Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
Шілде 2017

БИЫЛ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ 2000 ТОННА БАҚША ӨНІМДЕРІН ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.07.2017 12:20

Өткен жылы аймақ көптеген жылдардан бері бақша өнімдерін экспорттауды жаңғыртты, шетелге 1 мың тонна өнім жөнелтілді.  Ағымдағы жылы экспортқа енді 2 мың тонна бақша өнімін шығару жоспарлануда.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында мәлімдеді.

"Аграрлық секторды әртараптандыру бойынша жұмыс қатар жасалуда. Біз қазір бақша дақылдары мен майлы дақылдар, сондай-ақ, картоп пен өнеркәсіптік негіздегі көкөніс өсіруді ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жасаудамыз",- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Әкімнің айтуынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің негізгі үлесі ұсақ шаруашылықтарға тиесілі болғандықтан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары  белсенді атқарылуда. Қазіргі таңда облыста 64 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1325 жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп отыр.

Айта кету керек, сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28%-ға, ал, балық 8 еседен жоғары өсті. Бұған қоса  күріш өткізуде нарықты қайта бағыттау бойынша жұмыстар басталды, мысалы, Иранға.

" Жаңа нарыққа көшу барысында күріш шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі экспорттық саласы болып саналады. АӨК саласында күріштің экспортта алар орны 44 %-ды құрайтын болады"-деп атап өтті әкім.

Ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы бәсекелестік артықшылықтарын бағалау үшін, кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізілді.  Бұдан соң, облыстың әлеуетін ескере отырып, 2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың «Агрокартасы» жасалды, өндірістік қуаттарды енгізудің 2017-2020 жылдарға арналған жоспары бекітілді. «Агрокартада» белгіленген шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің өсімі 2,4 есеге немесе 213 млрд. теңгеге артатын болады, бұл ретте 2020 жылға қарай экспорт көлемін      5 еседен жоғары арттырудың әлеуетті мүмкіндігі бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қ.КӨШЕРБАЕВ: "СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНІҢ СОЛ ЖАҚ ЖАҒАЛАУЫНДА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ" PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.07.2017 12:19

Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында мәлімдеді.

- Сол жағалауда салынатын Қазақ Орталық Атқару комитетінің (КазЦИК) тарихи ғимаратында музеймен бірге Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыратын аймақтық Рухани жаңғыру орталығы қатар орналасатын болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ,- деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауынан  Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді.  Жаңа орталық жастардың жан-жақты даму  мәселелерімен айналысатын болады.

Облыс әкімінің айтуынша, "ЭКСПО-2017" халықаралық  көрмесі аясында Қорқыт Ата мемориалды кешенінде ашылған этноауылды бүгінгі таңда республика өңірлерінен ғана емес, Ресей, Голландия, Франция, Германия, Жапония, Польша сияқты шет мемлекеттерден де туристер келіп, тамашалауда. Қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып қана қоймай, Қорқыт Ата туралы мәліметтер алуда. Бұл - Қызылорда облысын, Сыр елін, қазақ халқын шет мемлекеттерге танытуға бірден-бір мүмкіндік болмақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ КӨЛЕМІ 64 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.07.2017 12:16

268 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 64%-ға артық. Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша облыс бүгінде Астана, Алматы қалалары және Маңғыстау облысымен қосқанда үздік төрт көшбасшы құрамында.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында мәлімдеді.

"Тұрғындардың өз күшімен салынған тұрғын үй көлемі де 74%-ға өскендігін атап өткен жөн. Осыған қарап халықтың жалпы өмір сүру деңгейін пайымдауға болады. Биыл  «Қызылорда-Жезқазған» трассасының бойынан тағы 150 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарланған жоба дайындалды. Бұл 1200 отбасына жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік береді",-деп атап өтті әкім.

Тұрғындарға несиелік тұрғын үйді барынша қолжетімді ету үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелерін беруде алғашқы төлемді 30%-дан 15%-ға дейін төмендету жөнінде мәселе қарастырылуда.

"Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігінің мүдделерін қорғау мақсатында жаңа тұрғын үйге орналастыру уақытын созып отырмыз. Облыс әкімдігі бұл мәселеде Үкімет тарапынан қолдау болады деп үміттенеді, өйткені, бұл жағдай өзге өңірлерге де тән. Дегенмен, аталған жағдай "Тұрғын үй құрылы жинақ банкі"АҚ бақылауында қала береді",-деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кету керек, мемлекет қаражатының есебінен ағымдағы жылдың басынан бері 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1809 пәтерлік 41 көппәтерлі үй, оның 11-і халықтың әлсіз қорғалған топтары үшін (яғни, жалгерлік тұрғын үй) пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА КАЛЬЦИЙЛЕНДІРІЛГЕН СОДА ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.07.2017 12:05

Зауыт құрылысы жыл соңында басталады деп жоспарланған.

"Құрылысты бастау бұдан ертерек жоспарланған болатын, алайда жоба бастамашысы тарапынан зауыттың өнімділік қуатын ұлғайту туралы шешім қабылданып, жобаға тиісті түзетулер енгізілуде. Қаржы көлемінің аз ғана ұлғаюы нәтижесінде (81 млрд-тан 87 млрд-қа дейін немесе 7,4%) жобаның жылдық өнімділік қуаты 200 мың тоннадан 300 мың тоннаға немесе 50%-ға көбеюде",-деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бүгін облыстық мәслихаттың ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде.

Әкімнің айтуынша, Үкімет аталған жобаны мақұлдап, жаңа зауыттың инфрақұрылымын жүргізу үшін 2018 жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңге бөлінетін болды.

Айта кету керек, бұл заманауи, әрі еліміздің барлық қажеттілігінің 75%-ын қамтамасыз ететін республикадағы бірден-бір кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт болмақ. Бүгінгі таңда кальцийлендірілген сода нарығын 100% импорттық өнімдер құрайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қ.КӨШЕРБАЕВ: "ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ОҢ ӨСІМ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ" PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.07.2017 12:00

Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша, мұнай өндіру мен өндіріс көлемін есептемегенде оң қарқын қамтамасыз етілді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың сессиясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.

"Жалпы алғанда, жылдың бірінші жартысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім қамтамасыз етілді. Мұнай өндіру көрсеткішін және сәйкесінше, өнеркәсіп өндірісінің көлемін қоспағанда. Бірақ, бұл жерде объективті себеп бар – мұнай өндіру көлемінің табиғи төмендеуі. Бұл - Өздеріңізге белгілі. Өкінішке қарай, бұл көрсеткішке біз ешқандай әсер ете алмаймыз. 2017 жыл болжамы - 6,8 млн тонна, 2016 жылға қарағанда 840 мың тоннаға аз, ал 4 жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,2 млн тоннаға төмендеген. Бұл, көршілес Ақтөбе облысының жылдық мұнай өндіру көлеміне сәйкес. Ағымдағы жыл басынан біз 450 мың тоннаны ала алмадық. Жағдай мұнайдың тұрақсыз, төмен бағасына қатысты күрделенуде",- деді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, шығынның көлемі мен мұнай саласының экономикаға ықпалын еліміздің Ұлттық қорына түсетін түсімдерге қарап-ақ пайымдауға болады. 2013 жылдың өзінде мемлекет қазынасына Қызылорда облысынан 500 млрд. теңге аударылған болса, ал биылғы жыл басынан бар болғаны - 58 млрд.теңге.

Осыған байланысты аймақ басшылығы Үкіметтен жаңа кен орындарын барлау құқығын беретін келісімшарттардың мерзімдерін ұзарту, экспортқа шығарылатын мұнай көлемін арттыру мәселелерін тездетіп қарауды сұраған болатын. Сондай-ақ, өңірдегі уран өндіру көлемін қысқартпау мәселесі де қойылды.

Айта кету керек, Қызылорда облысында мұнай қорының азаюына байланысты  шикізатқа тәуелділіктен арылып, құрылыс көлемін арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында өңір экономикасын әртараптандыруды көздейтін 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Аймақ өңдеу өнеркәсібінің дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда, бұл облыс экономикасындағы құрылымдық өзгерістер мен әртараптандырудың қарқынын көрсетеді. Мұндай қарқынды даму инвестиция тарту, құрылыс, АӨК дамыту және әлеуметтік салада да бар.

Бүгін Қызылорда облысында облыстық мәслихаттың ХІV сессиясы өтіп, онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.07.2017 16:17

Салтанатты шарада Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін комитеттің құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтап, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

- Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында құрылған арнаулы орган ширек ғасыр ішінде тұрақты жетіле отырып, даму мен қалыптасудың сындарлы жолдарынан өтті. Комитет құрылымындағы барлық өзгерістер әлемдегі және елдегі ахуалмен тығыз байланысып қана қоймай, егемен еліміздің мүддесін қорғау болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тұғыры берік болуы жолында бастарыңызды бәйгеге тігіп атқарып жүрген адал қызметтеріңіздің алар орны ерекше. Бұл жолда батырлық та, батылдық та, тапқырлық та, айлалы ақыл да Сіздердің бойларыңыздан табыла білуі қажет,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департамент бастығы, полковник Таңат Жүнісов әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аймақ басшысы ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің 6 қызметкерін алғыс хатпен марапаттады. Мұнымен қоса, департамент ардагерлері мен қызметкерлері ұлттық қауіпсіздік комитетінің мерейтойлық медальдары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ӘКІМДІКТІҢ ӘЛЕГІ, ШАРУАНЫҢ ШЫРЫЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
13.07.2017 16:13

Мемлекет басшысы асыраушы саланы­ нығайтуға, онымен қоса осы кәсіппен айналысатын шаруашылықтарға барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Құба-құп. Десе де, Қызыл­ордадағы  «Байқадам»  өңірінде  енді ғана еңсе тікте­ген­ «Мұхтар» ШҚ-ның жағдайы мәз емес. Мал шаруашылығы  бағытында жұмыс істейтін қожалықтың қазір шаруасы­ шатқаяқтап тұр. Басындағы базынасын айтып, «Мұхтар» ШҚ жетекшісі Бақтияр Бакиров біздің редакция­мызға келген болатын. Қолында – бума-бума құжат. Кәсіпкердің айтуын­ша, Қызылорда қаласының әкімдігі меншік иесіне тиесілі 70 гектар­ жер телімін «мемлекет мұқтаждығына қажет» деп табады. Ал бұған Бақтиярдың  айтар  уәжі  бар.

– 2013 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы анам Гүлсара Бакированың атынан 6,5 млн теңге несие алдық. Оған 2 асыл тұқымды ақ бас бұқа және 30 аналық сиыр сатып алдық. Әупірімдеп жүріп тұралаған шаруашылықты қайта аяққа тұрғыза бастадық. Әлгі 70 гектар жер телімі арнайы мақсатта бөлініп қойған. Соның бір бөлігі 53 гектардың 40 гектарына жоңышқа ектік. 5 – гектары қора, 10 – гектары үй-жай. 2015-2016  жылдары мемлекеттен субсидия  алдық, - деді ол.

Қызылорда  қаласының  әкімдігі  өткен  жылы сол  аумаққа  кәсіпкер­дің келісімінсіз инфрақұрылым  жүргізе бастайды. Жоспар бойынша 3 көше түсетін көрінеді. Ал кәсіпкердің 90 бас сиыры жайылымға жету үшін соның барлығынан өтуі қажет. Әрине ақылға еш қонымсыз­ дүние. «Қызылорда қалалық жер қатынастары» бөлімі бұл мәселе­мен қалалық әкімдік айналысады деп жауап қайтарған. Уақыт өте бұл мәселе соттың алдынан бір-ақ шығады. Қызыл­орда қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кәсіпкерге жер телімінің өзінікі екенін растайтын құжат жинақтауды міндеттейді. Алайда шаруа қожалығының жоңышқа еккен кезде арнайы келісім қағазда­ры болмаған. Сонымен қатар осы кәсіпті бастаған кездегі жүргізілген жұмыстардың барлығын дәлелдейтін чектері (сым сатып алған тұлғадан­ құжат, жер жыртқан тракторшыдан құжат, уақытша жалданып жұмыс істеген азамат­қа төленген қаржы, т.б.) жоқ. Кәсіпкер шаруашылықтың құжаттарымен туыс әпкесі айна­лысқанын айтады. Бірақ әпкесі марқұм болып кеткен. Ал марқұм болған адамның тірілмейтіні белгілі.

Әкімдіктегілер кә­сіпкерге жаңадан 70 гектар  жер  телімін ұсынады.  Ал меншік иесі бұдан бас  тартып  отыр.

– Маған ұсынған  70 гектар  жерді көрдім. Енді  оны қалай айтарымды да білмеймін. Себеб­і қара сордан жер учаскесін көрсетті. Онда отыннан басқа шөп өс­пейді. Мен қазіргі жерім­ді құнарландырып қой­ғам, екіншіден, мал ұс­тайтын орным да сол маңда,- дейді Бақтияр Бакиров.

– Гүлсара Бакирова (құжат бойынша жер телімінің иесі, Бақтияр Бакировтың анасы.– ред.) аталған жер телімін алуға келіспейтіндігін білдірді,- дейді «Қызыл­орда қалалық жер қатынастары» бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Ғ.Қарабаев.

Меншік иесі 70 гектар жерін мемлекет меншігіне өткізуге дайын. Тек соған сәйкес құны тө­лен­се ғана. Десе де, жергі­лікті бағалаушылар жаға ұс­татарлық бағаны айтып отыр.

– «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекет­тік корпорациясы КЕАҚ Қызылорда облысы бо­йынша филиалы «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техни­калық тексеру департаменті» арқылы «Мұхтар» шаруа­ қожалығы жетек­шісінің 5 га жер телімі­нің кадастрлық бағалау құны – 7100 теңге, 53 гектар жер телімінің құны – 75260 теңге,- дейді қа­лалық жер қатынастары бөлімі басшысының мін­детін атқарушы Ғ.Қарабаев.

Тұтас бір шаруашылықтың жер телімін бар-жоғы 82 360 теңгеге бағалау дегеніміз... Шын­туайтына келгенде, әлгі 82 мың  теңге 90 бас сиыр­дың  1 айлық жем-шөбіне де жетпейді. Бұл не  масқара? Әйтсе де, заң солай дейді жауап­тылар. Телімнің «тиын­ға» бағалануы кімнің де болсын «қытығына» тиеті­н белгілі. Көңілге қонымды  соманы  айт­паған соң, кәсіпкер Алматыға аттанған. Алатаудағы тәуелсіз сарапшылардың есебінше, 70 гектар жердің орналасқан жағдайына қарай 10 гектарына – 39 млн  теңге, 5 гектарына – 14 млн теңге­, 53 гектар жоңышқалық алқап 114 млн теңгег­е бағаланған. Десе де, жергілікті сот осы істің шешімін шығарып та  үлгерген.

– Шешім ҚР Жер кодексінің, ҚР «Мемлекет­тік мүлік туралы» Заңының және «Соттардың мемлекет мұқтаждығы үшін жер учаскелерін еріксіз иеліктен шығару жөніндегі қолдануының кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №8 нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес қабылданған,- дейді Қызылорда облысының мамандандырылған аудан­ара­лық экономикалық со­тының  төрағасы А.Дәу­ре­нбеков.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Оған себеп шаруашылық жетекшісі облыстық сотқа шағымданған. Бұл істе ескерусіз қалған жайттар жетерлік дейді шаруаның адвокаты.

 


 

Тоқтар  Мырзамбетов,

адвокат:

– 53 га мен 5 га жер­дің ше­шімі шықты. Әлі заңды күшіне енген жоқ. Біз апелляцияға бер­дік. Меншік иесінің құқығы сақ­талмай  отыр. Бірінші­ден,  азаматтың  тең бағалы  жер беру мүм­кіндігі шектелген. Екін­шіден, «мемлекет мұқтаж­дығына алы­натын мүлік»  нарықтық  құн­мен  белгіленуі тиіс. Үшіншіден, қалалық әкімдік Бақтияр Бакировқа жаңадан 70 га жер ұсындық дейді. Алайда  оны раста­йтын бірде-бір құжат  жоқ. Барлығы  да заң шеңберінде, қағаз жүзінде жүзеге  асуы  қажет.

 


 

Кәсібі енді дөңгелей бастаған кезде бұл мәселе­ Бақтияр Бакировке ауыр соққы болып отыр. Мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеуді көздеген ол, қазір облыстық соттың шешімін күтіп отыр.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҰСТАЗДАР НЕГЕ ҰСТАМСЫЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
13.07.2017 16:09

Өкінішке қарай, бүгінде ұстаз бен оқушының кездесетін жері мектеп сыныбы емес, сот залы болып отыр.

Жақында «YouTube» әлеуметтік желісінде жарияланған видео қоғамды дүр сілкіндірді. Бейнежазбада мұғалімнің төрт оқушыны сыныптастарының алдына қатар тізіп қойып, шапала­қтың астына алып жатқа­ны түсірілген. Тіпті, бір оқушыны шашынан ұстап тұрып, басын тақтаға әлденеше рет ұрады. Бұл оқиғаны оқушылардың бірі ұялы телефонға түсіріп алыпты. Ғаламтор пайдаланушыларының наразылығын тудырған келеңсіз жағдай Алматы облысы, Түрксіб ауданындағы №198 мектепте орын алған екен. Көп ұзамай Қылмыстық кодекстің 2-бөлімі 140-бабымен (педагогтың немес­е басқа қызметкердің кәмелетке толмағанға қаталдықпен қарауға ұласқан кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше атқармауы) жазаға тартыл­ған мұғалима 22 жастағы жас маман  болып  шықты.

Біз бұл мақаламызға бұлайша «айқайлатып» тақырып қойып, қоғамның жағасын ұстатқан аталмыш оқиға туралы­ жазбас та едік. Егер де аталмыш  жағдай  елімізде орын алып отырған алғашқы және  соңғы  оқиға  болса...

Жоқ. Әзірге олай болмай тұр. Мұндай оқиғалар түсірілген бейнежазбалардың қатары жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап, күн сайын әлеуметтік желілерде көбейіп келеді. Оның үстіне, мектеп оқушысы мұғаліммен «соттасып» жатыр дегенді естісе­к, қазір селт етпей­тін болып алдық. Керісінше, ұстазы оқу­шысын сотқа берсе де таңғалмаймыз. Жиі қайталанатындықтан етіміз үйреніп те кеткен секілді, қалыпты нәрсе ретінде қарайтын болғанбыз. Әй­теуір, не керек, бүгін­де ұстаздық қызметтің қадірі қашып бара жатқ­андығы ащы да болса  шындық.

Данышпан Абай атамыз жырлаған «Ұс­таздық етуден жалықпайтын» ұстаздар қа­уымы бүгінгі таңда «ұстамсыз» күйге еніп барады. Мұғалім  жұ­мысының көптігі­нен бе, отбасылық жағдайларының ауырлығынан ба, әлде білім саласындағы реформалардан қажығандықтан ба, әйтеуір, «мектептің жүрегі» санал­ған ұстазда­рымыз сәл нәрсеге бола «ашу шақырғыш» болып­ алған. Кейде «аюға намаз үйреткен таяққа» басып, шә­кірттерін  тоқпақтап  та алады. Мәселен, былтырғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Бауман орта мектебінің математика пәні мұғалімі Қымбат Әсімжанова 7-сынып оқушысы Олжас Тілегеннің кекілін қиып, «2» деген бағаны маңдайына жазып, оқу­шыны күлкіге айналдырған. Бұл аздай, оны өшірсең, тағы «2» қоя­мын деп қорқытады. Оқушы сол күні сабақтан кейін орманға қашқан. Кеш батқанға дейін сонда отырыпты. Осы оқиғадан кейін, жәбірленуші Олжас мектепке бармай қойған соң, оның ата-анасы арызданып, баласын сынып­тастарының алдында масқар­а әрекетпен жазалаған мұғалімге шара қолдануды сотта талап еткен. Бүгінде сот істі аяқтап, педагогикалық этиканы бұзған  ұстазды 1,5 жылға бос­тандығын шектеп, педагогикалық қызметпен айналысу құқы­ғынан екі жылға айыру жазасын тағайындады. Бір  қызығы, «кекіл кескіш» Әсімжанова мектеп дирек­торының келіні болып шыққан. Осы оқиғадан кейін мектеп директоры Назгүл Қарабаева да жұмысынан қуылғанымен, көп ұзамай тура сол оқу орны­на психолог маман ретінде қайта  жұмысқа  алыныпты.

Бұл аз болса, Алматы облысы Панфилов ауданы Үлкен Шыған ауылы мектебінің математика пәні мұғалімі Талапқан Шапағатовтың 9-сынып оқушысы Ернұр Әбдіхалықты ұрып-соққаны да қоғамда біраз дау тудырды. Сотқа жеткен істе мұғалім мырза «ұрмадым» деп жалтарғанымен, шәкірті болса ұстазының ұрмақ түгілі, «тепкілегенін» айтып әділдік сұраған. Естеріңізде болса, елді шулат­қан бұл оқиға туралы еліміздің сол кездегі «бас ұстазы», яғни Білім және  ғылым  министрі Аслан­  Сәрінжіповтің өзі: «Негізі, осы орайда оқытушылардың білік­тілігін  арттыру мәселесі  туын­дайды. Бұл жерде олардың тек пәндік дайындығын ғана емес, тәрбие беруші педагог ретінде­гі шеберлігін де шыңдау қажет. Сондықтан педагогтар сол талаптарға  сай  болуы тиіс», - деген­  болатын.

Ұстаздарымыздың «ұстам­сыздығынан» туындаған мұндай келеңс­із оқиғалар мұнымен тоқтамайды. Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 22 жастағы жас маман  А.Мұтаев сабақ  үстінде 6-сынып оқушысын ұрып, соққы салдарынан баланың миы шай­қалып, бас жарақатын алған. Дәл осы Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Гүлдәурен Нағымет парта үшін 12 жастағы оқушы­сына қол көтерген. Салдарынан Темір­лан Ізбасаровтың миы шайқалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Бар болғаны, сыныптағы партаны әкетпек болған ұстазына оның өздеріне жетпейтінін, бір партада үш оқушыдан отырғанын айтқан Темірланға жұдырық ала жүгірген мұғалиманың бұл қылығы еш ақылға сыймайтындығын айтқан құқық қорғау қызметкерлері ұстаздың үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы бойынша іс қозғаған. Ал, 32 жылдық еңбек өтілі бар, 55 жастағы шымкенттік ұстаздың ерсі қылығы «ұстаз» деген «ұлы ұғым­ның» қаншалықты қадірі қашып тұрғанын тағы бір дәлелдеп берді. Ұялы телефонға түсірілген жаз­баларда Шымкент қаласындағы №24 мектептің математика пәнінің мұғалімі оқушысының жер-жебіріне жетіп айғайлап, сынып­тастарының  көзінше сабап­ жатқаны бейнеленген. Сөйтсе, педагог оқушының есеп шығара алмағаны үшін ашуланыпты. Бейнекадрдан ұстаздың: «Сонда көбейтуді білмесең не бар 11-класта, ҰБТ-да нең бар, ей! Айтса­йшы!  Көбейтуді білмесең не  бар ҰБТ-да!», - деп айқайлап, оқушыға қолындағы бор мен кітапты лақтырып, одан қалды, қуып жүріп шапалақпен ұрып жатқанын анық  көруге  болады. Бұл іске де полиция араласып, тағы бір ұстаздың үстінен қыл­мыстық іс қаралған. Осы шаһардың №13 мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқу­шыны соққыға жығып, оны жұдырықпен  он  шақты  рет ұрып, ақыр аяғында құлағының жар­ғағын жарып жіберген. Қызығы сол, оқушы Бейбарыс Жақаев «құлағынан айырылса да» педагогтың  іс-әрекетінен  қылмыс элементі  жоқ  деп  танылған.

Осы Оңтүстік Қазақстан облы­сында орын алған мына оқиғаға  тіпті не деріңізді  білмей­сіз. №27 Мәртөбе мектебінің Дәулет­ Құлтай есімді бітіруші түлегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінен тақырыпты қайтал­ауын өтінгені үшін таяқ жеп, сыныптастары алдында ары аяққа тапталады. Ол аз дегендей оқытушы баланы сыныптан сыртқа­  шығарып, соққыға  қайта жыққан. Бір таңғаларлығы, ол мұғалімнің  сорақы әрекетін ұстаздар  қауымының бәрі біледі екен. Алғашқы  әскери дайындық пәні мұғалімінің оқушыларға қол көтеру әрекеті бұған дейін де орын алған көрінеді. Сол әрекеті үшін аға лейтенант шенді ұстаз жиналысқа да салыныпты. Бұдан да қызығы, оқушыны соққыға жыққан ұстаз мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары екен. Мектеп ұстаздары ол аз дегендей, аға лейтенант Мұхтар Имашевтің әпкесі әрі матем­атика пәнінің оқытушысы былтыр оқушыға қол көтергенін айтады. Ұстаздың ол әрекетін бейнетаспаға түсіріп, білім бөлі­міне жеткізгенімен, ешқандай шара  қолданылмапты.

Шымкент қаласының  Сайрам ауданы, Көлкент ауылында 9-сыныпта оқитын Барчинай Махмудханова ұстазын кінәлап тілімдей хат қалдырып, артынан өз ауласында асылып қалған. Себеб­і, он күн бұрын ұстаз бен оқушының арасында жанжал болып­, бастауыш сыныбының мұғалімі оны тепкінің астына алға­н. Тіпті, араша түскен ана­сына да қол жұмсаған көрінеді. «Бұл  қорлыққа төзе алмадым» деге­н марқұм оқушы хатында өз өліміне ауылдасы, әрі ұстазы Гүлнар Османалиеваны жаз­ғыруын өтініпті. Сөйтсек, көл­кенттік мұғалима оқушылары түгіл, өз көршілерімен сыйыс­пайтын  жан  көрінеді. Сондай-ақ, сыныптағы бір оқушыға екін­ші оқушыны ұруға «тапсырыс» беріп, оқушыдан «киллер» жасамақ болған оралдық Гүлнар Қыдырғалиқызын «ұстаз» деп айтуғ­а  аузың  бармайды  екен.

Бүгінгі  таңда  баланың «екінші анасына» теңелген ұстаздық маман­дық қадірі қашып тұрғанын жоғарыда атап өттік. «Алты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп бағаланған ұстаздық қызметтің қадірінің қашуына мұғалімде­рі­міздің өздерінің кінәсі де жоқ емес. Мәселен, ғаламтордағы бейнежазбада жүрген Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданында  оқушы қызға  қол көтеріп, балағаттап, оны сабақ үстінде, сыныптастарының көзінше сүймек болған ұстаздың бұл қылығынан кейін мұғалімнің «қадірі» туралы сөз қозғау қиын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жақсы ұстаздарымыздың бар екені де талассыз ақиқат. Бірақ, оқушысын зорламақ бол­ған, оған «Өшір үніңді!» деп әкіреңдеп, шапалақпен ұрып, өксігі басылғанша сыныпқа қамап қойған әлгі мұғалімнің қылығынан кейін кінәні олардың өздерінен іздеуімізге негіз де жоқ емес сияқты. Бір қызығы, мұға­лімнің жат әрекеті бұған дейін де бір рет әшкере болыпты. Бірақ, прокуратура дәлел таппағандықтан, ұстаздар жиналысында талқылаумен ғана шектелген. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы, Қар­ғалы ауданының Сазды орта мектебінде еңбек ететін мұғалім мектепке удай мас болып, пышақпен қаруланып келіп, ойран салған. Оқушылар мен мұғалімдеріне оңды-солды қару кезенген «ұстазсымақтың» «ерлік ісі» әлі күнге дейін елдің есінде. Ал, Шымкент­те 22 жастағы келіншек алғаш­қы айлығын жуамын деп ұстаздардың  атына кір келтірген  болатын. Қызылорда қаласындағы №43 мектепте ұстаздық қызмет атқаратын «оқушыларға қырындағыш» мұғалім осы уақытқа дейін жазадан құтылып келгенін білеміз. Кейіннен ол дерек үстінде ұсталып, «Жасөспірімдерді аз­ғындады» деп айыпталған мұға­лім 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 12 жылға педагогтық қызметінен шеттетілді. Мұндай масқаралықтарды жіпке  тізе  берсең,  бүгін  бітпейді.

Міне, осындай адам шошырлық  жағдайлардан кейін онсыз да­ сын  көп  айтылатын ұстаз бей­не­сі – қазіргі таңда білім беру салас­ындағы ең жағымсыз кейіп­керге айналып бара жатқандай. Алайда тәртіпке мүлдем бағынбайтын оқушылардың бар екенін де жасыра алмаймыз. Мұғалімін мазақ етіп, тіпті, ата-анасымен қосылып соққыға жыққан оқу­шылар көптеп саналады. Десек те, мұнымен шәкіртін ұрып тәртіпке салатын ұстазды қор­ғаудан аулақпыз. Себебі, ұстаз – білім беруші ғана емес, ол тәр­биеші  де. Ал, «Тәрбиесіз берілген білімнің адамзат баласына апат әкелетінін» қайталап жатудың өзі артық. Тәртіп болмаған жерде білім  қайдан  болсын?

Сонымен, «Оқушымен тіл табы­са алмауы – мұғалімнің тәжірибесіздігі» деп бір сөзбен кесім айтып, ұстаздар қауымын кінәлай салғымыз жоқ. «Бүгінгі балалар арызқой» деуден де аулақпыз. Себебі, ескертпені елеме­йтін  оқушылармен  бірге  өз кәсібінің  тереңіне  бойламайтын, жауапкершілігін сезінуді білмей­тін ұстаздар қатары да жоқ емес. Балаларды білімге емес, бай-қуаттылығына қарап бағалайтын, таныс-тамырды жағалайтын да мұғалімдер  бар.

Бүгінгі қоғамымызда «қадірі» қашып тұрған мамандықтың «қадірін» арттыру үшін Астана қаласының тұрғыны, бұрынғы педагог Жасын Ермеков оқу­шы­лардың  сабақ үлгерімі мен тәр­ті­бін түзеу үшін мұғалімдер тара­пынан оларды жазалап отыруды заңда­стыру қажеттігін айтады. «Эксп­ресс К» газетіне берген сұхбатында идея авторы баланы оқыту мен оны тәрбиелеудің мұндай әдісін АҚШ-тың Техас штатындағы мектебінен көргенін айтады. Онда оқығысы келмейтін немесе бұзақылық жасаған оқу­шының құйрығына таяқпен ұрып жазалау әдісі бар екен. Бұған балан­ың әке-шешесі «қыңқ» дей алмайды – заң сондай. Жасын Ермеков оқушыларды ұрып-соғып­ жазалаудың елімізде жоқтығ­ы – Қазақстанның білім беру жүйесінің кеміс тұсы деп есептейді. Оның айтуынша, бұл оқушыны жазалау емес, бұлайша жасау арқылы баланың тентек мінезі тыйылмайды, қайта ондай жаза оқушының есерлігін үдетіп жібереді. Ал, бұзақы баланы сыныпта­старының алдында құй­рығынан «шықпыртып» ұрса, бұл барлық оқушыға сабақ болады. Қылтың-сылтыңды қойып, бәрі сабақ оқуға зейін бұрады. Сонда ғана тәрбие мен білім сапасы жақсар­ады. Мектеп жақсы адамдарды жасап шығарады.

Біздіңше, Ж.Ермековтің идея­сы қабыл алынып, мектептерде «дүре соғу» заңдастырылса, онсыз­ да «ұр тоқпақ» атанып отыр­ған­ ұстаздарымыз әлі талай баланың басын «жаратын» секілді.

Психолог Анна Мергенбай­қызы  болса, «оқушылардың ұстазының үстінен арыз түсіргеніне қуану керек шығар» дегенді айтад­ы. «Себебі, өздерінің жеке тұлға екенін сезініп, өздеріне деген­  ізетті талап етуде. Оқушыға айғайлағанын естісең, төбе шашың  тік тұратын мұғалімдер әлі де бар. Мұғалім өз шәкіртінің жеке тұлға екенін, оның да өзіндік құқықтары бар екенін білмей жатса, неге мәселені заңмен шешпеске?! Бұрын оқушылар өздерінің құқықтарын талап етуді аса құнттамайтын. Мұғалімдер бұрын да дауыс көтеретін, қол жұмсайтын. Тіпті, оқушының жеке тұлға екенін ұмытып кететін. Қазір де сол. Мұғалімдер өзгерген жоқ. Ал, шәкірттер құзырлы орындарға жүгініп, өзінің психологиялық тұрғыда өскенін байқатуда. Шәкіртіне қол көтеруге оқытушыға кім рұқсат берді? Неге жеке тұлғаны екінші бір тұлға қорлауы керек? Ар-намысына тиіп, психо­логиялық соққы жасауы керек?­! Сондықтан арыздануға психолог ретінде  дұрыс  қараймын. Әсіре­се,­ өтпелі кезеңдегі 6-8 сынып оқушылары өкпешіл. Өтпелі кезең­де олардың көңіл күйі құбылмалы  келеді. Тез бұзылады.­ Сондай кезде мұғалім жөнсіз ұрысса, қол көтерсе не болады? Оқушы ең алдымен – бала ғой. Бұзақылық жасаса да, оқыс мінездер көрсетсе де, оған әуелі бала деп қарау керек. Жоғары білімді, қолында дипломы бар сана­лы маман неге баланың деңгейіне түсіп, онымен сөз талас­тырып, ұрыс-керіске баруы керек?­! Ұрыспай-ақ, оқушыны өзінің үлгілі істерімен тәрбиеле­сін», - дейді  Анна  ханым.

«Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» налитын осындай ұстаздарды көрген бүгін­гі оқушы, ертеңгі түлек, болашақ маман «мұғалім болуды» арман­даудан қалды. Қазір оқу бітіруші түлектер түгілі бесіктен белі шықпаған баладан «Кім болғың келе­ді?» деп сұрап көріңізші. Барлығы кәсіпкер, депутат, министр бол­ғысы келеді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі жағ­дайда мұғалімнің қадір-қасиеті төмендеп барады. «Комиссия келеді» десе болды, бума-бума қағаз­дарын беліне буып алып бастары қатып жүретін ұстаздарын көріп өскен оқушыдан осыдан кейін «Мұғалім болғың келе ме?» деп сұраудың  өзі  қисынсыз.

Мұғалім болғысы келетіндерге қойылатын талаптың жеңілдігі де – мәртебелі мамандықтың қадірін төмендетіп тұрғаны жасырын  емес. Баласына: «Тым құрығанда сабақ берерсің» дейтін талай­ ата-ананы көріп жүрміз. Мәселен, Финляндияда, Оңтүстік Корея­ мен Сингапурде мұғалім мамандығын мектеп пен университетті өте жақсы бағамен оқы­ғандар мен әбден ысылып, тәжі­рибеден өткен университет түлектер­і ғана алуға мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттердің тек білім­ді  азамат­тарды ғана жұмыс­қа алуының тағы бір себебі – жоғары төленетін жалақы. Арнайы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, осы елдердегі білім сапасы бүкіл әлем бойынша көш бастап тұр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің айтуынша, кінәні білім жүйесінен, ата-анадан немесе оқушыдан емес, ұстаздың өзінен іздеу керек. «Ең алдымен мұғалім білімді, мәдениетті, қай жағынан алсаң да таза болуы керек. Сонан соң кез келген оқытушы мықты психолог болса деймін. Құр айғай­-ұйғаймен ұстаз «рөлін» ойнап жүрген адамды шәкірт көш жерден таниды», - дейді ұлағатты ұстаз.

Иә, ұстаздарымыз «ұр тоқпақ» атанып, кейбір мамандықтарға қарағанда, дәрежесі төмен болып тұрса да, Ұстаздықтан ұлы, Ұстаздықтан қадірлі мамандықтың жоқ екені тағы да рас...

Нұрсұлтан  МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

 


ФУТБОЛ – ЦИРК, ФУТБОЛШЫ – ӘРТІС ПЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
13.07.2017 16:06

540  МИНУТ, 1  ГОЛ

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының XIX айналымында жергілікті “Қайсар” елордалық ұжымға қонаққа барды. Ойын бас қаланың туған күніне сәйкес келіп, еліміздегі ең таңдаулы стадионд­ардың бірі “Астана Аренада” өтті. Әдеттегідей “Астана” футболшы­ларының мерекелік көңіл күймен қала күніне тарту жасауға әрекеттенетіні сөзсіз еді. Солай болды да. Қарқыны қатты астанал­ықтар тоғызыншы айналымда тұңғыш  астаналықтарға  қонақ  болып,  0:3 есебімен тосылдырып кеткен болатын. Білетіндер “Енді олар өз жерінде де тас-талқан  етеді” деп ашық айтып жатты. Әрлі-берлі әспеттейтін несі бар, “Қайсар” тағы да жеңілді. Есеп 2:0.

Тағы да жеңіліс. Бұл сөзді ойланып, сараптай келе жаздық. Өйткені XIII айналымда Қарағандының “Шахтері­н” тізе бүктіргеніміз болмаса, одан бері жеңіс “қасқырлардан” біржола “қашты”. Немесе олар өздері жете алмай жүр. Сөзіміз нақты­ болуы үшін төмендегі мысал­ға зер салып көрейік.

XIV айналым. “Қайсар” – “Қайрат” 1:2

XV айналым. “Тобыл” – “Қайсар” 0:0

XVI айналым. “Қайсар” – “Орда­басы” 0:1

XVII айналым. “Ертіс” –“Қайсар” 1:0

XVIII айналым. “Қайсар” – “Ақ­жайық” 0:0

XIX айналым.“Астана” – “Қайсар” 2:0

Не керек,  4  жеңіліс,  2  тең  ойын. “Қасқырлар” 6 айналымда өз қақ­пасына  6  доп енгізіп, 540 минутта 1 ғана гол соғыпты. Ал, маусым бастал­ғалы қарсыластар қақпасын 13 мәрте мазалапты. Бұл көрсет­кішпен “Қайсар” биылғы Қазақстан біріншілігіндегі ең аз доп соққан команда болып отыр. Иә, сүйкімді статистика емес...

 

ЖАЛДАП  АЛҒАН “СОЛДАТТАР” ЖАНЫН САЛЫП “СОҒЫСПАЙ” ЖҮР

Маусым басында “Қайсар” сапын толықтырған легионерлер жайлы спорт сайттары, республикалық басыл­ымдар жарыса жазған-ды. Тіпті, қызылордалық ұжым премьер-лигада легионерлерді командасына топырлатқан алғашқы клубтың бірі саналды. Жалдап алған “солдат­тардың” қабілет-қарымы қандай екен?  Олар өзі кімдер еді?

1. Джон Камара. Сьерре-Леоне мемлекетінің тумасы. Өз елінің ұлттық құрамасында ойнайды. Одан бөлек Ливанда, Грекияда доп тепкен. Соңғы клубы Латвияның “Ригасы” болды. Орталық қорғаушымен маусым аяғына дейін ғана келісім жасалды. Камараны осал ойыншы дей алмаймыз. Сауатты ойын көр­сетіп-ақ жүр.

2. Матиас Курьор. Мартиники құрамасының ойыншысы Францияда, Испанияда бақ сынап көрген. Соңғы ойнаған командасы Болга­рияның “Локомотиві” болды. Курьор­ да – тәжірибелі, техникасы мықты  ойыншы.

3. Саиди Нтибазонкиза. Бурундики құрамасының ойыншысы карьера­сында біраз чемпионаттың басын шалған. Франция, Түркия, Польша лигаларында өнер көрсеткен. Жыл басында Францияның “Монпелье” клубынан ұсыныс түс­кенімен, 29 жастағы жартылай қорғаушы “Қайсарды” таңдап, бізді бір қуантқан  еді. Саиди –сөзсіз талант­ты  ойыншы.

4. Стефан Николич. Сербия, Бельгия, Румыния, Болгария, Корея елдерінде ойын өткізген. Атақты “Партизан”, “Стяуа”, ЦСКА (София) командаларында ойнаған шабуылшы жолдастық кездесулерде доп соғып, бапкер сеніміне кірген еді. Расын айтайық, Младеновтың мүлт кеткен жері, шала-шарпы шешімі осы болды. Өйткені “Қайсар” сапындағы жалғыз шабуылшы шайнап бергенді жұта алмай, жанкүйерлердің ашуына әбден тиді. Ақыры кетіп тынды. Соңғысын айтпағанда, алдың­ғы үшеуі жап-жақсы-ақ ойын көрсетіп жүрген сияқты. Бірақ, тараз­ы басы “Қайсарда” емес. Не жетіспейді?

Айтпақшы, сіз қызылордалық клуб сапында Алдан Балтаев деген ойыншының бар екенінен хабардасыз ба? “Иә” десеңіз өкінішті, “жоқ” десеңіз түсінікті. Сол сабаздың келгенде жарақаты бар болатын, негізі жазылатын болуы керек. Солай бола тұра жазылуға ниетті емес секілді. Қалай десек те, XIX айналым аяқ­талды емес пе? Енді қашан ойнамақ? Келесі ойынға қатысты дегеннің өзінде алаңға, командаға үйренісуге­ бірнеше ай уақыт кетеді. Ал уақыттың “Алдан аяққа тұрып алсын” деп күту арқылы бізге алданып қалмасы анық. Қас қаққанша футбол маусымы да аяқталмақ. Ол командасының намысын емес, қара басының қамын ой­лап­ жүргендей көрінеді. Немесе сол ойыншыны жазғы трансферде де алуға болар еді ғой. Жамбыл Кө­кеевтің өзі “Қайсардың” құрамында  IX  айналымда ғана шыққаны баршаға мәлім. Осыны біле тұрып клуб басшылығы әдейі істеді ме, әлде... Әлде кетіп жатқан қалтасының  емес, мемлекеттің қаржысы ғой деді ме екен? Мен айтпай-ақ ел ішінде “Футбол – цирк, футболшы – әртіс” деген әңгіме желдей есіп жүр. Ол да бір өнер дерсіз, тек шынайы емес...

Рыскелді  ЖАХМАН

 


 

10 шілде күні ҚПЛ-дегі трансферлік терезе жабылды. Бұған дейін “Қайсардың” құрамына “Ақжайық” клубының қорғаушысы Бауыржан Омаров, “Младость” командасының шабуылшысы Милан Бойович қосылған болатын. Енді “Ертіс” сапында ойнаған легионер Франк Джа Джедже және “Тобылда” доп тепкен тағы бір шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай қосылды.

 


 

 

Жанкүйер  жанайқайы

Қорқыт ЖӘЛИ, “Қайсар” футбол клубының жанкүйері:

- Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы күнінен бастап “Қайсар” турнирлік кестеде үздік танылып, дүйім елді бір елең еткізіп алды. Мықты деген­ бірнеше легионерді сапына шақыр­ды. Бірақ қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Енді бір ұтылса, алтылықтың өзі арман болғалы тұр. Қарап отырсақ, “Қайсарға” қысым көп сияқты. Әйтпесе, үздік көрінуіне не кедергі? Қаржылық жағдайы жақсы, бапкер тәжірибелі маман деді ғой... Көз көрмесе де, құлақ естіп жүр, ҚПЛ-де ойын­ды сатып алу бар нәрсе дегенді. Неге дейсіз ғой, өйткені біздің барлық клубтарды мемлекет қаржыландырады. Тұрақтылық жоқ. Бүгін бар, ертең жоқ басшылар, ойыншылар. Ал, жан­күйерлер  жаутаңдап  қала  бермек.  Намыс  керек, намыс!

 


ВАЛЮТАЛЫҚ ИНТЕРВЕНЦИЯ БАҒЫМЫЗДЫ АША МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.07.2017 16:02

Соңғы кезде мұнайдың бағасы да, сапасы да сын көтермей тұр. Бағаның құлдырауы ақша айналымына кері әсерін тигізіп жатса, сапасы мұнай өндіруші елдердің «қазынасын» ортайтуда. Бұл «салқындық» біздің елді айналы­п өтеді деп айту – бос сандырақ. Қапталдан келген қауіпке қорған табылуы­ мүмкін, алайда төбемізден төніп тұрған қатерден қорғанып қалу екітал­ай. Осы ретте «қара алтын» құнының күрт төмендеуі салдарынан Қазақстанның да экономикасы «есінен танып» отыр. Ол – ол ма, құлдыраған баға алғаш рет еліміздің валюта нарығында долларды жаппай сатуға мәж­бүрледі. Қазақстанның Ұлттық Банкі өткен айда 101 млн доллар сатып, валю­та нарығында интервенция жасады.

-  Ішкі валюта нарығында үдеп бара жатқан теңге құбылмалығын шектеу мақсатында Ұлттық банк 101 млн долларды сатып, АҚШ долларына деген артық сұранысты қанағаттандыру туралы­ шешім қабылдады. Валюталық интервенция шетел валютасына деген сұра­ныстың шарықтаған кезінде, 2017 жылдың 21 және 22 маусымында жүр­гізілді, - деп мәлімдеді Ұлттық банк маман­дары.

Маусымда төмендеген мұнай бағасынан Ресей рублінің әлсіреуі байқалды, бұл ішкі валюта нарығына кесірін тигізбей қоймады. «Brent» маркалы мұнай бағасы барреліне 45 доллардан да төмен деңгейге түсіп, 2017 жылдың ең төменгі көрсеткішіне жеткен болатын. Оған нарықтағы мұнай өнім­дері­нің шектен тыс көп өндірілуі мен ОПЕК келісімінің тиімділігіне байланысты туындаған қауіп-қатер әсер еткен­і сөзсіз. Валюталық интервенция­ға себеп болған да осы жайт. Бұған дейін еліміздің бас банкі теңгенің құнсыздануын «қара алтын» бағасының төмендеуіне байланысты деп, бірақ әлдеқайда төмен жылдамдықпен жылжып келе жатқан әлемнің бірқатар шикізаттық валюталарының статистикасын алға тартқан еді. Теңгенің әлсіреуінен шарық­тау шегіне жеткені бұл жолы ақталуға жол бермеді ме, әйтеуір, амал қарастыруға мәжбүр болдық. Бір-екі ай бұрын биржалық бағам бір долларға шаққанда 327,63 теңгені құраған. Басқаша айтсақ, ай басынан бастап теңге 5%-ға құнсызданды. Мұнай нарығындағы тұрақсыздықтан бұрын басталған және шетелдік инвесторлар Ресейдің мемлекеттік қарызын жаппай сатудан кейін төмендеп кеткен теңгенің рубльге күні түсті. Осы сәтті қалт жібермеген «Райффайзенбанктің» сарапшысы Денис­ Порывай «Рубльдің федералды қарыз  облигацияларымен  бірге  мұнай бағасына  қарамастан  құлдырай  бастауы шетелдік инвесторлардың Ресей қа­рызынан  шыға  бастауын  аңғартады» деге­н пікір  білдірді.

Ал біздегі бюджеттің «тағдыры» «Brent»  мұнайының  бағасы  барреліне 50 доллар деңгейінде және бір АҚШ долларына 330 теңгені құраған бағам бойынша жасалды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, «Brent» мұнайы­ның  орташа  арифметикалық  құны  2017 жылдың I тоқсанында 54,63 долларды құраса, сәуір-маусым айлар аралы­ғында бұл көрсеткіш 51,71 доллар, 50,29 доллар және 47,91 долларға дейін төмендеді. ҚР Ұлттық банкінің есебі бойынша, теңге-доллар валюталық жұбының орташа айлық бағамы сәуір айында 312,26 теңге болса, маусымның қорытындысы бойынша 318,42 теңгеге дейін құлдырады. Алайда теңгенің құлдырауы мен бағамның әлсіздігі мемлекет­тік бюджеттің тапшылығы мәселесінің бар екенін аңғартты.

Айта кететін тағы бір жайт, ортамерзімді перспективада инфляцияның нысаналы көрсеткішін белгілеуге және қол жеткізуге бағытталған ақша-несие саясатының режимін енгізу мәселесі наза­рға алынып отыр. Мұны банк сөздігінде инфляциялық таргеттеу дейді. Бүгінде Қазақстанда енгізілген инфляциялық таргеттеу режимінің артық­шылықтарын ұстап тұру бойынша мақса­ттары  мен  басым­дықтары айқын­далды.

- Инфляцияның таргеттелетін деңгей­і алдын ала белгіленеді, осыған байланысты орталық банктің барлық ақпараты мен жоспарлары алдын ала қолжетімді болады, бұл кәсіпорындар мен жеке тұлғаларға өз жоспарларын құруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ҚР Ұлттық Банк басшысының орын­басары  Ғ.Пірматов.

Негізі біздің әлем елдеріне қарап бой түзеп келе жатқанымыз өтірік емес. Қай салада болмасын, жаңа ереже-қағидалардың үлгісін дамыған елдер мен технологиясы озық мемлекеттерден аламыз. Осы ретте тағы әлемді айтуғ­а тура келеді. Дүниежүзінде ақша-несие саясатының үш түрі жалпыға таны­мал. Біріншісі – валюта бағамын белгілеу, екіншісі монетарлық таргеттеу болса, соңғысы – инфляциялық таргет­теу. Елімізде 2015 жылғы 20 тамызға дейін іс жүзінде айырбастау баға­мын белгілеу саясаты қолданылып келгенд­ігін еске саламыз. Қазіргі кезде Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты инфляциялық таргеттеу қағидаттарына негізделген. Бұл режим ресми түрде Австралияда, Ұлыбританияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда, Жаңа Зеландияда, Польшада, Чехия сынды мемлекеттерде қолданылып жүр.

Ақша саясатына келгенде осалдық танытатын елдердің қатарында жүрген секілдіміз. Мұнай өндіруші өзге елдермен салыстырғанда экономикалық ахуа­лымыз уыстан шығып бара жатқандай. Нақты шешімдер қабылдап, шетел валю­тасын сатудан ұпай жинасақ, қанеки?! Бағымыздың ашылғаны да сол болар еді.

А.НҰРТАС

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары