, бүкіл ұс­таздар қауымын қаралауға болмас. «Ақшасын төлесеңдер, бұдан да көп үйрете аламын» деу – ақшаға құныққан адамның сөзі.

- Педагогтың    мін­де­ті – оқушыға сапалы білім беру. Әдеп нормаларын сақтай отырып, оқу­шы­мен жақсы қарым-қатынас жасай білу керек, - дейді Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің бас маманы Роза Жиенбаева.

Репетитор – біздің түсінігімізде сабақтан тыс уақытта баламен жұмыс жасайтын мұға­лім. Ол қажет болса, үйіңізге барып та қызмет көрсетуге әзір. Кейбіреу­лер өзінің үйінен оқытады. Жергілікті жарнамалық басылымнан репе­титорларды тауып, телефон арқылы бағасын білген едік. Сағатына 800 бен 1 000 теңгеден кем сұрамайды. Математика, физика, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері жиі кездеседі. «Әліп­пені» жаңа үйреніп жүр­генге де, мектеп бітіруіне шамалы-ақ қалған оқушыға да репетитор табыл­ады. Ғаламторда «Сіздің  репетиторыңыз» деген арнайы сайт бар. Онда елдегі барлық ре­петиторлар туралы анықтама түгел тізілген. Арасында жоғары курстың студенттері де бар. Қызыло­рда бойынша да бірнеше мұғалім өздері туралы мәліметті, тіпті суреттеріне дейін тір­кепті. Баға репетитордың тәжірибесіне, біліміне, еңбек өтіліне қарай әр­түрлі. Жетісіне кемі үш сағат үйден оқытқан жағда­йда айына шамамен 10-12 мың теңгені санап бересіз. Ал 9 айдағы есеп – 100 мыңның айналасында. Негізінен репетитор жалдауға ақшалы адамдар бейім келеді. Баласының са­бағын қадағалауға уақыт таппайтын жұмысбасты ата-аналар осылай шығындалуға мәжбүр. Репетитор болу мұғалімге де тиімді. Бос уақытын құр жібермей, ақша табады. «Алмақтың да салмағы бар». Жалдамалы оқытушы ақша алып отырған соң балаға жанын салып үйретуге тырысады. Үміт ақталмаса, ертеңгі күні өзіне сын.

Туысымның биыл бітіргелі отырған ұлына ҰБТ-ға жақсылап дайындайтын репетитор керек­ болып, өзіме сабақ берген апайыма хабарласқанмын. Ауылдағы ағайынның көңілі даладай ғой, шіркін. Жасы біразға келген кісі. Білетіні көп. «Астапыралла, қазір мұғалімдер де жалданатын болған ба? Бірақ мен өмір бойы тегін мұғаліммін ғой», - десін. Сұрағымнан өзім ұялдым...

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ

 


ТАБАН ЕТ, МАҢДАЙ ТЕР өтеуіне келгенде кері тартатындар көп PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
23.02.2012 11:13

Қазіргі уақытты елі­міз тәуел­сіздік алған алғашқы­ жылдардағы қиын кезеңмен салыс­тыра алмайсың. Ел экономикасы тұрақ­талып, кәсіпкерлік те қа­натын кеңге жайып, жыл сайын ілгері дамып келеді. Бұрынғыдан жұмыс­сыз­дар қатары азайды. Десек те, түрлі мекемелер тарапынан жұмысшыларға берілетін жалақы қарызының әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан­дығы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Қол күшін пайда­лану­шылар  жұмысшыларды  құлдай  жұмсап, азын-аулақ  тиын-тебенін төлеуге келгенде­ ат-тондарын ала қашып, айлап-жылдап созып­ жүріп  алады­. Барар жер, басар тауы қалмаған жұмысшылар амалсыз заң орын­дарына  жүгінуге  мәжбүр.

 

 

Сондықтан да прокуратура органдары облыс көлемінде еңбек заңнама­сының сақталуын, оның ішінде жалақының уақытылы төленуі, жұмыстан заңсыз босату, жұмыс орындарын қысқарту мәселелерінің маңыздылығын еске­ріп, азаматтардың конституциялық құқықтарының қор­ғалуына ерекше назар аударып, қада­ғалау жұмыстарын үнемі жүргізуде. Өткен жылы прокурорлық ықпал ету нәтижесімен 33 мекеменің 6 967 жұ­мысшы алдындағы 645 млн. теңге жала­қы қарыздарының төленуі қамтамасыз етіліп, еңбек заң­на­масын бұзған 99 тұл­ға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлгі 33 мекеме­нің қатарында «Қы­зылорда су жүйесі» МКК, «Казсевавтодор» ЖШС, «Арал­тұз» АҚ, «Геомұнайсервис» ЖШС, «Мерстрой Сервис» ЖШС, «Альянс Банк» АҚ-ның Қы­зылорда филиалы секілді аты дардай мекемелер мен «кә­сіпкерліктің көш басын­да» деп мақ­танып жүрген «РМЗ Шапағат» ЖШС де бар. Бұлардың алды қызметкерлеріне  186 млн., соңы  21 млн. қарыз. Тек прокуратураның араласуымен ғана олар берешектерінен құтылған.

Жалпы жұмысшыларға жұмыс істеткізуді білге­німен, олардың табан­ ет, маңдай терін төлеуге келгенде кері тарта беретін бас­шыл­ардың әрекеті – заң алдынд­а да, ар алдында да кешір­ілмейтін жәйт. Мысалы, «Қызылорда МиН Сервис» ЖШС-іне 2009 жылдың аяғында басшы болып бекі­тілген М.Бекболатов мекемесінің есеп-шотына «КЭИС» ЖШС-нен 6 млн.-ның үстінде, «№2019 әскери бөлімі» ММ-нен 692 400 теңге­, осы әскери бөлімнен тағы да 864 400 теңге аударылғанына қарамастан, қаражаттарды қолма-қол ақшаға айырбастап, өзге мақсатқа жұмсап, ал қызметкерлерінің жалақысын беру­ді әлденеше рет кейінге ысырып келген. Директор бола жүріп, ол 2010 жылдың қыр­күйек-желтоқсан айларына еңбек келісімшарты бойынша офис менеджері С.Әліпбаеваға 76 177 теңге, технолог С.Әбі­шеваға 71 489 теңге, материалдық бухгалтер Л.Анға 115 595 теңге, бас бухгалтер Э.Қожа­баеваға 5 800 теңге, барлығы 269 061 теңге еңбекақыларын төлемеген. Басшысының қы­рық сылтауына тойып біткен қызметкерлер прокуратураға шағымданды. Сөйтіп, заң алдын­да қылмыстық әрекеттерін толық мойындаған М.Бекболатовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 148-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, Қызылорда қалалық сотының 23.12.2011 жылғы үкімімен ол бес жыл мерзімге белгілі бір лауазымды қызметпен айналысу құқығы­нан айрылды. Жұмысшылардың талап­ арыздары қанағаттандырылды. Сот шешіміне сәйкес сот актілерін орындау депар­та­менті атқару өндірісін бас­та­ды. Оның түпкілікті орын­далуын прокуратура ба­қылауына алды. Осы бағытта атқарыл­ып жат­қан жұмыстар азаматтардың жалақылары толығы­мен төленбейінше жалғас­а бермек.

Бұл бір ғана жағдай емес. Бұдан басқа да еңбек заңдылығын бұзған «Күрделі құрылыс басқармасы» ЖШС-нің құрылтайшысына қарсы қозғалған іс прокуратураның талабымен қайта тергелуде. Ал «Имсталькон-Қызылорда» ЖШС Қы­зыл­орда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен банкрот боп таратылды. «Қорғаушы» ЖШС де осы соттың шешіміне­ сәйкес банкрот деп танылды. Облыстық прокуратура апта сайын еңбек, атқарушылық өндіріс, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс саласындағы уәкілетті органдармен және кәсіподақ ұйымдарымен жалақ­ыға қарызы бар мекемелер жөнінде салыстыр­малы акт жасап отырады. Еңбек заңнамасының сақ­талуы бойынша ай сайын облыс­ әкімі мен облыс прокурорының кездесуі және тоқсан сайын облыстық прокуратураның бастамасымен облыс әкімдігінде жұмыс беру­шілердің, кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен уәкілетті және жергілікті билік органдарымен, «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалымен бірлескен жиын өткізіліп келеді.

Жалпы, бүгінде «жұмысқа шақырамыз» деген хабар­ландыруларды жиі көреміз. Кейбір мекемелер мен ұйымдар онда төленетін жалақы көлемін де көрсетіп қояды. Демек, жұмыс та, қаржы да жоқ емес, бар болғаны. Бірақ жеме-жемге келгенде, сол мекемелердің адамдарды жұмысқа аларын алып, еңбек­ақыдан қысатыны, жалақы­ларын айлап-жылдап бермей, табанын тоздыратыны, оның ақыры азамат­тардың құзырлы органдарға шағымдануына әкеп соқтыратыны өкінішті. Елбасы кәсіпкерлердің құқығын қорғауға ерекше көңіл бөліп отыр. Ал кәсіпкерлер өз еңбеккерлерінің келісім­шарттағы талабын бұзып, олардың жүйкесін тоздырумен жүр. Бұл, түптеп келгенде, қоғамға теріс әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан да жұмыс берушілер азамат­тарды жұмысқа алмас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» дұрыс болар еді. Еңбек құқығын бұзғандар жауап­тылықта болатынын, заң құрығынан құтыла алмайтынын ұмытпағаны жөн.

 

Тақырыпқа тұздық

Жалғыз Жалағаш ауданы бойынша:

- «Қызылорда-Агро-Сервис» ЖШС 2011 жылдың шілдесінде 73 жұмысшысына 2 млн. 65 мың теңге;

- «Еңбек-Жер» ЖШС қыркүйек айында 74 жұмысшысына 2 млн. 100 мың теңге;

- орталық аурухана маусым және шілде айларында 325 жұ­мысшысына 31 млн. 856 мың 600 теңге, қыркүйекте 355 жұмысшыға 22 млн. 330 мың теңге жалақыларын төлемеген.

Прокуратураның ұйғарымынан кейін олар қарызынан құтылды­. Орталық аурухана басшылығына Әкімшілік кодекстің 87-бабының 4-бөлігімен 100 еселенген АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Қайрат  ӘБДІХАНОВ,

Қызылорда  облысы прокурорының  орынбасары

 


ӘБІЛӘЗОВ әлі ұстатпай жүр PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.02.2012 11:10

Апыр-ай, ә!

Лондонның Жоғарғы соты қазақстандық қашқын­ олигарх Мұхтар Әбіләзовты 22 ай бойы қамақта ұстау жөнінде қаулы шығарды. Судья Найджел Тиэр оны «сотты құрметтемеді» деп айыптап отыр.

Шетелдік фемиданың күшіне мінуіне бұрын Әбіләзов басқарған БТА банктің талап арызы түрткі болса керек. Арызданушы жақ онда жауапкердің сот­қа өзінің акционерлік активтері, меншігіндегі жылжымайтын мүлік жайында бұрмаланған мәліметтер бергенін, соттың тыйым салғанына қарамастан өз бақылауындағы активтерді басқаруды әлі тоқтатпаға­нын дәйектермен келтірген. Яғни Әбіләзов қаржы активтері мен құнды қағаздарды шығарған «Бубрис» компаниясына және Англиядағы жылжымайтын мүлікке иелік ететінін бүгіп қалған. Оның былтыр­ғы қараша-желтоқсан айларында өткен сот талқы­лауында төбе көрсетпеуі де көп нәрсені аңғартқандай.

Бұл – Қазақстанды қойып, ТМД-ның шеңберінен шығып, шет елдерге дейін жеткен атышулы істің бір парасы ғана. Экс-банкирдің былығы 2009 жылы БТА банк «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының бақылауына берілгеннен кейін ғана ашыла бастады. Әбіләзовтың банкті басқарып тұр­ған шақта 5 млрд. доллар шамасындағы қаржыны жымқырғаны анық­талған. Қыр­уар қаржысын жоғалтқандардың қатарында «HSBC», «Standard Chartered», «RBS и Barclays» сынды британдық банктер де бар көрінеді. Әккілігімен әйгілі болған Әбіләзов, дегенмен, әлі ұстатпай жүр. Соған байланысты Ресей ІІМ-не қарас­ты тергеу комитетінің талап арызын қараған Мәскеу­дің Тверь аудандық соты 2010 жылдың қазан айында алаяқтық жасаған­ы үшін оған сырттай үкім шығарумен шектелді. Және сол жылы желтоқсанда Англия­ның апелляциялық соты Жоғарғы соттың қазақстандық олигархтың көлемі 5 млрд. долларға жуықтайтын активтеріне ішкі басқару тетігін енгізу қажеттігі жөніндегі шешімін күшінде қалдырды. Британдық соттың былтыр көктемде сондай-ақ Әбіләзов ісінен саяси астар іздегендердің де сөзін жоққа шығарғаны есте. Осы жолғы үкімнің де қағаз жүзінде қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені ауқатты бизнес­мен­нің Англияның қай қиырында жүргені әлі күнге белгісіз. Сондықтан шешімнің орындалуы қиынға соғатын түрі бар.

 

Бір   сөзбен
Апта басында кезінде 20 млн. доллар қаржыны қымқырып, Канадаға көшіп кеткен «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевты Торонто полициясы қолға түсіргені мәлім болды.

Н.ШАМАУ

 


БҰЛЫҢҒЫР БАҒДАРЛАМА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.02.2012 10:53

Соңғы жылдары ауылдың әл-ауқатын көтеру мақсатында «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы қабылданып, жас мамандардың баспаналы болуына жағдай жасалуда. Дегенмен, жастарды ауылды жерлерге орнықтыруға баса назар аударылып жатқанымен, бұл жұмыстар әлде де баяу жүргізілуде. «Бәлкім, жасалып жатқан көмек кемшін емес пе, ауылға баруға ынта білдірген жастардың барлығының ұсынысы қанағаттандырылып жатыр ма, жалпы бағдарламаның жүзеге асуы сиырқұйымшақтанып кеткен жоқ па?» деген сауалдар көптің көкейінде жүргені жасырын емес.


Аталған бағдарламаның артықшылығы, ауылға баратын жастарға 70 айлық есептік көрсеткіш (90 мың теңгеге жуық) көлемінде жоғарылатылған жәрдемақы төленіп, тұрғын үйге иелiк ету үшiн бюджеттiң есебiнен 15 жыл мерзiмге 0,01 пайызбен 1500 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде несие берiледi. Естеріңізде болса, бағдарла­ма­ның алғашқы жылдары тұрғын үйге иелік ету үшін берілетін қаражат 630 айлық есептік көрсеткіш болған. Бірақ мұндай қаражатқа баспана сатып алу мүмкін болмағандықтан, тұрғын үйге берілетін несие екі есеге ұлғайтылды. Бір жағынан алып қарасаңыз, «Дипломмен ауылға» жобасынан мемлекеттің де, ұлттың да ұтары көп. Өйткені, жаңа жобаның ауыл үшін де, жастар үшін де өзекті ұсыныс болғаны анық. Себебі оқуын енді ғана аяқтап, қолына дипломын жаңа алған жастарды кез келген­ мекеменің жұмысқа ала қоймасы­ анық. Расында әрбір есікті қағып, жұмыс іздеп жүрген жас мамандар үлкен қалаларда толып жүр. Тіпті жұмыс табыл­ған күннің өзінде жастарға тұрғын үй мәселесін шешу оңайға соқпайды. Дегенмен, осы арада «ауылға көбіне білімі таяздар бармай ма?» деген ой қылаң береді. Қазірде ауылдық жер­лердегі мекемелерде немесе мектеп, ауруханаларда болсын зейнеткерлік жасын­а жетіп қалған аға буын өкілдері еңбек етеді. Ол кісілердің тәжірибелік біліктілігіне, еңбегіне ешкімнің дауы жоқ. Орнына келген жастар да көп нәрсені тындырып жібереді деп айта алмаспыз, бірақ қашан да жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен­ салада да жаңа, тың серпілістер жасайтынына сенім мол. Алайда әлгіндей білімі таяз жастар шәкірт тәрбиелеп, оларға қалай сапалы білім бере алады? Бұл мәселені де жан-жақты зерттеген жөн. Сондай-ақ мамандардың айтуына қараған­да, қолында дипломы бар жастардың басым көпшілігі қала маңындағы ауылдарды таңдайтын көрінеді. Шалғайда орналасқан ауылдар бұл жерде­ тағы да ескерусіз қалып отыр.

Ал, облысымызға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен 105 840 мың теңге қаржы бөлінді. Жалпы­, 568 маман жұмысқа тартылған. Оның 290-ы тұрғын үй алуға жеңіл­де­тілген несие алған. Жас мамандардың толық баспанамен қамтылмауын тиісті органдар ауылдық жерде сатылатын үйлердің болмауымен байланыстырады. Ал үстіміздегі жылы ауылға баруға тілек білдірген 517 маманға әлеуметтік қолдау көрсету үшін тағы да ел қазынасынан 113 260 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Атап айтқанда, білім саласына - 343, денсаулық сақтау саласына - 140, әлеуметтік қамсыздандыру саласына - 13, мәдениет саласына - 12, спорт саласына 9 маман барады. Сонымен қатар 257 маманға жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Осы арада бір түсініксізі, бағдарлама негізінде ауылға аттанған жастардың қайда тұрып жат­қандығы алаңдатады. Баспаналы болуға үкімет қол ұшын бергенімен, қаржы уақытылы игерілмей отыр. Демек, бұл - тиісті қаржы жас маманның қолына дер кезінде тимей отыр деген сөз.

Т.ЖОМАРТҰЛЫ

 


ТЕМІРЖОЛ КӨЛІГІ үміт пен күдік PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
23.02.2012 10:49

Соңғы жылдары теміржол транспортын пайдаланушылардың қатары едәуір өскен. Бұл қауіпсіз әрі жолақысының тиімділігінен болса керек. Дегенмен, осы пойыз төңірегіндегі мәселелердің түйіні әлі тарқатыл­ған емес. Билеттің болмай қалуы, пойызда жолаушы­ларға қызмет көрсету деңгейiнің төмендігі төңірегіндегі мәселелер күн тәртібінен түспей тұр.


Бұрнағы жылдары билет­тің болмай қалуын сала мамандары жолаушы вагондарының жетіспеушілігінен көретін. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қытайдан жаңа вагондар әкелініп, жыртығымызды жамағандай болдық. Бірақ мұнымен де мәселе шешілген жоқ. Вагондардың жетіспеушілігінен әсіресе халықтың көп жол жүретін мезгілі жазда сұраныс 30 пайызға кем орындалады екен. Алайда, сала мамандарының сөзіне сенсек, Сыр өңірі вагондардың тазалығы мен сапасы жөнінен республикада алдыңғы орындарда көрінеді. Жалпы, билеттің бағасы өткен жылы 10 пайызға қымбаттаған. Сапаны да соған сәйкес көтеру қажеттігі қатаң бақылауда. Билет төңірегіндегі тағы бір үлкен мәселе ауылдық жерлерде кассаның жоқтығы және онда жұрттың пойызға мінуге үлгермеуі болып отыр. Сала мамандары бұл мәселе алдағы уақытта бір жүйеге түсетінін айтады.

- Жасыратыны жоқ, бұл - теміржол саласындағы ең өзекті мәселе. Ауылдық жерлерде билет сату кассасын ашу мүмкін болмады. Себебі, біріншіден, шағын ғана адам шоғырланған аймақтарда билет­ сату үшін касса ашып, оған ғимарат тауып, онда кассир ұстау, қыста жылы, жазда салқын бөлме табу қаржылық жағынан тиімді емес. Екіншіден, күніне екі-үш адамнан артық жолға шықпайтын разъезде пойыз ұзақ уақыт аялдай алмайды. Осындай қиындықтарға қарамастан Қамыстыбас, Байқожа се­кіл­ді станцияларда вокзал салынып, билет сатылатын касса ашылатын болады. Биылдың өзінде осындай 10  вокзалдың құ­рылысы басталады. Бұл жұ­мыстар алдағы жылда жал­ғасын табады, - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Қызылорда өндірістік телімі бастығының орын­басары Жалғас Исқақов.

Негізі билет жолаушыға төлқұжатпен ғана арнайы белгіленген орында сатылуы тиіс. Бірақ билеттің тапшы болуы «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілуінен деге­н де пікір бар. Яғни, билет­тер алыпсатарлар ар­қылы сатылымға шығады. Аяқастынан жолға шыққан жолаушы билет бағасының қымбаттығына қарамастан оны алуға мәжбүр болады. Билет кассада жоқ болғанымен, пойызға мінгенде бос орындар кездесіп қалатыны жасырын емес. Осыдан соң әлгіндей ойлар еріксіз қылаң бермей қайтсін?!. Бірақ сала мамандары мұны кейбір жолаушылар тиісті уақытында жолға шықпай билетін қайта өткізуінен деп түсіндіреді. Соңғы жылдары жолсеріктерге деген талап күшейтілген. Қазір құжатсыз, билетсіз ешбір адамды пойызға алмайды. Себебі оның заңсыздығы өз алдына, пойыздағы қылмыстың көбі сол құжатсыз, билетсіз мінгендерден шығатын көрінеді. Ал жолсерік пара талап еткен жағдайда, әр вагонда сенім телефондары орнатылған, соған сәйкес пойыз бағытын, нөмі­рін, уақытын, жолсерік­тің аты-жөнін көрсетіп, телефон шалуға немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ сайтына хат жазып жіберуге болады. Бірақ «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген бар емес пе? Билетсіз пойызға мінген жолаушы жолсерікке пара бергендігін айтып шағым­данады дегенге сену қиын. «Бәріміз де қазақпыз ғой» деп, дымымызды ішімізде сақтайтындықтан әлгіндей заңсыздықтар жабылулы қазан жабылулы күйінде қалып отыр. Алыпсатарлықты табыс көзіне айналдыр­ғандар бұрындары ірі мега­полистерде кездесетін. Қазір мұндай қызмет бізде де бар. Қатаң тәртіптің арқасында олар билетті алып сатумен айналыса алмай отыр. Есесіне жолсеріктермен ым-жымдары бір. Пойыз келердің алдын­да вокзалда, билеті жоқ жолаушыларды тауып, оларға бос орын тауып беретін­діктерін айтады. Қолында билеті жоқ жолаушыны «қазір пойыз алмаса қайтем» деген күдік мазалап тұрғанда, «жолы болар жігіттің жеңгес­і  алдынан  шығардың» кері келгендей болады. Осылайша бірнеше жолаушыны жолсер­ікке тапсырып, өзде­рінің үлестерін алады. Бұл да бір табыс көзіне айналып отыр.

- Жалпы, бізде 58 вагон бар. Ондағы жолсеріктерді қатаң тексеріп отырамыз. Заңсыздықтар анықталғанда еңбек кодексіне сәйкес жазаға тар­там­ыз. Біздің темір­жолдың үстінен өзге облыс­тарға қараст­ы вагондар да өтеді. Оларды да арнайы комиссия жасақтап, тексеріп тұрамыз. Ал алыпсатарлардың мәселесін теміржол полициясына тапсырдық, - дейді Жалғас­  Исқақов.

Теміржолдағы темірдей тәртіптің нәтижесінде соңғы уақыттары билетсіз жолаушы мен ақысы төленбеген жүк алу, билеттерді қымбат бағаға қайта сату, вагондар мен вокзал ғимараттарында санитарлық нормалардың сақталмауы сияқты біраз кемшіліктердің беті ашылуда. Әйтсе де ебін тауып, құзырлы орындарға ұстатпай, заңсыз­ әрекетті кәсіп етіп жүргендер азаяр емес. Бір жағы­нан жолаушылардың арасында пойыздан орын тауы­п беруге айқайлап «жарнама» жасап жүрген «делдалдарды» желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлері көрмейді дегенге сену қиын. Әсіресе, шексіз мөлшерде билетсіз жолаушы мен ақысы төленбеген жүк алудың вагонда қолайсыз жағдай туғызып, жұртты әбден ығыр қылатыны баршаға аян. Бұл, әрине, жолсеріктердің қалта­сын қампитуды ойлайтындықтарынан орын алып отырған жағдай. Әйтпесе, қап-қап жүкпен билетсіз ешкім пойызға мінбес еді.

Т.ӘЛЖАНОВ

 


БАРЫМТАШЫ – БҰРЫНҒЫ ПОЛИЦЕЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
23.02.2012 10:45

Қала көшелерінің көбінде қазір бейнебақылау камералары бар. Олардың саны 116-ны құрайды. Негізінен адам аяғы ты­йылмайтын жерлерге, кө­шелердің қиылысына, көпқабатты үйлердің аулаларына қойылған. Былтыр, бейнекамералардың саны небәрі 32 болып тұрғанда олардың көме­гімен 82 қылмыс ашылған. Нысанаға іліккен 14 мың­ға тарта әкімшілік құқық­бұзушылықтың дені – көлік апаттары мен жол қозғалысы ережелерін елемеу оқиғалары. Бұлардың бәрі облыстық ішкі істер департаментіндегі жедел басқару орталығының көз алдында. Орталықта «102» нөмірі арқылы хабарламалар да қабылданады. Бұрын тәулігіне 250-300 шақты адам арызданса, соның 200-дейі полицейлерді бостан-босқа сенделтіп қояды екен.

- Жыл басында нөмір анықтағыш құрал қойылып, мұндай жалған шақырулардың саны күрт азайды. Әйтпесе, жастар ойнап қоңырау шалып, тыным бермейтін. Осылайша түнгі экипаждарды ая­ғынан тік тұрғызған кезі аз емес, - деді баспасөз конференциясында облыстық ІІД-нің бастығы, полиция полковнигі Әлімхан Әбжанов.

Соңғы уақытта ішкі істер қызметкерлерін ұялы телефонын жоғалтқандар мен өрістен малы қайтпағандар жиі мазалайтын болған. Ұрланды не, жоғалды не, бірі қалмай есепке алынуы тиіс. Қай-қайсысы бойынша да іс қозғалады. Ал бұл қылмысты ашуда қиындық келтіріп отырған көрінеді. Дегенмен, өткен жылы ұялы телефон ұрлығының әрбір төртіншісі бойынша атқа­рылған шаралар нәтижелі аяқталған. 970 түлік табылып, иелеріне қайтарылған. 31 қылмыстық топ құрық­талған. «Балық басынан шіриді». Қызығы, барым­ташылардың арасында бұ­рынғы шенділер де жүр.

- Полицияның бұрынғы екі қызметкері Сырдария ауданы тұрғындарының онна­н астам малын ұрлаған. Олардың бірі 2005 жылы, енді бірі 2009 жылы біздің қатарымыздан аластатыл­ған. Қылмыстық істі алдағы күндері сотқа жолдаймыз, - дейді Ә.Әбжанов.

Барымтамен айналысқан тағы бір топқа бұрынғы кеден­ қызметкері жетекші­лік етіпті. Олар Жаңақорған ауданында 20 шақты бас малға­ жиендік жасағаны үшін жауап бермек. Сала басшысы погонын пұлдайтындарды орнында қалдырғысы жоқ екенін байқатып қалды. Оның үстіне, полицейлер жасаған қылмыстың жартысынан астамын (13-тің 8-і) департамент­тің өзіндік қауіпсіздік басқармасы анықтаған. Жуырда ғана, 11 ақпан күні «амнистияға байланысты бостандыққа шы­ғарамын» деп, түрмедегі адамнан 150 мың теңге алып жатқан жерінен Жалағаш аудандық ІІБ бастығ­ының жедел жұмыс­тар жөніндегі орынбасарын осы басқарманың қызметкерлері мен қаржы полицейлері қолға түсірді.

Өткен жылғы ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес жұмыстары тиімді нәтиже берді. Осындай топтардың бір басшысы, 8 мүшесі және қылмыстық ортаның 4 беделдісі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Адам ұрлығына байланысты 2, жасөс­пірімді саудалауға байланысты 1 қылмыстық іс қазір соттың қарауында.

- Сонымен бірге 169/5 түзеу мекемесіне есірткі мен рұқсат етілмеген басқа да заттарды тасымалдап келген 11 адам құрықталды. Бүгінде бас көтерер топ қалған жоқ, - деп отыр облыстың бас полицейі.

Н.САНИЯЗОВА

 


ӨҢІРЛЕРДЕГІ ӨРЕЛІ ӨЗГЕРІСТЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.02.2012 10:19

Елбасы жолдауына – іспен жауап

Елбасының биылғы дәстүрлі жолдауын Сыр бойы жұртшылығы да қызу қуаттап, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты шараларды жүзеге асыруға құлшына кірісті. Президент үндеуінен кейін осыған­ дейін жүзеге асып жатқан бағдарламалардың тынысы­ ашыла түскендей болды. Осы орайда аудан­дардағы әлеуметтік-экономикалық тың бастамалар мен қоғам өміріне енгізілген жаңалықтарды саралау мақсатында пресс-тур ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің елдің тыныс-тіршілігімен танысуы өткен аптада Арал ауданынан бастау алып, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш өңірлерінде жалғасын тапты.

АРАЛ. Теңізді жағалай қоныстанған Арал ауданының бір мақтанышы – «Атамекен-Балық өнеркәсібі» ЖШС-нің балық зауыты. Теңіз өнімі осы зауыт арқасында арғысы Еуропаға, бергісі Түркия мен Азия елде­ріне танылды. Көксеркенің жон етіне сұраныс күннен-күнге артып келеді. Бұл ретте отандық тұтынушылардан гөрі шетелдік тұтынушылардың үлес салмағы басым. Демек, «Ата­мекен-Балық өнеркәсібі» ЖШС-нің арқасында аудан экспортты жандандыруда деген сөз. 2009 жылы ашылып, аралдықтардың қуанышына айналған балық зауыты бүгінде 50 жұмыс орнымен қамтылып, ай сайын көксеркенің жонарқа етінен 60 тонна дайын өнімді Түр­кияға жөнелтеді. Заманауи құрылғымен қамтылған зауыт­ отандық өнімді елі­міз­дің өзге облыстарына да шыға­руға мүдделі. Бүгін­де зауыт 30 пайыз қуаттылықта  жұмыс жасауда. Әу баста балық өнімінің 23 түрінен дайын­  өнім шығарылады деп жоспарланғанмен, шикізаттың жетіспеушілігіне байланысты қазір бар болғаны бір түрлі өнім алыс-жақын шетелдерге экспорт­талуда. Зауыт басшысы Ш.Әбдуалиев мұны өңірдегі алыпсатарлардан көріп отыр. Кәсіп­кер Арал теңізінің 2005 жылы тендер арқылы  10 бөлікке бөлініп, бүгінде айдын бетін жалға­ алушылардың қызғыштай қорыған аумақтарынан балық аулау мүмкін еместігін де алға тартты.

Арал ауданы балық шаруашылығының бе­сігі екенін дәлелдейтін бір нысаны – Балық­шылар мұражайы. Ертедегі балықшылардың лашы­ғына ұқсатып салынған мұражай жанында толқыны жарды ұрған Арал теңізінің даңқы әлемге әйгілі болған шақтан қалған төрт кеме жайғасқан. Көненің көзіндей сақталған көне жәдігер – балық аулау құралдары мен кемелер­дің шағын макеті көздің жауын алады. Сондай-ақ, В.И.Лениннің балықшыларға жолдаған хаты мен кезіндегі балық шаруашылығы ми­нистр­інің портреттері сақ­таулы. Аймақ басшысы өткен жылы арнайы сапарында мұражайға оң бағасын берген болатын. Құны 31 млн. теңгені құрайтын мұ­ра­жай құрылысын «Арал құ­ры­лысы» ЖШС-гі жүргізген.

Ауданның бұқаралық спортты жандандырудағы жұмыстары да мақтанарлық деңгейде. Жастардың спортпен шұғылданып қана қоймай, аймағымызда тұралап қалған қысқы спорт түрлерінен бо­лашақ ақ олимпиада чемпиондары шығуына да бар жағдай жасалынған. Аудандық «Спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны аралдықтардың спорттан тыс қалмауына себепкер болса, осы мекеменің ізденімпаз қыз­мет­керлерінің қолдан жасаған мұз айдыны қысқы спортпен айналысуға мүмкін­дік береді. Аталмыш спорт ғимаратында 11 адам қызмет етіп, жастардың спортпен шұғылдануына дем беріп отыр.

Аралдың табанынан су кеткен­мен, халқының жүре­гінен жыр кетпеген аралдықтар мәдениет саласында да игі жұмыстар атқаруда. Ел тәуел­сіздігінің 20 жылдығында ауданда 300 орындық мәде­ниет үйі пайдалануға берілген-ді. Аталмыш мәдениет үйінің жобалық құны – 263 млн. теңге­. Ғашықтар алаңы маңынан салынған мәдениет үйінде 35 адам жұмыспен қамтылып, тұрғындарды шаттыққа бөлеуде. Аталмыш ғимаратта 7 мың кітап қоры бар кітапхана, спорт жабдықтарымен қамтылған арнай­ы бөлмесі бар. Сондай-ақ, мәдениет үйінде 4 халықтық үйірме жұмыс жасауда. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында аралдықтарға көптеген тарту­лар жасалды. Солардың қатарында аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратураның жаңа ғимараттары да бар.

Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламалар аудан көлемінде жүйелі жүзеге асырылуда. Ауылдың әлеуетін арттыруға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Ақбай елді мекеніне білім нәрін шаша келген А.Әбдірахманқызы аралдықтар үшін мақтаныш. Өткен жылы пайдалануға берілген №63 мектеп оқушыларының білімге деген құштарлығын оятуға белсене кіріскен жас маман үшін алар асу әлі алда. Бұрын №63 мектеп оқушылары 3 ауысымдық негізде оқитын-ды. Енді заманауи техникамен жарақталған мектепте білім алу оқушылар үшін шындыққа айналды. Былтыр мектептің 11 түлегі ҰБТ-ге қатысып, 1 алтын белгі иегері анықталыпты. Әрине, бұл жетістікке жас маманның да қосқан үлесі зор.

- «Мың бала жылында» аудан біршама міндеттерді артығымен орындады. Көптеген ғимараттар халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл да атқа­рылар жұмыстар жетерлік. Аралбалық шаруашылығының ордасы. Ауданда 1 үлкен, 2 шағын­ балық өнімін даярлайтын зауыт бар. Бірақ олар толық күшінде жұмыс жасап тұрған жоқ. Оған себепшикізаттың жетіс­пеушілігі. Осы жылы тапшылықты азайтуды қамтамасыз етеміз. Сексеуіл кен­тінің мәселесі де биылғы жылы біршама шешіледі. Аудан жұрт­шылығының 65 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Енді «САРАТС» жобасының екінші кезеңі басталса, аралдықтардың жағдайы жақса­рары сөзсіз, - деді аудан әкімі Н.Мұсабаев.

 

ҚАЗАЛЫ. Ауданда «Балапан» бағдарламасы бойынша бірнеше балабақшаның құ­рылысы қарқын алды. Салынып жатқан балабақшалардың дені – Әйтеке би кентінде. Биыл­ғы жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспар­ланған 280 орындық балабақша мен 140 орындық «Айгөлек» балабақшасының құрылыс жұмыстары қыстың қытымыр аязы күндері жүргізілуде. Жалпы­ құны 426 млн. теңге болат­ын 280 орындық бала­бақшаның құрылысын жергі­лікті «Қазалы-Құрылыс» ЖШС-гі жүргізуде. Ал «Айгөлек» балабақшасына бөлінген 319 млн. теңге көлеміндегі қаржыны «ТұранСтрой­Проект» ЖШС тиімді игеру үстінде. Сондай-ақ, ауданда бірнеше мектеп құрылысы да күннің суықт­ығына қарамастан жүйелі жүргізіліп келеді. Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мектеп­ құрылысына бөлінген 812 млн. теңге қаржыны «Қазалы-Құрылыс» ЖШС-гі тиімді игеруде. Қазалы қаласындағы 300 орындық мектептің құрылысын «Қазқұрылыс» ЖШС жүргізуде. Бұл мектептің құ­рылысына облыстық бюд­жеттен 582 млн. теңге көлемін­дегі қаржы бөлініп, мердігер мекеме­ құрылыс нысанын мерзімі­нен бұрын пайдалануға беруді  жоспарлауда.

Өткен жылы облыстық бюджеттен 268 млн. теңге қаралып, кентте 300 орындық мәдениет үйінің құрылысын «Дөйт-телеком» ЖШС-гі жүргізуде. Мәдениет үйінде ғимарат залы­мен қатар, тренажер залы, кітапхана қарастырылған. Ол үстіміздегі жылдың қараша айынд­а пайдалануға беріледі.

Әйтеке би кентінің инфрақұрылымын қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылы қар­қынды жүргізіліп, кент тұрғындарын ауызсумен қамту қолға алынды. Сондай-ақ, кент орта­лығындағы 5 көшеге жарықтандырумен қатар аяқсу арықтары жүргізілген. Кенттің ин­фр­ақұрылымын жаңғыртуға облыстық және жергілікті бюд­жетт­ен бөлінген 334,4 млн. теңге көлеміндегі қаржы толық игерілген. Сонымен қатар, Қа­залы қаласының әкімшілік ғи­мараты да жаңадан салынған.

- Қалада былтыр 5 көшенің инфрақұрылымы жаңғыртылса, биыл 40 көшеге жарықтандыру, асфальттау, ауызсу жүйелерін жүргізу жұмыстары жоспарлануда. Қаланың  біршама мәселелері шешіліп келеді, - деді Қазалы­ қаласының әкімі Н.Бозғұлов.

Ауданда кәсіпкерлер де қолдау тауып, өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. А.Смайловтың нан зауыты аудан халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етсе, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-гі күніне 2 тонна балық етін экспортқа шығарып отыр. Еуропа мен Азия елдеріне тауарын­ жеткізіп отырған зауытт­а 40 адам жұмыспен қамтыл­ып, әлемдік стандартқа сай құрыл­ғылармен жұмыс жасауда­. Шикіз­ат Арал ауданына қарас­ты Бөген елді мекенінен тасымалданады. Зауыт шикізат қорымен толық қамтамасыз етілген­де, жылына 250-300 тоннаға дейін дайын өнім шығар­у жоспарлануда. Арал теңізін­де кездесетін барлы­қ балық түрінен дайын өнім шығару­  мақсат  етіп  қойылған.­

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы да ауданда жүйе­сін тапқан. Әйтеке би кентіндегі №266 мектептің өзінде жұмыссыздардың сапында тұрған 11 адам мектепке дейін­гі шағын орталықтан жұмыспен қамтылған. 100 бала тәр­биелеп отырған шағын орталықта жұмысқа орналасқан Л.Таңатова өзінің кәсібін дөңгелетуде. Былтырғы аудандық «Тәрбиешілер сайысында» үздік тәрбиешілер қатарынан көрініп, нағыз маман екенін дәлелдеген.

- Ауданның әлеуеті жыл санап артып келеді. Өңірдегі ауызсу, жарықтандыру мә­селелері біршама шешілді. Ауданда қара алтынның көзі табылды. Ажар елді мекенінен табылған мұнай өнімдері ауданның ғана емес, облыстың әлеуетін арттырады, - деді аудан әкімі М.Иман­досов.

 

ҚАРМАҚШЫ. Ауданның символына айналған Байқоңыр ғарыш кешені маңындағы Ақай мен Төретам елді мекендерінің түйіткілді мәселелерінің түйіні тарқатылды. Бүгінде Төретам ауылдық округінде 600 орындық мектеп пен 150 орындық мәдениет үйінің құрылыс­тары қарқынды жүргізілуде. Ақай елді мекенінің басты мәселесі аяқсу жетімсіздігі болатын. Осы орайда өткен жылы 15 млн. теңгеге Сырдари­я өзенінен ауылға аяқсу жеткізетін канал қазылды. Сондай-ақ, елді мекендегі көшелер жанынан арықтар қазылып, көгал­дандыру жұмыстары қолға алынды. Елді мекенде кәсіп­керлер де қолдау тауып, кәсі­бін жандан­дыруда. «Жанар» кондитерлік цехы өз өнім­дерін аудан көлеміне шы­ғарып келеді­. Шағын зауытта 15 түрлі нан өнімі мен  30 түрлі тәтті тағамдар дайын­далады.

- Кәсібімді дөңгелетіп алып кетуіме себеп – елімізде­ жүріп жатқан шағын кәсіп­керлікке қолдау көрсету саясаты. Бүгінде өнімімізді аудан көлеміне жеткізіп келеміз. Болашақта облыс тұрғын­дарын кондитерлік өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлаудамын, - дейді кәсіп­кер А.Әбдірахманова.

«Балапан» бағдарламасы бойынша да ауданда игі жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы пайдалануға берілген «Сардарбек» балабақшасы аудан орталығы бөбектеріне шаттық сыйлады. Ашыл­ғанына жыл толмаған балабақша әлемдік стандартта бала тәрбиелеу жүйесін енгізіп, «Монтес­сори» ілімі бойынша бүл­діршіндердің шыдамдылы­ғы мен талантын шыңдау жұмыстарын қолға алған. Әзірше облыс бойынша бұл жүйеде бала тәрбиелейтін балабақшалар саусақпен санар­лық. Тәр­биешілер бөбектерге ұлттық нақыштағы  тәрбие  беруді  де  қалыс қалдырып  жатқан  жоқ.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарлама­сының үшінші бағыты қарастырылған аудандар қатарына Қармақшы өңірі де енгізілген болатын. Осы ретте Т.Көмекбаев ауылында тұңғыш рет әлеуеті төмен елді мекендерді ірі орталықтарға көшіру жұмыс­тары жүргізілуде. Аудан бойынша әлеуеті төмен бес елді мекен анықталғын болса, соның екеуі осы Т.Көмекбаев ауылына қа­расты. Ауылдық округтен 30 пәтерлік 15 үй құрылысы салынып жатыр. Биыл осы пәтерлерге Шобанқазған мен Кекірелі елді мекендерінен 30 отбасы қоныстанады. Жаңа пәтерлерді салуға, оның инфра­құрылымына 138 млн. теңге қаралған. Бүгінде тұрғын үй құрылысын «Азия-Даму» ЖШС мен «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС-тері жүргізуде.

- Әлеуеті төмен елді мекендерден ауылдық округке көшуге әу баста 30 отбасы ниет­тенсе, бүгінде оның саны 40-тан асып жығы­лады. Мал соңында жүрген отбасыларды біріктіріп, шаруа қожалығын құруға көмектесеміз. Олар жұмыссыз қалмайды, - деді ауыл әкімі С.Жолмаханов.

- Ауданның әлеуеті күн санап артып келеді.­ Қармақшы өңірі болашақта туристік аймаққа айналады. Қорқыт Ата зиярат етушіл­ер орталығы жобасы жүзеге асуда. Ауданда жұмыссыздық азайды. Бүгінде ол бар-жоғы 9,8 пайызды құрап отыр. Әлеуеті төмен 5 елді мекенді орталықтарға шоғырландыру жұмыстары қарқын алуда, - деді аудан әкімінің орынбасары Ә.Бексұлтанов.

 

ЖАЛАҒАШ. Ауданда жалғасын тапқан пресс-турдың алғашқы нысаны аудандық №19 санаториялық ясли-балабақшасы болды. Өткен жылы пайдалануға берілген бұл балабақша 24 сағаттық режиммен апта­ның 5 күнінде жұмыс жасайды. Мұнда өкпе ауруына сезікті және жанұясында аурудың сол түрімен ауыратын науқасы бар 1-7 жас аралығындағы балалар тәрбиелену­де. Негізі 90 орынға лайықталып салынған­мен, қазіргі күні 50-ден астам бала бар. Балаб­ақшада оқу-тәрбие жұмысы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойын­ша жүргізіледі.

Жалпы алғанда ауданда соңғы бірнеше жылдың ішінде бірқатар әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді. 1905 жылы салын­ған темірж­ол вокзалы жекешеленіп кеткендіктен, қазіргі кезде­ вокзал­ қызметкерлері жекемен­шік үйлерді жалға алып, сонда қызмет жасап отыр. Бүгінде жаңа вокзал құрылысы жүріп жатыр. «Даки-ВГ» ЖШС-нің мердігерлік етуімен салынып жатқан жобаның сметалық құны 40 млн. теңгені құрайды. Мұнда 18 адам жұмыс жасаса, олардың арасында Астана қаласынан келген арнайы мамандар да бар. Күніне 100 адамға қызмет ететін теміржол вокзалы ғимаратында анықтамалық,  2 қызметтік бөлмелер жұмыс жасайды. Өткен жылдың қазан айында басталған құрылыс ны­саны­ үстіміздегі жылдың наурыз айының орта шенінде пайда­лануға беріледі деп күтілуде.

Одан өзге мемлекеттік арнайы бағдарлама негізінде жасал­ып жатқан тындырымды істер де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында өткен жылы кенттен жобалық құны  2 млн. 500 мың теңге тұратын жеке кәсіпкер Д.Жарасбаевтың мал сою пункті ашылды. Күніне 10 бас ірі қара, 30 бас уақ мал союға мүмкіндігі бар бұл бекет жылына 720 тонна ет соя алады. Қазіргі таңда сұраныстың аздығына байланысты тәулігіне 2-3 бас қана мол сойылуда. Бүгінде шаруа қожалығының иелігінде 100 басқа жуық ірі қара, 160 бас жылқы өсірілуде. Олардың арасын­да асыл тұқымды ағылшын жылқылары да бар. Жеке кәсіпкер Д.Жарасбаевтың айтуынша, пунктке қажетті құрал-жабдықтар алуға жұм­салған шығындарын өтеуге облыст­ық бюджеттен 1 млн. 350 мың теңге­ субсидия алған. Осылайша халық­ты етпен толықтай қамтамасыз етіп отырған шаруа­шы­лыққа ел-жұрт та дән риза.

Биыл да тың идеядан туындаған серпінді жобала­р жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл мақсатта аудан орталығынан К.Рахимов көшесі мен «Елтай» каналы аралы­ғынан аума­ғы 22 гектарды құрайтын «Серпін» өнді­рістік аймағын құру жоспардың бастапқы тізімінде тұр. Мұнда жылыжай, мал сою цехы, құрылыс материалдары­ өндірісі, мака­рон  және тротуар өнімдерін өндіретін цехтары салынбақшы. Сондай-ақ, бұл аймақ­тың инфрақұрылымдық жағдай­ын жақсарту үшін 122,4 млн. теңге қаржы керек. Аталған жобалардың барлығы 5 жылдың ішінде толығымен іске асырылса, ауданда жылына 370 млн. теңге қаржы жұмсалып, 130 млн. теңге кіріс болар­ еді. Аудан экономикасы едәуір алға жылжып­, Жалағаш серпінді жобалардың отанына айналары хақ. Экономика өрлеген­ сайын заманға сай жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұл орайда аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жобасы да назар­дан тыс қалмады. Өткен 2011 жылды­ң басынан бері аудандық құрылыс бөлімі арқы­лы осы жобадағы жұмыстарды аяқтау үшін республикалық бюджеттен        632 млн. 480 мың, облыстық қаржы қазына­сынан 49 млн. 592 мың теңге қаралды. Бөлінген қаражатқа кенттің ауызсу жүйесін дамыту бағдарламасының 4-кезеңі жүзеге асырылды. Қаралған 732 млн. теңге қаржы толығымен игерілген. Бүгінде ауданның 80 па­йызы таза ауызсумен қамтылып отыр. Алдағы уақытта 200 млн. теңге берілсе, суды әр үйге кіргізіп беру де жоспарда жоқ емес.

Айта кетерлігі, мұндай өзгеріс тек қана аудан орталығында емес, бұрынғымен салыс­тырғанда қарыштап даму үрдісі Далдабай елді мекенінде  де байқалады. Қаракеткен ауылдық округіне қарасты мұнда 2011 жылы мемлекет тарапынан бөлінген 11 млн. 800 мың теңгеге медициналық пункт салынған. Қазірде бұл аумақта 450-ге тарта адамның денсаулығын бір ғана фелдьшер бақылап отыр. Олардың 28-і жүрек-қан тамырлары ауруымен есепте тұрады. Тұрғындар жедел-жәрдем көлігінің болғанын қалайды, алайда халық санына байланысты шарттарға сәйкес ол мәселенің әзір түйіні тарқай қоймайтын секілді. Бұл туралы Қаракеткен ауылдық емханасының бас дәрігері Б.Әмитова да толыққанды түсіндіріп берді. Ал бұл жерде бір мыңнан астам тұрғын тұрады. Олардың 400-і диспансерлік есепке алынған. Емхана жанынан ашылған күндізгі стационардан айына 16-20 адам ем қабылдайды. Сонымен қатар аталмыш емханада «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатқ­ан екі жас маман бар. Оларға жетпіс еселік айлық есептік көрсеткішке тең бір­жолғы көтерме жалақы төленген. Ал тұрғын үй алу үшін құжаттарын әзірлеу үстінде көрінеді. Денсаулықты жақсартудың бір жолы – спортпен айналысу керектігін ескер­сек, бұл бағытта да игі істер атқарыл­ған. Солардың бірі М.Шәменов ауылындағы жаңадан ашылған спорт мектебін айтуғ­а болады. Жалағаш аудандық балалар мен жасөспірімдер жөніндегі спорт мектебі­нің директоры Д.Баймаханов бұған дейін қаңырап бос тұрған ғимаратты балалар­ игілігіне жаратуды жөн санап, облыст­ық бюджеттен 2 млн. 200 мың қаржы алып, күрделі жөндеуден өткізген. Осындай тындырымды істердің қатары Аққұм ауылында мәдени саланы жаңғырту мақсатынд­а жалпы құны 142 млн. теңгені құрайтын 150 орындық мәдениет клубының іргетасын қалаумен толығып жатыр.

- Ауданда алпауыт өнеркәсіп болмаған соң аздап осалдау тұстар да жоқ емес. Сол себеп­ті орташа жалақы мөлшері 60 мың теңгені­ құрайды. Мұнда негізгі бағыт ауылшаруа­шылығымен айналысатындықтан, соны дамыт­уға бетбұрыс жасалуда. Өткен жылы 17600 гектарға егілген күріштің әр гек­тарынан 51 центнерден өнім алынды. Биыл да осы межені­ сақтап қалуға тырысамыз. Мал шаруашылығын дамытуда мемлекет тарапынан бөлінген 47 млн. теңгеге асыл тұқымды­ мал әкелінді. Шаруашылықты дөңгелету үшін жер көлемінің маңызы зор. Осы ретте бос жатқан 10638 гектар жердің 8773 гектары мемлекеттік қорға қайтарылды. Бұлардың басым бөлігі жеке қожалықтардың жері болған­дықтан несиеге банкке кепілдікке қойылға­н. Бір өкініштісі, аудандағы өнер­кәсіпті дамытуға берілген 19 млн. теңге толығ­ымен игерілмеген. Оған себеп, шағын несие ұйымдарының болмауы. Алдағы уақытта осыны қолға алып отырмыз, биыл шағын кәсіпкерлікпен айналысушыларға республикал­ық бюджет есебінен 47 млн. теңге қарастырылып отыр, - деді аудан басшысы­ С.Сермағамбетов.

Бүгінде аудандық бюджетте 4,5 млрд. теңгеден астам қаражат бар.

 

Дастанбек   САДЫҚ

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ДЕНЕГЕ САЛЫНҒАН СУРЕТ түрлі ауру таратады PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.02.2012 10:15

Сұлулықты әркім әртүрлі түсінеді екен. Сұлулық – адам жанын марқай­татын, көзін қуантатын, тамсантып, тәнті ететін, таңырқататын, сүйсіндіретін көрініс. Алла тағала жаратқан жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің, солардың ішіндегі ең кереметі, қоғам мен табиғаттың ерекше перзенті – адам. Табиғаттың сұлулығына шексіз сүйсініп, содан ерекше­ ләззат аламыз. Ал адамның сыртқы сымбат сұлулығы кімге де болсын ұнайды, қызығамыз, кейде іштей қызғанамыз. Әр адамның бет-бейнесі, кескін-келбеті, мінез-құлқы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Бірақ қазіргі таңда өз ажарына көңілі толмай, денелеріне сурет салдырып, беттеріне татуаж арқылы өзгеріс жасатып алғандар жетіп артылады.

Татуировка – теріге ине арқылы салынатын сурет. Татуировканың тарихына тоқталар болсақ, ол осыдан алты мың жыл бұрын бастал­ған. Ежелде оны көне тайпа адамдарының ұлттық ерекшелігі ретінде сана­ған. Ал кей тайпаларда жазаланған адамның денесіне осылай сурет салып­, масқаралайтын болған. Бұл тәсіл Египетте, кейінірек Жапо­нияда, Қытай мен Мексикада, Ни­ка­рагуада қылмыскерлерді жазалау үшін пайдаланылыпты. Ал бүгінгі таңда денеге суретті сән ретінде салдырады. Адамға аманат етіп берілген дене мүшелерін қолдан бүл­діру­ден артық келекенің де, жазаның да керегі шамалы. Алайда, мұны ұғынып жүргендердің қатары некен-саяқ. Одан қалды, татуаждың көмегімен бет пішініндегі көріксіз тұстарын түзеткендер мен түзеткісі келетіндер көп-ақ. Оның ауыр және жеңіл түрі бар. Жеңілі бірнеше айға, ал ауыр түрі 1-2 жылға жарамды. Бұрынырақта денеге сурет салу үшін пайдаланылған қызметтің бұл түрі қазірде көз, қас, кірпік, ерінге де өлшеусіз «қызмет» етіп келеді. Ендігі жерде өз қолымен қарындаш ар­қылы қасты, көздің жан-жағын, ерінге «шеңбер» сызатындар саны азайды. Оған себеп бүгінде қасыңыз ұнамаса – түп-түзу етіп, ерніңіздің пішіні ұнамаса – үлкей­тіп, кірпігіңіз сирек болса – қалыңдатып алу оп-оңай. Осы күні татуаж жасатушылар өте көп. Қай жерде болмасын, екінің бірінде татуаж. Ол ол ма, егде тартқан апаларымыз да жастардан қалысар емес.

Осындай қызмет түрлерін көрсетумен айналысатын әрбір сұлулық салонының бағалар­ы да әртүрлі. Мен де өзгелер секілді «жасанды» қас сыздыртпақ болып қаламыздағы «Сән» сұлулық салонына бас сұқтым. Бұл арманыма жету үшін кем дегенде 5-8, ерінді жиектетуге 7-9 мың теңге қаржы керек­ екен. Содан соң «Мәдина» сұлулық сало­нына барып, бағымды сынадым. Мұнда еріннің жиегін «боятудың» ең төмен бағасы 4500 теңге, ал кірпік жабыстыру – 2 мыңнан жоғары. «Орыс білгенін, қазақ көргенін жасай­ды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Батысқа еліктейміз деп, өзімізге залалын тигіземіз. Сырт пішініңізді ретке келтіру үшін денсаулыққа зиянын тигізіп, қыруар ақша кетіріп, «артық қыламын деп тыртық қылып» жүргеніміз кімге керек? Өйткені соның салдарынан көптеген ауру түрлерін жұқтырып алуыңыз ғажап емес. Сірә, «сатып­ алған ауру» деген осы шығар?!

Косметолог мамандар әрбір қыз-келіншек сұлу болуға лайық деп есептейді. Өзінің бет-бейнесін түбегейлі өзгерте алады­. Қазір бізде татуажды жасатушылар көп. Кескін-келбетін түзетем деушілерді жарқын жүзбен қарсы алады. Жасанды сұлулықты мақтағанмен, денсаулыққа тигізет­ін кері әсері жөнінде тіс жарып айта бермейді. Осы ретте дерматолог маманда­рға жолыққанды жөн көріп, жан-жақты сұрастырдық. Олар да тұшымды жауап бермеді, неге екені белгісіз аты-жөндерін де жасырып қалды. Халықтың денсаулығын жақсарт­ып, болашақ ұрпақтың дені сау болуы үшін қызмет ететін ақ халатты­ абзал жандардың адам ағзасы­ уланып жатқанда үнсіз қалуы қатты ойландырды. Іштей «әттең» дедім. «Дәрігер болғанымда татуаж, татуировканың зиянды тұстарын айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізер едім» дедім тұнжырап. Дегенмен­, суыртпақтап отырып аз да болса сөйлеттім. Олардың айт­уынша, татуаж, татуировкалар ине арқылы жасалғандықтан адам ағзасына залалы көп. Әрбір адам сұлу боламын деп өздерінің бет-бейне­сін әсіре сәндетіп жатады. Әсіресе, көз бен еріннің маңайы өте сезімтал нүктелер болып келеді. Соның салдарынан жұқпалы аурулар көптеп таралады. АҚТҚ ауруының вирусы да жұғуы мүмкін. Қан айналымын баяулатып, жүйке клетка­ларын зақымдап, беттің бұлшық еттерін жансыздандырады. Оның зардабы 7-8 жыл өткенде ғана біліне бастайды. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе қаласындағы салон­дардың біріне татуаж жасатқан бір азаматшаның С гепатиті­не шалдыққаны бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұдан аурудың 22 түрі тарайды екен. Бірақ салонға барғанда сізге оның зиянын айта қоймасы анық.

Ардақ   ЖОЛДАСБЕК

 


ТҮРМЕДЕН «ШЫҚҚАН» ТУБЕРКУЛЕЗ қауіпті емес пе? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.02.2012 10:13

Туберкулез (лат. tuberculum – төмпешік) – әртүрлі органдар мен жүйелерге, көбінесе өкпеге зақым келтіретін бацилла немесе Кох таяқшасы деп аталатын, адам мен жануар­ларда болатын жұқпалы ауру, ескіше құрт ауруы, көксау. Оның қоздырғышын, яғни микробактерияны 1882 жылы ашқан неміс микробиологы Р.Кох болатын. Осы еңбегі үшін де ол Нобель сыйлығын иеленді. Микроскоппен қарағанда бактерия иілген жұқа таяқ­ша түрінде көрінгендіктен, туберкулез таяқшалары деп аталады. Ертеде бұл ауруды «чахотка» деп те атаған және онымен А.Чехов, В.Белин­ский,  Н.Добролюбов, Дж.Байрон, Ф.Шопен, Ш.Уәли­ханов сынды әйгілі адамдар да ауырған. Белгілері бұдан 7 мың жылдай бұрын неолит кезеңіндегі адам сүйе­гін зерттегенде, біздің заманымыздан бұрынғы 2-3 мыңжылдықта Египет мумияларынан анықталған. Жұқпалы аурудың клиникасы туралы алғаш­қы деректер ІІ ғасырда өмір сүрген каппадокиялық дәрігер Аретейдің, одан кейін Гиппократ, Гален, тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде де кездеседі. Бірақ олар туберкулезді жұқпалы аурулардың қатарына жатқызбаған. Тек Әбу Әли ибн Сина өзінің “Дәрігерлік ғылымның каноны” атты еңбегінде оның тұқым қуалайтындығын айт­қан. Ал жұқпалы екенін бірін­ші рет италиялық ғалым Дж.Фракасторо  дәлелдеді.

Жыл сайын әлем бойынша 8 млн.-нан астам адам құрт ауруының құрығына ілінеді. Оның 95 пайызы – дамыған елдерд­ің тұрғындары. Ауруға шалдыққандардың жылда  3 млн.-ы қайтыс болады екен. Оның ішінде ақыры АҚТҚ-ға және туберкулездің мульти­ре­зистентті түріне ұласқан 400 мыңдай науқас бар. Осыған сәйкес алдағы 10 жылдың ішінде бұл қасіреттен 10 млн.-ға жуық адам көз жұмуы мүм­кін деген болжам бар. Туберкулез – таралымы жағынан ең ауқымды жұқпалы аурулардың бірі. Ал Қазақстанда соңғы жылдары туберкулез деңгейі­нің біршама төмендегені байқалады. Бұл «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі болса керек. 2011 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 2010 жылдың сәйкес кезеңімен са­лыстырғанда халықтың тубер­кулез ауруына шалдығу деңгейі әр 100 мың адамға шаққанда 98,8-ден 89,2-ге, өлім-жітім көрсеткіші 10,4-тен 8,2 пайызға дейін азайған. 1993 жылы дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруды ерте анықтап, дұрыс емдеге­н жағдайда науқас толығымен жазылуы мүмкін екенін дәлелдеді. Дегенмен, туберкулез әлемдік медицинадағы күрделі түйіннің бірі ретінде қалып отыр. Ең қиыны, аурудың «жасары­п» бара жатқандығы. Нау­қастардың 75%-ын 20 мен 40 жас аралығындағы, яғни еңбекке жарамды адамдар құ­райды. Ал бұл қаншама жан­ұяны үлкен зардаптарға, мемлекетті айтарлықтай шығындарға душар ететіні түсінікті.

Қызылорда қаласы бойынша 2010 жылы 318 адам бiрiншi рет туберкулезге шалдығып, аурушаңдық көрсеткiшi 146,2-ні құраған. Былтыр тағы 300 адам Кох қоздырғышын жұқтырған, дегенмен, аталған көрсеткіштің 124,3-ке төмендегені көңіл қуантады. Жасөспірімдер аурушаңдығы 159,2-ден 172,3-ке көте­рілсе, балалар аурушаңдығы 18,2-ден 16,9-ға, сырқаттылық деңгейі 363,9-дан 314,1-ге, өлім-жітім 19,3-тен 14,5-ке дейін төмендеді. Сол 300 адамның ішінде 252-сі табыс табатын жас­т­а, 130-ы немесе 43,3 пайызы  – жұмыссыздар, 6,6 пайызы – студенттер. Туберкулездің әлеумет­тiк ауру екендiгiн осы көр­сеткiштерден анық көруге бола­тын сияқты. Есепке алын­ған­ нау­қастардың 17-сі, яғни 5,3 пайызы – Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарынан, яғни Қызылорда қаласы бо­йынша тіркеуде жоқ. 5 пайызы – пәтер жалдап тұрушылар, 2-еуі – үй-күйі жоқ кезбелер.

- Аурушаңдық деңгейі биыл сәл көтерілген. Бұған облыс көлеміндегі ішкі миграциялық процестер себеп, - дейді қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бөлім меңгеру­шісі Г.Рахманбердиева.

Егер 2010 жылы 78 науқастың 42-сі қайтыс болса, өткен жылы 72 науқастың 36-ы дүние сал­ған. Өлім-жітім көрсеткіші әрбір 100 мың тұрғынға шаққан­да 19,3-тен 14,6 пайыз­ға төмендеген. Олардың басым бөлігін ер азаматтар құрап отыр.

- Жыл басынан бері 3 нау­қас үй жағдайында көз жұмған. Бірақ олардың бәрі ауруханалық еммен қамтамасыз етіліп, туыстарының сұрауы бойынша үйге шығарылған болатын. Сонымен бірге өткен жылы түрмеден шыққандардың 14-і есепке алынса, биылғы екі айда рақымшылық заңына сәйкес босатылған 6 адам тіркелген. Бүгінде олар ем қабылдап жатыр, - дейді Г.Рахманбердиева.­

Амнистия аясында осы жылы елдегі түзеу мекемелерінен талай адам үйіне қайтады. Тар бөлме, тастай еденде күн өткізген олардың арасында туберк­улезбен ауыратындар аз деуге келмес. Қоғамға бұдан қаншалықты қауіп төніп тұр­ғанын ішіңіз сезіп те отырған болар. Түрмеден «шыққан» тубер­кулезді  емдеу мекемелері мұқият  бақыласа  игі  еді.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 


АҚПАННЫҢ АУЫС-ТҮЙІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.02.2012 14:40

Бүгінде облыстың басқару жүйесіндегі кадрлық тағайындау­ларға біздің етіміз үй­реніп кетті. Қазір әкім де, басшы да, басқа да орнында бір жыл да отырмай орын ауыс­тыратын болған. Жаңа ортаға, жаңа жұмыс ыңғайына енді-енді етене араласып, қарамағындағы қызмет­керлердің де жаңа басшыға ептеп-септеп бойы үйреніп келе жат­қанында, жылы орнынан  жылжып  жататыны түсініксіз.

Міне, облыстың бас­қарма басшылары арасында тағы да ауыс-түйіс. Былтырғы шіл­деде аймақтың бас энергетигі қызметін бас құ­рылысшыға ауыстыр­ған Батыржан Қара­көзов облыстық кәсіп­керлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы болып тағайындалды. Айтпақшы, бұл орынға желтоқсанда жайғасқан Ғизат Әбіл­тайдың екі айдан кейін Сырдария ауданына әкім болып кеткені бел­гілі. Ал, облыстық құ­рылыс басқармасына Әмірқұл  Жылқайдаров жетекшілік  ететін  болды. Төтенше жағдайдың  түп-төркінін  тәуір білетін Ә.Романқұл­ұлының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының «жалынан» ұстағаны кеше ғана еді. Екі айдан кейін қазіргі уақытта өсу қарқыны жедел­деген құрылыс саласының тізгіні тапсырылып отырғаны, оның қандай қызметте болсын жауаптылығымен ерекшеленгендігі шығар. Оның орнына облыс әкімі аппараты басшысының орын­басары қызметін ат­қарған  Бегман Көл­баев келді. Ал бірнеше жылдан бері облыс әкімі­нің көмекшісі болған Асқарбек  Әбдімәжитов енді облыс әкімі ап­параты  басшысының  орынбасары қызметін  атқарады.

Ақпанның ауыс-түйісі әзірге осы, бірақ оның астарында не жатқ­аны тек өздеріне белгілі...

Халық-хабар

 


Күнтізбе

< Ақпан 2012 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 23 24 25 26
27 28 29        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары