Өзекті мәселелер

  • 19.04.18

    ӨМІР   СОҚПАҒЫ...

    Жол – экономиканың күретамыры, тіршілік ізі. Қала ішіне қамшының өрі­міндей таралатын сол жолдардың  қазіргі  жағдайы  қандай?

    Көктем бастала салысымен Қызылорданың орталық көшелері ғана емес, шетаймақ жолдарына да жан біте­тіні бар. Қазіргі күні қала бо­йынша ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның 503,2 ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Жақында үйге туыстарымыз келіп, кішкентай бүл­діршіндермен оңаша қалып, бала да болса әңгімеге тарттым. Сөйтіп «Кімге еліктейсіңдер?»  деп  сауал  тастадым. Сонда 8 жастағы інім «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Халк», «Темір адам», «Флеш» секілді шетел мульт­фильмдерінің басты кейіпкерлерін тізбектей жөнелді. Арасында бірде-бір қазақ батырл­арының есімі жоқ. Онысымен қоймай, сол кейіпке­рлердің өзіне...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    «Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса­, сұлулықты ит те сезеді». Жазушылық жылнамасында әйел, ана тақырыбына ең көп қалам сілтеген талантты жазушы Ғабит Мүсірепов осылай депті. Иә, сұлулықты кім жақсы­ көрмейді, сұлулық кімге билік жүргізбеген десеңізші? Бота көзді, шие ерінді, үріп ауызға салғандай сұлу! Қыздардың осы сипаты қазір бар ма? Әрине, бар. Бірақ көзін линза арқылы қ...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    Қаржы және қоғам

    - Бұрын бәрін кадр шешкен деседі. Осы рас па, әлде өзгенің бе өсегі?

    - Иә, қазір қоғам емес кешегі, қаржы бәрін шешеді... Қысқартады, кеседі. Өшіреді, өседі... Қаржысы жоқ қасқаның маңдайда соры бес елі.

    - Сонда кадр ешнәрсе шешпей ме?

    - Жоқ, ол да аз-маз шешеді. Қаржың болса қалтаңда,...

    Толығырақ...
  • 19.04.18

    МЫҚ  ШЕГЕ  ҚАЙДА?

    Профессор  Темірбек

    ҚОЖАКЕЕВ  рухына Толығырақ...

Сәрсенбі, 05 Қараша 2014

Әскери қызметтен жалтарғандар ПАТРИОТ ЕМЕС PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.11.2014 11:53

Сыртқы сұқ көздерден сақтанудың алғышарты азамат­тарымыздың әскери даярлығында жатыр. Армияға алынып, сарбаз сапына қосылып, әскери өмірді көру, одан қалды, түрлі техниканы меңгеру – ер-азаматтарға артылған абыройлы міндет. Қазақстанның қазіргі армиясы шағын. Сондық­тан Кеңес өкіметіндегідей бозбала біткен әскерге алынбайды.

Бүгінгі әскерге тек төзімді, озық ойлай алатын жігіттер керек. Әскерилердің қазіргі көздегені - сан емес, сапа. Алайда білегі мығым, мыңның ішінен іріктеліп алынған­дардың да темірдей тәртіпке төзе алмауы­ алаңдатады. Оның үстіне, армияд­а ажал құшатындардың да қатары­ көп. Беймәлім өлімнің өршіп, жабылған күйі ұмыт болатыны мұң. Осыдан келіп, ел арасында дүдәмалдық пен үрейдің туындайтыны белгілі. Арагідік әскерден табытпен оралған сарбаздарды да  көрдік. Әрқайсысына әскери  шенді  азаматтардың  айтар  уәжі бар. Әрі кетсе, әскерде қайтыс болған азаматты асылдырып, өз-өзіне қол салды деп ақтала салу да қиын емес. Одан қалды, соңғы кездері қорғаныс саласындағы  шенділердің  бірінен  кейін бірінің ұсталып жат­қаны да жаның­ды  жегідей  жейді.

 

ӘЛІМЖЕТТІКТЕН ӘСКЕРДЕН  ҚАША  МА?

 

Көпке көпе-көрінеу кінә арту оңай, әрине. Бүгін қоғамның қай саласын алып қарасаңыз да, былыққа батып тұр. Соның ішінде әскери саланың «сықпыты» сұрықсыз. Қанша жерден әлімжеттік жасалса да, жігіттер төзімді болуы керек-ақ. Мейлінше, қайраттылық танытуы қажет. Әскерге кеткеннің барлығы он екі мүшесі сау күйінде елге оралады яки оралмайды деп кесіп айту қиын. Болмаса бозбалалардың барлығы әскерде «таяқ» жемеді дейсіз бе? Жейді. Бірақ, шыдады ғой бәріне! Жасыратыны жоқ, бүгінгі бала «таяқ» жеу былай­ тұрсын, ауыр сөздің өзін көтере алмайды. Шыдас білдіріп, сабыр қылудан қалған. Басқа түскен ауыртпалықты көтеруге құлықсыз. Алда-жалда алыса кетсе, оған болмашы сөз себеп. Жұдырық ала жүгіруге­ иық тиіп кету де негіз бола алады. Осы арада­ әлі келмеген өз-өзіне қол салуға шейін барады. Оны «көк жәшіктің» хабарларынан көріп жүрміз. Кейде бүгінгі жастардың әскерге барғысы келмеуі адам шошыр­лық жағдайлардың артуынан болар? Сондай-ақ, қазіргі жігіттерді «тепсе темір үзеді» деу де қиын. Әскердегі суицидті болдырмауға биліктегілер де бар күшін салып жатыр. Соңғы технологиямен жарақтандырылған құралдар, түрлі тесттік сауалдар шығарылған. Бұл баланың әскерге аттану алдындағы көңіл-күйі мен психологиялық дайындығын елеп екшейді. Айтпағымыз, Сыр еліне әкелінген «Ақ сұңқар» авто­маттандырылған психодиагностикалық кешені. Республикалық психиатрия, наркология және психотерапия орталығы мен «Точприбор» ЖШС бірлесіп жасаған кешен компьютер сұрақтары негізінде жүзеге асырылады. Бір айта кетерлігі, бағдар­лама Қызылорда өңірінде ғана қолға алынған. Егер ол оң нәтиже берер болса, өзге де өңірлер аталмыш кешенді сатып алуға ниетті.

Н.Набиқызы,  Қызылорда облысы  бо­йынша Қорға­ныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие, әлеуметтік және психо­логиялық бөлімінің аға әскери маманы:

- «Ақ сұңқар» автоматтандырылған психодиагностикалық кешені бүгінде оң нәтиже бере бастады. Алдымен оның сұрақтарының жүйелі жасалғанын байқауға болады. Мысалы, кешенде 44 тест нұсқасы болса, әрбір азаматқа 350-дей сұрақ қойылады. Сосын кешен өз нәтижесін шығарады. Біріншіден, «Ақ сұңқар» жылдам жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Бір жағынан әскерге шақырылушыны бейнебақылауға алып, оның қимыл іс-әрекетіне дейін баға береді. Сонымен бірге, сауалға шынайы жауап­ бермегендерді анықтау да оңай.

 

«ДЕДТЕРДІҢ»  ДЕГЕНІ  БОЛАДЫ

 

Тіс қайрап тірескен, дауласып жауласқаннан шекесі шылқыған қазақ жоқ. Тіпті, ұлтымыздың соры да - даудан. Көсегесі көгерсе, көршілес мемлекеттердің мазасыз мүйісі неден? Ішінара қырқысып, жік-жікке бөлініп жұлысқандардың да жағ­дайын көрдік. Әрине, елдік пен егемендік мұраты жолында барлығы құп. Тек тектілердің тамыры тепкілесіп жатқанда жаның шыжғырылады. Әйтеуір, қазақтың қазаққа тісі пышақтай. Өзі азғантай бола тұра бірін-бірі жеп барады. Ақыр аяғы азып тынбасақ жарар. Әйтпесе, «өзім» деп емірен­беген елдердің құрдымға кетіп жатқан­ын көз көріп жүр. Абайша айтсақ, «әрбір қазақ баласын жалғызым деп сүй». Алайда бүгініміз бірліктің жеңілген, берекенің қашқан дәуірі. Кейде көнекөздердің «тұтас жарылды, бүтін бөлінді» дегенін жиі еститін болдық. Мұнымен айтпағымыз, адамдар арасындағы адамгершілік құндылықтарының құлдырап, жауыздық әрекеттердің белең алуы. Әсіресе, жантүршігерлік оқиғалардың әскерде орын алатынын айтып жүрміз. Армияда өзге заң. «Дедтердің» дегені болады. Бұл -  Кеңестік кертартпа кезеңнің кесірі. Содан бері қарайғы үрдіс үзілмей келеді. Әскерде әлімжеттік жасалатыны бесенеден белгілі. Бірақ қазақтың баласы өзінен кішіге ізеттілік көрсетпеу­ші ме еді. Қандас, ағайындас бола тұра бірін-бірі ұрып жыққанға мәз. Қатыгездік пен айуандық асқынып, азаматтардың ажал құшуы да азаяр емес. Тепкінің астында қалған қазақ баласын булықтыратыны намыс­шылдығы. Әйтпесе, оны-мұныға шыдас беріп, сөзге тоқтайтын ұлттың ұрпағы емес пе едік? Бұл арада темір тәртіпке төз­беді деу қисынсыз. Жуырда Қызылорда облы­сы, Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылының азаматы Бекзат та әскерден табытп­ен оралған еді. Ол бақилық болар түні достарына хабарласып, өзі қоңырау шалып тұрған нөмірге бірлік аударуын өтінген. Мұны оның достары жасырмады. Қара жамылған отбасының ұлы жүрегінің кілт тоқтауы салдарынан көз жұмған көрінеді. Сонда жүрегінде ақауы бар азаматты армияға қалай жіберген? Ал армиядағы азамат ұялы телефонды қайдан алған­? Заңды сауал...

 

«40  КҮНДІК»  БІР  ЖЫЛДЫ  АЛМАСТЫРА   АЛА   МА?

 

Қазіргі таңда жігіттердің «әскерге барып­ келдім» дегеніне күмәнмен қарайтын күн туды. Есіңізде болса, тәуелсіздік таңы атқанға дейін әскерге аттанғалы тұрған азамат­ына ата-ана дүркіретіп той қылатын. Ауыл-аймақты жинап, «балам елдің қамына жарап қалыпты» деп мақтанышпен айтатын. Сондағысы, бозбаланың өзін батыр сезініп, тума-туыстың үмітін ақтайын деген ой туғыз­у ма, дерсің. Содан соң сарбаз қатарына іліккен азаматты ауыл ақсақалдары ақ батамен шығарып салушы еді. Бұл - бүгінше сарқыты қалған үрдіс. Келешек не болмақ? Мәселе думандатып той қылуда емес. Мұндай сәттерді сезіне алмайтын қоғам пайда бола ма, деп алаңдау. Өйткені, соңғы бір-екі жылда­ азаматтардың 40 күн ішінде әскери билетті иемденіп шыға келуі қынжылтады. Әскери өмірдің ыстық-суығына күймеген азамат солдат емес. Бірақ бұл да болса, көңілге медеу. Әскерден қашып, азаматтық парызы­нан жалтарып жүргендердің қа­сында әлдеқайда жақсы. Жаңадан пайда болған­ заңның қаншалықты көсегемізді көгертетіні де беймәлім. Сала мамандары мұндай бастаманың өз себептері бар екенін айтады. Бұған жігіттердің әскерге жарамсыз  болуы себеп.

А.Есмамбетов, Қызылорда облысы  бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департамент­ бастығының орынбасары, басқарма  бастығ­ы:

- Бейбіт елдің тыныштығын күзету - мерейлі мәртебе, асқақ абырой. Сол себепті, Отан қорғау - ежелден ерлердің міндеті. Әрине, 40 күндікті бір жыл әскерге барған азаматтың әскери мол тәжірбиесімен пара-пар деу қиын. Бірақ әскерге жарамсыз азаматтардың күні не болады? Сондай-ақ, белгілі бір себептермен әскерге бара алмаған азамат жасы 22-ге келсе, 260 мыңдай теңге төлеп, әскери билет ала алады. Мұндағы басты мақсат - елдің бюджетін молайту емес, жігіттердің патриоттық намысын ояту. Әскерге бармаса да, әскерде үйретілетін әдіс-тәсілдерді үйрету болып табылады. Осы ретте Қызылорда облысының жастары әскерге баруға бірдей ұмтылып тұр. Аймақ басшысы Қ.Елеуұлының «азаматтық парызынан жалтарып жүр­гендерді БАҚ-та жариялап отыру керек» деген бастамасы нәтиже бере бастады. Бұрынғыдай армияға барудан бас тарту, қашып-пысу дегендер жоқ. Отанды қорғау әрбіріміздің міндетіміз болса, әскериле­рімізге артылатын жүк одан да ауыр. Сондықт­ан, болашақ сарбаз атанатын жастары­мызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның шекарасына, ішкі әскеріне, әуе мен теңіз қорғаныс күштеріне, жаяу әскеріне дені сау, сабырлы да шыдамды жастар­  қажет.

Түйін. «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы,­ кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген екен халықтың батыр ұлы Б.Момышұлы. Ал, бүгінгі жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуден қаймығатын болды. Одан қалды, соқталдай-соқталдай азаматтардың әскерге барудан қашып, медициналық комиссиядан­ өтпеудің түрлі тәсілдерін қарастыруын ақтап алу мүмкін емес. Бұл қай қоғамда болмасын, өзекті мәселеге айналды. Жігіттеріміз әскерге бармағанына да еш қымсынбайтын болды. Оған армиядағы адам сенгісіз оқиғалар себеп десек те, жігіттер азаматтық парызын өтеуге міндетті. Биылғы күзгі шақырылым науқанында облыстан әскерге 600-дей азамат жол тартқалы  тұр. Желтоқ­сан айының соңғы күндеріне дейін науқан жүргізіледі. Қазірдің өзінде 150-дей азамат әскерге аттанды. Оның 14-і мемлекеттік қорғау қызметіне жіберілген.

Н.ЕРБОЛАТ

 


АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.11.2014 11:49

Депутаттардың жылына бір мәрте сайлаушылар алдында есеп беретіні белгілі. Биыл да солай болды. Қазалы аудандық мәслихат хатшысы Талайлы Бөріқұлақов бастаған депутаттық корпус­ жұртшылықпен жүздесіп, ой бөлісті. Мәслихат жұмысы, сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысын мәлімдеген халық қалаулыларына көпшіліктің сеніммен қарайтыны аңғарылып тұрды. Мұның өзі «аманатқа қиянат жоқ» қағидасымен тығыз үндесіп тұрғандай.

Уәде орындалуымен құн­ды екені даусыз. Өткен жылғы кездесулерде жамағат тара­пынан қозғалған ұсыныс-өтініштердің нақты жоспары белгіленген екен. Орындалуы тиісті орындарға жолданыпты. Тұрақты бақылауға алыныпты. Нәтижесінде басым бөлігі шешімін тапқан. Құп­тарлық жайт. Мәслихат депутаттары аудан көлемінде жүзеге асып жатқан игілікті шаралардан ешқашан қалыс қалмайды. Тіпті белсенділігі аса жоғары десек жалғандыққа жатпайды. Атқарушы және жергілікті қоғамдық ұйым­дармен бірлесе Елбасы жолдауынан туындайтын тап­сырмалардың, бағдарламалардың жүзеге асырылуына қомақты үлес қосуда. Бүгінгі мақаламызда халық пен билік арасындағы алтын көпір депутаттық корпустың тыныс-тіршілігіне кеңірек тоқталмақшымыз.

Есепті мерзімдегі сессияларда аудан бюджетінің қалыптасуы, атқарылуы, саяси, экономикалық, әлеумет­тік, мәдени дамуы, тиісті салалық­  бағдарламалардың, мәслихат шешімдерінің орындалуы жайы қаралды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты шешімдер облыс­тық әділет басқармасынан мемлекеттік тіркеуден өткізілді. Аудандық басылымдарда жарияланды. Заңдылықтарға сәйкес кейбір шешімдердің күші жойылды. Мәслихаттың кезекті сессия­сында мәслихат хатшысының есебі тыңдалды. Жыл аралығындағы тұрақты комис­сиялардың бірлескен отырысында тұрғындарды бау-бақша, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету, балық шаруашылығын дамыту сынды өзге де мәселелер қаралған болатын. Осынау өзекті тақырыптар сайлаушылардың, жалпы жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Тамыздағы сессияда аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар, міндеттердің орындалуы туралы есебі депутаттар тарапынан жақсы бағаланды. «Дегенмен бұл әкімнің жұмысында аудан экономикасын көтеруде, халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде кемшілік­тер жоқ дегенді білдірмейді» дейді мәслихат хатшысы Бөріқұлақов.

Айта кетерлігі, сессияларда көкейтесті тақырыптар көтеріледі. Депутаттар қозғаған сын-ескертпелер атқарушы органдар тарапынан назарда ұсталады. Мәслихат хатшысының өкімімен құрыл­ған жұмысшы комиссиясы сай­лаушылар арасында болып, ашық пікір алысады. Жан-жақты талданып, електен өткізілген қаралатын мәселе қиындықсыз қабылданады. Міне, іскерліктің шыңы. Аудандық мәслихат депутат­тары өздері сайланған округтерде, қызмет орындарында, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында бел­гіленген кестемен сайлаушыларды қабылдайды. Мерзімі БАҚ беттерінде жарияланып тұрады. Қабылдау үшін қолайлы бөлмелер жасақталған.

Президент Жарлығымен елімізде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалар, ауыл әкімдерін жанама сайлау­ негізінде мәслихат депутат­тары жүзеге асырғаны әмбеге аян. Ағымдағы жылы Бірлік ауылдық округ­і әкімінің басқа қызметке ауы­суына байланысты сайлау өткізілді. Үміткерлікке 3 адам тіркелген-ді. Кандидаттардың тыңдаушылармен кездесуінде олардың сайлауалды бағда­рламалары қаперге алынды. Үміткерлердің мемлекеттің саясатын жүргізу, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін байқау мақсатында сұрақтар қойылды. Сайлау нәтижесі­мен ұзақ жылдар ауылшаруашылығы саласында, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен Баймұрат Темір­ов депутаттардың басым дауысын иеленді. Жариялылықтың шынайы үлгісі дегеніміз осы да. Қазалылық депутаттар ҚР Парламенті Сена­ты депутатын сайлау барысында да тартынған жоқ. Қызылорда қаласына­ барып өздері­нің таңдауын жасады.

Бір сәт мәслихат аппаратының құрамына назар аударалықшы. Аппаратта ұйымдастырушылық, құқық­тық, материалдық-техникалық камта­масыз етуін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлер бар. Әрі мол тәжірибе жинақтаған өңшең білікті жандар. Әрқайсысы тұрақты комиссиялар құрамындағы депутаттардың өз өкілеттерін іске асыруға көмек көрсетеді. Сессиялардың, тұрақты комиссиялар отырыстарының құжаттарын әзірлейді. Депутаттардың сайлауалды бағдарламала­рының орындалуына, өкілеттілігіне көңіл бөледі. Мәслихаттағы «Депутаттар бөлмесі» талапқа сай жабдықталған. Бұл жерде депутаттар жайлы деректермен, мәслихат аппаратының, тұрақты комиссияларының жұмыс тәжірибесімен еркін таныса аласыз. Баршасы электронды түрде. Әлеуметтік желімен қамтылған. Кез келген тұрғынға өздерін мазалаған сауалдармен бөлісуге ешқандай кедерг­і жоқ. Солай болып та жүр. Мұны күнделікті өмірде нақты естіп-көріп жүрміз. Бұл мәслихат хатшысы Талайлы Бөріқұлақов бастаған депутаттардың ірі жеңісі десем жарасымды. Республика мәслихаттарының мерейлі мерекесі де жақын қалды. Соған орай облыстық, аудандық мәслихаттың 1994-2014 жылдар аралығындағы шақырылым депутат­тарына арналған көлемді стенд ұйымдастырылды. Оған қоса жақында мәслихат тарихына арналған «Елдік пен ерлік жолында» атты кітап жарық көрмекші.

Әулие әрі батыр Жанқожа Нұр­мұхамедұлының 240 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде тойланды. Депутаттар тағы да көзге түсті. Ауқымды шараларға ұйытқы болды. Арнайы жасақталған топ бабаның Қызылқұмдағы бейітіне зиярат қылды. Келешекте қасиетті мекенде қолға алынуға тиісті жұмыстарды ақылдасты. Жаңа үлгідегі тілеухана салу, бұлақты аршу немесе қайта қазу, абаттандыру туралы пікір бөлісті. Баба тойының жоғары деңгейде өтуіне­ ұйымдастыру комиссиясы төрағасының орынбасары Талайлы Бөріқұлақовтың зор еңбек сіңіргенін атап кету ләзім. Осынау қажырлы азаматқа деген ел-жұртының алғаусыз лебізі әлі де толастар емес.

Халық қалаулылары ауданның экономикалық-әлеуметтік өміріне белсене араласады. Қайырымдылық, ізгілік шараларына да үлестерін қосуда­. Жыл  басында 5-кварталдағы қос қабатты тұрғын үй өртеніп, онда тұратындар қиын жағдайға душар болған­-ды. Сын сағатта мәслихат депутат­тары зардап шеккендерге қол ұшын созды. Азық-түліктен, отыннан, баспанадан көмек көрсетті. Сонан­ бері осы үйдің тұрғындары депутат­тардың жанашырлығын сезінуде­.

Арықбалық ауылындағы жиында мәслихат хатшысы Талайлы Бөрі­құлақов пен Сәбит Өтегенов атқарыл­ған істерге шолу жасады. Қашанда тура сөйлеп, тіке айтатын халық қалау­лысы бұл жолы да дағдысынан жаңылған жоқ. Мектеп директор­ларының арасында аудан орталығынан елді мекендерге, Қазалы қала­сына қатынап жұмыс жасайтындар аз емес. Бұл көпшіліктің орынды ренішін туындатуда.

«Балалардың тәрбиесін, білім сапас­ын бір сәтке де босаңсытуға болмайд­ы. Осындағы №94 мектеп директорына қоса сырттан қатынап жұмыс істейтін қызметкерлер де бар. Елдің ортасына көшіп келіңіздер. Үй жалдаңыздар. Сатып немесе салып алыңыздар. Қалайда көпшілікпен бірге болыңыздар» деп қынжылды Талайл­ы  Әмитжанұлы.

Жиын барысында  сауалын айт­қан орта жастағы ана көңілімізді елең еткізді. Оның сөзін толқи тыңдадық. Жүзінен нарықтың аяушылықты білмес темірдей заңы жеңіл тимегені байқалып тұрды. Көнбіс, алайда жанұя­сы үшін от пен суға түсуден тайын­байтын нағыз қазақ әйеліне тән мінезбен ойын нық жеткізді. Құттыбике Алматова – Жанқожа батыр­ ауылының тұрғыны. Кеңес өкіметі тұсында өзі туып-өскен осы ауылда түрлі жұмыстар атқарыпты. Қазір ІІІ топтағы мүгедек ретінде зейнет­ақы алады. Отбасындағы  7 адамды асырап отырған Құтты­бикенің небәрі 17 мыңға жетпейтін зейнета­қысы екен. Отағасы Ізатулла ұзақ жылдар бойы жүргізуші болып, шаруашылықтың өркендеуіне үлесін қосыпты. Кейін қол жұмысқа ауысыпты. Өткен жылдан бері жұмыссыз. «Жығылғанға жұдырық» демекші баласы­ мен келіні, қызы да жұмыссыз жүр. Әрине жұмыс таңдап жүрген бұлар жоқ. Бірақ оңтайы келмейді.­ «Келінім мен балам жұмыс іздеуші ретінде тіркеуде тұр. Жұбайым да қандайда болмасын, еңбектен тартынбайды. Біздің қиын жағдайымыздан құзырлы органдар, ауыл басшылары хабардар­. Алайда ешқандай жәрдем болмады. Өткен оқу жылын­да келінім №94 мектепте жастар тәжірибесімен маманды­ғына сай еңбек еткен еді. Қуанышымыз ұзаққа созыл­мады. Тұрақты­ жұмысқа өзге адам қабылданд­ы» - деп мұңайды ана.

Құттыбикенің сөзін мұқият тыңдаған Талайлы Әмитжанұлы заңдылығына сай бұл мәселенің шешілетінін айтты. Біздің көңі­лі­мізде сызат қалды. Кейін мекте­п директорымен тілдес­кенімізде, өзінің, тәрбие ісі жөніндегі орынбаса­рының, мейірке­штің шынымен  де сырттан  қатынай­тынын  білдік. Оның үстіне  әлеуметтік  бағдарл­амалар бөлімінен жіберілген  әлеуметтік қызметкер де көр­шілес ауылдан келеді екен. Бұл қалай? Сонда Жанқожа батыр ауылынан  бұл  қызметті  атқаратын адам табылмағаны ма? Егер Құт­тыбикенің отбасына жәрдем жасал­са, Бөрі­құлақов  айтқанындай, үлкен сауап­  болар еді.

Ғ.Мұратбаев ауылындағы жүздесуде қоғамдық колонкалардың қыста қатып қалатыны жайлы әңгіме қозғалды. Ақтан батырда газет-журналдың таратылуында кідіріс бары айтылды. «Сыпайы тоңбайды, қалтырайды». Түктібаев­ мектебіндегі мәжіліс залы сал­қындау екен. Көкейімізде «жылы күздің басында осылай болса, қыста нешік болады?» деген сауал қылаң берді. Халық қалаулысымен бірге елді мекендерді аралап шыққаны­мызда депутаттардың шын мәнісінде бос уақыты бол­майтындығын пайымдадық.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


«Мүлікті жария етуден өзге өңірлерден көш ілгеріміз» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.11.2014 11:39

Қызылорда  облысының  қаржы  басқармасының басшысы  Талғат  ЖАҚЫПБАЕВ:

Мүлікті жария ету әлемдік практикаға алғаш рет еніп отырған жоқ. Еуропа елдері мұндай акцияны бірнеше рет өткізіп келеді. Өйткені, капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде де өте өзекті болып отыр. Мәселен, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Францияда, Австрияда, Ирландияда 2 реттен іске асырылған.

Ағымдағы жылдың 30 маусымында «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қабылданды.

Осы Заңда көрсетілген мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы деректерді жұртшылыққа жете таныстыру мақсатында Қызылорда облысының қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаевпен сұхбаттасқан едік.

- Ағымдағы жылдың қыркүйек айына­н басталған мүлікті жария ету акцияс­ының негізгі мақсаты не? Ел экономи­касына қаржы тарту ма?

- Әрине, қолға алынған кез келген бастаманың белгілі бір мақсаты болады­. 2012 жылы көлеңкелі экономика­ үлесі жалпы ішкі өнімнің 19 пайы­зына жуықтаған. Бұл шамамен 6 триллион теңгені құрайды. Екін­шіден, назар аударатын тағы бір нәрсе, бұл – шетелдік инвестициялардың қысқаруы. Үшіншіден, дағдарыс құбылыстарына  байланысты банк секторы тарапынан экономи­каны несиелендірудің төмендегені байқалады. Жалпы, «көлеңкелі» экономи­каға қарсы бағытталған заңдас­тырудың басты мақсаты – қолдағы бар капиталды шығарып, оны экономикаға тарту. Алдағы уақытта осы мақсаттың үдесінен шығамыз деген­  жоспар  бар.

- Мүлікті жариялағаннан кейін құқық қорғау, салық және басқа да органдармен арада мәселелер туын­дамай ма? Мүлкін жария еткендердің үстінен қылмыстық және әкімшілік істердің қозғалмауына қандай кепілдік бар?

- «Қазақстан Республикасы азаматтарына, оралмандарға және Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау­ туралы» заңның 13-бабында мұның барлығы қарастырылған. Заңда жария етуді жүргізу үдерісі барысында алынған мәліметтер негізінде мүлкін жария етуші субъектіге жария етілген мүліктің шегінде қылмыстық қудалаудың, әкімшілік және тәртіп­тік жауапкершілікке тарту мен мұн­дай әрекеттерге тыйым салынатындығына кепілдік берілген. Сондықтан мүлікті жария етуге қорқудың қажеті жоқ.

- Мүлікті жария ету үшін комиссияға қандай құжат тапсыру қажет? Бұл қашанға дейін созылады?

- Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес мүлікті (ақшадан басқа) жария етуді өткізу үшін жария ету субъектілері комиссияға немес салық органына тиісті құжаттарды тапсыру қажет. Ол үшін азаматтың заңда белгіленген нысан бойынша екі данада мүлікті жария етуді өткізуге өтініші, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және заңда көзделген өзге де құжаттары болу керек. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде тұрған мүлік бойынша жария ету субъектісінің тұрғылықты жері бойынша салық органына шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардағы қатысу үлесі бо­йынша мүлікке құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі, эмитенттері шет мемлекетте тіркелген бағалы қағаздар бо­йынша құқықтарды есепке алудың тиісті жүйесіндегі жеке шоттан үзінді көшірме, мүліктің сатып алу құнын бағалайтын және алымның төленгенін растайтын құжаттың болуы міндетті. Мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Өтініштерді қабылдау мерзімі 2015 жылдың 30 қарашасына дейін жүреді.

- Басқа тұлғаға рәсімделген мүлік қалай жария етіледі?

- Ол үшін заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес, мынадай құжаттар тіз­бегі міндетті түрде өткізілуі тиіс.

1) мүлікке құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (нотариалды куәландырылған);

2) басқа тұлғаның мүлікті жария ететін жария ету субъектісіне мүлікті өтеусіз бергені туралы шарттың көшірмесі;

3) бағалы қағаздарды жария еткен жағдайда бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алудың тиісті жүйесіндегі жеке шоттан үзінді;

4) заңды тұлғаларға қатысу үлесін жария еткен кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін құжат.

- Егер мүлік Қазақстан Республика­сының заңымен рәсімделмеген болса, оны жария етуге бола ма?

- Мұндай жағдайда азамат заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды объектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан техникалық тексеруді жүзеге асыратын сарапшының қорытындысын, жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын міндетті құжаттар тізіміне қосып, комиссияға тапсыруына бо­лады. Мүлікті (ақшадан басқа) жария етуге өтініш берген жария ету субъектісінің өтінішін жергілікті әкім  аппаратының,  салық органының  кеңсесі  тіркейді.

- Комиссиялар қайда отырады?

- Қазақстан Республикасының аумағында тұрған мүлік бойынша (ақшадан басқа) өтініш комиссияға мұндай мүліктің тұрған жері бойынша берілетін жылжымайтын мүлікті жария ету жағдайларын қоспағанда, азаматтар тұрғылықты жері бойынша комиссияға құжаттарын ұсына алады. Мүлікті жария ету комиссиялары барлық ауданда және Қызылорда, Арал, Қазалы қалалары әкімдіктерінде бар.

- Қызылорда облысында мүлікті жария ету акциясы қалай өткізіліп жатыр

- 2014 жылдың 27 қазанындағы жағдай бойынша есептің қорытындысымен келіп түскен өтініштердің барлық саны 56-ға жетіп отыр. Түскен өтініштер бойынша мүліктердің жалпы­ бағасы 128976,7 мың теңгені құрады. Басқа облыстарға қарағанда облыс бойынша жария етілген мүліктердің саны алдыңғы қатарда тұр. Атап айтқанда, 15 өтініш бойынша 21 мүлік жария етілген. Комиссия­ға өтініш берген азаматтарды санамағанда 1000-нан астам азамат комиссия мүшелерінен кеңестер алған.

- Мүлікті жария етудің пайдасы мен зиянының ара жігін ажыратып берсеңіз­?

- Мүлікті жария ету акциясын тек пайдалы жағынан ғана қарау қажет деп есептейміз. Акция бір мүлікті жария ету және заңды айналымға енгізу­ мүмкіндігін береді. Бірінші­ден, бұл алдымызда тұрған жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуіне байланысты азаматқа мүлкін ешқандай қорқынышсыз жария етіп алу құқығы беріледі. Екіншіден, шетелдегі мүлікті жария ету кезінде алы­натын 10 пайыз мөлшеріндегі алым мемлекет бюджетіне түседі. Ал үшін­шіден, субъект жауапкершіліктерден босатылады.

- Оралмандарға арнайы жеңілдік қарастырылған ба?

- Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-бабында оралман – тарихи отанын­да тұрақты тұру мақсатында Қазақстанға келген, Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылған және осы заңда белгіленген тәртіп бойынша тиісті мәртебе алған азамат болып табылады. Осыған байланысты заңға сәйкес, оралмандардың да мүлікті жария етуге құқығы бар.

- Жұрт несие ретінде алған ақшасын жария ете ала ма?

- Жоқ, жария ете алмайды. Өйткені бұл туралы заңда қарастырылмаған. Сол себепті халық несие қаражатын жария етуге құқылы емес.

- Мүлікті жария ету кезінде комис­сияның, салық органының шешімімен, сондай-ақ басқа да іс-әрекеттермен келіс­п­еген жағдайда шағымдану тәртібі қандай?

- «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақым­шылық жасау туралы» заңның 17-бабына сәйкес комиссияның, салық органдарының шешімдеріне, сондай-ақ мүлікті жария етуді өткізу кезіндегі өзге де әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.

- Мүлікті  жария  етуді өткізу үдерісі кезінде алынған ақпараттың құпия­лылығы  қамтамасыз  етіле  ме?

- Заңға сәйкес мүлікті жария етуді өткізу үдерісі кезінде алынған ақпараттардың құпиялылығына кепілдік берілген.

- Осы уақытқа дейін екі мәрте мүлікті заңдастыру шарасы өтті. Осы екі шарада қанша қаржы заңдасты­рылды және алдағы мүлікті жария ету акциясынан қандай нәтиже күтеміз?

- Елімізде алғашқы заңдастыру 2001 жылы өткізілген болатын. Сол жылдың 14 шілдесі мен 14 тамызы аралығында өткен шара «Қазақстан Республикасы азаматтарының қаражатын заңдастыруға орай рақымшылық жасау туралы» заңмен реттелді. Заңдастыру бір реттік науқан ретінде ұйымдастырылды. Нәтижесінде 3000-ға жуық азаматтың 480 млн. доллар көлеміндегі қаражаттары заң­даст­ырылды. Екінші рет өткізіл­ген 2006-2007 жылдардағы заңдастыруда тек ақша емес, жылжымайтын және жылжымалы мүлікті де заңдастыру қамтылды. Осыған байланысты заңдастыру мерзімі ұзартылып, бір жылдан астам уақытқа созылды. «Мүлікті заңдастыру бойынша рақымшылық жасау туралы» заң нормаларына сәйкес, қолдағы дүниесін заңдас­тыратын азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік құқықбұзушылығы және тәртіп бұзушылығы үшін жауап­кершіліктен босатылды. Екінші реттік науқанда 844,7 млрд. теңгенің мүлкі заңдастырылған. Ал қазіргі жария­ ету акциясынан Экономикалық зерт­теулер институты сарап­шыларының  бағалануына  сәйкес 2,2 трлн. теңге көлеміндегі мүлік жария­ етіледі деп күтілуде. Бұйыртса, жоспар орын­далады  деген сенімдеміз.

- Әңгімеңізге  рахмет.

Әңгімелескен

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


«Терлегеннен кейін тегін» таратылатын ауру PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.11.2014 11:32

Қазақта «тұқымы жайыл­ғыр» және «тұқымы құрғыр» деген тіркес бар. Алғашқысын белі бүгілген әжелеріміз айт­қанына көнбеген бала­сының баласына айтса, кейінгісін қара жерге көмгісі келетін «пәлеке­тіне» бұрып айтады. Сондай қоғамның бүйіріне шаншу болып қадалған жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан (ЖИТС) құлантаза айықтыру жолы әлем ғалым­дарының санасын сергелдеңге салды.

 

Ғасыр тоғысындағы екі мыңыншы жылдан бері ел есігіне ентелеп кірген аты жаман аурудың жұғу жолын мектеп оқу­шысына дейін жатқа біледі. Мектепте естіге­нін үйге айтуға асығатын олар осы ауру туралы ауыз аша бергенде ата-анасы «құдай сақтасыннан» қайырып тастайды. Неге ашылып айтпасқа? Себе­бі бізге мұны түсіндіруге менталитет мұрша бермейді. Десе де...

Дауасыз дерттің ең бірінші жұғу жолы – жыныстық қатынас. Түнгі «төбелес тәртібін» жақсы білмейтіндер өмір бойы естен кетпестей жарақат алады. Ашығын айтқанда, ауруды ақшаға сатып алады. Белбеуін бір босатқан жезөкшеден «терлегеннен кейін тегін» тара­тылатын ауруды жұқтырады. «Көбелек» аулағыш отбасылы еркек­тер мұндай ауруға шалдықса, әйелін сорлатады. Сондықтан да еркектер қанша жерден желігі басылмаса да, «тап берсе, шап берет­ін» жөн-жосықсыз жыныстық қатынастан сақтану қажет.

Дерттің таралуындағы екінші себепке нашақорлар таза мысал. Яғни, келесісінде қан арқылы жұғады. Соңғы уақытта ортақ инелі шприцті ортақ меншіктей пайдаланатын есірткіге елітушілер еселенуде. Бұлар – нағыз өз өмірін өз қолымен тозаққа айналдырушылар. Еңбекке ынтасы жоқтардың бұдан басқаға зауқы да жоқ.

Аурудың үшінші жайылу жолын­  ойға  түсіргенде  ет жүрегің елжірейді. Вирусты жұқтырған ана баласына өмірмен қоса өкініш те «сыйлайды». Дүниеге келген нәресте  құрсағына  бауыр басқан анасының омырауына жабыса­ды.  Ал  жазықсыз  адамзат баласының жаңа иесі емге көнбейтін  ауруды емшек арқылы еншілеп жатқанын қайдан білсін?!

Елімізде осы ауру түріне қатыс­ты «аурумын ба?» деп күмәнданатындарға бар жағдай жасалған. Анонимді түрде қан тапсырады. Аты-жөніңді тергеп, ешкім  қақ шекеңе тапанша тақай  алмайды. Себебі  науқастың құқығын қорғау  бұл  салада қат­қан  қағида.

Қызылорда қазақылықтың қаймағы дегенде алдымызға жан салмаймыз. Алайда төмендегі сандарды «сөйлеткенде» қызы мен ұлы ұятты ысырып қойған ба деп ойлайсың. Бізде жыл басынан бері 11 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған. Анау-мынау емес, олардың 70 пайызы – әйелдер. Ең сорақысы сол, олардың бүгінде үшеуі – болашақ аналар. Инфекция иелері облыстың қиян шетіндегі Арал мен Қазалыны, одан бергі Байқоңыр мен Қармақшыны, тіпті қалаға тиіп тұрған Шиеліні мекен етеді. Ал қаладан АИТВ инфекциясы төрт адамнан табылған. Ол турасында Қызыл­орда облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жө­ніндегі орталықтың эпидемио­логиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Дина Қарымсақова:

- Қазіргі таңда бұл дерт – біздің елімізде ғана емес, жаһан бойынша қоғам назарын аудартып отырған күрделі мәселелердің бірі. Жүз мың адамға шаққандағы көрсет­кіш биыл 1,3 пайызды құрады. Облыс­та инфекция анықталған     11 адамның 90 пайызы оны жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Әр жылдың үшінші тоқсанында ЖИТС-тің алдын алу шараларын пәрменді жүргізу үшін оған қарсы дүниежүзілік күрес кампаниясы жарияланады. Кампанияның         2011-2015 жылдарға арналған ұраны «Мақсатты бағытымыз – нөл. Жаңа АИТВ инфекциясы – нөл. Кемсіту – нөл. ЖИТС зардап­тарынан болатын өлім-жітім – нөл  болып  бекітілген, - деді  баспа­сөз  конференциясында.

ЖИТС-тің алдын алу мақсатында арнайы сала мамандарының атсалысуымен аз тер төгіліп жатқан жоқ. Түрлі басқосулар, семинар-тренингтердің ұйым­дастырылуы оған дәлел. Ендігі қолға алынуға тиіс шаруа – ол тұрғындардың медициналық тұрғыдан  сауаттылығын  арт­тыру. Бұл салада кез келген тұрғын өзі білуі тиіс дүниелерді шемішкеше шағып тұрғаны абзал. Бүгінде елім­ізде ЖИТС-тен қорғану жөнінде жұмыс жүргізетін 20 орталық пен 80 лаборатория бар. ЖИТС-пен ең көп науқастанушылар АҚШ-та, Батыс Европа елдерінде (Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия), Орталық Африкада, Гаитиде тіркелген екен. Вирус ТМД мемлекеттерін­де, Жапония, Шығыс Араб елдерінде кездесе бастапты. Алайда бұл қауіптің Қазақстанға да төніп тұрғанын аңғару қиын емес.

Ғасыр обасын ғарыш айлағына жақын өңірге жолатпау үшін не істеуге болады? Әр адамның адами және рухани тазалығын сақтау қажеттігін екі бастан білеміз. Бір заң шығарып, қоғамды өзіміз қалағандай өзгертіп те жібере алмаймыз. Бірақ бір ұсыныс бар. Мектептегі мән-маңызы­ жоқ валеология пәніне аса мән беруіміз шарт. Себебі оқушылар баға қойылмайтын сабаққа жүр­дім-бардым қарайды. Ал ұстаздар бүгінгі күнде баланы ұрып оқыта алмаса да, бағамен қорқыта алады. Бағамен болса да «бестік» алу үшін валеологияны тереңдетіп санаға құю қажет. Бұл пән тіпті кейбір мектептерде міндетті болмағандықтан, оқытылмайды да.

Кінәлау мен жазалау жаз­мышта тым оңай. Инфекцияны жұқтырғандардан ат тонды ала қашудың еш жөні жоқ. Адами тұрғыдан алып қарап, дем беріңіз. Себебі сіздің инфекция жұқ­тырған адамның жанында отыр­ғаннан, қолынан ұстағаннан қағындыңыз да кетпейді. Тіпті түшкіріп-пысқырмақ түгілі, сүйіскеннен де сылтау іздемеңіз. Бұл кесел біреудің күшігі мен мысығынан да  жұқпайды. Қауіп­ті ауруға тап  болған  жандарды кем­сітіп, көкірегінен итере көр­меңіз. Өйткені біз олармен бір аспан­ның астында бір ауамен тыныст­ап  келеміз.

 

Өмірдің  өзінен

Бұл әңгімені бір мұғалімнен естідік. Оның он бірінші сынып оқитын Мақсат есімді оқушысы болған. Сабақтан жиі қалады екен. Мектеп бітіретін соңғы жылында тіпті апталап жоғалып кетіпті. Сөйтіп әлгі мұғалім мектеп инспекторын жанына ертіп, сабақтан жиі қалғыш баланың үйіне барады. Анасына жолы­ғады. Сонда анасы баласының ешкімге айтпай жасырып жүрген жан сырын ақтарады. Баланың әкесі қызды ауылға жиі барады екен. Сөйтіп аты жаман вирусты өзіне жұқтырған. Алайда өзі білмеген. Кейіннен ол баланың анасында пайда болады. Сонда барып, әкесінен жұққанын бір-ақ біледі. Бұл жағдайды кейін  білген әкесі киім-кешігін жинап алып, үйден біржола кетеді. Анасы «аһ» ұрып қала береді. Бәрінен хабардар баласы үйден кеткен әкесінің орнын жоқтатпас үшін әр жерде арзанқол жұмыс жасайды­ екен. Бір кем дүние...

Әңгіме ауанынан қандай ауру туралы екендігін іштеріңіз біліп отырған болар.

Г.ЕСІМОВА

 


Сыр елінің сырласы PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.11.2014 11:20

Өткен аптада бұрын “Орынбордың інісі, Алматының ағасы” болған бүгінгі Қызыл­ордада мерейлі мерейтой атап өтілді. Бұл шадыман шаттық 85 жылдық тарихы бар Сырдың егіз басылымы «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттеріне тарту­ етілді. Екі күнге созылған қос басылымн­ың төл тойында алыс-жақыннан құрметті қонақтар келді. Көпшіліктің көңілінен шыққан түрлі басқосулардың мәні мен маңызы зор. Өз саласына қарай ойысып, сөзден сойыл соққан азамат­тардың әр сөзі түртіп алуға тұрарлықтай. Бұл күндері асыл сөздің лағылы мен жақұты­ тек аймақ аттас басылымдарға төгілді.

 

ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

 

Алғашқы күні басылым тарихынан ой түйгізетін тұсауы ке­сіл­ген қос кітап мерейтой мерейін үстем етті. Облыстық «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерінен сыр шертетін «Сырдың сырлы шежі­ресі» және «В газетных строчках – летопись области» деген атаумен жарық көрген кітаптардың тұсаукесеріне сыйлы қонақтармен қатар, бұрын қызмет еткен аға буын журналистер де келді. Қаламының желі бар кешегі журналистер бүгінде қарияға айналып, бір-бірін кезіктіріп бір жасап қалды. Аға буынның ілтипатына бөленген бұл басқосуда қос басылымның редакторлары Жұматәли Әбдіраман мен Тимур Қасымов жиылған қауымға кітап мазмұнын бір шолып шықты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейіл­бек Шаухаманов та қос басылымның облыстағы беделінің биік екендігін өз сөзіне арқау етті. Абыз ақсақалымыз «Сыр меди­а» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа қасиетті құран кітабын табыстады.

Жоғарыда айтқанымыздай, алыстан ат терлетіп келген меймандардың арасында Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазәлі Омашев, «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы – ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директоры, филология ғылымының докторы Бауыржан Жақып, сонымен қатар «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп те болды. Шара барысында ыстық лебі­зін білдірген Бауыржан Жақып:

- Құрметті жиылған қауым, мерейтойларыңыз құтты болсын! Жалпы алғанда еліміздегі біраз басылымдар ғасырға жуық мерзімдерін артқа тастапты. Өткен жылы Жамбыл облысы газетінің 92 жылдығы, Оңтүстік Қазақстан облысы газетінің 90 жылдығы атап өтілді. Олар өз бастауын аймақтағы тарихы әрідегі басы­лымнан алған. Ал «Сыр бойы» газеті­ дәл осы атаумен 1929 жылдың 1 шілдесінен бастап шыққан. Бұлжаңылмаған, бір ізге түскен нақты дерек, - деді.

Шара соңында көпшілік қос басылымның құрметіне арнайы ұйымдастырылған кітап көрме­сіне көз салды. Ол бұрыштан егіз басылымның бұрынғы және қазіргі журналистерінің суреттерін, қалам ұшына сыйған дүние­лерін оңай табуға болады. Тұсаукесерден соң мәртебелі меймандар қаладағы әлеуметтік маңызы бар орталықтармен қатар, Т.Жүр­генов атындағы Шығармашылық үйі және баспахана жұмысымен танысты.

 

ҚОНЫМДЫ ОЙ ҚОНДЫРҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

 

Ертесіне мерейтой облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 85 жылдығына арналған «Жаһандану және журналистика: Бүгінгі күн­нің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Жиынғ­а облыс әкімі Қ.Көшер­баев, облыс әкімінің орынбасары­ А.Әлназаровамен бірге республикалық ақпарат құралдарының басшылары және аймақтағы жақсы-жайсаңдар қатысты. Басқосуда аймақ басшысы Қ.Елеуұлы:

- Қазақстан журналистикасының жаңа тарихында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының сөз және баспасөз бостандығын заңдық-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етудегі еңбегі өздеріңізге аян. Ақпараттұрақтылықты, ынтамақтастықты орнықтыратын ең басты идеологиялық құрал десек, биыл 85 жыл толып отырған аймақ тарихының шежіресіндей облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газет­тері айтулы белесті ба­ғындырып отыр. Сонау 1929 жылдан бастап жарыққа шыққан қос басылым ғасырға жуық тарихында талай ұрпақты тәрбиеледі, өз заманының жаңалық жаршысына айналды. Осындай орнықты ой, пайымды пікір айтатын басы­лымдарымыздың мерейтойы құт­ты болсын, - деді.

Сондай-ақ облыс әкімі қос көліктің кілтін қос редакторға табыстады. Сонымен  қатар аймақ басшысы «Сыр бойы» мен «Кызыл­ординские вести» газеттерінің бір топ қызметкерлерін де марапаттады.

Одан соң екі басылымның өткені мен бүгіні турасында «Сыр елінің сырласы» атты деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Конференция аясында «20-жылдар журналистикасы» тақырыбында Л.Гумилев атында­ғы Евразия Ұлттық университеті­нің журналистика мәселелеррін зерттеу институтының дирек­торы Намазәлі Омашев баян­дама жасады. Құнды мәлі­меттерді жеткізу барысында 20-жылдардағы журналистика төңірегінде әңгіме қозғамас бұрын, сол уақыттағы саяси-әлеуметтік жағдайға тоқталды. Қысылтаяң сәтте Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты Алаш ардақтыларының ауыздарын жауып, рухын сөн­діруге кеңес үкіметінің құдыреті жетпеді. Шыбын жанын шүбе­рекке түйген мұндай жанкешті қаламгерлердің қазақ журналис­тикасындағы өлмейтін атағы, өшпейтін орны бар екендігін санағ­а мықтап бекіттірді. Тікелей «Сыр бойы» газетіне қатысты ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Бауыр­жан Жақыптың «Сыр бойы және қазақ әдебиеті» атты баяндамасында журналистика мен қазақ әдебиеті саласының өзара байланысы бір жіпке байланғандығы  айтылды. «Сыр бойы» газе­ті жарыққа шыққалы бері 17 редактор қызмет еткен. Солардың ішінде өлшеусіз еңбек еткендер­дің бірі Зейнолла Жарқынбаев болған. Б.Жақыптың айтуынша, оның тұсында газет ахуалы бір­шама жақсарып, қарамағындағы журналистердің әлеуметтік жағ­дай­ы қалыпқа келген. Бүтін­дей бір ел үшін ұтымды ой, сүбелі сөз айта білетін Нұртөре Жүсіп орта­ға шыққан­да  қалың қауым оның сөзін ұйып тыңдады. «Газе­т өле­ді» деген пікірдің жаңсақ екен­дігін түсін­дірген «Айқын» газеті­нің бас редакт­оры  Нұртөре Жүсіп:

- Ғаламтор пайда болғалы ел арасында «газет өледі» деген пікір қалыптаса бастады. Бұл – бос сөз. Алайда ғаламтор жасап беріп отырған мүмкіндіктердің пайдасы да бар. Мысалы, мен осында отырып-ақ келесі «Айқын» газе­тінде шығатын тақырып­тарды ауыстырып тастай аламын. Жедел ақпарат тарата алаты­н ғаламтор күші оның газетт­ен қауқарлы екендігін білдір­мейді. Жұрт интернеттен ақпарат алса, газеттен ой түйеді. Дамып кеткен Жапонияның өзінде таңертең 9 миллион данамен, кешке 5 миллион данамен шығатын газет бар. Газет жаңа медиамен әлі күнге дейін ілесіп келеді. Тағы бір жағдайды айтайын сіздерге, мен «Жас Алаш» газетінде жүрген кезімде екі күн жарық өшіп қалды. Не істейміз? Бәрі қолына қағаз бен қалам алды. Сонда «Жас Алаштың» ең мықты материалдары сол қағазға жазылған дүниелер болды, - деді.

Конференция Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аманғос  Мектептің «Таңбаға таңылған­ тылсым сыр» баяндамасымен түйінделді.

 

СӨЗ  САЙЫСЫНДА  ЕРЖАН ӘМІРОВ  ЖЕҢІСКЕ  ЖЕТТІ

 

Студенттер сарайында осы мерей­той мерейі  үшін «Туған жерім – киелім, қасиеттім» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Сөз сайысына сегіз ақын қатысты. Олардың ішінде Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Мейірбек Сұлтанхан секілді қазір екінің бірі білетін танымал айтыскерлермен қатар, Серікхан Жүзеев, Ержеңіс Әбдиев, Ержан Әміровтей жас айтыскерлер болды. Айта кетер­лігі, тартысты айтыста жас ақын қыз Мөлдір Айтбай да өз бағын сынады. Айтысты Сыр еліне­ танымал ақын Серік Ыдырысов жүргізді. Ал суырыпсалма ақындарға Бауыржан Жақып, Намазәлі Омашев, Жанболат Ауыпбаев, Сағатбек Медеубекұлы, Бауыр­жан Бабажанұлы әділ бағаларын берді. Ақындар 85 жылдық тарихы бар «Сыр бойы» мен «Кызыл­ординские вести» газеттерін ұлықтап, басылымдарға бір беті даналыққа, бір беті жаңалыққа толы деген баға берді. Сондай-ақ белгілі жас айтыскер ақын М.Сұлтанхан өзінің айтыстағы тұсауының «Халық» газетінің он жылдық мерейтойында кесіліп, бүгінгідей мерейтойда жалғас­қанына дән риза екендігін жет­кізді. Финалға шыққан төрт ақын сөз бәйгесін құлмамбет айтыспен аяқтады. Нәтижесінде үшінші орын Нұрмат Мансұровқа, екінші орын Мұхтар Ниязовқа, бірінші орын Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Ал бас бәйгені шиелілік Ержан Әміров қанжығасына байлады. Барлық ақындарға сыйлық ақшалай түрде табысталды. Бұл айтыс­тың бас демеушісі – «Абзал және  К» серіктестігі.

Сондай-ақ мерейтой қарсаңында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында футбол мен бильярд­тан турнир ұйымдастырылды. Шағын футбол облысымыздағы белгілі қаламгер Әділхан Бәйменовті еске түсіруге арналды. Өзіндік жазу қабілетімен дараланған журналист кезінде «Сыр бойы» газетінде еңбек еткен. Ойын соңында «Қазақстан-Қы­зыл­орда» телеарнасының командасы жеңімпаз атанды. Одан кейінгі орындарға «Меншікті тіл­шілер» мен «Баспасөз қызметі» жайғасты. Ал бильярдтан турнир «Сыр бойының» басшылық қызметінде өз ізін қалдырған Оразбек Мақсұтұлының атынан өтті. Тастаяқ ойынының шебері ретін­де «24 kz» телеарнасының облыс­тағы өкілдігінің маманы Ержан Батыршаев танылды.

Г.ЕСІМОВА

Суреттерді  түсірген

Б.ОМАРӘЛИЕВ

 


ҚАРЫНДАСЫНА ҚАСТЫҚ ҚЫЛҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.11.2014 11:16

Балжанның тәрбиесі өзгелерден бөлек-тін. Ата-анасы дін жолындағы адамдар. Балжан бала кезінен намазға жығылды. Орта мектепті бітірген соң қаладағы жоғары деңгейлі оқу орнына қабылданды. Оқу үлгерімі де жаман болған жоқ. Құрбысы Гүлсім екеуі жұма сайын мешітке барып, садақасын беріп тұрады.

Иманы берік қызға көз салып, көңіл білдіретіндер­ көп болатын. Алайда Балжан оларға тік қарамастан, көзін төмен салып өте шығатын. Ұяңдығы ма, кісі көзіне тіке қараудан жасқанады. Әсіресе ер балалармен сөйлескенде бетінен оты шығып, ұялғаннан қызарақтап кететін. Құрбысы Гүлсімнің ағасы Берік Балжанға жиі кезігіп қала беретін болып жүр. Берік әдейі солай жасай ма, әлде кездейсоқтық па, мұны Балжан түсіне алмады. Күн сайын университет алдында, жатақханаға жақын маңдағы аллеяда жүрсе де алдынан Берік шыға келеді. Мұндай кезде Балжан оны байқа­маған сыңай танытып, өтіп кетеді. Бірде Берік қарындасы Гүлсімнен Балжанның ұялы телефонының нөмірін сұрап алған еді. Енді жиі хабарласатын­ болып жүр. Бұл туралы Гүлсімге айтып еді, ол ағасын жамандай қойған жоқ. Бірақ, Беріктің мінезі, жүріс-тұрысы мүлдем бөлек. Оған бәрі қызық. Бірге араласатын достарынан «намаз жолындағы қыздар жігітке көз қырын салмайды» дегенді жиі еститін. Осыдан кейін оның бар ойы Балжанды қармаққа түсірудің амалы болды. Бірақ, ол қыз өз қарындасының жақын құрбысы екенін ойлаған жоқ.

Бүгін Балжан сабақтан ертерек шықты. Аллеяд­а  жалғыз  демалғысы келді. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз, Берік тағы да алдынан­  шыға  келді.

- Сәлем, - деді жігіт оған қолын ұсына. Балжан «сәлем» деп басын изеді де, қолын берген жоқ.

- Асығыс болмасаң, шамалы әңгімелесейік,- деді Берік сыпайылық танытып.

- Асығыс емеспін, тығыз шаруаң бар ма еді?- деп қарсы сұрақ қойды Балжан.

- Тығыз шаруам жоқ, сіздей сұлумен тілдесудің өзі мен үшін бақыт.

Балжан әрі қарай үндеген жоқ. Берік жиі хабарласып жүр. Оның үстіне ол – құрбысының ағасы. «Олай болса, Беріктің маған деген сезімі шынайы» деп ой түйді ол.

Уақыт өте келе Балжан Берікке бауы­р басып қалды. Бір күн хабарласпай қалса, оны іздейтінді шығарды. Беріктің түпкі мақсатының не екенінен хабарсыз тұғын. Екеуі жиі кездесетін­ болды. Бір жағынан Балжан бұрын-соңды жігіт атаулымен бұлай етене жақын араласып көр­меген еді. Иманы берік қыз бұл «қылығы» үшін кейде өзінен-өзі ұялып та кететін.

Бірде Берік Балжанға түнді бірге өткізуге ұсыныс жасады. Бұл қыз үшін күтпеген жағдай болатын. Сол күні Балжан Берікпен ат құйрығын үзгісі келген. Бөлмеге жылап кірген ол Берікк­е «хабарласушы  болма» деп смс хабар­лама­ жолдады. Жастығы  өзінің көз жасына малын­ды. Сүйген жігітінен дәл мұндай сөз күткен жоқ. Өзі онсызда шариғаттың заңына қарсы келетін әрекеттерге барып жүргеніне іштей налып жүрген. Бірақ Беріктің шектен шыққан әңгімесі қыздың жүрегіне тиді. Қыз абыройын сақтауды Балжанға бала кезінен әке-шешесі айтып келген. Шеңберден шықса, алды­мен Алла, одан кейін ата-анасының алдында абыройсыздыққа ұшырайды. Осыдан кейін қыз Беріктің бетін көрмеуге бел байлады. Құрбысы Гүлсімге ауыз ашып, ештеңе деген жоқ. Мұны айтса, Гүлсімнің ағасы үшін ұялып қалатынын ескеріп, ләм-мим демеді.

Күндер сырғып өте берді. Берік Балжаннан сонда да бір елі қалған жоқ. Баяғы әдетінше қыздың алдынан күтіп алып, кешірім сұраумен болды. Бірақ Балжан оған мән берген жоқ. Алды­нан шықса, ала көзбен бір қарап кете береді. Жігіт те қулығынан танбады. Ойындағысын іске асырғанша жанын­ салды. Балжанның басқа­н аяғын аңдып, одан жалына  жалба­рына кешірім сұрап, «сүйем, сенсіз өмір жоқ» деуден жалықпады.­

Арада үш ай уақыт өтті. Балжан қайтадан ойла­н­а бастады. «Беріктің соңымнан қалмай кешірім өтініп, қателік жасағанын мойындауы – мені сүйгені. Оны кешірейін» деген ойға тоқтад­ы қыз. Ақыры екеуі қайта табысты. Бұл Берікке жақсы мүмкіндік берді. Өйткені аз уақыт ішінде ол қызды сүйетін сыңай танытып, «қақпанға» оңай түсірді. «Енді менің айтқаныма­ көнеді» деді ол. Расында да ойы оны алдаған жоқ. Балжан Берік айтқан «ұсынысқа» келісті. Шариғаттың заңына қайшы әрекетке сүйгені үшін баруға тәуекел жасады. Ақыры екеуі қала шетінен пәтер жалдап, сонда бармақшы болады­. Дәл осы сәтте Берік өзінің желіккен достарына «кешкі сағат 8-ге таяу бір қыз сол мекен-жайға барады, мүмкіндікті мүлт жібермеңдер» деп хабар­лайды да, өзі қаладан қарасын батырады. Қас қылғанда Балжанға «анасы ауырып жатыр» деген хабар келіп, аяқ астынан ауылына кетіп қалады да, ол   құрбысы Гүлсімге хабарласып, «Берік екеуміз сол жерде кездесеміз деп сөз байласып қойып едік, оған барып менің ауылға кетіп қалға­нымды түсіндірші» деп өтініш жасайды. Оны Гүлсім де құп алады. Пәтерге келген қызға бас салған Беріктің достары оны зорлықпен төсекке итермеледі.

Берік осы уақытқа дейін дәл осылай қиналып көрген жоқ. Біреуге тұзақ құрамын деп, туған­ қарындасының өмірінің быт-шытын шығарды. Дәл осы кезде ол Балжанның да қадірін ұққан еді. Енді туған қарындасына да, Балжан­ға да, туған­-туысқандарына да қарайтын беті жоқ. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген осы да.

А.АЛДАБЕРГЕН

 


Мең, мінез және тағдыр PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.11.2014 11:13

Адам денесіндегі мең мен қалдың 300-ден аса түрі бар екен. Ол адам денсаулығы үшін қауіпті емес. Олардың  туабітті  және  жүре бітетін түрлері болады. Кейбіреулер адам денесіндегі меңге қарап оның тағдырын болжап жатады. Алайда бұл нақты сенім білдіретін нәрсе емес. Төменде ерлер мен әйелдердің денесіндегі меңдерге болжамдар айтылған.

Әйелдерде:

- Мең оң жақ қасында болса, ерте некеге тұрады.­ Бақытты ғұмыр кешеді. Егер сол жақ қасында болса, керісінше болады;

- Көзінің айналасында болса, ол оның байсалдыл­ығын білдіреді;

- Оң жақ бетте болса, махаббаттың отына күйіп-жанады. Сол жақ бетте болса, табысқа жету үшін талай белестерден өтеді;

- Мұрнының  ұшында  болса, табысын  уысында  ұстай  біледі;

- Ернінде болса, мінезі ақжарқын, сезімтал келеді. Байлыққа бас имейді, өзіне артық жауапкершілік арқалатқанды құптамайды;

- Оң жақ төсте болса, қиыншылыққа көп кезігеді­. Сол жақ төсте болса,  мінезі жеңілтек келеді  екен;

- Оң жақ иықтағы мең жолы болғыш әйел екендігін  көрсетсе, сол жақтағы мең – қаржыдан тарығудың  белгісі;

- Білезікте болса, байлығы тасиды.

Ерлерде:

- Мең оң маңдайда болса, елге сыйлы, мәртебелі, абыройлы. Сол маңдайда кездессе, сезімге кенел­гіш;

- Құлақта болса, сабырлы да салмақ­ты, қамсыз;

- Иекте болса, ерекше дарынды;

- Оң қабырғасында болса, өте жасқаншақ. Сол қабырғасында болса, әзілкеш;

- Жауырынында болса, пәк мінезді;

- Аяқта болса, өздігінен ешнәрсе тындыра алмайтын, жасқаншақ;

- Бөкседе болса, жалқау;

- Белдегі мең – ашық әрі адал жігіттің белгісі;

- Желкедегі мең өмірдің қиын болатындығын көрсетеді;

Ал сіздің меңіңіз қайсысына сәйкес келеді?

massaget.kz  сайтынан

 


Қызым мені кешірмей жүр PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.11.2014 11:12

Кейде адам ішіне сыймаған нәрсені ақ қағазға түсіріп, жеңілдеп қалады. Менің де өзгеге­ айтпаған сырымды ақтарсам ба деген жайым­ бар. Қазір жасым біразға келіп қалды. Бірақ, мына бір жайт жаныма маза бермейді. Жолдасым екеуміз шаңырақ көтерген жылы менің денсаулығым сыр беріп, қатты ауырып қалғаным бар. Содан арада біраз жыл өтсе де, құрсақ көтере алмай қиналдым. Жолдасымның да жанына батты, білем.

Екеуміз жолдасымның інісінің бір баласын бауырымызға басуға сұраған­быз, олар бермеді. Ақыры бала асырап алуға шешім қабылдадық. Осылайша Айша есімді қыз бала біздің отбасымызда өсті. Айша 4 жасқа толған кезде тағы да ұл бала асырап­ алып, оған Сұңғат деп ат қойдық. Олар білмегенмен көрші-көлем, ел-жұрт, туған-туыстың барлығы бұдан хабардар еді. Бірде есік алдында көрші балалармен ойнап жүрген Айша үйге жылап­ кірді. Ол кезде ол 5 жастан енді асқан еді. Сөйтсек, оған балалардың біреуі «сені папаң мен мамаң асырап алған» деп айтыпты. Соған Айша намыстанып, жылап келді. Сонда мен оны айналып-толғанып әзер жұбатқан едім. Ал Сұңғат анау-мынауға мән бермейтін. Әлде өзінің мінезі солай жайбарақат па, қақ-соқпен шаруасы жоқ. Арада уақыт өтіп Айшам бойже­тіп, Сұңғатым ержетті. Қызымды қияға, ұлымды­ ұяға қондырдым.

«Балаларымның өз қолдары өз ауыздарына жетті-ау» деп отырғанымда қызым Айша үйге тағы да жылап келді. Байыбына жетсек, өзімен бірге бала кезінен бірге ойнаған дос қызы екеуінің арасында келіспеуші­лік болып­, ол Айшаға «сені ініңмен бір­ге әке-шешең асырап алған, сен­бесең­ тексерт» деп бар шындықты жайып салыпты. Қызым «мен шындыққа көз жеткізуім керек» деген соң амалсыз дәрігерге қаралдық. Нәтижеге­ көз жет­кізіп, туған қызымыз емес еке­нін біл­геннен кейін Айша жүгіріп кетіп қалды. Бірнеше күн өткен соң қызымның үйіне жағдайын сұрамақ болып барып едім, ол маған дауыс көтеріп, «маған неге шындықты айтпай келдің?» деп айқай­ салды. Мен қапелімде не айтарымды біл­мей үйінен шығып кеттім. Ал балам Сұңғат «туған балаң болмасам да туғаны­ң­дай қылып бақтың» деп мені жұбатып қояды. Қазір арада 10 жылдан аса уақыт өтті. Қызым өз отбасымен араласуды қойды. Көрген-біл­гендерден аман-есен екенін біліп, қуанып отырамын. Менің жазығым оны бағып­-қағып, өсіріп, оқытып, ұядан ұшыр­ғаным ба? Әлде «қасқырды қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды» деген осы ма екен. Оны сағынып, жүрегім қан жылайды. Бірақ Айша оны түсін­бейді. Төрімнен көрім жақын болып отырған­да оның бір кешірімін алып кетсем­ деймін.

Айсамал  БАЙКЕНЖЕЕВА,

Қармақшы  ауданы

 


«Көк жәшіктен» келер қауіп көп PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.11.2014 11:08

Кейбір ата-аналар бір жерге бару үшін балаларын үйде «теледидар қарап отырыңдар» деп тастап кетіп жатады. Осының салдарынан балалар уақытының көпшілігін теледидар көрумен немесе компью­терлік ойындар ойнаумен өткізеді. Бірақ, кез келген ата-ана балалары­ның бос уақытын пайдалы істермен айналысуына жіті назар салып отырғаны жөн. Өйткені көпшілігі балалар ағзасына теледидардан келер­ қауіптің көп екенін біле бермейді.

Фредерик Циммерман есімді ағылшын профессоры 4 пен 11 жастағы балалар арасында бақылау­ жүргізеді. Нәтижесінде бұзақы­лық­қа әуес, сотқарлыққа бейім бала­лардың дені теледидарды көп көретіндердің қатарынан болып шығады. Профессордың зерттеуін­ше,  егер бала теледидарды күніне 4 сағаттан артық уақыт көретін болса, оның сотқарлығы 25 пайызға дейін жоғарылайды екен. Қысқасы,­ зерттеуші егер ата-ана балаларына кітап оқып беріп, бірге тамақ­танып, табиғат аясында бірге демалып, оларғ­а көп көңіл бөлсе, оның бала­лары бұзақылық жасамайды деген қорытындыға келген.

Британдық ғалым әрі психолог Эрик Сигман Ұлыбритания мен АҚШ-тағы әріптестерінің теледидардың балаға зияны туралы жаз­ған еңбектерін жинақтап, оларға талдау жасады. Сонымен теледидар біріншіден, баланың семіруіне әкеліп соқтырады екен. “Көк жәшік­тің” алдында отырып балалар қол­да­рына түскен жеңіл-желпі тағамдарды (фастфуд, қытырлақ нан, чипсы) ауыздарына сала береді. Ешқандай дене қимылынсыз жататын және дұрыс тамақтанбайтын балалардың зат алмасуы бұзылып, май жиналады екен. Баланың иммунитеті әлсіреп, жүрек-қан тамырла­рының жұмыс жасау жүйе­сін­де ақаулар туындауы мүмкін. Көз­дің көру қабілеті де нашарлайтыны бесенеден белгілі жайт. Бала­ның көгілдір экран алдында тапжылмай ұзақ уақыт отыруы оның өзге нәрселерге деген қызығушылығын жоғалтып, еске сақтау қабілетін нашарлатады. «Бұл ақыр соңын­да Альцгеймер ауруына шалдығуға әкеліп соқтыруы да ғажап емес» деген қорытындығы келеді ғалымдар. Альцгеймер – адамның ақылдан алжасуы. Ең маңыздысы, теледидарға шектен тыс телміру жыныстық ерте жетілуге әкеп соқтырады екен. Сондай-ақ теледидар ұй­қыға кері әсерін тигізеді. Оның жарығы ішкі ағзаның зат алмасуын бұзады. Ал ұйқының жетіспеуі тәбетті күшейтеді де аштық пен тоқтықтың горманальды айырмашылы­ғы жоғалады. Теледидар баланың білім қабылдау қабілетін төмен­деткендіктен, баланың сабақ оқуға де­ген­ ықыласы төмендейді.

Профессор Сигман мынадай қорытынды жасайды:

- 3 жасқа дейінгі балалар теледидарға үйір болмағаны жөн;

- 3 жастан 5 жасқа дейінгі балалар­ ата-ана рұқсатымен тек жарты  сағат  уақыт  көруге болады;

- 5 пен 12 жас аралығындағы балала­р кем дегенде 1 сағат, ал жасөсп­ірімдерге 1,5 сағат қана теледи­дар көруге рұқсат еткен дұрыс болады. Қысқасы, кәмелет ­жасқа келгенше­ 1-2 сағаттан артық көгілдір экранға телміруге бол­майды.

Баланың “көк жәшіктен” күні бойы көз алмай отыруының салдары­ неге әкеліп соқтыратындығын ғалымдар арнайы зерттеу жұмыстары бойынша жоғарыдағыдай қорытындылап отыр. Бұған баланы­ кінәлай алмаймыз, әрине ата-ананың­ да ықпалы бар. Психолог маманда­р балалар мен жасөспірім­дер бойынан кездесетін кейбір теріс әрекеттер мен дөрекіліктерді жанұямен бірге тамашалайтын кейбір бағдарламалар мен кинолардың әсерінен дегенді айтады. Сол себеп­ті әрбір ата-ана балаларының тамашалап отырған бағдарламаларына мән беріп отырғаны абзал. Бірақ ата-ана теледидарды аз тама­шалауды өздерінен бастағаны жөн. Жұмыстан келген соң немесе демалыс күндері ата-ана теледидарды сөндіріп, пайдалы жұмыстармен айналысуды балаға үйретіп отырса,­ бала да соған бейімделеді де «телеқұмарлықтан» арыла бастайды. Соңғы шыққан шетелдік мультфильмдерде баланың санасына сіңетін жағымсыз әрекеттер басым болып келеді. Мәселен, әлімжеттік жасау, әлсіздерге күш көрсету, әлденені бұзу, қирату, бүлдіру әрекеттері басым. Кейбір ата-аналар бала­л­арының мультфильмдегі кейіпкер­дің бұзықтығын қайталап көрсеткеніне мәз болып, мақтанышпен айтып отырады. Осыдан кейін бала бұл әрекетін дұрыс деп ойлап, өз қатарластарының арасында жасайды. Сондықтан баланың теледи­дардан не көріп, нені үйренетін­дігіне ата-ана қадағалау жасап отырғаны дұрыс.

К.ҚЫСТАУБАЙ

 


Тазалық мәселесі мезгіл талғамайды PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.11.2014 10:59

Тазалық мәселесі бір сәтке басты назардан тыс қалмайды. Көктем мен жаз, күз бен қыста да оның төңірегінде қозғалар әңгіме аз емес. Шаһардың ажарын ашатын іргелі істер қаламызды күннен күнге көріктендіріп келеді десек, артық айтқанымыз емес. Қуысты мекен еткен қоқыстар мен үйіп тастаған үйінділерді дәл бұрынғыдай жасаған екі қадамыңыздың бірінен кезіктірмейсіз. Сондай-ақ айта кетерлігі, тазалық мәселесі мезгіл талғамайды. Күн суыта бастады, енді қала «кір-қожалақ қалпына қайта енеді» деген пікірден ада болуымыз шарт. Қоғамдық пікір көшбасшылары да осы бағытта ой қалыптастыруға шақырады.

 

Жақсыбек ЕГІЗБАЕВ,

республикалық «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:

«КІР СУДЫ ТРОТУАРҒА ТӨГЕ САЛМАҢЫЗДАР»

 

Тазалық – қала мәдениетінің бір белгісі. Қала тазалығына көбіне көктем мен күз мезгілдерінде аса мән беріледі. Бұл құптарлық жайт емес. Облыс орталығындағы тазалықтың сақталуына жыл бойы аса мән берілуі тиіс. Сонымен қатар қоршаған ортаны көркейтуге­ үлес қосу мынау үлкен, мынау жас деп жіктелмейді. Жас та, кәрі де жұмыл­ғанда жұдырық болып, бар ынта-жігерімен осы бағыттағы жұмыстарды жандан­дыру керек. Қала мәдениетін қамтамасыз ету арқылы қаланың экологи­ялық жағдайын жақсартамыз. Біздің қаламызда тазалық жұмыс­тарымен айналысатын арнайы мекемелер бар. Мекемелер тарапынан берілге­н тапсырмалардың міндетті түрде бақылауы болуы тиіс. Қаншама қаржыны құйып, кейін «не істеді, нәтижесінде не шешілді?» деген сауал жолданбаса,  жасалған шаруалардың құны көк тиын. Қала тазалығын сақтауға­ тек бір ғана көркейту-көгалдандыру сияқты іргелі істерден бөлек, бұталарды­ кесу жайлары да жатады. Өзі Қызылордада аса көп тал да жоқ. Таздың басында­й орналасқан ағаштар ары-бері өткен адамның ығырын шығара­ды. Кейбір мазаны қашыратын мұндай елеусіз құбылыстарды да ұмыт қалдырмаған жөн. Менің айтарым, бастықтар орындықта отыра бермей,­ қала ішінің мұнтаздай болуы жолында да тер төгуі тиіс. Көше бойында­ кетіп бара жатып жол жиегіндегі плита қалдықтарын көріп, қарның ашады. Қала ішіндегі тазалық мәселесіндегі ахуал аз-кем жақсарғанымен, түбі көңіл толардай емес.

Байқайсыз ба, қала тұрғындарының көбі таңғы  сағат 08.00  мен 09.00 аралығында жұмысқа­  қарай  асығады.  Дәл осы уақыт аралы­ғы арнайы  мекеме қызметкерлерінің көшені сыпыру­ уақытымен тұспа-тұс келеді. Мысалы, өзге елдерд­е таңғы алтыдан бастап атқарылуы тиіс жұмыстар жасалынады. Көшесі сыпырылулы, жолдарына су себілген. Ал бізде ше, жұмысқа­ асыққан тұрғындармен қабаттасып жұмысқа жан кеш бітеді. Ерте оянған қала адамға сергектік сыйлайды. Таза көшелерге қарап, сен де бойыңды­ түзей бастайсың. Айналаң тап-таза. Қандай керемет! Сондықтан таңғы көшені жинау­, сыпыру секілді жұмыстар сағат сегізге дейін жасалып бітуі қажет.

Содан кейін мына дүкендерді алып қарайтын болсаңыз, олар тротуарға жақын орналасқан. Кешке қарай дүкенінің ішін тазартады да, оның кір суын тротуарға төге салады. Бұл тазалыққа жата ма? Оны қаншама адам білмей басады. Қазақта «лас су төгілген жерлерді баспа» деген ырым-тыйымдар бар.

Қаладағы аялдамалар әлі күнге орын­дықтармен толық қамтылмаған. Тазалық сақтауда қаладағы қоғамдық көлік иелері де атсалысуы шарт. Күніне қаншама жолаушы мінеді. Көлік ішіндегі орындықты қаптағыштар өзгертілмейді. Неше түрлі микроб тарап, адам денсаулығына қауіп төндіреді. Айта берсең, мұның өзі әңгіме. Сонымен қатар бұрынғыдай көше комитеттерін құру қажет. Әр көше қоғам тазалығын сақтағысы келсе, өз ауласынан бастағаны жөн. Көп­қабатты тұрғын үйлерге кіреберіс тұстағы өжіреден есіктің алдына дейін созылатын қоқыстардан  аяқ сүрінеді. Қала тазалығына қатысты  сынды  біз  кемсіту үшін емес, қайта істерді жолға қою үшін айтамыз.

Қаланың  орталық көшелерінен бөлек, шеткі аймақтарынан да назар аударуға тұрарлық­тай  көріністерді  кезіктіруге  болады.­

 


 

Бауыржан  МӘСТЕКОВ,

«Болашақ жастары» жастар қоғамдық

бірлестігінің төрағасы:

«РЕЙДТЕР ВАНДАЛИЗМНІҢ АЛДЫН АЛАДЫ»

 

Елімізде көптеген істер жаңадан қолға алынды. Солардың қатарында тазалық жұмыстарының орны бөлек. Бұл реттегі жұмыстар Сыр өңірінде де жандануда. Тазалық мәселесі төңірегінде жыл сайын мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталып келеді. Біз көркею көшіндегі қаланың қатарынанбыз. Тазалық сақтау тәртібімен тек арнайы­ мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана айналыспауы керек­. Қаламыздың әрбір тұрғыны тазалық дегенде жең түре, білек сыбана іске кіріскені жөн. Өздеріңіз білесіздер, аялдамаларды сындырып кету сияқты тәртіп­сіздіктердің жолын кесу мақсатында қаламызда бірнеше жерде бейнекамералар қойылған. Олар кәдеге жарап жатыр деп әбден айта аламыз. Соның арқасында қала тұрғындары біраз етек-жеңін жинай бастады. Бұрын шемішке шағып, оның қалдығын тастап тұратын болса, қазір мұндай жайлар біршама сиреген. Бұған салынғ­ан айыппұлдардың зор әсері бар деп білемін.

Мемлекет жасап жатқан дүниелерді вандализммен тас-талқан қылатын жастар­ бар. Олардың ой-санасы әлде де өсу керек. Көш төмен болғасын, түрлі келеңсіздік­терді бастан кешіруге мәжбүрміз. Біз «Болашақ жастары» жастар қоғамдық бірлестігі  осы уақытқа дейін тазалық сақтау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық­. Сол рейдтердің арқасында вандализмнің аз да болса жолы кесілді. Мұның өзі көңіл қуантады.

Тазалық сақтау қай қалада болмасын, күн тәртібінен түспейтін бірінші мәселе­. Ел аузында жүрген жақсы сөз бар. «Бірінші – тәрбие, екінші – білім» дейді. Бұл сөзбен келіспеске амал жоқ. Тазалық сақтауды түрлі ортада­ насихаттау қажет. Оқу орнында да, достарының ортасында­ да жастардың оның қоршаған ортаның жақсаруына қаншалықты септігін тигізетіндігін сөз еткені абзал. Кез келген азамат елінің көркеюіне тамшының теңізге құйған үлесіндей өзінің шама-шарқы жеткенше қол ұшын беруі қажет.

Мен жастардың атынан сайланған қалалық мәслихат депутаты болғандықтан, ол тараптан да рейдтер ұйымдастырамыз. Балалардың ақысы кеткендей аялдамаларға неге тиісетіндігін мүлдем түсінбеймін. Әр адамның жинақы болғаны өзіне жақсы емес пе? Бүгінде жаһандану дәуірі деп жүрміз, әлі күнге дейін отандастарымыз бір тазалықтың мәселесін шеше алмаса, ертеңгі күні дамыған 30 елдің қатарына қалай кіреміз? Сондықтан барынша жастардың ой-санасын өсіру керек. Ал түсіндіруден мүлдем жалықпау­ қажет.

Біз жастармен бірге тазалық айлықтарын өткізгенде менің де қызығушылығым артты. Сіз де, мен де, ол да талап­қа сай ортада өмір сүргенді қалаймыз. Ол үшін біз де сол талаптың үдесінен шыға білгеніміз жөн. Бір жағынан тазалық сақтау дегеніміз денсаулыққа пайда тигізу деген сөзбен пара-пар. Түрлі ағаштардан бөлінген оттегілер қаланы­  таза  ауамен қамтамасыз етеді.

Мемлекет бір керемет саяси бағытты ұстанғанын білесіздер. Жұмыссыз жастар қолын қимылдатып ақша тапсын, екінші жағынан өз елі үшін қызмет қылсын деген оймен «Жасыл ел» еңбек жасағын құрды. Оның өзіне қазір біршама уақыт өтті. Біз осындай тазалық жұмыстарымен айналысатын азаматтарды марапаттап, тұғырын биіктен тайдырмауымыз қажет. Менің ойымша, «Жасыл ел» бойынш­а жұмыс жасайтындар – нағыз патриоттар. Олар ақша үшін ғана емес, елінің гүлденуі жолында тер төкті. «Жасылелдіктер» қашанда құрметке лайық.

 


 

Рахат  ЖҮСІПНАЗАР,

қала  тұрғыны:

«АУЛАМДЫ   ЖАСЫЛ   ЖЕЛЕККЕ  АЙНАЛДЫРАМЫН»

 

Риза болатыным, үнемі мемлекет тарапынан тазалық сақтаған жандарға сый-сияпат, құрмет көрсетіледі. Өткенде телеарналардың бірінен көріп қалдым, «үздік аула» иегерін марапаттады. Ішім жылып қал­ды. Аулаңды көгалдандырсаң өзің үшін демей, оны қолпаштап, қолдағанының өзіне көңілім толды. Бір жағы, әлгі аула иесінің де еңбегі еленді. Адам өмірін­де осындай үндестіктерді көрсе, мақсаты да айқын­дала түседі. Мен де сол үздік аула иесінен үлгі алып, келер­ жылдан бастап ауламды жасыл­ желекке айналдыр­ғым келіп отыр. Кішігірім бау-бақшам бар. Соның ішкі жұмысын алға қоюды жоспарладым. Жасыл желектің ортасында болсаң, тынысың ашылып, өмірге деген көзқарасың өзге қырынан жаңа леп әкеледі. Сонымен қатар ойың бөлі­неді. Күні-түні үйдің төрт қабырғасының айналысынан шықпаған адам не бола­д­ы? Іші пысып, әбден жал­ғызсырайды. Ал қозғалып, талпынсаң, бір жетіс­тікке жетерің хақ. Тазалық сақ­тамағандар төңірегінде бұқаралық ақпарат құрал­дарына жарияланып жатады. Қала тұрғыны ретінде барлық тұрғындарды қаланың та­залығын сақтауға шақыра­мын. Үнемі бір-бірі­мізді тәр­биелеп жүрсек, біз бағын­дырмайтын асу, алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын.

Мысалы, менің көршім үйін жаңадан тұрғызу үшін ескі үйді бұзуға тура келді. Сондағы қоқыс үйінділерін көшенің қақ ортасына шыға­рып тастады. Сөйтіп жүргенде рейд ұйымдас­тырушылар әлгі көршіме ескертпе берді. Содан әлгі көршім екінші рет сыртқа қалдық тастамайтын халге жетті. Өз қаламыздың абыройын асқақтатуымыз қажет пе? Қажет. Онда тек қаламыздың атын жақсы жақтарынан шығарайық. Бәріміз бір ауыздан тазалық сақтауда ішер асымызды жерге қойсақ, құба-құп болар еді.

Пікір   жинаған   Г.АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2014 >
          1 2
3 4 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары