Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 06 Қараша 2014

КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТ КІМ БОЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.11.2014 12:07

Жылдар жылжыған сайын алты алашты ел билігі алаңдатуда. 2016 жылдың желтоқсанында қазіргі президент Н.Назарбаевтің шартты мер­зімі аяқталған соң, кімді ақ киізге көтеріп «хан» сайлаймыз? Тақ, тізгін кімге бұйырады? Бұқа­раны беймаза еткен сауал­ға «Рейтинг кз» зерт­теу агенттігі жауап іздеді. Ақорданың айналасында жүрген, саясат сахнасында элита саналатұғын тұлғалардың мүм­кіндігін зерделеді.

Сайтқа сілтеме жасаған Ұлт.кз порталының мәліметінше, қыркүйек­тің 12-сі мен 20-сы аралығында жүргізілген сараптамалық сауалнамаға саяса­т һәм экономиканың жілігін шағып, ма­йын ішкен 28 респондент қатысқан. Келесі президенттің кандидатурасы 9 факторға негіз­делген. Мұнда мұрагер­лік билік әлдеқашан жойылғанына қарамастан «Презид­ент Назарбаевтың сенімі» деген­ критерий көш бастайды. Одан соң үміт­керлер «ішкі күш­тердің және сыртқы ли­дерлер­дің қолдауы», «саяс­и, экономикалық әсері» сынды нұсқалар бойынша анықталған. Сонымен көрсет­кіш көшбасында кімдер тұр?

Тізгін тартар тізімді Ахметжан Есімов пен Кәрім Мәсімов бастайды. Алматының әкімі «Президент сенімі» критерийі бойынша алда. Әйтпесе, дағдарыс жағдайында әлін көрсете ал­мағ­ан, базарының басы­нан бұлт арылмаған Есімов жылы орнынан жылжымай әліге дейін отырар ма еді? Ал «үйсіз әкімнің» үзеңгілесінің «сыртқы күштің қолдауы» нұсқасы бойынша мысы басым. “Мұртты министр” критерийдің қай-қайсысынан да кем түспейді не­гізі. Президенттің сенімі болмаса, ол Үкімет билі­гін қайта қолға алар ма еді? Оны мықты стратег ретінде де ел жақсы таниды. Бірақ қалың бұқараның хандықты «жатқа» беріп қарап отыруы екіталай.

Келесі орындар – Нұр­тай Әбіқаев пен Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың еншісінде. Одан кейінгі тізім «көсемнің» туыс­тары Тимур  Құлыбаев пен Дариға Назарбаеваға тиесі­лі. Ал Астананың экс-әкімі  Иманғали Тас­мағам­бетовтің  мүмкін­дігі біраз төмендеген. Қазіргі Қорғаныс  министрі  бар-жоғы жетінші орынға жайғасқан.

Президенттікке бастайтын баспалдақтың келесі­ теппесінде Әділ­бек Жақсыбеков, Нұрлан Нығматулин, Болат Өтемұратов, Бақытжан Сағынтаев, Өмірзақ Шө­кеев, Әсет Исекешев, Мұрат Тәжин, Бауыржан Байбек, Самат Әбіш, т.б. тұлғалар тұр. Болжамның соңын «жолы болмағандар» тобы түйіндейді. Олар - Ақордадан алас­татылған Серік Ахметов пен Аслан Мусин.

Елбасы биліктен бас тартарын ашып айтқан жоқ. Ал біздікі не дауры­ғу? Әйтеуір, «ұл көрмеген уалап, қой көрмеген қуалап өлтіріптінің» кері келмесе игі.

ТАМШЫ

 


ЗЕҢГІР КӨККЕ КӨТЕРІЛЕТІН 70 ЗЫМЫРАН ЖЕТІСТІРЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.11.2014 12:04

«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады». Көгімізді билеген  көршілеріміз біздің көз жасымызға қарайын деп отырған жоқ. Енді Ресей 2020 жылға дейін Байқоңыр ғарыш айлағынан 70 мәрте зымыран ұшыруды жоспарлап отыр. Айналдырған алты жылдың ішінде 70 зымыран «төбемізді тесер» болса, ары қарай ойлана беріңіз. Ал олар гептилмен ұшатын ракеталардан «Ангара» кешені тапсырылғанда ғана бас тартпақ. Бұл туралы «Роскосмос»-тың басшысы О.Остапенко Байқоңырда «Южный» ғарыш орталығы мамандарымен кездесуде мәлімдеген.

Ресей ғарыш мекемесі басшысының айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшырылым­дар­дың қарқыны гептилді зымырандарды ұшыруды қысқарту тенденциясына байланысты бәсеңдеп отыр. Бірақ, «Протон» зымырандарынан бас тарту ойымыз жоқ»,- дей­ді О.Остапенко. Оның ойынша, зиянды отынмен ұшатын зымыраннан «Ангара» комплексі енгізілгенде ғана бас тартуға болады. Ол Қазақстанмен арадағы келіссөздер барысында ғарыш айлағының келешек қызметі туралы жиі талқылана­тынын  айтады.

«Талқыға салынады» дегені – бос әурешілік. Байқоңыр төңірегіндегі байыпты мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Бірақ, нәтиже жоқ. 2007 жылы қыркүйек айында Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге «Протон» құлағаны елдің есінен кете қойған жоқ. Оған  сол жылы Үкімет аз-маз бас қатырған сыңай танытып, мәселені «майшаммен» қарағандай болғ­ан. 2006 жылғы  шіл­деде Қармақшы  ауданы Көмек­баев ауылының тұсына ресейл­ік «Днепр» зымыраны құлап, ондаған тонна гептил мен амил төгіл­ген еді. Алдың­ғы жылғы «Байқоңырдағы» зымыран апаты тағы бар.

Биліктегілер бас болып, проблемаға нүкте қоя алмай отырғанда, бер жағындағылардың үлгісіз тон пішуінің жөні жоқ. Жыл құрғатпай жаудырып жатқан уға шыдас беріп отырған қызылордалықтардың жаны сірі. Айта-айта қазір бұл мәселенің де «қадірі» кеткендей. Байқоңыр «боданда» тұрғанда гептилден көз ашуымыз екіталай. «ҚазҒарыш» агенттінің төрағасы Т.Мұсабаевтың «Известия» бысылымына берген сұхбаты да ел арасында біраз  дау тудырып еді. Онда ол Байқоңырдың Ресей құрамында мәңгілік қалуын қалайтынын айтқан. Мәселе­нің нақ басында жүруге тиісті ел ағаларының аузынан шыққан сөзі осы болса, келешектен үміт күткеніміздің өзі күлкілі. «Адамнан сұрағанша, Алла­дан сұра» деген. Тыныс­ы тарылған жұрт жоғарыдан үміт үзіп, амалсыз Алладан медет сұрайды да.

Керім  ТАУАР

P.S. «Тіл алмасқа сөз айтсаң, адам таппас жауап айтар»­. Әйтпесе, Байқоңырдың жоғын жоқтап, оның болаша­ғы үшін билікке арыз айтып, барын салып жүргенде­р бар. Қарабайыр халық бұғып, Ресей сұғып әлек. Өз жерімізде өзіміз бас көтеріп, билік айта алмайтында­й халде тұрмыз. Ресей 2050 жылға дейін Байқоңы­рды жалға­ алды. Не істеймін десе – өз еркі. Енді 2020 жылға дейін зеңгір көкке 70 зымыран көтерілетін болса, жетіскен­  екенбіз.

 


ҚАРЫЗ күліп келіп, жылап қайтпасын... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.11.2014 12:02

Көк бөрінің ұрпағы сыртқы жүнін қампайтқанымен, қарызы бастан асады. ҚР Ұлттық банкінің есептеуі бойынша 2014 жылдың 30 маусымында елдің сыртқы қарызы 155,5 млрд. долларды құрады. «Оның 10,6 млрд. доллары банк секторына тиесілі. Ал 5,8 млрд. доллар - Ұлттық банк пен ел үкіметінің еншісінде. Қалған қарыздар түрлі корпорациялар мен коммерциялық емес ұйымдардың атында»,- делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сыртқы қарыз көлемі 4,1 млрд. долларға артқандығын аңғар­тады. Сонымен, кімге қанша қарызбыз?

Бізді жарылқап отырған бірінші Нидерланды мемле­кеті. Басымызда оларға 37,6 млрд. доллар берешегіміз бар. Ал Ұлыбритания 25,1 млрд. долларын шекарадан айырқалпақтыларға асырған. Аспанасты елінің де бізден 15,9 млрд. АҚШ доллар алашағы бар. Төртінші орында «Ақ үйге» 11,3 млрд. доллар, француздарға  9,3 млрд. доллар, ал теріскейлік көрші Ресейге 4,9 млрд. доллар­ қарызбыз.

Ұлттық банктің мәлімдемесі бойынша, сырттан сауға сұрауға кіріптар бірінші банктер көрінеді. Олардың ағымдағы айдың екінші жартысындағы жатқа қарызы 108,1 млн. долларға өскен.

Бәтуасыз басқосулар, пайдасыз форумдар, іске алғы­сыз ассамблеялар, жүлдесі үш жүздің баласына бұйырматын байрақты бәсекелерді ұйымдастырудан арыл­масақ, қарызымыздың қарымын қойнауымыздағы қазынамыз­ да қайтара алмас.

Сыртқы қарыз бен сыртқа қашқан қаржыға шектеу қойылмаса, 1998 жылғы Оңтүстік Кореяны қыспа­ғына алған дағдарыстың бізді айналып өтпесіне кім кепіл?

АЛДАСПАН

 


Күнтізбе

< Қараша 2014 >
          1 2
3 4 5 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары