Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Жұма, 12 Мамыр 2017

Жеңісті жақындатқан жан PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.05.2017 16:34

Жеңіс. Бақытты күндер. Осы бақытты күндер қалай келді? Әрине, бұл күндер бізге миллиондаған адамдардың көз жасымен, төгілген қанымен, ауыр күресімен келді. Ол – Ұлы Отан соғысы. Ол – тарихымыздағы ұлы қасірет, адам баласының жүрегіндегі жан жарасы. Бұл соғыс кезінде әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанып, Отан-Анасын қорғауға атсалысты. Қаншама қазақстандықтар ұрыс даласында мерт болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойына шайқасып, Германия басқыншыларын 9 мамыр күні жеңді. Көптен күткен «Жеңіс» сөзі әлемге жайылып, тарихымызда мәңгілікке жазылып қалды.

Отан-анасын қорғауға біздің елімізден қаншама бозбалалар мен қаракөз қыздар аттанып жатты. Солардың қатарында Сыр елінің тумасы Исмаилова Орынша әжеміз де бар еді. Қазіргі таңда 90 жасқа толып отырған әжеміздің 70-тен аса немересі, 100-ге жуық шөбересі және 1 шөпшегі бар.

Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Қызылорда қаласының №2 бөлімі қызметкерлері әжемізді аталған мейрамымен құттықтап, сый-сияпат ұсынды.

Өйткені өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі, ал оны еске алу – өскендіктің белгісі. Осындай жарқын өмірді тарту еткен аталарымыз бен әжелеріміздің ерліктерін мақтан тұтып, оны келешек ұрпақтың естерінде мәңгі қалдыру – әр адам баласының міндеті.

«Халыққа қызмет көрсету орталығы»

Қызылорда қаласының №2 бөлімі

 


Алименттен қарызы бар жұмыссыз борышкерлер жұмыспен қамтамасыз етілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.05.2017 15:20

Қызылорда қалалық прокуратурасымен «Алименттер. төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы аясында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесе отырып, алимент өндіру санатындағы атқарушылық өндірістердің орындалу тиімділігін арттыру мақсатында, қала бойынша кең көлемде «Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру» атты жәрмеңке өткізілді.

Өткізілген шара нәтижесімен, бүгінгі күнге дейін аймағымыздағы бос тұрған жұмыс орындарына алимент төлеуге мүмкіншілігі болмаған 94 борышкер жұмыспен қамтамасыз етіліп, қазіргі таңда олардан алимент өндірілуде.

Айта кететін жайт, ағымдағы жыл басында 430 борышкерден 688 балаға 141 млн теңге берешек қарыздары қалыптасып, бүгінгі күнгі дейін 245 борышкермен 379 балаға 72 200 000 теңге қаржысы ішінара төленсе, 68 800 000 теңгеге дейін алименттен қарыз азайды.

Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарып жүрген 27 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оның 5-і қамаққа алынса, ҚР ҚК-нің 139-бабында көзделген қылмыс белгісі бойынша 10 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Мысалы, борышкер Ж.Тоқтамысов 3 жылдан бері 2 баласына тиесілі алиментті төлемей, заңмен белгіленген міндетін орындамай келген, сәйкесінше 1 060 000 теңге алименттен берешегі қалыптасқан.

Соның негізінде, мемлекеттік сот орындаушысымен Ж.Тоқтамысовқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабымен хаттама толтырылып, нәтижесінде әкімшілік соттың 10.03.2017 жылғы қаулысымен борышкер әкімшілік қамаққа алынды.

Жалпы, бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар өз жалғасын табуда.

Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі

 


Қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.05.2017 15:20

Құрметті азаматтар!

Ғаламтор мен электронды төлем құралдары қарқынды дамуда. Нарықта осы құралдарға ақшаны тиімді инвестициялаймыз деген сияқты көптеген ұсыныстар бар. Алайда оны қалай дұрыс жасау керектігін барлығы бірдей біле бермейді.

Оны алаяқтар өз мақсаттарына пайдалануда. Қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде?

Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек.

Екіншіден, олар шетелде тіркелген, құрылтайшылары белгісіз, ақша шетелге шығарылады.

Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз.

Үшіншіден, олар сіз жаңа клиенттер әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп үнемі ынталандырып отырады.

Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына нақ кез болғаныңызды көрсетеді (ӘҚБ Кодексі 150-бап және ҚР ҚК 217-бап).

Егер сіз алаяқтарға алданып қалған болсаңыз, полицияға немесе экономикалық тергеу қызметіне жүгінуіңіз керек.

Жақында БАҚ-та «Questra Holdings Inc.» компаниясы туралы мақала жарияланды. Ол туралы Парламент депутаттары да айтты.

Бұл туралы келесі жұмыстар атқарылды.

Бірінші. Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ішкі істер органы осы жылдың 15 наурызынан «Questra Holdings Inc.» қатысты қылмыстық іс бастады.

Екінші. ІІМ-не бүкіл ел бойынша тергеу ұйымдастыру үшін тергеу тобын құруға нұсқау берілді.

Үшінші. Ұлттық Банкпен, ІІМ-мен және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп жағдайды бақылауға алып, қаржы пирамидаларының қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдаймыз.

Азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырамыз. Күмән туған жағдайда, ақшаны салмас бұрын құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы

 


ИНВЕСТОРЛАР ҚАНДАЙ «СЫБАҒА» ТАРТАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.05.2017 12:19

Соңғы жылдары еліміз шетелден инвес­тиция тарту мүмкіндігіне барынша күш жұмсауда. Шетелдік инвесторлар арқылы инвестиция нарығындағы бәсекелестіктің күшеюі жобаларды дайындау мен жүзеге асыруға қажетті жағдай туғызады. Соның бір көрінісі –елімізде отандық және шетел­дік кәсіпкерлерге қолайлы ортаның жасалып отырғандығы. Естеріңізде болса, тәуел­сіздік алған алғашқы жылдары рубльге­ тәуелді болғандықтан Ресейдің қаржы инсти­туттарына бағынышты күй кешіп, дербес экономикалық саясатты жүргізе алмад­ы. Үкімет сыртқы қарыздардан гөрі инвестицияға жіті мән берген еді. Оған 1993 жыл мен 2002 жылдар аралығындағы мемле­кетке түскен шетелдік инвестициялардың 17,7 млрд доллары дәлел. Ал бұл көрсеткіш 2016 жылы 14,4 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең жоғары  көрсеткіш. Бұған дейінгі инвестициялық  мол  табыс 2008 жылы 13,1 млрд доллармен тіркелген. Әлемдік экономикалық дағдарыс қос бүйірден қысты  деместен, жақсы нәтижеге қол жеткізген  Қазақстанның әлі де болса инвесторларды  өзіне  ұршықша иіріп алуға  қауқары жетеді.

Тікелей шетелдік инвестиция алғанд­ардың қатарында тау-кен өндірушілері, геологиялық барлау жүргізуші мекемелер мен өңдеу өнеркәсібі бар. ҚР Ұлттық банкінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы шетелдік инвестиция­ ағымы Қазақстанның төлем балансының қаржыландыру көзі болды. Ширек­ ғасыр бойына бұрынғы кеңес­тік елдер арасында үнемі екінші орынға­ жайғасып келе жатқан Қазақстанға көз тігушілер қатарының аз еместігі айтпаса да белгілі. Ақжолтай хабардың соңғысы посткеңестік кеңісті­кте қазақ елі инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша көш бастап тұр. Оған мемлекет басшысының «Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру біздің басты басымдықтарымыздың бірі және алдағы кезең­де де солай бола бермек» деген сөзі осы бағытқа түбегейлі мән беріліп жатқандығын аңғартады. Себебі, жатжұрттық инвесторлар қандай да бір елге инвестиция құю туралы шешім қабылдамас бұрын оның нарығына үңіледі. Бұл ретте еліміз көп жағдайда олардың сынына төтеп бере алмайтын. Салдарынан көршімізді «тойдырып» отыратын едік. Бұл тұйықтан шығу үшін Елбасы «Еуразиялық экономикалық одақты» құруға бастамашы болғаны мәлім. Егер нарық ортақ болса, көршіміздің әлгі артықшылығы жоққа теңеседі – шетелдік инвес­торларға салығы аз, қолайлы шарттары мол Қазақстанда кәсіп­орын ашып, Ресей арқылы ЕАЭО нары­ғына шығу оңтайлы болады. Одақ құрылғалы бұл мүмкіндікті алыс шетел түгіл, көрші Ресейдің де кәсіп­орындары белсенді пайдалана бастаған. 7 мыңнан астам ресейлік кәсіп­кер тіркелген орнын ауыстырып, Қазақстанның резидентіне айналып шыға келіпті. Бизнесмендердің жаппай көршіге «көшуінен» қорыққан Ресей үкіметі жедел шаралар қабылдады, оған сәйкес, мысалы, мемлекет­тік сатып алуларда басымдық РФ-да тіркелген заңды тұлғаларға берілетін болды. Бастысы, Қазақстан алыс шетел­дерден инвестиция тартуға тырысу­да әрі табысқа жетуде. Бұл жетістікті халықаралық қауымдастық та мойындап отыр. Сонымен, Қазақстан енді Ресейді де басып озды. Бұл туралы штаб-пәтері Женевада орналасқан БҰҰ-ның сауда және даму конференциясында айтылды. Бұл жерде бір жайт назар аудартады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ресей­лік экономикаға құйылған шетелдік­ тікелей инвестициялар көлемі 62%-ға артып, $19 миллиардты құраған. Ал Қазақстан өткен жылы 20,6 миллиард доллар шетелдік тікелей инвестицияларды тарта алды. БҰҰ құрылымының мәліметіне сүйенсек, былтыр бүкіл Еуропа бо­йынша инвестициялардың 22 пайыз­ға, Латын Америкасы мен Кариб теңізі жағалауы елдерінде – 19%-ға, Африкада 5%-ға қысқарған. Ал Қазақстанның Ұлттық банкінің ақпаратына жүгінсек, шетелдік тікелей инвестициялар бойынша нетто-ағын 14,4 млрд АҚШ доллары (2015 жылы 3,1 млрд АҚШ доллары) болды.

- Тікелей инвестициялау операциялары бойынша қаржылық активтердің 3,2 млрд АҚШ долларына ұлғаюы негізінен қазақстандық кәсіпорындардың өздерінің шетел­дік бас компанияларына берген фирмааралық қарыздарының есебінен болды. Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша міндеттемелер­дің 17,6 млрд АҚШ долларына таза өсімі фирмааралық қарыз алумен, шетелдік тікелей инвесторлардың Қазақстан кәсіпорындарының капи­та­лын ұлғайтуымен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, 2016 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 39,9%-ға ұлғайды және 20,6 млрд АҚШ долларын құрады, - деп мәлімдеді  Ұлттық  банк.

- Жақында мен Америка Құрама Штаттарында болып, «Шевронның» басшысы Уотсон мырзамен кез­дескенмін. Сонда оның айтқаны, 25 жылдың ішінде Қазақстан қалай өсті, «Шеврон» да солай дамыды. Алдағы уақытта компания өз өнді­рістерін кеңейту аясында 39 млрд доллар көлеміндегі инвестицияны салуды жоспарлап отыр. Бұл әлем бойынша мұнай-газ саласындағы ең ірі инвестиция болып саналады. Уотсо­н мырза өз компаниясының шетел­дегі Қазақстан елшісі секілді бәріне осы елдегі инвесторлар үшін жасалатын жағдайлар жайында айтып жүретінін жеткізді. 25 жылдың ішін­де қаншама ақша таптық, енді соны басқа мемлекетке емес, Қазақстанға саламыз деп отыр. Сондықтан біз ескі инвесторларды еш уақытта ұмытпаймыз. Өйткені оларға қарап, жаңа инвес­торлар келеді, – деген болатын Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Қазақстанға инвестор тарту төңірегіндегі бір жиында.

Өз кәсібін дөңгелетуді жоспарлаған инвестор қаржы құятын мемлекеттің сауда-саттық жүйесін жан-жақты­ сарапқа салған соң ғана «отау тігеді». Әйтпесе, еңбегі желге ұшып, қаржысы құмға сіңгенді кім қалайды дейсің?! Шекара асырып күтіп алатын инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау, экономикалық тұрғыдан тиімділік керек. Тікелей шетелдік инвестициялардың (ШТИ) алдыңғы үштігін 385 млрд доллармен АҚШ, 179 млрд доллармен Ұлыбритания, 139 млрд доллармен Қытай толық­тырып  тұр. Халықаралық сарапшылар үстіміздегі жылы ШТИ 10 пайыз­ға өседі деп жорамалдауда. Майлы жіліктен бізге де сыбаға тартылар. Күтейік.

А.НҰРТАС

 


КҮНКӨРІС: «АРБА СЫНАДЫ МА, ӨГІЗ ӨЛЕДІ МЕ?» PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
12.05.2017 12:10

БҰҰ-ның мәліметтері бойынша осы уақытта дүниежүзі халқының бір миллиарды абсолютті кедейш­ілікте өмір сүреді. Бұл адамдардың тіпті күнделікті бір ішіп-жейтін тамағы да жоқ. Сонымен қатар басқа төрт миллиард адам азық-түлік тапшылығы, медициналық мүмкіндіктердің болмауы және тұрмыстық жағдайларының нашар­лығынан кедейшілікке жақын жағдайда ғұмыр­ларын кешуде. Кедей жанұялар көптеген қиындықтармен бетпе-бет келеді. Олар өз балаларына дұрыс қарай алмайды, отбасы мүшелеріне қажетті азық-түлік, қауіпсіздік және білім алу мүмкін­дік­терінен де қағылады. Сондай-ақ, мемлекет эконо­микалық және әлеуметтік дағдарыстарға тірелген кезде  басқаларға қарағанда көп зардабын тартатын  да – кедейлер  қауымы. Кедейшілік пен аштық деңгейі  соншалықты жоғары  көтерілгеннен, әлемде  азық-түліктің  тапшылығынан  әр  секунд сайын  бір  баланың  өмірі  қиылады.

Соңғы жылдардағы экономикалық қыспақтар тек қазақ еліне ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерге де салқынын тигізіп отыр. Мәселен, 2015 жылы Америка статистикалық ұйымының мәліметі бойынша, бұл елдердегі кедейлер саны 46 миллионнан асты. Бұл – өткен 17 жылдағы ең жоғары мөлшер. Айта кететін жайт, кедейшілік америкалық қара нәсілділер арасында басқалармен салыстырғанда жылдамырақ таралып, 27 пайыздан асып түскен. Мәліметтер Америкада бүкіл халқының 10 пайызын құрайтын байлары елдің байлығының 70 пайызына және 20 па­йызының бұл елдің кірісінің жартысына­ ие екенін көрсетеді. Ал Ресейдің ресми деректеріне сүйенсек, осыдан екі жыл бұрын кедейліктің шегінде өмір сүріп жатқан азаматтар саны 22,9 миллион адамға жеткен. Бұл – көрші ел халқының  15,9  пайызы.

Жаһанды жайлаған дағдарыс қыспағы ақша айналымына да «сес» көр­сетті. Инфляция деңгейі өткен жылы 16,7 пайызға дейін шарықтап, есеңгіретіп тастағаны есімізде. Халықаралық сарапшылар да еліміздегі экономикалық нарық пен ақша айналымына қатыст­ы біраз болжамдарын айтқан болаты­н. Дамыған елдердің тізіміне ену үшін тал қармап күн кешіп отырған мемлекеттің халқы үшін бүйірден тиген­ соққы оңай болған жоқ. Әсіресе соңғы он-он бес жылда елдегі бай мен кедейлердің алшақтығы қалай алыстап кеткенін аңғармай қалдық. Дүниежүзілік банк күнделікті табысы 5 долларға тең, яғни айына 53 мың теңгемен өмір сүріп жүрген адамдарды тас кедейлер қатарына жатқызған екен. Мұнайлы Қазақстанда мұндай адамдар қатары 3-ақ пайы­з делінген ресми статистикада. Ал шын мәнінде, дағдарыстың салдарынан ел тұрғындарының жартысынан астамы кедейшілік деңгейінде өмір сүріп келеді деген  ақпарат  бар.

- Орта тап кем дегенде 60-70 пайыз болғанда ғана белгілі бір тұрақтылық болады. Ал бізде орта тап, менің ойымша, әрі кетсе 20 пайыздай болуы мүмкін. Бұлар кәдімгідей жазда шетелге­ барып демалатын, әйелінде, өзінде, балал­арында бір-бір машинасы бар, көлік айдап келе жатқан уақытта «бензинім қанша қалды?» деп қарамайтын, «телефонымда бірлігім азайып кетеді» деп біреудің телефонынан қоңырау шалмайтын адамдардың қатарын айт­қан уақытта  олар 20 пайыздан аспайды­, өкінішке  орай, - дейді қоғам қайраткері  Дос Көшім.

БҰҰ 2015 жылға дейін үкіметтер, көмек көрсететін ұйымдар мен жеке адамдар арқасында 40 миллиард доллардан астам қаржыны кедей елдерге көмектесуге жинап беретінін жария­лады. Мұндай қаржы 16 миллион әйел мен  баланы  өлімнен  құтқарады.

Қымбатшылық  жайлаған қазіргі күні ең төменгі күнкөріс деңгейі 24459 теңгені құрап отыр. Есептеп қарасаңыз, бұл қаражат жұмысы жоқ, бала саны көп отбасылар үшін не «арбаны сындыратын», не «өгізді өлтіретін» қаржы. Яғни, тамақ алса киімге, киім алса тамаққа жетпейді. Отбасылық қажеттіліктерді есептемегенде, әрине. Кедейліктің шекті қаржысын көрсету арқылы біз тұрмысы төмен халықтың санын азайта алмаймыз. Халықтың мұңы биліктің құлақ түбіне жеткен бе, болмаса, прези­денттің пәрменін күтіп жүр ме, әйтеуір келер жылдан бастап ең төменгі күн­көріс деңгейі теңізге тамған тамшыдай мөлшерде ғана артатын болыпты.

- Қазақстандық тамақтану академия­сын тарту арқылы министрлік өз зерттеулерін жүргізді. Негізгі әдістемелер анықталды. Тиісінше, статистикалық мәліметтер талданды. Біздің елде ең төменгі күнкөріс деңгейі нормативтік-статистикалық әдістеме арқылы анықтал­ады. Егер қазір оның деңгейі 24459 теңге болса, 2018 жылы ол 16 па­йызға артып, шамамен 28 мың теңгеге дейін жетеді. Оған еліміздің бюджетінен  63 млрд теңге қарастырылған, - деді мамыр айының басында өткен баспасөз конференциясында Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-минист­рі  Светлана  Жақыпова.

Кедейшілік пен аштыққа ұшырап отырған әлсіз елдер көбірек қолдауға мұқтаж. Экономикасы дамымайтын елдің экономикалық мүмкіндіктері де төмен болады. Сол себепті халқының тұрмысын жақсарту мақсатында кедей­лік шегінде өмір сүріп жатқан халықтың әл-ауқатын көтеру керек. Әйтпесе, таби­ғи байлығы табанмен тапталып жатқан Қазақстанның әлемдегі кедей мемлекеттердің қатарында жүргенінің өзі – ары­мызға нұқсан, азаматтығымызға сын.

Н.МӨҢКЕ

 


БЕС БАЙЫМЫЗ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.05.2017 12:05

«Шіріген байлардың» қалтасына жиі үңіліп, әлем миллиардерлерінің тізімін түзуден тартынбайтын «Форбс» журналын жұрт жақсы біледі. Қазақстанның байлығы арқылы қалтасын толтыр­ған шетелдік мырзаларды былай қойғанда, қаракөз қазақтардың да қалыс қалмайтынын әлемдегі барша­ бай-манаптың қайсысында қанша ақша бар екенін санап, дүйім жұртқа жария етіп отыруды кәсіп қылған­  Форбс отбасына тиесілі United Media Group тобы шығаратын рейтинг арқылы біліп келдік. Кешег­і күнге дейін солай болды, ал бүгінде Қазақстанның өз Форбсы бар. Яғни, соңғы жылдары Forbes-тің қазақстандық нұсқасы – «Forbes Kazakhstan» журналы арқылы қазақстандық бай-бағландарды  жыға  тани  бастадық.

Жақында аталмыш журнал Қазақстандағы ең бай саналатын елу азаматтың рейтингін жа­риялады. Бұл жолы жаңартылған тізімде дәуле­ті тасыған, сән-салтанаты келіскен бес қазақстандық көш бастап тұр. Біздің бестіктің ішінде байлығы бәрінен асқан кім? Ол – қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким. Ол – қымбат металдар өңдеумен айналысатын «KAZ Minerals» тобының президенті әрі ірі акционері. Мыс магнатының мүлкі 2 500 000 000 долларды құрайды. Екінші орында – Болат Өтемұратов. Бүгінде оның байлығы 2 400 000 000 долларға бағаланып  отыр. Ол – Қазақстан теннисі федера­циясының президенті, ITF (International Tennis Federa­tion) дирек­торлар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер, дипломат. Сонымен қатар, ол Алма­тыда және Астанада ба­ла­ларға арналған Haileybury мектептерінің негізін қалаушы. Рейтингтің үшінші және төртінші орнына Құлыбаевтар от­бас­ы жайғасқан. 50 жастағы Тимур Құлыбаевтың мүлкі - $ 2 200 000 000. Президенттің күйеу ба­ласы – қазақстандық кәсіпкер, қоғам қайраткері, Kazenergy қауым­дастығының төрағасы, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы. «Қазақстан  халық  жинақ банкін» бақылайтын «АЛМЭКС» тобы Құлыбаевтарға тиесілі. Ал 49 жастағы Динара Құлыбаева – Қазақстанның ең бай әйелі. Ұлттық банк акционері әрі Н.Назарбаев атындағы Ұлттық білім қорының басшысы. Динара Құлыбаеваның да мүлкі – $ 2 200 000 000. Қазақстанның ең бай бес адамын 62 жастағы Әлижан Ибрагимов түйін­дейді. Оның мүлкі – 2 000 000 000 АҚШ доллары. Әлижан Ибрагимов әлемдегі ең ірі ENRC компаниясына иелік етеді, сонымен қатар «Еуразиялық банк» ак­ционерлік қоғамының президенті. Ортақ есепке­ жүгінсек, дүниежүзі ау­қаттыларының  керуеніне ілескен бес қазақстандықтың ортақ байлығы 11,3 млрд долларды құ­райды  екен.

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» демеңіз, әрине, қалталы азаматтардың көп болғаны жақсы, әрі бұл мемлекет байлығының көрсеткішін көрсетсе  керек. бірақ ен байлықтың қандай жолмен жиналғанын жұрт­тың біле алмайтыны жаман. Осы біз, қазақшылыққа салынып, байымыз бар дегенімізден, бізге не пайда? Қазаққа қызмет етпейтін байдан не қайыр?..

Н.КЕНЖЕТАЙ

 


ҒАЛАМТОРДА ДИПЛОМ САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
12.05.2017 12:00

Ғаламтор бетін ақтарып отырып, “Купить диплом” деген маңдайшасында жазулары бар бірнеше сайтқа көзіміз түсті. “Бұл не деген батпан құйрық” деп таңданыс білдіргенмен, алғашында мән бермедік. Кейіннен ел-жұрттан сұрастыра келе,  дипломды әп-сәтте сатып алуға болатынын естіп, жағамызды ұстадық. Купить диплом деп жазсаң бол­ғаны, бірнеше сайт “ті­ле­генің  алдыңнан  іздемей-ақ табылар” де­ген­дей  шыға  келеді.

Алдымен diplom-vuzov.kz сайтына бас сұқ­тық. “KZ” де­лінген соң қа­зақстандық бо­лар­ деп ой­ла­дық. Нөмірі де қазақстандық екен.   +7 777 759 51 14. Хабарластық. Тұтқаны  көтерген  орыс тілді кісі қазақ тілін түсінбейтіндігін айтып, орысша сөйлеуімізді өтінді. Сөйлестік те. “Диплом қажет еді” деп әңгімені бастағаннан, қазақ екенімізді ұғып қойды ма, әйтеуір, бір­ден “біз қазақстандық диплом  жасамаймыз, тек Ресей елінікін жасаймыз” деді. Алайда еліміз­дің жоғары оқу орын­дарының дипломының бланкасын мөрсіз, еш­қандай басшының қо­йыл­ған қолысыз толтырып бере алатындығын айтты. Қиналғандай сыңай танытып, “Қазақстанда таныстарыңыз жоқ па, сол олқылық­тардың орнын толтыратын?..” деген сауалы­мыз­ға “Шынымды айтсам, жоқ” деп қысқа қа­йырды. Біз де ары қарай қинамадық. Бірақ қайдан, кім, қалай хабарласып  тұр­ғанына  бас  қа­тырмайтын “бұл неғыл­ған дөкей” деге­н ой келді.

Иә, “жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды”. Түбі бір ғаламторда қазақстандық диплом­  сататын сайттың бары рас. Осылайша сайттарды ары қарай шолуды жалғастырдық, алдымыздан diplom-astana.kz сайты “мен мұндалап” шыға келді. Қазақстандық диплом сататын осы сайт болар деп, оған да кіріп көрдік. Кірсек, диплом алу соншалықты қиын емес екен. Алдымен олар тарапынан ұсынылған анкетаны толық толтыруыңыз қажет. Ол жерде сіздің аты-жөніңіз, туған жылыңыз бен күніңіз, бұрын оқыған мектебіңіз, бәрі-бәрі сұралады. Сондай-ақ сізге қай сала бойынша диплом керек, оп-оңай, қалаған мамандығыңызды жазсаңыз болғаны. Ал хабарласу үшін ұялы телефоныңыздың көрсетілуі міндетті. Телефон нөмірімізді ашық көрсеттік. Хабарласып қалар деген оймен. Арада бір сағат өтер-өтпестен +79221078918 нөмірі хабарласты. Диплом сатуш­ының нөміріне назар салы­п қарасаңыз, Қазақстан аймағындағы байланыс операторларына мүлдем ұқсамайды, өзге елдікі екені көрініп-ақ тұр. Сол себепті ме, диплом сатушыға қабылданбаған қоңырау тастап, әлсін-әлсін хабарлас­қанымызбен, ол да қайта хабарласа қоймады. Шамасы сөйлеу құнын қымбатсынса керек. Бізге де қымбатқа түсті. Хабарласқан жоқпыз. Ал кешкілік WhatsApp желісі арқылы сөй­лескенімізде, көлеңкелі бизнесті шыр айналдырып жүрген орыс жігіті кәсібінің қыр-сырын байқаусызда ашып берді.

Поезд жолсеріктері арқылы жасаған жасанды құжаттарын діттеген жеріне оп-оңай жет­кізетін бұл жігіттің сенімді адамдары да осылар. Біз өтінген Қызыл­орда қаласына Екатеринбург-Алматы бағытында қатынайтын поезд арқылы дайын құжатты жіберетінін айтқ­ан  азамат, ақшаны да осы жолсерікке беретінімізді  түсін­дірді. Ал құжатыңыздың құны сіздің жасатқан дүниеңіздің жылына қарай бағаланады екен. Дипломмен қоса аттестат та жасауды сұраған жалынышты өтінішімізге орыс жігіті “онда екі есе ақша төлейсіз” деді. 2015 жылы бітірген түлек ретінде “Қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі” дипломын мектеп бітіргендегі аттестатпен қоса есептегенде 20000 рубль болатынын айтты. Бағаны теңгеге шаққандағы сомасын есептемей жатып, қымбаттығын айтқанымызда “Сіз сұрап отырған диплом 2015 жылғы, яғни “свежий”, сондықтан қымбат” деді. Қазақстанның кез келген қаласындағы  оқу  орындарынан  диплом ұсына алатын бұл мемлекеттен сіздің дипломыңыз небәрі 3 күн ішінде келеді.

Мұндай көлеңкелі кәсіптің көсегесін көгертіп отырғандар жалғыз сайттарда ғана емес, “Инстаграмм” желісінде де жетіп жатыр. Онда диплом сау­далайтын Ресей елі азаматтарының бірнеше парақшалары бар. Арасынан қазақстандық парақшаларды да байқап­ қалдық. Diplom.k.z, diplom.kaz секілді парақшалар ашық диплом саудасымен айналысатынын  жариялаған. Бұл парақшалармен байланыса отырып, сіз тек диплом ғана емес, сонымен қатар мектеп бітір­гендегі аттестат, көк дипломыңызды қызылға айнал­дырып, көлік жүргізу құқығы берілетін құжат, тіпті, неке қию куәлігін де ала аласыз. Осы екі парақшаның ішінде diplom.kaz парақш­асында байланыс нөмірі де көрсетілген. +7 747 150 70 15 нөмірі айтпаса­ да қазақстандық екенін аңғартып тұр. Аталған нөмірге Whats­App желісі арқылы хабарласып, қазақша жоғарыда айтқанымыздай “Қазақ тілі мен әде­бие­ті пәнінің мұғалімі” дипломы қажет екенін түсіндіріп көрген  едік. Орыс тілінде жа­уап­ берген  бұл кісіге тез түсіну үшін біз де сол тілде қайта жаздық. Бағас­ын сұрастыра келгені­мізде, “қалаңыздағы кез келген оқу орнының атын айтыңыз, мен сомасын айтамын” деп қайырды. Алдымен “Болашақ” университетінің құнын сұрадық. Мұнда аталмыш пән бойынша оқу бітіргенде берілетін диплом 300 мың теңге тұрады екен. Артынша, ойлана­ келе, “Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бағасын білсек бо­лады­ ма, “Болашақ” екеуінің арасында аса айырмашылық болмаса, Қорқыт ата университетін таңдаймыз” деп күмән келтірместей сұрап, диплом құнын білуге талпындық. Арада көп уақыт өтпей қаламыздағы белді оқу орнының атынан берілетін дипломның бағас­ы 430 мың болатынын хабар­лағанында, біз “екеуі де қымбат екен, Сейхундыкі қанша екен?” деп төтесінен қойып қалдық, арзандауын іздеген кейіп танытып. Сөйт­сек, бұл оқу орны дипломының бағасы да 300 мың теңге болып шықты. Таңғалғанымыз – сауда­гердің әр сұраған сайын “бұл университеттің дипломын алып  бере  алмаймын” деп  жауап  айтпайтыны. Адамның сеніміне кіре отырып әрі жылдам  жауап беретін ол, тіпті, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-мен келісімге келуге болаты­ндығын  айтып, біз  сұра­ған­ күннің ертеңіне ба­қандай 430 мың теңгені 350 мың теңгеге “түсіріп” берді.

Алайда күмән келтіретін жері де жоқ емес. Сіз дипломды тек ақшаны диплом саудагерінің  шотына толық аудар­ған жағдайда ғана ала аласыз. Күмәндансаңыз, бейнебайланысқа шығатынын, барлық қажетті өзі туралы мәлі­меттерді беретінін, сонымен қатар банк арқылы ақша аудар­ғанда қолыңызда чек болатынын айтып сендіреді. Сонымен қатар, “алаяқ болсам, поли­цейге шағымдана аласыз, сондай-ақ осы уақытқа дейін біреуді алдасам, банктер менің шотыма ақша аударуға рұқсат етпейтін еді” деп ақталады. Өкініштісі сол, жалған дипломның соңы жақсылыққа апармайтынын білсе де, осы қадамға баратындар саны азаймай­ келеді. Тіпті, мемлекеттік қызметке келген кейбір кісі­лердің де жалған диплом алып, соңынан арты ашылып жатқанын есітіп жүрміз. Үсті­міздегі жылдың қаңтарында Қостанай облысы Қарасу ау­данында жоғары білім туралы дипломды сатып алып, сол арқыл­ы әкімнің қызметіне орна­ласпақ болған 50 жастағы ер адамның қылмыстық әрекетінің әшкереленуі – осыған бірден-бір  дәлел.

Десе де мұндай алаяқтық қылмыстар жазасыз қалмайды. Өткен жылы ғана Қызылорда қалалық №2 сотында сотталушы  А-ға қатысты үкім шыққан­ болатын. Ұялы телефон арқылы өзінің диплом алып беруге мүмкіншілігі бар екендігін айтып­ сендіріп, жәбірленуші  Е-нің 250 000 теңгесін алдап алған­ оған сот бұрын да сотты болға­нын ескере отырып, түп­кі­лікті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын  тағайын­дады. Ал ҚР ҚК-нің  63-бабын қолданып, тағайындалған жазан­ы шартты деп есептеп, пробациялық ба­қылау  белгі­леген  болатын.

Міне, бұл – бір ғана жазасын алған адам. Ал ғаламторда ашықтан-ашық диплом саудалағандар қалайша құқық қорғау органдарының құры­ғына ілінбей келеді. Ойланатын  жағдай...

Ә.МАҚАШ

 


Күнтізбе

< Мамыр 2017 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары