Өзекті мәселелер

  • 15.02.18

    Дария демі ішінде. Ақпан басталғалы Сырдарияның маңына жақын орналасқан жұртшылық арнасынан асқан өзен суынан қауіптенгені белгілі. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Бұл туралы облыс­тық  жұмылдыру дайындығы бас­қармасының басшысы Серік Сермағамбетов өңірлік ком­муни­ка­циялар қызметінде БАҚ  өкіл­деріне мәлімдеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Көпшілік ортада кейбір баланың іс-әрекетіне, қылығына қарап, оның тәрбиесіне баға береміз. Өйткені бала ес білгеннен бастап ата-анасының іс-әрекетін қайталап, айтқан сөздерін жаттап, санасына тоқып алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осының дәлелі іспеттес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға, балаларға тәрбие жөніне келгенде көңіліміз толмайды. Өйткені, (барлығына бірдей топыр...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Алланың адам баласына берген­ сыйы – жарық дүние. Сол дүние есігін ашқаннан бастап өмірден озғанға дейінгі уақыт ол әр адамның өз еншісінде. Ата-ана үшін өмірдегі ең маңызды сәт – сәби сүйіп, тұлға етіп тәр­биелеп, жетілдіріп, ел қатарына қосу. Бұл – әрбір ата-ана үшін алдыға қойған бірінші мақсат. Мұндай  бақыт  біреуге  бұйырса, біреу  осыған  жете  алмай  жүр.

    ...
    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Әңгіменің төркінін тақырыптан-ақ бажайлаған боларсыз. Иә, мәселе жұдырығын жұмса ашпайтын, ашса шаш­пайтын  нағыз Шықберместердің ізін жалғап, өкшесін басып­  келе жатқан жігіттер жайын­да болмақ. Жомарттық, мәрттік, кеңдік, ол – кісінің алдын­а қысылмай кең құлаш даста­рқанын жайып, қолында барын төге салатын, тіпті қажет болған жағдайда жарты бай­лығын теңдей бөле салатын адам. Сіз бен бізде,...

    Толығырақ...
  • 15.02.18

    Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жауды...

    Толығырақ...
Жұма, 12 Қаңтар 2018

Арықбалық шайқасы құрбандарына арналды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.01.2018 15:31

«Әрбір өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған баһадүр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары ұмытпауға тиісті» деген Елбасы лебізі көкірегі ояу әрбір адамға ой салары анық. Әңгімемізді осылайша бастауымыздың өзіндік себебі де бар. Есімі, атақ-даңқы исі қазаққа мәлім батыр һәм әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз жайлы талай айтылып, жазылып жүр. Әрі солай да бола бермекші. Елі үшін басын бәйгеге тігіп, сол жолда шейіт кеткен саңлақ сардардың жарқын бейнесі өзі жан-тәнімен қорғаған халқы барда санадан өшпейтінін Жанқожа батыр ауылындағы Алик Тілеуімбетов басшылық жасайтын № 94 мектеп ұжымы ұйымдастырған мекемеаралық сайыста тағы да көзіміз жетті. Көрермендер мен сайысқа қатысушы командалардың делебесін қоздырып, жігерін жаныған дүбірлі доданы өткізуде әскери қолданбалы спорт сайысы түрінің таңдап алынуы да бекер емес. Небары он жеті жасында талай мен деген айтулы ерлердің мысын басқан қарақалпақтың батыры әрі балуаны Тықыны жекпе-жек шығып басын айбалтамен қағып, қалған ғұмырында сандаған шайқаста жүрек жұтқан ерлігімен дараланған Жанқожа баһадүр мен сарбаздарының, Арықбалық шайқасының құрбандарының қаһармандығын мұнан өзге қандай сайыс ашар еді?

Тарихтан парақтаған жандардың «Арықбалық шайқасы» жайлы жақсы хабардар екені анық. Алайда «артық болмас білгенің» қағидасымен сонау қасіретті кезеңнің ауыр зардабы жайлы аз-кем дерек келтірсек. Әз бабамыз бастаған ержүрек сарбаздардың Ресей патшасы өкіметінің озбырлығына қарсы қарулы шайқасқа шыққаны, Қазалыны қоршауға алғаны, шешуші шайқастың Арықбалықта, яғни қазіргі таңда Жанқожа батырдың есімімен аталатын елді мекеннің маңында өткені, мұздай қаруланған патша жазалаушыларына қарсы көтерілісшілердің асқан жанқиярлықпен соғысқаны, қарша бораған зеңбірек, мылтық оғының көптеген боздақтарды мерт қылғаны, қарапайым халықтың талауға түсіп, елі-жерінен амалсыздан босып кеткені туралы жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ., 1894 ж. 18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) тайға таңба басқандай анық жазылған.

Енді осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназдың «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген деректен қарапайым халықтың қанға бөккенін ұғынасың. Олай демегенде ше? Көшпенді тірлік кешкен ұлтымыздың сол тұстағы пана-қорғаны киіз үйлер ғана екені белгілі. Түкірігіңнің өзі жерге түсіп үлгермей қатып, мұзға айналатын қаңтардың қақаған аязында бар баспанасы, жан сақтарынан айырылған дүйім жұрттың қаншасы үсіп (әсіресе емшектегі нәресте, бала-шаға, қарттар, ауру-сырқаулар) өлгенін кім білсін? Еріксіз жанарың жасқа, көкірегің мұңға толып, ауыр күрсінесің. Бабалар аруағын қастерлеген көргені мол ұрпаққа алғысыңды жаудырасың.

Бүгінгі ұстаздар ұйытқы болған Арықбалық шайқасына 161 толуына арналған сайыс осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылғанын, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетов пен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, танымал спортшы, мықты өнерпаз, лейтенант Алмат Аралбаев бауырымыздың келешекте жарыс ауқымын ұлғайтып, аумақтық, тіпті аудандық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғанын естігенде ішіміз жылыды. «Жақсының жақсылығын айт». Бүгінгі баршаға ортақ, ұлағаты мол шараға «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосын, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетеу Ерекеш, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев бастаған ұжымдар демеушілік танытса, Дәурен Омаров басқаратын «Қазалы» газетінің журналистері белсене араласқанын атап кеткен жөн.

Сонымен автомат жинау, оқ жинау, мылық ату, қол күрес, арқан тарту тәрізді шарттардан тұратын сайыста Арықбалық ауылдық округі әкімдігінің командасы дара шығып, жеңімпаз атанды. Жекелеген сайыстарда «Жанқожа жастары» командасының мүшелері, студент жастар Ақмырза Қартбай, Өмірбек Рахман, тағы басқалары үздік шығып, Жайдарбек Көпбатыр, Қасқырбай Әлиев, Оңғарбай Тұяқбаев, Жетпісбай Қарасаев, Тұрсынкүл Тоқманбет, Қаршыға Қалымбетов көрермендердің ықыласына бөленді.

Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетеу Ерекеш, Арықбалық ауылдық округінің әкімі Сапарбек Қуатов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұлов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дайындалған марапаттарды тапсырды. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмайды» деп тегін айтылмаса керек.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ ТӨРТІНШІ САТЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2018 15:22

Көне тарих қатпарынан қопарып алған қыш пен топыраққа тәнті болған­мен, ол енді бізге қамал да, қорған да болмайды. Қадым замандардан бері бетін күн жеп, түбін сор кемірген дүниелер еңселі ел үшін тек тарихи құнарын жоғалтпақ емес. Тарихтың әр бетіне бабадан балаға мұра етіп жазған құндылықтар – көшпенді халықтың бізге берген ең ұлы жәдігері. Ұлттық сана, елдік мұрат, біртұтас ұлттық идеологияның ошағына­н от үзбеу – бізге парыз. Өткен күн мен келешек дәуірдің, тіпті ғасырлар тоғысындағы ғаламдық доданың көшбасшысы ретінде ұмтылу үшін бізге тек бағдар, мақсат және технологиялық жаңару үрдісі қажет.

Тас дәуірінен басталған тарихи кезең мыс және қола дәуіріне дейін дамып,­ Андронов мәдениетіне жалғасты. Осы ретте егемен елімізді саяси-идеологиялық тұрғыдан төрт кезеңге бөлуге болады. Бірінші, Қазақстанның Ресей империясының құрамында, екінші, Қазан төңкерісі мен азаматтық соғыс жылдарында, үшіншісі, Қазақстан Кеңес Одағының құрамында және соңғы даму сатысы, әрине, Тәуелсіз Қазақстан. Еліміз бен жеріміздің осы мәртебелі статусын болашақтың еншісіне жеткізу үшін жаңа кезеңге қадам басып келеміз. Бүгінгі бағдар һәм болашақ қадамымыз  – «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері». Бұл – мемле­кет  басшыс­ының  2018  жылға  Қазақстан  халқына  Жолдауы.

- Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала бере­ті­н азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессия­аралық келісім. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендте­р  көрсетіп  отырғандай, ол, бірінші кезекте, төр­тінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкін­дік­тері де бар, - деді ел президенті Жолдауында.

Мақсат пен міндет межесіне талпынып, төбесі көкке жеткел­і тұрған мықты ел атану үшін өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қар­қынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеміз. Ол үшін біз алға қойылған он міндетті жүзеге  асыруға  тиіспіз.

Біріншісі, индустриялан­дыру. Жаңа технологияларды енгізуде еліміз көшбасшы бола білу керек. Өнеркәсіпте өнді­ріс процестерін цифрландыру мен заманауи  бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өндірісінің деңгейін көтеруге мүдделіміз.

Рас, осы күннің өзінде технологияның даму үрдісі адамдардың рухани дамуына кедергі келтіріп отыр. Сол секілді экономиканы да цифрландыру толағай табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің серпіні босап қалу қаупін тудырады. Бұл ретте­ білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігі алдыңғы орынға ие.

Ресурстық әлеует­ті одан әрі дамыту саяси құжаттың екін­ші міндетінде. Қазіргі уақытта ақпараттық-технологиялық ше­шім­дерді енгізу талап етіліп отыр. Бұл шығарылатын өнім­дердің үлесін арт­тыруға, оларды қайта өңдеу  терең­дігін  меңгеруге, энер­гияны  үнемдеуге және өндіріс экологияс­ының жақсаруына мүм­кіндік  береді.

Тұтынушылардың таза таби­ғи өнімге сұранысы арт­қаны секілді әлем экономикасы­ да табиғи ресурстарға мұқтаж. Осыдан-ақ, оның еліміз үшін ғана емес, жаһандық маңызға ие екенін аңғарамыз.

Мойындау керек, соңғы үлгідегі техникалық құрылғылар адамға қарағанда әлдеқайда «ақылдырақ». Бұл тек ақпараттық немесе технологиялық бағытта ғана қолданылады деген­ сөз емес. Оған мемлекет басшысының «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кеше­нін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деген бірауыз сөзі ауқымды мәселенің басын шарпығандай. Алайда жаңа мүмкіндік жаңа табысқа, тың жобаларды жүзеге асыруға жұмсалса, құба-құп. Алдымен аграрлық саясат еңбек өнім­ді­лігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Заман егін егіп, дәнді дақыл­дарды өсіруді қанағат тұтып тұрған жоқ. Жаңашылдықты, тың  бастаманы, заман­ға сай техникаға «сана» сыйлау­ды, аграрлық ғылымды дамыту мәселесін меңзейді.

Бүгінде Қазақстан шека­расы арқылы өтетін трансконтиненталды коридор санаулы емес. Өткен жылдың өзінде жүк  транзиті 17 пайызға өскен. Осы қарқынмен есептесек, 2020 жылы транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 5 миллиард долларға жеткізуге болады­. Бұл қаржы есебінен инфрақұ­рылымға жұмсалған мемлеке­т қаражатын тез арада қайтар­уға мүмкіндік бар. Бұл Жолдауда төртінші міндет қатарында тұрған көлік-логис­тика­ инфрақұрылымының тиімді

 


«ҚОРЫҚҚАН БҰРЫН ЖҰДЫРЫҚТАЙДЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2018 15:12

Баспасөз қашандағыдай өз қыз­метіне адал. Оның міндеті – елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын жұртшылыққа жет­кізу, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу. Бұл бағытта тәуелсіз саналатын БАҚ-тың да қоғамға берер пайдасы барын жасырып-жабудың еш реті жоқ. Алайда биліктегілер олай ойламайтын тәрізді, ресми басылымдарға «жасыл шам» жағып, тәуелсіз басылымдарды тұқырту, «біздің ат озсын, олардың аты тоқтай тұрсын» дегенге саятын әрекет жиі орын алады. Асылында, газет – қоғамның айнасы. Кім-кім де сол айнадан өзінің бет-бейнесін көре алады. Бірақ, біздің билік бұл айнадан өзінің жағымды бейнесін ғана көргенді қалайды. Сын мен мінді, шындық пен ақиқатты айтқанды арқасы­нан қаққысы келмейді. Мұны неге  айтып  отырмыз?

Бір ғана мысал. Бүгінде газетке жазылу да бір сын. Нақтылағанда әжептәуір науқан. Әрбір басылым өз межесінен бір мысқал кем түспеуге тырысады. Абырой ортақ деп елдің тілеуіне иек артады. Бірақ, жоғарыда айтылғандай, биліктің белден басуы тәуелсіз басылымдардың бойын жаздырмай тұр. Бұл биылғы баспасөзге жазылу науқанында әсіре байқалды. Аты-жөнін атамауды өтінген  баспа­сөз тарату  мекемесі  маманының  айтуын­ша, қалалық білім бөліміне қарасты мектеп мұғалімдерінің «Халық» газетіне жазылу бойынша түзілген тізімін кері қайтартып, таңдау­ еркіне, қалауына қол сұғып, республикалық «Егемен  Қазақстан», «Казахстанская  правда»  газеттері мен жергілікті ресми басыл­ымдарға жазды­рыпты. Мұндай жайт об­лыст­ың солтүстік ау­дан­дары мен Қорқыт баба байыз тапқан киелі мекенде де орын алған көрінеді. Бұдан нені бай­қауға болады? «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» деген, қоғамдағы  келеңсіздіктерді, ашық  ой-пікірлерді, түйінді мәселе­лерді, халықтың  мұң-мұқтажын, шынайы­лықты  жайып  салатын  тәуелс­із БАҚ-тан гөрі «оң имидж» қалыптастыратын, «сүймекке жақсы күлшелі баласын» сүйемелдегенді сүйкімді санайтын жоғарғы жақ­та­ғылардың  «на­мысы  жеңді».

Жасыратыны жоқ, біздің басылымның айтары айқын, түйінді түйт­кілдерді, толғақты мәселелерді көтеріп, сын тезіне алады. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті биліктің өздері үшін өте-мөте ыңғайсыз, жайсыз басылы­мдардан  бойын  аулақ  сал­ғы­сы­ келетіні содан. Бірақ, шын мәнін­дегі тәуелсіз басылым дәл осындай болуы керек емес  пе? Ресми БАҚ-тың ел ішіндегі шынайы беделін билік білмейді  емес, біледі! Олардағы ресми­ ақпараттарға көпшілік сене бермейді. Сондықтан да көпшілік тәуелсіз БАҚ-ты іздейді, соны оқиды, соның сөзіне иланады. Белгілі сая­саткер  Ә.Қосановша айтсақ, ол саланың  өзі  экономиканың бір бөлігі емес пе?  Өнім  шығарады, қаншама адамға жұмыс тауып береді, салық төлейді! Енді экономиканың осы саласы­н тұншықтырмай, әртүрлі кедер­гі жасамай, керісінше, БАҚ саласы­ндағы бәсекелестік ортаны дамыты­п, қолғабыс беру керек емес пе? Тәуелсіз басылымдарды өзінің жауы  санамай, онымен тең дәрежедегі әріптестік   негізінде  қарым-қатынас жасап, өзінің  серіктесі  етуі керек емес  пе?!

Әй, қайдам, біздің шенеуніктер ондай  өркениетті қадамға бара қоя ма  екен осы? Одан да өзіне жақпаған БАҚ-ты тұқырта түскен ыңғайлы-ау деймін  оларға.

Тіршілікте бір кем дүние бітпес. Бәлкім, бітіруге болар. Оған ықылас пен ынта қажет шығар. Әлде әрекет керек пе? Бұл да бір кем дүние екен. Ықылас пен ынта дегеннен шығады, «Халық» газетінің таралымын көбейтуде кеңпейілділік танытып, қолдау көрсеткен Арал, Қазалы, Жалағаш және Сырдария аудандарының басшылары мен ойлы оқырмандарына төл басылымның төрдегі орнын төмендетпегені үшін алғысымызды білдіреміз!

Ескінің  есті сөзі  бар: «Әуелі Тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді, елге берсе, ерге береді» деген. Құдай бергеннен таймасын, жүректегі иман азғындамасын. Тірлікпен төрге озайық, бірлікпен белге шығайық!

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

 


“БІЗГЕ ҚАНДАЙ ӘКІМ КЕРЕК?” PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.01.2018 14:53

“...Бізге қандай әкім керек?”. Берікбектің жұмысынан қысқарып қалғалы бар уайымы да, бас қайғысы да – осы. Жұмысқа орналасу жайына қалып, әкімнің әлегіне түскелі қашан?

Қазаншы болып үйде отырғанына екі жылға жуықтады. Айтуынша, қайбір жылы қытайлық компания 50-ден аса адамды себепсізден-себепс­із бір күнде жұмыстан қысқартыпты. Басым бөлігі қазақтар екен. Абырой болғанда айлықтарын алып үлгерген. Ақ адал еңбектерінің ақысын алу да оңайға түспепті. Бір­неше рет шағымданып, компанияның табалдырығын тоздырған. Берік­бек – жоғары білімді азамат. Кезін­де әке-шешесі қарызданып-қауғаланып жүріп оқытқан. Бір емес, қос дипломы бар. Саяси сауатты. Әлгі  қытайлық  компанияда бақандай  бес  жыл көлік жүргізіп, нәпақасын тапқан-ды.

Уақытында әйелінің ақшасын жаратуға намыстанып, бірнеше жерге бас сұғып та көрді. Бірақ, онысынан  ешнәрсе шықпады.­ Бас-аяғы 19 жұмыс орнының есігін қақты. Барлық жерде жемқорлықтың жаулағанын көріп, еріксіз шошыды. Мекемелер “бармақ басты, көз қыстын­ы” қажет етеді екен. “Биені бүгімен, түйені түгімен” жұтатындай, жемқорлық атауы өршіп тұр. Тіпті, он сегіз мың ғаламды жұтса да, жұмыры­на  жұқ  болмайтындай. Ең  өкініш­тісі, бұған жергілікті биліктің қау­қарсыздық танытуы. Олай деуге себеп­, Берікбектің жұмыстан шет­тетілгелі бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Көз алдында өтіп жатқан­ әділетсіздікті “ақ жағалы­ларға” талай рет баяндады. Зеріккен жесірдің ісін желіккен жігіт те түсі­неді ғой. Ал, бұлар... Оның үстіне тағынан  таймайтын болған соң “креслосынан” былқ етпепті де. Кей­бір мекемелер ішінде “дәрісі” бар конверт көрсетпесең, жұмысқа өлсең де кіре алмайсың деп ашық айтыпты.­

Әкімдіктен басы салбырап шыққан ол істі соңына дейін жеткізуге барынша тырысатын болған-ды. Бірақ, жолына көк атпен кесе-көлденең тұратындар көбейді. Жан-жақтан жұлқылағандар сыбайластықтың нағыз үлгісін көрсетіп, тынысын тарыл­та түсті. Әкім мен халықтың арасы алшақтап кеткенін енді ғана түсінгендей. “Иә, бұл бар жайт. Оны ешкімнен, ешқашан жасыра алмаймыз” десті өз-өзіне жабығып. Отырып қалған әйелдей үйде қамалған екі жылда Берікбек қара басының ғана емес, қараша халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуге талпынып көрді. Әуелі жылда көзден таса қалатын көріксіз көше жайын, одан соң ауызсу, аяқсу мәселесін қозғады. Көше тұрғындарын заң жүзінде өз құқықтарын білуге шақырды. Мұнан бөлек бірқатар өзекті мәселелерді қаузап, жоғарыдағыларға айтумен болды. Жергілікті әкімдік болса, “Жоспарда бар. Барлығы кезең-ке­зеңім­ен жүзеге асады” деген үйрен­шікті сөзін айтудан аса алмады. Ол аздай, білдей мекеменің жауапты маман­ы “Сен біздің артымызға майшаммен түстің-ау! Өзіңе не керек, атыңды шығара алмай жүрсің бе? Абайла, әйтеуір!” деп ескерту жасаған-ды. Міне, содан соң Берікбек біразға дейін аяғын тартып қалды.

Көп кешікпей әкімдер жаппай халық алдында есеп бере бастады. Жоқтан бар жасамаған атқамінерлер халықтың бар нәрсені “жоқ” деп айтпайты­нын жақсы біледі. Есеп беру кезінде баяндаманы бар күшін салып оқыған әкімге сұрақтар қарша бо­ра­ды­. Мұндай тосын сауалдарды күтпегендіктен, ол алақ-жұлақ етіп, састы да қалды. Қызметкерлері 4-5 адамға “мынаны қоясың, ананы қоясың” деп алдын ала дайындап қойған-ды. Өкінішке қарай, “сценарий” аяқасты­ өзгеріп, әкімнің ел алдында түрлі-түсті кейіпке енуіне тура келді. Онан соң, ісіне “салғырттық” танытқан қызметкерлеріне сөгіс берген де болар,­ кім  білсін!?

Бағалай білмегенге бақ қонбайды. Бұл ауданның халқы басшысын бағала­мады деу қисынсыз. Уақытында­ төресін төбесіне көтеріп, жақсылығын асырып,  жамандығын жасырып та көрді. Бірақ, бай – саңырау, бек – соқыр болса, біткенің де. Онсыз да көзбояғыш  әкімнің  кесірінен,  халық байғұстың көзінің сорасы ағып жатқаны­  әмбеге  аян.

Ертесіне кешке Берікбектің үйіне алып-ұшып көршісі жетті. Есік қақпастан ентігіп ішке кірген оның алғашқы сөзі “Әкім қызметінен кеткелі  жатыр екен ғой” деумен басталды. Есік қайта ашылды. Көршінің артын­ша келген әйелі екен. Ол да орындықтың бір бұрышына отыра кетіп, осы мазмұндас әңгімені бастап кетті. Орнын босатады дегенді сәтті пайдаланған кейбіреулері ертесіне кетуін нақты талап еткен көрінеді. “Жақсы әкім ғой, тәуірін қайдан таппақс­ыңдар?” деп қалың жұртшылықтан бөлініп, көткеншектегендері де табылды. “Келгенде қылдай жігіт еді, кетер  кезде  қарны  қабақтай, беті табақтай  болып  барады. Әкім  болып­ не бітірді?, Ех, енді ел болармыз” десті жұрт. Мұндай пікірлердің айтыл­уы да орынды. Өйткені, бірлігі сүттей ұйыған халықтың азып-тоз­ғанын тұрмыс-тіршілігінен аңғару қиын  емес  еді.

Әкім кетеді дегелі үшінші күн. Басшылық кетсе, дайын тұрған жұмыс  бар секілді Берікбек те ауыс-түйіске алаң. Қызметі өсіп, өзге ауданды да біз секілді етпесе болар деген жанашырлық ойы да бар. “Кетер­  болса, бізге қандай әкім келеді­?” дейді  тағы  да.

Кешқұрым сүйінші жаңалық жетті...

* * *

Ұйықтар алдында қиялдың жетегі­не еріп, біраз жерге барып қайтқан­дай  болды. Ондағы ойы “Талап­-арыздарыңызды  айтыңыздар, Сіздерге қандай әкім керек?” деген мәтіндегі бір  жапырақ хат келсе,­  жазар  едік  дейді.

“Тәк, бізге қандай әкім керек!? Білімді, көзі ашық, әділетті, қара­пайым.­..”

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ҚОШ КЕЛДІҢ, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
12.01.2018 14:51

Еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев уәдесіне берік екен. Тауық  жылы  тамамдалар тұста жауапты министр­лік сұйытылған мұнай газын­ың бағасы 10 па­йызға қымбаттайтынын жеткіз­ген болатын. Қаң­тар келісімен Бозымбаев болжамы шындыққа айнал­ды. Күні кешеге дейін аймақта май құю бекеттеріндегі пропанның литрі 62 теңгеден сатылып келсе, қазір  66 теңгеден босатылуда. Қараша халық қалып­тасқан қымбатшылықпен күресіп әлек. Өйт­кені былтыр бензиннің безгегі бұқараның басты мәселесі болған-ды.

Содан­ кейін облыста пропанмен  жүретін көлік саны 2-3 пайызға өскен. Ал жанар-жағармайдың құны көтерілсе, түлен түрткендей түрле­ніп шыға келетін азық-түлігіңіз және бар. Бұл өзгерістерге көлік жүр­гізушілерінің көңілі күпті. Өйткені жыл басталмай  жатып «желіккен» баға бетбақтырмай кете ме деп алаңдаулы.

– Бұрын көлігіме бензин құятынмын. Оның құны қымбаттағасын пропанға ауыстырдым. Бұның да бағасы өсіп барады. Енді не болар екен? Осы көлікпен отбасымды асырап отырмын. Жолақыны қымбаттатамыз. Басқа амал жоқ,- дейді такси жүргізушісі Серік.

Бағаны бірқалыпты ұстап тұру жергілікті би­ліктің қолынан келмей­тін сыңайлы. Себебі тарифті министрлік бекітеді. Ақпараттарға сүйенсек, газ өнімінің нарықтағы көтерме бағасы тоннасына 34 мың теңге болса, бүгінде ол 38 мың теңгеге өскен. Ал табиғи моно­полияларды реттеу және бәсекелестікті қор­ғау комитетінің Қызыл­орда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Өтегенова “ба­ғаның құбылуына қатысымыз жоқ” дейді. Тек тұрғындар тарапынан арыз түскен жағдайда тексеріс жүргізетін көрі­неді. Қызылорда өңірі – мұнайлы аймақ. Десе де, қаңтардағы қымбатшылық қайдан келгені түсі­ніксіз.

– Бұл бекітіліп отырған баға 31 наурызға дейін. Одан соң бағаның көтерілуі немесе түсуі екіта­лай. Ол министр­ліктің мәселесі. Біздің құзырымызға пайдаланып отырған газ мөлшеріне мониторинг жасау кіреді,- дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мадияр Сыдықов «Qyzylorda» телеар­насына берген сұхбатында.

Бүгінде облыста мұ­най-газ өнімін тасымалдап және оны сатуға рұқ­сат алған 9 мекеме мен 70-тен аса май құю станциялары жұмыс істейді. Сарапшылардың пікі­рінше, мұнайлы аймақ үшін мұндай баға тым қымбат. Оның үстіне Ақтөбе, Атырау, Ақтау өңірінде өндіріліп жат­қан газ бізде де бар. Ондағы баға  біздегіден 10-15 теңгеге арзан. Ал енді бұл қымбатшылықты түсініп көріңіз...

Қ.ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ШАЛҒАЙДАҒЫ ШӘКЕНГЕ, КӨЗ САЛАДЫ ҚАЙ ПЕНДЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
12.01.2018 14:47

«Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,

Кешір мені, кеш мені, сен текті елім.

Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,

Жүреді ылғи жанымды өртеп менің», - деп келетін ақын Қалқаман Сариннің жыр жолдары кез келген ауыл перзентінің жүрегінде жүргені жалған емес.

Біз туып-өскен ауыл Шәкен ауылдық округі деп аталады. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанның 40 жылдығы деп аталатын кеңшардың бөлімшесі болды. Соңғы  жылдары ауылдық округ мәртебесін алып, өз алдына бөлініп шықты. Ауылдағы бауырларымыздың тұрмыс-тіршілігі бөтен емес. Шәкенде 2014 жылы күндізгі бөлімде қызмет жасайтын амбулатория, өткен жылдың аяғында 100 орындық мектеп, 30 орындық шағын орталық жаңадан салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. 2016 жылы халық демеушілігімен Қарамо­лда әулиеге арнап «Әл-Мұхаммед Қарамолда» мешіті салынды. Көшеде­  түнгі жарық та бар. Бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін ауылдастарыммен қатар көпшілік тұрғындар жеке иелігінде төрт түлік өсіріп, ата кәсібі мал шаруашылығы саласын жандан­дыруда. Кәсіпкерлікпен айналысатындар да кездеседі. Жалпы, мұндағы елдің түтіні түзу ұшып отырғаны рас.

Дегенмен «айтпаса сөздің атасы өледі» деген бар. Аудан орталығынан 110 шақырым шалғайда орналасқан Шәкен ауылының тұрғындарын қыс мезгілінде аудан орталығымен көлік қатынасының қиындығы қатты қинайды. Қар жауғаннан бастап жадырап көктем келгенше осы мәселе ауыл тұрғындарының негізгі бас ауруына айнал­ады. Мысал келтірейін. Өткен жылдың желтоқсан айының 27-жұл­дызынан бастап бүгінгі күнге, яғни 8 қаңтарға дейін ауыл мен аудан орталығында қөлік қатынасы тоқтап тұр. Себебі, жол жоқ. Ауылға түскен қардың қалыңдығы – 40 см. Оның үстіне тағы да қар жауып тұр. Бұрын-соңды осындай қар қалың түскен кезде трактормен (грейдер) жол салынатын. Әзірге сол жол  да  салынбай, Қырдағы  халық Сыр­ғ­а қатынай алмай дегбірі қашуда. Жалпақ тілде айтсақ, «өз хабары өздерінде болып отырған» жайлары бар.

Егер жазатайым біреу қатты ауырып қалса (ота жасауға тура келсе) немесе екіқабат жас ананы толғақ қысса ше? Ауылда дәрігерлер бар болғанымен, олардың да шама-шарқы жетпейтін ауру түрі кездесуі ықтимал ғой. Ондайда нау­қас адамның күйі не болмақшы? Ауыл шалғай жатқандықтан, одан қалды, бұралаңдаған қара жол болғандықтан, жедел жәрдем көлігі де, ауыл әкімші­лігіне  берілген УАЗ автокөлігі де ескі­ріп тұр. Жалғыз-жарым көне көліктің қыста жүруі де қауіпті. Жазатайым бұзылып, болмаса сіреу қарға батып қалса, көкте ұшқан қарғадан басқа ешнәрс­е кездеспейтін ен далада не болаты­нын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. ХХІ ғасырда өмір сүре отыра, осындай келеңсіздіктерге жол берілсе, болашағымызды қалай бағдарлап, рухани­  жаңғыра  аламыз? Оның үстіне «малым – жанымның садағасы» деп мал өсіріп, тіршілік жасап отырған ауыл тұрғындары малымыз да сыртқа шықпай қалды деп қынжылады. Хош, сонымен, шалғайдағы Шәкенге көз салады қай пенде?...

Қолыма қалам алғызған өзімнің кіндік қаным тамған, сонау түкпірдегі ауылым Шәкен елді мекенінің дәл қазіргі жағдайы.

Эльмира  САЙМАХАНҚЫЗЫ,

Қазалы  ауданы,

Шәкен  ауылы

 


ЫЗА СУЫ Арайдағыларды алаңдатты PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
12.01.2018 14:27

Бірнеше күннен бері дарияға жақын­ орналасқан үйлердің маңына су жиналып, тұрғындар әбігерге түсті. Тіпті ел ішінде «Сырдария тасиды екен. Кейбір жер үйлер мен саяжайлар маңының суға толуы өзенге байланысты» десті жұрт. Осындай алыпқашпа әңгімелердің ақ-қарасын айту үшін жауапты сала өкілдері тілшілерге брифинг берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметіне облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов, қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержанов және «Қазсушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов келді.

- Жалпы, бүгінгі күні су тасқыны жағдайының алдын алу мақсатында 2016-2017 жылдары арнайы құрылған жұмыс топтарымен анықталған Сырдар­ия өзенінің қорғаныс бөгетінің 96 қауіпті учаскесін қалпына келтіру белгіленген болатын. Бүгінгі күнге аталға­н учаскелерде жұмыстар толы­ғымен аяқталып отыр. Оның ішінде «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын­ су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру аясында жоспарланған 73 шараның барлығы орындалды. Аталған жұмыстарға республи­калық және облыстық бюд­жет­тен  барлығы 2 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді, - деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқар­масының басшысы Серік Серма­ғанбетов.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінде облыс бойынша су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар жасақталған. Жанар-жағармай 149,5 тоннаны құраса, 274 200 дана қап сақтаулы тұр.  Сондай-ақ, 10 400 бау қамыс, 3 800 дана пашын және 3 600 дана қарабура, 23 тонна қой тас пен т.б. қажетті материалдар қоры дайын. «Казавиаспас» АҚ-мен келісімшарт арқылы 2 тікұшақ да­йындыққа келтірілген. Оған қоса мұз жару жұмыстарын жүргізуге арнайы мамандандырылған мекемемен алдын­ ала келісім жасалынған. Ал апат бола қалған жағдайда Қызыл­орда  қаласы  және  аудандардағы   156 мыңға жуық адамды көшіруге арнал­ған 83 эвакуациялық жинақтау және 104 қабылдау пункттері даяр­ланған.

Қазіргі уақытта облыс аумағына секундына 640 текше метр су келіп жатыр. Қызылорда су торабына дейін 110 текше метр су алынса, тораптан төменге секундына 530 текше метр су өтуде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында мұз толықтай ұстасса, Шиелі, Жаңақорған аудандарында өзен беті таза.

Ал қаладағы Арай ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің маңына су жиналуын «Қазсушар» өндірістік учаскесінің басшысы Ж.Нұрымбетов «жерасты ыза суының көтерілуінен» деді.

- Қыста ауа райы салқын болып, суға мұз қатқан. Алайда оңтүстік облы­старда күннің тез жылып кетуі салдарынан дарияның шетіне шығып қалған мұздар жылжып, Қызылорда облыс­ының аумағындағы қатқан мұздың астына келіп, кептеліс пайда болған. Сырдариядағы су деңгейінің көтерілуіне басты себеп – осы. “Арай” мөлтек ауданынан бастап “Ягодка” саяжай­ына  дейінгі 14  шақырым  аралығында, барлық жерден жерасты суыны­ң  көтерілуі процесі басталды. Сай жерге үйін орналастырған кейбір азаматтардың ауласына су кіріп жатыр­, - деді  Ж.Нұрымбетов.

Оның айтуынша, егер ауа райы күрт суып кетсе, аталмыш процесс тоқтайды.

Жауаптылармен жүздескен соң бұқараның хал-жағдайын көзімізбен көрмекке бекіндік. “Арай” ықшам ауданына барғанымызда, сай жерде орналасқан үйлердің ауласы суға әжеп­тәуір толғанын байқадық. Көз алдымызда қалалық әкімдіктің баспас­өз хатшысы Р.Қаюпов бастаған топ жинал­ған суға жүк көлігімен құм төгіп жатыр екен. Ал тұрғын­дармен тілдессек, олар өздеріне жаса­л­ып жатқан көмек аяғына жеткен­ соң ғана пікір беретінін айтты.

Ж.БАҒЛАН

 


ҚОС КЕМПІР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.01.2018 14:25

Жақында бір мектепте болған жағдай әлеуметтік желіні шулатып­  жіберген  еді. Мұғалім  әйел  өткен  ғасырдың  оты­зыншы  жылдарындағы ашаршылық кезінде болған бір оқиғаның желісін оқушыларға дұрыс жеткізе алмай, өрескел қателікке ұрыныпты. Маңызды тақырып басқа жаққа бұрылып, қазақтың ұлттық мінез-құлқы, салт-дәстүріне нұқсан келтіретін астамшылы­қ сөздер айтылған еді. Атап айтқанда, ашаршылық кезін­де бір ауылдан екінші ауылға тамақ іздеп шыққан әйелді екі баласымен аш қасқырлар қоршап алған, құтылудың жолын іздеген­  әйел  екі  баланың  бірін  (біреуі – үш  жастағы ұл, екіншісі – емшектегі  ораулы  қыз)  қасқырлар­ға  тастап  кетуге­, яғни ораулы­ қыз баласын тастап қашуға мәжбүр болған­ы жайлы айтып береді. Оқушы балалар мұға­лім­нің  әңгімесін  үйлеріне  барып­  айтып­, ананың  қыз  баланы  тастап кетуін қазақта қыз баланы­  адам  қатарынан  кемсіту болған деп  қабылдапты. Пікір айтуш­ылардың бірі  мұғалімді айыптаса­, екіншілері қызды  адам  қатарын­да кем санау  қазақтың  жаман  дәстүрі  деген  сыңайда  пікірлер  айтқан  еді.

Әрине, бұл жерде мұғалім қазақ халқының басынан кешкен Ұлы ашаршылығы жайлы айтамын деп тақырыпты аша алмай, оған бойлай алмағаны, оны бала­ларға түсіндіре алмағаны бірден көзге көрі­ніп тұр. Бұл тақырып – қазақтың  жазылмаған, қаны әлі күнге дейін сорғалап тұрған жанды  жарасы. Ол жайлы айта қалсақ, талай ашаршылық пен жұт­тарды, зұлмат замандарды басынан кешкен, «мың өліп, мың тірілген қазақ» ту­ралы айтуға тиіспіз. ХХ ғасырдың басында алты миллион болға­н қазақ халқы қазір кем дегенде 40-50 миллион болар  еді деп жүруіміз де бекер емес. Әт­тең, өткен ғасырдағы қазақты жал­маған екі бірдей ашаршылық, кеңес­тік атып-асу қырғыны, екінші әлем соғысы  болмағанда...

Құдайға шүкір, қазір сол қазақты қайта тірілтіп жатырмыз, санымыз он миллионнан, елімізде үлес салмағымыз алпыс па­йыздан асып бара жатқаны көңіліміз­ге демеу. Шынтуайтына келгенде, сол мың рет өлген қа­зақты мың рет тірілткен кімдер? Ол – қазақтың аналар­ы. Жоғарыда келтірілген мысал бүгінгі күнге жету жолымызда қазақтың  ұрпағын кө­бейтуге  ерекше үлес қосқан, жанкешті  ерлік  жасаған қа­зақтың ана­лары  жайлы  жақсы тәр­биелі әңгіме айта алмайтынымызды, аналарымыздың өмірінен хабарсыз екенімізді білдіре­ді. Иә, шынында да сол аналарымыздың өмір тарихы­нан не біле­міз? Қазақтың  аналарының қазақтың санын, ұрпағын кө­бейту жолында өз өмірлерін құрбандыққа шалып, бар өмірлерін ұл-қыздарына арнағанын баға­лап, қадірлеп жүрміз бе? Кешегі күндерге дейінгі заман­да ашаршылық, соғыс, жұт, ін­дет сияқты зұлматтар  мен нәубеттер­дің қасіретін қазақтың  аналарынан  көп көрген аналар бар ма екен?

- Маған дейін шешем сегіз бала туыпты. Бірақ ешқайсысы тұрақтамапты, екі-үш жасқа келгенде науқастан, індеттен өле берген, - дейді қазір Сырдария ауданы, Қоға­лыкөл ауылының тумасы, 77 жас­тағы  Күзембай Қожақұлы ақсақал. – Жарықтық анамның сол кездегі өмірден қалай торыққанын, қайғырып күн кешкенін қазір көз алдыма елестету мүмкін болмас. Әкем Қожақ Оңғарбайұлы сол кезде  елуден асып, жасы ұлғайып бара жат­қан шағы екен. Бала тұрақ­тамайды. Отағасының арты­на ұрпақ қалдыра алмай бара жатқаны анамның жанын жегідей жеп барады. Не істей алады? Шешеме осы жағдай қатты батад­ы. Әкемнің туған ағасы Әбдіраман деген кісі анамның қайғыдан жүдеп солып­ бара жатқан­ын көріп, «Келін, мына төменгі жақта қожадан шыққан Құлболды ишан деген кісі бар. Мен сені сол кісінің үйіне ертіп бара­йын» депті. Бір баспағын жетеле­п, әулиенің үйіне барып түнейді. Үйде Тоқбала деген қарт әже бар екен. Әже ше­шеме: «Түнде қандай түс көр­сең, шырағым, ертеңгісін маған айтарсың», - дейді. Айтса айтқанындай, түнде түс көріпті. Түсінде  8-9 жастағы бір ер бала киіз  үйдің  есігін бір ашып, бір жауып тұрады. «Мен есікті ашып-жапқан сайын үйге келін түсіріп жатамын. Бір кезде сыртта қар жауып тұр екен. Қолыма шелек алып, қалақпен қарды үш шелекке толтырып салдым. Тағы да шелек әкеліп, қар  салайын десем, қар таусылып қалыпты...» дейді шешем.

Ертеңгісін тұрған соң шәй үстінде әжеге көрген түсін айты­п  береді. Әже біраз ойланып былай депті: - Ей, шырағым! Бір ер бала көресің, қал­ғандары қыз болады. Осы түсіңді Алла қабыл етсін,- деп батасын  береді.

Әкем колхоздың атақты қойшысы, «бас шопан» деген атағы бар. Сонымен 1940 жылдың күзінде, күзем қырқым кезінд­е мен дүниеге келіппін. Елде жасы 90-нан асқан Күзембай деген шал болған екен, осындай шал болсын және күзем науқаны кезінде туған соң атымды ырымдап Күзембай қойыпты. Міне, сөйтіп мен балалардың өлімін тоқтатқан бала болдым. 1944 жылы шешем қыз бала босаныпты. Маған серік болсын деп атын Серіккүл қойыпты. Осылайша бір үйде екі бала болдық.

Бірақ анамның ойында әулие кемпір айтқан, менің жалғыз ұл ғана болатыным, қалғандары  қыз  туатыны есінен шықпаған болса керек. Күзембайым неге жалғыз бо­лады, артынан еретін інілері неге болмайды? Осындай оймен жүрген, қатарынан сегіз баланы жерлеп, өлімдерін басын­ан кешірген анам бұл мәселені шешудің жолын өзі ойластырып, өзі жоспарлап жүрсе  керек...

Алты жасқа қараған кезім. 1945 жылдың мамыр айы болса керек, өйткені қойдың жабағы­ жүнін қырқып жатқан кезі еді. Сәскеге жақын ұйқыдан  тұрдым, үйде бір бөтен қыз жүр. Мен оған қараймын, ол маған қарайды. Баламын ғой, далаға шығып ойнап кеттім. Кешке қарай шешем тамақты ішіп болған соң киіз үйдің кіреберісіндегі оң жағынан орын дайындап, төсек сала бастады. Әкем осы оң жақтағы орынға, таңертеңгі мен көрген қызбен бірге жатты. Таңертең екеуі бірге тұрды. Мен «бұл кім?» деп ойланып жүрмін. Түстен кейін ғана шешемнен оның кім екенін  сұрадым. Шешем: «Ол саған «апа» болады, «апа» деп айт. Ол әкеңнің әйелі болады, менің сіңлім» - деді. Содан ол қызды «апа» деп кеттік. Апамның аты Күлханыс, 1925 жыл­ғы,  әкем  1887 жылғы,  арасы 38 жас, анам 1905 жылғы, өзің есептей  бер, әкем  сол  кезде 58 жаста. Апам күйеуге шыққан соң бір айдан кейін соғыс басталып, күйеуі содан хабарсыз кетіпті. Анам Күлханысты әкемнің  рұқсатынсыз, өзі құда түсіп, апамды әкеліп әкеме қосыпты. Әкем көнбеген, бірақ  анам  көндіріпті.

Енді шешем туралы айта­йын, аты Айсары, алашаның дербіс руынан, «Шаған» ауылының тумасы. Ал Күлханыстың руы бәйбіше Сарғасқа. Күлханыстың шешесінің аты Зейнегүл, руы Алаша, менің анама туыс болып келеді, ол кісіні апа дейтін. Міне, көр­діңіз бе, анам Күлханыстың шешесімен келісіп, апасының қызын күйеуіне әйелдікке алып берген. Күлханыс апам менің шешемді өмір бойы «апа» деп кетті. Айтпақшы, кейін  естідім, Күлханыс апамды үйге әкеліп әкеме қосқаннан кейін шешемнің ағасы және әкемнің інісі анама қатты ұрысыпты. «Қартайып отырған жоқсың, 40-қа енді ғана келдің, не керегі бар ол әйелдің, екі балаңның несібесіне ортақ қылып» депті. Сонда шешем олардың өздеріне ұрсып, беттерін қайтарып тастапты: - Несі бар, ертең Күзембайдың ат байлар­ы болады, бауырлары көбейеді. Жалғыздықтан  туыс­ты­ң  көбі  жақсы  емес  пе!

1945 жылдың аяғы, желтоқсан айы болса керек, малшылар түгел қырдан оралған соң ауылға сот келді. Ол кездегі колхозымыздың аты – «Молотов». Сот әкемізді екі әйел алға­ны үшін соттауға келіпті. Әкем: «Мен әйел алған жоқпын, анау әйелден сұра» депті. Шешем: «Оған әйел алып берген мен, мен онымен ажырас­қанмын, қазір бөлек тұрамын» деп сотқа жауап беріпті. Сот 1000 сом айып төлесін деп әкеме  үкім  шығарыпты.

Ал енді Күлханыс апамнан туған балаларды айтайын. 1946 жылдың көктемінде апам қыз туды, 1948 жылдың күзінде ұл туды, әкем ол кезде 61-де бол­ғандықтан, аты Алпысбай болды.­ 1950 жылдың күзінде Түлкібай дүниеге келді. Итіміз сол күні бір түлкі ұстап әкеліп­ті, содан аты Түлкібай болды. 1952 жылдың 12 сәуірінде апам ұл  туды. Балалар жалғаса бер­сін деп шешем атын Жалғасбай қойды. 1954 жылдың 1 қыр­күйегінде апам Әсемкүлді дүниег­е әкелді. Бірақ ауыл совет­тің хатшысы болып істейтін Әсем деген қайнысы бар еді, құжат толтырғанда ол кісі  Әсемкүлдің  атын Айым­күл  болсын  деп куәлігін солай толтыр­ып  жіберіпті.

Анам да апаммен қатарласып бала көтеріп жүрді. 1947 жылы Мейізкүл қарындасымды, 1950 жылы Ақкенже қа­рындасымды дүниеге әкелді, шешем Ақкенжені кенжем деп атайтын. Міне, көрдіңіз бе, бір үйде осылай тоғыз бала өстік. Кімнің кімнен туғанын ешкім білмейді. Апам баланы туып емшектен шығарған соң анамның  қойнына салады, бәрінің анасы үлкен шешем сияқты. 1959 жылдың жетінші қыр­күйегінде 72 жасында әкем қайтыс болды. Апам сол кезде бар болғаны 34 жаста. Бір үйде екі әйел. Барлық ауыртпалық осы екі әйелдің мойнында. Соған­ қарамай колхоздың ауыр жұмысын істеп, бәрімізді аман-есен ер жеткізді. Адамдарды уысынан шығармай ұстап тұрған колхоз заманы, зейнетақы деген жоқ. Әркім өз күнін өзі көреді. Азын-аулақ уақ мал мен сиырымыз бар. Сол кезде мектепті бітірген­мін. Ол кезде колхозшыларда паспорт (төлқұжат), метерке (туу туралы куәлік) дегендер болмайды. Қалаға кетуге рұқ­сат жоқ. Рұқсатсыз қалаға кетіп, жұмыс істеп жүргендерді жұмыстарынан шығарттырып алып келетін. Мені зорға дегенде қалаға үш айлық тракторшының оқуына жіберді. Бірақ мамандық алғанымнан не пайда, трактор айдауға рұқсат болмады, қара жұмыс істедім. Іні-қарындастарым да қара жұмыс істеді. Мейізкүл дүкеншінің оқуын оқыды, бірақ көпке дейін жұмысқа тұра алмады. Сөйтіп жүргенімде армияға шақырылып, колхоздан кетіп, «бостандық» алдым.

Армиядан келген соң қалаға оралып, сонда тұрақтап қалдым. Үйдің (ұлдың) кішісі Жалғасбай, бірақ ол әлі жас. Анамның маған келгісі келетінін байқадым. Бір күні келді. Енді қалада отырып Күлханыстың жағдайы қалай екен, соқпай кетті ғой, қолы тимей жүр-ау деп жиі сағынатын болды. Елде ештеңе жоқ ғой деп азын-аулақ тамақ, бас­қа заттар болса, сыбағасын дайындап қоятын. Шешем 82 жасында дүние  салды. Қайтыс боларының алдында: «Ей, Күзембай, елге барар жолда екі-үш бейіт­тің қорымы бар. «Қайтыс бол­ған адамды жолда мола болса аттатпайды» деген бұрыннан қалған сөз бар. Мені реті келсе шаңыраққа, Жалғас­байдың үйіне апарыңдар»,- деді. Ауылға апардық. Бір аптадан кейін көзін жұмды. Шалының қа­сына қойдық. Ұл-қыздары, келіндері жылап жатты. Бірақ, Күлханыс апамның дауы­сы  ерекше  естіл­ді. Елдегі абысын-ажындары апама ерекше тәнті болды. Күлханыс апам 85 жасында қайтыс  болды. Апам екеуі 43 жыл бірге тұрды, екі әйелдің балалары  де­ген­ қылаудай да се­зім­ді тудырмады. Апалы-сіңлілі сияқты болып өмірден өтті. Екеуі бір күнде – 6 мау­сымда дүниемен қоштасты, бірі 1987 жылы, екін­шісі 2010 жылы. Жылда екеуіне бір күнде қайтқан күнде­рінде дұға бағыштаймыз. Екеуінің де қайтыс бола­р алдында айтып­ кеткен сөздері: «Ауыз бірлікте болыңдар, жұртқа  әңгіме  болмаңдар». Сол өсиетті әрқашан  естен шығарған емеспіз. Жоғарыд­а айттым ғой, Мейізкүл қарындасым біраз  уа­қыт  дүкенші­лік  жұ­мысқа  орналаса  алмай­ жүрді деп. Ол кезде ауылдағы сауда дүкендері сельпоға қарайды, орталығы Киров­ кол­хозында, бастығ­ы Еркесары Адыранова. Кейін  біл­дік, Еркес­ары  қарын­дасыма  жұ­мысқа алуды неге соз­ғанын былай түсін­ді­ріпті: «Мен сені жұмыс­қа алайын десем, ауылдың кәнігі дүкен­шілері айтты, олар екі әйелден туған, мұндай жауапты жұмысқа алса, әртүрлі жағдайлар туып қалуы мүмкін» деп ес­керт­кенін  айтыпты.

Апам қайтыс болар алдын­да балаларының бәрін шақырып: - Мына Күзембай бір төбе, қал­ғандарың бір төбесіңдер. Ендігі үлкен осы Күзембай, сыйлаңдар, - деді. Апамның сол айтқанымен жүріп  жатырмыз. Сыйлас­тықтарымыз  айрықша. Тіл мен көзден сақтасын! Қос ананың арқасында қазір Қожақтың тоғыз баладан тараған әулеті мәуелі бәй­терекке айналдық, жиналсақ, бір ауыл боламыз.

Иә, «мың рет өлген» қазақты «мың  рет  тірілтіп», қазақтың  санын  толтырып, ынтымақ пен  бірлігін сақтап  келе  жатқан осы Аналар  емес  пе?!.

С.ЖҮСІП

 


Қанмен келген қасиет PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.01.2018 14:07

Тілшінің  титықтауы – оқырманның  көңілінен  шығу. Осы орайда, өзгеріс пен ізденіс адамға ауадай қажет. Рас, газетті барлық оқырманның ойындағыдай ету әсте мүмкін емес шығар. Десе де, біз мұның алдын алуға әлдеқашан қам қылғанбыз. Бір ғана мысал, газеттен сан түрлі тақырыптар төңірегіндегі материалдарға тап бола аласыздар. Газет ашыл­ғалы  бері “Құқық құрығы” (заң, құқық беті), “Сергек­” (спорт беті) атты беттерге мақалалар мен ақпарат­­тар үздіксіз жарияланып келеді. Сондай-ақ, “Тұмар ханым­” (қыз-келіншектер беті), “Тұлпар” (жаста­р беті), “Салауат” (денсаулық беті), “Отбасы” (отбасын­дағы ойсалар оқиғалар беті), “Ойпырмай” (әзіл-әжуа, сын-сықақ беті), “Тұсаукесер” (бүлдір­шіндер беті), “Тылсым” (таңғажайып, тылсым, шытыр­ман оқиғалар беті), “Тағдыр” (тағдыр тәлкегіне­ түскендер), “Ұстаз” (ұстаз ұлағаты, мектеп жаңалықтары) атты арнаулы беттер де ай сайын шығып, жұртшылықтың жүрегіне жол тартуда. Әрине, автор оқырманның талғамына қарай жазуға міндетті емес. Бірақ, мынаны да ұмытпайық:  “Оқырмансыз автор деген  кім  өзі!?”

Сонымен, 18 жылдан бері халықпен біте қайнасып өмір сүріп келе жатқан “Халық” газеті жылашар нөмірінде нағыз ер-азаматтарға арналғ­ан “Мырза” бетіне  төр  бермекші. Бойжеткені ғана емес, бозбаласы да қылық шығарғаннан болар, ерді – ер, әйелді – әйел деуден қалып барамыз. “Отағасы” деп ардақтайты­н,  сый-құрмет  жасайтын   отанасының   азаюына кім немесе не кедергі­?  Ер  жігіттер  расында  ез  болып бара ма? Жаратылы­сын  жатсынға­н   жігіттердің   жайы, “Көзсіз  батырлар” қай  көзді  көгертіп  жүр?”  деген   секілді ер-азаматтарға  қатысты қоғамдағы күйіп тұрған  тақы­рыптарды  зерттеп  көрмекпіз. Одан  өзге облыстағы, керек  болса, республикадағы, әлемдегі  ерлерге­  қатысты  статистикалық  мәліметтерді  жариялауға  бел  байлап  отырмыз.

Әлімсақтан “Ердің құнын екі ауыз сөзбен біті­ретін” сөзге шешен халықпыз. Һәм елі үшін етігімен су кешіп, астындағы атына ауыздықпен су іштірген батырлығымыз бар-ды. Ата-бабамыз салған сара жолды насихаттап, бірнеше азаматты жақ­сылыққа, ізгілікке  бастап, пайдалы, керекті ақпараттармен қам­та­масыз  ете  алсақ, маңдай  тердің  ақ­тал­ғаны  деп  білеміз. Бұған сіз де өз үлесіңізді қоса аласыз. Аталған бетке қызықты, тың ақпаратыңызды, басыңыздан өткен оқиғаны жариялағыңыз келсе­, редакциямен бай­ланысыңыз. “Бісміллә” деп бастаған алғаш­қы аяқалысымыздың  бағас­ын  беріп, жол көрсетуді өзде­ріңізге қал­дыр­дық, ойлы оқырман!



Жақын­да сом білек­ті, батыр жү­ректі жігіт ізде­дік. Оның білімі мен білігіне, ақылы мен парасатына, еліне көмегі мен бойындағы өнеріне мән бердік. Облы­стың оңтүстігі мен солтүстігіне түгел сұрау салдық. Таппадық. «Ұлылардың ұлдары ұсақталып кеткен бе?» деген ой көкейге көмкерілді де қалды. Қысқасы, Қызылорданың қай бұрышынан атойлап «Мен бармын!»  айтатын азаматты күттік. Ақыры іздеген батырымыз Шиелі ауданы Алғабас­ ауылынан жолықты. Есімі – Ержан­,  тегі – Шайрақ.

Әуелі Ержанға қоңырау шалдық. Тілші екенімізді  түсіндірдік. Шаруамызды айттық. Екі сөзге келместен ауылына шақырды. Соныме­н «іздегенге сұраған» дегендей, түс  ауа  Шиеліге қарай жолға шықтық. Аудан орталығына да жеттік. Жаңа көпірдің үстімен жүйткіп келеміз. Алдымызда – Алғаба­с. Іргелі  ауыл  екен...

Кісінің кісілігі сәлемінен белгілі емес пе? Кейіпкерім мен ойлағаннан да асып түсті. Құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Жат­сынған жоқ. Ә дегеннен шаруағ­а көштік. Жалпы, жылқы­  мен қазақ егіз ұғым ғой. Бүгінде бұдан ажырап бара жат­қанымыз жасырын емес. Соның айғағы  болар, ат жалын тартып мінер жігіттердің  азайғаны да рас. Ал Ержанның бойынан жылқы десе жаны кіріп, жігерленетінін байқадық. Сөзіне сенсек, Алғабаста  Орынбай  есімді  ақсақал  тұратын­ көрінеді. Тұтас республикаға танымал жүйрік  «Ызғар» атты арғымақты дайын­даған  атбегі. Әу баста сол ақсақалдың ете­гіне жарма­сып, атбегіліктің қыр-сырына қаныққан. «Бала күнімде Ызғардың шабандозы  болдым»  дейді  сабазың.

– Менің ататегімде атсейістікпен айналы­сқандар жоқ. Дегенмен бұрыннан жылқыға құмар едім. Мектеп бітеремі­н  дегенше  Орынбай  көкенің қасында жүрдім. Есейе келе ұлттық спортты дамытуға ден қойдым,- деді  Ержан.

Естуімізше, ертеректе Алға­баста атбегілікті серік еткендер көп  болған. Қазір ауылда жоқтың қасы. Бәйге десе арқаланатын қазақтың бұдан не себепті жерінгені  түсініксіз. Әңгіме ауанымен ат қораға да ендік. Тұлпарлар тыпыршып тыным табар емес. Жыл­қы жарықтық текті жануар ғой. Сырттан келген кісі болған соң жатсын­ды ма, кісінеп қоя берді. Тұяғы­мен жер тарпып, мінезін көрсетіп бақты. Таңғалмасқа шара жоқ. Қай-қайсысы да алдына қара түсірмеген кіл жүйрік. Әсіресе, «Гауһартас» есімді тұлпары үш жыл қатарынан республикалық аламанда бас бәйгені бермеген. Қылығы да қызық. Әбден додаға түсіп, көзі ағарған тұл­парыңыз күмбірлеген күйдің үнін естісе, делебе­сі қозып, дедектейтін көрінеді. Ал «Сыр сұлуы», «Үміткер», «Еркетай», «Тойбастар» – қамшы салдырмаған сәйгүліктер. Байқағанымыз, арғымақтар­ға тек қазақша есім қойған. Ол да әсер ететінге ұқсайды. Ең бастысы, бәйгеге баратын жануардың ащы терін алып, бабына мән берілуі керек дейді атбегі. Сонда ғана тұлпарыңыз мәреге сүрінбей жетеді. Ат баптау да – өзіндік өнер. Оның бүге-шігесіне дейін зерттеу қажет. Әңгіме барысында Ержан басты жаңалығымен бөлісті. Бұған дейін бірнеше мәрте өткі­зілген жүлде қоры 10 млн теңгені құрайтын республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне «Еркетай» атты жүйрігін алып бармақ. Өкініштісі, айтулы додаға бұрын-соңды біздің облыстан бірде-бір арғымақ қатыспаған. Бұйырса, бас бәйгені қанжығаға  байлауға  үмітті.

Қазақтың арғы-бергі тарихында сал-сері­лердің ізі жатыр. Серілердің жүйрік ат мініп, құмай тазы ертіп, домбырамен күй шертіп, ақындығын­мен елді аралағаны  бү­гін­де аңыз-әп­сана секіл­ді. ХХІ ға­сырда олардың сипаты өзгерді. Сері десек­, кері түсі­не­тін күйге жет­тік. Алайда ке­шег­і Ақан мен Бір­жан­ның болмысын бо­йына жинаған бү­гінгілер  некен-саяқ. Солардың бірі – осы Ержан десек, қате­леспей­міз. Қайбір  жылы  облыстық «Сыр серілері» тележобасына қатысып, бас жүлдені иелен­ді. Соқталдай 25 жігіттің ішінен суырылып шыққан батырыңыз, міне – осы. Теңге де ілді, көкпар да тартты, пішен де орды, отын да шапты, әнді де айтты, мылтық та атты. Ара-тұра  өлең  жазады екен. Домбырамен ән айтатыны  тағы бар.

Емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып тұр­ған сәтіміз еді. Арсалаңдап қазақтың құмай тазысы да жетіп келді.

– Тазы асырағанды жақсы көремін. Аңға алып шығамын. Тәжірибелері толысқан. Жүгіргенде жылдамдығына көз ілеспейді. Қашқан қоян мен түлкіні қалт жібермейді. Олжасыз оралған емеспіз. Ат баптап жүріп, үнемі қасымнан тастаған емеспін. «Ит – адамның досы» деп бекер айтылмаса керек. Қазір таза қанды 6 тазы бар. Өмірімде адам баласына ит сатқан емеспін. Сатпаймын да. Тек сыйлыққа  беремін,- дейді Ержан қасындағы  құмайын  нұсқап.

Бүгінде ауыл жастары ат баптау ісін ұмыта бастаған. «Үйренем дегендерге есік ашық» дейді «Сыр серісі». Әлде де әңгімеге тарттық. Ауылда нендей жұмыстардың істеліп жат­қанын сұрадық. Барлығына да «шүкіршілік» деп қысқа қайырды. Дегенмен Ержанның ауыл жастарының көшбасшысы екенін айтпай­ кетсек жөн болмас. Қайбір жылы жас­та­р жағы бірігіп спорт кешенін салып­  берген. Онда ауыл балалары тұрақты түрде спортпен айналысады. Бірнеше үйір­мелер жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, науқас балаларды жылқыға мінгізіп, көңілдерін көтеретін көрінеді. Ел солай дейді. Суыртпақтап сұрап едік, ашылып айтпады. Бәлкім, істеген жақсылығын жарнамалағысы келмеген шығар.

Қоштасар алдында ұлтқа қатысты пікір білдірді.

– Қазіргі жігіттер ұсақталып барады. Оның үстіне кейбір азаматтар арзан атаққа мастанып, микрофоннан басқа ештеңе көтермейтін болды. Жігерсіздігіміздің арқасын­да қаракөздеріміз шетел асуда. Табы­стан бұрын намысты жоғары қою қажет. Және біздің ұлттық спортымызға көптеп көңіл бөлінсе... Насихаттасақ құба-құп болар­  еді,- дейді Ержан Шайрақ.

Талай асау айғырдың арынын басқан қазақтың бір баласы замандастарына осылай­   ренішін  жеткізді.

Түйін. Ұлттың ұлт болып қалуы үшін табиғи болмысы бұзылмай тұруы шарт. Дәстүрі мен салты, әні мен сәні жойылған ұлттың ұрпағы ұзаққа бармайтыны белгілі. Көсемсіп отырған жоқпыз. Оған тарихи деректер дәлел.

Айтпақшы, Ержан мырзалығын  танытып, қазақтың  құмай  тазысын  сыйға  тартты.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚЫЗЫЛ БӘТЕҢКЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.01.2018 14:04

Зейнолла  ШҮКІРОВ

Мен оны Әсияның аяғынан көрдім.

Су жаңа қызыл былғары бәтеңке көзіңді қызықтырып, жалт-жұлт етеді.

– Апа! – дедім үйге жүгіріп келіп. – Әсияға  шешесі қандай бәтеңке сатып әпергенін  көрдің  бе?  Түу,  қандай  әдемі!

– Кеше етік сатып әпердім ғой. Алдың – қыс, бәтеңкенің қажеті не саған?

– Түу, апа, бәтеңкеден де аяғым тоң­байды. Алып  бер  маған…

– Қой, одан да мойныңа орайтын шалма сатып әперейін.

 

– Түу, шалма не керек сол? Мен былай, пальтомның жағасын көтеріп, міне, бүйтіп жүре  бермеймін бе… Апа, бәтеңке…

– Ендеше, етігіңді дүкенге қайта өткізейін, - деді апам менің сөзімді бөліп, бірақ жылы шырай білдірмеді. – Қыстан бәтеңкемен-ақ шығатын болсаң, етіктің қажеті  не?

– Оһ, қандай жақсы! Енді менде де әдемі бәтеңке  болады!

Қуанғанымнан секіріп-секіріп түсіп, апамның  бетінен  сүйіп  алдым.

Сол күні кешке әсияныкінен еш айнымайтын су жаңа қызыл бәтеңке киіп, мен де көшеге  шықтым…

Арада талай күн өтті. Қызыл бәтеңкенің де қызығы басылды. Ұзамай… екінші тоқсанның алғашқы оқу күні басталды.

…Біз мектепке келгенде, қар қыламықтап қана тұр еді, үлкен үзіліске шыққанда байқадық, жапалақтап жауып кетіпті.

Сабақтан  үйге күн бата қайттық. Қар  борап  тұр. Ұйтқи ұшқан ұлпа қар бетке сабалап, кірпікке жабы­сады. Көрініп тұрған үйге жетке­німше, бәтеңкенің қысқа қоны­шына кірген  қар аяғымды қарып кетті. Қалай қалқаласам да болар емес. Қойныма жел гулеп, қар бора­сы­ны денемді түршіктіріп  жіберді. И-щай!

Үйге жүгіріп кірсем, апам асханад­а  жүр  екен.

– Немене, тоңып қалдың ба? - деді дірдектеп тұрған мені көріп, жүзінде жұмбақ күлкі бар.

Мен жауап орнына қатты тітір­кеніп, тоңғанымды  білдірдім.

– Қалай, қыстан қызыл бәтеңкемен шыға  аласың  ба? – Мен  үндеген  жоқпын.

Ертеңіне күн біржолата суытып кетті. Түнде жауған қар шарбақтың алдын басып­ қалыпты. Үйілген қарға лақтай секіріп, көрші балалармен біраз ойнадық. Ой, күн қандай  суық, қалтырап кеттім!

– Қарағым-ау, мұның не? - дейді апам сырттан кірген маған ренжіп.

Аяғыма  қарасам, қонышымнан құйыл­ған  қар  еріп, су болған бәтеңкемнің екі ұрты құдды жайынның басындай жалпиып кетіпті. Өзі баяғы жылтыраған әдемі түсінен де айырылып қалған екен.

Кеше мектептен қайтардағы қатты тоңға­ным да кенет есіме түсті. Бүгін қар одан қалың ғой, мынаумен тіпті мектепке дейін жете алмайтын да шығармын…

Етікті дүкенге неге қайта өткіз дедім екен. Апамның көзқарасынан да осы сұрақты  айтқызбай  ұққандаймын.

Мектепке  баратын  да кез жетті. Бәтеңкемнің бауын өткізе алмай мықшыңдап жатырм­ын. Іші әлі дегдімепті, шылқып тұр. Өзім бәтеңке бауының біржола өтпей қой­ғанын тілегендеймін. Шынында да, сондай бір керемет болса ше? Онда, әрине, апам, сөз  жоқ, етікті қайта сатып әперер еді.

Мен   соны  ойлағанымша бол­ған жоқ, кенет­  қара  былғары  етік… Анада апам дүкенге қайта өткізбек болған өзімнің қара былғары етігім дүрс етіп алдыма түсе қал­масы  бар ма?! Қарасам, апам қасымда күліп тұр. Қолында  су  жаңа қызыл шалма.­

“Ой, апатайым-ай!” Қуанып кеткен мен бәрін ұмытып, су-су болған қызыл бәтеңкені шешіп алып, есіктен дәлізге қарай бір-ақ зытырдым.

– Әй,  көрсеқызар  балам-ай! - деп,  апам маған қынжыла қарап, күрсініп қойды. – Осы қызыл бәтеңке үшін қандай  мазаладың  мені. Енді түкке керегі жоқ  сияқты  лақтыр­ып  жатырсың. Асықпасаң, жаз  да  келе­р  әлі, қызыл бәтеңкені де  іздерсің…

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары