Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 17 Шілде 2017

Қыран қалықтаған күн PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.07.2017 14:51

Сырбаз даланың қай пұшпағы да сырға толы. Қатпар-қатпар тарихына таңдай қағасың. Ал тарихты жасайтын – тұлғалар. Қазақ шежіресінде өзіндік орны бар тарихи тұлғалардың бірі – даңқты батыр әрі әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлы.

Өткен сенбіде «Сыр бойының Сардары» атанған батыр баба есімі Қазалы ауданы мен Өзбекстан мемлекеті арасындағы «Қызылқұм» шекара заставасына берілді.

Айтулы оқиғаға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, басқа да ел ағалары, аудан жұртшылығы қатысты.

Мәртебелі меймандар алдымен Жанқожа бабаның құрметіне арналған застава ішіндегі шағын мұражаймен танысты. Онда бұрынғы қазақ батырларының қару-жарақтары, ғылыми зерттеулер, сардар туралы жазылған кітаптар қойылған.

«Ол әулие болмаса неге қалған?!» дегендей бабаның әулиелік қасиеттері, киесі болғандығы жайында ел арасында түрлі аңыз бар. Сондай оқиғалардың біріне әскери бөлім ортасына орналасқан ескерткіш тақтаның шымылдығы түсірілгенде куә болдық. Ескерткіш тақтаның алдына облыс әкімі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ықылас гүлі қойылғаннан кейін аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының өзінің баспасөз хатшысына қолымен көкті нұсқап жатқанын аңғарған едік. Сөйтсек, ескерткіштің дәл төбесінде, зау биікте қос қыран айналып жүр екен. Бұдан сәл ертерек бұрын болмаған аспан патшаларының кенеттен пайда бола кеткеніне, дәл ескерткіштің үстінде ғана қалықтағанына қарап, ішімізден жақсылыққа жорыдық. Жұрт та сүйсінісін шапалақ қағуымен білдірді...

Бұдан кейінгі салтанатты шара аудан өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара шымылдығы Жанқожа батырдың өмір жолынан сыр шертетін көрініспен ашылды. Мұнан соң аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке батыр аты берілгендігі жөнінде хабарлап, бабаның батырлығына, ерлік істеріне тоқталды.

– Біз ежелден «елім» деген ерлерін, баһадүр батырлары мен билерін, даңқты дала қаһармандарын қастерлеп, ардақ тұтқан халықпыз. Бұл – төл тарихымыздан тағылым алу, ел бірлігін қамтамасыз ету, ертеңгі болашағымыз баянды болу жолындағы ұлттық құндылығымыз. Мемлекетіміздің басшысы, бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр даламызды бекер қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын – бізді қорғады» деген болатын

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – XVIII-XIX ғасырда Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күрестің қаһарман қолбасшысы. Ол оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батысында Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдастырған даңқты қолбасшы.

Кенесары ханның тұсында қоқандықтардан Созақ қамалын тартып алу жолындағы жойқын соғыстарға қатысқан. XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресей империясының қол астына енгендігі белгілі. Осының салдарынан жаңа әкімшілік жүйенің жойылуы, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы қалың бұқараның наразылығын тудырмай қоймады. Қазақ даласының әр өңірінде күрестер жүріп жатты. Сыр бойында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған көтеріліс қазақ қоғамындағы ең ірі бас көтерілулердің бірі болып тарихқа енді. Қазақ халқының азаттыққа жетуін аңсап, найзаның ұшын ғана емес, ақылдың күшін де жұмсай білген дарабоз батырымыз Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жаугершілік заманда дүниеге келіп, еліміз отарлық бұғауға шырмалған тұста дүниеден өтті. Нақтырақ айтсақ, 1853 жылы Ресей патша әскерлері Сыр бойына жетіп, Қазалы бекінісі тұрғызылды. 1856-1857 жылдары осы бекініс түбінде орыс патшасының озбырлығына қарсы Жанқожа батыр бастаған 7 мыңдай адам қатысқан көтеріліс болды. Ақтық шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Фитингоф бастаған жазалаушы әскермен Арықбалық жерінде өтті, - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Өткен ғасырлар қойнауында қазақ жұртының көрмеген азабы, шекпеген қасіреті жоқ. Отар ел болғаннан кейін империяның жасаған қиянаты тіптен зор. Соның бірі – облыс әкімі айтқан, тарихта «Арықбалық шайқасы» деген атпен қалған көтеріліс. Сол туралы да белгілі жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Мақалалар мен зерттеулер» кітабынан қысқаша дерек келтіре кетсек.

«Көтерілісшілерге қарсы генерал-майор, барон Фитингоф бастаған құрамында 300 атты казак, 320 жаяу әскер, зеңбірегі бар жазалау отряды аттанады. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқан зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмады. Жазалаушы отряд көтерілісшілерді ығыстырып, жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратты. Фитингоф бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасады» делінген. Бұл тек біздің ата-бабаларымыз көрген азапты жолдың бір парасы ғана.

Мұнан бөлек облыс әкімі:

– Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батыр. Оның аңсаған арманына Елбасы бастаған бүгінгі ұрпақ біз жеттік. Сондай-ақ, бабамыздың «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Күні-түні еліміздің, өңіріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген шекарашыларымызға бұл асқақ рух, айбат беріп, қайраттандырып, жігерлендіре түсері сөзсіз.

Жаңа өздеріңіз көрген аспанда жүрген қырандар да тегін емес. Бұны мен өзінің атын ұлықтап жатқан ұрпағына ризашылық ретінде білдірген баба белгісі ретінде қабылдаймын, - деді.

Батыр бабаның, әз әулиенің атын кейінгі ұрпағына жеткізу мақсатында 2014 жылы Қазалы ауданында «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жылы» деп жарияланғаны көпшілікке мәлім. Халық батырының 240 жылдығы республикалық дәрежеде аталынып, ұлан-асыр ас жасалынғандығы көпшіліктің көз алдында. Ал Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы алдында батырдың еңселі ескерткіші бой көтергені Сыр жұртшылығының мерейін үстем етті десек жаңылмаймыз.

Келесі кезекте сөз алған ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов:

– Бүгін біз 2019 әскери бөлімінің шекара заставасын Сыр өңірінің тумасы, қазақ халқының батыр ұлы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімімен атау құрметіне ие болып тұрмыз. Ерлік пен атағы елге жайылған, өз халқын шексіз сүйген Жанқожа батырдың аты ұрпақтар жадында мәңгі қалды. Осындай батырлардың ұрпағы ретінде шекара қызметінің әскерлері отанымыздың шебін қорғап, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгеміз, - деді.

Халық қалаулысы, ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Смағұл болса, өзінің қорымы жатқан шекара маңындағы заставаға баба атының берілуі өте құптарлық, қуантарлық жайт екендігін айтып, жүрекжарды жырын оқыды.

Мұнан соң, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баба есімін иеленген заставаға Жанқожа батырдың суреті тоқылған кілем, музыкалық аппаратура, теледидар, саз аспаптарын сыйға тартты. Депутат Бақытбек Смағұл баба жайлы жазылған зерттеу кітаптарды сыйлап, әрбір келген шекарашы оқуы, баба туралы біліп жүруі керектігін айтты.

Есет ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы.

 


Мөлдір Жаңбырбай үшінші мәрте Азия чемпионы атанды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.07.2017 14:10

Астана қаласында каратэ-додан өткен 14-ші Азия чемпионатында жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай алтын жүлдені иеленді.

Әлемнің 28 мемлекетінен мыңнан аса спортшы қатысқан бұл дүбірлі додада Мөлдір қазақ елінің туын көкте желбіретіп, әнұранын шырқатты.

50 келіге дейінгі салмақта жастар арасында өнер көрсеткен спортшымыз жарыс барысында үш кездесу өткізіп, финалда Иран спортшысын 5:2 есебімен жеңді.

Айта кетейік, Мөлдір 2012, 2013 жылдары қатарынан екі мәрте Азия чемпионы, үш мәрте күміс жүлдегері атанған болатын. 2015 жылғы жастар және 2016 жылғы ересектер арасындағы Әлем чемпионы.

Оның алдағы жоспары - үстіміздегі жылдың қазан айында Испанияның Тенерифе қаласында өтетін Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну.

Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыны жарысқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рүстем Әбжәмиев дайындады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі

 


Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары