Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
Шілде 2017

Тағы бір алаяқ ұсталды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.07.2017 13:47

Қызылордалық полицейлер адамдардың сеніміне кіріп, ірі көлемдегі ақшаларын алаяқтық жолмен иемденіп, пайдасына жаратқан 35 жастағы ер азаматты қолға түсірді.

Аталған азаматтың үстінен Қызылорда қаласының 11 тұрғыны шағымданған. Біріне жүргізуші куәлігін жасатып беремін деп уәде етсе, енді бірін жұмысқа тұрғызып, біріне арзан бағаға жер немесе автокөлік сатып алып беремін деп, енді бірінің көлігін тіркеуден тез арада шығарып беремін деп уәде етіп, ақшаларын алып, ізін суытып отырған. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 611 мың теңгені құраған.

Ірі көлемдегі шығынды С.А. есімді азаматқа келтірген. 2016 жылы аталған азаматтың «Mitsubishi Galant» маркалы автокөлігін сатып алмақ болып уәделеседі. «Анама көрсетіп келейін» деген желеумен оқиға орнынан бой тасалап, құны 720 000 теңге тұратын біреудің мүлкін заңсыз иемденеді.

Қазіргі таңда аталған азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен басқа да қала тұрғындарының жеке басы анықталуда. Егер де оның кінәсі толық дәлелденсе, онда мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетерлік жайт, бұл қылмыстардың тіркелуіне тұрғындардың немесе жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, жер немесе пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр.

Сөз соңында, облыс тұрғындарынан жылжымайтын мүлік сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы орган қызметкерлерімен кеңесіп, құжаттарды мұқият қарап, сақтық шараларына аса көңіл бөлулерін және осындай алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда уақытты босқа шығындамай ішкі істер органдарына арыздануларын сұраймыз.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Түйе өсіріп, төскейді түлеткен PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.07.2017 16:26

Тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан ұлтымыз үшін түйе малының орны аса қымбат. Бітім-болмысы өзге түліктерден тым ерекше жануарды қазекеңнің киелі санауы да тегін емес. Түйенің пірін «Ойсылқара» атап, түсіне түйе кірсе, аруақтар қолдап жүр деп есептейтініміздің түп-төркіні тереңде жатыр. Ел арасында «Түйесі бардың киесі бар» деген қанатты сөздің таралуы да көп жайттың басын ашқандай.

Мақаланы жазу барысында ғаламтордан «Мұнан төрт-бес мың жыл бұрын айыр өркешті түйе Орта Азияда, сыңар өркешті түйе Африкада алғаш қолға үйретілген. Қазіргі таңда сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кетсе, айыр өркешті жабайы түйе Монғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған. «Сахараның салтанаты» атауын иеленген түйе түлігінің қадір-қасиеті бағзы заманнан мәлім. Ежелгі кезде сауда-саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Бір жолы Самарқан саудагерлері сапарға Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен шыққан екен. Қазақ даласында да түйе өсіруге баса мән берілген. Ертеректе Ақтөбе өңіріндегі Сортаңды, Шақытты жерлерін жайлаған Қара деген кісінің 3 мың түйесі болған. Қазақстанда айыр өркешті түйе жиі кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» десе, жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» делінеді. Салмағы 450-690 килоға дейін тартады. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш (қалмақ, қазақ, монғол) түрі бар. Біздің елімізде қазақтың айыр өркешті түйесі көп өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында кездеседі. Сыңар өркешті түйені ғылыми тілде «дромадер» дейді. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын тұқымы бар. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды. Орта Азия мен Қазақстанда ғасырлар бойы халықтық сұрыптау әдісімен өсіріліп келеді. Қазіргі таңда түйені еті, қымыраны және шудасы үшін өсіру пайдалы. Мамандардың пікірінше бір түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең» деген қызықты деректі оқыдым.

Жоғарыда айтылғандай, түйе малын өсіру Сыр өңірінде, оның ішінде Арал мен Қазалы аудандарында қарқынды дамыған. Әсіресе теңіз төскейіне бара қалсаңыз, «дала кемесі» атанған түліктің төресін жиі жолықтырасыз. Шілденің ми қайнатқандай аптабын, ақпанның бетіңді қарыған сақылдаған аязын елемей алшаң басқан алып тұлғалы түлікке таңдана көз тастайсыз. Қашанда маңғаз қалпынан танбай, маңайына жоғарыдан қарап аяңдай бергеніне тәнтілік танытасыз.

- Өңірімізде балық шаруашылығымен қатар ата кәсіп төрт түлік өсіру тұрақты дамып келеді. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты көмектердің тигізіп жатқан септігі мол. Бүгінгі таңда ауданның 8 ауыл шаруашылығы құрылымы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Мысалы, «Құланды» ЖШС жылқының асыл тұқымды Мұғалжар және асыл тұқымды қазақтың айыр өркеш түйе тұқымын, «Көктем», «Байдаулет», «Бек», «Тұрарбек» шаруа қожалықтары асыл тұқымды қазақ жылқысын, «Берекет», «Ықылас», «Несібе» шаруа қожалықтары асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырының тұқымын өсіруде. Мына дерекпен бөлісе кетсем. Облыс бойынша 01.06.2017 жылға 44688 бас түйе малы болса, оның 26813 басы теңіз төскейінің еншісінде. Бұл – облыс көлеміндегі барлық түйе малының алпыс пайызы Арал ауданында деген сөз. Түйенің тек еті ғана емес, шұбаты мен шудасы да адам ағзасына аса пайдалы, сандаған кеселге ем екені ғылыми тұрғыда дәлелденген, - дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.

Әкімнің сөзі шындықтан жырақ емес. Аралда төрт түліктің төресі түйе малын өсіру сәт санап дамып келеді. Жоғарыда есімі аталған «Құланды» ЖШС-нің есебінде асыл тұқымды 1168 бас түйе бар. Шаруашылық асыл тұқымды түйе басына жыл сайын жем-шөптік азыққа субсидия алып отыр. Міне, нақты көмек. Серіктестіктің түйешісі Мұхит Сейітов – әке жолын жалғастырған ұл. Олай деуіміздің мәнісі бар. Оның әкесі Сахитжан да түйе бағып, абыройға бөленген жан. Мұхиттың қарамағындағы 200 бас түйе малының жартысынан астамы – аналық түйе. Ағымдағы жылы түйекеш жігіт әр 100 аналықтан 49 бас бота алып, мал басын 100 пайыз аман сақтады. Бұған дейін де ұзақ уақыт еселі еңбегімен ерекшеленген Мұхит Сахитжанұлы «Еңбек даңқы» медалін жарқыратып кеудесіне таққан еді. Ал еңбектің наны тәтті болары әлімсақтан аян.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы.

 


БІРЛІК пен ТІРЛІКТІҢ ЖЕМІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.07.2017 12:06

Бірде  Қаз  дауысты Қазыбек би  Әнет  бабаға сәлем бере барып, бір ауыз өсиет айтуды өтінсе керек­. Сонда Әнет баба терең ойға батып:­

- Жарайды, айтайын. «Әкім» деген­  сөзді  жадыңда  сақта, - депті.

Қазыбек би Әнет бабаға риза­шылығын білдіріп, жора-жолдас­тарымен еліне қайтады. Ол жол-жөнекей жанындағы жолдаста­рынан:

- Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма? - деп сұрайды. Бірақ бұл сауалға ешкім үндемейді. Сонда Қаз дауысты Қазыбек­ би Әнет бабаның айтқан өсиетін­  былай  деп  шешіпті:

-  «Ә» дегені – әділ бол,

«К» дегені – күншіл болма, көпшіл бол.

«І» дегені – ілтипатты бол,

«М» дегені – менмен болма, мейір­ман бол, - дегені».

Бұл өсиет Әнет бабадан Қазы­бе­к биге, Қазыбек биден қарға та­мыр­лы  қазаққа  мұра болып қал­ға­нына  да ғасыр  өткелі  қашан?!

Дәл осы өсиеттегі секілді қасиетті бойына жиған, уақыты мен қызметін туған топырағына арнап келе жатқан әкімдердің бірі Қырымбек Елеуұлы екенін қызылордалықтар мақтан тұтып жүр. Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің соңғы төрт-бес жылдықта шырайы кіріп, архитектуралық ажары артып, өркениет пен қоғам талабымен үндестікте дамып жатқаны көңілімізге медеу. Қала келбетінің танымастай кейіпке енгені өз алдына, дарияның оң және сол жағалауында да көз тартарлық ғимараттар бой көтеруде. Бұл – аймақтың әлеуметтік-экономикалық  ахуалы  жақсарғанының, қарқынды даму динамикасының көрінісі. Берекелі бірлік пен тынымсыз тірліктің жемісі.

 

АУЫЛЫНА  ҚАРАП,  АЗАМАТЫН  ТАНЫ

Өткен жұмада облыстық мәслихаттың кезекті 14-сессиясы өтті. Онда аймақ басшыс­ы мәслихат депутаттарының алдынд­а алты айлық қорытынды есебін жариялады. Осы жиын барысында «ауылына қарап, азаматын таны» деген тәмсілдің астары анық ашылды. Айта кетейік, облыс­ты­ң әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері бойынша мұнай өндіру мен өндіріс көлемін есептемегенде оң қарқын алып тұр.

- Жалпы алғанда, жылдың бірінші жартыс­ында әлеуметтік-экономикалық дамуд­ың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім байқалуда. Бірақ, бұл жерде объективті себеп бар – мұнай өндіру көлемінің табиғи төмендеуі. Бұл өздеріңізге белгілі. Өкінішке қарай, бұл көрсеткішке біз ешқанд­ай әсер ете алмаймыз. 2017 жыл болжамы – 6,8 млн тонна, 2016 жылға қарағанда 840 мың тоннаға аз, ал 4 жыл бұрын­ғы көрсеткіштен 4,2 млн тоннаға төмен­деген. Бұл көршілес Ақтөбе облысының жылдық мұнай өндіру көлеміне сәйкес. Ағымдағы жыл басынан біз 450 мың тоннаны ала алмадық. Жағдай мұнайдың тұрақсыз, төмен бағасына қатысты күрделенуде,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев сессия­ға қатысушылар алдында.

 

ШИКІЗАТҚА  ТӘУЕЛДІЛІКТЕН   АРЫЛАМЫЗ

Рас, шығынның көлемі мен мұнай саласы­ның экономикаға ықпалын еліміз­дің Ұлттық қорына түсетін түсімдерге қарап-ақ пайымдауға болады. Мәселен, 2013  жылдың  өзінде мемлекет қазына­сына  Қызылорда  облысынан 500 млрд теңг­е аударылған болса, ал биылғы жыл басын­ан  бар болғаны 58 млрд теңге аударыл­ған.

Сыр өңірінің табиғаты ауыл шаруашылығына бейім болғанымен, соңғы жылдары­ индустриалды аймаққа айналып барады. Бұл нәтижеге қуанбасақ, өкінбейтініміз анық. Өйткені аймақ халқының тыныс-тіршілігінің де бағыты ауысып, салалық кәсіптің түрі де түрленді. Шыны керек, бұған дейін облыс бюджеті «қара алтын­ның» құнымен толығып отыратын. Жер қойнауындағы басты байлығымыздың да көле­мі азайғалы біздің ғана емес, әлемнің де ойлана бастағаны рас. Кезекті сессия барысында бұл мәселе де Көшербаевтың назарынан шет қалған жоқ.

- Қызылорда облысында мұнай қорының азаюына байланысты  шикізатқа тәуелділіктен арылып,  құрылыс көлемін арт­тыр­у және жаңа өндіріс орын­дарын ашу мақсатында өңір экономикасын  әртараптандыруды көздейтін 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Аймақ өңдеу өнер­кәсібінің дамуы­ бойынша рес­публи­када алдыңғы қатарда, бұл облыс экономикасындағы құрылымдық өзгерістер мен әртараптандырудың қарқынын көрсетеді. Мұндай қарқынды даму инвестиция тарту, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнді­ріс көлемін дамыту және әлеуметтік салада да бар, - деп мәлімдеді аймақ басшысы.

 

БАСПАНАНЫҢ  АЛҒАШҚЫ  ТӨЛЕМІ   АЗАЯДЫ

Сәні мен салтанаты келіскен тұрғын үйлердің қатары күн санап­ көбейіп жатқаны көзімізге көрініп тұрған жақсылық. Баспанаға мұқтаж жандардың басты арманына қол жеткізуі үшін бой көтерген 980 пәтерлік тұр­ғын үйлердің 19-ы жыл басынан бері пайдалануға берілді. Жыл соңына­ дейін 1809  пәтері  бар  41 көпқабатты үй тұрғындар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Оның 11-і – халықтың әлсіз қорғалған топтарына арналған арендалық баспана. Тіпті тұрғындардың өз күшімен тұрғын үй салу көлемі 70 пайыздан асқан. Бұл біріншіден, баспанаға мұқтаж жандардың санын­ азайтса, екіншіден, әлеу­меттік ахуалдың жақсара түске­нін аңғартады. Айтпақшы, биыл «Қызыл­орда-Жезқазған» трассасының бойындағы 150 гектар аумаққа да тұрғын үй салу жоспарда бар. Жобаның негізгі сұлбасы бар, толықтай дайын болған жағдайда бұл жерге­ 1200 отбасына жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік берілмек. Бұған дейін аймақтағы салынып жатқан ипотекалық тұрғын үйлердің алғашқы жарнасы 30 пайыз бола­тын. Мұны кез келгеннің қалтасы көтере алмайтындықтан, бұл мәселенің түйіні шеші­леді деп күтілуде.

- Тұрғындарға несиелік тұрғын үйді барынш­а қолжетімді ету үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелерін беруде алғашқы төлемді 30%-дан 15%-ға дейін төмендету жөнінде мәселе­ қарастырылуда. Халықтың әлеуметтік жағын­ан аз қамтылған бөлігінің мүдделерін қорғау мақсатында жаңа тұрғын үйге орна­ластыру уақытын созып отырмыз. Облыс әкімдігі бұл мәселеде Үкімет тарапынан қолдау болады деп үміттенеді, өйткені, бұл жағдай өзге өңірлерге де тән. Дегенмен, аталған жағдай “ТҚЖБ” АҚ бақылауында қала береді, - деп атап өтті облыс әкімі.

 

ЗАУЫТ,  НЫСАНДАР  ҚАТАРЫ   АРТАДЫ

Қызылорда облысында зауыт құрылысын салу қарқыны да жақсы деңгейде дамы­п келеді. Бұған дейін тұралап қалған шыны зауытының құрылысы қайта жандан­ды. Одан бөлек жыл соңында тағы бір зауыттың іргетасы қаланбақ. Ол – кальций­лендірілген сода шығаратын зауыт.­ Негізі аталмыш зауыт құрылысы ертерек басталуы­ керек болатын. Алайда жоба бастамашысы­ тарапынан зауыттың өнім­ділік қуатын ұлғайту туралы шешім қабылда­нып, жобаға тиісті  түзетулер енгізілуде. Қаржы көлемі­нің 81 млрд теңгеден 87 млрд теңгеге немесе­ 7,4 пайызға ғана ұлғаюы нәтиже­сінде жобаның жылдық қуаты 200 мың тонна­дан 300 мың тоннаға дейін  көбеюде.

- Бүгінде Үкімет аталған жобаны мақұл­дап, жаңа зауыттың инфрақұрылымын жүргізу үшін 2018 жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл заманауи, әрі еліміздің барлық қажет­тілігінің 75%-ын қамтамасыз ететін республикадағы бірден-бір кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт болмақ. Қазіргі күні кальцийлендірілген сода нарығын 100% импорттық өнімдер құрайды, - деп нақтылады Қ.Елеуұлы.

 

ҚОС   ҚУАНЫШ...

Аймақта көптен күткен САРАТС жобас­ының екінші кезеңін жүзеге асыру қолға алынады деп күтілуде. Аралдың тыны­с-тіршілігінің қайта түлеуіне себепкер болатын  бұл  жобаны қаржыландыруда біраз  кедергілер  болды. Алдағы уақытта осы келісп­еушіліктер реттеліп, жобаның бас­талуына жол ашылғалы тұр. Сыр жұртшылығының бірінші қуанышы осы болса, екінші қуанышы – сол жағалаудан салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің  тарихи  ғимаратында  музеймен бірге  Елбасының рухани жаңғыру бағдар­ла­масынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы. Ғимараттың бой көтеретіні туралы­ аймақ басшысы облыстық мәслихат сессиясында­ жасаған баяндамасында тілге  тиек етті.

- ...Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша­ бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ. Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Жаңа орталық жастардың жан-жақты даму мәселелерімен айналысатын болады, - деді облыс  әкімі.

 

ЕТ   КОМБИНАТЫ   САЛЫНАДЫ

Аграрлық секторды әртараптандыру бойынша жұмыс қатар жүргізілуде. Біз қазір бақша дақылдары мен майлы дақылдар, сондай-ақ, картоп пен өнеркәсіптік негіздегі көкөніс өсіруді ұлғайту бойынша белсенді жұмыс істеудеміз. Өткен жылы көптеген жылдардан бері бақша өнімдерін экспорттауды жаңғырттық, шетелге 1000 тонна өнім жөнелттік. Ағымдағы жылы экспо­ртқа 2 мың тонна бақша өнімін шығар­у жоспарлануда. Бүтіндей қауын кластерін құру идеясымен жұмыстар ат­қарылуда. Сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды.

- Соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспо­рты 28%-ға, ал, балық 8 еседен жоғар­ы өсті. Біз қазір күріш өткізуде нарық­ты қайта бағыттау бойынша жұмыстарды бастадық, мысалы, Иранға. Бұл елде жыл сайын 3 млн тонна күріш импортталады. Жаңа нарыққа көшу барысында күріш шаруа­шылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі экспорттық саласы болып саналады­. АӨК саласында күріштің экспортта алар орны 44%-ды құрамақ, - деген облыс әкімі ағымдағы жылы ет экспортын қамтамасыз ету үшін халықаралық ветеринарлық талап­тарға сай келетін ет комбинатын салу жоспары бар екенін айтты.

 

ЭКСПО  қонақтары  тамашалаған

этноауыл

Ежелден салт-дәстүрін дәріптеп, әдет-ғұрпын сақтап келе жатқан өңір екеніміз әмбеге аян. Тіршілігі табиғатпен етене байланыста болса, рухани кемелденуі сол салт-дәстүрден бір елі ажырамайтын ел үшін қазақы нақыштағы тіршілік сызбасын бейнеле­удің өзі мәртебе. Айтпағымыз, «ЭКСПО­ – 2017» халықаралық көрмесі аясында Қорқыт ата мемориалды кешенін­де ашылған этноауыл туралы. Топыраққа аунап өскен біздер үшін ауылдың тыныс-тіршілігі таныс болғанымен, өзгелер үшін тамаша туынды. Қазақ халқының қол­өнері, дәстүрлі ойындары осы этноауылда көрініс тапқан. Бұл жерді республика аймақ­тарынан ғана емес, Ресей, Голландия, Франция, Германия, Жапония, Польша мемлекеттерінен келген туристер тамашалады.

 

ТАРИФ:  ҚОСУ мен  АЛУ

Баға деңгейінің негізсіз өсуінің алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргі­зілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша тұтыну­ бағасының индексі, оның ішінде негізгі азық-түлік тауарларына бағалар жалпы еліміздегі орташа бағалармен салыстыр­ғанда төмен. Жалпы, инфляция деңгейінің ең төмен көрсеткіші біздің облыста. Бұл біздің құрылымдық бөлімшелердің, оның ішінде аймақтық Тұрақтандыру қорының тиімді ұйымдастыру жұмыстарының арқасынд­а айтарлықтай дәрежеде болып отыр. Десек те қоғамды ойландырып тұрған жайттар да жоқ емес.

- Алайда 1 тамыздан бастап Қызыл­ордада қоғамдық көліктегі жолаушылар тасым­алы тарифтерінің 70 теңгеден 90 теңгеге дейін өсуі өз кезегінде жалпы инфляция көрсеткіштеріне әсерін тигізеді деп күтілуде. Бірақ, бұл шараның біз мәжбүрлі екендігін түсінеміз. Жанармай мен қосал­қы­ бөлшектердің құны өсуде, ал қалалық автобус паркінің және жеке тасымалдаушылардың табыс деңгейі құлдырауда. Мұндай жағдай басқа өңірлерге де тән. Мысалы, Алматы қаласында 156 теңге. Тұрғындар тарапынан түсіністік болады деп ойлаймыз. Сонымен бірге, тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігін қолдау сақталып қана қалған жоқ, күшейтіле түсті, - деп мәлімдеді Қырымбек Елеуұл­ы.

Бір жағдайдың орнын екіншісі толықтыратыны секілді дәл сол тамыздың алғашқы­ күнінен бастап электр қуатымен қамтамасыз ету тарифі 5%-ға төмендетілмек. Бөлшек сауда тауар айналымының 6%-ға өсіп, оң серпін көрсетуі өте маңызды, бұл халықтың сатып алу қабілетінің өскендігін білдіреді. Соңғы екі жыл бойы бұл көрсеткіш бізде «теріс» болатын. Экономикадағы оң үрдістер жұмыссыздық деңгейін 4,8% шегінде ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен де біршама төмен. Бұл ретте, айта кету қажет, біз бұл нәти­желер­ге байсалды оптимизммен қараймыз,  өйткені,  бізді алда ауқымды істер күтіп тұрғанын аймақ басшысы үнемі айтып­  жүр.

Сессия барысында облыс әкімінің есепті баяндамасынан соң күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшылары баяндама оқыды. Бұған дейінгі тұрақты комиссияда қаралған мәселелер турасында­ нақты шешімдер қабылданып, мәслихат депутаттарынан дауыс жиналды. Жиын соңында облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып Тасбөгет кенті округінен сайланған Жорабек Нұрымбетов тағайындалды.

 

МАРАПАТ   МЕРЕЙІ

Жиын соңында облыс әкімі Қ.Көшербаев мәслихат хатшысы Н.Сейіткәрімұлын 50 жасқа, мәслихат депутаттары Ж.Ибрагимұлы мен М.Бекжановты 60 жас мерейтойымен құттықтап, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапат­тады. Өз кезегінде облыстық Ішкі істер депар­таменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ә.Шаймағамбетов облы­стық мәслихаттың депутаттары А.Елеуұ­лына, М.Тоғысұлына және Б.Мақашевқа  «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісін  табыстады.

 

Н.ҚАЗИ


P.S. Аймақ көлемінде ауқымды істерді атқарып келе жатқан облыс басшысының жұмысына баға беру үшін жергілікті бюджет болжамының 9,5%-ға асыра­ орындалғанын айтсақ жеткілікті. Экономикалық даму көрсеткішінің әлеуметтік­, инфрақұрылымдық бағыттарға да серпін беретіні түсінікті.

 

- Бүгінгі күні облыс бюджетінің көлемі 220 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5 млрд теңгеге артық, - деген бір ауыз сөзінен-ақ жеті аудан мен қаланы құшағына алып тұрған Қызылорда облысы­ның бүгінгі хал-ахуалын байқау қиын емес. Сырда серпінді жобалардың­ өміршеңдігін тілеп отыратын сенімді халық, сол елдің сеніміне селкеу түсірмей жұмыс істейтін адал әкім бар. Сессия барысында да әкім жұмысына дәл осындай­  оң  баға  берілді.

 


ТЕҢГЕНІ ДОЛЛАРДАН ҚҰТҚАРА АЛАМЫЗ БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.07.2017 11:57

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қолма-қол ақша операцияларын азайтып, көлеңкелі айналымды төмендету, ұлттық валютаның шетелдік валюта­ға қарағанда басымдығын көтеру туралы үш бағыт­ экономикаға долларсыздандыру процесін бастау үшін айтылған ұсыныстар еді. Одан бері екі жылдың жүзі өтті, бұл бағыттың бірде-бірі жүйелік жоспарға ене алмады. Оған не кедергі болды? Бас банкирдің іскерлік тәжірибесі жетіспеді ме, әлде қызметтік белсенділігі төмен болды ма? Әйтеуір, бастаған істің басынан «таяқ ұстаған­ қойшыны» көре алмадық. Ал қазақтың тәмсілінде «қойшы көп болса, қой арам өледі». Демек, бұл айналым­дағы доллардан құтылу мәселесінің назарсыз қалуына бір-бірін жұмсап үйренген мамандар кінәлі болғаны ма? Жоқ, бұл сауалға жауапты экс-бас банкир қызметінен босамай тұрғанда-ақ жауап берді.

- Долларсыздандыру бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл тұрғыда заңнаманы өзгерту, нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар енгізу, қаржылық сауат­тылық және басқа да қадамдар қамтылады. Осы жұмыстар іскерлік тәжірибеге байланысты. Кем дегенде­ 3-5 жылда жүзеге асырылатын шаралар. Барша әлемде қолма-қол ақша операцияларымен күрес жүріп жатыр. Мәселен, бізде қолма-қол ақшамен жүргізілетін төлемдердің деңгейі 93 пайызды құраса, кейбір еуропалық елдерде қолма-қол ақшамен емес төлемдер 90 пайыздан­ асқан, - деп Қ.Келімбетов анығын айтқан-ды.

Теңге мен рубльдің мысын басып тұрған АҚШ-тың долларынан неге сонша қашқақтайтынымызды білесіз бе? Өйткені қазіргі күні әлемде ақшамен жұмыс жасаудың жаңа мәдениетіне көшу үрдісі жүріп жатыр. Ал біз­дегі теңгені доллардың қыспағынан инфляция ғана құт­қара алады. Ұлттық банктің статистикалық мәліметтеріне­ сүйенсек, инфляцияның жылдық деңгейі үстіміздегі жылдың маусымында 7,5%-ды құрады және ҰБ нысаналы­ дәлізі шеңберінде 6-8% деңгейінде сақталуда. Жыл басынан бері айтарлықтай баяулайтын және жалпы инфля­циямен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде қалыптасатын баға мен базалық инфляция көрсеткіштері инфляцияның төмендеу үрдісінің маңызды белгіле­рі болып табылады. Десек те сыртқы тауар нарықтарын­дағы ахуал құбылмалы сипат беріп тұр. Мұнай бағасының­ бір баррель үшін 50 доллардан төмен деңгейде қалыптасуы және мамыр-маусым айларында әлемдік азық-түлік нарықтарындағы баға индексінің өсуінің, негізі­нен, сүт өнімдері  мен дәнді дақылдардың қымбаттауы салдары­нан­ инфляцияның ауқымы жоғарылауы мүмкін.

Экономиканы долларсыздандыру туралы идея да осы ойдан бастау алған. Ал халықаралық «Forex Club» компа­ниялар тобының сарапшысы В.Пол­ховский:

- Теңгеге сенім болмаса, экономиканы  долларсыздандырғаннан түк шықпайды. Мұндай жағдайда экономикалық агенттер сенімді әрі балама валюта іздей бастайды. Өйткені кез келген­ экономикалық жүйеге барлық талап пен сұранысқа жауап бере алатын валюта қажет. Долларсыздандырумен күресу үшін теңгеге сенімді күшейту керек. Бұған қол жеткізудің ең сенімді тәсілі – инфляция. Экономикада инфляция деңгейі жоғары болғанда ақша маңызды  рөл атқара алмайды. Сон­дықтан ең  әуелі инфляциямен күресу керек­. Қазір  ұлттық  банк теңгеге басым­дық беріп, айналымдағы салмағын арттыр­у саясатына көшті. Өйткені олар мәселен­і осы қадам ғана шеше алатынын түсініп отыр. Егер ұлттық банк инфляцияны реттеп, төмен деңгейде ұстай алатынын көрсетсе, біртіндеп теңгеге деген сенім күшейеді, - дейді.

Ақша-несие саясатын тұрақты бақыла­уда ұстап отырған мамандар эконом­иканы доллардың дендеп алғанын­а 2015 жылға дейін жүргізілген қаржылық сая­сатты кінәлайды. Олардың пікірінше, шетелдік қар­жы ұйымдарынан келіп жат­қан жеңіл несие біздің банктерге ойлануға, жүйелі саясат жүргізуге мүмкіндік бермеген. Салдарынан бас-аяғы он шақты жылдың ішінде біздің ел тіркеліп, жұмыс істеп жат­қан­  банктердің  саны жағы­нан ТМД елдерінде алғашқы үштікті еншілеген. Қаржыгерлер  елдегі  банктердің  бір-біріне  қосылып, іріленуі  қаржылық  жағдайдың оңалуына, ең бастысы, ішкі нарықтың долларсыздануына ықпал ететінін алға тартады. 1990-2000 жылдары валюталық заңнама қатты ырықтанды­рылған. Елдегі валюта айырбастау  бекеттері тәулік бойы жұмыс істеген. Бүгінгі таңда тұтынушылардың санасы теңгем­ен есеп айырысуды толық қабылдап үлгермей жатыр­. Мұны бір сәтте өзгерту мүмкін емес. 2000 жылғы қаржы дағдарысы бізге қатты әсер еткен жоқ. Өйткені ол кезде  азық-түлік пен шикізат бағасы  тұрақты  сақталды.

Мемлекет басшысының Үкімет активімен кездескенде «Бізге Ресейдегі немесе Қытай Халық Республикасындағыдай жүздеген банк қажет емес. Ішкі нарықтың талабын өтеуге 5-6 банк те жетеді» деп кесіп айтуы, сірә, қаржы нарығындағы бірігу процесінің дұрыс екенін ұқтырып тұрғандай. Соңғы кездердегі екінші деңгейлі банктер­дің  саны  қысқарып  жатқандығы  да  жұмысты  оңтайландыра  түседі. Ендігі міндет – ұлттық валютаның салмағын біртіндеп арттыру. Қазақстан долларсыз экономиканың бет-бейнесі қандай болатынын біліп алды. Ел ішінде ғана емес, халықаралық сауда-саттық кезінде­ де теңгені айырбас құны ретінде пайда­лану нақты нәтиже  бере бастады. Ұлттық банк төрағас­ы  Данияр Ақышев өткен аптада журналистермен жүздескен кезде­ долларлы­қ активтерге салынатын салық­ты  қысқартып, алтынға  басым­дық беретінімізді айтты. Бұдан аңғаратынымыз, алдағы уақытта ақша айырбастау пункттерінде алтын айырбас құны  ретінде  айналымға  енеді.

- Ірі экспорттаушылар мен импорттаушыларға  доллардан  бас  тарту  тура­лы­  сөз  қозғауға әлі ерте. Доллар­сыздандыру саясаты кешенді түрде жүргізілуі үшін теңгенің ақша айна­лымындағы маңыздылығы арта түсуі тиіс. 2016 жылы долларсыздандыру ісі бастау алып, теңгемен салынған депозит  көлемі, алдын ала берілген мәлімет бо­йынша 53,2%-ға дейін өссе, шетелдік валютадағы салымдар 10%-ға төмен­деген. Сөйтіп депозитті долларсыз­дан­дыру деңгейі 2016 жылдың қаңтар айынан­  бері 70%-дан 56,7%-ға жеткен. Қазір  экономиканы  долларсыздан­дыру  теңгемен несие беруді жеңілдету, несие саясатында  теңгеге  басымдық беру және экспорт-импорт операцияларын доллар­дан тыс валютамен жүр­гізу сынды қадамдармен іске асып жатыр­. Егер АҚШ валютасының айналымдағы ықпалын 40%-ға дейін түсір­сек, теңге мен шетелдік валютаның текет­іресінде тепе-теңдік орнайды, - дейді  қаржыгер  Ілияс Исаев.

Долларды экономикадан ығыс­тыр­ған  жағдайда қандай да бір валютаның қолданылуына тыйым салынбайды. Мұндағы басты мақсат – төл теңгеміз­дің айналымдағы бағасын арттыр­у. Сол арқылы экономиканы сыртқы қатер­лерден сақтап, ақша саяса­тындағы тың өзгерістермен жаңа қадам жасау. Дамуды­ң  басты саласы саналатын тармақ­ты доллардан тазар­ту үшін ұмтылып­ жатқан­ ел жалғы­з біз емес. Осыған  дейін  теріс­кейдегі көршіміз де дәл осы  бағытта жұмыс істеуге көшкен. Жуырда мұндай шешімді қабылдағандардың  қатарына Түркия мен Үндістан да қосылды. Оған себеп болған екі ел арасынд­а  экономикалық  сауда-саттық байланыс­ы. Әзірге  доллардан құтыл­ған тек Қытай ғана. Экспорттық-импорт­тық операцияларды ұлттық валютад­а жүргізу де саланы табысты етуге бағыттайтын жол. Алайда бізде Еуразиялық экономикалық одақ деген ортақ ұйым бар, доллардан құтыламын дегенше одаққа мүше елдер ортақ валютағ­а бағын­ып  қалмаса, игі.

А.НҰРТАС

 


КӨКТЕМЕГЕН КӨШЕТТЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.07.2017 11:53

Бабаларымыздан «бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсіл қалған. Ал қызылордалық атқамінерлер биыл он емес, мыңдаған түп көшеттерді көше бойына отырғызды. Бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр іспетті. 2015 жылы аймақ басшысының “облыс  елді мекендерінде санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру туралы” өкімі қабылданды. 2016-2017 жылдары аймақта 69 гектар жерге жасыл  белдеуд­і  қалыптастыру жоспарлан­ған. Оның  24 гектары Қызылорда­ қаласына тиесіл­і. Десе де, оның шығымдылы­ғына шындап  жаны  ашып  жатқандар  некен-саяқ. Яғни,  облыс­ әкімі өзі  бастама  жасаған жоба бүгінде  толыққ­анды  жүзеге  аспай  отыр. Оны жа­қында өткен аппарат мәжілісінде айтылған­ деректер  де растайды.­

Мәселен, былтырғы жылы қала күніне  орай Тәуелсіздік  даңғылы  ашыл­ғаны  белгілі. Оның жиегін жасыл желекке­ айналдыру мақсатында Қырымбек Елеуұлы бірқатар тапсыр­малар жүктеген. Осы аумаққа жауапты «Қызылорда су жүйесі» МКК жаңа даңғыл­дың бойына 4800 түп көшет отырғызған. Енді оның шығымдылығы адам шошытады. Облыстық табиғи ресур­стар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаевтың айтуынша, 4800 түптен көктегені – 48 ғана. Яғни, 1 пайыз. Бұған жауапты «Қызылорда су жүйесі» МКК-на айтылар сын орынды. Бізде сол аумақты барлап қайттық. Көрдік. Ұзына бойы шыбықтарды отырғыз­а беріпті. Нәр алғандары жоқтың қасы. Тіпті, көшеттерге тіл бітсе, біраз жайттың беті ашылары анық. Әрине ол мүмкін емес. Оған арнайы су келетін арық та жоқ. Бұл қалай болғаны? «Аттандап» басталған бастаманың бұлайша бөгелуіне не себеп? Әлде көгалдандыру жұмысында науқаншылдық  басым ба? Тағы бір байқағанымыз, шыбықтарға көптен ешкім көңіл бөл­меген сыңайлы. Егілді деген аты болмаса, «көшеттер көгеріп­ті» деген ақпаратты айта алмаймыз.

Ал өзге мекемелерге бекітіліп беріл­ген аумақтар «Қызылорда су жүйесіне» қарағанда шүкіршілік етуге жарап тұр. Мысалы, Рәміздер алаңы мен Президент саябағына дейінгі аралықта егілген­ 5 мың түптің 90 пайызы нәр алған. Бұл жүйелі жұмыстың барлығын байқатады. Жалпы, Сыр өңірі экологиялық аймақ­қа  жатады. Арысы Аралдан, берісі Байқоңырдан келетін залалдың зиянын айтып, қазбалаудың қажеті шамалы. Сондықтан бұл мәселені шешудің бір жолы – айналаны  жасыл желекке айналд­ыру. Бірақ жүрдім-бардым қарайтындар жүктелген міндетке мойын­сынбаса, мұның  барлығы  арман­ күйінде қала бермек. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері аймақта 200 мыңға жуық көшет егілген. Айтпақшы, 2017 жылғы 22 сәуірде облыс көлемінде «Бүкіл қазақстандық ағаш отыр­ғызу» акциясы өткізілген еді. Акцияға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент, инспекция және басқа да ұйым басшылары қатысып, барлығы 20500 адам күші жұмылдырылып, 59800 дана жергілікті жерге жерсіндірілген ағаш көшеттері егілді. Оны бақылауға арнайы мобильді топ құрылған. Ал ақжағалылар еккен көшеттердің қалай көктейтінін уақыт көрсетер... Сонымен қатар қала тұр­ғындары тағы да сарқырама немесе лоток­тар салса деген ниетін білдірді. Өйткені, талдардың тіршілік нәрінсіз өсіп-өне  алмайтыны  белгілі...

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЖОЛАУШЫСЫ ЖОҚ САПАРЖАЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.07.2017 11:44

Былтыр облыс орталығында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қала күніне орай бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Несін жасырайық, шын қуандық. Себебі жұрт игілігіне жасалған дүние ғой барлығы. Қуанғанымызды қайтейік, аймақ басшысының өзі барып лентасын қиған ғимарат бүгінде қаңырап бос тұр. Әрине, өз жұмысын бастағандар да баршылық. Десе де, мақтаулы жобалар өз жемісін бермей келеді. Қос тойдың қарсаңында ел игілігіне берілген нысаның бірі – «Солтүстік» сапаржайы  болатын.

Автобекеттің  ашылуы алдымен кейбір мәселелердің түйінін тарқататындай  көрінген. Облыс­тың солтүстігінде орналасқан екі аудан тым алыс. Сондықтан сапаржайдағы  жағдайды  кө­ріп, жолаушылар үшін  сервистік қызмет оңал­ғандай еді. Онда күту за­лы, медициналық пункт, диспетчерлік, механикалық, ана мен бала бөл­мелері қарастырыл­ған. Мемлекеттік-жекемен­шік  әріптестік ая­сында ашылған авто­бекеттің  құрылысын «Романов  және К» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргіз­генді. Жалпы ау­мағы  20 мың шаршы метрді құрайды. Уақыт өте келе әлгі облыс әкімі барған кездегі көріністің барлығы көрген түстей лезде жоқ болды. Бүгінде мұн­дағы заттар мұржайдағы  экспонаттай назарда болға­нымен, кәдеге аспай  қалған.

 


 

Сіз не дейсіз?

Ерлан Жаңабаев, Қызылорда облысының жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы басшысының орынбасары:

– Тасымалдаушылар  автобекетке  барған  тиімсіз  дейді. Себебі­ халық ол жерге бармайды. Қазіргі таңда­ біз мұны бұқараға түсіндіріп жатырмыз. Келген­ тасымалдаушылары реттеп, әзірше аралық аялдам­а  ескі  базар  жақтан ашылды. Автобустар сол жақтан­  қатынап жатыр. Алдағы уақытта сол­түстік ауданға  қатынайтын  автобустарды жаңа  сапар­жайға  көшіретін боламыз.


 

 

Күні кеше ғана осында барып, нендей әрекеттер жасалып жатқанын бағамдап қайттық. Сапаржайдың  автотұрағында бірде-бір автобус жоқ. Жолға шығып  кеткен  болар­ деген­  оймен ішке ендік. Екі  касс­а тұр. Бірі жабық, екін­ші­сі ашық. Күту залындағы орындықтардың барлығы­н ық­шамдап, бір бұрышқа жинап­ қойыпты. Жолға асыққан жолаушыны да байқамадық. Тек сапаржайдағы  кассирдің да­уы­с­ы ғана бос тұрған ғимараттың ішінде жан баласы бар екендігін айқындайды. Одан басқа адам көзге ілікпеді. Жолаушы кей­пі­не еніп, жөн сұрастық.

– Жалағаш  ауданына қарай автобус нешеде жүреді? - дедім мен.

– Білмеймін. Мұнда автобус  жүрмейді? - деді кассир.

– Онда несіне жұмыс істеп  тұрсыздар? Негі­зін­де билеті қаншадан? - деп қайта сөзге тарттым.

– Билеті – 300 теңге. Жолаушылар  мұнда  келмейді. Барлығы ескі ба­зар­  жақтан мінеді. Біз тек жолаушы тасымалдайтын кәсіпкерлерге белгі қойып  береміз,- деп қысқа қайырды кассада  отырған  қыз.

Шындығын  айтайық, бұл  маңнан  екі  қоғамдық көлік өтеді. Олар – №19,  4 бағытта қаты­найтын маршруттар. Сөйтіп, ескі базарға кел­дік. Ығы-жығы халық. Базар маңындағы автотұраққа беттедік. Қаздай тізіліп Жалағаш  ауданына және іргелес ауыл­дарға қатынайтын  автобустар  тұр.

– Жаңадан автобекет­тің ашылғаны жақсы. Оған қанша қаржы жұм­салды? Сапаржай ашылған кезде біздің бәрі­міз­ді сонда көшірген. Ке­йіннен осында қайтып келдік. Себебі онда келе­тін жолаушылар тым аз. Жол шығынымызды да ақтамайды. Халықтың барлығы  осында  үйреніп қалған. Және ол жерге баратын қоғамдық кө­ліктер некен-саяқ,- дейді Жалағаш ауданына қа­тынайтын автобустың жүргізушісі.

Жолаушылардың да айтар пікірі осы. Сонымен қатар Қармақшы, Төретам, Қазалы, Арал ауданына баратын жо­лаушылар теміржол вокзалынан автобусқа міне­ді. Онда күтушілер залы тұрмақ, отыратын орындық  та жоқ. Былтыр ғана жарнамасы жер жарған сапаржайдың жайы бү­гінде дәл осындай. Айтпақшы, ашылу салтанатында «Солтүстік» сапаржайдан Жалағаш-Аққұм бағытындағы алғашқы рейс жолға шыққан бо­ла­тын. Шамасы, сол авто­бус алғашқы да соңғысы-ау дейміз...

Қ.ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КӨРГЕНIМ – ӨЗБЕК КИНОСЫ... АЛ, БІЗДІКІНІҢ БӘРІ ӨТІРІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
20.07.2017 11:31

«Теңгедей өзiң болғанмен, теңiздей көрiп тамсанам»  деп  тебiренiптi Саршолақ шайыр өзi туған Шалқар өңiрiндегi шап-шағын ғана Жомарт көлi туралы. Сол айтқа­ндай  қазақ  киносы тура­лы зәуде бiр жылы сөз ести  қалсақ та  жүректегi азды-көптi тоң жiбiп, көңі­ліміз көл-көсір бола жаздап, балмағыз  бiр  күйге  түсетi­нiн несiн  жасырайық. Неге бұлай болғанымызды түсiндiру үшiн алысқа бармай-ақ әңгiменi қазақ киносының тарихатынан баста­масаң  болмайды.  Сондықтан оны көршi өзбек елінiң кешел­і-бүгiнгi осы кино саласыме­н салыстырудан әрi аттамай-ақ қойсақ та  болатын сияқты.

Иә, әнебір жылы Сарыағашта болдым. Бiр аңғарғаным жергiлiктi қазақтар өзбек мәдениетiн кереметтей құрметтейдi екен. Солар ала-тақиялы ағайындардың жұрт аузына iлiккен өнерпаздарының (актер, артистерiнiң) қай-қайсысын да түстеп танып, қай кинод­а, қандай рольде ойнағанына шейiн майын тамызып әңгiмелеп отырған­ын көргенде, әрi қызықтым, әрi қызғандым. Қазекемнiң бәсекешiлдiгi шығар,  әйтеуiр мұнда қалталы қазақтар қыз ұзатып, келiн түсiрсе, тойға Ташкенттен әртiс, киноактерлер шақыру да үрдiске айналған. Өзбек әшулә (өлең) айта бастаса болды, қазақтың жiгiт-желең, қыз-қырқындарынан бастап жасамыстарына дейiн ұршықтай үйiрiлiп билей жөнеледi. Жергiлiктi қазақтардың ауызекi сөйлеу үрдiс­терiнде өзбек ырғағы (интонациясы) басым екенiн бұрын да аңғаратынмын. Сондай-ақ олар «Қазақфильмдікіне» қарағанда «Өзбекфильм» киностудиясы  шығарған үлкендi-кiшiлi фильм­дерге әуес. Әуес деген бергi жақтағы сөз, алда-жалда өзбек киносы басталса, iшкен асын жерге қояды. Несіне жасырайын, сондайда осы күнгі қазақ телесериалдарын көргенде осы біз қашан кино түсіруді үйренер екенбіз деп өзіме-өзім налып, жер шұқылағаным еске  түседі.

Бұлар неге сонша құмартады екен деп, DVD дискiде сатылса, бiр-екi кинос­ын өзiммен бірге ала барған компьют­ерге  салып  тамашалағым келдi. Сатылады екен. Сатылмақ түгiлi кез  келген  жерде қаптап тұр. Арзан. Он-он екi кино жазылған бiр дискi 4500-5000  өзбек сомының төңiрегiнде. Қазақ  пұлына  шаққанда   айналасы  450-500-ақ теңге. Ал содан көре бас­тайын. Алғашында тiлiн толық түсiне алмай­ бiраз қиналдым. Қайта көрдiм. Қайта тамашаладым. Бiр-екi күннен соң сөзбекшені де үйреніп алдым. Ден қоя білсең, қазақшадан айырмашылығы да аз екен. Сол баяғы дүңгiршекке қайта барып, тағы қандай киноларын бар? - деп сұрадым. Сатушы қыз күледi. «Аға, бәрiмiз де осылай әсте-әсте «өзбек»  болғанбыз», - деп қояды.

Өнерден азды-көптi хабарым бар. Бiз көрген «Фатима мен Зухра», «Ойын», «Сүйiнiш», «Бақыт үшiн миллион», «Егiздер», «Жалғыз», «Жұлдызсыз аспан» секiлдi кинолары көрер­мендi, қарапайым адамгершiлiк қағи­даларын қарапайым ғана көрiнiстермен жалпыға ұғынықты етiп насихаттау арқыл­ы баурап алады екен. Абай айтпақшы, «Мұнда жоқ алтын иек, сары-ала қыз». Бәрi өзбек халқының өмiрi­нен, ұлттық дәстүр-салтынан алынған кәдiмгi таныс жайттар. Сөйте тұра, ешкiмдi  жалықтырмайды, тiптi тартымды дер­лiктей дүниелер. Әл­бетте, арзан күлкi, жасанды жыла­уық көрiнiстер де баршылық. Әйтсе де көрермендерiне, әсiресе, әзіл, қалжыңқұмар өзбектердiң өздерiне қатты ұнайтыны көрiнiп-ақ тұр. Бұл жердегi  мақсатымыз өзбек өнерiн, өзбек  киносын насихаттау емес. Айтпағымыз, әшейiнде Орта Азияның бары­сына айналып барамыз деп күм­пілдеп күпсiнетiн бiздiң қазекең, қазақ киносы  әлемдi  бағындыра  бастады деп, жыртылып, жарыла  жаздайтын  «Қазақфильм» басшылары осыған қалай қарайды  екен? Шынында да осы бiздiң кино саласында солар айтқандай «Әлемдi бағындыра бастаған» қандай-қандай дүниелерiмiз бар? Олар өзбек киносы бiздiң базарларды жаулап алғанын­  бiле ме екен?

Ақиқатын айтсақ, адам санасына кiтапқа қарағанда мәдениет пен өнердiң музыка, кино сияқты салалары тiкелей, жедел әсер ететiнi рас. Ал, құлағы өзбек музыкасын, өзбек әуезiн тыңдауға, көзi өзбек киносын тамашалауға дағдыланып кеткен оңтүстiктiң қазақтарына өзбекке  бүйрегiң бұрады, өзбекше араластырып  сөйлейсiңдер, дастарқандарың өзбекше жайылады деп ренжу де орынсыз. Яғни, бұл жақта өзбектiң ұлттық идеологиясының нышандары басым. Ал біз өзімізді өзіміз мақтағаннан ғана алдымызға жан салмайтынымыз және рас. Бiздiң шонжарларға, шонжарлар тұрмақ ауыл, аудан, облыс деңгейiндегi әкімдер мен солардың айнал­асындағы  жандайшаптарға  қазақтың ұлттық идеологиясынан, ұлттық педагогикасынан бүгiнгi ұрпақты ажыратып  тастадық-ау, жастарымыз да, қартта­рымыз да орысты ғана Құдайындай көреді десең, саған текекөздене қарайды. Ендi бiрнәрсе десең «ұлт араздығын қоздырушысың» деп ұстатып жiберуден  тайынбайтыны  бетiне  шыға келедi. «Надан, бейшара-ай!» - дейсiң iштей.

Өзбектер 25 жылдан берi қазекем­шілеп өйтеміз де бүйтеміз, барыс та, қасқыр да боламыз деп күмпiлдеген жоқ, олардың киногерлерi де өз ұлты үшiн, өз ұлтының дәстүр-салтының мерейi үстем тұруы үшiн қызмет етумен келедi. Әрине, күні кеше дүниеден озған­  Ислам Каримовты жек көретiн­дер оларда да жетерлiк болды. Бiрақ, құдайшылығын айту керек, ол туралы өзбектерде «ол еуропашыл, ресейшіл, католикшiл, тілімізді өркендетпеді» деген бiрауыз сөз жоқ. Сондықтан да олар өз тілінде-ақ тәуелсiз ұлттық өнер жасап келедi. Ташкентте орыстардың өзі өзбекше сөйлейді. Бiз ше? Жер-жаһан­ға  жар  салған  «Көшпендiлерiмiз» анандай болды. Сөйте тұра, «керемет жасадық, бұл фильм әлемдiк прокатқа шығатын болды» деп сақалы аппақ атақты­ актеріміз жарияға жар салды. Газеттiң бiрнеше нөмiрiне құлаш-құлаш  мақала жазады. Тiптi, фильмнiң әнебiр тұсын пәленшекемнiң айтуымен түсiрдiк деп мақтанғанын да көрдiк. Олар сол сөзіне ұялудың орнына ұлы жұмыс бiтiргендей қанасына сыймай, әлі де тасып-төгiледi. Әрине, «Көшпен­дi­лерге» деп бөлiнген де алынған мол ақша түгелдей алаяқтарға, кемталап режис­сураның жемтiгiне айналды деген­дердің сөзіне құлақ  асқан жан болма­ды. Әрине, онда  бiз­дiң  шаруамыз  да жоқ. Тек, осы фильмде­ «Жұлдыз туды»  деген  ұранды  сөздi  естiгенде тiк­сiнiп қалғаным рас. Өйт­кені,  бұл Таурат­тан алынған сөз сияқты.­ Бүкiл фильм­нен осы күнi қазақ арасындағы Ислам дiнiне, мұсылманшылыққа iрiткi салмақшы болып жүр­ген тәңiр­шiлдiк наным-сенімнің (тенгризм) иiсi аңқып тұр. Бұл – кейбiреу­лердiң тап­сыр­масымен жасалған iсi болуы­ да мүмкiн-ау деген ойға кеттiк. Осы «Көш­пенділер» фильмі аяқталғанша одан домбыраның дың еткен бiр дұрыс  даусын  естiмедiк.

Ал 16-17 жас аралығындағы мың бала­дан қол жиып ел қорғаған, 93 жасында қайтыс болған әрі би, әрі батыр Сартай туралы «Жау жүрек мың бала» фильмінде оны 16 жасында өлтіргеніміз былай тұрсын одан екіқабат болып қалған­ қызды ойлап тауып, оған шаңырақ көтертіп масқара болдық. Бірін­ші­ден, Сартай батыр туралы мұрағаттарда дерек көп. Ол деректер фильмге пайдаланылмай далада қалды. Екіншіден, қазақ ешуақытта киіз үй тігерде шаңырақты әйел жыныстыға көтертпейді. Олар тек уық қадайды. Ал 16-ға толар толмас қыздың үйінде отырып екіқабат боп қалуы о заманда адам естімеген уақиға. Бұны қай антатқыр көрләт фильмге не үшін енгізгенін қайдам... Сонымен…

Сонымен, егер «Көшпендiлерге» немес­е «Жау  жүрек мың балаға» бұйыр­ған  қыруар  қаржының ширегi ғана өзбек не қырғыз киношыларының қолына түссе, қандай ғажап дүниелер, ұлттық дүниелер жасар едi деп күйіне­мін iштей. Иә, олардың қолын жоқшылық қысып отыр. Жасаған Иемiз қазақ жерiне осынша байлық пен бақ берген екен. Соның қадiрiн білмей, киноны бүгінгі ұрпағымызда ұмытылып қалған ұлттық сананы оятуға жұмсамай, ақша десе ит көрген ешкiкөзденiп шыға келетiн дертке душар болдық. Сондықтан, ендігәрі бiрден аспандағы Айды аламын деп, Голливуд боламыз  деп  шалабымызды  шайқамай-ақ,  көршiлес  бауырларымызға  күлкi  болмай-ақ  әуелi өзiмiздiң топырағымыздағы бүгiнгi мәселелерді, ұлттық тілі­мізді, ұлт­тық тәрбиемізді сөз ететiн, ойлан­дыратын әрi қарапа­йым, әрi арзан, ұғынықты­ да тартымды дүниелерден бас­тауымыз керек шығар? Әттең, бұл орайда да «Қазақфильм» кино­студия­сын ұлттық дәстүрдi, ұлттық сананы жете бiлетiн, әрi бiлiмдi, әрi таза қазақы намысы, ұлттық намысы бар азамат­ басқармай iстiң  iлгерi  басуы… Әй, қайдам?..

Айтпақшы, сол «Көшпендiлердi» әлгiндей етіп түсiргендердiң әрқайсысы миллиондаған қаржыны қайда шашқан­ына жауап берудің орнына қазiр әр терiнiң пұшпағын илеп жүр. Бiреуi кейін Жастар театрына бастық болды. Оның театрға не қатысы барын бiз бiлмеймiз. Соны түсiне алмаған теат­р ұжымы да, көрермен де үндеген жоқ сол кезде. Баяғыда өнерге үш қайнаса  сорпасы қосылмайтын партия һәм кеңес­ қызметiнiң ортақол­дау қызмет­керi бiр-ақ күнде Мәдениет министрi болып шыға келгенде қазекем осылай үнсiз қалған. Есесiне репетицияны «Тренировкамен» шатыстыратын минист­р келгенде ұлардай шуладық. Айтпақшы, ХV ғасырдағы басты кейіпкерлері осы күнгі қазақтардың сөйлеу стилімен сөйлейтін «Қазақ хандығы» фильміндегі өрескелдіктер туралы әлі ешкім жұмған аузын ашпай отыр. Неге?

Алматыға осындай әрi-сәрi оймен қайтқан басым келе сала кино туралы әртүрлi басылымдарды қарайтын «ауру» тауып алдым. Сондағы ойым – бәлкiм, қателесетiн шығармын, мүмкiн менiң бiлгенiм қырықтың бiрi ғана шығар деген­ күдiк еді, баяғы. Бiрақ, аса қателесе қоймаған секiлдiмiн. Мұның бәрi бұрыс болса, төрелiгiн жұрт айтсын! Халық  не дер екен?

Мырзан  КЕНЖЕБАЙ,

ақын,

ҚР  Мәдениет  қайраткері

 


20 МЫҢ ТЕҢГЕ ҮШІН ЖАНЫН ҚИДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
20.07.2017 11:25

Бүгінде құмар ойынының шырмауына түскендердің қата­рына Е. де қосылған. Уақыт өте қалтасындағы  барын азғын ойынға­  салған оның бұл құрықтан құтылуы қиындай бастады. Осы үшін бейкүнә адамның қанын төгіп, шақшадай басы шарада­й боларын білсе, жаза баспай­ тұрып тыйылар ма еді, бәлкім. Алайда көз алдында жылдам­ әрі жеңіл жолмен қыруар қаржы табудың тетігі менмұндалағанда, адалдық  туралы  ойланып тұруға уақыты да болмады.

Осылайша  құмарлықтың  торына топ ете түскен ол кезекті ойында барлық қаражатын компьютер клубына жұмсап жібереді. Ақшасынан  айырылып, амалы таусылады. Ойлана келе ақырғы жос­пар­ға жүгінеді. Қолындағы бары – травматикалық тапаншаны пайдаланып ақша таппақшы. Сөйтіп, ұялы телефон арқылы «Делюкс» такси фирмасына тапсырыс беріп ғана  қоймай, оператордан жүр­гізушіге  20 000 теңгеге қайтаратын  ақша  алып шығуын ескертеді. Тапсырыс  берген мекенжайға такси­ келген соң артқы орындыққа  жайғасқан  Е.  жүргізу­шінің сеніміне кіру үшін  бір­неше жерге барып, қаланы 3 сағат бойы аралайды. Ал өзінің арам пиғылын жүзеге асыратын сәтте такси жүргізушіне қараңғы,  жарығы  жоқ  көшенің  бойына  түсіп, көше соңын­а тоқтауын сұрайды. Ол жерге келген соң сотталушы Е. такси жүргізушісінің желке тұсынан­ тапаншамен 2 мәрте оқ атады. Оның өлгеніне көз жет­кізгеннен кейін киімін тінтіп, 20 000  теңге  ақшаны  өз қалта­сына­  басады. Мұнымен тоқтамай мәйіт­ті артқы орындыққа отыр­ғызып, өзі көлікті басқарады. Бағы­ты – Тұрлығұлов көшесі. Діт­теген жерге жеткен соң қыл­мысын  жасыр­ып, бөтеннің мүлкін жою  мақсатында мәйітті машинасының  ішінде қалдырып, өрт қояды. Көліктің  есік-терезесін құ­лып­тап, оқиға орнынан ізін суытады.

Осы жылдың 10 шілдесінде Қызылорда облысының қыл­мыс­тық істер жөніндегі маман­дан­ды­рылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы 25 жастағы Е. есімді азамат ҚР Қылмыстық Коде­ксінің 99-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы (пайдакүнемдік ниетпен адамды өлтіру), 192-бабы 2-бө­лі­гінің 4-тармағы (қаруды пайда­лану­ арқылы жасалған қарақшылық), 202-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәр­кіленді. Түпкілікті 15 жылға бас бостан­дығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекем­есінде өтеуге деп белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ – ҰЛТТЫҚ САНА, ТІРЕГІ – ТІЛ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.07.2017 11:20

 

 

 

Аман  АБАСИЛОВ,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚМУ

қазақ  тілі  мен  әдебиеті  және журналистика  кафедрасының қауымдастырылған  профессоры,

филология  ғылымдарының  кандидаты

 

Бүгінгі күнді ұлт дамуының алтын кезеңі, асыл арманы орындалған заман деп атауға болады. Өйткені ата-бабаларымыздың азат және тәуелсіз Отанды аң­саған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Ата-бабамыздың сол асқақ арма­нын баянды етудег­і қазіргі «қазақстандық арманымыз» қандай, оны қалай жүзеге асырамыз, мемлекетті қалай кәсібилендіреміз, ол үшін  қандай реформа жүзеге асуы тиіс, қоғамдағы құқық тәртібі мен заңдылық қалай болуы ке­ре­к, елді индустрия­ландыру мен экономикалық өсімге қа­лай жетеміз, қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын қалай нығайтамыз, транспарентті және есеп беретін мемлекет­ті қалыптастыру үшін не істеуіміз керек деген сауалдар Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамында егже­й-тегжейлі сөз болған еді. Одан ке­йін Ел президенті «Ұлт жоспары – қа­зақстандық арманға бастайтын  жол»  атты мақаласында сол реф­ормаларды жү­зеге  асырудың  практикалық мәселелері: әр­бір рефор­маның халқымызға береті­н кәсібилік, құқықтық, бірегейлік, экономикалық және есеп берушілік игілік­теріне жіті тоқталады және оны бүкіл ел болып жүзеге асыруға шақырады.

Ал биылғы жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы баста­лғанын жариялады. Енді осы жаңғыру қалай жүзеге асады, онда нені ескеру қажеттігін баяндаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халық назарына ұсынып отыр. Мұнда ол: «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары­ біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарымды ортаға салуды жөн көрдім», - деп бастайды.

Елбасы мақаласында қамтылған мәселенің бәрі де өзек­ті, бәрі де мәнді. Бұл қоғамға жаңа леп, жаңа сенім әкеледі, сонымен қатар ұлттық дамудың жаңа міндеттерін жүктей­ді. Мұнда рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы – білім, мекені – туған жер, дербестігі – мәдениет, мақтанышы – азамат­ болуы керек деген кешен­ді шаралар  сөз  болған.

Мен тіл маманы ретінде ұлттың рухани жаңғыруын тілдік сананың жаңғыруымен байланыстырамын. Өйткені «Тіл – халық  рухы, ал халықтың  рухы – оның тілінде» деп белгілі ғалым В.Фон Гумбольдт айтқандай, Елбасының айтып отырған ұлттың рухани коды да сол тілде жатыр. Сондықтан да қазақ тіліне тек қарым-қатынас немесе шы­ғарма тілі деп қана емес, ұлттық сана-сезімді, дәстүр мен салтты, халықтың барлық бітім-болмысын танытатын рухани құрал ретінде қарау керек. Мұны ұлы даланың көсемдері мен шешендері терең сезінген. Осыдан келіп, әл-Фараби: «Үнінен, тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» десе, Абай: «Өнер алды – қызыл тіл» дейді, Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі  жоғалған  жұрт­тың өзі де жоға­лады. Өз ұлтына бас­қа жұртты қо­самын дегендер әуелі сол жұрт­тың  тілін аздыруға тырысады», «Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыздың ашпау қамын  ойлайтынымыз  сияқты  тіліміздің  де сақталу қамын қатар ойлау керек­», - дейді. Ғұмар Қараш: «Тіл  сақтауға мүмкін болғанда­, ұлт сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» десе, Халел Досмұхамедұлы: «Тіл – ұлттың жаны. Өз  тілін  өзі  біл­меген  ел – ел болмайды», - дейді.  Мұстафа Шоқай: «Ұлт­тық рухты­ң негізі – ұлттық тілі» десе, Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі», Бауыржан Момыш­ұлы: «Тіл – ұлт қасиетін ай­қын­дайтын белгі,  ұлттық салт-сана өзегі», - деп жазды. Ал Елбасы мақаласында: «Әжептәуір жаңғы­рған қоғамның өзінің тамы­ры тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болад­ы. Жаңа тұрпатты жаң­ғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - дей келе, «Егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп түйін жасайды.

Елбасы мақаласында көр­сеткен таяу жылдардағы мін­деттердің ең бастысы да осы  тіл мәселесіне арналған. Бұл – әліпби  ауыстыру  мәселесі.

Көптеген елдерде тіл саясатын жоспарлайтын негізгі субъекті деп әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттарды атайды. Ал адамдардың  саналы­  әрекетін қажет ететін тілдің негізгі салалары деп тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі, терминологиясын қалыптас­тыру мен дамыту және әліпбиі мен емлесін жасау­, жетілдіру мәселелері көрсетіледі. Осы­лар­ға назар аударсақ, әліпби жазба тілді қалыптастырудағы адамдардың  саналы  әрекеттері­нің бірі, тіл  саясатының  басты  нысаны­ екендігін  көреміз.

Әліпби – арғы тегі гректің «alphabetos», яғни альфа және бета деген басқы әріптердің атынан алынған атау. Ол жеке дыбыстық элементтерді символ арқылы айқындап, тілдегі сөздердің дыбыстық келбетін бейнелейтін таңбалар жүйесі. Әліпбидің дүниеге келуі кез келген табиғи тілдердегі мәтін­ді жазуға мүмкіншілік берді. Жазудың шығуы мәдениеттің дамуына көп әсер етті. Тіл өзі­нің өмірдің түрлі салаларындағы қызметін кеңейтті, дамудың жаңа жолына түсіп, жаңа мүмкіндіктерге  ие  болды.

Қай қоғамда, қай елде болмасын, әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпы­халықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе. Сондықтан ол – саяси, мә­дени, лингвистикалық, әлеумет­тік-линг­вистикалық, әлеуметтік-эконо­мика­лық тұрғыдан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема.

Олай дейтін себебіміз ол біріншіден, мемлекеттің тіл сая­сатының бағытын танытса, екінш­іден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді.

Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфо­графиялық, орфоэпиялық ережел­ерін жасауға икемді әліпби  жасау  лингвистикалық білік­тілікті  көрсетеді.

Төртіншіден, таңдалып алынғ­ан әліпбиді қоғам санасы­ дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік лингвистикалық қырын та­нытады.

Бесіншіден, әліпби ауыс­тыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік рефор­маның басқа реформалардан айырмашылығы – ол сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліп­би ауыстыру әлеуметтік мәселе­ болып табылады. Бұл үшін алды­мен халық арасында мә­селенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау жұмыстары  жүргізілуі  керек.

Алтыншыдан,  әліпби  ауыстыру көп қаражатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешіл­уі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін Үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама қа­был­дануы  тиіс.

Осы орайда Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшелік­теріне байланысты» дей келе, «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың  көмегімен, барша қо­ғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты  нұсқасын  қабылдау  керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліп­биді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арнал­ған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдіс­темелік жұмыстар жүргізілуге тиіс», - деп атап көрсетеді.

«Бізге неге әліпби ауыс­тыру қажет?» дегенге келсек, оның көптеген себептері бар. Бірін­шіден, тіліміздің табиғи заңдылықтары бұзылып барады. Өзге тілдің дыбысы, өзге тілдің сөзі, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей, өз сөзіміз өзіміздікі болмай отыр. Бұл әсіресе тіліміздің фонетикалық жүйесіне қатты әсер етті. Үндестік заңы тұншықты. Тіліміз әуезділігінен айырылды. Екіншіден, тіліміз осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді болмады, терминологиямыз жетіспейді деумен өзге тілдің сөзін аудара­мыз деп өзегіміз талды. Үшін­шіден, өзге тілден сөз ауысу тоқтады. Кірме сөздер қазақтың айтылуына негізделмей, сол тілдің нұсқасында енді. Тіліміз «импортталған» сөз­дерге толды. «Өзге тілден сөз алғанда оны басып, жаншып ұлттық дәстүрде алу керек» деген­  принцип далада қалды. Міне, осындай  және  тағы бас­қа­ да факторлар тілімізді да­мытуға кедергі келтіріп отыр.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту, әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосу, болашақ тілі болуына жағдай жасау – әрбір қазақ азаматының арманы. Біз бүгінгі күні әліпби ауыстыру арқылы осы уақытқа дейін кеткен кемші­ліктерді жоя отырып, жаңа тұрпаттағы тіл дамыту жұмысын саналы түрде қолға алуымыз  қажет.

Жалпы әліпби – адамдар ақылдаса отырып жасайтын, тіл дамытудағы саналы әрекеттердің бірі. Қазіргі таңда елі­мізде әліпби таңдау, оның ішінде латын графикасына негізд­елген қазақ жазуын жасау мәселесі өткір күн тәртібіне қойылды. Мұны мен қолдаймын. Өйткені орыс жазуына негізд­елген қазіргі қазақ жазуы ұлттық сипатынан ауытқып, басқа жаққа бет алып бара жаты­р. Мұны күнделікті газет, журнал, ғылыми кітап, оқулықтардың кез келгенін алып, ондағ­ы мәтіндердегі сөздерді орфографиясына қарай топ­тастырып, саралап көрсек, тара­зының бір басында қазақ тілінің заңдылығымен жа­зылға­н, екінші басында бөтен тіл­дің тәртібіне түскен ала­бөтен сөз үйірін байқаймыз. Жыл өткен сайын мұндай «импор­тталған» сөздердің саны еселеп өсіп, көбеюде. Мұның өзі қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі нормас­ының бұзылу қаупін күшейте түседі, ал дәс­түрлі нормасын  жоғалтқан  тіл қанатынан айырылған құстай дәр­менсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды. Сондықтан тіліміз­дің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфог­ра­фия­сын қалай бол­ғанда да өзгертпей, реформаламай болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғы­сынан келгенде бізге орыс графи­касынан гөрі латын алфавиті  қолайлы. Латын графикасына  көшу  арқылы  біз тіліміз­дің  табиғатын  сақтаймыз, даму заңдылығының бұзылуына жол бермейміз, фонетикалық  жүйесін  қалпына келтіре­міз, орфографиямызды түзеп аламыз, қысқасы, өз сөзіміз өзіміздікі  болады.

Елбасы мақаласында көр­сеткен таяу жылдардағы мін­деттердің екіншісі – қоғамдық және  гуманитарлық  ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу. Мұнда тарих, саясаттану, әлеу­меттану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқу­лықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние­жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады және бұл тез арада, яғни 2018-2019 оқу жылында жүзеге асады. Бұл – түсінген адамға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қызме­тін арттыру, қазақ тілін кең көлемдегі білім алу тіліне, ақпарат  тіліне айналдыру деген­ сөз. Бұл іске қазақ тілін ана тілім, мемлекеттік тілім деп санайтын барша қазақстандық шын жүрегімен ат­салыса­ды деп санаймын.

Мақалада айтылған таяу жылдарда жүзеге асатын үшін­ші міндет те тіл мәселесімен, оның ішінде ономастикамен байланысты. Мақалада: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынай­ы патриотизмнің ма­ңыз­ды көріністерінің бірі», - дей келе, «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта  сая  болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»,- деп атап көсетілген. Демек­  бұл бағытта арнайы лингвисти­калық зерттеу жұ­мыстары, білім беру саласында ауқымды өлкетану­ жұмыс­тары, орта мектеп­те  туған жердің  тарихын  оқыту  мәселелері  күн  тәр­тібіне  қойылуы тиіс.

 


БАЙЛЫҚ АҚШАМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.07.2017 11:00

Кәсіпкерлік – адамның экономикалық қызметі. Оның дамуына үлкен еңбек қажет. Тәуекелге бет бұрып басталатын қызметтің бұл түрі қазір әлем жұртшылығын бір қазанда қайнатты. Кәсіпкер – жеңіс пен жеңілістің кермек дәмін татқан жан. Жауапкершілігі басым, инновациялық және инициативалық қызметтерді жүзеге асыра алатын әмбебап тұлға. Демек, нарықта бәсекеге қабілетті кәсіпкер ғана табыс таппақ.

Бүгінгі кейіпкер Тәуелсіздіктің тұралаған жылдары там-тұмдап сауда нарығына аяқ басып, тура 20 жылда ірі кәсіпкер атанды. Отбасылық  бизнеспен айналысып, жаһандық интервенция мен дағдарыстан шыға білді. Басты мақсаты – матадан мейлінше сапалы дүние өндіру. Ол діттегеніне жетті. Дегені болды. Орайы келгенде отандық  өнімді  сауда нарығына әкелді. Ол жас болса да алтын асықтай бес ұл тәрбиелеп отыр. Оның сүттей ұйыған­  отбасы  бар. Ол – сырбойылық сырбаз жігіт. Ол – ірі кәсіпкер. Хош. Мақалаға арқау еткен тұлға – облыстағы белді кәсіпкер Ділмұхамед Мінуар­бекұлы. Алғашқы жұмысын саудад­а  алыпсатар  ретінде бастаған ол, заманның сұра­ны­сына орай бүгінде отандық өнім өндіруді қолға алған. Қазір  сауда­ның  бел  ортасында  жүр.

Кәсіпкер 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Отбасылы. Әйелі Айзада Айтуған ерінің негізгі бағы­т таушысы, кеңесшісі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет етеді, экономика  ғылымдарының кандидаты. Қолы қалт етсе, ерінің жанынан табылып, отбасылық бизнестің бір пұшпағын илеуге  ат салысады. Ділмұхамедке­ мұндай іскерлік қабілет өзінің ата-анасы­нан дарыса керек-ті. Адаммен қарым-қатынас жасау, ұйымдастыру, жауапкершілік – ата-анасының баласынан үнемі талап ететін қасиеттері. Кәсіпкердің әкесі Мінуарбек Абызов пен анасы Мейрамкүл Тукенова да талай­ жылдар жеке кәсіппен айналысқан жандар. Алғашқыда отбасыға нәпақа табамын, балаларымды қатарынан кем өсірмеймін деген олар, кәсібі дөңгелегеннен кейін, шағын сауда­  капиталын  қалыптастырған. Ата жолын қуған баласы Димаш та мамандығы мұнай-газ ісі болса да, сауда сала­сы­нда өзінің қолтаңбасын қал­дырып үлгерген  азамат.

Кәсіпкерлікпен айналысу бар да, оны ойдағыдай дамыту бар. Бірі заманның қиын-қыстау шағында да қисынын қиыстырып, ісін дөңгелетіп әкетсе,­ енді бірі тәуір тіршілігін тұралатып алды. Демек, қалауын тапса, қар да жанар. Шынтуайтында  адам  бала­сы­ тұрмыстық жағдайымен, тіршілік­тің қамымен бұйырған нәпақасын тереді­. Оны ұға білген адам ғана жеткен  биігіне, несібесіне, көрген қызығы мен кешкен дәуреніне шүкіршілік етеді. Бағымызға орай, мұндай жандар бұл өмірде жоқ емес. Біз сөз еткелі отырған  кәсіпкер  Ділмұхамед  Абызов­ та  осы  қатардың  алғы  шебінде.

Жеке кәсіп  ашарда  адамға  бір­неше рөлдерді ойнауға тура келеді. Бүгін кәсіпорныңызда істен шыққан құрыл­ғыны  жөндеп, техникалық  қолдау  қызметінің маманы боласыз. Ал ертең өз тауарыңыздың сатушысы, артынша кәсіпорынның қаржысына жауапты есепші, тіпті еден жуушының қызметін атқаруыңыз да ғажап емес. Осындай бастапқы қиындыққа дайын бол­ғанда  ғана кәсіптің алғашқы кірпіші  қаланады. Жалпы, тұрақты табыс әкелет­ін бизнес құру оңай емес. Ал қоғамға пайдасын тигізетін кәсіп ашу одан да қиын. Ділмұхамед Мінуарбекұлы негізін қалаған «Dalatex» компаниясының құрылғанына бір жылдан енді асты. Өткен жылдың мамыр айынд­а алғашқы өнімін шығара бас­таған кәсіпорынның жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Қазір тек Қазақстанның ғана емес, көршілес Ресейд­ің де сауда нарығында Сырдан шыққан сырлы көйлектерге сұраныс артып тұр. Теріскейдегі көршінің Екатеринбург, Астрахань, Омбы қалалары мен Қазақстанның Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Орал, Петропавл секілді  ірі  қалаларына  көп мөлшер­де­ ерлер  көйлегін  жөнелтеді.

Кәсіпті бастау үшін оның көзін білетін кәнігі маман керек. Сапалы өнім өндіруді басты тенденциясы еткен­ компания үшін бұл аса маңызды. Ұдайы түрік мемлекетінің тауарын туған жерге тасымалдап, оны сатумен айналысқан Ділмұхамед Абызов ондағы белді кәсіпкерлермен қоян-қолтық байланыс орна­тады. Түрік кәсіп­керлер тауарын жиі тұтынатын болғандықтан, ең жақсы, ең сапалы дүниесін де еш ойланбастан­ береді. Кәсіпкер шетелден тек мата ғана емес, одан керемет киім үлгісін пішетін шебер Мехмет Дурукты да ала келді. Ол мұнда жұмыс істейтін тігінші қыздарға киімді пішуді, тігуді, өңдеу мен өндіріске жіберуді қысқа мерзімде­ үйреткен. 17 жылдық тәжірибесі бар ісмер Қазақстанда тұрақтап қалуды көздейді. Десе де, бәсекелес орта жеткілікті. Шетелдік тауарлар да базар­ сөрелерін босатпайды. Сол себепт­і кәсіптің көзін әбден меңгеріп, бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыр­ғанда ғана сауда нарығында өз орны болатынын  ол  жақсы  біледі.

Бүгінде шаруасы шалқып, дәулеті тасып, өнімдері алыс-жақын шетелдерде  де  танылған  кәсіпкердің алғаш­қы қиындықтары  артта  қалды.

– Біздің шағын кәсіпорын алғашқы жұмысын ерлер көйлеген тігуден бастады. Жыл бойы тек сапаға мән беріп, басқа­ бағытқа бұрылуға шама болмады­. Биылдан бастап қызметкерлеріміздің әлеуеті жақсарып, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндігіміз артқаннан кейін балалар көйлегі мен жасөсіпірімдерге арналған киімдерді тігуді бастамақ­шымыз. Сонымен қатар әйелдер жейделеріне  де  сұраныстың артуына байланысты алдағы жоспарға енгіздік. Тауар­ өндіруде алдымен назарға ілінетіні – киімнің матасы. Біздің таңдаған маталар сапалы екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Таза 100, 80/20 пайыздық мақта маталарды қолданамыз. Айтқандай, маталар мен сәндік бұйымдарды Түркия­ның  Стамбул қаласынан арнайы алдыртамыз. Жалпы, байлық ақшамен өлшенбейді. Біз мақсат еткен сапа ел үдесінен­ шықса, бізге сол қуаныш, өз өнімімізбен мақтанамыз, - дейді «Dalatex» компаниясының  басшысы  Д.Абызов.

Кәсіпті дөңгелетудің негізгі тетігі – өз ісінің мықты мамандары. Ал бүгінде аталмыш компанияның берекелі ісін жүргізіп келген 35-40 қызметкері бар. Оның 20-дан астамы – тігінші, 5 өтектеуші, 3 қаптамашы және қалғаны –  қойма­шы мен сатушылар. Епті қыздар қазіргі нәтижелі еңбегімен  мақта­нады.

– Әрине, біз үшін ісмерлік іс таңсық емес. Себебі қазақтың әрбір қыз-келіншегінің қолынан инесі мен жібі түспеген. Біз күніне 400-500 дана ерлер көйлегін  шығарамыз. Алдағы уақытта одан  да көп мөлшерде өндіретін боламыз. Мен өзім фабрикаға алғаш келгенде­ көйлектің жағасының біркелкі, дұрыс шығуын қамтамаыз ететін бөлімде жұмыс істедім. Қазір аға тігіншімін. Менің мұндағы қызметім – тігілген көйлектің сапалы, мінсіз, әрі тез тігілуін қамтамасыз ету. Бізге үйретуші шебер – Түрік елінің азаматы. Ол кісі «Көйлек өте сапалы, бірақ халық оның жергілікті екенін білгеннен кейін аяғын тартады. Жалпы алғанда көйлек біздегі, шетелдегі киімнің сапасымен пара-пар, деңгейлес», - дейді. Тек халықтың әлі көзі үйренбеген. Айтарым, біз отандық өнімді таңдаймыз, барлық қызметкерлер осында тігіл­ген киімдерді тұтынамыз, - дейді «Dala­tex» компаниясының аға тігіншісі Әйгерім Әбдікер.

Жоғарыда айтқандай, кәсіпорынның басты тен­ден­ция­сы – сапа. Өнімді заманауи үлгіде халық­аралық стандарт­тарға  сай етіп шығару. Осы мақсат­пен­ маталар арнайы­ Түркия мен Итали­ядан алынады. Ал мата сапалы, тігінші ісмер болғаны­мен, қолыңдағы техника сыр берсе, бәрі бекер. Қазір кәсіпорында бәрі автоматтандырыл­ған. Соңғы үлгідегі 40-тан аса тігін станок­тары, тігін машиналары мен түрлі кілейлеу­ші  құралдар  бар.

Айта кетерлігі, бір ғана облыс орта­лығында бірнеше дүкен сөрелерінен аталған кәсіпорынның өнімін табуға болады.  Атап  айтқанда, «Ағжан» сауда­ үйінде, «Димаш», «Доминант» дүкендерінде «Dalatex» өндірген қазақстандық ерлер киімін кездестіре аласыз. Бұл – кәсіпорынның жеке нүктелері. Ал әріптестік байланыс орнатқан «Фристайл» сауда үйіндегі «Алтын адам» өкілдері өз дүкендерінде өнімді сатса, «Сыбаға» базарындағы нүктелерінде де көйлектер көптеп кездеседі.

Біз бұл жобаны үш жыл ойластырдық. Әрине, жеке кәсіпті қомақты қаржысыз бастау қиын. Бірақ Ділмұхамед Мінуарбекұлының табандылығының, батыл­ шешім қабылдай алуының арқасында  кәсіпті бастап кеттік. Алғашқыда бәрі қиын болды. Әсіресе, халықтың көңілінен шықпай қала ма деген күдік уайымдатты. Халыққа қалай таныта­мыз, қалай жарнамалаймыз деген­ сан сауал, үлкен міндеттер тұрды алдымызда. Қазақ өзі өзгенің қаңсығына жүгіреді, өзімізде мұндай таңсық дүниенің­, сапалы­ өнімнің өндірілетініне сене бермейді. Сондықтан бастапқыда тұралап, тоқтап қалмай еңбек­тенуіміздің  арқасында  бүгінгідей деңгейге  жеттік, - дейді компания басшысының  орынбасары, іс басқарушы Дарха­н  Бектайұлы.

Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Ділмұхамед Абызовтың жеткен жетістігі, шыққан биігі аз емес. Бұл – адамдықтың биіктігі, кемелдік­тің асуы. Тағы бір айтарымыз, жұбайы Айзада екеуі бес бірдей алтын асықтай ұл тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ұлдары Ақдәулет, Нұрмұхамед, Әлихан, Ахмедияр, Омар әкеге қарап ержетіп келеді. Алды алғашқы мүшелді толтырса, кенжесі  балабақшаға барады. Бұл  отбасы  бақытты. Рас  сөз.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ



Бүгінде тауардан түскен табыс қомақты. Құйылған инвестиция 83 млн теңгені құрайды. Өткен жылы 24000 дана көйлек сатылса, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде 25000-30000 дана көйлек өндірілген. Бағасы да қолжетімді, 5000-15000 теңге аралығында.


 

 

Жетістіктері

* «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз;

* Қызылорда қаласы әкімдігінің арнайы «Үздік кәсіпкер» номинациясының иегері;

* Қызылорда облысының білім басқармасының арнайы алғыс хатымен марапатталған.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары