Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 1713 |
![]() | Кеше | 2601 |
![]() | Осы аптада | 15984 |
![]() | Өткен аптада | 18090 |
![]() | Осы айда | 18414 |
![]() | Өткен айда | 58946 |
![]() | Бәрі | 4199504 |
-
05.12.19
Толығырақ...
«Құмкөл-Қызылорда» автожолының 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт алған «Neoplan» маркалы автобус аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырғаны анық.
... -
05.12.19
Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетістік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабарға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...
- 05.12.19
Толығырақ...Ерғали АБДУЛЛА
Қу ақша
Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...
- 05.12.19
Толығырақ...Арнайы бетіміздің тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен сұхбаттасудың сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәтижесінде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, болмысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...
- 05.12.19
Толығырақ...Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымша, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...
- 05.12.19
ТЕҢГЕНІ ДОЛЛАРДАН ҚҰТҚАРА АЛАМЫЗ БА? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
20.07.2017 11:57 |
- Долларсыздандыру бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл тұрғыда заңнаманы өзгерту, нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар енгізу, қаржылық сауаттылық және басқа да қадамдар қамтылады. Осы жұмыстар іскерлік тәжірибеге байланысты. Кем дегенде 3-5 жылда жүзеге асырылатын шаралар. Барша әлемде қолма-қол ақша операцияларымен күрес жүріп жатыр. Мәселен, бізде қолма-қол ақшамен жүргізілетін төлемдердің деңгейі 93 пайызды құраса, кейбір еуропалық елдерде қолма-қол ақшамен емес төлемдер 90 пайыздан асқан, - деп Қ.Келімбетов анығын айтқан-ды. Теңге мен рубльдің мысын басып тұрған АҚШ-тың долларынан неге сонша қашқақтайтынымызды білесіз бе? Өйткені қазіргі күні әлемде ақшамен жұмыс жасаудың жаңа мәдениетіне көшу үрдісі жүріп жатыр. Ал біздегі теңгені доллардың қыспағынан инфляция ғана құтқара алады. Ұлттық банктің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, инфляцияның жылдық деңгейі үстіміздегі жылдың маусымында 7,5%-ды құрады және ҰБ нысаналы дәлізі шеңберінде 6-8% деңгейінде сақталуда. Жыл басынан бері айтарлықтай баяулайтын және жалпы инфляциямен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде қалыптасатын баға мен базалық инфляция көрсеткіштері инфляцияның төмендеу үрдісінің маңызды белгілері болып табылады. Десек те сыртқы тауар нарықтарындағы ахуал құбылмалы сипат беріп тұр. Мұнай бағасының бір баррель үшін 50 доллардан төмен деңгейде қалыптасуы және мамыр-маусым айларында әлемдік азық-түлік нарықтарындағы баға индексінің өсуінің, негізінен, сүт өнімдері мен дәнді дақылдардың қымбаттауы салдарынан инфляцияның ауқымы жоғарылауы мүмкін. Экономиканы долларсыздандыру туралы идея да осы ойдан бастау алған. Ал халықаралық «Forex Club» компаниялар тобының сарапшысы В.Полховский: - Теңгеге сенім болмаса, экономиканы долларсыздандырғаннан түк шықпайды. Мұндай жағдайда экономикалық агенттер сенімді әрі балама валюта іздей бастайды. Өйткені кез келген экономикалық жүйеге барлық талап пен сұранысқа жауап бере алатын валюта қажет. Долларсыздандырумен күресу үшін теңгеге сенімді күшейту керек. Бұған қол жеткізудің ең сенімді тәсілі – инфляция. Экономикада инфляция деңгейі жоғары болғанда ақша маңызды рөл атқара алмайды. Сондықтан ең әуелі инфляциямен күресу керек. Қазір ұлттық банк теңгеге басымдық беріп, айналымдағы салмағын арттыру саясатына көшті. Өйткені олар мәселені осы қадам ғана шеше алатынын түсініп отыр. Егер ұлттық банк инфляцияны реттеп, төмен деңгейде ұстай алатынын көрсетсе, біртіндеп теңгеге деген сенім күшейеді, - дейді. Ақша-несие саясатын тұрақты бақылауда ұстап отырған мамандар экономиканы доллардың дендеп алғанына 2015 жылға дейін жүргізілген қаржылық саясатты кінәлайды. Олардың пікірінше, шетелдік қаржы ұйымдарынан келіп жатқан жеңіл несие біздің банктерге ойлануға, жүйелі саясат жүргізуге мүмкіндік бермеген. Салдарынан бас-аяғы он шақты жылдың ішінде біздің ел тіркеліп, жұмыс істеп жатқан банктердің саны жағынан ТМД елдерінде алғашқы үштікті еншілеген. Қаржыгерлер елдегі банктердің бір-біріне қосылып, іріленуі қаржылық жағдайдың оңалуына, ең бастысы, ішкі нарықтың долларсыздануына ықпал ететінін алға тартады. 1990-2000 жылдары валюталық заңнама қатты ырықтандырылған. Елдегі валюта айырбастау бекеттері тәулік бойы жұмыс істеген. Бүгінгі таңда тұтынушылардың санасы теңгемен есеп айырысуды толық қабылдап үлгермей жатыр. Мұны бір сәтте өзгерту мүмкін емес. 2000 жылғы қаржы дағдарысы бізге қатты әсер еткен жоқ. Өйткені ол кезде азық-түлік пен шикізат бағасы тұрақты сақталды. Мемлекет басшысының Үкімет активімен кездескенде «Бізге Ресейдегі немесе Қытай Халық Республикасындағыдай жүздеген банк қажет емес. Ішкі нарықтың талабын өтеуге 5-6 банк те жетеді» деп кесіп айтуы, сірә, қаржы нарығындағы бірігу процесінің дұрыс екенін ұқтырып тұрғандай. Соңғы кездердегі екінші деңгейлі банктердің саны қысқарып жатқандығы да жұмысты оңтайландыра түседі. Ендігі міндет – ұлттық валютаның салмағын біртіндеп арттыру. Қазақстан долларсыз экономиканың бет-бейнесі қандай болатынын біліп алды. Ел ішінде ғана емес, халықаралық сауда-саттық кезінде де теңгені айырбас құны ретінде пайдалану нақты нәтиже бере бастады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өткен аптада журналистермен жүздескен кезде долларлық активтерге салынатын салықты қысқартып, алтынға басымдық беретінімізді айтты. Бұдан аңғаратынымыз, алдағы уақытта ақша айырбастау пункттерінде алтын айырбас құны ретінде айналымға енеді. - Ірі экспорттаушылар мен импорттаушыларға доллардан бас тарту туралы сөз қозғауға әлі ерте. Долларсыздандыру саясаты кешенді түрде жүргізілуі үшін теңгенің ақша айналымындағы маңыздылығы арта түсуі тиіс. 2016 жылы долларсыздандыру ісі бастау алып, теңгемен салынған депозит көлемі, алдын ала берілген мәлімет бойынша 53,2%-ға дейін өссе, шетелдік валютадағы салымдар 10%-ға төмендеген. Сөйтіп депозитті долларсыздандыру деңгейі 2016 жылдың қаңтар айынан бері 70%-дан 56,7%-ға жеткен. Қазір экономиканы долларсыздандыру теңгемен несие беруді жеңілдету, несие саясатында теңгеге басымдық беру және экспорт-импорт операцияларын доллардан тыс валютамен жүргізу сынды қадамдармен іске асып жатыр. Егер АҚШ валютасының айналымдағы ықпалын 40%-ға дейін түсірсек, теңге мен шетелдік валютаның текетіресінде тепе-теңдік орнайды, - дейді қаржыгер Ілияс Исаев. Долларды экономикадан ығыстырған жағдайда қандай да бір валютаның қолданылуына тыйым салынбайды. Мұндағы басты мақсат – төл теңгеміздің айналымдағы бағасын арттыру. Сол арқылы экономиканы сыртқы қатерлерден сақтап, ақша саясатындағы тың өзгерістермен жаңа қадам жасау. Дамудың басты саласы саналатын тармақты доллардан тазарту үшін ұмтылып жатқан ел жалғыз біз емес. Осыған дейін теріскейдегі көршіміз де дәл осы бағытта жұмыс істеуге көшкен. Жуырда мұндай шешімді қабылдағандардың қатарына Түркия мен Үндістан да қосылды. Оған себеп болған екі ел арасында экономикалық сауда-саттық байланысы. Әзірге доллардан құтылған тек Қытай ғана. Экспорттық-импорттық операцияларды ұлттық валютада жүргізу де саланы табысты етуге бағыттайтын жол. Алайда бізде Еуразиялық экономикалық одақ деген ортақ ұйым бар, доллардан құтыламын дегенше одаққа мүше елдер ортақ валютаға бағынып қалмаса, игі. А.НҰРТАС |
КӨКТЕМЕГЕН КӨШЕТТЕР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
20.07.2017 11:53 |
Мәселен, былтырғы жылы қала күніне орай Тәуелсіздік даңғылы ашылғаны белгілі. Оның жиегін жасыл желекке айналдыру мақсатында Қырымбек Елеуұлы бірқатар тапсырмалар жүктеген. Осы аумаққа жауапты «Қызылорда су жүйесі» МКК жаңа даңғылдың бойына 4800 түп көшет отырғызған. Енді оның шығымдылығы адам шошытады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаевтың айтуынша, 4800 түптен көктегені – 48 ғана. Яғни, 1 пайыз. Бұған жауапты «Қызылорда су жүйесі» МКК-на айтылар сын орынды. Бізде сол аумақты барлап қайттық. Көрдік. Ұзына бойы шыбықтарды отырғыза беріпті. Нәр алғандары жоқтың қасы. Тіпті, көшеттерге тіл бітсе, біраз жайттың беті ашылары анық. Әрине ол мүмкін емес. Оған арнайы су келетін арық та жоқ. Бұл қалай болғаны? «Аттандап» басталған бастаманың бұлайша бөгелуіне не себеп? Әлде көгалдандыру жұмысында науқаншылдық басым ба? Тағы бір байқағанымыз, шыбықтарға көптен ешкім көңіл бөлмеген сыңайлы. Егілді деген аты болмаса, «көшеттер көгеріпті» деген ақпаратты айта алмаймыз. Ал өзге мекемелерге бекітіліп берілген аумақтар «Қызылорда су жүйесіне» қарағанда шүкіршілік етуге жарап тұр. Мысалы, Рәміздер алаңы мен Президент саябағына дейінгі аралықта егілген 5 мың түптің 90 пайызы нәр алған. Бұл жүйелі жұмыстың барлығын байқатады. Жалпы, Сыр өңірі экологиялық аймаққа жатады. Арысы Аралдан, берісі Байқоңырдан келетін залалдың зиянын айтып, қазбалаудың қажеті шамалы. Сондықтан бұл мәселені шешудің бір жолы – айналаны жасыл желекке айналдыру. Бірақ жүрдім-бардым қарайтындар жүктелген міндетке мойынсынбаса, мұның барлығы арман күйінде қала бермек. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері аймақта 200 мыңға жуық көшет егілген. Айтпақшы, 2017 жылғы 22 сәуірде облыс көлемінде «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу» акциясы өткізілген еді. Акцияға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент, инспекция және басқа да ұйым басшылары қатысып, барлығы 20500 адам күші жұмылдырылып, 59800 дана жергілікті жерге жерсіндірілген ағаш көшеттері егілді. Оны бақылауға арнайы мобильді топ құрылған. Ал ақжағалылар еккен көшеттердің қалай көктейтінін уақыт көрсетер... Сонымен қатар қала тұрғындары тағы да сарқырама немесе лотоктар салса деген ниетін білдірді. Өйткені, талдардың тіршілік нәрінсіз өсіп-өне алмайтыны белгілі... Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
ЖОЛАУШЫСЫ ЖОҚ САПАРЖАЙ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
20.07.2017 11:44 |
Автобекеттің ашылуы алдымен кейбір мәселелердің түйінін тарқататындай көрінген. Облыстың солтүстігінде орналасқан екі аудан тым алыс. Сондықтан сапаржайдағы жағдайды көріп, жолаушылар үшін сервистік қызмет оңалғандай еді. Онда күту залы, медициналық пункт, диспетчерлік, механикалық, ана мен бала бөлмелері қарастырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған автобекеттің құрылысын «Романов және К» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізгенді. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Уақыт өте келе әлгі облыс әкімі барған кездегі көріністің барлығы көрген түстей лезде жоқ болды. Бүгінде мұндағы заттар мұржайдағы экспонаттай назарда болғанымен, кәдеге аспай қалған.
Сіз не дейсіз?
Ерлан Жаңабаев, Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: – Тасымалдаушылар автобекетке барған тиімсіз дейді. Себебі халық ол жерге бармайды. Қазіргі таңда біз мұны бұқараға түсіндіріп жатырмыз. Келген тасымалдаушылары реттеп, әзірше аралық аялдама ескі базар жақтан ашылды. Автобустар сол жақтан қатынап жатыр. Алдағы уақытта солтүстік ауданға қатынайтын автобустарды жаңа сапаржайға көшіретін боламыз.
Күні кеше ғана осында барып, нендей әрекеттер жасалып жатқанын бағамдап қайттық. Сапаржайдың автотұрағында бірде-бір автобус жоқ. Жолға шығып кеткен болар деген оймен ішке ендік. Екі касса тұр. Бірі жабық, екіншісі ашық. Күту залындағы орындықтардың барлығын ықшамдап, бір бұрышқа жинап қойыпты. Жолға асыққан жолаушыны да байқамадық. Тек сапаржайдағы кассирдің дауысы ғана бос тұрған ғимараттың ішінде жан баласы бар екендігін айқындайды. Одан басқа адам көзге ілікпеді. Жолаушы кейпіне еніп, жөн сұрастық. – Жалағаш ауданына қарай автобус нешеде жүреді? - дедім мен. – Білмеймін. Мұнда автобус жүрмейді? - деді кассир. – Онда несіне жұмыс істеп тұрсыздар? Негізінде билеті қаншадан? - деп қайта сөзге тарттым. – Билеті – 300 теңге. Жолаушылар мұнда келмейді. Барлығы ескі базар жақтан мінеді. Біз тек жолаушы тасымалдайтын кәсіпкерлерге белгі қойып береміз,- деп қысқа қайырды кассада отырған қыз. Шындығын айтайық, бұл маңнан екі қоғамдық көлік өтеді. Олар – №19, 4 бағытта қатынайтын маршруттар. Сөйтіп, ескі базарға келдік. Ығы-жығы халық. Базар маңындағы автотұраққа беттедік. Қаздай тізіліп Жалағаш ауданына және іргелес ауылдарға қатынайтын автобустар тұр. – Жаңадан автобекеттің ашылғаны жақсы. Оған қанша қаржы жұмсалды? Сапаржай ашылған кезде біздің бәрімізді сонда көшірген. Кейіннен осында қайтып келдік. Себебі онда келетін жолаушылар тым аз. Жол шығынымызды да ақтамайды. Халықтың барлығы осында үйреніп қалған. Және ол жерге баратын қоғамдық көліктер некен-саяқ,- дейді Жалағаш ауданына қатынайтын автобустың жүргізушісі. Жолаушылардың да айтар пікірі осы. Сонымен қатар Қармақшы, Төретам, Қазалы, Арал ауданына баратын жолаушылар теміржол вокзалынан автобусқа мінеді. Онда күтушілер залы тұрмақ, отыратын орындық та жоқ. Былтыр ғана жарнамасы жер жарған сапаржайдың жайы бүгінде дәл осындай. Айтпақшы, ашылу салтанатында «Солтүстік» сапаржайдан Жалағаш-Аққұм бағытындағы алғашқы рейс жолға шыққан болатын. Шамасы, сол автобус алғашқы да соңғысы-ау дейміз... Қ.ЖАСАРАЛҰЛЫ |
КӨРГЕНIМ – ӨЗБЕК КИНОСЫ... АЛ, БІЗДІКІНІҢ БӘРІ ӨТІРІК |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Ой-талқы |
20.07.2017 11:31 |
Бұлар неге сонша құмартады екен деп, DVD дискiде сатылса, бiр-екi киносын өзiммен бірге ала барған компьютерге салып тамашалағым келдi. Сатылады екен. Сатылмақ түгiлi кез келген жерде қаптап тұр. Арзан. Он-он екi кино жазылған бiр дискi 4500-5000 өзбек сомының төңiрегiнде. Қазақ пұлына шаққанда айналасы 450-500-ақ теңге. Ал содан көре бастайын. Алғашында тiлiн толық түсiне алмай бiраз қиналдым. Қайта көрдiм. Қайта тамашаладым. Бiр-екi күннен соң сөзбекшені де үйреніп алдым. Ден қоя білсең, қазақшадан айырмашылығы да аз екен. Сол баяғы дүңгiршекке қайта барып, тағы қандай киноларын бар? - деп сұрадым. Сатушы қыз күледi. «Аға, бәрiмiз де осылай әсте-әсте «өзбек» болғанбыз», - деп қояды. Өнерден азды-көптi хабарым бар. Бiз көрген «Фатима мен Зухра», «Ойын», «Сүйiнiш», «Бақыт үшiн миллион», «Егiздер», «Жалғыз», «Жұлдызсыз аспан» секiлдi кинолары көрермендi, қарапайым адамгершiлiк қағидаларын қарапайым ғана көрiнiстермен жалпыға ұғынықты етiп насихаттау арқылы баурап алады екен. Абай айтпақшы, «Мұнда жоқ алтын иек, сары-ала қыз». Бәрi өзбек халқының өмiрiнен, ұлттық дәстүр-салтынан алынған кәдiмгi таныс жайттар. Сөйте тұра, ешкiмдi жалықтырмайды, тiптi тартымды дерлiктей дүниелер. Әлбетте, арзан күлкi, жасанды жылауық көрiнiстер де баршылық. Әйтсе де көрермендерiне, әсiресе, әзіл, қалжыңқұмар өзбектердiң өздерiне қатты ұнайтыны көрiнiп-ақ тұр. Бұл жердегi мақсатымыз өзбек өнерiн, өзбек киносын насихаттау емес. Айтпағымыз, әшейiнде Орта Азияның барысына айналып барамыз деп күмпілдеп күпсiнетiн бiздiң қазекең, қазақ киносы әлемдi бағындыра бастады деп, жыртылып, жарыла жаздайтын «Қазақфильм» басшылары осыған қалай қарайды екен? Шынында да осы бiздiң кино саласында солар айтқандай «Әлемдi бағындыра бастаған» қандай-қандай дүниелерiмiз бар? Олар өзбек киносы бiздiң базарларды жаулап алғанын бiле ме екен? Ақиқатын айтсақ, адам санасына кiтапқа қарағанда мәдениет пен өнердiң музыка, кино сияқты салалары тiкелей, жедел әсер ететiнi рас. Ал, құлағы өзбек музыкасын, өзбек әуезiн тыңдауға, көзi өзбек киносын тамашалауға дағдыланып кеткен оңтүстiктiң қазақтарына өзбекке бүйрегiң бұрады, өзбекше араластырып сөйлейсiңдер, дастарқандарың өзбекше жайылады деп ренжу де орынсыз. Яғни, бұл жақта өзбектiң ұлттық идеологиясының нышандары басым. Ал біз өзімізді өзіміз мақтағаннан ғана алдымызға жан салмайтынымыз және рас. Бiздiң шонжарларға, шонжарлар тұрмақ ауыл, аудан, облыс деңгейiндегi әкімдер мен солардың айналасындағы жандайшаптарға қазақтың ұлттық идеологиясынан, ұлттық педагогикасынан бүгiнгi ұрпақты ажыратып тастадық-ау, жастарымыз да, қарттарымыз да орысты ғана Құдайындай көреді десең, саған текекөздене қарайды. Ендi бiрнәрсе десең «ұлт араздығын қоздырушысың» деп ұстатып жiберуден тайынбайтыны бетiне шыға келедi. «Надан, бейшара-ай!» - дейсiң iштей. Өзбектер 25 жылдан берi қазекемшілеп өйтеміз де бүйтеміз, барыс та, қасқыр да боламыз деп күмпiлдеген жоқ, олардың киногерлерi де өз ұлты үшiн, өз ұлтының дәстүр-салтының мерейi үстем тұруы үшiн қызмет етумен келедi. Әрине, күні кеше дүниеден озған Ислам Каримовты жек көретiндер оларда да жетерлiк болды. Бiрақ, құдайшылығын айту керек, ол туралы өзбектерде «ол еуропашыл, ресейшіл, католикшiл, тілімізді өркендетпеді» деген бiрауыз сөз жоқ. Сондықтан да олар өз тілінде-ақ тәуелсiз ұлттық өнер жасап келедi. Ташкентте орыстардың өзі өзбекше сөйлейді. Бiз ше? Жер-жаһанға жар салған «Көшпендiлерiмiз» анандай болды. Сөйте тұра, «керемет жасадық, бұл фильм әлемдiк прокатқа шығатын болды» деп сақалы аппақ атақты актеріміз жарияға жар салды. Газеттiң бiрнеше нөмiрiне құлаш-құлаш мақала жазады. Тiптi, фильмнiң әнебiр тұсын пәленшекемнiң айтуымен түсiрдiк деп мақтанғанын да көрдiк. Олар сол сөзіне ұялудың орнына ұлы жұмыс бiтiргендей қанасына сыймай, әлі де тасып-төгiледi. Әрине, «Көшпендiлерге» деп бөлiнген де алынған мол ақша түгелдей алаяқтарға, кемталап режиссураның жемтiгiне айналды дегендердің сөзіне құлақ асқан жан болмады. Әрине, онда бiздiң шаруамыз да жоқ. Тек, осы фильмде «Жұлдыз туды» деген ұранды сөздi естiгенде тiксiнiп қалғаным рас. Өйткені, бұл Таураттан алынған сөз сияқты. Бүкiл фильмнен осы күнi қазақ арасындағы Ислам дiнiне, мұсылманшылыққа iрiткi салмақшы болып жүрген тәңiршiлдiк наным-сенімнің (тенгризм) иiсi аңқып тұр. Бұл – кейбiреулердiң тапсырмасымен жасалған iсi болуы да мүмкiн-ау деген ойға кеттiк. Осы «Көшпенділер» фильмі аяқталғанша одан домбыраның дың еткен бiр дұрыс даусын естiмедiк. Ал 16-17 жас аралығындағы мың баладан қол жиып ел қорғаған, 93 жасында қайтыс болған әрі би, әрі батыр Сартай туралы «Жау жүрек мың бала» фильмінде оны 16 жасында өлтіргеніміз былай тұрсын одан екіқабат болып қалған қызды ойлап тауып, оған шаңырақ көтертіп масқара болдық. Біріншіден, Сартай батыр туралы мұрағаттарда дерек көп. Ол деректер фильмге пайдаланылмай далада қалды. Екіншіден, қазақ ешуақытта киіз үй тігерде шаңырақты әйел жыныстыға көтертпейді. Олар тек уық қадайды. Ал 16-ға толар толмас қыздың үйінде отырып екіқабат боп қалуы о заманда адам естімеген уақиға. Бұны қай антатқыр көрләт фильмге не үшін енгізгенін қайдам... Сонымен… Сонымен, егер «Көшпендiлерге» немесе «Жау жүрек мың балаға» бұйырған қыруар қаржының ширегi ғана өзбек не қырғыз киношыларының қолына түссе, қандай ғажап дүниелер, ұлттық дүниелер жасар едi деп күйінемін iштей. Иә, олардың қолын жоқшылық қысып отыр. Жасаған Иемiз қазақ жерiне осынша байлық пен бақ берген екен. Соның қадiрiн білмей, киноны бүгінгі ұрпағымызда ұмытылып қалған ұлттық сананы оятуға жұмсамай, ақша десе ит көрген ешкiкөзденiп шыға келетiн дертке душар болдық. Сондықтан, ендігәрі бiрден аспандағы Айды аламын деп, Голливуд боламыз деп шалабымызды шайқамай-ақ, көршiлес бауырларымызға күлкi болмай-ақ әуелi өзiмiздiң топырағымыздағы бүгiнгi мәселелерді, ұлттық тілімізді, ұлттық тәрбиемізді сөз ететiн, ойландыратын әрi қарапайым, әрi арзан, ұғынықты да тартымды дүниелерден бастауымыз керек шығар? Әттең, бұл орайда да «Қазақфильм» киностудиясын ұлттық дәстүрдi, ұлттық сананы жете бiлетiн, әрi бiлiмдi, әрi таза қазақы намысы, ұлттық намысы бар азамат басқармай iстiң iлгерi басуы… Әй, қайдам?.. Айтпақшы, сол «Көшпендiлердi» әлгiндей етіп түсiргендердiң әрқайсысы миллиондаған қаржыны қайда шашқанына жауап берудің орнына қазiр әр терiнiң пұшпағын илеп жүр. Бiреуi кейін Жастар театрына бастық болды. Оның театрға не қатысы барын бiз бiлмеймiз. Соны түсiне алмаған театр ұжымы да, көрермен де үндеген жоқ сол кезде. Баяғыда өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын партия һәм кеңес қызметiнiң ортақолдау қызметкерi бiр-ақ күнде Мәдениет министрi болып шыға келгенде қазекем осылай үнсiз қалған. Есесiне репетицияны «Тренировкамен» шатыстыратын министр келгенде ұлардай шуладық. Айтпақшы, ХV ғасырдағы басты кейіпкерлері осы күнгі қазақтардың сөйлеу стилімен сөйлейтін «Қазақ хандығы» фильміндегі өрескелдіктер туралы әлі ешкім жұмған аузын ашпай отыр. Неге? Алматыға осындай әрi-сәрi оймен қайтқан басым келе сала кино туралы әртүрлi басылымдарды қарайтын «ауру» тауып алдым. Сондағы ойым – бәлкiм, қателесетiн шығармын, мүмкiн менiң бiлгенiм қырықтың бiрi ғана шығар деген күдiк еді, баяғы. Бiрақ, аса қателесе қоймаған секiлдiмiн. Мұның бәрi бұрыс болса, төрелiгiн жұрт айтсын! Халық не дер екен? Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері |
20 МЫҢ ТЕҢГЕ ҮШІН ЖАНЫН ҚИДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
20.07.2017 11:25 |
Бүгінде құмар ойынының шырмауына түскендердің қатарына Е. де қосылған. Уақыт өте қалтасындағы барын азғын ойынға салған оның бұл құрықтан құтылуы қиындай бастады. Осы үшін бейкүнә адамның қанын төгіп, шақшадай басы шарадай боларын білсе, жаза баспай тұрып тыйылар ма еді, бәлкім. Алайда көз алдында жылдам әрі жеңіл жолмен қыруар қаржы табудың тетігі менмұндалағанда, адалдық туралы ойланып тұруға уақыты да болмады. Осылайша құмарлықтың торына топ ете түскен ол кезекті ойында барлық қаражатын компьютер клубына жұмсап жібереді. Ақшасынан айырылып, амалы таусылады. Ойлана келе ақырғы жоспарға жүгінеді. Қолындағы бары – травматикалық тапаншаны пайдаланып ақша таппақшы. Сөйтіп, ұялы телефон арқылы «Делюкс» такси фирмасына тапсырыс беріп ғана қоймай, оператордан жүргізушіге 20 000 теңгеге қайтаратын ақша алып шығуын ескертеді. Тапсырыс берген мекенжайға такси келген соң артқы орындыққа жайғасқан Е. жүргізушінің сеніміне кіру үшін бірнеше жерге барып, қаланы 3 сағат бойы аралайды. Ал өзінің арам пиғылын жүзеге асыратын сәтте такси жүргізушіне қараңғы, жарығы жоқ көшенің бойына түсіп, көше соңына тоқтауын сұрайды. Ол жерге келген соң сотталушы Е. такси жүргізушісінің желке тұсынан тапаншамен 2 мәрте оқ атады. Оның өлгеніне көз жеткізгеннен кейін киімін тінтіп, 20 000 теңге ақшаны өз қалтасына басады. Мұнымен тоқтамай мәйітті артқы орындыққа отырғызып, өзі көлікті басқарады. Бағыты – Тұрлығұлов көшесі. Діттеген жерге жеткен соң қылмысын жасырып, бөтеннің мүлкін жою мақсатында мәйітті машинасының ішінде қалдырып, өрт қояды. Көліктің есік-терезесін құлыптап, оқиға орнынан ізін суытады. Осы жылдың 10 шілдесінде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы 25 жастағы Е. есімді азамат ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы (пайдакүнемдік ниетпен адамды өлтіру), 192-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (қаруды пайдалану арқылы жасалған қарақшылық), 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленді. Түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ |
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ – ҰЛТТЫҚ САНА, ТІРЕГІ – ТІЛ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
20.07.2017 11:20 |
Аман АБАСИЛОВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
Бүгінгі күнді ұлт дамуының алтын кезеңі, асыл арманы орындалған заман деп атауға болады. Өйткені ата-бабаларымыздың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Ата-бабамыздың сол асқақ арманын баянды етудегі қазіргі «қазақстандық арманымыз» қандай, оны қалай жүзеге асырамыз, мемлекетті қалай кәсібилендіреміз, ол үшін қандай реформа жүзеге асуы тиіс, қоғамдағы құқық тәртібі мен заңдылық қалай болуы керек, елді индустрияландыру мен экономикалық өсімге қалай жетеміз, қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын қалай нығайтамыз, транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру үшін не істеуіміз керек деген сауалдар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамында егжей-тегжейлі сөз болған еді. Одан кейін Ел президенті «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында сол реформаларды жүзеге асырудың практикалық мәселелері: әрбір реформаның халқымызға беретін кәсібилік, құқықтық, бірегейлік, экономикалық және есеп берушілік игіліктеріне жіті тоқталады және оны бүкіл ел болып жүзеге асыруға шақырады. Ал биылғы жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялады. Енді осы жаңғыру қалай жүзеге асады, онда нені ескеру қажеттігін баяндаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халық назарына ұсынып отыр. Мұнда ол: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», - деп бастайды. Елбасы мақаласында қамтылған мәселенің бәрі де өзекті, бәрі де мәнді. Бұл қоғамға жаңа леп, жаңа сенім әкеледі, сонымен қатар ұлттық дамудың жаңа міндеттерін жүктейді. Мұнда рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы – білім, мекені – туған жер, дербестігі – мәдениет, мақтанышы – азамат болуы керек деген кешенді шаралар сөз болған. Мен тіл маманы ретінде ұлттың рухани жаңғыруын тілдік сананың жаңғыруымен байланыстырамын. Өйткені «Тіл – халық рухы, ал халықтың рухы – оның тілінде» деп белгілі ғалым В.Фон Гумбольдт айтқандай, Елбасының айтып отырған ұлттың рухани коды да сол тілде жатыр. Сондықтан да қазақ тіліне тек қарым-қатынас немесе шығарма тілі деп қана емес, ұлттық сана-сезімді, дәстүр мен салтты, халықтың барлық бітім-болмысын танытатын рухани құрал ретінде қарау керек. Мұны ұлы даланың көсемдері мен шешендері терең сезінген. Осыдан келіп, әл-Фараби: «Үнінен, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» десе, Абай: «Өнер алды – қызыл тіл» дейді, Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», «Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыздың ашпау қамын ойлайтынымыз сияқты тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», - дейді. Ғұмар Қараш: «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, ұлт сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» десе, Халел Досмұхамедұлы: «Тіл – ұлттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды», - дейді. Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тілі» десе, Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі», Бауыржан Момышұлы: «Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі», - деп жазды. Ал Елбасы мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - дей келе, «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп түйін жасайды. Елбасы мақаласында көрсеткен таяу жылдардағы міндеттердің ең бастысы да осы тіл мәселесіне арналған. Бұл – әліпби ауыстыру мәселесі. Көптеген елдерде тіл саясатын жоспарлайтын негізгі субъекті деп әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттарды атайды. Ал адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі салалары деп тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі, терминологиясын қалыптастыру мен дамыту және әліпбиі мен емлесін жасау, жетілдіру мәселелері көрсетіледі. Осыларға назар аударсақ, әліпби жазба тілді қалыптастырудағы адамдардың саналы әрекеттерінің бірі, тіл саясатының басты нысаны екендігін көреміз. Әліпби – арғы тегі гректің «alphabetos», яғни альфа және бета деген басқы әріптердің атынан алынған атау. Ол жеке дыбыстық элементтерді символ арқылы айқындап, тілдегі сөздердің дыбыстық келбетін бейнелейтін таңбалар жүйесі. Әліпбидің дүниеге келуі кез келген табиғи тілдердегі мәтінді жазуға мүмкіншілік берді. Жазудың шығуы мәдениеттің дамуына көп әсер етті. Тіл өзінің өмірдің түрлі салаларындағы қызметін кеңейтті, дамудың жаңа жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Қай қоғамда, қай елде болмасын, әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе. Сондықтан ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік-лингвистикалық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема. Олай дейтін себебіміз ол біріншіден, мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытса, екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді. Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді. Төртіншіден, таңдалып алынған әліпбиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік лингвистикалық қырын танытады. Бесіншіден, әліпби ауыстыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы – ол сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру әлеуметтік мәселе болып табылады. Бұл үшін алдымен халық арасында мәселенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау жұмыстары жүргізілуі керек. Алтыншыдан, әліпби ауыстыру көп қаражатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешілуі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін Үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама қабылдануы тиіс. Осы орайда Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» дей келе, «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс», - деп атап көрсетеді. «Бізге неге әліпби ауыстыру қажет?» дегенге келсек, оның көптеген себептері бар. Біріншіден, тіліміздің табиғи заңдылықтары бұзылып барады. Өзге тілдің дыбысы, өзге тілдің сөзі, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей, өз сөзіміз өзіміздікі болмай отыр. Бұл әсіресе тіліміздің фонетикалық жүйесіне қатты әсер етті. Үндестік заңы тұншықты. Тіліміз әуезділігінен айырылды. Екіншіден, тіліміз осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді болмады, терминологиямыз жетіспейді деумен өзге тілдің сөзін аударамыз деп өзегіміз талды. Үшіншіден, өзге тілден сөз ауысу тоқтады. Кірме сөздер қазақтың айтылуына негізделмей, сол тілдің нұсқасында енді. Тіліміз «импортталған» сөздерге толды. «Өзге тілден сөз алғанда оны басып, жаншып ұлттық дәстүрде алу керек» деген принцип далада қалды. Міне, осындай және тағы басқа да факторлар тілімізді дамытуға кедергі келтіріп отыр. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту, әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосу, болашақ тілі болуына жағдай жасау – әрбір қазақ азаматының арманы. Біз бүгінгі күні әліпби ауыстыру арқылы осы уақытқа дейін кеткен кемшіліктерді жоя отырып, жаңа тұрпаттағы тіл дамыту жұмысын саналы түрде қолға алуымыз қажет. Жалпы әліпби – адамдар ақылдаса отырып жасайтын, тіл дамытудағы саналы әрекеттердің бірі. Қазіргі таңда елімізде әліпби таңдау, оның ішінде латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау мәселесі өткір күн тәртібіне қойылды. Мұны мен қолдаймын. Өйткені орыс жазуына негізделген қазіргі қазақ жазуы ұлттық сипатынан ауытқып, басқа жаққа бет алып бара жатыр. Мұны күнделікті газет, журнал, ғылыми кітап, оқулықтардың кез келгенін алып, ондағы мәтіндердегі сөздерді орфографиясына қарай топтастырып, саралап көрсек, таразының бір басында қазақ тілінің заңдылығымен жазылған, екінші басында бөтен тілдің тәртібіне түскен алабөтен сөз үйірін байқаймыз. Жыл өткен сайын мұндай «импортталған» сөздердің саны еселеп өсіп, көбеюде. Мұның өзі қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі нормасының бұзылу қаупін күшейте түседі, ал дәстүрлі нормасын жоғалтқан тіл қанатынан айырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды. Сондықтан тіліміздің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфографиясын қалай болғанда да өзгертпей, реформаламай болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан келгенде бізге орыс графикасынан гөрі латын алфавиті қолайлы. Латын графикасына көшу арқылы біз тіліміздің табиғатын сақтаймыз, даму заңдылығының бұзылуына жол бермейміз, фонетикалық жүйесін қалпына келтіреміз, орфографиямызды түзеп аламыз, қысқасы, өз сөзіміз өзіміздікі болады. Елбасы мақаласында көрсеткен таяу жылдардағы міндеттердің екіншісі – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу. Мұнда тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады және бұл тез арада, яғни 2018-2019 оқу жылында жүзеге асады. Бұл – түсінген адамға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қызметін арттыру, қазақ тілін кең көлемдегі білім алу тіліне, ақпарат тіліне айналдыру деген сөз. Бұл іске қазақ тілін ана тілім, мемлекеттік тілім деп санайтын барша қазақстандық шын жүрегімен атсалысады деп санаймын. Мақалада айтылған таяу жылдарда жүзеге асатын үшінші міндет те тіл мәселесімен, оның ішінде ономастикамен байланысты. Мақалада: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», - дей келе, «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»,- деп атап көсетілген. Демек бұл бағытта арнайы лингвистикалық зерттеу жұмыстары, білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстары, орта мектепте туған жердің тарихын оқыту мәселелері күн тәртібіне қойылуы тиіс. |
БАЙЛЫҚ АҚШАМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
20.07.2017 11:00 |
Кәсіпкерлік – адамның экономикалық қызметі. Оның дамуына үлкен еңбек қажет. Тәуекелге бет бұрып басталатын қызметтің бұл түрі қазір әлем жұртшылығын бір қазанда қайнатты. Кәсіпкер – жеңіс пен жеңілістің кермек дәмін татқан жан. Жауапкершілігі басым, инновациялық және инициативалық қызметтерді жүзеге асыра алатын әмбебап тұлға. Демек, нарықта бәсекеге қабілетті кәсіпкер ғана табыс таппақ.
Кәсіпкер 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Отбасылы. Әйелі Айзада Айтуған ерінің негізгі бағыт таушысы, кеңесшісі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет етеді, экономика ғылымдарының кандидаты. Қолы қалт етсе, ерінің жанынан табылып, отбасылық бизнестің бір пұшпағын илеуге ат салысады. Ділмұхамедке мұндай іскерлік қабілет өзінің ата-анасынан дарыса керек-ті. Адаммен қарым-қатынас жасау, ұйымдастыру, жауапкершілік – ата-анасының баласынан үнемі талап ететін қасиеттері. Кәсіпкердің әкесі Мінуарбек Абызов пен анасы Мейрамкүл Тукенова да талай жылдар жеке кәсіппен айналысқан жандар. Алғашқыда отбасыға нәпақа табамын, балаларымды қатарынан кем өсірмеймін деген олар, кәсібі дөңгелегеннен кейін, шағын сауда капиталын қалыптастырған. Ата жолын қуған баласы Димаш та мамандығы мұнай-газ ісі болса да, сауда саласында өзінің қолтаңбасын қалдырып үлгерген азамат.
Жеке кәсіп ашарда адамға бірнеше рөлдерді ойнауға тура келеді. Бүгін кәсіпорныңызда істен шыққан құрылғыны жөндеп, техникалық қолдау қызметінің маманы боласыз. Ал ертең өз тауарыңыздың сатушысы, артынша кәсіпорынның қаржысына жауапты есепші, тіпті еден жуушының қызметін атқаруыңыз да ғажап емес. Осындай бастапқы қиындыққа дайын болғанда ғана кәсіптің алғашқы кірпіші қаланады. Жалпы, тұрақты табыс әкелетін бизнес құру оңай емес. Ал қоғамға пайдасын тигізетін кәсіп ашу одан да қиын. Ділмұхамед Мінуарбекұлы негізін қалаған «Dalatex» компаниясының құрылғанына бір жылдан енді асты. Өткен жылдың мамыр айында алғашқы өнімін шығара бастаған кәсіпорынның жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Қазір тек Қазақстанның ғана емес, көршілес Ресейдің де сауда нарығында Сырдан шыққан сырлы көйлектерге сұраныс артып тұр. Теріскейдегі көршінің Екатеринбург, Астрахань, Омбы қалалары мен Қазақстанның Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Орал, Петропавл секілді ірі қалаларына көп мөлшерде ерлер көйлегін жөнелтеді. Кәсіпті бастау үшін оның көзін білетін кәнігі маман керек. Сапалы өнім өндіруді басты тенденциясы еткен компания үшін бұл аса маңызды. Ұдайы түрік мемлекетінің тауарын туған жерге тасымалдап, оны сатумен айналысқан Ділмұхамед Абызов ондағы белді кәсіпкерлермен қоян-қолтық байланыс орнатады. Түрік кәсіпкерлер тауарын жиі тұтынатын болғандықтан, ең жақсы, ең сапалы дүниесін де еш ойланбастан береді. Кәсіпкер шетелден тек мата ғана емес, одан керемет киім үлгісін пішетін шебер Мехмет Дурукты да ала келді. Ол мұнда жұмыс істейтін тігінші қыздарға киімді пішуді, тігуді, өңдеу мен өндіріске жіберуді қысқа мерзімде үйреткен. 17 жылдық тәжірибесі бар ісмер Қазақстанда тұрақтап қалуды көздейді. Десе де, бәсекелес орта жеткілікті. Шетелдік тауарлар да базар сөрелерін босатпайды. Сол себепті кәсіптің көзін әбден меңгеріп, бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырғанда ғана сауда нарығында өз орны болатынын ол жақсы біледі. Бүгінде шаруасы шалқып, дәулеті тасып, өнімдері алыс-жақын шетелдерде де танылған кәсіпкердің алғашқы қиындықтары артта қалды. – Біздің шағын кәсіпорын алғашқы жұмысын ерлер көйлеген тігуден бастады. Жыл бойы тек сапаға мән беріп, басқа бағытқа бұрылуға шама болмады. Биылдан бастап қызметкерлеріміздің әлеуеті жақсарып, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндігіміз артқаннан кейін балалар көйлегі мен жасөсіпірімдерге арналған киімдерді тігуді бастамақшымыз. Сонымен қатар әйелдер жейделеріне де сұраныстың артуына байланысты алдағы жоспарға енгіздік. Тауар өндіруде алдымен назарға ілінетіні – киімнің матасы. Біздің таңдаған маталар сапалы екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Таза 100, 80/20 пайыздық мақта маталарды қолданамыз. Айтқандай, маталар мен сәндік бұйымдарды Түркияның Стамбул қаласынан арнайы алдыртамыз. Жалпы, байлық ақшамен өлшенбейді. Біз мақсат еткен сапа ел үдесінен шықса, бізге сол қуаныш, өз өнімімізбен мақтанамыз, - дейді «Dalatex» компаниясының басшысы Д.Абызов. Кәсіпті дөңгелетудің негізгі тетігі – өз ісінің мықты мамандары. Ал бүгінде аталмыш компанияның берекелі ісін жүргізіп келген 35-40 қызметкері бар. Оның 20-дан астамы – тігінші, 5 өтектеуші, 3 қаптамашы және қалғаны – қоймашы мен сатушылар. Епті қыздар қазіргі нәтижелі еңбегімен мақтанады. – Әрине, біз үшін ісмерлік іс таңсық емес. Себебі қазақтың әрбір қыз-келіншегінің қолынан инесі мен жібі түспеген. Біз күніне 400-500 дана ерлер көйлегін шығарамыз. Алдағы уақытта одан да көп мөлшерде өндіретін боламыз. Мен өзім фабрикаға алғаш келгенде көйлектің жағасының біркелкі, дұрыс шығуын қамтамаыз ететін бөлімде жұмыс істедім. Қазір аға тігіншімін. Менің мұндағы қызметім – тігілген көйлектің сапалы, мінсіз, әрі тез тігілуін қамтамасыз ету. Бізге үйретуші шебер – Түрік елінің азаматы. Ол кісі «Көйлек өте сапалы, бірақ халық оның жергілікті екенін білгеннен кейін аяғын тартады. Жалпы алғанда көйлек біздегі, шетелдегі киімнің сапасымен пара-пар, деңгейлес», - дейді. Тек халықтың әлі көзі үйренбеген. Айтарым, біз отандық өнімді таңдаймыз, барлық қызметкерлер осында тігілген киімдерді тұтынамыз, - дейді «Dalatex» компаниясының аға тігіншісі Әйгерім Әбдікер. Жоғарыда айтқандай, кәсіпорынның басты тенденциясы – сапа. Өнімді заманауи үлгіде халықаралық стандарттарға сай етіп шығару. Осы мақсатпен маталар арнайы Түркия мен Италиядан алынады. Ал мата сапалы, тігінші ісмер болғанымен, қолыңдағы техника сыр берсе, бәрі бекер. Қазір кәсіпорында бәрі автоматтандырылған. Соңғы үлгідегі 40-тан аса тігін станоктары, тігін машиналары мен түрлі кілейлеуші құралдар бар. Айта кетерлігі, бір ғана облыс орталығында бірнеше дүкен сөрелерінен аталған кәсіпорынның өнімін табуға болады. Атап айтқанда, «Ағжан» сауда үйінде, «Димаш», «Доминант» дүкендерінде «Dalatex» өндірген қазақстандық ерлер киімін кездестіре аласыз. Бұл – кәсіпорынның жеке нүктелері. Ал әріптестік байланыс орнатқан «Фристайл» сауда үйіндегі «Алтын адам» өкілдері өз дүкендерінде өнімді сатса, «Сыбаға» базарындағы нүктелерінде де көйлектер көптеп кездеседі. – Біз бұл жобаны үш жыл ойластырдық. Әрине, жеке кәсіпті қомақты қаржысыз бастау қиын. Бірақ Ділмұхамед Мінуарбекұлының табандылығының, батыл шешім қабылдай алуының арқасында кәсіпті бастап кеттік. Алғашқыда бәрі қиын болды. Әсіресе, халықтың көңілінен шықпай қала ма деген күдік уайымдатты. Халыққа қалай танытамыз, қалай жарнамалаймыз деген сан сауал, үлкен міндеттер тұрды алдымызда. Қазақ өзі өзгенің қаңсығына жүгіреді, өзімізде мұндай таңсық дүниенің, сапалы өнімнің өндірілетініне сене бермейді. Сондықтан бастапқыда тұралап, тоқтап қалмай еңбектенуіміздің арқасында бүгінгідей деңгейге жеттік, - дейді компания басшысының орынбасары, іс басқарушы Дархан Бектайұлы. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Ділмұхамед Абызовтың жеткен жетістігі, шыққан биігі аз емес. Бұл – адамдықтың биіктігі, кемелдіктің асуы. Тағы бір айтарымыз, жұбайы Айзада екеуі бес бірдей алтын асықтай ұл тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ұлдары Ақдәулет, Нұрмұхамед, Әлихан, Ахмедияр, Омар әкеге қарап ержетіп келеді. Алды алғашқы мүшелді толтырса, кенжесі балабақшаға барады. Бұл отбасы бақытты. Рас сөз. Құралай ЖАҚСЫЛЫҚ
Бүгінде тауардан түскен табыс қомақты. Құйылған инвестиция 83 млн теңгені құрайды. Өткен жылы 24000 дана көйлек сатылса, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде 25000-30000 дана көйлек өндірілген. Бағасы да қолжетімді, 5000-15000 теңге аралығында.
Жетістіктері * «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз; * Қызылорда қаласы әкімдігінің арнайы «Үздік кәсіпкер» номинациясының иегері; * Қызылорда облысының білім басқармасының арнайы алғыс хатымен марапатталған.
|
Қайта оралған сезім (болған оқиға) |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
20.07.2017 10:45 |
Жоғарғы оқу орнын бітірген жылы Айнаға сөз салушылар көбейді. Сұлу да пысық, тиянақты қызды кім жар еткісі келмесін? Күндердің күнінде анасы қызды оңашалап шақырып алып, айтар сөзі барын білдірді. Сондағысы қызының сөйлесіп жүрген жігіті бар-жоғын білу болатын. Себебі, Айнаның анасы Баршакүлге әріптес бір құрбысы өзінің әпкесінің ұлы бар екенін, әпкесі егер жақсы тәрбиелі жерден қыз жолықса, ештеңеге қарамастан ұлын үйлендіргісі келетінін айтыпты. Ауқатты жердің өзі құда түскісі келіп тұрғанда, Баршакүл бұған, әрине, қатты қуанды. Айна бұл хабарды естігенде алғашында қатты тосырқады, бірақ анасының шешімін қашан да орындап үйренген тәрбиелі қыз жігітпен кездесуге келісімін берді. Қымбат көлікте отырған сымбатты жігітті алғаш көргенде қыздың жүрегі дір етті. Танысуға келген болашақ жары қыздың басынан аяғына дейін бір көз жүгіртіп қарап шықты да, «Сәлем!» - деді. Жігіттің сөзіне сыпайы ғана «сәлеметсіз бе?» - деп жауап қатқан қыз көліктің артқы орындығына жайғасты. Осылайша екеуінің алғашқы кездесуі басталып еді. Бір-біріне тіпті тіл қатпастан үнсіз киноға барды, үнсіз әдемі мейрамханадан кешкі ас ішті. Мұның бәрі сценарий бойынша осылай болуы керек секілді. Айнаға сымбатты жігіт те, оның үнсіз мұның әр қимылын бағып қарап отырған көзқарасы да, бәрі-бәрі ұнаған болатын. Тіпті, ғашық бола бастағандай ма, қалай өзі... Ал, бұл кеште Арманның ойы мүлдем басқа жақта болды. Дәл алдында тым қарапайым, бірақ сұлу қыз отырса да, оның бар есіл-дерті өзі сүйген Майрасында еді. Әттең, ата-анасы ол қызға қосылуға түбегейлі қарсы. Сондықтан да ұлының тездетіп аяғына тұсау салғалы отыр еді. Майра – бір ұлы бар кербез келіншек. Барынша өзіне қарап сұлу болып жүретін әрі жасы да Арманнан біршама үлкен. Оның қай жеріне қызыққанын өзі де түсінбейтін. Ата-анасы қанша жалынып та, қорқытып та көрді, бірақ ол бас тартпады. Бұл жағдайдан Айна мүлдем бейхабар болатын. Барлық жайды айтпаққа бекінген Арман Айнаны кездесуге шақырды. Кездесуге ішімдік ішіп, мас болып келген жігіт көлікті тоқтата сала Айнаның бетіне ұзақ қарап отырды да, «Сен неге түсінбейсің? Мен сені сүймеймін ғой, осының бәрінен неге бас тартпадың? Сен қыз баласың ғой, әлі де кеш емес, менің сүйгенім бар, тоқтатшы осының бәрін, тоқтат!»-деп еркек басымен жылап қоя бергенде, Айнаның төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Бұл жаңалықты ата-анасына Айна қанша айтып, тұрмысқа шығуға қарсылық білдірсе де, екі жас қарсы болса да, қаланың ең атаулы мейрамханасында дүркіреген үлкен той өтті. Қалыңдық пен күйеужігіт тек өз рөлдерін ойнап шыққаны болмаса, Арманға бұл күннің еш маңызы жоқ еді. Тойдан кейін үйіне қайтпастан Майрасына асықты. Ал, Айна көз жауын алардай безендірілген үлкен бөлмеде жалғыз қала берді... Күндер, айлар сырғыды. Айна бұл үйде жай ғана тұру үшін келгендей еді. Күні бойы екі қабатты зәулім үйде жалғыз қалатын. Ата-енесі таң атысымен қызметтеріне кетеді. Айна болса ата-енесіне өзінің келіндік міндетін мүлтіксіз атқарып жүрді. Обалы не керек, енесі де Айнаға жақсы қарайтын, оны өз қызындай жақсы көретін. Бірақ бар мәселе – Арманда. Осы уақыттары жұбайының көңілін өзіне аударғысы келіп, қаншама әрекеттер жасады десеңші. Үш жылда екеуінің арасын бір ғана ұл бала жалғап тұрды. Айна үнемі барлығын тастап мына үйден безіп кеткісі келетін. Тек ата-анасының абыройы мен өздерін немересінен айыра көрме деп жылайтын ата-енесінің сөзінен аса алмай қалып қоятын. Барлық жағдайы жасалса да, шын мәнінде, бақытсыз еді. Арман бұл сәттерде сүйіктісімен айлап шетелге демалыстарға кетіп, бар уақытын сол әйелмен өткізетін. Оған ұлы мен әйелінің бары-жоғы бірдей. Бірақ, дүниеге келген ұлы келіншектің бар алданышы, бар жұбанышына айналды. Тіпті, соңғы күндері Арманнан көңілі суып бара жатқанын сезінді. Ол үйге келсе де, келмесе де, ол үшін бәрібір болып барады. Бүгін күн жексенбі. Арман сүйіктісінің жанында еді. Бір кезде Майраның телефонына смс келді. Бұл кезде асханада жүрген әйел мұны естімеген болатын. Қызығушылығы артып, телефонды ашып қараған Арман келген хатты оқып, есінен адаса жаздады. Онда «Жаным, сені сағындым, өзіңді көргім келеді. Бұрынғы мекенжайда кездесейік» делініпті. Ас бөлмесінен келе жатқан сүйіктісінің аяқ дыбысын естіген жігіт дереу телефонды орнына қоя салды да, түк білмегендей «мен үйіме қайтайын, кешке келемін ғой» деп, орнынан тұрып кетті. Сыртқа шығысымен, Майраны аңдып, көлігін тасаға қойып, ұзақ отырды. Біраздан соң кербездене басып, сыланып-сипанған келіншек те шықты-ау. Мұның жақында ғана әперген көлігіне майыса мініп, белгісіз бағытқа жүріп кетті. Артынан ерген Арманды байқамады да. Қала сыртына шығып, қымбат бір белгілі қонақүй алдына тоқтады. Одан шыққан қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы кербез әйелдің қолынан сүйіп, екеуі ішке кіріп кетті. Мұның бәрін үнсіз бақылап отырған Арман не істеп, не қоярын білмей аласұрды. Майраны шыққанша сонда тоспаққа бекінді. Бірнеше сағаттан соң күліп шығып келе жатқан екеудің алдынан кесе-көлденең тұра қалған мұны көрген Майра әуелі қатты састы, артынша өзін дереу жинап алғаны байқалды. Жігіт әйелдің бетінен жұдырықпен қойып қалды. «Ал, мұныңа не деп жауап бересің салдақы?» - деп төтесінен сұрақ қойды. Жанындағы ер адам «Мынауың кім тағы?» деп ұмтыла бергенде, екі ортаға тұра қалған сылқым: «Сенің ендігі боларың болып, қызығың таусылды. Мен сені текке пайдаландым. Баршы әрі!» - деп итеріп жіберді де, екеуі көлікке мініп кете барды. Осынша уақыты текке кеткенін енді түсінген жігіт ашудан не істерін білмей қалшылдап, бір орында тұрып қалды. Есін жиған сәтте Айнаға үйленген кезден бергі оның жүрегіне қалай қаяу салғаны, бұл үйден кетіп бара жатқанда жасқа толы жанарымен үнсіз ғана шығарып салған сәттері, ата-анасының қанша жалынып та, жылап та бас тартуын өтінген кездері, бәрі-бәрі көз алдынан кино лентасындағыдай сырғып өтті. Майрамен босқа өткізген уақыттары мен кеткен шығындарында есеп жоқ... Ал әйелі мұны ұмытқалы қашан. Соңғы уақыттары осы өмірге өзі де үйреніп алғандай. Ұлы да екі жасқа толды. Тәтті қылықтар шығарып келеді. Айна осы үйдің еркегі мен әйеліне тән барлық жұмысты өзі атқара беретін болған. Оған демеу болатын атасы мен енесі. Сондай жақсы жандардың көңіліне қаяу салғысы келмеген алтын әйел өз бақытын ысырып, өзгеге кетіп, қайта оралған күйеуіне пысқырып та қарамады. Майрадан кеткелі Арман үйінде жиі болатын болды. Күнделікті отбасының тіршілігін бақылап қарап отыратын жігіт Айнаның әрбір ісі ендігі көз алдында өтіп жатты. Бұған адам екен деп қарамауы Арманға оңай соқпады. Керісінше әйелінің бұл қылығы өзіне ынтықтыра түсті. Бұрын қалай байқамаған, әйелі өте сұлу екен ғой. Табиғилықтан гөрі жасандылығы көп, беті бояудан көз ашпайтын сұрықсыздың жанында қаншама уақытын құр өткізіпті. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы екен-ау. Арман ендігі өмірін тек отбасына арнап, жарын өзіне ғашық етіп, бақытты отбасы болу үшін барлық амалды жасауға көшті. Дүние алма-кезек. Бұрын Айна Арман үшін дәл осылай жасаса, ендігі кезек Арманға келді... Дана МЫРЗАШЕВА |
Әйелің базаршы болады... |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
20.07.2017 10:37 |
Осы бір талдырмаш келген қара баланың көзінен от көремін. Өзі даярлық тобына барады. Дәптерге тізіп жазған әріптері маржандай, ұқыпты. Сүйсінесің. Бірде оны мектебіне дейін жеткізіп салудың сәті түсті. Оны әңгімеге тартып:
- Әкеңді жақсы көресің бе?-дедім. Ойланбастан: -Иә,-деді. – Бірақ, әкем арақ ішеді. Үйде ақша жоқ, нан жоқ, - демесі бар ма!? Алты жастағы балаға мұндай сөзді кім үйретуі мүмкін? Балалы үйдің ұрлығы жатпас деген осы шығар. Терең ойға қалдым. Тойып тамақ жемей, ішерге ас, киерге киім таппай жүрсе де балалық аңғал сезімі мен әкесіне деген махаббаты жоғалмаған мына баланың. Анасы таң сәріден кеш батқанша жұмыста, ал әкесі бір шыны үшін өзін, отбасын, жәудіреген балаларын құрбан етіп жүр. Осы көрініс көз алдымнан көлбеңдегенде жанарым еріксіз жасқа толды... Кемел келешек, бақытты болашақ үшін қайғы жеп, күңіренген бабалар аз болмаған тарихта. Соның ішінде Мөңке бидің заман туралы толғаған сөздері нысанаға дөп тиіп, қадалған жерден қан тамады. «Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады. Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады, Жылқы жұлдыз болады, Қой құндыз болады. Кебір – жерге теңеледі, Әйел – ерге теңеледі, Көл – теңізге теңеледі. Сиыр – өгізге теңеледі. Ақырзаман адамы – Сағынып тамақ жемейді, Ащыны – ащы демейді, Тапқанын олжа дейді, “Әлһам” білгенін молда дейді. Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді. Сарылып келіп тосады, Құны жоқ қағазды судай шашады...» - деген жолдарын оқып отырып денем тітіркеніп кетті. Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады. Болғаны ғой. «Кредит», «кризис» дегендер бәле болып жабысып тұр. Тепсе темір үзетін отағасы үйде отырып, жұмыстан келетін нәзікжанды әйелінің ас-ауқатын әзірлеп, биіктен төменге қадірі құлай бастағандай... Табыс таптым деп бедірейіп келіншегі шығады. Маған «масыл» болып отырсың деп табалайды. Мұндай үйде береке бола ма? Әлемдердің Раббысы: «Әйелдерді лайықты түрде ас-ауқат және киім-кешекпен қамтамасыз етуге баланың әкесі міндетті», - деп «Бақара» сүресінің 233-аятында баян еткен. Десе де, біз көріп жүрген кейбір отбасыларда жағдай басқаша. Әбіржіген әйел күйбің тірлікпен далада жүргендіктен, отбасы шаруасы мен бала тәрбиесі кейінге қалды... Осыдан соң, үлгілі әке мен иманды балалар туралы сөз етудің өзі қисынсыз. Баланың тәрбиешісі – теледидар, әкесі – ұялы телефон немесе ғаламтор болғалы қашан? Бүгінгі таңда ғаламторға жіпсіз байланған кей жастардың әке-шеше тәрбиесінен алыстағаны өкінішті, әрине. «Талақ» сүресінің 7-аятында Алла тағала былай дейді: «Қалталы адам (әйелінің, балаларының нәпақасын) байлығына қарай молынан берсін. Ал ризығы шектеулі (жағдайы шамалы) болған адам Алланың оған нәсіп еткеніне қарай берсін. Алла тағала құлына бергенінен артық жауапкершілік жүктемейді». Мінеки, Жаратушының осыншама мейірімін сезінбегендер отбасын қамтамасыз ету мен асырау мәселесінде әлсіздік танытып келеді. Бұған көше жағалап бөтелке теріп, қоқысқа бас сұғып, болмаса ащы сумен ажырамас дос болған адамдардың көрінісі анық дәлел секілді. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ер адамның қолына қарап отырған әйелі мен бала-шағасын аш-жалаңаш етіп нәпақасыз қалдыруы, күнә ретінде оның бір басына жеткілікті болып табылады»,-деп айтты»,-делінген. Демек, бала-шағасы бір тілім нанға зар болып, жылуы жоқ баспананы жағалап жүрсе, бұған әкесі тікелей кінәлі болмақ. Балалардың жүрегі жабырқамаса, жүзінде мұң болмаса, балалар жыламаса дейміз. Одан асқан бақыт болмасы анық біз үшін. Гүлнұр ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ, журналист |
ТЕҢІЗ ТАБАНЫНДАҒЫ СЫРЫ АШЫЛМАҒАН ҚАЛА МЕН КЕСЕНЕ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
20.07.2017 10:30 |
Небәрі жарты ғасыр бұрын қазақ жерінің інжу-маржаны саналатын Арал теңізі әлем бойынша 4-орында тұрған еді. Бірақ 1960 жылдары су деңгейі шамадан тыс жоғала бастады. Арал апаты шекарасының тарылуы, жағалаудың ұзап кетуіне байланысты археологтар көптеген құнды дүниелер тапты. 2001 жылы теңіздің кеуіп кеткен табанынан тастан және күйдірілген кірпіштен тұрғызылған мавзолей табылды. Бұл мавзолей XIV ғасырда салынған деген жорамал да бар.
Тарихи-ғылыми деректерде Арал теңізінің көлемі бірде үлкейіп, бірде кішірейіп отырғаны байқалады. Жалпы, Арал деген атауының өзі теніздің о баста шағын көлдерден құралғанын, олардың ара-арасында елді мекендердің көп болғанын байқатады. Сонау жылдары іргелі қазба жұмыстарын жүргізген С.Толстов экспедициясы Аралдың оңтүстік-батыс жағында Алан қала, Шайтан қала секілді аралдардың болғандығын жазған еді. Бұл сор – Барсакелместің маңындағы аралдар. Осындағы Алан қалада біз сөз етіп отырған жәдігерлерден табылған жалпақ тастар көптеп кездеседі. Оны С.Толстов ежелгі аландар мәдениетінің калдығы деп білген. Орыс деректері бойынша, Арал өңірі ескерткіштері жайлы алғашқы мәлімет XVII-XVIII ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездеседі. Арал өңірі мен Оңтүстік Қазақстан аймағында археологиялық ескерткіштердің зерттеле бастауына келсек, 1867 жылы Ресей Археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша осы өңірде шығыстанушы П.И.Лерх өз жұмысын бастады. Ол жолында кездескен ортағасырлық Жанкент, Сауран, Сығанақ қалаларының орналасуын картаға түсіреді. Ол орыс ғалымдары арасында жан-жақты зерттеушілігін көрсетіп, алғашқы археологиялық барлау негіздерін қалады. [Мәмиев Т. Кейінгі ортағасырдағы Арал өңірінің қалалары (XIII-XVIII ғғ.). Қызылорда, 2007]. XIII ғасырдың басындағы моңғол шапқыншылығы кезінде Хорезмнің күйреуге ұшырауына орай Әмудария өз арнасын Сары қамыс ойпатына бұрып, сол жерді суға толтырды. Әмударияның Сары қамысқа қарай кезекті бұрылуы мынандай тарихи оқиға байланысты болуы ықтимал. Ақсақ Темірдің Хорезмді басып алу кезінде оның әскерлері көптеген қалалар мен суландыру жерлерін толық қиратты. Соның салдарынан Әмударияның суы Сары қамыс ойпатына құйылып, бұрынғы арнасы бойымен Каспийге жетті. Осыдан барып, XIV ғасырдың соңында Арал теңізі деңгейі күрт төмендеді. Алайда соңғы ғасырларда Арал теңізі өз деңгейін сақтап тұрды. Оның өзгеруі әртүрлі ауа райына байланысты болды. Кейінірек, яғни XIII ғасырда және XIV ғасырдың соңында Әмударияның суы Аралға мүлде жетпей қалды. Сол тұста теңіз құрғап кетті де, оның кеуіп қалған табанында жаңадан қалалар салынды. В.В.Бартольдтың осыған қатысты келтірген тұжырымдары шындығында да көңіл аударарлықтай. Моңғолдар Әмудариядағы «Гурганджа» бөгетін күйреткеннен кейін оның суы Сары қамыс ойпатына қарай ағып, бұрынғы арнасы бойымен Каспий теңізіне құйыла бастады. Осы ғалымның жазбасында Сырдария суының да басқа арнамен аға бастағандығы туралы деректер келтіріледі. В.В.Бартольд сарай маңындағы тарихшы әрі географ Шахрух Хафиз-и-Абрудың 1417 жылы жазған «Хорезм өзені» (Арал) туралы айтылған еңбегінде мынандай мәліметтерді келтіреді: «Қазір бұл көл жоқ, Жейхунның суы қазір басқа арнамен ағып, Хазар (Каспий) теңізіне құяды. Хорезмнен асқан соң өзен суының көпшілік бөлігі сарқырап далаға ағады да, айналып келіп, Хазар теңізіне құяды». Сондай-ақ, Сырдарияға қатысты мынандай пікір келтіріпті: «Ол Хорезм даласымен аға отырып, Жейхунға қосылады да, Хазар теңізіне барып құяды». Енді Арал-Асар қалашығы мен Кердері кесенесіндегі далалық зерттеулерге тоқталсақ. Шартты түрде Арал-Асар деп аталған қалашық Қызылорда қаласының солтүстік-батысында 370 шақырым, қазіргі Қаратерең ауылынан 65,2 шақырым жерде орналасқан. Бұл ауыл бұрын Аралдың жағасында тұрған, қазір теңіз одан 320 шақырымға алыстап кеткен. Қалажұрттың жалпы ауданы - шамамен 6 га. Бетінен көптеген шаруашылық заттар: диірмен тастары, керамикалық ыдыстар мен сынықтары, темір және қола бұйымдар сынықтары табылды. Құрылыс конструкцияларын қазір жер бетінде байқау қиын. Олар Аралдың суымен шайылған. Елді мекеннің тұрғындары егіншілікпен айналысқан, астық өсірген. Сондықтан болар ол жерден 14 диірмен тасы мен астық сақтайтын қоймалар – құмдандар табылды. ұн тарту, қыш ыдыстарын, темір мен қоладан әртүрлі әшекей бұйымдарын жасау мұндағы қолөнердің дамығандығын байқататындай. Жинап алынған көк, қою-көк және қара түсті сырлы керамика қалажұрттың XIV ғасырдың аяғында өмір сүргендігінің дәлелі. 30 см тереңдіктен қиюластыра қаланған күйдірілген кірпіш сынықтары арасынан ауқымды хум ыдысы табылды. Оның төрттен бірі жерге көмілген, жоғары беті күйдірілген кірпішпен жабылған. Қазба жұмыстары кезінде бұл қалашықтың бар-жоғы бірнеше ондаған жылдар бойы өмір сүргендігі анықталды. 2005 жылғы күзде, қалашық орнын қазу кезінде бұл тұжырымдама тағы да дәлелдене түсті. Осы кезде Алтын Ордада құйылған және XIV ғасырдың ортасында жасалғандығы көрсетілген күміс тиын табылды [Байпаков К.М., Воякин Д.А. Поселение Арал-асар // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Алматы, 2007.] Кердері кесенесі Қаратереңнің оңтүстік батысында орналасқан. Табылған ғимараттың биіктігі - 1,5 метр, аумағы 50 метрді алып жатқан төбешік. Ұзындығы - 23,5, ені - 9,5 метр. Құрылыста 19х5х19см, 10х5х10 см, бұдан кіші көлемдегі қыштар кездеседі. Сонымен бірге, керамикалық заттар, қыштар мен адам мүрделері табылды. Кесене (мавзолей) бірнеше ғасыр Арал теңізі су астында қалғандықтан, біраз жерлері бүлінген. Деректерге сүйенсек, ғимарат XIII-XIV ғасырларда салынған және бұл өңір елді мекен болған дегенге саяды. Кердері-2 кесенесінде оңтүстік-шығыс қабырғасы нысанның құлаған бөлігінің жағдайын анықтау мен безендіру материалын жинау мақсатында аршылды. Жұмыс нәтижесінде 10 шаршы метр аумақ 20 см тереңдікте аршылып, оның бөлігі қиранды түрінде екені анықталды. Қирандыларды аршу барысында трапеция пішінді сырлы қаптама тақталарының сынықтары табылды [Байпаков К.М., Воякин Д.А., Бермаганбетов А.Ж. Некрополь Кердери // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Алматы, 2007.] Кесене Орта Азияда көп таралған бір камералы, күмбезді, орталық ості композициялы типке жатады. Сонымен, XIII ғасырда және XIV ғасырдың басында пайда болған Аралдың тарихи дағдарысының негізгі себептері осылар болса керек. Әлі де толығымен ашылмаған құпиялардың айтар сыры мол. Осы өлкеге кем дегенде он-жиырма жыл қазба жұмыстарымен айналысып, зерттеулер жүргізсе, үлкен нәтижеге қол жеткізер еді. Өркениетті елдер мәдени мұралаларын сақтап, тиімді пайдалануға мән береді. Яғни, сол мемлекетте туризмнің дамып, қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Арал-Асар қалашығы мен Кердері кесенесін қалпына келтіру және кесенені халықаралық туризм маршруттарына қосу, ескерткіштер мен көмбелерге саяхат жасап, табылған дүние-мүліктерді қорғап-сақтау арқылы сол заманның тыныс-тіршілігін халыққа сездіре аламыз. Бұл экономикалық тұрғыдан ғана емес, есіл еңбекті насихаттау мен тарихи жәдігерлерді таңдаудағы маңызды жұмыс болмақ. Алдағы уақытта жоғарыда бейнеленген макет бойынша Кердері кесенесінің іргетасы қаланса деген ойымыз бар. Бұл өз кезегінде тарих қойнауына елеулі жаңалық болып енбек. Дәулет ЕСЕНОВ, №131 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, Алматы қаласы |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>