Өзекті мәселелер

  • 15.02.18

    Дария демі ішінде. Ақпан басталғалы Сырдарияның маңына жақын орналасқан жұртшылық арнасынан асқан өзен суынан қауіптенгені белгілі. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Бұл туралы облыс­тық  жұмылдыру дайындығы бас­қармасының басшысы Серік Сермағамбетов өңірлік ком­муни­ка­циялар қызметінде БАҚ  өкіл­деріне мәлімдеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Көпшілік ортада кейбір баланың іс-әрекетіне, қылығына қарап, оның тәрбиесіне баға береміз. Өйткені бала ес білгеннен бастап ата-анасының іс-әрекетін қайталап, айтқан сөздерін жаттап, санасына тоқып алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осының дәлелі іспеттес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға, балаларға тәрбие жөніне келгенде көңіліміз толмайды. Өйткені, (барлығына бірдей топыр...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Алланың адам баласына берген­ сыйы – жарық дүние. Сол дүние есігін ашқаннан бастап өмірден озғанға дейінгі уақыт ол әр адамның өз еншісінде. Ата-ана үшін өмірдегі ең маңызды сәт – сәби сүйіп, тұлға етіп тәр­биелеп, жетілдіріп, ел қатарына қосу. Бұл – әрбір ата-ана үшін алдыға қойған бірінші мақсат. Мұндай  бақыт  біреуге  бұйырса, біреу  осыған  жете  алмай  жүр.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Әңгіменің төркінін тақырыптан-ақ бажайлаған боларсыз. Иә, мәселе жұдырығын жұмса ашпайтын, ашса шаш­пайтын  нағыз Шықберместердің ізін жалғап, өкшесін басып­  келе жатқан жігіттер жайын­да болмақ. Жомарттық, мәрттік, кеңдік, ол – кісінің алдын­а қысылмай кең құлаш даста­рқанын жайып, қолында барын төге салатын, тіпті қажет болған жағдайда жарты бай­лығын теңдей бөле салатын адам. Сіз бен бізде,...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жауды...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 13 Қараша 2014

Қызылордада аудандардың өнер мен мәдениет күндері басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2014 17:32

Кеше Қызылордада өнер мен мәдениет күндерінің түндігі түрілді. Дәстүрге айналған концерттік бағдарламаны тарихы тереңге тартқан Арал топырағының өнерпаздары ашты. Алдымен көрерменге көк жүзінде шағаласы шулап, сазаны тулаған теңіз төскейіндегі өңірдің бүгіні мен кешегісі кинохроника түрінде көрсетілді.

Биыл аралдықтар «Тербеген ән мен жырдың ақ бесігін, Армысың Қызылордам Ақмешітім» атты мерекелік бағдарламасымен шаһар жұртын шаттыққа бөледі. Сахна төрінде Н.Сейтмұратов, М.Сапарова, А.Есжановтар әннен шашу шашса, «Ақтолқын» би ұжымы өнерлерін ортаға салды. Мұнан бөлек, төкпе күй мен жыр толғаулар орындалды.

Салтанатты шараны тамашалауға келгендер Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымын да ыстық ықыласпен қабылдады. Сахналық спектакльдің қоюшысы ҚР «Үздік» мәдениет қайраткері Б.Бахрамова екенін айта кетейік.

Облыс орталығында 26 қарашаға дейін мерекелік шаралар жалғасады. Аудан өнерпаздарының өнерлерін әділқазылар сараптап, гала-концертте марапаттайтын болады.

Халық-хабар

 


Қызылордада «Қыс-2014» оқу-жаттығуы өткізілуде PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2014 14:08

ҚР ІІМ ТЖК-нің басшылығымен 2014 жылғы 12-13 қараша аралығында «Қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» атты «Қыс-2014» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілуде.

Оқу-жаттығу кезінде азаматтық қорғаныс, қысқы кезеңдегі ТЖ жою және өзара іс-қимыл жоспарларын және оларға түсіндірме құжаттарын нақтылау, барлық деңгейдегі авариялық-құтқару, диспетчерлік және болжау қызметтерінің жұмысын, жедел кезекшілік пен басқаруды ұйымдастыруды тексеру, құлақтандыру мен байланыс жүйелерінің, энергия, газ, жылу, сумен қамтамасыз ету және көлік қатынастарының қыс мезгіліне дайындығын тексеру, қыс мезгілінде болуы мүмкін ТЖ жою үшін авариялық-құтқару қызметтері күш-құралдарының есебін нақтылау және олардың дайындығын тексеру, электр энергиясымен жабдықтау көздерінің, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да қорлардың барлығын тексеру, республикалық маңызды автомобиль жолдарының қар басып қалуы мүмкін жерлерінде орналастырылатын жылыну пункттерінің санын анықтау, қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайларда әрекет етуге үйрету мақсатында мекемелер мен орта, арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарында сабақтар өткізу, осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдары барынша қолданылып, оқу-жаттығу өткізілуде.

Кеше таңертеңгі сағат 9.00-ден бастап, бүгін кешкі 19.00-ге дейін «Дабыл-101» «Қарғын-202», «Үзіліс-303», «Жыра-404», «Мұздық-505» шартты белгілі басқару дабылдары кезегімен қабылданатын болады.

Кеше «Қыс кезіндегі төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарды орындауға АҚҚ құрамаларының дайындығын тексеру»  шарасы Астана даңғылында ұйымдастырылды. Оған 237 адам, 57 техника, 18 құрылым  қатыстырылып, дайындықтары шыңдалды. Осындай шаралар облыстың аудандарында да жалғасын тапты. Жалпы, оқу-жаттығу шарасына «ҚЖЭО» МКК, «ӨСжАҚЖҚ» ММ, «ОААЖҚЖ» ММ, «Қызылорда су жүйесі» МКК, ІІД қоғамдық тәртіпті сақтау тобы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚФ базасындағы газ желісі тобы, облыстық денсаулық сақтау базасындағы жедел жәрдем тобы, «Механизатор» ЖШС және «Мелиоратор» ЖШС базасындағы инженерлік командалары, «Ақберен» ҚФ, Суда құтқару қызметі, Апат медициналық орталығы, «КРЭК» АҚ базасындағы электр желілері звеносы, көлік қызметі және басқа да топтар атсалысты.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының ғимаратында облыстық ТЖ комиссиясының жиналуы және оның мәжілісі өткізіліп, қызметтер басшылықтарының оқу жаттығуға дайындықтары жөніндегі есебі тыңдалды. Ал, «Қызылорда оңтүстік жылу орталығында» аварияның зардаптарын жою жөніндегі АҚҚ құрамаларының арнайы тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Оған 144 адам, 24 техника, 12 құрылым қатыстырылды.

Қызылорда облысы ТЖД

Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

 


Қармақшыда «Мәңгілік ел» монументі мен Этноауыл ашылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2014 13:45

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қармақшы ауданының Мәдени күндері аясында Жосалы кентіндегі «Мәңгілік ел» монументі мен Этноауылдың ашылу салтанатына қатысты.

«Мәңгілік ел» монументі жанында жастар ҚР Президентінің жолдауын қолдауға арналған кең көлемді акция ұйымдастырды. Акция барысында жас патриоттар Елбасы Жолдауындағы маңызды мәселелер туралы өз пікірлерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде айтып, Мәңгілік елге арналған өлеңдерін оқыды. Облыс әкімі жастарды елдігіміз мен бірлігіміздің айшықты нышаны болатын монументтің ашылуымен құттықтап, жаңа Жолдаудың маңыздылығын атап өтті.

- Бүгінгі кездесуіміз ерекше. Себебі кеше ғана Астанада ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Нұрлы жол» атты тарихи Жолдауын жария етті. Елбасы өз Жолдауында «Мәңгілік ел» берік идеясын сонау көне түркі заманнан бастау алған философиялық категория «мәңгілік» ұғымымен сәтті ұштастыра отырып, мемлекетіміздің, дамуымыздың  темірқазығын белгіледі. Ал бүгін Жосалы кентін абаттандыру ісі осындай үлкен идеологиямен ұштастырылып отыр. Бұл алаңның халық рухының серпілісіне, әсіресе жастардың тәрбиесіне ықпалы орасан зор деп есептеймін, - деді аймақ басшысы.

Мерекелік іс-шара қазақ халқының салт-дәстүрі мен өнерін дәріптейтін мәдени нысан Этноауылда жалғасты. Салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев Этноауыл кешенін өңіріміздің басқа жерлерінде жоқ, алғашқы нысан екенін айта келіп, әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен салт-дәстүрін әйгілейтін мәдени орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Сапар соңында аймақ басшысы іргетасы қаланған емхана, кітапхана және мұражай құрылысы барысымен танысты. 250 келушіге арналған жаңа емхананың құрылысы аяқталған, бір жеті ішінде медициналық құрал-жабдықтар толық  орнатылып болған соң пайдалануға беріледі.  Бұрынғы емхана аудандық аурухананың бірінші қабатында орналасқан болатын, сондықтан кент тұрғындары жаңа, қазіргі заманға сай ғимараттың салынуына ризашылықтарын білдірді. Ал мұражай мен кітапхана келесі жылдың мамыр айында тапсырылатын болады.  Өңір басшысы бұл әлеуметтік нысандардың аудан тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін дамытуына аса мән беруді тапсырды.

“Қармақшы күні” ауқымды шарасы мерекелік концертке ұласты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


«НҰРЛЫ ЖОЛ»: барлықтан ба, тарлықтан ба? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.11.2014 12:16

Биыл Президент Н.Назарбаев қыс­тың қамына күзде кірісті. Бұрын жыл сайынғы дәстүрлі жолдау халыққа жолданар­ алдында құлақтандырылып, бүтіндей бір ел тегіс жиналатын. Ал бұл жолғы жолдау айтпай келген қонақтай әбден састырды. «Нұрлы жол  – болашаққа  бағыт» деген атауме­н халыққа жол тартқан жаңа экономик­алық  сая­сат жөніндегі  жоспарлы жолдауд­ың ертерек жолдан­ғаны  турасын­да  Елбасы:

- Алдымызда тұрған екі-үш жыл оңай болмайды. Бүкіл дүниеге де, елі­мізге де. Сондықтан не істеуіміз керек, қандай шаралар қолдануымыз керек, осыған байланысты мен Жол­дауды ертер­ек жолдайын деп отырмын, - деді.

«Үлкен кісінің» ой-түйсігіне сенсек, ғаламдық сынақ тапсыру кезеңі таяп қалды. Дағдарыс деген қиын жолда бәтеңкеміздің бауына сүрініп қалмас үшін етек-жеңімізді жинауғ­а тиіспіз. Қысылтаяң аралықта арықтың арғы бетіне өте алмай қалатын елдер де болады. Ал біздің ел сол қатардан көрінуді құп көрмейді. Енді халық пен билік бір-біріне өз арқасын тосуы керек.

 

Қаржы   қолбайлау  болмайды

Миллиондаған долларлар жолда­ қалды. Енді басшылар миллиа­рдтаған ақшамен   жұмыс істейді. Ұлттық қордағы қаржыға ауыз салдық. Алдағы үш жылда сол қордан жыл сайын  3 млрд. доллар бөлініп тұрады. Ұлттық қордан еншілен­ген қомақты қаржының тиын-тебенін түгендеп отыру облы­с әкімдері мен «Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау комитетіне де жүктелді. Бұл ретте  ақшаны көргенде тәбеті ашылатын шенеуніктердің аман-есен, абыройымен жүруінің өзі олжа. Сондай-ақ Ұлттық қор құятын инвестициялар тиісті салалардағы құрылымдық реформалармен бір жіпке байлануы тиіс. Бұл үшін халық­аралық қаржы құрылымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асуы шарт екен. Президент Дүние­жүзілік Банк, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі секілді қаржы құрылымдарымен қайта келіс­сөздер жүргізуге қол алысатындықтарын айтты. Мемлекет басшысы: «Олар қазірдің өзінде шамаме­н 90-нан астам стратегиялық жобаға 9 млрд. доллар бөлуге сақадай сай», - деді.

Алдағы уақытта атқамінер­лерге қаржы қолбайлау деп айтудың өзі ұят.

 

Үй  алу  икемге  келеді

Сүйінші! Енді сіз үй алу үшін жұртқа алақан жаймайсыз және алаяқтың ар­бауына түспейсіз. Тек бұл  жағымды  жаңа­лық­қа үйіріңіздегі бір тайды атасаңыз жетіп жатыр. Елбасы қолже­тімді баспанамен қамтамасыз етудің көптеген амал­дарын  жасап жат­қандығын алға тартып, тұрғын үй, құрылыс жинақ жүйесі, ипотека, жалдамалы  үйлер  соның ай­ғағы екендігін айтты. Мұның  да тонын теріс айналдыру керек екен. Алдағы жылдары мемле­кет әлеуметтік-жалдамалы үй салып, халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға береді. Бүгінгі жүйелер қомақты қаржыны қажет ететіндіктен, ал­ғашқы төлем бар, сосын банктер қаржыны 20 пайыз­ға дейін үлкен мөлшерлемемен  үлестіреді. Бұ­ның қараша халыққа оңайға түспейтіндігі  жайында:

- Халық оны төлей алмайды да үнемі проблемалар болады. Бұл бағдарл­ама дәулетті адамдарға арналға­н, ал жаңа бағдарламаны біз жас отбасылар және баспанаға мұқтаж  жандар үшін қолға аламыз. Оның аясында баспана тікелей делдалсыз беріледі, пайыздық мөлшерлеме барынша төмен болады. Бастапқы төлемнің жоқтығы, ипотека­ның төмен пайыздық мөлшерлемемен берілуі көптеген қазақстандықтар  үшін  баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етеді, - деді Елбасы.

Сондай-ақ ол жалдамалы тұр­ғын үй  құрылысын қаржыландыру көлемінің 2015-2016 жылдары қосымша 180 млрд. теңгеге артатындығын жеткізді.

 

Істің   үлгісі   пішілді

Жолдауда бізге көліктік-логисти­калық инфрақұрылымды дамыту қажеттігі сөз болды. Осы ретте макроаймақтарды бір-бірі­мен магистральдық, автокөлік, темір жолдар және әуе бағыттары арқылы байланыстыру – басты міндет. Жолдаудың да «Нұрлы жол» аталуы сол себепті. Қазір құмырсқа илеуіндегі тіршілік көрінісін күре жолдың бойынан көресіз. «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі». Кешендегі бұл сөзден жолдың ақша табудың көзі екенін аңғару қиынға соқпайды.

Еліміздегі су және жылу желілері және ТКШ инфрақұрылымы жаңғыртылмақ. 2020 жылға дейін жалғасатын  бұл  жұмысқа бас-аяғы екі триллион теңгеден кем емес қаржы жұмсалады. Ал бұл - екі қолы алдына сыймай жүрген жұмыссыз жандарға жұмыс көзін тауып беру деген сөз.

Сонымен қатар біз күн тәртібі­нен түспейтін шағын және орта бизнесті дамытуға тереңнен бойлаймыз. Оны қолдауға бүгіннің өзінде Ұлттық қордан 100 мил­лиард теңге мақсатты түрде қарала­ды. Бұл қып-қызыл ақшаға 4,5 мың жаңа жұмыс орнын құрады екенбіз. Бәрін ысырып қойғанда, кәсіпкер­лікті жандандыруға шашымызды жұлып тұрып, ақшаны аямай бөлеміз. Әйтеуір, одан ұта аламыз ба? Иә, егер біздің халық «дайын асқа тік қасық» қалпынан айныса ғана. Бізге тиімдісі – қолтықтасып жұмыс істеу.

Индустрияландыру картасының шеңберінде еліміздегі 10 жоғарғы оқу орнына 2017 жылға дейін 10 мил­лиард теңге мақсатты түрде қаралады. Ал оларға экономикамызды өсіру жолы­нда үмітті ақтайтын кадрлар дайындау жүгі артылады.

Елмен бірге «ЭКСПО-2017»-ні өткізу Елбасының да есінде. Сол үшін Астана әуежайының транспорттық инфрақұрылымына көңіл бөлуде. Қазірдің өзінде 3,5 миллион адамды қабылдай алатын әуежай көрнекті көрмеге дейін 7,1 млн. жолаушының жағдайын жасай алатындай күйге енуі тиіс. Сондықтан жаңа терминалдың құрылысына және өзге де жұмыстарына 2015 жылы 29 миллиард теңге бөлінеді.

Көзді тарс жұмып алып, қаржыны анаған да, мынаған да бөлдік. Әйтеуір, түбі жақсы болсын. Қаржымыздың қайда қалғандығын білмей, жер сипап қалмасақ игі. Алайда бұл күдікті үмітке жалғаймыз. Себебі алысқа көз тастайтын болашақ Қазақстанның суреті тым тартымды.

Қазақ дәм-тұзы таусылғанша той-томалақтан қалмаған халық қой. Қаржылық қиыншылық бүйірімізден қысқан күннің өзінде айтулы мерейтойлардан аттап өте алмаймыз. Келер жылы Қазақ ханды­ғының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңның 20 жылдығы, Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығы атап өтіліп, ат шаптырылмақ.

Г.ЕСІМОВА

 


Көшербаевтың көрсеткіші көтерілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.11.2014 12:13

Жақында әкімдер аламанының қазан айын­дағы  қорытындысы шықты. Бұл нәтиже ақ жағалылармен қатар, үнемі көпшіліктің де тағатын тауыс­ады. Ай сайын алдыңғы орынды бермейтін Иманғали Тасмағамбетовтың  Қорғаныс  министрлі­гіне қызмет ауыстыруы өзге әкімдердің кәдесіне жарап кетті. Себебі олар бір орын болса да алға жылжып, оңай олжаны тақымға басты. Алты жыл бойы Астананы уысында ұстаған әкімнің министр ретінде  мансап жоғарылатуы оның беделін бетегеден биік көлемде ғана арт­тырды. Астананың даму жолына дамылсыз терді енді Әділбек Жақсы­беков төгеді. Еліміздің мемлекеттік хатшысы қызметінен келген ол бұл жолғы әкімдер жарысына қатыс­тырылмады. Оған жылы орынға жайғасқандығына бір жыл толмауы себеп.

Кешегі айдың есе­б­імен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 14 әкімнің алдын орап кетті. Саяси абыройы өзгелерге қара­ғанда артықтау шенеунік бағал­ау шкаласында 12,2 ұпайды еншілеген. Одан кейінгі орын Қызылорда облысы­ның әкімі Қырымбек  Көшербаевқа  бұйыр­ған. Есімовтің көші Көшербаевтан тым ілгері емес. Біздің аймақ басшысының ұпайы 12-ге жеткен. Бұл көрсеткіш «Қызылорданың бойына қан жүгіргендігін» байқа­тады. Тұғырлы үштікті Оң­түстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзах­метов аяқтайды. Ал төртін­ші орын Павлодар облы­сының әкімі Қанат Бозымбаевқа бұйырды. Жерлесі­міз, Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Бердібек Сапарбаев үздік бестіктің сапынан табылды. Алдыңғы айлардың қорытындысымен біздің әкімнің өзін артқ­а  тастаған  оның бе­сінші орынға  құлдилауы таңданыс тудырды. Десе де оның ұпайы түгел. Енді ол вице-премьердің орын­тағында  отырады.

Г.АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

 


Кімдер кетіп, кімдер келді? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.11.2014 12:12

Бізде сағат тілін бәрі білсе де, тағайындау «тілін» екінің бірі түсіне бермейді. Алайда бұл жолғы та­ға­йындауды түсіну үшін ғаламторды шарлап шығудың немесе көзін көлігінің кішкене айнасынан алмайтын таксистердің толғамын тыңдаудың қа­жеті жоқ. Тек есеп-қисаптағы ауыстырымдылық заңын біл­сеңіз болғаны. Қо­сылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермей­ді. Сонымен сейсен­бідегі кадрлық өзгеріс кезінде кімдер «рөлін» алмастырды?

«Тоғыз қатынның тол­ғағы бір күнде келеді» демек­ші, үш бірдей өзге­рістің кезінде шенділердің атын шатастырып алуға болар­ еді. Қастық қылғанда бірде-бір жаңа есімнің естілмеуі бұған кедергі келтірді. Астананың әкімі болу үшін Әділбек Жақ­сы­бековтың тастап кеткен Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы  қызметін Гүлшара Әбдіқалықова «қағып алды». Биліктегі топ еркек­тің арасында жүрген бұл беделді әйелдің түрімен бірге сөзі де өтімді болса керек. Кешеге дейін вице-премьердің көйлегін киіп жүрді. Оның алдында ҚР Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, одан қалды, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «креслосына ине шаншып кеткен». Қызық. Екі күн бұрын Шығыс­  Қазақстан облы­сының әкімдігінен басын сауғалаған  Бердібек  Сапарбаев бұрын ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезде оның өкшесін Гүлшара Наушақызы басып еді. Енді Бердібек Мәшбекұлы оның ізін басуда. Түске дейін әкімдікте жүрген жерлесіміз сөйтіп түстен кейін вице-премьер болып шыға келді. Үш бірдей облысты басқарып үлгерген оның өзге де жіп байламаған ағашы аз. Жұрт елден Елордаға қанат қақса, келесі кейіпкеріміз керісінше тірлік қылды. Оның атын естіген бойда бұрын жұрт тік тұратын еді, қазір аты-жөнін екі рет сұратып, әрең есіне түсіреді. Сейсенбіде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орнына емін-еркін жайғасқан Даниал Ахметовты алдымен үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыс активіне таныс­тырды. Қорғаныс минис­трі кезінде басы дауға ілініп, кейіннен «көлең­кеде» кө­рінбей кеткен ол атқа қай­та қонды. Бұған дейін Қа­зақстанның атынан Еуро­азиялық экономикалық комисс­ияға алқа мүшесі ретін­де жүрген. Тіпті  2003-2007 жылдар аралығында Премьер-министр болған ол түрлі қызметке тізе бүк­тіргені  бар.

Бір айтатыны, үшеуінің де тағдыры Серік Ахметовке  ұқсай қоймады. Әп-сәт­те жұмыс тауып ала қойды. Көңілді тағы бір семіртуге себеп бар. Бұл үшеудің екеуі – қызылордалық.

Қарашаның бел ортасындағы тағайындаулар  бұл  үштіктің салын суға кетірмеді. Қайта көңіл-күйлерін әжептеуір көте­ріп тастады. Ендігі жерде оларға тән қалып – халықтың көңілін тоқ қылу. Әйтпесе елдің сөзіне қалады. Ал ел аузындағы әңгіме ертегі емес.

Г.АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

 


Армандау ақысыз, бірақ бюджеттің сұрауы бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.11.2014 12:11

Халық қалаулылары елімізде ТМД тұрмақ, әлемде теңдесі жоқ колледждің ашылуына қарсы.

Жуырда Астана мен Алматы қалаларында екі бірдей колледж салын­бақ. Идея авторы - «Кәсіпқор» холдингі. Бірақ мәжілісмендер «арманн­ың» ақиқатқа айналуына қарсы. Себеп те жоқ емес. Аталмыш холдинг әлемдік деңгейдегі колледждер желісін дамыту мақсатында Үкімет қаулысымен 2011 жылы құрылған. «Алайда бүгінде холдинг өзіне жүктелген міндетін атқара алмай отыр», - деп сынға алды депутаттар. Жөн. Бастап­қыда холдингке  Атырау, Өскемен, Екібастұз және Шымкен­т қалаларында 4 өңіраралық орталық салу міндеттелген. Алайда бүгінде Өскемен, Екібастұз және Шымкенттегі колледжердің құрылысы бойынша­ сот процесі жүріп жатқандығы жасырын емес.

Жоғарыда келтірілген колледждерге қатысты ҚР Пар­ламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар Сеймағанбетова:

- Атыраудағы колледж «Кәсіпқор» құрылғанға дейін дайын­ болған. Енді оны холдинг мен салдым деп жатыр. Қалған үшеуін салып жатқанына он жылдай болды. 8 млрд. теңгеден астам қаржы кетті. Ол қашан дайын болады? 10 жылдан бері салынбаға­н нәрсе салынбайтын да шығар,- деп ашығын айтты.

Бітпеген былық істерін барлай алмастан «Кәсіпқор» жаңа колледж құрылысына қазынадан тағы 60 миллиард теңге сұрайды.­ Сенімнен айырылған холдингтің сұраған сомасы депутат­тардың төбе шашын тік тұрғызды. Тіпті колледж ашу идеясын вице-спикер «колхозға» теңеді.

- «Әлемдік деңгейдегі колледж»  деген  атаудың  өзі құрметті  Остап Бендердің «Нью-Васюки» атты ірі жо­басын­ еске салады. «Әлемдік деңгейдегі» деген сөз - бұл “колхоз “, шынымды  ай­тайын! «Әлемдік деңгей» деген­ не? Бізде индустрия әлемдік деңгейге жетіп жатыр ма?,- деп Д.Назар­баева «Кәсіпқор» төрайымының төбесінен «тарс» еткізді.

Елде жоқ ерекше мамандарды әзірлейтін сұранысқа сай колледж құрылысы мен заманауи зертханасына 60 миллиард теңге кетеді екен. Ал шетелд­ік мамандарға шашылатын қаржы көлемі әлі нақты емес. Себебі холдингтің басқарма төрайымы (Елдана Сәдуақасова, - ред.) шекара асып келгендерге қанша ақы төленетіндігін білмейді.

Негізі «Кәсіпқордың» қарамағында жұмыс істеп тұрған коллед­ждердің қазіргі шығыны да аз емес. Мәселен, Атырауда­ мұнайшы мамандарды әзірлейтін кәсіптік оқу орнында шетелд­ік мұғалімдердің жатын жайы мен жалақысы үшін бюджеттен жылына 12 млрд. теңге бөлінеді. Ал қарапайым колледж ұстаздарының айлық табысы 53 мың теңгеден аспайды.

Халық қалаулысы Жұматай Әлиев осы жиында бой көр­сетті. Ол: «Бізге шетелден оқытушы шақыртудың қажеті не? Қыруар қаржы кетеді, шығыны шаш етектен. Ал, биыл отандық­ колледждерде бала толмай қалды. Студенттің бәрі Ресейге,­ Қырғызстанға кетіп жатыр. Біз сонда да «Кәсіпқорға» жыл сайын миллиардтар бөліп отырмыз»,-деп шыр-пыры шықты. Жұматайдың бұл шырылы жөнсіз емес. Себебі «Кәсіпқордың» қанатының астына кірмейтін мемлекеттік кәсіптік оқу орындарын­ың ешбіріне соқыр тиын артық берілмейді. Тіпті жарымы­ның жартысына да қол жеткізе алмайды. Анығын айтқанда­, «Кәсіпқорда» көбіне «ҚазМұнайГаз» мамандары дайындалады. Сонда үш жылда әлемде теңдесі жоқ колледждерден ұтқанымыз не, ұтпағымыз не болмақ?

 


Қазақтың қызыл миясын Қытайға қалай қиясың? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
13.11.2014 12:10

Сейсенбіде облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлының төрағалығымен алқа отырысы өтті. Онда екі мәселе қаралды. Бірі – қызыл кітапқа енбесе де, қорғалуға тиісті қызыл мия өсімдігін қорғау туралы болса, екіншісі – киік атуға қашан тосқауыл қойыла­тындығы турасында.

Біз сөз қылып отырған қызыл мияның пайдасы шаш етектен. Көк қағазға құныққандар бұл өсімдікті  бүгінде көк­тей солдыруда. Экологиялық ахуалы­  нашар аймақтың шөпті алқаптарын сорға айналдырып жатыр. Облыста мия тамырын өңдейтін зауыт ашылмақшы.  ауылдағы шөпке қатысты бұл былықты мектеп оқушысынан бастап белі бүгілген қарияларға дейін біледі. Алайда сол ауылдың әкімі мен учаскелік инспекторы көктен түскендей, бұл жағдайдан еш хабары жоқ. Бұл реттегі мысалға Сырдария ауданы Жетікөл ауылының ауыл әкімі мен учаскелік полицейін келтіруге болады. Әлгі әкімге әрекетсіздік танытқаны үшін ескерту жасалған. Ақшаның астына көміліп қалуды көздейтін алыпсатарлар қызыл мияны Қытайға жөнелтетін көрінеді. Осылайша былыққа белше­сінен бататындардың ізі құмға сіңген  судай  жоқ  бола­тындығы тиісті  органдардың жауапсыздығы салдарынан екендігі айқын­  аңғарылады.

- Соңғы жылдары көптеген өсімдіктер ысыраппен пайдаланылып, ойланбай ойсырата жи­нау­ салдарынан азайып барады­. Оның бірі – Орта Азияның «женьшені» атанған, Сырдың алтын тамыры қызыл мия өсімдігі. Ішкі істер органдарының мәліметтері бойынша жыл басынан бері қызыл мия тамырларын жинаудың 39 фактісі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 70 па­йызға өскен. Атап айтқанда, бұл олқылықтар Шиелі, Жаңақор­ған, Сыр­да­рия аудандарында және Қызыл­орда қаласында кездес­еді, - деді алқа отыры­сында облыс прокурорының аға көмекшісі Н.Тұр­ғанбай.

Оңай олжаға кенелгісі келетіндер қызыл мия өсімдігін жинауды  қандай  жолмен  болса да, қолға алуда. Айталық, Жаңақор­ған ауданындағы «Алмал­ық» шаруа қожалығы өзіне ауыл шаруашылық мақ­сатындағы жалға алған жер учаскесін келісімшарт бойынша «Евро-Нұр» серіктестігіне жалға берген. Тіптен өз аума­ғына кірмейтін жерлерге де иелік  етіпті.

Күн тәртібінен түспейтін екінші мәселе – киелі жануар киікке көз сатпау. Киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін Үкімет қаулысымен тыйым­ салынды. Сусамыр дертіне шипа қызыл мияның бағасын былай қойғанда, киіктен табылатын пайданы жарияласақ, талып­ түсесіз. Киік мүйізі­нің бір килограмы ішкі нарықта  40-70 мың теңгені құрайды. Ал Қытайда бұл баға ойыншық болып­ қалады. Себебі баға 4000 АҚШ долларына дейін аспандайды.

Киікті, жабайы тұяқты жануар­лардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғау – ҚР Ауыл шаруаш­ылығы министрлігі Орман­ шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитеті «ОХОТЗООПРОМ ӨБ» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына артылған жүк. Оларға бүгінде жүйелі жұмыс істеуге байланыстың, яғни толқын жиілігінің таратылмауы  кедергі.

Алқа отырысының соңында Сапарбек Нұрпейісов облыстық прокуратураның басқарма басшыларына және облыстық ішкі істер департаментінің орынбасарларына тапсырма жүктеді. Сондай-ақ облыс прокур­оры жүктемені қаққан қазықтай қабылдайтындығын қаперлеріне  салды.

 


ДАҢҚ пен ДАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
13.11.2014 12:08

Атыс-шабыс, адам өлімі дегенге жанымыз қас. Сондықтан ел тыныштығын сақтайт­ын полиция қызметкерлеріне құдайдай сенеміз. Қатер төніп тұрса, соны сейілтетініне үміт артамыз. Қорғансыздардың қалқаны іспетті олар біз үшін даңқты.­ Алайда сол даңққа теріс қылықтарының кесірінен қара дақ түсуде. Бұлай айтуымызғ­а негіз де жоқ емес. Сөз арнасын алаяқтық жасап сотталған полицейлерге бұрсақ...


Бұрынғы полиция қызметкерлері сотталды

Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің экс-бастығы мен сол бөлімшенің бұрынғы жедел­ уәкілі адамдар тобымен алдын ала сөз байласқан. Мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адам бола тұра, алаяқ­тыққа  барған.

Олар жәбірленушіге өздерінің қызметтік құзыреттеріне кірмейтін, АІІБ-нің анықтаушысының міндетін атқарушы азаматт­ың өндірісінде болған істі шешіп бере алатындықтарын айтыпты. Кенттегі Орталық базарда сауда жасайтын азаматшаның құны 105 600 теңге тұратын алтын бұйымдарын алаяқтықпен алдап алып кету фактісі бойынша  қозғалған қылмыстық іс бойынша сезікті екендігін баяндаған. Қылмыстық жауап­тылықтан құтылуы үшін 400 000 теңге беруін­ талап еткен. Содан полиция қызметкерлері әлгі азаматпен кездесіп, одан өздері алдында беруін талап еткен 400 000 теңгенің есебінен 50 000 теңгеден қалтаға басқан. Сондай-ақ оған жалпы сомасы 100 000 теңгенің мүліктік залалын кел­тірген.

- Шиелі аудандық сотының үкімімен сотталушыл­ар Қазақстан Республикасының ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп танылып, мүліктері тәркіленіп, 3 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылд­ы, - деп хабарлайды Қы­зылорда облысты­қ сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енбеген.

 

Полиция полковнигі арнаулы шенінен айырылды

Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен бұрынғы облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқар­масында бөлім бастығы мемлеке­ттік  функцияларды атқаруға уәкілетті адам бола тұра, құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде  қылмыстылықпен күресуге берген кәсіби антын бұзған. Өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның зардапта­ры болуы мүмкін екенін білген. Осылайша қызмет бабын пайдаланумен ұштас­қан алаяқтыққа барған. Яғни бөтен­нің мүлкін алдау­ және сенімге қия­нат жасау арқыл­ы  алған.

Атап айтқанда, оған күні түскен адамнан АІІБ-нің бұрынғы қызметкерінің көмегімен Қызылорда ОІІД тергеу басқармасының тергеу­ші­сінің өндірісіндегі өзіне қатысты қыл­мыстық істі қысқартқызу мақсатында  600 000 теңге  алған.

Сот сотталушыны Қазақстан Республикасы ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп таныды. Мүлкін тәркілеп, үш жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын түзеу колониясының жалпы­ режимінде өтеуге үкім етті. Сондай-ақ полиция полковнигі арнаулы­ шенінен айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 


«Ресейліктер Байқоңырға өтемақы төлеуден қашып отырған жоқ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.11.2014 12:04

Қызылорда  облысының  әкімі Қырымбек  Көшербаев:

Соңғы екі жыл елдің еңсесін біраз көтеріп тастағаны рас. Кеңес кезеңінен кейін келте қалып қойған шаруалар шетінен шешіліп, қазір аймағымыз экономикалық өрлеу сатысына нық қадам басты. Өндіріс көлемінің артуы, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуы және халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруынан облыстың жалпы даму деңгейінің шамасы­н айқындауға болады.

Тек бір сфераның ғана емес, аймақтағы жалпы саланың жұмыстарына сең жүріп, облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігінде тың серпіліс бар екендігі байқалад­ы. Әрине, әрбір нәтижелі істің артында тәжірибе мен тер ұштасып жатыр. Жалпы, аймақта атқарылған ауқымды істер Елордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен брифингте талқыланды.

Брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік және салалық бағдарла­малардың іске асы­рылуы сөз болды. Республикалық төртінші билік өкілдеріне баянд­ама жасаған облыс әкімі Қ.Елеуұлы соңғы жылдары шешіл­ген шаруаларды тілге тиек ете келе, күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін келелі мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

- Бүтін бір аймақтағы атқарылған шаруалардың бас-аяғына дейін айтып шығу мүм­кін емес. Дегенмен, маңызды жұмыстардың нәтижесіне тоқта­лайын. Дәл қазір Қызыл­орда облысының экономикасы мұнай-газ және уран кеніш­теріне тәуелді. Дегенмен жыл өткен сайын қазба байлықтарының да сарқылып, түгесілетіні айқын. Мұнай таусылған соң не істеу керек? Ертеңгі күні бір мұнайға иек артып отыра бермей, тіршілікті жал­ғастыру керек. Сондықтан біз өнім өң­деу өнеркәсібін дамытуды қолға алып отырмыз. Былтырдың өзінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 20 пайыз болды. Алдағы уақытта да осы көрсеткішті одан әрі көтерсек деген ойымыз бар, - деп облыс басшысы Қ.Көшербаев алдымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық  ахуалына  тоқталды.

Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 185 млрд. теңге­ні құрайтын 24 жоба іске асырылып жатыр. Жобаларды жү­зеге асыру барысында, яғни құрылыс кезінде 3066 жұмыс орны ашылды. Ал жобалар жүзеге ас­қанда 20618 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде өңірлік индустрияландыру картасына  енгізілген 23 жобаның 15-і іске асып, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

- Тек шыны зауытының жұмысы таңдалған технология  біздің көңілі­мізден шықпағандықтан ұзаққа со­зылды. Зауытт­ы салу­ға ин­вестор ретінде ирандық «Kaveh Glass Industry» компаниясы таңдалды. Жобаның жалпы құны - 283,9 млн. АҚШ доллары. Жүзеге асырылу мерзімі – 2014-2016 жылдар аралығы. Нысан іске қосыл­ғанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыттың құрылысы желтоқсан айында басталмақ. Дайындалған өнім республиканың өзге өңірлерінің аумағын қамтамасыз етіп, Кедендік Одақ пен Орталық Азия елдеріне экспортталады - деді облы­с әкімі Қ.Көшербаев.

Қызылорда облысы соңғы екі жылда күріш өндіруден республика бойынша алда келед­і. Облыс диқандары Қазақстанда өндірілетін күріштің 90 пайызын өндіріп отыр. Нақты есепке сүйенсек, биыл барлығы 78939 гектар күріш алқабынан астық жиналды. Орташа өнім гектарына – 50,1 центнер. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Облыс басшысы Қ.Елеуұлы салаға қаржылай қолдау жасалып жүргендігін де тілге тиек етті. Мәселен, ағымдағы жылы облыстық бюд­жет­тен 8,1 млрд. теңге бөлінген.

Ағымдағы жылы құрылысы тым ұзаққа созылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі аяқталып қалуы мүмкін. Құрылыс салуға 33 жер жобаланып, 34 кәсіпкер мен серіктестіктерден ұсыныс тіркелген болатын. Көлік дәлізіндегі нысандар жол бойында орналасқан ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту үшін құ­рылады. Жобаға сәйкес қазір кәсіпкерлер құрылыс жұмыс­тарымен  айналысуда.

- Облыста жыл басында 25 апаттық мектеп болған, бүгінгі таңда 2 мектеп құрылысы аяқталып берілді, ал 11-інің құрылысы жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Бір мектептің құрылысы бюджеттен тыс қаржы көзінен салыну­да. Қалған 11 апаттық мектептердің 6-ауына жобалық сметалық құжаттары дайын, 5-еуіне жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жер­гілікті бюджеттен 28,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Келесі жылы осы 11 апаттық мектептердің  құрылыстары  жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі,- деп облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақтағы апаттық жағдайдағы мектептер турасында аз-кем мәлімет берді.

«Жезқазғанға барар жолдың бейнеті көп» деп, жолаушылаған жұрт жиі шағым айтатын. Келер жылы Қызылорда-Жезқазғ­ан автомобиль жолы жөнделетін болады. Облыс әкімі Қ.Елеуұлының айтуы бойынша биыл республикалық маңызы­ бар трассаның 59 шақырымына жобалау жұмыс­тары жүргізілді. ҚР Даму және  инвес­тициялар министрлігіне жобаның сметалық құны бо­йынша 36,9 млрд. теңгеге қаржы бөлу туралы ұсыныс беріл­ген. Қызыл­ордадан шыққан көлік Астанаға жету үшін 1917 шақырым жол жүреді. Ал, Жезқаз­ған арқылы Астанаға 1100 шақырымды құрайды. Сондықтан қызылордалықтар үшін бұл жолдың маңызы зор.

Өткен жылы аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың бастамасымен облыстағы тіректі елді мекендердің тізімі жасалып, ауыл халқының әлеуметтік жағда­йын көтеру қолға алын­ған болатын. Басталған іс аяқсыз қалған жоқ. Қызылорда­ облыс бойынша 43 тіректі елді мекен белгіленсе, ағымдағы жылы соның 8-і қаржыландырылды. Тірек елді мекендер тізіміне Сексеуіл, Жанқожа батыр, Төретам, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Тасбөгет және Түгіскен елді мекендері кірді.  Оларды қаржыландыру­ға республикалық бюджеттен - 2 458 млн. теңге, облыстық бюджеттен - 2 352 млн. теңге және аудандық бюджеттерден 815 млн. теңге бөлінді. Осыған сәйкес, келешекте аталған тіректі елді мекендерде өндіріс ошақтары ашылып, ауылдық елді мекен жұртшылығының жағдайын жақсарту жоспары тұр.

- Біз облыстың денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін қамтитын «2013-2014 жылдарға арналған жол картасын» бекітіп, тиісті қаражат­тарын бөлдік. Ана мен бала денсаулығын нығайту, олардың өлім көрсеткіштерінің нақты­ себептеріне талдаулар жасап, жоспарлы жұмыстарды қоя білдік. Яғни, санитарлық авиация бригадаларын, аудандық ауруханалардың босану бөлімшелерін гинеколог, анес­тезиолог, неонатолог мамандарымен толықтыруға күш салып­, жаңа  туылған нәрестелерге көмек көрсететін 14 неонатолог маманды қайта оқыттық. Түрлі критикалық жағ­дайларға байланысты, республикалық ғылыми орталықтар мамандарымен байланыс ор­нататын жедел желі іске қосылды,- дей келе облыс басшысы аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы оң нәтижелерге тоқталып өтті. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, соңғы үш жылда ана өлімінің көрсет­кіші 32,9 пайызға, ал сәби өлімінің көрсеткіші 19,6 па­йызға төмендеген. Сондай-ақ, облыстағы хирургтар Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығы мамандарымен бірлесе отырып, тұңғыш рет бүйрек ауыстыру отасын жасады. Мұн­дай ота осыған дейін еліміздің үш аймағында ғана жасалған. Мұның өзі аймақтық медицина деңгейін байқата алады.

- Қызылорда – еліміздегі ыстық суы жоқ облыс орталығы. ХХІ ғасырда ыстық судың болмауы – ұяттау. Бірақ амал жоқ, бұл – көзге көрініп тұрған басты мәселе. Мойындамасақ болмайды, - деп облыс басшысы Қ.Елеуұлы  аймақтағы өзекті мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, бұл мәселе төңірегіндегі шаруа жуық арада шешіліп қалады. Қаржысы қарастырылып жат­қан­  көрі­неді.

Қызылорда облысында 262 ауылдық елді мекен бар. Бүгін­гі күнге 185 ауылдық елді мекен, яғни 71 пайызы орталықтандырылған ауызсуға қосыл­ған. Бұл елді мекендерде барлық ауылдық елді мекендегі халықтың 94 пайызы тұрады. Ол елді мекендерге «Ақбұлақ» бағдарламасының талабына сәйкес халық санын ескере отырып алдымен жерасты су қоры анықталуы қажет. Бұл мақсатта Геология және жер қойнауын пайдалану комите­тіне алдағы 3 жылға барлығы 73 елді мекен ұсынылған. Зерт­теу қорытындысына қарай ауызсу ұңғы­масын бұрғылау жұмыстары жүргізілетін болады.

Ағымдағы жылдың тамызында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылысының алғашқы кезеңі аяқталды. Оның 900-дей шақырымы облыс аумағынан өтеді. Енді жергілікті билік аталған магистральды газ құбыры арқылы Қызылорда облысын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін қолға алады. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 13 автоматтандырылған газ тарату­ стансалары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі мен елді мекендерді газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Облысты кешенді газдандырудың бірінші ке­зеңінде 21 елді мекенді отынның осы түрімен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Бұл жұмыс жоспар бойынша жүзеге асқан кезде облыс аумағының 70 пайызы газбен қамтамас­ыз етіледі. Осы мақсатқа «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралынан 5 бағыттаушы газ құбырын салуға және Арал, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақор­ған және Байқоң­ыр қаласына автоматты газ тарату станциясының құрылысын салуға 23 млрд. теңге көлемінде  инвестиция  тартуға келісім жасалды. Бұл жұмыстар алдағы үш жылдың ішінде аяқталады. Соным­ен қатар, қалған 8 автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылыс­ын және квартал­ішілік газ құ­быр­ларының құ­рылысын 2015-2017 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен жүргізу жоспарлануда.

Облыс әкімінің Қызылорда облысының даму деңгейі жө­ніндегі баяндамасынан кейін отандық тілшілер көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Төлен Тілеубай, «Жас қа­зақ» газеті бас редакторының орынбасары:

- Осы жылы Жаңақорған ауданында жеке шаруашылықтардың уақ малдары ауа райының қолайсыздығынан жаппай қырылып, шаруалар шығынға батқан еді. Осыған жергілікті би­лік тарапынан көмек болды ма?

Қ.Көшербаев:

- Бұл мәселеге біз қанықпыз. Шаруалар игілігіне бас-аяғы 100 млн. теңгедей қаржылай көмек жасалды. Мұны біз назарымыздан тыс қалдырғанымыз жоқ. Шаруаларға тиісті көмек көрсетілді.

Айгүл Әдепбай, «Астана» телеар­насының  тілшісі:

- Былтыр Байқоңырға құла­ған­ зымыранға Ресей неге өтем­ақы төлемей отыр? Бай­қоңыр­дағы мектептер қашан қазақстандық стандартқа көшеді?

Қ.Көшербаев:

- Зымыран құлағанда алғаш­қының бірі болып, мәселенің анық-қанығын бағамдауға барған­дардың бірі – мен. Аймақтағы бірнеше БАҚ өкіл­дерімен бірге барып, зымыран құлаған жерді көрдік. Ресейге жергі­лікті сарапшылар кел­тірілген шығын көлемін 13,9 млрд. теңге деп бекітті. Бірақ, мұның методикасы келісілмеген. Ресейлік сарапшылармен біріге отырып, шығын көлемі анықталу керек. Содан соң олар төлейміз деп отыр. Қараша айында Үкімет­аралық келісім болады. Сонда осы мәселеге нүкте қойылады. Ресейл­іктер  өтемақы  төлеуден  қашып  отырған  жоқ.

Екінші сұрағыңызға жауап берейін. Байқоңыр қаласында бірнеше мектеп ресейлік білім стандартымен  оқып  жатқанын білеміз. Қай кітабының бетін ашып  қарасаң, «Президентіміз – Путин» деп жазылып тұрады. Осындай өскелең қазақ ұрпағынан қандай патриот шығады? Бұл бейжай қарайтын нәрсе емес. Жыл аяғына дейін Ресей және Қазақстан білім және ғылым министрліктері арасында барлық қажетті құжаттарға қол қойылады деге­н сенімдемін. Сөйтіп 2015-2016 оқу жылынан бастап байқоңырлық мектептер біздің еліміздің стандарты бойынша жұмыс істейтін  болады.

Аймақ басшысының қатысуымен өткен брифингте қарал­ған маңызды мәселелер реті осылай өрілді. Облыс әкімі атқарылған және атқарылуға тиісті шаруалар назарынан тыс қалмайтындығын жеткізді. Маңызды міндеттер мен мақсаттар кезегімен іске асырылып, мәселелердің дені бір­жақты болар деген сенім бар.

Кенже  АЛДАБЕРГЕН

 


Күнтізбе

< Қараша 2014 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары