Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
Шілде 2017

СПИННЕР: пайдасы мен зияны қандай? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
27.07.2017 11:31

Көзге көрінгенге тез үйірсектеп кететін әдетіміз емес пе? Батыстың қаңсығы мен таңсығын өгейсітпей, өзімізге еншілеп те аламыз. Тартыну мен қымсыну деген жоқ бізде. Бұлай деуге не себеп? Өткенді қазбаламай-ақ, соңғы кезде сәнге айналған спиннерді алайық. Алыпсатарлардың саудасын қыздырған осы бір ойыншық турасында не білеміз?

Соңғы кезде сұранысқа ие зат­тардың арасында көш бастаған алақанға­ сыятын аядай ойыншық десе­к сенесіз бе? Еңбектеген  баладан еңкейген қарт­қа дейін ермек қылады бұл затты. Интернет желісінде де толған­  жарнама­. Дүкен сөрелерінде де сіресіп тұр. Өндірушілер мен сатушылар халықтың қалтасын қағып, «антистресс» деп алдай­ды кеп. Ал, расынд­а солай ма? Дамыған елдер дүрмектей қорыққан ойыншықтың нендей сиқыры  бар? Ты­йым салын­ған темірдің біздің елде қолдан-қолға жетпей таусылуының сыры неде? Ақиқатын аңдайық...

 

ТАУАР   ТАРИХЫ

Алғашқыда ұшқалақ адамдарға арнайы­ дайындалған ойыншықтың атауы «Fidget spinner» болды. Кейіннен саусаққа арналған мини-жаттығу құралы ретінде таныла бастады. Осыдан кейін бір бағытталса, екі минутқа дейін тоқтаусыз айналатын құрал қолдан­ушылардың санын күрт өсірді.

Спиннердің тарихы Ренсселлер поли­техникалық институтында оқы­ған 65 жастағы химик Кэтрин Хэттингердің  есімімен  тығыз  байланысты. Осыдан ширек ғасыр бұрын ойыншықты Хэттингер өз атына патенттеп те үлгерген. Бастапқыда ойыншық ұшқалақ, қолды-аяққа тұрмайтын күйгелек балалар үшін арнайы шығарылған екен. Тіпті тынымсыздар үшін таптырмас құрал ретінде танылған. Ал кей жерде ойыншықты шығаруға Кэтриннің балала­рының  сирек кездесетін бұл­шық ет ауруымен науқастануы себеп деген ақпарат  бар. Дегенмен алғаш­қыда бұл ойыншық көптің назарын аудара алмад­ы. Ағымдағы жылы ғана әмбеге аян болды. Әлем елдерінде соңғы екі айдың өзінде 50 миллион данасы сатылы­п  үлгерді.

Мамандар  алақандай  ойыншықтан зиянның аз екенін алға тартып отыр. Десе де пайдасының да жоқ екенін жасырмады. Ал нарық баға­мында  алыпсатарлардың  айы оңынан туды. Бағасы да қолжетімді, қалтаға салмақ  салмайды дейді.

Қазір  ең  өтімді  тауарымыз – осы. Балалар да, ересектер де ебін тауып қолдануды  қалайды. Бағасы  біздің  қалада 800-2000 теңге аралығында. Ол заттың сапасы мен құрылымына қарай. Өтімділігі  жақсы болған  сайын, біз әкелеміз. Әйтпесе, халық қызықпаса, шығындалып  неміз бар? Біз әкелген ойыншықтардың сырты­ тегіс, пластикалық  түрле­рі. Керамикалық  тірегі  бар спиннерлер  ұзағырақ айналады, ал метал­л  тіректілер  баяу  әрі аз айналады. Балалар ең жеңіл плас­тикалық түрін алады­, себебі тез, әрі ұзақ айнала­ды. Мета­лдан, ағаштан, те­мірден, пластиктен немесе бірнеше металдың қосын­дысынан жасалған түрлері кездеседі, - дейді сатуш­ы (атын айтудан бас тартты).

ТҮЙІН. Аталған ойыншықтың адамның жүйке жүйесін  тыныштандыратын  қасиеті  бар  дейді-мыс. Енді бірі  психологиялық  ауытқушылыққа  алып  келеді деген­  пікірде. Ал біз біреудің ақшасын қызғанып, іштарлық етпеймі­з. Көңілге қонымдыны таңдауға кез келген адамның­  құқығы  бар.  Тек баламыздың  болашағын  сөз еткенде сан соғып, бармақ шайнап қалмасақ, игі. Сондық­тан  өзіңіз  таразылаңыз, оқырман!

Қ.ВЛАДИМИРҚЫЗЫ

 


 

Дәрігер  дерегі

Дара  ТҰРЫМБЕТОВА,

№6 қалалық емхананың педиатры:

– Халық өзі қызық қой. Тым еліктегіш. Көзіне көрінген нәрсені алмай тынбайды. Қалтасындағы соңғы тиынын да базаршылар мен қазаншылардың қолына ұстатып кетуден тайынбайды. Негізі спиннерд­ің  айтарлықтай зияны бар деген түсінік қате. Өйткені оның  құрамы  әлі  зерттелініп  болған  жоқ. Құрамында сынап бар ма, жоқ па, алдағы уақытта анықтала жатады. Бізді  толғандырған  мәселе – балалардың  жап­пай­  аңсарының  аууы. Бала  психологиясына  айтарлықтай­ ауыртпалық әкеледі. Айналмалы темірге телмірген жеткіншек алдымен психологиялық ауыртпалықты сезінеді, көз көруі семиді. Бір нәрсеге жіпсіз байланып­, айналдырып отыруды жөн көреді. Тіпті айналмалы бөлшектері  ажырап, денсаулыққа  айтарлықтай  зиян әкелгені туралы да ақпа­рат­ бар. Сондықта­н мейлінше мақтан қууды емес, ақылмен іс жасауды мақса­т  тұтайық.


Психолог  пайымы

Алтыншаш   ІСКЕНДІР,

№3 емхананың  психологі:

– «Баланың саусақ, буын жаттығуларын жасауына өте қолайлы құрыл­ғы. Стрестік жағдайдан арылуға да әсер етеді. Ашуланған кезде сабырға келуге, ренжу мен қобалжу сезімдерінен арылуға көмектеседі» деген пікір интернетте өріп жүр. Тіпті, ғалымдардың пікірінше, осыдан  кейін балалар қолын қытырлатуды, тырнағын шайнау мен үстелді тарсылдатуды азайтады екен. Десек те, алғашқы өндіруші АҚШ-тың өзінде оқушыларға спиннерді пайдалануға тыйым салынған. Яғни мектептерге әкелуге рұқсат берілмеген. Негізі адам психологиясы, оның ішінде баланың психикасы өзгергіш, құбыл­ғыш келеді. Эмоционалды тұрғыда сыртқы факторларды тез қабыл­дайды, сәйкесінше тез жиренеді. Сол сияқты көзді  қызықтыратын  ойыншықты  да әліптің артын бақпастан, алып үлгерді. Шынтуайтында, спиннер бала­ның ойлау қабілетін тежей­ді, бала айналмалы ойыншыққа қарағанда гипноз секілді басы айналып, ауырсынуды сезінеді. Көзі қарауы­тады. Сондықтан керексіз ойыншық деп білемін мұны. Керісінше, ертегі кітаптарын оқып, түрлі интеллектуалдық  ойыншықтарды  пайда­лан­са, құба-құп.

 


СЫНҒА СЫЛТАУ ІЗДЕП НЕ КЕРЕК? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.07.2017 11:28

«Сын түзелмей, мін түзелмейді». Біз осы жауыр болған мақалдың­ мағынасын әлі жіті түсінбей жүрміз-ау?! Негізінде, қателігіңді ұғыну мен сынды қабылдай алу – жақсы қасиет. Бекерд­ен-бекер ілікке сылтау іздемеңіз. Ал сын садағына ұшыра­дың ба, демек, жұмысыңда шикіліктің болғаны. Иә, рас, кейде орынсыз дүниелер қозғалып жатады. Дегенмен, бұрыс әрекетіңді дұрысқа шығару өскендігіңді  көрсетпейді. Керісінше... Олай деуге де себеп бар. Тарқатайық. Қазір әлеуметтік желіле­р арқылы  күніне мыңдаған жаңалықтармен сусындап отырамыз. Қажетті ақпаратты алып, керек емесін сүзгіден өткі­земіз. Мейлі ол шығармашы­лықтың адамы, мейлі ол әкім­дік­тің ресми парақшасы, мейлі ол әнші ме, басым бөлігі сынды қабылдай алмайды. Мойындайық. Мәселен...

Жақында ғана Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі мәдениет үйінің уақытша жұмыс істемей тұрғандығы туралы ақпарат жарық­қа шықты. Осыдан 2 жыл бұрын пайдалануға берілген бұл ғимаратта не жарық, не судың жоқ екендігі айтылды. Бақандай 147 млн теңге жұмсалған жоба жұрт игілігіне жарамай тұр. Бұдан кейін әлеуметтік желіде кенттің, ауданның жауаптылары бұл сыни материалды жоққа шығарып бақты.­ Кейбірі өз парақшала­рымен, енді бірі фейк (жалған парақ­ша. - ред.) парақшаларымен пікір қалдырған. Ең қызығы сол, басым бөлігі бейнежазбада көр­сетілген жайтқа шаң жуытпады. Десе де, атқамінерлердің айтары басқа.

 


 

Қызылорда  облысының  әкімі

Қырымбек  КӨШЕРБАЕВ:

– Халықтың түсінбегенін түсіндірейік, қарайтын  мәселесін қарайық, шешілмеген мәселесін шешейік. Шешілмейтін  мәселе­сін  шешілмейді  деп айтайық. Созбалаңға салмайық, нақты жауабы­н айтайық. Өтірік айтпайық, - деген болатын кезекті жиындардың  бірінде.


 

 

– 2015 жылы аймақ басшы­сының өзі келіп ашты. Одан кейін  мәдениет  үйі  жұмыс істе­ді. Қазіргі таңда мәдениет үйінің құжаттарын толық рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы себепті инфрақұрылымдар уақытша жұмыс істемей тұр,- дейді Сексеуіл кенті әкімінің орынбасары  Азамат  Жеңісұлы.

Бір байқағанымыз, кейбіреулердің көзге шыққан сүйелдей боп көрініп тұрған нәрсені нелік­тен жоққа шығаратындығы түсі­ніксіз. Міне, осындай жайттардың жиілеп кеткендігі қынжылыс тудырады. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ресми парақшалар сыни жарияланымдарды мойындағысы келмейтіндігі «қызық». Десе де, бұқараның көзі әлдеқашан ашылған. Сынға сылтау іздеп не керек?

Қоңыр  ҚАЗ

 


ЖАСЫРЫНҒАН ЖОЛ БЕЛГІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.07.2017 11:16

Бұған дейін жұрт жол патрульдік полициясы қызметкерлерін талай әзілге арқау етті. Мұны біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Ел айтады. Соның бірі «Жол сақшылары тал артында тығылып тұрады» дейді. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Десе де, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандарды масқаралағымыз кеп отырған жоқ. Әйтсе де, көңілді күпті кеткен кейбір олқылықтарды назарға ұсынбақ ниеттеміз.

Соңғы уақытта жүргізушілер тарапынан көше қиылысындағы жол белгілерінің дұрыс орналаспағандығы жиі айтылып жүр. Әрине, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Себебі жол белгілері – көлік тізгіндеген жүргізушінің негізге алар бағдаршамы. Қаладағы орталық көшелердегі жол белгілері кейбір жүргізушілерді әбден састырып отыр. Мәселен, Ы.Алтынсарин мен Амангелі Иманов көшесінің қиылысында орналасқан басты жолды белгілейтін жол белгісі елеусіз тұр дейді жүргізушілер. Яғни, анық байқалмайды, сондықтан осы маңда көлік қақтығысы жиі орын алатынға  ұқсайды.
– Рас, қаладағы жол белгілері дұрыс орнатылмаған. Ақ жолақтар дұрыс сызылмаған. Екіншіден, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда көбіне жүргізушілер кінәлі боп жатады. Алайда оған жаяу жүргіншілер де себепкер. Белгіленген аймаққа бармай, жолдың қақ ортасынан кесіп өтеді. Осыны жауапты сала мамандары қатаң назарға алса екен, - дейді тәжірибелі жүргізуші Мұхтар Оспанов.
Жүргізуші сөзінің жаны бар. Әйтсе де, басқа да жол белгілері мүлде көрінбейтін көшелер көп. Тіпті, кейбір көшелерде белгілер бар да, жаяу жүргіншілер өтетін жолақ жоқ. Қайталап айтайық, мұның соңы жақсылыққа әкелмейді. Оған кім кінәлі?

 

Қозы  Көрпеш   Жасаралұлы

 


ЖЕТЕКШІ САЛАНЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.07.2017 11:12

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көптің көкейіндегі аса ділгер мәселе­лерді толғағанына аға буын өкілдері дән риза. «Туған жер» бағдарламасы жүрек қылын шертетінін замандасымыз Арапхан да желдірте сипаттайды. Байқауымызша, өзінің ауыл-аймақ аманатына қолында күш, мүмкіндік тұрғанда аянып қалмағанын дәтке  қуат  тұтатын  секілді. 1989 жылы Ақбастыға, 1991 жылы Құландыға жоғары кернеулі электр желісін тартуға бар ынта-шынтасымен дедек қаға үлес қосқанына мың да бір шүкіршілік  айтады.

Маған оның жайбарақат сәті сирек­ сияқты көрінеді. Жол-жөнекейдегі асығыстыққа ұқсамайды. Ұзақ сонар әңгіме-дүкен құрсаң да, дидарынан белгісіз мазасыздық ұшқыны мен мұндалап тұрады. Бақсақ-көрсек, бұл дағды жаратылыстан емес, қалпелсіз қызметтік ұстанымнан туындайды екен.

Солай болуы заңды тәрізді. Аудандағы жетекші сала – энергетика­ тұтқасын отыз жыл бойы мығым ұстаған Арапхан Сұлтановта жайбарақат кез болмапты. Кабинетке сыймайтын, қала-даланы бойлаған бағаналардағы сым ызыңы құлағын шулататын жауапкершілік дабылы оны барынша­ сергек етіп қалыптастырды.

Бұлай топшылауымызға негіз жоқ емес. Өзі де ит арқасы қияндағы Ауанда туып-өскен. Майшам жалыны күйелештеген пиалайды ысқылап, білтені қайшымен күзеген, керосинді қауіпсіз тұсқа тыққыштаған аналардың түнгі жарыққа дайындығы естен кетер ме?! Электр лампасы жарқ еткен­де, әлеуметтің осы сала еңбеккерлеріне «көзің ашылсын!» деп сырттай батагөй тілегін арнауы қай құрметтен кем екен?! Ал зауқайым жарық өшкенде, абыр-сабыр күй кешет­ін мыңдардың әттегенайы дықсыз өкінішке айналып кетпей ме?!

Медальдың екі жағы сияқты осы тіршілік қағидасы Арапханға еш­қашан арқаны кеңге салдырмады. Тапсырма нақтылығы, күтімдарлық оның басты талабы болды. Қызметкерлерді жұмысқа тасымалдайтын сықырлауық ескі автобус, апаттық жүріске митыңдап жорғалайтын қысқа қорапты жүк көлігі, ауыр жүктен өркеші жауыр болған түйедей талтақ кран әлі күнге энергетиктердің «тілалғыш тұлпарындай» көзге  оттай  басылады.

Не болса соған ауыз қышытпайтын шыдам мен шебер ұйымдастырушылық Сұлтановты талай сында сүріндірген жоқ. 1981 жылы аудандық электр жүйесі басшылығына бекіті­лгенде, тосылтқан бір ауыз қатқыл­ сұрақ әрқашан тік тұрғызады. «Өлетін жеріңді білесің бе?», - деген аудан басшысы Бодаш Уәлиев­тің сол суық сөзі оны тоқмейілсу, оқшаулану  дертіне  жолатпады.

Жауабы да есінде, нәтижесі де нәрлі. Ол тұстары қалаға ауызсу Аман­ө­ткел құбыры арқылы жеткізілетін. Ондағы насос станциясы жұмысында үзік болмауы шарт. Сол үшін Арапхан­ Аманөткелге үш бірдей тараптан: Қазалы-Райым, Бөген және Арал желіле­рі арқылы электр қуатымен нығайтуға  күш  салды. Сарыбұлақ суы еншімізге тигеннен соң да өндіріс атаулыны өркендету күн тәртібінен түспейтін төте тапсырмаға айналды.

Білім, емдеу орындары, халықтың күнбе-күнгі сұранысын өтейтін барлық жүйенің іркіліссіз жұмыс істеуі­не аудандық электр жүйесі кепілдік етті. Жүздеген тірек бағана, мыңдаған шақырымдық айналым жасататын ағымдағы және жедел жөндеу жұмыстары, 200-ден астам қосалқы стансаның қалыпты қызмет ырғағы басты назарда тұрды. Дария мен теңіз жағалауы, қыр бетінің дәулеті артып, сәулеті жарасқанын аңсайтын Аралды нұрландырған Арапхан Сұлтановтың ағеден пейілінде қалпел болмаған. Құрметті еңбек демалысына шыққа­лы, төл ұжымына деген ықы­ласы еселене түскендей. Жүдә, сала майталмандарының  мәртебесін  көтеруге қозғау салып та қояды.

Қалам ұстағанға әр кейіпкер өзінше ыстық. Жазбағың мен айтпағың үнемі бір қазанда қайнай бермейді де. Жетпісті ойнап жүріп бағынд­ырған Арапханның келесі белес­терін де жетекке алатынына күмәніміз жоқ. Жады мықтылығын, қағазға пісенттілігін байқатқан бір дерекке арнайы бұрылмасқа амалымыз қалмады.

Кезекті кәсіби мерекеміз тұсында арқамнан қағып, басын шайқады. «Сен жазған баяғы сын мақала ойымн­ан кетпейді»,-деп қысыла күлімсіреді. Жүзінен нұр есіп тұр. Өкпелік емес, ризашылыққа жол берген­. Есесіне, мен ұмытыңқыраппын. Келесі күні жеке архивіне жүгіндірді.

Сарғайған газет қиындысы. «Толқы­нның» 1999 жылғы 5 тамыздағы санында «Жеті жүз күн жарықсыз» деген мақалам жарияланыпты. Рубрикасы айқайлап тұр: «Шалғайдағы ауылдың шамы қайда?». Қосымша тақырыптық шендестіру де тым өткір: «Жіңішкеқұмдықтар жаңа ғасырға майшаммен  бара ма?!».

Автор емес, оқырман ретінде өз мақалама шұқшыла көз жүгірттім. 1997 жылдың қазан айында «Абай» мен «Жіңішкеқұм» арасындағы  70 шақырымдық электр желісіне мыс қарақшылары жаудай тиген. 16 шақырымдық үзік қашықтағы ауылдың үмітін үзген. Қиқаланған 12 тонна сым тәркіленгенімен,  желіні қалпы­на­ келтіру  бітпейтін шаруаға айнал­ған.­ Біз  соны дабылдатқанбыз.

Сөгіс естімеген Сұлтановқа бұл мақала маза бермепті. Аудан әкімі Айтбай  Көшербай  дереу «Қызыл­орда  жарығы»  консорциумына жедел­  ұсыныспен  шығады. Олар  бар ауыртпалықты  өзіне  жүктейді. Ішкі мүмкіндікті қарастыруға еркіндік береді.

Енді Арапханның жұмыс дәптері сөйлесін. 12 күнде «Мұзбел»  қыр­қым  пунктіне  тартылған  желіден 251 бағана суырылып алынған.  18 күнде үзілген желі бойына тасылған. Екі аптада тіректер қойылады.       9 күнде 12 шақырымдық желіге сым тартылады. Бас-аяғы 56 күнде 700 күн жарықсыз қалған Жіңішке­құм ауылында электр шамы қайта жар­қырады.

Бұл жерде аудандық электр жүйесінің Қанағат Әбибуллаев, Жалғас­  Өтешов, Бақтыбай Өтеулиев бастаған бесаспап мамандардан құралған тындырымды топтың жансебіл еңбегіне бәрекелді дейсің. Ал, мектеп директоры Тойбазар Төле­баевтың ұйытқылығымен ауыл жанашырларының энергетиктерге жасаған  рухани және қаржылай қолдауы­на бас иесің. Ақшалай көмек, ауылдағы бүкіл техниканы жұмылдыру, жөндеуші құрамға төрінен жай беріп, 1 жылқы, 1 сиыр, 13 жандықты ауқатына жаратуы қандай ынтымақ десеңші!

Аудан энергетиктерінің ұстаханасы іспеттес  берекелі мекемені өрге сүйреген Арапхан Сұлтанов болса сол баяғы әскери пошымда. Қошы келгенде, қуақы қалжыңға да орнымен ойысады. Әнші Абай Бегейдің және кубалық қараторы жігіттердің «Аспанға қараймын, жұлдызды санай­мын» деп екпіндететін қайырмасына басқаша ыңыл қосады. Иә, энергетиктер де аспанға қарайды. Дауыл мен жауын, боран мен долы желден  қорғалақтайды. Жатса-тұрса бағаналардың  билемеуін,  сымдардың  үзілмеуін тілейді.

Ал, жұлдызға келсек, жетпістің жотасынан шыққан Арапхан той лүпілін сездіруші жан жары Күлпаш­қа, алтын асықтай ұл-қыздарына, олардан өрбіген немере-жиендеріне­, қала берді, алыс-жақындағы ағайын­ға, әріптестеріне аңсау сезіммен сағы­ныш сәулесін арнайды.

Омырауына айбар реңкін сыйлаған кәсіподақтар сыйлығының лауреа­ты,  үш  мәрте қалалық кеңес­тің, соншама шақырылым аудандық мәслихаттың депутаты, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі» төсбелгілері, Тәуелсіз­діктің  мерекелік  медальдары сың­ғыры мен шұғыласы мінбеге емес, тілекші қауым арасына дереу сіңіп кетуге асықтыратынының өзі жарасымды.

Жаңабай  КЕМАЛ,

Арал  қаласы

 


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ ІРГЕТАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.07.2017 11:06

Елбасы, Ұлт көш­басшысы Н.Назар­баев «Қазақстан-2050» стратегиясында жаңа қазақстандық патриотизм – көпұлтты және көп­конфессиялық қоғам табысының негізі екендігін атап көр­сеткен болатын. Бұл бағыттағы  басты мақсат қоғамдық келісімді сақтау және  нығайту  болып табылады. Ол – мемлекет, қоғам, ұлт ре­тіндегі өмір сүрудің айнымас шарты. Мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік бергенде ғана елімізді сүйеміз және мақтанамыз. Осы тәсіл арқылы патриотизмді және оны  тәрбиелеу  мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарас оянып, жаңа  қазақстандық  патрио­тизм  құндылықтары  қалыптасады.

Бүгінгі таңда патриотизмді  қалыптастыру мәселесін зерттеу қазіргі қоғамның дамуы үшін теориялық және  тәжірибелік  маңызды екеніне күмән жоқ. Өйткені ол қоғамның бүгінгісі мен келешегін анықтайтын қозғаушы және біріктіруші факторлар қатарына жатады. Патриотизм мәселесімен терең тамырлас, құрамдас болып, байланысты дамитын ұғымдарға Отан, ана тіл, жер, ұлттық мәдениет, ұлт­тық идея, ар-намыс, ұлттық мүдделер және тағы басқалар  жатады. Қазіргі таңдағы рухани дамуымыздың маңыздылығына ие болып отырған  өзекті мәселелер­дің бірі – қоғамда патриотизмді  қалыптастыру.

Азаматтарды отансүй­гіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кең көлемде дамуына, ана тілі­мізді арындай сақтауға, ел бірлігін  нығайтуға  атсалысу­ негізгі мәселелердің қатарында. Елдің рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, отансүйгіштік, ұлтжандылық, елжандылық сынды қасиет қалыптастыру тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы­ үшін айрықша маңыз­ға ие. Патриотизм түсінігі кез келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтың ғасырлар бойына тұтастығын қамтитын құбылыс екендігінде дау жоқ. Осы себептерге байланысты еліміздің қоғам мүшелерін біріктірудегі негізгі фактор және тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекет­тілікті бекітуде патриотизм­нің орны зор. Сондықтан қазіргі жағдайда қоғам мүшелерін рухан­и-адамгершілік және патрио­ттыққа тәрбиелеу – қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе.

Мемлекет басшысы Стра­тегияда «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алды­ндағы жалпы жауапкер­шілігі» деген болатын. Негізгі бағыттары қатарындағы жаңа қазақстандық патриотизм; барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі; қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы; мәдениет, дәстүр және даралық; ұлттық интеллигенцияның рөлі; ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін мәселелері  бойынша нақты тапсырмалар  жүктелді.

Тең құқықты, тең мүмкін­діктерді иеленген қазақстандықтар көпұлтты қоғамдағы барлық этностық әркелкіліктерді біріктіре алады. «Жаһандану дәуірі – көпұлтты мем­лекеттер дәуірі», - деп Ұлт көшбасшысы  нақтылағандай, «барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбіт­ші­лік пен келісімде өмір сүру барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт».

Осыдан он бір жыл бұрын мемлекет басшысы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ұлттың бәсекеге қабіле­ттілігінің аса маңызды шарты­ – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім», - деп пайымдайды. Ұлт көшбасшысы қазақстандық патриотизм сияқты ұлт табысының маңызды құрамдасына тоқталып кетеді. «Бұл – өз Отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет, әркімнің өз күш-жігеріне деген сенімі мен барша қоғамның топтасуы. Бұл – бүгін тұрғызылып жатқан өз еліңнің тарихына қатыстылықтың және оның болашағы үшін жауаптылықтың жоғары сезімі. Бұл – әрбір қазақстандықтың табыстары үшін мақтаныш және қандай тұрғыда болға­нына қарамастан өз салаңда табыс­тарға қол жеткізу ниеті. Және бұл табысты әркім Отанына бағыштап, әлемде оның даңқын асыруы, беделін көтеруі тиіс. Патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Біздің әр азаматтың табысы және халық­аралық тұрғыда мойындалуы – бұл баға жеткізгісіз капитал, барша қазақстандықтардың мақтанатын нәрсесі және байлығы екендігі сөзсіз. Осындай үлгілермен ұлттың рухын көтеру­ керек! Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату. Мен сіздерді осыған шақырамын».

Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы мәселелері бойынша қазақ тілінің рухани негізділігі, жаңа буынның қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасау шара­ларының қабылданып жатқа­ндығы баян болды. Бұл идеяны тұңғыш рет Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында көтеріп, үш тіл білу жастар келе­шегіне қажеттілігін айтты. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында президент «Тілдердің үш­тұ­ғырлығы» мәдени жобасын кезең­деп  іске асыруды ұсынды. Президент Ұлт болып шешу­ге тиісті принцип ретінде 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді айтты. Мұны Мемлекет басшысы атап көрсеткен Қазақ Мемлекеті атану негіздерінің бірі деп санайм­ыз.

Мәдениеті мен дәстүрі бір-бірімен біріккен және толықтырып отыратын қоғам – мемлекет бірегейлігінің көрсет­кіші. Қазіргі әлемде халықтық көркем шығармалар, ұлттық спорт түрлері, фольклор, ұлт­тық  медицина  мен  педагогика, мерекелер  мен салт-дәстүр сынды мәдениеттің дәстүрлі түрлеріне мән беріліп жатыр. Мұны ұғыну арқылы адамзат мәдениеттің рухани қайнар-көздеріне терең бойлайды. Біздің төл мәдениетіміз мыңдаған жылдар шеңберіндегі көшпенділер  ортасында, Еуразия  құрлығының  орталығында дүниеге келді. Ұзақ кезеңдерден өткен, отырықшы тұр­мыстың жаңа қағидаларын сіңіре отырып жоғары дамыған көп құрылымды мәдениетіміз өз тілі мен салт-дәстүрлерін сақтап, қазақ халқының құн­дылықтары ретінде дамуда. Соны­мен бірге, халқымыздың генетикалық  толеранттылығы қазақстандық мәдениеттің бастау­ы  болып, мейірімді қазақ жерінде өмір сүріп жат­қан жүз отыздан астам этностар ерекшеліктерімен сана­сады. Қазақ елінің тәуелсіздігі саясат, экономика, әлемдік  қауымдастықтағы  рөлінің  өсуіне­ ықпал етуімен қатар, мәдениетіміз­дің  дамуына  жол  ашты.

Стратегиялық  бағдарламада Елбасы ұлттық интеллиген­цияның рөліне ерекше тоқталды. Қазақстан халқының бағыт алып, бой түзеуге тиіс заманның жаңа қаһармандарын таны­мал ету қажеттілігіне назар­ аударды. Осы мәселе тұрғысында «Біз мемлекет­тілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп  отырмыз. Рухани дамуда­ негізгі рөлге әрқашан интел­лигенция ие» делінген. Елбасының  пікірінше, 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы  болуға тиіс және бұл жолда интеллигенцияның орны ерекше. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс. Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек. Интеллигенция менің пайымдауымдағы «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағыты негізінде ел бо­лаш­ағының ментальді, дүние­танымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс», - деп сенім білдіреді.

Бүгінгі Қазақстан – 40-тан астам конфессия өкілдерінің 3000-нан жоғары діни бірлес­тіктері және 2500-ден көп діни ғимараттары бар поликонфессионалды мемлекет. Тәуелсіз Қазақстанда соңғы жылдары дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғандығын Президент Н.Назар­баев атап көрсетті. Сонымен қатар, Ұлт көшбасшысы: «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі  ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», - деді. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар екендігі сөз  болды.

Сонымен қатар, Ұлт көшбасшысы экстремизм мен терроризм төңірегінде:

-  Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризм­нің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы бір­тұтас шеп құруға тиіс. Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде. Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрес­сиялы  және  қырып-жой­ғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек», - деп мәлімдеді.

Жалпы, патриотты тәр­биелеу – отбасы, орта мектеп пен жоғары мектеп, ұжым, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құрал­дары секілді әлеуметтік орта нысандарының объективті факторларының ықпалы мен индивидтің рухани-тәжірибелік қызметінің субъективті шарттарында орын алатын әлеуметтік процесс. Патриотизмге тәр­биелеу жұмысы – мем­ле­кет­тілікті бекітудің және елі­міздің қауіпсіздігі мен тәуел­сіздігін қамтамасыз ететін негізгі шарттардың бірі. Бұл шара жүйелі түрде жүріп, саяс­и әлеуметтенудің инс­титуттары арқылы өз бағыт­тарын  айқындауға  тиіс деп ойлаймыз. Пат­риоттық рухта тәрбиелеу сөзбен немесе кез келген шара­мен қалыптаспайтындығын ұғына отырып, пат­риот адамдардың айналада болып жатқан жағдайл­арға қарап отансүй­гіштік орын алатындығын түсінгені аб­зал.­ Егер олар дұрыс, жақс­ы өмір көрсе, егер еңбегі мен зейініне құрмет көрсе­тіл­ге­нін сезінсе, әлеуметтік жүйе әділетті жүрсе, жағымды пікір қалыптасады. Аталмыш қажеттіліктерді адамзат сезінбесе, қаншалықты әдемі сөздер мен шаралар өткізілгенімен, оның көз­бояушылық қасиетін халық сезінеді. Сондықтан стратегиядағы  басымдықтар еліміз үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденудің «алтын ғасыры» болатын кезеңд­егі көздеген мақсат­тарға мін­детті түрде жеткі­зетіндігіне  Қазақстан  халқы толықтай сенімді.

Ботагөз  ПАРИДИНОВА,

философия  магистрі,

«Болашақ»  университетінің аға  оқытушысы

 


ҚАН ҚЫСЫМЫНАН ҚАУІП БАР... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.07.2017 11:03

Біле  жүріңіз

* Жүректің ишемиялық ауруы – жүрек бұлшық етін қамтамасыз етіп отыраты­н  қан  тасымалдаушы  тамырлардың  зақымдалуы;

* Бас қан тамырларының ауруы – миға қан тасымалдайтын тамырдың зақымдалуы;­

* Перифериялық артерия ауруы – аяқ пен қолға қан тасымалдайтын қан тасымалдауш­ы  тамырлардың  ауруы;

* Ревмокардит – стрептокок бактерияларының ревматикалық шабуылының  нәтижесінде жүрек бұлшық еті мен жүрек клапанының зақымдалуы;

* Туабітті жүрек ақауы – баланың дүниеге келген шағынан жүрегінің деформациял­ануы.

Күнделікті тұрмыста сан алуан сырқат түрін кездес­тіруге болады. Қазіргідей қат заманда біріне ем табылса, бірі айықпас ауруға айналады. Хош. Соңғы уақытта дүниежүзіл­ік  денсаулық  сақтау ұйымы жүрек-қан тамырлары ауруларының  дендеп  кеткенін  айтып, дабыл қағуда. Тіпті бұл аурудан қайтыс болатындар саны Қазақстанда да едәуір артқан. Себебі дерт даму үстіндегі һәм дамушы елдерде өте шапшаң қарқын алып отыр. Ал мұны көпшілік ғалымдар өркение­т пен ірі қалалар ауруы, қызу қарбалас, қым-қуыт өмір ырғағымен жүріп, еңбек пен демалысты кейінге ұдайы ысырып­ отыратын өмір салтымен байланысқан ауру деп санайды. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Тағы бір зерттеулерде 2020 жылға қарай даму жолындағы мемлекеттерде аталған дерттен көз жұматындар көрсеткіші 70-80 пайызға жетеді делінсе, 2030 жылға дейін 23,3 млн адам осы дерттің тырнағына іліну қаупінің бар екендігі айтылады. Сандар солай дейді. Қорықпасқа амал жоқ. Бізде де бұрынғымен салыстырғанда бұл дертке­ шалдығушылар саны соңғы бірнеше жылда 7-8 есе өсті. Ал дәрігерлер дерттің дендеп кетуіне халықтың өз денсаулығына салғырт қарауы себеп болып отырғанын айтады. Майлы тамақ, күйзеліс пен жат әдеттер әдетте­ айықпас дерттің алғашқы қоздырғыштары екенін де назарға  салды.

– Расында, соңғы  жылдары қан айналымы жүйесі  аурулары, оның ішінде жүрек-қан тамыр­лары  ауруы  әлемдік  деңгейдегі  эпидемия сипатына еніп келеді десек артық айтқандық болмас. Бүгінде бір ғана №6 емханада жүрек-қан  тамыр ауруларымен тіркелгендер саны 3000-ға жетіп жығылады. Ал жүректің  ишемиялық дертіне шалдыққандар 1000-нан асады. Жыл басынан бергі сандарды сөйлетсек, артериялық гипертония дертімен тіркелгендер 300 науқас десек, ишемиялық жүрек дерті бойынша 130-150 адам есепте тұр. Бұл көрсеткіш жыл сайын артпаса, кемімейді. Жалпы, біз қаузаған дерт неден болады? Темекі мен алкоголь, дұрыс тамақтан­бау, жүйке жүйесінің шаршауы, ас мәзірінде майлы тамақтың мол болуы, физикалық бәсеңдік пен семіздік аталмыш ауруға әкеп соқтырады. Әр адам – өз денсаулығының сақшысы­. Дәрігердің көмегіне жүгінбес бұрын, салауатты өмір салтын ұстануға, жеген тамағы мен қозғалысын жіті қада­ғалай алуға өзін-өзі дайындағаны дұрыс, - дейді №6 қалалық емхананың  бас  кардиолог-дәрігері Таир Белгібаев.

Қазақ халқы негізінен қуатты, нәрлі тағамдарды тұтынады. Қазір қай үйге барсаңыз да, алдыңызға бір табақ ет қояды. Етсіз, құр шөп-шаламмен, жеңіл-желпі тамақтанғанды қазақ еш жаратпайд­ы. Ал қазақ жейтін ауқат сіңімділігі жөнінен адамнан­ көп қимылды талап ететіні белгілі. Әрине, бұдан «ет жемеу  керек» деген қорытынды шығарып та жарытпаймыз. Ең бастысы, жеген тағамының құнарын бойынан дене еңбегі, қимыл-қозғалыс арқылы шығара білу. Әйтпесе біз түскі аста да, кешкі мәзірде де етті тамақты қорек қылып, оның дұрыс қорытылмай тұтастай бойға таралуына жағдай туғызамыз. Екінші жағынан адамның көңіл күйіне экология, қоршаған ортаның жағдайы да қатты әсер етеді. Бұл да жүрекке артық салмақ.

– Менің  жүрегімнің сыр бергеніне 3-4 жылдай уақыт  болды.  Содан бері ұдайы тексеріс пен бақылауда боламын. Осы емханаға тіркелгенмін, келіп қажетті ем-дом аламын. Маған қойылған диагноз – жүректің ишемиялық ауруы. Қан қысымым тез жоғарылайды. 30 жыл болды, әлі солай. Кейде 240-қа дейін көтеріледі. Бұл – өмірге аса қауіпті құбылыс деген сөз. Әрине, мұндай дертке дер кезінде ем жасалмаса, ақыры не болатынын ешкім болжай алмайды. Ұдайы дәрілер, системамен жүремін. Қажет болса, ота да жасатамын, - дейді қала тұрғыны Сабибулла Сыздықов.

Дәрігер мамандар қан қысымы жоғарылаған кезде дер кезінде­ ем-дом шаралары жүргізілмесе, соңы неге апарып соқтыра­тынын жақсы біледі. Инфаркт пен инсульт. Әдетте, жүрек пен миға баратын тамырлар бітеліп қалған кезде мазалай­ды. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруының алғашқы ескерту­і  десек, дұрысырақ  болар. Адам  инфаркт  алғанда кеуде­  жасушалары ауырады. Қол мен сол жақ иық ауырып, шынтақ, жақ  немесе  арқада  жайсыз  жағдай  туындайд­ы. Кейде  бетіңіз де жансызданады. Көз көрмей қалу қаупінің бар екенін де дәрігерлер жиі айтады. Сондықтан айықпа­с  дерттің  алғашқы  белгілерін сезсеңіз, дереу дәрігерге қарал­ғаныңыз  абзал. Ең  бастысы,  әрбір  азамат  аурудың  алдын­ алуы  өз қолында екенін жете түсінгені ләзім. Ал мемлекеттік  билік  соған  барынша  жағдай  жасаса  болғаны.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 


ЖЫЛДАР мен ЖОЛДАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.07.2017 11:00

Жасы ағымдағы жылы 80 жастың сеңгірінен асқан бір кездегі озат жүргізуші Қайып ағамыздың кіндік қаны тамған кіші  Отаны – Арал ауданында­ғы Бөген  ауылдық  кеңесі, Қарашалаң  балықшылар  колхозы.

Кезінде «Миллионер» колхоз атанып, сол тұстағы әйелдер арасынан алғаш рет бас­қарма болған Ұлбибі Балым­бетова­ның ұсынақты істері академик жазушы Сәбит Мұ­қановтың қаламына іліккенін білетіндер қазір арамызда сирек­. Міне, осындай «стахановшы  балықшы» атанғандардың қатарында Қайыптың әкесі, ағалары да болғ­ан  көрі­неді. Тіпті, өзі де сол бір озат балықшыларға  ілесіп  солтүс­тік Арал теңізінің «Тікаша­», «От  қайық»  тұста­рынан  балық аулағанын са­ғынышпен  еске  алады.

– Мен тек әкем балық аулағанда көмекші болғаным бар. Соның өзі мені балықшы кәсі­бін құрметтеуге  үйретті, - дей­ді әңгіме  арасында  ағамыз.

Қайып ағаның әкесі Сүлеймен, атасы Есен де – 1921 жыл­ғы пролетариаттың көсемі Ленин­нің әйгілі хатына үлес қосқан аралдық ержүрек балықш­ылар қатарындағы қаһарман адамдар. Онан әрі­дегі әулет тарихы тіпті қызық. Қайып ағамыздың үлкен атасы Есенбай ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен тұлға. Заманында би атанған, Хиуа ханының жарты мөріне иелік еткен, №19 ауылда билік иесі болған адам екен. Сонан да шығар замандастарының, қатар жүрген құрдаста­рының «тектінің тұяғы», «би­дің баласы» деп дәріптейтіні. Десе дегендей, сексен жастың сеңгіріне шықса да денесі ширақ, бойы тік, ойы айқын. Аяғын алшаң басып қашан көрсең де қоғамдық жұмыстан қол үзбей жүрге­нін көресің.

– Аға, балалық шағыңызды еске аласыз ба, сол бір тамаша дәурен несімен ерекше болды? – дейміз біз.

Қайып аға баяғы байсалды қалпын  бұзбай, қашанғысынша  жайбарақат  тіл  қатады.

– Менің туған жылым қиян-кескі алапатқа толы болды ғой. Алаш тарихында қара таңба боп жазылып қалған сол бір 1937 жылы Бөген ауылдық округіне таяу «Тәуір» деген жерде жарық дүниеге келіппін. Ауылдағы көзі ашық, көкірегі ояу небір жайсаңдардың талайы мен туған жылы нақақ жаламен ұсталып, босқа «ха­лық жауы» атанған. Кейін біл­дік қой Бөген ауылынан 60-тай адам осындай жаламен атылып, қалғандары ширек ғасырдай уақыт темір тордың аржағында тозақта отырғандарын...

Айтса  айтқандай, атышулы отыз жетінің от-жалынында жарық дүниеге келіп, балалық бал дәурен шағы сұрапыл соғыс жылдарына душар болған Қайып аға аттай 63 жыл жүрек түкпірінде сақтаған, адам баласына ашпаған сырын осыдан оншақты жыл бұрын ашуына тура келген. Ол туралы оның өзі былай  дейді:

– Соғыстан кейінгі аш-аламан­ уақыт. Киер киім, ішер ас жоқтың алды. «Тәуір» деген жерде отырамыз. Жасым он бірде. Ауылда мектеп, дүкен, балық қабылдау пункті, біраз үй бар. Бастауыш сыныпта оқитын едім...

Онан әрі Қайып аға 63 жыл ішінде дерт болып жатқан сырын ашпаққа Бөген ауылындағы Жұпан Тәжімбетовтың отбасына барғанын, ауыл адамдарын жинап, болған жайды төмендегідей жеткізгенін айтты.­

...1948 жылы он бір жастағы ауыл мектебінің оқушысы Қайып ағамыз күн суытқан сайын аяқкиім жоқтықтан қысыла бастады. Әуелгіде шөп үстімен жүгіріп барса, енді жерге алақанат қар түскенде шынымен қысылайын деді. Не істеу  керек?

Бала Қайып балалықпен бір күні ауылдағы Жұпан ағаның дүкеніне ұрлыққа түседі. Қу жоқшылық не істетпейді. Оның зардабын кейін ес жинап­, етек жапқанда бір-ақ түсінеді ағамыз. Сонымен дүкен терезесінің бір көзін ағытып алып, сонан ішке түсіп өзіне қайым аяқкиімді сыртқа алып шығады. Сыртқа шыққан соң қорқып бір бұтаның түбіне көміп тастайды. Ұрлығы ашылып қалса, масқараның көкесі сонда болмақ. Әрі үйдегі адамдардың бұған тарпа бас салып, ит көрген ешкідей ежірейетіні анық. Сол аяқкиім ақыры киіл­мей жасырған бұта түбінде қала береді. Арада 63 жыл өткенде Қайып ағамыз Бөгендегі Жұпан ағаның отбасына келіп, ауыл ақсақалдарының алдында балалықпен жасаған білмес­тігін жайып  салады. Сол бір балалық қылығы үшін Жұпан ағаның отбасына келіп басын иіп, ат-тон айыбын төлеген бұл кісінің сөйтіп арқасынан ауыр жүк түскендей болған екен.

– Бұл басқаларға да сабақ болсын деп айтып отырмын, -дейді  Қайып ағамыз.

Адамгершілікке, адалдыққа негіз болатын бұл әңгіме «ешкіні бүгімен, түйені түгі­мен» жұтып жат­қандардың көкірек көзін оятса­,   қанеки.

Ауылдағы мектептен соң Қайып ағамыз Арал қаласындағы №13 орта мектепте оқып, үлкен өмірге жолдама алады. Осы қаладағы Үмбет деген нағашысы­ның үйінде жатып Аралдағы автомектепті тамамдап, аудандық автобазаға жұ­мысқа орналасады. Ол кездері мекеменің аты республика көлеміне өрлеп тұрған. Директоры атышулы Оразғали Ереке­шов, бас инженері Мұхамедияр­ Қаратаев еді. 10 жыл автокөлік жүргізген Қайып аға 1967 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударады. Сөйтіп №1 автотранспорт кәсіпорнына орналасып, одан әрі автокөлік баран­кісін мығым ұстайды. №1 АТП директоры Баянбай Сыздықов болатын. Кейін бұл меке­ме «Бірлік» автобазасы атанып, басшысы тамаша ұйымдастырушы марқұм Құр­манғазы Шамшаев болғанын жұртшылық жақсы білсе керек.

Баянбай Сыздықов, Құр­манғазы Шамшаев басқарған жылдары мекеме жұмысшы-қызметкерлері мерекелік шеру­лерде көш бастап, көше көркін қыздырған көрінеді. Арал автобазасында еңбек озаты­ атанып топ бастаған Қайып Сүлейменов №1 АТП-да да бауырынан жараған жүйріктей сол дағдысынан жазбады. Суреті ұдайы Құрмет тақтасының төрінде болса, өзі талай бесжылдықтың екпіндісі атанып, автокөлік кабинасының маңдайшасындағы «Ең­бек озаты» жалаушасы ел назарын еріксіз аударды. «Социалистік жарыстың 1974-1975 жылдардағы жеңімпазы» төс­белгісіне қоса, омырауында Ұлы Жеңістің әр жылдарғы мерекелік медальдары жарқырайды. Тыл ардагері санатында. Соғыстан соңғы жылдарғы халық шаруашылығын қал­пына келтіру мақсатында ол да қаршадайынан ескек ескен, балық  аулаған  адам.

– Шүкір, заманымыз тыныш, аспанымыз ашық, еліміз бейбіт, - дейді ағамыз жан-жағына­  маңғаздана  қарап.

Қайып аға өмірлік қосағы Жаңагүл Әлқуатқызы екеуі бақыт­ты шаңырақ иелері, 2 ұл, 2 қыздан бірнеше немере, шөбере сүйіп отырған ақ самай­лы ата, ақ жаулықты әже атанып  отырған  жандар. Жасы 80-ді бағындырса да қайраты қайтпаған Қайып ағаның жүріс-тұрысы ширақ. Орта бойлы, балуан денелі ағамыз артта қалған жастық шағын әрдайым сағына еске алады.

– Өмір адам баласына бір-ақ рет берілетінін әркім жақсы біледі. Жарық дүниеге келесің, жасарасың, қартаясың. Былайша айтқанда, ұлы өмір – «Бала­лық. Жастық. Қарттық» деп, жоғарыда айтқандай, қиын-қыстау кезеңге тап келді. Жастық шақ шіркін көктемгі жауқазындай лезде өте шығады екен. Мен сол бір бақытты сәттерімді сағынып жүрмін, - дейді қарттықтың ауылында баянды ғұмыр кешіп жатқан біздің кейіпкеріміз сөзінің соңында.­

Толыбай   АБЫЛАЕВ

 


АЛТЫНШЫ ТЕҢ ОЙЫН ӘЗІРГЕ АЛТЫЛЫҚТА ҚАЛДЫРДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
27.07.2017 10:36

ЖОЛСАПАР   ЖАЙЫ

Өткен жұмада, яғни 21 шілде күні кешкі сағат­ 19:00-де Қызылордада  Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның жанында 30-ға жуық жанкүйер жиналды. Бұл футболдан Қазақстан премьер-лигасының  XXI туры аясында өтетін “Ақтөбе”-“Қайсар” ойы­нына асыққан жан­күйерлер еді. 1000 шақырымдық жолды артқа тас­тап, “қасқырларды” қолдауды мақсат еткен жанкүйерлер, клуб қызметкерлері және БАҚ өкілдері санаулы сағаттардан соң көтеріңкі көңіл күймен көрші облысқа  аттанып кетті.

 

“АЛҒА, ҚАЙСАР!”

Әрлі-берлісі автобустағы әуелгі әңгіме танысу турасында бол­ғанымен, кейіннен ауаны бірден футбол тақырыбына ауысты. “Қайсардың” турнирлік кестедегі орны, футболшылардың ойын мәнері, әсіресе, легион­ерлердің аяқалысы, ҚПЛ-дегі өзге де командалардың нәтижесі, жанкүйерлік мәдениеттің жайы, т.с.с. тақырыптарды қаузаумен болдық. Сондай-ақ, елден арнай­ы ат басын бұ­рып бара жатқан соң, сүйікті командамызды бастан-аяқ қолдауға серттескендейміз. Тіпті, ұран ретін­де қалыптасқан, айтылып жүрген сөздерді қайталап, бір-бірімізді өзге ортада ұйымшылдық көрсетуге шақырдық.

 


 

Суретте: “Қайсар” ойыншысы Абдель  Азиз Ламандж

Стойчо  МЛАДЕНОВ,

“Қайсар”  ФК  бас  бапкері:

- Менің ойымша, “Ақтөбе” мен “Қайсар” жақсы футбол көрсетті. Біз ойынның бірінші бөлігінде басым ойнадық. Бірақ, екінші таймда гол жіберіп алдық. “Ақтөбе” гол соққан кезде босаңсымай, сақ ойнауымыз керек еді. Стадиондағы жанкүйерлерді көріп, қайран қалдым. Олар өз командаларын ойынның аяғына  дейін  қолдаумен  болды.


 

Владимир  МУХАНОВ,

“Ақтөбе” ФК бас бапкері:

- Әуелі бүгін жоғары деңгейде қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рақмет айтқым келеді. Өкінішке орай, нәтиже біз қалағандай емес. Біз жеңілген жоқпыз, бірақ жеңіске дайындалдық, жоспарлаған ұпайымыздан қағылдық.

 

 

ЖОЛДЫ  ЖАҚЫНДАТҚАН  ГОЛ

Екеуара диалогтың дені “Ақ­төбе”-“Қайсар” кездесуінің нәти­же­сін жорамалдау болғаны сөзсіз. “Қасқырлардың” турнирлік кес­те­де алтылықта табандап тұрғаны көпшілікке мәлім. Тиісінше, ба­тыс­тық ұжымның хал-ахуалынан хабар­дармыз. Көш соңында тұрса  да, ақтөбеліктерді қолдайтындардың қатары қалың екені де даусы­з. “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген бар емес пе? Сондықтан барынша жеңіспен оралатынымызға сенім білдіріп, “1:2, 0:1 секілді есептер тіркеледі” деп болжасақ, “тең есеппен тарқасады” деген ойдың болғанын да жасырып қайтеміз.

 

КӨҢІЛІ  ҚАЛМАҒАН КӨРШІЛЕР

14 сағаттық жолдан соң, Ақтөбедегі “Қобыланды батыр” атындағы орталық стадионның дәл қасынан табылдық. Енді қалғаны тағатсыздана күткен кездесу еді. Бірнеше сағаттан кейін алаңға ағылған көрермендердің санында шек болмады. Командалары соңғы орындарға жайғасса да, ақтөбеліктер қолдауын бір азайтқан емес. Қос команда арасындағы ойынға 11000-нан аса көрермен жиналды. Бұл  XXI турдағы барлық ойындар­ды тамашалаған жанкүйерлердің  жартысына жуығын құрайды. Сірә, жанкүйерлік деген осы шығар деген­ ойға қалдық. Атмосфера бөлек, көңіл сәл жабырқаулы...

 

КАПИТАННЫҢ  ҚОЛДАУЫ

Ойын басталмас бұрын “Қайсар” футбол клубының капитаны Мақсат Байжанов команданы қолдай келген жанкүйерлерге “Қайсар” атты жазуы бар мойыншал­ғыны сыйға тартты. Артынша көп күттірместен төрешінің ысқырығы естіліп, қос команда бір-біріне то­ласс­ыз шабуылдарын бастап кетті. Ойынның бірінші бө­лігінде “қасқырлар” басым болса, екінші таймда алаң иеле­рінің мықтылығы байқалды.

 

ДЖОННЫҢ  АЛҒАШҚЫ  ГОЛЫ

Сьерре-Леоне мемлекетінің тумасы әрі өз елінің ұлттық құрамасында ойнайтын қайсарлық аяқдопшы маусым басталғаннан бергі матчтарда белсенділік танытып жүр. Десе де, Камара біріншіліктегі алғашқы голын­ 18-минутта “Ақтөбе” клубына  енгізді.  Айта кетейік, бұл 25-ші нөмірде өнер көрсететін жартылай қорғаушының карьерасындағы  екінші  голы екен. Қазіргі таңда Джонға бірнеше клубтан ұсыныс түссе де, біз­ден  кеткісі  жоқ секілді.

 

ЖЕҢІСКЕ  ДЕГЕН  ЖІГЕР

Ойынның бірінші бөлігінде “Ақтөбе” футболшыларын біраз қысымға алғанымыз рас. Тіпті, кездесу тағдырын шешіп тастайтын да мүмкіндіктер келген еді. Өкінішке орай, Камараның голынан соң таблодағы көрсеткішке өзгеріс енбед­і. Үзілістен кейін алаңға беттеген қарсыластар ойын мәнерін басқа арнаға бұрғандай көрінді. Бұл бас бапкер Мухановтың көрегендігі болса керек-ті. Ойынның 72-минутында алаң иелері сапынан Обрадович мергендігімен таны­лып, таразы басын теңестіріп кетті. Сол-ақ екен, батыстық ұжымға­ жан біткендей. Кездесу  соңын­а  дейін “Қайсар” қақпасын мазалаумен болды.

 

ЖАЙЛЫ  ЖАНКҮЙЕРЛЕР

Матч барысында Қазақстандағы №1 жанкүйерлер ақтөбеліктер екеніне көзіміз жеткендей. Олай деуімізге себеп те бар. Өз алаңында ұпай жоғалтып жатса да, қолдау білдіріп, әндетіп сала бер­ді. Стадиондағы көрермендердің басым бөлігі  тоқсан  минут  бойы­на­ тік тұрып әртүрлі әрекеттерімен футболшыларын қолдап, жігерін жаныды. Бейнебір “Қобыланды батыр” атындағы орталық стадион белгілі бір ырғақпен қозғалып тұрғандай...

Сонымен ойын аяқталды, есеп 1:1. Ізінше қос команда бапкерле­рінің БАҚ өкілде­ріне арнал­ған баспасөз мәслихатына  қатыстық.

 

КЕЗЕКТІ  АЛҒЫС

Етек-жеңін жинап, елге қайтуға тас түйін дайын отырған жанкүйерлерге “Қайсар” футбол клубының директоры Эдуард Глазунов алғысын білдірді. Автобусқа арнайы аялдаған директор жан­күйерлерден мұндай қолдау күтпегенін айтты. Өз кезегінде “Қайсар” жанкүйерлері клуб басшылығына түзде өткен ойындарға баруға сеп болғаны үшін ризашылық­тарын жеткізіп жатты.

 

ДЕРЕК  пен  ДӘЙЕК

Бір жақсысы ма, әлде жаманы ма білмедім, әйтеуір футболда ойын­шылар тастан-тасқа секіргендей бір клубтан екіншісіне ауыса  береді. Бір ғана мысал, “қасқырлар” сапындағы жеті ойыншы бір кездері “Ақтөбе” намысын қорғапты-мыс.

“Ақтөбе” сапында  өнер көрсеткен “Қайсар” ойыншылары:

1. Алдан Балтаев, 2013 жылы;
2. Дмитрий Евстигнеев, 2012;
3. Алексей Мулдаров, 2013-2014;
4. Мақсат Байжанов, 2010;
5. Руслан Сақалбаев, 2011;
6. Валерий Коробкин, 2014-2016;
7. Тоқтар Жанғылышбай, 2016.

 

КЕСТЕГЕ  КӨЗ  ЖҮГІРТСЕК...

21 ойын өткізіп, 6 рет жеңіп,  6 мәрте тең болған және 9 рет жеңілг­ен “Қайсар” қазіргі  таңда  24 ұпаймен 6-орында қаққан қазықтай әлі тұр. Бізбен бірдей ұпай жинаған “Тараз”, “Шахтер” клубтары кейінгі орындарды өзара бөлісуде. Көш басында – “Астана” футбол клубы. Ал соңғы орынға “Ақжайық” командасы жайғасқан.

Рыскелді   ЖАХМАН,

Қызылорда-Ақтөбе-Қызылорда

 


АЙМАҚТАҒЫ ДІНИ АХУАЛ АЛАҢДАТПАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.07.2017 10:15

Қаймана  қазақтың  басынан бұлт арылмаған тұста рухани­  құндылықтардың  күрмеуі  қиын  болды. Тарихтан белгілі. Ұлттың мәдениеті мен әдебиеті, дәстүрі мен ділі құрдымға құлдилатылған шақта діннің де жағдайы­ мәз емес-тін. Сол кезең тіпті «Құдайсыздар қоғамын» да құрғызды. Қасірет. Алайда қазір еңселі еліміз  болашаққа  жарқын  жоспарлар  құрып, бағыты­нан­ таймай  келе жатыр­. Бұл дербестігіміз үшін тәңірге тәубе­ демеу мүмкін емес. Дәстүрлі дінімізге бұқараның бүгінгі  жылы  көз­қарасы қөңіл  куантарлықтай. Мемле­кет тарапы­нан  атқарыл­ып жатқан жұмыстар өз кезе­гінде­ дін саласын реттеуг­е ықпал етуде. Елдегі діни тұрақтылықты жолға қою – басты назарда. Біздің аймақ­та да діни  ахуал алаңдатпай­ды.

АҚПАРАТТЫҚ ТОПТЫҢ

АЙТАРЫ  ЗОР

Облыстық ішкі саясат басқарма­сының басшысы А.Қайруллаевтың мәліметінше, ағымдағы жылдың І тоқ­санында өңірдегі діни  ахуалды анықтау мақсатында  әлеу­меттік зерттеу жүргі­зілген. Нәтижесінде респонденттердің 94,4 пайызы өңірдегі діни  жағдайды тұ­рақты  және  қалыпты деп бағалайтыны белгілі болды. Діни тұрақтылықты  сақтау мақсатында жер­гі­лік­ті билік тарапынан ілкімді істер жүзеге асырылуда. Соның бірі – дін мәселесі бойынша облыстық және ау­дандық деңгейде арна­йы ақпараттық топтың құрылуы. Тоғыз топтың құрамына 202 адам мүше болған. Атап айтқанда, жергі­лікті мемлекеттік атқарушы органдардан – 68, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінен – 50, білім саласынан – 26, ҮЕҰ өкілдерінен – 18, ДМЗО мамандарынан – 14, жастар ұйымдарынан – 10, БАҚ өкілдерінен – 8, құқық қорғау  органдарының  өкілдері тарапынан – 8 адам. Ақпараттық-түсіндірме тобының ша­раларына 60 000-ға жуық тұрғын қатысқан. Осы жылдың 18-24 маусым күндері аралығында аталмыш топ облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтың қатысуымен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарына ат басын бұрды. Онда ұйымдастырылған түрлі кез­десулер, семинарлар келген көпшіліктің көңілінен шығып, діни  сауаттылығын арттыруға үлесін қосты. Сондай-ақ топ мүшелерінің  біліктілігін  көтеру мақсатында мамыр айында Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында 8 семинар өткізілген.

Аталмыш  шаралар  қасиетті Рамазан айында да жалғасын тапты. Қала, аудан орталық­тарындағы мешіттерде күнде­лікті ауызашар ұйымдас­ты­рылған сәтте түсіндірмелік топ келіп, мемлекеттің дін саласындағы саясатын насихат­таған. Ғибадат үйіне жиылған жамағатқа Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде рухани-адамгершілік құндылықтар түсіндірілді.

Өңірдегі ірі мұнай кен орындарына  бару маусым айынд­а басталған. «Қуат­АмлонМұнай» ЖШС-нің «Қоныс», «Бектас», «Саутс­Оил» ЖШС-нің «Ақшабұлақ», «Кеңшілік», «ҚОР» МК АҚ-ның «Ащысай», «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның  «Арысқұм»,  «Құмкөл» кеніштерінде  жұ­мысшылармен кездесу  өткізілуде.

 

РЕСМИ  ЕМЕС  ДІНИ БІРЛЕСТІК

156  ПАРАҚША  ТАРАТҚАН

Мұсылмандардың пікірін­ше, әлемді нұрға бөлеп, адамзатты ізгілікке жетелейтін жалғы­з жол – Ислам. Адам бойын­дағы  барша асыл қа­сиеттердің түгесілмеуін қада­ғалай­тын, көңіл түкпіріндегі тазалық­тың, жүректегі иманның діңгегі – дін. Алайда бүгінгі қоғамда дәстүрлі діні­мізге іріткі салып, халық арасында лаң туғызушылар жоқ емес. Тіпті ресми тіркеуде жоқ діни  ағым  өкілдері жұртшылық арасында насихат жұмыстарын жүргізе бастаған. Үсті­міздегі жылдың қаңтар айынан бері Қызылорда ҚІІБ-ның Жеде­л басқару орталығының бейне­бақылау камералары арқыл­ы облыстық ішкі істер департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен «Ыбырайым молда» мешітіне ба­қылау жұмыстарын жүргізіп келеді­. Нәтиже жаман емес. Тексеруден соң заң шеңберінен шыққан іс-әрекеттердің 3-еуі анықталды. Аталмыш деректерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы, 1-бөлігі бойынша тиісті құжаттар жинақталып, алынған діни әдебиеттерге байланысты сот-сараптама қорытындылары тағайын­далып, жинақталған  құжаттар сотқа­  жолданған.

Биылғы ақпан, мамыр айлар­ында Қызылорда қаласының тұрғыны Александр Беляевты құзырлы органдар жауап­қа тартт­ы. Ол ресми тіркелмеген діни бірлестіктерге басшылық етке­н. Діни рәсімдер өткізіп, діни тақырыптар  турасында 156 парақ­ша материал таратыпты. Бұл ұйымның сенімі бойынша, діни бірлестік тір­кеуден өтпей діни рәсімдерді өткізу заңсыздық болып са­налмай­ды. Осы ісі үшін А.Беляе­в ҚР ӘҚБтК 489-бабы, 9-бөлігіне сәйкес заң алдында жауапқа тартылды.

 

ЖАТ  АҒЫМНЫҢ

ЖЕТЕГІНЕН  7  АДАМ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Исламда белгіленген тура жолдан біліп, білмей мүлт кететі­н  адамдар  жетерлік. Діни  сауатсыздықтың сал­дарынан барынан айырылып, Отаны мен отбасын сатып кететін­дер де – осы санаттан. Дәстүрлі діннің ішіне жөн-жосық­сыз  еніп  бара жатқан жат ағымдарды ауыздықтау үшін жауапты органдар түрлі шаралар ұйымдастырып, жұ­мыстар жүргізуде. Соның бір көрінісі ретінде теолог мамандар мен жоғары білікті кадрлардың күш біріктіріп, іске кіріскенін  айтуға  болады.  Олар – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе­тінің Дінтану кафедрасының доценті міндетін атқарушы Кеңшілік Тышхан, ҚМДБ-ның РАНТ мүшесі, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Ризабек Илимбаев, республ­икалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Руслан Иржанов, Астана қаласы дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталы­ғының бөлім басшысы, психолог Лимана Қойшиева. Осы топтың тындырымды жұмыс­тарының қорытындысы сол, ағымдағы жылдың 5 айында дәстүрлі дінге 7 адам бейімделді. Сонымен қатар түзету мекемелеріндегі сотталған азамат­тармен 117, оның ішінде діни экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеушілерге 81 кездесу өткізілген. Бүгінгі күні облыс бойынша 90-ға жуық азамат діни оқу орындарына баруға ниет білдіруде.

 

КҮДІК   ТУҒЫЗҒАН

САЙТТАР   БҰҒАТТАЛДЫ

Қазіргідей сандық техно­логия дамыған заманда ғаламтор, әлеуметтік желілерді пайдаланбайтын адам – аңыз. Қалтамыздан да, қолымыздан да тастамайтын ұялы теле­фонның қадірі артқан. Бүкіл медианы бір ғана ұялыға байлап қойған ғылымға таңдай қақпай қалмассыз. Алайда күніне бір сәт ғаламтордың ғаламатын ақтармасақ, дүдә­мал күй кешетін біз үшін оның зиянды жақтары да жоқ емес. Айтпағымыз – деструктивті діни  ағымдарды насихаттау осы жолмен де жүргізілуде. Облыс­тық ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің мәлі­метінше, әлеуметтік желі­ге­ монит­оринг жүргізу бары­сында тақырыбы мен мазмұны күмән келтірген 236 сайт және 58  қазақстандық  тіркелуші Дін істері  комитетіне сарап­тамадан өткізу үшін жолдан­ған. Ал 38 сайтқа теріс қорытынды беріліп, сот сараптамасын тағай­ындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті  органға жіберілді.

Аталмыш мәселелерді шешу мақсатында жауапты мекемелер тарапынан тындырымды тір­ліктер атқарылуда. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты ақпаратт­андыру, деструктивті діни  ағымдарды әшкерелеу және ұлттық құндылықтарды дәріп­теу мақсатында БАҚ-та және әлеуметтік желілерде материалдар жарыққа шықты. Атап айтқанда, өңірлік теле­арнада – 141, мерзімді басылым беттерінде – 98, интернет ре­сурстар мен әлеуметтік желі­лер­де 292 материал жарияланған.

Ислам – дүниежүзіндегі  ең  таза  дін. Бүкіл  адамзат үшін өркениет­тің бастауы, татулық, адалдық діні. Өз кезегінде жаратылғанның жалғыз жаратушысына деген махаббаты мен сенімін жасаған амалдары­ көр­сетпек. Ал жүректердегі иманның ахуалы бізге беймәлім. Белгілісі сол, осы дәуірге дейін бұзылмастан жеткен діннің адам­затқа тура жол көрсететін­дігі. Сондықтан ақиқи дінді бұрма­ламау бірінші кезекте. Билік тарапынан дәстүрлі діні­міздегі тұрақ­тылықты сақтау бағытында жүргізілген жұмыстардың бірқатары осы.

Жазира  БАҒЛАН

 


Метан газына уланып, қаза тапты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.07.2017 18:44

Бүгін түскі мезгілде «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның 5 жұмысшысы метан газына уланып қалды. Қалалық әкімдіктің таратқан ақпаратына сүйенсек, оның екеуі, яғни КНС-тың аумақ басшысы С.Смагұлов және машинист Е.Омаров оқиға орнында қаза тапқан. Қайғылы жағдай қаладағы Шымбай көшесінде орналасқан №1 кәріз-насостық станциясындағы насос қондырғысын жоспарлы жөндеу кезінде орын алған. Мұнан соң жағдайды бақылауға алған ОӨАҰЖҚЖ ММ-нің 7 қызметкері мен 2 дана техникасы жұмылдырылып, зардап шеккендерді қауіпті жерден (КНС-тің төменгі бөлігінен) шығарып алды. Ал жөндеуші С.Кубатов облыстық медициналық орталығына, машинист Б.Саудабеков қалалық ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, жөндеуші Б.Боранқұлов ауруханаға барар жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмған.

Қазіргі уақытта оқыс оқиғаның жай-жапсарын жауаптылар анықтап жатыр.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары