Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
Шілде 2017

БАЛЫҚШЫЛАР ТОЙЫ айдынды Аралдың айбынын асырды PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.07.2017 09:56

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» демекші Арал өңірінің мерейін тасытқан  балықшылар тойы  дүркіреп  өтті. Халықаралық  III балықшылар  слетіне қатысушылар алдымен «Қамыстыбас» балық питомнигінде болып, тыныс-тіршілігімен танысты. Табиғаты көркем көлдің есімін иеленген, жарты ғасыр уақыттан бері жұмыс істейтін, мемлекеттік тапсырыспен Арал өңірінің, Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерді балықтандыру мәселесімен айналысып келе жатқан іргелі ұжымның қарқыны қарымды. Қазіргі таңда «Қамыстыбас балық питомнигінде» тоқсанға жуық адам еңбек етеді.

Балықшылар мерекесінде балық аулаудан сынға түспесе, қандай  той  болмақшы?  Бұл  жолы  да солай өрбіді. Слет аясында әуесқой балықшылар арасында ұйымдастырылған қармақпен балық  аулау жарысы көпшіліктің көңілінен  табылды. Ал  кез келген­ бәсекеде жеңімпаздар да  бола­тыны  анық. Осынау денсаулыққа аса пайдалы төзімділік пен білік­тілікті, ептілікті талап ететін жарыс­та Абзал Рахманов «Ең салмақт­ы балық  аулаған», Кан Витал­ий «Көп балық аулаған», Асылбек Ақназаров «Ең үлкен балық аулаған» және Қанат Еңсебае­в «Ең дәмді әзірленген сорпа» номина­ци­ясын иеленді. Жеңімпаздарға аудан әкімінің арнайы дипломы, естелік сыйлықтар  табыстал­ды.

Қамыстыбас көлінің жағасында өткен ІІІ халықаралық балықшылар слетінің алғашқы күні мереке­лік концертке ұласты. Өзінің құттықтау сөзінде Арал ауданының әкімі Мұхтар Ораз­баев Елбасының тапсырмасына сәйкес «Сырдария өзенінің ар­насын  реттеу  және  Арал  теңізі­нің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС­) жобасының бірінші кезеңін­ің жүзеге асырылуы нәтижесінде аудандағы балық шаруашылығының даму қарқыны өскендігін, Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы сала­сының деңгейі жылдан-жыл­ға көтеріліп келе жатқандығын қуанышпен жеткізді. Концерттік бағдарлама барысында аудан өнерпаздарымен қатар танымал әнші Өмірқұл Айниязов әсем әнімен баршаның ықыласына бөленді.

Арал өңірі балықшыларының халықаралық ІІІ слетіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитетінің төрағасы Марлен Айнабеков, Аралды құтқару  жөніндегі халық­аралық  қордың, «Казрыбхоз» қоғамдық бірлестігінің өкіл­дері, қоғам қайраткерлері мен аймақ­тың балық шаруашылығы саласын­ың ардагерлері, Дания мен Ресейд­ен, еліміздің Ақтөбе, Қарағанд­ы, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыс­тарынан арнайы өкілдер қатысуы шараның маңызын аша түсіп, айдын­ды Аралдың айбынын асырды.­

Міне, жүрек толқытқан сәт. Шара  шымылдығы театрлан­ды­рылған  көрініспен түрілді. Келесі­ кезекте  аймақ  басшысы Қырымбек Елеуұлы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минист­рлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комите­тінің төрағасы Марлен Айнаб­еков, Байқоңыр қаласы Әкімшілігі­нің басшысы Кон­стантин Бусыгин, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген  Саржанов, өзге де  мәртебелі  меймандар, Даниядағы «Тірі теңіз» бірлестігінің зерттеуші ихтиологы Ян Крис­тиан Грюйер Ларсен көпшілікке өздерінің жылы лебіз­дерін  білдірді.

- Өздеріңізге белгілі, Елбасының бастамасымен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөнінде Қазақстан ауқымды шаралар нәтижесінде, Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы сала­сы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен Еуразиялық  экономикалық  одақтың  құрылуы біз үшін көрші мемле­кеттермен байланыстар жасау­ға және инвестициялық жобалар­ды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беруде. Соның айқын дәлелі – бүгінгі слетке  қатысып отырған ресейлік кәсіпкерле­рі­мізбен бірігіп салған Ресейдің Ульяно­вск  облысындағы  «Димит­ров­­град балық өлкесі» балық өңдеу зауыт­ы. Зауытқа шикізат негізін­ен Арал теңізінен жет­кізіледі. Балықтың  сапасы  жақсы, нарық­тағы сұранысы да жоғары.­ Кезінде,  судың тұз­дануы­нан  Арал  теңі­зінде  жал­ғыз қалған камбала балығ­ын аулауд­ы даниялық Курт Крис­тенсен бастаған ба­лықшылар  үйретіп, «Каттегаттан - Аралға дейін» жобасын жүзеге­  асырды. Бірлесіп  жасал­ған  жұмыс­тың нәтижесінде балық­тың 22 түрі қайта пайда болып, балық өндіру көлемі бір­не­ше есе өсті,- деп атап өтті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Мұнан соң балық шаруашылығы саласының дамуына қосқан үлестері  үшін еңбек озаттары мен ардагерлерге  түрлі марапаттар табысталды. Өңірдің балық шаруа­шылығының тарихына қатысты жәдігерлер мен балық өнімдерінің көрмесі ұйымдас­тырылды. Шара Аралдың атағын шығарған балықтың қаяз атты түрін сырғалап, суға жіберу рәсімімен  түйінделді.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Арал  ауданы

 


ТОҚСАН ТЕҢГЕНІҢ «ТОЛҒАҒЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.07.2017 09:54

Жолақы мәселесі тағы талқыланды. Өткен жылдың дәл осы маусымында ғана қалаішілік қоғамдық көліктегі жол жүру құны 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілген болатын. Сол кезде тұрғындарға осы тарифтің 3 жылға дейін тұрақты сақталатынын айтқан еді сала жауаптылары. Алайда он екі айдың ішінде 3 жылдық уақыт өтіп кетті ме, әйтеуір араға жыл салып тариф құны тағы да 20 теңгеге өсіп, 90 теңгеге жетпекші. Бұл қымбатшылыққа халықтың наразылығын айта келе бір топ БАҚ өкілдері облыс әкіміне Ашық хат та жазды. Түйткілді мәселе тұрғысында жолаушыларды және багажды тұрақты автомобильмен тасымалдау тарифін белгілеуге байланысты қала әкімі Н.Нәлібаев жиын өткізді.

Қала ішінде барлығы 870 қоғамдық көлік екі ауысыммен қызмет етеді. Оның 40 пайызы – бензинмен, 30 пайызы – газбен, 30 пайызы ди­зель­ отынымен жү­реді. Бүгінде жо­лау­шылар тасымалымен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС айналысады. Алайда се­рік­тестік қала аумағындағы барлық бағыт­ты қамти ал­маға­ндықтан, жеке тасымалдаушы кә­сіпкерлермен де ке­лісімшартқа отыр­ған. Олардың  үлесі 75 пайызды құрап отыр. Шынын айту керек, жеке қоғамдық көліктерде жолаушыларға ауыз толтырып айтарлықтай жағдай қарастырылмаған. Қаладағы жеке кәсіп­керлер жанар-жағармай қымбатшылы­ғына байланысты серікт­естікке  жол­ақы құнын жоғарылату туралы сұраныс хат түсірген көрінеді. Оған себепті қала әкімі Н.Мәшбекұлы анықтап бергендей болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылы АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 124 теңгеден 142 теңгеге, дизель отыны  80 теңгеден 130 теңгеге, ал газ отыны  30 теңгеден 58 теңгеге артқан. Осы себептен жолақы құнын ересектерге 100 теңгеге, оқушылар үшін 50 теңгеге көтеру жөнінде ұсыныс келіп түсті. Нәтижесінде қалалық мәслихаттың сессиясында ойласа келе қоғамдық көлікте жүру құны ересектерге 90 теңге, оқушы­ларға 40 теңге болып бекітілді.

- Жолақы құнын жоғары­латып отырған жалғыз біз емес. Еліміздің түкпір-түкпірінде нарықтағы өзгерістерді еске­ріп, өзге аймақтар да тариф құнын көтеріп отыр. Мәселен, Алматы қаласында ересектерге­ 150 теңгеге өсіруге ұсыныс жасағ­ан. Іргелес Оңтүстік Қазақстан облысы 120 теңгеге көтергелі жатыр. Ал Астана мен Өскеменде – 90 теңге. Соңғы жылдары «Қызылорда автобус паркі» ЖШС несиеге 112 жаңа автобус алған болатын. Судың да сұрауы бар. Әрине бюджет тарапынан да қолдау бар, бірақ өз құнын өз қызметі арқылы табыс тауып өтеуіміз керек. Сол банктің талапт­ары бойынша тасы­малдау тарифі тіпті 200 теңге болуы керек. Қайта біз одан бас тартып отырмыз. Халықтың қалтасына ауыр тиеді деп. Айта кетейік, несие беруші банктің де өз талаптары бар. Оған үңіл­сек, «Қызылорда автобус паркі» халыққа сапалы қызмет көрсету арқылы табыс тауып, несиені уақытылы төлеуі керек. Аталмыш серіктестіктің бүгінгі күні тауып отырған табыс­ы несие­ні жабуға жетпейді. Өйткені жолақы бағасы төмендеу, одан түсіп жатқан қаражат шығындарды толықтырып, несиен­і жабуға жетпей жатыр. Осыған байланысты біз осындай шешімге келдік. Халыққ­а ауыр тиетіні анық, деген­мен қазіргі заман талабы сондай, - деді жиында сөз сөйлеген  Н.Нәлібаев.

Шыны керек, қаладағы қо­ғамдық көліктердің көпшілігі техникалық және санитарлық тұрғыдан сын көтермейді. Ал сол осалдық түптеп келгенде жолақының аздығына байланысты екен. Күнделікті табыстан бөлек қаражат жыртықты жамап, тесікті бітеуге жетпей­тін көрінеді. Халықтың қалтасынан шыға­тын билет құнын сол себептен де қымбаттату қажеттігі туындаған секілді. Алайда бұған дейін де жолақы мәселесі көтерілгенде «қызмет көрсету сапасы артады» деген құрғақ уәде үнемі беріледі. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас».

- Бұл автобустардың әрқайсысын 100 мың доллардан алып жатқанда, қай жерлеріңмен ойлап алдыңыздар? Адам сүйер қылықтарың жоқ! Бұны сол кездегі жергілікті (СПК басшыларының бірі) азаматқа айтқанмын, бұл ақшаны (алған­ кредитті) қайтару үшін тариф 700 теңге болу керек, ертең оны қалай қайтарасыңдар? Ондай автобустарды алу үшін қала халқы кемінде 400-500 мың болу қажет. Одан да сол ақшаға 20 мың доллардан бес автобус алындар! 20 теңгеден күнде 1000 адам тасыса 20000 теңге, одан ештеңе болмайды. СПК-ның басшыларынан осының есептерін сұрау керек. Осы автобустарды алғанда қалалық мәслихат келісім берді ме? Қазір жазда студенттер, оқу­шылар каникулда, жолаушылар легі аз, сондықпан қатты ойлану қажет! Маған салсаңдар, қоя тұрғандарың дұрыс, жиырма теңге еш нәрсені шешпейді!, - деп қоғам қайраткері Қ.Баймаханов өзінің ой-пікірін «Фейсбук» әлеуметтік желісі  арқылы  жеткізген.

Жеке кәсіпкерлердің «бәй­геге» қосып отырған «жүйрік» көліктерінен бастап несиеге алынған 112 автобустың кейбірі жолаушылар билетін де бермейді. Жолда кездескен серіктесін басып озып, бір-бірімен жарыса жөнелетін, не болмаса терезесі ашылмайтын, есігі жөнді жабылмайтын көліктің ішіне халықты толтырып алып, тұншықтырып жүргендері қаншам­а?! Халыққа қызмет ұсынып отырған соң арнайы форма киюді де талап еткендеріне 7-8 жыл болды. Алайда киім түгілі сервистік қызмет те оңалған жоқ.

- Жеке  кәсіпкерлер! Халық­қа қызмет көрсету сапасын жақсартыңыздар! Ескі көлік­терді жаңалаңыздар. Шындап тексеретін болсақ, қазіргі жүрген көлік­тердің біразы жа­ра­майды. Қолдағы бар көлікті техникалық байқаудан өткізіп, сапасына мән бері­ңіздер! Олай жасамайды екенсіздер, Сіздерден де басқа инвесторлар жетіп артылады. «Қызылорда  автобус паркінен» бөлек сырт жақтан бірқатар инвесторлармен сөйлесу үстін­деміз. Олар қазір келеді, бірақ біздегі жолақының аздығы кедер­гі келтіріп тұр. Тарифті көтерсек, келуге дайын. Жұ­мыс жасаңыздар! Бұлай істемейді екенсіздер, ренжімеңіздер, орындарыңызға  басқа кәсіп­кер аламыз, - деп қатаң тапсырма берді қала әкімі Н.Мәшбекұлы жиналған авто­бус­ жүргізушілері мен жеке кәсіпкерлерге.

От өшкеннен кейін де шала қалады. Бұл жолы да солай болды. Жиналыс бітуге тақағанда қосымша сауалдар мен ұсыныстар легінде шек болмады. Қала халқының атынан келген Ғани Халықұлы жұмыссыздық салдарынан қоғамдық көлік қызметін жиі тұтынатын тұрғын екенін жеткізді. Ол жиын­ға өзінің ой-пікірін айтып,­ ұсынысын жеткізу үшін келген. Осы ретте ол біраз жайтты­ң басын ашып бергендей көрінді. Атап айтсақ, қалада қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеріс­тен өткізетін диспетчерлік пункт бар. Жұ­мысқа шыққан әр көлік сол бекет­ке барып, бір тілім қағазға мөр бастырып, қол қойдырып алуы қажет. Тегін емес әрине, ақылы! Қанша дейсіз ғой?! «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Ә.Мәуленұлының айтуынша, 400 теңге, ал «МедТехсервис» ЖШС-нің директоры «800 теңгеден аламыз» деп жауап берді. Ал залда отырған жүр­гізушілер «Сегіз жүз елу теңгеден төлейміз» деп әр жерден тартынып жауап берді. Нақтысы әрі шындығы осы! Сегіз жүз елу теңге! Диспетчерлік пункт халық тасымалдауға шыққан әр қоғамдық көліктен 850 теңге жарнапұл алады. Есептеңіз, ұялмаңыз! Өйткені мұны қала әкімінің өзі де есептеген. Бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Ә.Мәуленұлымен диалог орнатты.

Н.Нәлі­баев, қала әкімі:

- Орта есеппен күніне 400 маршрут сол бекетке 850 теңгеден өткізіп кеткенде, бір күнде 340 мың теңге, оны 30-ға көбейтсеңіз, қорытындысында 10 миллион 200 мың теңге қаражат шығады. Бұл қаржы қайда кетіп жатыр? Не істеп жатырсыздар бұл ақшаға?!

- ...? (Жауап жоқ)

- Қанша қызметкер жұмыс жасайды бұл бекетте?, - деді әкім тағы да.

Ә.Мәуленұлы, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС дирек­торы:

- Он қызметкер бар, айлық жалақылары 35-50 мың теңге көлемінде.

- Сонда әр қызметкер миллион теңгеден жалақы алып отыр ма?

- ...? (Тағы да үнсіздік, жауап­  жоқ).

- Бұл мәселеде бір шикілік бар сияқты... Мен жауапты маман­дарға тапсырамын. Қажет  болған  жағдайда  құқық қорғау  органдарына да  жүгіне­міз. Анықтаңдар!, - деп ашық әрі  қатаң тапсырма берді қала әкімі өзінің орынбасары А.Шәме­новке.

Жиын формальді түрде өткен жоқ. Ой айту, сауал жолдау­, жауап алу секілді белсенд­ілік танытып отырды. Қалаішілік көліктердің дені кеш қарая жүрмейтіндігі, барлығында билет берілмей­тін­дігі, жүргізуші мен кондукторлардың дөрекілігі, жүргізушілер тарапынан ешқандай ұсыныс айтылмағандығы туралы әлеуметтік жазбаларды да облыс­тық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев бір сүзгіден өткізді. Сонымен, қоғамдық көліктердің сапас­ын жақсартуға және түсіндірме жұмыстарын жүр­гізуге қала әкімі 1 тамызға дейін уақыт берді. Жолпұл да осы күні 70 теңгеден 90 теңгеге көтерілетін болып шешілді. Шаһар басшысының айтуынша, қисынсыз пікірлерді айт­қан­нан гөрі жағдайға түсініс­тікпен қараған жөн. Қоғамдық көлік жүргізуші­лерімен жүз­дескен бас­қос­у соңында қала әкіміне қоғамдық көлік­терге рейд жүргізу, аялдамалар, тротуарлар  салу  туралы бір­қатар сауалда­р  қойылып, ұсыныс­тар  айтылды.

«Халықтың жағдайы жақсарды», «әлеуметтік-экономикалық ахуал қалыпқа түсті» деп мақтана береміз ғой. Мақтанудың да жөні бар, дұрыс, жағдайдың тоқырау, дағдарыс жылдарына қарағанда әлдеқайда жоғары екені рас. Бірақ, қоғамдағы қымбатшылық мәселесін көлеңкеге ысырып қоюдың қажеті шамалы. Елдің бәрінде жеке көлік жоқ. Сол себепті арзан әрі тиімді қатынас түрі ретінде қоғамдық көлік қызметіне жиі жүгінеді. Оқушылар, студенттер, қызметкерлер, зейнеткерлер бәрі де осы көлікпен жүреді қала ішінде. Қызметтің бұл түрі қымбаттаса, халықтың күнде­лікті шығыны да арта түседі. Яғни,  оқу  жылы  басталар  тұста мектепке дайындық, киім-кеше­к, азық-түлік секілді мәселе­лер де басыңды кө­тертпесі анық. Демек жол­ақының 90 теңгеге көтерілуі «жығыл­ғанға – жұдырық» болғал­ы  тұр.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


«БАСПАНА БАР, АЛАТЫН АДАМ ЖОҚ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.07.2017 09:38

Ажары айшықталып, келбеті келісті өлкеге айналып келе жатқан­ Қызылорда облысында Елбасының қолдауымен, аймақ басшысының жүзеге асыруымен тындырымды істердің атқарылып жатқандығы белгілі. Бұрын халық үшін баласын балабақша кезегіне қою мәселенің өзектісі болса, қазіргі күні бұл салада алға ілгерілеушілік едәуір байқалады. Қала көшелерінің сапасыздығынан, қоғамдық көліктердің аздығынан бұқараның біразға дейін жолы болмай келген еді. Бұл қазір айтқан соң ертегі секілді көрініп тұруы мүмкін. Бірақ, әлеуметтік-экономикалық ахуал аяқтан тұрып, тұрақты даму көрсеткіші  байқалған  тұста жұрт жаңадан салынған тұрғын үйлер­ге­ қоныстануды армандады. «Арман­сыз адам қанатсыз құс­пен тең».

Осы ретте облысымызда көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуы баспана мәселе­сінің оң шешім табуына ықпал етіп, қаланың ыңғайлы жерлерінен арендалық және ипотекалық көпқабатты тұрғын үйлер бой көтере бастады. Сәні мен салтанаты келіскен еңселі баспаналар құрылысына аймағымызда мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылы 4,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Баспана салу бойынша жүргізіліп жатқан құрылыстың қарқындылығын қалай  білуге  болады?

 

- Өткен жылы бір сәтте 4000 пәтерлік 80 көп­қабатты үйдің құрылысы жүргізілді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Бой көтерген үйлердің 36-сы мемлекет қаражатының есебінен салынған. Ал биыл жыл басынан бері 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайда­лануға берілді. Оның 5-еуі (300 пәтер) «Бәйтерек  Девелопмент» АҚ желісі бойынша және 14 тұрғын үй (680 пәтер) – жергілікті атқарушы орган шығарған облигациялардың (несиелік баспана) есебінен.

2016 жылы облыс орталығында 980 гектар аумақта «Бәйтерек» жаңа мөлтек ауданын құрдық, онда 6600 жеке учаскеде 36 мыңнан аса адам тұратын болады. Бұл – облыс орталығында соңғы үш жылда пайда болға­н 11-ші шағын аудан. Бұған «Нұрлы жер» бағдар­ламасы арқасында қол жеткізіп отырмыз. Аталмыш  бағдар­лама аясында 2016 жылы 22,7 млрд теңге бөлінді. Оның 22,4 млрд теңгесі игерілді, 2017 жылы 7,4 млрд теңге бөлінсе, оның 2,2 млрд теңгесі игілігімізге  жарады. Мұнан бөлек, «Қызылорда-Жезқазған»­ трассасының бойынан тағы 150 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарланған жоба дайындалды. Бұл жеке тұрғын үй салу үшін тағы да 1200 жер учаскесін дайында­уға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі Қ.Елеуұл­ы өткен аптада ҚР Премьер-министрі Б.Сағын­таевтың Сыр еліне сапары барысында «Достық»­  үйінде  өткен  жиында.

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру нәтижесінде соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы кең етек жайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі мен тұрғын үйлерді тапсыру көлемі бойынша оңтайлы қарқын бар. Мемлекет бюджетінен де жақсы жағдайлар жасалынып отыр. Осы ретте өзге өңірлер тарапынан «барлық қаржыны Қызылорда облысына беріп жатырсыздар» деген өкпе-реніш те пайда болған.­ Бұл реніштің бетін қайтару үшін премьер-министр де қарап қалмаған. Барынша түсіндіруге тырысқан. «Басқаларынан дайындық артық болса, құжаттарың болса, сендер де аласыңдар! Қаржы бөлінді, құжат­тарың жоқ. Құжаттарың болса, қанеки?!» деп жауап берген. Рас, баспана – көптің көкейін тесіп тұрған түйткілді мәселе. Жеке баспанасының болуын армандап жүрген 8000-ға тарта тұрғын бүгінде тұрғын үй кезегі­нде тұр. Үйлер салынып жатыр, бірақ кезектің жылжып жатқаны шамалы. Оған не себеп? Себеп, бүгінгі таңда арендалық емес, ипотекалық баспаналар бой көтеруде. Ал үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж жандардың барлығы үйдің бұл түріне қол жеткі­зе алмай­ды. Оған да себеп жоқ емес. Өйткені тұрғын  үйге  қол  жеткізу  үшін өзің армандаған баспа­наның 30 па­йыз құны сіздің жинақта жиналып тұруы керек. Мәселен­, Сізге құны 12 млн теңге тұратын тұрғын үй ұнап тұрса, Сіздің жинағыңызда кемінде 3,5-4 млн теңге қаражат болуы керек. Шындап келгенде, дәл осы сомадағы қаражаты бар адам баспа­на­сыз, пәтер жалдап­ жүрер ме еді?! Жоқ, әрине!

Бірде ғаламтор желісінен «Еліміздегі жеті банк «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10 пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие беруге дайын» деген­ «айқайлап» тұрған тақырыпты көріп, еріксіз аштым.­ Жобаның қаржылық операторы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» кредиттерді субсидиялау басталғанын жариялапты. «Бағдарлама шарты бойынша жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып аламын дегендерге қаражат жылдық 10 пайызбен беріледі» деген­ді оқып төбем көкке жете бергені сол еді, жерге «құлап» түстім. Мұнда да, қарыз алушының есеп­шотында үй құнының 30 пайызы болуы тиіс. Субсидияның шекті көлемі Астана, Алматы қалаларында 20 млн теңге, өзге облыстарда – 15 млн теңге. Қайда барсаң да 30 пайыз қаражат жинау керек. Бұл қаржыны­ кез келген баспанасыз азамат қалай және қайдан жинай­ды? Тіпті кей банктер кепілдікке жылжымайтын мүлік сұрайды! Мұнысы тіпті мазақ қыл­ғандық деп есептеймін. Осыдан кейін салынған үйлерге­ адам толтыру қайдан оңай болсын?!

- Мемлекеттен бөлінген қаражаттың есебінен салынған 1300 пәтер дайын. Соның 730-ға жуығын­ ғана сатып алуға салымшының жағдайы бар. Екі есе! Құжат дайын, қаржы бөлінді, үй салынды, пәтер бар, бірақ алатын адам жоқ! Жағдайға да қарау керек­. Соғылған үй бос тұра бере ме? Халықтың жағдайы 30 пайызды жинауға жетпесе, онда пайыз­ды түсіру керек. Түсіре алмайтын жағдай болса, онда артық қаржы бөлінбеу керек. Қанша ұсыныс бар, соған қаржы бөлу керек және соған шақтап соғу керек! Артық ақша жоқ. Үйді ескерткіш етіп қоюды қойыңдар! Үйлер бос тұр, халық кіре алмайды бірақ. Салынған үйді өткізе алмайды екенсіңдер, басқа жолын қарастырыңдар!, - деді ҚР Үкімет басшысы Б.Сағынтаев облыс әкімі Қ.Көшербаевқа.­

Сын айтылды, тиісті сала басшылары мен жауап­ты тұлғалар жауап бергендей болды. Бірақ, Үкімет басшысы құр сөзден гөрі нақты іске көшуді тапсырды. Нәтиже шығады деп ойлаймыз.

Рас, аймағымызда сәні мен салтанаты келіскен қызыл кірпішті үйлер көптеп салынуда. Әр жаңа ықшам аудан бой көтерген сайын баспана мәселесі­ шешімін табады деп үміттенеміз. Алайда шарт қиын, жағдай сын көтермейді. Қаланың шет айма­ғы саналатын КБИ мөлтек ауданынан да еңселі үйлер бой көтерді, қаланың Оңтүстік қақпасына кіре берісте әлі де құрылыс жүріп жатқан аумақтар бар. Қарасаң көз тартады, қоныс тепкің келеді­. Өсу бар, өркендеу бар, бірақ осы тұрғын үйлер соғылып­ жатқан тұстан халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарды байқау қиын. Халық қоныстанған соң мектеп, балабақша, емхана мәселесі өзекті болмайды ма деген де ойда қал­дық.

Н.ҚАЗИ

 


АСТЫҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.07.2017 09:25

Бүгінде еліміз әлем көз тіккен дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Алды­мызда дамыған отыз елдің  қатарына  ену межеленген. Ал қос бірдей міндет отандық өнімнің бәсекеге қабі­лет­тілігімен тығыз байланысты. Әлемдегі азық-түлік дағдарысы мен жаңа халықаралық мүмкін­діктерді ескере отырып, еліміз аграрлы­ мемлекет ретінде азық-түлік  мәселесін  стратегиялық  жоспарына  арқау  етіп алуы тиіс. Демек,­ ас-ауқаттың  сапасында мін болмауы керек  деген  сөз.

Қазіргі кезде тағамға қатысты «құнары жоқ», «дәрумені аз» деген сынды жиі естиміз. Рас, дені – экспортталып келген тауарлар. Түрі де сан алуан, ал сапасы сын көтермейді. Қарапайым халыққа қайсысы зиян, қайсысы пайдалы екенін де ажырату­ қиын. Қайтпек керек? Осы ретте арнайы­ тағам өнімдерінің сапасына жауап беретін қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жай жатпауы тиіс. Сырттан келген өнімді жіті бақыл­ауға алып, өзімізде өндіріл­генін тұрақты тексерісте ұстауы қажет. Ол ойымыздағыдай ма? Арнай­ы мекемеге көңілді күпті еткен­ сауалымызды жолдадық. Нәтижесі  төмендегідей:

– Жыл сайын тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізіледі. Атап айтсақ, соңғы үш жылда ет және ет өнімдерінің 206 сынамасы, сүт және сүт өнімдерінің 96, көкөніс­тер мен жеміс-жидектердің, оның ішінде консервіленген түрінің 214 сынамасы алынып, оған санитариялық-эпидемиологиялық тексеріс жүргі­зіл­ді. Олар бірнеше критерий бойынша бақылауға алынды. Таңбалануы, санитарлық-химиялық және микробио­логиялық көрсеткіштері бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ет өнімдерінің 46 па­йызы  (95 сынама), сүт  өнімдерінің 9,9  пайызы  (81 сынама), консервілен­ген көкөністер мен жеміс-жидек­тер­дің 0,9 пайызында (2 сынама) сәй­кес­сіздік анықталды, - дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау депар­таментінің басшысы Ұ.Аханаева.

Жоғарыда айтқан ет өнімдерінің сәйкессізі һәм жарамсызы Жамбыл облысында өндірілген шұжықтың («МДМ Прима», «Конская», «Прима­» және т.б.) үлесінде. Бірақ, құрамы емес, қаптауынан кінарат табылған. Қаптамасында шыға­рылған өнімнің күні көрсетілмеген тауар­дың қанша ай, қанша жыл дүкен сөрелерінде жатқанын кім білсін? Бұл ғана емес, Ресейің Бел­гор­од  қаласында  өндірілетін «Белая­ птица – Белгород» АБҚ-ның «Особое» тауық еті, «Ақ құс Белгород» ЖШҚ-ның «Ақ құс» маркалы балапан­-бройлері микробиологиялық көрсеткіштерге сай келмеген. Яғни, экспортталып келген өнім­нен де ақау табу айтарлықтай қиын шаруа­  емес.

Халықтың ең көп тұтынатын тауар­ларының арасында сүт өнім­дері де бар. Ал қазақ сүтсіз шай ішпейтінін бесіктегі бала да біледі. Түрлі қаптамамен дүкен толы ағар­ғанды халық еш ойланбастан алады. Бірақ, «сенген қойым сен болсаң» деп, ауырғанда ғана сан соғып қалады. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Себебі сүт өнімдеріне жүргі­зілген тексеріс қорытындысы бо­йынша «ФудМастер Компания» АҚ мен «ФудМастер-Шымкент» ЖШС өндірген айран, майлылығы 2 па­йызды құрайтын «Локо Моко» сүт коктейлі, «Президент» ірімшігі, майлылығы 3,2 пайызды құрайтын «Био С Иммун+» ванильді ұйытылған айраны микробиологиялық талапт­арға сай келмеген. Ал теріскейдегі мемлекеттен келген «Кампина» ЖШҚ өндірген «Нежный» йогурт өнімі  техникалық  регламент  талаптарына  тура  емес.

Қазір халық консервіленген өнімдерді қолдануды әдетке айналдырды. Бірнеше жыл бұрын үрке қарайтын өнім қазір кез келген үйдің тоңазытқышынан табылады. Ал халық тұтынатын тауарының кейбірі жарамсыз екенін біле бермейді. Атап айтсақ, Гонконг қаласында «LEXX» халықаралық сауда компаниясымен өндірілген саңы­рауқұлақ­тарына   тексеріс   жүргізі­ліп, талапқа  сай  келмейтіні  анықталған.

Қазір ГМО түсінігі біртіндеп ескіріп келеді. Қуантатыны – осы. Оған негіз – жыл басынан бері жүр­гізілген тексеріс. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті ағымдағы жылы 20 тағам өнімдерін арнайы тексерістен өткізген, бірақ біз айт­қан сәйкессіздік анықталмаған. Есесіне­, халық жиі баратын сауда нүктелерінің бүгінгі ахуалы алаң­датарлық. Қаладағы «Нұрбақыт», «Эльдар», «Мадина-1» дүкендері, «Small» көтерме сауда үйі мен «Аль асад» сауда­ нүктелері талапқа сай келмей­тін өнімдерді тасымалдау, сақтауда белгілі ережелерге бағынбайтын көрінеді. Олардың әрқайсысына әкімшілік құқықтық хаттама тол­тырылып, арнайы жауапкерші­лікке тартылып  та  үлгерген.

Бізді  толғандырған тағы бір мәселе­ – көше  дүңгіршектері. Самса,­ бәліш, фаст-фуд сататын мұндай орындар қадағаланбайтын көрінеді. Нелік­тен? Қаншалықты тазалықты  сақтап, тәртіпке бағынып жүргенін тексермеу арнайы мекем­енің салғыртты­ғынан ба? Әлде, елеусіз нысан ретін­де назардан  тыс қалып  жүре бере ме? Осы­дан­ кейін өзгеден не үміт, не қайыр? Халық сауатсыз емес, керек асын таңдап, талғап жейді. Десе де, қоғам сұранысындағы тауарларды «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» артық­тық  етпейді.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 


МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ БАСТАУЫ БАЙЫПТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
06.07.2017 09:24

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан  Әбішұлының «Болашаққа бағдар – рухан­и жаңғыру» атты мақаласының аясында Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. «Мәңгілік ел бастауы – рухани жаңғыру»  тақырыбында ұйымдастырылған алқалы басқ­осуға облыстық соттың төрағасы Қ.Нұрышев, Қорқыт ата атында­ғы Қызылорда мемлекет­тік университе­тінің ректоры Қ.Бисенов, облыстық Қазақстан Халқы ассамблеясы хат­шы­лығы­ның басшысы Л.Төрешова, облыс әкім­дігі жанындағы «Қоғамдық ке­лісім» МКМ-нің директоры У.Ибраев, облыстық тарихи-өлкетану музей­інің бөлім мең­геру­шісі Е.Баймур­заева, ҚР Судьялар Одағы­ның Қызылорда облысы бо­йынша фи­лиалының төрағасы А.Дәу­ренбеков, Қызыл­орда облыстық сотының алқа төрағалары, судьялары мен аудандық соттардың  төраға­лары  және Соттар  әкім­шісі  басшылығы  және  БАҚ  өкілдері қатысты.

Қызылорда облыстық сотының судьясы Шолпан Маратқызы «Рухани жаңғырудың нақты бағыты» тақырыбында баяндама жасады. Онда Ел­басының аталмыш ма­қаласы талқыланып, Ұлттық код, Қазақстандағы 100 жаңа есім жөнінде, қылмыстық, әкімшілік, азаматтық құқықбұзушылықтар турасында айтылды. Бұрынғы билердің тура­лығына тоқталып, тәрбиелік мәні бар мақал­-мәтелдердің маңыздылығына зер салу қажеттігін тілге тиек етті. Сот ісінде жағымсыз әңгімелерді болдыр­май, көшпелі сот оты­рысын дамытуға шақырды. Ал Қызыл­орда облыстық сотының судья­сы Молдабек Меңлібайұлы  қазақ қоғамының құқықтық мәдениетінің дамуына Шыңғыс ханның заңдары мен дала заңдары және Қазақ хандығы құрылған кезең­дегі Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолы құқықтық заңдарының үлесі мол екенін айтты. Жиын барысында сөз болған көкейтесті мәселе – латын­ әліпбиіне көшу. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауым­дастырылған профессор міндетін атқарушы  Аман  Абасилов «Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мүмкіндігі» атты баяндамасында айтқандай, қазақ тілі қарым-қатынас немесе шығарма тілі деп ғана емес, дәстүр мен салтты халықтың барлық бітім-болмысына рухани құрал ретінд­е қарау керек. «Өзге тілдер өз ішінде бірнеше диалектілерге бөлінсе, қазақ тілі – біртұтастығын сақтай отырып, халықтық тілге дейін жеткен таза тілдер­дің бірі. Сондықтан қазақ тілі – зор саяси қоғамдық құрал. Қай қоғамда, қай елде болмасын, әліп­би жасау, оны ауыстыру, жалпыхалықтық, алдымен ұлттық  мәселе» деді ол.

Осылайша Елбасының жаңа тарихи кезең жасау үшін рухани жаңғыру қажеттігін алға тартқан өзекті мақаласы жан-жақты тал­қыланды. Еліміз мығым болуы үшін болашаққа артылған жүктің жеңіл еместігі байқалады. Десек те, бағыт бар, ендігі кезекте ұлт ынты­мағынан айнымай, келелі келешек жолында еңбектенсе құба-құп.

Шара соңында Қызылорда облыс­тық соты мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ арасында «Кафедр­а филиалын ұйымдас­тыру және құру туралы» шартқа қол қойылды. Енді меморандум аясында облыстық сотта құқық­тану кафдера­сының филиалы жұмысын бастай­ды. Бұның әсіресе, заң саласын­да білім алушыларға біліктілігін  арттыруға  пайдасы зор.

 


ЭТНОАУЫЛ – ТУРИСТЕРДІ ТАҢҒАЛДЫРУДЫҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.07.2017 09:22

Ең біріншіден, этноауыл – қарапайым һәм ерекше жоба. Қит еткеннің мақтауын келістіріп, мадақ жыр жазатындардың қатарынан емеспіз. Сонымен әлгінде қарапайым әрі өзгеше жоба деп қалдық емес пе? Соған бірнеше факт келтіріп, нақты жауап беріп көрейік.

 

1. Этноауылдың орналасқан жері – Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жердегі “Қор­қыт Ата” мемориалдық кешені жанын­да. Бұл VIII ғасырда өмір сүр­ген аңызға бергісіз абыз адам­ның жайлы қонысын тапқан жері. Екі жылдай уақыт бұрын ұста­зымның: “Сол кешенде ағылшын тілін еркін меңгерген, келушілерге­ бірнеше тілде түсінікті мәлімет беретін кісі тұруы керек. Өзге ұлт өкілдеріне бұл жердің қасиетті екенін ұғындыра алмай келеміз”,- дегенін естіп қалған едім. Хош. Ол кісі айтты, біз аса мән бермей тыңдадық. Тіпті, ұмытуға шақ қалдық. Бірақ, сөз жерде қалмапты. Яғни, бүгінде әулиелі жердегі таңға­жайып оқиғаларды, өзгеше құбылыстарды шетел азаматтарының құлағына құюға мүмкіндік жасал­ған.

2. Жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, түсінесіз. Көз алдыңызға нағыз­ қазақы ауылдың тұрмыс-тіршілігі, қыз-қыз қайнаған шаруас­ы боямасыз елестейді. Шетел­ азаматтарын, әсіресе сая­хат­шыларды әсем ғимараттармен, сұлу табиғатпен немесе роботпен таңғалдыру қиынның қиыны екенін сіз де, біз де жақсы білеміз. Демек, әлемнің бірнеше елінде болған туристердің жүрегінен плаги­ат дүниемен жол таба алмайсыз. Оларға қазақы дәстүрді, ұлт­тық құндылықтарымызды көр­сетіп, ұлттық колоритті сақтау арқыл­ы таңдай қақтырып, жүздеріне шынайы күлкі үйіріп үдесінен шығуға болады. Тың ақпараттан жаза алсаң оқитын жаңалық шыға­ды ғой. Бұл да тап сондай секілді. Біз бар болғаны барымызды, ешкімг­е ұқсамайтын жайлы тірші­лігімізді туристер назарына ұсындық.  Міне, осы қарапайымдылығы әрі ерекшелігі. Қонақтар келді, көрді,  тамашалады, сүйсінді.

“ЭКСПО-2017” Халықаралық мамандандырылған көрмесі ая­сында Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен “Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы” қоғамдық қорының ұйымдас­тыруымен “Қорқыт Ата” мемо­риалдық кешенінде этнографиялық ауыл ұйымдастырылған бо­латы­н. 20 маусымда жұмысын баста­ған  ауыл  бүгінде 1200-ге тарта­ отандық және шетелдік турист­ерді қабылдап үлгерген. Олардың ішінде Германия, Ирланд­ия, Румыния, Франция, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы секілді бір­неше шетелдік делегация өкілдері бар. Енді олардың қатарына голландиялық туристер де қосылды. Құрамында қызғалдақты елдің жиһан­герлері басым 25 турист этноауы­лды тамашалауға Қармақшы өңіріне арнайы ат басын бұрды.

Автобустан түсе сала туристерге­ қазақы дәстүрмен бауырсақтан дәм тигізіп, күй шертіп қарсы алу шаралары жүргізілді. Жүз жырау шыққан киелі жер әуелгі әдетінен аспай Тұрмағамбеттің “Тәлімін” орындап, туристерге тарту жасады. Қармақшыдағы Жыраулар үйінің тәрбиеленушісі шынашақтай қыз Нұршат Қылышбаеваның өнеріне сүйсінген шетелдіктер қос қолдарына фотоапараттарын алып, қайта-қайта түсіріп жатты.

Этноауылға барысымен киіз үйлердің біріне аялдадық. Мұн­дағы жайлы көрініс көз алдымызда жатталып қалғандай. Екі кісі көзтартарлық тоқыма тоқып отырса, киіз үйдің күнгей бетінде қылқалам шебері жаңа туындысын жарыққа шығару қамымен отыр екен.

- Бұл жерде Қармақшы аудандық мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі тәрбиеленушілерінің қолдан жасаған әртүрлі заттары, бұйымдары қойылған. Көптеген шетел­діктер, отандық туристер келіп, тамашалап қызығушылық білдіріп жатады. Сатып алып жатқ­андары да бар. Шыны керек, мұндай  өнердің  бар  екенін сырттай білсе де, өз көзімен алғаш рет көр­ге­нін айтатындар көп, - дейді қол­өнер шебері Бақыткүл Райм­баева.

Әлгінде айтқанымыздай, этно­ауыл – жоқтан бар жасау емес, жай ғана бар нәрсені көрсету. Дұрысы – көрсете алу. Келушілерге қаймана қазақ ауылының сыртқы жағдайын, ішкі жайын ұғындырсақ, үміттің ақтал­ғаны шығар. Сөз басында айтқан­ еленуі аз “Қорқыт Ата” мемо­риалдық  кешенімен  туристерді таныстыру, Қызылорда облысының туристік әлеуетін арттыру этноауылдың басты мақсаты болса керек. Ал мұнда көзге ілінерлік жайттар өте көп. Боз­кілем үстінде алысқан балуан­дар, ат үстінде тақы­мын  қысып, жүгенін бос қойған бозбалалар, ауада тербелген алты­бақан, иығынан буын бұр­қырытып, тү­ті­нін төбеге түзу ұшырған самау­рын, шанағынан күй төгілген домбыра, көмейінен ән төгілген қыз-жігіттер,  бәрі-бәрі.

Меніңше, жоба авторлары бағытын дәл барлап, тамырын дөп басқа­н. Ендігі кезекте жемісін жеу ұйысқан ұлттың құзырындағы мәселе  секілді...

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Туристер таңданысы

 

Андре Кейперс, ғарышкер (Нидерланд):

- Мен Қазақстанда бірнеше мәрте болдым. Бұған дейін Байқоңы­р ғарыш айлағынан 2004, 2012 жылдары айға аттан­ғанмын. Ал бүгін Қармақшы жеріне жолым түсіп отыр. Қазақтың тұрмыс-тіршілігін, қолөнер шеберлерінің туындыларын өз көзіммен көріп, танысқаныма қуаныштымын. Этноауылға келіп, киіз үйді көрдім. Қазақтың тарихы бай екен. Қонақжайлылығына ризашылығымды білдіремін.

Сонымен қатар, Астана қаласында өтіп жатқан “ЭКСПО­-2017” көрмесінің жақсы өтуіне көптеген голлан­диялықтар да үлестерін қосуда. Мен болашақта Астананы ғарыш  саласымен  байланыстырамын.

Хэндрик тен  Кэйт, саяхатшы:

- Қазақстанға, оның ішінде этноауылға келіп ерекше әсерде тұрмын. Жылқыға алғаш отырсам да, өзімді жайлы сезінудемін. Тіпті,  бұл  менің  күнделікті  іс-әрекетім сияқты. Маған­  мұндағы әрбір дүние өз ерекшелігімен дараланып тұрғандай.  Өйткені  біз  осы арқылы  Сіздердің  мәдениеттеріңіз  бен  ұлттық  құндылықтарыңызды біліп жатырмыз. Бізді  таңғал­дырған  қызықтар  жетерлік.

Карен  Киман, саяхатшы:

- Мынау дегеніңіз нағыз еңбекті қажет етеді. Біз бұл сапары­мызда шынымен де қазақтың бай тарихымен таныстық­. Тігін тігу, тоқыма тоқу жұмыстарын алғаш көріп тұрмын. Ал шеберлеріңіз әзірлеген сыйлықтар көздің жауын алады. Сондай-ақ, мен осы саяхатта Гагарин ұшқан стартты көрдім. Және біздің отандасымыз ғарышкер Андре Кейперс ұшқан жерде болдық. Сезімімді айтып жеткізе алмаймын.

 


АРАЛДА КЕМЕ ЖҮЗДІРГЕН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.07.2017 09:20

Бірде Аралға қарай жол жүріп бара жатып купелес екі адамның әңгімесіне еріксіз құлақ түруіме тура келді. Шамасы әңгіменің қиюын келістіріп әрлеп, алма-кезек сөз тізгінін емін-еркін қағыстырып отырған екеуі де өзім сияқты­ ұлы теңіздің жағасында туып-өскен адамдар болуы керек. Кейде сөзге кезек бермей құрқылтайдың ұя­сындай қупе түгіл, вагонды бастарына көтеріп кетеді. Біздің Арал жақта мұндайда «немене балық бөлісіп жатсыңдар ма» дейтін еді.

Сәл  жасы үлкендеуі  енді кіші­сін сөзден тұқыртпақ боп тарихқа жүгінуге кірісті.

– Сен өзі сөзге тоқтамайтын бала  екенсің. Мынаны айтшы, осы Аралға алғаш кеме түсірген, сонымен  теңіздің бұған дейін адамзат­қа мүлде  беймәлім қойнау-қолатын, адам ізі түспеген аралшықтарын картаға сызып, жағрафиялық жай-жапсарын, судың деңгейін, ағысының  жылдамдығын  зерттеген­ алғашқы  адам  кім?

– Неге білмеймін, Арал теңізіне алғаш  кеме түсіріп, сонымен жүз­ген, патшалық  Ресей  жағрафиялық­ қоғамының мүшесі, контрадмирал Николай Бутаков. Ол Райымда екі бірдей шхунаны құрастырып, теңіз­ге салған. Сұрапыл дауылдарда асау теңіз  толқындарынан қаймықпаған  ержүрек  адам.

–  Бәрекелді,  ал, өзіміздің қазақтан шыққан соңғы кеме жөн­деу зауыт­ының жоғары білімді директ­орын  білесің  бе?

– Айналып кетейін-ау, оның атына аядай аралдықтар түгіл, теңіз­бен тел өскен Одесса, Қара теңіз кеме құрастырушылары түгел қанық Қайрулла Абылаев ағамыз, – дегені бар емес пе?

Иә, Қайрулла Шалғынбайұлының есімі Аралдағы еңбектеген балада­н, еңкейген қартқа дейін етене­  таныс. Қарапайымдылығына қарап тұрып қызығасың. Білімі теңізд­ей терең. Көкірегін күмбір­леген күй сандық дерсің. Қазақ ақындарынан Қадыр Мырзаәліні қалап оқиды. Орыстардан Сергей Есенин, Александр Пушкин өлеңдері табиғатына жақын. Ағылшынның Байронына да бүйрегін бұрады. Жастайынан азанғы дене жаттығуларын аттап өтпейді. Ол үшін салауатты өмір сүру бұлжымас заң.

Бұл бүгінде 80 жастың төріне шығып, төңірегіне баяғының абыздарынша асқақтай көз жүгіртіп отырған Қайрулла ақсақалдың біз білетін бір қыры ғана. Аралда ол бас сұқпаған кітапхана, ол оқымаған әдеби, техникалық, тарихи, жағрафиялық кітаптар жоқтың қасы. Арманы асыл, жігері алмас жас жігіттей жарқылдаған ағамыздың өткен өмір жолдарын еске алып, соны аңсап әңгіме өзегіне айналдырады. Сондайда Қайрекеңнің баст­ан кешкен жадау-жүдеу балалық шағы, әке соңына ілесіп колхоздың отар-отар қойларын қырқымға, мал төлдетуге немесе күзгі қара суықта бүрсеңдеп қыстауға айдап бара жатқан балалықтың ашқұрсақ күндері ойға еріксіз оралады.

Қайрулла аға қойшының отбасында  дүниеге  келген. Қойлы ауылда оң мен солын танығанша жүре  берер  ме  еді, қайтер еді? Егер молда әкесі Шалғынбай ата арқас­ынан қағып қойдың соңына емес, білімнің соқпағына сілтемесе.­ Кеңес үкіметінің діндар адам ретінд­е түртпегін көп көрген әкесі балал­арының  бәрін  оқытып, тоқыт­ты. Жоғары білім алуына жағдай­ жасады. Тұла бойы тұңғышы орта  мектепті  алтын  медальмен­ тамамдады. Анасы Қасеннің көзіне қуаныштан жас үйірілді.

Адам жастық шақта арманшыл болады. Албырт жүрек алып ұшып кеудені бұзып шығардай бұлқынады. Бір кездегі алыс түкпірдегі қойшының баласы Алматыны былай қойып, Ленинград қаласына тура тартты. Мектепте мерейін тасыт­қан алтын медалы абыройын асқақтатты. Ленинград қаласындағы бүкіл­одақтық М.И.Калинин атындағы жоғары дәрежелі политехникалық институттың инженер-механик факул­ьтетіне емтихансыз қабыл­данып, қасқа бас орыс оқытушыларын еріксіз ойландырды. Ау, Азия­ның түкпіріндегі айдаладағы сауатсыз қойшының қара баласы анау-мынау емес, іштен жану двигатель мамандығын жүрегімен қалап емтихансыз оқуға түсіп, елдің жағасын ұстатқанын қарашы.

Нева өзенінің жағасындағы бас қалада тарихи орындар көп-ақ. Соның бірі – қаңтарулы тұрған әйгілі «Аврора» крейсері. Маңа­йында қара-құра көп. Ылғи осы. Сабақ­тан  бос  уақытында Қайрулла студент осында келеді. Арал теңіз­інде жүзіп  жүрген  «Коммуна­» кемес­ін аралдықтар «біздің Аврорамыз» деп жер-көкке сиғызбаушы еді. Оған қарағанда мынау төбе­шіктің жанындағы таудай екен. Палу­бадағы ескі зеңбіректері от шашатындай еріксіз үрейлендіреді. Онан бөлек қаладағы патша сарайы, Сенат сарайы, басқа да үлкенді-кішілі ескерткіштер ежелгі орыс тарихынан сыр тартқандай.

1961 жылы аталмыш оқу орнын үздік тамамдаған Қайрулла Шал­ғынбайұлына Қазақ ССР Ғылым акаде­миясының адамдары «құда түсе» келеді. «Алматыға кел, академияға қызметке қабылдаймыз» десе де Қайрекең қайырылмады. Инс­титуттың жолдамасымен Қарағанды­ облысындағы Семізбұғылы кенішіне тартып тұрған. Кеншілер қаласы­ Қарағандыдан 200 шақырым жердегі бұл кеніштен руданы қорытатын материал алынатын.

Сол жылдың мамыр айынан баста­п әуелі кеніште тәжірибеден өтуші механик болып еңбек жолын бастаған Қайрекең көп ұзамай Қарағанды қаласындағы автомобиль транспорты басқармасының бас инженері Г.В.Воробьевке кездесіп, оның ақыл-кеңесімен зауыт­қа мамандығы бойынша шебер болып жұмысқа орналасады. Бастапқыда  бензинмен жанатын двигатель жөндейтін зауыт дизельді двигате­льге енді ғана кірісіп жат­қан екен бұл келгенде. Осы зауытта екі жыл қызмет атқарып, кейінірек бас механик қызметін 1965 жылдың қыркүйегіне дейін абыройлы атқарған ағамызды туған жері Аралдың түтіні тартты да тұрды. Әйгілі қаламгер Сәбит Мұқановтың:

Туған жер, сенде туып, сенен ұштық,

Дүниеде не бар екен сенен ыстық, -

деген  жыр  шумағы  еріксіз ел жақ­қа атбасын  бұрғызды.

1909 жылы ағайынды іскер Лапин­дер алғаш кеме жөндеу шебер­ханасы ретінде ашқан бұл кәсіпорын келе-келе зауыт болып керегесін кеңейтті. Атағы Баку, Одесса, Севастополь, Чаржау сияқты­  теңіздерді тел емген қалалардан асып, бүкілодақтық сипатқа ие болғанын аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Бұл зауытта Қайрулла Шалғынбайұлының өмірі­нің ең бір қызықты кезеңі өтті. Ол осы зауытта отыз бес жыл үзіліссіз еңбек етті. Оның ішінде жартылай автоматты дәнекерлеу цехында  шебер,  жаңа техникалардың инженері, прораб-құрылысшы, цех басшысы, бас инженер сияқты қыруар қызмет өткелегінен қара нардай қайыспай өткенін кім білмес.

Жаңашыл Қайрекеңнің өнер­тапқыш екенін теңіз жағалауын­дағылар жақсы біледі. Жаңалыққа жаны құмар. Бұл саладағы авторлық табыстары әлденеше куәлікпен бірге бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің күміс медальдарымен атап өтілгенін оқта-текте ойға түсіреді.

1979 жылдан 1996 жылға дейін зауыт директоры қызметін абыройлы атқарған Қайрекеңнің осынау он жеті жыл ішінде бұл саладағы жетістіктері, табыстары аудан активі­нің көз алдында. 1996 жылы құрметті демалысқа біржола бет бұрған Қайрекеңді арада 3-4 жыл өткенде зауыт директорының кеңесш­ілігіне шақырады. Әншейін­де тыным таппайтын аға бұл жолы қуана келісті.

Қоғамдық қордың көп жыл құрылтайшысы, әрі басшысы болып қыруар қызмет атқарды. Талай жыл аудандық кеңестің депутаты, аупарт­комның мүшесі, партконференциялардың делегаты болып сайлан­ған ағамыздың артында қанша­ма ізгілік іздері сайрап жатыр­. Соның бірегейі кеме жөндеу зауытындағы тынымсыз жылдары. Одақтың  тұс-тұсынан  келген кемеге­ қажетті құрал-жабдықтарды­ құрастырып, онан кеме жасап айдын­ға шығару аса абыройлы іс болатын. Қайрекең ұжымдастарымен бірге сол биіктен кезінде көрі­не  білген басшы. Кеме жөндеу зауытының іргесіндегі қойнау суына түсірген кеме сәлден соң айдында жүзген аққудай гудогын гуілдетіп ұлы теңізге беттейтін, сол кездері зауыт директоры Қайрулла Абы­лаевтың жүрегі атқақтай соғушы еді. Өздері құрастырған кеме енді тіршілік толқынымен ұлы өмір айды­нына  бағыт алса, үміт пен  күдік қатар арпалысып, қашан көз­ден ұзағанша  қарап  тұратын.

Қайрекең зауыт басқарған он жеті жыл ішінде қаншама кеме құрастырылып, Арал теңізіне түсі­рілмеді десеңші. Бұған Өтемұрат Досжанов, Шыман Ердіхалықов, Талап­ Шалманов, кеме құрастырушылар бригадирі, аупарткомның бюро мүшесі Сағидулла Таласбаев, Қайыпназар, Марат Сексенбаев, Нұрлан Әлібаев, Бөрі Сәңкібаев, Жұбатқан Байназаров, Қосаналы Таласбаев, Қожағұл Әбішев, Нұр­ғожа Қашақбаев, Төлеген Әбибуллаев және басқалары Қайрекеңмен кеме жөндеу зауытында ұйымшылдықпен еңбек еткен елге танымал жандар. Бұлардың арасынан депо басшысы, зауыт, фабрика директорлары аз шыққан жоқ.

Жоғарыда Қ.Абылаев жаңашыл, өнертапқыш басшы болған адам дедік қой. Бір кездері Қарағандының мотор жөндеу зауытында алған­ тәжірибесі кейін өмірлік азығына айналды. «Аралдың Аврорасы» атанған «Коммуна» теплоходының валын жаңаша іске қосуда әлгі тәжірибесі жүзеге асқанын бұрынғы құрастырушылар әлі күнге тамсана  айтады.

1985 жылы көтеру транспорты атанып, бір кездері Орта Азия паро­ходствосына қараған бұл зауыт бұдан былай Мәскеу жаққа қарай мойнын созды. 1992 жылы аралдықтар әр кезде кеме жөндеу, кеме құрастыру зауыты атандырып алақанд­арына салған іргелі мекеме­ вагон жөндейтін зауыт дәрежесіне түсті. Бұл Кеңес одағы ыдырап, тәуел­сіз­ қазақ елі өз азаттығын жа­рия­ла­ған  жылдармен  тұспа-тұс кезең  болатын. Сөйтіп, 1996-2000 жылдары Батыс Қазақстан теміржол басқармасына вагон жөндеу шеберханасы болып бағынған ол нағыз «шөре-шөренің» күйін кешкен.­

Қайрекеңнің үйде жатып бұрын­ғы үлкенді-кішілі ұжымдастарының басындағы жағдайды ойлап­ қабырғасы қатты қайысты. Енді қайтсін. Бір нанды бөліп жеген­, жұмыс десе жанып тұратын жайсаң жігіттердің жүні жығылып қалды-ау деп ой теңізіне шомады ерте-кеш. Сөйтіп жүргенде Аралға сол кездегі Қазақстан Республикасының  Транспорт министрі Нығметжан  Есенғарин  атбасын  тіреді. Минис­тр ғасырдан астам тарихы бар зауыттың тағдырына ұжым мүшелерімен сөйлесе келе шынымен алаңдады. Өйткені, кеме жөндеу, құрастыру зауыты атанып 100 жыл ішінде өскен-өнген мекеме енді бірде көтеру транспорты, ролл трейлер, енді міне, вагон жөндеу шеберханасы болды да. Қазір  зауыт  қаңқасын  қара  құлып күзетіп  тұр.

Айтайын дегеніміз, Қ.Абылаев басқарған жылдары кеме құрас­тыру зауытының атағы бүкілодақтық  дәрежеде  дүбірледі.  Болат жол арқылы кең байтақ Кеңестер одағыны­ң тұс-тұсынан келген кеме бөлшектері осы Аралдағы кеме құрастыру зауытында құрастырылып, теңізге дайын қанша кеме түсірілді  десеңші.

Зауыт мамандары сексенінші жылдары Ресей мен Украинадағы Ильичевск, Одесса, Киев, Мәскеу маңайындағы жерлерге аттанып, қатты машықтанды. Соның нәтижесінде баға жетпес тәжірибе жинақталды. Ол жылдары зауыт тек қана өз жоспарын орындап, өз өнім­дерімен өзгешеленген жоқ. Аудан шаруашылықтарына, балабақша­ларға, денсаулық мекемелеріне талай­ рет қолдау көрсетілді. Шефтік  көмекке  алды.

Өткен ғасырдың жиырма бірін­ші жылы Лениннің тапсырмасы бойынша зауытқа жөнелтілген токарьлық және фрезерлік станоктардың қазір мекеме ауласында тек қана алғашқысы көненің көзіндей болып ескі тұғырдың үстінде тұр. Маңайына адам ізі түспегелі қаншама жыл өтті. Темір тозады, өмір озады. Тек қана адамдардың ел-жұрты үшін жасаған игілікті істе­рін, ізгілікті іздерін уақыт та өшіре алмайды  екен.

Бар заманда мектебі жоқ ме­диен далада ақтылы қой өргізген қойшының баласы қайда оқымады десеңші. Чкалов колхозынан басталған білім сапары Шижағаның аржағындағы Дөңгелек сорда, Тәуіп­те, Сексеуіл теміржол стансасында жалғасып, ақырында орта білім туралы аттестатты сонау Қостанайдағы  ірге­тасын 1882 жылы қазақ халқының тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин қалаған мектеп-интернаттан алуына тура келген. Ауыл баласы осы білім ұясын алтын медальмен бітіргенде жинал­ған бүкіл қауым бас шайқағаны есте.

Қазақ білімінің қара шаңырағы іспеттес осынау тарихи мектепті бірге тамамдаған сыныптас дос­тары Қайназар, ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковниктері Ғалихан, Ершат, техника ғылымдарының докторы, профессор Көбеген Досым­ов, Жоғары Соттың мүшесі болған Жәмила Байжанқызы, «Байқоңыр» ғарыш айлағында жауапты қызмет атқарған, Ленинградта бірге оқыған полковник Мұхит әлі күнге хабарласып, хал-жағдай білісіп  тұрады.

Бір кездері айдынды Аралдың ақжал толқыны ойнақтаған айдында ақ кемелер құрастырып, аққудай жүздірген Қайрулла Абылаев жасы сексенге келсе де қоғамдық жұмыс­тардың бел ортасында жүр. Өмірлік қосағы Алтын Әлімжанқызы екеуі­нің тұрмыс құрғандарына ағымдағы жылы тура жарты ғасыр. Кеме жөн­деу зауытында өзімен қол ұстасып ұзақ жылдар бірге еңбек еткен. Жеті баласының бәрі жоғары білім­ді. Тәуелсіз еліміздің тұс-тұсында, халқымыздың игілігі жолында тер төгуде. Бір қызығы, төрт бірдей перзенті әке жолын қуған жоғары білімді инженерлер. Немере, шөберелердің өзі бір ауыл.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қайрулла Абылаев талай мақтау-мадақтан кенде емес. Соның ішінде ол  «Еңбек  ардагері»,  «Астанаға  10 жыл», «Конституцияға 10 жыл» медальдарымен қоса «Қазақстан Республикасы транспортына еңбек сіңірген қызметкер» «КСРО теңіз флотының құрметті қызметкері» атақтарын тонның ішкі бауындай жақын тұтады. Өйткені, соңғы қос атағының өн бойында өткен еңбек жолдары сайрап жатыр. Сағыныш­қа  толы  еңбек  жолдары  ол.

Толыбай  АБЫЛАЕВ

 


ШАҚЫРЫЛМАҒАН «ҚОНАҚ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.07.2017 09:19

Бірде көкемнің қыздары үйіне шақырды. Әкеме:

- Әке, сіздің бауырыңыз Темірхан көкенің қыздары маған­ қонақ болып кет деп қолқа салуда. Барсам рұқсат па? - дедім.

- Жарайды бара ғой, - деп шығарып  салды.

Көкем үйіне барған сәтте есік алдынан күтіп алып, қонақжайлылығын көрсетті. Үйге  кірсем  дастарқан жайнап­ тұр. Бәріміз арқа-жарқа болып түскі асымызды ішіп алдық. Содан теледидар көріп отыр­ған едім, сол кезде жеңгем:

- Далаға серуендеп  келмейсіңдер ме? Күн райы қандай керемет болып тұр! Сендер таза  ауа  жұтып, сергіп қайтыңдар. Мен төсек орындарыңды дайындап қоямын, - деді.

Барлығымыз сыртқа шығып, қыдырып қайттық. Үйге келсек, төсек орнымызды да­йындап қойыпты. Бәріміз әңгіме дүкен құрып отырдық. Мүлдем ұйықтағымыз келмеді. Қаншама жиналып қалған әңгімелерді айттық. Содан көкем­нің қыздары ұйықтайық деп, барлығы жатып қалды. Менде ұйқы жоқ. Бір­деңе тық-тық етке­ндей болды. Әпкелерім­нің оған дейін айтқаны есіме орала  кетті. Олар:

- Біздің үйде үй иесі бар. Ол тек түнгі уақыттарда шығады. Сен одан еш қорықпа, саған­ ол кісі тиіспейді, - деген­  еді.

Қорқыныш сезімі жүрегіме дендеп барады. Не істерімді білмедім. Мүмкін, әпкелерім айтқан жаратылыс менің жанымда тұрған болар?! Осыны ойлағанымша бол­ған жоқ, кенет бөлме ішінен адам аяғының тықыры естілді. Жан-жағыма қараймын. Жаным­дағылар тәтті ұйқы құшағында  жатыр. Бөлме іші қараң­ғы. Әлгінде ғана тықылдаған дауыс­  қайтадан  басталды. До­ғара­ қойған жоқ. Бір уақытта көз алдыма аппақ денелі, бойы тапал­, киімі өзінен де ұзын кісі кіріп келмесі бар ма? Аса қатты жылдамдықпен мен жатқан төсектің дәл төбесіне келіп маған­ жалт қарады. Бет әлпеті жоқ, тек сұлбасы ғана. Құдды аспан­да ілініп тұрғандай. Бо­йымды үрей билеп, қорқынышым үдеп барады. Қолыма ілін­ген көрпені жамылып алдым. Барынша қымтанып-ақ жатырмын. Шарасыздықтан шырт ұйқыда жатқан әпкемді оятуға мәжбүр  болдым.

- Әпке, әпке, тұршы. Өтіне­мін тұршы, сен айтқан үй иесі келіп тұр, ояншы, - деп қоямын.

Әпкем көзін де ашқан жоқ. Біршама уақыттан кейін барып:

- Мен саған айттым емес пе? Саған түк те тиіспейді, ол жай ғана үй иесі деп. Қане жата ғой. Ол таңға жуық кетеді, - деді де әпкем қорылға басты.

Көкемнің үйі ескі болатын. Іргетасының қаланғанына бақан­дай 30 жыл болыпты. Үй иесінің адамдардан еш именбей, өзін көрсетуі үйдің ұзақ уақыт бойы пайдаланылғанынан шығар­ деп түйдім. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» емес пе? Жасы менен де үлкен үй осы әулеттің талай тарихына куә болға­ны шындық. Осы ойлармен арпалысып, үй иесінің төбемнен төніп тұрғанын ұмытып кетіп­пін. Қарасам, әлі тұр үйдің «қонағы». Осылайша шаршағанымнан мен де ұйықтап қалдым. Таң бозара бастапты. Көкем, жеңгем ұйқыларынан тұрып, таңғы ас дайындап жаты­р екен. Мен жан-жағыма қарап ойланып қоямын. Елес пе, құбыжық па қайда кетті екен? Неліктен менің көзіме көрінді? Содан “таңғы асқа келің­дер” деген жеңгемнің дауы­сы шықты. Бәріміз таңғы ас ішіп отыр едік. Сол сәтте мен түндегі болған жағдайды көкеме баяндап беруге асықтым.

- Көке, түнде біз жатқан бөлмеге ақ киімді адам келді. Жаман қорықтым, не істерімді білмедім. Мен дәл осылай болаты­нын білген жоқпын, - дедім. Көкем:

- Ол үй иесі. Ол кісіден қорқудың керегі жоқ. Саған қыздарым айтпады ма? - деді.

- Иә, айтқан болатын. Бірақ мен сенбеген едім. Сене­тіндей жағдайда да болмадым. Ол үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін дүние ғой, - дедім.

Мінеки, көкемнің шаңырағындағы бір күнім осылайша өтті. Бүгінгі таңда көкем де осы ескі үйді бұзып орнына үлкен үй соқты. Қазір елес көзге көрінбейтін болды.

Айдана  ӘМІРХАН,

Қорқыт  ата  атындағы ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


ЖЫНДАРДЫҢ ӘЛЕГІ – АДАМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.07.2017 09:16

ДОСЫМНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ЖҰМБАҚ   ЖАҒДАЙ

Сырлас досыма кезекті құ­пиямды ақтармақ болып үйіне келдім. Есікті ағасы ашты. Ол Айболдың түнде үйге қонбай жүргенін айтты. «Соң­ғы уақытта досыңа не болып жүр? Кеш түссе үйден таппаймыз, істеген қы­лықтары, сөй­леген сөздері біртүрлі. Інімнің ішіне бір бәле кіріп кеткені анық» деді. Кеше ғана ақта­рыла сұхбаттасқан досым­ туралы­ мұндай сөз естіп, есімнен  тана  жаздадым. Аға­сының айтуынша, Айбол  үйге қонуды­ доғарған. Күндіз ғана келіп-кетіп жүр екен.

Ал айта­тыны – бір қыз. Сол аруға ғашық еке­нін қайта-қайта айта беруден танбайды. Үй ішіндегілер баланың ішіне жын кіріп кетті деп ойлап, мешітке апарған. Осы оқиғадан кейін жан досымды көрген емеспін. Тек жын, шайтан туралы үрейлі жағдайларды ести қалсам, соның бірі менің досымның да басынан өтіп жатыр­-ау деп қынжыламын. Себебі­, мен досым­ды жоғалттым. Жаға жыртыспасақ та, сөзге кел­месек те. Түсініксіз бір тылсым­ның заман­дасымды зар илетіп, отбасынан ажыратып, есін  кіресілі-шығысылы еткені қалай?  Жұмбақ!

Жалпы,  жындар,  шайтандар біздің өмірімізде бар ма? Бар болса қайда? Жоқ болса, жол­дасымның ақылын «ұр­лап», көрінгенге  күлкі  қылған  нендей құдірет? Бізге түсінік­сіз жындар әлемінің ақиқатын облыст­ық  дін  мәселелерін  зерт­теу орталығының аға маманы, дін ғылым­дарының магистрі Бахтияр Оспано­впен пікірлес­кенімізде  білгендей  болдық. Дін  саласы  маманының  ай­туынша, жындар бізбен қатар өмір  сүреді  екен. Ол туралы күллі мұсыл­манның қасиетті­ кітабы  Құранда­  Алла  тағала­ның «Мен жындар мен адам­дарды  өзіме  құлшылық  ету  үшін  жараттым» деген аяты бар. Бұл аятқа байланысты ислам­ ғұламалары жындардың адамдардан бұрын жаратылғанын дәлелдеген. Сондай-ақ, олардың мұсылманы, кәпірі, жасы, кәрісі, еркегі, қызы болатыны да ай­тылады. Ата-бабамыздың осы жындардың кесірінен, кесапатынан сақтану үшін ырым-тыйымдары көп. Мәселен, күл-қоқысты баспа­, кірдің суын төкпе, орынсыз жерге дәрет сындырма, өзеннің бойында түнге қалма, тағысын тағы. Осылардың басын шалатын болсақ, күл-қоқыс – олардың азығы, дас­тарқаны, кірдің суы – төсегі, лас жерлер мен өзеннің жағасы – мекені. Қазақта жын қаққан, жын тиген, жын ұрған деген сөздер бар. Медицин­ада шизофрения, галлю­цинация, белая горя­чка деген терминмен келеді. Б.Оспановтың мәліметінше, жындар  біз­дің  субстан­ция­мыз­дан  бөлек өмір сүреді. Бізде кеңістік пен биіктік өл­шемдері x, y болатын болса, оларда x, y, w, z болуы мүмкін. Басқа халық­тарда бұлар «хороший домовой», «плохой домовой» болуы мүм­кін. «Хороший домовой»  – мұ­сылман жын, ал  «плохой до­мовой» – кәпір жын. Мұсылман жындар құран оқылған жерді меке­н  етеді  және иман келтіреді. Кәпір  жындар иман кел­тірмейді, керісінше  кесапатын тигізеді­. Осындайда...

 

«ГИДРАНЫҢ   БАСЫН ШАПҚАН   ГЕРАКЛ»

аңызы еске түседі. Бұл миф ислам­  мен христиан діні кел­ген­ге дейін пайда болған. Одан кейінгі илләһи кітаптардың барлығында кездесетін Сүлеймен пайғамбар жер бетіндегі барша жындар әлемін басқарған деседі. Алла тағала оған мұрсат берген. Сол арқылы ол жындарды жұм­сап, көлік ретінде пайдаланған-мыс.

 

ЖЫНДАРДЫҢ «ДОСЫ»  КІМ?

Мұнан бөлек дін ғылым­да­рының магистрі Бахтияр Оспа­нов «жындар көріп­келдермен тығыз байланысады» дейді. Қалай дей­сіз  ғой? Алла тағала­ның жындар­ға берген ерекше қа­бі­ле­тінің бірі – жылдамдық. Жындар  бүкіл жер шарын бар бол­ға­ны бір-ақ секунд­та айналып келе алады. Мысалы, затын жоғалтқан адам көріп­келге келіп  тауып  беруін  сұраса, жындар мүлкінің қайда жат­қанын бір секунд ішін­де барып­ көріп келеді де көріпкел­дің құлағына сыбыр­лайды. Осылай кей адамдар­ көріпкел дәрежесіне көтеріліп, кейбір жан­дардың сенімі­не ие болып жүр. Бұрынырақта ата-бабала­рымыз бақсы,­ көріпкелдерге  ауылдан алыс  жүруін  талап­ еткен. Тіпті, балгерлердің мәңгілік  мекенін  де қарапа­йым  адамдардан  бөлек  салған. Оған ұлы Абайдың сөзі­нен артық дәлел таппаймыз-ау. «Моласындай бақсының, жал­ғыз қалдым тап шыным­» дейді Абай.

Осыдан кейін күш-қуаты адамдарға қарағанда ерек, әрі мықты жындардың адам бала­сына кесапаты тимей ме деп үрейленуіңіз мүмкін. Әрине, біз оны қылышпен, не болмаса лазерл­і қарумен қырып жоя алмай­мыз. Егер жындардан қорған­ғыңыз келсе, Құрандағы сүрелерді оқып жүріңіз. Ел ішінде «Ықылас» сүресін оқып үйге кіріп, «Ықылас» сүресін оқып  үйден  шығатын  болсаңыз, үйіңізде береке болады» деген сөз бар. Сонымен қатар Алланың атымен табалды­рықтан аттап­ үйге кіретін болсаңыз, ол үйдегі  жындар  Алланың  атымен кетуге  мәжбүр  болад­ы. Баланы­ да еркелеткенде Алланың атымен атап ерке­леткен абзал­. Сол  кезде­  балаға  жындар  жоламаған   болар еді...

Түйін. Адамның басынан барлығы өтеді. Мен досым­ның санасын жындар әуреледі десем, тағы біреу жынмен бетпе-бет кездестім деуі ықтимал. Ислами түсінік бойынша, жындарды түгелдей жойып жіберу мүмкін емес. Алайда Алла тағала адамды жер шарына иелік етуші етіп жаратты, жындардан қорғанудың да жолын­ көрсетті. Әр адамның сенімі мен көзқарасы әрқалай­. Десек те, «жын тиіп» түсініксіз жайттың құрбаны­ болғандар үшін бұл ақпаратымыз кәдеге жарайды­  деген  үміттеміз.

Азамат  ЕРДАУЛЕТОВ,

Қорқыт  ата  атындағы ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


СЫРДЫҢ САРЫАРҚАҒА СЫЙЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.07.2017 09:09

Апта басында ел үшін ірі стратегиялық маңызды жоба өз жұмысын бас­тады. Алдағы уақытта алғашқы астана бүгінгі бас қала мен республиканың солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ететін болады. Дүйсенбіде «Қараөзек» компрессорлық станциясы салтанатты түрде іске қосылды. ТМД-да теңдесі жоқ соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған станцияның берері мол. Бұл тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл Еуразия­лық континенттің транзиттік әлеуетін арттырары сөзсіз.

Ұлт көшбасшысының алға қойып отырған негізгі тапсырмасының бірі де, бірегейі осы. Көгілдір отынның көлемін көбейтіп, энергия ресурстарын тасымалдауды әртарап­тандыру. Бұл жобаларды «ҚазТрансГаз» АҚ мүлтіксіз атқарып келеді. Нәтижесінде оның рақатын дүйім ел көріп отыр. Биыл республикада газ инфрақұрылымының  жоғары  технологиялық екі нысанының іргетасы қа­ланды. Оның бірі – Ақтөбедегі «Бозой» мен біздің аймақтағы  «Қараөзек» компрессорлық станциялары. Қос жоба­ның  қуаты қауқарлы.

– Ең маңыздысы, «Қара­өзек» станциясының құрылысы елордамыз Астана қаласын және солтүстік өңірлерді алдағы газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған. Болашақта Астананы газдандыру жұмыстары қасиетті Сыр елінің жерінен  бастау алады. Елбасының қолдауы­мен басталған ірі стратегиялық маңызы­ бар “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистралды газ құбыры Сыр еліне зор мүм­кіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызыл­орда облысын газдандыруға жол ашты. Бұл – Мемлекет басшысының бізге жасаған тікелей қамқорлығы. Аталмыш станцияның іске қосылуы – газ саласы қызметкерлерінің Астана күніне жасаған сыйы, - деді облыс әкімі Қ.Кө­шербаев жаңа компрессорлық стацияны іске қосу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Мерзімінен  жарты  жыл  ерте  тамам­далғанына  қарамастан,  жоба  құры­лысы жүйелі түрде жүргізілген. Соның арқасында мемлекеттің 10 млрд теңгесі үнемделді. Жобаның 1-ші кезеңінде Елорда  мен  Қарағанды  облысы, Ақмола­ облысының оңтүстік аудандары­ газдандырылмақ. Станцияның негізгі элементі – жұмыстың ең күрделі режимі­не арналған  «Solar Turbines» америкалық компаниясының жоғары технологиялары негізінде әзірленген газ­турбиналық қондырғылар. Барлық үш агрегат­ты пайда­лан­ған кезде компрессорлық станцияның өнім­ділігі тәулі­гі­не  43,5 млн текше метрге жетеді. Жылдағы әдет бо­йынша оңтүстік өңірлерде газ тапшылығы сезіліп келген-ді.  Әсіресе,  жылу  маусымы жақында­ған сайын көгілдір отынға деген­ сұраны­с мейлінше артатын. Онымен­ қоса 2012 жылы Елбасы:  «Еліміздің ортал­ық  аймақтарын,  Астанан­ы  «көгіл­дір отынмен» қамтамасыз ететін газ құбыры желісін жобалап­, оны  іске  асыруғ­а  кірісу  керек.­ Бұл – көп шығынды қажет ететін жұмыс, алайда газға тәуел­діліктен құтылу үшін мұны жа­сауымыз қажет. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін мемлекет, сондықтан елімізді газ­дандыру үшін қандай қиындыққ­а  болса­ да қарамай, бұл іске кірісуге тиіспіз»,- деген  еді. «Қараөзек» жобасының негізгі міндетінің бірі – бас қаланы газдандыр­у. Міне, президенттің пәр­мені  жүзеге  асты.

«Қараөзек» станциясы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырының өткізгіштік қабілетін 10 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл көгілдір отынның Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Қытай нарығына жеткізілуін қамтамасыз етеді. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 1534 шақырым, оның 180 шақырымы Сыр өңірінің аумағынан өтеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл жобаларды жүзеге асырып жатқан «ҚазТрансГаз» АҚ мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында 4 аудан орталығы мен Байқоңыр қаласы газдандырылған еді. Жалпы сомасы 23 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Қазір аталмыш аудандар көгілдір отынның пайдасын көруде. Сондай-ақ, «Азиялық газ құбыры» ЖШС бас директоры Чжун Фань «Қараөзек» және «Бозой» компрессорлық станцияларынсыз қазақстандық газды Қытайға тасымалдау және елдің оңтүстігіндегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айтты. Бұған қарамастан екі елдің ынтымақтастығы нығай­ып, одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

Станция салтанатты түрде іске қосылғанна­н  кейін,  мәртебелі меймандар  кешеннің  жұмысымен танысып, оң  бағасын  берді.

Қозы  Көрпеш   Жасаралұлы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары