Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 27 Сәуір 2017

Республикалық суретшілер симпозиумы басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.04.2017 09:05

Қызылорда облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Сыр елінде «Жайнай бер, Қызылорда!» атты республикалық суретшілер симпозиумы басталды.

Симпозиумның мақсаты Елбасының саясаты негізінде халқымыз ерекше қастерлеген тарихи құндылықтарымызды сақтау, оларды бүгінгі жас буын өкілдеріне таныстыру, халық өмірімен біте қайнасып келе жатқан өнер байлығын көрсету және бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосу болып табылады. Сондай-ақ, Қызылорда облысы аумағының өзіндік ерекшеліктерін және облыс орталығындағы көзтартарлық орындарды бейнелеп, шығармаға арқау ету.

Аталмыш симпозиумның ашылу салтанаты Көркемсурет галереясында өтті. Көрмені ашу құрметі облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлына берілді.

- Суретші дегеніміз - көзімен көргенін, көңілімен түйгенін қайтадан қиялымен жаңғыртып, шарықтатып қылқаламына арқау ететін жан. Сондықтан да, суретшілікті ерекше, қайталанбас өнердің түрі десек болады. Бұл - өміршең өнер. Жалпы, қазақтың бейнелеу өнерінде Қызылорда суретшілерінің алар орны бар. Оған осы топырақта туып-өсіп, республикамызға танымал болған суретшілер мысал бола алады, - деді Р.Рүстемұлы.

Республикалық симпозиумға Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларынан барлығы 25 суретші қатысуда. Шығармашылық топ өкілдері өздерінің пленэрлік жұмыстарын Қорқыт Ата кешенінде бастап, одан әрі Қаратау жоталарында жалғастырады.

- Мінеки, бүгін Сыр топырағы республиканың түкпір-түкпіріндегі суретшілердің басын қосып, ауқымды іс-шараның өтуіне мұрындық болып отыр. Сыр жеріндегі бұл симпозиум көп жылдар бойына өтпей кеткен болатын. Осындай кемшіліктердің алдын алып, бейнелеу өнеріне, жалпы өнерге жасалып жатқан қамқорлыққа алғыс айтамыз, - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.

Еліміздің әр аймағынан келген суретшілер Ұлы даланың қанық бояуларын танытып, Сыр елінің көркем келбетін бейнелеп, картинаның құдіретін сездіреді деп сенеміз. Симпозиум 3 мамырға дейін жалғасатын болады.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

 


Су басу қаупі бар PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.04.2017 17:20

“Қызылордалық тұрғындар су басу қаупі жоқ демей, қамдана берулері қажет” деп мәлімдеді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

- Қызылорда облысының аумағында 56 елді мекенді су басу қаупі бар. Қазіргі кезде сол аймақтарда төтенше жағдайды болдырмау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 135 жауапты мекеме бекітіліп, 403 техника мен 1685 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар су басу қаупі бар аумақтарда 375 мың адам, 79 мың тұрғын үй, 247 мың мал басы бар. Халық болған жағдайға сабырлылық танытып, сақтық шараларын атқаруда жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, қажет болған жағдайда көшуге дайын болулары керек, - деді С.Сермағамбетов.

Қазір облыс шекарасындағы Көктөбе су бекетінен Сырдарияның төменгі ағысына секундына 1500 текше метр су өтуде. Оған Шардара мен Көксарай су қоймаларының суға толып, таулы аймақтардағы жауын-шашынның түсуі себеп болып отыр. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін өңірдегі жауапты мекемелер жедел дайындыққа кірісті. Мақсат – көп суды қауіпсіз жағдайда аймақтан өткізу. “Қазгидромет” және Өзбекстанның “Узгидромет” мекемелерінің ресми мәліметіне сүйенсек, облыс аумағына келетін судың мөлшері секундына 1800-2000 текше метрге дейін көбеюі мүмкін. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы С.Сермағамбетовтың айтуынша, мұндай көп мөлшердегі су 2010 жылы секундына 1500 текше метрде өткен.

Бүгінде облыс көлемінде су тасқынынан сақтандыру шаралары ұйымдастырылуда. Адам және мал шығынын болдырмау, теміржол, автокөлік жолдарына және электр желілеріне зақым келтірмеу мақсатында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының төрағалығымен жедел штаб отырысы өткізіліп, Қызылорда облысына қарасты барлық аудан мен елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау шаралары күшейтілген.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


Қазалылық кәсіпкер 533 549 теңгенің орнына 103 000 теңге төлейтін болды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.04.2017 13:52

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров қазалылық кәсіпкердің 430 мың теңгеден астам қаржысын сотта қорғап қала алды. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов айтты.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы қазалылық «Жалаңтөс» ЖШС-нен 518 009 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 15 540 теңге мемлекеттік баж алымын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінеді.

2016 жылы 29 сәуірде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы мен «Жалаңтөс» ЖШС арасында суару суын жеткізу жөніндегі қызметтер көрсету келісім шарт жасалады.

Келісімшартқа сәйкес «Қазсушар» мекемесі 2016 жылдың 31 мамырында, 30 маусымында, 31 шілдесінде және 15 тамызында суландыру үшін суармалы суды жеткізу жөніндегі қызмет көрсету актілеріне сәйкес кәсіпкерге 31 620 000 текше метр суармалы суды жеткізіп, жалпы көлемі 10 553 492 теңгеге қызмет көрсеткен және көрсеткен қызметіне сай шот-фактура ұсынған.

Қызмет көрсетуші мен кәсіпкер арасында жасасқан шарт бойынша көрсетілген қызмет ақысын жазылған шоттар оған берілген күннен кейін 10 күн мерзімде төлеу қажет.

Алайда кәсіпкер өз міндеттемесін уақытынан сәл кеш, бірақ толық аударады. Ал «Қазсушар» мекемесі жасалған шартта көрсетілген тармақты негізге ала отырып, тұрақсыздық айып сомасын есептеп, кәсіпкерге 518 009 теңге төлеуді талап етеді.

Сотта «Жалаңтөс» ЖШС атынан қатысқан Кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров кәсіпкердің қызмет ақысын төлеуден жалтармағанын, тек қаржылық қиындықтарға байланысты, яғни мамыр-тамыз айларында салыққа, еңбек ақыға, жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, электр энергиясына, банк шығындарына, тыңайтқыштарға шығыстары болғанын, сондықтан көрсетілген қызметке ақыны кешіктіріп төлегендігін алға тартып, дәлелдеме құжаттарын көрсете отырып, тұрақсыздық айыппұлының көлемін азайтуды сұрады.

Сот талап қоюшыға залал келмегенін, жауапкердің ауылшаруашылығымен, яғни егін егумен айналасатынын, сондықтан негізінен қаржылай кірістер күз айында болғанын, сондай-ақ қызмет ақы бойынша төлемдерді осы күнде толық төлегенін, кешіктіру мерзімі тым ұзақ емес екенін ескеріп, тұрақсыздық айып сомасын 518 009 теңгеден, 100 000 теңгеге дейін, мемлекеттік баж алымын 15 540 теңгеден  3 000 теңгеге төмендету туралы шешім қабылдап, кәсіпкерден 103 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Нәтижесінде қазалылық кәсіпкер 430 мың теңгеден астам қаржысын үнемдеп кала алды.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ШИЕЛЕНІСТІҢ ШЕШІМІ һәм СОҒЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.04.2017 12:12

«Басып тасталған шиеленіс қатерлі ісік тәрізді, оның асқынуы әбден мүмкін». Мұны айтқан мен емес, немістің атақты саясаттанушысы Р.Дарендорф. Қазір әлем көкжиегінің тынысы тарылып-ақ тұр. Кей елдердің әлеуметтік ахуалы сын көтермейді, өзгелерінде саяси қақтығыстар, азаматтық толқулар, қоғамдық наразылықтар. Ал «сужаңа» президенті бар АҚШ пен тегеуріні мықты Солтүстік Корея мемлекетінде саяси шиеленіс. «Асқынып» кетуі ықтимал. Өйткені екі жақ та эмоцияға «беріліп» тұрған сияқты. Ал шиеленістің бұл түрі толықтай шешім табу үшін екі жақтың бір-бірлеріне көзқарастары өзгеруі керек. Осы тұста «дегенінен қайтам» деп тұрған Дональд жоқ, болмаса «тыныш болғанымыз жақсы» деп ойға шомған Хан Сол Рельді көріп тұрғанымыз шамалы. Тіпті «бітіспес жау» санаудан да тайынбайтын күйде. Егер оқиға осылай өрби беретін болса, «сәуегейлер» айтқан ІІІ дүниежүзілік соғыстың басталуына расымен себеп бардай. Айтпақшы, Американы әлемнен оқшаулағысы келген Дональд Солтүстік Кореяға неге қыр көрсетіп жүр? Ал олардың АҚШ-қа берген жауабы қандай?

 

ДОНАЛЬД   ДОҚ   КӨРСЕТТІ

Корей түбегінде тарихтың сын сағаттар­ы  соғылып  жатқан  тәрізді. Бір емес, бірнеше мемлекеттің «қолтаң­басы» қалғалы тұрған саяси ахуал сәт сайын құбылуда. Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен армиясы сол­түстіктегі кәрістерге айбат шегуден шегін­ер  емес. Дональдтың доқ көр­сетуі­нен именіп отырған Солтүстік Корея­ мемлекетінің президенті Ким Чен Ын жоқ. «Ұрыста тұрыс жоқ» екені осындайда айтылса керек, өз елінің әскерилеріне соғысқа сақадай сай болу керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, «Сад» жүйесіне және АҚШ-Корея әскери­ одағына бірлесе күш көрсету үшін Ресей мен Қытайды одаққа шақыр­ды. Біле білсеңіздер, Оңтүстік Корея  мен  АҚШ-тың  бірлескен  әскери­ жаттығулары  жыл  сайын дәс­түрлі түрде өтіп келеді. Әр жолғы әске­ри­ жаттығу сайын ескерту жасау – солтүс­тіккореялықтардың  қалыпты  дағды­сы. Бірақ бұл әрекеттеріне ресми Сеул мұрын шүйіре қарайтын. Осы жолы төзім таусылды ма, әйтеуір иық тіресіп, сөзден  іске  көшетіндерін әлем алдын­да­  жария  салды.

АҚШ «Карл Винсон» әуетасымалдағыш  кемесін  Корей  түбегіне  жіберді. Не үшін дейсіз бе? Солтүстік Корея жаңадан ядролық сынақ өткізетінін жариялады. Трамптың онысы осы әрекетк­е  білдірген қарсылығы болатын. Осыдан кейін Вашингтон мен Пхеньян­  арасындағы саяси жағдай «таразы»­  басын  теңестіре  алмай қалды. Тіпті «Біздің революциялық күштеріміз  АҚШ  әуетасымалдағышын бір ғана соққымен суға батыру үшін әскери  дайындық  жағдайында  тұр» деп пікір  білдірді Солтүстік Корея мемлекетінің  басшылығы.

 

СОҒЫСТЫ   КІМ   БАСТАЙДЫ?

АҚШ-тың оқтұмсықты алып кеме­сінен секемденіп тұрған пхеньян­дықтар емес. Керісінше, «Егер АҚШ алтыншы мәрте ядролық сынаққа кедергі келтіре­тін болса, біз соғысты бастаймыз!» деп батылдық танытып отыр.

- Егер америкалық оқтұмсықтар кәріс  жеріне  қарай бағытталатын болса­, онда біз де қол қусырып қарап отыра алмаймыз. АҚШ мәжбүрлеуге апаратын болса, біз соғысқа дайынбыз. Корей­ түбегіндегі шиеленіскен мәселені АҚШ-тың өзі тудырып отыр. Оған біздің еш қатысымыз жоқ. Трамп билік­ке келгеннен бастап біздің елді қырына­ ала бастады, - деп мәлімдеді Солтүстік Корея Қорғаныс министрінің орын­басары Хан Сон Рель.

- Солтүстік Корея сыныққа сылтау іздеп жүр. Бізге Қытай көмектессе, тама­ша болар еді. Егер олар қолдау көрсетпесе, проблеманы онсыз-ақ шешуг­е болады. Біз одақтастарымыз арқылы жүзеге асырамыз, - деп жазып­ты­ АҚШ президенті Д.Трамп әлеуметтік  желіде.

Бірақ, «сары президенттің» бұл сөзінен Солтүстік Кореяның президенті  Ким Чен Ын қаймығар емес. Ата­сы­ Ким Ир Сеннің туғанына 105 жыл толуына орай алтыншы рет ядролық қарудан сынақ өткізбек болған ол кез келген оқиғаға дайындығын аңғартты. Қазірдің өзінде Пхеньян тас-талқан соғысқа тас түйін әзір. Бүрсігүні сол­түстіктегі кәрістер артиллериялық оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, жаттығуға ел президентінің өзі де қатысқан. Қызығы сол, осы аптада­ АҚШ әскерилері де Оңтүстік Кореямен бірлескен  оқу-жаттығула­р  өткізуді  жоспарлаған.

 

ТРАМП   ТЫМ   ҚАТАЛ

Президенттік таққа отыра салы­сымен елін оқшаулауға кіріскен Трамп саудаға епті, ақшаға берік, саясатта қатал. Мұнысын  Солтүстік  Корея Қорғаныс министрінің орынбасары Хан Сол  Рель  де  айтты.

- Біз қазіргі уақытта Барак Обама мен Дональд Трамптың сыртқы сая­саттағы әрекетін салы­стырып отырмыз. Обамамен салыстырғанда, Трамптың саясаты өте қатал. Егер Солтүстік Корея­ еліндегі режим­ді олар  ауыстыруға ниеттенсе, біз оларға  дереу  тойтарыс  береміз, - деп мәлімдеді.

Соңғы дереккөздер АҚШ Оңтүстік Кореядан өз азаматтарын эвакуациялауға дайындалып жатыр деп хабарлайды.  Шиеленісе түскен саяси ахуал­дарға бай­ланысты мемле­кеттер арасындағы дау сөзден іске көш­кен  сы­ңайлы.

СЕМСЕР

 


АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ ұлтты ұйыстыра ала ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.04.2017 12:07

Күні  кеше  ғана Мемлекет  басшысы  Н.Назарбаев  «Болашаққа  бағ­дар­:  рухани жаңғыру» атты мақаласын  жария­лады. Рухтың жаңғыруын ұлттың  жаңғыруына  теліген туын­дыда ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарас­тыра алатын құнды құдірет екені айтыл­ды. Әрі бұл тәуменді тарихтың бүгінгі бейнесі ретінде жарқын келешектің көкжиегін үйлесімді сабақ­тастыратын ұлт жадының тұғырнамасына тең десек болады. Ең бастысы, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арт­тырудағы маңызы зор екенін айта кеткен­  орынды. Әрине, бұл ретте елім­іздегі түрлі қоғамдық ұйым­дар­дың осы жолда ұлтты ұйыстыра алатын қабілет-қарымы болғанын құп көреміз.

Жасыратыны жоқ, бізде не көп, қоғамдық ұйым да, қоғамдық қор да жетерлік, бірі сапалы, бірі сапасыз, аты бар да, заты жоқ құрылымдар да бар. Солардың көшбасында ардагерлер ұйымдарының жүргені жарасымды, әрине, мемлекеттік, ұлттық мүдде жолында топтаса біліп, тек атқарыл­ған жұмыстарымен, өз мүшелерімен шектеліп қалмай, өз жағдайларын ғана күйттеп емес, еңбектеген баладан­ еңкейген қарияға дейінгі буынды ізіне ертіп, сөзіне ұйытып, мұңын мұңдап, жоғын  жоқтап, ұлттық  ұстынға  ай­нал­ғанын  аңсаймыз. Мұны  біз  неге айты­п  отырмыз?

Жақында облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен бұрынғы одақта, республикада, облыс, қала, аудандарда, мекеме мен ұжымдарда ардагерлер ұйымдарының  құрылғанына  30 жыл толуына арналған пленум  өтті. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейіл­бек Шаухаманов даталы кезең мен алда тұрған міндеттер жайлы баяндады. «Қай қоғамда  болмасын, қай  заманда болмасын, ардагер деген – үлкен мәртебе, абырой, атақ. Бұл құрметті атақ тарихтың, халық­тың, уақыттың жарлы­ғымен  беріледі. Әсіресе, біз­дер, қазақтар  үлкенін  сыйлап, үлкенін тыңдап, үлкеніне сеніп, үлкеніне көніп, үлкені­нің төңірегіне топтасып қа­быр­ғалы халық, іргелі ел болдық», - деп сөз бастаған төраға осындай  ұлттық идеяны жалпы  одақтық,  мемлекеттік дә­режеге көтеріп, оған қоғамдық сипат беріп, саяси сахнаға шығар­у  ХХ ғасырдың 80-жылдарының еншісіне тигенін жеткізді. Сол жылдардан бері аталмыш қоғамдық ұйымды одақта, елімізде, облыста, қала, ауданда басқарғандар мен бүгінгі тізгін  тигендердің  есім­дерін  атап өтті.

Қазіргі таңда еліміздің ардагерлер ұйымдарында 2 миллионға жуық, біздің  облыста 70 мыңдай ардагерлер есепте тұрады. Қызылорда облыстық ардагерлер ұйымы 2 қалалық, 7 аудандық, 5 салалық, 725 бас­тауыш ардагерлер ұйымдарынан тұрады. Жасыратыны жоқ, облыста аға буынға деген оң көзқарас  қалыптасқан.  Аймақта бірде-бір саяси, әлеуметтік-экономикалық, халықтық, мемлекеттік, мәдени-көп­шілік шаралар ардагерлердің қатысуынсыз өтпейді. Олардың бірде-бір ұсы­нысы, пікірі, ақыл-кеңесі, ескертпесі ескер­усіз  қалмайды. Оны «ардагерлер мә­селесіне келгенде біздің облыстың барлық дәрежедегі басшыларының лексиконында  «болмайды» деген сөз жоқ» деп  төрағаның  өзі  де мо­йындады. Осы­лайша, осы өткен 30 жылда облыс ардагерлер  ұйымдарында бірқатар оң өзгеріс­тер, тәуір тәжірибелер жинақталып, халыққа, елге, қоғамға, ардагерлерге пайдалы дәстүрлер қалыптасып, ардагерлер арасында жүргізіле­тін сан алуан, көпсалалы, көптарапты, көпмақсатты жұмыстардың заман, уақыт талабына сай жаңа бағыттары мен бағдарлары, әдістері мен үрдістері, нақты мақсаттары мен мұрат­тары айқындалып, қалыптаса бастағанын алға тартқан төраға ардагерлер кеңес­інің атқарған сан салалы жұмыс­тарын жіпке тізіп шықты. Бастысы, барлық деңгейдегі арда­герлер ұйымдарының  құрылымдық жүйесі қалыптастырылып, қажетті материалдық-техникалық базамен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, барлық ардагерлердің әлеуметтік картасы толтырылып, ұйымның арнайы сайты ашылған, екі бір­дей үнжариясы шығып тұр, бірнеше кітап жарық көрген, түрлі мәдени, спорттық шаралар өткізіледі, әлеуметтік қамқорлық көрсетіліп, шипажайлар мен сауықтыру орындарына жолдамалар берілген, әрбір мереке күндері марапаттан да кенде емес. Ең негізгісі, 2006 жылдан бастап, республикада бірден-бір облыс ретінде «Қоғамдық келісімді нығайтуға  арналған әлеуметтік маңызы  бар іс-шараларды» ұйым­дастыру үшін мемлекеттік сатып­  алудың ашық конкурсына қатысып, облыстық ардагерлер кеңесін қаржыландыру мәселесі шешілген. Әрине, еліміз­дегі 5000-ға тарта қоғамдық ұйымдардың ішіндегі ірі де іргелісі саналатын бұл ұйымғ­а  мемлекеттік  әріптес­тік негізінде қыруар қаржы бөлінеді. Мұны  кеңес төра­ға­сы­ да  жоққа  шығармайды.

- Әділеттік үшін айтуымыз керек, соңғы жылдары мем­лекеттің  де қоғамдық ұйым­дарға деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Мемлекет олармен әріптестік жағдайда қызмет атқаруға ынталы екендігін, арнайы бағдарламалар бо­йынша оларды қаржылан­дыруға дайын екендігін іс жүзінде көрсетуде. Мемлекеттің қазіргі саясаты елдің, халықтың сұранысын, өтіні­шін, мұқтажын, қажеттілігін, қордаланып қалған мәселелер­дің бірқатарын осы үкіметтік емес ұйымдар – үшінші сектор арқылы шешуді қарастыруда. Өйткені мемлекеттік органдардың қолы қоғамда орын алып отырған мың да бір мәселенің бәріне бірдей жете бермейді. Ол мүмкін де емес, - дейді  С.Шаухаманов.

Бізді жүйелі жұмыстар жүр­гізіліп, ұйымның алға ілгері­леуіне қанша қаржы бөлініп, жұмсалғаны қызықтырды. Өкінішке орай, бұл ретте бас баяндамашы да, қосалқы баяндам­а жасағандар да бір ауыз айтпады. Әйтсе де, облыс ардагерлерін толғантатын, әлі де шешімін таппай келе жат­қан, яғни ардагерлердің өмі­ріне, өзіне тікелей байланысты өткір де өзекті, өміршең, кезек күттірмейтін мәселелер де бар екен. Олар – көп жылдан бері ардагерлер туралы заңның қабылданбауы; соғыс ардагерлеріне теңестірілген еңбек ардагерлерінің ерен еңбегін елеудегі әділетсіздіктер, яғни оларға тең жағдай, қамқорлық жасау, демек, қазір­гідей 2 айлық есептік көр­сеткіш емес, 10 АЕК көлемінде­ жәрдемақы беру; ақшаның құнсызданып, азық-түлік, әсіресе ардагерлердің екінші тамағы - дәрі-дәрмектің, коммуналдық төлемдердің тұрақты өсуі; ардагерлер, студенттер мен оқушылардың қоғамдық көліктерде  тегін жүруі; шипажайларға  жолдама  беру.

Кеңес төрағасы көтерген мәселелерге орай пленумға қатысып отырған облыс әкі­мінің орынбасары Руслан Рүс­темов те өз пайымын білдірді.

- Елбасымыз айтқандай, қазір – ынтымақтасу мен іскер­лік кезеңі. Адамдардың өмірін жақсартуға  бағытталған  шағын қадамның өзі құр даңғазалықтан әлдеқайда маңызды. Қартын қадірлеген елдің қашанда мерейі үстем тұратынындай, біз алдағы уақытта да ұйым қызметінің бастамаларына қолдау көрсете беретін боламыз. Дей тұрғанымен, көтеріл­ген мәселеге орай айтарым, ардаге­рлердің  қоғамдық көлік­терде тегін жүруі – бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешілетін мәселе. Бүгінде қала әкімдігі мен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің арасындағы меморандумға орай көз мүгедектері мен мүгедектік арба­сына таңылғандар көлікте тегін жүре алады. Ал, әлеуметті жаппай тегін жолдамамен қамту мүмкін емес, шипажайларға жолдама мүгедектерге ғана беріл­еді. Былтыр бюджеттен тыс көздер арқылы 50 жолдама берілді. Ардагерлер үшін күн­дізгі стационарларда емдеу қызметі тегін жүргізіледі. Келесі­ Ұлы Отан соғысы ар­дагерлеріне теңестірілген жандар­дың  жәрдемақысын 2  АЕК-тен  10 АЕК-ке көтеру­ді, дәрі-дәрмектің қымбат­тауына  қатысты  мәселеге  орай осы пленум шешімімен еліміз­дің еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау, денсаулық сақтау министрліктеріне ұсы­ныс­  беру керек, - деді ол.

Сонымен қатар, Руслан Рүстемұлы  атқарушы  биліктің қарап жатпағанын, яғни 2006 жылдан бері мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс шеңберінде қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын, бұл бағытта ардагерлер ұйы­мына әлеуметтік жобаларға 2016  жылға  облыстық  бюджет­тен 10,6 млн теңге бөлінсе, 2017 жылы 35,9 млн теңге қаражат қаралғанын жеткізді. Біз­дің көңілімізді аударған бір жайт, билік өкілінің аузынан шыққан осы сандарды естіген жиынға қатысушылардың арасын­да қозғалыс пен таңданыс  байқалып, өздерінің қаржылық мәселеден бейхабар екендігі сезілгендігі еді. Мұның өзі біздің жоғарыда айтылғ­андай, «жұмсалған қаржы  туралы  бас баяндамашы­ да, қосалқы баяндама жасағандар да бір ауыз айтпады» деген ойымызды дөп басқандай болды. Мұны былай қойғанда, ұйымның  жұмысы мемлекеттің мүддесімен мүдделес, атқарушы  биліктің үнімен өзектес дегенді алға тартқан кеңес төрағасының да, өзге шығып сөйлеушілердің де баянда­маларынан мақала­мыздың басында тоқталған Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы, одан қалды, облыс әкімінің жасап жатқан жұмыстары, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бір ауыз сөздің айтылмауы көңілімізді күпті етті. Осы олқылықты облыс­ әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің ардагерлерге деген інілік назы әрі биліктің базынасы толықтырғандай болды. Ол ашық айтты, әділін  айтты.

- Ардақты ағалар, әкелер, ардагерлер ұйымдарының 30 жылдық даталы кезеңімен құттықтаймын. Ардагер сөзі­нің этимологиясына өзімше үңіліп көрдім, халқымыздың барлық тыныс-тіршілігі, әдеп-ғұрпы, өмірі көшпенділікке негізделіп, пәлсапалық ой-тұжырымдары байланысып, мақал-мәтелдеріне дейін төрт түлік малмен, кәсіппен астасып  жатыр. «Арда емген» деген­ сөз бар, түбіріне келсек, арда ему – уызына жарыған дегенді білдіреді, барлықтарыңыз да салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, даналық ой-тұжырымды білетін  абыз ақсақалдарсыздар,  көргені көп, уызына жары­ған жандарсыздар, ең басты ерекшеліктеріңіз – осы. Ардагер  сөзінің бір мағынасы – ардақты деген сөз, арды биік ұстау, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп, бүкіл өмір бойы намысын, арын биік ұстаған азаматтарды ардагер деп түсінемін. Қазақтың  көрнекті  әдебиеттанушысы, белгілі жазушы Н.Келім­бетов «Қариялар» атты кітабында қарт кісілерді төртке бөлген. Шал - отбасы, ошақ қасынан  ұзап шыға алмай, түтін  аңдып, үй аралап, саяси өсек  айтатын  қарт. Қария – өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргі­зе­тін қарт. Ақсақал – ауыл-аймаққа беделді, айтқанын ауылына өткізетін, өзгелер оның кеңесіне мұқтаждық таныты­п тұратын, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қарт. Абыз – ұлтын ұйыстыратын, бойындағы даналығ­ы мен көрегенділігі арқыл­ы ой қозғап, терең тебірентетін, айтқан ақылы жаныңды тербеп, жүрегіңе жол табатын, от ауызды, орақ тілді кешегі шешендердің сарқыты. Бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан  сіңірген  қарт.

Бүгінгі пленумның апта бұрын  ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар:  рухан­и жаңғыру» атты мақала­сынан кейін іле-шала өтуі үлкен символикалық мәні бар деп ойлап едім. Алайда бас баяндамашы да, шығып сөй­леушілер де Елбасының бағдарламалық мақаласына тоқталмадыңыздар, облыстың дамуы­ туралы жеткіліксіз айтыл­ды. Осында Мемлекет басшысының саясаты, бағдарламалық мақаласы, облыс әкімдерінің  рейтингісінде көш бастап келе жатқан аймақ басшысының жұмыстары сіз­дердің ауыздарыңызбен айтылса, халыққа сіңімді болады. Бірақ соны байқамай жүрміз. Ақыл-кеңестеріңізді, ағалық ойларыңызды ескеруге тиіс­тіміз, сіздер де біздің назымызды ескере жүрсеңіздер, - деді Р. Рүстемұлы.

Әрине, біз бұл жерде біреу­ді даттап, біреуді ақтап алайық, ұйымның атына қара күйе жағай­ық деген ойдан аулақпыз. Ел Президентінің өзі ұлтты біріктіру жолында ұлттық идеян­ы ортаға тастаған сәтте көргені көп көш бастайтын алдың­ғы  буын ағалардан  ортақ ой күткенімізді несіне жасырайық. Өткен өтті, жасалған жұмыстарды жария еткен де әбестік емес шығар, кеңес төрағасының сөзімен айтсақ, «ішіп тоймаған жалап тоймайды», бірыңғай жәрдемге, көмекке, қолдауға сүйеніп жұмыс істеуге­ болмайды, «киіз кімдікі болса, білек соныкі» дегендей, ардагерлер ұжымдары «жоқтан бар жасайтындай» іскерлікпен, белсенділікпен, ізденімпаздықпен, жаңашылдықпен, жанаш­ырлықпен жұмыс істеулері керек». Әрине, жоғарыда айтқандай, рухтың жаңғыруын ұлттың жаңғыруына теліп, еліміз­дегі түрлі қоғамдық ұйымдардың көшбасында тұрған ұйымның ұлтты ұйыстыра алатын қабілет-қарымы болғанын жөн санаймыз. Ендігі жерде де ардагерлеріміз­ге қасиет қонған қариялық қалпынан айнымай, ағалық, ақсақалдық абыройды шашпай-төкпей алып жүруге жазсын. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесінің онан әрі беки беруіне, ел  бірлігінің нығая беруіне аға буынмен бірлесіп еңбек етуге билік те бейілді. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – алтын да емес, ақша да емес, уақыт. Уақыт – әмірші, уақыт – төреші, уақыт – емші, уақыт – сыншы. Ендеше, алдағыны сол жоғары мәртебелі уақыттың еншісіне қалдырайық.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

 


«Бұл НИ деген қуаныш, бұл НИ деген бақыт...» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.04.2017 12:01

Бізде бәрі бола береді, таңғалмайтын жайттар да болады­, бірақ аптаның басындағы барлығымызды аң-таң қылған ақпарат­ты қалай қабылдарымызды білмей аңтарылғанымыз рас. Мұғалімнен қосымша жүктеме үшін 5000 теңге талап еткен­ мектеп дирек­торының­ сотталған­ын білеміз, ал миллион­ доллар (!) парамен ұсталған­ пенденің босатылып шыққанын түсініп көріңіз. Құй сен, құй сенбе, Алматы соты былтыр 1 млн доллар парамен ұсталған «Қорғас» халық­аралық орталығының басшысы Василий Нидің кінәсін бірден мойындай қоюы жеңіл жазаға себеп болды деп түсіндіреді.

Естеріңізде болса, орталық басшысының қолына өткен жылғы  қыркүйекте  кісен салынған еді. Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы ұлттық бюроның мәліметінше, әлгі сомаға ол халық­аралық орталықтың аумағында 5 жұлдызды қонақүй салуға рұқсат етпек болыпты. Сөйтіп, келісілген ауызбастырықты алуға  қарамағындағы  бөлімнің жетекшісін жұмсаған көрінеді. Қызығы  сол, бірі ақша бопсалап, екіншісі оны жеткізумен айналысқан екеуді түрмеден  шығаруды  прокурорлардың өздері  сұраған  екен. Уәжі – бұлар бұрын істі болмаған, кінәсін де тез мойындады, әрі кішкентай баласы бар. Бұл уәжбен сот та тез келісе кетіпті. Десе де, Фемида қызметкерінің бұл үкімін қарапайым жұрт та, қоғамдық белсенділер де қолдай алар емес, олар  түгілі, мұны заңгерлер де түсіне алмай отыр. Ақпарат жылт еткелі, әлеуметтік желілерде жарыса талқыланған пікір­лер, әжуалы сөздер бой көрсетті. «Кінәсін мойындағаны үшін ғана аса ауыр қылмыс жасаған адамның жауапкершіліктен босаты­лғанын  көптен бері естіген емеспін. Бұл жағдайда дүние-мүлкі  тәркіленбеді, айыппұл да салынбады. Тіпті қызметін ары қарай  жалғастыра беруге мүмкіндігі бар екен. Ерекше­  жұмсақ  үкімге  параның сомасы әсер еткен болар»,  - дейді  заңгер  Ж.Өтебеков  «КТК»  арнасына.

Ал, фейсбуктегі парақшала­рында қоғам белсендісі Мұрат Әбенов­ «Секреты модер-НИ-зации!», GoLden Bek есімді желі қол­данушысы «Бұл Ни деген қуаныш, бұл Ни деген бақыт...», журналист Өміржан Әбдіхалықұлы «1 млн доллар пара алғаны­ үшін  ғана  қылмысты  істен  босатқан  ғой, 1 млн теңге алса, сотталып кететін еді. Миллион теңгені қайсысына жеткізесің... Ал, миллион доллар ол – басқа әңгіме... Мырзалар­, ставка 1 млн долларға өсті. Анау-мынауға қол­да­рыңды  былғамаңдар!», саясаттанушы Айдос Сарым­ «-Подсудимый, ваша фамилия? – Мыркымбаев. Но в школе все меня звали Ни», журналист Ерік Рахым «Жұртты жаппай «нилетіп» жіберді. Осы Нидің баяғы Ниге қатысы бар сияқты. Ол да оңдырмай «нилету­ші» еді ғой...», продюсер Серік Абас-Шах «НИ стыда, НИ совести, НИ чести», журналист Жарылқап Қалыбай «Тиын ұрлаған – сотталып, миллион $ ұрлаған – ақталған заман!» деген сынды пікірлерін қалдырыпты. Есесіне биліктегілер де, депутаттар­ да үнсіз. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кешіп отырмыз енді...

Н.КЕНЖЕТАЙ

 


Күнтізбе

< Сәуір 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары