Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
Шілде 2017

Қайта оралған сезім (болған оқиға) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.07.2017 10:45

Жоғарғы оқу орнын бітірген жылы Айнаға сөз салушылар көбейді. Сұлу да пысық, тиянақты­ қызды кім жар еткісі келмесін? Күндердің күнінде анасы қызды оңашалап шақырып алып, айтар сөзі барын білдірді. Сондағысы қызының сөйлесіп жүрген жігіті бар-жоғын білу болатын. Себебі, Айнаның анасы Баршакүлге әріптес бір құрбысы өзінің әпкесінің ұлы бар екенін, әпкесі егер жақсы тәрбиелі жерден қыз жолықса, ештеңеге қарамастан ұлын үйлен­дір­гісі келетінін айтыпты.

Ауқатты жердің өзі құда түскісі келіп тұрғанда, Баршакүл бұған, әрине, қатты қуанды. Айна бұл хабарды естігенде алғашын­да қатты тосырқады, бірақ анасының шешімін қашан да орындап үйренген тәрбиелі қыз жігітпен кездесуге келісімін берді.

Қымбат көлікте отырған сымбатты жігітті алғаш көргенде қыздың жүрегі дір етті. Танысуға келген болашақ жары қыздың басынан аяғына дейін бір көз жүгіртіп қарап шықты да, «Сәлем!» - деді. Жігіттің сөзіне сыпайы ғана «сәлеметсіз  бе?» - деп жауап қатқан қыз көлік­тің  артқы  орындығына жайғасты. Осылайша екеуінің алғашқы кездесуі басталып еді. Бір-біріне тіпті тіл қатпастан үнсіз киноға барды, үнсіз әдемі мейрамханадан кешкі ас ішті. Мұның бәрі сценарий бойынша осылай болуы керек секілді. Айнаға сымбатты жігіт те, оның үнсіз мұның әр қимылын бағып қарап отырған көз­қа­расы да, бәрі-бәрі ұнаған болатын. Тіпті, ғашық бола бастағ­андай ма, қалай өзі... Ал, бұл кеште Арман­ның ойы мүлдем басқа жақта болды. Дәл алдында тым қарапайым, бірақ сұлу қыз отырса да, оның бар есіл-дерті өзі сүйген Майрасында еді. Әттең, ата-анасы ол қызға қосылуға түбегейлі қарсы. Сондықтан да ұлының тездетіп аяғына тұсау салғалы отыр еді. Майра – бір ұлы бар кербез келіншек. Барынша өзіне қарап сұлу болып   жүретін  әрі  жасы да Арманнан біршама­ үлкен. Оның қай жеріне қызыққанын өзі де түсінбейтін. Ата-анасы қанша жалынып та, қорқытып та көрді, бірақ ол бас тартпады. Бұл жағдай­дан  Айна  мүлдем  бейхабар  болатын.

Барлық жайды айтпаққа бекінген Арман Айнан­ы  кездесуге  шақырды. Кездесуге ішімдік ішіп,  мас  болып келген жігіт көлікті тоқтата сала  Айнаның  бетіне ұзақ қарап отырды да, «Сен  неге  түсінбейсің? Мен сені сүймеймін ғой, осының бәрінен неге бас тартпадың? Сен қыз баласың ғой, әлі де кеш емес, менің сүйгенім бар, тоқтатшы осының бәрін, тоқтат!»-деп еркек басым­ен жылап қоя бергенде, Айнаның төбесінен  біреу мұздай су құйып жібергендей болды.

Бұл жаңалықты ата-анасына Айна қанша айтып­, тұрмысқа шығуға қарсылық білдірсе де, екі жас қарсы болса да, қаланың ең атаулы мейрам­ханасында дүркіреген үлкен той өтті. Қалыңдық  пен  күйеужігіт тек өз рөлдерін ойнап­ шыққаны болмаса, Арманға бұл күннің еш маңызы жоқ еді. Тойдан кейін үйіне қайт­пастан  Майрасына  асықты. Ал, Айна көз жауын алардай безендірілген үлкен бөлмеде жалғыз қала  берді...

Күндер, айлар сырғыды. Айна бұл үйде жай ғана тұру үшін келгендей еді. Күні бойы екі қабатты зәулім үйде жалғыз қалатын. Ата-енесі таң атысымен қызметтеріне кетеді. Айна болса ата-енесіне өзінің келіндік міндетін мүлтіксіз атқарып жүрді. Обалы не керек, енесі де Айнаға жақсы қарайтын, оны өз қызындай жақсы көре­тін. Бірақ бар мәселе – Арманда. Осы уақыттары жұбайының көңілін өзіне аударғысы келіп, қанша­ма әрекеттер жасады десеңші. Үш жылда екеуіні­ң арасын бір ғана ұл бала жалғап тұрды. Айна үнемі барлығын тастап мына үйден безіп кеткісі келетін. Тек ата-анасының абыройы мен өздерін немересінен айыра көрме деп жылайты­н ата-енесінің сөзінен аса алмай қалып қоятын. Барлық жағдайы жасалса да, шын мәнінде, бақытс­ыз еді. Арман бұл сәттерде сүйіктісімен айлап шетелге демалыстарға кетіп, бар уақытын сол әйелмен өткізетін. Оған ұлы мен әйелінің бары-жоғы бірдей. Бірақ, дүниеге келген ұлы келіншектің бар алданышы, бар жұбанышына айналды. Тіпті, соңғы күндері Арманнан көңілі суып бара  жатқанын  сезінді.  Ол  үйге келсе­ де,  келме­се­  де,  ол  үшін  бәрібір  болып  барады.

Бүгін күн жексенбі. Арман сүйіктісінің жанын­да еді. Бір кезде Майраның телефонына смс келді. Бұл кезде асханада жүрген әйел мұны естімеген болатын. Қызығушылығы артып, телефонды  ашып қараған Арман келген хатты оқып, есінен адаса жаздады. Онда «Жаным, сені сағынды­м, өзіңді көргім келеді. Бұрынғы мекенжайда кездесейік» делініпті. Ас бөлмесінен келе жатқан­ сүйіктісінің аяқ дыбысын естіген жігіт дереу телефонды орнына қоя салды да, түк білмегендей «мен үйіме қайтайын, кешке келемін ғой» деп, орнынан тұрып кетті. Сыртқа шығысымен, Майраны аңдып, көлігін тасаға қойып, ұзақ отырды. Біраздан соң кербездене басып, сыланып-сипанған келіншек те шықты-ау. Мұның жақында ғана әперген көлігіне майыса мініп, белгісіз бағытқа жүріп кетті. Артынан ерген Арманды байқамады да. Қала сыртына шығып, қымбат бір белгілі қонақүй алдына тоқтады. Одан шыққан қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы кербез әйелдің қолынан сүйіп, екеуі ішке кіріп кетті. Мұның бәрін үнсіз бақылап отырған­ Арман не істеп, не қоярын білмей аласұрды. Майраны шыққанша сонда тоспаққа бекінді. Бірнеше сағаттан соң күліп шығып келе жатқан екеудің алдынан кесе-көлденең тұра қалған мұны  көрген  Майра әуелі қатты састы, артынша өзін дереу жинап алғаны байқалды. Жігіт әйелдің бетінен жұдырықпен қойып қалды. «Ал, мұныңа не деп жауап бересің салдақы?» - деп төтесінен сұрақ қойды. Жанындағы ер адам «Мынауың кім тағы?» деп ұмтыла бергенде, екі ортаға тұра қалған сылқым: «Сенің ендігі боларың  болып, қызығың таусылды. Мен сені текке пайдаландым. Баршы әрі!» - деп итеріп жіберді де, екеуі көлікке мініп кете барды. Осынша уақыты  текке кеткенін енді түсінген жігіт ашудан­  не  істерін  білмей қалшылдап, бір орында­ тұрып қалды. Есін жиған сәтте Айнаға үйленген кезден бергі оның жүрегіне қалай қаяу салғаны, бұл үйден кетіп бара жатқанда жасқа толы жанарымен үнсіз ғана шығарып салған сәттері,  ата-анасының қанша жалынып та, жылап­  та  бас тартуын өтінген кездері, бәрі-бәрі көз алдынан кино лентасындағыдай сыр­ғып өтті. Майрамен босқа өткізген уақыттары мен кеткен  шығындарында  есеп  жоқ...

Ал  әйелі мұны ұмытқалы қашан. Соңғы уақыт­тары осы өмірге өзі де үйреніп алғандай. Ұлы да екі жасқа толды. Тәтті қылықтар шығарып келеді­. Айна осы үйдің  еркегі мен әйеліне­  тән  барлық жұмысты өзі атқара беретін болған. Оған демеу­  болатын атасы мен енесі. Сондай жақсы жандардың көңіліне қаяу салғысы кел­ме­ген алтын әйел өз бақытын ысырып, өзгеге кетіп,  қайта оралған күйеуіне пысқырып та қарамады. Майрадан кеткелі­ Арман үйінде жиі болатын болды. Күнделікті отбасының тіршілігін бақылап қарап отыратын жігіт Айнаның әрбір ісі ендігі көз  алдында өтіп  жатты. Бұған адам екен деп  қарамауы  Арман­ға оңай соқпады. Кері­сінше әйелі­нің  бұл  қылығы  өзіне ынтықтыра түсті. Бұрын қа­лай  байқамаған, әйелі өте сұлу екен ғой. Таби­ғилық­тан  гөрі  жасандылығы көп, беті бояудан көз ашпайтын сұрықсыздың жанында қаншама уақытын құр өткізіпті. Қолда  барда алтынның  қадірі жоқ деген осы екен-ау. Арман ендігі өмірін тек от­басына арнап, жарын өзіне ғашық етіп, бақыт­ты отбасы болу үшін барлық амалды жасауға көшті. Дүние алма-кезек­. Бұрын Айна Арман үшін дәл осылай жасас­а, ендігі кезек Арман­ға келді...

Дана   МЫРЗАШЕВА

 


Әйелің базаршы болады... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.07.2017 10:37

Осы бір талдырмаш келген қара баланың көзінен от көремін. Өзі даярлық тобына барады. Дәптерге тізіп жазған әріптері маржандай, ұқыпты. Сүйсінесің. Бірде оны мектебіне дейін жеткізіп салудың сәті түсті. Оны әңгімеге тартып:

- Әкеңді  жақсы көресің бе?-дедім. Ойланбастан: -Иә,-деді. – Бірақ, әкем арақ ішеді. Үйде ақша жоқ, нан жоқ, - демесі бар ма!? Алты жастағы балаға мұндай сөзді кім үйретуі мүмкін? Балалы үйдің ұрлығы жатпас деген осы шығар. Терең ойға қалдым. Тойып тамақ жемей, ішерге ас, киерге киім таппай жүрсе де балалық аңғал сезімі мен әкесіне деген махаббаты жоғалмаған мына баланың. Анасы таң сәріден  кеш  батқанша жұмыста, ал әкесі бір шыны үшін өзін, отбасын, жәудіреген балаларын құрбан етіп жүр. Осы көрініс көз алдымнан көлбеңдегенде жанарым еріксіз жасқа толды...

Кемел келешек, бақытты болашақ үшін қайғы жеп, күңіренген бабалар аз болмаған тарихта. Соның ішінде Мөңке бидің заман туралы толғаған сөздері нысанаға дөп тиіп, қадалған жерден қан тамады.

«Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады.

Әйелің базаршы болады,

Еркегің қазаншы болады,

Жылқы жұлдыз болады,

Қой құндыз болады.

Кебір – жерге теңеледі,

Әйел – ерге теңеледі,

Көл – теңізге теңеледі.

Сиыр – өгізге теңеледі.

Ақырзаман адамы –

Сағынып тамақ жемейді,

Ащыны – ащы демейді,

Тапқанын олжа дейді,

“Әлһам” білгенін  молда  дейді.

Бір-біріне қарыз бермейді,

Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.

Сарылып келіп тосады,

Құны жоқ қағазды судай шашады...» - деген жолдарын оқып отырып денем тітіркеніп кетті.

Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады. Бол­ғаны ғой. «Кредит», «кризис» дегендер бәле болып жабысып тұр. Тепсе темір үзетін отағасы үйде отырып, жұмыстан келетін нәзікжанды әйелі­нің ас-ауқатын әзірлеп, биіктен төменге қадірі құлай бастағандай... Табыс таптым деп бедірейіп келіншегі шығады. Маған «масыл» болып отырсың деп табалайды. Мұндай үйде береке бола ма? Әлемдердің Раббысы: «Әйелдерді лайықты түрде ас-ауқат және киім-кешекпен қамтамасыз етуге баланың әкесі міндетті», - деп «Бақара» сүресінің 233-аятында баян еткен. Десе де, біз көріп жүрген кейбір отбасыларда жағдай басқаша. Әбіржіген әйел күйбің тірлікпен далада жүргендіктен, отбасы шаруасы мен бала тәрбиесі кейінге қалды...

Осыдан соң, үлгілі әке мен иманды балалар туралы сөз етудің өзі қисынсыз. Баланың тәрбиешісі – теледидар, әкесі – ұялы телефон немесе ғаламтор болғалы қашан? Бүгінгі таңда ғаламторға жіпсіз байланған кей жастардың әке-шеше тәрбиесінен алыстағаны  өкі­нішті, әрине. «Талақ» сүресінің 7-аятында Алла тағала былай дейді: «Қалталы адам (әйелі­нің, балаларының нәпақасын) байлығына қарай молынан берсін. Ал ризығы шектеулі (жағдайы шамалы) болған адам Алланың оған нәсіп еткеніне қарай берсін. Алла тағала құлына бергенінен артық жауапкершілік жүктемейді».

Мінеки, Жаратушының осыншама мейірімін сезінбегендер отбасын қамтамасыз ету мен асырау мәселесінде әлсіз­дік танытып келеді. Бұған көше жағалап бөтелке теріп, қоқысқа бас сұғып, болмаса ащы сумен ажырамас дос бол­ған адамдардың көрінісі анық дәлел секілді. Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ер адамның қолына қарап отырған әйелі мен бала-шағасын аш-жалаңаш етіп нәпақасыз қалдыруы, күнә ретінде оның бір басына жеткі­лікті болып табылады»,-деп айтты»,-делінген. Демек, бала-шағасы бір тілім нанға зар болып­, жылуы жоқ баспананы жағалап жүрсе, бұған әкесі тікелей­  кінәлі болмақ.­

Балалардың жүрегі жабырқамаса, жүзінде мұң болмаса, балалар жыламаса дейміз. Одан асқан бақыт болмасы анық біз үшін.

Гүлнұр  ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ,

журналист

 


ТЕҢІЗ ТАБАНЫНДАҒЫ СЫРЫ АШЫЛМАҒАН ҚАЛА МЕН КЕСЕНЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.07.2017 10:30

Небәрі жарты ғасыр бұрын қазақ жерінің інжу-маржаны  саналатын Арал теңізі әлем бойынша 4-орында тұрған еді. Бірақ 1960 жылдары су деңгейі шамадан тыс жоғала бастады. Арал апаты­ шекарасының тарылуы, жағалаудың ұзап кетуіне байланыс­ты археологтар көп­теген құнды дүниелер тапты. 2001 жылы теңіздің кеуіп кеткен табанынан тастан және күйдірілген кірпіштен тұрғызылған мавзолей табылды. Бұл мавзолей XIV ғасырда салын­ған деген жорамал да бар.

2004 жылы табыл­ған Арал түбіндегі өзге де археологиялық ескерткіштер, ортағасырлық қалалар мен кесен­елер зерттеушілер назарын  аудара  бастады.  2001-2009 жылдары Қорқыт Ата атындағы ҚМУ және Ә.Х.Марғ­ұлан атындағы Археология институтының біріккен археологиялық экспедициясы аталған ескерткіштерде қазба жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштерден табы­лған  керамикалық бұ­йымдар оларды Алтын Орда дәуірі­мен (XIII-XIV ғғ.) мер­зімдеуге  мүмкіндік  берді.

Тарихи-ғылыми деректерде Арал те­ңізінің көлемі бір­де үлкейіп, бірде кіші­рейіп отырғаны байқалады. Жалпы, Арал деген атауының өзі теніздің о баста шағын көлдерден құралғанын, олардың ара-арасында елді мекендердің көп болғанын бай­қатады. Сонау жылдары іргелі қазба жұ­мыстарын жүргізген С.Толстов экспедициясы Аралдың оң­түстік-батыс жағында Алан қала, Шайтан қала секілді аралдардың болғандығын жазған еді. Бұл сор – Барсакелместің маңындағы аралдар. Осындағы Алан қалада біз сөз етіп отырған жәді­герлерден та­былған жалпақ тастар көп­теп  кездесе­ді. Оны С.Толстов ежелгі аландар мәдениеті­нің калдығы деп білген. Орыс деректері бо­йынша, Арал өңірі ескерт­кіш­тері жайлы алғашқы мәлі­мет XVII-XVIII ғасырларда жарық көрген «Үлкен сызба кітабы» мен Семен Ремезов құрастырған «Сібірдің сызба кітабы» еңбектерінде кездесе­ді. Арал өңірі мен Оңтүстік Қазақстан аймағында архео­логиялық ескертк­іштердің зертт­еле бастауына келсек, 1867 жылы Ресей­ Археологиялық комиссиясының тапсырмасы бойынша осы өңірде шығыс­танушы П.И.Лерх өз жұмысын  бастады. Ол жолында кездескен ортағ­асырлық Жанкент, Сауран, Сығанақ қалаларының орнал­асуын картаға түсіреді. Ол  орыс  ғалымдары  арасында жан-жақты зертте­ушілігін көрсетіп, алғашқы археоло­гиялық барлау негіз­дерін қа­лады. [Мәмиев Т. Кейінгі орта­ғасырдағы Арал өңірінің  қалалары (XIII-XVIII ғғ.). Қызыл­орда, 2007].

XIII ғасырдың басындағы моңғол шапқыншылығы кезін­де Хорезмнің күйреуге ұшы­рауына орай Әмудария өз арнасы­н Сары қамыс ойпатына­ бұрып, сол жерді суға толтырды. Әмударияның Сары қа­мысқа қарай кезекті бұрылуы мынандай тарихи оқиға бай­ланысты болуы ықтимал. Ақ­сақ Темірдің Хорезмді басып алу кезінде оның әскерлері көптеген қалалар мен сулан­дыру  жерлерін  толық  қиратты­. Соның  салдарынан  Әмуда­рия­ның суы Сары қамыс ойпатына құйылып, бұрынғы арнасы бойымен Каспийге жетті. Осыдан барып, XIV ғасырдың соңында Арал теңізі деңгейі күрт төмендеді. Алайда соңғы ғасырларда Арал теңізі өз деңгейін сақтап тұрды. Оның өзгеруі­ әртүрлі ауа райына байла­нысты болды. Кейінірек, яғни XIII ғасырда және XIV ға­сырдың соңында Әмударияның  суы Аралға мүлде жетпей қал­ды. Сол тұста теңіз құрғап кетті де, оның кеуіп қалған таба­нында жаңадан қалалар салын­ды. В.В.Бартольдтың осыған қа­тысты келтірген тұжырымдары  шындығында да көңіл аударарлықтай. Моңғолдар Әмудария­дағы «Гурганджа» бөгетін күйреткеннен кейін оның суы Сары қамыс ойпатына қарай ағып, бұрынғы арнасы бойымен Каспий теңізіне құйыла бастады. Осы ғалымның жазбасында Сырдария суының да басқа  арнамен аға бастағандығы туралы деректер келті­ріледі. В.В.Бартольд сарай маңын­дағы тарихшы әрі географ Шахрух Хафиз-и-Абрудың 1417 жылы жазған «Хорезм өзені» (Арал) туралы айтылған  еңбегінде  мынандай мәліметтерді кел­тіреді: «Қазір бұл көл жоқ, Жейхунның суы қазір басқа арнаме­н ағып, Хазар (Каспий) теңізіне құяды. Хорезмнен асқан­ соң өзен суының көп­шілік бөлігі сарқырап далаға ағады да, айналып келіп, Хазар теңізіне құяды». Сондай-ақ, Сырдарияға қатысты мы­нандай пікір кел­тіріпті: «Ол Хорез­м  даласымен аға отырып, Жейхунға қосылады да, Хазар теңізі­не  барып  құяды».

Енді Арал-Асар қалашығы мен Кердері кесенесіндегі дала­лық зерттеулерге тоқталсақ. Шартты түрде Арал-Асар деп аталған қалашық Қызыл­орда қаласының солтүстік-баты­сында 370 шақырым, қа­зіргі Қаратерең  ауылынан   65,2 шақырым жерде орналасқан. Бұл ауыл бұрын Аралдың жа­ғасында тұрған, қазір теңіз одан 320 шақырымға алыстап кеткен. Қалажұрттың жалпы ауданы - шамамен 6 га. Бетінен көптеген шаруашылық заттар: диірмен тастары, керамикалық ыдыстар мен сынықтары, темір және қола бұйымдар сынық­тары табылды. Құрылыс конс­трукция­ла­рын қазір жер бетін­де  байқау қиын. Олар Аралдың суымен шайылған. Елді мекен­нің тұрғындары егіншілікпен айналысқ­ан,  астық  өсірген. Сондықтан болар  ол жерден 14 диір­мен тасы мен астық сақтайтын қоймалар – құмдандар табылды. ұн тарту, қыш ыдыс­тарын, темір мен қоладан әртүрлі әшекей бұйымдарын жасау мұндағы қол­өнердің  да­мы­ғандығын  бай­қататындай. Жинап алынған көк, қою-көк және қара түсті сырлы  керамика  қала­жұрттың   XIV ғасырдың ая­ғында өмір сүргендігі­нің дәле­лі. 30 см терең­діктен қиюластыра қа­лан­ған күйді­рілген кірпіш сынықтары арасын­ан ауқымды хум ыдысы табылды. Оның төрттен бірі жерге көміл­ген, жоғары беті күйдірілген кір­пішпен жабылған. Қазба жұмыстары кезінде бұл қалашықтың бар-жоғы бірнеше онда­ған жылдар бойы өмір сүр­гендігі анықталды. 2005 жылғы күзде, қалашық орнын қазу кезін­де бұл тұжырымдама тағы да дәлелдене түсті. Осы кезде Алтын Ордада құйылған және XIV ғасырдың ортасында жа­сал­ғандығы көрсетілген күміс тиын табылды [Байпаков К.М., Воякин Д.А. Поселение Арал-асар // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Алматы, 2007.]

Кердері кесенесі Қаратереңнің оңтүстік батысында орналас­қан. Табылған ғимараттың биіктігі - 1,5 метр, аумағы 50 метрді алып жатқан төбе­шік. Ұзындығы - 23,5, ені - 9,5 метр. Құрылыста 19х5х19см, 10х5х10 см, бұдан кіші көлемдегі қыштар кездеседі. Сонымен бірге, керамикалық заттар, қыштар мен адам мүрделері табылды. Кесене (мавзолей) бірнеше ғасыр Арал теңізі су астында қалғандықтан, біраз жерлері бүлінген. Деректерге сүйенсек, ғимарат XIII-XIV ғасырларда салынған және бұл өңір елді мекен болған дегенге саяды.

Кердері-2 кесенесінде оң­түстік-шығыс қабырғасы нысанн­ың құлаған бөлігінің жағдайын анықтау мен безен­діру материалын жинау мақсатында аршылды. Жұмыс нәтижесінде 10 шаршы метр аумақ 20 см тереңдікте аршылып, оның бөлігі қиранды түрінде екені анықталды. Қирандыларды аршу барысында трапеция пішінді сырлы қаптама тақталарының сынықтары табылды [Байпаков К.М., Воякин Д.А., Бермаганбетов А.Ж. Некрополь Кердери // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Алматы, 2007.]

Кесене Орта Азияда көп тарал­ған бір камералы, күм­без­ді, орталық ості компози­циялы типке жатады. Сонымен, XIII ғасырда және XIV ға­сырдың басын­да пайда бол­ған Аралдың тарихи дағдарысының негізгі себептері осылар болса  керек.

Әлі де толығымен ашылмаған құпиялардың айтар сыры мол. Осы өлкеге кем дегенде он-жиырма жыл қазба жұмыстарымен айналысып, зерттеулер жүргізсе, үлкен нәтижеге қол жеткізер еді. Өркениетті елдер мәдени мұралаларын сақтап, тиімді пайдалануға мән береді. Яғни, сол мемлекетте туризм­нің дамып, қалыпта­суына үлкен ықпалын тигізеді. Арал-Асар қалашығы мен Кердері кесенесін қалпына келтіру­ және кесенені халықаралық туриз­м маршруттарына қосу, ескерт­кіштер мен көмбелерге сая­хат жасап, табылған дүние-мүлік­терді қорғап-сақтау арқы­лы сол заманның тыныс-тір­ші­лігін халыққ­а сездіре аламыз. Бұл экономикалық тұрғыдан ғана емес, есіл еңбекті насихаттау мен тарихи жәдігерлерді таң­дау­дағы маңызды жұмыс  болмақ.

Алдағы уақытта жоғарыда бейнеленген макет бойынша Кердері кесенесінің іргетасы қаланса деген ойымыз бар. Бұл өз кезегінде тарих қойнауына елеулі жаңалық болып енбек.

Дәулет ЕСЕНОВ,

№131 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі,

Алматы қаласы

 


ЖҰДЫРЫҚ СИПАУДЫ БІЛМЕЙДІ немесе ел намысы сарапқа салынған күн PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
20.07.2017 10:28

Өткен сенбіде қалың көпші­ліктің назары Астана қаласындағы бокс кешіне ауды. Онда “Астана Арландары” мен “Куба қабыландары” Бүкіләлемдік бокс сериясының кезекті чемпиондық атағы үшін сынға түс­кен-ді. Көштен қалмай экран алдына біз де жайғастық.

Әлемдік бокстағы “бостандық аралы” өкілдерінің үлес салмағы көзі қарақты қауымға тайға таңба басқандай белгілі. Одан әрісі арландар дәл осы бір жарыстың екі дүркін (2013, 2015) жеңімпазы атанса, кубалықтар да Бүкіләлемдік бокс сериясында осынша рет (2014, 2016) топ жарған. Демек, таразы­ басы тең. Ал кездесудің тартысты өтетіні әу бастан-ақ белгілі еді. Шынын айтайық, астаналық арландарымызға ұлттық құрамадағы бірнеше боксшымыздың көмекке келмейтіндігі туралы ақпарат та алдын ала шықты. Оған бола еңсесі түскен біз жоқ. Өйткені қазақ боксшыларының қай-қайсысы да болмасын осал емес. Сонымен ұлттық намысты­ ту ете отырып тамашалаған кездесуд­ің барысына ойыссақ.

Жеті салмақ дәрежесіндегі боксшылардың өнерінен кейін салымыздың суға кеткені рас. Есеп 2:5, жеңіс қарсыластардың пайдасында. Сенім арттық, ал үміттің ең соңында өлетіні анық емес пе? Шыбын жанымызды шүберекке түйіп, әліптің артын бақтық. Абырой болғанда одан кейінгі үш жекпе-жекте  қазақ оғландарының мерейі үстем болып, есепті 5:5-ке жеткізді. Шешуш­і сәт. Күллі Алаш жұртының намысы­ сарапқа салынбақ. Шаршы алаңға 52 келі салмақ дәрежесінде 24 жастағы Олжас Байниязов беттеді. Қарсыласы – 20 жастағы талантты боксшы Фрэнк Залдив­ар. Айтпақшы, жарыс алдындағы салмақ­ өлшеу рәсімінде кубалық Олжасқа тілін шығарып, мазақ еткен-ді. Тіпті соңы төбелеске ұласа жаздаған болатын. 5 раунд­тық кездесуде жерлесіміздің басым­ды­ғы  байқалып, 2:1  есебімен  жеңіс­ке жетті. Жалпы­ есеп, 6-5. Осылайша, “Астана Арландары” Бүкіләлемдік бокс сериясының биылғы жылғы ең үздік командас­ы  атанды.

Айта  кетейік,  «Астана арландары» 2011 жылдан  бері қарай, яғни осы серия өмірге келгелі тұғырдан түскен емес. Біздің кома­нданың нәтижесі мынадай: 2011 жылы – ІІ, 2012 – ІІІ, 2013 – жеңімпаз, 2014 – ІІІ, 2015 – жеңімпаз, 2016 – ІІІ, биыл – тағы да жеңімпаз. Бір қызығы, 2015 жылғы финалда отандастарымыз дәл осы кубалықтарды 6:4 есебімен ұтқан болаты­н. Астана төрін нысанаға алған кубалы­қтардың барлығының дерлік атақтары бір баста­рынан асып жығылады. Мысалы, 49 келідегі Х.Аргилагос 2015 жыл­ғы әлем чемпионы, Рио олимпиадасының қола жүлдегері болса, 52 келі салмақ дәрежесіндегі Э.Савон да соңғы олимпиада ойындарында қола медаль еншілеген. Сондай-ақ, Р.Иглесиастың, А.Лопестың, Х.Крустың да олимпиаданың чемпионы деген дардай атақтары бар. Бұл аздай, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Й.Вейтия, үш дүркін әлем чемпионы, олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері Л.Альварес те біздің жігіттерге қарсылас болды.

 

“Астана  Арландары”  сапында

жұдырықтасқан  боксшылар:

49 келі, Теміртас Жүсіпов — Хоанис Аргилагос, 3:0

52 келі, Олжас Сәттібаев — Йосвани Вейтия, 0:3

56 келі, Ілияс Сүлейменов — Хавьер Иванез, 3:0

60 келі, Закир Сафиуллин — Ласаро Альварес, 2:1

64 келі, Ділмұрат Мижитов — Энди Круз, 1:2

69  келі,  Асланбек  Шымбергенов — Роньель Иглесиас, 3:0

75 келі, Әбілхан Аманқұл — Арлен Лопес, 1:2

81 келі, Арман Рысбек — Хулио­ Сесар ла Крус, 0:3

91 келі, Антон Пинчук — Эрисланди Савон, 0:3

+91 келі, Олжас Бұқаев — Йоандри Тоирак, 3:0

52 келі, Олжас Байниязов — Фрэнк Залдивар, 2:1

 


МЕНІҢ ТАРИХЫМ: ЖОЛДАР ТОҒЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
20.07.2017 10:20

Луис  Суарес

“Барселона” футбол клубының шабуылшысы Луис Суарес – танымал футболшы ғана емес, “Менің тарихым: жолдар тоғысы” атты өз өмірінен сыр шертетін кітаптың авторы. Өзінің ыңғайсыз әрекеттерімен қалың көпшіліктің есінде қалған футболшының тебіреніп жазған төл туындыларын газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік. Кітапты орыс тіліндегі тәржімеден қазақшалаған – журналист Ақырыс Сейітқазы.

КЬЕЛЛИНИДІ  ТІСТЕП АЛҒАНЫМ   ЖАЙЛЫ

Мен болары болып, бояуы сіңген соң ғана барлығын түсіндім. Өзіме сенген адамдарды ұятқа қалдыры­ппын. Командаластарымның жүзіне тік қарау мүмкін емес еді. Олардың­ алдында қалай кешірім сұрарымды да білмедім. Бапкерім Оскар “Маэстро­” Табарестің сықпыты кетіп қалған­. Ол осы жайт бойынша журналистердің сұрақ қойғанын, өзінің ештеңе көр­ме­дім деп құтылғанын айтты. Мені жұбатпақ болған­  командалас достарым шетінен  басу  айтып­ жатыр. Ал өзімнің ештеңе естігім келген жоқ.  Бразилиядан кетуіме әлі екі күн қалса да,  өз ойымша  әлдеқашан   Отанымда жүр едім.

Болған жайтқа әлі де сене алмай, келесі күні жаттығу алаңына келдім. Жаттығу соңында бапке­рім мені шақырып алып: “Өмірімде бірде-бір футбол­шыға айтып көрмеген жаман жаңалығым бар”,  - деді. Сол кезде “енді  мені 10, 15,  тіпті 20 ойын бойына алаңға шығармайтын болар” деп ойладым. “Тоғыз матч” деді бапкерім қатқыл үнмен. Иә, бұдан да жаман болуы мүмкін еді. Бірақ оның: “Сен стадионға кіру құқығынан айырылдың. Команданың қасында жүруіңе рұқсат жоқ. Кетуің керек­”, - деген­  сөзі жаныма батып­ кетті. Мені қылмыскерден де бетер­ жазалады. Ойыншыны алаңнан қусын, жазаласын. Бірақ оны командаластарынан ажырату  кімге керек? Сол сәтте қасымда­ бапкер  тұрмағанда, өкіріп  жылап­ жіберер  ме  едім…

Жә, мені тоғыз ойын бойы ұлттық құраманың ойынына қатысты­рмасын. Өкпем жоқ. Бірақ ұлттық құрамадағы жазаны мүлде елемейтін Англиядағы “Ливер­пульдің” ойынына қатысу құқығынан неге айырды? Әлемдегі стадиондарға  кіру құқығы­нан ше? Жұмыстан неге қуды? Маған жай ғана алаң жиегінде доп тебу­г­е де рұқсат еткен жоқ. Мен әлі күнге дейін ФИФА құрығының  соншалықты  алысқа  жеткеніне  таңғаламын.

Иә, бұл – менің кінәм. Мен өзімді кез келгені дәл көздейтін нысанаға айналдырдым. Өйткені, мұндай жағдай үшінші рет қай­таланып тұр. Маған қатты көмек керек  болды.

 

ИВАНОВИЧТІ   ТІСТЕГЕН  СОҢ

Он матч бойына алаңға шыға алмаған соң екіұдай­ стандарттар туралы көп ойлана бастадым. Футболшының айтарлықтай жарақат алмағанына ешкімнің назар салмайтыны менің ызамды келтіретін. Англиялықтар премьер-лигада сары қағаздың тым аз екенін айтып мақтанады. Біреудің аяғын оңбай сындырып, ескертуден құтылып кетуге болад­ы, әрине. Шын мәнінде, АПЛ-да футболшының ғұмырына қауіп төндіретін қақтығыстар азайса­ ғана, мақтанудың реті келер еді.

Әрине, “тістеп алды” деген сөздің шошытып жіберері  анық. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл соншалықты қорқынышты емес. Соның ішінде мен тап болған оқиғалар елді дүрліктіретіндей жағдай емес. Иванович тістеп алған жерін көрсетпек болып­, төрешіге қолын көтере бастағанда онда тістің ізі де қалған жоқ. Кезінде Майк Тайсон тістеп алған Эвандер Холифилдтің басындағы оқиғамен салыстыруға келмейді ғой. Десе де бұл сөздер мені ақтап  ала  алмайды.

2010 жылы теледидардан ПСВ-ға қарсы өткен матчта Оттман Баккаланы қалай тістеп алғанымды көріп, қатты жыладым. Сол кезде тұңғышым Дельфина дүние есігін ашқан еді. Өскен соң мұны қызымның да көретінін ойлап, өзімді қоярға жер таппадым. “Құдайым-ау, сен не ойладың өзі?” деді әйелім сұраулы жүзбен. Бұл сауалдың жауабын табуым керек еді.

 

НЕГЕ  БҰЛАЙ  БОЛАДЫ?

Ивановичке қатысты оқиға 2013 жылы болды. Чемпиондар лигасына өту үшін біз “Челсиді” ұтуы­мыз керек  болатын. Мен өзімнің футболдағы ең нашар кездесуімді өткізіп жаттым. Қолмен ойнағаным үшін өз қақпама пенальти әкелдім де, мүмкіндіктің  алыстап  кеткенін түсіндім. Аз бол­маса­  жарылғалы  тұр  едім.

Кьеллиниге қатысты айтар болсам, дәл соның алдында матчтағы алғашқы голды соғатын мүмкін­дігім болған. Егер мен гол соғып, Буффон командасын құтқармағанда, мұның бірі де болмаушы еді. Бірақ өз мүмкіндігімді жіберіп алдым. Матчта болған­ жайттарды ойын аяқталған соң саралаған оңайырақ. “Мұндай ақымақтыққа қалай жол бердім? Әлі 20 минут бар еді ғой” деп ойладым. Алайда алаңда жүргенде мұндай ой да, матчтың аяқталуына қанша қалғаны да рөл атқармайды. Санамда тек қана: “Мен гол соға алмадым. Біз әлем чемпионатынан қалыс қалдық”, - деген ой тұрды. Жеңілеміз деген қорқыныш көзімді тұмшалап тастай­тын. Маған кем дегенде 20 мыңға жуық көз қарап отырды және олардың бұл оқиғаны қалт жібермейтіні анық. Десе де мұндай кезде логика жұмыс істемейді. Сол секілді, қарсыласыңды тістеп алу да ақылға сыймайтын, ақтап алуға болмайтын дүние.

 


ТҮЛЕП ҰШҚАН ҰЯНЫ ҰМЫТПАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.07.2017 10:00

Тым артта қалған балалықтың балғын шағын еске алу мақсатымен 1986-1987 оқу жылында №156 Нартай Бекежанов атындағы мек­тептен түлеп ұшқан жастар 30 жылдан кейін бас қосты. «Келіңдер, достарым, жастықтың еліне серуендеп қайтал­ық»,-деп бұл бастаманы көтерген елден жырақ, достар­дан алыс жүрген Мизам­бек Ибадуллаев пен Мырзан Қожамжаров еді. Адам ғұмырындағы қимас сәттер мен қызыға еске алатын­ шағы – мектеп табалдырығындағы кезең ғой. Бірге оқыған достардың бәрі­нің де жүрек түкпіріндегі аң­сау сағыныш қоса оянып, бір кісідей құптай кетіп, бір-біріне деген ықылас пен сыйластықтың арқасында, сыныптас достар 30 жылда ұш­қан ұясына ат басын тіреді.

Сынаптай сырғып өткен жылдарды артқа тастап, баяғы балалық шаққа қайта еніп, мойынына алқызыл галстук, шашына ақ бантик тағынған қыз-жігіт­тер секілді әдемі жарасымдылықпен мектеп ішіне енгенде тебіре­ніп,  жастық шағын еске алмағ­ан жан қалмады. Бала күнгі томағ­а-тұйық  Сабырхан  Ізтаев қолында бір шоқ әсем гүлі бар даудырап, «апайым қайда, Ғалия апа­йым, жетек­шім»,-деп келе апайына алып ұшқан көңіл­мен гүл ұсынып жатты. Балалыққа деген сағыныш, сүйікті ұстазына деген ықы­лас осы бір жүрек тебірентер көріністен бүкіл мектептен түлеп ұшқан шәкірттер сағыны­шын, құр­метін айқын танытқандай әсер берді. Бұл кезде оларды темірқанат балапа­н етіп баптап  ұшыр­ған ұстаздар, бүгінгі қарт зейнет­керлер қатарын түзеген, сол кездегі мектеп директ­оры Абай Баукенұлы бастаған осы шәкірттердің ұстаздары, соғыс және еңбек ардагері Сәрсенбек Бай­жанов­, Ғалия Қалымбетова, Карима Саликова, Жәлел Сейтжанов, мектептің жас директоры, кездесуге жиылған шәкірттердің құрдасы Гүлмира Бектегеновалар бұларды дәлізде құрметпен қарсы алып тұрған еді. Осыдан 30 жыл бұрынғы бала-шәкірттері үлкен азамат болып­ төселген. Өздері білім нәрімен сусындатып, ізгілік пен тәрбие берген, аялап өсірген шәкірттері ұстаз­дарына, ұстаздары шәкірт­теріне ыстық ықылас танытып, шұрқырасып жатты. Бұл бір керемет, жанды елжіретер әсерлі көрініс еді.

Киелі шаңырақта талай шәкірт тәрбиеленіп шығып, талай кездесулер өтіп жатса да, бүгінгі кездесу басқа кездесу­лерден айрықша, өте әсерлі, сағынышқа толы, тәрбиелік мәні зор шара болды деуге толық негіз бар. Мизамбек Ибадуллаев өзі демеушілік жасап, сағы­ны­сып кездескен әрбір түлек төсіне «30 жыл» деп таңба­ланған төсбелгі әкеліп тақты. «Бұл күн жүректерімізге мәңгі ұяласын, ұстаз шәкір­тін, шәкірт ұстазын еске алып, ұмытпай жақсы есте­ліктер айта жүрейік» деп ұстаздарына да табыстап жатты. Әрине, бұл төсбелгі әдемі күндерден ұмытылмас естелік  болып қалары сөзсіз. Ал 30 жыл бұрынғы шәкірт Мырзан Қожамжаров болса, өз атынан әсем көркемделіп жасақталған мемлекеттік рәміздерімізді өздері білім, тәлім-тәрбие алып ұшқан алтын ұя-мектеп төріне орналас­тырып, өзінің  ұшқан ұясына, біліммен сусындатқан ұстаздарына, он жыл бірге  оқыған достарына деген сағыныш-құрмет сезімдерін білдірді.

Салтанатты кездесу кеші шеберлікпен ұйым­дастыры­лып, естелікке толы сырлар, әсерлі көріністермен, жүрекжарды ақ тілектермен ұласып, жарасым  тапты. Сыныптың 30 жыл бұрынғы белсенділері А.Ишанқұлов, Г.Бижанова, Н.Байжанова, Г.Жұмашевалардың іс-шараның өз дәрежесінде өтіп, жұрт көңілінен шығуына  жан-жақты  әзірлік жасағандары  анық  байқалып тұрды. Жиылған жұрт, ұстазда­р қауымы, еліміздің түкпір-түкпірінен келген сынып­тас достар аталған қыздардың әлі де болса өмір­де белсенді екендіктеріне, ұйымдастырушылық шеберліктеріне, қабі­лет-қарым­дарына ризашылықтарын білдірді. Әрбір түлек ұстаздарын, алтын­ ұя құтты мекенін, достарын осылайша еске алса, ұстаз үшін мұнан асқан бақыт болар ма?!

Дариха  ӘБЖАЛИЕВА,

зейнеткер  ұстаз,

Шиелі ауданы

 


Қызылордада есірткінің заңсыз айналымымен күрестің нәтижелілігін арттыру бағытында полиция қызметкерлеріне автокөліктер берілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.07.2017 18:02

Қызылорда облысы аумағында есірткінің заңсыз айналымына тосқауылды күшейту және нашақорлықтың алдын алу мақсатындағы бірнеше жобалар жүзеге асырылып, тиісті ұйымдастырушылық шаралар жасалуда.

Осындай шаралардың бірі ретінде 2017 жылғы 18 шілдеде Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының және Кинологиялық қызмет орталығының теңгеріміне есірткі қылмыстарын жедел түрде ашу, есірткінің заңсыз айналымымен күрестің нәтижелілігін одан әрі арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында 5 автокөліктің кілті табысталды. САN-AM Commander 800 DPS жүріп өту мүмкіндігі күрделі аумақтарға арналған жоғары жылдамдықты автокөлігі, «Toyota HILUX» автокөлігі, қызметтік-іздестіру иттерін тасу үшін жарақтандырылған ГАЗ-27527 «Соболь» автокөлігі Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің қарамағындағы Әскери ынтымақтастық бөлімінің қолдауымен қайтарымсыз негізде алынған.

Бірнеше жылдар бойы есірткі бизнесіне қарсы күрес арнайы бөліністеріне Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Елшілігінің бөлімдерімен ынтымақтасу шеңберінде техникалық құрал-жабдықтар беріліп келеді.

Есірткі бизнесіне қарсы күресті тікелей жүзеге асырушы бөліністер мен кинологиялық қызметке соңғы 5 жылда жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Шараға Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ерсейітов және Қызылорда облысы әкімі аппаратының орынбасары Серік Шотаев, департамент басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті бастығының орынбасары А.Ерсейітов өз сөзінде аталған автокөліктер Есірткіге қарсы күрес бағдарламасы шеңберінде сатып алынғандығын және жету жағдайы күрделі аумақтарда жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде қолданылатындығын көрсетті.

Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ғани Төлебаев бүгін беріліп отырған техникалар есірткі құралдарына қатысты заңбұзушылықтарды анықтау, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру кезінде оң нәтижелерге қол жеткізетіндігін атап өтті.

Атап өтерлік жайт, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді анықтау, осындай деректерге қатысты келіп түскен хабарламаларға жедел түрде ден қойып, барлық құзырлы қызмет салаларымен осы бағыттағы жұмысты үйлестіру мақсатында 2017 жылы Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінде «Дельта-Сырдария» арнайы бөлімшесі құрылған болатын.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


ЖЕРГІЛІКТІ ОМАРТАШЫЛАРҒА СУБСИДИЯ АЛУДЫҢ ЖОЛЫ ТҮСІНДІРІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.07.2017 17:04

Биылдан бастап омарташылардың бал арасының ұясы мен селекциялық жұмыстарды жүргізуге кеткен шығындарын үкімет тарапынан субсидиялау шаралары жеңілдетілді.     Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында  Кәсіпкерлер палатасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының ұйымдастыруымен өткен омарташылар кездесуінде айтылды.

Шараға «Бал-Ара» Қазақстан омарташылар қауымдастығының вице-президенті Ғабит Нұрәділ, сондай-ақ аймақтағы омарташылар қатысты.

Шара барысында Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешені бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков асыл тұқымдық жұмыстарын жүргізу үшін субсидия алу ережелерімен таныстырып өтті.

–Талдау көрсеткендей, біздің өңірден осы уақытқа дейін бал арасын өсіргені үшін субсидия алған омарташы жоқ екен. Оған бірнеше себеп те бар. Мәселен, осы уақытқа дейін ереже бойынша асыл тұқымды бал арасын өсіргені үшін субсидия алуға ең азы 100 бал ара ұясы болу қажет болатын. Ал қазір, омарташылар үшін қуанышты жаңалық – «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» осы жылдың 27 қаңтарында өзгеріс енді. Жаңа ереже бойынша ендігі қойылатын талаптар кемінде 10 бал ара ұясы болуы қажет, есепті жылдың 1 қаңтарына сәйкес бал арасын өсіретіндігі туралы Статистика органдарына есеп беру керек, – деді ол.

Сонымен қатар, селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізіп отырғанын растайтын арнайы мамандар тексеруінің оң нәтижесі мен бал ара шаруашылығы ретінде жергілікті атқарушы органнан есепке алу нөмірін алу керек.

Жалпы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инвестициялық субсидия беру талаптарына омарта кәсібін жүргізуге қатысты паспорттарын қосып, толықтыруға өзгерістерді ұсынған болатын. Бұл ұсыныстар бүгінде ҚР Ауылшаруашылық министрлігі тарапынан қолдау тапты. Енді құжат түрінде бекітілсе, омарта кәсібіне қажетті кейбір шаруашылық заттары мен жабдықтарының 50 пайызы субсидияланатын болады.

Кездесу барысында мұнан өзге омарташылардың өзекті мәселелері де талқыланды. Бүгінде омарташылардың негізгі мәселелерінің бірі - балды сату мәселесі болып отыр екен. «Кейде өндірген өнімдерімізді қайда сатарымызды білмейтін қалатын жағдайлар болады» дейді олар. Басқосуда бұл мәселенің де шешімі табылды: омарташылар бірігіп кооперация құратын болды. Қазір дайындық шараларын бастап та кетті.

Шара соңында кездесуге қатысушылар омарташы Илшат Қалиевтің шаруашылығында болып, жұмысымен танысты.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Индонезиялық делегация қызылордалық кәсіпкерлермен әріптестік орнатуға мүдделі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.07.2017 09:44

Жақында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына Индонезия Республикасы Елшілігінің экономикалық жəне саяси сұрақтар бойынша бірінші хатшысы Торанг Пакпахан бастаған делегация келіп, Палатаның жұмысымен танысты.

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Индонезиядан келген қонақтарды Кəсіпкерлер үйінің, Палатаның жəне Кəсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныстырдық. Индонезия кəсіпкерлері мен біздің аймақ кəсіпкерлерінің алдағы уақытта түрлі салалар бойынша байланыс орнату мүмкіндіктерін қарастырдық. Өз кезегінде индонезиялық делегаттар қазан айында Бантенде өтетін Сауда көрмесіне шақырды», - дейді.

Кездесу барысында Қызылорда облысы және Индонезия Республикасының кәсіпкерлері арасындағы әріптестікті нығайту, екі жақты сауда-саттық және инвестициялық мүмкіндіктерін қарастыру, импорт және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері қозғалды.

Алдағы уақыттағы екі жақты тиімді әріптестік қатынасты нығайту мақсатында бүгінде Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Индонезия Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасымен меморандумға отыру шарасын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Айта кету керек, қызылордалық кәсіпкерлер 11-15 қазанда Бантен Провинциясында өткізілетін Сауда Көрмесіне қатысуға қызығушылық танытып отыр.

Бұл ретте, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Индонезия Республикасымен нақты қатынас қадамдарының басталып, экономикалық әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізе отырып, Индонезияда өтетін Сауда Көрмесіне қатысуға ниетті азаматтарды Палатаға хабарласуды сұрайды. Жауапты маман Жасұлан Серіков. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81 /ішкі 4316/.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қыран қалықтаған күн PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
17.07.2017 14:51

Сырбаз даланың қай пұшпағы да сырға толы. Қатпар-қатпар тарихына таңдай қағасың. Ал тарихты жасайтын – тұлғалар. Қазақ шежіресінде өзіндік орны бар тарихи тұлғалардың бірі – даңқты батыр әрі әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлы.

Өткен сенбіде «Сыр бойының Сардары» атанған батыр баба есімі Қазалы ауданы мен Өзбекстан мемлекеті арасындағы «Қызылқұм» шекара заставасына берілді.

Айтулы оқиғаға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, басқа да ел ағалары, аудан жұртшылығы қатысты.

Мәртебелі меймандар алдымен Жанқожа бабаның құрметіне арналған застава ішіндегі шағын мұражаймен танысты. Онда бұрынғы қазақ батырларының қару-жарақтары, ғылыми зерттеулер, сардар туралы жазылған кітаптар қойылған.

«Ол әулие болмаса неге қалған?!» дегендей бабаның әулиелік қасиеттері, киесі болғандығы жайында ел арасында түрлі аңыз бар. Сондай оқиғалардың біріне әскери бөлім ортасына орналасқан ескерткіш тақтаның шымылдығы түсірілгенде куә болдық. Ескерткіш тақтаның алдына облыс әкімі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ықылас гүлі қойылғаннан кейін аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының өзінің баспасөз хатшысына қолымен көкті нұсқап жатқанын аңғарған едік. Сөйтсек, ескерткіштің дәл төбесінде, зау биікте қос қыран айналып жүр екен. Бұдан сәл ертерек бұрын болмаған аспан патшаларының кенеттен пайда бола кеткеніне, дәл ескерткіштің үстінде ғана қалықтағанына қарап, ішімізден жақсылыққа жорыдық. Жұрт та сүйсінісін шапалақ қағуымен білдірді...

Бұдан кейінгі салтанатты шара аудан өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара шымылдығы Жанқожа батырдың өмір жолынан сыр шертетін көрініспен ашылды. Мұнан соң аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке батыр аты берілгендігі жөнінде хабарлап, бабаның батырлығына, ерлік істеріне тоқталды.

– Біз ежелден «елім» деген ерлерін, баһадүр батырлары мен билерін, даңқты дала қаһармандарын қастерлеп, ардақ тұтқан халықпыз. Бұл – төл тарихымыздан тағылым алу, ел бірлігін қамтамасыз ету, ертеңгі болашағымыз баянды болу жолындағы ұлттық құндылығымыз. Мемлекетіміздің басшысы, бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр даламызды бекер қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын – бізді қорғады» деген болатын

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – XVIII-XIX ғасырда Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күрестің қаһарман қолбасшысы. Ол оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батысында Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдастырған даңқты қолбасшы.

Кенесары ханның тұсында қоқандықтардан Созақ қамалын тартып алу жолындағы жойқын соғыстарға қатысқан. XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресей империясының қол астына енгендігі белгілі. Осының салдарынан жаңа әкімшілік жүйенің жойылуы, қазақтардың құнарлы жерлерден ығыстырылуы қалың бұқараның наразылығын тудырмай қоймады. Қазақ даласының әр өңірінде күрестер жүріп жатты. Сыр бойында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған көтеріліс қазақ қоғамындағы ең ірі бас көтерілулердің бірі болып тарихқа енді. Қазақ халқының азаттыққа жетуін аңсап, найзаның ұшын ғана емес, ақылдың күшін де жұмсай білген дарабоз батырымыз Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жаугершілік заманда дүниеге келіп, еліміз отарлық бұғауға шырмалған тұста дүниеден өтті. Нақтырақ айтсақ, 1853 жылы Ресей патша әскерлері Сыр бойына жетіп, Қазалы бекінісі тұрғызылды. 1856-1857 жылдары осы бекініс түбінде орыс патшасының озбырлығына қарсы Жанқожа батыр бастаған 7 мыңдай адам қатысқан көтеріліс болды. Ақтық шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Фитингоф бастаған жазалаушы әскермен Арықбалық жерінде өтті, - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Өткен ғасырлар қойнауында қазақ жұртының көрмеген азабы, шекпеген қасіреті жоқ. Отар ел болғаннан кейін империяның жасаған қиянаты тіптен зор. Соның бірі – облыс әкімі айтқан, тарихта «Арықбалық шайқасы» деген атпен қалған көтеріліс. Сол туралы да белгілі жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Мақалалар мен зерттеулер» кітабынан қысқаша дерек келтіре кетсек.

«Көтерілісшілерге қарсы генерал-майор, барон Фитингоф бастаған құрамында 300 атты казак, 320 жаяу әскер, зеңбірегі бар жазалау отряды аттанады. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқан зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмады. Жазалаушы отряд көтерілісшілерді ығыстырып, жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратты. Фитингоф бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасады» делінген. Бұл тек біздің ата-бабаларымыз көрген азапты жолдың бір парасы ғана.

Мұнан бөлек облыс әкімі:

– Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батыр. Оның аңсаған арманына Елбасы бастаған бүгінгі ұрпақ біз жеттік. Сондай-ақ, бабамыздың «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Күні-түні еліміздің, өңіріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген шекарашыларымызға бұл асқақ рух, айбат беріп, қайраттандырып, жігерлендіре түсері сөзсіз.

Жаңа өздеріңіз көрген аспанда жүрген қырандар да тегін емес. Бұны мен өзінің атын ұлықтап жатқан ұрпағына ризашылық ретінде білдірген баба белгісі ретінде қабылдаймын, - деді.

Батыр бабаның, әз әулиенің атын кейінгі ұрпағына жеткізу мақсатында 2014 жылы Қазалы ауданында «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы жылы» деп жарияланғаны көпшілікке мәлім. Халық батырының 240 жылдығы республикалық дәрежеде аталынып, ұлан-асыр ас жасалынғандығы көпшіліктің көз алдында. Ал Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы алдында батырдың еңселі ескерткіші бой көтергені Сыр жұртшылығының мерейін үстем етті десек жаңылмаймыз.

Келесі кезекте сөз алған ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов:

– Бүгін біз 2019 әскери бөлімінің шекара заставасын Сыр өңірінің тумасы, қазақ халқының батыр ұлы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімімен атау құрметіне ие болып тұрмыз. Ерлік пен атағы елге жайылған, өз халқын шексіз сүйген Жанқожа батырдың аты ұрпақтар жадында мәңгі қалды. Осындай батырлардың ұрпағы ретінде шекара қызметінің әскерлері отанымыздың шебін қорғап, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгеміз, - деді.

Халық қалаулысы, ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Смағұл болса, өзінің қорымы жатқан шекара маңындағы заставаға баба атының берілуі өте құптарлық, қуантарлық жайт екендігін айтып, жүрекжарды жырын оқыды.

Мұнан соң, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баба есімін иеленген заставаға Жанқожа батырдың суреті тоқылған кілем, музыкалық аппаратура, теледидар, саз аспаптарын сыйға тартты. Депутат Бақытбек Смағұл баба жайлы жазылған зерттеу кітаптарды сыйлап, әрбір келген шекарашы оқуы, баба туралы біліп жүруі керектігін айтты.

Есет ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары