Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 06 Сәуір 2017

Құрметті қызылордалық кәсіпкерлер! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.04.2017 09:58

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға шақырады.

Байқауға заңды тұлғалар немесе дара кәсіпкерлер қатыса алады.

«Алтын сапа» сыйлығы бойынша қатысушылар Комиссияға кемiнде үш жыл iшiнде шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтiң жоғары сапасын растауға тиiс.

Ұйымдар байқауға мынадай номинациялар бойынша қатысады:

1) "Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын";

2) "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын";

3) "Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын".

Әр номинация бойынша мынадай:

1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;

2) орта кәсіпкерлік субъектісі;

3) ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша сыйлық беріледі.

Ал «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:

1) "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар";

2) "Халық тұтынатын үздік тауарлар";

3) "Үздік азық-түлік тауарлары".

Байқау талаптарымен танысқысы келген кез келген азамат мына нормативтік-құқықтық құжаттарды басшылыққа ала алады:

- «Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурс және "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы N 194 Жарлығы;

- «Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурсқа қатысушылардың материалдарын ресімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережесін және "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік және республикалық көрме-конкурстарына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі N 1167 Қаулысы;

- «Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурсқа қатысушылардың материалдарын ресімдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережесін және "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік және республикалық көрме-конкурстарына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі № 1167 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 125 қаулысы.

«Қазақстанның үздік тауары» облыстық көрме-байқауына құжаттар 2017 жылғы 1 мамырға дейін, «Алтын сапа» сыйлығына құжаттар 2017 жылғы 1 шілдеге дейін қабылданады.

Мұнан өзге, ағымдағы жылғы 19 сәуір сағат 09.00-де Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында «Атамекен» ҰКП өкілінің қатысуымен аталмыш шараларға қажетті құжаттарды әзірлеу бойынша семинар өткізіледі.

Қосымша ақпараттар қажет болса Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі 28 үйде орналасқан Кәсіпкерлер палатасының жауапты маманы Гүлдана Таңатоваға жолығуға немесе  8 /7242/ 40 09 81 (ішкі 4311) хабарласуға болады.

Қызылорда облысының

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қызылорда бизнеске қолайлы қалаға айналуы тиіс PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.04.2017 09:52

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қала әкімдігінде өткен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналған мәжілісте айтты.

«Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бағытында әріптестік негізде тиісті шаралар қабылдау арқылы бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерін жедел шешуде. Оған жақында ғана шешілген қаладағы дүңгіршектер мәселесін айтуға болады.

Ал, жалпы қалада кәсіпкерлік мәселесімен айналысқысы келетін азаматтар үшін Кәсіпкерлер палатасы тарапынан қаржылай емес қолдау түрлерін көрсетуге әзірміз.

Қазір облысымызда «Нәтижелі жұмыспен қамту – 2017-2021» бағдарламасы аясында «Бастау» бизнес жобасы басталды. Аталмыш жобаға облыстың 5 ауданы қатысуда. Жобаға қатысқысы келген аудан азаматтары 1 сәуірден бастап тестілеуден өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін 5 ауданда өткен тестілеуге 229 адам қатысты. Қызылорда қаласы әзірге бұл жобаға енбеуіне байланысты біз қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарына қолдаудың өзге де түрлерін қарастырып жатырмыз.

Мәселен, қазір Кәсіпкерлер палатасы «Даму»-дың, «ҚазАгро»-ның мамандарымен бірге қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарына арналған «Кеңес беру күні» акциясын жүргізуде. Акция барысында жұмыссыз және аз қамтылған отбасы жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында кеңес, ақпарат беру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін шара 7 ауылдық округте өткізілді. Айта кету керек, бұл акцияны тоқсанына бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз», - дей келе Палата басшысы қала әкіміне келесі ұсынысын жеткізді.

«Кәсіпкерлер палатасымен бизнес өкілдерінен түсетін шағымдарға талдау жасау барысында арыздардың 30 пайыздан астамы жер қатынастары саласына қатысты екендігі анықталды. Осы жерде мынадай ұсыныс айтқым келеді. «Қызылорда – бизнеске қолайлы қала» деген бастаманы жүзеге асыруды ұсынамын. Жалпы, кәсіпкерлердің мәселесін шешуде неғұрлым жеңіл жолын қарастыру қажет. Бұл ретте, Палата жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Мәселен, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы облыс тұрғындары үшін «Бизнес-мектеп» компоненті бойынша оқу жүргізеді. Аталмыш компоненттің ішінде екі күндік ақысыз «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша біліктілікті жетілдіруге болады.

«Бизнес-кеңесші» жобасы – әрекет етуші және кәсіпті жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, сонымен қатар кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға қысқа мерзімді кәсіпкерлікті жүргізу негіздерін оқытатын жоба.

Осы ретте, егер ауылдық округ әкімдері ауылдан оқуға ниетті азаматтарды жинап, талапқа сай өткізілетін орынмен қамтамасыз етсе, «Бизнес-кеңесші» курсын ауылдарға барып өткізуге дайынбыз», - деді Ғалымбек Жақсылықов.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА АЙМАҚТАҒЫ СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.04.2017 09:41

6 сәуір күні Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы іс шаралардың қорытындысына арналған жиын өтті.

Жиынды аша отырып облыс әкімі су тасқыны кезінде жауапты тұлғалардың ұйымдасқан жұмыстарының нәтижесінде кісі өліміне жол берілмегенін және тұрғын үйлерге нұқсан келмегенін атап өтті. Құтқару жұмыстары кезінде ерекше көзге түскен 5 адам үкіметтік наградаларға ұсынылды. Тағы 19 адам облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Дегенмен, Қазалы және Қармақшы аудандарында су тасқыны кезінде мал шығыны болды. Осы жағдайды ескере отырып, облыс әкімі Қ.Көшербаев алдағы уақытта тек қана ескертулер мен парақшалар таратумен шектелмей, міндетті түрде су басу аймағынан малдарды шығаруды тапсырды.

- Мал өлімінің орын алуы, біріншіден, шаруашылық қожалықтарына, екіншіден, аймақ экономикасына шығын әкеліп отыр. Алдағы уақытта осындай шығындардың болмауын басты назарда ұстап, алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуіміз қажет,-деді Қ.Көшербаев.

Құзырлы мекемелердің басшылары өзендегі жағдай туралы баяндады.

Облыс әкімі қазір сең облыс аумағынан өткенімен, тасқын қаупі әлі де бар екенін атап өтті. Қ.Көшербаев келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ЖӘНЕ ӨМІР СҮРУ ДАҒДЫЛАРЫН НЫҒАЙТУДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.04.2017 18:08

2017 жылдың 6 ақпанында Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында  Қызылорда облысының әкімдігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ Балалар Қорының өкілдігі «Жастар денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер мен озық тәжірибелер» тақырыбында  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шара ҚР Білім және ғылым,  денсаулық сақтау министрліктерінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Конференция жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының және үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты.

Конференция тақырыбының өзектілігі жастар денсаулығының физикалық және менталды жағдайына байланысты. Көп ретте үлкен өмірге жаңадан қадам басқан жастардың айналасында болып жатқан проблемаларға төтеп беруге және өз денсаулығына көңіл бөлуге өмірлік тәжірибесі болмайды. Бұл теріс әрекеттерге, оның ішінде суицидке алып баратын түрлі қауіп-қатерлі факторларға әкеп соғуы мүмкін.

ҚР Бас прокуратурасының мәлеметіне сәйкес соңғы онжылдықта біздің мемлекетіміз жыл сайын 15-29 жас аралығындағы 200-ге жуық жас азаматтардан айырылады. Осылайша  жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау травматизмнен кейінгі екінші орында тұр.

Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған шараларды іздестіру нәтижесінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесіп жасөспірімдер мен балалар арасындағы суицидке қарсы жобаны қолға алды. Бұл жоба 2015 жылы Кызылорда облысының аумағында сәтті жүзеге асырылып, нәтижелері ғылыми-тәжірибелік  конференцияда сарапшылармен талқыланды.

Сондай-ақ, конференция барысында мектеп оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайларын аңықтауға арналған "сауалнаманы" қолдану, балаларын жобаға қатыстыруға ата-аналардан рұқсат алу, "қауіпті топтағы" жасөспірімдердің псиxологиялық және медициналық проблемаларына қолдау көрсетуде аймақтың білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің өзара қарым-қатынас жүйесін құру жөніндегі мәселелер талқыланды.

Нәтижесінде конференцияға қатысушылар төмендегідей шешімдер қабылдады:

-  аталған жобаны өте тиімді деп тану туралы (жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алудағы жедел және бастапқы шарасы ретінде);

- оқушылардың өмірлік дағдыларын дамыту арқылы болашақта суицидтің түпкі себептерінен арылу мақсатында жобаны «Денсаулық сақтау және өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу»  бағдарламасына дейін жетілдіру қажеттілігі;

-  аталған бағдарламаны жасөспірімдер арасындағы суицидті болдырмаудың тұрақты, бірыңғай, ұлттық стратегиясы ретінде еліміздің барлық  аймақтарында жүзеге асыру;

-  мемлекеттік органдар мен бизнес және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жастардың бойында өмірлік дағдыларды қалыптастыруда және суицидтің алдын алуда әлемдік ғылыми жетістіктерді ескере отырып, бұл бағдарламаны дамыту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізудің маңыздылығы туралы;

-  өскелең ұрпақтың өмірлік дағдыларын дамыту және күшейту мақсатында өзге өңірлерде Қызылорда облысының Жастар денсаулық орталығының тәжірибесін қолдану туралы;

Осылайша, бүгінгі конференцияның нәтижелерін дені сау ұрпақты қалыптастыру және еліміздің адами капиталын жақсарту ісінде  жасалған маңызды қадам деуге болады.

Облыс әкімінінің баспасөз қызметі

 

 


Кәсіпкерлігі кемел Қазалы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.04.2017 17:56

Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын одан әрі қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау Қазалы ауданында күн тәртібіне тұрақты түрде қойылған. Соған орай шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған іс-шара жоспарлары қабылданып, жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қазалы ауданының 2016-2018 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітіліп, атқарылар шаралар нақтыланды. Әрі жеміссіз де емес. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4173 бірлікті құраған. Бұл - өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артық деген сөз. Жұмыспен қамтылған адамдар саны 8819-ға жетіп, жаңадан 538 кәсіпкер тіркелген екен.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Біздің бүгінгі Қазалы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиевпен әңгімеміз осы бағытта өрбіген болатын.

- Нақты кезеңде кәсіпкерліктің алға басуына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы зор септігін тигізіп отырғаны белгілі. Әңгімеміздің желісін «қазалылық іскер жандардың бағдарламаға деген қызығушылығы қандай?» деген сауалдан бастасақ.

- Өте орынды. Өзіңіз айтқандай, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерліктің қарқындауына тікелей ықпал етуде десек жалған емес. Аталмыш бағдарламаға аудан кәсіпкерлерінің қатысуы жоғары деңгейде. 2016 жылы құны 235,9 млн теңге құрайтын 9 жоба іске асырылса, осы жылдың өзінде 141,9 млн теңгелік 4 жоба қаржыландырылды. Бұл Қызылорда қаласынан кейінгі жоғарғы көрсеткіш десек жаңылмаймыз.

Ал «Даму-Өндіріс» бағдарламасы іске қосылғалы бері 2 жоба жүзеге асырылып, аудан экономикасының дамуына өз әсерін тигізуде. «Даму-Аймақтар» бағдарламасы аясында 2 жобаға айналым қаражатын ұлғайту бойынша 110,0 млн теңге несие берілді. Биылғы жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы жүзеге асырылмақшы. Бағдарлама аясында кәсіптік даярлауға, қайта даярлау курсына оқыту, «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен, жүк көлігі тасымалымен, жолаушылар тасымалымен айналысу үшін несие беру жоспарлануда. Кәсіпкерлік негізде оқытылатын адамдардың тізімі аудандық кәсіпкерлік палатасына берілді. Ағымдағы айдан бастап кәсіпкерлік негізде оқыту межеленуде. Сондай-ақ «халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша әлеуметтік жұмыс орнына жалақыны субсидиялауға 15,1 млн теңге бөлінді. Жұмыс берушімен келісімшарт жасалып, 38 адам жыл аяғына дейін әлеуметтік жұмыс орнына, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары мен әлеуметтік сала бойынша мамандық алған жас мамандар жастар тәжірибесіне жіберілді. Жыл басталғалы 106 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

- Индустриялық аймақ ұйымдастырып, оны қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамытуды бірден-бір қолдау шарасы екені мәлім. Осы төңіректе қандай жұмыстар атқарылуда?

- Бұл бағытта ауданда «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 га жер учаскесін инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Жүргізілген сумен жабдықтау жүйесі мен автомобиль жолы теңгерімделініп, Әділет департаментіне тіркелді. Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлері тарапынан жаңа 10 жоба бойынша жер учаскелері алынды. Оның ішінде жалпы құны 70,0 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 33 жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар бойынша іске асыру мерзімдеріне сәйкес қаржыландыру жолдары зерттелуде. «Өндірістік аймақ ұйымдастыру жобасы» бойынша бос тұрған жер учаскесіне өнім сақтау қоймасы мен сауда қатарларын ұйымдастыру және жылыжай орналастыру көзделуде. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сәйкес халықтың да түрлі қызмет көрсету орындарының сапасын жақсартуға, деңгейін көтеруге сұранысы артқаны белгілі. Мұндай ахуал біздің ауданда да көрініс табуда. «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» жобасы бойынша Әйтеке би кентінің орталығынан бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аталған орталықтан «Қазалы Жолаушы» ЖШС-нің «Қалааралық автобекет және қызмет көрсету орталығы» жобасы пайдалануға беріліп, қосымша 28 жаңа жұмыс орны ашылған еді. Жергілікті тауар өндірушілердің тауарларын делдалсыз өткізу мақсатында «Сыр Маржаны» ЖШС жер учаскесін алып, сауда орталығын салуды жоспарлануда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің 96 шақырымы Қазалы ауданы аумағынан өтетіндіктен жол бойынан түрлі сервистік қызмет көрсететін орын салуға 3 жер учаскесі алынған-ды. Оның ішінде «Сыр маржаны и К» ЖШС-нің «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, осы жылы толық пайдалануға беріледі деп межеленуде. Жоба толық іске қосылған кезде 20 адам жұмыспен қамтылатын болады. «Sinooil» ЖШС-нің жанар-жағармай станциясы құрылысын салу жөніндегі жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, қаржыландыру жолдары қарастырылуда. Құрылыс жұмыстары осы жылы толық іске асырылатындығы жөнінде мәлімет беріліп отыр. Ал, «Тұран газ» ЖШС-нің «С» санатты жол бойы қызмет көрсету кешенін салу жобасы бойынша жер пайдалану мерзімінің бітуіне сәйкес, пайдаланылмаған жер учаскесін қайтарып алу шаралары қабылдануда. Тиісінше, бұл жер учаскесіне кент тұрғыны жеке кәсіпкер А.Байсуганова тарапынан «В» санатты қызмет көрсету кешенін салу және «Гелиос» ЖШС тарапынан да аталған аумақтан жанар-жағармай сату бекетін салу жөнінде ұсыныс жасалуда. Аталған жобаларға техникалық шарт алуға «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалына өтініш берілді. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан тұрғын үй мақсатында игерілетін жер учаскелеріне Алматы қаласының кәсіпкері, жерлесіміз Ербоздақ Өтеуов тарапынан 20 гектар жер учаскесіне көпсалалы сауда орталығы мен демалыс орталығын салу жоспарлануда.

- Қазалы ауданы кезінде алыс және жақын шетелдерге «Сыр қауыны» деген брендке ие болғанын жұртшылық мақтанышпен еске алады. Тіпті сонау 1948 жылы Брюссельде өткен халықаралық көрмеде Қазалының қара күләбісі алтын медаль иеленгені көзі қарақтыларға аян. Ендеше осы тақырыпты қозғап кетсеңіз.

- Жергілікті халықты бау-бақша егу жұмыстарына тарту, ынталандыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жыл бойы жүргізілді. Бүгінде аудан жұртшылығы, оның ішінде ауылдық жерлердегі тұрғындардың бау-бақша өнімдерін егуге деген талпынысы өте жоғары. Бұл бағытта өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілуде. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің бақша өнімдерін сыртқа экспортқа өткізу мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында іссапармен болған делегацияны аудан әкімі Нажмадин Шамұратов бастап барды. Нәтижесінде Қазалы ауданы әкімдігі мен қазақстандық тауарларды көтерме сауда орталығында өткізетін «Kaz-Food» компаниясының бас директоры А.Рапиев арасында меморандумға қол қойылды. Биылғы жылдан бастап ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдері Мәскеу қаласындағы көлемі 90 га жері бар «Фуд-Сити» көтерме сауда орталығына тасымалданып, тиімді бағамен өткізілетін болады. Сауда орталығындағы бір ерекшелік тауарлар тек «рефрижератор» жүк көліктерімен қабылданады. Сонымен бірге, «Бьюти-Стайл» АҚ директоры А.Ханмен, «Скайленд-94» АҚ бас директоры Б.Гараевпен де қазалылық өнімдерді тиімді бағамен жеткізу және өткізу жөнінде келісімдер жасалды.

Іссапар барысында мәскеулік кәсіпкерлерге ауылшаруашылығы өнімдерінің, соның ішінде өтімді қауынның колхозница, жұлдыз, жиеншар (торпедо), валет деген түрлері ұсынылды. Кездесуде жергілікті кәсіпкерлердің маусымдық бау-бақша өнімдерін Өзбекстан Республикасы және Оңтүстік Қазақстан облысы аудандарынан тасымалданатындығы белгілі болды. Ұсынысымызға сәйкес, қауын-қарбыз өнімдері біздің  ауданымыздан тасымалданған жағдайда жолға кететін шығын көлемі азаятындығы айтылып, келісім берілді. Делегация Ақтөбе қаласында да іссапарда болып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған форумға қатысты. Форум барысында Ақтөбе облысының аудан әкімдері мен кәсіпкерлері Қазалы өнімдерін сатып алуға ниетті екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде олар да өнімдерін Қазалы ауданының сатылымына қою жөнінде ұсыныстарын айтты. Жиын соңында Ақтөбе облысының 7 аудан әкімі мен Қазалы ауданы әкімінің арасында әріптестік меморандумға қол қойылды. Өткен жылы «АгроОптСервис» ЖШС-нің директоры Бекболат Бибалаев ауданда өндірілген бақша өнімдерін Ақтөбе қаласының сауда орталықтарына жеткізіп, халықтың ризашылығына бөленген-ді. Жеке кәсіпкер тарапынан биылғы жылы индустриалдық аймақтан өнім сақтау қоймасын салу жобасын жүзеге асыруда. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданына кооператив төрағалары және ауыл әкімдері іссапарға барып, ондағы жергілікті бақша өсірушілермен кездесті. Тәжірибе алмасып, пленка астында тұқым өсірумен танысты. Нәтижесінде жергілікті жиеншар (торпеда), колхозница, жұлдыз, валет қауын тұқымдары кооператив мүшелерінің қаржысына сатып әкелінді. Енді осы тұқымдар ауылшаруашылығы кооперативтері арқылы өндірістік негізде егілетін болады. Мәселен, қызанақ, қияр, асқабақ, қарбыз, картоп, перец, аскөк (укроп) тұқымдарын Ақжона ауылдық округіне қарасты «Майдакөл» өндірістік кооперативі сатып алды. Кооператив төрағасы Әсет Дүзбаев 70 га жерге қауын-қарбыз түрлерін, көкөністер егетін болады. Оның ішінде аскөкті (укропты) өсіріп, дайын түрде қаптамалап сату мақсатында цех ашуды жоспарлап отыр. Және алдағы уақытта жылыжай салуға да жұмыс жасауда. Оған қоса 75 мыңнан астам тұрғыны бар көршілес Байқоңыр қаласындағы пайдаланылмай тұрған бұрынғы сауда және қызмет көрсету ғимараттарын аудандық коммуналдық меншікке алу арқылы кәсіпкерлік аясын кеңейтіп, Қазалыда өндірілген көкөніс, бау-бақша, азық-түлік өнімдерін ғарыш айлағының халқына өткізудің алғышарттары жасалуда. Су айдайтын насос алу үшін биыл облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 8 насос алу жоспарланып отыр. Бақшалық жерлерді қоршау жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы бөлінді.

- Орайы келгенде ауданда жүзеге асырылуға тиісті инвестициялық жобаларға тоқтала кетсеңіз.

«РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының II кезеңі» жобасы іске асқанда сүт зауытының қуаттылығы еселеніп, тәулігіне 30 тоннаға дейін жеткізілетін болады. Ол үшін зауытты қайта жарақтандырып, қажетті қуаттылықтағы инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарын атқару қажет. Осы орайда жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге аудандық бюджеттен 13,5 млн теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта ұсынысымызға байланысты зауытты инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлу қажеттілігі туындауда. «Қазалы Керуен» Біріккен Кәсіпорны» ЖШС-нің «Көлік, сауда-логистикалық орталық» жобасы бойынша «Сенім-Табиғат» ЖШС «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп «Қалааралық автовокзал құрылысын» салу жобасы іске асырылуда. Осы мақсатта «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 77,4 млн теңге, серіктестік 80,4 млн теңге қаражат бөліп отыр. Құрылысқа қажетті материалдардың басым бөлігі жеткізіліп, жер жұмыстары, іргетасын орналастыру жүргізілуде. Жоба аясында сағатына 250 адам қабылдап-өткізу қызметін көрсететін көлемі 1100 шаршы метр болатын автовокзал ғимараты, 50 автокөлікке арналған автотұрақ, басқа да қызмет көрсету орындары мен демалыс алаңдары салынатын болады. Автовокзал құрылысы осы жылдың шілде айында аяқталып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы арнайы реестрге алынады деп күтілуде. Басқа да игілікті жобалар бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ӨМІРЛІК ДАҒДЫЛАРЫ: ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕР ЖӘНЕ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.04.2017 17:53

Бүгін, 6 сәуірде Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық орталығы» РМК директоры Жәмила Баттақова, «Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі Қазақстан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Рахальская, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ержан Ерсаинов, БҰҰ бағдарламаларының өкілдері, прокурорлар мен Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, жастар денсаулығы орталықтарының, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен «Жастардың денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер және озық тәжірибелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

- Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің мәліметтері бойынша 5-тен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы суицид, яғни өз-өзіне қол салу көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдегі ең нашар он елдің қатарында. 15-тен 29 жасқа дейінгі жастар арасындағы суицид жиілігі бойынша 4-орында. Осыған орай өткен жылы еліміздің білім және ғылым, денсаулық сақтау және ішкі істер министрліктері ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып, біздің қолдауымызбен Қызылорда облысында суицидтің алдын алуға арналған пилоттық жобаны іске асырды. Бүгінгі конференция аясында аталған бастаманың нәтижелері мен оны жетілдіру жолдары және облысымыздың осы оң тәжірибесін басқа да аймақтарға тарату мәселелері талқыланады,- деді облыс әкімі.

Конференцияда денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, жастар арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі мамандар сөз сөйледі.

Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстары кешке дейін жалғасты. Сондай-ақ қатысушылар БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, перинаталдық орталықтың, балалар ауруханасының, облыстық медицина орталығының және облыстық жастар денсаулық орталығының жұмыстарымен танысты. Шара қорытындысы бойынша конференция қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Жаңа спорт нысаны бой көтереді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.04.2017 12:23

«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Осы қағиданы тұтынған Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендерді аралауға кірісіп кетті. Дала перзенттерінің тыныс-тіршілігімен етене танысуды мұраттаған әкім ауылдардағы қалыптасқан жайттарға қанықты. Өткен аптадағы сенбілік барысында Сексеуілге жол тартқан аудан басшысы сапар барысында кенттегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алғашқы қазығын қағу рәсіміне қатысты.

Оқырмандарға түсінікті болуы үшін дерекке жүгінсек. Аталмыш кешен құрылысы Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасына енгізілген болатын. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылға нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына 100 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу негізінде мердігер «Асанасдар» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Қазіргі таңда құрылыс алаңына алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында кенттің ішкі су желілерін қайта жаңғырту және кеңейту қолға алынған болатын. Аудан басшысы осы мәселе төңірегінде атқарылып жатқан шаралармен танысты.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


Күнтізбе

< Сәуір 2017 >
          1 2
3 4 5 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары