Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Сенбі, 20 Қаңтар 2018

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЫМЫРАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.01.2018 13:42

Қонақтар кітабына қалдырылған қолтаңба... Жоғары бағаға ие мем­лекетаралық қатынас... Құр­мет пен алғыс... Емен-жарқын әң­гі­ме... Саяси салмақты қолдау... Мұның барлығы АҚШ пен Қазақс­тан мемлекеті арасындағы 26 жылда бекіген достық қарым-қаты­настың тамырына қан жүгір­ге­нін аңғартады. Дүниежүзінде алты құрлық бар. Соның бірі – Еу­ра­зия кеңістігінде Қазақстан орна­ласқан. Ал Солтүстік, Оң­түс­тік Американың орындары – бір-бір төбе. Ұлы дала төріндегі тақ ие­сінің құрлықтың бір шоғыры са­на­латын Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапары барысындағы халықаралық бітім­гер­ші­лік пен стартегиялық әріптестік аясындағы әңгіме ауандары  жыл­қының тау арқарындай тәсіл игер­ген­­дігін аңғартты.

Қазақстанның тәуелсіздігі, аумақ­тық тұтастығы, жаһандық бейбітшілік пен өркендеу ісінің ілгерілеуі Ақүй босағасында талқыланған стратегиялық-әріп­тес­тік шеңберінің осіне айналды. Заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтай отырып, зорлық-зомбылық экстремизмі мен халық­аралық терроризмге қарсы тұру ын­­тымақтастықты тереңдетіп, Орта­лық Азиядағы ортақ сын-қатер­лерге төтеп беруге Ауғанстанның «С5+1» диалогы секілді өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалануды екі ел басшысы да құптап отыр.

 

КӨШБАСШЫЛЫҚ ҚҰРЫҒЫНЫҢ  ӨЛШЕМІ

Мұра дегенде біздің ойымыз­ға алдымен құнды жәдігерлер мен дүние-мүлік еске түседі. Ал Елбасының еліне қалдырған мұра­сы бар десе қызығушылық та­нытар едіңіз. Өйткені оның орны ерекше. Ол – халықаралық көш­бас­шылық мұрасы. Еліміз ядролық қару сынамаларынан бас тарт­қаннан бастап әлемдік ты­ныш­тыққа зор мән береді. Жаппай қырып-жою қаруының заңсыз таралуын АҚШ президенті Д.Трамп та айыптап отыр. Есесіне екі ел президенті ядролық байыту технологияларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады. Қос мемлекет басшысының өңірлік қауіпсіздік, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық, экономикалық ынтымақтастық пен адами капитал мәселелерін ортақ сөз ауа­ны­на айналдырғаны да көш­бас­шы­­лық құрығының өлше­мін көр­сет­кендей.

Президенттер Н.Назарбаев пен Д.Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді экономикалық әріптестікті ілгерілетуге әзір. Айтпақ сөзін түрі­мен ұқтыратын қазақ елінің басшысы мен алақанынан ақшаның буы бұр­қырап тұратын екі құрлықтың пре­зиденті әртараптандырылған және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі жүйелі жоспарларымен бөлісті. Нәтижесінде АҚШ-тың қаржылық даму институттарының Қазақстанға инвестициялар тартуға мүдделілігі аңғарылды. Сондай-ақ, екі ел де дәл қазіргі уақытта сандық экономика, денсаулық сақтау, ақылы әуе тасымалы, қаржы, банк ісі, ауылшаруашылығы және ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты ын­тымақтастықты дамытуға дайын.

 

БІРЛЕСКЕН САЯСИ МӘЛІМДЕМЕ ҚАБЫЛДАНДЫ

Оң баға берілген келіссөздер Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қа­рым-қатынасы одан әрі нығая түсуіне септігін тигізді.

- Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық-әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық, – деді ел президенті Н.Назарбаев.

Естеріңізде болар, осыдан он жеті жыл бұрын еліміз АҚШ-тың терро­ризм­ге қарсы күресін белсенді түрде жақтады. Қазір де Ауғанстанда жүр­гі­зі­ліп жатқан ауқымды жұмыстарға қол­дау көрсетіп отыр. Америка әске­рі­нің Ауғанстанда болуы – тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі екенін атап өткен мемлекет басшысы Солтүстік Корея төңірегіндегі мәселе мен Вашингтон-Мәскеу арасындағы қатынасты АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкенін маңызды санайтынын айтты.

Ресми сапар жан-жақты, халықаралық мәселелерді талқылағанмен, негізгі құндылығын жоғалтқан жоқ. Екі елдің экономикалық ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оларды нығайту перспективаларына тоқталғанының өзі – саяси құжатқа арқау боларлық дүние.

– АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс жүргізді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның ин­фра­құрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі салауатты болашақты бірлесе қамтамасыз етуге ұмтылдық. Бүгін Қазақстан Президенті екеу­міз екі ел қарым-қатынасы мен хал­қының қауіпсіздігіне, өр­кендеуі мен әл-ауқатына қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризациялау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан сенімді серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режимнің бүкіл әлемге ядролық апат қаупімен сес көрсетуін тойтаруға бел буып отырмыз, – деді АҚШ президенті Дональд Трамп.

 

26 ЖЫЛ, 50 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ИНВЕСТИЦИЯ

Инвестиция саласындағы қаты­нас­­тарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жү­зе­ге асырудың маңыздылығын арттыру үшін Елбасы «Шетелдік жеке ин­вес­тициялар жөніндегі корпорация» мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті. Мұнай-газ және энергетика салаларындағы екі­жақты қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі мәселелерді АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен бір­лесіп талқылады.

– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестиция­лар­­дың көлемі бойынша екінші орын­да. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіз­дердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инно­вация, медицина және басқа да сала­ларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серік­тес­теріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және бас­қа да компаниялар бар, – деді мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдерімен кездескен жиында.

Сондай-ақ, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мем­лекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар туралы аз-кем әңгі­ме өрбіді.

– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвес­ти­ция­­лар жөніндегі декларацияға қо­сылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді ел президенті.

 

САУДАДАҒЫ  ДОСТЫҚ  пен  КЕЛІСІМГЕ  БЕРІКТІК

Мемлекет басшысының ресми сапары аясында әуе және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұ­ры­лымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 мил­­лиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құ­жат­қа қол қойылды. Одан бөлек, сапар барысында мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көр­сеткені үшін ақы алмау, ҚР аума­ғы арқылы өтетін коммерциялық те­мір­жол транзитін қамтамасыз ету және халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы үкіметаралық үш келісім жасалды.

Мемлекет басшының АҚШ-қа ресми іссапары барысында қос президент екі ел арасындағы келісім экономикалық қатынас пен өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін бере­тін­іне сенім білдірді. АҚШ-тың іскер топ­тар өкілдері де Қазақстанмен эко­номикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығушылық танытып отыр.

Н.ҚАЗИ

 


АҚША САЯСАТЫ – «АҚША ТАБУДЫҢ» КӨЗІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.01.2018 13:36

Соңғы бесжылдықта Қазақстан көптеген интеграциялық бірлестіктердің ортасынан ойып орын алды. Өзінен бұрын «туған» мемлекеттермен иық тіресіп, табан тартысып, дамудың даңғыл жолына түсуге машықтанып алғандығын халықаралық қауымдастықтар мен одақтарға ойланбастан мүше болатынынан аңғарамыз. Қорқатын несі бар? Біздің ел қазір тақтың төрінде, әріптестіктің басында, саясаттың орта шебінде. Содан да болар қаумалаған қауымдастық, ортақ одақ, ұйымдық ұйысу мәселелеріне келгенде «шешендік» танытуға шеберміз. Жаһандық деңгейдегі дертке айналған дағдарыс пен саяси тұрақсыздық фактілері ел таңдап, шеңбер сызып айналып өткен жоқ. Дүние – бір, аспан – ортақ. Тек шекара шебі нақтыланған. Экономикалық әлсіз мемлекеттерді мұртша қайырып тастаған саяси салқындық шекарадан қалай өтетінін білесіз бе? Біздің «ортақ ошағымызға» жеткен түрі қандай?

Экспорт, импорт мәселесі – біздің әлеуметтік-экономикалық даму картамыздың басты бағыты. Ал сол сауда-саттықта, шыны керек, құрлықтың арғы бетіндегі АҚШ-тың долларын қолданамыз. Төл ақшамыздың мұндай ірі саясатқа араласуға әлі «абыройы» жетіңкіремей тұр. Одан қалды, теріскейлік көршінің теңгеге деген көзқарасы да «тәлтіріктеп» тұр. Ал теңге – біздің король картамыз. Ойынға қатысушылардың мысын басып, ойын шартын өзгертуге де, тәуекелге бел байлап, сыртқы күшпен тайталасуға да қолданатын басты құралымыз. Елдің экономикалық тұрақты дамуын тұралатып тастағың келсе, қаржы саласындағы осал факторды «биге» шығарсаңыз жетіп жатыр. Ал біздің елде бұл жүйе жел ұшырып әкеткелі тұрған жеміс ағашының гүлі іспеттес. Жел соққан бағыт­қа тостағаншасын тосып, аман қалудың әрекетін жасайды. Сыртқы экономикалық қарым-қатынас пен ортақ одақ келісімшартының «ығына» жығылып, валюталық бағамды өзгерту туралы ұсыныс бұрын да айтылып келді. Бір диірменнің тасында айналып отырған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда айналымы үшін ортақ валюта ойлап табу мәселесі арагідік қозғалып жүр.

Өзге елдің ақшасына кіріп­тар­лықтан арылу үшін «Zion city» операциялық жүйесін жа­сау­шылар Қазақстанға алтынкоин цифрлы валютасын енгізуді ұсынып отыр. Бұл атау биткоин мен ел президентінің ЕАЭО елдеріне арналған бір­ың­ғай валюта ретінде ұсынған алтын­ның қосындысы секілді. Сан­дық негіздегі валюта жа­сау­ға қағаздан ақша басып шығарудан әлдеқайда аз ресурс жұм­салады. Бір жағынан аза­мат­тар мен ұйымдар арасында ақша операцияларын жылдамдатуға мүмкіндік зор. Қазір көп­шілік электронды қаржы жүйе­сінің дамуын қолдайды. Мұның алтынкоин мен крип­то­ва­лютаға қатысы жоқ. Айта кетейік, электронды ақша на­ры­­ғында «E-Gold» және «Li­ber­ty Reserve» компаниялары көш­басшылардың қатарында еді. Алайда қос компанияны да АҚШ үкіметі жауып тастауға мәжбүр болды. Оған компа­ния­­лар қаржысының заңға қай­шы келетін мақсаттарға жұмсал­ғандығы себеп болған. Ал сандық бірлік биржасында көптеген салада жаңа технологияға жол ашылады. Қарап отырсаңыз ақша саясатының өзі «ақ­ша табудың» көзіне айналған.

Ал Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдас­тығы елде криптовалютаға қатысты заң жобасын қабылдауды ұсынып отыр.

- Бұл бір жылда кесіліп-пі­ші­ліп қабылданатын дүние емес. Біріншіден, Ұлттық банк, Қаржы министрлігі, Ұлт­тық экономика минис­тр­лі­гі секілді мемлекеттік мекемелер тарапы ұстанатын бір­ыңғ­ай саясат әзірленуі қажет. Тиісті саясат әзірленген соң, заң жобасына не енуі керек деген сұрақпен бас қатыра бе­ру­ге болады. Менің ойымша, криптовалюта туралы заңды қабылдауға әлі ерте. ­Дегенмен, бұл мәселені қазірден бастап мемлекеттік мекемелермен бір­лесіп талқылай бергеннің айыбы жоқ. Әйтпесе, Қазақс­тан өзге елдерден қалып қоюы мүмкін. Ал мұның салдары ел тұрғындарының шетел нарығына тұтастай ауып кетуіне алып кетуі әбден ықтимал, – деп пікір білдірген қауымдастық басшысы Есет Бутин.

Қазірдің өзінде ел тұрғындарының басым бөлігі Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді елдердің нарығына инвестиция құйып жатқан көрінеді. Бұл ретте Қазақстан қаржысының сыртқа кетіп жат­қаны экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы басшысының сөзіне сенсек, іргеміздегі Ресей осы жылдың жазында криптовалюта туралы заңды қабылдамақ. Ал Беларусь мемлекеті криптовалюта нарығын былтыр заңдастырған. Минск қаласындағы жоғары теxнологиялар паркінде криптовалюталар мен токендерді саудалауға рұқсат берілген. Беларусь елінің криптовалюта нарығын дамытуға құлшына кіріскендігі аңғарылып тұр. Үш мемлекеттің ортақ одақта екенін ескерсек, Қазақстанның қай валюта нарығын таңдайтынына көзіміз жететін секілді. Дегенмен, соңғы шешім – құлақты қайдан шығарса да өз еркі білетін қазаншыда...

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


«ТОҢЫП» ЖҮРСІЗ БЕ, «ТОЙЫП» ЖҮРСІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
20.01.2018 13:29

Ел ішінде отау тігіп отырған халықтың әлеуметтік жағдайы түрлі деңгейде. Әйтеуір күйбің тірлікпен өтіп жатқан өмір. Ішіп-жемге жеткен ақша басқасына артылмайды. Оған кім, не істей қойсын?! Жұмыссыздық деген қоғамдық дерт және бар. Көпбалалы отбасылар мен екі қолы бос отырғандар да кедейліктің ауылынан алыс емес. Мемлекет беретін азын-аулақ көмек пен балаларға тағайындалған жәрдемақыға қарап отырған отбасылар жоқ дей алмаймыз. Көңі мен тоңы араласып жатқан қоғамда «қазаны бөлектің қайғысы бөлек».

Шүкір, байлыққа белшеден батып жатқан елдердің қатарындамыз, бірақ халықаралық сарапшылар Қазақстанды кедей елдердің тізіміне тыққыштайды. Неге? Оған себеп – кедейшіліктің ең төменгі көрсеткіші мен жұмыссыздық. Соның салдарынан әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеу­меттік көмекке «қол жайып» отырғандар жетерлік. Жәрдемақы жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістерден кейін жұмыссыз, бала күтімімен отырған және жәрдемақыдан басқа табыс көзі жоқ отбасылар алаңдап қалды. Ағымдағы жылдан бастап үш жәрдемақы біріктіріліп, бір ізге түсіп жатқандығы туралы ақпарды естіген отбасылар «жәрдемақыны тоқтатып тастаса, қалай күн көреміз?» деген сауалдың жетегінде жүр. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді».

Ана мен баланы қорғау, көп­ба­лалы отбасыларды қолдау, туу көр­сеткішін жоғарылату мақсатында мемлекет тарапынан жағдай жасалынып жатқаны рас. Дегенмен де бұл қаржы аздық етеді. Қазіргі күні азық-түліктің өзі ша­рық­тау шегіне жетіп, киім-кешек те өз бағасынан жаңылмай тұр. Ал жыртыққа жамау болар деп берген мемлекет қаржысына бір ай­лық азық-түлік те түспейтінін халық та, Үкімет те жақсы біледі. Отба­сындағы басқалай табыс көзі бол­маған соң сол қаржыға мөлиіп отыр­ғандарға қарап, шүкір етесің. Үш ай сайын тағайындалып, ай са­йын берілетін жәрдемақының үш түрі жыл басталғалы жаңа өзге­ріске ұшырап, біріктірілді. Яғни атаулы әлеуметтік көмек, 18 жас­қа дейінгі балалары бар отба­сы­лар­­ға арналған мемлекеттік көмек және арнаулы мемлекеттік жәр­дем­­а­қылар енді жаңа форматта бері­летін болады. Жаңа атаулы көмек шартты және шартсыз түрге жік­теледі. Біріншісі ең төменгі күн­көріс деңгейінің жартысына жетпейтін табысы бар азаматтар­ға қатысты. Бұл жағдайда әлеумет­тік көмекке қол жеткізу үшін сол отбасындағы еңбекке қабілетті адамдардың бәрі жұмыспен қамту­ға жәрдемдесетін бағдарламаларда бақ сынаған болуы қажет. Ал көмектің шартсыз түрі құрамында еңбекке қабілеттілігі жоқ адамдары бар отбасы мүшелеріне бері­леді. Мәселен, осы санатқа мектеп жасына дейінгі балалары бар жал­ғызбасты аналар жатады. Мә­се­ленің анық-қанығына бойлау үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лімінің басшысы Г.Рахметоваға хат жолдадық.

- Егер балалардың ата-анасы жұмыссыз болса, тұрғылықты ме­кен­жайына байланысты жұмыспен қамту орталығына міндетті түр­де тіркелуі тиіс. 2018 жылдан бастап елімізде жәрдемақының үш түрі біріктіріледі.

Атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке отбасыларға мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем. Отба­сы­ның немесе жеке адамның әлеу­меттік жағдайына байланысты көмек шартты және шартсыз деп екі түрге бөлінеді. Шартсыз ақ­ша­лай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) ай са­йынғы ақшалай төлемдер түрінде көрсетілетін атаулы әлеуметтік кө­мек түрі. Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және қажет бол­ғ­ан жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысу шартымен ай сайын­ғы немесе бір жолғы ақшалай төлем тү­рін­­де аз қамтылған адам­дарға (отбасыларға) көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі, - деді ол.

Шартсыз ақшалай көмек «Зей­нет­ақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тар­мағымен белгіленген зейнет­кер­лік жасқа жетуіне; 1 немесе 2-топтағы мүгедектігіне; екі айдан астам уақытша еңбекке жарам­сыз­дығы белгілене алатын ауруы­ның бар болуына орай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі жал­ғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған адамдарға беріледі.

Екінші, отбасындағы еңбекке қабілетті мүшелерінің барлығы бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын немесе екі айдан астам уақытша ең­бек­ке жарамсыздығы белгілене алатын ауруы бар және (немесе) жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек ­балаға, бірінші немесе екінші топ­тағы мүгедекке, күтімге және көмекке мұқтаж қария адамға күтімді жүзеге асыратын аз қам­тыл­ған отбасыларға көрсетіледі. Ал ақшалай көмектің шартты түрі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу ша­раларына және (немесе) қажет бол­ған жағдайда әлеуметтік бейім­деу шараларына қатысу шар­тымен жалғызбасты және (неме­се) жал­ғыз тұратын аз қамтылған еңбекке қабілетті адамдарға, бұдан басқа, құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға көрсетіледі.

- Сонымен қатар жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің аз қамтылған отбасыларды қол­дау­­дың қазіргі уақытта қолданыстағы бағдарламалардан айырмашылығы, жаңа нысандағы АӘК пайда болуына дейін әлеуметтік көмектің кез келген түріне жүгіну процесі үш қадамнан тұратын қайталанатын цикл меншіктелетін. Ол – арызды беру, заң­ды­лық­ты анықтау, ақшалай көмекті тағайындау және төлеу. Жәрдемақы тағайындалғаннан кейін өтініш беруші үш айға, яғни келесі құжатты дайындағанша ха­бар­сыз кететін, ал көмекті таға­йындаған маман да оларды есте сақтай алмайды. Әрине, өтініш берушіге жұмысқа орналасу ұсы­ны­латын, бірақ отбасының басқа мүшелері бұл процеске қатыспайтын. Жаңа нысандағы АӘК қолданыстағы бағдарламалардан негізгі айырмашылығы – отбасының жекеленген қажеттіліктеріне бағыт­тал­ғ­ан тәсілдің кешенділігі. Әлеу­мет­тік қорғаудың тәжірибесінде алғаш рет жұмыс өтініш берушімен ғана емес, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің барлығымен жүргізіледі. Оған қоса, бірінші рет жүгіну мезетінен бас­тап отбасымен бір адам жұмыс іс­тей­ді. Бұл әлеуметтік қорғау органымен көмек алушы арасында өзара әрекеттесудің жаңа тәжірибесін жаратады, - деді бөлім басшысы Г.Рахметова.

Шыны керек, еліміздің демо­гра­фиялық ахуалын жақсарту туралы сөз қозғағанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ сол басты капи­талдарды қаржыландыруға кел­генде дәрменсіздігіміз анық бай­қалады. Өйткені тұрмысы тө­мен отбасындағы 18 жасқа дейінгі ба­лаларға арналған жәрдемақы әр балаға 1,05 АЕК (2405 теңге – 2018) немесе 2525 теңге ғана тө­ленеді. Оны ең төменгі деген 4 ба­ла­ға есептеп, шығындарын шақсаңыз, айлық жолақы билетінің құ­ны­на да жетпейді. Ал осы қаржымен отбасын асырап отырған ата-аналардың үнемшілдігіне бас имеске болмайды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТОРТ пен "ӨРТ" PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.01.2018 13:26

Қазақстанның қос «құдіреттісі» құда болып, Шымкенттегі тойға талай адам таңдай қағатын торт дайындатыпты. Міне, сол торт өткен аптадағы «өрт» тақырып болды. Алдымен салтанатты сарай кейпін­дегі тәтті көптің тәбетін аштырса, кейіннен бағасы жұрттың қолына калькулятор ұстатып, мазаны қашырды. Интернет ресурстардағы ақпарат көздері торттың бағасын 179 мың доллар, яғни 59 миллион теңге деп топшылап отыр. Жеуге қимайтын тәттінің диаметрі – 3 метр, астындағы арбамен қосқандағы бірге биіктігі – 4,2 метр, салмағы 1500 келі көрінеді. Әлеуметтік желінің басты әңгімесіне айналған бұл тортты ресейлік кондитер Ренат Агзамов әзірлеген.

Айтқандай, аңызға айналған тойдың алғашқы таң­ғалтқаны торт болса, екіншісі – белгілі боксшы Геннадий Головкиннің қонаққа келуі. Міне, ақша деген құдірет не істетпейді адамға?!

Тұрсынбек Қабатовты асаба етіп жалдаған той иелері де тегін адам емес. Шалқайып амандасып, мар­қайып өмір сүретіндердің қатарынан. Қалыңдықтың әкесі белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалды болса, күйеужігіттің атасы – дәулеті абыройын асырып тұрған Оңтүстіктің әйгілі олигархы Серікжан Сейітжанов. Бір қарағанда, біз қаншама қаржы желге ұшты, осыншама ақшаны бос мақтан үшін далаға шашуға бола ма деп бекер сөгеміз. Себебі екеуі де төрт құбыласы түгел, айнадан өздерінен басқа ешкімді көрмейтін – көкірек көтеріп қалғандар. Бір-бірін бұлай таңғалдырмаса, қалай таңғалдырады? Ертең той тып-тыныш өтсе, ел «кәдімгі тойдан түк айырмашылығы жоқ, өтті, жұрттар ішіп-жеді де, кетті» деп сөзбен сыбағаларын берер еді ғой. Оның үстіне, маңызды, саралап-талдайтын тақырыптарды талдауға «тәбеті бармайтын» бүгінгі қалың оқырман осындай «жеңіл тіскебасарларды» азық етіп күнелтпегенде қайтеді?

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» демеңіз, әрине, біздің байларға бәрі де жарасады. Ал шетелдің «мен, мен» деген байлары тізіміне енген «Forbes» журналындағы ауқаттылар дәл біздің, Қазақстанның байлары секілді өздерін өктем ұстамайды. Джек Ма, Цукерберг, Стив Джобс секілді байлар бір киімді тоздырып киеді, үнемшілдікті насихаттайды, қолынан келсе, қайырымдылық жасаумен айналысады. Өйткені олар оқып-тоқып, өздерін жетілдіріп, дүниенің қызығы мен қалтарыс сәттерін ой елегінен өткізіп, ересек адамдарша ба­йыпты өмір сүруді жұртқа үлгі етеді. Мәселен, дьюти-фридің (бағасы төмен дүкендер желісі) негізін салған Чарльз Фини өмір бойы эконом класспен ұшқан, қымбат сағат тақпаған, арзан кафелерден тамақтанған. Бірақ бүкіл байлығын қайырымдылыққа жұмсаған, ол туралы баспасөзде “Миллиарды жоқ миллиардер” деп жазылған. Дәл сол себепті де жоғарыдағы жандарға ұқсағысы келетіндер өте көп. Ал біздің байларымыздың қай қылығын насихат қыламыз? Қарамағындағы жұмысшыларына жалақысын жарытып бере алмай, үш ай бойы қызметкерлерін нәпақасыз қалдырып, «атың шықпаса, жер өртенің» жоралғысын жасаған Сейітжановты ма?! Бұл деректің қаншалықты шындыққа сай келетіні әзірге белгісіз, бірақ шулап жазып, ашынып айтып жатқан ел бар.

«Бір апамнан бір апам сорақы» демекші, тікұшақты той кортежіне ілестірген шымкенттіктің қылығын талқылағанымызға бір жыл толар-толмастан, торт хикаясының алдымыздан күтіп аларын кім білген?! Жыртыл қазақ, жыртыл!...

ОҢАЙГҮЛ

 


ЕСМАХАНОВҚА ЕСКЕРТУ НЕГЕ БЕРІЛМЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
20.01.2018 13:24

Аптаның алғашқы күні Әдеп кеңесі Шиелі ауданы әкімінің орынбасары мен осы аудандағы Жуан­төбе ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының конкурстық комиссия мүшелерінің тәр­тіп­тік ісін қарады.

Елден естіген қауесет үшін жұмыс орнын босату керектігін айту мемлекеттік қызметшілердің әдебіне сай ма?

Шиелі ауданы әкімінің орынбасары А.Есмаханов «жұмысқа орналасу үшін сиыр беру керек», тағысын-тағы ел ішінде жүрген қаңқу сөздер жайлы айтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін Жуантөбе ауылының әкімі Әділбек Тәліпұлына ескертеді. Бұл туралы ол: «Халықтың ойын­дағы ақша беріп жұмысқа тұру деген түсінікті алып тас­та­ғым келді. Негізгі мақсатым – сыбайлас жемқорлықпен кү­рес жүргізу. Ол туралы әкімдерге ескерту де – парызым» деп ашығын айтты. Алайда ауыл әкімі аудан әкімі орынбасарының сөзін балабақша меңгерушісі Ұ.Бисенбаеваға басқаша бұрмалап, «егер осы халық арасындағы сөз рас болса, денсаулығыңа байланысты өз еркіңмен жұмыстан шық» деп жеткізген. Бұл сөз бөбекжай басшысына соққы болып тиген. Себебі ол мұнан кейін денсаулығы нашарлап, қан қысымы көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Сонда екі апта жатып емделіпті. Ауыл әкімі Ә.Бегайдаров бастапқыда жұмыстан шық деп қысым жасағанын мойындамаса да, соңынан артықтау кетіп қалғанын айтты. Осылайша Шиелі ауданы әкімінің орынбасары А.Есмаханов заңға қайшы ештеңе істемегендіктен, Кеңес мүшелерінің шешімімен тәр­тіп­тік ісін тоқтатуға ұсыныс жасалып, бір ауыздан мақұлданды. Ал Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Ә.Бегайдаров­қа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза көрілу ұсынылды. Одан жоғары тәртіптік жаза таға­йындалмауының себебі – балабақша меңгерушісі жұмысынан шыққан жоқ. Демек, Ұ.Бисенбаеваға қызметіне байланысты залал тимеді.

Қалған 4 мәселе ақ халаттылар қауымына қатысты. Облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының конкурстық комиссия мүшелері Ж.Абдусаметов, Б.Кеншимбаева, Б.Бурамбаева, М.Достановаға тағыл­ған кінә – конкурс өткізу талаптарын сақтамай, заңбұзушылыққа жол берген. Ә дегеннен Ж.Абдусаметов әрекеттері Әдеп кеңесінде талқыға түскеніне қынжылатынын тілге тиек еткенімен, соңында «мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны» үшін ескертумен келіспейтінін айтып қалды. Әдеп кеңесінің төрағасы А.Мұхимов: «Сіздерге осы ескертуді беруге заң бойынша толық негіз бар. Сіз олай демеңіз. Шынын айтқанда Кеңес мүшелері қысым жасап отыр маған, сондықтан тек «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдануды ұсынбақпыз. Дауыстың басым бөлігінің арқасында» деді.

Осылайша жыл бастала сала тәр­тіп­тік кеңесте тәртібі қаралған мемлекеттік қыз­метшілер өз «әре­кет­те­рі­не» орай жа­­за­сын да алды.

 


ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.01.2018 13:19

Біздің елде ең төменгі ­жа­­л­а­қы алатындар анықталды. Құдайым-ау, ең төменгі жа­л­а­қы алатындар мәжіліс де­пу­таттары болып шықты! Не деген масқара? Айлықтары шайнауға жетпейді, небәрі 28 мың ғана! Байғұстар ішер ас, киер киімге жарымайды. Сөй­те тұрып, заңдар қабыл­дай­ды, арасында планшет­тері­нен «ютуб­­ты» тамашалайды.

Ал, министрлердің айлығы биыл көтерілді. 29 мың теңге еді, 29200 теңге болды! Халық қамқор көңілмен қанша шуласа да, айлықтары бір көте­ріл­мей қойды. Портфельдері жы­рым-жырым, тізелері жыр­тық... Оу, біз қандай елміз өзі? Шетелдіктер күле­тін болды ғой? Үкімет бас­шы­сының өзінің айлығы отыз мың теңге! Премьер-министр қызметіне ылғи авто­бус­пен барып жүр. Өткенде ақшасы болмаған екен, кондуктор ұрсеп, ұрсеп, аялдамадан түсіріп кетіпті. Халық шу­лап жатыр. Неге атқа мінер­леріміз соншама кедей тұрады деп... Байғұстардың пәтерлері де жоқ қой, кезекке тұрғандары сол. Пәтер жалдап тұрады бәрі... «Самұрық қазына» ұлттық қорының бас­шыларын, менеджерлерін аяп кетемін. 31 мың теңгемен қалай күн көреді олар? Орын­басарларының бірі Астана көшелерінде қайыр сұ­рап жүр... О-ой, әкімдердің ай­лығын сұрама! Небәрі 28 мың 150 теңге! Кредиттерін төлей алмай жүр... Өткенде бір облыс әкімі несие алғаны үшін қызметтік креслосын кепілдікке қойған екен, банк алып қойыпты. Біздің елде тоқ­шылық жайлаған дейді. Қай­дағы? Миллиардер дегендеріміздің өзі ақшаларын шетелде сақтап, оған бара алмай, аштан қатып жатыр.

Сот, прокурорларың бір-бірлерінен қарыз ақша сұрап жүр. 20 мың теңге айлықтары олардың жаппай арықтауларына әкеліп соқты... Ал, бір аудан әкімі банк тонап, масқарасы шықты. Айлығы 15 мың теңге, жетпеген соң да, осындай қылмысқа баратыны! Жемқорлармен күресетін жемқорлардың айлығы да жоқ! Олар жемқорларды құс­ты­рып жүріп нәпақа табады. Арзымайтын... Сонда дей­мін-ау, біздің ел қашан дамыған отыз елдің қатарына қо­сы­лады? Еее, халықты айтсаңшы, халықты! Олардың ай­лықтары миллион теңгеден асып кеткен. Мұғалімдер 1 мил­лион 500 мың, дәрігерлер 1 миллион 200 мың, еден жуу­шылар 1 миллион 800 мың, журналистер 1 миллион 900 мың, пошташылар 2 миллион, дәнекерлеушілер 3 миллион, кеншілер 5 миллион теңге, ақын-жазушылар қала­м­­­ақысына 10 миллион теңге алады! Міне, біздің ел сондай бай, сондай керемет, шалқып өмір сүріп жатырмыз, іштерің күйсе, тұз жалаңдар, шетел­дік­­тер!

Мұхтар  ШЕРІМ

 


ЕЛДІҢ ҮНІ ҮКІМЕТКЕ ЖЕТЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
20.01.2018 13:11

Қызылорда облысына табан тіреген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары өңірдегі жұмыс сапарын түйіндеді. Он күн бойы аймақты аралаған халық қалаулылары Сыр елінде соны серпін барын жеткізді. Алдымен олар жергілікті мәслихат депутаттарымен жүз­­­десіп, артынша БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін өткізді. Олардың айтуынша, көпшілікті жекелеген мәселелерден гөрі, жалпы қоғамға қатысты түйткілдер алаңдатады екен. Айталық, тұрғындар тарапынан «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне төленетін жәрдем­ақы көлемін арттыру жөнінде ұсыныстар жиі көтерілген.

– Біз бұл ұсыныстарды ескеріп, жауапты министрлікке депутаттық сауал жолдаймыз. Ал өңірдің даму жағдайына келсек, тың өзгерістер өте көп. Құрылыс қар­қыны соңғы жылдары күрт күшейді. Ерекше айта кететін жайт, облыс демографиялық өсім жағы­нан Маңғыстаудан кейін екінші орында. Халық саны осылай өссе, аз уақыттан кейін Қызылорда алып мегаполиске айналады деп ойлаймын,- деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұ­хам­­бетов.

Брифинг барысында облыс­та жекеменшік-әріптестік аясында жүргізіліп жатқан шаруалар жөнінде айтылды. Депутаттардың сөзінше, бұл бағытта Қызылорда өңірі алдыңғы қатарда келеді. Мәжілісмен Мұхтар Ерман аймақтағы ана өлімінің азайғандығын атап өтті. Халық қалаулысы Геннадий Шиповских келешекке кәміл сеніммен қарайтын жастардың белсенділігіне дән риза. Дегенмен бірқатар түйткілдер төңірегінде де сөз қозғалды. Мәселен, облыста өрт сөндіру көліктері жетіспейтін көрінеді. Осы мәселені назарға алған мәжіліс депутаты Абай Тасболатов «тиісті министрлікке сауал жолдаймын» деп бекініп отыр. Сондай-ақ, аймақта ардагерлерге арналған госпиталь салу қажеттілігі де айтылды.

Әділбек Жақанов, «Qyzylordа» телеарнасының тілшісі:

– Қызылорда облысының уақыт белдеуіне қатысты үлкен мәселе көтеріліп жатыр. «Салдарынан тұрғындардың денсаулығы нашар­лау­­да» деп дабыл қаққандар көп. Бұған қатысты қандай шараларды қолға аласыздар?

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

– Осы мәселе заңға сәйкес қабылданған тәртіп бойынша шешіледі. Оны облыс әкімдігі мен мәслихаты Үкіметке ұсыныс ретінде жолдауы тиіс.

– Қозы Көрпеш Жасаралұлы, «Халық» газеті:

– Б.Салахатдинұлы, өзіңіз біраз жыл мұнай-газ саласында тер төктіңіз. Бұл саланың қыр-сырына қанықсыз. Бүгінде Қызылорда облысында өндіріліп жатқан мұнайдың 98 пайызы – су. Кәсіби маман ретін­де айтыңызшы, аймақта жаңа мұнай кен орындарын ашуға қаншалықты мүмкіндік бар?

Бақтықожа Ізмұхамбетов:

– Бүгінде еліміз бойынша   80 млн тоннаның үстінде «қара алтын», 42 млрд текше метр көлемін­де газ өндірілуде. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мұнай бұрғылау ісі 1990 жылға қарағанда төмендеді. Өйткені «Қашаған», «Тенгиз», «Қарашығанақ» газ конденсаты еліміздегі мұнай-газ сұранысын жауып отыр. Сондықтан мұнай бұрғылау қарқынды емес. Жақында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» жөнінде Кодекске өзгеріс енді. Соның аясында жер қойнауын барлау ісіне жеңілдіктер жасалмақ. Қызылорда облысында жаңа кен орындары ашылуы әбден мүмкін. «Құмкөл» мен «Ақшабұлақтан» шыққан мұнай басқа кен орындарынан да табылуы ықтимал. Бірақ, анау айтқандай млрд тонна бола қоймас. Дегенмен бұл шаруалар мол қаржыны талап етеді.

Сонымен қатар, облыс атынан сайланған депутат Геннадий ­Шиповских пен Абзал Ералив пар­ламент қабырғасында жүріп атқар­ған жұмыстарына тоқталды.

Мәжілісмендердің сөзінше, Сыр елінде аз ғана уақыттың ішін­де ілкімді істер атқарылған. Сондай-ақ, олар жоғарыда аталған түйт­кілдері тиісті органның назарына жеткізетіндігін айтты.

Қозы Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНҒА ҚАРСЫ ҚАУҚАР ҚАНДАЙ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
20.01.2018 13:10

Жақында ғана Қызылорда облысына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары келген еді. Олар аймақта атқарылып жатқан шаруалар ретін оң бағалады. Дегенмен мәжілісмен Абай Тасболатов журналистермен өткен баспасөз брифингінде «Өңірде өрт сөндіру көлігі жетіспейді. Осы түйткілге қатысты тиісті минис­тр­лікке депутаттық сауал жолдаймын» деген болатын.

Жоғарыда аталған мәселеге орай жауапты орган өкі­лі­мен тілдесіп қайттық. Былтыр 1443 дабылды қоңырау түссе, 516 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл 2016 жылғы де­ректер­мен салыстырғанда дабылды қоңырау – 9,5 пайыз­ға, өрт оқиғасы 3,5 пайызға өскен. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың салғырттығынан осындай жайттар жиі­ле­ген. Салғырттықтың соңы орны толмас қайғыға әкелетіні бел­гілі. Демек, тілсіз жаумен күресті күшейту қажет. Ал бұған біздің техникалық базамыз қаншалықты дайын?

Бүгінде облыста 91 өрт сөндіру көлігі бар. Олардың тех­никалық жағдайы жақсы. Өткен жылы аймақ қазынасы есе­бінен 2 өрт сөндіру көлігі және 1 автобус алынған. Бас шаһарда 5 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Алайда қала аумағы күн сайын кеңейіп келеді. Өрт сөндірушілер қол­да бар мүмкіндікпен мейлінше қарекет қылуда. «Техникалық базамыз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қуатты»,- дейді Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және ава­риялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Ибрагимов. Оның сөзінше, техника жетіс­пеу­шілік мәселесі барлық облыста бар. Өйткені ертеректе іргетасы қаланған өрт сөндіру бөлімдерінің базасы типтік жобада салынбаған.

Біздегі өрт сөндіру деполары үкімет бекіткен талаптарға сәйкес келмейді. Айталық, жаңадан техника алдырған жағдайда, оны қоятын депо жоқ. Техниканы күннің астына қалай қоямыз? Сондықтан осындай мәселе туындап отыр. Болашақта осы кемшіліктер жойылады. Себебі мемлекет бекіткен барлық талаптарға сәйкестендірілген өрт сөндіру депосын салу жоспарлануда. Сонымен қатар салынып жатқан сол жағалаудағы жаңа қалашықта 4 өрт сөндіру депосы тұрғызылмақ. Қажетті жер телімі берілді,- деді мемлекеттік мекеме бастығының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ, мекемеде қызмет ететін мамандардың тәжірибесін жетілдіру мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Десе де, тілсіз жаумен күресте көз іліндіруге болмайды...

Қ.ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КӨРШІ АҚЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.01.2018 13:07

КӨҢІЛ  мен  КӨМЕК

Дініміз Ислам ­ көрші ақы­сына ерекше мән беріп, оған деген қа­рым-қатынасты жақсартуға шақырады. Қазақта ежелден  «Алыстағы ағайыннан  жаныңдағы көршің артық»  деген­ бар. Алайда несін жасырайық, соңғы уақыттары көрші ақысы деген мәселе жа­дымыздан мүлдем шығып барады. Тіпті, ұмытыл­ып кетті ме дейсің. Ағайынгершілікті алға қоятын, бере­ке-бірлігі жарасқан ауыл-аймақ­тарда ғана көрші қарым-қатынасының көрінісі байқалады. Десек те, ертедегідей емес.

Бұрын ата-әжелеріміз бірінің үйінен бірі шай ішіп, жата-жастанып әңгімесі мен ақыл-кеңесін айтып отыратын еді. Көршісі шай сұраса, май қосып беріп, сауабын алуды жөн көрген. Көршісі қуанса, қызығын бөлісіп, қиыншылыққа  түссе, ауыртпалығын бірге көтеріскен. Міне, бабалар ұстанған мұндай ауызбіршілік елдің  бірлігін,  берекесін арттырып отырған. Қазір көрші ақысы деге­нің жай ғана сәлемдесуден әріге  аспай қалды.

Бүгінгі қоғамның талабы ма, тамыр­ы ауылмен байланысқан қазақтың басым бөлігі қазір күн құрғатпай туған елді мекеннен тіршіліктің қайнаған ортасы – аудан  орталығына,  күші жеткендері қалаға қоныс аударып жатыр. Әрине, бәрінің көздейтіні – бала-шағаның нәпақасын тауып, жан бағуд­ың  қамы. Өйткені, ауыл жағдайы көңілді көншітпей отырғаны айдан анық. Әйтпесе, ешкім еріккеннен  елін  тастап  кетпес  еді.

Ал, қаладағы көрші-қолаң хақысы  қандай? Ол өз деңгейінде орындалып жатыр ма? Сенімді көр­шіңіздің  бар екеніне сенімдісіз бе? Мұны да баршамыз бір ойлап көрейікші. Тіршілік етіп, тиын таппасаң далаға қаңғытып, дүбәралыққа душар ететін қала тынысы ауылдағы анау-мынау еркелігіңді көтере  бермейді. Өйткені, қаланың тұрмыс жағдайы ауылдан мүлдем басқа. Қалада не көп, көпқабатты үй көп. Әр қала сонысымен көрікті, сонысы­мен  зәулім. Қызығын қараңыз, сол  көпқабатты үйлердің асты-үстін­дегісі  былай тұрсын, бір подъезде, бір қабатта қарама-қарсы орналасқан көршілер де бір-бірін танымайды. Халқымызда «Үй алма, көрші ал» деген нақыл сөз бар. Алайда қазір осы айтылған даналық сөздің мәнісі кетіп,  құр сұлбасы ғана қалған.

«Көрші ақысы – тәңір хақысы» демекші, Алланың соңғы елшісі, баршамызға үлгі-өнеге етіп жіберілген Мұхаммед (с.ғ.с.): «Көршісі аш болып, өзінің қарнын тойдырған (оның қиыншылығын сезінбеген) адам мүмін емес», - деп, көршіге деген жауапке­ршіліктің ауыр екенін ескерт­кен. Демек, көршілердің қатар отырып, бір-бірінің жағдайын сұрап, мүмкіншілігі болғанша жәрдемдесуі нағыз  мұсылманшылықтан екен. Тағы бір хадисте пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың  игілігі мен сәлемі болсын): «Жәбірейіл (періште) маған көрші жайында өсиет еткені соншалық, көршіні көршіге мирасқор ететін шығар­  деп  ойладым», - дейді.

Ал, Құран аяты тақырыбымыз жайында не айтады? «Алла тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсені ортақ  қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға,  жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят), - деп бұйырылған қасиетті кітапта. Міне, аятта да жақын және алыс көршіге жақсылық жасау қажет екені анық әмір етілуде. Ислам ғұламаларының бір тобы әрбір адамның көршісі айналасындағы қырық үй десе, келесілерінің пікірінше, азан оқылған сәтте, сол азанның даусын естіген аймақ  бір-біріне көрші болып саналады. Хазіреті Айша (ол кісіге Алла разы болсын) анамыз пайғамбарымыздан: «Иә, Алланың Елшісі! Қатар отырған екі көршім бар. Ең алдымен қайсысына құрмет көрсетейін?» - деп сұрағанда, «Есігі саған ең жақынынан баста!» - деген жауабын алған.­

Көршіге жақсылық жасағаныңның өзі сауапты іс. Көп жағдайда көршіге қырын қарап, күн сайын даула­сып жататын жағдайлар жиі-жиі  кездеседі. Тіпті, болмашы нәрсеге­ соттасып,  абыройын  айрандай  төгуге­ дейін барады. Көрші отырып күндес­тік етіп, қиыншылық пен зияндық көрсетуге дініміз үзілді-кесілді тыйым­  салып,  оны  харам амалдардың  қатарынан  санайды. Ал, ардақты­ пайғамбарымыз  (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға және ақырет күніне сенген көршісіне қорлық көрсетпесін»,- дейді. Мұғаз ибн Жәбәл атты сахабадан жеткен хабарда Алла Елшісінен (ол кісіге Алланы­ң игілігі мен сәлемі болсын): «Көршінің  ақысы  қандай?» деп  сұрағанда, адамзаттың  ардақтысы болған пайғамбарымыз Мұхаммед: «Сенен қарыз сұраса - беру; жәрдем сұраса - көмектесу; науқастанса - хал-жағ­дайын  сұрау; дүниеден өтсе - жаназа­сына қатысу; қуанышқа кенелсе - бөлісіп, қиыншылыққа бас ұрса - қайғысына  ортақтасу; Пісіріп жат­қан дәмді тағамыңның иісімен көңі­ліне  қаяу түсірмей, қайта аз да болса сол тағамнан дәм татқызу; Рұқсаты болмастан жоғары көрініп немесе желдің өтін жібермеу үшін қабыр­ғаны  биіктетпеу; Сатып алған жеміс-жидегіңнен оған да беру немесе жасыры­н алып кіру; Баланы қолындағы жеген нәрсесімен далаға шығармау; Сіздерге не айтып жатқанымды түсіндіңіздер ме? Көрші ақысын Алланы­ ойлаған аз ғана топтағылар орындайды», - деп жауап қайырған. Шынында, көршісі ауырып немесе қазалы жағдайға душар болса, барып қолдан келгенше көмектесу – мұсылмандық парызымыз. Бұл – Пайғам­барымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне деген өсиеті. Абдуллаһ ибн Жағфар атты сахаба  мына жағдайды  еске ала отырып­  былай дейді: «Әкем Жағ­фардың  дүниеден  өткендігін  естіген Аллан­ың Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (жанын­да­ғыларға): «Жағфардың жанұясы­на тамақ әзірлеңдер. Өйткені,  олар  өздеріне  тамақ да­йындай алмайтын жағдайға душар болды.­ Ол отбасы мынадай қайғы жамылғ­ан сәтте тамақ дайын­дай  алмайд­ы»,  - деп  бұйырған.

Түйіндей келгенде, мына жалған дүние дүрбелеңінде адамның адамға деген  мұқтаждығы  бар. Тіпті, моральдық және материалдық тұрғыдан да. Сол үшін қолдан келгенше жәрдем беріп, ең болмағанда, көршісін шырайл­ы жүзбен күтіп алып, жылы сөзбен шығарып салудың өзі адам­гер­шілігіміз  болып  табылмай  ма?! Бұл – кез  келген  адамның  қо­лынан  келер  іс.

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

дінтанушы

 


ОЛАР ХАҚТЫҢ НАҚ ЖОЛЫНАН АЛЫС PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
20.01.2018 13:03

Ақ пен қара

«Таза ақылмен таппаған дін, шын дін емес – жындылық» - депті ғой Шәкәрім бабамыз. Расымен де кейбір жастардың дінді біліммен емес, жалаң уағызбен қабылдайтындары да баршылық. Ал дінді біліммен, ақылмен қабылдайтын болса, онда ол діннің қасиетін, мәнін, мазмұнын терең түсінген болар еді. Дін мәселесі – нәзік мәселе, оны бүлдіруге де, бұра тартуға да болмайды дейді ғалымдар. Сондықтан азаматтарымыз дін төңірегіндегі кез келген материалдарды бірден қабылдамай, оған қырағылық  көзбен  қараса, ақылын жүгіртіп саралап шықса, онда кез келгеннің ұтылғаннан ұтары көп болушы еді.

Салафизм секілді ағымдардың же­тегі­не еріп, көзсіз соқырлыққа бой алдырмас па еді?!  Ғалымдардың пайымдауынша, бүгінгі «салафизм» ағымының ешбір ғылыми мазмұны да, мұсылман жа­мағатына  сәйкесетін  тұсы  да жоқ дейді. Біз білетін бір ғана анық  нәрсе – «салафия» сөзі тек қана тарихтағы «өткен уақыт бөлігін» біл­діретіндігі. Бұған бар қоса алатынымыз – Мұхаммед пайғамбардың ол кезеңді абзалд­ықпен сипаттағандығы. Ал бүгінгі таңда өз­де­ріне «салафизм» деп ат қойып, исламның қайнар көзі Құран мен сүннетті шынай­ы түрде ұстанған мұсылмандардан өздерін ажыратып тұратын белгі, ерекше сипат ретінде қол­дануда. Олар кез келген мәселеге қасарысып қатып қал­ған. Керісінше, ислам­ның алғашқы үш ға­сырлық дәуірінде өткен алдың­ғы  толқын  мұсылмандардың сөз­дерінде, күнде­лікті  істерінде  қатып қалма­ғандығы тарих­тан белгілі. Алдыңғы  толқынның Құран мен хадис­ті түсінуде ұстан­ған жолдары – діннің ішкі ғылым саласы екендігін аңғаруға болады. Бұл – мұсылмандардың  исламды іс жүзінде асырудағы ұста­натын жолы, төрт мәзһаб осы ғылым жолы аясында құрылған.  Сондықтан бү­гін­гі  салафизм  идеологиясы Хақты­ң нақ жолынан алыс  екенін  көреміз.

Осыдан біршама уақыт бұрын елімізде салафизм ағымын ұстанушылар өзде­рін «салафиміз» деп ашық айтпаушы еді. Енді соңғы уақытта «сақал қойып, балақ кесіп, салафи ағымында екенімізді ашық білдіріп отырмыз» - деп кейбір БАҚ құралдарына сұхбат беруде. Өздерін еліміздегі өзге мұсылмандардан ерекше, шынайы исламды насихат­таушылар мен ең дұрыс үлгіде  ұстанушылармыз  деп көрсетуде. Олардың  бет-бейнесін танып білмеген, діни санасы толық қалыптаспаған жастар – осы ағымның және сол ағымдағылардың ізінен еру, олар қайда барса, сонда бару, этика негіздерін олар неге негіздеп құрса, соған негізд­еп құру, олар неге қарсы күрессе, соның бар­лығымен күресу деп ойлап, салафизм идеологиясының құрығына ілініп қалып жа­тады. Уланған санасы осылайша өзгелердің айтқан сөзіне құлақ аспай, имамның уағызын тыңдаудан қалады. Имамдарды тыңдамаула­ры­ның себебі – «бас тартуға болмайтын шешімін» қа­былдап  қойғандығы. Бір­жақты шешім қабылдағаннан кейін, олар мұсылман жамағатын екі бөлікке бөліп отыр. Әуелгі топ – салафизм, ақиқатты бір өзі біліп, бір өзі ұстанады. Екінші топ – бидғатшылар, яғни олар ақи­қаттан  жырақ, адасушылық жолын­дағылар деп есептейді. Олар өздерін ислам әлеміндегі түрлі халықтың этномәдени, тарихи және өзге де ерекшеліктеріне негізд­елген барлық «жат», «кірме»  түсініктер  мен тәжі­рибелерден  тазарту  жолында күрес жүргізуді өздеріне міндет етіп қойған. Салафизм исламдағы барлық жаңал­ықтан бас тартуды, әуелгі догмаларға қайта оралып­, оның қатаң түрде, дәлме-дәл орындалуын талап­  етеді. Олар үшін дамуд­ың  кез  келген  түріне жол жоқ. Тіпті, жиһад ұғы­мын бұрмалап, оны қарулы күрес ретінде, біржақты ғана айшықтайды. Сондай-ақ, олар бұл күресті барлық мұсылмандардың  өмір  сүруі­нің  жалғыз­  әрі  шына­йы фор­масы ретінде қо­ғамға таңып­ қояды. Ал жиһадтың дәс­түрлі мағынасы өзіңнің бо­йыңдағы  нәпсілік  кем-ке­тік­теріңмен күресу болы­п табы­лады. Сонымен қатар, Құдай мен құл арасындағы кез келген «дәне­кер­лікті» жоққа  шығарады. Осылайша барлық сүннет жолын ұстанған мәзһаб­тармен қақты­ғысқа түседі. Міне, салафизм ағымының  ұстанымы. Шәкі­рім осындайларға «жындылық» дегеннен басқа баға  бермеген екен ғой деп ой түй­дім. Ал, Қазақстан мен Орта­лық Азия мемлекет­тері үшін исламның дәстүрлі формасы Ханафи мәзһабы қандай  жол?!  Ханафи­  мәз­һабы – қоршаған  әлемді интел­лек­туалдық тұрғыда қабыл­дауды бағдар еткен жол. Мәдениет пен ғылымның қазынасына қомақты үлес қосқан ғалымдардың жолы. Дәстүрлі хана­фи мәзһабы – білім мен ғы­лымға, рухани кемелденуге тәрбиелей­тін ұлылардың  ұлық  жолы.

Тұрар   ӘБУОВ,

дінтанушы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары