Өзекті мәселелер

  • 11.07.19

    САУЫҚҚАН  ЭКОНОМИКА САЛАНЫ  ДАМЫТАДЫ

     

    Еліміз  тәуелсіздік  алғаннан бастап-ақ нарықтық экономика сатыларына аяқ басуды ұйғарды. Оған дейінгі ауылшаруашылығы, егін  шаруашылығы деген салаларды тара­зы­дан түбегейлі алып тастаған жоқ. Ел экономикасының қарқынды дамуына осы салалармен қоса жаңа жо...

    Толығырақ...
  • 11.07.19

    Ізгілік пен қайырымдылық – адамзаттық құндылық. Тіпті, бұларды адамгершіліктің өзегі деп те атаған. Әр нәрсе өзінің мәнімен, өзін­дік қасиетімен қа­дірлі, құнды. Яғни адам өзінің мәні, қасиеті – адамгершілігімен, қайырымдылығымен қадірлі әрі  абзал  болмақ.

    Осы орайда Арис­тотельдің өзі «Бақыттың кілті – қайы­рымдылықта» деген екен. Демек, ізгілік, қайырлы іс – адам баласын бақытқа жетк...

    Толығырақ...
  • 11.07.19

    Тапсырманың да түр-түрі болады. Мұнан біраз уақыт бұрын ата-аналар тарапынан «үй тапсырмасын үйіп-төгіп бермесін» деген талап «төрге озған» еді. Рас, мектеп бағдарламасын шамадан тыс қиындату оқушының білімге деген ынта-жігерін төмендетпей қоймайды. Қит етсе, мұғалімдерді аяп, қаралап шығатын қауым көбейді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деуші едік. Қазір әлеуметтік желіде ...

    Толығырақ...
  • 11.07.19

    Шілде басталмай, сауда орындарында қауын-қарбыздың саудасы­ қызды. Бау-бақша өнімдерінен көз сүрінеді. Нарықтағы бағалары былтырғы­мен  салыстырғанда  қымбаттау.  Қарбыздың  келісі  80-100, қауынның келісі 200-300 теңгеден сатылуда. Бірақ көпшілік  бағамен санасып жатқан жоқ. Шөл басатын әуес асты қалтасына қарамай алып жатыр. Негізі бақша өнімдері  шілде айының соңына таман піседі.  Та...

    Толығырақ...
  • 11.07.19

    ЖАҢА  СТАДИОНДАҒЫ   ЖАҢА  КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР

     

    Өткен аптада сыр­бойылық футболсүйер қауым көптен күткен матч өтті. Ел біріншілігінің 17-туры аясында «Қайсардың» «Шахтерді» қа­былдаған кездесуі Ғ.Мұ­ратбаев атындағы орталық стадионның ашылу күніне сай келді. Жөндеу жұмыстарынан соң жап-жаңа алаң атағына ие бол­ған бұл нысан туралы азды-көп...

    Толығырақ...
Шілде 2017

ҚҰДЫҚТАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
13.07.2017 15:58

Мереке күндері елге барып, тынығып қайттық. Айдынды Аралда анау айтқандай жұмыстар болмаса да, кейбір мәсе­лелердің шешілгені көңілге медеу­ боп тұр. Десе де, кезек күттір­мес шаруалардың әлі де болса реттелмей жатқанын көрдік. Осыдан 3-4 жыл бұрын аудан орталығында жантүршігерлік жағдай орын алды. Шама­мен  4-5 жастағы  балғын канализациялық құдыққа құлап, басынан  жарақаттан­ған-ды. Ауыр жағдайда ауру­ханға  түскен. Абырой  болғанда періштесі қағып аман қалды.

Бұл оқиғадан соң ашық-ша­шық жатқан құдықтардың қақ­пағы жабылған сияқты еді. Әйтсе де, осы жайт жергілікті биліктегілерге сабақ болмаған сыңайлы. Ақ жағалыларды әңгімеге тартсаң, айтатын базын­асы белгілі. Құдық қақ­пақтарын қолының сұғанағы барлар бір күнде жоқ қылады дейді. Сонда басқадай әрекет жасауға болмай ма? Бұл – біз білетін бір ғана ақпарат. Естімегеніміз қаншама?

Орталық  мешіттің  жанында орналасқан канализациялық екі құдық бар. Тереңдігі 1,5-2 метрдей. Іші сояудай темір трубалар. Әлгі құдықтың біреуі суға лық толы, екіншісін қаңылтырмен қаптап қойыпты. Оны сондағы жұрттың өздері істеген екен. Балалар түсіп кетпесін деп. Өйтпегенде қайтсін?! Атқа мінерлерден қайыр болмаған да. Тұрғын­дардың айтуынша, көшедегі суағардан (колонка) су алып келуге балаларды жұмсайды, олар осында жиналып ойнайды. «Үйде зәреміз ұшып отырады» дейді. Сонымен бірге құдықта жиналған судан жағымсыз иіс шығатын көрінеді.

Мұндай дүниелерді көптеп кездестіруге болады. Бірі суға толып тұрса, енді бірінде жағдай мүлде басқаша. Кейбір құдықтар кәріз құбырларынан аққан тамшы су емес, қоқысқа толып тұр. Байқап қарасақ, жауапты­лар көптен ат ізін салма­ғанға ұқсайды. Мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген жобалар неліктен толық бақылауға алынбағаны түсініксіз... Ал ол назарға іліккенше, ба­лалар басынан жарақат алып жүре  бере  ме?

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Басты мақсат – әділдік PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
13.07.2017 11:51

Айбек  ДӘУРЕНБЕКОВ, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы:

- Айбек Дәуренбекұлы, облыстық маманда­ндырылған ауданаралық эко­номикалық сотының 15 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймыз. Осы орайда өзіңіз басқарып отырған құзырлы органның жауапкершілігіндегі істер жөнінде айтып  өтсеңіз.

- Рақмет. Экономикалық соттың басқа­лардан айырмашылығы – бізде тек заңды тұлғалар арасындағы дау-дамайды, құқықбұзушылықтарды қарастырады. Барынша күрделі және көкейтесті азаматтық істердің шешімін табуға тырыс­амыз. Біз қарайтын даулар қоғамның экономикалық өмірінің барлық салаларын қамти отырып, қолданыстағы заңдардың негізінде іс жүргізу ереже­леріне сәйкес қызмет атқарады.

- Осы сот қалай құрылды?

- 2001 жылдың маусымында Қазақстан судьяларының ІІІ Съезі өткізілді. Сол кезде Елбасы мамандандырылған соттар жүйесін, бірінші кезекте эко­номикалық және әкімшілік соттарды кезең-кезеңімен құру жөніндегі жұмыс­ты жалғастыруды міндеттеген болатын. Араға жыл салып, 2002 жылдың 9 ақпанында Президенттің жарлығына сәйкес, Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық соты құрылды. Осылайша 2002 жылдың тамыз­ айынан бастап ресми түрде қызметі­н  бастады.

- Жаңадан дүниеге келген соттың діттеген  межесі  қандай  еді?

- Мамандандырылған соттарды құрудың басты мақсаты – сот әділ­дігін жүзеге асырудың сапасын арт­тыру, істердің уақытылы қаралуын қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде жаңад­ан құрылған соттардың судьяларының да жауапкер­шілігін көтеруге ықпал етеді.

- Қазіргі таңда қан­ша судья жұ­мыс  іс­тейді?

- Бастапқыда алты судья болған, қазір – 8. Кеңсе меңгерушісімен бірге 15 сот маманд­ары қызмет атқарады.

- Судьялардың кісілік келбеті қандай болуы тиіс?

- Ең алдымен әділ болуы қажет. «Тура биде туған жоқ» демекші, туралықты серік етіп, ақиқатпен дос болған азаматтар ғана дау-жанжалға төрелік айта алады. Бұл бұрыннан белгілі. Этика­ны басты назарда ұстау керек. Тек жұмыс бабында ғана емес, өзге де қоғамдық орындарда үлгі болып жүруге тырыс­қан жөн деп ойлаймын.

- Сіздің  болмысыңызда осы  қасиеттер  бар  ма?

- Оны халық біледі. Халық айтса, қалт айтпайды. Ал өзім 35 жастан бастап судья болған дұрыс дер едім. Себебі бұл – адамның нағыз ақыл тоқтататын кезеңі. Жан-жағына салмақты көңіл­мен, ерекше көзқараспен қарай бастайтын шағы.

- Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


Қалааралық автобустарды кім бақылайды? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
13.07.2017 11:49

Мен 2.07.2017 жылы Қызыл­орда қаласынан Әйтеке би кентіне дейін жету үшін сағат 16:30-да облыс ортал­ығынан жүретін №649 авто­бусқа  отырдым.  Бізге №35-36 орындар тиесілі болды. Қазалыға дейін 4 сағаттан астам уақыт жүре­тіні белгілі. Өзімізге тиесілі орындыққа жайғасып отыра алмадық. Себебі  автобус ішіндегі орындықтар  бір-біріне өте жақын орналас­қан. Менің ойымша адам сыйымдылығын көбейту үшін қосымша орындықтар қосқан тәрізді. Өте жақын­  орналасқандықтан аяқ созып­ отыру да қиын. Қазалыға дейін зорға шыдадық. Егер осы орындықтарға қарт адамдар, науқас жандар отырса, олардың жағдайы қандай болмақшы? Қоғамның басты­ байлығы адам болса, жолаушыларға ұзақ жолға жүретін авто­бустардың ішінде неге жағдай жасал­маған? Бұл  жайды Қазалыдағы «Нұршуақ» автобекетіндегі қызметкерлерге білдірген едім. Олар қалааралық автобустардың жай-күйіне облыс орталығындағы автобекет  жауапты  екенін  жеткізді.

Жолаушыларды тасымалдау үшін жыл сайын кәсіпкерлер арасында тендер жарияланатыны белгілі. Тендер жарияланған уақытта жолаушылар тасымалының талабы­  ескерілсе, жолаушыларды тасымалдайтын  автобустар  талапқа сай болуын комиссия мүшелері қадағаласа  екен дейміз.

Ж.ЖҰБАНДЫҚОВ,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы

 


ЭКСПО – 2017: алғашқы айдың асуы PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.07.2017 11:43

ЭКСПО Қазақстанды халық­аралық аренаға тағы бір қадам жақындатты. Жаһан жұртшы­лығын бас қалаға телміртті. Соның  арқасында Қазақ елінің абыройы асқақтай түсті. Себебі, ЭКСПО ғылыми жаңалық ғана емес, әлем елдері мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір іспеттес.  Осыдан 166 жыл бұрын өткен тұңғыш көрмеден бері шара ұдайы тың идеялар мен жаңа­шылдықтың  бастауы болып­ келді.

Міне, осы аралықта әлемнің 34 мемлекеті тізгінін ұстаған жаһанд­ық жобаны еншілеу биыл бізге бұйырған-ды. Сонымен, шымылды­ғы түрілген шараның басталғанына тура 33 күн. Осы уақытта­ көрмеге ағылған қонақтардың дені Қазақстанмен етене байланыс орнату­ға мүд­делі екенін таныт­ты. Даму­д­ың даңғыл жо­лында­ғы елі­мізбен  орайы келгенде ор­тақ  іс бас­тауға ниеттілері де жоқ  емес.  Бақсақ, халықаралық көрмеге осы бір ай ішінде 921 293 турист келген. Көрмеге қатысушы 115 мемлекеттің павильон­дарын 5 млн 960 212 адам тама­шалаған. Демек, жаһан жанарын өзіне байла­ған ЭКСПО өзіміздің ғана емес, әлем жұртшылығының  назарын  аудара білді деген­  сөз. Сарыарқаның төрінде орын тепкен­  тарихи қалашықтың негізгі нысандарын  834 579  адам  аралап, алып атрибуттарды   тамашалаған.

 

Естеріңізге салайық, «Нұр Әлем» деген атаумен  қалашықтың қақ ортасында Ұлттық павильон тұр. Ерекше архитектуралық пішінмен алып сфера бейнесінде салынған шарға қызығушылық танытқандар қатары қалың. Бақандай 303 007 адам. Бұл сан күн өткен  сайын  өспесе,  кемімек  емес.

Қысқаша тоқтала кетейік, көрме келу­ші­лерінің 14 пайызы, яғни 130 мыңнан астамы­ – шетелдік азаматтар. Арнайы көрмеге ат басын бұрушылар. Әлі арқа төріне тоқтаусыз ағылған шетелдіктер жетер­лік. Көрме   өткен  алғашқы  айда  160  мың  адам  арнайы жеңілдіктер арқылы­ кіруге  мүм­кіндік  алған. Бұл тізімге ілік­кендердің қатарында  мектеп  оқушылары, студенттер,­ зейнеткерлер  мен  ҰОС  ардагерлері бар. Қуантатыны да осы. Тұрғындар да мүм­кіндіктерін қалт жібермей, шараны­ң бір пұш­пағын илеген шаһарға лек-легімен  аттануд­а.

Көрме басталғалы қалашық мерекелік шарадан кенде емес. «Күлтөбенің басындағы жиын» арқа төсіне ойысқан дерсің. Сонымен алғашқы айда 1031 мәдени ойын-сауық және іскерлік шаралар, ел басшыларының, министрлер мен халықаралық павильон комиссарларының қатысуымен барлығы 84 ресми шараның шымылдығы түрілді. Алғашқы айдың қорытындысы – осы. Әзірге жаман емес. Айтулы шара алдын­а қойған миссиясын мейлінше орында­п-ақ келеді. Сондықтан алдағы күнге сәттілік  серік  болғай!

Құралай  ЖАҚСЫЛЫҚ

 


Сапалы білім – заман талабы PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.07.2017 11:03

Бүгінгі қоғам білім беру жүйесі жан-жақты дамыған, өздігінен жұмыс істей алатын, үздіксіз білім алуға ынтасы бар жастарды дайындауды талап етеді. Себебі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру жүйесі жетекші роль атқарады және оны әрі қарай айқындай түседі. Қазақстанда ондаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі білім беру моделі әлемдік көшке ілесуге ниетті. Ал оның алғышарты ретінде жыл сайын қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды негізге аламыз. Басты тетігі – білім, мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Бүгінгі білім беру жүйесі осы үдеден шығып жүр ме? Бағамдап көрейік.

САН  мен  САПА

Қазақстан қазір жаһандық дамуға там-тұмдап аяқ басты. Демек, ұдайы дамып, үздіксіз жаңалықпен толығып отыруға бейім салмақты салаға артылған жүк те ауырлады. Себебі интеграциялық даму мен инновациялық өрлеу қарыштаған сайын бірқалыпты жүйемен көшке ілесу мүмкін емес. Осы ретте, нарықтық экономика тұсында сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қаржыландыру жүйесін оңтайландырып, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды құбылыс. Дәл осы бағытта тек республикада емес, біздің облыс көлемінде де атқарылған істер ауқымды. Жалпы, білім беру деңгейінің бірінші сатысы ретінде мектепке дейінгі тәрбие ошақтары есептелінеді. Оған қолжетімділікті ұйымдастыру арқылы білім берудің алғашқы баспалдағын бағдарлай аламыз. Қазір аймақта жыл басынан бері 791 мектепке дейінгі ұйымдар (542 балабақша, 249 шағын орталық) жұмыс істеп келеді. Онда 52899 бала тәрбиеленуде. Бұл сандар пайыздық көрсеткішке шаққанда 1-6 жас аралығындағы балаларды 54,3 па­йызға қамтыса, 3-6 жастағы балдырған­дардың  қамтылуы 100  пайызды құраған.

Елімізде жеке кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілгеннен кейін жылдан-жыл­ға жекеменшік балабақшалар саны өсті. Бір ғана біздің аймақта 284 жекемен­шік балабақша болса, онда 25 915 бала тәр­биеленуде. Ал бұл барлық балабақшаның 70,8 пайызын құрайды. Мұнымен қатар, өңірімізде 249 шағын орталық (245-і – мемле­кеттік,  4-еуі – жекеменшік)  ашылып, бүгінде тұрғындарға қолайлы режиммен қызмет етеді. Дәл осы тәрбие беру орта­лықтары 7013 кәсіби педагогтармен толығып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде.

Әрісі он жылдың көлемінде үш тілді білім беру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Тіпті, білім беру жүйесінің басым бағыт­тарының біріне айналды. Қазір мектеп қабырғасынан емес, балалар сауатын балабақшадан ашатын заманда тілді меңгертуді де ерте кезден қолға алу көзделген. Нақтырақ тоқталсақ, аймақтағы 73 балабақшаға  көптілді білім беру бағ­дарламаларының элементтері енгізілген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті көтеру де – басты мақсат.

 

БІЛІКТІ  КАДР – БІЛІМДІ

БОЛАШАҚ  КЕПІЛІ

Жаңа формация мұғалімі – рефлекцияға  қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған, шығармашыл маман. Себебі мектептегі басты тұлға – мұға­лім десек, білім саясаты ең алды­мен ұстаздар қауымы ар­қылы жүзеге асырылатынын ескер­ген жөн. Алтынсаринше айтс­ақ, «мұғалім – мектептің жүрегі». Демек, бүгінде әлемдік қауымдастық қатарында өзіне лайық орнын белгілеген біздің мемлекетіміз үшін демократиялық қоғамға сай өзіндік көз­қарасы, саяси түсінігі бар, білімді әрі жоғары білікті кадр әлеуетінің жасақталуы аса қажет. Қазір облыста 20409 педа­гогикалық кадр  бар. Оның 18777-сі – жоғары білімді, 1632-сі – арнаулы орта білімді мамандар. Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі педагогтарды қайта даяр­лау курстарының жұмыс істейтінін білім саласының пұшпағын  илеп  жүргендер біле­ді. Ал үстіміздегі жылы осын­дай­  жоба негізінде 6812 педагог­ты оқыту жоспарланса, бірінші жартыжылдықта 5074 маман бұл үдеден шықты. Атап айтқанда, педагог қызметкерлердің деңгейлік оқу бағдарламасы бойынша 3 айлық курстарға 542 маман­ды оқыту жоспарланып, 190 педагог пен 67 мектеп басшысы біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагоги­калық шеберлік орталығының ұйымдас­тыруымен орта білім беру мазмұнын жаңарт­у бағдарламалары бойынша 4368 пе­дагог (942 бастауыш сынып, 2972 жекелеген пәндер бойынша және 454 мектеп басшысы) және мектеп тренерлері бойынша 26 педагог, білім беру мазмұнын жаңарту бойынша 3979 маман оқу курстарынан өтті.

Қазір  облыста  жалпы  білім  беретін 293 мектеп бар. Онда 141943 бала білім алуда.­ Қуантарлығы, соңғы кезде үш ауысымдық мектептер қатары жойылды. Бұдан ел әлеуетімен қатар білім саласының байыпты бастамаларына жарқын жол ашыл­ғанын айқын аңғару қиын емес. Мұнымен қоса, апаттық деңгейдегі мек­теп­тердің де кезең-кезеңімен келмеске кететі­нін еске салайық. Осы ретте­ 11 апаттық мектеп­тің құрылысын салу үшін  биылғы жылы облыстық бюджеттен 4,1 млрд теңге бөлі­ніп, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде. Бұл бағытта­ атқарылған істің соңы бұл емес. Оқу жылы­ның соңында 8 мектеп пен  2 балабақ­ша (Аралда – 3, Қазалыда – 4, Қармақшыда – 1 мектеп, 2 балабақша) салынып­, ел игілігіне  берілді.

 

КӨПТІЛДІЛІК – КЕМЕЛ

КЕЛЕШЕК   КӨРІНІСІ

Қазір  көптің  көңілін  күпті  еткен  мәселе – көптілділік. Басшылықтың байыпты бастамасы ретінде биылғы оқу жылының жаңа «табысы», білім жүйесіне енгізген бағдарламаның басы да осы. Тарқатып айтсақ­, ағымдағы жылы жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыт­тағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшуде көш бастағ­ан біздің облыстағы 46 инновациялық мектепте аталмыш бағдарлама  өз нәтижесін  беріп  үлгерді.

 

ҚОЛЖЕТІМДІ   ИНТЕРНЕТ

«Адамға оқып-үйрену өмірде болу, өмір сүру үшін қажет» деген тәмсіл бар. Қолдан келсе, қонышынан бас деп те бекер айтылмаған. Осы ретте оқыту процесін технологияландыру, оған сәйкес оқу бағдарламаларын жасау аса қажет. Расында қазір мұғалімдердің қағазбастылығын жоюдың түрлі әдістері бар. Электронды сабақ жоспары, электронды күнделік дегенің қарапайым ауыл мектептеріне де қолжетімді. Соның салдарынан жыл өткен сайын интер­нетке тәуелділік артып, компьютерсіз қоғамды елестету неғайбыл заманға жеттік. Ол білім ошақтары мен мектепке дейінгі тәрбие беру орталықтарынан да ауылы алыс емес мәселеге айналды. Бір қуантарлығы, қазір кең жолақты интернет желісімен облыстағы 293 мектептің 207-сі қамтамасыз  етілген. Бұл жалпы көрсеткіште 70,6  пайызды  құрайды.

Оған қоса, қазір арнайы компьютер­лермен жабдықталған 55 физика, 100 химия, 112 биология кабинеттері ашылып, оқушылардың интерактивті тақталармен ұдайы жұмыс жасауына жағдай жасалынған. Мұның өзі бүгінгі білім беру бағдар­лама­ларының  оңтайландырылғанының  бір көрінісі. Жоғарыда айтқан электрондық оқыту  жүйесінің  келгеніне  де  бас-аяғы        5 жыл.  Алғашқы жылы бұл жүйеге 25 жалпы білім беру ұйымы мен 5 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қосылса, 2013 жылы 22 жалпы білім беру ошақтары енді. Ал өткен жылы 125 мектепте «Білім  беру  ұйымдарының  оқушыларына арналған электронды журналдар мен күн­деліктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жүйесі енгізілсе, 166 ұйым «BilimLand» білім беру платформасына қосылды.  Ал ағымдағы оқу жылында аймақ­тың барлық мектебі интерактивті білім беретін контентке қосылды. Әзірге нәтиже  жаман емес.

 

ТҮЗЕТУ   ОРЫНДАРЫНЫҢ

ТОЛЫМДЫ   ТІРЛІКТЕРІ

Адам  ауруды  сұрап  алмайды. Ешкім 12 мүшесі сау кезінде аурулы боламын деп ойламайды. Енді бірі туғанынан тағдыр теперіш­ін көріп, мүгедек болып туады. Сондық­тан  мұндай  жандарға мемлекет көз  қырын  салса, артықтық  етпейді.  Десек­ те, қазір мүгедек атауы ескірді. Қоғам өгейсітіп, өзекке теппейтін деңгейге жетті. Расында бойында кемістігі бар мүгедек балалар қажетті медициналық көмекке жүгінуге, білім алуға, өзіне қажетті кез келген іспен шұғылдануға мемлекет жағдай жасаған. Жасап та келеді. Бүгінде үйде немесе білім беру ұйымдарында инклюзивтік білім алатын балалар үшін аудан орталы­қтары мен Қызылорда қаласында орналасқан 7 психологиялық-педагогикалық  түзету  кабинеттері  жұмыс істейді. Осы бағытта 244 мектепте пандустар  орна­тылған болса, 66 білім беру ұйымында түзету­  көмегін алуға жағдай жасалған.

Өздеріңіз білесіздер, бірнеше жылдан бері мектептерде бастауыш сынып оқушылары үшін ыстық тамақпен қамту жобасы игеріліп келеді. Бұл игі бастама бүгінде облыс­тағы 293 мектептің 278-ін қамтып, асхана тұрақты жұмыс істейді. Тек 11 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Мұнда 139937 бала ұдайы ыстық тамақ ішеді, ал бұл сандық көрсеткіш жалпы оқушының 98,8 пайызын құрайды.

 

ҮЙІРМЕНІҢ   ҮЙРЕТЕРІ   КӨП

Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуын­да үйірменің үйретері көп. Қолы қалт еткен­де­ пайдалы іспен шұғылданса, өзі үшін де, ата-анасы үшін де қажет. Бақсақ, облыс мектептерінде 4661 үйірме бар, оған 134500 бала жазылып, бүгінде түрлі бағытта өз қабіле­т-қарымын танытып-ақ жүр. Тағы айта кетерлігі, аймақтағы 141943 мектеп оқушыларының 50587-сі спорттық үйір­мелерге  жазылып, бейімді  саланың  биігі­нен  көрініп  жүргендері де жетерлік.

Сонымен қатар облыс орталығындағы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жас­өспірімдер ұйымын бірі білсе, бірі білмейді. Іргесі  осыдан 4 жыл  бұрын қаланған ұйым­ның­ бүгінде 65 мыңға жуық мүшесі бар. Алдағы салтанатты қабылдаудан кейін жас ұландар саны артып, 67000-ға жетпек.

 

КӘСІПТІК  БІЛІМ –

БИЗНЕСТІҢ   ИНТЕГРАЦИЯСЫ

Қазір – нарық заманы. Наныңды тауып­ жеу үшін қажетті кәсіп көзін таба білу әлдеқайда  ұтымды. Ол үшін мемлекет те қарап жатқан жоқ. Кәсіптік білім беруді ұйыс­тырып-ақ келеді. Атап айтсақ, ағымдағы оқу жылында 31 колледжде аймақтың еңбек  нарығына  қажетті  97 мамандықта 163  біліктілік  бойынша 22428 студент білім алуда. Мұндай кәсіптік білімнің бизнестің интеграциясы ретіндегі әлеуеті басым. Мұнда жұмыс беруші мен оқу орнының арасындағы қалыптасқан әлеуметтік әріп­тестікті дамытса, екіншіден, колледждердегі  білім беру қызметін бірлесіп басқару және оған оқу орындарын сенімгерлік басқару­ға  беру арқылы жүзеге асыруға болад­ы. Осы орайда «Қызмет көрсету салас­ы  компаниялары  Ассоциациясымен» бірлесіп, басқару жөнінде респуб­ликада алғаш болып арнайы жоба жасалынып, пилоттық режимде жұмыс жүр­гізілуде. Аталған ұйым тарапынан кол­ледж­ге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 млн теңге қаржыға жоба-сметалық құжаттары  әзірленіп, жергілікті бюджеттен 282,2 млн  теңге  бөлініп, күрделі  жөн­деу  жұмыстары  жүргізілді.

Ұзын сөздің ырғасы, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Соның негізін­де кәсіптік  білімі  бар  кадрлар  даярлауға 1515 орын және қысқа мерзімді курстар­ арқылы даярлауға 1335 орынға мемлекеттік  тапсырыс та бөлінген. Демек, білім  беру  жүйесі қарқынды дамып, қуат­ты­  күшке  айналуына  аз қалды. Нәтиже­сін  бірге күтейік.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 


Жағымды жаңалықтың жаршысы PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
13.07.2017 10:51

Ел-халық кімге қандай айдар тақса, сол атаудан оның бітім-болмысын, мінез-құлқын толық аңғару қиынға соқпайтыны анық. Көпші­лікті дуалы ауызды, қырағы жанарлы деп ұғатынымыз сондықтан шығар­. Сыр өңіріне есімі жақсы таны­мал кәсіпкер азамат, «Құрмет», «Парасат», өзге де көптеген марапат-мадақтамалардың иегері, Жоғар­ы Кеңестің, облыстық мәслихаттың қатарынан үш дүркін шақырылымының депутаты, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Самұрат Имандосовты сырт көздің «Жағымды жаңалықтың жаршысы» дейтіні көп жайтты ұғындырады.

Бір сәт өткен кезеңге шолу жасайы­қ. Имандосовтың өзі туып-өскен Қазалы ауданының тізгінін ұстаған шағы. Ауданда кең көлемде экологиялық ахуалды жақсартуды үндеген ауқымды облыстық семинар ұйымдастырылғаны тұрғындардың  әлі жадында.

- Мен ол тұста Жанқожа батыр атындағы кеңшарда прораб қызметін атқарушы едім. Жоғарыда аталған облыстық семинарға қатысушылар біздің ауылға келіп, елдің тыныс-тіршілігімен танысатын болды. Сол тұстағы кеңшар директоры Берік Бисенбаевтың басшылығымен қызу дайындыққа кіріс­тік. Шаруашылықтардың қожырап, техника, жанар-жағармай, электр жарығы, ауызсу, жалпы кез келген қажетті дүниелердің көзден ғайып болған кезі. Десе де соған қарамас­тан  қыруар шаруа тындырылды. Ауыл орталығынан «Әулие бағы» аталған саялы бақ, кең көлемді көкөніс сақтау қоймасы, басқа да нысандар пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы уақытша қиындыққа байла­нысты ат шана, түйе шаналар жасалып, халыққа үлгі есебінде ұсынылды. Біз дайындаған түйемен тартып шығыр арқылы құдықтан ауызсу өндіру басты жаңалыққа айналды. Семинар жұмысын сол кездегі аудан әкімі Самұрат Имандосов, облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов өте жоғары бағалады, - деп байырғы құрылысшы Жаңабай Жақсылықов өткен шақты еске түсірді.

Бұл кезінде бір ғана Жанқожа батыр ауылында орын алған жайт. Ал аудан орталығында ұрпаққа тағыл­ымы мол шара жүзеге асқан еді. Алдымен кент пен қала аралығындағы тасжолдың екі қапталы мұқият қоршалды. Әрбір мекеменің қарамағына жер бөлініп беріліп, жағалай тал егілді. Су жеткізіліп, талдардың күтіміне сол мекеме, ұжымдар жауапты ретінде бекі­тілді. Нәтижесі де тез байқалды. Қысқа мерзімде жайқала өскен жасыл желек көз қуантты. Қазіргі сәтте ну орманға айналған шығар деп пайымдауыңыз ықтимал, құр­метті оқырман. Солай болуы әбден мүмкін еді. Алайда Имандосовтың қызметі ауысқан соң сәтімен басталған шаруа аяқсыз қалды. Қоршаулар қайтадан алынып тасталды. Күтімсіз  қалған талдар бірен-сараны  болмаса құрып кетті. Еріксіз басыңды шайқауға тура келеді. Егер Самұрат Жұманұлының сол бастамасы  жалғасын тапқанда, кент  пен қала аралығы әлдеқашан тоғайға айналатыны анық болатын. «Ештен кеш жақсы» демекші соңғы жылдары осы игі қадам қайтадан назарға іліккенін атап кеткен жөн.

Қызмет жолын қарапайым гидро­техниктен бастаған Самұрат ағамыз еңбек аталатын ұлы көштің шаршап-шалдығуды білмейтін жолау­шысына айналды. Осынау еңбек жолында аудан экономикасының алға қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосты. Аудан көле­мін­дегі бүгінгі таңға дейін егіс егіліп, мол өнім алынып, дүйім жұрт нәпақасын айырып отырған инженерлік жүйеге келтірілген егіс танаптарында өзге емес, Имандосовтың тамшылаған маңдай тері жатыр­. Самұрат басшылық жасаған  тұстағы ПМК-86 мекемесінің атағы жер жарғанын кім біл­мейді? Кезінде өзім де сол іргелі меке­меде құрылысшы болып жұмыс істегендіктен, ұжымдағы береке-бірлік, темірдей тәртіп, қарапайым еңбек адамына жасалған қамқорлықтан азды-көпті хабардармын. Аудан орталығындағы мөл­тек ауданға ПМК-86 демеу­шілік жасаған уақытындағы ахуалы өте жоғары деңгейде болатын. Сол тұс­тағы ыстық,  салқын су кіргізі­ліп, жылумен  қам­тыл­ған мекемеге қарасты пәтерлерге екінің бірінің қолы жетпейтін еді. Мәдени шараларда да Имандосовтың  мекемесі­нің өзгелерден  еңсесі  биік  тұратын.

Біздің қолымыздағы «Самұрат Жұманұлы – Елбасы ерекше мән берген, өмір талабына сай өндірісті өркендетуге өрелі ісімен айрықша үлес  қосып жүрген білікті иннова­торлардың бірі. Сыр өңірі оның есімін жер мен судың мәселесіне қанық тәжірибелі маман, парасатты басшы, халықтың қалаулы азаматы, еліміздің азық-түлік қауіпсіз­дігін сақтау мақсатында индус­триялық-инновациялық жоба бо­йынша ұтымды жұмыс ұйымдас­тырушы тұлға деп таниды. Ауданда алғашқы болып нан және макарон, кондитерлік тағам­дар дайындау цехын­ ашқан іскер жан. Ғани Мұратбаев ауылы Имандосовтың инвестор болуымен ең көр­кем елді мекендердің біріне айналды» деген­ анықтама туған өлкесі­нің алдындағы перзенттік парызын еңбекпен  өтеуді  бас­ты­ мұраты санаған арда аза­матқа берілген елі­нің мінездемесі сынды.  «Халық – Құдайдың бір аты». Ал халқы осындай баға берсе,­ ұлына онан асқан бақыт­, марапат болар­  ма?

Самұрат  Имандосов басқаратын «РЗА» АҚ облыс көлеміндегі тұрақты жұмыс ырғағынан  жаңылмаған, қуатты техникалық және өндірістік базасы­, бай материалдық ресурс­тары  бар ірі мекемелердің қатарынан саналады. Қоғамда 1200-ден астам адам еңбек етеді. Оған қоса Қызылорда, Алматы, Астана қаласында тұрақты өкілдері жұмыс жасап­ келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығына сүйеніп іргелі ұжымның (бұған дейін де талай айтыл­ып, жазылып жүргенімен), қоғамға қарасты шаруашылық­тардың тыныс-тіршілігіне  қысқаша тоқталсақ.

«Рза-Асыл түлік» Қазақстанның индустриалдық даму кар­тасының белсенді қатысу­шысы болып табылады. Серікт­ес­тіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқымды мал шаруа­шы­лығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Біршама уақыт бұрын Венгриядан әкелінген 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлары төлі есебінен көбейіп, 1600 басқа жетті. Жылына 5 500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия, Германиядан алынған. «Рза-Сүт» сүт  өнімдерін  өңдеу  және сатумен айналысады. Зауытта пастерлен­дірілген және ультрапастерлен­дірілген  сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт  өнімдері  шығарылады. Сүт өнімдері Сыр өңірімен қатар  Маңғыстау,  Атырау,  Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыс­тарында сатыл­уда. Орайы түскенде «РЗА» АҚ-ның  «1200  бас­қа  арналған  ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін» жүзеге асыру­  жоспарланып,  тәулігіне  30 тоннаға дейін сүт өңдеу көз­делуде. «РЗА» мал фермасын сырт­қы  инженерлік  инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге  бюджеттен қаралды» деген­  жағымды  жаңалықты  жет­кізе  кетсек.

Дәнді  және  малазықтық дақылдарын егу мен өткізу жұмыс­та­рымен шұғылданатын «Рза-агро» 35 мың га жуық жер учаскесін иемденеді. Серіктестік жылына 1 млрд теңге көлемінде өнім өндіреді. Оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күріш Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Түркі­менстанға экспортқа жіберіледі. Ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде қуаттылығы жоғары, Германияда шығарылатын «Джон Дир» фирмасының техникаларын пайдаланады. «Рза-Транс» болса, акционерлік қоғамның барлық бөлім­шелерін қажетті техникалармен қамтамасыз етеді. «Рза-Нан»-ның өндірістік цехы еуропалық стандартқа сай құрылғылармен жаб­дықталған. Нан өнімдерін өндіру қуаттылығы 3200 келіден астам. Нан және кондитерлік өнімдердің 40-қа жуық түрлері дайындалады. Ал «РЗА-Мұнай-Газ-Құрылыс»-тың Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін (бензин, дизельдік отын, нигрол, дизельдік май, т.б. сақтайтын) мұнай резервуарлары бар.

«РЗА» АҚ осы аралықта Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» жүлдесіне қол жет­кізіп, «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында үздік деп танылды. ТМД Экономикалық кеңесінің шешімі бойынша «РЗА» АҚ ТМД сыйлығының дипломанты атанды. Баршасы Самұрат Имандосовтың ұйымдастырушылық қабілеті, ұжым мүшелерінің ынтымақ-бірлігінің арқасында келген жетістік екені даусыз. «Елі сыйлаған есікте отырмайды» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


Дәрігерлер балалар көзімен... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.07.2017 10:50

Дәрігерлер қауымына үрке қарайтындардың қарасын балалар толтырады.­ Қолындағы  біздей  инесі  мен  сынаптай  ащы  дәрісін көргенде, етегіңе жармас­қан­ жүгірмегіңді таппай қаласың. Екі көзі шарасынан шығып, зәре-құты қалмай­  қорыққанда, еріксіз  езуіңе күлкі үйіріледі. Осы ретте, аурухана тұр­мақ, ақ  халаттыдан  іргесін  аулақ  салуға  тырысатын  балғындармен  тіл­дескен  едік.  Сонымен, дәрігер  сәбилер көзімен...

Ботагөз  Салматова, 11 жаста:

– Ауырмауға тырысамын. Бар ойым – керексіз дәрілер мен құрғыр инені жолатпау. Дәрігерлер адамды қорқытып, ащы дәрісін бергенде жылағанымды ұмытып кетемін.

 

Алина Нұрланқызы, 12 жаста:

– Дәрігерлер құбыжық сияқты. Сәл ауыра қалсаң, ертегідегі мыстан­ кемпірдей жетіп келеді. Қолында тек таяғы емес, инесі болады. Мені апам ұйықтамай жатқанымда «дәрігер шақырамын, саған укол салады­» деп қорқытатын. Ал дәрі­гер апайларды көргенде өзіміз де сескеніп қаламыз.

 

Байназар Теңелбаев, 9 жаста:

– Атай көрмеңіз, мен ауырсам да  ауруханаға  бармаймын. Бірінші­ден, дәрігер апайлар ұрысқақ, екіншіден, қолдарында ұзын инесі бар. Сәл жыбырласаң, жетіп келіп дәрі бере салады. Менің әпкем – дәрігер. Кейде бұзықтық жасасам, сөмке­сінен құралдарын шығара бастайды. Ондайда тып-тыныш ұйықтап қалуға  тырысамын.

 

Іңкәр  Тастанбекова, 6 жаста:

– Жо-жоқ, дәрігерлер қатыгез емес. Олар тек балалар бұзықтық жасағанда, мама-папасын тыңда­мағанда қорқытуға келеді. Түрлері қорқынышты да емес. Тек бізге солай­ көрінеді. Балалар олардан неге қорқатынын білмеймін, өз басы­м ауырмауға тырысамын, себеб­і ауырсам, ауруханаға бара­тынымды  білемін.

 


Шекіскен шегірткелер PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.07.2017 10:49

Жаз айы. Көктемде еккен егіндерін күтіп-баптап жүрген диқаншылар түскі демалыстарына кетті. Мұны көрген шегірткелер шырылдап, ащы дыбыстар­ шығарып, бір-бірін шақыра бастады. Өсіп қалған бидай алқабын көріп қуанып, кезек-кезек секіріп, билеп­ мәз болды. Аналық шегіртке бидай алқабын көріп, бір  жұтынып:

– Қане, не тұрыс? Топ-топ болып бөлініп, бидай алқабына бас салайық! - деді.

– Алақай, бүгін қарнымыз бір тоятын болды! - деп бала шегірткелер де шуласа кетті.

Бұл шу ересек шегірткелерге ұнамады.

– Бидайды құртсаңдар, адамдарды құртасыңдар. Адамдар құрыса, біз қалай күн көреміз? Бидайға тиіспең­дер. Бәрін жапырып жейміз деген ойларыңнан қайтыңдар! - деп шуылдаған шегірткелерді тыйып­ тастады.

Шегірткенің сөзін естіген бұзаубас жер астынан атып  шығып:

– Дұрыс айтасың, бидайды шашпаңдар. Олар әлі пісіп те үлгерген жоқ, - деді.

Әудем жерде ұшып бара жатқан инелік жиналып қалған жәндіктерді көріп, не болғанын білмекке ұмтылды. Істің мән-жайына қаныққаннан кейін ол:

– Ау, бұзаубас, кімге ақыл айтып­ тұрсың? Осы бидайлардың тамырын кертіп жеп, әбден семіргеніңді мо­йын­дамайсың-ау, бә­лем, - деп бұзаубасқа тиісе сөйледі.

Бұл  шу  алыста жүр­ген қара шегірткелер­дің құ­лағына жетіп, лезде топ-топ боп жиын болып жатқан жерге кел­ді. Жасыл шегірткелердің бидай алқабын иемденбек ниетін байқаған олар бірден таласқ­а көшті. Ірі, қуатты жасыл шегірткелер сүйегі майда қара шегіртк­елерді мүйізімен түйреп, оңды-солды жайра­та  бастады.

Инелік дабыл қағып:

– Жасыл шегірткелер шу шығарды. Егінге қауіп төнді, - деп адамдар мекендеріне қарай ұша жөнелді.

Бірақ адамдар инеліктердің бұл тірлігін түсіне қоймады.

Ашуға булыққан жасыл шегірткелер бидайға бас салды. Жолындағыларға қырғидай тиіп, алқапты әп-сәтте отап тастады. Тұқым жерге түскеннен қорып, пісуін күткен құстар мұны көріп жәндік біткенді қырып салды. Құстардан қашып құтылғаны бұта-бұтаның арасын паналап, шөптердің астына тығылды.

Жасыл шегірткелердің артынан айқайлаған қара шегірткелер:

– Бізді тыңдағандарыңда бұлай қырылып қалмас едіңдер! - деді.

Алтынай  БЕРІК,

Қызылорда қаласы

 


АҚЫННЫҢ ЕНШІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.07.2017 10:40

1961 жылдың тамыз-қыркүйек – екі айы. Тағдырдан шығар, біздер, маңдайы­на тап келген екінші дүние­жүзілік соғыстың балалары, тамыз айын­да абитуриент, қыркүйек айында студент атандық. Қазақстан мен Өзбекстан тарапынан оқу іздеп келген қазақтың өрімдей ұл-қыздары. Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әде­биеті бөліміне ұзын саны қырық шақты­мыз қабылданған екенбіз.

Конкурс оңай болған жоқ. Әрбір орынға 5 абитуриенттен келген. Оқуға түскендердің қалың шоғырында әрқилы себептермен кешігіп келгендер де, мектепті бітіру бойына келгендер де болды. Біз екі топқа­ бөлініп оқыдық. Ол кезде бір-бірімізден ататегімізді сұрап білу деген үрдіс жоқ. Білетініміз – қай тараптан келгендігіміз. Бүгінгі күні біз еске алып отырған ақын досымыз Темірше Сарыбаев Жалағаштан екен. Ол екеуміз сол кешігіп келгендер тобынан едік. Екеу­міз  екі топта оқыдық.

Жер-дүниені қарап қылған ұлы соғыст­ың аяқталғанына он алтыншы жыл. Еліміз  бауырын жер жарықтықтан енді-енді тіктей бастаған кезең. Айтар­ы жоқ, соғыс жылдарында халқымызбен бірге қара жердің қайғысы да осал болмады ғой. Жалағаш жерінің жалаң аяқ өскен бір «тентегі» Теміршенің біз екі сөзіміздің бірінде «бал дәурен» дейтін балалық шағы қандай жағдайда өткенін өлеңімен өзі айтқан.

Ауылға келді де алғаш велосипедтер,

Жас көңіл жаңалықты көрсе – көктер.

Алам деп мен де бірін үйге асықтым,

Үйімде не бар, не жоқ, өлшемеп те ем.

 

Беліңді бүкті ме екен «зор» талабым,

Әжетай, алып бер, - деп қолқаладым.

Білмеппін, шайқалыпты-ау сонда сенің,

Онсыз да жесір кешкен орта бағың.

 

Ауыр боп қорғасыннан алған демің,

«Олардай әкең қайда, қарғам» дедің.

Тосыннан жел соққандай лып-лып етті,

Лапылдап алау атып жанған көңілім.

 

Ізінен балалардың қарадым да,

Зер салдым сенің зілдей қабағыңа,

Ештеңе байқамадым. Айта алмадың.

Келген жас кептелгендей тамағыңа.

 

Жұбаныш көрдің бе екен көнгенімді,

«Құдай-ау, мұныңа да шүкір» дедің.

Теміршенің балалық «бал дәуре­нінің» қандай жағдайда болғаны осы 5 шумаққа сы­йып кеткен. Жалғыз Темірше дей­місіз, соғыс балаларының сол замандағы жағдайы бір-бірі­мен қарайлас  болғанын біз­ден бұрын тарихтың өзі жазып, «мөрін» басқан.

Иә, бәріміздің де, Теміршенің де өмірбаяны осылай басталған. Содан да болған шығар, біздің институтқа кешігіп түскеніміз. Бірақ тағдырымыз бізге оқудың толық курсын үзбей оқып бітіруді жазбапты. Екі курсын бітіріп, үшінші курсты бастай бергені­мізде, кешігіп түскендерді әскерге алды да кетті. (Таңғаласың, құдды біздің оқуға түс­кенімізді күткендей. Бұған дейін неғып шақырмаған?!)

Ол кезде Теміршенің анасынан  ақын болып туғанын біз білгеніміз жоқ. Мүмкін, іш­тей толғанып жүрген де болар. Ол оның өз құпиясы ғой. Ал досымыздың жалпақ елге ақын болып танылуына дейін арада жылдар белесі жылжып өткенін жастықтың буымен жүріп білмей де қалыппыз. Рас, кейде аудандық, облыстық, кейде республикалық басы­лымдарда Теміршенің жарым-жартылай өлеңдері көрініп қалатын. Мамандығы мұғалім болғанымен, Темірше ол тарапқа көп айналған жоқ. Журналистердің жолына түсті. Өмір деректерінде жа­зылғанындай, әуелгі аяқ алысын Жалағаштың «Жаңа­дария» газетінен бастап, ау­дандық  «Сырдария» газетінде жалғастырды. Одан кетіп 1982 жылы қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында редактор  болды.  Республикалық  «Заман-Қазақстан» апта­лығы мен «Балдырған» журна­лында да, жазушылар одағында да жұмыс істеді.

Жалпы алғанда, Теміршенің өмір жорығы да көп-көп замандастарының өмірбаянындай асып-тасқан бай емес. Қарапайым ғана тағдыр. Оның өмір ғұмырын байытқан ақындық мұраты. Бұл ыңғайда Сарыбаевтың төрт құбыласы түгел болды деуге болады. Сыр бойы сүлейлерінің дәстүрінде ізденіп қанаттанған ол аз жазса да, саз жазды. Тек көз  алдайтын, бірақ көкейге қон­байтын­ арсы-гүрсі лепті немесе жылтыратып жайдақ өлең жазатындардан біздің Темкең  дара шықты.

Мен Теміршенің «Дария – дәурен» кітабы мен «Таңдамалы өлеңдер жинағы­ның»  жарық  көргенін  білемін. Ал  «Мамырстан»  деген  кітабы  қолыма  түскен  жоқ. Бәріміздің  өкініші­мізге қарай,  бүгінгі  күні  Темірше  арамызда жоқ. Егер көзі тірі болғанда, оны 75 жасқа толуымен қолын қысып, айқара­ құшақтап құттықтар едік. Өзімен әңгімелесіп шығармашылығы және  әдебиетіміздің  жаңалықтары мен толғақты мәселелері жайында сыр шертіскен болар ма едік. Алайда ондай күн бізге бұйырмады. Сондықтан оның бізге қалдырған өлеңдерімен «сырласудан»  басқа  амалымыз  жоқ.

Өткен күндерден белгілі, жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жыл­да­рында елді есеңгіреткен жағдай қаламгерлерді де айналып өткен жоқ. Мал бақпаған, егін екпеген, кен қазып балық ауламаған өмір сүруге икемі жоқ, тек қаламына ғана жалынған олардың бір­қатары Алматыдан өкше көтеріп ауыл-ауылдарына қарай көш түзеген еді. Солар­дың бірі болып Темірше де ортамызға оралған-ды. Алайда ойлағаны болмады, дегеніне жете алмады. Тағдыры жеткізбеді. Сірә, туған жердің топырағы тартты білем, көп ұзамай тұз-дәмі таусылды. Менің таң қалғаным, Темірше дос жарық дүниенің өзінен теріс айнал­атынын «әулиелікпен» сезгендей өзінің жаназасын күні бұрын өзі шы­ғарып қойыпты. Таңдамалы  өлеңдер жинағы­н парақтап отырсам, құдды реквием сарынында жазылған мына өлеңі тұла бойымды мұздатып жіберді.

Көнбейтін не бар, түскесін басқа, көнем де,

Алдаспан сынды ажал тұр төніп төбемде.

Қайырлы ғұмыр қалған ұрпаққа деймін де,

Орнымды беріп кете барамын өлеңге.

 

Қабырым анау топырағы торқа жастанар,

Дұғасын оқыр тұсымнан өткен басқалар.

Өзім кетермін,

Қанатын қомдап қайта ұшқан,

Өлмейтін мәңгі өлең – өмірім басталар... – депті.

Қайран Темкеңнің бұл реквиемі 5 шумақпен өрілген. Біздер, оның уақытша жер басып жүрген достары, марқұмның құлпытасын жасаттырып, оған осы екі шумақты ойып жаздыртып басына қойдық. Қолымыздан келгені – сол болды. Соңғы сөзіміз амалсыздан “бақұл бол” дедік күрсініп.

Ой, дүние-ай, өмірдің осылай өте беретіні-ай...

Әне-міне дегенше ақын досымыз топырақ жасымен жетпіс беске келіп те қалыпты. Алматы оның екінші тынысын ашқан еді. Арқалы ақындардың алқалы­ ортасына қосылған Темірше­міздің  поэзиялық  шығармаларының  90 пайызы Алматыдай асқаралы қалада өрістеді. Алматы ақынның тынысын ашты. Сол астанада туған жақұт жыр­лары оның екінші ғұмырын бастады. Ақиқатына жүгінсек, ақын досымыздың өлеңдері оның екінші ғұмырына айналды. Теміршенің табиғи болымын және ақындық стихиясын соңғы кітабы «Ан-Арыс» баспасынан 2012 жылы жарық көрген таңдамалы жинағынан табасыз. Осы кітабына топтастырылған өлеңдері мен балладаларында бір мін жоқ. Шеті­нен піскен жемістің гүліндей төгіліп тұр. Жинақтың аңдатпасында дәл ескертілгеніндей, қазақ лирикасының бүгінгі таңдағы шеберлері санатына қосылған Теміршенің тіл көркемдігі мақпалға зер бастырғандай. Оқырман оның осы кітаптағы әрбір туындысынан айшықты­ теңеу, астарлы ой, сырлы наз, азаматтық­ ұстанымын таниды. Лирикалық кейіпкерлерінің өмірдегі өрлігі, махаббаты, қоғамдағы құбылыстар туралы ақынның шабыттан туған өрелі ойлары жүректен шығып жүректерге жеткен шұғылалы жырлар. Мына дүние жарыққа осындай жыр кенін қалдырған ақын досқа бұдан да басқа айтылар лебіздер бізден кейін де  аз  болмас.

Жинаққа іріктеліп, екшелген ақын туындылары төрт бө­лімге топтасты­рылған. Бірінші бөлі­мі «Дария – дәурен», екінші бөлімі «Мазалай бер, махаб­бат», үшінші бөлімі – балладалары, төртінші бөлімі – портреттері. Ақын осылай көсілген. «Армысың, ақ таң, жарық күн!» деп бастайды жыр басын.­

Мұзарт таулар беліне орап сағымын, (байқадыңыздар ма, қандай сурет!)

Жүз жыл өтер,

Мың жыл өтер,

Тағы мың...

Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,

Тоқтатуы мүмкін емес, ағынын, – деп айтып-айтып келіп, Темкең:

Жаңа өмірді жапырақ болып бас­тайсың... – деген ой түйеді. Айтқаны – астарлы.

Одан әрі поэзия мінберіне көтеріліп алып, жылдар бойы алқынып жатқан Арал теңізіне көз тігеді.

Қойсам ба деп жүрген едім өлеңді,

Қаламымды қайта ұстадым мен енді.

Тау шөкті деп, құм көшті деп естуші ек,

Естімеппін теңіз өлді, - дегенді...

... Ей, адамдар!

Ақыл-ойдың иесі,

Арал кешкен күй, осы!

Көк теңізді қолдан алсақ құрғатып,

Бізді тегін жібермес-ау,

Киесі... – деп, Ақын әмме әлемге бар даусымен жар салыпты.

Қайран Ақыным-ай, осы өлең кеудеңнен ақтарылып туғанда, ғазиз жүрегің, жан дүниең қандай күй кешті екен?! Ол заман қасіретін апатқа шал­ды­ққан Арал теңізінен бастап, тас төбемізден түскен бүгінгі қоғамның қиғаш түрленуін поэ­зия пәрменімен ызаланып  айыптайды.

Қымбаттайды, әлі де қымбаттайды,

Арзандатам демейді, ым қақпайды.

Татымайтын тиынға таңып тастап,

Түйедей ғып пұлдайды  тырнақтайды.­

Қымбаттайды, әлі де қымбаттайды...

Осыдан кейін, біздің қандай қоғамға тап болғанымызды ойсыраған көңі­лі­ңізбен бағамдай беріңіз. Заман қасіреті қоғам қасіретіне айналған, ал қоғам қасіреті жер басып жүрген пенделердің қасіретіне  айналған.

Атқан, асқан, тірілей кескілеген,

Болып жатыр не сұмдық естімеген.

 

Неге, қалай, неліктен, кім біледі?

Сан мың сауал жанымды тілгіледі, – дейді де:

 

Айла таппай әлемдік бүлікке енді,

Ойларымды шарлаған іріккем-ді... –

деп, Ақын ойға батып торығып отырғанынд­а, мысығы торғай тістеп үйге кіріп келеді. Тағдыры бір жіпке ілінген, бір жүйеге тәуелді болған бүкіләлемдік қауымдастықтың қандай қияметке тап болғанын торғай тістеп келген мысығы ақын жанын шошын­дырады. Бұл деге­ніңіз ақынның өлең өрудегі сөз жоқ шеберлігі. Қандай кестел­і сурет, қандай ой толқыны?! Астар­лы ой. Одан әрі:

Кім кінәлі, Сен бе, Ол ма, басқа ма?!

Тіл бітетін туды уақыт тасқа да!

Жуас елдің шүлен ету байлығын,

Масқара ғой, масқара ғой, масқара!

 

Алтынын да, мұнайын да, кенін де,

Ала берген, бере берген тегінге.

Қызыл көрген қырандайын шүйліккен,

Қазақ деген қардай аппақ көңілге... - деп қайран ақынның шыбын жаны шырқырай­ды.

Ол ол ма, заман зардабынан қаны қайнап, жүрегі жылаған ақын бәрін адақтап болып (сатып болып), ендігі құлқынымыз онсыз да қайғысы қалың қара Жерге ауған кезде:

... Өтірікті біледі өрлігім деп,

Алуы аздай алтынды, кенді күреп.

Жерді сатса, жұмыры толатындай,

Көмекейін жайлаған ендігі індет.

 

Сатылмайды қара жер – Атамекен!

Қыдыр қонған қонысты сата ма екен?!

Сатпақ тұрмақ, сөз ету, расында,

Қабырғаға  қанжардай  батады  екен... –

деп шамырқаныпты.

 

***

Көп ақындардай Темірше де мәңгі­лік тақырып махаббат машақатына ойысқ­анда (екінші бөлім), төрт аяғын тең басқан жорғадай жосылған. Махаббатты­ң мазалай беретініне жаны құштар  ақын  махаббат  тақырыбына  75 өлең арнап­, Айды аспанға бір-ақ шығарыпты.­ Махаббатқа «мас болған» лирикалық кейіпкерінің жан күйзе­лісін, өкінішін, қуанышын, тіпті көз жасына дейін, сезім­дерін, көрген түс­терін, өң мен түс­тей рақатқа батқан шақтарын, аралары алыстағандағы сарқылм­айтын сағыну сәттерін, сауықты сайран кештерінің қияға қанат қақ­қан елестерін, көктем­нің өтіп бара жат­қанын, күздің келіп қалғанын, бірін-бірі қимайтын іңкәр­лігін... ақын Темір­ше жырлаудай-ақ жырлаған. Тамаша­ суреттеген. Оқырман бір кезде өзінің де бастан кешкен ұмытылмас қызықты-шыжықты кезеңдерін есіне түсіріп, тұшынып отырып оқиды. Ақын біздер­дің де байқамай өткізіп алған жасты­қ  шағымызды  экранға­  түсіргендей көңілімізді сәулелендіреді. Күр­сінуің де мүмкін, көңілің жадырап қалуы да ғажап емес.

Әркімге мұндай қайда бақ?

Шығардың әбден есімді...

Жатасың жалғыз аймалап,

Жайлаудай жалаң төсімді.

 

Сылдырап бұлақ жырлайды,

Тұрады төніп ақ бас шың.

«Мың бір түннен» де мұндайды,

Мың рет оқып таппассың!

 

Жұмақта болсақ, болармыз,

Әйтеуір жерде емеспіз.

 

Жатамыз Айды жастанып,

Жаралған жандай ғайыптан...

 

Теміршенің махаббат тақырыбына арнап, толғап, сарнап, жырлап, шабыттанып жазған күйлі, сырлы, назды лири­калары осылай шалқығанда, ғарышта Айды жастанып жатқан кейіпкерлерінде не жан қалсын?! Сезім селіне мас болған­ ессіз есірік күйде жалаң төсін аймалап жатқан аруға: «Мен сені қара жерде қалдырмаймын, бір күні аспан жаққа алып қашам» дейді. Бәрекелді-ай десейші! «Жалғыз келе жатып та сезінем­ін, өзің келе жатқандай қапталымда» дейді. Ай, махаббат, махаббат! Сен не айтқызбадың, бұл жалғанда. Ақын 75 өлеңімен лирикалық кейіпкерінің образын сомдап соққан. Ол аяулысын күндізді қойып түсінде де жолықтыр­ады.

Түс көрдім бүгін...

Түсім емес, сенсең өңімдей,

Жұлдыз жүрегім шақ қалды жерге төгілмей.

 

Ап-анық бәрі...

Алладан келген аяндай,

Қысылдым неге құшағымды еркін жая алмай.

Мен тұрдым мұңын ішіне бүккен Қозыдай,

Сен тұрдың сырын ақтара келген Баяндай... - дейді.

Ақынның ендігі бір сүбелі дейтіндей бір шоғыр толғаулары – портреттері. Оның қарымды қаламы бұл ыңғайдан да мұқалып көрмепті. Еркін сілтейді. Мемлекет қайраткері Д.Қонаевқа, халық қаһарманы Бауыр­жан Момышұлына, ұлы ғалым Қ.Сәтбаевқа, ақын-жазушылар С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсі­репов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, І.Есенберлин, Ө.Нұрғалиев, Ғ.Қайырбеков, С.Иманасов, Ж.Ерман, А.Кіребаев, Көшеней, Б.Жүсіпов, Рафаэль Ниязбеков, Сұлтан Қалиев, Айтақын Бұлғақов, жерлес­ ағалары Қ.Бабағұлов, М.Байділдаев, К.Бердәулетовке­ арнаған рәуішті, ойлы, өрнекті өлең-толғамдары келісті кестеленген. Маған да бір балладасын арнапты­. Жай арнау емес, жұмыр қылыштай. Жүрекке шабатын­  туындылар.

Қарап тұр Ұлытаудан Қаныш ғалым,

Көк сүңгі жақпар, жақпар жаратылыс.

Шабыт ап сәуле шашқан қалалардан,

От ойнап омырауынан ағады арман.

Жапырып жау біткенді жалғыз өзі,

Батырдай шың басында дара қалған.

Міне, атақ-абыройы бүкіл әлемді шарлап барып, сонау-сонау қияндағы тылсым ғарыштан жеке бір ғалам­ға есімі берілген академик ағамыздың портреті. Атақты академик құдды табиғатқа бауыр басып, жақпар­ тасқа айналып кеткендей.

Теміршенің осындай жыр портреттері мүшәйраларға қатысудан туған. Екі рет бірінші жүлдеге де ие болған. Сөйткен ақынымыздың көңілі олқы тартып, өзіне-өзі риза болмаған кездері де болған екен.

Кешіктім...

Уақыттан көп кешіктім,

Достан да,

Дұшпаннан да, өкпе есіттім.

 

Шабытсыз қалам ұстау – шарасыздық,

Туады өлең өзі, – деп бөсіппін... – деп бір күрсінсе:

Жаза алмадым кезімде жалын атқан,

Кежірліктің кесірі – кәрі қақпан.

Көңілімді қайтейін астан-кестен,

Жүрегімді қайтейін жанып жатқан... – деп тағы күрсінеді. Содан соң өзіне-өзі келген ақын:

Өлең күтті...

Күтті өлең, бар білерім,

Ауыр, ауыр күрсініп алды демін.

Аласұрған сәтімде айла таппай,

Елжіреді ет-бауыр, жан жүрегім... – деп, өзі де, өлеңі де мұңаяды.

Айтқаны – рас. Өлең Теміршені көп күтті. Ал қаламын қалыңға салуға оның уақыты аз болған жоқ-ты, мол болды. Дегенде, уақытты кім қалай бағалайды? Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Білеміз, жалғыз Темірше емес, қаламгерлердің көпшілігі осы уақыт дегеннен ұтылып жүреді. Жарық дүниеге бар айтарын түгел айта алмай арманда кетіп жатады.

Біздің ақын досымыз, марқұм Темірше де көкірегінде қордаланған өлең өрімдерін, мүмкін түгел сар­қып тауыса алмаған шығар. Талант табиғаты сондай ғой. Қаламгерлердің бергенінен берері белгісіз болып қала береді кейінгілерге. Темірше, сен өлеңді көп күттірдім деп өкінгеніңмен еншіңнен ұтылған жоқсың. «Екі өмір сүру – ақынның ғана еншісі» деп өзің «тасқа қашап» жазып кеткенсің.

Абай – жалғыз,

Қазақта бір-ақ Қасым!

Бұлт оранған екі шың мұзарт басын.

Қос өркешім тұрғанда көк тіреген,

Өлең туын ақиқат құлатпасым, – деп өзіңе сенгеннен айтқансың.

Иә, Темке, сен тірлігіңде өлең туын құлатқан жоқсың. Өмірден артылдырған еншің – өлмейтін өлеңдерің. Тірлігіңде талантты ақын атандың. Дүниеден абыройлы  өттің.  Біздің  ендігі  тілегіміз:  саған  Алла  о  дүниенің  де  абыройын  бергей.

***

Қаламымды қайырмалап, барынша ықшамдап жазға­н осы мақаламның соңында айтарым, қоғам өзгергелі қаламгерлер қауымы біртүрлі түсініксіз жағдайға тап болды. Кейбір атқа мініп алғандар жергі­лікті ақын-жазушыларды білсе де білмегенсіп елемей­тін синдром пайда болды. Бізге көзі қылиланып дұрыс түспейді. Қармақшы елі жайсаң жазушы Нәсіредин Серәлиевтің 70 жылдығын да, жетпіс бесін де, Қазалы­ елі Рүстем Жанаевтың 70 жылдығын атаусыз өткізіп жіберді. Биыл қазалылық жазушы, ақын, сыншы, арты­на оншақты том қазына қалдырған Бекділдә Алдамжаров топырақ жасымен жетпіске толды, ал Қазалы елі тым-тырыс. Ғұмырының елу жылын осы ауданның рухани  өрісіне  арнаған  ақын  Сейіл Боранбаевтың 80 және 85 жылдығын да Қазалы елі еске алмады. Осындай келеңсіз жағдай басқаларға көлеңкесін түсіріп тұрғанда, мына Жалағаш ауданының әкімі Тұр­сынұлы Талғат ініміз «өзі жоқтың көзі жоқ» демей, халқының басын қосып, ақын Т.Сарыбаевтың жетпіс бесін мерекелетті. Мұндай ескерімді басшыға мар­құм­ның курстастары атынан шын жүрегімізден алғыс айтамыз! Мереке дерлік осы игі шараны өткізуге жігерін жанып жетекші болған әкімнің орынбасары Жағыпар інімізге де, оған қолғабыс берген жігіттер мен қыз­да­рымызға да көңіліміздің ізгі ниетін білдіреміз.

Қадірменді Жалағаш елі, баршаңыз да сау-саламат­  болыңыздар!

 

Айжарық   СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қызылорда   қаласы.

 


ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
13.07.2017 10:11

Думанды  кездейсоқ жолықтырдым.  Бізге  қос  қолын ұсынып, ізетпен  сәлемдесті. Қапсыра­ құшақтап, маңдайынан өптім. Думан­ның  жанарына  жас үйі­рілді. Менің де көңілім босап, іштей «асқар таудай әкеңді, қайран Жетіскен ағамды сағынып жүрсің-ау»  деп  түйдім.

 

Көз алдыма Мәкенәлиевтың қорғасындай шымыр тұлғасы елесте­генде ауыр күрсіндім. Поэ­зия  әлемінде  өзіндік қолтаңбасын қалдырған, көпшілік қауым әрбір туындысын іздеп жүріп оқитын, бір басына жеткілікті атақ-абыройы  болғанымен, еш­қашан  асып-тасуды білмеген сол асыл азаматпен тіршілігінде жақын­  араласқан сәттерімді са­ғынышпен  есіме түсірдім.

Жетіскен Мәкенәлиевпен таныс­тығым сонау сексенінші жылдардың орта шенінде бас­талды. Мен ол кезде ата-бабамның құтты қонысы Арықбалық ауылдық аймағындағы, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы (қазіргі Жанқо­жа батыр ауылы) кеңшардың  шаруашылық  ауласында  қоймашы  болып  жұмыс атқарушы едім. Ауылдық мәдениет үйінің сол тұстағы директоры Жанділда Баймұратов ағамыз өнерге шынайы берілген, ақын әрі ұйымдастырушылық қабілеті мол адам болатын. Өзіңіз саралап көріңізші. Төбелес-жанжалдың бел ортасында жүретін өңшең сотқа­рдың басын құрап, «сахна көрсетіп, әртіс қылу» екінің бірінің қолынан келмесі анық. Оны айтасыз, өзгенің ерегісін ақы төлеп сұрап алатын тентектермен жұмыс жасауға кез келгеннің тәуеке­лі де жетпес еді. Баймұратов  осындай қадамға барды. Кейін сол тентектерден құралған шағын драма үйірмесінің мүшелерімен «халық театры» деген атақты (Жанқо­жа батыр ауылындағы мәдениет үйінің жанындағы халық театры – қазіргі таңда аудан елді мекендерінің арасындағы мәдениет ошақтарының ішінде осында­й жоғары  атағы  бар  бірден-бір ұжым. Алғаш рет Жанділда Бай­мұратовтың басшы­лығымен (ішінде мақала авторы да бар) бір топ  ауыл  жастары  бақтарын сынаған­ ауқымы зор сол байқауда Асқар­ Тоқпанов (төраға), Шара Жиен­құлова (мүшесі) сынды елімізге таны­мал өнер саңлақтарынан  құралған  қазылар алқасы ауыл  өнерпаздарының  шебер­лігін жоғары­  бағалады. Байқау барыс­ында қазылардың шешімімен халық  театр­ы  атағы  берілді) жеңіп алды. Сәл  шегініс жаса­йықшы.

Бірде  Жанділда  «Барымташы» атты спектакльді дайындамақшы болып, клубқа шақырды. Маған орыс  халқының даңқты перзенттерінің бірі Федор Достоевский­дің бейнесін  сомдау тапсырылды. Атағы республикаға мәлім, мал шаруашылығы бағытындағы ірі кеңшардың қат-қабат тіршілігі таусы­лған ба? Кешке дейін жұ­мыста боламыз. Түнемелік қойылымға әзірлік толассыз жүргі­зі­леді. Бір қызығы, ешкімнің сөзін басынан асырмайтын, жағаласа кетуге сылтау іздеп тұратын сот­қарлар репетиция кезінде Жан­ділдаға ешқашан қарсы келіп көрген емес. Бәлкім, өнер құдіреті дегеніміз осы шығар. Сондай күн­дердің бірінде Мака үйленетін болды. Макаң кім еді дейсіз бе? Сәл сабыр сақтаңыз. Мұқият ұғындырып  берейін. Ол менің бала­лықтың бал кезеңін бірге өткізген, бозбалалық шақтағы, студенттік күндердегі қызықты оқиғаларға куәгер (қандай қызықтар екеніне терең бойламай-ақ қояйын) жақсы досым. Мейрамбек деген тым тәуір есімі болға­ны­мен, ауылдың үлкен-кішісі Мака деп таниды.

Мәкеңнің өзі «Жалған дүниеде­ Мака болайын. Мәңгілік меке­німе шын атыммен кеткенім дұрыс.  Сонда  жасаған  бүкіл күнәм (соған қарағанда біз де, келін­шегі ақ Зағыш та білмейтін күнәлары бар болуы) Макада қалып,  о дүниеге тап-таза қалпымда  барамын» дейді. Бұған біз «Пысығын қарашы. Өзге емес жауап­ алатындарды алдамақшы. Бірақ қулығың іске асса» деп мәз боламыз. Құрдастардың қалжыңына не  жетсін, шіркін.

Сонымен Сарбұлақтың кең жазира даласын мекендеген шөмекей ағайындарға құдалыққа ат­тандық. Макаға күйеу жолдас ретін­де мен еріп бардым. Сапар алдында кеңшар директоры Шынтас­  Жалғасбаев ағамыздан бір күнге жұмыс­тан сұранғанмын. Айтуға оңай. Әйтпесе қарағайдың бұтағындай тіп-тіке денелі, сұсты жүз­ді  көкемізден жұмыстан сұранбақ түгілі бетіне қарауға жасқанушы едік. Құдды  айыпты  жандай басым  салбырап, айтар сөзімді зорға­  жеткіздім. Босатты  ма дей­сіз бе?  Өз құлағыма сенбедім. Шәкең тілге келместен рұқсатын беріп, жас жұбайларға арналған ақ тіле­гін жеткізуімді өтінді. Мұндай қуанбаспын. Құдалық жоғары деңгей­де өтті. Жол-жоралғыны жасап, көлігімізді қыз Жібектің көшін­дей сәндеп дегендей ауылға бет түзегенбіз. Қазалы қаласына жеткенде күтпеген оқиғаға кездестік. Көшенің  бойында Жан­ділда күтіп  тұр екен. Спектакльді қалаға ақылы түрде қоюға басшылықпен келіскенге ұқсайды. Тіпті билеттерді де сатып үлгеріпті. Басты­ рөлде ойнайтын мен мін­детті түрде қатысуға тиістімін. Көштен қалуға тура келді. Той-думан­ды  қимағаныммен  ағамның пейілінен аттап кете алмадым. Досым мені қайтып көрместей ашуланып, боқтап-балағаттап жатыр­. Алайда басқа жол жоқ еді. Спектакльді көрермендер өте жақсы қабылдады. Ойын соңында сымбатты жүзді, бұйра шашты, отты жанарлы жігіт ортаға көте­ріліп, баршамыздың қолымыздан алып, ризашылығын білдірді. Жанділдаға енді осы қойылымды театрлар байқауына апаруға да­йындық  жасауға пәрмен берді. Бұл кісі  аудандық  мәдениет  бөлімінің жуырд­а  тағайындалған  басшысы, ақын Жетіскен Мәкенәлиев екен. Түн ортасы жақын­даған  шақ. Ауылда досымның тойы өтіп жатқаны  белгілі. Такси атауы жұрт­шылыққа әлі таныс емес кез. Не істеу керек? Менің мазасызданып тұрғанымды бай­қаған Жетіскен себебін сұрады. Мән-жайды естіген соң «Өнерді сыйлап,  арнайы  шыққан сапардан  бас тартыпсың. Рақмет, інім» деп пәленбай шақырымдағы ауылыма апарып салуды қызмет­тік көлігінің жүргізушісіне тапсырды. Осылайша тойға да үлгер­дім. Неткен кішіпейілдік десеңші. Әлдекімдер тәрізді лауазымым жоғары деп шіренбей, тұң­ғыш рет жүзін көріп тұрған шалғай­ ауылдың түбіт мұртты баласына осыншалықты  ілтипат жасаға­нына­  қалайша қайран қалмассың?! Жас буынға қамқорлық, өнерге деген құрмет дегеніңіз осындай-ақ  болар.­

Сол күннен кейін Жәкеңмен жақын араласа бастадық. Кейін газетке  жұмысқа тұрған кезімде де ақыл-кеңесін аямады. Бірде газеттің бір бетін алып менің «Жанқожа батыр» атты көлемді дастаным жа­рық көрді. Көп ұзамай Жетіскен ағаны көшеде кезіктірдім. Амандық-саулықтан соң Жәкең дастанымның  мазмұны, көркемдік сапасы жақсы­ екенін айтып, ақын осылай жазуға тиісті деген­ бағасын берді. Сол сәтте өзімді бақыттың нұрына бөленгендей сезіндім. Мәкенәлиев тәрізді сырбаз жаннан «ақын» деген сөзді естігеніме жүрегім жарылардай масаттандым. Өзін басқалардан ірі санайтын қалам ұстаған кейбір көкелеріміз сынды (өкінішке орай, ондай әріптестеріміз де бар) пендешіліктен мүлде ада мәрттігіне тәнтілік  таныттым.

Жәкең менің Қа­йыр­келді, Есет атты ұл­дарымның өнер жолындағы ұстазы болды. Екеуі де аудандық га­зетте қарамағында жұ­мыс істеді. Перзенттерімнің кішкентай да болсын жетістігі кез­дессе, аға­мыз алдымен шаттанушы еді. Қоңы­рау шалып, қуанышыммен бөлісетін. Иә, Жетіскен Мәкенәлиев жастар­дың шынайы жанашыр­ы еді.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары