Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 21 Маусым 2017

ТРАМПТЫҢ ТҰЖЫРЫМЫ һәм РИКАРДОНЫҢ РЕНІШІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.06.2017 11:32

Атланттан асып жеткен  хабар әлем құрлығының «құлағына» жетті. Федералды мемлекетті «базарға» айналдырып жібереді деп күдіктенген президент Дональд Трамп әзірге үнсіз. Сірә, дауыл алдындағы тыныштыққа ұқсайды. Шыны керек, АҚШ-қа жаңа келген президентті әлем болып сынға алдық. Олай етуге де өзінің айтқан ойлары мен алдағы саяси  тұжырымдамалары сеп болған еді. Қытай, Ресей, Мексика елдеріне деген көзқарасының оң болмағаны әу бастан белгілі  болды. Трибунаға талпынып шыққан Трамп­тың бұл ойына ізаша­ры  Барак  Обама:

- Трамптың бұл ше­шімі америкалықтарды әлем алдында масқара етеді, бірақ АҚШ штаттары мен қалалары, өнді­ріс орындары климаттың жылынуымен өз бетте­рінше күресе беретін болса, Трамп әрекетінің зияны азаяды деп сене­мін, - деп пікір білдірген еді.

Одан бері қыс өтті, көктем өтті, жаз келді. Дональдтың доқ көрсеткен саясатынан басын бүгіп алған мемлекеттер­дің аузы-мұрны көріне бастады. Теріскейдегі көршіміздің ақпарат құралдары Америкаға қатысты айтулы ақпарат таратқалы әлемнің на­зары алпауыт елдің территориясына  ауды. Неге дейсіз  бе? Себебі, онсыз да 50  дербес  штат  пен  14 провинциясы бар құрама штатқа тағы бір штат қосылуы мүмкін. Бұл туралы ұсынысты Пуэрто-Рико АҚШ конгресіне жолдаған. Айта кетейік, бұл – штаттағылардың статусын анықтау мақсатындағы өткізген бесінші референдумы. Осыдан бес жыл бұрын ұсыныстың осы түрін қолдаған халық 60 па­йыздан  асса  да, Конгресс ләм-мим деп ауыз аш­па­ған-тұғын. Осы жолғы жаппай дауыс беруге штат  тұрғындарының  97 пайызы қатысқан. Бірақ референдум нәтижесі Пуэрто-Рико Үкіме­тінің Америкаға қосылу процесін бастап кетуіне ықпал  ете  алмайды.

Бұған  дейін  Трамптың  қарамағындағы штаттардың елу біріншісіне айналу елдегі экономикалық күрделі ахуалды шешудің бірден-бір жолы екенін арал губернаторы Рикардо Росселло баяндаған. Оның осылай деп түйінді шешім қабылдауына аралдың сыртқы қарызының 72 млрд доллар, ал жалпы ішкі өнімінің 103 млрд долларды­ құрағаны себеп. Пуэрто-Рико губернаторы­ Р.Росселлоның мемлекеттің АҚШ құрамына қосылуының белсенді жақтаушысы екенін осыдан аңғарамыз. Халықтық дауыс­ халықаралық деңгейде тек ұсыныс сипатына ғана ие. Себебі, Пуэрто-Рико Амери­каның Штаттары қатарына енуі үшін АҚШ Конгресі соны құптап, шешім қабылдауы шарт. Пуэрто-Рико қазіргі кезде­ онсыз да Вашингтонға толықтай тәуелді­ аумақ. Тиісінше, де-факто осы елдің сыртқы басқаруында тұр: бұл елге Конгрестің шешімдері таралады. Бірақ заң жүзінде АҚШ-тың бір бөлігі саналмайды, яғни  штат  құқығы жоқ. Бір қызығы, пуэрторикалықтар  қосарлама азаматтыққа – өз елі Пуэрто-Риконың және АҚШ-тың азаматтығына ие. Алпауыт держава бұл елдің өз құрамына қосылуына деген ұмтылысына ықыласы ретінде азаматтығын беруг­е келісті, бірақ пуэрторикалықтарға АҚШ-тағы президент сайлауына қатысуға рұқсат жоқ. Ал, сарапшылар Құрама Штаттардың картасы тағы бір «нүктеге» кө­бейеді дегенге сенімсіздік танытуда. Өйт­кені аралдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері АҚШ-тың шешім қабыл­дауына көп кедергі келтіріп тұр. Елдің жағ­дай­ын қалыпты деңгейде ұстап тұру да оңай емес. Штат тұрғындарының дені жағ­дай­дың күрделілігінен ол жақтан көшуге немесе сырттан жұмыс іздеуге мәжбүр. Демек, губернатордың АҚШ-тың жаңа штаты ретінде қосылуынан басқа амалы қалмаған секілді. Елдегі ақсап тұрған эконом­икалық ахуалды бір арнаға тоғыстыру оның сайлауалды бағдарламасының «логотипі» болған еді. Амалы құрыған губерн­атор бес жылдан бері Барактан да, Дональдтан да назар болмаған соң саяси айлаға  көшті.

- Егер АҚШ билігі іргедегі пуэрторикалықтардың еркін ықтиярына ден қоймаса, ол қалайша әлемнің басқа бұрыштарында демократияны талап ете алады?, - деді губернатор соңғы өткен референдум нәтижелерін алға тарта отырып.

Естеріңізде болса, «аю патшалығы» жалпыхалықтық дауыспен Қырымды өзіне қосып алған болатын. Кремльдің төрінде Қырымның мойындалмаған билігі мен Ресей президентінің қол қойған құжатынан кейін көршіміз «сөгіс» алды. Еуро­одақ пен АҚШ-тың салған санкциясынан кейін Путиннің елі біраз мүмкіндіктен қағылды да. Осыны ескерді ме, әлде өздері қарсы болған оқиғаны қайталауға намыстанды ма, әйтеуір Американың Әділет министр­лігі  Пуэрто-Риконың штат құқығын иелену­ бойынша референдумын қолда­мағаны  белгілі  болды.

СЕМСЕР

 


МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІР КЕЛТІРЕТІН КІМДЕР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
22.06.2017 11:25

Алдымен заңдылық, одан соң отансүйгіштік, азаматтардың мүддесі мемлекеттің мүддесінің алдын­да жоғары тұруы, қолжетімділік секілді қағидаттар дәл қазір біздің мемлекеттік биліктің басым бағыты болып отыр. Тиісінше, мемлекеттік қызметшілердің де абыройлы міндеті – бұқараға қызмет ету. Бүгінде мемқызметшілер осы үдеден қалай шығып жүр? Халыққа қызмет көрсетуі өз алдын­а, таңдап алған кәсібіне адалдығы қай деңгейде? Тарқатайық.

Осы жылдың 1-тоқсанында облыс­ бойынша 198 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкер­шілікке тартылған. Бұл – ҚР Мемлеке­ттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Е.Қарымсақов ұсынған ақпарат. Жалпы, еңбек тәртібін  бұзушыға құқықтық ықпал ету мақсатында тәртіптік шара қолданылатыны белгілі. Демек,­ жауапсыз болсаңыз, жаза дайын тұр. Тәртіпке шақырудың да түр-түрі бар: ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметінен босату. Осылайша  жұмысына салғырт қараған қызметкер ісіне сай «жемісін» көреді. Аталмыш департаментке қарасты мемлекеттік қызмет бас­қарма­сының  басшысы  Ғалымжан Ілкі­баевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қызылорда облысында 3600-ге жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Жылдың бірінші тоқсанының өзінде 200-ге жуық мемқыз­меткер  тәртіп бұзған. Аз ба, көп  пе?

Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев ҚР Мемлекеттік қызмет­ істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, Астанадағы әдеп жөніндегі кеңес ережелерін құрған-ды. Осыған сәйкес, Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің тәртібін талқылап тұрады. Департамент басшысының міндетін атқарушы Е.Қарымсақовтың мәліметінше, жылдың 1-тоқсанында 5 мемлекет­тік қызметшінің тәртіптік ісі қаралып, 1 тәртіптік іс тоқтатылған. Оның бірі – Қазалы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Темиров. Ол Әдеп кодексінің талап­тарын сақтамағаны үшін «ескерту» алған. Аты жай ғана ескерту болып көрінуі мүмкін, алайда бұл – тәр­тіптік жазаның алғашқысы. Келесі, Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет­ және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Күзембаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілген. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін. Қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округін­ің әкімі Б.Арысбаев пен Қармақшы аудандық құрылыс, сәулет­ және қала құрылысы бөлі­мінің сектор меңгерушісі Е.Исаев та осы нұсқадағы жаза түрінен «сыбағ­асын»  алған.

Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік қызметке кір келтірер «қылық» жасауына не себеп? Жауап­кершілік  жоқ па, салғырттық басым ба? Мүмкін, заң сол­қылдақ шығар? Бұған тәртіптік жаза көрілген тұлғалар тұшымды сылтау айта ала ма?

ТОЛҚЫН

 


«АРАЛДЫ КСРО-дан КЕЙІНГІ ТАҒЫ БІР ТРАГЕДИЯ ҮШІН КӨТЕРГЕНІМІЗ ЖОҚ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
22.06.2017 11:18

Жазушы, қаламгер-эколог

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ:

Арал десе жаны ауыратын халықпыз. Дария толқынында тербеле, өнерге тәнті еткен Сыр елінің ән мен жырға қосатын тағы бір арнасы бар. Ол – айдынды Арал. Рас, теңіздің ұлтаны көрінгелі жарты ғасырдан асып барады. Содан бері бұл мәселе тіл мен қаламның ұшынан түскен емес. Тағдыры талайлы болса да жағасын жайлап отырған жұртты несібесінен айырған жоқ. Жастың да, жасамыстың да қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасқан бұл теңіздің қасіретін бөліскен жандар аз емес. Теңіз тынысы Орта Азия мен Әлем елдерінің деміне де жауапты.

Осы ретте әлемнің назары ауып тұрған Арал теңізінің бүгінгі жай-күйі бізді де алаңдатпай қоймады. Елу жылдан бері айдынның ахуалын айтып келе жатқан қаламгер-эколог, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлынан бір ауыз сұрап көрдік. Әңгіме барысында айтылар ойдың көптігін, атқарылар жұмыстың қыруар екенін, өліп-тірілген теңіздің тағдыры тағы да сынақ алаңына айналып бара жатқандығын айтып қынжылды.

- Сайлаубай аға, Рамазан айы мүбара­к болсын! Аға, әңгіме желісін Арал теңізінен тартсақ. Әрине, білеміз, Сіз үшін бұл таптаурын. Бірақ елге керек мәселе. «САРАТС» жобасында не  жаңалық?

- Бұл тақырып жұртқа таптаурын болар, тек маған емес. Әйтпесе, көк бейнет күрес жолындамын деген адамның дәйексіздігін көрсету болып  шығады... Жалпы, «ел-жер» деп ұрынып, Арал мәселесін айтқанға биыл елу жыл толыпты. («Білім және Еңбек» журналы, 1967 жыл). Сонан бастап, туған жер жайы мен үшін басты­ тақырып қана емес, тағдырға айналып кетті. Ал «Кіші Арал» идеяс­ын көтергенге 28 жыл! («Қазақ әдебиеті» газеті, «Кіші Арал: үміттер мен ізденістер» мақаласы, 1989 жыл). Тым көп уақыт, сүргін күрес жолы десе де болар... Халық қам­шылауы мен көптеген ізденістер нәтиже­сінде 2000 жылдары елде «САРАТС» жобасы дүниеге келген. 2005 жылы аталмыш жобаның бірінші кезеңі – «Көкарал» бөгеті көтерілді. Сонан бері он екі жыл өтіпті. Көп уақыт, көп су ақты... Облыс­қа келген басшылардың біразы­  осы  бастаманы  ары дамытуға ынталы болды. Әйтсе де, аймақ басшылығына Қ.Көшербаев  келгелі, ел үмітін арқалаған осы мақсат тың, қуатты серпін алды. Осы кезеңде, бұйыртса, игі мақсатты жүзеге асырудың  иек  артпасында  тұрмыз  деуге­ негіз  бар.

Халықаралық Даму Банкі Арал мәселесіне  арнаған  қаражатын сары майдай сақтап келгеніне біраз жылдың жүзі болды. Аталмыш кезеңде әлемдік экономика мен саясаттарда көптеген  құбылыстар орын алды. Бұл ретте, Халықаралық банктен басқа­ да баламалы қаржы көздері табыл­у мүмкіндіктері пайда болды. Бұл бағыттардағы ізденіс, еңбек нәтижесін уақыт талабы ауанында, икемді  шешімде  көретін күн де алыс емес деп ойлаймын...

- Жалпы, Арал теңізінің бүгінгі жай-жапсары  қандай? Күні кеше өткен  Арал форумы бұл мәселені қалай  қамты­ды?

- Ең алдымен, осыдан үш апта бұрын өткен «Арал өңірін тұрақты дамыту «Арал – 2017» форумы» өзінің саяси маңызы жағынан, осыдан ширек ғасыр бұрын өткен, тарихи­ «Қызылорда саммитінен» кейінгі екінші елеулі саяси оқиға дер едім. Әлеуметтік, экологиялық, экономика­лық көп мәселе қамтылды онда, маңызды құжаттар қабылданды. Форум – Арал тағдырына әлемді тағы бір бет бұрғызған ірі халық­аралық  оқиға.

Осы күні «Үлкен Аралдан үміт жоқ. Оны тірілту мүмкін емес» деген­, болмысында біржақты, пес­симистік пікірлер де бар. Бір қарағанда, қисын сөзі, бірақ мен Аралдың шынайы патриоты ретінде «Аралдың болашағы жоқ, ол мәңгілік өшті» дегенге түбегейлі қарсымын. Мұны сол форумдағы баяндамамда да айттым. Аралдың келешегінен үміт үзу жөн емес. Біздің бұл маңдағы бар әлеуметтік, экологиялық ізденістеріміздің түп-мұратында Аралды тірілту мақсаты тұрақты түрде тұруы керек!  «Жақсы сөз – жарым ырыс»! Тұран деген тарихи өлкенің  Аралсыз  қалуы – болмысқа кереғар. Біз болмасақ та, ұрпақтар осы қажеттілікке келеді, олар әлгі тарихи қателікті түзететін болады. Сол жолдағы алғашқы қадамдар бүгіннен  басталуы керек. Сондай бір  үмітті  бастама – мына, Солтүстік Аралды  қалпына  келтіру.

Ал біз сонша ізденіс бейнетте өмірге шақырған «Кіші Аралдың» бүгінгі  ахуалы нешік? Кезінде, «өйте­міз  де, бүйтеміз – отқа басын үйіте­міз!..» деп, осы айдынды жалға бөліп алғандардың бүгінгі ісі қандай? Осы жағы жақсы емес! Пайдадан  басқаны  ойламағандық па, әлде жаны  ашымағандық  па,  Арал үстін­де  бүгін заманауи оқыс эксперимент жүргізіліп жатқан сияқты. Осыны жұрт айтып та жүр. Газ баллондар уын суға тоғытып, электр тогымен ұрып,  теңіз  төлін  есепсіз  қырып салу  фактісі  бар. Мұндай тағылықты­ бұрын-соңды есітпеп едік... Балық­тың уылдырық шашу тыйымын бұзып аулау фактісі де бар. Бұған қоса, ғасырда бұзылмайтын мыңдаған қытай аулары теңіз түбіне шөгіп, «баяу жарылатын бомбадай» бұғып жатыр. Олардың әуселесін ертеңг­і ұрпағымыз тартуы мүмкін... Бұлар көзге ұрып тұрған мәселелер­дің беті ғана. Ал түрлі тендер жеңімпаздары бұл теңізді қамқорлықпен пайдаланып, қоршаған орта, экология жағдайын жақсартуды айтқан еді. Уәделер жалған сөз болды. Бұл мәселенің кешегі консорциум уақытында да оңалып кеткені шамалы.­

Аралдан шаш етектен пайда көрушілер бар. Бірақ сол байлық жағасында отырған ауылдардың ажары оңды емес. Барар жолдар тас-тал­қан, ауыл, үй  арасындағы  инфрақұрылым мәселелері шешілмеген. Сонда,­ Арал игілігін пайдаланушылардың әлеуметтік уәдесі, өзі игілігін көріп отырған ел-жер-суға деген ілтипат-парызы, одан қалды, келісімде қол қойған уәделі шарттары қайда? Мемора­ндум баптары не болды? Қарапайым  жұрт  аулаған балығына­, алдындағы азын-аулақ құрал-сайманына алданышты. Бар жетер жетістік сол ғана ма еді?! Теңіз бойында бір жақты тұтынушылық психология, өзімбілемдік көңіл белең алып отыр. Бұған тоқтам болуы керек.

Қазақ Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу  институтының Арал бөлімшесінің бір белді қызметкері (атын айтпай-ақ қояйын - автор) «Солтүстік Аралда жинақталған пробл­ема көп, соларды айтып бере­м­ін» деп уәде еткеніне көп болды. Тіпті екі-үш рет арнайы келіп, сөй­лесетін де болды. Бірақ, өзі көлеңке­сінен қорыққандай бұғумен қалды. Сосын ол азаматты Құдай алдында өтірікші қыла бермейін деп, мен сұрауды қойдым. Өзінен хабар  күт­тім. Әлі тым-тырыс. Міне, осындай азаматтық тұғыр, өз ісіне жанашырлықтың түрі бар... Ел-жерге жаны ашиды деген азамат әлпеті сондай болғанда, басқасына не жорық?!

Кешегі тарихта теңіз мемлекет қамқорлығында болды. Халық «ата-баба көзі, өз теңізім» деп, төсінде еркін жүретін. Енді бүгін өзімшіл-өктемшіл біреулер оны өзінің қой қотаны көретін сияқты. Кеше ғана бақиға озған тарланбоз балықшы Мөңкебай Орынбасарұлы қазіргі теңіз пайдаланушылардың ісіне өмірі нәйразы болумен өтті. Ендеше­ Аралды, шын мәнінде, халық игілі­гін­де пайдаланудың жаңа жолдарын табу керек. Оның жолдары бар. Біз Аралды КСРО-дан кейінгі тағы бір кезекті­ трагедия үшін сонша сүркіл күресте  көтергеніміз  жоқ.

Кіші Арал – шын мәнінде, халықтың теңізі.

- Ауылдан 75 шақырымға ұзап кеткен­  Кіші Арал теңізі елдің ежелгі қоныстарына  жақындай  ма?

- Шүкір, Кіші  Арал жиегі бүгін 42 метр деңгейде тұр. Бұл – 38 метрге­ түсіп кеткен теңіз үшін үлкен нәтиже. Алдағы уақытта 48-50 метр биіктікке көтерілсе, халық пен табиғат ахуалы тіпті жақсара бастайды. Сон­да­ теңіз кей тұстарда елге 500 метрге дейін жақындайды. Бұл – жаяу жүріп баратын  жер. Ал  қазір  тұрғындар 18-20 шақырым жерді бағындыру үшін көлік мінеді, қаншама үсік шал­ған, жазым­ болған жағдайлар бар. Теңіз адамдарға  жақындауы  керек.

Арал теңізінің болашағына тек Қазақстан ғана емес, әлем алаңдап отыр. Себебі теңіздің біржолата тартылып қалуы  Орта Азия мен Қазақстан ғана емес, көптеген әлем аумақтарына әсер етуші фактор. Әлемдік климаттың өзгеруі,­ шөл басу, атмосферадағы ауытқушы­лықтар осы күні адам қор­қытар сипат­тар алды. Бұл жағдайда еліміз, тым құрыса, Солтүстік Аралды сақтап қалу күресін жалғастыруда. Сол форум аясында Сібір өзендерінің бір бөлік суын Қазақстанға бұру, төменгі Еділ суын Аралға жақындату туралы ойларымды баяндадым. Бұл істердің барлы­ғы қаражатқа келіп тіреледі, әйтсе де, үміт пен ойды тежеудің қажеті  жоқ.

- Сіздердің уақыттағы Арал мен қазіргі Арал жағдайын салыстырсаңыз...

- Біз, бақытымызға орай, теңіздің шалқып тұрған кезін көрдік. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген. Қазір  ойласам – ол кезең ертегі секілді.

Қазақта бәрі бар – тау да, дала да, теңіз де, шөл де. Табиғат жаратқанның бәрі жақсы. Солардың ортасына ойып бере салғандай Арал қасиетін сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Жағасына барсаң­, қайтқың келмейтін. Сыңсыған құрағы, көкорай сабаты өмір тынысын таратып жатқандай көрінетін.

Сыр құярлығында биіктігі 10 метр, диаметрі 8 см келетін нар қамысты көрдім. Бамбуктан қай жері кем?!. Қазіргі қамыстың тек аты ғой... Арасынан жүзген кемелер нарлықтан биік аса алмайтын еді... Алты балдық толқындар жағаға ұрғанда тау-тасты сілкін­діретін... Эмоция десеңіз, өзіңіз біліңіз...

Тәуелсіз еліміз Аралды құтқару жолын­ тәрк еткен жоқ. Соның анық мысал­ы – Кіші Арал талабы. Ол тек әлеуметт­ік-экономикалық мүдде емес. Ол – бүкіл теңіздің оннан бір айдынын «тірілту». Бейнелеп айтсақ, ғажайып Арал қасіретке ұрынды, қасіреттен босан­уға тырысқан сол тағдырды демеу үшін еліміз қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр.

- «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырыл­ып жатқан зымырандардың экология­лық әуселесін Арал экология­сымен  салыстыруға  келе  ме?

- Күлтектейтін несі бар, бұлар бірінен-бірі өтеді. Осы екеуінің күрделі «жұбын» салыстыра талдап отырған мекеме­лерде қызық мәліметтер бар екені рас... Арал соңғы деміне тақау, ал «Байқоңыр» тұрақты түрде от-заһарын төгуді жалғастыруда, тіпті, кешегіден де сорақы. Әр ұшырылым сайын әупірімдеп, амандықты Құдайдан тілеп отыратын жағдайымыз бар. Мысалы, кеше ғана  Жезқазған  қаласынан  40  шақырым жерге «Союз» зымыранының бөл­шектері құлады. Өріс өртенді. Экологиялық-әлеуметтік апат – ол. Көктің қаулап шығып, жан-жануарға азық-түлікке жарап тұрған кезі. Әлгі апат шөпті қайта өсірмей, қыста малдың қырылуына  себеп  болуы да мүмкін.

Зымыран ұшырылғанда сұрапыл температура ауаны да өртейді. Ал Арал теңізі сол температураның салқын­дат­қышы, табиғи термореттегіші болатын. Арал өліміне «Байқоңырдың» да тигізген зияны жетіп артылады. Енді Кіші Арал Үлкен теңіздің дем басушы қызметін  атқарып  жатыр.

Қоршаған ортаның қазіргідей жағдайы­нда халықтың экологиялық сауаты­н көтеру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелері қатарынан. Кейбір табиғи және антропогендік фактор­лардың салдарынан атмосфераның ластануы туған табиғат тепе-теңді­гін бұзып, адам денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізуде, адам естімеген аурулар пайда болуда. Қоғамның тұрақты дамуына деген ұстаным экологиялық  проблемаларды  шешуден  бастау­  алу керек. Бізде ірі экологиялық ластану ошақтары бар. Осы ретте сол маңдағы және сол аймақтағы тұрғындардың денсаулығын қалыпқа келтіру үшін медициналық сақтандыруға, экология­лық  төлемге көзқарасты оңалту­  керек.

- Халыққа мемлекет тарапынан бөлініп  отырған экологиялық төлем әлеумет­тік  жағдайды  біршама  қолдауға жеткілікті  деп  ойлайсыз  ба?

- Аздық етеді. Ресейдің Қазақстанға жыл сайын бердім деген 115 млн доллар­ төлемақысы халықтың жыртығын жауып­ жатқан жоқ. Шынтуайтында, бұл қаражат мемлекеттің тайқазанына емес, экология шыжығын тартып жатқан адамдардың мүддесіне жұмсалуы тиіс. Бұл  халыққа жағдай жасау еш артықтық етпейді. Тұрғындардың денсаулығында  проблема  баршылық. Әлеумет­тік  жағдайлар­ы  да  асып-тасып тұрғаны­ шамалы.­

- Жалға алған жерлерді Ресейдің қайтар­ып  беруіне  не  себеп?

- Бұл – күрделі мәселе. Әлемнің даму үдерісінде тәуелсіздік мәселесі өткір. Мұндай тенденцияда біздің жеріміздің бір бөлшегін басып отыра беретіндей көршіміздің де дәрмені азайды. Және халықаралық ахуалмен санасу керек. Өркениетті мемлекеттердің саясатында өзгенің жерін иемдені­п отыра беру мәселесі тежелді. Алып Американың өзі иелігіндегі жерлер­ді қайтаруда. Бір жайт осында. Екіншіден, Ресейдің экономикалық-стратегиялық жағдайында біраз қиындықтар бар. Үшіншіден, көрші мемлекет стратегиялық нысандардың (ғарыш айлағы, сынақ алаңдары) өз жерінде де болғанын қалайды. Жерлерді қайтаруда басқа да көптеген себептер бар....

- Көктемде  дария  бойындағы  бірқатар елді  мекенді  су басу қаупі тағы да туын­дады. Жалпы, осыны бір ретке келтірер жол жоқ па? «Көксарайға» үміт артып едік...

- Рас, биыл дария суы халықты біраз әбігерге салды. Көктемде дария қаупі зор болады. «Көксарай» сондайда ғана іске қосылуы керек. Ал дария табаны тайыз, Алланың жауын-шашыны аз түсетін кездерде ше? Ол кезде «Көк­сарай»  бір  тамшы  су  алмауы қажет. Ал, су қоймасы кебін киген «Көксарай» қыс ортасынан суға толып, аузы-мұрнынан шыға бастаса, төменгі Сыр баяғы таз қалпына түсіп, көктемгі апатты тасқындар қатерінде қала бермек.

Көксарайды  салудағы  негізгі  мақсат – апатты тасқындардың алдын алуға жыл сайын мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемін қысқарту, егіс маусымында Шардарадағы су жетімділігі кепілдіг­іне жету, ең бастысы, апаттан аман болу, Аралға су жеткізу. Асылында, біз және көрші облыс оның суреттегіш екенін ұмытып, су қоймасына айнал­дыра бастадық. Қайталап айтсам, «Көксарай» - су қоймасы емес, суреттегіш  құрылғы  ғана...

- Алдағы дәстүрлі балықшылар слетінен­  не  күтеміз? Жалпы, мұндай шарал­ар Арал халқына, одан қалды, облыс­  жұртшылығына  не  береді?

- Өлгені тіріліп, өшкенімен қайта қауышқан халық үшін жылына бір рет тойланатын балықшылар мерекесі керек­. Мұнда да біраз мәселелер айтылады, біршама шаралар қабылданады. Өткізіліп жатқан қоғамдық-саяси шарала­рға оң көзқараспен қарау керек. Арал жағдайының жақсарғаны тек бір ғана Арал халқына емес, облыстың әлеумет­тік-экономикалық әлеуетін де арттыратыны  анық.

- Қазір  өзіңізді не толғандырып жүр? Бүгінгі  күннің  рухани бет-бейнесі қалай деп ойлайсыз?

- Рухани әлем еңбеккері болғандықтан халықтың, әсіресе жастардың рухани-моральдық жайы көп ойландырады. Бізде бір қызық жайт бар: көзіміз көріп тұрған нәрсені жоғарғы жақтан нұсқау келмейінше, самарқау ағынға салып қойып жүре береміз. Әйтпесе, бала тәрбиесіне, көнелер қасиетін ұлықтап сақтауға, иманды, ізгі әрекеттер мен көркем мінез-құлық үшін бізге не нау­қан керек еді? Бұл сияқты жайттар өмір­дің қалыпты құрамдас бөліктері емес пе? Өмірдің осындай мүдделеріне көзжұмбайлықтан ба, әдепсіз, парықсыз жастар мен сақалын сатқан, қадірсіз үлкендік көбейді. Ретті де, ретсіз де жер­лерде жылтыңдап көріне беретін «азаматтық» – сондай тайыз пайымның белгісі. Ол әлеуметтік белсенділік, биік азаматтық  емес.

Осы күні ел көзінде «қайтсем ер көрінемін» деген есепті «қайраткерлік» көп. Оған бас шұлғып, ығына бейімделмесең, сен жат, тіпті, жау, теріс пиғылды адамсың. Есепке алуға болмайтын біреусің. Яғни, «менің атым жүре тұрсын, сенің атың тұра тұрсын» саясаты. Өсетін, парасаты биік қоғамда рухани байлықтың әр алуандығы, ізденістер мен ой-идеялар арасында ілтипатты түсіністік, жақсы ықпалдастық болады. Яғни, «өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегенге келеді. Біздің мұндай дегдарлықтан әзір ауылымыз алыс... Бізге тектілік үні, таза ар тұғыры жетісп­ей  жатыр...

Шімірікпей уәде беріп, ойлан­бастан уәде жұтқыштық көбейді. «Уәде – Құдай сөзі» болса, бұл өсем деген өркениетті қоғамға жаман дерт, қатерлі құбылыс. Кей азғындықтарды көріп, жағамызды ұстаймыз-ау, бірақ соның терең себебін парықтауға жоқпыз. Әл-ауқат жақсарып қалды, бірақ мораль­дық ахуал тым сорақы жағдайға  жетті. Бай-бақуатты елдегі бір жаман кедейлік осы... Бұл қоғамымыз үшін Арал жайынан да ауқымдырақ, тым  қордалы  мәселе.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көптің көкейіндегі осындай мәселелерді түбегейлі көтеріп отыр. Әдеттегі науқа­ншылдыққа ұрындырмай, халық­тың мұратты ісіне айналдыра алсақ  жарады.

- Екі жыл бұрын жүздескенімізде «Абыржы»  романының соңғы томымен  жұмыс істеп отыр едіңіз. Екі кітабы­ жарық­қа  шыққан  трилогияның соңғы­сын  әлі  көре  алмай  жүрміз?

- Романның алғашқы екі кітабы шықты.  Рас, терең философияға беріліп, тым күрделі қатпарлармен жазылғандықтан ба, оларды халықтың қабылдауы қиынға соққандай. Алдыңа қандай биік мақсаттар қойсаң да, халық факторын ескеру керек екені сөзсіз... Үшінші, яғни соңғы кітап біткелі қашан!.. Роман-трилогияның «соңғы түйесі» бол­ған соң ба, көп күш-жігер мен уақыт кетті оған. Жарыққа шығуына қаржылай мүмкіндіктер қолбайлау болып, жылдар бойы оқырман­ға толымды кітап түрінде жете алмай жатқан жайы бар... Қайтеміз енді, мына қоғамымыздағы жазушылықтың кей тағдыры осындай...

- Рамазан айында қадірлі уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге алғыс айтамыз! Деніңізге  саулық  тілейміз.

Сұхбаттасқан

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ЖОЛАҚЫ: НЕ БҮК, НЕ ШІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
22.06.2017 11:06

Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын  шешім  керек

«Мына бір дүние арзандады» деген ақпаратты естімегілі қай заман?! Азық-түлік пен жанар-жағармайдың бағасы бетбақтырмайды. Ендігі кезекте не қымбаттауы мүмкін? Саспаңыз. Жұрт қызметін жиі тұтынатын қоғамдық көліктердің жолақысы 70 теңгеден 100 теңгеге бір-ақ «секіруі» ғажап емес. Қазір қит етсе жолақы құны құбылатын болды. Белгіленген тариф бойынша бір адамның екінші аялдамаға жету құны 232 теңге екен. Бұл туралы өткен аптада жауаптылардың қатысуымен болған баспасөз брифингінде айтылған еді. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС жолақы құнын көтеруге жергілікті әкімдікке ұсыныс тастаған-ды. Содан апта айналып келсе де, осы мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевша айтсақ, тұрғындардың барлығында жеке автокөлік жоқ. Қоғамдық көлікті көп күтеді. Олар жұмысына, үйіне кешікпеуі тиіс. Сондықтан бұл тақырыптың тым көп талқылануы заңдылық.

Тұрғындардың  титығына тиетіні, былтыр ғана жолақы қымбаттаған. Сол кезде жауапт­ылар уәдесін үйіп төкті. Бағаға қызмет көрсету сапасы сәйкес болады деп сендірді бізді. Осы баға ұзақ уақыт сақталады деді. Алайда мұның барлығы көрген түстей лезде жоқ болды. Қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Автокөліктің іші көк шаң, газ бен бензин­нің иісі мұрныңды жарады. Тіпті, кейбір жеке қоғамдық көлік иелері сыйымдылығын көбейту үшін орындықтарын алып тастаған. Бақы­лаушылар қайда қарап отыр? Сапа дегені осы ма? Құр уәде құтыңды  қашырады. Былтыр  44, жыл басынан  бері  37 кондукторға өз жұмысын дұрыс атқармағаны үшін тиісті шаралар көрілген. Десе де, баяғы жартас, сол жартас. «ҚР 2014 жылғы №235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 623-бабы 9-тармағына сәйкес, жолаушыларды билетсіз тасымалдағаны үшін автобус кондук­торларына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып­пұл салынады»,- делінген заңнамада. Шынтуайтына келгенде, билет ұсынатын кондукторлар тым аз. Тек бақылаушылар автобусқа мінген жағдайда көрсетілген талапты орындайтыны жасырын емес. Жеке қоғамдық көлікте билет берілмейді де. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қарамағында 860 автокөлік бар. Осыншама қоғамдық көлікті 7 ревизор ғана бақылауда ұстайды. Бұл дегеніңіз – есепке де, еш логик­аға да сыймайтын дүние. Егер заңнама толық іске асатын болса, біраз қоғамдық көлік кассирсіз қалатын секілді. Бұл – бір.

Екіншіден, желмен жа­рысатын жүргізуші, қатқыл жауап қататын кондуктор. Мұны көзбен көру керек. Әйтпесе, біз айтқан әңгіме ертегідей елестеуі мүмкін. Жүргізушінің бір қолы рульде, бір қолы телефонда. Жылдамдық сұмдық. Көлік ішінде адам барын аңдамайды-ау деймін. Әсіресе таңертеңгі уақытта шағын авто­бустар аузы-мұрнына шығып толады. Осы әрекеттері үшін талай жолаушыдан сөз естіп те жатады. Дегенмен тыйылып жатқан олар жоқ. Жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тір­ке­ліп, салдарынан 4 адам жара­қат алған. Аталған мә­селені тарқата берсек, таусылмайды. Басылымның бір санына сыймас сірә?!

Бүгінде «Қызылорда» авто­бус паркінде» 112 дана жаңа автобус, 750 қоғамдық көлік иесі жеке кәсіпкер ретінде­ тіркелген. Бағаның құбылуын түсіндерген басшылық біраз мәліметтің бетін ашып берді. Оларды да түсінуге  болады. Егер мұның барлығы шын ақпарат болса...­

– Соңғы уақытта жанар-жағармай, газ, қосалқы бөлшектердің бағасы қымбаттап кетті. Сонымен қатар қарамағымызда 450 қызметкер бар. Олардың айлық жал­ақысы, жаңа автобустардың несиесі, т.б. Мұның барлығы қаржылық қиындық­тарға әкеліп соғуда, - дейді «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС басшысының орын­басары Қанат Рахметов.

«Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады» дегендей, жолақының «жыры» жұрттың наразылығын тудырғаны рас. Жаңадан әкелген 112 авто­бустың рақатынан гөрі, маша­қаты көбейіп кеткен тәрізді. Ал автобус паркінің басшылығы мұндай қадамға амалсыздан барғандығын айтып ақталуда. Олардың айтуынша, қытайлық автобустың автодоңғалағы  60 мың теңгеден 87 мың теңгеге, аккумулятор 40 мыңнан 54 мың теңгеге өскен. Жалпы алғанда, қосалқы бөл­шектер бір жылдың  ішінде 37 пайызға қымбаттаған. Жиі  тұтынатын газ  бұрын 50 теңгеден болса, қазір 58 теңгеден сатылуда. Мұның барлығы қалтаға салма­қ түсіретіні сөзсіз. Бағаның өсуіне тағы бір себеп бар. Жаңа автобустарды қытайлық «Xinjiang Sanbao Industry Group Go. Ltd» компаниясынан алған. Екі жақты­ келісім барысында, жаңа автобустардан ақау шыққан  жағдайда, аталмыш компания өз есебінен жөн­деп беруге уағдаласқан. Алайда  бұзылған автобустарды қы­тайлық компания жөндеуден бас тартқан. Тіпті, көлік­тер­ді өздеріңіз дұрыс пайдаланбағансыздар деп, автобус паркін кінәлаған да көріне­ді. Бүгінде се­рікт­естіктің алаңында мақтаулы көлік­тердің 14-і қаңтарылып тұр. Қанат Рахметовтың айтуынша, мамандар қазіргі  таңда  осы мәселемен айналысып  жатыр.

– Халық наразы болатындай реті бар. Бірақ амал жоқ. Қымбаттатып жатыр. Рас, жаңа автобустардың тежег­іші тез істен шығады. Олардың қосалқы бөлшектері арзан тұрмайды. Дегенмен жолақының 100 теңге болуы халыққа обал,- дейді аты-жөнін айтудан бас тарт­қ­ан қоғамдық көлік жүргізу­шісі.

«Қызылорда» автобус паркіне» күніне 2,5-3 млн теңге пайда түседі. Автобустар газ-метан отынын тұтынады. Ал парк басшылығы «бағаны негізсіз өсірмей­міз»,- деп қайталауда. Қалай болғанда да қарашаның қамы үшін деп әкелінген қытайлық автобус бұқараның бас ауыртар мәселесіне айналды. Әзірге бұл ұсыныс ретінде қабылданып отыр. Мұның шешімін арнайы құрылған комиссия мен халық сайлаған қалаулылар шығармақ.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ


 

 

Желідегі жазбадан

Гүлбан  МҰҚАЖАН:

– Сапасы ешқашан ба­ғасына сәйкес болмайды. Бағаны қымбаттатар кезде үнемі сол уәжді алға тартады. Кейбір автобустарды ауыстыруы мүмкін. Қызмет көрсету сапасы өзгергенін  көргенім жоқ.

 

Римма  КӘРІБАЕВА:

– Қызылордада қоғамдық көліктерде ешқандай жағдай жасалмаған. Мысалы, 4-ші бағыттағы марш­рутқа мінсеңіз, секiрген кезде орындығымен қоса жерге кұлайсыз. Сөйтіп отырып 70 теңге. Ендi одан да көтерсе қайдам?! Халық жаяу жүреді немесе велосипед сатып­  алатын шығар.

 

Жадыра  МЫРЗАЛИЕВА:

–Бірден  таксидің  кұ­нын қойсын 300-500 теңге қылып.

 


КЕБІСІҢ алтын болса да, КЕБІНІҢ болмас жібектен... PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
22.06.2017 11:02

Біздегі  бай-бағландардың қай ерлігін айтып мақтанасың? Жоқ емес, бар. Бар болғанда да сирек. Олардың қа­тарына төрде отырған кейбір төрелерді де қосуға болатын шығар. Көңілі  кең  болмаса да, “жемсауы” резеңке сияқты. Жегенде де биені бүгімен, түйені түгімен жұта ма дерсің. 6 құрлығыңды 4 мұхитымен қосып жұта салуға даяр. Былай­ қарасаң, істері бір-біріне ғана үлгі. Өйтіп ұсталыпты, бүйтіп ұсталыпты. Естігенде мырс  етіп күлесің.

- Еее,  кім  ұсталмай  жатыр­ дейсің?

- Иә, балық басынан...

- Бірақ, ол таза сияқты.

- Өй, олар алмайтын адам сияқты көріне береді.

- Сонда да “подставить” етіп жіберді-ау біреу.

- Жақпайтын бірнәрсе істеген шығар.

Күнделікті өмірде кездесетін диалог, бұл. Ақкөңіл­дігіміз  соншалықты қылмыскерді ақтап алғымыз келіп тұрады ғой, шіркін! Тұтқын­далып, темір торды тұрақ еткен­  басшылардың  соңынан орынбасарлары да баруға бекініп отырады-мыс. Ол да дұрыс шығар. Өйткені орынбасар қай кезде де басшысының орнын басуы керек емес пе? Жә, таусылмайық. “Мал мен дәулеттің соңынан қуып мына жалғаннан сен де өтесің, мен де өтемін” деп, бір жанашыр ағамыздың айтқаны бар еді. Қамшының сабындай ғана бес күндік өмірде мамандығың емес адамдығың, керексіз күшің емес есепсіз ісің ғана ел есінде қалмақ.

Байлық не істетпейді? Кері­сінше, бай ойына келгенін істейді. Көзін шел ба­сып­, ақшасына ақша қос­қысы келеді де тұрады. Қара халықтан дараланады, өз ойларынша солай. Жегені басқа демесең, алтын унитазға отырсаң да, қаңылтыр унитазға отырсаң да, бәрібір түсетіні бір емес пе? Оны ойлайтын ми жоқ. Құр мақтан, құр тыраштану.

Ақтамберді жыраудың толғ­ауында “Жағасы алтын, жеңі жез” дейтұғын тіркес кездеседі. Ол мұны сол күнге жетсек деген арман-тілекпен айтқан болуы керек. Шүкір, ит басына іркіт төгілген заман­да өмір сүрудеміз. Көп көрмесін, бірақ адамдар да шектен шықпаулары керек сынды. Аузыңдағы тісің алтын­  болғанымен, аузыңнан алтындай сөздер шыға бермейді ғой. Қысқасы, кебісің алтын болса да, кебінің жібектен болмайды. Көріңді қы­зылды-жасылды ету қолыңнан келсе де, өлімді кері қайтара алмайсың. Жиған-тергеніңді көрге құшақтап кетпесің де анық. Жоққа сабыр, барға қанағат етейік! Рамазан айы ғой деп уақытша емес, барынша қайырымды болайық!

Рыскелді   ЖАХМАН

 


Пәтер ұрлығы өршіп тұр PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
22.06.2017 10:56

Өткен аптада облыстық прокуратура және «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникация қызме­тімен бірлесіп, үйлестіру кеңесінің мәжілісін өт­кізді. Онда облыс прокуроры Х.Дәуешов өңір­дегі ұрлық қылмыстарымен күрес туралы айтып, дәйекті деректерга тоқталды. Оның айтуынша, осы жылдың наурыз айын­да ұрлықпен күрес жағдайы өкілетті мемлекеттік органдар мен кә­сіпкерлік палатасы басшыларының  қатысуымен облысық прокуратураның алқа отырысында қаралып, бағыт-бағдар берілген.

Бірақ бұл әлі де болса жекеменшіктегі нысандарды  бейнекамералар және дабыл жүйе­сімен қамтамасыз етуге жеке кәсіптік субъектілер мен сақтық шараларын  қолдану сын көтермейтін жағдайда қалып отыр. Оның бір дәлелі қалада орналасқан 1063 сауда орындарының тек 149-ы немесе небәрі 14 пайызы ғана бейне­бақылау камераларымен жабдықтал­ған. Нәтиже­сінде бей­некамерамен жабдық­талмаған  232 дү­кеннен 21 миллионнан астам сомад­ағы мүліктер ұр­ланған. Сондықтан осындай­ қылмыстардың алдын­ алуға «Қазақтелеком» АҚ-мен «Облачный видеонаблюдение» жо­басы басталды. «Бұл шараның жаңа қылмыстық құқықбұзушылықтың алды­н алуға және жедел түрде ашуға үлкен сеп­ті­гін тигізетіні сөз­сіз» деді облыс прокуроры.

Шара барысында облыстық ІІД-ның ЖПҚ-ның басты­ғы Бауыржан Ибраев айтып  өт­кен­дей, 2017 жылдың 5 айында облыс көлемінде өткен жылдың ақпанымен салыстыр­ғанда мал ұрлығы 24 па­йыз­ға, ұялы телефон ұр­лығы 4,8 пайызға тө­мен­деген. Есесіне пәтер тонаудың «науқаны» жү­ріп жатыр ма дерсіз. Пәтер ұрлықтары 13,6 пайызға, ал қалта ұрлығы  3  есеге  өскен.

- Облыс көлемінде орын алған  ұрлық қылмыста­рының 66 пайызы, оның ішінде пәтер ұрлықтарының 73 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Тір­келген 567 пәтер ұрлықтарына жасалған тек­серу  нәтижесінде  оның 25 пайызы көпқабатты үйлерде, 74 пайызы жеке секторларда орын алған болса, оның 114-і күндізгі, 453-і түнгі уақыттарда жасалған. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, облыс орталығында орналасқан 705 көпқабатты үйлердің  3095 подъезі  ғана (34 пайызы), яғни 1064  кодты  құлыптармен жабдық­талған  болса, бар болған­ы 1017 үй күзетке алынған. Оның ішінде жеке күзетпен – 633, ал орталықтандырылған бақыл­ау торабымен  384 пәтер ғана күзетіледі. Пәтер ұрлықтарының алдын алу бағытында учаскелік полиция  инспекторлары  өздеріне бекі­тілген әкімшілік аймақтарда  тұрғындармен  кез­де­су өткізу барысында ұрлық қылмыстарының алдын­  алуда  бейнебақылау  камераларының  тиім­ділігі түсіндірілуде, - дейді Бауыржан Ибраев.

Осындай қылмыс­тардың алдын алу және олармен күресу үшін облыс бойынша «Ұрлыққа тосқауыл» бағдарламасы жүргізілу үстінде. Бағ­дарлама аясында департаментте жедел кеңес ұйымдастырылып, мәселенің мәні кеңінен тал­қыланған. Кеңесте бейнебақылау камераларын орнату мәселелері пысықталып, 2018 жылы орнат­ылу  жоспарланған 300 дана бейнекаме­ралардың қойылатын орындары бекітілген. Қазіргі күні «Қазақтелеком» АҚ және «Энер­госервис» ЖШС-нің техни­калық шарттарын алу үшін хаттары жол­данып, бейнекамералар орнатылатын террорис­тік тұрғыдағы осал объектілердің және қала аумағына жаңадан салынып жатқан нысандар мен шағын мөлтек аудандардың  тізімі  жасалынуда.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


Сынақ басталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.06.2017 10:53

Биыл, міне, мектеп бітіруші түлектер 14-ші рет тестілеу тапсырып жатыр. Бірақ, бұрынғыдан өзгерек­, жаңа форматта. Жыл бойы «жыр» болған бұл тестілеудің «сыры» неде? Алдыңғы сынақтан қандай айырмашылығы бар? Тағы бір естеріңізге салайық. Түлектер тестілеуді Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы мен таңдау пәні негізінде 2 бейінді пәннен тапсырады.­ Максималды балл – 140. Ал сынақ тапсырушылардың алғашқы күндегі аяқ алысы қандай?

Биыл республика көлемінде 131 377 оқушы мектеп бітірсе, оның 71 пайызы, яғни 92 827-сі тестілеуге қатысады. ҰБТ-ға ниет білдіргендердің 69 209-ы қазақ тілінде, ал 23 618-і орыс тілінде тапсырады. Тестілеу 165 тапсыру пунктінің 1431 аудиториясында өткізіледі. Жылдағы дәстүрімен, бұл аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторлармен, ҰБТ барыс­ын бақылау және жазу бейнекамераларымен жабдықталған. Ал ата-аналар үшін 108 пункттегі тестілеу барысы мониторға шығарылып, көрсетіледі. Тіпті, білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары оқу орындарының, колледждердің оқытушылары тестілеудің өту барысын жіті бақылауында ұстайтын болады. Мұның барлығы, әрине, тестілеудің әділ әрі талапқа сай өтуіне жағдай жасар­ы хақ. Бірақ, сынақтың алғашқы күні-ақ ұйымдастыру  ісінен  шикілік  анық байқалған.

– ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша алғашқы лек сынақтан өтіп үлгерді. Алғашқылардың бірі болып мен де тест тапсырдым. Ойдағыдай болды. Десек те, үлкен сынақтың тәртіптілігі мен кезекшілердің мұқияттылығына көңіл толмады. Себебі, ғимарат алдына жиналып, ішке беттегендегі алғашқы тексер­ім – металл іздегіш құралдың қызметі күмән туғызды. Менімен қатар ұялы телефонмен кірген түлектердің қалтафонына аппарат бел­гі бермеді. Екіншіден, 100-ден аса сыналушыға бар-жоғы екі кезекші. Ал мемлекеттік маңызы бар сынаққа бұлай жүрдім-бардым қарау жөн емес секілді. Өйткені, шпаргалка немесе телефонның көмегімен балл жинағ­ан түлектер өзге талапкерлердің жолын бөгейді емес пе? Тест құрамы 70 пайыз­ға өзгерген. Бірақ  теорияны толық меңгерген бала­ға аса қиындық туғыза қоймайды, - дейді сынақ тапсырушы талапк­ер (аты-жөнін жария­ламауды  өтінді).

Айтқандай, біздің облыста сынақтың алғашқы күнінде Қызылорда қаласында, Қармақшы және Жаңақорған аудандарындағы жалпы 4 тестілеу пунктте­рінде тестілеу  өтті.  Алғашқы  күні тесті­леу­ге қатысуға өтініш біл­дірген 4194 оқушының 1603-і сынақ тапсырды. Тестілеудің бі­рінші күні сынақ нәтижесі бойынша орташа балл – 80,7 па­йызд­ы  құра­ды. Ал ең жоғар­ғы  136 балды Қармақ­шы ауда­нын­да­ғы №250 мектеп-лицей­дің  түлегі  Дәурен  Отарбай   жинады. Әзірге төмен емес. Ал Сыр өңірін­дегі  сы­нақ  бүгін аяқ­талады. Оқу­шылардың 11 жылдық  бі­лі­мі  таразылан­ған тесті­леуден  кім­нің топ жарып, кім­нің қа­лыс қал­ғанын алдағы  уақытта  біле­тін  боламыз.

Қ.ЖАҚСЫЛЫҚ

 


Ұлағатты ұстаздарыммен мақтанамын PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
22.06.2017 10:49

Ғажабы мол ғаламдағы, әсемдігі мол әлемдегі әрбір адам, әрбір пенде ата-анасымен қоса ұстазына да қарыздар. А.Македонский Аристотель хақында: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, себебі әкем өмір берсе, ұстазым сол өмірді қалай сүру керектігі туралы білім берді» деген екен. Мен де ұстаздарымның үлгі-өнегесін, тәлім-тәрбиесін, ол кісілерден көрген-білгенімді, жиған-тергенімді ғұмырлық өлшемдерге теңеп, мақтанамын. Сол кісілердің адамдық келбеті мен ұстаздық бейнесін үлгі етемін. “Гүлжайна жақсы ұстаздың алдын көрсін” деп Алла тағаланың өзі сый еткенде­й, адамшылығы жоғары жандардан білім мен тәрбиені қатар сіңірген әрі өмірлік тәлімгерлерден жолы болған адаммын.

Уақыт  өтіп,  жылдар  жылжыса да, өзгермейтін, ұмытылмайтын, ескірмейтін дүниелердің бірі – ардақты апайларымның жақсылығы. Сол себепті шынайы ықылас-ниетіммен, бар көңіліммен “ұстаздарым” деп айтамын. Өздерінің болмыс-бітімі қарапайым, көз тойып, көңіл қуанады. Ал жасаған істерін «ұлы» деп санаймын. Олар ешбір іс-әрекетін атақ үшін не марапат, алғыс үшін жаса­майды. Сөздерінен не ісінен өктем­дік, яки міндет ету сезілмейді. Олар өз ар-абыройына лайық қызмет қылуды мақсат етеді. Олар адамға білім беріп, адалдыққа  тәрбиелеуді көздей­ді. Олар ғылымды құр­меттеп, тазалығы мен сафтығын сақтау­  қажет­тігін тереңн­ен түсі­неді. Бүгінгі лебізіме арқау еткен Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік уни­верситеті­нің оқытушылары Күлдірсін Сарышева, Гүл­мира Баялиева, Жанар Исаева апайларымның адалдығы мен тереңдігі, пайым-парасаты, болмысы, әрбір пікірі мен үшін қашан да қымбат. «Мұғалімнің жас, кәрісі бол­майды, алдыңа келген мұғалім ол сенен әлдеқайда білімді, сондықтан сен оны сыйлауға мін­деттісің» деп үйренген едік мектептегі тәрбиеден, сол үрдісіміз бойынша жо­ғары білім берген барлық мүғалімдердің көмегін жоққа шығармаймын.

«Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді,

Керемет мұғалім көрсетеді.

Ұлы мұғалім шабыттандырады» демекші, есімі жүректің төрінен орын алған жо­ғарыда есімі аталған ұстаз­дарым түсіндірді де, көрсетті де, шабыттандырды  да.

Отбасы құндылығының құрылымды қағидаларына бойлаған ұстаз университет қабырғасына барған әр шәкірттің тағдырына, талабына бейжай қарай алмайды. Білім іздеген жас талапкер, талап тұл­парын мінген өскелең ұрпақ, бола­шақтың тұтқасын  ұстар сенімді өрен деп барынша барымен бө­лісіп, «өмір­лік үлесін алып, орнын тапсын» деп тілейді.

«Жалған сөз адамзатқа болды оңай» дейді даналар, мен сол үшін артық сөй­леп, не сөзім жағымпаздық боп көрінер-ау деп, көп ретте сезі­мімді іште сақтай­мын. Әйтпесе сол кез­дерде-ақ ұстаздарымның алдында  сөйлегеніне  тамсанып, парасаты мен пайым­дауларына сүйсі­ніп, биік білімі мен байыпты болмысына қызығып отырушы едім. Көзбен көргенді көңілге түйіп, естігенді есте сақтап қала бердім. Жақын барып әңгіме бас­тауға ұяла­тынмын. Өйткені біздер үшін  олар жоғары, сыйлы­, қадір-қасиетін жоғалтпаған тұлғалар  еді. Бүгінде  жоғары  оқу орнын  бітір­геніме  тура 2 жыл. Ал  апайлардың  асыл  сөзі, жайдары жүзінен бізден  кейінгі буын  қуат  алып,  өз  игі  жалғасын   табуда.

Ұстаздарымның жетістікке жетіп, еңбектері бағаланып, акаде­мик атанғандарын естіп қуанып, құттықтауға бел будым. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, біз барда сіздер туралы бір ауыз сөз жазылмаса, шәкірт­тігімізге сын деп біле­мін. Адал еңбектің жемісін жеп, білім бақшас­ында жас­тарды баулып жүр­ген, байсалдылық бойына дарыға­н құр­метті апайларым, ғылымдағы жаңа мәртебелеріңіз құтты-берек­елі  болсын! Ізгі істердің, игі бастамалардың жолынд­а сіздермен жолықсақ деген­ ақ үміт бар. Санамызға сәуле­ құйып, сағымызды сындырмай сенім артқандарыңызды, кә­сі­билік пен тұлғалық феном­ені бола алғандарыңызды бағалаймын. Халықтың бала­сына оқу-білім беріп, ағартумен айна­лысқан әр күндеріңіздің, әрбір сөздеріңіздің сауабы еселен­е берсін! Алдыңғы жақсы­ артқы жасқа үлгі болған осына­у мамыражай заманнан келер  күннің белестеріне сіз­дер секілді ұлағатты ұстаздардың есімдері жетет­ініне, сәуле­лі шамшырақтың  жарығы  ұзақ  жерге  тарай­тынына  кәміл сенем­ін.

Гүлжайна   МҰХАШЕВА

 


Ана тағылымы PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
22.06.2017 10:44

«Таудан тірегі бардың тастан жүрегі бар». Расында адамның арқасүйері, панам деп сенім артар қорғаны болса, кез келген қиындықты жеңіп, тағдырдың қатал сындарынан сү­рінбей өтеді. Біздің бар бақытымыз, жақұтымыз, «аман бол» деп тілейтін тірегіміз, ол – отбасымыз. Оның алтын діңгегі әкеміз бен анамыз болатын. Қара шаңырақтың шамын сөндірмей, құтын қашырмай, ұрпағына тәлім-тәрбие беруде жаңылыс қадам баспаған отбасымыздың ұйытқысы анамыз әкемізбен бірге балаларын жетілдірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балаларын құтты орнына қанаттандырған анамыз өткен жылы мәңгілік сапарға  аттанды.

Бір жыл. Анамыздың жер қойнына кеткеніне тура бір жыл уақыт өтсе де, айтқан жылы сөзі құлақта қалып, аялы алақанының лебі әлі күнге дейін есіп тұратындай. Шексіз қамқорлығы мен риясыз махаббатының орнын ешкім баса алмайды. Әрбір баланың өмірден өз жолын табуына ата-анасының ептеп, көптеп көмектесетіні, жол көрсететіні белгілі. Осы ретте біздің ардақтыларымыздың да еңбегі орасан. Олардың дауыл боп соққан тағдырдың теперіштеріне қасқайып қарсы тұрып, жеңе білуі – бізге үлгі-өнеге. Анамыз әкеміз екеуі отау құрып, отбасы болғаннан бері басқа түскен барлық ауыртпашылыққа мойымай, біздің жетіл­уіміз үшін барын салды.

Анамыз Қарлыға Ділімбетова­  көпке сыйлы, кішіге ізеттілігімен үлгілі болды. Үйдегі үлкен қарт әжемізді бағып, батасын алды. Қонақ келсе шайды кесе­сімен емес, ең алдымен көңі­лі­мен ұсынатын жайдары жан еді. Отбасын басты байлығым деп білген анамыз үлкен әулеттің ауызбіршілігін сақтай білді. Екі қыз, үш ұлды қатардан қалдырмай, ел азаматына айналдыру үшін тынбай еңбек етті.

Аяулы жар, ардақты ана атан­ған Қарлыға анамыз бос отырып, артық сөзге әуес болуды құп көрмейтін. Еңбек жолын ең алғаш 1960 жылы Сырдария ауданының мәдениет бөлімінде тауартанушы болудан бастады. Кейіннен аудандық бөлімдерде аға инспектор, кітапхана меңгерушісі болды. Сөйтіп жүріп 1966 жылы Қы­зыл­орданың Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титу­тына оқуға түсіп, 1972 жылы жоға­ры оқу орнын математика мама­ндығы бойынша тамамдап шықты. Содан бергі ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Сан жылғы еңбегінің нәтижесінде білім саласының дамуына өз үлесін қосқан білікті маманның қатарында болды.

Бізді білімге ынтық, оқуға жүйрік болуға үндеді. Барлығымыз да сабақты жақсы оқып, ата-анамызды жерге қаратпауға тырысатынбыз. Анамыздың туған­ ағасы Қареке Ділімбетов Сыр өңірі ғылымының дамуына сүбелі үлесін қосқан қайраткер, белгілі профессор болатын. Сол текпен келген білім­паздық, оқуға деген құштарлық анамыздың да басты ұстанымы еді. Бізді де білімді болуға баулып, «Білімдіге дүние жарық» деген мақалмен тәрбиеледі. Дас­тарқан үстінде де, серуенге шықсақ та санамызда қалған естелік сол – заманнан қалмай, талапты болуға ұмтылу. Анамыздың тілін алғаннан жаман болған жоқпыз. Барлығымыз да бүгінде бір-бір мамандықтың иесіміз. Отбасындағы екі бала да  бүгінде педагогтар сапындамыз.

Әке-шешемізден өрбіген 5 ба­ладан 20 шақты немере,  3 шө­бе­ре бар. Олар да әжелерінің асыл адам болғанын білу керек деп ойлаймыз. Өйткені өткен­ді білмейінше, келешектен үміт күтпе дейді. Өздерінің бар кезде тасымайтын, жоқ кезде жасымайтын рухы мықты, сүйегі асыл жанның ұрпағы екенін білу оларды да жігерлендірері хақ. Әлпештеп баққан анадан асыл жан бар ма?! Бақұл болса да, жанымыз, ойымыз, жүрегі­міз анамызбен бірге. Адам ұрпағымен мың жасайды дейді, дәл сол тәмсіл тағылымы мол анамның еншісіне бұйырсын деп тілек білдіремін.

Хадиша  БЕКМҰРАТОВА,

Шаумұқан  БЕКМҰРАТОВ

 


Иесіне жетпеген хат PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
22.06.2017 10:39

Жанымның жарасын жырыммен емдегенім­мен, жазмышқа  жалтара қарауды­ сол сәттен бастап іске алғысыз еттім. Мен өршілдікті, батылдықты соңғы бір-екі айдың ішінде тез-ақ үйреніп алдым­. Сенің арқаңда!

Аз уақытта көп нәрсені үйреткенің үшін алғысым зор. Басқа не дейін... Соңғы екі жылда екеумізге ғана тән әлемде көп оқиғалар болды. Қуандық, күйіндік. Көз жасымның сен білгеннен білмеген тамшылары көп еді. Сен жұбатып әлексің, мен мойынсұнбай әлекпін. Сен ақталып әлексің, мен өз ойымды сенің ойың деп әлекпін...

Еһ, шырғалаң ғұмырым!.. Риясыз көңі­лім, рухани халімді сенің ортаң түсінбеу­ші еді. Әсте түсіндіруге талпынбаушы да едім. Себебі, білу керегін білмей, білсе де білмегенсіп жүргендерге асыл сөзде­рімді жетімсіреткім келмейді. Ғұмырымыздың машақатын молайтуға үлес­терін аямаған сенің жанашырларыңа да рақметтен басқа­ айтарым жоқ. Екеуміздің арнамыз екіге бөлінгендігін, мені сенен, сені менен­ де жақсы адамдарға сақтағаны шығар деп ұқтым.

Сен жақсы адамсың! Бірақ неге екені белгісіз, маған онша байқала қоймады. Жалғандық, көлгірсу деген дүниелердің ұзаққа бармайтыны секілді, сенің де жасағ­ан жақсылықтарыңның өлшемі екі жылдың аясынан шыға алмағаны өкінішті. Бірақ мен үшін емес. Сені өзгелерден ерекшем деп, бөгделерден болмысымен де, жүрегімен де тым айрықшаланып тұрады деп қателескенім үшін өзіме-өзім сәл өкпеледім. Тіпті кей сәттерде «осы миыммен өткеніме оралсам ғой» деп болмасты қиялдаған сәттерім де аз болмады. Саған күнара хат жазамын. Қоңыраулатып айтқым да келеді. Бірақ сені түзетер мен емес екенімді жақсы білемін. Саған айтқым келген нәрсенің барлығын ініме астарлап, өзге нәрселерді мысалдап жеткізіп отырамын. Себебі, менің жүрегім әрбір адамның сауатты ғұмыры, өскелең ұрпақтың үлгі етерлік тұлғасы, тарихы болғанын қалайды...

НҰРЛЫҚЫЗ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2017 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары