Өзекті мәселелер

  • 15.02.18

    Дария демі ішінде. Ақпан басталғалы Сырдарияның маңына жақын орналасқан жұртшылық арнасынан асқан өзен суынан қауіптенгені белгілі. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Бұл туралы облыс­тық  жұмылдыру дайындығы бас­қармасының басшысы Серік Сермағамбетов өңірлік ком­муни­ка­циялар қызметінде БАҚ  өкіл­деріне мәлімдеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Көпшілік ортада кейбір баланың іс-әрекетіне, қылығына қарап, оның тәрбиесіне баға береміз. Өйткені бала ес білгеннен бастап ата-анасының іс-әрекетін қайталап, айтқан сөздерін жаттап, санасына тоқып алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осының дәлелі іспеттес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға, балаларға тәрбие жөніне келгенде көңіліміз толмайды. Өйткені, (барлығына бірдей топыр...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Алланың адам баласына берген­ сыйы – жарық дүние. Сол дүние есігін ашқаннан бастап өмірден озғанға дейінгі уақыт ол әр адамның өз еншісінде. Ата-ана үшін өмірдегі ең маңызды сәт – сәби сүйіп, тұлға етіп тәр­биелеп, жетілдіріп, ел қатарына қосу. Бұл – әрбір ата-ана үшін алдыға қойған бірінші мақсат. Мұндай  бақыт  біреуге  бұйырса, біреу  осыған  жете  алмай  жүр.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Әңгіменің төркінін тақырыптан-ақ бажайлаған боларсыз. Иә, мәселе жұдырығын жұмса ашпайтын, ашса шаш­пайтын  нағыз Шықберместердің ізін жалғап, өкшесін басып­  келе жатқан жігіттер жайын­да болмақ. Жомарттық, мәрттік, кеңдік, ол – кісінің алдын­а қысылмай кең құлаш даста­рқанын жайып, қолында барын төге салатын, тіпті қажет болған жағдайда жарты бай­лығын теңдей бөле салатын адам. Сіз бен бізде,...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жауды...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 12 Қараша 2014

ТАЗАЛЫҚ – адам мен қоғам дамуының кепілі PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
13.11.2014 11:59

Қуанышқали  Шапшанов

Газетіміздің өткен санында «Тазалық мәселесі мезгіл талғамайды» тақырыбында пікірлер жиынтығы жарияланды. Соған белсенді оқырманымыз әрі қала тұрғыны, бұрынғы эколог Қуанышқали Шапшанов өзінің оқшау ойын білдірді. Онда қаланың тазалық сақтаудағы алға жылжуымен қатар, экологиялық жаңаруды қай бағытта жақсарту қажеттігі жөніндегі ұсыныстарымен бөліскен.

Тазалық деген ұғымның тар көлеммен шектелмейтіндігін ғылыми негізде ұғынықты тілмен жеткізген. Білім «багажы» мол адам тазалық жұмыстарын қолға алуды жергілікті билік өкілдеріне ысыра салмайды. Сондықтан салиқалы да сауатты жандардың қатарынан табылғыңыз келсе, тау қопармай-ақ, бар болғаны аулаңызды тап-тұйнақтай етуге көңіл аударғаныңыз абзал.

“Халық” газетінің беттерінде жиі-жиі әңгіме өрісіне айналып келе жатқан мәселенің бірі – қоршаған ортаны қорғау, айналаны ластамауға шақыру болса, жақында ғана (6.11.2014) “Тазалы­қ мәселесі мезгіл талғамайды” тақырыбымен жарияланған оқырмандар ойлары кімді болса да бейжай қалдырмайды ғой деп ойлаймын.

Өйткені, тазалықты сақтау – табиғат объектісіндегі адамның әрекеті арқылы жасалатын қызмет, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Қазіргі замандағы ғылыми-техникалық революция мен көп қалдықты технологиялық жетіс­тіктер нәтижесінде адам баласы өмір сүрудің қазіргі жасанды ортасын жасады, ал ол биологиялық, геологиялық құрылымдарды өзгерте отырып, біртін­деп бүгінгі таңдағы табиғи ортаға шабуыл­ жасай бастады. Қорытындысында, табиғи қорлардың шектелуі және айна­ладағы ортаның ластануы адамның денсаулығына, өмір сүруіне қазір қауіп тудыруда. Ол біздің елімізде де, әсіресе индустриялы, дамыған орталықтарда, облыс аудандары, Қызылорда қаласында, соның ішінде ауыл шаруашылығы аймақтарында да өткір түрде қойылуда. Табиғи қорларды тиімді пайдалануда, елді мекенді көгалдандыруда, жасыл белдеулер жасауда облыс көлемінде көптеген шаралар іске асырылса да, айна­ладағы ортаны қорғаудағы жауапсыздық, болашақты ескермеушілік орын алып отыр. Бұл ретте табиғатпен қайшы­лықтың шиеленісуіне техника, өндіріс қана кінәлі емес, кінә адамдардың іс-әрекетін­ен, қоршаған ортаны сақтауға ынтаны­ң жоқтығынан болып отыр.

Мен осы қалаға алғаш осыдан тұп-тура 55 жыл бұрын келіппін. Ол кездегі қала ауасы тап-таза, автокөлік өте аз, автобус бағасы бес тиын, шөлдесең қара бақырға газды су сататын. Ауа қапырық болып бара жатса жаңбыр себелеп өте шығады. Бұл да бір табиғаттың құдіреті  шығар, бес-он минут  құйып-құйып өте шыққан жаңбырдан соң  көк жүзінен күлімдеп күн шыға келеді. Осы кезде ауаны қанбай жұта бергің келеді. Қазір­гідей тротуар, асфальт жол (1-2 көше) болмаса да, жайқала өскен жасыл желек қала ауасын тазартып, анау-мынау иіс-қонысты жұтып қоятын. Ол жылдары ағаштарды, тал дарақты, өсімдікті күтуде қызылордалықтардың алдына анда-санда­ тек қостанайлықтар ғана түсетін. Дария суын алақаныңмен ішсең, о, жасаға­н көзің жайнап, мейірің қанып қалатын...

Ал қазір қаланың экологиялық соры неден? Ең бірінші сор – атмосфералық ауаның бұзылуы. Ол – автокөліктен. Қалада қазір оның  саны тұрғындар санына­ орай белгіленген нормативтен  10-12 есе көп. Оның көбі ескі. Ал олардан шығатын автомобиль түтінінің құрамында 200 түрлі химиялық улы заттар болады. “Тымырсығы-ай, қалада жел еспей­ді, жел есетін бұл жайлау емес дейді. Түтін-тұман аспанды тұмшалады, соны ойласаң көңілді кір шалады. Шуда түтін шалқыған от төсінде, шұбап тұрып алады көкке сіңбей. Айналасы қызар­ған кейбір бұлттар, ауру малдың қабынған өкпесіндей”,-дегендей, оның ішінде ең қауіптісі – формальдегид, фенол, азот диоксиді, полициклидті көмірсутегі. Бұған жанармай станцияларының саны мен сапасы төмен этильді бензин сататынын қосыңыз. Біздіңше, ең алдымен қалада автокөлікті азайту, ескіргендерін өтелге жіберу керек. Базарлар мүлдем көп, сатушылардың көбі базар сыртында,­ тіпті тротуарға дейін шығып кеткен, соған­ орай автотұрақтар да өте көп. Оның бәрі ақшаның қабы, ақша табылар,­ денсаулық табылмас. Мысалы, біз көр­гендей Германияда құрамында қорғасын бар жанар-жағармайды пайдалану шектелг­ен. Әрбір автокөлікте үш сатылы котал­изатор двигателі орнатылған. Кейінгі кездері құрамында күкірт элемен­ті жоқ отынды қолдану да ұсынылып келеді. Сол секілді шу дыбыстарын мейлінше азайту тұрақтана бастаған. Тұрғындар ауданының аумағында белгілі уақыттан бастап көлік қозғалысы тоқтатылады. Автожолдарға төселе­тін төсенішке дейін шуды бойына сіңі­ріп, адамның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізбеудің жобасы қарастырылған.

Әрине, атмосфералық ауаны ластау көрсеткішін төмендету мақсатында Қызылорда қаласы бойынша газдандыру­ жобасы басталғаннан бері 934 коммуналдық және өндірістік объектілер, 494 көпқабатты, 26894 жекеменшік үйлердің газ отынына ауыстырылуы игілікті іс-шаралардың бірі. Әйтсе де жылу саласындағы “Қызылордажылуэлектрорталығы” біршама сұйық отынға (мазут) көшірілгенімен өткен жылмен салыс­тырғанда биыл ауаға 0,213 мың тонна зиянды заттар артық шығарған. Қанша айтқанмен мазут отынының ауаға тастайтын күлі азайғанмен, оның шығаратын  азот және күкірт тотықтарының  көлемі төмендемейді. Ал газға көшірілген жағдайда ауаға тасталатын зиянды заттар мөлшері мазутпен салыстырғанда 3 есе, көмірмен салыстырғанда 5 есе азая­тыны белгілі.

Ал, климатолог ғалымдардың есеп­теуінше, отын түрлерін жағудан энергия мөлшері жыл сайын 6 пайыз өсіп отырса, XXI ғасырдың орта шенінде планетамыздың  орташа температурасы біршама­ жоғарылайтын болады. Сол сияқты дүние­жүзінің барлық елдерінің тек қана бір жыл ішінде әртүрлі көмір жағуынан атмосфераға 25 мың тонна мышьяк, 225 мың тонна германий, 100 мың тоннаға жуық берилий, 153 мың тонна кобальт, 204 мың тонна уран, т.б. заттар бөлінеді екен. Міне, сондықтан да атмосфераны қорғау мақсатында өнеркәсіп орын­дарында газ және шаң тұтатын қондырғылар мен приборларды көптеп іске қосу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін ісі. Парникті газдардың ауадағы құрамын азайтудың бірден-бір жолы – жел энергетикасына бірте-бірте көшіп, қазба отындарды көп пайдаланатын жылу-электр станцияларын мүмкіндігін­ше қысқарту. Осыған байланысты ғылыми­-зерттеу жұмыстарының нақты қорытындысы бойынша, Қазақстанда (оның ішінде Қызылорда да бар) орта есеппен алғанда секундына 8 метр жылдамдықпен есетін желді аймақтар анықталған. Бұл жел атмосфералық айналыс процесін туғызып, ауа құрамының тазарып отыруына да үлкен ықпал жасайды.

Жанармайдың қалдықсыз, толық жағыл­уын қамтамасыз ету, ауаның ауыр металдармен, шаңмен, аэрозолдармен, улы газдармен ластануына жол бермеу, қалдықсыз технологияны игеру сияқты өзекті экологиялық мәселелер негізінен техникалық жолдармен шешілуі тиісті. Оның  сызбасы қазір былай: барлық отын түрлерінің ішіндегі ең залалы азырағы –  жоғарыда айтып өткендей, табиғ­и газ. Ол жылу алуға да, электр қуатын өндіруге де, машинаны жүргізуге де, асханаға пайдалануға да қолайлы, әрі таза. Бірақ ол жетпейді. Алдымен көмірді алып қарасақ, ол ең көп қалдық шығару­шы, сондықтан оны газ түріне көшіру – ең тиімді, әрі экологиялық жағынан таза әдіс. Көмір газының жалыны көмірдің өзінен гөрі жалындырақ, әрі қызуы жоғар­ы екені дәлелденген. Менделеев 1888 жылы-ақ көмірдің жер астында жатып газдандырылуын білген. Сол үшін де «Көмірді жер астынан алып жатпайтын, оны жер қабатында жатқан жерінен газға­ айналдыруды үйреніп, оны ұзақ қашықтықтарға таситын дәуірлер де келед­і» деп жазып кеткен.

Жер астындағы көмірден газ алу үшін екі скважина қазылады, соның біреуінен кислород жіберіліп, көмір қабаты жағылады. Сонда газ пайда болады. Екінші скважинадан ол газ сорып алына­ды. Бүгінде көмірді газға айналдырудың ондаған әдістері патенттелген, көмірді газдандыру арқылы энергия өндірудің ең озық, ең арзан әдіске айналуының жолдары ұсынылған. Бұл тәсіл жаңа ғасырдың барлық талаптарына сәйкес келеді, экологиялық тұрғыдан аса тиімді. Көмірді газға айналдыру жер астындағы жұмысшыларды жер бетіне шығарады. Шахталар жабылады, бірақ шахтерлерге­ жұмыс табылады. Табиғи газбен, көмір­мен және мұнай өнімдерімен салыстырғанда көмір газының өзіндік құнының төмендігінен келетін экономикалық тиімділік жоғары. Өндірілген жылу мен электр қуатының бағасы бірнеше есе төмендейді, ол инфляцияны ауыздықтау мен әлеуметтік қолдауды жақсартуға қызмет етеді. Алынған газдың рентабельділігі табиғи газдан үш есе жоғары болады. Бензин құю стансаларын газға көшіруге болады. Осы орайда тағы бір қуанарлық жағдай – ЭКСПО нысандарын көрмеден кейін пайдалану департаменті директорының орынбасары Меруерт Нұрахметованың айтуынша, ЭКСПО-2017-нің басты тақырыбы негізгі үш бөлімнен тұрады. Олар – «СО2 қалдықтарын азайту», «Энергия үнемдейтін өмір салты» және «Баршаға арналған энергия». Бұл ретте «СО2 қалдықтарын азайту» бөлімі атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газы қалдықтарын азайтып, таза технологияларды кеңінен пайдал­ану шараларына жол ашады. Ал, көрме шеңберінде ашылатын 4 па­вильонның бірі – «Энергия әлемі» павильо­нында қазіргі энергетика саласын­ың көкейкесті мәселелері көрсетіледі. Бұл ретте қоршаған ортаны ластайтын қалдық­тарды азайту, дәстүрлі энергия көздерінің улы зат­тарын барынша қысқарту­, экологиялық таза әрі тиімді баламалы энергетиканы дамыту мәселелері бар.

Бұған қосымша, қоршаған орта жағдай­ын жақсартуда жасыл желек те маңыз­ды роль атқаратынын айтқан жөн. «Облыс елді мекендерінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығын өткізу туралы» өкім негізінде біршама істердің жүзеге асқанын жұрт­шылық жақсы біледі. Қазіргі таңда «Жасыл­ ел» штабы сарбаздары көркейту-көгалдандыру жұмыстарын да, қаланың тазалығын да басты назарға қой­ған. «Жас Отан» жастар қанатының «Арда­герлерді ардақтайық» жобасы аясында көмекті қажет ететін қарттар ауласында біршама жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Эко-Сақшы» жобасы­ аясында қоғамдық орындар мен қаланың орталығында орналасқан саябақтарда тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда. Мұндай санитарлық-гигиеналық қызметтердің мәні өте зор. Себебі, өсімдік­тер көмір қышқыл газын бойына сіңі­ріп, оны ыдыратып, ауаны оттегімен және жеңіл иондармен байытады, шуды азайтып, қаланы желден, шақырайған күннен сақтайды, ауадағы шаңды, ыс-күйені, транспорттың улы газдарын жұтып, олардың мөлшерін азайтып отырады. Бір гектар жасыл алқап бір сағатта ауадан  8 кг көмір қышқыл газын сіңіреді екен. Ол 200 адамның осы уақыттың ішінде (тыныс алуы кезінде) бөліп шығаратын СО2  -на тең. Жаздың ашық күндерінде 25 м2 көлемдегі жапырақ беті бір адамның тәулік бойы дем алуына жеткілікті 17,3 м2, немесе 23 кг оттегіні бөліп шығара­ды. Ал бір автомобиль жүз шақыры­м жол жүру үшін бір адамның бір жылда дем алуына жеткілікті оттегі­сін жағады екен. Сондықтан да қазіргі автомашина ғасырында елді мекендерді, әсіресе, географиялық жағдайы және жер ерекшеліктеріне байланысты, желдетуі нашар, жаз айларында жауын-шашы­н көп болмайтын, ауалары шаң-тозаң­мен ластануға өте-мөте бейім Әйтеке­ би кенті, Қызылорда қаласында жасыл көшеттерді барынша көбейтудің қаншалықты маңызы бар екені айтпаса да түсінікті.

Бұдан басқа, екінші бір күрделі мәселе – су ресурстарының ластану жағдайы да біршама іс-шараларды жүзеге асыруды талап етеді. Мысалы, дарияның саяздау­ жеріне машинасын көлденең қойып, жуып жатады. Аржағында елу қадам жерде балалар сол суға малшынып жүреді. «Мұның не?» дейтін біреу­ді, не айып салып жатқан құзырлы орынды көрмейсің. Бұл жағдайдың асқын­ғандығы сондай, жуырда дария жағасында талай жерге шашылып жатқан дәрінің бір таблеткасын аузына салған Нұралы деген азаматтың баласы үш күн естен айрылып жатыпты. Бұған қосымша, қаладағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардан тасталатын сарқынды сулар тиісті жабдықтардың ескіруі және хлорат­ор цехы мен кислород стансалары­ жұмысының төмендігінен тек механикалық тұрғыда тазартылып, толықтай биологиялық тазартудан өткізілмейді. Ол үшін 1, 12, 13, 35, 36 және 46-КНС-терді қайта жаңартып, 12-КНС-тен  1-КНС-ке дейін коллекторларды жаңадан алмастыру қажеттілігі туындауда. Осы себепті де сарқынды сулар құрамындағы зиянды заттар мөлшері лабораториялық зерделеу нәтижесі бойынша белгіленген нормативтен 1,6 есе, ал әуежайда 3,1 есе көп екендігі анықталған.

Облыс, оның ішінде Қызылорда қаласы­ бойынша үшінші күрделі экологиялы­қ мәселе – тұрмыс қал­дықтарының жағдайы және оны орналасты­ру мәселес­і. Тиісті өкілетті органдар мәлі­меті бойынша қазір коммунал­дық меншіктегі 4 заңдас­тырылған (Қызылорда, Арал, Байқоңыр, Қармақшы), 41 заңдастырылмаған қалдықта­р полигондарында­ 137 мың тоннадан­ астам ластанған қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған.

Қалалар мен ауылдар төңірегінде бейберекет шашылып, ұлғайып бара жатқан қалдықтар кешегі егістік болған жерді біртіндеп басып алып жатыр. Тасталып жатқан­ қалдықтардың ішінде аса қауіпті, улы заттар да кездеседі. Мәселен, тастал­ған неон лампаларын балалар міндетті түрде жарып тастайды, одан бұрқ етіп у шыққанын талай көргенбіз. Немесе, жарам­сыз тоңазытқыш тасталса, одан улы элемент, кейбір тұрмыстық заттардан сынап­ ағып жатады. Немесе, тұрғындардың бәрі біледі: автокөлік жүргізушілердің дені көшені, ауланы ластайды. Кеудесіне нан піскен біреулер шығар, көлікті айдап келе жатып әуелі мені көрдіңдер ме дегендей, шеккен шылымын ауық-ауық терезеден тысқа шығарып қояды. Ең сорақасы сол, әлгі шеккен шылым тұқылын көшенің қақ ортасына тастай салады. Көлік ішінде балалар болса, анасы балалар жеген тәттінің қағазын терезеден лақтырады. Тіпті, жолдың жиегіне тоқтап, пакет толы қоқысты, яки тамақ қалдығын тастап кететіндері де бар. Көк түтінді будақтады, одан адалары ақжемін шығара шемішке шағады­. Мейлі ғой, шаға берсін дейсіз. Дәл сол орындықтың қасында қоқыс салғыш тұрады.­ Бірақ оны жастар керек қылмайды. Оны айтасыз, ертеңгісін ерте саябаққа барсаңыз, ойпырмай, астан-кестен дүние­ні көресіз. Орындықтардың бәрі жылжыған,  кейбіреулері аударылған, әр орын­дықтың  алды  толған қоқыс.

Ал осылардың бәрін таң атпай түзеп, әр сіріңке талын көтеріп, көше тазалаушылардың жинап жүргені. Осылайша, жабулы­ қазанды жабулы күйінде қалдырғымыз келе­ді. Бірақ “бұл қашанға дейін созылады?” дейтініміз, өркениетті елдердің адамдары өздері тұрып жатқан қаланың, оның көшелерінің, үй ауласының тазалығына, әдемілігіне, тыныштығына, жайлылығына ерекше мән береді. Үй ауласын, көшені өздерінің үйлерінің төріндей көреді. Сондықтан да оны аялап ұстауға, бір тал сірің­ке талын да тастамауға тырысады. Сөйтіп, өздеріне өздері үйде де, түзде де қолайлылық туғызып, мәдениетті өмір салтын ұстап жүреді. Ал біздің елде айтуға ұят, бірақ, айтпасқа тағы болмайды...

Дегенмен, біздің облыста ғана емес, республиканың көптеген қалаларында тұрмыстық қатты қалдықтардың үйіндісі санитарлық қағидалардың талаптары мен көмудің экологиялық стандарттарына сәйкес  келмейді. Сондықтан, осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін Үкімет осы жылы 2050 жылға дейінгі тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыр­тудың бағдарламасын бекітті. Қазіргі таңда­ Қоршаған орта және су ресурстары министр­лігімен Қызылорда қаласында өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауытының инвестиция негіз­демесі әзірленуде. Осы жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырмақ. Бұл туралы маусым айында банк президенті Сума Чакрабарти Қызылорда қаласына жұмыс сапарымен келгенде сөйлесіп, Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесін­ің XXVII отырысында мәлімдеді.

Сондықтан, біз өндірістік және тұрмыс­тық қатты қалдықтарды қайта өндеу мен қайталама пайдалануды кеңінен қол­дануға көшуіміз қажет. Сонымен қатар, заманауи экологиялық және санитарлық талаптарға сай келетін полигондарды салуды ең бірінші халық көп орналасқан облыс, аудан орталықтарынан бастау қажет деп санаймын. Бір қуанарлығы, облыста биылғы жылы жиналған 8 тонна көлеміндегі медициналық қалдықтар Қызылордада орналасқан “Барс-5”, “Ибрайхан  и  К-ЛТД”, “Қызыл­орда Паур” ЖШС-терінде орналасты­рылған муфелдік пештер арқылы залалсыздандырылған. Бұған қоса Қызыл­орда да республикада алғашқылардың бірі болып “Smazt Rubber” ЖШС авторезиналар өңдейтін өндіріс орнын іске қосты. Енді машиналардың, автобустардың ескі доңғалақтары кәдімгідей кәдеге­ жарайтын болады. Жоба толық іске қосылғанда шығарылатын 270 тн резина­ ұнтақтары 7500-17500 квм спорттық балалар алаңын немесе 4 футбол алаңын­ жабуға мүмкіндік береді екен. Осыған орай жақында ғана елімізде алғаш рет әңгіме өзегі болған “Электронды қалдықтарды басқару” жобасының негізгі мақсаты ұялы телефондарды қауіпсіз тәсілдермен кәдеге жарату мәселелерін шешу болып табылады. Аталған жоба шеңберінде электронды қалдықтарды жинау мен кәдеге жарату сызбасын жасап­, электронды техникаларды сататын­ жерлерде ұялы телефондарды жинау­ға арналған эко-қорапшаларды орнату, сонымен қатар электронды қалдықтардың зияны мен оларды кәдеге жарату жолдары туралы халықты ақпараттандыру жоспарланған. Себебі соңғы жиырма жыл ішінде компьютерлер, ұялы телефондар, баспа платалары, мони­торлар, теледидарлар, принтерлер мен алуан түрлі өзге де электрониканы қоса алғанда «электронды қоқыстың» көлемі ондаған есеге өскен. Біздің облыста да, еліміздегі сияқты жарамсыз техникалар елді мекендер маңындағы полигондар мен қоқыс тастайтын жерлерге орна­ластырылатыны белгілі жағдай. Бұл қалдықтар құрамындағы ауыр металдар мен тұрақты органикалық ластағыштар қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянын тигізеді. Мәселен, мамандардың айтуы­нша, арасына қорғасын, сынап, сурьма, кадмий, алты валентті хромның қоспасы сынды басқа да элементтер енетін қауіпті заттар ағза ішінде жиналып қалуға қабілетті болады да, олардың аздаған қауіпті мөлшері де жерасты­ сулары, топырақ  пен атмосфераны ласта­й отырып, адамдар денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді.

Бұндай жағдайда адам мен табиғат арасындағы қайшылықты шешуді қоғам реттейді. Оның қызметі – адамдардың санасын тәрбиелеу. Яғни, қоғамдағы тазалы­қ мәселесі жергілікті биліктің ғана шаруасы емес. Бұл – әрбір азаматтың ықтиярлықпен қарайтын шаруасы. “Туған жер кешір мені! Таныма тажалым деп. Гүл өсіріп, каналдар қазамын кеп, Бүлдірем де қайтадан әуреленем, Қайтсем сенің жараңды жазамын деп”,- деп айтушылардың қоршаған әлемді қор­ғауға бағытталған ынталы жігерін қолдау. Бұл ретте баспасөз басылымдарының орны ерекше болмақ.

 


«Сал емес, сау ететін бағдарлама қажет» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
13.11.2014 11:52

«Оқушылар сал емес, сау болуы үшін оқу бағдарламаларын мүмкін­дігінше қысқарту қажет». Сенат депу­таты Ғани Қасымов «Алматы» арнасына берген сұхбатында осылай деді. Саясаткердің айтуынша, ведомствоға жаңа министр келсе, реформа жасауға құштар. Бірінші ұстаз мұғалімдердің пікірімен санас­пай, ойына келгенін істейді. Соның салдарынан бұл салада оң нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз деп ой түйеді.

«Сондықтан ұлағатты ұстаздардың ортасы жиі талқыға түсіп отыруы­ тиіс. Қоғамдық бақылау орнатқан абзал»,- дейді экс-сенатор. Әңгіме барысында батыстың білім жүйесін сөз еткен Ғани Ескелдіұлы кәріқұрлықта оқумен бірге сауықтыру шаралары қатар жүретіндігін де алға тартты.

- Қазір бізге 12 жылдық оқу бағдарламасын оқушының физикалық қабілеті мен түйсігіне байланысты жасақтау қажет. Ал елімізде керісінше, жаңа оқу бағдарламаларын ойластырып, жаңа әдістемелерді енгізе береді. Керісінше бізге оқу бағдарламаларын қысқарту қажет, - деді ол.

Экс-сенатор баланың дамуы мен үндесуін қатар ойластыруға шақырды. Дамыған елдердегідей алты сағат білім алып, қалған уақытты сауықтыру шараларына арнаған жөн екенін   айтты. Сонда ой еңбегі мен физикалық күш теңесіп, баланың қалыпты жетілуіне мүм­кіндік жасайды екен.

 


«Е-Learning» жүйесін енгізуге ерте PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
13.11.2014 11:45

АҚШ-тың  Калифорния штатындағы  мектепте ешқандай жаңа технологиялардың көмегінсіз білім беріледі. Бұл - алпауыт Американың аядай білім ошағын заманауи құралдармен қамти алмай отырғандығынан емес, ата-аналардың өтінішімен жүзеге асып отырған жүйе. «Ұялы телефонның» ұясы саналатын шаһардағы ерекше мектепте зерек, білімге бейіл жастар­ білім алады. Тек кітапқа телміріп, қос қолы  борға  боялған оқушылар арасынан әлемге­  танылған  тұлғалар көп.

Ал өзгенің қаңсығын таңсық көретұғын Қазақстан бар білімді жіпсіз байлайтын интерн­еттен іздейді. Жуырда ғана Арқада беймаз­а білім жайы сөз болғанда депутат Мейрам­ Бегентаев электрондық жүйені енгізу­дің «оқушы сөмкесін» жеңілдете түсетінін алға тартты.

- Шындығында, білім берудегі сандық техно­логия­лар зілдей оқулықтарды алмастыра алатын­ еді.  Дегенмен,  оны енгізуді сапалы жүзеге­ асыру қажет, бұл үшін  сапалы ин­тернет  керек. Сондықтан да,  «Е-learning» жүйесі­нің өзі сапалы­ жұмыс істей бастағанда, оқушылар да оқулықтан құтыла бастайды деп ойлаймын,- деді ол. Депутат бір ауыз сөзбен тежелмеді. Жиында «Е-lear­ning» жүйесінің тиімділігін тізді. Халық қалаулысының сөзіне  қарасақ,  электронды білім беру мұғалімдерді де қағазбасты­лықтан  құтқарады-міс. Баланың  арқасына зіл батпан оқулық батпайды, ұстаздың қолы ұзарад­ы. Жөн-ақ. Бірақ «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты» деген бар. Сөмкенің салмағын жеңілдетеміз деп, сананы­ саязытып алмаймыз ба? Сондай-ақ компьютердің көздің нұрын тайдыратынын қайда қоямыз?

Жетектің соңынан ере бермей, ішінара бас көтеретіндер де бар біздің билікте. Тап осы әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңей­тілген отырысында палата вице-спикері Дариға Назарбаева «Е-learning» жобасына көшуге дайын­ емес екендігімізді ескертті.

- Бағдарлама атауының өзі мазмұнына сай келмейді. Электронды оқыту мәселесінің көтерілге­ніне біраз жыл өтіп, осы бағытта біршама бюджет қаражаты жұмсалды. «Е-learning» жүйесі туралы айтқанда адам шатас­атын болды. Өйткені, барлығы сабақтағы оқулықтар мен электрондық әдістемелік материалды күтеді. Ал біз осы уақытқа дейін мектеп директоры, мұғалімдер, журналдар, күнделіктер мен оқушылардың сабақ үлгерімі туралы­ айтудан аса алмадық, ал бұлардың ешқайсысы­ның «e-learning» жүйесіне қатысы жоқ қой,- деді вице-спикер. Және де еліміздің «e-learning» жүйесін енгізуге ең әуелі кадрлық қамтамасыз ету тұрғысынан әзір емес екенін ашып  айтты.

Білім жүйесі жылда жаңалық ашпаса шекелері құрысып-тырысатын билік “шабандоз­дарының” көк­парына айналған. Аққуы аспанға, шортаны суға, шаяны шалғынға тартады. Жаңа жүйемен өзін «жарнамаламақ» болғандардың кесірінен білім сапасының кежегесі кейін кетпесе­ жарады.

 


Папа, сотка алып берші! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:44

Өтештің домалақ басы кәдім­гідей қатайын деді. Тапқан-таян­ғанын жастай қосылған әйелі Пәтеннің қап-қара алақанына сарт  еткізіп салып, енді досының туған  күніне қалай баруды ойлап, төсекте  сыриып жатқанына да екі сағат болды. Олай аунады, былай аунады, миы ашып кетті. Екі бірдей баласы мектепке баруы керек, Пәтен сол жүгірмектерді ертіп базарға кеткен. Әлі жоқ. Іші пысқан Өтеш теледидарды қосты. Әлдебіреулерге пәтердің кілтін беріп жатыр. Пәтер иесінің екі езуі екі құлағына жеткен, ыржиып қояды.

Газетті қарап еді, «Тұр­ғын  үй»  бағдарламасы» деген дәу жазу көзіне оттай басылды. Жыртық үйде тұрған Өтешке бәрі қол жетпес армандай кө­рінді. Пәтер түгілі екі баласына киім-кешек алып беру үшін қаншама маңдай терін төкті. «Бізге пәтер қайда-а!» деп, төсегіне қайта сұлқ түскен Өтеш аузын ашқан күйі әйелінің жек көретін әдеті – қорылға басты...

- Өтеке, құтты болсын!

- Оу, Өтеш, мынау үйің хан сарайындай ғой.

- От, құрдас, ақшам жоқ дей­сің, мына үйді атаңның басына алдың ба?

Жан-жағын қаумалаған жасы бар, жасамысы бар, шайтан жетек­теп  кеткір  құрдастары    бар – бәрі Өтешті ортаға алғанда бақырай­ған көзі одан сайын шығып­ кететіндей жанып, сөй­леу­дің орнына тілін жұтып қойғандай «ыһы-ыһы» деп, басын изей берді. Әйелі Пәтен де мәз. Өтештің темекі сасыған аузының айналасынан бес метр әрірек жүретін ол қолтықтап, басын күйеуінің иығына қойып, қолын сипалап, еркелей ме, қалай? Өтеш қысылып барады. Қала әкімі жиналған жұртқа жақындап сөйлеп тұр. Әкімнің: «Өтеке, мына төрт бөлмелі жайыңыз құтты болсын! Іші қуанышқа, шөпірлеген ұл мен қызға толсын!» деп айтқан тілегіне Пәтен кәдімгідей үсті-басын түзеп, көйлегінің етегін қозғалақтап: «Құдайға шүкір, қайратымыз бар, Өтекең аман болса, шүпір­летеміз, әкім мырза», - деп, төбеден түскендей әңгімесінің нүк­тесін бір қойды. Өтештің «қой» дегеніне қарайтын Пәтен жоқ. «Дұрыс айтасыз» деп, әкімді қоштап қояды. Пәтер кілтін берер­де Пәтен тіпті еркінсіп кетті. Әкімнің қолынан кілтті жұлып алып, «есікті өзім ашам» деп, пәтерге жүгірді. Екі ортада әлі бітпеген құрылысқа екі рет сүрініп, үш рет басын соғып, бесінші қабатқа жын қуғандай жалғыз өзі жүгірсін. «Қой-қойла­ған» Өтеш соңынан қуды. Пәтен жеткізер емес. Буырқанған бурада­й екі езуінен ақ көбік ағып, безіп барады. Туфлиін екі жаққа лақтырып, бұрын-соңды пәтер көрмегендей шуылдап жүр. Өтеш екінші қабатқа көтеріле бергенде алдынан үлкен ұлы шыға келді.

- Папа!

- Не?!

- Пап, тоқташы.

- Не болып қалды?! Кет жолым­нан!

- Папа, сотка алып берші.

- А-а!

- Сотка алып берші. Сыныптағы балалардың бәрі бүгін мектеп­ке соткаларымен баратын болды. Тек менде жоқ.

- Не-ме-не?!. Ах!..

Өтеш ұйқысынан шошып оянды. Төбесінен төніп баласы тұр. Қолында ойыншық мылтық. Әкесін маңдайынан көздеген тұсы екен.

- Пап, оғын алып берші!

Өтеште тіл жоқ. Маңдайын ұстаған күйі «мылтықтың оғын» баласына ұстатты да, «ана жаққа бар» дегендей қолын сілтеді.

- Пап, бір баладан жынды сотка­ көрдім. Мені суретке түсіріп алды. Сондай сотканы маған да алып берші.

Өтеш жүні қырқылған қойдай жуасқан күйі басын изеді. «Бала емес, бәле ғой бұл. «Түс – түлкі­нің боғы ма» десем, баламның оғы боп шықты-ау», - деп, іштей күбірледі де, қалтасын қарады. Көк тиын жоқ.

- Сотканы шығарған адамның тап әкесінің аузы...- деп бір сыбады да, басын ұстаған күйі төсегіне қайта жата кетті.

КӨБЕГЕННІҢ  Нұрланы

 


Әндегі қыз бен әңгімедегі көршінің айырмасы PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:43

- Әлгі әнші Тоқтардың көрші қыз туралы сызылып айтатын әнінің қайырмасы қалай бас­талушы еді?

 

- Көршінің қызы керемет еді,

Әкесі оның жақсы адам.

Ауылдан біздің неге кетеді,

Ауа райы ма жақпаған?! - деп басталады.

Оны неге сұрадың?

 

- Сенің де көршің керемет екен,

Сияқты өзі жақсы адам.

 

- Әй, тоқта!

Подъезді өмірі сыпырмайды,

Сылқымың солай мақтаған!

Түсіндің бе?

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


ЗАМАН ЖЕЛІМДЕРІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:42

Жай орынға отырғың келсе,

«Бакс» деген желімді жағу керек.

Тура төрге отырғың келсе,

«Такс» деген желімді табу керек.

 

Әйтпесе, китайский клей –

Бір орында ұзақ ұстамайды,

Тем более төрге тұсап ұстамайды.

Тез орныңнан тұрып кетесің,

Санды бір-ақ ұрып кетесің.

 

Иә, желім де түр-түрге бөлінеді,

Бірі ұзақ...

Бірі қысқа мерзімге ұстайтын көрінеді.

 

Осылай заман желімдері,

Халықтың солай сенімдері...

Орнығып ұзақ отыруға,

Табылмайды-ай тегіндері.

Қазыбек

 


Жейін, жейін деп қалдым PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:41

Ақшаның арқасында төрт кластық білімім болса да, диплом сатып алып, ақырында қалалық жер бөлімінің бастығы болып шыға келгеніме қайран қалып жүргенмін. Мен деген «любой» нәрсені сатып аламын ғой! Бизнесім құдайға шүкір, көз тиіп кетпесін тіфә–тіфә, түкір, шыр айналып тұр ғой... Бес жұлдызды қонақ үйім бар, жеке ұшағым, жеке кемем, жеке танкіме дейін бар. Соның өзінде көзім тоймай қойды ғой, жер бөлімінде жүріп анаған да, мынаған да участке­ біткенді заңсыз сата беріпін, сата салып, алаңсыз жата беріппін.

Бір күні ішіп пысып кеткен соң прокурорға барып:

– Мені қамауға  санкция бе­ріңіз! -деп жалындым. Көнбейді ғой! Майда шабақтар сотталып жатыр, мені неге соттамайды? Не, мен адам емеспін бе? Түрменің іші қандай екен көрейік те? Әрең дегенде, онда да прокурорға пара беріп жүріп, уақытша қамау изоляторына­ қамалдым. Қамалып бір ай отырдым, екі ай отырдым. Бір тергеуші келсейші! Тергемейді... Бұларға да ақша керек! Тергелу үшін де пара бердім. Сол екен, екі тергеуші тергеп­ кеп берсін! Қылмыстарым шынымен жүз том болды! Жүз том! Жей беріпін ғой! Жапыра беріппін. Қылмыстық топтарға да қатысым бар екенін енді білдім. Қуанғаным–ай, адам болған соң бәрін көру керек қой. Тергеу аяқталды да, тым–тырыс бола қалды. Бір ай, екі ай өтті, бірі келіп жағдайымды сұрамайды. Сөйтсем, сотқа өтуім үшін де ақша беруім керек екен... Қазақстаным Жемқорстан болып кеткен бе өзі? Бір миллион доллар бере салдым. Әшейін, сотқа өту үшін. Сот басталғанда, тойға келгендей, қуанышымда шек болмады! Қолымда кісен, шіреніп тұрмын. Рахат екен. Жұрттың бәрі мені қол шапалақтап қарсы алды. Соттың өзі қолымды қысып, арқамнан қақты. Айтпақшы, қолымдағы кісенді өзім жасатқанмын. «Сплошной» алтыннан соққыздым. Жақұт тастармен безендірілген, музыкасы бар, видео­сы бар, тіпті интернеті «үфі!» деп үрлесең, қосыла кетеді. Бар ғой енді, бар ғой... Сот жайлауда, өзім туып–өскен ауылым маңында өтті. Өйткені, менің жүз адвокатым бар еді. Соның бәрі соттың шымшықтың ұясындай залына сыймайтын болған соң, ауылда дүркіретіп өткіздік қой. Ауыл ақсақалдары батасын беріп, менің сотталуым құрметіне көкпар өтіп, палуандар күресіп, Қайрат Нұртастың өзі ән шырқап кетті. Ақшаның құдыреті ғой, ақшаның! Содан түн жарымында, ет желініп, сорпа ішіліп болған соң, сот басталды.

– Жер сатып жегендеріңізді мойындайсыз ба? - деп сұрады сот. Қорғаушыларымның ақылы бо­йынша:

– Жейін, жейін деп қалдым. Жеген­ жоқпын! - дедім.

– Бір басыңызда елу пәтер бар дейді?

– Өтірік, қырық тоғыз ғана...

– Тендерден де жеген дейді...

– Жейін, жейін деп қалғанмын.

– Жемеген нәрсеңіз қалмапты?

–Жейін, жейін деп қалған болатын­мын...

– Кісі өліміне...

– Өлтірейін, өлтірейін деп қалғанмын...

Не керек, жүз қорғаушым тұс–тұстан жамырап, мені қорғай бастағанда, жаңа туылған нәрестедей сезіндім өзімді. Жүз қорғаушым соттың аузын аштырмады. Ақырында: «Қылмыстың құрамы болмағандықтан, бұрын сотталмағандықтан, жас әйелі, мас әкесі болғандықтан, іс қысқартылсын!» деген шешімнен кейін, соттан сиыр айдағандай айқайлап шықтым! Біздің үйге құтты болсын айтып келіңіздер, сыбайлас достар!

Мұхтар  ШЕРІМ

 


Еркек болғаныма қуанамын PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:39

Апай алдымен оқушыларды түгендей бастады. Көзілдірігін мұрнының үстіне жабыстырып алып, журналға үңілді.

– Айжарықова?

– Апай, ол сабаққа енді келмейді, - дедім мен. Старостамын ғой.

– Неге келмейді? - деп сұрады апай.

– Апай, естімедіңіз бе не? Ол декретте ғой...

Апайымыз тершіген маңдайын сүртті. Тоғызынш­ы сыныптың оқушысы екіқабат болып, «декрет­ке» шығып жатса, апайымыздың маңдайы неге терлемесін? Сынып жетекшіміз ғой.

– Таңжарықова?

– Апай, ол да декретте...

– Түнжарықова?

– Ол ертең келеді...

– Неге? - деп сұрады апайымыз.

– Баласы  тыша  береді  екен... Дәрігерге  кетіпті, - дедім мен. Балалар ду күлісті. Өзім де ыңғайсызданып қалдым. Мәдениетті сөйлеуім керек­ еді.

– Кә-кәй етпейтін бала болушы ма еді? - деді де қойды апайымыз. Мектептегі оқушы қыздардың түнгі клубтарға барып, аяқтары ауырлап қалатындары үйреншікті құбылыс сияқты. Еліміз бо­йынша 2 мың ба, 20 мың ба оқушы қыздар түсік жасатады дегенді бір газеттен оқыған сияқты едім.  Өткен жолы он бірінші сынып оқушысы егіз бала тапқанда, білім бас­қармасының бастығы келіп, жиналыс жасап, қызды құттықтап кеткен. Әкесін де құттықтағысы келген, сөйт­сек, «оқушы ана» сәбиінің әкесін білмейді екен... Білім министрлігі де оқушы қыздардың жаппай бала көтеруі­н құптап, мектептерде арнайы «емізетін бөлме» дайындатып жатыр. Тегін кітаптармен қамтамасыз етпей жатқанд­а, тегін памперс таратуды қолға алып, бюджетте­н жүз миллион доллар бөліпті. Тіпті, көрші мектептің директоры жүз памперс ұрлап, қолға түсіп, сотталып кетті ғой... Біздің елде осылай­, қыздарға, болашақ аналарға қамқорлығы ерекше... Соның өзінде ұялған қыздарымыз аяғы ауырласа, жасырып туып, күл-қоқыс тастайтын темір жәшіктерге тастап кетеді. Біздің мектеп директор­ы жылы бөлме дайындатып, сол бөлмеге картон қораптар қойғызды. Ұялғандар жасырын тас­тап кетуі үшін. Мектеп қабырғасына: «Тусаң туа бер, бірақ көшеге тастама!» деген ұран жазулы тұр­ғалы қашан! Апайымыз журналға тағы үңілді.

–  Селкілдекқызы?

– Апай, ол базарға кетті.

– Е, неге?

– Бесік іздеуге.

– Қуғынбайқызы?

– «Роддомда».

– Тәлпішова?

– Жерік екен, құсуға кетті...

– Боқбасаров?

– Кеше қыз туды... - дегенім сол, біреу басыма кітаппен салып қалды. Артыма қарасам, сынып­тасым Боқбасаров қызарып кеткен­, ызадан жары­лайын деп тұр. Байқамай айта салғанымды қайдан кешір­сін, ұрғалы жат­қанда, физика кабин­еті­нен қаша жөнелдім. Құдайдың  мені  еркек етіп  жаратқа­нына  мың да бір шү­кір! Еркек екеніме­ қуана жүгіріп келе­мін...

 


Бақ өсіргеннің бағы жанады PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:32

Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылы өңірдегі абат ауылдардың алғашқы қатарынан көрінеді. Сырды жағалай қоныстанған мекеннің келбеті көрікті, жасыл желекті. Әсіресе Әбусейіт ақсақалдың ауласы анадайдан көз тартады. Бейнет жасында ауылдың белді азаматы атанған ақсақал, зейнет жасында бау-бақша баптауға бейіл. «Атадан балаға мал қалғанша тал қалсын» дейтұғын халықтың қариясы жемісі ас, көлеңкесі сая болатұғын бау баптауды алдыңғы толқын аталардан аманат етіп алдым дейді.

 

- Жас күнім сол кеңес үкіметі кезінде өтті ғой. Ата-әкелеріміз колхозда қызмет ететін. Бірі жер жыртып диқандықпен айналысса, бірі сол төрт түліктің соңында жүретін. Сондықтан маған жердің де, малдың да жайы таңсық болмады. Қолға кетпен ұстауға жарағаннан үлкендерге қолғабыс етіп, жандарында жүретінмін. Бозбала шағымнан жер жыртып, дән сеуіп, күзде қауызына сыймай тұратын сары бидайды жинаған қатты ұнайтын. Ер жеткенде алып техникаларды тақымдадым. Механизатор болып қызмет еттім. Бар тірлігім қара жермен жанасып жатты. Ал кейін кеңес үкіметі тарқап, тәуелсіздік таңы атқанда қожалықтар бытырап кетті. Содан даңғайыр даладан ауланы абаттандыруға бет бұрдым, -дейді бағбан Әбусейіт Бейсенов.

Бұрыннан-ақ табиғатқа жақын азамат нағыз бау-бақшаға бет бұрған шағын тәуелсіздік таңымен ұштастырады. Азаттық таңы атқанда ырымдап ағаш отырғызған. Тізгінін өзі тартқан Қазақстан жылдар сайын жас көшеттей көгеріп, мәуелі бәйтерекке айналсын деген тілекпен. Сол жиырма төрт жыл бұрын отырғызылған жас шыбық бүгінде алып терекке айналған. Тура тәй-тәй басып, тік тұрған Қазақстан іспетті.

Жә, елдің патриоты болу үшін екі метр қағаз ұстап, ұрандап, не трубинада тістеніп, жер тепкілемей-ақ, қарашаңырағыңда елім деген жұдырықтай жүрекпен жұмыс жасасаң болғаны екен. Біз бағбан атаның бағына барып, осыны ұқтық. Әбусейт атаның ауласы ауылдықтардың мақтанышы. Ал өзі нағыз еңбек адамы ретінде үлгісі. Күн көзі жылынғаннан қарық бойын жағалап, күл-қоқыстан тазартады. Бақшасының шарбағын түзеп, сынған, шіріген ағаштан арылтады. Жеміс ағаштары ауру-сырқаудан аулақ болу үшін діңгегін ақтап, айналасындағы арам шөптерін бұтайды. Әйтеуір ала таңнан кеш батқанша бақтың көзге көрінбес тірлігімен айналады. Маусым туса Әбусейіт атаның бақшасын маңайлайтындар артады. Әсіресе «алтын баққа» көз салмайтын бала жоқ. Себебі мұнда күн жылт еткеннен жемістің түр-түрі кемеліне келіп, пісіп тұрады. Тіпті ауылдықтардың бақшасында мүлдем кездеспейтін, таңсық долана, құлпынай, қарақат сынды жидектер тек Әбусейіт атаның ауласына тиесілі. Таулы аймаққа бітетін долана мұнда қайдан жүр деп таңданып отырған боларсыз. Орынды. Бастапқыда біз де таңданғанбыз. Сөйтсек, сегіз қырлы қария көшеттерді будандастыруға бейім екен.

-        Долана таулы аймақтың төл жидегі. Біршама дертке шипа, тәнге дәрумен болатын өсімдікті алғаш отырғызғанда еш жерсінбеді. Жемісін бермей тек жабайы шөптей сояу-сояу болып өсіп кетті. Жас организмге пайдасы мол болғандықтан, қалайда өсіруге бел байладым. Ойлана келе айвамен будандастыруды жөн көрдім. Нәтижесін 3-4 жыл күттім. Еңбек еш кетпеді. Қазір міне, балбырап пісіп тұр,- дейді бағбан.

Иә, табиғаттың тылсымы. Бір түп ағаштың бір жағында айва, бір жағы тамылжып тұрған долана. Айва – өте қатты, суға төзімді, көп күтімді қажет етпейтін тал. Сондықтан атай өзге көшеттермен будандастыруға үнемі осы ағашты қолай көреді. Мәселен, алмұрттың, алманың бірнеше түрін осы айвамен будандастырған. Екі түрлі көшеттің бірігуі арқылы бой түзеген ағаштардың алғашқысына 13-14 жыл болған. Жеміс ағаштары жылда мәуесін көтере алмай, жерге тағзым етіп тұратын көрінеді.

Үйді айнала қоршаған ағаш- күндіз саяң, түнде панаң. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» деген бар. Ақсақал отырғызған әрбір жеміс және сәндік ағаштар ауланың ажарын ашып тұр. Мұнан өзге шатырдай төбеңнен түсіп, тамылжып пісіп тұрған жүзімдер көздің жауын алады. Нағыз жүзімдікте жүргендей күй кешесің. Себебі мұнда жеңсік астың алты түрі бапталады. Мақпал шырын, өгізкөз, кішміш, баяншірей, тайпейдің қос түрінің дәмі тіл үйіреді. Нағыз экологиялық таза, табиғи өнім. Жалпы, жүзімдікте 70 түп жүзім бар. Аймақтың оңтүстігі болғандықтан әлі жүзім көшеттері бастырылмаған. Биыл күн райы күрт суытқандықтан бағбан жақын күндері бастырмалауға бел буып отыр.

Жаз ортасында 100 түп құлпынай мен қарақаттың пісуін ауыл балалары тағатсыздана күтеді. Өйткені қалаға барғанда ғана там-тұмдап дәмін тататын таңсық жидекке Әбусейіт ата сараңдық танытпайды. Ақ жүрек балақайлардың бір ауыз алғысына рахаттанып, «тек бұтақтарын байқаңдар» деп бақшаға кіргізіп жібереді. Шамасы «елде болса, ерінге тиеді» деген осы болар.

Тілсіз табиғат тілін үнсіз түсінген азамат гүл өсіріп те жанына жайлылық сыйлайды. Бағбанның қолы тиген жер барқытша түрленіп, тура Иран бағына айналады. Әбусейіт ағаның гүлзарында қоразгүл, түймедақ, намазшам, түнгі ханшайым (шырмауық), розаның бірнеше түрі тізбектеле сан түрлі пішін жасап, бірізділікпен байыпты отырғызылған. Мұндағы гүлдердің бәрі көп жылдық өсімдіктер. Көктемде тұқымын тастап, күзде тағы жинап жатпайды. Бір егіп, ебін жасай алсаң, тамырын тереңге жайып, бірнеше жыл ауланың әрін кіргізеді. Ал алғашқы оқу жылында шәкірттер Әбусейіт ақсақалдың бар ықыласымен суарған гүлін ұстаздарға сыйлайды. Атай болса адамдарды аз да болса қуанышқа бөлегеніне бақытты.

Реті келгенде айта кетейік, Әбусейіт ата бау-бақша ісін нарықтық қоғамда нан табу үшін қолға алып отырған жоқ. Жемісін де тиынға пұлдамайды. Ауыл-аймақ, туған-туыс, көрші-қолаңына үлестіреді. Білгенін кейінгілерге кеңес етіп айтып отырады.

- Жерге еткен жақсылық жерден қайтады. «Мың шыбық шаншып өсірсең, Халқыңа орман салғаның. Халқыңа орман салғаның, Өзіңе қорған салғаның» деген бабамыз. Жасыл желек экологиялық аймақ саналатын бізге өте қажет. Жемісі өз алдына, ауаны тазартады. Ал тазалық - ұрпақ саулығының кепілі. Кейінгілер қазір кездесетін аты жаман дерттерден аулақ болуы үшін біздер ағаш санын арттырып, балаларымызға базардың емес өзіміз баптаған таза жемісті ұсынуымыз керек. Сондықтан да барша ауыл азаматтарын жасампаз іске жұмылдырамын. Көктем шыға ел болып көшет отырғызамыз. Көбі менен көшет әкетеді. Алсын. Ауласын абаттандырсын,- дейді ақсақал.

Әбусейіт аға ауылда аяқ су, техника мәселесі шешілсе, біршама аумаққа ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.

- Осыдан қырық жыл бұрын қазылған каналға одан кейін тазарту жүрмеген. Арнасы тарылып, көздері жабылып қалған. Сондықтан аяқ су әр аулаға жете бермейді. Бұл мәселені бірнеше мәрте аудан әкіміне де айттық. Сөзінде тұрса, келер жылы каналды қалпына келтіріп береді. Сонда ауылымыз өңірдегі бірінші абат ауыл атанар,-дейді бағбан.

Ауыл басшылығы түйінді аяқ су мәселесі шешімін тапса, елді мекен маңынан жер бөліп, ағаш отырғызумен айналыспақ. Бұл іске бел шешіп кіріскелі отырған азаматтар да жоқ емес екен.

Әбусейіт атаның қолғанаты алты жастағы Абылай. Ол күнұзақ атасының ізінен қалмай қол көмек етеді. Жерге түскен жидектерді жинап, арық бойын қоқыс-қалдықтан тазартады. Бағбан бабадан алған аманатын немересіне табыстамақ. Ебі бар, ерінбесе, еңбек етсе, ісімді үзбейді, кеңейтіп, қолға алады деп үміттенеді.

«Құдықтан су ішкен қазғанға рахмет айтады». Ал Қаратөбе халқы Әбусейіт атаға алғыс айтады. Себебі ауылдағы жеміс ағаштарының бірқатары бағбанның ауласынан алынған. Ауыл ажарын айшықтауға аянбай атсалысып жүрген ақсақал алған бетінен танбаса, еңбегі еш кетпейтін сынды.

Ж.ӘШІРБЕК

 


Бірлігі бекем елдің тірлігі түзу PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.11.2014 11:27

«Біздің  ортақ   отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап  дамып  отырғаны - елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуел­сіз­дігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығара­тын да - біздің осы қоғамдық татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәрі­міздің көзіміз жетіп отыр», - деп Елбасы айтқанындай, мемлекетімізде бейбіт күнде ұлттар достығы берік сақталып отыр.

Қазақстанды бүгінде әлем жұрты татулық пен келісім­нің ұясына балайды. Құшағына жүзден аса ұлт пен ұлыстың ұрпағын сыйдырған елдің ынтымағына сүйсініп те, сұқтанып та қарайтындар аз емес. Себебі аз уақыттың ішінде етек-жеңін жиып, береке-бірлігін бұзбастан өзіндік саяси және экономикалық жүйесі бар тәуелсіз мемлекетке айнал­ды.­ Жер бетін түрлі толқулар шарпығанда шашырамады. Бір шаңырақ астына­  тағдыр тоғыстырған туыстар жаттың  іріткісіне  арбалмады. Сынал­ған  сайын­ шыңдалып, бір-біріне деген сенімі нығая түсті. Сол түтінін түзу түтеткен елдің бір парасы Сырдың сағасы­н мекендейді.­

Қазақтың алғашқы астанасында бүгінде 726832 ұлт мен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тірлік етеді. Бас қаладағ­ы қазақтар саны 695488-ді құраса, қалғанын 11506 орыс, 7992 кәріс, 1400 өзбек, 1639 татар, 797 шешен, 168 түрік, 1584 неміс, 182 башқұрт, 131 грек, 202 қырғыз, 253 әзірбайжан, 354 украин, 100 белорус, 1111 молдаван, 96 марей, 133 ұйғыр мен 642 өзге ұлт өкілдері толықтырады. Түрлі этнос­тардың жиі қоныстанған мекеніне Белкөл, Тасбөгет кенттері  мен Талсуат ауылдық  округі жатады. Берекесі  берік Белкөлде бүгінде 3237 қазақ, 92 орыс,  7 кәріс, 4 өзбек, 79 татар, 5 түрік, 1 қырғыз, 4 марей, 2 әзірбайжан бар. Қаламен  іргелес  орныққан Тасбөгеттегі  жер иесі қазақтар  мен 323 орыс, 212 өзге ұлт өкілінің  тартымды тірлігін көпке  үлгі  етуге  болады. Ал  татулықты  ту еткен Талсуатта 1517 қазақ,109 орыс,  27 кәріс, 13 өзбек, 8 татар, 2 украин,  4 белорус, шешен, неміс, грек, марей, қарашай  өкілдерінің  тірлігі бір арнада  тоғыс­қан.

Құшағы кең қазақ босып келдің деп бетіне баспай, тағдыр талқысымен дәм-тұзы киелі мекеннен бұйырған заты адамды бауырына басты. «Жатыры» бөтен деп жатсынбады, жақын тартты. Пейіліне орай қиын күндерде қара шаңыра­қты пана еткендер де нәубет күндерде сүйеу бола білді. Бірталай зұлматты бірге өткізген тілі басқа, тілегі бір, түрі басқа, жүрегі бір қазақ топы­рағының тұрғындары тонның ішкі бауын­дай  бірігіп, бүгінде берекелі тірлік  кешуде.

Т.Мұсабаев, Талсуат ауылдық округіні­ң  әкімі:

- Талсуат ауылдық округінде 11 ұлт­тың өкілі тіршілік етеді. Олар ешқандай ұлтқа, руға бөлінбей, бір-бірімен ауызбірш­ілікте өмір сүруде. Әр ұлттың өзіндік төл мерекелерімен бірге қазақ халқының­ ұлттық, мемлекеттік мере­келері де бірге атап өтіледі. Атап айтқан­да, 8 наурыз  - Халықаралық әйелдер күні, 9 мамыр - Ұлы Жеңіс мейрамы, 22 науры­з - Ұлыстың Ұлы күні, 1 мамыр - ынты­мақ күні 11 ұлт өкілі бір дастархан басында бас қосып, елді мекен үшін елеулі­ еңбек еткен марқұмдарға құран бағыштап, аға буынға құрмет көрсету біздің ауылдың мызғымас дәстүріне айналған. Біздің елді мекенде кәріс, татар, қарашай, беларусь, украин, шешен, тарвей, орыс, өзбек, грек, қазақ ұлтының өкілдері қоян-қолтық өмір сүруде. Әлемдік саясатт­а салқынын сездіріп жатқан Ресей мен Украина арасындағы араздық біздің тұрғындар арасында түсініс­пеушілік орнатқан жоқ. Олар Қазақстан азаматы болғандықтан екі елдің мәселесін назарда ұстағанымен, кереғар пікірге келген емес.

Көп ұлттылықтың пайдасы - өскелең ұрпаққа әр ұлттың салт дәстүрі мен тілін, озық жетістіктерін көрсету және оны өз қажеттіліктеріне пайдалану. Елді мекенде тұрып жатқан өзге үлт өкілдерінің жат қылығы жоқ. Бәрі­міз бір шаңырақ астында жұдырықтай жұмылып, тату-тәтті өмір сүрудеміз.

Ұлттар достастығы үшін ең алдымен сол ұлт өкілдерін кемсітпеу, оларға қысым көрсетпеу, әр ұлттың өкілін өз бауырындай құрметтеп, қадірлей білу керек.

Э.Азатбаева, №2  Мұрагер  мектебінің тәрбие  ісі  жөніндегі  орынбасары:

- Берекесі берік Қазақстанда аралас мектептердің болуы заңды. Мұнда балалар түріне, тіліне, дініне қарамастан адамзатқа ортақ білім алады. Түрлі этнос­ өкілдерінің бір ұяда білім алуы балалар­дың өсіп жетілуіне де оң әсерін тигізеді. Көбіне Қызылорда қазақы орта болғандықтан, өзге ұлт өкілдері қазақи қасиеттерді бойына сіңіріп жатады. Мәселен, қаладағы №2 маманданды­рылған дарынды балаларға арналған сыныпта­ры бар «Мұрагер» мектебінде 1853  оқушы  болса, оның  100-ін  өзге ұлт өкілдері құрайды. Оның ішінде 79 орыс, 55 кәріс, 6 шешен, 8 өзбек, 5 татар, 2 үндіс, 1 марийка, 2 неміс, 1 иран,  1 бела­русь өкілі бар. Шаһардағы түрлі этностардың басын қосқан бірден-бір мектеп біз саналамыз. Соған қарамастан шәкірттер арасында ұлтқа, нәсілге бөліну, ерегісу орын алған емес. Тіпті тіл, дін, діл туралы әңгіме қозғалмайды. Себебі­ оқушылар қос тілді қатар игерген. Бір-бірін еркін түсініп, қалыпты қарым-қатынас орната алады.

Дін өте нәзік, әлсіз, әрі мықты қару. Сондықтан балалар арасында діни көзқарастарына байланысты қарама-қайшылықтар орын алмас үшін мешіттен, шіркеуден арнайы имамдар мен шіркеу қызметкерлерін шақыртып, шәкірт­тердің сауатын ашып, әрбірінің өз дініне беріктігін сақтап, өзге дін­дерге құрметпен қарауы қақында дәрістер тыңдатамыз. Балалар дін өкілдеріне өздерін тол­ғандырған сауалдарын жолдап, толыққанды мәлімет алады. Соның арқасында оқушылардың бір-біріне кері әсері тимейд­і.

Жалпы, көпұлтты ортада тәрбиеленген бала жан-жақты болып өседі. Түрлі этностардың дәстүрлі тәлім-тәр­биесі, мәдени және ұлттық жан дүние­сіндегі ерекшеліктерді көріп өсуі, олардың келешекте кез келген елге емін-еркін бой үйретіп, тез тіл табысуына ықпалын тигізеді. Балалар жастайынан ұлтшылдық, жікке бөлінуден ада болып өседі. Меніңше, бұл Қазақстан жерін­дег­і ұлттық татулықтың бір сәулесі­  болса керек-ті.

Бір өкініштісі сол, қазақы өңірде тұрып, өзге ұлттың баласы қазақ балабақш­асы мен қазақ мектептеріне бас сұқпайды. Ал Алаштың ертеңгі егесі тұлымдылар мен бұрымдыларымыз өзгенің есігін сығалайды. Нақтысы, орыс сыныбында білім алуға бейіл. Мұның айқын дәлелі биылғы жылы қаладағы «Күнікей» балабақшасының табалдырығын бір орыс пен бір ғана шешен бүлдіршіні аттаса, «Күләнда» жеке балабақшасында 1 украин, 1 татар тәлім алуда. Ал №43 «Балапан» бала­бақш­асының қазақ тобына 3 орыс пен  1 кәріс келеді. Сонда бар-жоғы 8 өзге этнос өкілі ғана қазақы тәрбиенің тұнығынан нәр алуда. Хош. Мейлі сары бала өз тілінде тәлім алсын, ал өзге ұлт өкілдері қазақ жерінде тұрып, неге өзгеге­  өзеурейді?..

Қайырымды істің қайтарымы болмас­а да, көңілдерге жылу беретін лебіздер­дің өзі жанды жадыратады. Дархан көңіл, кең пейіл қазақтың мәрттігі мен жомарттығын жүрекпен сезінетін жандардың бірі кәріс ұлтының өкілі Вадим Пак:

- Біздің аталарымыз бен әкелеріміз 1937 жылдың 9 қазанында жер аударылып (депортацияға ұшырап), қазақ жеріне­ табан тіреген. Бір топ кәрістер қиын-қыстау сәтте Сыр сағасын саялайды. Үлкендерден  естуім бойынша Бестөбе маңына әкелінген екен. Әлі күнге сол мекенде бабаларымыздың бейіттері бар көрінеді. Үй-күйсіз, тағдыр тәлкегімен қаңғып келген кәрістердің ол кезде халі мүшкіл болғаны аян. Айналаны аштық жайлаған 1937 жылдың қара суығы кәрістерді қатты тоңдырды. Осындай жағдайда  біздің  ата-әжелеріміз бен әке-аналарымыз қалай аман қалушы еді? Бақытымызға орай, қонақжай қазақ бауыр­ларымыздың қол ұшын созуымен біздің тұқымымыз құрымай, ұрпақ сабақтас­тығы жалғасты. Қилы кезең­ні­ң ешбірінде жатсың деп жарға жықпаған, қатардан қалдырмаған қазақ елі тәуелсіздік таңында да түрлі этностардың құндылықтарын қамтамасыз ете отырып, адами құқықтарын сақтап келеді­. Өзге ұлт өкілдерінің тең құқылы демократиялы мемлекетте өздерін еркін сезініп, өсіп өркендеулеріне зор мүмкін­діктер жасауда. Сол үшін де тар жолда тастап кетпей, тізгін тартқанда сыртқа­ теппей бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына қай кезде­ де кез келген ұлт өкілі құрметпен қарап, борыштар екендігін ұмытпауы тиіс,- дейді ол.

Ж.БЕСЕУ

P.S. Қазақ даласына ұлттар мен ұлыстарды тоғыстырған ортақ тарихи тағдыр. Сондықтан олардың мұраты ортақ.

«Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын»,- деген. Ендеше өркениетті экономика, өркенді саяси-рухани құрылым қалыптастырып, әлемдік әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеру­ үшін ең керегі ел бірлігі екенін естен шығармаған жөн.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2014 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары