Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Мамыр 2017

Адамзатты алаңдатқан АРАЛ үміт желкенін көтеріп тұр PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.06.2017 11:57

– Кеңес одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүкіл Қызылорда халқын көшіру турасында­ мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал ауданында жұмыс жоқ. Сырдарияның өзінде бірде су тапшы болса, енді бір­де асып-тасып жатады. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады,- деген еді өт­кенді  еске  алған Нұрсұлтан  Назар­баев  «Нұр Отан» партиясының кезек­ті XVI съезінде.

Содан бері қаншама уақыт өтті. Экологиялық апат аймағына жататын біздің өңірдегі тіршілікті түзету оңай­ға соққан жоқ. Әсіресе, Арал теңізінің хал-ахуалы әлем назарына ілікті. Бұған дейін биік-биік мінберлерде айтылмай келген өзекті тақырып бірден дүние дидарын өзіне аударды. 90-жылдардағы басты мәселе уағында­ балығы тайдай тулаған теңізді қалпына келтіру еді. Күні кеше ғана со­ның жалғасындай Қызылордада «Арал халық­аралық тұрақты даму» тақы­рыбындағы  форум  өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – Арал өңірінің экологиялық және әлеумет­тік-экономикалық жағдайы туралы кеңірек талқылау, кейбір мәселелер бойынша әлемдік қауымдастықтың назарын аудару­. Солтүстіктегі сор басқан өңір, кімнің болса да көңіліне қаяу түсірері хақ. Осы ретте ауқымды жобалардың қолға алынуы теңізді күтіп алқынған жұртқа демеу болары сөзсіз. Тіпті, көкте самғаған шағала да көк теңізді іздей­тіндей.

Форум жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Парламент депутаттары, Орта Азия елдерінің мемлекеттік орган басшылары, еліміздегі дипломатиялық өкілдерінің бас­шылары, халықаралық ұйым өкілдері мен  ғалымдар  қатысты.

Қазіргі таңда әлемдік ғалымдардың күн тәртібінде тұрған ауқымды мәселелердің бірі – экологиялық проб­лемалар екені ақиқат. Соның ішінде, Арал тағдыры да – барша адамзатты алаңдатқан түйткіл­дердің бірі. Бүгінгі таңда жер шарының әр түк­пірінде орын алған шөлейттердің мәселелері, табиғи ортан­ың бұзылуы және экологиялық тұрақсыздық сияқты қатерлер жаһандық қауіп­сіз­дік үшін үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл сын қатерлерді еңсеру үшін түбегейлі өзгеріс­тер қажет. Осы орайда Арал халықаралық форум­ын ұйым­дастырудың өзектілігі зор деп білемін,- деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­халықова.

Арал теңізі – ХХІ ғасырдағы ең үлкен экологиялық апаттың  бірі. Тіпті, Аралдан ұшқан тұз Еуропа мен Ан­тарк­тидадан табылуда. Асылында, бұл тек Қазақстанның айналы­сатын проблемасы емес. Адамзаттың табиғат ананың алдындағы адами боры­шы. Сарапшылардың айтуынша, мұның зардабын теңіз табанына жақын ор­наласқан  мемлекеттердегі      35 миллионға жуық адам тартуда. Соңғы 40-45 жылда теңіз  деңгейі 22 метрге түсіп, су қоры 10 есеге дейін азайған көрінеді.

– Құрметті Арал халық­аралық тұрақты даму форумына қатысушылар, қайраткерлер, ғалымдар мен дипломаттар, халықаралық экологиялық ұйымдар  мен  түрлі  мемлекеттердің даму институттары өкілдерінің осы жерде бас қосып, баршаның алаңдаушылығын туғызған экологиялық мәселелерді талқылауға жи­налғанда­рыңызға шынайы алғысым­ды білдіремін! Экологиялық проблема­ларды шешу мақ­сат­ында халықара­лық ұйымдардың қол­дауы­мен  Қызылорда  облысында құны 6 млн дол­ларды құрайтын 70-ке жуық жоба іске асырылды. Солардың ішіндегі ең маңыз­дысы – САРАТС жобасы. Қазіргі таңда  бұл  жоба өз  жемісін  беруде,- деді облыс  әкімі  Қырымбек Елеуұлы.

Шындығында, айдынды Арал «өлі теңізге» айналған еді. Оны қайта тірілтуге  барынша күш салынды. Атқарыл­ған жұмыстар оң нәтижесін беріп отыр. Атап айтқанда, 2006 жылы «Кіші Аралдың» көлемі теңіз табанынан 42 метрге көтерілген болатын. Бүгінде бұрынырақта сор басқан құм даланың бойына қайта қан жүгірді. Аралдың екінші тынысы ашылды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, теңіз Арал қаласына 75-тен 17 шақырымға дейін жақындады. Бұл, әрине, қуантарлық  жайт. Төгілген тер, қыруар қаржы текке кеткен жоқ. Форум аясында халықаралық ұйым өкілдері сөз сөйледі.

Арал теңізінің проблемасы әлемдік деңгейде қозғалып жүр. Бұл – заңдылық. Өйткені мұндай маңызды мәселелердің шешу жолдарын қарастырмасақ, дүниежү­зі зардап шегуі мүмкін. Әрбір қате жасалған қадам адамзат баласы үшін қауіпті,- дейді Қырғыз Республикасының ІІІ дәрежелі кеңесшісі Калнур Ормушев.

Форум аясында Парламент Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов ҚР Парламентінің Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. Сонымен қатар Арал бассей­нінің проблемасы мен Арал өңірінің мәселелеріне елеулі үлес қосқан ұйымдар мен тұлғалардың еңбектері еске­ріліп, марапатталды. Шара соңында «Арал теңізінің шығыс жағалауынан «Жасыл белдеу» жасақтау, «Жабайы жануарлар­ды климаттың өзгеруіне жерсі­ндірудің Арал өңірі орталығын құру», «Қамыстыбас» көлінің жаға­лауында «Арал» ғылыми-туристік орталығын» құру бастамасы мен «Қызылорда­ облысының Атласын дайындау және ГИС технологиясының негізінде Арал өңірінің интерактивті электронды картас­ын» әзірлеу бірлескен жобасы іске асырылмақ. Сондай-ақ, Халықаралық  Аралды  құтқару  қорының  құрыл­ған  күні – 26 наурызды «Арал теңізінің күні» ретінде жариялау жөніндегі ХАҚҚ-ның Қазақстандағы Атқарушы Дирекциясының бастамасы қолдау тапты.­ Алдағы уақытта форум Қызыл­орда  қаласында Арал өңірі мемлекеттері басшыларының саммитін дайындауға  ниетті.

Сол күні кешкілік велошеру, «Аралым – айдын шалқарым» атты концерттік бағдарлама болып, кеше Арал теңізі және Сыр өңірі деректі және ғылыми-танымдық фильмдердің көретілімі, сондай-ақ Арал ауданы туралы­ жазылған көркем шығармалардың таныстырылымы өтті. Шараға қатысушылар Арал теңізінің қазақстандық бөлігін тікұшақпен барлады.

Түйін. Бүгінгі  таңда теңіздің  табанын толтыру – кезек күттірмес мәселе.­ Тіршілік  нәрін  күтіп  мыңдаған  адам  жағада  тұр. Көнекөз  қарттар «теңіз  50  жылда кетіп, мәңгілікке қайта оралады» дейді. Лайым, көптің тілегі  қабыл  болса  игі...

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Бесеудің БІРЕУІ барады PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.06.2017 11:52

Сайлау дегенде, көз алдымызда көлбеңдеген бейнелердің тұратыны бар. Бірі сырын, бірі жырын, енді бірі пұлын айтып, тақымы таққа тиген талайлардың түйесі көпірден өт­кеннен кейін, артында­ғы қара ормандай жұр­тына қарайлауды сире­тіп, төрде ұйқылы-ояу қара түймені басып, “іс” тындырып отыр­ғандардың кешелі-бү­гінгі тірлігінен әркім хабардар. Депутаттық мандатқа “етінің тірі­лігімен” ие болғандар болмашы ғана. Осындай “өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға” ниеттілердің қатарында осы айда сайланатын  сенаторлар да бар.

Маусымның соңын­да саяси өмірдің көрігі қызып, саяси­ланған тұлғалардың дегбірін қашыратын Сенат сайлауы да – анау-мынау емес, өзін­дік орны бар саяси нау­қан. Сенаторлықтан дәмелілер көп болғанымен, “құтты орынға” қо­натындардың қауқарлы әрі қалталы болып келетіні бесенеден белгілі. Оның үстіне, билікке жақы­н жүретіндердің “жолында жасыл шамның” жанып тұратыны  тағы  бар.

Иә, атқа мінгені бар, таққа мінгені бар, талайлар тағы тақымын қысып отыр. Бір айдан бері Сенат депутаттығына кандидаттар  ұсыну  мен тіркеу қоса жүріп, 28  мамырда  ұсыну мер­зімі аяқталды. Ал, кандидаттарды тіркеу процесі 7 маусымға дейін созылып, ертеңіне барлық тіркелген үміткерлер сайлау алдындағы үгітке кірісе алады.

Қызылордада бір орын­ға бес үміткер үмітті. Яғни Сыр елінен ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына 5 азаматтың кандидатурасы ұсынылған. Олардың барлығы да – өзін-өзі ұсын­ғандар. Қызылорда облыстық сайлау комиссиясынан алынған мәліметке қарағанда, барлық кандидаттардың білімі жоғары, мамандығы бойынша 2-еуі – оқы­тушы (ғылымдар кандидаты мен докторы), 1-еуі – дәрігер, 1-еуі – саясаткер, 1-еуі – инженер. Төрт кандидат саяси партиялардың мүшесі болып табылса, бір кандидат өзінің пар­тияға мүшелігін көрсетпепті. Барлық кандидаттардың ұлты – қазақ, орташ­а жасы – 55 жаста. Қызмет түріне келсек, 1-еуі – Парламент Сенатының депутаты, 2-еуі – мемлекеттік органдар, ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелердің қызметкерлері, 2-еуі - коммер­циялық құрылым­дардың қызметкерлері. 29 мамырдағы мәліметке сүйенсек, облыстық сайлау комис­сиясы 3 кандидатты тіркеді. Олар – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, 59 жас­тағы Мұрат Бақтиярұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 46 жастағы Ақмарал Әлназарова, Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы, 48 жастағы Ержан Әжікенов. Ал, өзін-өзі ұсынғандар қатарындағы «Байкен-Ю» ЖШС бас кеңес­шісі Ғайнулла Жар­қынбаев пен «Бай­қоңыр» әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясы ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Темір­хан Кенжебаевтар сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес қажетті құжаттарын тапсырғанға дейін тіркеле алмайды. Алайда алда әлі уақыт барын ескерсек, олардың да «сүзгіден» өтуі бек мүмкін.

Айтпақшы, осыған дейінгі өткен сайлау нау­қандарымен салыстыр­ғанда, 2011 жылы 9 кандидат ұсынылса, 2014 жылы 6 кандидат сенатор болуға ниет білдірген. Осылайша, соңғы үш сайлау науқанындағы кандидаттардың Сенаттағы 1 орынға бәсе­келес­тігі, орта есеппен,  7 адамды құрайды.

Сонымен, тіркелгені бар, тіркелмегені бар, бес кандидаттың ішінде облыс әкімінің орынбасарлығынан парламентке барған бүгінгі сенатор М.Бақтиярұлы болмаса, қалғандарының қарымын бағамдай алмай тұр­мыз. Сайлау дүбірі есті­лісімен-ақ әуелгілердің қатарында қарқынды қи­мылдағаны да – осы Мұрат Бахтиярұлы. “Нұр Отан” партиясының мүшесі, саясатта мол тәжірибесі, ойып алар өз орны бар Бақтияр­ұлының бұл – сайлауға түсудегі екінші қадамы, оның үстіне оны қолдап облыс­ бойынша барлық деңгейдегі 9 мәслихаттың  32 депутаты қол қойған. Сенат креслосына лайықты тұлғаның бірі болса, осы М.Бахтиярұлы болатыны әу бастан-ақ аңғарылған, яғни додаға түскелі отырған­ өзге кандидаттарға қарағанда оның мысы басы­мырақ. Әйтсе де, облыстың бас дәрігері Ақ­марал Шә­ріп­байқызы да осал саяси тұл­ға емес, түрлі лауазымдық сатылардан  өткен ол кезін­де облыс әкімінің орын­басары, облыстық мәс­лихаттың хатшысы қызметтерін атқарды. Бол­жа­ғыштардың сөзіне сенсек, тіркелгендер қатарында тұрған негізгі ойын­шыға осы бас дә­рігер нағыз  қарсылас ойы­ншы атанып отыр. Оны  уақыт  көрсетеді.

Жасыратыны жоқ, бұл сайлауда да біреу өзіне, біреу “көзіріне” сеніп отыр. Демек, бізде де “төртеу түгел болып, төбедегіні келтір­етіні” анық болса, бесеуд­ің БІРЕУІ бәйгені шаппай алатын түрі бар. Оның кім екені жиырма сегіз күннен кейін белгілі бо­лады.­

Н.ЕРТУҒАН

 


«ЖҰМАҚТАҒЫ ӨЗЕННІҢ» ЖАҒАСЫНДА ОТЫРЫП АЯҚСУДЫ «ЖОҚТАЙМЫЗ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.06.2017 11:48

Бүгінгі  күні  Қы­зылорда қаласының 40 пайызы аяқсумен қамтамасыз етілген. Бұл – Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұр­ғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Б.Далаба­ев ұсынған мәлімет. Былтыр  шаһарға жіберілген аяқсу көлемі 30-35 пайыз бол­ғанын ескерсек, биыл ол көрсет­кіш  тек 5 пайызға ғана өсіп отыр. Осыдан кейін туған жерінің түйткіліне  бейжай  қарай  алмайтын кез келген адамда «нелік­тен?» деген сауалдың төбесі қылтия­ды. Қазір сіз бен біздің географиядан алған білімімізді саралайтын  уақыт  емес. Десек те,  әмбеге  аян  «аксиоманы» тағы бір қайталауға мәжбүрміз: Қы­зыл­орда  халқы  Сырдарияны  жаға­лай қоныстанған. Бірақ қала тұрғындарының аяқсумен толық қамтылмауына не себеп?

Бұған жауапты мекемелер өз істеріне немқұрайлы  ма, әлде Сырдария­да су жоқ па? Дұрыс айтасыз, дари­ядағы су тартылып қалған жоқ, бар. Тіпті өткен айда өзендегі  су арнасынан асып, қала мен аудандардың кей бөлігін су басып­ қалу қаупі де туындаған болатын. Бұл туралы «Әкім сағатында» облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы толығырақ айтып берді.

- Жоғары  жақта  Сырдарияның  суы қалыптасатын Қырғызстанның территориясында көп қар жауған, жаңбыр жауған. Сондықтан Сырдария мен Шардара толып тұрды. Өзбекстандағы Арнас­айдың  су қабылдау мүм­кін­дігі болмады. Сондықтан судың көлемі 3 есе өсіп кетті. Қызыл­орда  облысы  мұндай  үлкен  көлемді суды 48 жыл бұрын көрген екен. Секундына 1800-2000 текше метр су  жүрді, - деді аймақ басшысы  Қ.Көшербаев.

Төтенше жағдайлар қызметінің және осыған қатысты мекемелердің үздіксіз жұмысынан соң мол судан келер қауіп сейілді. Қазір өзен бұрынғы қалпында. Алайда аяқсудың толықтай жіберілмеуі тұрғындарды әбігерге салып отыр. Есік алдында  бау-бақшасы бар үйлердің жағдайын­  былай  қойғанда экологияны жақсар­тып, таза  ауамен тыныстау үшін егілетін ағаштар, жасыл желектердің де «сұрауы»  бар емес пе? Тіршілік нәрінсіз өсімдіктердің де өмір сүруі неғайбыл. Қаланың 40 пайы­зына аяқсу барады. Ал қалған 60 пайызы аяқсуды қайдан алып отырғаны қызық! Осындайда есік алдында бау-бақшасы бар тұрғындардың аяқсу орнына ауызсуды жұмсайтыны еріксіз еске түседі. Тіпті жердің  астынан  арнайы мотор арқылы су  тартып  шығаратыны да жасырын емес. Қайтпек  керек, бұған  бұқараны кінәлауға бола ма, олар аяқсусыз қалмасы үшін қолынан келген мүмкіндіктерді жасап бағуда. Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Б.Далабаевтың мәліметінше, бүгінгі таңда шетаймақтағы Шанхай, КБИ, Коммунизм аумағына аяқсу жіберетін Қызылжарма каналы Қорқыт ата көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты уақытша тоқтатылып отыр. Дегенмен Шанхай ықшам ауданының тұрғыны өзі қоныстанған көшеде тіпті арық та жоқ дейді.

- Екі жылдың көлемі болды, Шанхай мөлтек ауданы Кеншінбай ақын көшесіне көшіп келгелі. Бұл көшеде аяқсу емес, аяқсуға арналған арық жоқ. Жаңбырдан жиналған шалшық суларды көргенім болмаса, аяқсуды көрмейміз, - деп қынжылды қала тұрғыны О.Саймосаев.

- Сағада отырып суға жарымау – ұят. Әл Фараби мөлтек ауданында Қарауыл­төбе, Абай ауылы жақтан келетін канал бар. Бірақ одан ешкім аяқсу ала алмайды. Өйткені көшелерде аяқсуға арналған арықтың саңылауы да жоқ. Еңбектеніп, қазып әкелгің келеді, бірақ оған кедергі көп. Халықтың қоныстанған жері болға­н­дықтан тұрғын үйлер бар, жол бар, оның үстіне «Қазуға болмайды» деген бетон-белгі бар. Оның астында кабель бар. Ол кабел­ьге тиюге болмайды. Қаланы көркейту­ үшін тал егу керек дейді. Егілген талдарымызға су тауып бере алмай отырмыз. Соңғы рет қашан су ішкенін де ұмытып қалдық. Ауызсуды пайдалансаң, айыппұл салады. Тұрғындардың қалтасын қағып, «ауызсумен егін суарады» деп айыптамас бұрын аяқсу мәселесін шешіп берсе екен. Олай етпесе, ешқан­дай айыппұл салмай-ақ қойсын. Әйтпесе «көшеге көрік берсін», «көлеңке болсын» деп еккен талдардың тамырына нәр жетпей, жылдан-жылға бүршік жарып, жапырақ ашудан қалып барады, - дейді Әл Фараби мөлтек ауданының тұрғыны О.Құдайберген.

Қазірде Қызылорда халқына аяқсу беру қосалқы мердігер мекеме (бас мердігер «Қызылорда Тазалығы» ЖШС) «Ақмешіт Сарқырама» ЖШС-нің жауапкершілігінде. Қаладағы жасыл желектерді аяқсумен қамту үшін 13 дана насос қондырғылары және 4 жерге орналасқан ұңғымалар (қосымша жалғанып) жұмыс істейді. Сырдариядан қалаға дейін аяқсу Қызылжарма және Жібек жолы каналдары арқылы келеті­ні белгілі. Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» МКК директорының орынбасары Сәбит Серікбаевтың айтуы­нша, осы екі каналға аяқсу жіберу шаруашылық  жүргізу  құқығындағы «Табиға­т» МКК теңгерімінде. Ол үшін облыс­тық бюджеттен 17 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл қаржы негізі­нен насостардың электрэнергиясына жұмсалады. Сондай-ақ, халық аяқсуға ақша төлемейді. Өйткені оған «Табиғат» МКК қаражат  бөліп  отыр.

- Жібек жолы каналы, арғы жағында оң жаға  магистральді каналы арқылы аяқсу Сталин  каналынан қалаға насоспен айдалынады. Жібек  жолы каналы облыстық меди­циналық  орталық­тың  қасында 6 ша­қы­рым­ға  дейін біздің теңгерімде. Әрі қарай қала­ның­ ішін аяқсумен қамтуға қала жауап беред­і. Біздің міндетіміз – қалаға аяқсу жеткізіп беру, - деді «Табиғат» МКК дирек­торының орынбасары С.Серікбаев.

Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспек­циясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қаладағы көгалдарды суару және насостар­ды күтіп ұстау жұмыстарына 38443,0 мың теңге бөлінген. Мұнан бөлек Тасбөгет қыстағын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы насос қондыр­ғылар орнатылып, тиісті жұмыстар жүр­гізілуде, ал Белкөл қыстағын аяқсумен қамту жұмыстары алдағы уақыттың құзырында, қазіргі таңда жоба-смета құжат­тары дайындалып, биылғы жылы «Ислам даму банкі»  арқылы қаражат бөлінеді деп күтілуде. Айтпақшы, былтыр қала әкім­дігінің баспасөз қызметі де «Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету» жобасына 38 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетіне ұсынылып, алдағы уақытта «Ислам даму банкі» арқылы қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде» деген ақпарат берген болатын.

Сол жолы «Ақмешіт Сарқырама» ЖШС-нің бас инженері Ә.Сапаровпен жүздесіп, осы тақырыпта пікірін білген едік. Маманның айтуынша, қаладағы су жіберетін арықтар бітеліп қалған, сол себеп­ті көпшілікке аяқсу бармай жатыр. Егер қайтадан қазып, лотоктардың бәрін қалпына келтірсе, қаланың 70 пайызын аяқсумен қамтамасыз етуге болады.

Мұнан түйгеніміз, қала ішіне толықтай аяқсу жіберу үшін қажетті «жолы» жабық болып тұр. Яғни, арық жүйелері жоқтың қасы. Ал насостар­мен  аяқсу  жеткізуге  миллиондаған ­ қаражат  жұмсалуда.

Орталық Азиядағы танымал өзеннің жағасынд­а өмір сүреміз. Ортағасырлық мұсылман  жазбаларында  Сырдария  «Сейхун» деп аталған. Сейхун – жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атауы. Жұмақ өзенінің атын иеленген «дарияның» жағасында отырып, аяқсуды  аңсаймыз.

Осылайша мәселенің мәніне үңілдік. Қаламымызға іліктірдік. Жауапты мекемелер  берген деректің жайы осы. Бірақ бұл  жағдайда «ұста пышаққа жарымайды­» деп жылы жаба салу да тиімсіз сыңайлы. Аяқсу мәселесі биыл да аяқсыз қалмаса жарар  еді.

Жазира  БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


«ҚАЗАЛЫ ҚҰРЫЛЫСТАН» АЙЛЫҒЫМДЫ АЛА АЛМАДЫМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.06.2017 11:46

Құрметті «Халық» газеті, мен 2016 жылдың сәуірінен бастап ағымдағы жылдың 23 мамырына дейін «Қазалы құрылыс» ЖШС-де қарауыл болып жұмыс істедім. Осы аралықта басшылық тарапынан ешқандай сын-ескертпе алғаным жоқ.

Алайда өзім жұмыс істеген уақыттың желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, яғни алты айының жалақысын алғаным жоқ. Сол себепті жұмыстан өз еркіммен шығуға мәжбүр болдым. Отбасымда ұлым, келінім және екі немерем бар. Еңбекақымды сұрасам, серіктестік директоры Ержан Әмишаев «айлық болады» деп шығарып салады. Бірақ айлық алмағаныма жарты жыл болды. Сонда бұл қалай? Елбасымыздың «жұмыс істеген адамдардың жалақысы ешқандай кідірмесін, уақытылы төленсін» деген тапсырмасы неге орындалмайды?

Амалымның жоқтығынан, еңбекақымды алуға  ықпал  жасайды деген үмітпен  өзімнің сүйікті басылымыма  хат  жолдап  отырмын.

Қ.БАЙҒАБЫЛОВ,

Әйтеке  би  кентінің  тұрғыны,

Қазалы   ауданы

 


ОРАЗАДА ЕТ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
01.06.2017 11:42

Жылдағы әдет. Мерекеде, Ораза айын­да азық-түлік бағасы шарықтап шыға келеді. Жұрт тамақ жемей тағы отырмайды. Дәстүрге қарайлаған аймақ болған соң, қонақ шақырып, Құран оқытады. Оған кем дегенде 30-40 мың теңгенің көлеміндегі азық-түлік тауарлары дастарқанға қойылады. Осы ретте базарды және маңындағы «Сұлтан», «Айтбе­к» сауда орындарын аралап, азық-түлік тауарларының бағасын салыс­тырып көрдік. Сатылымда тұрған тауарлардың барлығы бірдей, бірақ баға бөлек. Күн санап қосылып жатқан бағаның «бетін қағатын» адам бар ма?

Жұрттың жалпы сұранысындағы өнім – ет. Базар ішінде сиыр еті – 1350, қой еті – 1500, жылқы еті 1550 теңгеден сатылуда. Ал біз барған жабық сауда үйлерінде бұл өнім 5 пайызға қымбатырақ. Күнделікті тағамға тұтынып жүрген картоп, сәбіз, жуалардың бағасы базарда­ 150-160 теңге аралығында. Ал бұл баға «Сұлтан» мен «Айтбек» сауда үйінде 10-20 теңгеге қымбат. Десек те, қымбат деп алмай кетіп жатқан халық жоқ. Кезекк­е тұрып, пакеттерін толтырып-толтырып кетіп барады. «Таразыдан жеу» деген жаман ой бар. Тұтынушылардың кейбірі саудагерлердің осы тәсілді пайдалана­тынын айтып жүр.

Салық ұғымы таңсық болудан қал­ғалы қашан?! Сауда-саттық жасаушылар­ үшін бұл күнде таңертең еститін «жаттанды» сөзі. Отырған орнына, затының алып тұрған орын көлеміне байланысты күнделікті салық төлеп отырады. Жабық сауда дүкендеріндегі тауарлардың құны қымбат болуына осы жағдай да әсер етеді.

Қазақтан біреу сұрапты: «Ет жеуді қашан қоясың?» деп. Сонда әлгі адам «Ет тәттілігін қойса, мен де жеуді қояр едім» депті. Ықылымнан бері дастарқанынан наны мен еті үзілмеген халықпыз. Ет баға­сы қымбаттады екен деп ет алмайтын қазақ біз емес. Осы әдетімізге үйреніп алған­дар да сылтаумен баға шарықтатуға құмар. Бағаның күрт өсуін халық әртүрлі себептерге теліп жүр. Қайбір жылдары ірі қара малдары арасындағы аурулардың өршуіне байланысты ет экспортына тыйым­ салынған кезде баға бір көтерілген­ еді. Бұл жолы да солай ма?

- Саудагерлер өнім бағасының шарықтап­ кеткенін еттің Қытайға тасымалдануымен байланыстырған. Осындай алыпқашпа сөздердің кесірінен ет бағасының өсуі қоғамда қызу талқыланып кетті. Шындығында ет бағасының экс­порт­қа және мал ауруына байланысты салын­ған тыйымның алып тасталғанына ешқандай қатысы жоқ.

Көптеген отбасылардың күзде, қыста дайындаған соғымдары көктемде бітеді. Көктемде ірі қара мал сою ерте, ал қозы-лақтар әлі кішкентай. Міне, осы себепті соңғы 15 жылда көктемде жыл сайын кезең­дік ет өнімінің өсімі болып тұрады. Өткен жылдың соңынан бастап теңге/рубль курсына байланысты солтүстік облыс­тарда Ресейге ет тасымалданады. 2014 жылы керісінше болған. Шаруалар Ресейден төмен бағамен әкелінген өнімге наразылық білдірген болатын. Маусым, шілде  айларында ет бағасы тұрақтанады,- деп еттің өсу себептерін ауылшаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбеков әлеуметтік желі парақшасында түсін­діріп  берді.

Азық-түлік бағасының мезгіл сайын шарықтай беруі қарапайым халықтың қалтасына оңай тиіп отырған жоқ. Елдің бәрі шенеуніктер секілді жалақы алмайтынын жоғарыдағылар кейде ұмытып кетед­і-ау, осы!

Айдана ӘМІРХАН,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ-дың 2-курс студенті

 


 

Ет  бағасына елеңдеу...

- Наннан соңғы келесі,

Тағамдардың төресі –

Тіске кіретін ет,

Түске кіретін болды тек.

- Қалай?

- Солай!

Біздің етіміз,

Өтімді екен шетелге.

Өте таза болған соң,

Өліп-талып жейді шетелде.

- Әй, тоқта!

Қазақтың етін бе?

- Тәйт, жоқ та!

Білмей айтпа бекерге.

Түртті ме сені сайтаның,

Төрт түліктің етін айтамын.

О несі-ай!

АШ-ның вице-министрі жақында,

Еттің бағалары хақында,

Жалпыға бір «жаңалық» жолдады.

Қасиетті  Рамазан  айында,

Қайырымдылық  қалып жайында,

Ет  бағасын  қымбаттатуды қолдады.

Не үміт,

Не қайыр,

Иә, болмады!

Онсыз да...

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


ҮЙ АЛУДАН ҮМІТТІСІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.06.2017 11:41

Түс ауа терең ойға шомып отырғанмын. Телефоным шырылдады. Бейтаныс нөмір.

- Ало, саламатсыз ба? Сіз Пәленше Түгеншеевнасыз ба?

- Иә.

- Сізге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» хабарласып отырмын. Қазір Жаппасбай­  батыр  көшесіндегі үйлерге құжаттар қабылданып жатыр. Қатысуға мүмкіндігіңіз бар ма? Екі жарым миллион теңге сала аласыз ба?

Ойланбастан «жоқ» дедім. Олай демеуге амалым да жоқ еді.

«Өз үйім – өлең төсегім». Бұрын осы сөздің астарына терең үңіле бермейтін едік. Баспана мәселесі басыңды «қысса», қан іздеген масадай қалбалақтап қалады екенсің. Бұрындары «аяғың шығып жатса да, өз лашығыңда жатқанға не жетсін?» деген үлкендердің сөзіне жеңіл көзқарас танытушы едік. Қазір сол жағдай өз басымызға келді. Бұл – жалғыз менің емес, жастардың және баспанасыз жүрген барлық қазақстандықтардың басындағы ахуал десем артық айтқандық емес. Пәтер кезегінде тұрғандарды есептемегеннің өзінде пәтерден-пәтерге көшіп, итжығыс өмір кешіп жатқандар қаншама?! Аядай болса да «ұясының» жоқтығынан тірнектеп тапқан табысына жалдамалы пәтер иесін ай сайын «асырау» да оңай шаруа емес.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына­ орай елімізде алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсаты қойылды. Қазір үй алудың біраз шарттары да өзгерді, бағдарламалар да басқаша сипатқа ие. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерге қол жеткізу кез келгенге жеңіл тиіп тұрған жоқ.

- Бүгінгі таңда Жаппасбай батыр көшесіндегі 580 пәтерлік 12 көпқабатты­ тұрғын үй пайдалануға дайын. Жаңа мөлтек ауданда мектеп, балабақша құрылыс­ын жүргізу қолға алынуда. Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан тұрғын үйлерге жергілікті атқарушы­ органда кезекте тұрған азаматтар мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ  банкі» АҚ салымшылары қоныстанады. Бағдарламаның ерекшелігі аудан, ауыл тұрғындарына баспаналы болуға толықтай басымдық беріледі. Бағдарлама талабы – тұрғын үй құнының 30 пайызын жинақтау немесе бірден салу  арқылы 5 пайызбен несие рәсім­деу, - деп өткен аптада журналистерге берген брифингте «Қазақстанның тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызыл­орда филиалының директоры Ә.Сәулебаев айтқан еді.

Иә, үйлі болудан үмітті болсаңыз, қорыңызда сол баспана құнының 30 па­йыз сомасы болу міндетті. Онсыз сізге мемлекеттік баспана сеніп тапсырылмайды.

Мәселе мынада. Қазіргі күні баспанасыз босып жүргендердің дені – қазақ отбасылары. Жұмыссыз жүргендер де, жалдамалы  жұмысшы  да, кафе-мейрамханаларда еден жуып, даяшылық қызмет көрсетіп жүргендердің де дені – қазақтар. Егер бұлардың баспана алу үшін ең кемі 2,5-3 миллион теңге­ қаражаты болса­,  баспанасыз  жүрер ме еді?! Әрине, жоқ. Демек, бұл соманы кез келген баспанасыз жүрген адам жинай алмай­ды деген сөз. Бұлардан бөлек, біреудің бетіне үңіліп, көңі­ліне қарап отырған қаншама жетімдер мен еңбекке жарамсыз, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Бұлардың барлығы да баспана кезег­інде тұр. Алайда мемлекет талабына­ сай тұрғын үйдің 30 пайыз құнын жинауға шамалары жетпейді. Сонда олар қашанғы баспанасыз жүре­ді?  Әлеумет­тік жағдайына қарай арендалық үйлер қашан беріледі, кезегі қашан келеді? Бұған бас қатырып отырған ешкім жоқ. Барлығы жоғары жақтың­ бұйрығы мен сандық көрсеткішін орындау үшін жанталаса жұмыс жасап жатыр.­

- Мүгедектерге үй қашан беріледі? Салынған үйлердің барлығы ипотекаға беріліп жатыр. Баспананың 30 пайыз құнын жинауға мүгедектің жәрдемақысы­ жетпейді. Сонда болашақта мүгедек­терге үй салынбайды ма? - деп өз ойын жазыпты  «Facebook»  әлеуметтік  желісі­нің  қолданушысы  Күләш Дәрібай.

Иә, қазіргі заманда баспанаң бол­маса жалаңаяқ, жалаңбас адамнан айыр­машылығың  жоқ. Тұрғын үй қажеттілі­гіне  қажетті  жер  телімдерінің ең арза­ны­ бір миллион теңгеден жоғары. Жер де жарылқап тұрған жоқ, баспана да байыпты­  емес.  Әйтеуір,  қу  тіршілік...

Н.ҚАЗИ

 


ТАЙҚАЗАНДАҒЫ ТЕҢГЕГЕ “ТӘБЕТІ” ТАРТЫП ТҰРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.06.2017 11:38

Қазақстандық шенеуніктер ақша «жегенді» неге жақсы көреді осы? Жақында мемлекет тайқазанындағы  теңгеге тағы бір лауазымды кісі­нің «көзі түсіп», «тәбеті» тартыпты. Осындайда бюджет жемқорлардың «жәрмеңкесіне» айналып бара ма деп қынжыламыз. “Жәрмеңкенің” бұл жолғы «клиенті» - Павлодардағы «ҚазАвтоЖолдың» аймақтық басшысының орынбасары Амантай Қасымханов. Қаржы министрлігі Мемлекеттік  кірістер  департаментінің баспасөз қызметінің мәлі­метіне сүйенсек, ол «Орталық-Шығыс» тасжолын жаң­ғыртуға бөлінген 3 миллиард теңгені жым­қырды деген күдікпен ұсталды.

А.Қасымханов Павлодардағы «Центр-Восток» аймағындағы көлік жолдарын қайта жаңғыртуға арналған «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарла­масы бойынша бөлінген қаражатты заңсыз иемденген. Жолдың жайын жақсартуға бағытталған ақшаның кенет­тен бағытын өзгер­тіп, мекеме директоры орынбасарының қалтасына түскені “қы­зық”. Ал одан да “қы­зы­ғы” – мекеме  басшысының қа­рамағындағы қызмет­кердің ұсталғаны тура­лы “ғаламтордан  білуі”.

- Ол кісі өте сауатты, техникалық жағынан жол мәселесінен өте білімді, іскер. Бұл тергеу жұмысымыздың жүруіне ешқандай кедергі болмайды. Сондықтан қойылған тапсырма белгілі уақытында беріледі, - дейді орынбасары жайлы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының дирек­торы Қайрат Кәрібаев.

Осылайша 23 мамыр күні ҚР ҚПК 128-бабы бойынша “Қаз­АвтоЖол” Ұлттық компаниясы Павлодар облысы бойынша Ак­ционерлік қоғам бөлімшесі директорының орынбасары А.Қасымханов ұсталып, Павлодар қаласының ІІБ-ның УҚИ-на қамауға алынған.

Жемқорлықтың салдарынан темір торға тоғытылса да, лауазымды тұлғалардың “ақша жеуден” тыйылмауына не себеп? Бұл елдегі заңның солқылдақтығы ма, әлде шенді-шекпенділердің жазадан қорықпайтын “жүректілігінен” бе? Жемқорлық дегеннен шығады. Жақында ҚР Инвестиция және даму министрлігіндегі жайт туралы не дейсіз? Аталмыш министр­ліктің “Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі” РМК бас директоры Б.Халық пара алып жатқан сәтінде ұсталды. Параның көлемі де әжептәуір – 70 мың доллар­. Өзіміздің төл теңгемен есептегенде 22 миллион  теңгеге  жуық­тайды. “Күдікті атқарылған жұмыстар актісіне қол қойып берген­і үшін мердігер ұйымдардан жүйелі түрде пара алу бойынша қылмыстық жоспар құрған”. Бұл – ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл істері жөніндегі агенттік хабарл­аған мәлімет. Сондай-ақ, Б.Халық бұл ісін бас есепші К.Медебае­вамен және кәсіпорынның Атыраудағы филиалының жетекш­ісі Т.Махмутовпен бірге жасаған. Демек, мердігер ұйымдар жұмысы тамамдалып, қол қой­дыруы үшін пара беріп отыр. Күдіктінің үйін тінтіген  кезде 300 000 доллар мен 6 миллион теңге тәркіленген. Қазіргі күні күдіктілер уақытша ұстау изо­ляторында қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Жемқорлық “дерті” турасындағы кезекті деректер осылай сөйлейді. Шенеуніктердің мемлекеттің қаражатына “қызығу” құпиясының жауабы әлі “жұмбақ”. Ал біз, әзірге, осы “аурудан” жазылу туралы армандай  тұрайық.

ТОЛҚЫН

 


БАҚЫЛАУ ЖОҚ ПА, ЗАҢ СОЛҚЫЛДАҚ ПА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.06.2017 11:31

«Қымыз ішіп, мас болып, Билер есінен адасты. Адасқанның белгісі, Бір-бірінің ұмтылып, Жағасына жармасты»,- деп келетін Мәшһүр Жүсіптің «Сайын батыр» поэмасы бар еді ғой. Қазір қымыз ішіп мас болмақ түгілі, ағарғанның өзін анда-санда  бір  татамыз. Содан бері қаншама дәуір өтті. Қы­мызға мас болған қазақты көрген жоқпыз. Асылында, оған бірнеше фактор өз септігін тигізгені сөзсіз. Әуелі елімізде қалыптасқан саяси жағдай­лардың  әсері. Кеңес өкіметі­нің өктемі өткені сонша, ұлт­тық менталитетімізден айы­рылып қала жаздадық емес пе? Әңгімені бастамас бұрын Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан ақпаратты назарла­рыңызға  ұсынамыз.

– Ішімдік ішуден бірінші орында - Литва. Өткен жылы Литваның бір тұрғыны бір жылда­ орташа есеппен 16 литр ішімдік  ішкен. Екінші орында - Белоруссия. Әр тұрғын орта­ша есеппен 15 литр алкогольді өнімді тұтынған. Ал көш­басшы үштікті Латвия тамам­дайды. Аталмыш елдің бір тұр­ғыны 2016 жылы 13 литр ішім­дік ішкен. Төртінші орынды Ресей мен Польша бөлісті. Бұл елдерде әр тұрғынға 12 литр алко­гольдан келді. Шығыс Еуропа елдерінде ішімдік мәселесі өршімеген. Ал әрбір қазақстандық жылына 11 литр ішімдік ішеді,- дейді Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Гауден Галеан.

Иә, ДДҰ осындай мәлімет жариялады. Яғни, біздің елде ащы судан тартынатындар қатары сиреген екен. Шындығында солай ма? Кейбір ақпарат көздерінде Орта Азия бо­йынша  спирттік  өнімдерді жиі  тұтынатын елдер тізімінде Қазақстан алғашқы орындарда жүр. «Айғыр суды» «атадан қалған астай» жиі тұтынуымыздың сыры неде? Алдымен өткенге сәл шолу. Тәуелсіздік алған жылдары тентіреп кеттік. Жұмыс жоқ. Ерлер ащы суға ден қойса, ала дорба арқалаған аналар базарға беттеді. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтсе де, осы бәледен арыла алмай-ақ келеміз. Бүгінде ішімдіктің кесірінен талай отбасының бере­кеті кетті. Ажырасу, қылмыс, зорлық-зомбылық барлығының бастауында ішімдік тұр. Бірақ бас тартып жатқандар некен-саяқ. 2014 жылғы мәлі­меттерге сүйенсек, біздің елімізде арақ шығаратын 40 за­уыт, шарап  өндіретін 24 зауыт, сыраның  62 фабрика-зауыты бол­ған. Олардың кейбірі бүгінде өз жұмысын тоқтатыпты-мыс. Ал екі күннің бірінде астыртын арақ шығаратын цехтардың табылу­ы көңілге күмән тудырып отырғаны шындық. Статистика бойынша қазақстандықтардың 45 пайызға жуығы  осы  спирттің кесірінен көз жұматын көрінеді. Бұл мәселеге қатысты мемлекет қандай жұмыстар атқарды? Заң шығарушы орган мектеп пен балабақшаға жақын маңдағы дүкендерде, сонымен қатар кешкі сағат 22:00-ден соң арақ-шарап сатуға тыйым салған болат­ын. Бұл жоба өз нәтиже­сін беруде ме? Материал жазу барысында қаладағы 15-тей дүкенді аралап шықтым. Кеш­кі сағат он бір жарымнан өте дүкендерден арақ сатыла ма деген сауалға жауап іздедім. Сөз жоқ, қымбаттапты. Ең арзан­ арағыңыз 700 теңгеден басталады. Бірақ кешкі сағат 22:00-ден кейін арақ сатуға тыйым салынғандығын біле тұра саудаласуға да­йын. Саудагерлер әдісін алып та үлгерген екен. Шыныңызды сырты көрінбейтін пакетке салып­ беред­і. Тіпті, шынының даусы шықпасын деп картон қағазға орап беруге де әзір. Тек “Small” көтерме сауда үйінде ғана кешк­е сағат оннан кейін арақ сатып ала алмайсыз. Бұл деге­ніңіз заңның солқылдақтығы ма, әлде дүкендерге бақылаудың болмағаны ма? Айтпақшы, соңғы кездері облыс орталығында адамдар көп шоғырланатын жерлерде алақан жайған еркектердің қатары көбейіп кетті. Нанға емес, сол араққа сұрайды да... Басқа неге дейсіз?

Түйін. Берсең ит ішпейтін ащы суға адамның неге құмар­татыны қызық... Оразада осындай әңгімені қаузадық. Себебі бұл айда Құдайдан  қорқып  ішпей  жүргендер, одан әрі татып алмаса­ деген ниет еді біздікі...

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚҰЛШЫЛЫҚ САМАЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.06.2017 11:26

Күллі әлем мұсылмандарының қасиетті айы туралы сөз етіп, мақала жазып шығуға қаншалықты дайынмын деп ойладым... Және мұсылман бауырларыма пайдасы боларлықтай дүние шықса деген игі ниетпен қолыма қалам алдым. Шамам келгенше Рамазан айының құндылығын жаздым. Алла тағала жақсылықтарын нәсіп етсін!

Бала  кезімізде «Үлкен  ата-әжелер ертеректен дінді ұстанып, намаз оқып, ораза тұтқан» деп естуші едік. Кейін ес білген шақта атам мен әжемнің ас ішіп болғаннан соң «Қул һуаллаһу әхад» деп күбірлеп, «Ықылас» сүресін оқитынына көзіміз үйренді. Әрі әжем әр Рамазан айында ораза ұстайтын, сондай күш-қуатты кісі. Қазір ойланып қарасам, сол кісілер бізге үлкен тәрбие көзі болыпты ғой. Себебі, мағынасын  түсін­бесем де, «Ықылас» сүресін дәптерге шимайлап жазып жүретінмін. Ораза, намаз­ ұғымдары осылайша отбасынан санаға сіңсе керек...  «Дін ұстай алсаң – қа­сиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген өрелі сөз тереңіне үңіле келе, тәубе деймін.

Міне, бала күннен санама саңылау салған Рамазан айы басталды. Айналадағы адамдардың  кейбірі құлшылығын жалғастырып, енді біреулері мүлдем бейқам. Мына көрі­ніске жүрегім селт етті... Рама­зан айы жалғасып жатыр... Бір бауырымның от­басымен жете таныспын. Кейде үйінде жейтін тамақ болмай қалады. Жыламау мүмкін емес. Жәрдем бере алмау мұнан да қиын болады екен. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, Алла тағалаға шын жүрегіммен жалбарындым. Адамдар бір-біріне мейірімді болса екен, аш-жалаңаш адамдар  азайып, жомарт жүректі азаматтардың қатары көбейсе екен деп тіледім. Әрбір мұсылманның жайнамазда тілейтін тілегі адал ризық, береке болса екен. Себебі, Раббымыз бізге осындай мүбарак ай нәсіп етпесе, жағдай­ымыз не болар еді? Қатыгездік пен тоғышарлықтан арыла алмас едік... Құран Кәрімде Алла тағала бұл игілікке­ толы ай турасында: «Рамазан – тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген ай. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын!» - деген («Бақара» сүресі,185-аят). Пай­ғамбар (с.ғ.с.) Рамазан айында және басқа­ айларда жаңа туған айды көргенде: «Уа, Алла! Осы айды бізге берекелі әрі имани ай ет, саламатты әрі ислами ай ет! Менің де, сенің де Раббың – бір Алла!»  - дейтін  болған.

Пенделік пиғыл барлық адамның бойынан табылады. Ал қасиетті Рамазан айы кір басып, шаң кеуіп қалған көңілдерді Құран нұрымен тазартушы, тұншыққан жүректерді дүние ластығынан арашалаушы іспетті. Осы арпалысқан сезімімді қағаз бетіне түсірдім:

Сырым мен мұңымды жүрекке сыйдырып,

Алдыңа жүгініп отырмын, Раббым.

Бұл дүние ластықтан тұрады,

Кірленіп қала беремін, Раббым.

Өзіңе мұңымды шағуға келсем,

Жайнамазда жаным жарқын.

Адалдық тұнған жанарларды көрсем,

Жаныммен жақсы көрем, Раббым.

Жүрегіме әркез жабырқау сыйлайды,

Кейбіреулердің жүздері салқын.

Ішімде бітпес арпалыстар бар,

Нәпсіге ерік бермеші, жарығым.

Иман күшейіп қуаттанған кезде адам құлшылықтан ләззат алып, жаны тыныштық табады. Өзін нағыз бақытты­ сезініп, Аллаға және Оның пайғам­ба­рына деген махаббаты артары сөзсіз. «Бақыт» деген сөз Құранда бір-ақ жерде­ келеді: «Ал  бақытқа  жеткендер  Жән­натта. Олар онда мәңгі болады...» («Һуд» сүресі, 108-аят). Міне, адам баласының бақытқа жету жолы қиын әрі сынаққа сабыр ету арқылы ғана жемісін береді. Сауаптар еселеніп, жақсылық жасауда жарысқандардың ниеті мен амалы жылы­на бір келетін Рамазан айында көзге анық көрінеді. Жүрегінде титімдей  иманы бар жан ізгілікке ұмтылады. Барша  адамзаттың  жүрегін  жақсылық­қа  бұрып, туралыққа  бастайтын осынау­ Қасиетті Рамазан айы жасты да, жасамысты да, кәріні де тәубе есігіне кіргі­зеді. «Алласын» іздеп  шарқ ұрған кеуделердегі толассыз сезімді сезінбеу мүмкін емес. Сонан да болар, Рамазан айында маңдайын сәждеге тигізіп, Алла­ның разылығы үшін алғаш рет ораза­ ұстағандар осы айда көптеп кездеседі. Иләһи нұрға қауыш­қандарға қарап сүйсінесің. Көзбояушылықтан ада, пенделіктен тыс көріністер байқалады. Сірә, Рамазан айын­да ла­ғы­нет атқан­ шайтандардың тізгін­деліп, періштелердің жақсылықты жазу үшін жарысат­ындары  осының  айғағы іспетті. Рамазан – сабыр мен кешірім­нің, адалдық  пен тазалықтың айы. Рама­зан айында жер бетіндегі миллиондаған­ адамдардың мінез-құлқы жақсарып, жақсы қасиеттері артады. Айналасына құрметпен қарай бастайды. Жоқ пен барды түсінеді. Мейірімділік кеңінен таралып,  жомарттар  жүрегіне  мұң ұялаған кедей-кембағалдарға жәрдем береді. Ішерге  тамағы, киерге киімі жоқ мұқтаж жандарға миллиондаған адамның көмек  қолы созылады. Дүниежүзінде бір айға болса да, ашу-ыза азайып, мейірім мен жұмсақ мінез  көрініс таба­ды. Қабағы қатулы кісілер күлімсірей бастайды. Тас болып қатқан жүректер жұмсара бастайды. Мұның бәрі жүректегі иман мен тақуалықтың артуынан болса керек. Ибн Аббас (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамдар арасында ең жомар­т жан  болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (а.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмай­тын. Жәбірейіл (а.с.) періште Рамазан айының мүбарак әр түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, екеуі бірге Құран  оқитын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Жәбірейіл (а.с.) періштемен жолық­қан  кездерінде  жер  бетіне  береке­ әкелетін желден де жомарт болып­ кететі­н еді»,-деп айтты (Бұхари). Біздерге өмірінің әр сәтінде үлгі бол­ған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бол­мысы Рамазан айында осыншалықты өзгеретін болған. Неге Алла елшісінен үлгі алмасқа? Біздің де қолымыздан жомар­ттық және жақсылық жасау келеді­ емес пе, бауырлар? Қаншама жәутеңдеген жетімдер бар. Бір күніңізді арнап басынан сипап қайтсаңыз – сауап­. Алла қаласа! Қаншама азаматынан айырылған жесір бар, тапқанын талғаж­ау ете алмай қиналып жүрген. Алла ризалығы үшін бір айға жететін тамағы­н апарып беріңіз, міне, сауап. Қарттар үйіне барып, жігері құм болған ана мен әкеге демеу болыңыз, сауап. Өз баласынан көңілі қалса да, жақсылық жасайтындардың бар екенін сезініп, өмірден  түңілмесін. Айта  берсек, сауап­ты істер жеткілікті. Тек шаршамайықшы  қымбатты  бауырларым!

Алла тағала былай дейді: «Әй, иман келтіргендер!  Сендерден  бұрынғы  қауымдарға бұйырылғаны секілді сендерге де ораза ұстау  парыз  етілді. Бәлкім, тақуалыққа  жетерсіңдер!». Әбу Һурайра (р.а.): «Намаз бен намаздың, жұма мен келесі жұманың, рамазан мен келесі рамазанның арасындағы (кіші күнәлар) кешірі­леді. Егер үлкен күнәлардан сақтанса»,- деген  хадис риуаят  еткен.

Еліміздің Бас Мүфтиі Ержан Мал­ғажыұлы: «Рамазан – барша  мұсылман қауымы әр жылы  сағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттар­ы түсе бастаған қасиетті ай. Рамазан­ – әрбір ораза­ ұстаушы­ның өзінің ішкі жан дүние­сімен сырласып, жасаған пендешіліктері үшін шын ықыласымен тәубеге келетін ай. Бұл қасиетті ай – рухани дертті емдей­тін мейі­рімді дәрігер іспетті»,-деген болат­ын. Расында да, Рамазаннан соң тұла бойымы­з жеңілдеп, тазарып қаламыз. Бұл да болса Жаратқанның құлдарына  берген  сыйы  болса керек.

Қоғамда  түрлі  пікірдегі  жандар  бар. Кейбірі  күнәсі  бар  адамдар  ғана  ораза ұстайды деп ойлайды. Алла кешірсін. Сонда құлшылық қылғандардың бәрі күнәһар  болғаны  ма?  Керісінше,  бұлар – ең бақытты адамдар. Иманы кәміл мұсылман  баласын  қуанышқа кенел­тіп, игі жақсылықтарымен  қауыштыра­тын  қасиетті  Рамазан айынд­а ораза тұту – үлкен сауап. Үзірсіз (себепсіз) ораза тұтпау  үлкен күнә  болады. Хадис шәрифте: «Рамазанда үзірсіз бір күн ораза тұтпаған адам, оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына қауыша алмайды»,- делінген. Рамазан айының хикметі – бүкіл үмметтің Алла разылығы үшін ауыз бекітуі.­ Ораза тұтуда үлкен сабырлық бар. Хадис шәрифте: «Ораза – сабырдың жартысына тең»,-деп айтылады. Кей адамдар ойлағандай, ораза – тек аштық пен шөлдеу емес. Оразаның сабыр­, шүкір, нәпсі тәрбиесі сияқты басқа­ ғибадаттармен де байланысы бар. Осы себептен хадис шәрифте: «Әр нәрсенің есігі бар. Ал ғибадаттардың есігі – ораза», - деп бекер айтылмаса керек. Имам Ғазалидің мынадай тама­ша­ ғибратты сөзі бар: «Адамның жүрегі егістіктегі егін, ал тамақ жаңбыр сияқты.­ Артық су егінді құртатыны сияқты­, артық азық та жүректі өлтіреді». Яғни, шектен тыс тамақтанудың денсаулыққа зиянды әрі адамның рухани дүниесінің де азып кетуіне себеп екен.

Жаратушымыз Алла тағала иман еткен­ құлдарына жылына бір рет Рамазан айында ораза ұстауды әмір еткен. Хақ тағала бұл әмірді себепсіз бермеген, демек бір пайдасы мен хикметі болған­ы. Ораза адамдарға материалды әрі рухани пайда береді. Бір жыл бойы түрлі тағамдарды қорыту үшін шаршаған адамның асқазаны және ішектері жылына бір рет демалып, өзінің саулығын сақтаған болады. Бұл – физикалық жағынан беретін пайдасы. Рухани пайдасы болса – ораза ұстаған адам аш қалған­ адамның тартқан азабын өз басым­ен сезіп, кедейлерге көмек беру керек екенін сезінеді. Бұл адамдардың бір-біріне көмектесулеріне себеп болады­. Яғни, жүректерде титімдей мейірімділіктің  пайда  болуына  сеп­ті­гін тигізбек. Оразаның дүние­дегі пайда­ларының бірі – адамдарға аштық  пен сусыздықтың не екенін үйрету. Қарны тоқ адам ешқашан аш адамның халін түсіне алмайды және оған мейірімділік танытпайды. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш боламын деп ойламайды» деп қазақ халқы текке айтпаған-ау. Сол секілді үнемі баршылықта өмір сүріп, жоқшылықтың не екенін білмейтін байлар үшін де ораза  таптырмайтын тәубе есігі. Азаннан қара кешке дейін ауыз бекітсе­, жер бетінде қаншама жарлы­-жақы­байдың аш екенін түйсі­гімен түсінер  еді. Сонымен  қатар, ораза­ нәп­сіге ие болуд­ы да үйретеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір адам рамаз­ан айында­  ораза­  ұстауды парыз деп біліп, міндет деп біліп және оразаның сауабын Алла тағал­адан күтсе, өткен күнә­лары кешірілед­і»,- деген. Ораза тұтқан адам денесінің зекетін өтеген болады, дене­сін аурулардан қорғаға­н  болады. Міне, оразада  осындай хикметтер мол. Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамыз­ға: «Жұмақтың есігін үздіксіз қақ»,- дейді. Немен? - деп сұрағанда, Ол: (с.ғ.с.): «Аштықпен», - деп жауап береді­. Бір ай Рамазан­ оразасын ұстау арқылы­  қар­нымызды  аш қалдырсақ та, есесіне деніміз­ге саулық­ сыйлап, рухани­ танымымыз кеңейер­і сөзсіз. Рамаза­н оразасы – Жаратқ­анның пенделер­ге парызы­. Ешбір талқылаусыз орын­далатын иләһи әмір. Демек, оразан­ың мәні – жүректі тақуалыққа дайындау. Оразаның парыз болуының ең маңызды себебі­ – пенденің Аллаға деген тақуа­лығын қалыптастыру және күшейту. Ораза – адам бойындағы ерік пен қалауды­  реттеп, мінез-құлқын түзету­дег­і  ең  үлкен  тәрбиеші. Тақуалыққа қол жеткізу­ үшін адам ой-санасына шабуыл­  жасала­тын  барлық  саңылауларды  бітеуі  қажет. Хадисте: «Кімде-кім жаман сөзден және істен өзін тыймас­а, тамақ пен сусыннан тыйыл­ғаны Аллаға керек емес», - деп айтыл­ғандай,  жаман ой, сөз  және іс-әрекет­тің жолын бөгемей, тақуалық табу мүмкін  емес. Бірнеше жылдан бері ораза­ ұстап, Алла тағаланың бізге  берген­ нығметін түсіне келе, мына шумақта­рды  жазғаным  бар  еді:

«Жұтқан ауа, ішкен су Жаратқанның,

Тарту сыйы, нығметі құлдарына.

Рухымызды байытып нұр сыйлайтын,

Дем беретін бір күш бар жанға мына.

Жаббар ием, қорған бол жан-жағыма,

Мендегі ойдың өресін майда қылма.

Шүкір менен зікірді ұмытпа де,

Жұтым нәрсе тигенде таңдайыма».

Иә, сол жұтым нәрсе ауызашар сәттегі қуаныш болатын. Мұсылманның екі қуанышы болса, бірі – Раббысымен қауышар кез, бірі – ауызашар сәті  екен. Баршаларыңызға Рамазан айы  мүбарак  болсын! Он екі мүшеңіз сау кезде­ Жаратқанға шүкірлігіңізді біл­діріп, сауабы мол айда ұстайтын ораза­  бақытынан қалып қоймаңыз дегім  келед­і әрбіріңізге.

Гүлнұр   ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ,

журналист

 


ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.06.2017 11:24

Жадырап келген жаз мезгілінің балаларға дайындаған тосын сыйы жетерлік. Тағы бір оқу жылын қорытындылап, күнделікті бірсарынды тірліктен құтылған бүлдіршіндер тоқсан күндік демалысқа шығып, дамылдайды. Артынша сол демалыстың көркін қыздырып, айтулы мерекелері де келеді. Дәл бүгін тек бізде емес, әлемнің түкпір-түкпірінде балалар үшін ерекше күн. Себебі арнайы Балаларды қорғау күні деп бекітілген уақыт балдырғандар үшін бір сәт серпіліп, керемет көңіл күйдің жетегінде жүретін шақ.

 

АЙТУЛЫ   КҮННІҢ ТАРИХЫ   ҚАНДАЙ?

Бұл күннің тарихын Түркия мемлекетімен байланыстырсақ жеткілікті. Себебі ең алғаш 1920 жылы 13 сәуірде балалар күні осы елде аталып өтіледі. Осыдан кейін 1925 жылы Швейцарияның Женева қаласы үрдісті жалға­стырған. Тіпті “Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі туралы” әлемдік конференцияда осы күннің негізі қаланды­ деуге әбден негіз бар. Нелік­тен дәл бұл күннің таңдалғаны туралы дерек жоқ. Бірақ 1925 жылы маусы­мның 1-і күні Қытайдың АҚШ-тағы Бас консулы Сан-Франциско  қаласында «Айдаһар қайық фестивалін» тойлау үшін жетім  балаларды жинаған екен. Жоғарыда ай­тылған Женевада да конференция осы күні өт­кізілген деседі.

Ал Бүкіл дү­ниежүзінде ал­ғаш рет 1955 жылдың қазан айында Жене­вадағы «Бала­лардың әл-ауқа­ты халықаралық бірлігі» ұйымының негізінде балалар күні бо­лы­п  арнайы бекітіліп, тойлана бастады.

1956 жылы  20  қарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Балалар күнін атап өту баста­масы  көтерілді. Бұл бастама Бас Ассамблеяның қолдауымен БҰҰ-на мүше елдерге ұсыныс ретінде айтыла бастады. 5 жылдан  соң, нақтырақ 1960  жылы 20 қарашада «Балалар құқығы турал­ы» декларация қабыл­данды. Әлемнің көптеген елдері 1 маусымда балалар күнін атап өтетіндігіне қарамастан, кейбір елдер өз даталарымен тойлайды. Мысалы, Малайзияда қазан айын­ың соңғы сенбісі, Оңтүстік Корея мен Жапонияда 5 мамыр күні, Сингапурда 1 қазан, Түр­кияда  23  сәуір  күні  тойланады.

 

КІМ  ҚАЛАЙ  ТОЙЛАЙДЫ?

Әкімлұқпан  Мырзағалин, №144  мектептің

8-сынып  оқушысы:

– Әр балалар мерекесі келген сайын қалалық демалыс орнына барып достарыммен серуендеймін. Көңіл көтереміз, уақытымызды жақсы  өткізуге  тырысамыз. Бізді  ата-анамыз да дәл осы күні құттықтап, тәттілер алып, сыйлық ұсынып жатады. Түрлі шаралар  мен ән  кештерінің  куә­гері­ де боламыз. Десек те, сіз айтқ­ан демалыс орнында тегін аттракционға мініп көрмедік. Сірә, жас мөлшерімен шығар. Бізге әдеттегідей ақылы негізде қызмет көрсетеді.

 

Шахло  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, №187 мектептің 6-сынып оқушысы:

– 1 маусым – балалар үшін ерекше күн. Себебі айтулы күнде барлық  құрмет, сүйіспеншілік  пен  мейірім  балаларға  арналады. Жұмысбасты  ата-аналар бала­ла­рына бір сәт уақыт бөліп, оларды қыдыртып, серуенге апарад­ы. Біз мереке күнін асыға күтеміз. Себебі­ сол күні түрлі шаралар,  мереке­лік  концерттер ұйым­дастырылады. Дегенмен ата-аналар­ балаларын осы күні ғана жақсы көріп, осы күні ғана көңіл бөледі деген сөз емес. Бізді олар әркез  жақсы  көреді  және біз  үшін  бәріне  даяр.

 

Зухра  ЕМБЕРГЕНОВА,

ата-ана:

– Бала – бауыр етің, жаныңның бөлшегі. Өміріңнің  жалғасы, ет  жүрегің,  жақының. Біз оларды жанымыздан артық жақсы көреміз. Бір күн емес, бүкіл ғұмырымызды соларға арнаймыз. Мейлі, арнайы мейрам қойып, балал­арды қорғау күні делінгенімен, тек бір күн, бірер уақыт қана «бала» ұғымына назар аударылмайды. Бұл үкіметтің бекіткен күні, өткені  безбүйрек  қоғамда өз баласына жаны ашымайтын тасжү­рек,  мейірімсіз ата-анала­р көп. Баланың еңбегінің қаналуы­,  қысым,  зорлық-зомбылық  көрсету – бәрі, сайып келген­де баланың  өміріне қауіп әкеледі. Оны бүкіл қоғам, бүкіл адамзат реттеуге, жеңуге  тиіс. Балам – болашағым деп қарайтын ата-ана үшін жақсы  көру  уақыт шеңберіне  тәуелді  дүние  емес.

 

БАЛАЛАРҒА   БАЗАРЛЫҚ

Жыл сайын періште сәбилер­ді қуантуға түрлі игі істер атқарылатынын білеміз. Бірақ қандай  деңгейде, қалай өтіп жат­қанын сараламаймыз һәм ба­жайламаймыз. Бала үшін барымызды аямай, жанымызды беруге­ даяр екенімізді осын­дайда  дәлелдемесек, елдігімізге  сын  емес пе? Хош. Айтулы­ дата аясында қала көлемінде түрлі шаралар ұйымдастыры­лады. Ал игі іске дем беріп, тіріл­тетін  демеу­ші  табу да оңай шаруа­ емес. Десек те, балалар мереке­сіне орай жомарттық танытқан «Атымтайлар» да баршылық сыңай­лы. Соның бірі – «Евразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ. Аталмыш компанияның демеушілігімен арнайы шақырылған сайқымазақтар,  аниматорлар  бір күн бойы балалардың көңі­лін көтеруге әзір. Сыйлыққа да осы орталықтың өнімдері та­ратылмақ.

Бізге мереке күні қаладағы демалыс паркінде балаларға арнал­ған ойын карусельдері тегін, бірақ арнайы тізімде көр­сетілген бүлдіршіндерге ғана деген­ сыбыс жеткен болатын. Айтылған сөздің ақ-қарасын анықтауға тиісті мекемеге хат жолдадық. Жауап көңіл көнші­теді. Дәл осы күні «Телекомбат», «Гүл карусель», «Бәйге», «Кеселер», «Күншуақ» аттракцион­дары сағат 12:00-ге дейін барлық балаларға тегін қызмет көрсете­тін болады. Балаларға базарлық ретінде А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Моана» мультипликациялық фильмі көрсетілмек. Сонымен қатар, тегін балмұздақтар да тараты­лады.  Мерекелік  шаралар мұнымен толастамақ емес. Сондықтан сәбилер үшін ба­ры­мызды  аямайық.

 

МҮМКІНДІГІ   ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАР   ҮШІН – ИППОТЕРАПИЯ

Бойында кемістігі бар бала көрсек, мүсіркей жөнелеміз. Бірақ  аяушылық таныта отырып, көңіліне қаяу салғаны­мызды аңғармай қаламыз. Дәл қазір мемлекет алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша  қамқорлық  таныту, ел қатарлы білім алуына, ем қабылдауына жол ашу. Ал мереке қарсаңында қамкөңіл жандарды қуанту – жыл сайын орын алатын үрдіс. Осы ретте қаладағы «Шағбан» жекеменшік балабақшасында мүмкіндігі шектеулі балал­арға арналған иппотерапия бағдарламасы ашылады деп жоспар­ланып отыр. Мұндай бағдарлама бұрын Шығыс Қазақстан облысында атқарылса, келесі­  болып біздің аймақ қолға алмақшы. Мұнымен қоса, мүм­кіндігі шектеулі 45 бала Алматы қаласында өткізілетін «Жұлдыз-ай» республикалық шығарма­шылық фестивалі мен спарта­киадаға, 4 оқушы Санкт-Петербург қаласында өткізілетін Халық­аралық «Шаг навстречу» фес­тиваліне  қатысуда.

Қуантарлығы, Президенттік, халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар және ғы­лыми жоба конкурстарына қатысып, жүлделі орын алған білімпаз 48 оқушымен облыс әкімінің кездесуі жоспарланып отыр.

– Жазғы демалыста «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандан­дырылған көрмесіне 2969 бала жергілікті бюджеттен барып, көріп, саяхаттап қайтады. Мұнымен қоса 1-12 маусым аралығында балалардың еңбегін пайдал­ануға қарсы күрес күндеріне сай 12 күн ұлттық ақпараттық науқаны өткізілетін болады. Бұл науқанның басты мақсаты – бала еңбегін пайдаланудың алдын алу мен тыйым салу, - дейді облыс­тық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бер­даулетов.

Түйін. Бала – біздің болашағымыз. Болашаққа бейжай қарау, бойкүйезд­ік таныту – соңы жақсылыққа апармайтын іс. Сондықтан бүгінгі мейрамды «бұрынғыдан өзгерек» етіп өткізуге ат салысайық.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2017 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары