Өзекті мәселелер

  • 15.02.18

    Дария демі ішінде. Ақпан басталғалы Сырдарияның маңына жақын орналасқан жұртшылық арнасынан асқан өзен суынан қауіптенгені белгілі. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Бұл туралы облыс­тық  жұмылдыру дайындығы бас­қармасының басшысы Серік Сермағамбетов өңірлік ком­муни­ка­циялар қызметінде БАҚ  өкіл­деріне мәлімдеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Көпшілік ортада кейбір баланың іс-әрекетіне, қылығына қарап, оның тәрбиесіне баға береміз. Өйткені бала ес білгеннен бастап ата-анасының іс-әрекетін қайталап, айтқан сөздерін жаттап, санасына тоқып алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осының дәлелі іспеттес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға, балаларға тәрбие жөніне келгенде көңіліміз толмайды. Өйткені, (барлығына бірдей топыр...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Алланың адам баласына берген­ сыйы – жарық дүние. Сол дүние есігін ашқаннан бастап өмірден озғанға дейінгі уақыт ол әр адамның өз еншісінде. Ата-ана үшін өмірдегі ең маңызды сәт – сәби сүйіп, тұлға етіп тәр­биелеп, жетілдіріп, ел қатарына қосу. Бұл – әрбір ата-ана үшін алдыға қойған бірінші мақсат. Мұндай  бақыт  біреуге  бұйырса, біреу  осыған  жете  алмай  жүр.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Әңгіменің төркінін тақырыптан-ақ бажайлаған боларсыз. Иә, мәселе жұдырығын жұмса ашпайтын, ашса шаш­пайтын  нағыз Шықберместердің ізін жалғап, өкшесін басып­  келе жатқан жігіттер жайын­да болмақ. Жомарттық, мәрттік, кеңдік, ол – кісінің алдын­а қысылмай кең құлаш даста­рқанын жайып, қолында барын төге салатын, тіпті қажет болған жағдайда жарты бай­лығын теңдей бөле салатын адам. Сіз бен бізде,...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жауды...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 19 Қараша 2014

Сертіне берік Сыр саңлағы PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
20.11.2014 11:22

Екі рет Олимп шыңын­ бағындырып, төрт дүркін Әлем чемпионы атанған ауыр атлет Илья Ильинді сейсенбіде Сыр жұрты ыстық ықыласпен қар­сы алды. Алатау бөк­терінде өткен тау қоз­ғар толағайлар арасындағы тартыста көк байрақты көкке көтеріп, әнұранды әуелеткен саңлақ спортшының ерлігіне сай сый-сияпат көрсетілді.

Күн райының қо­лайсыздығына қарамай батыр ұлын әужайдан сән-салтанатымен күтіп алғандардың қарасы қалың болды. Жанкүйерлер «Илья - чемпион» деп ұран­датып, гүл шоқтарын тарту етті.

Мұнан соң жаһандық жарыста қазақ жігіт­тері­нің қайсарлығын паш еткен қыранды аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қабылдады. Ол Илья Ильинді кезекті жеңісімен құттықтап, жол тал­ғамайтын «Toyota Land Cruiser» авто­көлігінің кілтін табыстады.

Ауыр атлетке табысталған сый мұнымен тоқталмады.

- Келесі жылы Илья Ильин атындағы спорт кешенін саламыз. Биыл 54 млн. теңгеге жобала­у  жұмыстары  жасалды. Бұл әлем чемпионының атына лайық, жоғарғы деңгейдегі ауыр атлеттер тәрбиелейтін кешен болады. Жарысқа аттанбас бұрын Ильяға сен өз алтыныңды тарту етсең, мен өз алтын­ымды жасаймын деген болатынмын. Илья уәде берді, орындады. Мен меженің орын­даларына күмәнданған жоқпын. Енді менің кезегім,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Ильяның жеке бапкері Тойшан Бектеміровке 10 мың АҚШ долларына сертификат табыстады. Кездесу барысында чемпионның 2016 жылғы Рио де Жанейрода өтетін Олимпиадаға жаттығу шығындарына “ҚазГерМұнай“ компаниясы демеу­шілік жасайтындығын компания дирек­торы Медет Кәрім мәлім етті.

Өз кезегінде Илья облыс әкіміне, ерекше ілтипат көр­сетіп жатқан жан­күйерлеріне шын жүректен ризашы­лы­ғын  жеткізді.

- Сіздердің демеулеріңіз, Елбасының сенімі барда мен бұл жеңіспен тоқтап қалмайм­ын.  Жат­тығуымды  үзбей, Рио де  Жанейрода  сіздерге тағы қуаныш сыйлауға тырысамын, - деді.

Шегініс. Қызыл­ордалықтар айтулы аламанда жерлес­теріне қалай қолдау көрсетті? 15 қараша. Алматы-Қызылорда. Тікелей трансляция. Сыр жұрты Орталық алаң мен «Мұз айдыны» кешеніне жиналды. Кешкі сағат жетіні тағатсыздана, тыпырши күтті. Ильяға деген сенім мен қобалжу жүрек түкпірінде тайта­ласып  жатты.

Делебені қоздырар дүбірлі дода да басталды. Ауыр сал­мақтағы толағайлар тапсырыс беріп жатыр. Лондан Олим­пиадасынан кейін салмақ  ауыстырған Илья жұлқа көтеруде  ә дегеннен 183 келіге тапсырыс жасады. Бойынан асырып, нық тұрды. Келесі мүм­кіндіктерінде 187, 190 келі­ні еңсерген ол Өзбекстан, Қытай спортшыларынан 3 және 1 келіге ұтылып, кіші қоланы қа­нағат тұтты. Ильяны­ң спорт жолын­а қанық азаматтар жұлқа көтерудің жерлесі­міздің оң жамбасына келмейтіндігін, серпе көтеруден суырылып алға шығатындығына сенім білдіріп жатты.

- Илья жұлқа көтеруден тым төмен ұпай жинап тұрған жоқ. Екі атлетке жол берді. Алда серпе көтеру сайысы бар. Илья серпе көтерудің тактикасын жетік игерген. Ол сол сайыс қорытындысымен бәрін басып озады деген сенімдемін,- деді Ильяның нағыз жанкүйер жерлесі Асылжан Ақанұлы.

Бәрі де мүмкін. Асылжанның үмітінің ақталғандығын біз де қалаймыз.

Серпе көтеру бәсекесінде ауыр атлеттер көрерменге нағыз шоу көрсетті. Бірақ бұл шоу қазақстандықтардың, қызылордалықтардың қыты­ғына тиді десек артық болмас. Алтын үшін арпалыста Ильяға өзбек атлеті Нуриддинов пен ресейлік  Беджаниян тегеу­рінді қарсылас болды. Өзбек атлеті серпе көтеруде 220 және 230 келіні бағындырып, соңғы мүмкіндігінде 239 келіні көте­ріп, жұлқа көтеру бойынша әлем рекордын өзгерткен. Деген­мен, ресейлік Беджа­ниян оны басып озды. Теріскейлік көрші алғашқы мүм­кіндігінде 225 келіні бағын­дырып, кейін 235 келіні еңсере алма­ды. Бірақ, ол үшінші мүм­кін­дігінде Русланның рекор­дын жаңартып, 241 келіні тір­кеді. Ал, Илья Ильин­ се­ріппе көтеру­ ­бәсекесін бір­ден 233 келіні алумен бастады. Екінші мүмкіндігінде 239 келі­ні тактикалық қателіктер жі­беру салдарынан ала алмады. Осы сәтте қолдарына есептегіш алып, нәтижені аңдып отырған жанкүйер демін ішіне тартты. Өз жерімізде алтын сусып­ кете ме деген үрей құшағына енді. Бірақ елдің қошеметін, қолдауын сезінген Илья соңғы мүмкіндігінде алтын алу мақсатымен 242 келіге тапсырыс берді. Күллі қазақ жұр­тының демеуінен күш алған ол «бес қап ұнды» бір-ақ көтерді. Мұз айдынына жиылған жұрт «Иә солай, иә солай, біздің Илья осындай» деп әндетіп, жеңіс тойын тойлады.

- Мен өте қуаныштымын. Барша қазақстандықтарды бүгінгі үмітті үзілдіріп, жүрек­ті дір еткізіп барып қолға түскен құнды жеңіспен құт­тықтаймын. Илья ел сенімін ақтады. Оған әлі де толағай табыстар тілеймін, - деді Мәншүк  Жаңабекқызы.

Иә, алты Алаш айтулы жеңісің құтты болсын. Толағайың тұғырынан таймасын!

Бұл жеңісті түсінбей қал­ғандар да жоқ емес. Сондықтан айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Өзбек атлеті де қос сайыс қорытындысымен 432 келіні бағын­дырған, бірақ Ильяның салмағы Нуриддиновтан 30 грамға аз болғандығына байланысты спорт шартына сай жеңімп­аз танылды. Сонымен алтыннан алқа тағынған жаны қазақ Илья Ильин (190+242) болса, Өзбекстан фавориті Руслан Нуриддинов (193+239) күмісті еншіледі. Ал ресейлік Давид Бенджанян 427 ұпаймен (187+240) үздік үштікті түйін­деді.

Әлем көз тіккен чемпионаттың 105 келі санатындағы ерлер арасындағы додада 4 рет әлем рекорды жаңарғандығын астын сызып тұрып айтпаса болмас. Серпе көтеруде Нуриддинов бұған дейін таңба­ланған көрсеткішті 239 келіні көтеріп жаңартса, іле-шала Бенджанян 240 келіні еңсеріп, ол рекордты қайта бұзды. Әлем чемпиондарының қойған рекор­дын Илья Ильин тас-тал­қан етті. Ол серпе көтеруде 242 келіні бағындырды. Сондай-ақ, Арменияның атынан шыққан 17 жастағы спортшы Симон­ Мартиросян жұлқа көтеруден 183 келіні көтеріп, жастар арасындағы әлем рекордын жаңартты.

Бәрін айт та, бірін айт, біз­дің ұл жарады. Тіпті туған топырағына табан тіреген «Алтын баланың» құрметіне автошеру ұйымдастырылды. Қы­зыл­орда облысының жастар саяс­аты мәселелері басқар­масының мұрындық болуымен «Алатау» мейрамханасынан орталық алаңға дейін чем­пионның қатысуымен «ке­р­уен» жүріп өтті. Кешкілік орталы­қ алаңда облыс өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт болды.

- Мен баршаңыздың қолдауларыңыз бен демеулеріңізге ал­ғыс айтамын. Мені сіздердің сенімдеріңіз жігерлендірді. Шешуші, соңғы сәтте сіздердің ақ тілектеріңіздің арқасында жеңіске жеттім. Мен Қазақстанымды, Қызылордамды сүйемін,- деді Илья жерлестерімен жүздесуде.

Аймақтағы  әр  спортшының жанашырына айналған Қызылор­да облыстық спорт және дене шынықтыру бас­қармасының басшысы Садық Мұстафаев:

- Мен Ильяның спорттағы мансабын алғашқы адымдарынан білемін. Ильяда өзіне деген сенімділік, жігер бар. Ол мұны Дохада-ақ дәлелдеген. Содан бас­тап Ильяның жеңісіне еш күмән келтірген емеспін. Алматыдағы Әлем чемпионатының алдында ол уәде берді. Демек, Илья уәде берсе­ оны қалайда орындайтын азамат. Жұлқа көтеруде Илья үшінші орында тұрғанда біраз жұрттың дегбірі қашты. Ал серпе­ көтеруде­ 139 келіні көтере алмағанда алтыннан үміт үзгендер де болды. Сол сәтте бәріміз Жаратқаннан демеу күттік. Құдай қолдап, Илья алтын­ алатын салмаққа тап­сырыс берді. Мен 242 келіні Илья бағындыратынына еш шүбәсіз сендім. Себебі ол – Илья. Серт етті екен, орындайды. Мен барша­  қазақстандықтарды, қы­зыл­о­рд­алықтарды ортақ жеңісі­мізбен құттықтаймын. Әлі Рио де Жанейродағы жеңісті бірге тойлаймыз деп үміт­те­немін, - деді.

Сырдың «сары баласынан» «алтын баласына» айналған Ильяға арналған арнайы кеште­ «Илья - чемпион» әні орын­далып, шара соңы мерекелік отшашуға  ұласты.

 


СОТ НЕГЕ БҰРА ТАРТТЫ? немесе қала тұрғыны өз жерін қайтара алмай жүр PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.11.2014 11:15

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деуші еді. Бүгінгінің биі әділеттілікті айналып өтетін болғаны ма? Ертеректе даулы мәселемен қазыға жүгініп, қақтығысқандарға бір бітім айтылып, әділ шешім шығарылса, қазір керісінше. Турасын айтып,­ қара қылды  қақ жаратын кешегі қазылардың жал­ғасы­ әділдіктің ауылынан алыс жүретін секілді. Бұлай деп бұра тартуымызға себеп бар. Талай  есіктің  табал­д­ырығын  тоздырған  қала тұрғыны­  С.Садыханова аядай  жер  телімінің мәсе­лесінен мезі  болған. Өзім өтпеген жерге  сөзім  өтер деп  талай мәрте құзырлы органдарға  мұңын  айтып, арыз  да  жол­дай­ды.  Алайда бірде-бір құзырлы орган қала тұр­ғынының жанай­қайына құлақ ас­пап­ты. Жауап біреу – сот шешімі шығып­  қойған.

Мәселе түсінікті болуы­ үшін әңгіменің әлқиссасын әріден бастайық. Осыдан бір жыл бұрын қала тұрғыны С.Садыханова қаладағы Талаптан көшесі, №129 мекен жайдағы жер телі­мін сатып алады. ҚР Өңірлік даму министр­лігі жер ресурстарын басқар­у комитетінің «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіп­орнының Қызылорда филиалы аталмыш мекен жайдан жер учаскесінің сызбасын сызып бередi. Сызбаны осы мекеменің қызметкері Қ.Омаров жасап берген. Жер учаскесін белгілеп, сызбаны нақтылаудың өзіне С.Садыханова 19000 теңге төлеген. «Кейін дау-дамай туындап жүрмес үшін жердің толық өз меншігімде екендігін нақты­лап алайын деп» С.Садыханова өзіне тие­сіл­і жердің барлық қа­жетті құжаттарын реттей­ді де, үйдің іргетасын құя бастайды. Арада біраз уақыт өткен соң Л.Қайрақбаева есімді тұрғын С.Садыхановаға «ол менің жерім» деп, дәл сол орынға үй құрылысын жүргізе бастайды. Осылайша арада дау туады.

- Басында ол жерді сатып алғанда да, маған осы жерді өлшеп, сызып берген кезде де құжаттардың барлығы дұрыс болды. Менің жеріме келіп, екінші біреу талас туғызып жатқан соң жер телімін сызып берген мекем­еге қайта жүгіндім. Олар маған «сіздің же­ріңіз» деп арқадан қағып шығарып салудан танған жоқ. Ақыры болмаған соң бір төрелігін айтар деп сотқа бердім. Бірнеше рет сот отырысы өтті. Бірақ шешім менің пайдама шешілген жоқ. Мен сатып алған жеріме бетон құйып, 40 метр жерге ауызсу да жүргізіп қой­ғанмын,- дейді С.Садыханова.

Көшпелі сот отырысында Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілі Г.Қойшығұлова және ҚР Өңірлік даму министр­лігі жер ресурстарын басқар­у комитетінің «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіп­орнының Қызылорда филиалының өкілі Д.Келам­анов құжаттар бойынша С.Садыханова мен Л.Қайрақбаеваның жерлері қабаттаспағандығы, С.Садыханованың меншікті жерін өзге біреу көпе-көрінеу пайдаланып жатқандығын жаз­баша түрде жеткізген. Бірақ неге екені белгісіз, сот отырысына Б.Нұртай есімді азамат қатысып, ешқандай заңсыз, дәлелдемесіз сызбаны әкеліп, жеңіп шығады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, ол – қарсы тарап Л.Қайрақ­баеваның өкілі ретінде қатыстыпты.

- Б.Нұртай соттағы өз түсініктемесінде ешқандай заңды құжаттарды сотқа ұсынған жоқ. Сот шешімінде де Б.Нұртайдың кім қатарында сұ­ралғандығы да көрсетілмеген. Талап арыз бойынша Қызылорда қалалық әкімдігі жауапкер қатарында болса да, сотқа қатысқан жоқ. Соттың бұра тартып отырған тұсын тым болмаса қала әкімдігі өкілдігі анықтап берер еді. Сот дәлелдемелерге көңіл бөлмей, тек ауызша нысандағы түсі­ніктемелерді көрсетіп, тіпті сотта сөйлеуге құқығы жоқ қызметкер­дің сөзіне ойыса шешім шығарып отыр. Мәселенің мән-жайын айтып қалалық әкімшілікке сұраныс та жолдадық. Әкімдік те үн қатқан жоқ,- дейді С.Садыханованың  адвокаты Ә.Есенбаева.

ҚР Өңірлік даму министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруашы­лық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіп­орнының Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы М.Сүйіндіковтың  Б.Нұртайға кәсіпорын тарапынан сотқа қатысу құқығы берілмегендігі турал­ы айтқан жазбаша түсініктемесі  бар. Негізі Б.Нұртай сол кезде аталмыш­ кәсіпорында Қызыл­орда қалалық бөлім­ше  бастығының орынбасары  қызметін атқарған.­

Желге ұшқан ақшасы мен меншігіндегі жер телімінен айырылып қал­ған С.Садыханова соттың төрелігіне наразы. Мәселені әрі қарай нақ­ты­лау мақсатында Қызылорда қалалық сотының­ судьясы А.Ес­дәул­етовке бардық. Судья  сөзінен  тайсақтап, «ме­нің айтарым сот шешімі қағазында көр­сетілген, жауап бере алмай­мын» деп басын ала қашты. Шеші­мінде Азаматтық іс жүр­гізу кодексін­ің 282-ба­бының 1-бөлігіне сәй­кес тиісті мемлекеттік ор­ганға босат­ып, заңсыз салын­ған құрылысты жауап­керге өз есебінен бұз­дыруды сұраған талап арызы қанағаттандырусыз  қалдырылсын  деген.

«Сенген серкем сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген. Бас-аяғы 3,5 млн. теңге шығынға ұшыраған қала тұрғыны С.Садыханова халық мүддесін қорғайтын «Нұр Отан» партиясынан көмек  сұрауға  бел буады. Бірақ, нұротандықтар да мәселеге нүкте қоя алмады.­

- Біз сот шешіміне ешқандай қарсылық білдіре алмаймыз. Судья жер телімін жауапкер пайдасына шешіп беріп отыр. Тығырықтан шы­ғатын жалғыз ғана жол бар. Ол – жерді екіге бөліп беру. Бірақ, оған екі жақ та келіспейді,- деді Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлі­мінің басшысы М.Дүй­себаев.

ҚР Өңірлік даму министрлігінің жер ресурс­тарын басқару комитеті «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіп­орны Қызылорда филиалының маманы Қ.Омаров о баста С.Садыхановаға жер телімін сызып берген сәттен бастап соңғы сот отырысына­ дейін «жер С.Садыхановаға тиесілі» деп келіп, жеме-жемге келгенде «жер GPS»-пен өлшен­беген» деп түсініктеме берген. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Қ.Омаровтың уәжін тыңдауға қызмет орнына бардық. Алайда қызметтестері оның денсаулығына байланысты уақытша дема­лысқа кеткендігін жеткізді. Бірақ сол күні түске дейін хабарласқанымызда, Қ.Омаровтың жұмыс орнында екенді­гінен хабардар болғанбыз. Қызметкердің неліктен тез арада табан жалтыратқаны  таңданыс тудырды.

Аймақтық соттан қайыр болмаған соң С.Садыханова жоғары сотқа шағымданады.

- «Жоғары соттан хабар келген жоқ па?» деп адвокатыма күнде хабарласып тұрдым. Ол хабар келген жоқ деп жүрді. Сот осы жылдың 22 қазанында өткізілу керек болған. Оны маған адвокатым          20 сағат қалғанда ғана айтт­ы. Үлгермей қалсам да, кейін Астанаға бары­п жоғары соттағылардан мәнісін сұрасам, олар «біз сіздерге сотқа шақыртуды жібергенбіз» деп жауап берді. Үмітім ақталар ма деп едім, болмады, - деді С.Садыханова.

«Кісі малын қымқырып, ары азғандар оң­байды» деген Қ.Иасауидің ұлағатты сөзі бар. Иә, шындық іздеп шы­рыл­даған қала тұрғы­нының мұң-зарына құлақ асып, сөзін елеп жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе жер телімі С.Садыха­нованың меншігі­не тиесілі екен­дігі туралы нақты құжаттар бар. Көре көзге біреу­дің қолындағы меншігін өзге біреу тартып алып, оған сот төрелігі оң көз­қарас танытып жатса, онда әділеттілік іздеп, шарқ ұрудың қажеті шамалы.­

Әйгерім НАЖМАДИН

P.S. «Бұл жерде бармақ басты, көз қысты әрекеттер болуы мүмкін» дейді С.Садыханова. Тек малы бардың қолын бағып, әділдікті итеріп тастайтын қазылар қаптаса, жағдайың қиындайды. Біз бұл жерде біреуді ақтап, біреуді даттап отырған жоқпыз. Тиісті құжаттар мен қатысы бар адамдарды сөйлеттік. Ендігі мәселені құзырлы орындар анықтайтын болар деп сенеміз.

 


«Мақтаулы» Мамытбеков PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.11.2014 11:06

Айнаның арғы беті

«Алдағы жылы нан бағасы бір тиынға да қымбаттамайды». Бұл – соңғы кезде «сыннан көз аша алмай келген» еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің апта басында Парламент мәжілісінде есеп берген кездегі уәдесі. Әрине, ас атасының қымбаттамағаны қарапайым халықтың қалтасына қолайлы. Минист­рдің сөзінің «жанды-жансызын» енді уақыт көрсете жатар. Ал, бүгінге дейін егінді уақытылы жинай алмай, диқандардың ала жаздайғы еңбегінің еш болуы, төрт түліктің жұттан жаппай қырылуы, шетелдік сиырлардың сарсаңы, айналасын жемқорлық жайлауы (әсіресе, орын­басары Өміраевтың ісі – ред.) сынды басы­нан «бұлт» арылмаған бас агрономның осы жолы «айы оңынан туды». Туғанда енді, былайғы жұрттан бөлек бұған дейін қос палаталы парламенттегі депутаттар да оның отставкасын «ұзақ күтіп» келсе, бұл жолы мәжілісмендер Мамытбековке мейірі­мін төкті.

Бір сөзінде «әр депутаттың айтқанымен жүріп, айдауына көне берсек, жұмыс істейтін адам қалмайды» деп салған министрдің халық қалаулы­ларының қы­пысын қалай тапқанын қайдам, бәрі бір­ауыздан бас агрономды бас салып мақтады. Тіпті министр негізсіз сыналып жүр екен.

Мұндай қолпаштауды кім жек көрсін, Мамытбеков те тосылып қалмады. Ауа райы­ның қолайсыздығына қарамастан биыл жоспарланған астықты толық жинап алуға мүмкіндік барын, нан бағасы қымбат­тамайтынын айтып, ағынан жарылды. «Қазірдің өзінде қамбаларда 18 млн. тоннадан астам астық жатыр» деді ол. Осы сөз майдай жаққан мәжілісмендер бас жаққа барыспады, есесіне «жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкеншенің» кейпіне енген кейбірі көтермелеуге көшті. «Ауыл шаруа­шылығын диверсификациялау бойынша азда болса нәтиже бар. Мен кейде бұл минист­рлікке жаным ашиды. Жан-жақтан талап жатыр», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева. «Асылжан Сарыбайұлы біздің сауалд­арға сауатты­ жауап беріп жатыр. Нарықты біледі». Бұл – талай рет министрді «ағаш атқа» теріс мінгізіп жүрген коммунист Владислав­ Косаревтың қолпаштауы. Тіпті депутаттардың арасында Асылжан Сарыбайұлы басқа салаға ауысып кетсе, ауыл шаруашылығына ауыр тиеді деп алаңдайтындары да бар екен. Сондықтан, мәжіліс­мендерден министрге «жылдар бойы шешімін таппай қойған астықты сақтау мәселесін өзіңіз реттеп үлгерсеңіз» деген де өтініштер түсті. Оны депутат  Сейітсұлтан­ Айымбетов  айтты.

Қанша жерден депутаттар шенеуніктің шекпеніне шаң жуытпағанымен, ауыл шаруа­шылығы саласындағы түйінді мәселелерден аттап өте алмады. Бастысына тоқталсақ, Қазақстан жыл сайын 7-8 млн. тонна бидай экспорттайды. Біздің жоғары­ сапалы астығымыз әлемдік нарықта су тегін­ге сатылады екен. Бірақ, бұған жеке кәсіпкерлер кінәлі көрінеді. Сондай-ақ, елі­міз­дегі бірқатар облыс­тарда қарақұмық бағасының қымбаттауы, Ресеймен шека­ралас облыстарда өзара астық алмасуды қолға алу сынды мәселелер де көтерілді. Алайда отандық бидай сапасының нелік­тен төмендеп бара жат­қаны туралы сауал минис­трдің шымбайына қатты батып кеткен­ін  де жасыра  алмаймыз.

Сөйтіп, екі сағат бойы мәжілісмендер­дің сансыз сауалына байыппен жауап беруг­е тырысқан министр мақтау естіп, бір марқайып қалды. Әдетте ет, егін, астық айналасындағы кемшіліктерді жіпке тізгендей етіп, бас агрономның апшысын қуыратын халық қалаулыларының аяқ асты жуасып қалғаны да біртүрлі қызық көрінеді екен. Бажайлап қараған адамға мұның да астарында бір сыр жатыр-ау осы...

Н.ЕРТУҒАН

 


Қазантаевтың қабылдауы «қызық» көрінді PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
20.11.2014 11:03

«Ер – туған жеріне» деген әдемі бір сөз бар қазақта. Ғанибек Қазантаев Сырдария ауданына әкім боп келгенде, көбінің аузына оралған мәтел бұл. Оның үстіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың «бірден-бір кадры» саналған оны жерлестері де жылы қабылдады. Әсіресе, әкесін білетіндер, көзкөргендер «Қонекеңнің ұлы осал болмауы тиіс» дейді. «Халықшыл әкім» деп баға бергендер де аз емес. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген тәмсілге салсақ, солай-ақ болар. Алайда басылымда жұмыс жасаған соң, ел білсін, көрсін деп, газетіңді жарнамалаудың жайымен сыртқа сапарлап көп шығатынымыз бар. Жақында Сырдария ауданына да жолымыз түсті. Әкімнің суретін газеттер мен теледидардан көргеніміз болмаса, етене таныстығымыз жоқтын. Өзімен танысайық, білісейік, жүрген жайымызды айтайық, газе­тімізді жарнамалайық деген оймен аудандық әкімшілікке бет алдық.

Келдік, күзеті жоғары жаққа қоңырау шалды, ол жақтан не айтыл­ғанын қайдам, күту залында күтуі­мізді өтінді. Сағатымызға көз салдық, 15:45-ті көрсетіп тұрды. «Алдында адамдар бар, күте тұрыңыз» деп күзетші де, әлсін-әлсін қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз да «хабар» беріп тұрады. Сағат тілі айналып бара­ды, бір, бір жарым сағаттай уақыт өтті, «шыдамның да шегі бар» деген, «не болды?» дейміз ғой баяғы. Үйреншікті жауап – «алдында адам бар, босағасын айтады, күте тұрыңыз». «Жазған құлда шаршау бар ма?», күттік, сағат тілі кешкі алтыға жақындап қалды, басқа шаруаның бәрін ысырып қойып, әйтеуір әкім­мен тілдесіп қалуды ойладық. Бір уақытта төменге көмекшісі деді, бір жігіт түсті де, «қабылдау бөлмесіне көтеріле беріңіз, алдында бөлім басшылары отыр, содан кейін қабыл­дайды» деп, өзі тысқа беттеді.

Қызықтың көкесі қабылдау бөл­месінде болды, тағы жарты сағаттай хатшы қыздың алдында тапжылмай отырдық. Есік жаққа да елеңдеп қоямыз. Бір уақытта есік айқара ашылды да, алдымен әкім, артынша екі кісі іштен шықты. Басшымен қол алысып амандасып үлгердік, тіл қата алмадық, артынша дәлізге хатшы қызды шақырды. Ол көңілсіз оралды да, «сіздерге төменге түссін деп жатыр» деп жалынышты жеткізді. Аңтарылдық та қалдық. «Сіздерге орынбасары Е.Әжікеновке жолықсын дейді» деп алып-ұшып көмекшісі де жетті.

Сонда себеп-салдарсыз сағаттап күттіріп қойған аудан әкімінің «әрекетін» қалай ақтап аларсың? Көз­таныс орынбасарына жолығуды өзіміз де білгенбіз, бірақ жаңа басшымен таныстықтың жөні бөлек болар деп ойлаған едік. «Талағы тарс айырылды» дегеннің күйін кештік, онсыз да соған дейін Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Қаншагүл Мұстафаева да «мінез» танытқан еді. Онда да сол газеттің шаруасымен аудандық әкімдікке барып, түске дейін не әкімді, не орынбасарын ұстай алмаған соң, уақытты жоғалтпайық деген оймен бір шараның үстінен жолықтырып, әкім орынбасарына бір минут уақыт бөлуін өтін­ген едік. «Сондайларыңды қойың­даршы осы» деп қолын бір сілтеген сөзі сілейтіп тастады. Реніш табымен­ қайтқанымызды аңғарды ма, артынша­ араға адам салып, «кешірім» сұрапты. Өзінің хабарласатынын айтып,­ әлеуметтік желідегі жеке парақша­ма да хабар жолдаған екен. Бірақ, әлі күнге «мазалай» қойған жоқ.

Жалпы, біз мұны неге айтып отырмыз? Әкім – халық қызметшісі. Әрине, мұндай қасиетке ел тізгінін ұстау «бақыты» бұйырған басшылардың бәрі бірдей ие емес. «Халықшыл әкім» санатындағы Қазантаевтың да, Мұстафа­еваның да билік пен бұқараны байланыстыратын басылымның (тәуелс­із газеттің) бас редакторын менсінбеді  ме, әлде БАҚ-н алалайды ма, түсіне алмадық. Осыдан кейін олардың қарапа­йым халықпен қарым-қаты­насы қандай болды екен деген көңілде күдік қалды.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

 


ДӘМЕТКІШ және ДЫМБІЛМЕС ДӘРІГЕРлер несіне дандайсиды? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.11.2014 10:51

Алладан кейінгі адам жанының арашасы деп ақ халаттыларға әбден көпшік қойып жібергенбіз-ау. Бүгінгі күннің дәметкіші де – солар. Менің осы бір жайтты жазуы­ма «Дат» басылымының 2014 жылғы 6 қарашадағы №40 нөмірінде Қозыбай Құрман деген азаматтың «Дәрменсіз дәрігер, дерт  шалған  қоғам»  атты мақа­ласы сеп болды. Онда соңғы бес жылда сапасыз медициналық көмек көрсету фактілері бойынша 352 қылмыстық іс қозғалғандығы сөз болған. Әлеуметтік сауалдар нәтижесінде қазақстандықтардың 80%-ы отандық медицинаға сенбейтіндігі дәлелденіпті. Оларға емделу үшін ел асып, 2 млн. доллардан аса қар­жы жұмсауға тура келеді екен.

Біздің ақ халатты абзал жандар медицина атасы Гиппократка берген антын бұлжытпай орындауда қаншалықты ықыласты екен? Осы сияқты сауалға жауап беру үшін түрлі басылымдардағы әртүрлі фактілерді мысалға алып көрейік. «Взгляд» газетінде «Сіз­дің қозғалыс мүшелеріңізді шауып­ тастаса ғой», «Тастар да кейде адасады» деген мақалада Алматы қаласындағы №4 ауру­ханасының хирург дәрігерінің үстінен шағымданғаны, оның себебі­ де егжей-тегжейлі жазы­лады. Сонымен бір емделуші ауруханада тасы бар өтін алдырып тастау үшін ота жасатады. Бірақ арада жарты жыл өткенде ол өзін наша­р сезінген соң, басқа ауруханаға барып қаралған. Сөйтсе өті тасымен бірге баяғы орнында тұрғандығы анықталыпты. Ал нау­қасты ауруханадан шығару қаға­зында «өт те, тас та алынып тас­талған» деп жазылған. Содан бұл науқасқа қайтадан ота жасалып, өті мен тасы алынып тасталады. Міне, осы жағдайға сай науқастың өміріне қауіп төне жаздағаны өзінен-өзі түсінікті.

Осыларды оқи отырып, адамның жаны түршігетін жағдайға душар боласың. Кейде ота жасау үстінде тампон немесе қан тоқтатқыш қысқыш қалып қойып, ота жасаған жерді тігіп жіберетін жағдайларды да естіп жүрміз. Осы бір жылдың тағы бір мысалы. Жақында телед­идардан «Айтылмаған әңгіме» деген ток-шоуда Зейней Абылай­қызының дәрігердің қателігінен 26 жылдан бері арбаға таңылып, арда­герлер үйінде жатқандығы жайында хабарды көргенде қатты тебіренуге тура келді. Ал енді назарл­арыңызға өз басымнан  өткен  жайды  ұсынайын.

Мен 2009 жылдан бері жүрек­тің ИБС науқасымен және сол жақ жүрекшемдегі ұйыған қан (тромп) пайда болуына байланысты, Астана­ қаласындағы Республикалық Ғылыми медициналық орталығында жаты­п тексеріліп жүрмін. Олардың ұйғарымы бойынша жүрекке ота жасап, ұйыған қанды алып тастау керек дейді. Бірақ мен алты жылдан­ бері жасатпай, қанның қою, сұйығын реттеп тұратын арнайы дәріні (варфарин) пайдаланып келемін. Бұл дәріні қолдану ерекшелігіне орай айына бір рет зертханаға қанның қою, сұйығын анықтау үшін қан тапсырып  тұрамын. Сонымен қатар  УЗИ-ге түсіп  тексерілемін.

Биыл жолдамамен облыстық кеңес­  беру диагностикалық орталықта УЗИ-ге түсіп едім, ондағы маман­ «ұйыған қан жоқ, шамасы тарап­ кеткен болуы керек» деген соң 8 ай бойы дәріні ішуді тоқтатқан болатынмын. Одан кейін жүре­гім сыр берген соң ОМО-ға жатып көрініп, сондағы УЗИ-ге түсіп едім, ұйыған қан бар болып шықты. Содан­ облыстық кеңес беру диагностикалық орталықтағы УЗИ-ге түсіретін әлгі маманның үстінен шағымдандым. Бір күні сол орталықтан хабарласып, шақырып алды. Диагностикалық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары алдына келген УЗИ маманы және кардиолог­ дәрігерлер «УЗИ аппараты дұрыс жұмыс істемеген екен, сізге ұйыған қан жоқ деп үзілді-кесілді айтқанымыз үшін осы отырған барлығымыз кешірім сұраймыз» деді. Одан әрі мен әңгімені тоқтаттым. Соңғы кезде, әсіресе 2014 жылдың тамыз айында МНО-ның көрсеткіші 1.33, қыркүйек айында 1.1 болып төмендеп кетті. Содан мен есепте тұратын №6 емхананың кардиолог дәрігері Белгібаев Тайырдан кеңес алуға бардым. Бұл дәрігер «енді варфариннің 4/1 бөлігін ішіңіз» деп кеңес берді. Мен «төменгі көрсеткішке қалай 4/1 бөлігін іше­сіз дейсің» деп едім, «мен білемін бе, сен білесің бе?» деді. Содан сол дәрігердің  дегені  болсын дедім. Бұл кеңес  маған шілде айында беріл­ген болатын. Ал тамыз-қыр­күйек айында­  МНО төмендеп кетті.

Содан бұл дәрігерге ренжіп, 17 қыркүйек күні ОМО-ның кардио­логия бөліміне барып, өтінішпен  УЗИ-ге түсіп едім. Ұйыған қан көлемі 5.5 мм х 2.2 мм болып жүрек­тің құлақшасына дейін бара жат­қандығы анықталды. Бұл көрсеткіш алғаш науқастанғаннан бері болмаған жағдай еді. Сонымен сол ОМО-да ақылы негізде коолограмма, МНО-ға қан тапсырдым, соның нәтижесін көрген кардиолог «енді дәріні 1 таблеткадан ішесің» деп кеңес берді. Міне, осыдан бастап МНО көрсеткіші нормасына келе бастады, қазір 2.26 болып тұр.

Кардиолог Белгібаев Тайырдың осы әрекетіне сай №6 емхана басшы­сына шағымдандым. Шағымымды бөлім басшысына беріп кеттім. Сол шағымыма күні бүгінге дейін  ешқандай жауап болған жоқ. 3 қараша күні МНО тапсыру үшін №6 емханаға барғанда кардиолог Белгібаев Тайырға жолықтым. Оған «сенің берген кеңесіңе сай МНО төмен болып кетіп, жүрекшемдегі ұйыған қан үлкейіп кетті» десем, ол мойындамайды. «Мен сізге бір таблетка және таблетканың 4/1 бөлігін іш дегенмін» дейді. Сонда мені ақымақ көріп тұрғаны ма? Естіген құлақта жазық бар ма? Шамасы арызыма сәйкес жауап болмағаны бөлім меңгерушісінің кардиологтың жалған­ айтып тұрғанына сенгені болуы­ керек деп ойлаймын. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды».

«Осы мақаланы жазсам ба, әлде жазбасам ба?» деп көп ойландым. Бірақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөздің үлкен мәні бар екендігіне сай дәрігерлерге аздаған өкпемді айтпасам болмас деп ойладым.

Жасым – 77-де. Қарттық та бар шығар, бірақ жас ұлғайса да жан тәтті болуы керек, емделгің келеді, сауығып кетем бе деп үміттенесің. Бірақ ақ халатты жандардың арасында шын мәнінде мамандығына сәйкес жұмыс жүргізуге немқұрайлы қарайтындар бар екендігін айтпай болмас. Жылына бір рет ауруханаға жатқанда қатар жатқан емделушілердің «сыйлық» ұсынбасаң, дұрыс қарамайды дейтіндері жетерлі­к. Ол өз басымнан да өтіп жүр­генін жасыра алмаймын. Бұл қалай? Заманның талабы ма сонда?! Кез келген емделуге барушы «сыйлық»­ (мөлшерін айтпай-ақ қояйын) бермес­ең, көп аса назар аудармайтындығын аңғарасың. Керек­ болса, күнбе-күн қан қысымыңды өлшеп, жағдайың қалай деп сұрамайды. Ал ақыл-кеңес­ сұрасаң, қабағы қарс айырылып, науқас адаммен сөйлесуге ыңғай бермей­тіндігі  байқалады.

Адам жаны үшін ештеңені аямайтыны хақ, немесе туған-туысы, бала-шағасы дұрыстап емдеңіз деп дәрігерге «сыйлық» беріп кетет­ін жағдайлар да жоқ емес. Емде­лушілердің ішінде медицинадан хабары бар немесе көп жылдан бері емделіп, өзінің науқасының қыр-сырын жақсы меңгерген көзі ашық адамдар да кездеседі. Олай болса, дәрігердің кемшілігін аңғарған жағдайда, тиісті орындарға атын атап, түсін түстеп айтып отыру­ керек. Бас салып «сыйлық» ұсынып, емделдім деп мәз болғанынша шындық­ты айтып отырса, дәрігерлер арасында келеңсіз жағдайлар жойылар ма еді деп ойлаймын.

ХХ ғасырдың 60-70-жылдарындағы дәрігерлерді көріп, олардың ем-домына ризашылық білдірген қарттармыз бүгінде. Мысалы, қазіргі Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театры орналасқан жердегі ауруханада жұқпалы аурулар жөніндегі дәрігер Чун Сун, терап­евт Яншин, көз ауруы жөнін­дегі дәрігер Донина, ерлі-зайыпты дәрігерлер Гонопольский, Гонопольская қызылордалықтардың үлкен құрметіне бөленді деп толық айта аламын. Олардың науқас адаммен­ сөйлесудегі шеберлігі, кішіпейілділігі, күліп-ойнап әзіл қашырып отырып, ем-дом жүргіз­гендігін көзіміз көрді. Медицинаның бүгінгідей дамымай тұрған тұсында-ақ дұрыс диагноз қойып, қызмет еткендердің аты-жөндері осы уақытқа дейін ұмытылмауы, есі­мізде сақталуы олардың қызметіне ризашылық білдіру болса керек.

Жоғарыда айтылған майталман дәрігерлердің ізбасарлары десе болар, Ернияз Омаров аурухананың травмотология бөліміне мединститутты бітіріп келген алғашқы кезеңде-ақ көзге көріне бастады. Ерекең ақ халатты абзал жан деген атаққа сай болды. Білімді де білікті дәрігер ретінде облыстық медицина саласын көп жыл басқарды. Қазір ол – Қызыл­орданың құрметті азаматы ретінде сыйлы, құрметті ардагер. Бұл кісімен қатарлас мединститутты тәмамдап келген Әлназаров Шәріп­бай ағамыз да өте білікті, шебер дәрігер болды. Бұл кісі жайында «1001 ота» деген мақаланы баспасөзден оқи отырып, дәрігердің еңбегі оңай емес, адал, құрметті екендігіне көзің жететіндігін айтпай кетуге болмас. Шәріпбай аға Жаңақорған аудандық ауруханасын басқарды. Кезінде қала ауруханасының урология бөлімінің меңгерушісі болды және облыстың бас  урологы еді.

Сол кісілердің тұсында сыйлық алу, дәмету деген дүние болмайтын. Ал қазіргілердің бар ойы мемлекет беріп отырған айлыққа қанағаттанбай, есіл-дерті сыйлық алу ма дей­сің. Мүмкін бүгінгі дәрігерлер қауы­мына бұл сөз ауырлау тиер. Дегенмен адал дәрігерлердің алдында кешірім сұрай отырып, емделушілердің арасындағы әңгіме-сырлардын естіп және өз басымнан өтіп жатқан жағдайларға сай осы мақалада көрсетілген қолайсыз жайттарды бодырмау үшін түбегейлі күрес жүргізу кере­к деген пікірге тоқталдым. Дәрі­герлер жайында сөз қозғаған соң, бәріне бірдей күйе жақпай, таразының басын тең ұстаған­ды жөн көріп отырмын.

2009 жылы шілде айында саяжайда жатқанымда кенет бір аяғым өте қатты ауырып құладым. Содан ОМО-ның Шүленбаев басқаратын ота бөліміне жатуыма тура келді. Бір аяғым мұз болып қатып қалғандай және қатты ауырады. Сөйтсем бір аяғымның үлкен тамыры шатымнан атеросклероз (қан тамыры байланып қалған) екен. Аяқты кесу дәрежесіне дейін сөз қозғалды. Дегенмен Абдулла Шүленбаев бір қымбат дәріні 10 күн бойы құюға тапсырма беріп, әр дәріні құйғанда­ 4-5 сағат жатуға тура келді. Ал дәрігер күнде келіп аяғымды ұстап көріп жүрді, жақсы болып кетесің деп үміттендірді. Сонымен аяғымды­ кестірмей, рахметімді айтып ауруханадан шықтым. Қазір көп жүрсем ауырады, таяқпен жүремін. Ауруханада жатқандағы Шүленбаевтың күнбе-күн ауруларды бақылап, арасында ота жасап, дамыл таппайтынына көзім жетіп, ризашылық білдірдім. Егер дәрігердің бәрі осы сияқты науқас адамдарға деген ықыласын арнаса, науқастардың тез айығып кетуіне себепші болады деп ойлаймын. Сонымен қатар 2011-2012 жылдары ОМО-ның кардиология бөліміне жатып, ем алғанымда осы бөлімнің дәрі­гері, әрі УЗИ аппаратын жүргізуші Маханбетова Айгүл Сұлтанқызының науқастарға шын ықыласпен қарайтындығына куә болдым. Мұн­дай дәрігерлерге алғыстан басқа ештеңе айта алмайсың.

Мүбарак  ӘБЕНОВ,

тыл ардагері,

ҚР білім беру ісінің үздігі,

Қызылорда қаласы

 


Болашаққа апаратын даңғыл жол PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.11.2014 10:45

Өткен аптада аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болаша­ққа бастар жол» атты кезекті жолдауы облыс активінде талқыланды. Келелі кеңеске өңірдің зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Басқосуда алты бірдей баяндама оқылып, түйдек-түйдек мәселелер тарқатылды. Жолдауда айрықша мән берілген жеті басым бағыт кеңінен сөз болды.

Жиында сөз алғандардың басым көпшілігі жаңа жол­даудың негізгі міндеттері турасында ой қозғады. Естеріңізге салсақ, Ұлт көшбасшысының кезекті жолдауы транспорттық-логистикалық инфрақұрылым, индустриялық инфрақұрылым, энергетикалық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және су-жылумен қамту инфрақұрылымы, тұрғын үй инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылым, шағын және орта бизнесті қолдау және іскерлік белсенділікті арттыру бағытында жүргізілетін болады. Алдағы бесжылдықта ел игілі­гіне жұмыс жасайтын бағдар­лама еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламасының бесжылдығымен бетпе-бет келіп отырғандығын айта кетейік. Алқалы жиынның алғы сөзінде облыс әкімі  өңірде  атқарылып жат­қан ілкімді істер мен аймақта ақсап тұрған күрмеулі мәселелерді сөз етті. Елбасы жол­дауында атап көрсетілген жүк­темелерді жұмыла жұмыс жа­сағанда ғана орындай алатындығымызды да тілге тиек етті.

- Құрметті активке қатысушылар, біз тағы бір сындарлы кезеңнің бастауында тұрмыз. Ел президенті Н.Ә.Назарбаев қарашаның 11-інде өзінің Қазақстан халқына жолдауын арнады. Елбасы­мыз айтып өткеніндей, халықаралық валюта қоры мен бүкіләлемдік  банктың  болжамы бойынша алдағы екі жылда әлемде экономиканың даму деңгейі бәсеңдей тү­седі деп күтілуде. Бұл әлбетте, елдің, оның ішінде аймақтың әлеуетіне өзінің ықпалын тигізбей қоймайтыны белгілі. Елбасының көреген саясаты дәл осы тұста қайта көрініс тапты. Оған кезінде мемлекет басшысының: «Ұлт­тық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті - тұрақты әлеуметтік экономикалық дамуды­  қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау», - деген сөзі дәлел. Елбасы ұлттық қорда­н 2015-2017 жылдарға әр жылына 3 млрд., барлығы 9 млрд. АҚШ долларының қосымша бөлінуі туралы шешімін мәлім­деді. Үкімет бір жеті ішінде тиісті шешімдерді дайындап жатыр. Сонымен бірге, Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» аталатын осы жолдауында республика тарихында ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға ұлттық қордан бөлініп отырған қаржының әрбір теңгесінің игеріліп, ел игілігіне тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін «Нұр Отан»  партиясы тарапынан бақылауды  күшейтудің  маңызын атап өтті», - деді облыс әкімі  Қ.Елеуұлы.

Негізі, бұл құжатта ел президенті кәсіпкерлік саласына айрықша мән берген болатын. Шағын және орта бизнесті қолдау­ арқылы қоғамның барлық  саласын әртараптан­дыруға болады. Осы арқылы экономикалық үлестің 50 па­йызын құрауға мүмкіндік аламыз­. Мәжілісте мемлекет­тің шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған басымдықтары турасында «Байсал» шаруа  қожалығының төрағасы Ж.Жанұзақов кеңінен әңгімеледі. Кәсіпкер өз сөзінде да­мыған мемлекеттердің бүгінгі жарқ­ын келбеті кәсіпкерлікті қолдау негізінде қалыптасып отырғандығын алға тартты.

Сондай-ақ, активте облыстық ардагерлер кеңесінің төраға­сы С.Шаухаманов  жолдауда  кө­рі­ніс тапқан «Мәңгілік Ел» идея­сы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы турасынд­а түйінді ой айтты.

- Елбасы өз сөзінде Жеңіс­тің 70 жылдығы турасында айтты. Кеше Үкіметтің қаулысы келді. Біз бұдан үш ай бұрын Қ.Елеу­ұлына осы мерейтой жайында айтқан болатынбыз. Қазір өңірде 112 ардагер қалды. Солардың барлығын мерзімді басылымдарда, кинохроника түрінде шығар­ып, жариялаумыз қа­жет. Расында жыл ішінде бұл мерекеге дайындық мықты болуы керек. Барлық ескерткіштерді жөндеуден өткізу керек. Сонымен бірге, соғыс даласында қаза тапқан қызылордалық жауынгерлерді түгелімен жазып, аллея ашуға қадамдар жасалуда. Қазір жоспарда тұрған жұ­мыстар ептеп атқарылуда. Расын­да бұл - аймақтың ортақ абыройы. Өйткені, өткенді ұмытпауымыз керек. Жеңістің 70 жылдығына дайындығымыз республика бойынша алдыңғы лекте болуы керек, - деді облыс­тық ардагерлер кеңесінің  төрағасы.

Жиында жолдауға жастардың көзқарасы мен олардың бағдарламаға қосатын үлестері жайында «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының хатшысы Е.Меңлібаев сөз сөйледі. Өз сөзінде белсенді жас тұрғын үй мәселесіне тоқталды.

- Бүгінгі әлемдік жаһандану заманында экономиканың күн сайын әртүрлі себептермен мың құбылып  өзгеруі  көптеген елдерді  алаңдатып отыр. Осындай аумалы-төкпелі сәтте кез келген ел төрден орын алғысы келетіні шындық. Елбасы дер кезінде  шешім  қабылдап, Қазақстанның жаңа экономикалық  саясатын  жариялағаны  біздерді қуантты. Әр жылғы жолдаудың  өзіндік  жаңалықтары бар. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Елбас­ы жолдауы еліміздің экономик­алық қуатын еселеуге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Елбасы­ жолдауы - болашаққа сенімді қадам. Бұл - мемлекет пен қоғам дамуының жаңашыл ауқымды стратегиясы, - деді ол.

Елбасы жолдауында сөз болған­ оқу орындарының материалдық-техникалық базасының жаңартылатындығы, келер жылы тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығы жөнінде Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің ректоры Қ.Бисенов тарқатса, елдің бірлігі, татулығы туралы Жалағаш ауданындағы №33 орта мектебінің директоры Э.Шарипова баяндама жасады. Ал жолдауда айтылғ­ан мега автожолдар жобас­ы жайында Ж.Таңрық­баев өз ойын ортаға салды.

Н.ЕРБОЛАТ

 


СЫР ЕЛІНІҢ СЫРЛЫ САЗЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.11.2014 10:40

Сыр өңірі - талант пен өнерге бай өлке. Ел арасында “жыр елі” аталып кеткен мекеннен талай шайыр, жыр дүлдүлдері түлеп ұшты. Бергісі қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алуда. Содан болар, дария жағасындағы елдің дүбірлі тойы толастаған емес.

Өнер тарландарының шоғырланған мекені мереке мезіретінсіз өтпейді. Бос уақытта әуезді ән мен шертпе күй шертуге барлығы да құмар. Бағзы заманнан қазақ - он саусағынан өнер тамған дарынды халық. Қайсыбір той-томалақ, көңілді орталар ән-жырсыз, күмбірлеген күйсіз болмайды. Оған облыс орталығында өтіп жатқан аудандардың мәдениеті пен өнер күндері де дәлел бола алады. Бір құптарлығы, аталмыш мерекелік шараның барлығын дерлік облыс әкімі Қ.Көшербаев  келіп тамашалады.

 

ӨНЕР   ШЫМЫЛДЫҒЫН  АРАЛДЫҚТАР   АШТЫ

Жыл сайын дәстүрге айналған аудандардың концерттік бағдарламалары биыл Н.Бекежанов атындағы драма театрдың сахнасында 26 қарашаға дейін жал­ғасатын  болады. Аудан өнерпаздарының өнерлерін әділқазылар сараптап, гала-концертте марапаттайды.

Тартысты өнер додасына барлық ауданның өнерпаздары қатысуда. Шаһар­да өтіп жатқан өнер додасының түндігін тарихы тереңге тартқан Арал топырағының өнерпаздары түрді. Алдымен көрерменге көк жүзінде шағаласы шулап, сазаны тулаған теңіз төскейіндегі өңірдің бүгіні мен кешегісі кинохроник­а түрінде көрсетілді.

Биыл аралдықтар «Тербеген ән мен жырдың ақ бесігін, Армысың Қызыл­ордам, Ақмешітім» атты мерекелік бағ­дарламасымен шаһар жұртын шаттыққа бөледі. Сахна төрінде Н.Сейтмұратов, М.Сапарова, А.Есжановтар әннен шашу шашса, «Ақтолқын» би ұжымы өнерлерін ортаға салды. Мұнан бөлек, төкпе күй мен жыр  толғаулар орындалды.

Салтанатты шараны тамашалауға келген­дер Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымын да ыстық ықыласпен қабылдады. Сахналық спектакльдің қоюшысы ҚР «Үздік мәдениет қайраткері» Б.Бахрамова екенін айта кетейік.

Концерттік бағдарламада басымдық дәстүрлі әнге берілген. Қазақылықтың қамалы аталып кеткен өңір дәстүрлі әнге көңілдерінің алабөтен екендігін тағы да дәлелдеді. Бұл қызылордалықтардың қошеметінен байқалып тұрды.

 

ҚАЗЫНАЛЫ   ҚАЗАЛЫНЫҢ  МЕРЕКЕЛІК   МЕЗІРЕТІ

Аудандардың мәдениеті мен өнері күні Қазалы өнерпаздарының мерекелік шарасымен жалғасып, өнерсүйер қауымға «Қазыналы Қазалы» атты концерттік  бағдарламасын  ұсынды.

Жиылған жұртшылық алдымен Ж.Тұрсынов атындағы халық театрының театрландырылған қойылымын тама­шалады. Мұнан соң төкпе күй мен жауһар жыр көпке тарту етілді. Салтанатты шарада­ халық әндерінен бастап, бүгінгі эстра­дада әуелеп жүрген әндер шырқалды. Әсіресе, сарай толы көрерменнің көңілінен шыққаны аудандық әуез мектебі жанынан құрылған балалар хор ұжымы болды. Олар қазақтың батыр қызына арнал­ған «Әлия», «Песенка крокодила Гены» әндерін шыр­қады. Шара соңы Мырза­ атындағы халық оркестрінің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Ал концерттік бағдарламадан кейін көпшілік 4 бөлімнен тұратын «Тамыры терең, ғажайып мекен - Қазалы» атты кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге Қазалы топы­рағынан түлеп ұшқан әншілер мен күйшілердің, ақын, жазушылардың кітаптары  қойылған.

Н.ШӘКІМ

 

ӨНЕРІ   ӨРІСТЕГЕН   ӨҢІР

Талай тұлпарды түлеткен, жүз жырауы жыр төккен, топырағына кие дарыған Қармақшы елі – ежелден мәдени мұраға бай өлке. Күллі түркі дүниесінің рухани көсемі, қобыз сазымен сары даланы тербеткен Қорқыт бабамыздың табанының табы қалған қасиетті жердің қойнауы сыр мен жыр­ға толы екенін ел біледі. Қармақшы – жүз жырау жыр дестелеген, алты Алашқа аты мәшһүр Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Шораяқтың­ Омары, Жиенбайлардан бастау алатын жырау­лық өнердің жалғастығы орын тепкен мекен. Белес биігін бағындырған, кешегінің ізімен келешегін жалғаған, тарихын алтынындай бағалаған ұлағатты елдің қашанда болашағы зор болатыны анық.

Елбасы жолдауынан туындайтын келелі­ істер мен міндеттерді іске асыру бағытында­ Қармақшы ауданында ел игілігі­не арналған­ жұмыстар атқарылуда. Жосалы­ кентінің кіреберіс қақпасында өткен тарихымызға тағзым, гүлденген келешек­ке сенім, елдік пен бірліктің нышан­ы болатын «Мәңгілік ел» монументі бой көтерді. Ауданда жаңа емханалар мен мектептер, балабақшалар салынып, ел еңсесі көтеріліп қалды. Сәуле­лі келешек жолында аянбай тер төгіп, тыным­сыз тірлік кешіп келе жатқан аудан жұртшылы­ғының бұдан басқа өнер, мәдениет, спорт және өзге де салалар бойынша бағын­дырған  белестері  көп.

Апта басында Қармақшы ауданының өнерпаздары облыстағы мәдениет және өнер күндеріне орай өткізілген мерекелік шарада өнер көрсетті. Әннен шашу шашылып, домбыра шанағынан күмбірлеген күйлер төгіліп, өнерпаздар жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады. Жыраулық дәстүрді жалғастырып жүрген С.Жақсы­ғұлов, Ә.Ешбаевалар көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Ән, би, жыр-терме, күй-тартыс,  опера, хор жанрлары бойын­ша­ өнерлерін паш еткен қармақшылық­тардың өнеріне ел тәнті болып, ерекше ықыласпен тарқасты.

Әйгерім  БОЗАНОВА

ЖАЛАҒАШТЫҚТАР   ТУҒАН   ЕЛДІ   ЖЫРЛАДЫ

Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған аудан өнерпаздарының мерекелік концертін сейсенбіде жалағаштықтар жалғады. «Жырлаймын туған елімді» атты бағдарлама баршаның көңілінен шықты.

Киелі сахнаны «Алтынай» би ансамблі­ қара домбыраның қадір-қасиет­ін дәріптейтін «Домбыра» композиция­сымен ашты. Ізін ала дала өнерінің, дәстүрлі мәдениеттің сабақ­тастығын  айшы­қтаған бір топ жас өрендер  «Балбырауынды» төгілтіп, бұқараны балқытып-шалқытып керемет күйге бөледі.

Туған жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған нар тұлғалы Бұқарбай, Келменбет, Тоғанас туған топыр­ақтың, өмірін өлеңмен өрген Ақжол  Әбдікәрімұлы, Қомшабай Сүйеніш, Мардан  Байділдаев, Елена Әбдіхалық­ованың кіндік қаны тамған қасиетті мекен­нің бүгінгі марқасқалары, жақұт жырды  кестелеген  Бейсенбек  Төлек­баев, Ерубай­ Әбдиев, Айбек Есжанов, Эльми­ра Есназ­арлар осы кеште жыраулық өнер­дің шоқтығы биік екендігін тағы бір дәлелдеді. Жалағаштық әншілер сағынды­рып, сызылтып салған Ақан серінің «Ләйлімі» мен «Балқадишасы» тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Халық­аралық, республикалық байқаула­рдың дипломанты Жасұлан Жәрменов Абайдың «Көзімнің қарасын» орын­дағанда қошемет көрсетпеген көрермен қалмады. Дүйім жұртқа таңсық прима аспабында Ақберген Тоғанасова тамылжыта ойнағанда қонақтар таңдай қағысты. Шара барысында көрерменнің ыстық ықыласына «Балдаурен» балалар студия­сы бөленді. Бүлдіршіндер пат­риоттық әндерден папури орындап, манго­ биін сәтті ұсынды. Концерттік бағдарла­ма барысында нәубетті күн­дердің көрінісі «Қарақұм көтерілісі» трагедиясынан да үзінді қойылды. Азаттыққа ұмтылған, өзгенің езгісіне шыдамайтын, көк бөрі­лік қасиет қанында бар қазақ болмысын боямасыз бейнелеген картина көптің көзіне жас үйірді. Жүректен шыққан жанайқай жүректерге жетіп, өз бағасын алды.

Сұлу Сырдың аспанын әсем әнмен әрлеп, күміс күйдің құшағында тербеген, батырлар мен шайыр ақындардың мекені Жалағаш мәңгілік өнер көшінен де кейін қалмағандығын осылайша айғақта­ды.

Ж.ӘКІМ

 


Экологиялық ахуал жақсара түспек PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.11.2014 10:36

Айналаға ағаш егіп, тал отырғызу қазір қызылордалықтардың айнымас үрдісіне айналған. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Бүгін отырғызылған шыбық – ертең жанға сая, табиғаттың сәні. Қазір қайсыбір ауыл-аймақ немесе қаланың жасыл желекке бөленіп, түрге енуі басты орынға қойылды. Көшесі мен ауласы кербез қайыңдар мен сылаңдаған теректерге толып тұрса, қоғамның көркемдікке деген көңілін аңғаруға болады.

Көгалды аймақ құруға Қызылорда облысының табиғаты қытымырлық танытса да, сырбойылықтардың жасыл желекті көбейтуге ынта-ықыластары төмендеген емес. Осы күнге дейін егілген ағаш пен отырғызылған талдың сан алуан түрі қазір Қызылорданың көркін келістіріп тұр. Бұл экологиялық аймақтың ауасын таза ұстауға сәл де болса септігін тигізері хақ. Облыста тек айналаны көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары ғана емес, табиғат тынысын кеңейтуге бағытталған нәтижелі істер де бар.

Елбасының өзі бүкіл ел аумағын жасыл желекке айналдыруды игі бастама ретінде алып, көгалдандырудың маңызын тәптіштеп түсіндіріп берген болатын. Осыған орай мемлекет басшысы «Жасыл белдеу» бағдарламасын ұсынып, қазір осы бойынша барлық өңірде қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев Қызылорда облысының аумағында «Жасыл белдеу» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асыруды тиісті мекемелерге тапсырған болатын. Тапсырма жерде қалмай, жұмыстар нәтижесімен көрініп жатыр. Бір кездері Израиль мемлекетінде де осындай жасылдандыру саясаты жүргізілгені бар. Олардың топырақ құнарлылығы бізбен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Өсімдіктің өнуіне кедергі көп. Олармен салыстырғанда біздің табиғи мүмкіншілігіміз әлдеқайда жоғары. Сондықтан «болмайды» деп бас шайқап отырғаннан, тәуекел деп табысқа жеткен өзімізге де пайдалы. Жасыл белдеу орналасатын жалпы жер көлемі бас-аяғы 23,5 гектарды құрайды. Ал ұзындығы 7 шақырымға дейін жетеді. Белгіленген жерге жергілікті жерсіндірілген сыр талы, терек ағаштарының 11 мыңнан астам данасы отырғызылатын болады.

Аймағымыз үшін қолға алынып жатқан САРАТС жобасының маңызы зор. Қазір жобаның екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі шешілді. «Ғасыр жобасын» жүзеге асыруға дүниежүзілік банк қаржы бөледі. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Елбасының тікелей бастамасымен табаны құрғаған теңізді қайтару мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға алынды. Сан жылдардан бері қасіреттен көз ашпаған халық сағымға айналған қуанышты күндерінің қайта оралатынына сеніммен қарады. Халықаралық сарапшылар «Ғасыр жобасы» деп әспеттеген «САРАТС»-тың бірінші кезеңі сәтті жүзеге асты.

Қомақты қаржыға Үлкен және Кіші Аралдың түйіскен тұсына 13 шақырымды құрайтын Көкарал бөгеті салынып, Сырдария өзенінің арнасы тазартылды. Бұған қоса, бірнеше гидротехникалық құрылғылар орнатылды. Нәтижесінде Сырдария өзенінің су өткізу мүмкіндігі артты. Теңіздің құрғаған 870 шақырымын су басып, балық түрлері көбейген. Судың тұздылығы төмендеді. Бұрын балықтың бір түрі қалса, қазір су маржанының саны жиырмадан асты. Балық аулау көлемі  400 тоннадан 5000 тоннаға дейін жетіп отыр. Теңіз Арал қаласына 74 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады. Бүгінде «ғасыр жобасының» екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі де шешілді. Дүниежүзілік банкінің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сародж Кумар Джа Сыр өңіріне арнайы келіп, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға байланысты екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Жыл соңына дейін құжаттар рәсімделіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Балық шаруашылығы саласының өзінде 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Теңіз айдыны мен Арал қаласының арақашықтығы бір шақырымға дейін жақындайды.

Балық шаруашылығының мамандары Көкарал бөгеті салынғалы балық қоры мен олардың түрі едәуір көбейгенін айтып отыр. Бөгет суының деңгейін 50 метрге дейін көтергенде Кіші Аралдың кез келген жеріне балық қыстап, уылдырық шаша алады. Сондай-ақ теңіздің барлық алаңы тұщы суға толыға бастайды да, табиғи өсім есебінен көбейген балықты аулау көрсеткіші екі есе артады екен. ҚР Премьер-министрдің орынбасары Б.Сағынтаев бастаған Үкімет делегациясы жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келгенде «Көкарал» бөгетінде болып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңінде жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Содан соң ол Үкіметте осыған байланысты мәжіліс өткізілетіндігін тілге тиек еткен еді. Осыған орай облыс әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылып, оның құрамына республикадағы алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттары мен халықаралық ұйымдар басшылары енгізілді. Екінші кезең жобасын жан-жақты зерделеуге байланысты қабылданған шешімді ел үшін маңызы зор жобаға тарихи бетбұрыс десек болады. Қазір суды үнемдеу жаһандық проблемаға айналған. Жоғарыдан келген судың алдымен Үлкен теңізге кетпей, Кіші Аралды толтыруы экологиялық жағдайдың оңалуына септігін тигізеді. Аралдың келешек тағдырымен тамырлас жоба туралы оңды саяси шешім қабылдау жолында мамандардың жұмыла жүк көтергенін де айта кеткен абзал. Қазір өңірдің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайының жақсаруына тікелей қатысты жобаны егжей-тегжейлі талқылаудың маңыздылығы артып келеді. Ең бастысы, аталмыш жоба аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, халықтың келешекке деген сенімін нығайтады. Сонымен қатар САРАТС Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне даңғыл жол ашады деген сенім бар.

САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асқан уақытта Арал теңізінен 30 мың тоннадан астам балық ауланатын болады. Қызылорда облысында балық кластерін дамыту мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен біршама инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығы саласы бойынша бірлескен кәсіпорындар құру арқылы («СПК Қызылорда Балық» ЖШС, «Қаратерең Балық» ЖШС, «Бөген» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС) жалпы құны 383 млн. теңге құрайтын 3 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Аталған кәсіпорындар арқылы үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы құны  456 млн. теңге құрайтын 1121 тонна балық өнімдері өндірілді.

Арал қаласындағы қуаттылығы жылына 6 мың тонна балық өңдейтін «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС-ін ұзақ мерзімге жалға алу келісіліп, бүгінгі таңда кәсіпорын өз жұмысын жалғастыруда. Кәсіпорынның жұмысын жандандыру және айналым қорын ұлғайту мақсатында «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС арқылы 65 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Үстіміздегі жылдың 9 айында бұл кәсіпорында құны 381,5 млн. теңге құрайтын 231 тонна балық өнімдері өндірілді. Бұл өнімдердің ішінде құны 12,2 млн. теңге құрайтын 71 тонна балық өнімдері экспортталды. Бүгінгі күні «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС өндірісті басқару және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі стандарттарын енгізіп, тиісті сертификаттарын алды. Сонымен қатар, кәсіпорын шығарылатын балық өнімдеріне еврономер алу бағытында жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда кәсіпорын арқылы Арал теңізінің 2 учаскесінен келісімшарт негізінде балық аулануда. Кәсіпорында 75 адам жұмысқа тартылып отыр.

Сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты Иіркөл өңірінде 459 га жерде тоғанды балық шаруашылығын ұйымдастыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте «Болат» ШҚ-на жалпы көлемі 166 га құрайтын жер телімі 2 жыл мерзімге жалға берілді. Аталған тоған шаруашылығын  толықтай іске қосуды және инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда электр желісін жеткізудің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, республикалық меншіктегі «Қамыстыбас балық питомнигі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын коммуналдық меншікке алып, «Байқоңыр ӘКК» ҰК» АҚ-ның жарғылық қорын ұлғайту жолымен теңгеріміне беру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында су тасқынының алдын алуға 452 млн. теңге қаржы бөлінетіндігін тілге тиек еткен болатын. Қызылорда облысы аумағынан ағып жатқан Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Қыс-көктем мезгілдерінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына судың жоғары мөлшерде жіберілуіне байланысты су тасу қауіпі болады. Осыған орай, облыстағы жағалау қорғаныс бөгеттері өзен суын қыс уақытында 400 куб/м/с көлемде қауіпсіз өткізу мақсатында жыл сайын қорғаныс бөгеттерінің жай-күйлеріне алдын ала зерттеулер жүргізу арқылы жөндеу, күшейту және қалпына келтіру жұмыстары жасалынып келеді. Сырдария өзенімен келген мол су әсерінен қайта қалпына келтіруді қажет ететін аса қауіпті деген 46 нысанға облыстық бюджеттен бірінші кезеңге 452,0 млн. теңге қаражат бөлініп, жоба-сметалық құжаттары дайындалып, қазіргі кезде аталған су шаруашылығы нысандары мен қорғаныс бөгеттерін нығайту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қызылорда облысы – еліміздегі экологиялық аймақтардың бірі. Арал, Байқоңыр мәселелері жергілікті жұртшылықтың таза ауамен тыныстауына кедергі келтіреді. Алайда жергілікті билік халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін аянып қалып жатқан жоқ. Мәселелерді шешу жолында табанды еңбектер жасалуда. Бірлік туының астында біріккен ел ағаларының экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты атқарып жатқан жұмыстары нәтижелі. Аймақты жасыл желекке айналдыру, экологиялық жаңару, жобаларды жүзеге асыру, бағдарламаларды жүйелі түрде орындау жоспармен орындалып жатыр. Бұл билік пен халық арасында тығыз байланыстың бар екендігін анық байқатады.

К.ҚЫСТАУБАЙ

 


«Мүлікті жария ету мемлекетті байыту емес» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.11.2014 10:27

Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығының директоры Болатбек ПҰСЫРМАНОВ:

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда ақша мен мүлікті жариялау акциясы басталды. Осыған орай, біздің сауалдарымызға Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығының директоры Болатбек Пұсырманов жауап берді.

- Болатбек Жү­сіпбекұлы, 30 мау­сымда Елбасының тікелей тапсырмасымен «мүлкін жария етуге рақымшылық жасау туралы» заң қабылданғаны белгілі. Бұқараның басым бөлігі мұны бай-бағланның жасырғанын заңдастырып алуға жасалып отырған жағдай деп түсінетін сынды. Расында қалың қарашаның бұдан ұтары не? Қандай тиімділігі бар, түсіндіріп өтсеңіз?

- Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен мүлікті  жария  ету  жөнін­дегі біржолғы акциясын өткізу жөнінде «Қазақстан Республикасының азаматтарына,  оралмандарға  және Қа­зақстан Республи­ка­сында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» 2014 жылғы 30 мау­сымдағы №213-V Қазақстан Республикасы Заңы шықты. Осы заң 2014 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданыс­қа енді. Бұл Заң мемлекеттің мүлікті, оның ішінде бұрын жариялы эко­номикалық айналымнан шығарылған ақшаны жария ету жөніндегі біржолғы акция өтуіне, сондай-ақ ҚР  азаматтарының, оралмандардың және ҚР тұруға ықтиярхаты бар адамдардың табыстары мен мүлкін декларациялауға көшуге байланысты қоғамдық қатынас­тарды реттейді. Жалпы, Қазақ мемлеке­тінің тарихында бұл үрдіс үшінші рет болып отыр. Халықтық мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталды және 2015 жылғы 31 желтоқсанда аяқ­талады. Ал жария етуге ұсыну үшін құжаттарды тапсыру 2015 жылдың 30 қарашасында аяқталады. Бұл - заңда нақты көрсетілгендей, жылжымайтын мүлік пен қаржыны жари­я ету. Қаржы мәселесіне байланысты салық комитеті мен қаржы басқармалары айналысса, біз жылжыма­йтын мүлікке жауап береміз.­

Сұрағыңызға нақтырақ тоқталсам, әрине, мүлік кімде бар? Жай қарапайым адам мүлік былай тұр­сын, қарынын тойдырудың қамымен әуре болып жүреді. Қазіргі қазақ қоғамының өзі үшке бөлініп отыр. Өте байлар, орта және кедейлер бар. Елімізде тұрғындардың негізгі бөлігін (85-87 пайызын) орта тап өкілдері құрайды. Ал кедейлердің үлесі - 4-5 пайыз. Сондықтан бұл үрдісті байларға арналған деп қарау - жаңсақ пікір. Өйт­кені қоғамның басым бөлігі орта деңгейдегі азаматтар. Иә, орта таптың аз мөлшері басшы болар, ал қалғаны қарапайым қызметкер, қарапайым жұмысшы, кәсіпкер. Сондықтан аталмыш акция аясында бай да, орта тап өкілі де мүлкін заңдастырады.

Ал мүлікті жариялау не үшін керек? 2017 жылы декларация (тапқан табыс­ты жария ету) басталады. Мәселен, осы күнге дейін тапқан табысты тек мемлекеттік қызметкерлер (жыл басында салық комитетіне тапқан табы­сын жария етеді) жария етсе, енді 2017 жылы бүкіл халық декларация жасайды. Демек, «легализация-2014» - декларацияға дайындық. Қазір мемлекет беріп тұрған мүмкін­дікті дер кезінде пайдаланбаса, ертең декларация басталғанда «5-6 сиырымды, моншамды қайда жасырамын?» деп қалбалақтап қалады.

- Сіздіңше, мемлекет «бір оқпен екі қоян атып» отырған жоқ па? Мәселен, біріншіден, көлеңкедегі мүлікті алып шығады. Екіншіден, ел экономикасына қаржы тартады.

- Мұндағы басты мақсат - аз-маз салықпен халық қазынасын қампайту емес, ел азаматтарын жариялылыққа үйрету. Заңның бәрінен биік екендігін түсіндіріп, жариялы жұмыс жасауға, жемқорлықты жоюға бағытталған бастама - бұл.

- Мүлікті жария ету үдерісі қалай жүреді? Мәселен, комиссияға қандай құжаттар өткізілуі керек?

- Мүлікті жария ету атқарушы органдарға тікелей міндеттелген тапсырма. Облыс әкімінен бастап (облыс әкімінің жанында комиссия жоқ), қала, жеті ауданның атқарушы органдары (әкім мен жанындағы комиссия құрамында 11 адам болады) жұмыс істеп жатыр. Сол комиссияның бір мүшесі болып кәсіпорынның қызметкері өкіл болып тағайындалды. Қызыл­орда облысының жылжымайтын мүлік орталығының ұжымы бүгін­гі күні заңды мүлтіксіз орындау мақсатында қызмет жасап жатыр. Заңда айтылған жер учаскелері мүлікті жария­ етуге жатпайды. Заңдастырыл­ған жер учаскесі үстінде орналасқан жылжымайтын мүліктерге заңға және мекеменің ережесіне сәйкес техникалық паспорт дайындап береміз. Халыққа қызмет ету орталықтары арқы­лы түскен құжаттарды қарап, кадастрлық нөмірін беріп, сызбасын сызып, тағайындалған техникалық паспорт ережеге сай жария етушіге табыс етіледі. Жария етуші субъекті дайындалған техникалық паспортты атқарушы орган комиссиясына қарауға ұсынады. Комиссия тапсырылған құжатты 30 күнде қарап, жария­ етуші азаматқа құқығын тіркеу үшін табыс етеді.

16    ай көлемінде өтетін бір жолғы акцияда халық еш қысылмауы керек. Комиссияға барып көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, толыққанды ақпарат алғаны жөн. Халық үшін комис­сия күнде жұмыс жасайды.

- Заңмен жария етуге жататын және жария етуге жатпайтын мүлік­тер тізімін нақтыласаңыз?

- Заңмен белгіленген жылжымайтын мүлікке жер жатады. Ал кез келген­ мүлік жермен байланысты, ал жылжымайтын мүлік жермен қабысып жатады. Мәселен ғимарат, тұрғын үй, т.б. жерге қазығы қағылған дүние­нің бәрі жылжымайтын мүлік болып саналады. Бірақ мына заңда жер жариялауға жатпайды. Ал 2006 жылғы мүлікті жария етуде жер жария етіле­ді делінген. Халықтың көбі осы мәселені түсіне алмай жүр. Мысалы, бір азамат көпқабатты үйде тұрады. Аулада бос жер бар. Сол жерге гараж соғып, жарияламақ ниетте. Бірақ комиссия мұны қабылдай алмайды. Заң бойынша ол жерге шешім шығарылып, жер комитетінен көк қағаз (АКТ) беріліп, тіркелген болса ғана мүлікті жария етуге болады.

- Осы тұста қандай мүліктер мен құнды қағаздар, яғни ақша жария етуге жатпайтындығын айтып өт­сеңіз?

- Құқығы сотта дауласып жатқан мүліктер мен несие ретінде алынған ақшаларды жария етуге болмайды.

- Мүлікті заңдастыру акциясы ақысыз ба? Ақша мен мүлікті жария ету кезінде алым алынады ма?

- 2006 жылы мүлікті жария ету тегін жүргізілді. Ол кезде заңмен жария етілуі тиіс барлық меншікке тегін құжат әзірленді. Ал қазір ақысыз емес. Әр азамат мүлкін жария ету үшін шығындарды өзі төлеуі тиіс. Мысалы, мүлкін комиссияға өткізу үшін оның техникалық паспортын сыздырту керек болады. Біз оны мемлекеттің белгілеген төлемдерін төлеген жағдайда уақытылы дайындап береміз. Жалпы,­ жер иеленушілер кімдер? Жер иеленушілер - Қазақстан Республикасының тұрғындары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғалар. Мәселен, шетелден көшіп келген азаматтардың ол елде объектісі болуы­ мүмкін. Субъекті мүлкін осында жария етуіне болады. Мұндай жағдайда мүліктің сатып алынған құны немесе бағалау құнының 10 пайызы мемлекет қазынасын­а құйылуы тиіс. Жалпы, жария етілген мүлікті ресімдеумен байланысты шығыстарды жария етуші субъекті төлейді.

- Өзіңіз айтып отырғандай, техникалық паспортты әзірлейсіздер. Бұл құжат дайындаудағы соңғы процестерге жатады. Бұл қызмет құны қалай белгіленеді?

- Арнайы министрлер кабинеті­нің дайындап берген прейскуранты бар. Сол негізде төлем қабылданады. Мәселен көпқабатты тұрғын үйдің шаршы метріне, болмаса жер­де­ орналасқан үйдің шаршы метріне нақтыланған баға бар. Бұдан өзге де барлық жылжитын, жылжымайтын мүліктерге бұйрықпен белгіленген баға болады. Сол құжат негізінде жұмыс жасалы­нады.

- Соңғы кездерде саяжайдағы тұрғын үйлердің мәселесі қайта-қайта көтеріліп жүр. Бұларға қалай құжат беріледі?

- Саяжайдағы үйлер заң бойынша тұрғын үй деп айтылмайды. Сондықтан құжат тұрғын үйлік емес деп толтырылады. Көбіне тұрғындар осы мәселені түсінбей жатады. Тағы қайталап айтамын, мейлі ол қаланың қақ ортасындағы екі қабатты, барлығы қамтылған үй сынды болса да саяжайлық үй болып қала береді. Егер атқарушы орган шешім шығарып, қала аумағына қосса, қалыпты салынған тұр­ғын үй болып саналады.

- Мүлікті жария ету акциясының басталғанына да бір айдан асып барады. Акция аясында жылжымайтын мүліктерді заңдастыруға өтінімдер саны артты ма?

- Соңғы 7-8 жылдың ішінде азаматтар заң аясында тірлік етуді қалыптастыра бастады. Мүлкінің техникалық паспортын жасауға, үйін тіркеуге, үйін құжаттандыруға байланысты халықтың саяси санасы­ оянған. Заңды қажетті деңгейде біліп келеді. Кез келген жеке мүлкін заңдастыруға тырысады. Ал ағымдағы мүлікті жариялау науқаны 2006 жылмен салыстырғанда сәл баяулау. Мүмкін мұның басты себебі ол кезде құжаттарды рәсімдеу тегін әрі жерді жария ету бар еді. Ал қазіргі заңда жерді жариялау мүлдем айтылмаған. Және де шығындар жариялаушының есебінен жүргізіледі.

- Осыған дейін екі мәрте мүлікті жариялау шарасының өткені бел­гілі. Нәтиже жаман болмаған сынды. Ал бұл акциядан не күтеміз?

- Тағы айтамын, мүлікті жария ету мемлекетті байыту емес. Және одан түскен салық жыртығымызды жамайды деп те күтпеймін. Мұндағы басты мақсат - демократиялы, тең құқылы, ашық қоғамда жариялылыққа жол беру. Заңға жүгіне отырып, 2017 жыл­ғы декларацияға халықты дайындау. Өркениетті елдердің бәрінде әр азамат өзінің жиған-тергенін жария­лап отырады емес пе?!

- Әңгімеңізге  көп  рахмет!

Әңгімелескен  Жазира  ӘШІРБЕК

 


Инвесторлар үшін МҮМКІНДІК, тұтынушылар үшін СЕНІМДІЛІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.11.2014 10:24

«KEGOC» Электр желі­лерін басқару жөнін­дегі Ұлттық компаниясы «Халықтық  IPO» бағдарламасының қатысушысы атанды. Енді Қазақстан азаматтары аталмыш ком­пания акцияларын мен­шіктей алады. Дей тұр­ғанмен, мемлекеттік бағдарламаның екінші ке­зеңіне аяқ басқанымен, қара халық «Халықтық ІРО»-ның, акция ием­денудің қаншалықты тиімділігін жіті түсіне қойған жоқ. Сондықтан «KEGOС» АҚ ел тұрғындарына  өзінің қаржылық, өндірістік әлеуетін таныстыру жұмыстарын қолға  алды.

«KEGOС» АҚ компаниясының «Халықтық ІРО»-ға шығуға арналған роуд-шоу шеңберінде потенциялды инвесторлармен кездесуі өткен бейсенбіде Қызылорда қаласында жалғасты. ҚМУ-дің Студенттер сарай­ында өткен таныстырылымға жергілікті мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияның өкілдері, қоғам мүшелері, Қызылорда қаласындағы түрлі ұйым қызметкерлері мен тұр­ғындар қатысты. Роуд-шоуда «KEGOС»-тың қызметі мен инвести­циялық тартымдылықтың факторлары, сонымен қатар акцияға иелік ету процедурасы кеңінен, ашық талқы­ланды.

Еліміздің экономикасында ойып алар өзін­дік орны бар «KEGOK» АҚ компаниясы 17 жылдан бері сенімді қызмет көрсетуде. Сондықтан да «Самұрық» қазына қорына қарасты компания «Халықтық ІРО» бағдарламасында 2-ші эмитент.

Жиын барысында «Инвесторлар үшін мүм­кіндік, тұтынушылар үшін сенімділік» тақы­рыбында сөз алған «KEGOС» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік  басқару  жөніндегі орынбасары Жаңабай Бексары:

- «KEGOС»  АҚ Қазақстан Республикасының Біртұтас электр жүйе­сінің (БЭЖ) Жүйелік операторы функциясын ат­қара­ды. Компания ба­лансында ҚР Ұлттық электр торабын құрайтын 35-1150 кВ, ұзындығы 24,5 мыңнан астам шақырымды құрайтын электр желілері және трансформаторларының қондырмалы қуаты 36,37 ГВА болатын 77 қосалқы станциялары бар. Компанияда еншілес және тә­уелді мекемелерді қосқанда (9 филиалы) 4700-ден астам адам жұмыс жасайды. «KEGOС» энергияны сатып алмайды және сатпайды. Тек жеткізу қызметін көрсетеді. Компания құрылғалы Европалық Қайта құру және даму банкі, Бүкіләлемдік банк секілді халықаралық жетекші қаржылық инс­титуттардың  қатысуымен жалпы құны 1 млрд. АҚШ долларынан асатын ірі инфрақұрылымдық жобал­арды сәтті аяқ­тады  және  мол тәжірибе жинады. Еліміздегі электр энергиясының тәуелс­іздігін қамтамасыз етуге және оның сенім­ділігін арттыруға ба­ғытталған «KEGOС» АҚ Қазақстан БЭЖ-нің дамуы бойынша 15 басым жобаны жүзеге асыруды көздейтін 2025 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясы айқындал­ған, жоспарланған нақты бағыт-бағдары бар, - деп, «KEGOС» АҚ акционері болуға  үндеді.

Ал брокерлік ұйымдар мен «Қазпочта» АҚ өкіл­дері Қазақстанның кез келген өңірінде компания акцияларына ие­лік етудің механизмдерін  түсіндір­ді. ІРО-ға акционер  болудың  жолдарын түсіндір­ген  Ержан  Сейіл­бек:

- І қадам. Брокерлік компанияны таңда.

ІІ қадам. Брокерлік шарт жаса.

ІІІ қадам. Орталық депозиттегі шотыңызға ақша  салыңыз.

ІV қадам. Брокерге акция­  сатып алуға бұй­рық беріңіз,  - дейді.

- Үстіміздегі жылдың 19 желтоқсанынан бастап ашық нарыққа шы­ғатын 10 пайыз «KEGOС» акцияларының құны - 505 теңге. Есеп шот ашу – 300 теңге. Негізі халыққа бір акция емес, бірнеше акция пакетін сатып алған­ тиімді,-деді «Қазпочта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы ди­рек­торының  орынбасары  Пахуаддин  Ерсей­ітов.

2013 жылдың қорытындысы бойынша «Үз­дік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясын, «Парыз-2013» президент сыйлығын, ал ағымдағы жылы «Жұмыс беруші – үздік ұлттық компания», «Сенім-2014» республикалық байқауының  жеңімпазы «KEGOС» АҚ мемлекет­тік маңызды жоба­ларды жүзеге асыруда. Мәселен, Елбасының тапсырмасы бойынша «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті әуе желісінің құрылысын» - «Үшінші транзит» деп аталатын ауқымды жобаны қолға алуда. Аталмыш жобаны іске қосу арқылы ҰЭТ-ның транзиттік  әлеуеті артады  және  оның Солтүс­тік-Шығыс, Солтүстік-Оңтүстік бағыттарындағы электр жеткізу қабілеті күшейе­ді. Сондай-ақ, Оңтүстік аймақтағы электр тұтынушылардың келешектегі сұранысын өтеуге, Ресей желілері арқы­лы өтетін электр байланысы тә­уелділігінен құтылуға, Қазақстанның солтүс­тігінен қо­сымша электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік  туады.

«Халықтық ІРО»-ға қатысуға құзыр алған компания қызметі ха­лықаралық рейтинг агент­тіктерінің оң ба­ғасына ие. «KEGOС» қызметіне баға берген «Moody`s» Ваа3, «Stan­dard &Poor`s» ВВ+, Fitch­Ratings ВВВ+ болжамдары «тұрақты». «KEGOС» еліміздегі корпоративтік басқару саласындағы көшбас­шылардың бірі ретінде әлем­нің 135 мемлекеті­нің 8000 астам коммерциялық және коммер­циялық емес қатысушысын  біріктіріп отырған әлеуметтік жауапкерші­лік саласындағы ерікті бастама – БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылған 24 компания.

1997 жылдан сенім үдесінен шыққан ком­панияның акционері болу­дан халық не ұтады? Біріншіден, инвестор 6 ай, 1 жылда компания кірісінің 40 пайыздан төмен емес бөлігін иемденеді. Екіншіден, нарықта компания акцияларының құны артқан жағдайда бастапқы со­мадан бірнеше есе қымбат бағаға сатып, қосымша табыс табады.

Ал компания акцияларының құны қалай белгіленді? Акция құны нақ­тыланбас бұрын компания әлеуеті сарапқа салынады. Алдағы үш жылдық менеджменті мен қар­жылық, экономикалық болжам­ы байыпталады. Жан-жақты кедергілерге тосылмайды деген компания ғана «Халықтық ІРО»-ға енгізіледі.

Айта кетейік, респуб­лика бойынша 5 қарашадан 12 қарашаға дейін ел азаматтарынан «KEGOC» ком­пания­сы­ның акцияларын сатып алуға 1156 өтінім келіп түскен. Тұр­ғындар жалпы  сомасы  581 мил­лион  424 мың 175 теңгеге          1 мил­лион 151 мың 335 дана акция  алуға  жазылған.

Ж.БЕСЕУ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2014 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары