Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 17 Мамыр 2017

ҚҰЛАНДЫДАН ҰШҚАН ҚЫРАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.05.2017 11:59

Көрнекті ақын, танымал публицист, еліміздің Мәдениет қайраткері, жерлесіміз Мырзан Кенжебай биыл 70 жас­қа толып отыр. Ақын осы мерейтойына орай өткен аптада туған жері – Сыр еліне­ сапарлай келді. Мерейтой иесімен бірге ақынның замандас әріптестері, қаламдас достары Есенғали Раушанов  пен  Мереке­ Құлкенов те өңірімізге арнайы ат басын бұрды.

Қаламгерді және оның әріптестерін әуелі  облыс әкімі  Қырымбек Көшербаев­ қабылдап, Мырзан Сахиұлын 70 жасқа толған  мерейлі  мерекесімен құттық­тады. Кездесуде аймақ басшысы:

–  Әдебиет пен өнер егіз ұғым десек, кез келген кемелденген, өркениетті мемлекет өз әдебиетін, мәдениетін қастерлеп, оны келер ұрпақтың санасына сіңіруге күш жұмсайды. Ол  туралы жуыр­да ғана Елбасы өзінің рухани жаңғыру мәселесіне  арнаған  арнайы мақала­сын­да­ көтерді. Әдебиет – халықтың асыл мұрасы­. Өздеріңізге белгілі, алты Алашқа Сыр елі – жыр елі деген ұғыммен жақсы таныс. Расында, Жаратқанның өзі осы бір киелі өлкенің топырағына жыр дәнегін молынан еккендей. Сол дәннен өнердің саф алтынындай өскіні өркендеп,  ақындық пен жыршылықтың алтын тағылымы ұрпақтарға жалғасуда. Талант­тар мен дарындарға Сырдария, Арал топыра­ғы кенде емес. Нұртуған, Көп­жасар, Зейнолла Шүкіровтерді дүниеге әкелген киелі топырақтан Әбдіжәміл Нұрпейісов, Молдахмет Қаназ, Жарас­қанның Әбдірашы, Қуаныш Жиенбаев, Шөмішбай Сариев сынды ақын-жазушыларымыз түледі. Осылардың арасынан сырлы жырларымен оқырмандарының ыстық  ықыласына бөленген бүгінгі қонағымыз Мырзан Сахиұлын да ерекше айтып, мақтан тұтамыз, - деп жылы лебізін білдіріп, мерейтой иесіне Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыс­тап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты, естелік сыйлық табыстады.

Арал ауданы, Құланды ауылының тумас­ы Мырзан Кенжебай – саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетіне арна­ған жан. Қазақ мемлекеттік университетін тамамдаған ол әр жылдары «Жұл­дыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Заман Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Қазақ мемлекеті», «Аманат» газеттерінде тілші, республикалық «Қайнар» баспасында редактор, «Таң-Шолпан» журналында жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарған. Қазіргі таңда «Мәдениет»  журналында редактор болып­ қызмет  атқарады. Халық пен  билік  арасында  алтын көпір бола білген ол өзекті мәселелерді дер кезінде басылым  бет­терінде жазып, олардың өз шешімін табуы­на үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткері ретінде де танымал. Шығармашылыққа  жаны құмар  қаламгердің бүгінге дейін  «Мерейлі мекен»,  «Жоғалған өлең», «Жазым  өтіп барады» атты жыр жинақ­тары­  жарық көрген.

Құландыдан ұшқан қыран М.Кенжебайдың  70 жылдық мерейтойы ертеңіне А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Ақынмен кездесу кешіне келген қонақтар мен көрермендер алдымен­ Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана ұжымы дайындаған «Жыр жазып өмір жайлы, өзім жайлы» тақырыбындағы көрмесімен танысып, Мәдениет қайраткерінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шерте­тін дерек­термен танысты. «Өнермен өрнектелген өмір жолы» атты салтанатты кеште алғаш­қы болып құттықтау сөз алған облыс­ әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов көр­некті қаламгердің өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып өтті. Әдебиет әлемін­де «Мырзан қайқы» аталып кеткен ақынның ұлтымыз үшін атқарып келе жатқан­  қайраткерлік қызметі туралы да сөз еткен ол облыс әкімі Қ.Көшербаевтың мерей­той иесі­не арнаған құттықтау хатын оқып  берді.

Шығармашылық кеште сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов: «Мырзанның қазақтың рухани өміріндегі ұлттық дүниелер мен мәселелерге байланысты әлеуметтік пікірлерді қалыптас­тыруға және қазақ елінің рухани жаңғыруына деген сіңірген еңбегі орасан зор. Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаев  жақын­да­ ғана жариялаған «Болаша­ққа  бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында атап көрсеткеніндей, ұлттың рухани жаңғыруы осындай тұлғаларға байланысты бола­ды» десе, Президент сыйлығының иегері, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, «Өлке» баспасының Бас директоры Мереке Құлкенов: «Біздің Мырзан – көп ақынның бірі емес. Ол сөйлеген жерде қазақ халқы ұйып тыңдап қалады. Ол өлең  оқыған кезде бүкіл қазақ риза бола­ды. Бүгінгі таңда көптеген қаламгерлер айта алмай жүрген ұлттық мәселелерді осы Мырзанның мақалаларынан табасыз» деп, замандастары туралы өз пікір­лерін білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Мерейтой иесінің жерлес, қаламдас інісі Толыбай Абылаев арнау өлеңін  оқыды.

Өз кезегінде сөз алған кеш иесі Мырзан  Кенжебай мерейлі мерекесін ескеріп, қошемет көрсетіп жатқан Сыр халқ­ына ризашылығын білдіріп, өлеңдерін оқыды, көрермендердің сұрақ­тарына  жауап  берді.

Кеш барысында қалалық жастар  театры­ның бір топ өнерпаз жастары ақынның жырларын жатқа оқыса, елі­міз­дің  еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова бастаған әншілер әннен шашу шашып, Айдарбек Үсенов секілді жас жыршылар жиналған қауымды Сыр мақамдарымен  сусындатты.

«Ақынын ардақтаған ел азбай­ды, асылын ардақтаған ел тозбайды» дейді дана халқымыз. Ақын, көрнекті қаламгер, ұлт жанашыры Мырзан Кенжебайдың 70 жылдық мерейтойы туған жері Арал ауданында да жарасымды жалғасын тауып, кең  көлемде  аталып  өтті.

Нұрсұлтан  ЕРТУҒАНҰЛЫ,

журналист,

Қызылорда

 


Сырдарияның сол жағалауына жан бітті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
18.05.2017 11:50

17 мамырда Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бірінші шағын ауданының құрылысы басталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғашқы құрылыс нысандарының іргетасын қалап, сырбойылықтарды осынау тарихи сәтпен құттықтады.

- Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттің өркендеуі жолындағы барлық бастамалар Ұлт Көшбасшысы, Елбасының есімімен тікелей байланысты. Бүгінде, Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің экономикасы кемелденген, дамудың даңғыл жолын ұстанған қуатты мемлекетке айналды. Біздің аймағымызда жасалынып жатқан игілікті істердің барлығы да Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты көрінісі,-деді аймақ басшысы.

Сол жағалауда бірінші кезекте бөлінген 9,8 га аумақта бүгін 18 көпқабатты тұрғын үйлердің және 320 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары басталды. Мұндағы нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаттары есебінен және мемлекеттік-жекешелік әдісімен салынуда.

Сонымен қатар осы шағын ауданда жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің, онкологиялық орталықтың және жаңаша салынған Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимаратында қала мұражайы бой көтеретін болады. Олардың жобасы дайын, қаржыландыру мәселелері негізінен шешілген,600 орындық мектеп пен тағы бір 320 орындық балабақша құрылысы жобалануда.

Естеріңізге сала кетейік, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында жалпы көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа бүгінгі талаптарға сай заманауи үлгідегі жаңа қала салу жобасы қолға алынып, былтыр Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында алғашқы нысан – ұзындығы 1,2 шақырым автомобиль көпірі пайдалануға берілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


ӘУЛЕТ ОТЫН ӨШІРМЕГЕН ӘКЕЛЕР немесе еркектер неге босбелбеу боп барады? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
18.05.2017 11:37

Кейінгі кезде қоғам ішінде қызу пікірталасқа түсіп жүрген азаматтық неке мәселесін жақ­таушылардың асығы алшысынан түсіп тұрғаны жасырын емес. Кезін­де көкжәшіктен көруге ұялатын мұндай жағдай бүгінде біздің қарадомалақтардың санасын әбден улаған. Жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз деп кеуде соққанымызбен, тірі баламызды терезеден лақтырып, ата-анамызды жетектеп қарттар үйін толтырудан да алдымызға жан салмаймыз.

Тіпті ақ некенің де құты қашып, қадірі кеткен. Ата-ананың өз баласына отбасы құндылығын сіңірердей қауқары қалмады қазір. Деректер де деміңді ішке тартқызады. Өткен жылғы мәліметтерде республика көлемінде 72 мың сәби некесіз туылғаны көрсетілсе, 400 мыңнан аса жалғызбасты ана, 70 мыңға жуық жалғыз­басты әкелер бар екендігі айтылады. Ал ажырасқан отбасында анасымен 700 мың бала бірге тұрса, 400 мыңнан астам жеткіншек әкесінің қам­қорлығында екен. Қоғамда 31 мыңнан­ аса жеткіншек жәутеңкөз жетімнің күйін кешіп, туған-туысын паналап жүр. Мұнымен қоса, 6 мыңға жуық тұл жетім сәбилер үйінде күнелтуде. Бір ғана біздің аймақта соңғы үш жылда­ 2655 отбасының шаңырағы ортасына түсіп, ойраны шыққан. Аз көрсеткіш емес. Хош. Қазір әйел деген зор шықты. Құдай қосқан қосағын, жүрегін жарып шыққан балаларын таста­п, жат біреудің етегіне жармасып кете баратын аумалы-төкпелі заман да келді. Әкелер жалғыз, балалар жарымжан. Ал қоғам мұндай сүреңсіз тағдырларды арқалаудан бір тайынар емес.

 

КӨЗКӨРГЕН

Қаршадай қызын сүйреп, әр әйелдің жолын бөгеген Марат әбден қажыды. Қоғамдық орында қызын дәретханаға апара алмай, яки өзі кіре алмай әбігерге түсті. Тіпті бір уақ тоқтап, көмектесейін деген адамның қарасы байқалмайды. Бәрі қарбалас, жан біткенге жалынып дегбірі де қашқан. Сырттан үнсіз бақылап тұрған мен көмектеспекке ұмтылдым. Жанына келіп, ниетімді айтқаным сол, қуанып кетті. Шаруаны бітіріп, қызын әкесінің қолына ұстатып жатып: «Әйеліңіз қайда, қаршадай баламен жалғы­з өзіңіз жүру қиын емес пе?» - деп төтесінен қойып қалдым. Күтпеген жерден қойылған тосын сауалға сәл тосырқап қалған Марат жанында тұрған орындыққа жайғасты. Үнсіз, тым сабырлы. Мен де кішкентай қыздың қолынан ұстаған күйі жанына отырып, әңгімесін тыңдадым. Бір көрген, танымайтын адамға ақтарыла сырын айту оңай болмаса да, бір күрсініп, болған жайтты баяндап берді. Мараттың шаңырағының шайқал­ғанына, міне, осымен 3 жыл өткен. Ол кезде кішкентай қызы жасқа да толмаған, ал үлкені 4 жасқа толар шағы. Келіншегі білдей бір кәсіпорынның бас есепшісі. Үнемі жұмыс үстінде жүреді, отбасына бөлетін бос уақыты да жоқ. Ақша таба­мын деп кейде түннің бір уақытына дейін жұмысында отырады. Ал жолдасы балаларға қарап үйінде. Екі қолға бір күрек таппағандықтан, лажсыз осылай етуге мәжбүр. Уақыт та зымырап өте берді. Ал келін­шегі тіпті соңғы кезде үйіне келмеуді шығар­ған. Құрбымның үйіне, жұмыстасымның үйіне қонып қалдым деген таусылмайтын сылтауы да көбейген. Сонда да болса Марат­ келіншегіне сенді, екі бірдей тәтті қызын тастап кетеді деген  ой  болмады онда. Бірақ шайтан азғырған істе береке болмасы анық. Арада көп уақыт өтпей ақылсыз әйел шиеттей бала-шағасын, құдай қосқан қосағын тастап, жат біреумен қол ұстасып кете  барды. Басшысымен әуейі болып­ жүрген ол, о бастан күйеуімен ажырасуды  ойластырған  екен. Әуелгіде істің байыбына бара алмай, әйелін жаман­дыққа қимаған  Марат балалары үшін  келер деген алдамшы үмітпен жүрді. Енді  бірде ішкілікке  де салынып, әкелік құқығынан айырыла жаз­дады. Аз уақытта­ есін жинап, әкелеп аяғына жармасқ­ан  балалары үшін басын­дағы ауырт­палықты  жеңбекке  ұмтылды. Қайт­сем де адам боламын, аяғыма тұрамын­  деп өз-өзіне уәде етті. Содан  бері,  міне,  бақандай  үш жыл  өттi. Үлкені мектепк­е,  кішісі балабақшаға  барады­. «Қыздарым  үшін  жұмыс істеп, өмір сүріп ке­лем­ін.  Әйел  атаулыдан көңілім қалды. Барым – балал­арым»  деген  Мараттың көзінен тек  қос  құлыншағына деген нәзік махаб­баты  мен  мұңды  жанарынан  әйел атаулы­ға  жеккөрініштің  табы  сезіліп-ақ  тұрды.

 

ЗАҢҒА  ЖҮГІНСЕК...

Қазір екінің бірі ажырасады. Ол – шындық. Заң баланың бұғанасы қатып, ес білгенше анасымен қалдырады. Тіпті әйелдің сөзін сөйлеп, нәзік жандыларға жиі болысатыны да жасырын емес. Бірақ неге ана құқығы қорғалғанда, әке құқығы жиі ескерусіз қалады? Көпті қинайтыны да осы. Десек те заң екі тарап­тың да мүмкіндігінің бірдей екен­дігін алға тартады. Шынтуайтында ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі бойынша ер адаммен қатар әйел адам да тең дәрежеде алимен­т төлеуге міндетті. Егер алимент туралы өзара келісім болмаған кезде сот кәмелетке  толмаған  балаларға  олардың  ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірі­сінің төрттен бір бөлігін, екі балаға – үштен бір бөлігін, үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайларын және назар аударлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе­ көбейтуі мүмкін.

Алайда қазір алағай да бұлағай замандарда да намысын бермеген, көз жасын көрсетпеген, жыртығын жамап, арығын білдірмеген азаматтар азғын әйелге кіріптар болмауды қалайды. Жоға­рыда айтқандай, бүгінде 68 мың жал­ғызбасты әке бар. Бұл дәл статистика­ екеніне кейде шүбә келтіреміз. Себебі бала үшін емес, дүние үшін таласып, жеме-жемге келгенде әлі күнге дейін соттасып бітпеген отбасылар қаншама. Қағаз жүзінде некеде болса да, бірін-бірі көрмегеніне, ат құйрығын үзіс­кеніне бірнеше жылдар өткен жұптар да жеткілікті. Демек жарымжан балалар мен қамкөңіл жандар арамызда жетерлік.

 

МҰҢСЫЗ  ҚОҒАМ

«Басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен шаруасы жоқ» дегенді біле­міз-ау. Бірақ қазір беттегі арын белбеу­ге түйген босбелбеу еркектер көбейген. Әйелімен ажырасқаны былай тұрсын, бала үшін бе, дүние үшін бе, әйтеуір біт­пейтін талас, жанжал. Кейбірі, тіпті, алимент алып, баласын бағып отыр. Ал кей­бірі дүние бөліске түспес үшін ажыраспай, қу дүниенің қамымен әйелімен жандалдасып әлі жүр. Қарап отырсақ, жалғызбасты әкелердің саны жоғарыдағыдай болса, әйелдердің санынан жаңылы­сатын шығар халық. Қазіргідей жылына неке құрғандардың 30 пайызына дейін ажырасып, оң жақта отырып сәбилі болу сөкет көрінбейтін болған заманда миллионға тарта жалғызбасты ана бар деп айтсақ, жағымыз жаңыла қоймас.

Расында біз көрмеген, біз кешпеген заман болмаған шығар, әсте. Заманның қай тұсында да ұлтымыз төрт құбыласы тең күй кешкен емес. Бірақ жақсы күн­дерден үмітімізді де әлі үзген емеспіз. Халықты қынадай қырған ашаршылық жылдарында да, миллиондаған адамның басын жалмаған соғыстарда да ел ерлерге қарады. Қайран шешелер қамыққанын­ да сағы сынбасын деп ұл-қызына көр­сетпеді. Аумалы-төкпелі жылдар келіп, өліра мезгілде балапан басымен, тұрымтай тұсымен тарап, тәуелсіздік алар тұста да әйел қауымы батылдық танытып, ерле­рін демеп отырды. Тіпті аладорбасын арқалап, шаруаға кірісіп кеткен батыл әйелдер  жайлы да  үлкендердің  әңгімесі­нен естіп білдік. Сонда да болса ерлері есеңгіреп қалған жылдары жарларына жігер берген ер мінезді әйелдер көп болды. Ол заман келмеске кетті. Ал қазір әйелдер – би, ерлер жасық болған заманға­ жеттік. Отанасы ошағын емес, ойнасын ойлайтын зәрлі қоғамның да дәмін таттық. Айтқандай, осындай сәттерде балаларының қасында, ошағының басында отырмаған көкек әйелдер­дің не ойлағаны бар деген заңды сауал еріксіз ойымызға оралады...

Қ.ЖАҚСЫЛЫҚ

 


 

Психолог  пайымы

Раушан  БАЗАРБАЙ:

– Әйелі қайтыс болған мен әйелімен ажырасып, балаларын өзінде алып қалған жағдай екі түрлі психологиялық күйзеліске алып келеді. Біріншісінде, жарынан айырылу­ ер-азаматқа ойламаған жерден моральдық, психологиялық ауыртпалыққа әкеп соқтырады. Ана орнына ана болу, әкелік парызын екі еселенген түрде атқару­ жүктеледі. Бұл жағдайда балалардың да психологиялық күйзелістен шығуына әке ғана көмек бере алады. Екінші жағдайда анасы тірі, бірақ тастап кеткен немесе екеуара келіспеушіліктен туындаған ажырасу салдарынан бөлек тұратын болса, онда мұндай жағдай ер адамға бірнеше модель­ді өмір сүру амалдарымен келеді. Мысалы:­

1) Мен  өзім  асырай аламын.

2) Енді  қалай  асыраймын?  Қалай  тәр­биелей­мін?

3) Өз өмірімді қалай реттеймін?

Жоғарыда  аталған  кез келген жағ­дайда­ отбасының  бұзылуы, ең  бастысы, психо­ло­гиялық  қабылдауы  әлі  жетілмеген  балалар­ға қиын. Материалдық жағ­дайына келер­  болсақ, мен  өз  басым  әйел  адамнан алимент талап етуді жөн көрмеймін. Алимент­  арқылы балалардың күйзелісі  шешілмей­ді. Қайта одан сайын ушығып  кетуі  мүмкін. Сондықтан  ересек­тер арасын­дағы  мәселеге  балаларды  араластыр­маған   ләзім.

 


 

 

Оразбай ХАМИТОВ, жалғызбасты әке:

– Осыдан бірнеше жыл бұрын әйелім қайтыс болды. Артында шиеттей 5 баламыз жылап қалды. Өзім ешқайда жұмыс істемейтінмін. Балаларымның алды тұрмысқа шыққан, қалғандары мектеп оқушылары еді. Отбасымыздың басынан сол кезең өте ауыр өтті. Әйеліме сеніп, үйдің жұмысына да араласпайтынмын, қыздарыммен бірге тірлікті шыр айналдыратын оған сеніп қалған да едім. Ал үйді жылу мен жарықпен, берекемен ұйытып отырған жарым көз жұмғанда есеңгіреп қалдым. Біраз уақыт ішкілікке салындым, жұмысым да болмады. Балаларым жарымжан, қамкөңіл болып, үйден шықпай, сабағына да бармауды шығарды. Әрине, мұндай күйзеліс тек менде емес, әйелімен ажырасып, балаларын қолына алып қалатын әкелер де бар екен. Неткен ерлік деймін кейде. Осыдан кейін өз-өзімді жігерлендірдім, балаларым үшін бас боламын деп шештім. Десек те әйелсіз бала өсіру тым қиын. Олардың ас-суы, киім-кешегінің өзін алып, бәріне бірдей жеткізу де үлкен ұқыптылықты, шыдамдылықты талап етеді. Бірақ балаларымды жетім етпеймін, жетімдер үйіне өткізбеймін деген ой мені қараңғыдан алып шықты. Қазір шүкір, екі қызым, бір ұлым отбасылы, бала-шағалары бар. Кішкентай ұлым мен қызым да есейді. Менің бар ойым шаңырақта жалғыз ұл болғандықтан, әулет отын өшіргім келмеді. Қайта үйленбедім де. Қызым мен ұлым тамағымды істеп, кірімді жуып, екі қолымды жылы суға малып отыр. Қазір сәл уақыт жоғалған берекеміз қайта оралды. Мұның өзі мен үшін бақыт.

 


Қарызды қайтар, жас маман! PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
18.05.2017 11:34

Жоғары оқу орнын тамамдап, «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген жастар жетерлік. Сөйтіп, олар  жұмыссыздардың  қарасын көбейте береді, көбейте береді. Ал дамудың даңғыл жолына түскен еліміз үшін бұл – өте өзекті мәселе. Жақында өткен Үкімет отырысында еліміздегі жұмыссыздардың жалпы саны 0,1 пайызға азайғаны туралы айтыл­ды. Әрине, жақсы көр­сет­кіш емес. Жұмыссыздардың көпші­лігін жастар құрайды. Бұл да үстірт қарайтын мәселе емес-тін. Өйткені қоғамның негізгі қозғаушы күші – бүгінгі буын өкілдері.

Аталған проблеманы шешу мақсатында мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев 2008  жылы  «Дипломмен  ауыл­ға»  бағдарламасын  ұсынып,  2009  жылдан бастап бұл жобаны қолға алды. Негізгі мақсаты ай­қын. Түп қазығымыз саналатын ауылдың әлеуетін арттыру. Жыра­қтағы жұрттың жағдайын жақсарту. Жаңа кадрлармен жасақта­у. Мұның барлығы мемле­кет алдына қойып отыр­ған негізгі миссия. Содан бері қаншама жас жұмысқа орналасты. Үкімет осы бағдарлама ар­қыл­ы қызметке  тұрған  жастарға барынша қолдау көрсетіп келеді. Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт, мәдениет және агроөнеркәсіп кешені саласындағы жас мамандарға бір реттік көтерме жәр­демақы, тұрғын үй алу (немесе құрылысын салу) үшін жеңіл­детілген несие түрінде әлеуметтік  қолдау  шаралары көрсетіледі. Әлеуметтік қолдау шаралары  әр жыл сайын айлық есеп­тік көрсеткішке сәйкес белгіленіп отырады. Атап айтқанда, бір жолғы көтерме жәрдем­ақының көлемі 70 АЕК, тұрғын үй сатып алуға немесе салу үшін 15 (он бес) жылға дейінгі мер­зімде жылдық 0,01% мөлшерінде 1500 АЕК болып белгіленген. Тек ауылға барып адал қызмет етсеңіз болғаны. Аталмыш бағдарлама аясында Қызылорда облы­сы бойынша 2009-2016 жылдары елді мекендерде жұ­мыс­қа орналасқан 4015 жас маманға бір реттік көтерме жәрдемақы берілген. Ал биыл өңірі­міздегі 537 маманды тұрғын үй несиесімен  қамтамасыз  ету  үшін  республикалық  қазынадан 1 827,6 млн теңге, 199 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы беруге  235,8 млн теңге бөлінген. Мамандарға тұрғын үй несиесін беру 2010 жылдан бастап жүзеге асырылуда. 2010-2016 жылдар аралығында ауылға барып жұмыс­қа  орналасқан 2537 маман тұрғын үй несиесін алуға қол жеткізіп, баспаналы болған. Мүмкіндікті мүлт жібермей, қаланы ауылға айырбастаған­дарды көріп қуанып қалатынымыз шындық. Үкімет те жастар аяққа тұрғанша қаражатпен қамтам­асыз  етті. Енді алмақтың да  салмағы  бар.

Ағымдағы  жылдың 1 мамырына  облыс  бойынша 1006 маманға беріл­ген несиенің төлеу мерзімдері кешіктіріліп, бүгінгі күні бюджетке 80,1 млн теңге көлемінде берешек сома қалыптасып отыр,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт  Жақанов.

Яғни, несие төлеуге ниеті жоқ. Жас мамандардың қыз­меттен бөлек, мемлекет алдындағы жауапкершілікті де сезінуі қажет. Өйткені қазынадан шыққан  қаржы қайтарылуға тиіс. Бір ғана Қызылорда облысындағы жас мамандардың мемлекет алдын­дағы берешегі әжептәуір соманы көрсетіп отыр. Ойланарлық жайт.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Жігітім алдап кетті PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.05.2017 11:32

Мен Жандоспен сынып­тасымның туған күнінде та­ныс­тым. Ол туған күн иесінің туыс ағасы  болатын. Алғашында әр қызға бір тиісіп, кірпінің үстіндегі жандай қыпылықтап отыратын ол маған түк ұнамады. Бір жағынан, көлігі қарапайым болса да сонысымен мақтана беретіндігі жағымсыз әсер қалдырды. Қайта менен гөрі  құрбым Айша онымен тез тіл табысып кеткендей. Өйт­кені оның да сәл мақтаншақтығы бар еді. Өзіме Жандос сүйкімсіз  көрінгендіктен, өзге сыныптастарыммен әңгіме құрып отыра бердім. Туған күн кеші көңілді бимен жалғасып жатты. Түнгі сағат он екіде Айшаның анасы қоңырау шалып­, тез арада үйге қайтуын­ сұрады. Анасының қатқыл дауыс­ынан  қорыққан  құрбым үйіне қайтпаққа бекініп, киіне­  бастады.  Ал Жандос болса, бұл сәтті ұтымды пайдаланып қалғысы келді ме, “мен шығарып салайын” деп одан бұрын үйден  шығып  кетті.

...Туған күн кеші көңілді өтіп жатты. Алайда Айшаның кеткені сол-ақ екен сыныптас қыз Айгерімнің де “қайтамын” демесі бар ма. Сөйтті де өзін шығарып салуын өтінді. Біз екі қыз, екі жігіт болып оны шығарып салдық. Ол отырыс өтіп жатқан үйге жақын­ тұратын. Соңында қыздардан өзім ғана қалдым. Ал Айшаны шығарып салып, кешке қайта оралған Жандос болса, не істерін білмеді ме, енді маған тиісе бастады. Бас­қа­ қыз қалмаған соң да көздеп тұрғаны мен екенін түсініп тұрмын. Бір жағынан, ол маған алғаш көргеннен ұнамаға­ндықтан, одан өзімді аулақ  ұстадым.

...Жаздың жайма шуақ күндерінің бірі. Бұл кезде ұялы телефон екінің бірінде бола бермейтін. Болса да қазір­гідей тегін қоңыраулары бар тариф мүлдем жоқ. Байланыс операторларының елі­міз­де енді-енді дамып келе жатқан кезі. Әлеуметтік желі­ден тек агентті ғана білетін­біз. Онда да ол кез келген ұялы телефонға орнатыла бермейтін. Тек компьютермен ғана кіре алатынсың. Ал ол үшін интернет клубтарды жаға­лап кететін кезіміз де бола­тын. Бірақ осы жазда “түнгі тегін қоңыраулар” деген­  жаңа  тариф  шықты. Бұл тариф бойынша, егер байланыс операторыңыз “Beeline” болса, түнгі сағат 12-ден таңғы 7-ге дейін тек осы операторлармен тегін сөйлесе  аласыз. Ал мұны жас­тар болмаса, үлкен кісілердің қолдана  бермейтіні  рас.

Бір күні осындай тарифтің уақытында бір жігіт қоңырау шалды. Бұл уақытта әлгі туған күн отырысынан кейін 3-4 ай өткен. Сөйтсем, қоңырау шалып­ тұрған қылжақпас Жандос екен. Пысықтығы сонша тегін тарифтің кезінде қоңырау шалы­п тұрғанын қарасаңызшы.  Алайда онымен осы үшін сөйлеспей қой­ғаным жоқ. Сөйлесе бердім. Басым бос. Бір  жағынан,  жазғы­  демалыс. Оқуға әлі біраз бар. Осылайша екі-үш сағат сөйлестік. Соңын­да “ертең кездесейік” деген келісіммен әңгімемізді аяқтадық.

Ертеңіне әдеттегідей көр­ші қыздармен кездесетін секілді үйден шығып кеттім. Сәнді киініп, бояну дегенді ойламадым да. Олай жасасам, ата-анама бәрін біл­діріп қоятынымды сездім. Кездесу орнына келдім. Бұл жер үй жақтан алыс емес еді. Сөйт­сем, бұрын аңғармаған екен­мін. Ол  менен тым аласа болып­ шықты. Қасында жүруге ыңғайсызданып қалдым. Алдында ғана мақтанып отырған көлігі қайда кеткен деп қоямын. Ал ол көлігін алыс аялдамалардың біріне қойып, өзі жаяу келіпті. Қол ұстасып, біраз жүрдік. Қайтар уақыт болғанда, машинасымен әке­ліп тастады. Бұрынғыдай қылжақпас, мақтаншақ емес. Әңгімесі де салмақты. Алғаш­қы көргенде мүлдем ұнамаған ол бұл жолы әп-әдемі жігіт болып­ көрінді.

Тек жаз уақытына арнал­ған тегін қоңыраулардың арқасында Жандостың түнделетіп хабарласуы жиілеп кетті. Күніге үйдегілерге білдіртпей сөйлесуге де шама жоқ. Бірақ, осы уақытқа дейін жігіт атаулымен кездесіп көрмегендіктен, бұл кез маған тым көңілді әрі қызық көрінді. Сондықтан да болар “қоңырау шалма” деп те айта алмадым. Күндіз кездесеміз, түнде сөйлесеміз. Осылай күндер өте берді. Алайда қалай оқу жылы басталды, Жандостың хабарласуы да солай­ тоқтады. Ал мен сол түні оның қоңырауын ұзақ күттім. Оның дауысына, әңгімесіне үйреніп қалыппын. Сөйтсем, тегін қоңыраулар аяқталған екен. Енді ол маған күніне 2-3 минуттан артық хабарлас­пайтын болды. Бірақ қыз бен жігіт болып кездесуіміз жал­ғаса  берді. Осылайша жаз, күз өтті. Бірақ уақыт өте келе әлгі 2-3 минуттық қоңыраулар да азая бастады. Кейде, тіпті, бір айға дейін қоңырау шалмайтын. Ал мен оны жиі іздей бас­тадым. Кейде сағынғанымнан өзім қоңырау шалатынмын. Ал ол болса телефон тұтқасын көтермеуді шығарды. Енді бірде “қолым бос емес” деп қоя салатын. Ақымақтығымнан ба, әлде тым сенгіш болдым ба екен, осындай сәттерде­ оны ақтап алатынмын. “Енді ғана такси жүргізушісі болып жұмысқа тұрды, кедергі кел­ті­ріп жатқан болармын” деп үнсіз қала беретінмін. Алайда бірнеше ай сөйлесіп, кездесіп жүрген жанға бауыр басып қалдым­. Мұндай сәттерде оның еш себепсіз хабарсыз кеткені жаныңа қатты батады екен. Жалғыз қалған кездері, тіптен, сол жаздың жайма шуақ күндерін сағынып кете­сің, сол уақыт қайта оралса екен дейсің... Бірақ уақыт шіркін  артқа  оралмайды.

Осылайша мүлдем хабарсыз кеткен Жандостан бір күні хабар келді. Ол хабар менің көз жасымды көлдей қылды. Иә, ол өзге қызға үйленіп жатыр екен. Менімен қол ұстасып, жігітім болып жүрген Жандос­тың неге хабарсыз кеткені енді түсінікті болды. Қайда барарымды, не істерімді білмей дал болдым. Қолымда ұялы телефон. Өзіне қоңырау шалсам, өшірулі. Бір жағынан, мен бұл хабарға мүлдем сенгім келме­ді. Алайда “рас, жаңа ғана інісі менің ағамнан тойға киетін киім сұрап алып кетті” деген таныс құрбымның айтқаны тағы бар. Болмағасын, ұялы теле­фоннан оның үй телефонына қоңырау шалдым. Қоңы­рау тұтқасын көтерген қызға “Кешіріңіз, той басталып кетті ме? Мен Жандостың группаласы едім, біз кешігіп баратын едік” деп аузыма түскен әңгі­мені айттым. Телефонның арғы жағынан “Иә, иә беташар болып жатыр. Келе беріңіздер, үлгересіздер” деген дауыс менің жүрегімді қақ айырды. Жылап жібердім. Күйіндім. Маған ең болмаса ескертпегеніне ашуландым. Арыға бар­масақ та, қыз бен жігіт болып қол ұстасып жүргеннің өзіне мен оған қатты бауыр басып қал­ған едім. Өзімді сол той күніне дейін оның “сүйікті­сі­мін” деп есептеп едім. Бәрі жалған екен. Ол тек менімен қолы бос уақытында ғана жүріпті. Қатты түңілдім. Өмі­рімде бірінші рет жігіт үшін жылағаныма  күйіндім.

...Арада екі-үш ай өтті. Ерте болса да Жандостың әйелі босан­ды. Сөйтсем сол кезде ол қазіргі әйелін жүкті қылып қойғаны үшін үйленген екен. Бұл хабарды естігенде, мен әйелінің орнында өзім бол­мағанға, өзімнің де әріге бармағаныма қуандым. Ал жас отбасыларға тек бақыт тіле­дім...

Арайлым

 


Артық салмақтан арылудың “салмағы” қандай? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
18.05.2017 11:28

Бүгінде арық болу әйел заты үшін әсемдіктің бір эталоны іспетті. “Әдемі келбетіңіз сымбатыңызбен үйлесім тапса, сұлулық деген осы” дейді қазір­гі арулар. Дене бітімінде бір мін жоқ, сымбаты сымдай тартылып тұрған қыздар­ды жігіттер қауымы да жек көрмесі анық. Алайда көркем көрінемін деп арықтаудың пай­дасы қандай? Зияны қаншалықты? Дұрыс емес диета ағзадағы дәрумен жетіспеу­шіліктен туындайтын ауру туғызатыны белгілі. Өзін толық санайтын неме­се пішіні қалыптасқан әсемдік өлшемінен (90-60-90) сәл көбірек қыздар салмағын азайту үшін не істейді? Сауалымызға жауап алу үшін бойжеткендерді аз-кем әңгімеге тартып көрген едік.

С.Болатқызы,  22  жаста:

– Мен үшін арықтау – басты мәселе. Себебі, өзімнің дене бітіміме көңілім толмайды. Салмағым 68 келі тартады. Ал менің жасымда мұндай салмақпен жүру, тіпті, ұят. Азып, ойдағыдай дене біті­міме жету үшін көп іздендім. Ғаламтордағы ғаламат жарнамаларда айтылған дәрілерден бұрын табиғи жолмен мақсатыма жетуді жөн көріп, алдымен “қияр” диетасын ұстадым. Нан өнімдері мен майлы тағам­ды азайтып, көбіне қияр жеуге дағдыла­ндым. Алайда мұның пайдасы болмады. Мұнан кейін қарақұмықты (гречка) тұз қоспай қатыққа араластырып тамақтануды бастадым. Бұл да нәтижесін бермеген соң жаттығу залына барып, арықтауға арналған би билеумен айналыстым. Осылайша көздеген мақсатыма жетудің барлық нұсқаларын әлі де қарастырып жүрмін.

Қ.Керейт,  21  жаста:

Арықтау ең алдымен қыз-келіншектердің ерік-жігеріне байланысты дер едім. Себебі, қанша жерден арықтайтын дәрі ішіп, физикалық күш-қуатыңды жұмсағаныңмен тамаққа деген нәпсіңді тыя алмасаң, бәрі бекершілік. Мен интернет желісінен арықтаудың ең оңай әрі тиімді жолын оқыған болатынмын. Мұнда лимонды  қайна­ған суға салып, күнделікті тамақтың алдын­да ішіп жүрдім. Әрине, майлы тамақтарды, нан өнімдерін біртіндеп азайта бастад­ым. Нәтижесінде 2 ай ішінде 60 келі­ден 51 келіге салмақ тастадым. Лимон ас қорытуды жеңілдетіп, ағзадағы керек емес заттарды сыртқа шығаруға көмектескен сыңайлы. Десек те, артық салмақтан арылғыс­ы келген әрбір қыз өз бетінше “ем іздегеннен” гөрі маманның көмегіне жүгінгені  дұрыс  деп  ойлаймын.

Сыр өңіріндегі білікті психолог Шұғыл­а Әлен толықтықтан бұрымдыларымыз психоло­гиялық зардап шегетінін де алға тартады. Оның айтуынша, бүгінде кейбір қыз балалардың еліктегіштік қасиеті мен арықтаудың жеңіл жолын іздеуі түрлі зиянғ­а апарып соқтыруда.

- Мен облыстық жастар денсаулығы ортал­ығында “Жедел желі” сенім теле­фонында жұмыс істеймін. Қызмет барысында арықтау мәселесімен жастар, оның ішінде қыз балалар жиі хабарласып, пси­хологиялық кеңес сұрайды. Осыдан бір­шама уақыт бұрын сенім телефонына­ 14 жастағы қыз телефон шалған болатын. Ол өзінің 78 келі салмағын тастай алмай жүргенін айтып, мұңын шақты. Өзінің дене бітімін толық деп ойлап, одан қысылған бойжетк­ен  көп­шілік  ортада  қатты  ұялады екен. Соның салдары­нан көп адамдар жүретін іс-шараларға  барудан  қашқақтап, оқшаулана  бастаған. Тіпті өзінің табиғи дене  бітімін  жек көреді. Бойындағы  жағым­сыз  комплексі күшейе-күшейе күйзеліске де апарып соқтыруы  ықтимал  еді. Бірақ  ол психолог  маман­ның көмегіне жүгінді. “Толық­тығымның кесірін­ен қатарымнан үлкен көрінемін. Кез келген ортада өзімді қолайсыз сезінбей, еркін болуым үшін қандай ақыл айтасыз?” дегенде, маман ретін­де қолымнан келген көмегімді аямадым. Ең біріншіден, толықтық, арықтық – әр адамдағы стеоротип. Оны проблемаға айнал­дырмау керек. Адам өзіне деген көз­қарасты өзгертуі және оған сенуі қажет. Екіншіден, әр адам міндетті түрде өзін жақсы­ көруі керек. Сонда ғана кез келген психологиялық қиындықтан жол табуға болады,­ - дейді психолог Шұғыла Әлен.

Мамандардың айтуынша, дұрыс емес диета авитаминоз ауруына шалдықтырады. Себебі дұрыс тамақтанбаудың салдарынан ағзада дәрумен жетіспеушілігі туындап, иммуни­тет төмендейді. Тез арықтағысы келіп, тамақтан  тыйылған  бойжеткендер­дің  денсаулығы үшін бұл әжептәуір қауіп. Сондықтан  артық салмақтан  арыламын деп арықтықтың  құрбаны  болмайық.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


 

Белгиялық ұлы актриса, сұлулығы мен сымбаты үндескен Одри Хепберн­  сұлулық  турасында  былайша  толғайды.

1. Ернім әдемі болсын десеңіз, аузыңыздан тек жылы сөздер шығуы керек.

2. Көзім әдемі болсын десеңіз, адамдардың тек жақсы жақтарын көре біліңіз.

3. Сыртқы пішінім сымбатты болсын десеңіз, аш-жалаңаш­тармен тамағыңызды бөлісіңіз.

4. Шашым әдемі болсын десеңіз, күніне бір рет сәби саусақт­арымен сипатыңыз.

5. Өзіңізге сенімді болу үшін өмірде жалғыз емес екеніңізді ұмытпаңыз.

6. Адам өзін сергек сезіну үшін өзін өзгелердің кешіргенін, мақтағанын, көтермелегенін, сүйгенін қалайды. Олай болса сіз де біреудің қол жетпес адамысыз. Өзіңіздің “жеке әлеміңізден” ешкімді “лақтырып тастамаңыз”.

7. Қыз-келіншектер қауымының әдемілігі оның киген киімінде, сымбатында немесе шаш үлгісінде де емес. Әйелдер­дің  әдемілігі – оның көздерінде, өйткені көз – оның махаббатқа  толы  жүрегіне  апарар  бірден-бір жол.

 


СЫР САХНАСЫНЫҢ СИҚЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.05.2017 11:20

Өнер – бұл кез келген жанның бойына бітпейтін ерекше қасиет. Сондай-ақ, қызығы мен шыжығы қатар жүретін, ауыртпашылығы мол, жауапкершілігі зор қызмет. Өнер майданына бес қаруын сайлап, сол жолға бар ғұмырын сарп еткен тұлғалардың есімі ел жадында мәңгі сақталмақ. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді Абай хәкім өз сөзінде. Сол секілді өнер әлемінде де  таланттылардың  бақ сынауға хақысы  бар.

«Өнерімен талайдың таңдайын қақтырған», «өнерімен дүйім елді сүйсінткен» деген теңеулердің ауызбен жай ғана айтылса  да, жүректен  жасанды  түрде  шыға  салмағаны  анық. 21 мамыр - мәдениет  және  өнер  қызметкерлері  күні. Өрісі кең өнерлілердің бүгінгі хал-ахуалын білу, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың мән-жайымен танысу – біздің парызымыз. Осыған орай, Сыр еліндегі мәдени ошақтардың бірі де бірегейі болып саналатын, әнші-ақын Нартай Бекежанов есімімен аталатын бас театрға бас сұққан едік.

Театр – рухани мәдениеттің алтын діңгегі, ордасы. Алғаш іргетасы 1955 жылы қаланған өнер ордасы бүгінде Сыр мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Театрдың қалыптасу жолында Жақып Әбілтаев пен Виктор Дьяковтың бірлесе атқарған жемісті еңбегін айтпай кетуге әсте болмайды. Себебі олар кішкене ғана труппаны үлкен ұжымға айналдыра білді. Араға бес жыл салып, яғни 1960 жылы Жетісу жерінен Қызылорда қаласына қоныс аударған театр өз шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашқандығын көзі қарақты көрермен әлі де ұмыта қойған жоқ. Сол жылдардан бастап Жақып Әбілтаев, Баймолда Баймұқанов, Кәден Балғынбаев, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Сағымбек Рақышев, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаевалардың сом тұлғалары көпшіліктің көз алдында жатталып қалды. Осы аталған сахна дүлдүлдерінің өкшесін баса келген Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Рыстай Алдамжарова, Тұрысжан Айнақұлов сынды жас буындар да талай образдың бағын ашып, көрермен қошеметіне ие болды.

Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Б.Алпысбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ү.Бегімова, К.Әбжанова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Б.Ботбаев, З.Төлепова, А.Артықбаева, Б.Темірбеков,  Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қ.Айтжанова, әртістер Ж.Досаев, Н.Шналиев, Ұ.Баймаханов, А.Байдалиева, З.Көздібаева, М.Пұшпақова, С.Әбдразақов, А.Көшімбаев, Е.Асанов, Г.Дәужігітова, Б.Ошақбаев, А.Төлеуова, А.Оразалиев, Д.Сабыров, О.Аманов, Қ.Архабаев, А.Дүйсенқызы, М.Кенжалы, Н.Зұлпыхар, Қ.Құрманбеков, Н.Қараманов, Т.Әжімұратов, М.Әбішовалар театрдың өркендеуі жолында еңбек етіп келеді.

2008 жылдан бері театрдың басшылық тізгінін ұстаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Әбдікәрімов театр ісінің өрге басуына, мәдени жұмыстардың жандануына лайықты үлес қосып келеді. Сонымен қатар, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, театрдың рухани түлеуі жолында тынымсыз еңбек етуде. Театр қызметкерлерінің өңір мәдениетінің дамуына қосып келе жатқан еңбектері де ұшан теңіз.

Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толуына  сәйкес,  осы  жылдың 12-15 сәуірі аралығында Әзірбайжан елінде Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері өтті. Сыр сахнасының сиқырын көрсетіп, өнерлерін паш етуге театр ұжымы аттанған болатын. Олар Әзірбайжанның ақын, жазушы-драматургы, қоғам қайраткері, философ Мирза Фатали Ахундовтың «Кетпейсің! Болды, кетпейсің…» комедиясын Баку және Шеки қаласының көрермендеріне ұсынып қайтты. Айта кетейік, қызылордалық ұжым көптеген республикалық, халықаралық фестивальдерде оза шауып, үздіктер қатарында көрініп келеді.

Шығармашылық ұжымдағы жас мамандардың білімін жетілдіруге де барынша жағдай жасалған. Олардың талантын шыңдау мақсатында еліміздің көптеген оқу орындарымен театрдың тығыз байланысы бар. Сонымен қатар жыл сайын Т.Жүргенов атындағы қазақ  ұлттық  өнер академиясы мен Астана қаласындағы Өнер университетінің бітіруші түлектерінің дипломдық жұмыстарына қатысып, мамандық бойынша қызметке шақырылады.

Театрда 2014 жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен «Жастар труппасы» жұмыс атқарады. Труппаның құрамы жас мамандармен толықтырылып, олардың қатысуымен бірнеше қойылымдар сахналанды. Олардың қатарында И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы»  поэтикалық драмасы, С.Жүнісовтың  «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясы, Р.Отарбаевтың «Нашақорлар жайлы новелласы» бар. Ал 2004 жылы театр жанынан құрылған «Нартайдың бүлдіршіндері» атты қуыршақ тобының да репертуары жұтаң емес. Режиссер  К.Жанмұратова бастаған қуыршақ тобы драма театрдың болашақ көрермендерін сапалы, әрі тәрбиелік мәні терең туындылармен қуантып келеді.

Расында, рухани байлықтың қайнар көзіне айналған қарашаңырақтың мәдениет саласындағы үлес салмағы ерекше. Оны өнерсүйер қауым әу бастан-ақ мойындап қойған. Ендеше, саф өнердің жандануы жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан іргелі шаңырақтың әлі де Сыр жұртшылығын толымды дүниелерімен қуантарына сеніммен қараймыз. Десе де, түйткілді мәселелер де жоқ емес.

Халық даналығы «Өзіңді танығың келсе, театрға бар» десе, белгілі актер Алек Гиннес «Жөтеліп жүргендер ғана дәрігерге, ал қалғаны театрға барады» дейді. Қызық. Ал бізде театрға кімдер барып жүр? Қойылымның жетістігі – көрерменінің көп болуы (Тадаси Судзуки). Жөн сөз. Десе де, бұған келіспеуге де болады. Қойылымның жетістігі – көрерменнің көп болуы ғана емес, көрермендердің көпшілігіне ой салуы болса керек. Жарайды, бұл жерде театр жайлы айтылған қанатты сөздерді талдайын деп отырған жоқпыз. Алғашқыда көп көрермен деп қалдық емес пе? Демек, сан мен сапаға да назар аударған жөн шығар. Яғни, санасы бос адамның алдында рөл ойнағанша, бос орындықтың алдында ойнаған әбден жақсы.

Осы орайда, көрермен мәдениетіне соқпай кету мүмкін емес. Себебі қалай болса солай киініп келіп, әңгіме айтып отыратын адамдар да кездеседі. Талай мәрте барып театрдың табалдырығын тоздырмасақ та, там-тұмдап төбе көрсетіп тұратынымыз бар. Сондықтан көргенімізді, көкейге түйгенімізді айтамыз. Қойылым кезінде шапалақты жөнсіз соғатындар жетіп артылады. Біреуі телефон шұқылайды, енді біреудің баласы жылайды. Негізі жақсылап назар салсаңыз, театрдың кіреберісінде көрермендерге қойылатын талаптар тізімі көрсетілген. Онда «5 жасқа дейінгі баламен бірге кіруге болмайды» деген тармақ бар.

Жас қаламгерлер толымды дүниелер жазбай жүр дегіміз келмейді. Бірақ, театр сахнасында көбінесе осы сала майталмандарының туындылары сахналанып жатады. Әлгінде айтқанымыздай, бұл жас жазушылар өндіріп жазбай жүр деген сөз емес. Жасыратыны жоқ, қолдау, қолпаштау, демеушілік жасау жағы жетпей жүрген сынды. Еліміздің кейбір аймақтарындағы театрлар аудармаларды сахналауға машықтанып алыпты. Мұнан кейін «бұл жаңа туындылардың жазылмай жүргенінен емес пе?», - деп ойланады екенсің...

Театр сахнасында кез келген қойылымға орын жоқ. Себебі спектакльдің өзектілігі, маңыздылығы, тәрбиелік мәні бірінші орында. Сондай-ақ, театрда арнайы көркемдік кеңес жұмыс істейді. Жыл басында кеңестің арнайы отырысы өтіп, мүшелері бекітіледі. Яғни, қойылым сахналанбас бұрын пікірталасқа салынып, әбден талқыланады. Шығарманың өзектілігі мен бүгінгі көрермендерге қажеттілігіне аса мән беріледі.

Баз біреулер үшін сүйіншілейтін жаңалық емес шығар. Десе де, көп ұзамай, театр маңдайшасына «Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры» деген айшықты жазу жазылмақ. Осы мәселені «Халық» газеті бетінде көтергенімізді де айта кетейік. Сондай-ақ, электронды тақта қою мәселесі, афиша-хабарландыруларды одан әрі кеңейту жұмысы өз шешімін таппақ.

Тынымсыз ізденіс пен қарқынды дамудың үлгісін көрсеткен еңбекқор ұжым өз жұмыстарын әлі де жандандыра түспек. Талай шығармашылық белесті артқа тастаған таланттар ордасы бүгінде облыстың ғана емес, тұтастай республиканың бірегей театрлар санатына еніп отыр. Бұл – бір адамның емес, ұжымның ортақ жемісі және бірлігінің кепілі.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


Аралдың Арапханы PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.05.2017 11:16

Өткен өмірімнің кейбір есте қаларлық сәттеріне көз жібере отырып, қызығы мен шыжығы көп мына өмірде өзінің қадір-қасиеті, елге жаса­ған игі істері мен мінез-құлқы арқылы ерекшеленіп тұратын абзал азамат, кезінде Арал аудандық электр тарату торабында көп жыл басшылық жасап, абыроймен зейнетке шыққан Арапхан Сұлтановтың ауданнан шалғай орналасқан бір ғана Жаңақұ­рылыс елді мекеніне жасаған игі жұмысын айту үшін  қолыма  қалам алдым.

Мен Арапханмен 1999 жылы таныстым. Жаңақұрылыс ауылдық округі 1996 жылы жабылып, 1999 жылы Арал ауданына Айтбай Кө­шербай әкім болып келгеннен кейін қайтадан Жаңа­құрылыс ауылдық округі болып ашылды. Ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша мені ауылдық округ әкімі қызметіне тағайындады. Жаңа­құрылыс елді мекені бұрын Қазалы ауданына қарайтын. 1991 жылы Арал ауданының әкімі Биғали Қаюпов жоғар­ғы орындарға ұсыныс жасап, Жаңақұрылыс елді мекенін Қазалы ауданынан бөліп, Арал ауданына қаратып, мал азығын дайындайтын совхоз етіп ашты. Міне, сол кезден бастап Қазалыдан келетін жарық (электр қуаты) бірде бар,  бірде жоқ болды. Ақыры 1999-2000 жылдары Бекарыс­тан би ауылынан тартылған электр желісінің бағаналары Қотанкөл көлі суының тасуы­на байланысты су астында қалды, бағаналар құлап, ауыл жарықсыз қалды, оны қайтадан қалпына келтіру мүмкін болмады. Не істеу керек? Аудан әкімі Айтбай Көшербайға жағдайдың  бәрі  мәлім­делді.

Аудан басшысының қа­былдауында болғанда, кабинетке ақсары өңді, ер тұлғалы жігіт ағасы келді. Аудан әкімі бізді таныстыра­ келіп, көп уақытты ұттырмай не істеу керектігімізді саралап тізіп берді. Дағдарыстың кезеңі, қаражат көзі тапшы, «сондықтан қай елді мекеннен жарық желісін тартасыздар, соның тиімді жолда­рын шешіп баяндаңыздар» деді. Кабинеттен шыққаннан кейін екеуміз етене танысып, ертеңгі жұмыстарымыз туралы кеңестік, былай қарағанда сөзге сараң, ал іске келгенде талапшылдығы, іскерлігі көзге көрініп тұрды. Ертеңіне желіні қай елді мекеннен тартатынымыз туралы анықтау үшін жолға шықтық. Аманөткел, Аққұлақ, Бөген елді мекендері мен Жаңақұрылыстың ара қашықтығын есептедік. Аққұлақ елді мекені тиімді болғанымен, Сырдарияның суы тасығанда бағаналар су астында қалатындығы ескеріліп, электр желісіне Аманөткел елді мекенінен, яғни 25 шақырым Жаңақұрылысқа  тартуға келі­сім­ге келіп, сызбасы сызылып, аудан әкіміне  мәлімдедік.

Аудан  басшысы  облыс  әкімі С.Нұр­ғисаевқа  болған  жағдайды жан-жақты мәлімдеп, 14 миллион теңге бөлуге ықпал  жасады. Бұл  қаражат  жұмыстың үштен бір бөлігіне жетеді. Не істеу керек?­ Құрал-жабдықтар, бағаналарды аудан орталығынан Жаңақұрылысқа жеткізу үшін дариядан өту керек, онда­ғы паром ауыр көлікті өткізе алмайды. Сондықтан Жаңақұрылыс елді мекеніне жақын орналасқан елді мекендерді аралау қажет болды. Ақыры Қазалы ауданымен келісіп, Түктібаев, Майда­көл, Бекарыстан би ауылдарындағы оңтайландыру арқылы шыққан баға­наларды пайдалануға келісім алды, әрине, бұл оңай шаруа емес. Арапханның жұмысқа деген талапшылдығы, іскерлігі,  бір сөзділігі, өтірікке жаны қас  екендігі бізді қуантты. Сол кезде 25 шақырым жерге жаңадан электр желісін  тарту (қанша бағана, қанша сым, изолятор) оңай емес. Бір жарым айдың ішінде Жаңақұрылысты жарық­тан­дырды, жарықты қосуға облыс әкімі С.Нұрғисаев арнайы келді. Жарық қосылған кезде ауыл тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. «Көзің ашылсын, нұрың сөнбесін, талабың өрлей берсін, Арапхан» деп жұрт ризашылығын білдірді. Әрине, бұл – Арапханның бір Жаңақұрылысқа жасаған еңбегі. Ауданда қаншама елді мекен бар, сол ауылдарда Арапханның өз үлесі, өз қолтаңбасы бар. 2000 жылдың 3 қазанында аудан әкімі Айтбай Көшербайдың сол кездегі күрделі экономикалық және әлеуметтік жағдайда мүмкін­діктер тауып, Аманөткел - Жаңақұрылыс жоғарғы кернеулі электр желісін іске қосуда  атқарған  жұмыстарын  аудан халқына  жасалған  қамқорлықтың  тағы бір жарқын көрінісі деп есептейміз. «Ерлікке  пара-пар  еңбектеріңізге аудан әкімшілігі  атынан шынайы алғысымды­  білдіремін»  деп  Алғыс хатпен мара­паттады.

Енді сәл шегініс жасап, Арекең заман­дасымның өмірдерегіне көз жүгіртіп, әр еңбегін саралап айтсам деймін. Ол 1947 жылы 22 мамырда айдынд­ы Арал ауданы Құланды ауылдық округінің Авань елді мекенінде дүниеге келген. №22 Ауан орта мектебін 1965 жылы бітіргеннен кейін Арал балық комбинатында бір жыл жұмысшы­ болды. 1966-1971 жылдары Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетінде оқып, «инженер-электрик» мамандығын алып шықты. Аталмыш оқу орнын бітірісімен Украинаның Карпат баурайында Отан алдындағы әскери-азаматтық борышын өтеп қайтты. Арапханның еңбек жолы 1972 жылы Арал аудандық электр тарату жүйесінде электр-монтерлықтан бастау алады. 1974 жылы қосалқы станция­ларды жөндеу жөніндегі инженер, 1981 жылдан 2012 жылға, яғни зейнет жасына­ келгенге дейін, 31 жыл осы мекемеде басшылық қызметін атқарды. Әрине, бұл аз уақыт емес. Өзінің білім-білігін жетілдірумен, ел-халыққа қалтықсыз қызмет  көрсетумен  айналысып  жүре­тін азаматтың елге сіңірген өлшеусіз еңбегі еленбей қалған жоқ. Бүгінде оның кеуде­сінде «ҚР Конституциясына - 10 жыл» мерекелік медалы жарқыраса, алған­  атақтары  шаш  етектен.

Саралап айтсақ, Арапхан Сұлтанов 1991 жылы бүкілодақтық кәсіподақтар сыйлығының лауреаты болса, 2001 жылы Қазақстан Республикасының 10 жылдығына байланысты ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды. Ал 2007 жылы ҚР Энергетика министр­лігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, сол жылы ҚР еңбегі сіңген энергетигі атағын алды. КОПЭС құрмет грамо­тасымен марапатталып, есімі КОПЭ­С-тің құрмет кітабына енгізіледі. Облыс әкімінің және «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Басқа да жеткен жетіс­тіктері, шыққан шыңдары, алған алғыс­тары аз емес. Бірақ мен оның бәрін тізбелеп жатудан гөрі, замандасымның бойындағы жан байлығының бастау бұлағын айтуды жөн көрдім. Сөз орайы келгенде Арапханның тумысы бөлек тұлға екеніне куә болар мына бір жайтты­ да айта кетейін. Арапхан бір емес, алты мәрте халық аманатын арқалап, қалалық, аудандық мәслихат депутаты болды. Сайлаушылардың талап-тілегі, аманатын орындауға батыл кірісіп, алғысына бөленді. 2011 жылы Арал ауданының Құрметті азаматы атағына ие болып, 2012 жылы зейнетке шықты. Бүгінде аудандық электр энергиясы ұйымының төрағасы.

Арапханның рухани жан әлемі жарық, жүрегі жомарт, алақаны ашық, үлкен-кішіге шуағы мол азамат болып қалыптасуына оның жары, ақ халатты абзал жан, балалар дәрігері Күлпаршын Дәріқұлованың қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Ол азаматын ұсақ-түйекке алаңдатпай, еңсесін түсірмей, оның қас қабағына қарап, қызықты да, қиын­дықты да бірге көріп, қосағымен қоса ағарып келеді. Қос бәйтерек бес бірдей ұл-қыз өсіріп, өркенін жайды. Үлкендері Байдрахман мұнайшы-инженер болса, қызы Мариям – инженер-экономист, Жеңіскүлі – заңгер, Аяны – заңгер, энергетик, кіші қызы Сая анасының ізін қуып, дәрігер атанды. Аралдың абзал азаматы атанып жүрген замандасым Арапхан жайлы жазбама «Бақытың баянды болсын, Ареке! 70 жасың құтты болсын, Күлпаршын екеуің ұл-қыздарыңыз бен немерелеріңіздің қызығын ұзағынан көре беріңіздер!» - деген жүрекжарды лебізбен нүкте қоямын.

Сердалы  Шалбаев,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер кеңесінің  төрағасы,

КСРО  Денсаулық  саласының  үздігі,

Арал  ауданы

 


МӘДЕНИЕТІ ЖОҒАРЫ ЕЛДІҢ РУХЫ БИІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
18.05.2017 11:06

Толыбай  Жүсіпов,

Қазалы  ауданының  мәдениет  және

тілдерді  дамыту  бөлімінің  басшысы

«Мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаң­ғырудың маңызды бөлігі болып табылады». Елбасы Н.Назарбаевтың осынау түйінді сөзі мәдениет­ саласы қызметкерлеріне айтарлықтай міндеттер жүктейтіндігі сөзсіз. Олардың төл өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуі, бабаларымыздан мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолындағы еңбегі ұшан теңіз.

Осы орайда 12 сәуір күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Бұл мақала «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауының заңды жалғасы іспетті. Ұлт­тық  рухы  зор, мәдениеті озық елдер көп жетістікке жетері анық. Сол себепті, Елбас­ы ұлттық мәдениетті сақтай отырып, жаңғыру мен ұлттың дамуына кедергі кел­тіретін кертартпа әрекет­терден арылу қажеттігін түсіндірді. Рухани жаңғыру жолында  бабалардан  мирас болған ізгі қасиеттерімізді қайта түлетіп, ұлттық қазыналарымызды қастерлеп, мәдени құндылықтарымыз баршаның игілігіне айналып, құрметтелуі тиіс. Ел­басы өз мақаласында ұлтымыздың  мәдение­тін сақтап қалуға аса мән берілуі тиіс екен­дігін айтып өтті. Бү­гін­гі ұрпақ өзінің та­ри­хынан, мәдениетінен хабардар болып, олардың ұлттық салт-дә­с­түрін, рухын сақтап өсуіне жұмыс жасау – ортақ  парызымыз.

Сонымен қатар, қазақ тілін дамыта отырып, үш тілді меңгерудің, ағылшын тілін білудің маңыздылығын, өзектілігін күн тәртібінен түсірмеуді ұсынып отыр. «Ұлт» деген  рухани ұстанымның негізгі ай­қындаушы факторларының бірі де, негізгі шарты да – тілдің болуы­. Егер тіл бол­маса, ғылыми ортада ұлт деген ұғым мойындалмайды. Бұл мәселенің  ұлттық  тұрғыдан аса маңыздылығына байланысты «Ана тілі» деп дәріптеледі. Ұлттық тілімізді мәңгілік құндылық, қасиет ретінде құрметтеуге міндеттіміз. Тіл дегеніміз тарих, дәстүр,  әдебиет, өнер, сана, яғни ұлтымызға  қатысты  мәселелердің барлығын  да  қамтиды.

Ауданымызда мәдениет саласы­ қарқынды дамып, кең көлемде әртүрлі жұмыстар жүргізіліп келе жатқандығы бәрімізге белгілі. Кейінгі 2 жылда қаржының 2 есе өсуі де байқалып отыр. Бұл қаржыландырудың өсуі мәдениет сала­сына, тіл саясатына, мәдени бос уақытты дамытуға, өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәр­биелеуге, дарындарды дамытуға, тұрғындар арасында қарым-қатынасты тәрбиелеуге жол ашып, халық­тың келешегіне сенімділік арттырады. Осындай жетістіктердің арқасында аудандық кітапхана қоры толықтырылып, мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасының жағдай­лары жақсарды. Бұл істердің  барлығы  мәдениет сала­сына үкімет тарапынан оң көз­қарас танытуынан десек артық айтпас­ едік. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының мәдени деңгейін көтеруде  халықтық көркемөнер­ді дамыту басты роль атқарады. Осы орайда тұрғындарға қызмет көрсетудің жаңа үлгілері енгізі­ліп, аудандық  фестивальдар  мен конкурстар  жиі  өткізілуде.

Бүгінгі таңда мәдениет Үйлері мен клубтар жанынан ән, би, драма­, домбыра, терме, көркемсөз оқу,  т.б. үйірмелері тұрақты түрде жұмыс істейді. «Қорқыт ата» атындағы аудандық балалар музык­а мектебі  жанынан құрылған «Тұран» балалар хор ұжымы, вокалды аспаптар, домбырашылар, «Назқоңыр» қыздар вокалды­ тобы, аудандық оқушылар Үйі жанын­дағы «Қыз Жібек» бишілер тобы мен жас өнерпаздар тобы, Басықара ауылдық №182 мектеп жанындағы хор ұжымы, Қожабақы ауылдық №25 мектеп жанындағы «Жұлдыз», «Балауса» бишіл­ер тобы, аудандық деңгейдегі салтанатты шараларға қатысып жүрген өнер ұжымдары халық қошеметіне бөленуде. Соныме­н қатар, мәдениет саласы бойынша осы уақытқа дейін аудандық мәдениет Орталығы жанын­дағы халық театры, құрамы негізінен  Әуез  мектебінен жасақталған «Мырза» атындағы халық оркестрі, «Қорқыт сазы» фольклорлық халық ансамблі, Жанқожа батыр ауылдық мә­дениет­ Үйі жанындағы халық театр­ы тұрақты түрде жұмыс істеп келсе, 2016 жылы «Әуезовтер» жанұялық ансамблі, «Мелодия» орыс ұлт аспаптары ансамблі, Әйтеке би кенттік клубы жанындағы «Атамұра» ардагерлер ансамб­лі, Қазалы қалалық мәдениет Үйі жанындағы театр «Халықтық» атақтарын қорғап, жоспарлы түрде жұмыстарын жүргізуде.

Барлық мәдениет Үйлері мен клубтарда, музей-кітапханаларда Қазалы қаласының атауына 150 жыл, Басықара бабаның туғанына­ 260 жыл, Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың туғанына 115 жыл, Кеңес Одағының Батырлары Геннадий Шляпиннің туғанына 105 жыл, Үрмәш Түктібаевтың  туғанына 100 жыл, Халық әртісі Роза Бағла­нованың туғанына 95 жыл, мемле­кет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаевтың туғанына 90 жыл, жазушы-публицист Қалжан­ Нұрмахановтың туғанына­ 90 жыл, «Қызыл Жұлдыз» ордені­нің иегері Талант Бөріқұлақовтың туғанына 70 жыл, Қазақстан Жазушы­лар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Жетіскен Мәкеналының туғанына 65 жыл толуына орай және басқа да түрлі форматта жоспарға сәйкес аудандық­, аймақтық іс-шаралар өткізіліп келеді.

Аудандық мәдениет орталығында күйші, қобызшы, музыкант Махамбет  және Романқұл  Әуе­зовтерді еске алуға арналған «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың» атты облыстық фольклорлық ансамбльдердің байқауы өтті. Қазалы жерінде Мырза, Жалдыбай, Дайрабай сынды күйшілердің ізін жалғаушы, Қазалы ауданында алғашқы халық оркест­рін ұйымдастырушы, дирижер, күйші, қобызшы Махамбет Әуезов және Мырза атындағы халық ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, «Қорқыт сазы» фольк­лорлық  халық ансамблінің өркендеуіне үлес қосқан музыкант Роман Әуезовтің өнерін кейінгі ұрпаққа есте қалдыру байқаудың басты мақсатына айнал­ды.  Сонымен  қатар, Қорқыт­ ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінің директ­оры, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Сәукен Әліштің бастамасымен және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен аудандық «Мырза» атындағы халық аспаптары оркестрімен Батыс Қазақстан облыстық «Дәулеткерей» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Құрмет орде­нінің  иегері, «Дарын» мемлекет­тік  жастар сыйлығының лауреаты, профессор, өнер зерттеушісі, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетовтың шеберлік алмасу мақсатында «Сыр-Жайықты тел емген» атты концерті өтті.

Осы ретте айта кетерлігі, аудан көлемінде өтетін атаулы күндер мен өзге де мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлестерін қосып жүрген ұжымдар «Қорқыт ата» атындағы аудандық балалар музыка мектебі, аудандық оқушылар Үйі, мектеп, балабақша, өзге де мекеме ұжымдарына алғысымыз шексіз.

Байқау көрсеткіштеріне тоқталсақ, Астана қаласында өткі­зіл­ген «Ақкөгершін» халықаралық балалар байқауында ән жанры бойынша Кәукей ауылынан Асылжан Шамшырақ ІІІ орын, Қ.Пірі­мов  ауылынан Салтанат  Сыдық ІІІ орын, Өркендеу ауылынан Аяжан Асылбек ІІІ орын, көр­кем­сөз жанры бойынша Жалаңтөс батыр ауылынан Динара Хайрулла Бас жүлде, Бекнұр Орысбай  І орын, Майдакөл ауылынан би жанры бойынша қатысқан «Ақкө­гершін» бишілер тобы  ІІІ орынды иеленді. Алматы қаласында  өткізілген  республикалық «Балдәурен»  балалар  байқауында  Қ.Пірімов  ауылынан қатыс­қан Салтанат Сыдық жүлделі ІІІ орынды иеленді. Қызылорда қаласында өткізілген облыстық «Қарлығашым, келдің бе?» шығармашылық байқауында Ғ.Мұрат­баев ауылынан Мереке Меңді­баев  ІІІ орын, облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылық бай­қауынан Лақалы ауылынан қатыс­қан Нұрқожа Тілек Бас жүлде,  Жалаңтөс  батыр  ауылынан Рақымжан Бейбіт ІІІ орын, Жалағаш ауданында «Мәдениет өркенін  бізбен  бірге жаса!» атты клуб қызметкерлерінің облыс­тық  командалық байқа­уында аудандық  мәдениет Орталығы  ІІІ  орынды иеленді.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 26 кітапхана халыққа рухани қызмет көрсетеді. Қазіргі заман­ғы кітапхананың негізгі міндеті қоғамның ақпараттық мәдение­тін, кітап оқуға, тілдерге, отандық тарих пен мәдениетке тұрақты қызығушылығын қалыптас­тыру  болып табылады. Осы бағытта «мобильді кітапхана» жобас­ы іске асырылып, оқырмандар смарт­фон арқылы әдеби шығармаларды  оқу мүмкіндігіне ие болып­ отыр. Бүгінгі күні барлық  ауылдық кітапханалар компьютер жиынтықтарымен қамта­масыз етілді. Аудан кітапхана­лары жыл сайын оқырмандар конферен­циясын, тарихи-танымдық, тақырыптық, әдеби-әуенді жыр, еске алу, кездесу кештерін, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда.

Ғани Мұратбаев мемориалдық музей қорына 467 экспонат жинақталды. Музейге келушілерге экскурсия жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлке­тану музейіне қажетті экспонаттар алынып, көрме залдарына экспо­зициялық жұмыстары жүргізілді.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. «Қазақстан  Республикасының Тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарының орындалуы бойынша аудандық «Қазақ тілі» қоғамы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, аудандық ішкі саясат  бөлімі,  Әйтеке би кенті әкімдігімен бірлесе отырып, 30-ға жуық кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптары түсінді­рілді. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында аудан орталығы Әйтеке би кенті мен  ауылдық  округтерде әлеу­мет­тік  билбордтар ілінді.

Аудандық ономастикалық жұмысшы тобының 1 отырысы өткізіліп,  Қазалы ауданы бойын­ша­ 1 объектіге, 1 көпірге, 9 көшеге­ атау беру туралы облыстық онома­стикалық комиссияға ұсыныстар жолданды. Жыл басынан бері мемлекеттік тіл саясатын насих­аттауға байланысты баспа­сөз беттерінде 15 мақала жарық көрсе, аудан әкімдігінің интернет-ресурсы мен басқа да сайттарға 5 мақала жарияланды. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. Жоспар бо­йынша үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында орыс тілі білгірлерінің «Ой-сана», «Көп тілді меңгерген ұстаз» атты олимпиадалар мен Абай, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқаулары өткізіліп, облыстық байқау­лардың жүлдегерлері болып келеді.­

Бүгінде ауданымызда 5 республикалық дәрежедегі, 65 жер­гілікті санаттағы және 34 алдын ала есепке алынған 104 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Барлық ескерткіш  теңгерімге алынып, 87-сіне қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары жасалды. Ескерткіштерге аудан, облыс тарап­тарынан қолдау тауып, тарих­и-мәдени мұра объектіле­рінің қорғау, құрылыс салуды реттеу және табиғат ландшафты аймақтарын  белгілеу  мен орнату­ жұмыстары  қолға  алынды.

Сөзімді қорыта келе, мәдениет­ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, біздің тұрақты шығармашылық ізденісіміз алдағы уақытта­ да Қазақстанның ең үздік мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау мен дамытуға бағытталатындығына сенімдімін.

 


АЯҚТАЛМАҒАН ШАБУЫЛ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
18.05.2017 11:03

Сүрінген сайын шыр-пыр болса да, қанша сын айтса  да, жанкүйер  қауымы команданың болашағына, алдағы ойындарына үлкен сеніммен, зор үмітпен қа­райды. Бірақ, миллиондап жалақы  алып  жүрген  легио­нерлер өздеріне жүктелген міндеттерді  толық атқармай жүр. Әуелгісі «Ақтөбе­ні»  әупірімдеп жүріп ұттық. Көкейде сөніп бара жатқан үміт оты қайта лаулады.

Алаңда қан-сорпасы шығып, ана шеттен бір, мына шеттен бір шығып жүрген бір-ақ ойыншыны көрдік. Ол – Мақсат Байжанов. Жанкүйерлер санасын сансыратқан мына сұрақ: «Шетел­ден аттай қалап алдырған аяқдопшылардың бар деңгейі осы ғана бол­ғаны ма?». Көзі ашық, футболға сараптама жасай біле­тін жанкүйерлер байқайды мұны. Алаңға  әрбір кездесу­де  Джон Камара, Абдель Ламанж, Матиас Курьор, Стефан Николич, Саиди Нтибазонкиза, Иван Граф шығады. Ойын басталысымен-ақ осы ойыншылардың көбі өз шеберлігіне иек артпайды. Аяққа тиген доптан құтылуға  асығады. Салыс­тыр­малы түрде қарап отырсақ, Джон Камара мен Мақсат Байжанов – бір позициядағы ойыншылар. Көзі қарақты көрерменге аян, Джонның деңгейі біздің капитаннан әлдеқайда жоғары, дегенмен Сьерра-Леонеден келген ойын­шы «Ригадағыдай» тер­леп­  жүгірмейді. Ал Стефан турасында  айтпасақ да бел­гілі. Шабуылшы  міндеті  допты қақпаға енгізу болса да, Николич сонау I кезеңдегі «Оқжетпеске» салған бір доппен­ шектеліп отыр. Оның өзін  он бір метрліктен енгізді.

Ал күні кеше «Таразбен» сырт алаңда кездесіп, жеңіліс таптық. Алғашқы таймда Байжанов керемет доп соғып, жеңіс­ке біртабан жақындат­қанымен, жамбылдық ұжым 10 ойыншымен жүріп-ақ Марсель қорғаған қақпадан екі рет саңылау тапты. Жанын сала ойнаған «Тараз» тарландары турнирлік кестедегі қауіпті аймақтан сытылып кетті. Бұл кездесуде де командамыздың басты қателігі шабуыл­ды  аяқтамауы  болды. Ал аяқталмаған шабуыл үшін кім кінәлі? Әрине, ұжымдағы жалғыз шабуылшы – Стефан Николич. Жалғыз фигура бүкіл команданың нәтиже­сіне кедергі келтіруде. Осыны ескеріп, аталған легионермен келісімшартты бұзып, Елжас Алтынбековке  мүмкіндік берсе жөн болар ма еді, бәл­кім?!  Думан  мен Елжас, Мақсат пен Айбол, Жамбыл мен Ілиястар әр ойында бар күшін салары анық. Сондай-ақ оған қазақы намысты қоссаңыз, әп-әдемі  команда  құралар еді. Осыдан соң ойға еріксіз «алыс­тан арбалағанша, жақыннан  дорбала»  деген нақыл  оралады  екен...

Әділет  МӘДЕНИЕТ,

№101 мектеп-лицейінің 11-сынып  оқушысы

Қызылорда  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2017 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары