Өзекті мәселелер

  • 21.06.18

    Ұлы Жібек жолының бойында орналас­қан көне қалаға жаңа атау берілді. Оңтүстік Қазақстан облысы бұ­дан былай Түркістан облысы деп аталады. Орталығы – Түркістан қаласы. Бұл тарихи шешімді бүрсі­гүні Ел­басы ресми түрде мә­лімдеді.

    Ақордада «Қазақстан  Республикасының әкімшілік-аумақты...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналғандай. Жыл сайын парақорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу шаралары қанша кү­шейтілсе, керісінше қылмыстық фактілер де солай көбейіп барады. Әкім­дік­тердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген түрлі іс-шаралары да, экс-премьер-министр, министр мен әкімдердің қолына салынған кісен де парақорларды тоқтата алм...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Нақты жұмыстардың нәтижесі сұралатын уақыт жетті. Бұл облыстағы кәсіп­керлік саласына қатысты. Өткен  сенбіде Жаңақорған, Шиелі  аудандарында  өткен көшпелі  жиында облыс  әкімі  Қырымбек  Көшер­баев өңірдегі кәсіпкерлік са­ласының даму барысын назарға­  алды.

    Мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдері қатысқан жиында аймақ  басшысы:

    ...
    Толығырақ...
  • 21.06.18

    «Оның бүркеншік аты – Пеле. Футболды жақсы көретін, жанын сала ойнайтын. Жылдамдығында шек жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын, 19-20 жасымызда Алматы мемлекеттік консерваториясында Төлепберген Әбдірашевпен бірге бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ауылдан келгенбіз. Қалтамызда тиын-тебеніміз де аз болды. Ішіміздегі ең пысық, ең жылдамымыз Төлепбереген еді. Вокзалға бару керек, троллейбусқа ақша керек деген сын...

    Толығырақ...
  • 21.06.18

    Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбат...

    Толығырақ...
Шілде 2017

«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНІҢ 36 КОМИССАРЫ «БАЙҚОҢЫР» ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНА БАРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.07.2017 16:23

Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз – ТМА» зымырантасығышы ұшырылды. Әуе кемесінің бортында «РОСКОСМОС», «ИЕКА» (ЕУропа), «НАСА» (АҚШ) ғарышкерлері болды. «Союз» зымыранының ұшырылуына «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің әр елдегі комиссары қатысты.

- Бүгін «Байқоңыр» ғарыш айлағына 36 комиссар келді. Бұл сапар «Астана Экспо - 2017» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр және қатысушылар үшін осындай мүмкіндік берілген оларға қуанышты жағдай деп ойлаймын. Көптеген мемлекеттер Қазақстанды Байқоңыр арқылы таниды, бірақ осы жерде болу мүмкіндігі бар екендігінен бейхабар. Комиссарлар ғарышкерлер мұражайына, Юрий Гагариннің ұшу алдындағы болған үйіне барды. Барлығы зымыран ұшырылымын асыға күтуде. Зымыран ұшырылымының көрме кезінде жоспарланғаны біз үшін қолайлы мүмкіндік болды. Енді біз Қазақстанды ғарыштық ракурста көре алатын боламыз,- деді «ЭКСПО-2017» комиссары Рапиль Жошыбаев.

- «ЭКСПО-2017» көрмесінің басталуына байланысты «Байқоңыр» ғарыш айлағы әлем туристерінің қызығушылығын тудыруда. Өздеріңіз білесіздер, екі жыл бұрын қазақстандық 7 туристік компания «Роскосмоста» аттестациядан өтті және олар Астана, Алматы, Қарағанды, Қызылорда және өзге де қалаларда дербес жұмыс жасауда. Ресми мәлімет бойынша, ғарыш айлағына 1000-нан астам адам келген. Бұдан бөлек, Қармақшы ауданында этноауыл ашылды, оған да келушілердің қатары көп,- деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнайы өкілі Серік Қожаниязов.

Айта кетейік, жұлдызды қалашықты аралау өтінішін қарау мерзімі 45 күннен 10 күнге қысқартылды. Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Мұстафаевтың айтуынша, Байқоңыр қаласын аралаудың туристік пакетіне ғарыш айлағы мұражайы мен Юрий Гагарин тұрған үйді, сондай-ақ егер турист сапарымен сәйкес келсе, зымыран ұшырылымына куә болу кіреді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Германиялық депутат этноауылда мейман болды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.07.2017 09:44

Киелі Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата мемориалдық кешені жанынан «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай этноауыл ашылғаны белгілі. Қазақ ұлтының көшпелі өмірін бейнелеген ауылға бүгінде туристер жиі келіп жатыр. Өткен аптада «ЭКСПО»-ға келген Германия елінің Бундестаг депутаты Ф.Ленгсфель Ақмешіттің топырағына да табан тіреді. Сыр еліне сапары барысында оны облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов арнайы күтіп алып, кездесу өткізді. Басқосуға Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары А.Кеншимов қатысқан. Мұнан соң делегация Арал ауданына жол жүріп, аудан басшылығымен, балық өңдеу зауытымен танысып, музей аралады. Келесі күні делегация құрамы Кіші Арал теңізі және Қамбаш көлінің жағасындағы «Қамбаш» балаларды оқыту-сауықтыру орталығының жұмыстарына куә болғаннан кейін Қармақшыдағы этноауылға ат басын бұрды.

Қорқыт бабамыздың кешені тұрған маңның қасиетті болмауы мүмкін емес. Ол жердің құмы да, аңызақ желі де шетелдіктер үшін таңсық. Осы өзгешеліктердің қатарын халқымыздың мәдениеті мен тұрмыс-салтынан көрініс беретін этноауыл толықтырып тұр. Мұндағы Хан ордасы аталатын киіз үйдің ішіне кіріп, бауырсақтан ауыз тиіп, шұбат ішкен германиялық өкіл Ф.Ленгсфель алған әсерімен бөлісті.

- Қазақтың салт-дәстүрін көргеніме өте қуаныштымын. Барлығы қызықты болды. Бұл – Қазақстанға үшінші рет келуім. Ал осы ауданда бірінші рет қонақ болып тұрмын. Этонауыл мені өзінің ерекшеліктерімен қызықтыра алды. Себебі, бүгін мен Арал қаласына барып, трагедиядан кейінгі Арал қандай болды, соны көріп келдім. Этноауылды, барлығын керемет деп бағалаймын! Қазақстан – көркімен тамсандыратын ел. Қазақ елі көңілімнен шығады, - деді ол өз сөзінде.

Этноауылда жүріп делегация мүшелері ұлттық асық ойынын ойнады. Зергерлік бұйымдар үйінен ұсталардың қолынан шыққан туындыларды тамашаласа, былғары бұйымдар үйінің ұсынған заттары көпшілік көңілінен шықты. Хан ордасында қазақ қызы айтқан термені тыңдаған қонақтар қазақылықтың тереңіне дендеп енгендей болды.

Этноауылға бүгінге дейін 12 мемлекеттен 5000-ға жуық турист келген. Соның ішінде өте жиі келетін қонақтарымыз – германиялықтар. Олардың барлығы – әлем саяхатшылары. Қазақстанға Орал, Ақтөбе, Қызылорда облысы арқылы келіп, Шымкент қаласынан Өзбекстан елінің шекарасына өтеді. Сондай-ақ голландиялық ғарышкерлер де этноауылдың құрметті мейманы болған. Олар Байқоңыр ғарыш айлағына бара жатқан бетте ауылды көріп кетіпті. Жапония, Францияның азаматтары осында аялдап, қазақтың байырғы өміріне қызығушылық танытуда. Этноауыл қызметкерлерінің айтуынша, туристер тарапынан ең көп қойылатын сұрақ ұлтымыздың салт-дәстүріне байланысты. Тіпті кішігірім зергерлік немесе қолөнер бұйымдарын сатып алғанның өзінде оның белгілі бір мән-мағынасы, тарихы болғанын құп көреді дейді.

Мұндағы киіз үйлердің бірінде жүннен, киізден түрлі бұйымдар жасалған. Қамзолдан бастап, тұрмыстық заттар, сәндік үшін қойылатын ескерткіштер бар. Ал келесі бірінде сурет, тігін өнерімен айналысатын кісілер отыр. Суретші Бибігүл Жүсіпованың айтуынша, келушілер тарапынан өзінің өнер туындыларының ішінен «смайлик» пішіндес жастықшаларға деген сұраныс көп. Сонымен қатар, қыз-келіншектер орамал орнына тағатын сәнді тюрбанды алушылардың салмағы басым. Оның құны – 2000 теңге. Б.Жүсіпованың қамзол, тақия тігумен айналысқанына 15 жылдан асқан. Ал сурет салуды серік еткеніне 4 жыл болыпты. Майлы бояумен салып жатқан картиналарын жинап, «ЭКСПО» біткеннен кейін жеке көрмесін ашып, сонда ұсынуды армандайды.

Бүрмелі жастықтар, құрақ көрпешелердің сан түрін көргіңіз келсе, тігіншілер отырған киіз үйге бас сұғасыз. Мұнда қыз жасауына қажетті бұйым ғана емес, Қармақшыдағы «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің өнерпаздары ұсынған туындылар да көзге жиі ұшырасады. Ал Бақытгүл Райымбаеваның бейнетті еңбегі жұртшылық жүрегінен орын алып, ыстық ықыласқа бөленгені рас. Ол 3 жыл, 1 ай бойы көз майын тауысып жайнамаз-кілемшесін тоқыған. Жайнамаздағы өрнектер өте ерекше. Себебі, мұнда ислам дініне қатысты бір сыр бар. Бұл өрнектерді мағынасын ұғынып, ілімін пайдалана білген адам көп жетістіктерге жетеді-мыс.

Келесі бір үйде мүйізден жасалған шаш қыстырғыштар бар. Оны қиялына қарай әртүрлі етіп өзгерте түскен шеберлер сүйектен жасалған тарақтардың бас терісіне пайдалы екенін алға тартады. Бұрымды аруларға арналған шаш қыстырғыштардың дизайны да таңдай қақтырарлықтай. Шебер Мырзабек Қаныбаев мүйізден жасалған ескерткіштерінде қазақы отбасының ерекшеліктерін, мінезін айшықтай білген. Былайғы уақытта майыстыра қалсақ морт етіп сына кететін мүйіздерді өз әдістерін қолдана отырып иіп, оны өз ойындағы мүсінге айналдыра білген шеберлердің өнеріне сүйсінбеске шара жоқ.

Ханның Ақ ордасы іспетті киіз үйде ханның тұтынатын заттарын көрмеге қойған. Мұнда енген кісі өзін жаугершілік замандағы қазақ халқының өміріне біртабан ене түскендей сезінетініне сенімдіміз. Далада алтыбақан теуіп, қазақ күресіне де орын табылады. Қазаққа тән ою-өрнектер бейнеленген қамзол киген ұзын етекті қыздар ұршық үйіріп, диірменге талқан тартып отыр. Ал жылқы мінген шабандоз жігіттер өзара жарысып жүр. Жан-жағыңызға жай ғана көз жіберсеңіз болғаны, шекарасына жетуге құс қанаты талатын жазық дала менмұндалайды. Тек осы көріністің өзі дарқан, өр, еркін мінезді қазақ ұлтының өмір сүретінін дәлелдеп тұрғандай.

Жазира  БАҒЛАН

 


«Қазақстанда жасалған» республикалық көрмесіне Қызылорда облысынан 12 компания қатысып жатыр PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.07.2017 17:00

Бүгін, яғни 28 шілдеде Астана қаласындағы «Көрме» көрме орталығында «Ұлы дала елі» III отандық өнім өндірушілер Форумы өтті. Басты мақсаты отандық өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасында сапаны жақсарту, өнім сатылымын алға жылжыту мен экспортқа шығу мүмкіндіктері секілді тақырыптарды талқылайтын ашық алаң ұйымдастыру болып табылады.

Форум аясында 28-30 шілде күндері қазақстандық өнім өндірушілердің III «Қазақстанда жасалған» республикалық көрмесі және «Қазақстанның Үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі де өтеді.

«Қазақстанда жасалған» көрмесіне Кызылорда облысынан «Бизнестің жол картасы 2020» Бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау алған 12 шағын және орта бизнес кәсіпорындары қатысады.

Форумда сөз сөйлеген Шиелі ауданынан келген кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова өз тарапынан кең ауқымды іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

- Мен бизнесімді көп кәсіпкерлер секілді саудамен айналысудан бастадым, бүгінде мемлекеттік қолдау арқылы бизнесімді әртараптандырып, өндіріспен айналысуды қолға алдым. Қазіргі таңда менің компаниям қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану мен балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелер ұйымдастыру және кондитерлік өнімдер шығару секілді бірнеше саланы табысты жүзеге асырып келеді. Ескере кетсем, «Даму» Қорының көмегімен пластикалық заттар шығаратын цех ашуға жұмсалатын несие алу үшін өтініш бердік. Өз өнімдерім мен қызметімді бүкіл республикадан келген өкілдерге таныстыруға мүмкіндік берген көрмені ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін, - деді ол.

Жаңақорған ауданының жас кәсіпкері Ләззат Төлегенова астаналық тұрғындарға кондитерлік және нан өнімдерін ұсынды. Оның «Несіпкүл» атты кондитерлік цехы үш жыл бұрын ғана ашылса да, бүгінде Жаңақорған ауданындағы үздік кәсіпорындар қатарында. Ләззат Төлегенованың цехындағы барлық тағамдар тек табиғи қоспалар мен өнімдерді пайдалана отырып, қолмен жасалады. Сондай-ақ көрмеде тамақ өнеркәсібінен біздің аймақтан ЖК «Ұста Сәмі» және ЖК «Шашауова Мейрамкүл» компанияларпы да өз өнімдерін ұсынды.

Көрмеге келушілерге Шиелі ауданынан барған Гүлмира Шакированың тігін цехынан шыққан сапалы текстиль өнімдерін бағалау мүмкіндігі туды. Қазіргі таңда оның тауарлары тек Шиелі ауданында ғана емес, сонымен қатар Қызылорда қаласының нарығында да сатылып жатыр. Бизнестің осы саласынан өз туындыларын көрсеткен өзге де қызылордалық компаниялар, яғни ЖК «Мырзақұлова», «Қарлығаш қолөнершілер орталығы» Үкіметтік емес коммерциялық емес мекемесі және келушілерді ұлттық нақышта тігілген тігін өнімдерімен таңғалдырған ЖК «Алтынай» болды.

Қармақшы ауданынан келген «Мир-2001» компаниясы көрмеде жоғары сапалы құрылыс материалдарымен таныстырды. «Даму» Қорымен бірлесе әріптестік жұмыс жасаудың арқасында компания шығаратын өнім көлемінің 15%-ға өсуі байқалды. Қызметкерлердің орташа жылдық саны 20%-ғ, ал бюджетке төлегентін салық көлемі 10%-ға артты.

Көрмеге белсенді қатысқан Қызылорда облысының компаниялары қатарында «Қызылорда-Қанағаты» ЖШС, «Zere Group Construction» ЖШС, ЖК «Beauty corp.kz» және ЖК «Art-Design» болды.

Көрме қонақтарын өз тауарлары мен қызметтерін ұсынған отандық өндірушілердің өнімдерін бағалауға үлкен таңдау, дәмін татып көру, қызықты мастер-класстар және күн сайын сағат 16.00-де өткізілетін бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны да күтуде.

«Даму» Қоры облыстық филиалының баспасөз қызметі

 


ЭКСПО – ұлт мақтанышы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.07.2017 11:28

Нақты кезеңде Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 101 қызмет алушыға жеті бағытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Білікті маман Жаңабай Жәкенов басшылық жасайтын мекеменің ауласындағы жайқала өскен алуан гүлдер, саялы талдар мен жеміс ағаштарына еріксіз сүйсінесіз. Мұнда 124 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді.

Орталық он сегіз жастан асқан қамқорлықты қажет ететін І, ІІ топтағы психикикалық ауытқуы бар мүгедек жандарға үй жағдайына жақындатылған жасы мен денсаулық жағдайына бейімделген қызмет көрсетеді. Олар үшін күнделікті монша жағылып, жеке басының гигиеналық тазалығы, киім-кешектерінің уақытылы ауыстырылуы, тұрмысқа қажетті заттарының дұрыс пайдалануы жауапты мамандардың жіті қадағалауында болады. Бөлме сайын желдеткіш орнатылып, отандық телеарналарға қосылған теледидарлар қойылған. Тәулігіне бекітілген ас мәзіріне сай бес мезгіл тамақ беріледі. Дәрігердің тағайындауымен ем-дом қабылдап, туыстарымен жүздесуге де мүмкіндік мол. Қызмет алушылармен үйірме жұмыстары жүргізіліп, мәдени шаралар өткізіліп тұрады.

«Жуырда орталықта «ЭКСПО – ұлт мақтанышы» тақырыбында үйымдастырылған кездесу кеші тартымдылығымен ерекшеленді. Бұл күні елордамыз Астанадағы халықаралық көрмеге барып қайтқан бір топ қызметкерлер ұжым мүшелеріне өздері куә болған жайттарды слайд арқылы көретіп, әңгімелеп берді. Жүздесуге көпшілік асқан қызығушылық танытты», - дейді аталмыш орталықтың мәдени үйымдастырушысы Жұбаназар Абуов.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы қаласы

 


Кәріз сорғы станциясында жұмысшылар қорғау құралдарынсыз жұмыс істеген PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.07.2017 12:07

2017 жылдың шілде айының 26-cы күні 13 сағат 20 минутта «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» кезекшісіне Қызылорда облысы ТЖД кезекшісінен Шымбай көшесінде кәріз сорғы станциясында газдардың бөлінуі орын алып, зардап шеккендер бар екендігі жөнінде хабар түсті.

Жасақ құтқарушылары төтенше жағдай орнына жетіп, жағдайды бағдарлап, кәріз сорғы станциясының түбінде 5 адам газға уланып қалғанын анықтады. Құтқарушылар қорғайтын костюм және тыныс аппараттарын киіп, төменгі қабатына түсіп, 3 жұмысшыны құтқарып, 2 адамның мәйітін сыртқа шығарды. Барлық зардап шегушілерге жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, облыстық медицина орталығына алып кетті.

Анықтау барысында, кәріз сорғы станциясында жеке қорғау құралдарынсыз 7 адам жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыс барысында газ бөліну жағдайы орын алған, сол себепті жұмысшының бірі есінен танып, кәріз сорғы станциясының түбіне құлаған. Қасында болған жұмысшылар оны құтқарамын деп, өздері улы газбен уланып, естерінен танып қалған.

Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы

 


НАРЫҚ пен ҚАЛЫП PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.07.2017 12:02

«Егер мұнай бағасы қазіргі деңгейде сақталса, дамушы­ нарықтан капиталдың кетуі әбден мүмкін. Бірақ соңғы айларда мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстан мен Ресей секілді мұнайға тәуелді мемлекеттердің  ұлттық  валютасын  нығайтты. “Қара алтынның”­  бағасы­  тұрақтылығын сақтайтын болса, екі елдің де төл ақшалары девальвация дертінен аман қалады. Бірақ Ресей билігі үшін рубльдің әлсірей түскені пайдал­ы. Өйткені олар осы тұсты пайдаланып, девальвация жасауы мүмкін, ал Қазақстанның әрекеті Үкіметке және мұнай бағасына байланысты». Бұл – Еуропаның даму және қайта құру  банкінің бас экономис­і Сергей Гуриевтің аң-құсы ортақ екі елге  берген­  бағасы.

Шындығында шикізат тұзағындағы бұл елдердің экономикалық даму астарында тың саяси бағыт пен құпия мазмұндағы жоспар бар. Қайда барса да сағаттың­  қос тілі  іспетті  қатар  жүретін  қазақ  даласы мен теріс­кейдегі көршінің ұстанған бағыты жерасты байлығы  мен  әлемдік  экономиканың  «температурасымен»  тығыз  байланысты. Ортақ  мақсат  біріктірген ортақ одақта да бір-біріне ілеспесе, іздері түспейді. Мәселен­, өткен жылы елден жаппай капитал шығарыла  бастағанда да валютасы әлсірейтін елдердің қатарында екі мемлекеттің аты қатар айтылды. Ал «қара алтын» қорының қымбаттауына байланысты айтыл­ған  жаңалықтарда  да Қазақстандағы нығайған валютаны уақытша  құбылысқа теңегендер табылды. Осы аралықта  Қазақстан мен Ресей валюталық деваль­вация  жасайды  деген  сәуегейлер де кездесті. Деген­мен, біздегі қаржылық саясат қазіргі таңда басқаша­ өрбу үстінде екені белгілі. Болашақта көлеңкесі түсіп тұрған елдерден тамырын бөлек кесіп алып, ұлттық валютаны нығайтатын боламыз деген сенім  бар.

Бұған дейін де валюта нарығының тұзағынан аттап өтіп жүрген еліміз Румыни­ямен қатар банк балансын тазала­уды нәтижелі жүзеге асырған еді. Бірақ, банктерді құтқару үшін мемлекет 2 триллион теңге қаржы бөлді. Бұл доллар бағамына шаққанда 6,5 млрд долларды құраса, теріскейдегі көрші дәл осы мақсатқа 8,6 млрд доллардан артық ақша жұмсады. Мұны не үшін айтып отыр деп ойлап отыруыңыз әбден мүмкін. Егер екі мемлекет те өздерінің әлеуметтік-экономикалық деңгейлеріне сенімсіз, қаржы жүйесі “жаралы” болса, экономиканы қаржылық ресурспен қамтамасыз ете алмас еді. Осы ретте тағы бір заңды сауал туынд­айды. Исландия секілді банктерді сауықтырудан бас тартқан жағдайд­а экономикалық шығын болмас­ та еді. Алайда біздегі күрделі экономикалық ахуал салғырт қарауды көтермейді. Оған себеп те бар. Себеп сол, соңғы жылдары Қазақстан нарығынан шетелдік банктер кетіп қалды. Нарықтағы бос орындар қазір айна­лымға табыс түсіріп тұрған жоқ. Ал ақша табысы азайған мемлекеттің эконом­икалық өсімі де баяулайды. Қарап отырсаңыз, біздегі саяси одақ болсын, экономикалық одақ болсын, барлығы бір бағытта, бір мақсатта құрылғ­ан. Әлемдік деңгейде сауда-саттық жүргізу, шикізат қоры арқылы эконом­икалық өсімге қол жеткізу – ортақ мақсаттары. Ал мұндай одақтар бір-бірін толықтырып отыратын мемлек­еттер үшін тиімділігін көрсетпесе, экономикасы тең дәрежедегі елдер­ үшін аса пайдасын тигізе қоймайды. Өйткені олардың деңгейі бір-бірімен бәсекелесуге жетеді де, ал мықты­ қадамы бар мемлекеттер мұн­дай бірігуге мұрнын да шүйірмейді. Сондықтан өздеріне тиесілі бір шаңырақ құрып алады да, қаржылық, шикізаттық қоры басымдау ел қалған мемлекеттерді тасасында ұстауға тырысады.­ Біздің ел экономикасының да Ресейге тәуелділігі осындай салдардан туындаған жайт. Бірақ Ресейді мықты деп мойындауға тырыс­қанымен, майда-шүйде тауарлары сауда нүктелерін жаулап тұрғанымен, инвестициялық жобаларды қаржыландыруға келгенде жұмған аузын ашпайтын «аю патшалығына» таңданысымызды жасыру қиын. Жобалық жоспарларды жүзеге асыруда­ Қытай елінің еншісі мол екендігін көзді жұмып тұрсақ та мойындауға тура келеді. Үнсіз жатқан «аюдың» түбінде не ойы барын ойласақ, денеміз тітіркеніп кетеді. Отарлау саясатының қайтып келмейтініне өзімізді сендіруге тыры­самыз. Мұны ойлағанда девальвация мәселесінің делебесі қозбақ түгілі, еске де алуға жарамай қаламыз.

Нарықтық экономикадағы теңгенің девальвацияға ұшырауы туралы соңғы кездері жиі айтылғанымен, оған ауыз толтырып айтарлық сылтау табылып тұрғаны шамалы. Ал жарыса айтып жүрген алтын валюта қорының болашағы бар деп жүргендердің дені – қаржыгерлер. Өйткені девальва­цияның да өзіндік артықшылықтары бар. Ол мемлекеттің алтын валюталық қорларының  сақталынып қалуы. Өйткені алтын – халық­аралық өтімділіктің негізгі нысаны және мемлекеттің валюта бағамына ықпал ету мақсатында валюта интервенциясын жүргізуге пайдаланы­латын  қор. Ал Ресей сарапшылары «Қазақстан саналы   түрде  девальвация  жасап  отырған жалғыз­  мемлекет емес» деген бағаны әлдеқашан берген­  болатын. Ақша-несие саясатында инфляциялық таргеттеу  режиміне  көшкен алғашқы күннің өзінде-ақ теңгенің долларға шаққандағы бағамы  26 пайызға  құлдыраған-ды.

Өз кезегінде елдің ахуалын бақылаусыз қалдыр­майтын мемлекет басшысы да Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған шешімге қатысты «Теңгені­ң құнсыздануы бәсекеге қабілеттілікті арттырады және Қазақстан экономикасында рецесс­ияға жол бермеуге ықпал етеді» деп топшылаған болатын. Осы сөзді айтқалы тура екі жыл болды. Нәтиженің қандай екенін көзімізбен көріп отырмыз. Әлемдік экономиканың ықпалымен еркін валюталық жүйеге көшуді емес, одақтастар арасындағы ортақ валюта туралы толған­ып жүргеніміз өңімізді өзегі қатпай тұрып діңгегі аршылған ағашқа ұқсатып-ақ тұр.

А.НҰРТАС

 


«СЫР АНА» «СЫЙ» КҮТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.07.2017 11:56

 

Жоба   сметалық құны  –  336,7  млн  теңге.

 

Тарихи  даталар  дәйім дүйім жұрттың назарында. Сондай мерекелік мезіретте міндетті түрде әлеуметтік нысандар немес­е тарихи-мәдени, сәулет өнері ескерткіштері пайдалануға беріліп келеді. Оны жергілікті билік барынша әспеттеп, салтанатты түрде лентасын қияды. Сол думандатып ашылған дүниелер халықтың игілігіне қаншалықты  жарап тұр? Біздің басылымның №27 нөмірінде (20.07.2017 ж.) «Солтүстік» сапаржайының қазіргі жай-күйі туралы қаузағанбыз. Ендігісі – Қызылорда қаласының 195 жылдығына орай бой көтерген «Сыр Ана» стелласы. Алдымен нысанның құрылысы туралы қысқаша  мәлімет.  Бұл  жобаның сметалық құны 336,7 млн теңген­і құрайды.  Биіктігі – 39 метр. Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп бағалаған өңір­дегі аталмыш монументтің сәуле­ті  тым  өзгеше.

– Ескерткіштің  сәулеттік  пішіні  биік­теген сайын өз діңгегіне айнала оралып, қазақ әйелінің сұлулығын паш ететін әйел мүсінін сомдайды. Сыр өңірінің ерекшеліктерін айқында­йтын бұл кешеннің басына сәукеле киген, мың бұралған қыпша бел әйел-ананың образын иелену мағынасы да осында. Ал әйел-ананың самал желмен тербетілген етегі Сырдарияның бұйра толқындарын бейнелейді, - делінген Қызылорда облысы әкім­дігінің ресми сайты сол уақытта таратқан хабарламада.­

Ең қызығы сол, бұл ақпараттан соң екі­ұдай пікірде қалдық. Әдетте, сәукелені әйел-ана  емес, ұзатылып бара жатқан қыз киетін. Оның өзіндік мағынасын ойлы оқырман өзі анықтар. Ал стелланың ашылу салтанатында сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықов:

– Өмір жібі – Сыр-Ананың қолында. Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар Сырдарияға келіп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс ұзақ жылдардан бері жалғасын­ тауып келеді. «Сыр-Ана» кешені де алдағы уақытта қызылордалықтар мен қала қонақтарының көптеп келіп, тағзым етер орнына айналады деп сенемін,- деді.

2012 жылдан бері осы маңда мерекелік шаралар тым аз өтті. Ұмытпасақ, монументтің ашылу салтанатында үлкен концерт болды. Одан кейінгісі есімізде жоқ. Қазіргі күні еш кәдеге аспай тұр. Күні кеше осы аумаққа бар­дық­. Сырдарияның жағалауында орналас­қан соң,  серуендеуге шығады жұрт. Әйтсе де, көз қызығатын көрнекіліктер жоқ. Әу баста стелла­ның төбесіне шығып, Қызылорданы жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік бар-тын. Бүгінде есігі тарс жабылған. Тіпті, көптен ешкім  бақылауға алмағанға ұқсайды. Себебі стелланың әйнектері шаңнан көрінбейді. Оны қоршап тұрған жарық шамдары сынып, бірі жанса, екіншісі істен шыққан. Тізе бүгетін орындықтарды да шөп басып кетіпті. Сонымен қатар «Сыр Ана» кешенінің алдындағы алаңқай да балаларға қауіп төндіріп тұр. Ашық алаңда орналасқан жарық бағаналарының түбі ашық-шашық. Іші толған тоқ сымдары. Алда-жалда бүлдіршін сол сымға қол тигізсе, не болмақ?

Қорыта айтқанда, бюджеттен  миллиондап қаржы бөлінген нысан негізгі миссиясын­ толық атқармай отыр. Өйткені бұқараны сонда­  тартатын  тағылымды  шаралар  өткен  емес. Бар  дүниені ұқсата  алмай  отырған  жергі­лікті  билік  осы  мәселені назарға  алса  деген ниет  бар  бізде...

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚАЗАЛЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТТІЛЕРІ ҚАШАНҒЫ ҚАТЫНАЙДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.07.2017 11:52

Санаулы күннен соң Қазалыда өкілеттігі аяқталған және өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған ауылдық округтер және Әйтеке би кенті әкімдерінің сайлауы өткізілмекші. Қазіргі таңда бұл тақырып аудан тұрғындарының басты назарында тұр десек, артық  емес. Кіммен тілдессеңіз де, әкімдер сайлауына бір тоқтамай кетпейді. Олай болатыны түсінікті де. Қашанда ел тыныштығын бәрінен жоғары қоятын қарапайым бұқараның ауыл тізгінін ұстайтын ел ағасының бойынан нағыз әкімге (әділетті, кішіпейіл, ізетті, мейірімді) тән қасиеттерді көргісі келетінін кімнен жасырамыз? Бұл пікірдің бұған дейін қызмет жасаған әкімдер өз міндеттерін дұрыс атқармады дегенді білдірмейтінін, керісінше ел тізгіні сеніп тапсырылған сол азаматтардың адамгершілігі, білік-парасаты, ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында аудан көлемінде ұрпаққа ұлағат тұтатын талай өнегелі шаруалар тындырылғанын атап кетпеу әділетсіздік болар еді.

Десе де, «айтылмаған сөз жетім». Осы ретте Қазалыда көптің көңілін алаңдатқан мына мәселені бүгіп қалу да жарамас. Бәлкім, біз көтерген жайт кейбіреулерге ұсақ-түйек болып көрініп, тілшінің өзі жазғандай міндетті жұмысын ұқыпты ат­қарса, онда тұрған не бар деп қынжылыс танытуы да мүмкін. Алайда тәртіпке бас игеннің құл болмайтынын Бауыржан Момы­шұлы атамыз текке айтты деймісіз. Бар гәп ауылдық округ әкімдері, мектеп дирек­торлары, мекеме басшыларының қызмет жасайтын жеріне көшіп бармай, аудан орталығы – кенттен, Қазалы қаласынан қатынап жүргенінде болып тұр. Әрі әлденеше жылдан бері қозғалып жүргенімен, әлі күнге дейін ащы ішектей созылып шешімін таппай келе жатқан түйткіл.

Қазалының төл перзенті (бұл жерде осы ауданда туып-өскендіктен тыныс-тір­шілігіне жете қанық деген мағынада) Нажма­дин Шамұратов аудан әкімі қызметі­не тағайындалған сәттен бастап осы мәселені жолға қоюға құлшыныс танытқан еді. Бір сәт қолдағы дерекке көңіл бөлсек. Қазалы аудандық мәслихатының кезектен тыс 47-ші сессиясында жасаған өзінің баян­дамасында Нажмадин Шәкизадаұлының «Кейбір округ әкімдері мен мектеп дирек­торлары аудан орталығынан қатынап жұмыс істеп жүрген фактілер бар. Қатынап­ істеуге қатаң тыйым салынады. Сол елдің тыныс-тіршілігімен қоян-қолтық араласпаған адам қалай басшы болады? Бұл мәселені де бір ай мерзімде шешетін боламыз. Жұмысқа қатынап істейтін лауазым иесінің орнына жұмысты адал әрі сол елге көшіп барып, жұмыс істейтін адамдар отыратын болады. Және де алдағы уақытта кадр мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын боламыз. Басшылар арасындағы тәртіп бірінші кезекте тұратын болады» деген сөзін жергілікті «Тұран – Қазалы» газетінен (№77 (1237), 11 шілде 2015 жыл) оқы­ғандардың көңілінде аталмыш мәселенің шешімін табарына сенімі зор болғаны айдан­ анық. Арада тура екі жыл өтті. Бірақ аудан әкімінің тапсырмасын орындау тым созылып кетті. Табаны күректей жиырма төрт айдан бері әрі-бері қатынап жұмыс жасайты­н басшылар әлі де баршылық. Мұның өзі (аудан әкімінің сөзімен айтсақ) «Сол елдің тыныс-тіршілігімен қоян-қол­тық араласпаған адам қалай басшы болады? Қатынап істеуге қатаң тыйым салынатыны, бір ай мерзімде шешілеті­ні қайда? Орынды тапсырма неге уақытылы орындалмады? Елдің ортасына көшіп барып, жұмыс істеуге не кедергі?» деген көп­теген сұрақтарға жол ашты.

Қазекеңнің «пәлегі ащы, түйнегі тәтті» деген даналық сөзі бар. Мұны бекерге еске алып тұрғанымыз жоқ. Ауылға көшіп бару­ды түрлі себеппен кешеуілдетіп жүрген кейбір басшылардың тірлігін көргенде осылайша қынжыласың. Қазіргі таңда жалақ­ы төлеу төңірегінде (әсіресе бюджеттік сала қызметкерлерінің) ешқандай кедергі, кідіріс жоқтығы әмбеге аян. Жал­ақыны уақытылы алып (еңбегінің өтеуі екені де рас) тұрғанымен, ауылға көшіп баруғ­а құлықсыз. Себебі де белгілі. Кей­бірінің келіншегі аудан орталығында жұмыс жасаса, балалары да аудан орталығында оқиды. Жылы орнынан кім қозғалғы­сы келеді дейсіз? Алайда мойынға міндет алып, өзінен жоғары басшылар сенім білдірген соң қамданған да абзал сынды. Осы тұрғыда Нажмадин Шамұратовтың әрекет­ін өзгелерге үлгі қылып жеткізу әбден лайықты болар еді. Ауданға әкім болып тағайындалған соң ол іле-шала көшіп келіп, елдің ортасына орнықты. Әлдекімдердей ырғалып-жырғалып уақыт жоғалтпады. Осындайда бірінші басшының (аудан, мейлі ауыл, әкім немесе директор болсын) қашанда елдің ортасында жүргеніне не жетсін деп толғанасың. Көпшіліктің ішінде асқар таудай болып, жақсылығы (өмірде не кездеспейді дейсіз) мен реніші­не ортақтасып жүрсе, қабырғалы қауымға ғанибет, телі-тентекке айбат екені сөзсіз.

Бір қызығы, көршілес Арал ауданында басшылардың аудан орталығынан қатынап жұмыс жасау дерегі мүлде кездеспейді. Басшыны айтасыз, мамандарға да осындай талап қойылған. «Қызмет жасағыңыз келе ме, елдің ортасында болыңыз. Отбасыңызбен көшіп барыңыз» дейді теңіз төскейіндегі ел ағалары. Қазалыда неге осылай болмасқа? Бұл қадам «әкім бол, халқыңа жақын­ болды» тағы да дәлелдей түссе, мемлекеттің көлігімен ерсілі-қарсылы қатынайтындар­ға қазына қаржысын үнемдеуге септігін тигізер еді. Алысқа бармай-ақ, Қазалы қаласына аудан орталығынан немесе кент­ке қаладан қызметтік көлікпен қатынайтындарды мысалға алайықшы. Таңертең бастығын жұмысқа әкелу үшін жүргізуші әлденеше шақырымдағы қалаға немесе кентке келеді. Түсте, кешке тағы да әрі-бері жүретіні бар. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде «Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мен­шікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта­ ғана пайдалану тиіс» деп жазылғанын ескер­сек. Әрине, қызметтік мақсатта, мемлекеттің жұмысымен жүретіндігіне дауымыз жоқ. Алайда тәулігіне әрі-бері бірнеше мәрте жүретін көліктің айына, жылына қанша бензин жағатынын, бүгінгі бағамен қыруар ақша тұратынын есептесек, ұтымды­, тиімді деу қалай болар екен? Ал ауылдық округтерге қызметтік көлікпен қатынайтындар туралы айтпасақ та түсінікті.

Осы орайда жоғарыдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясындағы Шамұратов айтқан «Алдағы уақытта кадр мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын боламыз» деген сөздерге де тоқтала кетсек. Кеңес өкіметінің «кадр бәрін шеше­ді» деген қанатты қағидасы естеріңізде шығар. Сол кезеңде Ленин орденінің иегері Шынтас Жалғасбаев басшылық жасайтын Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарды (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) сырт көз әзіл-шыны аралас «директорлар дайын­дайтын ауыл» деп атаушы еді. Осының айғағындай ауылда жемісті жұмыс жасап, мол тәжірибе жинақтаған Өткелбай Жолмырзаев, Қабақ Бимырзаев, Берік Бисенбаев, Жолдыбай Құлманов, Мәлкайдар Дүйсенов сынды тағы басқа бірқатар азаматтар кейін аудан, облыс көлемінде кеңшар директоры қызметін абыроймен ат­қарды. Ол тұста қатынап жұмыс жасау деген атаудың өзі мүлде ақылға сыйымсыз-тұғын.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңының 37-бабындағы «Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қыз­меттiк мiндеттерiн адал орындауы ескері­ліп жүзеге асырылады. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауаз­ымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді» деген сөйлемдер көңілге алуан ой салғандай.

Бір сөзбен айтқанда, Қазалының құзыреттілері қашанғы қатынайды?

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


ЖАЛАҚЫ ЖОҒАРЫЛАҒАНЫМЕН, ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.07.2017 11:50

Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Мың жерден мақтауы­н келістірсек те, жұрт үлгі алатын азаматтардан сын арылмай-ақ  қойды. Ақ  жағасын кір шалып, қу құлқынның кесі­ріне­н қолына кісен салынып жатқ­андары қаншама? Бірінің тәртібі  талқыға  түседі,  енді  бірі­нің қолы былғанады, соңы түр­меге тоғытылады. Сан саланы «жемқорлық» дейтін «жегіқұрт» жайлап алған. Мұның тыйы­латын түрі де жоқ сыңайлы. Тіпті, 2017 жылдың алғашқы алты  айының өзінде мемлекет­тік қызметшілер 1 млрд теңгеге жуық пара  алған.

– Ағымдағы  жылдың басынан бері пара  алғаны  үшін  900-ден астам адам ұсталды. Олардың  алған  параларының  көлемі әр­түрлі болып келеді. Бірақ, 1 миллион теңгеден кем емес,- дейді Мемлекеттік қызмет  істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орын­басары  Айгүл  Шаимова.

Яғни, жемқорлықты түп тамыры­мен жоя алмайтынымызды тағы да ұғындық. Әйтсе де, ел алдында жүрген шенеу­нік­тердің бұлайша шалыс басуына нендей себеп? Яки, олар «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген мәтелді жадына жақсылап тоқып алған ба? Әлде, «бермесең, алмаймын» дейді ме екен? Сауал­ көп, жауап жоқ. Ең қызығы, тұт­қындалып жатқан мемлекеттік қызметшілердің қатарында біл­дей басқарманың, не болмаса министрліктің лауазымдылары, тіпті, ауыл әкімдеріне дейін бар. «Айлығы шайлығына жетпейді» деп тағы да ақтап ала алмайсың. Десе де, жоғарғы жақ бұл қызметшілердің жалақысын 50 пайызға көтермек. Осы арқылы бүгінгі «дертке» дәру боламыз дейді ме? Кім білсін? Жалақы жоғары­ла­ғанымен, жемқорлықтың  жо­йы­латынына да сенім жоқ.

– Қосымша төлемді нәтиже көрсететін үздік қызметкерлер ғана алатын болады. Бағалау бойынша қызметкерлердің төрт категориясы болады. “Үздік”, “нәтижелі”, “қанағаттандырарлық” және “нәтижелі емес”. Қосымша төлемді тек “үздік” және “нәтижелілер” ала алады,- дейді Айгүл Шаимова.

Демек, бұрынғыдай еңбек өтіліне  және  лауазымына қарай жалақы төленбейді. Тек еліңе қандай еңбек сіңірдің, көрсе­тілген міндеттерді қалай іске асырдың, бір сөзбен айтқанда, қызметтегі жетістігің қандай, еңбекақың да сондай болмақ. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, егер қарамағындағы қызметкер жоғары жалақы алу үшін басшысына «конверт» ұсын­басына  кепілдік  кәне?!

Қызметте жүріп теріс «қылық»  көрсететін  жауаптылар  да жетерлік. Мұндайда дана қазақ «семіздікті қой ғана көтереді» деп бекер айтпаса керек. Креслоның буымен өзін-өзі ұстаудан қалған қызметшілердің қатары да қалың. Осы жылдың бірінші тоқсанында-ақ облыста 198 мемлекеттік қызметкер жауап­кершілікке  тартылған. Аз ба, көп пе, өзіңіз саралаңыз. Әйтсе де, мемлекет мүддесі үшін еңбек ететін қызметкерлердің адалдығы көрініп тұрса дейміз...

Асан  ДӘУЛЕТ

 


«БИЫЛ ДА БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ КӨҢІЛ КӨНШІТЕР ЕМЕС» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
27.07.2017 11:44

Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының  орынбасары,

Әдеп  жөніндегі  Кеңес хатшылығының  меңгерушісі:

- Берікбол Ұзақ­ұлы, әңгімемізді Әдеп жөніндегі Кеңеспен атқарылып жатқан нақты жұмыстардан бастасақ.

- Әдеп жөніндегі Кеңес – бұрынғы Тәртіптік Кеңестің жалғасы. Былтырдан бастап Әдеп жөнін­дегі Кеңес деп атауы өзгерді. Әрине, бұл тұрғыда біз өткен жылы  5  отырыс, биыл  және 7 отырыс өткіз­дік. 24 мәселе қаралды. Оның 11-і мемлекеттік қызмет­шілер­дің тәртіптік істері болса, 6 мәселе­ бо­йынша мемлекет органдарының басшылары, аудан әкім­дерінің есебін тың­да­дық. Бір мәселеде әдеп жөніндегі уә­кіл­дің есебі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдердің қорытындысы айтылса, 5-еуі – өзге де мәселелер. Биыл өткен жылмен салыстырғанда тәр­тіптік істер аз. Дегенмен, бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын бұзушылықтарының профилактикасына мән берілу жөнінде тапсырма берілген. Жыл басынан бері бірнеше аудан әкімдерінің есебін тыңдадық. Бірінші кезекте Қазалы ауданы әкімдігі. Не себепті? Өйткені 2016 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейі ең жоғары аудан – Қазалы. Осы түйткілге орай біз оларға бірқатар кемші­ліктерін айтып, жүйелі жұмыс жасау жөнінде ұсыныс бердік.

- Облыста қай салада сыбайлас жемқорлық көрсеткіші жоғары?

- Білім және құрылыс саласында. Облыстық білім басқармасы басшысының есебін тыңдаған болатынбыз. Өйткені, өкінішке қарай, өткен жылғы көрсеткіш бойынша біздегі білім саласы – республикада сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары сала. Өткен жылы білім саласында 9 қылмыс орын алған­. Оның ішінде бесеуі – бала­бақшада. Мектеп директорлары парамен ұсталған. Балаба­қшада көбінесе, мемлекет иелігіндегі қаржыны жымқыру, талан-таражға салу қылмысы орын алған. Биыл да білім саласындағы жемқорлық мәселесі көңіл көншітер емес. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша білім саласындағы қылмыстар саны өткен жылға қарағанда әлі де көп болып отыр. Бұл мәселе облыс әкімінің мәжілісінде де қаралды. Білім басқармасына қатаң тапсырма берілді. Осыған байланысты аталмыш басқармамен бірлесіп, біздің департамент барлық аудандарды аралап шықты. Мектеп директорлары, балабақша меңгеру­шілерімен кездесу өткізді. Осы түйінді мәселені олар жылдың басында жүргізуі керек-тін. Мәселен, мектеп директорлары былтыр техникалық қызметкерлерді жұмысқа алу үшін пара сұраған. Жаңақор­ған, Шиелі  аудандарындағы мектептерде осындай келеңсіздіктер орын алған. Айлық жалақысы 30 мың теңгеден аспайтын техникалық қызметкерлерді жұмысқа алу үшін 200 мың теңге, 250 мың теңге пара сұрау – өте әбес іс. Сондықтан біз білім басқарамасымен бірле­сіп, тиісті жұмыстарды қолға алдық. Техникалық қызметке­рді жұмысқа алу қоғамдық кеңестер, жергілікті қауым­дастықтарда қаралса деген­ ұсыны­стар көтерілді. Қарап отырсақ, мұндай  жұ­мыс­тарды облыстық білім басқармасы кеш қолға  алып отыр.

- Ал ауыл шаруашылық са­ласында нендей өзгерістер бар?

- Соңғы маусым айында Шиелі ауданының ауыл шаруа­шылық бөлімі басшысының тәртіптік мәселесі қаралды. Субсидияға байланысты. Мы­салы,­ заңдылығы бойынша субсидия төленуі үшін 50 бастан асқан аналық бас сиыры бар болуы керек. Ал осы заңдылықтар бойынша прокуратура тексерген кезде субсидия алған шаруашылықтардың көбісінде мал басы 50 басқа жетпеген. Яғни, 10 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз берілген. Осыны қайтару мә­се­лесі көтерілуде. Субсидия берген кезде құжаттардың шына­йылығын аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімі қарауы қажет. Сол себепті Шиелі ау­дандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына “қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту” түріндегі тәр­тіптік  жазаны  қолдану  жөнін­де  ұсыныс  берілді.

- Сонда  10  миллион теңге бір  шаруашылық  қайтаруы  тиіс  қаражат па?

- Бұл жерде 8-9 шаруашылық бар. Кө­бісінің қар­жы сомасы 1 миллион теңгеден асады.

- Сыбайлас жем­қор­лыққа қар­сы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия бойынша облыс көле­мі­нде қандай шаралар ұйым­дастырылып  жатыр?

- Еліміздің сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясатын түсіндіру бағытында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын­  алу бойынша, жалпы керект­і статистикалық мәлі­меттерді  атап  отырмыз.  Өткен жылы Қызылордаға Агенттік төрағасының орынбасары келді. Облыста  үлкен  жиналыс өткізді. Сол жолы соңғы кезде ұсталған басшылардың бейнеролигі көрсетілді. Онда жоғары­ басшы лауазымдағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері туралы айтылған. Осы  бейнежазбаны  көпшілік  жинал­ған жерлерде, көптеген кездесулерде көрсеттік. Мақсат – Қазақстан азаматта­рының заң алдында бірдей екендігін, заңды бұзғанның жазадан құтылмайтындығын  түсіндіру.

Биыл Агенттікпен сыбайлас жемқорлықтың алдың алу бағытында республика бойынша бірнеше жобалар іске асырылуда. Оның бірі «Парасыз болашаққа бірге» атты акция аясында мобильдік топ құрылды. Мобильдік топтың мақсаты – тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, еліміз­дің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатын, жемқорлық құқықбұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілікті түсін­діру. 2017 жылдың 6 айын­да мобильді топ жалпы  саны 10 398 адамды қамтыған 82 кездесулер мен 38 қоғамдық қабылдаулар өткізді. Сондай-ақ, «Есіктен есікке» жобасы. Бұл жарнама арқылы жемқорлыққа деген жауапкершілік жүгінің зор екенін көрсету. Осы ретте 1424 сенім теле­фоны  жарнамаланады. Сыбайлас жемқорлық әрекетін көр­ген адам осы байланыс нөмірі­не кез келген уақытта тегін қоңырау  шалуға мүмкіндігі бар.  Және  хабарласқан  азамат туралы ақпарат құпия сақталады. Қоғамдық қабылдаулар мен семинарлар, тұрғындармен кездесулер – осының барлығы сыбайлас жемқор­лықтың  алдын  алу, оған қарсы тұруға байланысты іс-әрекеттер тізбегі. Сингапур елінің құрушысы, сол елдің атасы Ли Куан Ю «Жоғарыда отырған басшылар сыбайлас жемқорлықтың барын білмейтін болса, онда олар оны жасырып отыр» дейді. Сондықтан әрбір басшы сыбайлас жемқорлықты өздері анықтап, оларды жою бағытында жұмыстар жасауы керек.  Білесіздер, Сингапур елі – қазіргі таңда өте жақсы дамыған, сыбайлас  жемқорлық көрсеткіші өте төмен елдердің бірі.

- Сингапур елі деп айтып қалды­ңыз, бұл – 2008 жылғы мәлімет. Сингапур – Азия елдеріндегі сыбайлас жемқорлық көрсеткіші ең төмен ел. Қазіргі уақытта қалай? Осы елдердің жемқорлыққа байланысты жұмыстары біздің мемлекеттің тәжірибесінде қаншалықты қолданы­лып  жүр?

- Соңғы  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  туралы заңға 6 мемлекеттің озық тәжірибелері енгізілді. Олардың сарапшылары қатысты. Мәселен, сыбайлас жемқорлық жағдайлары  туралы хабарлаған адамдар жайлы құпия ақпараттарды қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлықты өздері анықтау мәселесі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу – осыларды Сингапур елінің тәжірибесі деп айтуға болады. Сондай-ақ, АҚШ-тың мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға тыйым салатын нормаларды көздейтін тәжірибелері енгізілді. Мысалы, бізде мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға болмайды. Сыйлықтың көлемі 2 АЕК-тен (4538 теңге)  асып  кетсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, 50 еселенген айыппұл салу сияқты жазаға тартылады.

- Бұл елдерде сыбайлас жемқорлық төмен болуының  сыры  неде?

- Трансперенси Интернэшнл деген Халықаралық зерттеу ұйымы бар. Бұл ұйым әр елдегі сыбайлас жемқо­рлықты қабылдау индек­сіне байланысты рейтинг­  жүргізеді.

- Биылғы көрсеткішке тоқталсаңыз.

- Өткен жылғы деректер бойынша  біздің  еліміз  131-орында тұр. Осы жылы 102-орынға түстік деген ақпарат бар. Салыстырып қарасақ, біз ең жақсы көр­сеткішке қол жеткізіп отырмыз. Жемқор­лыққа мүлдем төз­беушілік  көзқарасы жоғары ондықтың бірінші орнында Дания, содан кейін Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция, Швейцария, Норвегия, Сингапур сияқты елдер­ бар. Сингапур осы алғаш­қы ондықтан үнемі көрінеді. Тәуелсіздік алған жылдарында ол ел де сы­байлас жемқорлық жайлаған мемлекет-тұғын. Алайда соңғы 30 жылда  олар  үлкен жетістікке  жетіп  отыр.

- Сингапур елі бұл жетіс­тікке қандай жұмыстары ар­қылы­   жетті?

- Оларда ашықтық, жариялылық бірінші кезекте тұрады. Екіншіден, сот жүйесінің тәуелсіздігі, бюрократтық рәсімдерді азайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді  анықтау. Одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға кеңінен көңіл бөліп жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жалақыларының жоғары, сыбайлас жем­қорлыққа қатысты жазаның қатаң болуы едәуір әсерін тигізе­ді. Әрине, ол елді бізбен салыстыруға келмейді. Ол шағын­ мемлекет болғаннан кейін барлық жерде камерамен бақылау күшті. Біздің елі­міз, Құдайға шүкір, кең байтақ. Ал біздегі барлық жерге бейнекамера орнатсақ, үлкен шығын болар еді. Дегенмен, осындай оң тәжірибелерді қолға алып отырмыз. Жемісін береді деп ойлаймын.

- Ашықтық, жариялылыққа байланысты қазір қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Осыған сіздің  көзқарасыңыз  қандай?

- Менің ойымша, ашықтық, жариялылық болуы қажет. Мәселен, біз меритократия (әділеттілік) қағидалары бойынша кеңінен шаралар атқардық. Конкурстардың әділ түрде өтуі басты назарға алынған. Байқаушы ретінде ҮЕҰ,  партия өкілдері белсен­ді қатысуы  қажет. Керек  бол­са­, БАҚ өкілдері де қатыс­қаны жөн. Бізге  бұқаралық  ақпарат құралдары өкілдері­нің белсенділігі қажет. Биыл өткен жылға қарағанда артты. Дегенмен,­ аса көп емес. БАҚ өкілдері әлі де белсенділігін арттырғаны абзал.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптас­тыруға байланысты облыс бо­йынша  семинарлар, кездесулер көп өткізіледі. Оның маңызы белгілі. Нәтиже  қандай?

- Нәтижесін біз бағала­маймыз. Оны әлеуметтік са­уал­нама жүргізу арқылы тә­уел­сіз  ұйымдар  бағалайды.

- Жемқорлықты  анықтауға көмектесетін тұлғаларға мемлекет тарапынан қанша қаражат  бөлінеді?

- Үкіметтің қаулысымен сыбайлас  жемқорлықты  анықтауға жәрдемдесетін азамат­тарға сыйақы беру көзделген. Былтыр 24 мил­лион  теңге  қаралса, биыл  27 миллион теңге бөлініп отыр. Мұны азаматт­ардың жемқ­орлыққа бейжай қарамайтындығының нәтижесі дер едім.

- Қазір мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы мәртебесі қандай? Және оны көтеру үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

- Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін көтеру керек­. Бізде тек сыбайлас жемқор­лықпен күрес ғана емес, жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі қолға алынып жатыр. Мемлекеттік қызметшілерге қызығушылық қазіргі таңда азайды. Өйткені мемлекеттік қызметке келетін азаматтардың саны бір жыл­дары күрт төмендеген. Әйтсе де кейінгі жылдары көбейіп келе жатқаны қуантады. Осы орайда үздік мемлекеттік қызметшілерді марапаттап, оларды БАҚ-та насихаттаса дей­мін. Өйткені қарапайым халық мемлекеттік қызметші­лердің қандай қызмет жасап жатқанын білмейді. Бәрінің көзқарасы сол, мемқызметкерлер  тиісті  артықшылықтар алып, жемқорлық әрекеттер жасайды дейді. Ал қаншама азаматтар өзінің қызметін адал атқарып жүр.

- Сыбайлас жемқорлық мәселелері туындамас үшін  мемқыз­меткерде  қандай  адами қасиет  болуы  қажет?

- Әрине, бірінші кезекте адал, таза болуы керек. Әділ шешім қабылдауы керек. Менің ойымша, параның өзінің адамгершілікке кері әсері бар. Мәселен, пара беруш­і  адамның  тұрмыстық қиындығы болуы мүм­кін. Ол соған қарамастан несиег­е  болса да қаражат табуға­ тырысады. Ал пара сұралмаса, сол ақшаны ол отбасының  керек-жарағына жаратар  ма  еді? Сол жағынан  алып  қарау  керек. Дінде де адал  еңбекпен нан табу­ға үндейді емес пе?

- Осы қасиеттер сіздің бойыңыздан қаншалықты табылады?

- Мен өзімді мақтағандай болатын шығармын. Бірақ мен өз қызметімде адал болуға, адамгершіліктен таймауға тырысамын. Бағаны жұртшылық айтар.

- Өтірік айтасыз ба?

- Өтірік айтпауға ты­рысамын. Әзілдеп айтуым мүмкін. Немесе отбасымда, екі адамның арасында ұрыс-керіс болмау үшін. Ал қызметімде қашанда шындықтың  жағындамын.

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Жазира  БАҒЛАН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары