Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
Ақпан 2012

«ДӘРІГЕРЛЕРДІ ХАЛЫҚ АСЫРАЙДЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
01.03.2012 11:34

Сәрсенбілік сыр-сұхбат

Асылбек  ІЗМАҒАНБЕТОВ,

денсаулық сақтау саласының ардагері:

Аймақ медицинасының алға басуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірі – Асылбек Ізмағанбетов. Жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар білікті дәрігердің қолының шипасын сезінбеген адам кемде-кем шығар. Дертіне дауа іздеп келгендердің оған деген алғысы алғаусыз. «Маған одан артық ештеңенің керегі жоқ», - дейді Асылбек аға бізбен әңгімесінде.


 

- Алла бұйыртып, жетпістің нанын жегелі отырсыз, аға. Соның елу жылында медицина саласында тынымсыз еңбек етіп, әлі күнге адам жанының арашашысы боп келесіз. Дәстүрлі сұрақ, бұл жолды таңдауыңыз­ға не себеп?

- Қобылан деген ағам болды. Ол кісі 1955 жылы Қызыл­ордадағы медучи­ли­щені бітіріп, фельдшер боп жұмысқа орналасты. Ол кезде дәрігер жетіспейді әрі фельдшердің бедел­і осы күнгі дәрігерлерден еш кем түспейтін. Қа­зақ жастарының арасында ақ халат киіп жүретіндер некен­-саяқ. Көбіне кәрістер, қалмақтар, орыстар, немістер-тұғын. Содан мен «хирург болам» деген алдыма мақсат қойып, 1959 жылы мектепті бітіргеннен кейін Қызыл­ордаға келдім. Хрущевтің сол кезде «оныншы сынып бітіргендер институтқа түспес бұрын екі жыл еңбек етсін» деген­ жарлығы шықты. Оқуға түсу оңай емес-ті. «Құласаң, нардан құла» деп, мен осындағы медучилищеге мектеп бітірген жылы-ақ құжатта­рымды тапсырдым. Конкурс қиын, бір орынға бес баладан келді. Бағым бар екен, оқуға түсіп кеттім. Училищені 1962 жылы бітіріп шығып, мал бағып­ отырған жұртқа көмектесу үшін фельдшер мамандығы бойынша Аралдың Сазды, Теректі, Отгон ауылдарына жолдама алдым. 1964 жылы өзімнің бұрыннан ойлаған мақсатымды жүзеге асыру үшін Алматы мединститу­тының емдеу ісі факультетіне түстім. Оқып жүріп, бір жағынан Қазақ республикалық онко­логия және радиология институтында алты жарым жыл лаборант, медбрат болып жұмыс істедім. 1971 жылы оқуды бітіргеннен кейін бізді бөлді. Министрліктен, мед­институттан адамдар келді. Олардың арасында Қызыл­ордадан денсаулық сақтау басқа­рмасының сол кездегі басшысы София Мақашева да бар. Маған «сот-медицина сарап­шысы болып, Аралға барасы­ң» деген, бірақ оған келі­спедім. «Мен он жыл бойы өлі адаммен емес, тірі адаммен жұмыс істеу үшін оқыдым» дедім. Қазақстанның қай жеріне жіберсе де баруға­ дайын едім.

- Содан кейін не болды?

- Далаға шығып кеткенмін. Өздері талқылаған болу керек, мені Қызылорданың немесе Қазалының жол бойы ауруханасына жіберуді ойлапты. Ішке кірсем, Мақашева құжаттарымды қарап отыр екен. «Мұндай маманнан айрылмаймын» деп, ол мені Аралға акушер-гинеколог қып жібер­ді. «Мүмкіншілік болғанда хирург қылып ауыстырамын» деді. Келістім. Бұл қызметімде қайта көп нәрсені үйрен­дім. Қай жерде жүрсем де, кез келген уақытта адамдарға көмектесе білдім. Аралда аудандық перзентхананы басқардым. Бірақ ол жұмысты әрі қарай жалғастыра алмадым. Апаң келеді, қарындасың келеді­, жақын жеңгелерің келед­і алдыңа. Ығайсыз. Екі жылдан кейін өз өтінішіммен бұл қызметтен кеттім.

- Акушерліктен  біржола қол үздіңіз бе сонда?

- Иә, о бастан көңілім ауған хирургия саласына бет бұрдым. Сырдария ауданындағы Тасбөгет елді мекенінің ауруханасында хирург-уролог болып қызмет еттім. Бірінші рет урологиялық ауруларды зерттеуді, операция жасауды қолға алдым. Сондай бастаманы Аралға барғанда да жасаған едім. Акушер-гинекологтарды операция жасауға үйреткен­мін. Өйткені бұлар операция жасау қажеттілігі туғанда гинекологтарды облыстық ауру­ханадан шақырады екен.

- Жетпіс аз жас емес, не нәрсеге өкінесіз?

- Үлкен  хирургияны тастап кеткеніме өкінемін. Қо­лыма скальпель алып жұмыс істейтін, әбден толысқан шағым­да үлкен хирургиямен қоштасуыма тура келді. Өйт­кені қолымның операция алдын­да жуынатын ерітін­ділерге аллергиясы бар-тұғын. Дегенмен, шамам жеткенше кейбір операцияларға қатысып тұрамын. Жиырма жыл болды, бұл үрдіс әлі күнге үзілген жоқ.

- Аға, үлкен  хирургия деген­ді дұрыс түсінбей отырмын...

- Үлкен хирургияда барлық операцияларды жасай бере­сің. Және операция деген көп. Қазір мен жетісіне бір рет операцияға кіруім мүмкін. Ал онда күніне бірнешеуін жасай­сың. Менің оған мүм­кіншілігім жоқ. Жуыну мүм­кін болмаған соң операция бөлмесіне екі қолғаппен кірген кездерім болды. Оның өзіне әрең шыдайсың. Кейде аяқтай алмай, көмекшіме тастап­ кетемін. Өйткені екі сағат, әрі кеткенде үш сағатқа ғана  шыдаймын.

- «Хирург өз қателігін өмір бойы арқалап өтеді» деген екен бір данышпан. Расымен, солай емес пе?

- Хирургке операцияны қалай жасағанына қарап баға беруге болады. Біз ондайда үйіміздің, Отанымыздың, бала-шағамыздың емес, тек сол науқастың тілеуін тілеумен боламыз. «Жаны қалса екен» деп, бар күшімізді саламыз. Күні-түні ұйықтамайтынбыз. Телефонды басы­мызға жастап жататынбыз. Аяқ астынан шақырып қалуы мүмкін. Сондай өмірді біз басым­ыздан  өткіздік. Өйт­кені  оны өзіміз қаладық.

- Бүгінгі күні өзіңіз еңбек етіп жүрген, бір кездері бас­шылық жасаған Талдыаралдағы песхананың, ондағы нау­қастардың жағдайы жөнінде айтып өтсеңіз.

- Бас дәрігер болып жүрген кезімде министрлікке өтініш­пен шығып, соңғы үлгіде қандай аппаратура бар, соның бәрін алдырдық. Ал науқастардың толық жазылып кетуіне мүмкіншілік қарастырыл­ған. Ауруынан айығып кетіп жатқандар көп. Лепра, жалпы, туберкулезден қауіпті, жұқ­палы емес. Қазақстанда қазіргі күні 500-ден астам осындай науқас бар. Солардың барлығы өздерінің елді мекен­дерінде емделуде. Бізде емде­ліп жатқандардың ең үлкені­нің жасы тоқсанның үстінде, ал кішілерінің жасы отыз-отыз бестер шамасында. Бүгінгі таңда эндемиялық ошақта ешқандай қауіп көзі қалған жоқ. Соңғы он жылда бірен-саран ғана ауру анық­талған. Қорқатын ештеңе жоқ. Лепра ауыздықталды деуг­е болады.

- Аға, ал дәрігерлер өз денсаулығын қалай күтеді?

- Дәрігерлердің көпшілігі өз денсаулығына салақ қарайды. Жауаптылық танытпайды. Өз басым сондаймын. Екі рет инфаркт алғанмын. Лепрозорияда жылу жүйесі өте қиын болды. Су алу қаупі туды, жартылай су алды да. Жылу жүретін жерлердің бәрін су шайып, темір құбырлар шіріп кетті. Соны қалпына келтіру үшін министрлікке барып, көп шапқылауға тура келді. Бір рет сондай қарбалас кезінде жүрек талмасына ұшырадым. Қайткенмен лепрозорияның жылу жүйесін жөндеп беруім керек болды. «Зейнеткерлікке содан кейін ғана шығамын» дедім. Шүкір, мақсатыма жет­тім. Кешегі қатты суық­тарда аурухананың іші жылы болды.

- Дәрігерлерге бағыттал­ған сынды қалай қабылдайсыз?

- Орынды сын болса, әрине, дұрыс қабылдаймын. Кейде жөнсіз жала жабылатын кездер болады. Қызметі үшін өзі ақша талап етсе, әңгіме бас­қа. Мен ондай адамды дә­рігер деп есептемеймін. Дәрі­гер­лер­ді халық асырайды. Бұл бая­ғы­дан айтылып келе жатыр. Пирогов деген орыстың ұлы хирургі болған, «мені халық асырайды» деп, еңбек­ақысыз-ақ елге қызмет еткен. Менің бала­ларым да медицина саласында­ жүр. «Қарағым, адамнан еш­қашан ештеңе дәметпе. Өйт­кені ол сенің алдыңа мүсә­пір болып, басына іс түсіп келіп тұр. Ақшаның ізінен қу­маңдар. Онда жақсы дәрігер болмайсыңдар» деп отырамын.

- Ізіңізді қуған балаларыңыз бар екен. Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.

- Жолдасым Сара екеуміз 1959 жылы медучилищеге түскен соң танысып, бірге араласып, 1962 жылы үйлендік. Ол лабораторияда еңбек етті. Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер. Үлкен ұлым Құламерген – облыстық ауруханада отолоренголог, құлақ, мұрын, тамақ ауруларына ота жасайды. Келінім Манушаһар Сүлейменова – акушер-гинеколог. Үш қызым оқытушылықпен айналысады, алғашқы екеуінің жолдасы – инженер, үшіншісінің жолдасы – суретші. Кіші қызым – дәрігер, жолдасы – Алматыдағы Сыз­ғанов атындағы институтта кардиохирург. Балаларыма «халыққа адал қызмет етсеңдер, тыныш ұйықтайсыңдар» деп, ұстаздық және дәрігерлік мамандықты таңдауға өзім кеңес­ бердім. Аллаға шүкір, бәрі де сенімімді ақтады.

- Адам емдеу оңай шаруа емес. Ол үшін ең әуелі не керек­: ептілік пе әлде еңбекқорлық па?

- Медицинаға үлкен жү­ректі, адамға аяушылығы бар адам ғана бару керек. Кез келген адам барса, одан дұрыс дәрігер шықпайды. Диплом алғандар көп. Анау да, мынау да «дәрігермін» дейді. Жақсы дәрігер ешқашан жерде қалмайды. Тағы да қайталаймын, дәрігерді халық асырайды. Қолыңнан емдеу келмесе де, ауруға дұрыс бағыт бере білуге тиіссің. Дәрігердің бағасын түсіретін не нәрсе? Өзі біл­мейді, сосын науқас бақсыға барады, балгерге барады, сынықшыға барады. Біздің ал­дымыздан елу жылда небір қиыншылыққа кезіккен адам өтті. Сынықшыға барамын деп аяғынан айрылғандарды, қолын кестіргендерді көрдік. Әп-әдемі балалар сондай күйде келіп жылағанда ет жүрегің елжіреп кетеді. Сосын «хирургтердің қолынан ештеңе келмейді» дейді. Болатбек Баймаханов деген қандай жақсы хирург бар бізде. Онкологияда Шахмардан деген тамаша хирург бар. Қазір өңеш, асқазан алмастыру операцияларын жасап жатыр.

- Медицина – еліміздегі ең көп реформаға ұшыраған сала. Қазіргі қолданыстағы ұлттық бірыңғай жүйеге, оның ішінде портал әдісіне көзқарасыңыз қандай?

- Жоспарлы ауру болса, портал дұрыс деп ойлаймын. Өйткені адам сандалып жүрмейді.  «Маған орын тауып­ бер» дегеннен гөрі сол дұрыс шығар. Ал жедел жағдайда порталдың да, басқаның да керегі жоқ. Бұл шет елдердің тәжірибесінен алынған жаңалық, «қайткенде халыққа тиімді болады» деген ойдан туған дүние ғой.

- Жетпіс жас тағы құтты болсын. Халықтың алғысына бөленіп, аман-есен жүре беріңіз, аға!

- Рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Назерке  САНИЯЗОВА

 


САҒЫНЫШПЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2012 11:32

Сағыныш. Сағым күздің ылаңындай сағыныш. Жүректің түкпіріне еніп, жанды жаралаған сағыныш. Жаныңды жегідей жеген сағыныш. Сірә, ғаламда бір нәрсені, біреуді сағынбайтын жан бар ма екен? Жүрегін сағынбай жылатқан жан ше? Жоқ... Бәріміз де сағынамыз. Себебі бұл ғұмыр сағыныштан құралған.


 

- Балам, елге қайтайық, шаршадым мына қаладан. Ел мен жердің қасиетін сағындым. Бауырларымды, ағайындарды көрмегелі көп болды. Онан бұрын өзім аунап, қунап өскен  туған өлкемді сағындым, - деді Төкен.

- Ой, папа, тағы бастадың ба? Жылы жер, дайын тамақтан қашып қайда барасың? Ол жақта сені сағынып жатқаны шамалы. Ең болмағанда тамақ ішер уақытта бастамашы, өтініш...

- Мақұл, мақұл. Бірақ есің­де болсын, мен туған жерімде өлгім келеді. Туған өлкемнің топырағын жастанғым келеді. Сен неге ұғынбайсың осыны?! Жас болса келді. Ауру күн санап­ алқымдап келеді. Мына жақта мен өлсем, менің өлі­гімді кешке көресің. Күндіз үйде емессіңдер. Келін анау, «жұмыс» деп кеш келеді. Менің жағдайыма қарап жат­қандарың шамалы. Осы тір­шілік ауылда да бар ғой, - дей бергенде, Жеткерген қолындағы қасығын үстел бетіне лақтырды да, тұрып кете берді.

Бұл жолғы әңгіме де осылай қалды. Шешімсіз. Төкен осы әңгімені дастархан басында отырған шақтан бастайтын. Лажы жоқ. Себебі бұл үйдегілер кешке ғана бас қосады. Қалған уақытта баласы такси болып кетсе, келіні бір қонақ үйде ұйымдастырушы қыз­метінде істейді. Қалаға келгелі жеті жылдың көлемі болды, дүниеге сәби әкелуге асығар емес тіпті. Аяқтан тұрғасын бәрі болады деумен келеді. Алғашында қалаға келгенде бақытты еді бұл отбасы. Баласы білдей бір мекемеде бас маман болып қызмет етті. Келіні балабақшада меңгеруші болатын. Бірақ, бұл бақыт ұзаққа созылмады. Баласы парамен ұсталып, шартты жазасын алды. Келіні осыдан кейін жұмысқа бармайтынды шығарды. Сылтауы – ауру атасын бағып­-қағу керек. Сөйтіп жүріп жұмыстан қуылды. Сонан бері қалалық жеті жыл да судай ағып өте шықты. Арада қанша жыл өтсе де Төкеннің аңсары ауылға ауады да тұрады. Аңсайды бала­лық­  дәурені өткен елін. Сағынады...

Төкен баласының мынадай мінезді қайдан тапқанына таң­ғалған кейіппен үстел басынан тая­ғына сүйеніп тұрды. Төргі бөлмедегі жаңа дивандағы салулы­ төсекке жайғасып, көк­сандықты қосты. Әр арнаға ауыстырып көріп еді, біреуінен ауыл хақында деректі фильм көрсетуде екен. Жамылған көрпесін ысырып, жүресінен отыра көгіл­дір экранға үңілді. Бетеге, жусан, шеңгел, жыңғыл жайында сөз қозғаған журналист ауылдың берек­елі мекен екені жайында сапырып тұр. Бірақ, қазақтың алтын қазығы ауылдың табиғатын Төкен білетіндей жеткізе алар емес. Қанша жыңғылдың табиға­тына тоқталып, көсемсөз­бен әрлегенмен, оның жаратылыста ерекше өсімдік екенінен басқаға бара алмады. Төкен білетін дала жыңғылы жылына бірнеше мәрте гүлдейтіні жөнін­де, әр гүлдеген шағында әртүрлі түске боялатынын айтпады. Дала­лық жерде ит-құсқа пана екенін жеткізгенмен, құмды топыр­ақтың жел ырқында көшіп кетпеуіне сеп екені жөнінде де сөз етпеді. Рас, ауылды ауылдан шыққандар ғана суреттеп бере алады. Төкен де – сол ауылда туып өскен азамат. Төбе құмдар арасында аунап өскен азаматтың ғұмыры төрт тас қабырғада қамалып өтеді дегенге­ кім сенсін? Даланың еркіндігіне бой үйреткен адамның­ мына қамаққа үйренуі­ екіталай.

Төкен теледидардағы фильм бітісімен өшірді де, қабырғаға қарап жатып алды. Құдды бұл өмірге өкпе-назы қарақазан жандай. Кеудесін кернеген өксікті сыртқа шы­ғара алмай жатыр. Сағыныш мұның жанын жегідей жеуде. Жанарынан еріксіз жас ытқып кетті. Тас қабырғаны жұды­рықтай ұрып:

- Не жаздым, Құдай-ау?! Өмірімді сағынышпен өткіз­генім бе? Тас қабырға, тас қабырға... Сенде кетті ме ғұ­мырым?..

*  *  *

Жеткерген түнделетіп үйге жетті. Тұла бойын ауыр зіл басып­ тұр. Дегенмен, бүгін олжал­ы қайтты. Екі-үш күнде табар нәпақасын үш сағатта тапты. Есікті ашқан бетте жан-дүниесін еріксіз қорқыныш биледі. Жеткерген келгенше теледидар қарап отыратын әкесі тым-тырыс қалған. Қай уақытта келсе де байғұс шал баласын күтуші еді, бүгін қалпынан танған ба? Баласы әкесі жатқан бөлмеге енді. Әкесі жатыр. Бірақ мүрдесі ғана. Бәлкім жаны ауылдағы құм төбелер арасында бақыт көлі­нің жағасында жүрген болар...­

 

Дастанбек  САДЫҚ

 


ҮЙЛЕНБЕСКЕ АНТ ҚАБЫЛДАҒАН ЖАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2012 11:29

Менің ағам. Ағам болғанда, бір анадан, бір әкеден туған ағам емес. Әжемнің туысқан інісі. Аты Сағатбек болғанмен, ауыл тұрғындары «Баһадүр» атап кеткен. Шыны керек, ауылда Сағатбек десең, ешкім танымайды. Лақап атын айт­қанда ғана ол жайында керемет аңыз әңгімелер қозғайды. Аңыз дейтін аңыз да емес, шын болған оқиға. Алғашында имандылық жолын қуған жан бүгінде бөтелкемен дос. Түр­кістан қаласында екі жылға жуық оқыған ислами білімін насихаттауды қойған.

 

Оның орнына бөтелкелес достар­ына өткен-кеткенді қозғап,­ не көшеде жанжал шығары­п жүреді. Ағамның бір ерекшелігі, қанша ащы судың ырқын­да жүріп, сонша мас болғанмен,­ біреудің ала жібін аттамайды. Әйтеуір, көшеде кездескендерді қылқылдай қаужап, мазасын алғаны болмаса, өте жақсы адам. Жұрт­тың бәрі Баһадүрмен сәлемдесіп, қол алысудан қашады. Себебі ағамның тоқпақтай қолы амандасқандарды бір «жылатып» алады. Кейде жұрт оны жүрегінің түгі бар десіп жатады. Қорқу дегенді білмейтін ағам бүгінде ауылдан шықпай, біреудің отын-суын тасып алуға көмектесіп, өмірін өткізіп келеді.­

 

Ағамның мен дегенде көңілі ерек. Қаладан ауылға барған сайын­ кездесіп қалса, “бауы­рымдап” құшақтай алады. Сонан­  әніне басады.

- Сенен басқа мені ешкім түсінбейді. Ауылда ет жақыным деп сені білем. Мына құлқын құрғыр босатпайды. Әйтпесе, мен де қатын алып, үй болғым-ақ келеді. Келер күзде үйленетін болдым. Сол қуанышымды бөліс, 100 грамға бар-жоғы он-ақ теңге жетпей тұрғаны, қосып жіберші, - деп жармаса кетеді.

Ағамның мына жыры таусылмайды да. Ол кісі әр күз сайын үйленіп, талай жеңгеге қарық қылған. Бірақ құр сөзбен. Амалсыз он теңгесін толтырып, қойнына «отын-арақты» қыстырамын да жөніме кетем.

Сағатбектің үйленбей жүр­геніне жұрттың бәрі туысқандарын кінәлайды. Рас, мектепті бітірген шақта үйіне бір қара домалақ қызды “келінде­рің” деп алып келгенде, жа­қын­дары «үйленбейсің» деп үзілді-кесілді қарсы шығады. Сонда ағам Пуни соғысын бас­таған Ганнибал сынды ант беріп, өмірінің соңына дейін үйленбейтіндігін айтқан деседі жұрт. Бір қызығы, етжақындары Сәкеңді енді үйлендіре алмай әлек. Қаншама қыз­ды таныстырғанмен, теріс бұ­рылып жөніне кете береді. Көрші ауылдарда таныстырмаған қыз қалмады. Айтар уәжі қыздың көзі қитар не аяғы қи­сық. Баһа­дүр осылай бұзылмас антына беріктік танытып жүр.

Тағдырдың жазғаны, бәл­кім, осы болар. Туған-туыс­тарына ерегісіп, өз тағдырын өзі құртып жүрген ағам осылай күн кешуде. Үйлену оның есіне­ де кіріп-шықпайды. Есіл-дерті – шыны толы ащы суға шөлін қандыру. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деуші еді. Ағама да жалғыздық жа­расатын сыңайлы, алайда ол жаратушы емес қой.

Алашбек   САДЫҚҰЛЫ

 


ЖҰМБАҚ ӨЛІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2012 11:27

Бүгін тағы да жалғыз. Жалғыздықтан әбден мезі болған оның жан бойы түгел өзгеріске енген. Түр-сипатының өзі жан шошырлық. Шұқшиып кітап оқиды да отырады. Оның таң азаннан қара кешке дейінгі жалғыз тірлігі сол. Кеш баты­сымен төрт қабырғаға телміріп, меңіреу адамдай бір нүктеге қадалып қатып қалғаны... Сәлден соң баяғы дыбыстар... Жылаған сәби. Шыңғырған қатын-қалаш. Жан даусы­мен ақырған еркек.

 

 

Бұл жағдай Бабырдың басында жаңа үйге көшкеннен кейін басталған. Әйелі мен екі бірдей баласы алыстағы ауылға аттана­м­ын деп, о дүниеге кете барғанын Бабыр ол сәтте білмеген де еді. Арада он бес күн уақыт өткенде ғана бұл жайтты естіген­ ол есеңгіреп қалды. «Папа, мені алып кет» деген қос құлыншағының даусы­ мен сүйген жарының бейнесі күні бойы көз алдында көлбеңдеп тұрып алады. Дос-жараннан қол үзіп, ағайын­нан алыстап кеткелі­ қашан. Міне, өткен күннің белгісін санасынан мүлде жоқ қылғысы келген ол басқа­ баспанаға барғанымен де ойындағысы орындалмады. Серігіндей боп алған сағым-елес қыр соңынан қалмай­ қойды. Кешкілік ел ұйқыға жатқанда Бабырдың ұйықтамақ түгілі жатар орынға жайғасқысы да келмеді. Көзі енді іліне бергенде баяғы дыбыстар қайта шыға бастады. Құлағының түбіне келіп айғайлайды. Жындана­  бастағандай  Бабыр.

Ия, бұл оқиғаға оның өткен өміріндегі іс-әрекеттері де себепкер болуы мүмкін еді. Ол қандықол қылмыскер болды. Бір отбасын қорғансыз қалдырып, отағасының өмірін күл-талқан етсе, енді бір отбасының балаларын ананың мейірімді алақанынан айырды. Қарғыс ұзаққа апармасы хақ еді. Бәрібір тамыр-таныспен жазадан аман қалған ол бүгін үйде соқа басы сопиып жалғыз отыр. Ешкімге керексіз.

Бабыр өмірден баз кешті. Жалығып кетті. Дүкенге барып көптеп арақ-шарабын алды да үйіне келді. Ұзақ ойланды. Үстелге әкелгенін қойды да жайлап іше бастады. Кешқұрым уақыт. Ол ішіп отыр. Ал таң таяп қалды. Үстелде шылымын бұрқыратып, қолына құйтақандай стақаннан ащысуын ішіп отырған Бабыр өзінен-өзі айғайлай бастады. Бірде жылайд­ы. Біресе жынды адамдай күле береді­. Өз өміріне өзі риза. Қанға боялған­ қолы өзінің басынан ұрғылай бастады. Айнала­ға бір сәт қарайды да, жан шошырлық дауыспен біреуден кешірім сұрап жатыр.­ Одан соң өкіріп жылады. Сірә, өткен өміріне өкінішпен қарағаны болар.

...Таңертеңгілік көршісі Серік Бабырдың үйіне кіріп келгенде орындықта отырған досын көріп шошып кетті. Қолына стақанын ұстаған қалпы, көзі ашық күйінше жүріп кете барыпты. Бір нәрседен қатты шошынған сияқты. Серік болса жолда­сының қолын ұстаған күйі жерге тізерлеп отыра кетті.

- Ба-бы-ы-ы-ыррррр...

Аян   ТӨРЕ

 


Е Н Е (орыс әзілдерінің ізімен) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2012 11:24

Сахнада екі жігіт: Қылти, Сылти.

Қылти: Ойпырым-ой, өзің бүгін сойған түлкідей ырсиып, жағаң жайлауда жүрсің ғой. Екі көзің жайнаңдап от шашып тұр. Бөкпен бетіңнің қаны жерге тамайын деп тұр. Дәу де болса, бір үлкен жаңалығың бар-ау деймін.

Сылти: Басың жұдырықтай болса да, өзің әулиесің. «Тәуекел ет те, тас жұт» деген емес пе?! Бас екеу болмай, мал үшеу болмайды. Жанымның жарты сыңарын таптым. Үй­ленейін деп жатырмын.

Қылти: Оу, талабың оң болсын! Қу тізеңді құшақтап қашан­ғы жүресің? Сендей кезімізде біз үш баланың әкесі бол­ғанбыз. Үйлен... Әнеугүні Шөткебайдың тойын үш-ақ күн тойлап, құмардан шыға алмай қалып едік. Өйдә, сенің тойыңды ұқсатып тұрып, арман­сыз бір апта дүрілдетпейміз бе? Айтпақшы, енең бар ма?

Сылти: Бар болғанда қан­дай­! Нанға жаққан балдай! “Шеше көрген тон пішер” деген­ емес пе?! Қуанамын. Енем өте инабатты, тәрбиелі, су сұрасаң, бал беретін адам...

Қылти: Сырттай бәрі жақсы. Сыпайысып тұрады. Күні ертең-ақ көресің, көзің жете­ді... Аюдай ақырып, мысықтай мияу­лайтын абажадай енеге тап болмаспын деймісің. Әлі өмірге көзқарасың өзгеріп, анау-мынау қылтың-сылтыңды тез арада қойып, бір-екі жылда оқтау жұтқандай сымпиып шыға келе­сің. Ол жайлы бір адамдай біле­міз, басымыздан өткен...

 

 

Сылти: Қой-әй, сен өйтіп таусыл­ма. Сенің енең өте жақсы адам емес пе?! Обалына қалма. Үнемі асты-үстіңе түсіп, өбектеп, қаралай қалбалақтайды да жүре­ді. Туған қызына өйтпес...

Қылти: Әй, мақтайтын ештеңесі жоқ. Менің енемнің өмір-жалғанда істеген ісі бір өнбейді. Ал енді өздігінен бірдеңе істесе, шала бүлдіреді. Кеше тамақ асқан­ екен. Тұзды өкіртіп салып жіберіпті. Содан түнімен таң атар-атқанша үй-ішімізбен, тағы екі қонағымыз бар ауызғы бөл­медегі су бөшкенің қасында отырып­ шықтық...

Сылти: Е, судың ақшасы төленген болса, не қылады дейсің...

Қылти: Сөйтіп отырып, өзі керемет ақыл айтқыш. Саусағымен нұқып, миыңды шұқып, ақыл айтқан кезде қалпағыңды теріс кигізіп жібереді.

Сылти: Ащы-тұщыны татып, көпті көрген адам. Көрген-біл­генін үлгі етіп айтса, онда тұрған не бар?

Қылти: Ақыл айта бастағанда, қос қолыңды төбеңе қойып айда­лаға безіп кеткің келеді. Не бәлесі барын білмеймін, үйдегі боқмұрындарым шекерге үймелеген шыбындай сол заржақтың қасынан бір елі шықпайды. Кейде менен қашып, соған барады... Сосын “Махараджа” деген шалдың суреті бар үнді шайынан басқа­ны ішпейді. Өзің талай рет көрдің ғой, базардан-базар, дү­кеннен-дүкен қоймай, тек соны табанымнан таусылып іздеп табамын... Өзі удай қымбат­ шай...

Сылти: Әрине, үлкен адамға бап керек.

Қылти: Сосын бар ғой, көз­әйнегі тұмсығына түсіп, лупасын киіп, шұқшиып отырып газет оқығыш. Жер-жаһандағы пәле-жаланың бәрін біледі... Жылына­ он шақты мың теңгенің газетіне жазылмасаң, құлағыңның құрыш етін жеп қояды...

Сылти: Енеңнің елден асып оқымысты болып, саясаттан хабар­ы болғанына қуанбайсың ба?! Күнде біреуі ашылып жатқан­ партиялардың біреуіне мүше қылып тізіп қой қайта. Ақы-пұл сұрамайды. Мүмкін пайдасы тиіп қалар...

Қылти: Осы өзіміз айында-жылында бір газет оқимыз ба, оқымаймыз ба, сонда да білдей бір оқу бөлімінің инспекторы болып, халық қатарында келе жатырмы­з ғой... Әй, сосын өзі мысық асырағыш. Қасында пырылдап семіз мысық жатпаса, ішкен асы бойына тарамайды. Әлгі біздің үйдегі сабалақ сары нән мысықты менің балаларымнан артық мәпелейді...

Сылти: Мысық деген тыш­қанның жауы емес пе?! Үй-жай, қора-қопсыңның тесігінен соқыр тышқанды сығалатпайды... Оба-собадан аулақ боласың...

Қылти: Қайдағы оба?! Әй, бозымбай, сен өзі, немене, мені мазақ қылып, келекелеп тұрғаннан саумысың?! Күлме досқа, келер басқа. Саған да бір мысықша мияулаған ене тап болмайды-ау. Көсемсіп, жоқты-барды шатқаныңды көрер едім...

Сылти: “Ененің алақаны – май, ақ көңілі – жай” деп қуана-қуана қарсы алар едім... Қылтеке, сыбырлағанды Құдай да естиді, төбемді ойсаң да айтайын, мен сенің күміс кірпік, шие ерін балдызың Бипылгүлге үйленейін деп жатырмын.

Қылти: Мына көксоққан не дейді, біздің Бипешке ме?

Сылти: Иә, сіздің Бипылгүлге... Той өткен соң, енемді де, мысықты да қолыма аламын.

Қылти: Әй жоқ, шәй жоқ, «аламыныңа» жол болсын. Төбеден түстің бе? Кім саған оны бере қояйын деп жатыр. Немене, кім көрінген қолтығына қысып алып кете беретін зат па екен ол?! Мен жұмысқа, Көмешкүл базарға кете­ді, үйдегі шиеттей балаға кім қарайды?

Сылти: Жаңа өзің емес пе, «мазамды май ішкендей қылады» деген...

Қылти: Қылса, менің мазамды май ішкендей қылады, онда сенің шаруаң қайсы? Тіпті басымды доп қылып тепсе де өзі біледі...

Сылти: “Махараджа” шайы мен газет-журналға жазылатын тиын-тебенің қалтаңда қалмай ма?

Қылти: Менің намысыма тиме. Ерегістірсең, енем үшін келер жылы бір айлығыма газет­ке жазылам...

Сылти: Ау, енеңмен бірге мысықтан да құтыласың ғой.

Қылти: Немене, мен сонда үйдегі, сарайдағы тышқан біт­кенді қолыммен аулаймын ба, шырағым. Болмайды. Біз ондай­ жастан кеткенбіз. Қысқасы, сөзді доғар, далада жат­қан ене жоқ, табаныңды жалтырат, қараңды батыр.

Сылти: Қылтеке, өйтіп әй­дік мінез көрсетіп, әкірең­де­меңіз. Біле білсеңіз, ертеңнен бастап ене екеумізге ортақ.

Қылти: Кісімсіген пошымыңа болайын. Ене екеумізге ортақ дегенде, сумаңдаған тілің бұратылып, сақау болып қалмайсың-ау! Жолдан қосылып алып, есіктен кіріп, төр менікі дегендей, бұл жаманның қайын енешілін қарай гөр!

Сылти: Енді ше, енемнің мазасын алатын әзірге менің балам жоқ. Оның үстіне алты бөлмелі үйім бар, түрлі-түсті теледидарым бар... Шалқасынан түсіп шалжиып көріп жатады...­

Қылти: Менің он жыл стажым бар. Он жылдан бері бағып­-қағып келіп, енді дап-дайын енені саған бере қояды деп пе едің. Жаңбыр жаумай, су болып жүріп, бұның жымыс­қы ниетін қара. Шын қырсықсам, қазір жолдама алып, Антали­яға курортқа жібере­мін. Дем алып, ем алып қайтсын... Келер жылы Тайландтың құмды жағалауына жіберемін... (Кетеді)

Сылти: Мана жамандағанда, аузы-басы қисаймай, іші-сыртын кептіріп жатыр еді. Көрдің бе, енді тісті бақаша жабысуын. Әйтпесе, бес баласына кім қарайды...  Маған  әзір ененің керегі жоқ. Бипыл­гүлім – күн мен түнім, жетеді. Енесі өзіне құт болсын (Кетеді).­

Е.АБДУЛЛАЕВ

Арал қаласы

 


Қайда барсам да... 40 ТЕҢГЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2012 11:18

Қаз-қалпында

Аптығып келемін. Аптыққанда да қос өкпемді қолыма алып, асығып, желемін. Жын соққан жылдамдықпен алдымнан шыққан адамға соқтығысып, қапталымдағымен қабаттасып, артымдағымен арпалысып алып-ұшып маршрутқа міндім. Мұнда да тығылысқан адам екен, «әрі жылжы, бері отыр» деп артқы орындықтардың біріне жайғаса бергенім сол еді, ол да бұйырмады. Тұрдым, қонақтаа-а-а-ап бір аяқпен, судан шыққан тауықтай боп.

Денеңді тіктеп тұруға мүмкіндік табу қиын, біреудің шынтағы келіп мұрныңнан періп қалады, арт жақтан екіншісі желкеңнен түйіп жібереді, сосын дымыңды шығармай тұрғаның. Негізі жаратылысыңнан түзу екеніңді білгенмен, дәл осындай қыстырып қойған киім сияқты тұрған кезіңде оны ұмытып кетесің. Құдды бір ағылшынның «R» әрпі секілді, басыңның ғана жайлы тұрғаны болмаса, екі аяқты түсер кезде жинап-теріп аласың.

 

Жақында тура осы жағдайды бастан кешір­дім. Әбіржіп, әбігерге түсіп, аялдамадан аңдап басып, «заң бұзып» өтіп бара жатыр едім, анадайдан арқасы сарғайған МАИ қызметкері көрінді. Асығып келе жатқанда осындай болуы заңды секілді. Атасынан бір сыбап алдым да, жолаушыларға арналған жолақтан өтуге бет бұрдым. Іштей ашуға булығып, «заң бұзатын» көшеме жете бере әлгі милиция ағайға қарап қалсам... Қарамағаным дұрыс еді. Теріс қарап тұр, кім дейсіз ғой, қолында сыпырғышы бар көше тазалаушы екен. «Қап-п-п-п!» дедім. Бағана­дан бері айналып келген еңбегім-ай! Содан­ табанымның ұшымен көкмұзда көлбеңдеп отырып, жұмысқа жеттім. Кіре бергенім сол еді, «Жібек жолында» үнді базары болып жатыр» дегенді құлағым шалып қалды. Қашанғы қазақ базарын қараймыз, жұмыстан соң билет алып, Индияға барып қайтуды шештік. Жоспар құр­ған, идеяның авторы – жұмыстағы үш қыз, өзіміз. Не керек, жұмыс уақыты бітуге таяған тұста билет­ таусылып қала ма деп, №11 бағыттағы жерүсті ұшағымен Қазақстаннан Үндістанға тартып отырдық. Кіргеннен басыңды айналдырып, жүрегіңді айнытатын «хош» иістер мүңки бастады. Білмедік, кімнің қандай иісі екенін. Сөйтсек, құрғыр үндістердің жұпары екен. Индияны көрем деп кім ойлаған, жүгіріп ана бұрышына, тайып құлап мына бұрышына барып, сатыл­ымға түскен заттарын қарап жүрміз. Бір кезде кастрөлдің дауысына ұқсас дыбыстар шыға бастады. «Бұл не екен?» деген оймен жұрт жиналға­н жерге бардық. Ортада бір қазақ қызы мен басына диірмендей орамалды тартып алған бір үндіс биді қыздырып жатыр. Анда-санда айқайлап, үн шығарып қояды. Дуылдаған халық та шапалақ соғудан шаршамақ емес. Сонымен, бардық, көрдік, алатынымызды алдық, қайту керек. Үндістаннан шыға бере біртүрлі күйге ендік, сөйтсек Қазақстанның территориясына келіп­піз. Қиял әлемін шарлап келіп, ұшақтың билетіне ақша жетпей, маршрут­қа міну үшін аял­дамаға бардық. Аузы-мұрнынан шығып тұрған маршрутқа жабысып, жармасып мінгенім сол еді, қақ шекемнен біреу тесірейіп тұр. Мен де қарадым, танымадым. Анау әлі көз алар емес. Тағы бұрылып қарадым, біртүрлі күмәнді көз, өйткені ғашықтың көзіне, яғни менің жігітімнің көзіне ұқсамады. Бажырайып бір қарадым да тұра бердім. Көлік іші сәл босаған соң ығысып тұра бергенім сол еді, сөмкем жылп ете қалды. Әншейінде қара зіл, тас салып қойғандай тұратын бұл шырағыма не боп қалғанын білгім кеп қарап қалсам... аузы аңқиып маған қарап тұр. Ішінде әмияным жоқ. Қалтамда 40 теңге ғана қалыпты. Көкшиген көзімен менің көзімді арбап­ тұрып, сөмкемнің ішін сылап-сипап кетке­нін білдім. Енді жоқ бол­ғасын білдім, бар болса білмес едім ғой. Дым саспадым, жоқ екен, «ұрлап тынды» деп тұра бердім ішімнен. Ертеңіне құжаттарымның жоғалғанын жалпақ жұртқа мәшһүр етейін деп облыстық телевид­ениеге бардым. Абырой болғанда жүгіріп іздейтін жарнаманың түрі бұзылып қалыпты. Ең болмағанда қала тұр­ғындары біліп жүрсін деген ниетпен «Қоғам ТВ»-ға бардым. Кірдім де: «Құжаттарым зым-зия жоғал­ып кетті» деп едім, қолыма бір қағаз берді. Толтырдым. Құдай сақтасын, әрбір жазған сөзім 40 теңге тұрады екен. Сөйтіп, басқа амал жоқ, аты-жөнімді, яғни, атамның атын жазып 40 теңге,­ әкемнің атын түртіп 40 теңге, өзімде де абырой бар екен, ол да 40 теңге, тағысын тағы төлей бердім. Ең соңына «өті­немін» дейін десем, өтіну де ақылы екен. Жалыну одан да қымбат. «Сүйінші берем» десем де ақы төлейсің дейді. Қайтейін, 80 теңгемді беріп, «Сүйін­шісі бар» деп жаздым. Амалым қанша, өкіндім, өртен­дім, жұрт­қа жариялаймын деп қалтам­ның түбін тесіп, төңкер­дім.

Бір жерге баратын болсам, қасыма міндетті түрде адам ертіп жүретін болдым, әйтпесе, менің мен екеніме ешкім сенбейтін болды. Дәлелдейтін құжатым да жоқ. Көшеде бәрі маған­ қарайды. Паспортым бар кезде бұлай қарамайтын еді, мүмкін менің суретімді бір жерден көрген шығар деген ой да келеді. Содан не керек­, ақырын сөйлеп, анық басқан қалпыммен жұ­мысқа келдім. Ойланып отыр едім, телефоны «шыр» ете қалды, тұтқаны көтергенім сол еді, ар жақтан бір қыз «сүйінші» деді де тастап жіберді. Ох-х-х, тағы 40 теңге сұрап жатыр деп ойлағам. Жоқ, бұл жолы одан жоғары сомада сұрады-ау деймін, тағы да жұмыс телефоны безектеді. Алдым, «ало, Пәленше ме?» деді біреу. Жұлдыз боп кеткен­ екенмін деп, «ия» дедім. Сөйтсем:

- Сізді екі күннен бері қызыл әмияныңыз шарқ ұрып іздеп жүр, қайда жүрсіз? - дейді ғой. Қуанғанымнан:

- Ол қайда жүр, мен болсам жұмыста отырмын­. Айтыңызшы, қайтсын, - дедім. Сөйтсем, ол қызыл әмиян «өзі келмесе, бармаймын» депті.

Не істейін, керек болған соң барып ақша беріп, алдап-арбап алып келдім. «Ендігәрі сөмкемнен секіріп кетуші болма!» деп ұрыстым. Ешкім ақша салмаған-ау, қарны да ашқан екен, 2000 теңгені «құлқ» еткізіп жұтып қойды, пәтшағар!­ Өзім маршрутқа міндім, 40 теңге. Қайда барсам­ да...

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ФУТБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮНТІЗБЕСІ (Ел біріншілігі, қр кубогы ойындары) Бірінші айналым PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.03.2012 11:16

6 наурыз (сейсенбі)

Қазақстан суперкубогы.

Шахтер (Қарағанды) – Ордабасы (Шымкент)

1-тур, 10 наурыз (сенбі)

Ертіс (Павлодар) – Шахтер (Қарағанды)­

Тобыл (Қостанай) – Қайрат (Алматы)­

Оқжетпес (Көкшетау) – Ақжайық (Орал)

Атырау (Атырау) – Ордабасы (Шымкент)

Астана (Астана) – Тараз (Тараз)

Сұңқар (Қаскелең) – Жетісу (Талдықорған)­

Қайсар (Қызылорда) – Ақтөбе (Ақтөбе)­

2-тур, 18 наурыз (жексенбі)

Шахтер – Ақтөбе

Жетісу – Қайсар

Тараз – Сұңқар

Ордабасы – Астана

Ақжайық – Атырау

Қайрат – Оқжетпес

Ертіс – Тобыл

3-тур, 25 наурыз (жексенбі)

Тобыл – Шахтер

Оқжетпес – Ертіс

Атырау – Қайрат

Астана – Ақжайық

Сұңқар – Ордабасы

Қайсар – Тараз

Ақтөбе – Жетісу

4-тур, 1 сәуір (жексенбі)

Шахтер – Жетісу

Тараз – Ақтөбе

Ордабасы – Қайсар

Ақжайық – Сұңқар

Қайрат – Астана

Ертіс – Атырау

Тобыл – Оқжетпес

5-тур, 8 сәуір (жексенбі)

Оқжетпес – Шахтер

Атырау – Тобыл

Астана – Ертіс

Сұңқар – Қайрат

Қайсар – Ақжайық

Ақтөбе – Ордабасы

Жетісу – Тараз

6-тур, 15 сәуір (жексенбі)

Шахтер – Тараз

Ордабасы – Жетісу

Ақжайық – Ақтөбе

Қайрат – Қайсар

Ертіс – Сұңқар

Тобыл – Астана

Оқжетпес – Атырау

7-тур, 22 сәуір (жексенбі)

Атырау – Шахтер

Астана – Оқжетпес

Сұңқар – Тобыл

Қайсар – Ертіс

Ақтөбе – Қайрат

Жетісу – Ақжайық

Тараз – Ордабасы

8-тур, 29 сәуір (жексенбі)

Шахтер – Ордабасы

Ақжайық – Тараз

Қайрат – Жетісу

Ертіс – Ақтөбе

Тобыл – Қайсар

Оқжетпес – Сұңқар

Атырау – Астана

9-тур, 6 мамыр (жексенбі)

Астана – Шахтер

Сұңқар – Атырау

Қайсар – Оқжетпес

Ақтөбе – Тобыл

Жетісу – Ертіс

Тараз – Қайрат

Ордабасы – Ақжайық

10-тур, 12 мамыр (сенбі)

Шахтер – Ақжайық

Қайрат – Ордабасы

Ертіс – Тараз

Тобыл – Жетісу

Оқжетпес – Ақтөбе

Атырау – Қайсар

Астана – Сұңқар

16 мамыр (сәрсенбі)

Қазақстан кубогы, іріктеу кезең

11-тур, 20 мамыр (жексенбі)

Сұңқар – Шахтер

Қайсар – Астана

Ақтөбе – Атырау

Жетісу – Оқжетпес

Тараз – Тобыл

Ордабасы – Ертіс

Ақжайық – Қайрат

12-тур, 27 мамыр (жексенбі)

Шахтер – Қайрат

Ертіс – Ақжайық

Тобыл – Ордабасы

Оқжетпес – Тараз

Атырау – Жетісу

Астана – Ақтөбе

Сұңқар – Қайсар

13-тур, 16 маусым (сенбі)

Қайсар – Шахтер

Ақтөбе – Сұңқар

Жетісу – Астана

Тараз – Атырау

Ордабасы – Оқжетпес

Ақжайық – Тобыл

Қайрат – Ертіс

20 маусым (сәрсенбі)

Қазақстан кубогы 1/8 финал (бірінші кездесу)

 


«ҚАЙСАР» жаңа маусымға тас-түйін дайын PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.03.2012 11:14

Бес күннен соң футболдан ел біріншілігінің шымылдығы түріледі. Қазір премьер-лигада өнер көрсететін 14 ұжым жаңа құрамдарын жариялауда. Сыр өңірінің намысын қорғайтын «Қайсар» командасы да бірнеше шетелдік аяқдопшылармен келісімге келді.


 

Түрік жеріндегі бірінші оқу-жаттығу жиы­нынан кейін команданың бас бапкері ауысты. Өткен маусымда қызылордалық аяқдопшыларды өрге сүйреген Альгимантас Любинскас қызметінен кетіп, жергілікті футбол мектебінің түлегі Сергей Когай коман­даның тізгінін ұстады. Алғашқы оқу-жаттығу жиынынан соң босниялық қорғаушы Градимир Црногорацпен келісімшарт жасалғанын бұған дейін жазғанбыз. Жергі­лікті жанкүйерлер «қара бала» атап кеткен нигериялық шабуылшы Филипе Эдейпо Сыр елінің намысын қорғайтын болды. Өткен маусымда «Қайсардың» жейдесін киген­ өзге легионерлер басқа командаларға ауысты. Екінші оқу-жаттығу жиынында қайта сынақтан өткен словениялық жартылай қорғаушы Борут Семлердің шеберлігіне­ клуб басшылығының көңілі толмапты. Енді жергілікті команданың сапындағы жаңа ойын­шыларға тоқталсақ. Өткен маусымда Оңтүстік Қазақстанның «Ордабасы» клубынд­а тер төккен бразилиялық шабуылшы Вагнер Перейра Кошта «Қайсарға» келді. 25 жастағы шабуылшы осыған дейін Бразилияның «Унао Барбаренсе», Беларусьтің «Дарида», «Гранит» командаларының намысын қорғаған. Қанжығасы майлану жағынан мақтана алмайды. Қалған легио­нерлер - бұған дейін ел біріншілігінде өнер көрсетпеген аяқдопшылар. Украиналық екі жартылай қорғаушы команданың жейдесін киді. Соның бірі - Евгений Шмаков Львов футболының түлегі, «Галичина», Луганскі­нің «Заря», Киевтің «Динамо», «Арсенал», Ресей­дің «Луч-Энергия», Беларусьтің «Гомель­» командасының намысын қор­ғаған. Екіншісі - Александр Сытник. Ол Днепродзержинскінің «Сталь», Донецкінің «Металлург», Луганскінің «Закарпатье» командаларының сапында өнер көрсеткен. Ал қорғаушыны Молдовия­дан алдырды, Адриан Кашкавал бұған дейін «Олимпия» клубының намысын қорғаған. Команд­аның жарты ойыншысына қақпашының бағалан­атыны жазылмаған қағида. Бұл міндетті өткен жылы өзбек легионері Ж.Нарзықұлов атқар­ғаны­ белгілі. Биыл ол ақтөбеліктердің намысын қорғауға бел байлапты. Ал «Қайсардың» қақпасын сербиялық Неманья Джоджо күзететін болады.

 


ПОЙЫЗ ЖОЛАУШЫСЫНАН ТАПАНША МЕН ПАТРОН ТАБЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.02.2012 17:11

Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері Қызылорда станциясындағы желілік ішкі істер бөлімімен бірлескен кезекті рейд барысында күтпеген олжаға кезікті.

«Алматы-Атырау» бағытындағы №29 жолаушылар пойызына Тараздан мініп, Байқоңырға жол тартқан азамат К.Р.-дың сөмкесінен тапанша мен оқ дәрі, дыбыс шығармау үшін жасалған түтікше табылды. Сот-баллистикалық сараптама қорытындысы көрсеткендей, 1895 жылғы үлгідегі «Наган» тапаншасы, оның 7 дана патроны атуға жарамды болып шықты. Ал дыбыссыз атуға арналған түтікше қолдан жасалған және әлгі револьверге салып қолдануға дайын екен. Бар болғаны 21 жастағы жолаушының сөмкесіндегі суық қару айғақ ретінде алынды. Ал аталған әрекет бойынша желілік ішкі істер бөлімі Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғады.

Жалпы, қызылордалық кеденшілер жыл басынан бері 2 қылмыстық және 80 әкімшілік іс қозғады. 14 млн. теңгеден астам айыппұлдың жартысынан астамы жергілікті бюджетке түсті.

Б.ОРДАНОВА,

департаменттің баспасөз қызметінің бас маманы

 


ПАРА АЛУ КЕЗІНДЕ ҚҰРЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.02.2012 16:39

21 ақпан күні қызылордалық қаржы полицейлері жедел іс-шаралар барысында облыстық құрылыс басқармасының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Д.И.-ді 3 млн. 427 мың теңге пара алу кезінде ұстады. Аталған оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 311-бабының 5-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде.

Қызылорда облыстық прокуратурасының

баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2012 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары