Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 04 Мамыр 2017

Палата жас кәсіпкердің 681 750 теңгесін қайтаруға көмек көрсетті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.05.2017 08:45

Осы жылдың сәуір айында Кәсіпкерлер палатасына жас кәсіпкер Бекенбай Досболдан өтініш келіп түскен болатын.

«Кәсіпкерлік жолды бастағаныма бір жылдан аса уақыт болды. Осы кезең ішінде мемлекеттік сатып алу тендеріне қатысып, келісім-шартқа сай міндеттерімді атқарып, мемлекетке тиісті салығымды уақытылы төлеп келемін.

Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауларында ел экономикасына басты серпін беретін, қозғау салатын саланың бірі – шағын, орта бизнестің әлеуетін арттыру айтылып келеді.

Кез келген шағын кәсіптің дамуы оның айналымындағы ақшасының сақталып, үнемі өсіп отыруында. Мадраимов Бауыржан мырза басқарып отырған «Қызылордажылуэлектрорталығы» ШЖҚ МКК-мен жасалған келісім-шарт бойынша өз міндеттерімді толығымен және шарт мерзімі бойынша уақытылы атқарып, мекемемен тиісті алыс-беріс актісіне қол қойылған болатын.  

Алайда жұмыс жасаған мекеме өзіме тиесілі 681 750 теңгені уақытылы төлемеді. Сол себепті облыстық ауданаралық сотына беріп, сот аталмыш қаржыны менің пайдама өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Қаржы тапшылығына байланысты оқу мен кәсіпті қатар ала жүріп, тапсырыстың тиісті қаражатын таныстарымнан қарызға алған болатынмын. Тапсырыс берушінің қаржыны уақытылы бермеуі салдарынан материалдық шығынға ұшырап, кәсібім тығырыққа тірелді», - деген жас кәсіпкер Бекенбай Досбол Палатадан қаржысын қайтаруға көмек көрсетуін сұраған болатын.

Палата заңгерлерінің жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде іс оңынан шешіліп, кәсіпкерге екі күннің ішінде 681 750 теңге ақшасы аударылған.

Жақында кәсіпкер Палатаға және бір хат жазды. Досбол хатында Палата заңгерлерінің, нақтырақ айтқанда Ирина Кимнің тиісті қаражатты жедел өндіріліп беруге қосқан еңбегіне алғысын білдірген.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«Атамекен» мәселе көтерді: құрылыс нысандарының сараптамасы өзін-өзі реттеу керек пе? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.05.2017 08:30

Нарық даму жолын өзі бағдарлау керек.

Кәсіби қоғамдастық, яғни аккредиттеуден өткен сараптама ұйымдарының құрамындағы аккредиттелген сарапшылар «Атамекен» алаңында бас қосып, құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу бойынша өзін-өзі реттеу институтын енгізу мәселесін кеңінен талқылады.

Жиынды ашқан «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу Қазақстан Республикасының «Өзін-өзі реттеу туралы» Заңының талабы екенін атап өтті.

«Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заң талабын жүзеге асыруда Реттеуші әсерді талдау бойынша жұмыс тобын құрып, 2 жиын өткізді. Отырыс барысында бизнес-қоғамдастықта біршама сауалдар туындады. Бүгінде Ұлттық палата қатысушы ретінде осы мәселені бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен талқылауға өз алаңын ұсынып отыр. Жұмыс тобының қорытындысы шешім шығаруы үшін Ұлттық экономика министрлігіне жолданады», - деді Елдос Рамазанов.

Талқылау қорытындысы ҚР Премьер-министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен өтетін Кәсіпкерлік бойынша ведомствоаралық комиссияда шығарылады, онда Ұлттық палата шоғырландырылған позициясын ұсыну керек.

Кеңейтілген талқылауда Заңнама және өзін-өзі ретеуді дамыту департаментінің өкілі Айдын Төрежанов өзін-өзі реттеу мәселесіне қатысты баяндама жасады. Ал ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорының орынбасары Асланбек Жакупов реттеуші әрекетке талдау жүргізу тәртібі жөнінде баяндады.

Асланбек Жакупов өзін-өзі реттеу ұйымдарын құру туралы шешімді сараптамалық ұйымдар ғана қабылдайды деп түсіндірді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі әрбір өкілмен сөйлесіп, бірыңғай Өзін-өзі реттеу ұйымын құрудан және оның көптігінен туындайтын тәуекелдер мен шығындарды бірлесіп анықтауға дайын.

Бағалау қызметінде Өзін-өзі реттеу ұйымын құруды талқылау ымыралы шешімге келуге әсер етті.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті ұсынған құрылыс сараптамасындағы өзін-өзі реттеу ұйымы қызметінің нұсқалары түбегейлі емес, сондықтан баламалы ұсыныстарды Ұлттық палата да, ұйымдардың өздері де бере алады», – деді Асланбек Жакупов.

«ҚР Жобалаушылардың ұлттық қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Серік Рүстембеков сөз сөйлеп, бірыңғай өзін-өзі реттеу ұйымын құрғанда бәсекелік қағидалары бұзылмайтындығын атады.

Сараптамалық ұйымдар күн тәртібіндегі мәселелерді қызу талқылады. Пікір білдіремін деген қатысушылар орын алған мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Осылайша, Ұлттық палата еркін пікір алмасу алаңын ұсынды. Жекелеген мәселелер Сараптамалық ұйымдар палатасының қызметіне қатысты болды. Бұл коммерциялық емес ұйымның Төралқа төрағасы Михаил Косачев пен Басқарма Төрағасы Бірлік Ережепов барлық сауалдарға жауап берді.

«Барлық мәселелер жалпы жиналыста шешіледі. Сараптамалық қорытындылар алқалы органдарда қаралады, әрбір қорытынды, әрбір сараптамалық ұйым бойынша соңғы шешім диалогтық режимде қабылданады», – деп нақтылады Бірлік Ережепов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов жиынды қорытындылай келе, өкілетті органдар өз жұмысында бүгінгі талқылау барысында айтылған ой-пікірлерді назарға алуларын ұсынды, сондай-ақ «Атамекен» палатасы ҚР Үкіметіне бизнестің шоғырландырылған ұстанымымен шығу керектігін айтты.

Басқарма Төрағасының орынбасары  ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде өткен 2 жиын салалық бизнес-қоғамдастықтың пікірін анықтауға аздық ететінін атап өтті. Елдос Рамазанов қай бағытпен даму мен өкілетті органдар деңгейінде өз ұстанымын айтуда нарықтың өзі анықтау керектігіне қатысушылар назарын аударды.

 


«ҚҰТТЫ ОРЫНҒА» КІМ ҚОНАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.05.2017 16:35

Мамыражай мамыр мен маусымда ҚР Парламенті Сенаты сайлауының «қазаны» қайнағалы тұр. Сәуір­дің соңынан бастап саяси өмірдің көрігі қызып, саясиланған тұлға­лар­дың дегбірін қашырған Сенат сайлауы да – анау-мынау емес, өзіндік орны бар саяси науқан. Сенаторлықтан дәмелілер жыртылып-айырыл­ғанымен, «құтты орынға» қонатындардың қауқарлы һәм қалталы болып келетіні бесенеден белгілі. Себебі сол, сенатордың орынтағынан дәмелі әр үміткер 17 миллион  теңгесін  жұмсау­ға  дайын  болуы керек. Мемлекет басшы­сы Сенат сайлауын өткізу тура­лы Жарлыққа қол қойғаннан кейін-ақ, 28 сәуірде бас қосқан Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың сайлауалды науқанға жұмсайтын ақшасын санап шығарды. Үміткерге 4 миллион 891 мың теңгені өз қалтасынан және демеушілерден 12 мил­лион 229 мың теңге жұмсауына рұқ­сат етілді. «Құтты орынға» қонатындар қауқарлы һәм қалталы  болады  дегені­міз – осы. Оған қосарымыз, билікке жақын жүретіндердің  аяғына  жөргем ілінетіні  тағы  бар.

Сонымен, атқа мінгені бар, таққа мінгені бар, талай­лар тақымын қысып отыр. Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, Сенат «төріне» таласушылар ауыл-аймақты, көше-көшені аралап, дастарқаннан дәм татырып, «аспандағы айды алып беруге» бейілді құрғақ уәдемен халықты алдай алмайды. Есесіне кезінде жұртты жылтыр­ сөзбен жарылқағаны бар, жергілікті биліктің отырғызғаны бар, біз сөзбен айтқанда, халық алдында­ «ақ жарылқап күн туғызып», артынан биліктің ығына жығылып, бүгінде облыстық, қалалық, аудандық мәслихат мінберінен сөз сөйлеп жүрген депутаттардың «көңілін аулайды». Яғни, Сенат депутаттарын сол жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы таңдайды. Орталық сайлау комиссиясының мәліме­тінше, Қазақстан Республикасында облыстық, қалалық  және аудандық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты бар, Сенат депутаттарын сайлау олардың таңдауына байланыс­ты болады. Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс стажы бес жылдан кем емес, сондай-ақ еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауыс­қа түсетін өңір аумағында кемін­де үш жыл тұрақты­ тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сена­тының депутаты бола алады. Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар  саяси­ партия­лар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі бар. Парламент Сенатының депута­ттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі  барлық мәслихаттар депутаттарының кемін­де­ он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдау­ мәслихаттар депутат­тарының тиісті қолдар санын жинау  арқылы куәландырылады.

Бүгінде жер-жерде кандидаттарды ұсыну мен үміткерлерді тіркеу қатар жүріп жатыр. Нақты айт­қанда, сайлауды­ әзірлеу мен өткізу бойынша жос­парға сәйкес кандидаттарды ұсыну 28 мамырға дейін жүргізілсе, үміткерлерді тіркеу 7 маусымға дейін, ал сайлауалды  үгіт  жұмыстары  8  маусымда  басталып, 26 маусым күнгі сағат 00:00-де аяқталады. Дауыс беруд­і, дауыс санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комис­сиялары бір күн ішінде – 28 маусымда жүргі­зеді. Қызылордалықтарды қызықтыратыны - Сыр өңірінен сайланған Мұрат Бақтиярұлының сенаторлық мерзімінің аяқталуына орай осы орынға талап­танатын­дардың аз болмайтыны, әрі кімнің «асығының алшысынан тұратыны»?  Дода енді бас­талды, оны алдағы күндері білетін боламыз. Ал, облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына 5 үміткер тіркелді. Олар: облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова, Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы Ержан Әжікенов, “Байкен-Ю” ЖШС бас кеңесшісі Ғайнулла Жарқынбаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, “Байқоңыр” әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаев. Кандидаттардың ұсынылған құжаттары тексеріліп, олардың заңнамамен қойылған талаптарға сәйкес келетіндігі туралы хаттамалық шешім қабылданып, таңдаушылардың қолдауын алу үшін қол қою парақтары  берілген.

Айтпақшы, мемлекет бас-аяғы 47 сенатордың сайлауы­на 92 млн теңге жұмсағалы отыр. Ал сенатор­лардың 32-сін жергілікті мәслихаттар дауыс беріп таңдаса, 15-ін президент тағайындайды. Сайлау 28 маусымға бел­гіленгенін айта кетейік. Бізге керегі, Сенат креслосына кім отырса да, өз қамын емес, ел қамын күйттеп, мұң-мұқтажын жоғарғы биліктің құлағына жеткізетін  болса екен.

Н.КЕНЖЕТАЙ

 


ЕРЛІК – ЕЛДІКТІҢ ҚАСИЕТІ, ЖҮРЕКТІЛІК – ЖІГІТТІҢ ҚАСИЕТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.05.2017 16:32

Биыл – еліміздің Ұлт­тық Қарулы күш­терінің құрылғанына 25 жыл. Ширек ғасыр ішінде Қазақстанның әскери қабілеті артып, қуат­тылығы кемелденді. Тәуелс­іздік  алған  тұстан бері  әскери  қалқанымыз даму  қарқынын  үдет­песе азайтқан емес. Бүгінде елдің, жердің жауапкершілігін  мойнына  жүк­теген Отан қорғаушылар күні жақындап келеді. Мұнан соң айтулы күннің ізін Жеңіс күні мерекесі жалғай­ды. Біз әр таңымызды тыныштықпен қарсы  алсақ, бақыттымыз. Себебі сұрапыл со­ғыстың куәгері емеспіз. Жұртшылыққа жарқын көңіл, бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлер тек құрметке лайық. Шай­қасқа шыққан батыр­ларымыздың өлшеусіз еңбегі  өз  алдына, намыс­қойлығы мен қайсарлығы   ұрпаққа  үлгі.  Ерлік – елдіктің  қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті.

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. 1991 жылдың 25 қазанында Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен Қазақ КСР-нің қорғаныс комитет­і құрылды. Мұнан соң республиканың қор­ғаныс мәселе­лерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланыс­ты қорғаныс комитеті Қазақстан Респуб­ликасының Қорғаныс министрлігі болып қайта жан­данған. Бір жыл өткеннен кейін Елбасы Жарлығы негізін­де Қазақстан аумағындағы Қарулы Күштер өз мүліктерімен қоса, тікелей республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы жауапкершілігін ел Президе­нті Н.Назарбаев өз мойнына алды. Сол уақыттан  бері Қарулы  Күштердің құрылған күні «Отан қорғаушылар»  күні  болып тәуелсіз Қазақ­станның  төл  тарихына  енді.

Сондай-ақ, Елбасының Жарлығымен 3 жүйелі штаб: жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштерінің штабтары бекітілген. Қазіргі таңда Қазақстан бейбіт заманда өмір сүруде. Десек те елімізді қорғау – әрбір азаматтың парызы мен міндеті. Елімізде жылына екі рет 18 бен 27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер әскери қызметке шақырылады. Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны 25 наурыз бен 26 маусым аралығында жүргізілмек. Қызылорда облысы Қорғаныс  департаментінің баспа­сөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылғы көктемгі әскери қызметке шақыру жұмыстарын сапалы өткізу мақсатында Қызыл­орда облысына қарасты аудандар мен Қызыл­орда қаласындағы, кенттер мен ауылдық округтерінде бекітілген жоспарға сәйкес әскер қатарына  шақырылушылар  және  олардың  ата-аналарымен алдын ала зерделеу жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде облыс бо­йынша қаңтар-ақпан айларында 4326 азаматқа зерделеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде іріктелгені 3336 азамат болса, іріктеуден алынғаны – 1411. Қазіргі таңда болашақ Отан қорғаушылар медициналық комиссиядан  өтуде.

Бүгінге дейін Сыр өңірінен 14 топ әскерге аттанған. Яғни, 400-ден аса азамат әскери­ қызметке жарамды деп танылып, Отан алдын­дағы борышын өтеуге жіберілді. Облыс­тық Қорғаныс департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы көктемге  Қызылорда  облысынан Қазақстан Республикасының  Қарулы Күш­тері мен өзге де әскери құрылымдарына қызметке 800-ден аса азамат аттанады. Әскерге шақы­рылғандардың моральдық-іскерлік сапа­сына  келер  болсақ, көбіне бас және аяқтың  түрлі сырқаттарының  әсерінен Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілмейді. Ал әскери­ қызметті көбіне оқу орнында оқитын  студент­тер  кейінге қалдырады.

Егемендік алғаннан бергі кезеңде Ұлттық әскер өз қызметін мүлтіксіз атқаруда. Қазіргі таңда Қазақстан әскери қызмет жағдайын дамытуды дербес анықтайды. Қару-жарақтар мен техникалардың орналасу мәселесін шешеді. Осындай еселі еңбектің нәтижесін­де республика әскерінің күш-қуаты ны­ғайып, жыл сайын жаңарып келеді.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


СЫН САҒАТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
04.05.2017 16:22

Көктем мезгілі бел ортасынан асса да, әлі де әлегі таусылмай жатыр. Сырдарияны жағалай қонған жұрт үйдегі жүгін буып-түйіп дайын отыр. Оған себеп мынау.

Шардара су қоймасы­на соңғы 48 жылда болмаған су жиналды. Ал Сырдария өзенінің арна­сымен 1400  текше метр су  өтіп жатыр. Алдағы күндері бұл көрсеткіш 2 мың текше метрге дейін артуы мүмкін. Су көлемінің 3,5 есеге өсуі бізге қауіп төн­діреді. Осының салдарынан 207 шақырым теміржол, 67 шақырым автожол, 137 шақырым электр же­ліле­рін, 56 елді мекен, 357 мың адам, 84 мың баспананы, шаруа қожалықтарындағы 247 мың   малды  су  алу қаупі туындап отыр,- деді облыс әкімі Қырымбек Кө­шербаев су қаупіне байланысты өткен шұғыл  жиында.

Аймақ басшы­сының төрағалығымен өткен бұл жиын өте маңызды. Өйт­кені тілсіз жаудың бұл жолы қарқыны қатты. Шардара мен Көксарай су қоймасы қазіргі күні лық толы. Мұның дер кезін­де алдын ал­маса, Сырдария сес көрсетуі мүмкін. Сондықтан барлық аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына артылар міндет те зор. Қалыптасқан ахуалға сәйкес облыс әкімі барлық аудан әкімдерімен онлайн байлан­ысқа шығып, қатаң тапсыр­ма жүктеді. Тиісті техникалармен  қамтамасыз  етуді тапсырды. Тіпті,  көршілес об­лыс­тардан  да  қажетті тех­ни­ка­ларды  әкелуді міндеттеді. Осыдан-ақ қауіптің қандай екенін  бағамдай беріңіз. Топан  судың  қалай  алдын  алмақпыз?

Қазіргі таңда су шаруашылығы  мамандарымен  ақылдасып, шешу жолдарын талқылаудамыз. Су 1600-2000 текше метр­ге көтерілген жағдайда, оның 600-ден астамын Жаңақорған, Шиелі аудандары қабылдайды, қалғаны Қызылорда су тора­бынан өтеді,- деді облыс әкі­мінің орынбасары Серік Қо­жаниязов.

Десе де, мұнымен қауіп сейі­леді деген сөз емес. Әсіресе, Жаңақорған ауданында 8, Шие­ліде 4, Сырдарияда 3, Жалаға­шта 5, Қармақшыда 4, Қазалыда 11, Аралда 2 елді мекен­, Қызылорда қаласында 9 қауіпті аймақ бар. Онымен қоса Сырдарияның сол жаға­лауын игеру жобасы биыл басталғаны  белгілі. Егер  бұл қауіпке  төтеп  бере алмасақ, сол  жағалау­ды су шайып кетуі бек  мүмкін.

Ал тілсіз жауға жауапты басқарм­аның мәліметі төмендегідей.

Қауіпті деген тұстарға 135 жауапты мекеме бекітілді. Оларға 403 техника, 1685 жұ­мыс  күші, 101 тонна жанар-жағармай, 109 мың 500 қап, т.б. қажетті материалдар жіберілді. Халықты  көшіруге  82 эвакуациялық жинақтау және 96 қабылдау пункті дайын тұр,- деді облыстық жұмыл­дыру дайындығы басқарма­сының  басшысы  Серік Сермағамбетов.

Ауа райы туралы да жақсы ақпарат айтылмай тұр. Оңтүс­тіктегі көршілес мемлекет­терде 3-15 мамыр  аралығында шауын­-шашын  мол  болмақ.

Келесі күні БАҚ өкілдері Сырдария және Жалағаш ауданына аттандық. Тілсіз жауға  төтеп  беретін  жауаптылармен жүздестік. Әуелі Сырдария ауданына бардық. Жұмыс күші қауіпті деген аймақ­тарда  тиісті  жұмыс­тарды  атқару  үстінде.

Сырдария аудандық бюд­же­тінен 58 млн теңге қара­жат­  бөлінді. Оның 28 млн теңгесіне  ақпан-наурыз айларында қорғаныс бөгеттерін ны­ғайт­у жұмыстары жүргі­зілді. Қазіргі таңда ауданда жедел штаб құрылды. Аудан бойынша Тереңөзек  кенті, Нағи Ілиясов және Қалжан ахун ауылын су басу қаупі туындап отыр,- дейді Сырдария ау­даны әкі­мінің орынбасары Бақытжан Лекеров.

Бүгінгі таңда Нағи  Ілиясов ауылы маңындағы «Ысқақ Қайыр» учаскесінде 2 техника, 60 адам жұмыс істеуде екен. Жауапты мамандардың ай­туынша, барлық қауіпті учаскелерде жалпы саны 338 адам күші, 19500 дана  қап  жеткі­зі­ліп, 17 техника жұ­мыл­дырыл­ған. Сонымен қатар халықты қалыптасқан  жағдайға  сәйкес ақпараттан­ды­рып  отыр.

Жалағашта да жағдай осы. Су тасқынына дайындық. Аудан территориясында Сырда­рия өзенінің ұзындығы 84,5 шақырым, Қараөзек арнасының ұзындығы 48 шақырымды құрайды. Өзеннің оң жағалауында 55,4 шақырым, сол жағалауында 29,1 шақырым, Қараөзек  арнасында  8,3 шақырым қорғаныс бөгеттері орналас­қан. Қауіпті су басу аймағын­да жобамен 70 000 га жер орналасқан. Атап айтқанда, 5300 га ауылшаруашылық жерлері, 100 шақырым электр желілер­і, 50 шақырым теміржол, 50 шақырым автокөлік жол­дары бар. Қауіпті аймақ­тарға М.Шәменов ауылы, Таң ауы­лы, Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Далдабай елді мекен­дері белгіленген. Қазіргі күні аталмыш ауылдарды тас­қын судан аман алып қалу үшін қорғаныс бөгеттерін нығайтып, қосымша бөгеттер тұр­ғызылуда. Ал ауыл адамдары болса, жұмысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар бөгетке қажетті қамыстарын әкеліп, қол көмектерін беріп жатқандар да бар.

Түйін. Табиғат тосын мінез танытып, Сырдария сес көрсетіп тұр. Ал оны жағалай қонған жұрт жанын шүберекке түйіп отыр. Тілсіз жаудың салдарымен күрескеннен гөрі, алдын алған маңызды. Сондықтан жұмыла көтерген жүк жеңіл. Тасқын суды татулық жеңбек.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитет­інің  төрағасы  Ислам  ӘБІШЕВ:

Биылғы жылы қаңтар мен сәуір айларын қоса есептегенде  Шардара су қоймасына 13 млрд. текше метр су келді. Дәл осындай үлкен мөлшердегі су  Сырдария өзенінде соңғы рет 1969 жылы болған. 2-16 мамыр аралығында жауын-шашын мол болады деп болжануда. Демек, соның әсерінен судың көлемі тағы да ұлғаюы мүмкін. Оның үстіне Қаратаудың басындағы қар әлі ери қойған жоқ. Өзен арналарының барлық қауіпті тұстарына  жауапты тұлғалар қойылып, кезекшілік орнатылды. Онымен қоса тұрғындардың өздері де ауызбіршілік танытып, жағалау аумағына нығайту жұмыстарын жүргізуде. Егер өзен арнасы тағы да көтерілетіндей  жағдай туындаса, аса ірі көлемдегі суды босату туралы көршілес Өзбекстан мемлекетімен  келіссөздер  жүргізіп  жатырмыз.

 


 

 

Бет  қатталып  жатқанда:

Қазіргі таңда қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде облыс бойынша 687 жұмыс күші, 180 техника жұмылдырылды. Қажетті қабылдау пункттері де дайын. Жамбыл облысынан 13 жүк көлігі әкелінді. Жанар­-жағармаймен толық қамтамасыз етіп отырмыз. 43 елді мекенн­ің тұсындағы 82 учаске бақылауға алынды. Әзірге су бас­қан елді мекендер мен учаскелер тіркелген жоқ,- дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Ағайша Қожантайқызы.

Дәл қазіргі уақытта Өзбекстан мемлекетінен Шардара су қоймасына 1240 текше метр су түсіп отыр. Ал Шардарадан Сырдария өзеніне 1500 текше метр су жіберіліп жатыр. Қызыл­орда су торабы арқылы 528 текше метр су өтуде. Мұның басты себебі – көршілес мемлекеттерде жауын-шашынның мол болуы. Бүгінгі таңда аз да болса қауіп сейілді,- дейді Арал-Сырдария бассейні инспекциясы су ресурстарын басқару және қорғау бөлімінің бас маманы Айгүл Әлібекова.

 


БЕЙІТКЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ЕМЕС, БІРКЕЛКІЛІК КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
04.05.2017 15:28

ЗӘУЛІМ-ЗӘУЛІМ   ЗИРАТТАР

Қай ғасырда болмасын, қазақ халқы сәулет өнерінің ең озық үлгісін көрсетіп келеді. Яғни, архитектура көштен қалған кенже өнер емес. Дегенмен, әр нәрсенің жұмсалу заңдылығы, реттілігі деген болады. Уақытында соны ескермейтініміз өкінішті. «Шаш ал десе, бас алатын» біздікілер кейде тым «кеңдік» жасап жатады. Мәселенің мәнісіне тереңірек бойласақ.

Жол  жиегіндегі биіктігі хан сарайындай, көркі көздің  жауын  аларлық, айшығы аспанмен талас­қан­, сәнді  әрі  көркем бейіттерді көзіміз көріп жүр. Бірі  зәулім, бірі зәредей. Бірақ, бәрінің  жер  астынан алған  еншілері  бірдей.  Ал, үстінен  алғаны...

Кішкентай күнімде үлкендердің «бейітке қызықпа, жазуы­н  оқыма» деп айтатыны есім­де  қалыпты. Дұрыс та шығар­. Әйтсе де, дәл бүгінгі күні  әсемдігі  көз тартарлықтай болып сап түзеген «ғима­рат­тардың» салыну үлгісіне бір таңдай  қағып  өтпеске амалың жоқ. Негізі шариғатта: «Өлген адам­ға құрмет  қыл, ол үшін мал мен  жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой», - деген.

- Қабірді әсемдеуге, күмбезді құрылыс салу мәселесіне де шари­ғат шектеу қояды. Яғни, харамға  жақын  мәкруһ  үкіміне қосады. Сахаба  Жәбирден  жет­кен­   хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне  құрылыс салудан тыйды», - деген. Өкінішке орай, қабір басына­ жарыса салтанатты құрылыс салу қазір мақтаныштың өзі болып­  барады. Бұған көп болып тоқтау айтып, шариғат шеңберінде қабір тұрғызуды ескерте  жүруді  ұмытпаға­нымыз  жөн  болар. Тіпті, несие алып ас беріп, қабір құрылысын жасат­у да  әдетке айналуда. Шари­ғат  кісіге ауырлықты қала­майды. Өзі­мізге ауырлық саламыз, дүниеден  өткен  мар­құмға да сондай ауырлық кел­тіруде­міз. Сол  үшін  саналы адам діни рәсім­дерді орындауда шариғатты негіз етуі керек, - дейді “Айтбай” ме­ші­тінің наиб имамы Қа­йырбек  Отызбаев.

Әлгінде айтқандай, бейітті қоршалап, мәйіттің кім екенін білу мақсатында белгі қойылып, оған тек аты-жөні, тегі, туған  және дүниеден өткен күні жазылса жетіп жатыр­. Ісі кері кеткен заманда, мұны қаншалықты елеп-еске­ріп­, өз-өзімізге тоқтау салып­  жүр  екен­біз?  Көз  жүгір­тіп көрейік...

МӘРМӘР ТАС, ГҮЛЗАР БАҚ  немесе

МАЗАРЫМЕН  МАҚТАНҒАН

КІМДІ  КӨРДІҢІЗ?

 

Әлгі зәулім-зәу­лім мазарлар арасынан қымбат мате­риалдарды пайдаланып, озық үлгідегі тың құрылыс нысанын салуға бекін­гендер де табы­лады. Арасында мәрмәр таспен қаланып, айналасын гүлзар баққа айнал­дыр­ғандары да бар. Бақталастық жасап,­ жарыса мазар салатындардың ісін Пайғам­барымыз  ысырапқа теңесе де, мұның тоқтайтын түрі көрін­бейді. Мазарларды бүгінгідей ескерт­кішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын әмбеге аян етудің, марқұмға да ешқандай пайдасы­ жоқтығын халыққа жан-жақты  тұрғыда  түсіндіру керек­ сияқты. Сірә, олар бейітті сәндеуді шариғатқа қайшы іс, ысырапшылдық деп түсін­бейтін  болар.­..

 

 

ТОҚТЫҚ  пен  ЖОҚТЫҚ

 

Мәселе мынада. Бейіттің сыртқы кескінін көріп-ақ, ішінде жатқан адамның тұр­мыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын бағамдай беретін жағдайға жеттік. Мазарларды араласаңыз, салыстырмалы түрде ой-өрісіңіз сарсаңға түседі. Өйткені, мазарға қарап, кімнің қай әулеттен екенін аңғару қиын емес. Кесекпен салынғ­ан бейітке қарап қарапайым отбасынан шыққан адам екенін білеміз. Бұл нені білдіреді? Тоқтық  пен  жоқтықтың белгісі өлсең де артыңнан қалмайды дегенді ме? Мен білсем, мемлекет үлкен күш! Іске  шындап  кіріссе, болмасты­  болдырады.

Телеарналарды жаулаған сан түрлі сериалдарынан да көріп жүрген боларсыз, түрік ағайындарда бұл мәселе шешімін тапқан сияқты. Ондағы марқұ­мдардың мәңгілік меке­нін қарасаңыз, бәрін бір­дей  етіп салуды қолға алған.­ Айналасы жасыл желекке оранғ­ан. Бар  сәндегендері  осы. Мұнан кейін, біркелкілік бізге  де  керек  деген  ойға қа­лады  екенсің...

 

БЕЙІТ  САЛУ  ДА  БӘСЕКЕ

 

Ертеректе «Даму үшін кез келген нәрсеге бәсекелестік керек»­ деген сөз бекер айтыл­ған екен. Өйткені мұны дұрыс түсінбегендер де бар. Тойхана, кафе, сұлулық салоны, ойын­хана салып­ жарысқандар, бәсекені басқаға да әкеліп тіреді. Қысқа­сы, қалтасы қалыңдар жақындарының бейітін салуға бар күш-жігерін сарп етіп, барын­ша «белсенділік» танытуда. Жағдайы жетіп, мүмкін­дігі болып тұрған соң, «Vip-бейіт» арқылы елден ерекшеленбекші.

Мұның бәрі ысырапшылдық екенін бағамдауға болады. Осы жайында Құранда былай дейді: «Шынында ысырапқорлық шайтанның бауырлары, ал, шайтан Раббысына өте қар­сы». Қалай болғанда да біз­де бәсекелестік пен ысырапшылдық басым. Дана қазақ «Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады» дейді. Ке­ліспеске амалың жоқ. Себебі, бәсекелестік тек бай-бағландар арасында ғана емес.

 

БАНКТІҢ   КӨМЕГІМЕН

БЕЙІТ  ТҰРҒЫЗДЫҚ

 

Күліп келіп, жылап қайтатын қайран қарыз! «Жақыным жер қойнынан жайлы орнын тапсын, басын елден қалмай, ерекше етіп көтерейік» деген жалған намыс күнкөрісі орташа, тіпті одан да төмен қазақтардан да айналып өтпей тұр. Көпшілігі мазарды үлкен етіп салу үшін банктерге барып несие­ рәсімдеуден де еш та­йынбайды.

Осы орайда, Жандарбек Бұлғақовтың айтыста айтқан мына бір сөзін мысал етуді жөн көрдік.

«...Өлсең де қабіріңді сатып алып,

Жаназаңды ақшасыз шығармайсың,

Пәтер алмақ түгілі бұл заманда,

Көрге де көк тиынсыз кіре алмайсың».

 

БЕЛГІТАС  ҚОЙҒАН ЖӨН  БЕ?

 

Қазір жол-көлік апаттары да жиілеп кетті. Сондықтан болар жол бойында апатқа ұшырап, сол жерде тіл қатпай кеткен жандарға белгітас қою «дәс­тү­рінің» де көбейіп кеткені рас. Адамды қайтыс болған жеріне емес, мазарға жерлейді. Сондықтан, мұны да шариғатта құп көрмейді. Бұл ысыраптың бір түрі. Ендеше, біз жол бойына белгі­тас қоюға неге құмармыз? Қазір жолай қойылған көп белгілерге адамдардың бойы әбден үйреніп кеткен. Одан  сабақ  алып,  қорытынды шығарған  жөн  болады.

 

 

«ШАРИҒАТТЫ ӨЗІМІЗГЕ  ЕМЕС,

ӨЗІМІЗДІ  ШАРИҒАТҚА  БЕЙІМДЕЙІК»

 

2013 жылы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Ғұламалар кеңесі» құрылған-ды. Мақсаты Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортақ талқылап, оған дер кезін­де шешімдер шығарып, пәтуалар қабылдау болатын.

Жыл басында қайтыс бол­ған адамды жерлеу мен бейіт салу тәртіптерін нақтылайтын заң  жобасы дайындалады деген­ еді. Қазақстан Мұ­сылман­дары діни басқармасы мен Ғұламалар кеңесі зират орнат­уға қатысты жаңа ере­желер енгізуде бір байламға келіпті. Құжатта қабірдің ба­сына мәрмәрдан тас қою мен ескерткіш  орнатудың  міндетті еместігі, тек қана көзге көрінетіндей етіп қоршап қою жет­кілікті екені айтылған. Мәселенің мән-жайын жіті білу үшін “Айтбай” мешітінің наиб имамы  Қайырбек Отызбаевпен тілдескен едік.

- Діни  басқарма  жанындағы Ғұламалар кеңесінің мү­шелер­і қоғамдағы ең өзекті болған­, ел бойынша бір ізге түсе алмай келе жатқан жаназа мен оны жерлеу тәртібін егжей-тегжейлі талқылап, жерлеу рәсі­мінің ортақ тәртібін белгіле­ді. Нәтижелі  жұмыс  жемі­сін берді. Жуырда ғана «Жаназа­ және жерлеу рәсім­дері»  деген  жаңа еңбек басылып­  шықты. Демек, осы бастаманы негізге алып, қазалы орындарда жан-жаққа бұра тартпай, халық болып­  Діни басқарма шығар­ған  жаназа  пәтуасының аясында жұмыс жүргізуіміз керек­. Бір сөзбен айтқанда, шариғат­ты өзімізге емес, өзімізді  шариғаттың  талабына бейімдеуге көңіл бөлуіміз қажет. Олай етпегенде той бәсекелестігі жайына қалып, жаназа  мен қабір тұр­ғызудағы ысырапшылдық арт­қан үстіне арта бермек. Бұған тоқтау­ қоятын да кезіміз жетті, - дейді ол.

Имам Ағзам Әбу Ханифа негізін қалаған ханафи мәзһабының ғалымдары берген пәтуа бойынша зираттың сыртқы­ аумағы қоршалмаған болса, қабірді кіндіктен жоғары­ етіп қоршауға және белгі тасын­ қоюға рұқсат етіледі. Ескере­тін нәрсе, көктасқа сурет бейне­леуге болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүт бауыры Осман­ ибн Мазғунды жерлеп болған  соң, қабірін  оңай тауып­ алу мақсатында бір тасты көте­ріп әкеліп, белгі үшін бас жағы­на қойғандығы былай айтыла­ды. «Осман ибн Маз­ғун қайтыс болғанда жаназасы шығары­лып, жерленді. Пай­ғамбары­мыз (с.ғ.с.) бір кісіге тас әкелуін бұйырды. Ол оны жалғыз көтере алмаған соң Алла Елшісі (с.ғ.с.) жеңдерін түріп, оған  көтерісуге  орнынан­ тұр­ды... Сосын ол тасты көте­ріп апарып Османның қабі­рінің басына қойды да: «Бұл бауырымның қабірін білуім және  отбасымнан  көз  жұмғандарды оның қасына жер­леуім үшін» деді, - деген (Әбу Дәуд, 3/203).

ТҮЙІН.         Иә, мазар басын сәндеудің орнына өліге бағыштап Құран  оқытып, садақа берудің, соңында қалғандарға қайырым­дылық жасаудың өзінде  үлкен мән-мағына бар. Бейітті қанша күмбездеп, сән­десеңіз де, ол марқұмға еш пайда бермейді. Тіпті, оны салған­  адамға­ да ешқандай сауа­п  жазылмайды. Бар бол­ғаны  ысырапқа  жол  бергендік болып  есептеледі.

«Мына  өмірден  қайтқанша­ тоқал тамда күнелткен еді, өлген соң барып балалары басына­ аспанмен таласқан бейіт салып берді» - деп қалды бір танысым. Есі бар адамға ойланарлық  жайт  емес  пе?

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Маман  пікірі

Айнұр  ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының  директоры, фило­логия­ ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (Құрантану) бойынш­а  ғылым  магистрі:

- Қабірлерді қоршау ең алдымен белгі үшін, екін­шіден, аяқ асты болмауы үшін, үшіншіден, қабірді жан-жануарлардың таптамау­ы, жыртқыш аңдардың мәйітке зақым келтірмеуі үшін жасалады. Дегенмен, «заманына қарай – амалы» демекші, қазір қабірді темір қоршаумен қоршап, жазулы құлыптас орнату үрдісі кең тарап отыр. Өз әдебінен аспаса, мұндай үрдістердің де жерлеу әдебіне, мазар мәдениетіне қайшылығы жоқ. Рас, өкінішке орай, ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениеті мен қабірстанның қастерлі­ қағидаларын ескерусіз қалдырып, қабір басына­ салтанатты құрылыс салуды мақтан көретіндер де көбейіп барады. Бірақ бұл даурықтыратындай дауасыз дерт емес, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен, имамдарымыздың уағыз-насихатымен орны  толатын  олқылық.

 


ТЕҢГЕ ТЫМ «КӨҢІЛШЕК» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.05.2017 15:26

Мұнай бағасы көтерілсе де, түссе де, теңге мен доллар «қалтырауын» әлі қояр емес. Жағдайы өзге де валюта­ларға тәуелді теңгенің айналасынан төмендеу тенденциясы жиі байқалып жүр. Бұдан теңгенің тым «көңілшек» екендігін аңғаруға болады. Мұнайдың саудасы, доллардың «давлениесі», сыртқы  сауда-саттық  көлемі  де ақша­ға «сүйкеніп»  өтпесе жолы болмайтындардың  қатарынан.

«Қара  алтынның» құны күн санап төмендеуде. Әлемдік нарықтағы бағасының күрт өзгеруіне АҚШ энергетика министрлігінің есепті сөзі әсер етті. Тақтатас мұнайын өндіру көлемінің артуы мен АҚШ-тың ішкі нарығындағы дайын өнім көлемінің шамадан тыс өндірілуі туралы мәліметтердің түрткі болғаны анық. Өйткені, дәл осы ақпарат таралысымен қара алтынның шекті бағасы соңғы айдағы ең төменгі баға шегіне құлады. Алпауыт ел әлемдік  экономика нарығының жақын­ уақытта отын бағасын көтеру туралы үмітін де сөн­діріп тастағанға ұқсайды. Ал біздегі жалпы жағдай әзірге сын көтеріп тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы жанармай баға­сы 3,6-3,8 пайызға арзандауы ықтимал. Баға белгілеудегі мұндай құлдырау соңғы бесжылдықта ең жоғарғы көрсеткіш болып тұр. Алдағы уақытта теңгенің долларға қатысына мұнай фьючерсінің баға белгілеуі әсер ететін болады деген  болжамды «Альпа­ри» компаниясының сарапшылары  да  дәлелдеп отыр. Ал төл теңгенің жағдайына қатыс­ты сыбыстар осыдан біраз уақыт бұрын айтылып, бір  нақты­ланған  еді.

Дүниежүзілік банк таяу аралықта мұнайдың бағасы қайтадан көтерілуі ықтимал дегенді алға тартып отыр. Олардың айтуынша, 2018 жылы мұнайдың баррелі орташа есеппен 60 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Алайда оның бір ғана есептік мүмкіндігі бар. Ол – мұнай өндіру көлемін қыс­қарту. Рас, бұл мәселенің де «мұрты» бұзылды. ҚР Энергетика министрі ОПЕК елдерінің өтінішімен елдегі мұнай өндіру көлемін 20-30 баррель арасында қысқартуға болатынын жеткізді. Мұнай – доллар, доллар – теңге. Бұдан түйетініміз, шикізат – ақшаға  мұқтаж, ақша шикізатқа тәуелді. Ал биылғы жылы әлемдік нарықтағы мұнайдың орташа бағасы барреліне 55 долларды құрауы тиіс. Бұл 2016 жылмен  салыстырғанда 26 пайызға жоғары.­ «Альпари» компаниясының сараптама департаменті директорының орын­басары Н.Мильчакова «Қазақстандық валюта бағамының күшеюі мұнай ба­ғасына  тәуелді  болады»  деп отыр.

Қазақстандық экономист Меруерт Махмұтова да одақтас елдердің валю­тасына теңгенің «кіндігін» байлап тастад­ы.

- Биыл төлейтін сыртқы қарыз – 23,7 миллиард доллар, сондықтан теңге құнсызданады деп ойламаймын. Керісінше, доллар 300 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Бірақ рубль құнсызданса, теңге де девальвацияланады, - деп ой түйді.

Ал ҚР Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев  олай ойламайды.

- 2017 жылы біздің мақсат 6-8 па­йызды құрайды. Біз айтарлықтай қауіп-қатер  көріп  тұрған жоқпыз. Тек  әлем­дік нарықтағы  жағдай күрт өзгеріп жатса­ ғана әсері болмақ, - деді жыл басындағы  бір жиында.

Теңгенің  өзге валюталарға қарап күш жинауы  біздің еркіміздегі емес, нарық­тық сауданың әсеріне тікелей қатысты. Ресейдің рублі мен АҚШ-тың долларына маталып тұрған теңге жоқ. Бағам қандай болса, ақшаның да рөлі сондай болад­ы. Девальвация жаппай келді екен деп дүрліккеннен теңгенің ахуалы жақсарып кетуі де мүмкін емес жағдай.

СЕМСЕР

 


Маман  пікірі

 

Наталья  Миль­чакова,

«Альпари» сараптама департаменті директорының  орын­басары:

- Мұнай бағасының ақырын өсіп келе жат­қанына қарамастан, Қа­зақстанда теңгенің долларға қатысты бағамы біршама төмендеді. Қа­зақстан  үшін жақсы жаңа­лық  болған  өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген Қашаған кен орнының алғашқы табыс әкеле бастауы теңге­ бағамының төмендеуіне себеп болуы мүмкін (кен орнының қоры 38 млрд баррель мұнайды құрайды). Осылайша келешегі бар жаңа кен орнының пайда әкеле бастауы Қа­зақстан үшін бұдан әрі МЭЕҰ мен тәуелсіз өнді­рушілердің мұнай өнді­руді қысқарту туралы келі­сіміне  қатысу  тиім­сіз екенін көрсетті. Ал бұл мұнай бағасының өсуін кешеуілдетіп, теңгені әлсіретуі мүмкін. Теңгенің долларға қатыс­ты  бағамы  бойынша  бол­жа­мымыз бір дол­ларға 311-313 теңге деңгейінде  сақталады.

 


 

Әли   Сағындықов­, «Евразийский Капитал» АҚ сарапшысы:

- Таяу Шығыстағы шиеленіс күрт асқынып кетпесе, «Brent» маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 51 долларға дейін түсуі мүмкін. Өйткені АҚШ-та мұнай өндіру көлемі мен қор деңгейі­нің арту үрдісі сақталып отыр. Нарыққа қатысушылардың МЭЕҰ-нің өндіруді шектеу туралы келісімшартты ұзартуы жағдайды уақытша ұстап тұруға сеп болғанмен, баған­ың құлдырауын ұстап қала алмайды. Мұ­найдың арзандауы, сондай-ақ РФ ОБ мөлшерлемесінің төмендеуі рубль­ді әлсіретеді. Мұнымен қатар Ресейде салық кезеңі аяқталуда, бұл да рульдің төмендеуіне әсер етеді. Осыған орай рубль­дің долларға арақатысы 57-59 шегінде болады деп ойлаймыз. Рубльмен қоса, теңге де әлсірейді, доллар/теңге жұбы бо­йынша 313-316 теңге шегін болжаймыз. Рубль/теңге жұбы бо­йынша болжанып отыр­ған ауқым – 5,40-5,60 теңге.

 


ТАҒЫ ДА ҚАРЫЗ АЛАМЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.05.2017 15:25

Үкіметке үнемдеуді үйрену керек-ау. Десе де, миллиондап, миллиардтап қаржы жымқыр­ғандар құрықталмаса да, қарыз алуға бейім боп алдық. ҚР Ұлттық банкінің қаңтардағы мәлім­демесіне сүйенсек, еліміздің сыртқы қарызы  165 364,3 млн долларды құраған. Аз ақша емес... Мұны жан басына шаққанда әрбір азаматтың басында әжептәуір сомада берешегіміз бар екендігін түсінеміз. Осы арадан тоқтадық.

Интернет желілерінде Алматы қаласында 10 бөлмелі үйді (баспана деп айтуға келмейді, құдды ертегілер еліндегі патша сарайы ма дер­сіз) 961 млрд теңгеге саудалап отыр. Иә, біздің бай-бағландар осындай...

Енді ең қызық ақпаратты айтайын. Күні кеше ғана Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік банктен 25 миллиард теңге несие­ алғалы жатқаны жарияланды. Оған міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық жүргіземіз деп сендірді министрлік­тегілер. Осы мәселені ақ халаттылар сенаторлардың талқысына тастаған болатын. Сол баяғы сценари­й. Ұсыныс айтылады, талқылайды, ары тартады, бері тартады. Содан соң бірауыздан мақұл­дап жібереді. Кеше де солай өрбіді.

Кадрларды дайындауды бюджеттің қаржысының есебінен жүргізуге де болады. Әлде  қарыз алып істеу қажет пе? Неге қарыз алуымыз керек?,- дейді Сенат депутаты Әли Бектаев.

Алдымен халық қалаулылары қарсылық көр­сеткен, кейіннен бұл райынан қайтып, несие алу­ға келісім берді. Енді ол қаржыны дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, ауруханаларды жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсамақ. Ал банк несиені 15 жылға 3,5 млрд теңге үстемемен бермекші. Еліміз несие алады, ал ауқаттылар ақылға сыймайтын ақыны айтады. Парадокс.

Қозы Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


“ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ “БАНДИТ” және “ЖЕЗӨКШЕ-ЕСІРТКІ ШАБАРМАНЫ” ДА БОЛЫП ЖАТАДЫ” PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
04.05.2017 15:23

Ерболат  Тұрахметов,

облыстық  ішкі  істер  департаменті Есірткі  бизнесіне  қарсы  күрес  басқармасы  бастығының орынбасары,  полиция  подполковнигі:

Бүгінде есірткі бизнесі облысымызда өршіп тұр. Соңғы бес жылдан бері қанша профилактикалық шаралар жүргізілсе де, есірткі алқаптарының көлемі мен саны өсуінің тенденция­сы  байқалуда. Бұған бір себеп – өңіріміздің климаттық жағдайының есірткі затының өсуіне қолайлы болуы. Алайда бұл бағытта жұмыс істейтін қызметкерлер “климат­  қолайлы екен” деп қарап отырған жоқ. Қарсы тұрып күресуде. Тіпті кейде өмірлеріне қауіп төнсе де, тәуекелге бел буып, қылмыстың алдын алу үшін барын салып бағуда. Облысымыздағы осы бағыттағы жұмыстар күні бүгінде түйткілді мәселе болғандықтан, облыстық ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерболат Тұрахметовпен сұхбаттасқан едік.

–     Ерболат Тұрғанбай­ұлы, есірткімен күрес бағытында біршама шаралар атқарып­  келесіздер. Осының нәтижесінде  өткен жылы және ағымдағы жылдың  3 айынд­а  қанша  қылмыстың беті  ашылды?

– Біздің елімізде, оның ішінде облысымызда есірткі бизнесі және  нашақорлықпен күресуге бағытталған шараларды іске асыру мақ­сатында көптеген шаралар жасалы­п келеді. Өткен жылдың өзінде облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 355 (2015 жылы – 308) қылмыстық іс құжаты тіркелсе, үсті­міздегі жылдың 3 айында 128 қылмыстық іс құжаты тіркеліп отыр. Сондай-ақ 2016 жылы заңсыз айналымнан 1 тонна 504 кг 853 гр есірткі заты алынса, биылғы үш айда 14 кг 196 гр есірткі заты алынды. Жалпы, есірт­кінің заңсыз айналымына байланысты  қылмыстарды анықтау Қызылорда ҚІІБ-да 29, Қазалы  АІІб – 22,2, Арал, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімдерінде – 33,3 па­йызға жақсарса, Жалағаш АІІб-мен анықталған қылмыстар саны өткен жылғы көрсеткішпен бірдей, ал Сырдария АІІб-де  50 па­йыз­ға төмендеген.

– Профилактика, не болмаса алдын алу шаралары адамдардың  сана-сезіміне әсер ете отырып, есірткісіз өмір сүруге бағыттайды. Осы орайда мұндай шараларды жүргізу қаншалықты қымбат және оны іске асыру қаншалықты қиын?

– Есірткі мәселесі өте үлкен және түрлі сипатта болғандықтан, оның профилактикасымен барлық мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен әкімдіктер де айналысады. Ағымдағы жылы облыстық әкімдікпен нашақорлық пен есірткі бизне­сінің алдын алуға 9 млн 744 мың теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға облыстық ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасымен профилактикалық жұмыстар бары­сында кешенді іс-ша­ралар, балалар сайыстары өткізіліп, есірткіге қарсы түрлі жарнамалар жария­ланып келеді. Алдын алудың түрлі әдістерін іске асырудамыз. Әрбір тұлға ұсынылған ақпаратты әртүрлі қабылдайтынын ескере отырып, қарама-қайшы әдістерді де пайдаланамыз. Мысалы, ақпарат арқылы “қорқыту” кездесулер өткіземіз, БАҚ және тағы басқа жерлерде фактілерді мысал ретінде келтіре отырып, сот отырысының басылымдарын көр­сетеміз, болмаса “психологиялық қысым жасау” әдісін пайдаланамыз. Бұл әдіс бо­йынша  қаламыздағы Қор­қыт  ата  және А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы светодиодты экран арқылы бейнероликтер көр­сетілуде. Оның біреуінде жедел жәрдем ішінде анасының қолында қайтыс болған нашақор баланың өліміне зар жылаған ана көрсетілген. Осындай бейнекөріністер арқылы көпшіліктің сана­сына есірткінің зиян екенін жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар түрлі спорттық сайыстар, акциялар, қойылымдар ұйымдастырамыз. Оның үстіне бізде “27-55-42” нөмірлі сенім телефоны мен Watss App, Viber жүктеме­леріндегі “+77781343070” нөмірі жұмыс жасайды. Есірт­кіге қатысты құқық­бұзушылықтар орын алған жағдайды байқасаңыздар, аталмыш  нөмірлерге  хабарласуларыңызға  болады.

– Профилактикалық шаралар, көбіне, оны қабылдауға дайын аудиторияларда, яғни студенттер, оқушылар, мемлекеттік қызметкерлер арасында жүргізіліп жа­тады. Сонда қалған азаматтар на­зар­дан тыс қалғаны ма әлде олармен де жұмыстар жүргізіледі ме?

– Жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың негізгі бөлігі оқушы, студенттерге бағытталғаны құпия емес. Себебі, сана-сезімі, мінезі тұрақталған, өзіндік пікірі бар, жеке көзқарасы қалыптасқан ересек азамат нашақор не болмаса нашақор шабарманы болуға келісім беруі екіталай. Алайда ондай азаматтар мүлдем жоқ деп те айтуға болмайды. Дегенмен  олардың  саны  өте аз және басым көпшілігі жас кезінде осы сияқты теріс әрекеттермен айналысқандар не болмаса айналысуға мәжбүр болғандар. Ал студент, оқушылар санатына­ жататындар жас ерекшеліктеріне қарай эмоционалдық “көзқарас­тарға” бейім келеді. “Әдемі өмір”, аяқ асты байлық, биіктерге бір сәтте жету мүмкіншіліктері жайлы жан-жақтан төндіріліп жатқан түрлі  ақпарат оларға әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай адамдар есірткі шабармандарын қатты қызықтырады. Олар оқу орындары мен аулаларда девиантты мінез-құлықты не болмаса “әлсіз” балаларды көздейді де, олармен танысып, достасады. Сонан соң, бірінші есірткінің дәмін көруге ұсыныс жасап, аяқ асты есірткі затын сақтауға қалдырып, оны тауысқанша жоқ болып кетеді. Және келесі доза  керек  болатын  кезде қай­та­дан­ пайда болады. Міне, осындай әрекет­терді  шабармандар “бом­балау” деп  атайды. Сондықтан да біз  профилактикалық жұмыстарды, алды­мен, өскелең ұрпақ арасында жүргіземіз. Ал көшелерде арнайы көрнекіленген, мегафонмен жабдықт­алған авто­керуеннің жүріп  өтіп, есірткі қылмыстары мен құқықбұзушылықтар туралы, сенім телефоны жайлы айтып­  өтуі, азаматтардың көп шоғырланатын орындарында түсін­дірме парақшалардың ілінуі және тағы да басқа профилактикалық шаралар қалған азаматтарға бағытталады десек болад­ы.

– Жұмыс барысында қол жеткен­  жетістіктеріңізбен  қатар, көңіл толқитын сәттер де орын алға­н  болар...

– Иә, ондай сәттер болып тұрады. Ұсталған адамның қалай нашақор, сатушы болғанын, отбасының жағдайын, жасын, т.б. білгенде, көңіл босайтын кездер де кездесіп жатты. Біздің тәжірибемізде мынадай жағдай орын алды. Бір жас жігіт героин есірткі затын сатқаны үшін ұсталды. Сөйтсе, оның досы есірткі  қабылдап, үнемі оған ұсын­ған екен. Бір күні жігіт бұл ұсыныс­қа келіседі. Ал жігіттің ата-анасы – қарапайым жандар. Тапқан-таян­ғандарын балаларының оқуына беріп, енді бір жинаған қаража­тына сол ұлына автокөлік алып берген­ екен.  Ал баласы болса, досын­ың арқасында герионге тәуелд­і болып, тапқанын досына беріп, есіртк­іге жұмсап отырған. Өз  кезегінде  досы бұл ақшаға өзіне және осы жігітке доза алып келетін болған. Бірақ уақыт өте келе доза мөл­шері үлкейіп, ақшасына екі адамға доза алудан бас тартқа­н жігіт, есірткіні өзі сатып алуға көшкен. Қаражат жеткізбей бара жатқан уақытта, есірткі сатумен­ айналысқан. Ал ақыр аяғында ұсталды. Қарасаң, бет-әлпеті, киімі, мінген арнайы жұмыс автокөлігі тап-таза, ешбір күмән тудырмайды. Негізінде, мұндай іс-әрекеттермен айналысатындар жағым­сыз болады және істеген әрекеттері мен мінез-құлқы “кім екендік­терін” білдіріп тұрады. Ал осы жігіт­тің ата-анасы алғашында ұлдарының осындай екендігіне сенбеген болатын. Соңында, бар жағдайды ұлдарының өз аузынан естігенде, ата-анасы бастарын жерге ұрып жылады. Сондай-ақ тәжірибемізде темір тордың арғы бетіне есірткі затын алып өту фактісі де тіркелді. Ол бойынша сотталушының әйелі кездесуге  келгенде, аяқкиімінің  ішіне есірткі затын алып кірген.

– Бұл  бағытта жұмыс істейтін ішкі  істер  департаменті  қызмет­кер­лері тарапына халық арасында айтыл­атын  жағымсыз  сөздер  де  жоқ емес. Мысалы, кейбіреулер сіздерді кинолардың арқасында “қатаң, жағдайы жоқ, жас шамасы түсініксіз еркектер мен әйелдер”, болмаса “бандиттер  сияқты”  қабылдап жатады. Есірткі бар жерде – ақша бар, ал ақша бар жерде “движе­ние” бар деп есептейді. Осындай сіздерді сырттай өздерінше мінездеп  жататындарға не айтар едіңіз?

– Иә, мұндай пікірлерді біз жиі естіп жатамыз. Алайда біз о баста қандай жерге жұмыс істеуге бара жатқанымызды және бұл бағытта жұмыс істегенде халық арасында түрлі  пікірлер болатынын білдік. Соны­мен  қатар  біздің қызметкерлер, өкінішке орай (мереке күндері болмас­а), ерлер мен әйелдер деп бөлінбейді. Сондықтан да біз жайлы айтылатын теріс әңгімелерге мән бере  бермейміз. Дегенмен, есірткімен күрес қызметкерлері “бандит сияқ­ты” және “жезөкше-есірткі шабар­маны” да болып шығатын жағдайлар кездесіп жатады. Бірақ бұл тек жедел жұмыстар жүргізу барысында ғана. Өйткені қызметкерле­ріміз аталған осындай қауіпті рөл­дерді ойнауға мәжбүр  болады. Алай­да­  бұл – кино емес.

Сондай-ақ айта кеткім келеді. Қазір – орта ғасыр емес, ХХІ ғасыр. Біреуді қараптан-қарап ұстап, қалтасына есірткі салып, аз да болса бір­деңені мойындату деген атымен жоқ. Себебі қылмыскерді құрықтаудың алдында арнайы жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Ал аталған шараларды жүргізу үшін прокуратура органдарынан рұқсат алынуы керек­. Рұқсат алып, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп болған соң, қылмыскерді құрықтауға қосымша тағы рұқсат алынады. Сондықтан да заңсыз әрекеттер жасалады деген әңгімелер негізсіз.

– Білетін нашақорға Қызыл­орданың нашасы мен Шудың нашасын қатар ұсынса, Қызылорданыкін таңдайды деп айтып жатады? Неге?

– Қызылорда  облысының  таби­ғи-климаттық жағдайы – өте ыстық, жері – кебір, ылғалдылығы – жоқтың қасы. Сондықтан Шу және Ауғанстан марихуаналарына қарағанда, құрамындағы тетрагидроканабинолдың үлесі басым болатын, сапалы марихуананы өсіруге өте қолайлы. Сол себепті де біздің облысымызға ТМД елдері мен Шығыс Қазақстан облыстарының есірткі шабармандары қызығушылық тудырады. Криминогенді аудандарды зерттеу жұмыстары негізінде Сарысу, Қарақұм, Қызылқұм аймақтары мен Сырдария жағалауында есірткімен айналысатындардың заңсыз алқаптарды егуге тырыса­тындығы  анықталды.

– Ал заңсыз алқаптарды егетіндер қандай болып келеді және көбіне бұл алқаптар қандай жер­лерде кездесіп жатады?

– Талдау жұмыстары көрсеткендей, заңсыз есірткі алқаптарын егумен­ айналысатындар заманауи техникамен жабдықталған, мо­бильд­і түрде әрекеттер мен байланыстар жасайтын және қару-жарақ­пен қамтылған ұйымдасқан топтар болып келеді. Аталған факторлар заңсыз есірткі алқаптары мен оларға қатысты қылмыскерлерді анықтау барысын қиындатады. Сонымен қатар полиция қолына­ тапсырыс беруші емес, көбінесе орындаушылар түсетіні құпия емес. Алқап егесі егістік басына ешқашан бармайды. Қылмыскерлердің ұйымдастыру шараларын күшейтуі, есірткіні егу мен оны сатуға дейінгі аралықта жасалатын әрекеттердің барлығын ойластырып, бақылап отыру әрекеттері де әшкерелеу бары­сында кедергі келтіреді.

Заңсыз алқаптардың басым көп­шілігі қалың жыңғыл, сексеуіл, тоғайлар мен бақша өнімдерінің арасында конспирация ережелері сақталып егіледі. Сораның негізгі бөлігі 30-50 сотық аумақтарда егіледі. Егілген жерлерді құнарлату мақсатында химиялық қоспалар салы­нып, максималды баптау шаралары іске асырылады. Бұл әрекеттер әрбір сора түбі­нен 0,5-2 кг дейін өнім алуға мүмкін­шілік береді әрі “пісу” уақытын          90-100  күнге  дейін   қысқартады.

– Мұндай  алқаптарды  анықтау  барысында кедергілер кезде­сіп жататын болар. Егер кездессе, нақты қандай кедергілер екенін айтып  өтесіз  бе?

– Сора өсімдігін егетін алқап мекенжайлардан алыс, жетуді қиындататын орындарда, облыс орта­лығынан 150-450 шақырым қашықтықта орналасуы осы  тәріздес  қылмыстық  әрекеттердің бәрін бақылауға мүмкіншілік бере бермейді. Сонымен қатар оны егуші­лер небір қитұрқы әрекет­терге барып жатады. Мысалы, тұратын уақытша паналарын алқаптан 2-3 шақырым алыста, биіктеу жерде­ соғып, оның жанына бақша дақыл­дарын егіп қояды да, есірткі егілген­ алқап басына тек суарып, баптау кезінде ғана барады. Қалған уақытта жоғарыдан бақылап отырады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен алқаптар анықталған кезде “бақылаушылар” алқапқа қатысы жоқтығын көрсетіп, кейде күдік туғызатын жағдайларда алқап­тарды тастап кетіп жатады. Сонымен қатар полиция қызметкерлерін алқаптар егілген аймақтарға келтірмеу мақсатында әр жерге кедергілер жасап қояды, кірпілер, шеге қағылған тақтайшалар, қазылған шұңқырлар деген сияқты. Рейдтік іс-шаралар барысында біздің қызметкерлер мінген автокөлік көміп қойған шегелер кедергісіне тап болып, ең жақын елді мекенге жету үшін 50 шақырым жаяу жүрген кездері болған.

– Ал өмірлеріңізге тікелей қауіп  төнген  сәттер  болды  ма?

– Иә, болды. Ұмытпасам, 2007 жылдың көктемі. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облысқа ірі мөлшерде героин есірткі затын Шымкенттен тасымалдайтын қылмыскердің соңына­ түсіп, оны сатып алуға адам жіберуге әрекеттер жасаған. Де­ген­мен аталған әрекеттің аяқ асты не боларын білмегендіктен және де өте қауіпті әрекет болғандықтан, оған ешкім баруға келісім бермеді. Сол кезде полиция қызметкерлері қылмыстық қауымға еніп, есірткі сатып алушы болғаны бар.

–  Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Ж.ЖҮНІСОВА

 


«ЖІБЕК ЖОЛЫ» экономикалық белдеуі БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.05.2017 15:12

Қытай Халық Республикасы 2013 жылы Еуразия континентін қамтитын «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» атты жаңа жобаны ұсынды. Мұны соңғы уақыттағы әлемде жасалған ең ауқымды экономикалық жоба десе болады. Қытайдың мәлімдеуінше, оның мақсаты – Жібек жолы экономикалық белдеуінде орналасқан елдер экономикасының дамуына жаңа серпін беру. Азияда ондай батыл қадамға баруға әлемнің екінші экономикасын иемденген, дамуы жағынан алда тұрған Қытайдың ғана қолынан келерін мойындау керек. Бұл заңды да, себебі, байырғы замандардан Жібек сауда жолының пайда болуына, дамуына Қытай ықпал еткен. Сондықтан Қытай өзін оның мұрагері санайды. Бүгінде Қытай экономикасы жаһандануға бейімделуде. Қытайға өз нарығы тарлық ете бастады. Сондықтан, әлемдік нарықта бай тәжірибесі бар Қытай «өз қазанында қайнау» кезеңінен өтіп, стратегиялық бағыттағы «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» жобасына үміт артып отыр. Қытай өзге елдерді «дамуға итермелей» отырып, өз тынысын кеңейте түсуді мақсат етеді.

ЖІБЕК   ЖОЛЫ ЖОБАСЫНЫҢ  ҚЫСҚАША   ТАРИХЫ

Бұл жобаның негізін Қы­тайдың ұсынысымен 2001 жылы құрылған Шанхай Ынтым­ақтастық Ұйымы (ШЫҰ) құрайды. ШЫҰ әуел бастан экономикалық мақ­сатта құралған еді. Алғашында  қарқынды  дамыған  ШЫҰ уақыт өте әлеуетін жоғалта бастады. Оған ұйымға мүше елдердің, әлемдік геосаясаттағы  жағдайлар  әсерін тигіз­ді. Осы аралықта ұйымның белді мүшелері – Ресей, Бело­руссия, Қазақстан өзара Кедендік одаққа, кейін Еуразия­лық экономикалық одағына бірікті. Соған сай бұл елдер­дің көптеген заңдары өзгер­тілді. Әрине, бұл Қытай тарапынан жасалатын инвестицияға аса тиімді емес. Сондықтан  болар, ҚХР-сы экономикалық қатынаста жаңа форматқа көшіруге ынталы. Яғни, ШЫҰ сатылы түрде ШЫҰ-нан Жібек жолы экономикалық  белдеуіне  айналады. Ол туралы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы Астана сапарында Назарбаев университеті студенттеріне оқыған лекциясынд­а  алғаш  рет  айтты.

 

СИ  ЦЗИНЬПИННІҢ

ЛЕКЦИЯСЫНДА  НЕ   АЙТЫЛДЫ?

– Осыдан 2100 жыл бұрын Хань импери­ясының  өкілі Чжан Цянь Орта­лық  Азияға достық сапармен келеді де, мұндағы патшалықтармен келіссөздер жүргізген екен. Сол кезден бастап Шығыс­ пен Батыс арасындағы Ұлы Жібек сауда жолы пайда болыпты. Ол жол Қытайдың Шәнси аймағынан басталы­п, Еуропаға барып жалғасқан. Шығыс пен Батысты байланыстырған ол күретамыр қазіргі Қазақстан жері арқылы­ өткен. Соның арқасында халықта­р бір-бірінен өнер үйреніп, мәдениеттер алмасып, сауда жолы адамзат­ дамуына ықпалын тигізген. Сөйтіп, 2000  жылдан астам тарихы бар Жібек жолы бізге, мәдени және діни ерекшеліктерге қарамастан, елдер мен елдер сыйластық пен сенімнің арқа­сында өзара тиімді қатынаста бола алатын­дығын  көрсетті.

Қазір Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақпен арақатынасын жаңа деңгейге көтеретін уақыт келді. Біз  суларымыз жалғасып жатқан көрші елдерміз. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері Қытай саясатында маңызды орында тұр. Біз екі арадағы достық және әріптестік қатынастың дамуына мүдделіміз. Қытай көрші елдердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанады. Көршіге құрметпен қараймыз, үстемдік етуге ұмтылыс жоқ. Мақсатымыз – өзіміз өмір сүріп жатқан аймақты үйлесімді даму кеңістігіне айналдыру.

Біз бір-бірімізді қолдай отырып, мемлекет тәуелсіздігі, ұлттық қауіпсіз­дік және тұрақтылық жөнінде страте­гиялық әріптестікке қол жеткізсек дейміз. Оны  екі жақтың ынта-жігерімен  жүзеге  асыра аламыз.

Біз өзара пайдалы экономикалық қарым-қатынасқа, ынтымақтастық  пен тұрақтылыққа  қол  жеткізуді  көздейміз. Оның екі жаққа тиімді болғанын қалаймыз­.

1. Экономикалық дамудың страте­гиясы  мен  тактикасы туралы үнемі пікір алмасып, саяси және заңдық тұрғыда  келісімге  келіп  отыру.

2. Біртұтас жол қатынасы жүйесін дамыту. Соның ішінде, автомобиль жолдары тасымалдарына қолайлы жағдай­  туғызу.

3. Үш миллиардтан астам халық тұратын Жібек жолы экономикалық белдеуінде  сауда  байланысын арттыру­, кедергілерді бірлесе шешу.

4. Арадағы ақша айналымын жолға қою. Бір-бірімізбен өз валютамызбен есеп  айырысуға басымдық беру. Аймақтың  әлемдік бәсекелестіктегі қабілетін арттыру.

5. Халықаралық  байланыс  қоғам мен қоғам арасындағы сенім орнағанда табыст­ы  болады. Осыны ескере отырып, дәстүрлі достық қатынасты одан әрі дамыту.

ҚХР төрағасы  лекциясының бас­ты  мазмұны  осы. Көрші елдер қатынасы  көбіне  екі жақтың көзқарасы сай келуіне­ байланысты болғандықтан, оқырмандарға  Қытай  тарапының  көз­қарасын  ұсындық.

 

ЖІБЕК  ЖОЛЫ  ҚЫТАЙ

ЗЕРТТЕУШІСІНІҢ  КӨЗІМЕН

Қытайдың Ресей және Орталық Азия  институтының ғылыми қызметкері  Юй  Чжашао  былай жазады.

– Қытай жобасы іске қосылу барысында Еуразиялық басқа жобалармен бәсекеге түсетіні анық. Мысалы, қазірге дейін Ресей ұсынған экономикалық одақ пен АҚШ қолдап отырған «Жаңа жібек жолы» жобалары осы қатардан. Бірақ олармен салыстырғанда Қытай жобасының артықшылығы бар. Бірін­шіден, Жібек жолы экономикалық белдеуінде  бір-біріне мәдениеті жақын елдерді­ң орналасқандығы. Екіншіден, оны жан-жақты бағытта дамыту көзделгені. Мысалы, қазір 4 бағыт анықтал­ған: 1-ші – Қытай – Моңғол – Ресей бағыты, 2-ші – Қытай – Шыңжаң – Қазақстан – Өзбекстан – Иран – Түркия бағыты, 3-ші – Қытай – Пәкіс­тан – Индия бағыты, 4-ші Қытай – Оңтүстік Шығыс Азия, Тайвань – Индоне­зия – Араб мемлекеттері бағыты.­ Бұл жерде әр елдерің арасындағы кездесетін қайшылықтар толық ескері­леді. Мәселен, Пәкістан мен Индия­ арасында қайшылық бар. Үшін­шіден, Қытайдың экономикалық бел­деудегі елдердің көпшілігімен ортақ шекарасы бар. Мысалы, Қытай Орталық Азияның үш мемлекетімен, Шы­ғыс­ Азия мемлекеттерімен шектеседі. Бұл олармен тиімді транспорттық инфра­құрылым жасауға мүмкіндік береді­. Төртіншіден, қаржылық мүм­кіндік – Қытай өз экономикасына зиянс­ыз  жағдайда кез келген ірі жобаларды қаржыландыра алатын мемлекет. Одан өзге елдің қауіпсіздігіне төнетін ешбір қауіп жоқ. Сондықтан инвестиция  құйып отырған Қытай  үшін экономикалық  қатынаста  тұрақтылық болуы­, инвестицияның  қайтарымына  кепіл­дік болуы аса маңызды. Бұл – басты көрсеткіш. Сол себепті де, жобаға қатысушы елдердің арасында қайшылық болмауы, болған жағдайда келісімге келіп, оны шешулеріне Қытай жағы мүдделі. Соған сәйкес, Қытай өзара қатынаста «Жеке мақсаттан мораль жоғары»­  деген қағиданы ұсынады. Яғни, әділеттілік пен  тепе-теңдікті басшылыққа  алған  дұрыс  деп  санайды.

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ

КӨЗҚАРАСЫ   ҚАНДАЙ?

Осы мақаланы  дайындау  бары­сында философ Уәлихан Түлешовтың пікірін  білдік.

- Меніңше, Қазақстанның басты бағыты­  Батыс болса, екінші орында ҚХР болады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ үшінші орында тұр. Себебі, біз қазір көбіне Батыспен және Қытаймен көп сауда  жасаймыз. Сондықтан, осыдан-ақ қай  жақпен  қатынас  басым  екені көрі­ніп тұрады. Сонымен бірге, бізге Орталық  Азиядағы  жақын  көрші республикалармен  қатынасты  түзеу  қажет. Әзірге біздің тарап басты бағытты анықтай алмай  отыр. Мүмкін  солай  ету де қажет шығар. Өйткені, әрбір инеграциялық  бағыттың  өз  ерекшеліктері бар. Себебі, интеграциялану процесі халықтар достығы, мәдени жақындығы, тілі және сол сияқты көптеген бөлшектерден  тұрады. Ең  бастысы, оның әрқайсысы мемлекеттің  адами ресурсына келіп тіреледі. Қазақстан  жағы осыған да­йын ба? Осы  жағын  мықтап қолға алу керек, - дейді ол.

Ал, саясаткер, «Ұлт тағдыры» қоз­ғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пікірі  былай  екен.

- Алдымен, «Қытайға бізден не керек?­» деген сұраққа жауап табайық. Меніңше, қазір жоғары қарқынмен дамып­  келе  жатқан Қытай еліне өте мол шикізат қажет. Сонымен қатар олар энергиялық ресурстарға да зәру – Қытай экономикасы жаңа техноло­гиямен жарақтануда, жаңа өндіріс орында­ры  көптеп ашылуд­а. Әрине, осы  жағдай­да Қытай  шикізат  пен  энергия ресурстарын Африкад­ан, Латын Америкасынан, Қазақстан  мен  Ресейден алуға ұмтылып отыр. Бұл – қазіргі таңда әлемдегі барлық мемлекеттер арасындағы қалыптасқан сауда қатынасы. Ешкім бізге өзара қатынасты күштеп таңбайды. Сондықтан Қазақстан да өзіне пайда әкелетін жағын ойлағаны дұрыс. Ондай әріптестік қатынастан шошудың қажеті жоқ. Баға қай жақта тиімді болса, сол  жаққа сатамыз. Ол өз құқы­мыз емес пе? Сондықтан, көп мәселе өзімізге келіп тірелетін сияқты.

Қазір біз «жер сатуға» мораторий жарияладық. Осындай  алдын  ала  тәуел­сіздікке  қатысы  бар мәселелерді  Ұлт­тық қауіпсіздік тұрғысынан шешіп отыру­ – барлық дамыған және дамушы тәуелсіз елдердің алдында тұрған жағдай.­ Осы жағынан алғанда, бізде де атқа­рылатын шаруалар шаш етектен. Себе­бі,  «Жібек  жолы»  бағдарламасы тек әр  елдің  заңы  құрметтелетін, тепе-тең әріптестік жағдайында ғана сәтті жүзеге­ асады. Мен осы тұрғыдан оның елімізге­ тигізер пайдасы мол деген сенімдемін­. Әңгіме – экономикалық байланыс­ кезін­де өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғай білуімізде. Мойын­дауымыз  кере­к, Қазақстанда, оның ішінде қазақ  қоғамында  Қытайға  деген «сақтану­» көзқарасы басым. Бұл, біріншіден, Кеңес­  өкіметі  кезінде қалыптасқан  психология  болса, екіншіден, сөз жоқ, Қазақстан ақпарат кеңістігінде өз үйін­дей отырған Ресей идеологтарының жұмысы. Олар қазақтарды Қытаймен қорқыта отырып, Ресейдің қорасына әкеліп  тоғытпақшы.

Осы  жерде біздің  биліктің де қатесін айта кету керек. Біз әлі күнге дейін Қытай инвестициясы ретінде келетін  51 кәсіпорында қанша мамандар келеті­нін, қазақстандықтарға қанша жұмыс орны  табылатынын, ол  кәсіпорындардың экологиялық талапқа  сай  екендігін, т.т. білмейміз. Жариялылық жоқ жерде дәлел­сіз, дерексіз қаңқу сөз көбейеді, - дейді.

Бүгінде Қытай өндірісінің елімізге енуі ақиқатқа айналуда. Ол туралы 25 наурызда Астанада журналистермен өткен кездесуде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй былай деп мәлімдеді: «Шымкент мұнай өңдеу зауы­тын соңғы технологиялық тұрғыда қайта жасақтандыру жоспарда тұр. Ал Қостанайда бірлескен автомобиль зауыты­н салу басталады. Солтүстік Қазақстанда Қытай инвесторларының көмегімен салынған өсімдік майын өндіре­тін зауыт жылына 300 мың тонна­ май өндіретін қуатқа жетті. Сонымен бірге, Қытай жағы Қазақстаннан бидай, ұн, ет сатып алуға келісті. Ұн жеткізілуде. Алайда, Қытай нарығы өте  үлкен. Оны  қанағаттандыруға Қазақ­станның  өндірістік  әлеуеті  жеткілікті ме деген сұрақ туады. Осы тұрғыда Қытай  бүкіл Еуразиялық Одақ тауарларының Қазақста­нда  жинақталып, Қазақстаннан Қытайға өтуі тиімді болар­  еді деп санайд­ы».

Президент Н.Назарбаев өзінің халық­қа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталатынын жария­лаған  болатын. Қазір соның бастапқы процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қарқынды қолға алына бастады. Ол бір мезгілде экономикалық приоритеттерді қайта қарап, экономика шикізат өндірісінен өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға  бет бұрды. Ал саяси реформа билік өкілеттігін бөлу  арқылы, әр саланың жауапкершілігі мен қоғамды басқару тиімділігін арттыру бағытын­да жолға қойылуда. Сонымен қатар, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар­: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның  жаһандануға  енуі кезең­інде «Мәдени-географиялық белдеу­ге» айналуы тиіс екендігін атап көрсетті. Яғни, бұл – «Жібек жолы» экономикалық белдеуі экономиканың ғана емес, мәдени-рухани саланың да дамуына серпін береді деген сөз. Елбасы өз мақаласында осы ойын «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­саттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы­ керек» - деп түйіндеді. Ендеше, осы айтылғандардан, болашақта Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстар арта түседі деп болжам жасауға болады. Біз­дің қоғам жұдырықтай жұмылып, осыған тас түйін дайын отыруы керек.

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

Алматы  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2017 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары