Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 07 Ақпан 2018

Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұсыныс PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:40

Қызылорда  қаласы  әкімдігінің  назарына

Биылғы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай төмендегі ұсыныстарды қала мерейтойын атап өту комиссиясының назарына ұсынамын:

1. Облыстық музейдің бір залында Ақмешіт пен Қызылорда қаласына байланысты болған тарихи оқиғаларды суреттейтін панорамалық және диорамалық көріністер залын жасау. Мысалға 1852 жылғы генерал Бларамбергтің Ақмешіт қамалына шабуылын, 1853 жылғы генерал Перовскийдің шабуылын, 1946 жылғы құрылысы басталған Тасбөгет бөгеті арқылы Сырдария өзенін бөгеу, т.б. тарихи оқиғаларды.

2. Ақмешіттің негізін салған қазақ және қарақалпақтың отырықшы­ егіншілері туралы. «Сарқырама», «Шолақ арық» және «Бегілік» арықтарын осыдан үш ғасырға жуық сол отырықшы егіншілер қазған. Осы орайда музей залында сол кездегі егіншіліктің ең басты құралы болған­ ШЫҒЫРДЫҢ макетінің натуральды бейнесін салып, музейдің басты экспонаты етіп көрсету.

3. Қызылордада Перовск қаласы кезінде салынған 10-15 тарихи көшелер бар. Солардың ескі аттарын сол көшелердің басына ескерткіш тақталарға жазып қою.

4. Қызылорда қаласының тарихи бейнелі оқиғаларын (адамдарын емес) көрсететін суреттерге (бояулы суреттерге) бәйге жариялау.

5. Облыстық ақпарат құралдары арқылы аймақ тұрғындарына жария­ салып, басқа облыс, қалаларда (шетелде) тұратын қызылордалықтарға жеке мұрағаттарында қалған, сақталған қала көріністері бар суреттерді сұрастыру арқылы жинап, арнайы альбом жасау.

С.ЖҮСІП,

өлкетанушы

 


«БІЗ ҚАЗІР ПСИХОЛОГПЫЗ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
08.02.2018 10:31

Айдарбек ИМАНБЕРДІҰЛЫ,

қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция

бөлімінің аға жедел уәкілі:

Қоғамда оңай жолмен пайда табуды көздегендер көбейген қазір. Біреудің тірнектеп жиған дүниесін оңай олжалағысы келеді. Іші-бауырыңа кіріп, аспандағы айды алып беремін деп алдап жатады. Соңында қылмыскердің қолына бар жиған-тергенін қалай ұстатып жібергенін байқамай қалған жәбірленушілер құқық қорғау органдарына көмекке келеді.

Осындай жағдайларда жәбірленушелер қатарының көбеймеуіне, қылмыстың ізін суытпай ашуға атсалысатын жедел уәкілдердің атқаратын қызметтері ерекше. Осыған орай Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі

Айдарбек Құрбановпен сұхбаттасқан едік.

–  Алла қаласа, келесі жылы бұл салада қызмет етіп жатқаныңызға он жыл болады екен. Айтыңызшы, құқық қорғау орга­нына  қалай  келдіңіз?

– Мектеп бітір­геннен кейін «Болашақ» университетіндегі «Мұнай және газ» факультетіне оқуға түскен болатынмын. Алайда 2-курста оқуымды таст­адым да, әскерге кетіп қалдым. 2008 жылдың желтоқсан айында Қарағанды облысынан әскери борышымды өтеп келген соң, ішкі істер басқармасына жұ­мысқа орналастым. Өйткені маған таң­даған мамандығым ұнамады әрі әкем құқық қорғау органдарында қызмет еткен кісі болғандықтан, маған осы сала жақынырақ болды. Сырттай оқуға тапсырып, заң маман­дығын  алдым.

– Жұмыс барысында қиындықтар кездесетін  шығар?

– Әрине. Кез келген жұмыстың өз қиындығы бар деп білемін. Бір рет кіші жедел уәкілі болып жұмыс істеп жүрге­німде ондай жағдай болған. Сондай-ақ қылмыскерді  аңду да жұмысымыздың бір қиын тұсы деп айта аламын.

– Сонда  қалай  аңдисыз?

– Қалада олардың арнайы қылмыс жасайтын жерлері бола­ды. Соның ішінде қалта ұрлығы көбіне қоғамдық кө­ліктерде орын алып жатады. Мысалы, ұрлық «Болашақ» университеті аялдамасынан «Универсам» аялдамасына дейінгі аралық­та болды делік. Оны жасаған адам міндетті түрде келес­і аялдамадан түседі. Ол көлік ішінде ұзақ уақыт қалмауға тырысады. Көпшіліктің көзіне түспес үшін. Сол сәтте қоғамдық көліктің артынан жүріп отырып аңдимыз. Ал келе­сі аялдамаға әріптесімді қоямын. Бір-бірімізбен бай­ланыса отырып, ол адамды ұстаймыз.

– Түсінікті. Ал енді қара­ңызшы. Мен қоғамдық көлікке міндім делік. Түссем, әмияным жоқ. Әуелі ішкі істер басқармасына арыз-шағым қалдыратыным белгілі. Ал ары қарай сіз жұмысты  неден  бастайсыз?

– Сізден  бірінші жан-жағыңызда  тұрған адамдардың түр-әлпетін сұрастырамыз. Сондай-ақ бізде есепте тұратын күдікті азаматтардың фотосу­реттерін ұсынамын.  Мүмкін солардың біреуі болып қалатын шығар. Немесе қоғамдық көлік жүргізушісі мен кассирінен  сұрастырамыз.

– Ал қазіргі таңда қанша күдікті  есепте  тұр?

–  Қалта ұрлығы бойынша 25  адамдай  бар.

– Жас айырмашылықтары қандай?

– 25-55 жас аралығы.

– Құқық қорғау саласында жұмыс істегендіктен, қиындықтардың кездесетіні сөзсіз. Оны өзіңіз де жаңа айтып өттіңіз. Ал керісінше қызықты сәттер орын алады  ма?

– Мен үшін қылмыстың бетін  ашып, қылмыскермен бетпе-бет келгеннің өзі қызық. Не дегенмен қылмысты әш­керелеу адам­ға ерекше қуаныш сыйлайды. Ол бір жағынан – мін­детің, бір жағынан – абырой.

–  2017 жылы қанша қыл­мыстың  бетін  аштыңыз?

– 300-ден аса. Соның ішін­де 10-15 адамның ісі сотқа өтіп, олар бас бостандығынан айырылды. Оның ішінде ауыр қылмыс жасағандары да бар. Мысалы, пәтер алып беремін деп алдағандар. Бірақ оның бәрін жалғыз өзім әшкерелеген жоқпын. Бөлімде қызмет ететін әріптестерім бар. Солармен бірлесе отырып атқарылған жұмыс. Егер 2016 жылы орын алған алаяқтық қылмыстардың 66 пайызы ашылса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 88,8 пайызды құрады.

– Негізінде бір қылмысты ашуға қанша уақыт кетеді?

– Әр кезде әрқалай. Жобамен ең ауыр қылмыстарға екі не үш ай кетуі мүмкін. Ал жұмысқа орналастырып бере­мін деген секілді қылмыстарды бір тәуліктің ішінде-ақ ашуға  болады.

– Жаңа өзіңіз айтып өткен 300-ден аса істің ішінде қай түрі көп болды?

– Пәтер алып беремін деп алаяқтық жасағандар.

– Сонда  халықты пәтер алып беремін деп алдау оңай болып­  тұрғаны  ма?

– Қылмыстың бұл түрімен айналысатын адамдар сөзге шебер келеді. Олар адамның ішкі жан дүниесіне еніп, алдап отырған адамын өзіне сендіре біледі. Бір сөзбен айтқанда, психолог. Мысалы, қаламыздың бір азаматшасы 30-дан аса адамды «пәтер алып беремін» деп алдап, олардың әрқайсысынан 1 миллион тең­геде­н  аса  ақша  алған.

– Ол кісі мемлекеттік қызметші ме, қанша адамды алдап, 30 миллион теңгеден астам қаржыны қалтасына оңай салға­нына  қарағанда?

– Жоқ, қарапайым ғана адам. Өзі кезінде «Сырдария» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған. Соны халыққа «міне, мен мынадай үй алғанмын» деп көрсете отырып, алдайтын болған.

– Ал соңына дейін жете алмай, шешілуі қиын болған, ақиқаты қайсы екен деп бас қатқан  істер  болды  ма?

– Иә, болды. Көбіне ауыр, аса ауыр қылмыс жасағандар қаламыз кішкентай болғандықтан, ұсталып қалмаудың амалын іздеп, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға қашып кетеді. Сондай сәттерде департамент бастығының келісімімен сол қалаларға іс­сапарға шығып, ондағы әріп­тестерімізбен байланыса отырып, қылмысты әшкерелеуге тырысамыз.

– Ал сіздің салаңыз бойынша ауыр қылмыстар қандай?

– Алаяқтық қылмысы бойын­ша миллиардтаған қар­жы  ұрлағандар.

– Миллиардтаған қаржы жымқырса, қарапайым адам болмағаны ғой. Сонда басқарма басшылары ма?

– Жоқ, көбінесе жеке кәсіп­керлер. Олар тендер ұтып бере­мін не басқа жақтан техника әкеліп беремін деп алдап жатады.

– Бұл санаттағы істер бо­йынша өткен жылы қаншасын ұстадыңыз?

– Екі-үшеуін.

– Ал сіз өз-өзіңізді қалай жетілдір­есіз, мүмкін кітап оқи­тын  шығарсыз?

– Жоқ, кітап оқитын уақыт жоқ. Күнделікті қаншама қылмыс көріп жатырмыз, қаншама арызданушымен сөйлесе­міз. Шынын айту керек, біз қазір психологпыз. Адам келіп бізбен сөйлесіп жатқанда-ақ оның шын не жалған айтып отырғанын ажырата аламыз.

– Ал қала бойынша алаяқтық қылмысы жиі орын алатын жерле­р  қайсы?

– «Жайна» сауда үйі маңы, базарлар, банктердің алды. Көбіне адамдар жиі орналас­қан жерлер ғой.

– Банкоматтар алдында ше?

– Болады, бірақ жиі емес.

–  Адалсыз ба?

–  Шүкір.

– Қолқа салғандар болған шығар, көмектесші деп өтінген...

– Болды, бірақ мен оған жол бермеймін.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан   Ж.ЖҮНІСОВА

 


ЕРІНІҢ ТЕГІН “ЕНШІЛЕУ” ДҰРЫС ПА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
08.02.2018 10:29

Неке – адам өмі­рін­дегі ең маңызды қадам. Екі жүректің бақыт­ құсының қос қанатындай үндесе алуы, мүдделерінің бір жерге тоғысуы – некенің алғы шарты. Алайда некеге тұру сәтінде ерлі-зайыптылардың арасында ел байқай бермейтін келіспеушіліктер болып тұрады. Ал, ол келіспеушіліктер отбас­ы  араздығына  айналса, айтар ой  бөлек...

Сөз ауаны әйелдің күйеуінің тегіне өтуі туралы болмақ. ХХ ғасырдың бел орта­сында етек алған үрдіс кеңестік елдер­де кең тарала бастады. Ерлі-зайыптылардың бір фамилияны еншілеуі ол кезең үшін қалыпты құбылыс, әрі жарына деген адалдықты білдірді. Қазақ қоғамы да аталмыш өзге­рісті жақын қабылдап, қазақ әйелдерінің күйеуін­ің тегіне ауысуы белең алған еді. Осы тұста  шаңырақ көтерген ерлер жарының өз тегі­не­ ауысуын үгіттейтін, тіпті, талап ететін де болған.­ Ататегін қосағымен қоса көтеріп жүру ерлер үшін жарының келген әулетінің толыққанды мүшесіне айналуы деп саналды. Дегенмен, бұл қадамға қар­сыла­р да табылды. Олар гендерлік саясаттың идеясын алға тартып: «Ер мен әйел тең құқылы, бұл нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін шектеу мен әлеуметтік статусын түсіруге әкеліп соқтырады. Сондықтан, әрбір әйел еркін болу керек» деген пікірді ұстанды. Өткен ғасырдағы көзқарас осылай өрілген. Қазір ше?

Егемендік алғалы есігімізден ой еркіндігі, сөз бостандығ­ы енді. Ең айтулы жеңісіміз – ата дініміздің оралуы­, ашық ұстаным болды. Ендігі жерде «Ерінің тегін «еншілеу» дұрыс па?» деген сауалғ­а аруларымыз жауапты шариғи үкімнен, қасиет­ті  Құраннан іздей бастаған еді. Қоғам арасында бұл амалдың дінге жаттығын айтып,­ ерінің тегіне өтуді күнә деңгейі­не көтергендер де болды. Осы пікірге орай  дін  ұстап, намазға бет бұрған көптеген  әйелдер жұбайының фамилиясын алудан бас тартып, отбасындағы кикілжіңге себеп болғанына­ талай­ мәрте куә болдық. Себебі ел арасында ататекті өзгертудегі көзқарас та әртүрлі. Бірі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұсылман  адамның  өзін өзгенің тұқымынан санауды тыйған хадисін алға тартса, қарсы топ: «Онда тұрған дәнеңе жоқ. Келін сүйегін сатпайды, әкесінің есімі қалады, тек фамилиясы ғана өзгеріске ұшырайды. Сондықтан қарсы болудың қажеті жоқ» деген пікірде. Екі тараптың болжам, мүддесін таразылау үшін арнайы маманға жүгінгенді  жөн  көрдік.

Бақтияр  Оспанов,  дінтанушы:

- Әйел баласының күйеуінің тегіне өтуі – Кеңес үкіметі тұсынан қозғалып келе жатқан мәселе. Ер-азаматтардың, әсіресе, жастардың сол уақыттарда келіншегін өз тегіне “өткізуді” абырой санағаны рас. Бірақ, бұл шариғатта ер-азаматқа абырой, бедел әпереді деген дүние жоқ. Сонымен қатар, бұрындары күйеуінің тегіне өткен жағдайда ажырасу қиындайды деген пікірлер болушы еді. Әрине, бұл сол кезеңдегі адамдардың, бәлкім, ажыраспауға деген жақсы ниетінен туған ой болуы керек. Ал, әйел адамдар арасында өзінің, әкесінің атынан кейін пәленше келіні деп қостырып алу болған. Кейде құжат жүзінде де бұл көрсетілімді заңдастырған жағдайлар кездесе­ді. Бірақ ол – міндетті емес. Шариғатта бұл мәселенің екінші де жағы бар. Алдымен мына нәрсені ескеру керек: кез келген мұсылман баласының жаназасын шығарар кезде бірінші  марқұмның әкесінің есімі сұралады. Егер егде тартып дүние салған қарт әйел күйеуінің тегінде болып, өмірі ұяңдық пен ұяттан әкесі­нің есімін айтпай өтсе, әрі әкесінің толық есімін білетін төркінінен туысқандары бол­ма­са, ол кісінің жаназасын шығару да қиынға соғад­ы. Себебі, молда марқұмның әкесінің толық  есімін сұрағанда қайтыс болған кісінің өз  әкесінің  есімі  аталуы  керек­. Бұл жекелеген жағдай болса да, бәріне сақтықпен  қараған жөн. Осындай түсі­ніспеушіліктерді  болдырмау  үшін  және өсіріп-баққан  ата-анаға құрмет есепті әр әйел адам өз тегінд­е  қалғаны­  дұрыс.  Әрі салт­қа да, дәс­түрге  де  сай  болар  еді  деп ойлаймын.

Хош, сонымен бұл амалды дін  бұйырмайды, шариғат мақұлдамайды екен. Демек, асыл діні­міздің ізіменен тура жолда болуды мақсат тұтатын мұсылман әр қадамын аңдап басқаны жөн.

Мәселені енді ұлттық таным, дәстүр, елдік мұрат тұрғысынан қарастырып көрелік. Келіннің тапқырлығы туралы көпке мәлім ғибратты аңыз бар-тын. Ұзын-ырғасы мынадай: Ертеректе ағайынды Қойлыбай, Қайрақбай, Қасқырбай, Қамысбай, Бұлақбай, Пышақбай деген адамдар болыпты.

Бір күні сол ауылдың қойына қасқыр шабады ғой. Бұны көрген сол ауылдың бір келіні тізгін ұшымен үйге кіріп, шайын ішіп отырған қойшы  жігітке:

- Тез бол, төре қайным, сарқыраманың ар жағындағы сылдыраманың шетінде маңыра­маны ұлыма жеп жатыр, жаныманы білемеге жанып алып, тез барып бауызда! – деп, қой дегенді «маңырама» деп Қойлыбай атасының атын, қайрақты «жаныма» деп Қайрақбай атасын­ың атын, қасқырды «ұлыма» деп Қас­қырбай атасының атын, қамысты «сылдырама»­ деп Қамысбай атасының атын, бұлақты «сар­қырама» деп Бұлақбай атасының атын, пышақты «білеме» деп Пышақбай атасының атын тапқ­ырлықпен тергеген (құраған) деседі. Мысалд­ы келтірудегі мақсатым, қазақ қыздары­ келін болып түскен сәттен қайын жұртының атын атамай, балама атау қояды. Бұны отбасы институтындағы құрметтің озық үлгісі ретінде­ қарауға болады. Себебі, келіннің қадамында қырық  кісінің  көзі бар. Себебі, тәрбие солай­. Таным  солай. Енді осы  дәстүрлі салтты күйеуі­нің  тегіне  өту  үрдісі  бұзады  деген пікірдеміз. Мәселен, саналы  түрде  жарының  фамилия­сына өткен келін тегін сұрағанға қайын атасын­ың есімін айтуға мәжбүр болады. Дәстүрлі таным мен жөн-жобаның бұзылар тұсы  да – осы.

Тәуелсіз Қазақстанда әрбір азаматқа қоғамның толыққанды мүшесі ретінде таңдау еркі берілген. Таңдау тұлғаның әлеуметтік пікірі, діни көзқарасы мен өмірлік ұстанымы аясында айқындалады. «Неке және отбасы туралы­» ҚР Заңының 31-бабында ерлі-зайыптылардың тектерді таңдау құқығы анық көр­сетілген. Яғни, «неке қиып, ерлі-зайыпты болу кезiнде олар өз тiлектерi бойынша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдайды не ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге­ дейiнгi тегiн сақтап қалады» делінген.

Осы орайда неке қию рәсімінде де қалыңдыққа  «Күйеуіңіздің  тегін  қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады. Енді бұл сұраққа өз қалауын жасаған нәзік жандылардың жауабын­а  назар  аударайық.

Арайлым,  29  жаста:

- Күйеуімнің тегіне өткен жоқпын. Бірін­шіден, бұл менің перзенттік парызым деп ойлай­мын. Мені өсірген, тәрбие берген ата-анамның, әулетімнің атын өзге бір адамның есіміне оп-оңай ауыстырғаным туған-туыс­тарымнан алшақтағандай сезілді. Келін болып түскен соң, «тастай батып, судай сіңуі қажет» екені рас. Алайда келіндік қызметтің құнын текке өтумен байланыстырмау қажет. Екіншіден, егер текті өзгертетін болсам, жеке куәліктен бастауым керек. Әйтпесе, бұған дейінгі барлық құжатым жарамсыз болып қалады­. Сонымен бірге құжат қуалап, тәртіп тәптіштеп жүру көп уақыт алады әрі ол – маған, мен түскен әулетке қаржылай салмақ.

Гүлсім,  24  жаста:

- Меніңше  күйеуіңнің фамилиясына өткенде­  тұрған  ештеңе жоқ. Себебі, өмір бойы бірге болатын жанмен бір текті алып жүру  жұбайлық  борышымыз деп білем. Әрі біздің фамилиямызды көріп ерлі-зайыпты екенімізді  бірден  аңғарады.  Әрбір қыз – әке-шеше үйінде конақ. Ал шынайы отаны, келін болып барған жері – құтты қонысы. Сондықт­ан,  қайын  жұрттың   өмір  тіршілігіне етене араласып, мәңгі сол шаңырақтың түтінін  түтеткен  соң еріңнің  тегінде  болу қалыпты­  жағдай  деп  ойлаймын.

Түйін. Бүкіләлемдік еркіндік дәуірінде әр азаматтың қолына өз ұлтының ары, өз ұлтыны­ң дүниетанымы табысталған. Қорғау да – өз борышы. Демократия деген – салт-санаңа тәуелсіз өмір сүру емес, халықтық болмысыңды жаңа қырынан таныту. Сондықтан әрбір азамат үлкенді-кішілі өзгеріске өз ойын білдіруге құқылы.

Ерсін  ШАМШАДИН,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті

 


Ауыл беташарының алты сәлемі PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:27

Терезеңнен қарасаң көретін,

Көшеге кірдің суын төгетін.

Он екіге тойға шақырсаң,

Он бірден өте-ақ келетін.

Көңілдері аса жайдары,

Әне қорада ләйліп жүр байлары.

Кейде үйіңе кіріп ұныңды жейтін,

Сиырлары мен қойлары.

Құдайы  көршілерге  бір  сәлем.

***

Орта жасқа келсе де,

Жап-жас қыздай сызылған.

Оларды көрген жігіт-желеңнің,

Арғы ниеті бұзылған.

Тост берсең қатырып сөйлеген,

Буындары бұралып билеген.

Тілдерінің улы сұғы бар,

Жақпай қалсаң түйреген.

Адуын  абысындарға  бір  сәлем.

***

Билік тимесе бұртиған,

Осы үйге қызбын деп қылқиған.

Үлкендерге үлкен боп,

Ал енді

Жастармен жас болам деп жыртиған.

Пакеттерін тастамайтын қасынан,

“Жиендерің жейді ғой” деп тасыған.

Күйеуім осы тойда мас болып қалмаса екен деп

Неше күннен бері шошыған.

Ақжайлау  мінезді  апаларға  бір сәлем.

***

Күлімдеген көздері,

Сып-сыпайы сөздері.

Жігіт көрсе жылмиып,

Демде өзгерер өздері.

Қас, кірпігін жұлмалап,

Күнде бояр қабағын.

Модный шайнап, қылқиып,

Моданың жұтқан тамағын.

Күміс күлкілі қайынсіңлілерге бір сәлем.

***

Келін түседі деп шабылған,

Осылай қарай ағылған.

Тойға киіп жақсысын,

Алтын, гауһарын тағынған.

Күйеулеріне жағынған,

Бұйрығына бағынған,

Олар іссапарға кеткенде,

“Порцияларынан” қағылған.

Ененің  «подрушкаларына»  бір  сәлем.

***

Алда болар тойы бар,

Әр нәрседен ойы бар.

Ақыл десең ақылы,

Сұңғыладай бойы бар.

Қырық жылқылық құны бар,

Қыз Жібектей сыны бар.

Бұл апаң да бұйырар,

Бір қалталы жігітке пұлы бар.

Қара  шаңырақтағы  апаңа

бір  сәлем.

 

Жиған-терген

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

 


Қазекеңнің қалжыңдары PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:25

Қазекеңнің, Қазыбек Әшірбекұлының жастау кезі болса керек. Бір кісі оны біреуге ұқсатып:

- Әй, сен осы кімнің ұлысың? - деп сұрайды.

- Аға, мен қазақтың ұлымын, үйдегі келініңнің құлымын, - депті Қазекең күліп.

***

Жасы жетпіске таяп қалған Қазекеңнен танысы:

- Бизнеспен айналысайын деп едім. Неден бастау керек, ақыл берсеңізші, - дейді.

- Менен қандай ақыл шығар дейсің.  Ақыл  тісімнен  айрылғаным қашан? Тістерімнің бәрі протез­ ғой, - деген екен.

***

Орташа қызмет істейтін інісі Қазекеңнен бата сұрапты. Ол інісінен:

- Жылың не?, - деп сұрайды.

- Тышқан, - дейді інісі.

- Онда, өркештен де жоғары өрле,

Еш жамандық көрме,

Адал еңбек ет елге,

Орныңды ешкімге берме.

Бермеймін деп омақаса,

Құлама жерге.

Өсіп кеттім деме,

Өзгенің ақысын жеме.

Бақытың өсе берсін, - деп бата беріпті.

***

Ауладағы орындықта ой үстінде отырған Қазекеңді балдызы бүйірі­нен түртіп қалады. Қазекең шошып орнынан атып тұрады.

- Ноян жүрек пе десем, қоян жүрек екенсіз ғой, - дейді балдызы күліп.

- Соңымнан қалмай Сырдан,

Үйленейік деп жылдам,

Қосылған соң қорқытып,

Қоян жүрек қылған.

Кім екеніне енді көзің жеткен шығар, - деген екен Қазекең.

***

Қазекеңе бір құрдасы:

- Халықтың денсаулығын күн­діз-түні ойлап, темекінің құнын қымбаттату арқылы темекі тартуды­ тастай тыйсам деймін. Сенің күніне 2-3 қорапты босататыныңды біле­мін. Әй, саған  обал  болды-ау, - деп күледі. Сонда Қазекең өлеңдетіп:

- Аулақпын ырым-жырымнан,

Келтірсем мысал «Қырымнан».

Ішімдікті тыйып ең,

У ішіп талай қырылған.

Сабақ алмай бұрыннан,

Халықты қыссаң, шылымнан.

Қорытындысын көрелік,

Не шығар екен бұныңнан?! - деген­ екен.

***

Күз. Қараша айының соңғы күндерінің бірі болса керек. Үйінен енді шыққан, жазда сыраха­надан шықпайтын көр­шісі­нен Қазекең:

- Жол болсын! Суатқа шықтың ба, шуаққа шықтың ба, - деп сұрағанда көршісі не айтарын білмей, күле беріпті.

 


Ойпырмай, ә! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:23

Ойпырмай, ә!

Жануарлар да жүреді,

Алдыңа салып айдасаң.

Жағымпаз жақтап «үреді»,

Жақында тақтан таймасаң.

Жылқыны жұрт біледі,

Семірер баптап байласаң.

Күлмесхан да күледі,

Құлқынын ептеп майласаң.

Өтпес пышақ өтеді,

Шарыққа ұстап қайрасаң.

Шешен боп «сақау» кетеді,

Сәл жоғары сайласаң.

 

Жымы ұзақ жұмбақ

Жақтау мен жағынуға ұста болды,

Майысқақ қалайы мен мыс та болды.

Кісіге  күні  түскен «көкелеумен»,

Көкке дайын ұшуға құс та болды.

Бұндайлар  жаныңа да жолай  қоймас,

Басыңнан бақыт құсы ұшса болды.

(Жағымпаздар)

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


«ГАЛОЧКА» ҚОЯМЫЗ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:21

Сонымен... Шаһардың «мен­мін» деп тұрған беделді басшысы­ есеп берді, өткен жылы не істеп, не қойғанымен бірге, әкімді көре сала «қалтырап» кететін сандық көрсеткіштер  есептелді.

Бірінші...

- Басшысы бар барлық сала бойынша қағаз жүзінде жұмыс істелді ме?

- Істелді!

-  «Галочка»  қоямыз!

- Енді  есептейміз... Бізді әрлі-берлі тасып жүрген автобус­тың барып-қайтқан 100 шақырымына 2 мил­лионға бензин алынды. Картоптың 150 килограмын 70 теңгеден импорттап, 160 теңгеден сатылымға шығарып, 24 000 теңге пайда таптық. Қарап отырсаңыз, бір ғана автобус пен картошкадан 2 миллион 24 мың теңге кіріс кірді. Халықтың қалтасын жыртып, тесіп алған бұл қаржының бір бөлігіне жыл бойына «сандалып» жүрген «командировкалардың» шығынын жаптық. Осының есебінен қаладағы саябақтарда ұрланған, сынған орындықтардың орнын толтырып, дарияның бойынан тынығу орнын салдық. Ол жерде сынған екі трактор мен жоғалған жеті күректі де өзіміз төледік. Оның жалпы сметалық құны 500 мың теңгені құрады. Есесіне бөлім­дердің күнделікті жоспарды орындай алмауы салдарынан бюджетке 12 миллион теңге шы­ғын­ келтірдік. Қорытындысында қоғам белсенділерін сана­ма­ғанда, мұғалімдер мен дәрі­гер­лердің қатысуымен  өткен  сенбі­лік  қымбатқа  түскен жоқ, - деп баяндама жасады ішкі идеоло­гия  жұмыстарына  жа­уапты  басшы.

Екінші...

«Денсаулық – зор байлық» акциясының аясында асханадан пайдалы тағамдарды жеу мен табиғ­ат аясына серуендеу, тауға шығып тас жару, бауға барып қамыс ору жұмыстары да жылдық есептің тамшысын да құрамады. Оны жабуға жеңіл және тоқыма өнеркәсібіне бөлген қаржы «көмектесті», - деген бедел­ді дәрігердің сөзін тергеп-тексере  қоймады.

- Тексерілді ме?

- Тексерілді!

- «Галочка» қоямыз!

Үшінші...

Үйден-үйге «секіріп», көшіп-қонып жүрген баспанасыз халыққа тұрғын үй пайдалануға берілді ме?

- Берілді!

-  «Галочка»  қоямыз!

Залдағы түкпірдің бір бұрышында жиналып отырған жұрт­тың арасында баспанаға қолы жеткен тұрғындардың жылу мен газға, су мен жарыққа қолы жетпей­  жүр  деген сыбыс тарады.­ Оны әкімнің құлағына жеткізбей жарты жолдан көмекшісі «қағып»  алды,  «мен – оның жарты­  құлағымын» деген қағаз тағып алды. Сөйтіп тұрғанда арғы жақта­ біреу талып қалды, көмек­ші­нің құлағында сарсып тұрған әңгіменің мәтінін әкім­нің  көзі  шалып  қалды.

- Неге жетпейді?! Бәрі қолже­тімді жерде орналасқан, - деді ол.

- Мәселе онда емес, мәселе коммуналдық қызмет құнының қымбаттағанында!

- А-а-а-а! Қымбаттады ма?

- Қымбаттады!

- «Галочка» қоямыз!

Үш сағатқа созылған есепті кездесуден кейін әкімнің өзі сөйлеуге кірісті.

- Қала ішіндегі тұрғындарды үйінен – жұмысқа – базарға – жұмысқа – дүкенге - үйіне таситын қоғамдық көліктердің жолақысын көтеру туралы уәде бердік пе, бердік! Олардың жанар-жағарм­айы мен газына төленетін қаражат кредит төлеуге жетті ме?

- Жетті!

- Автокөлік газының бағасы 56 теңгеден 62 теңгеге жоғарылады  ма?

- Жоғарылады!

- «Галочка» қоямыз!

Әкім бұдан кейін де берген уәдемізде тұрамыз деді, жаңа бас­талған жылға жаңа жоспар құрамыз деді. Айтқанға көнбей, айдағанға жүрмегендерді «ұрамыз» деді, теріс пікір айтушы тұрғындарды “оң көзқарасқа бұрамыз­”  деді. Аузын жаба алмай­ жүргендердің көмейін топыра­қпен жабамыз деді, сақалына  сүрініп  жүргендердің сақа­лын  шабамыз  деді.

Залда отырған қарапайым халықты­ң  жүрегі дүрсілдеп кетті, мынадай есебің құрсын деп кетті.

- Сонымен... Қалыс қалғандар  жоқ па?

- Жоқ!

- Онда «Галочка» қоямыз!

Сонымен, биылғы жыл сенбі күні – тазалық дедік, таза ауа – денсаулық дедік, әйтеуір тыным болмады, көшеде бейберекет жатқ­ан шылым болмады. Мұң айтатын халық болмады, әбір­жіген тұрғынның жүзін көретін жарық  болмады. Жаңадан кәсіп бастағандар танысты болды. Еліле­п өлшейтін ішек қарысқа жетті, бәрінен де бюджеттің «желінін» сауып, бүйірін кеміргендер табысқа жетті. Әне бір адам жабырқап сөйлейін деп еді, уақыт құрғыр таяп қалды, есепті кездесу осылай аяқталды.

НАЙЗАГҮЛ

 


СҰРАПЫЛ жаңа шығармадан үзінді PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:17

Айжарық    СӘДІБЕКҰЛЫ

(Басы өткен санда.)

***

Бұлар Арал портынан осы бүгін ұлы сәскеліктен өте қара үзіп шыққан-ды. Бұл Ақшабақтың әскерге шақырылғандарды аудан орталығы­на төрт жылда төр­тінші рет жеткізіп салып, енді ауылға қайтып келе жат­қан беті. Құдай біледі, бұл соңғы сапары шығар. Ауылда енді соғысқа жарайтын жан қалмады. Бәрін алып болды. Жастар он сегізге толам­ын дегенше соғыс та бітер. Ақшабақтың ойы осы. Мына «құттақандай» ғана кеменің экипажы бар бол­ғаны үш-ақ адам.

Өзі әрі капи­тан, әрі аспаз; механигі анасының құрсағынан бір аяғы кемістеу болып туған, қисалаңдап жүретін Медеу; қитар Қодаман өзін алмастыратын көмекшісі (помкапитан дейді ауылдағылар) әрі тазалыққа қарайды. Ай­тар­ы жоқ, көмекшіге жарыған. «Чайка» – мүсіндей жаңа  кеме. Шағын болса да, ауыл-ауылдың арасына таптырмайтын  көлік. Бұның ал­ғаш­қы  капитаны  Айтөре еді.  Екеуі отау көтергесін бір-біріне бой үйретіп оңаша өткізген тәтті айдан кейін ол уыздай келіншегін колхоз төрайымының ке­лісімімен теңізге тәуекел деп  алып  шыққан. Басы сол, Айтөре майданға аттанып кеткенше келіншегін жанынан  қалдырмады. Кеме аспазы әрі сүйікті капит­анының көмекшісі болды. Содан әзілқой құр­былары «помкапитан Ақ­шабақ»   атандырып  жіберді.

Штурвалда тастабандап тұрған Ақшабақ миығынан күлгендей болды. Айдың-күннің аманында жайбарақат жатқан елге соғыс сұрапылының килі­ге­тініне көрінді ме екен, екеуі күндіз де, түнде де жұп жазған жоқ. Төсекте басы қосылуына келіншегі екі балалы болып үлгірді. Тұңғышына Айтөре барда босанды, ал оның ізбасары іште қалыпты. Құдай оңдап бұл нәрестесі де жарық дүниені дін аман  көрді.

«Чайка» Арал портынан бас жібін түріп ашық беткейге шыққанда күн райы әжептәуір тынық еді. Жолдағы «Үшшоқы» аралына жеткенше кеме іркіліссіз саржеліп келген. Құдайдың күніне не дерің бар, «Үшшоқыны» артқа қалдырып, ұлы теңіздің тырдай жалаңаш ашық айдынына ұзай бере жаяулап-баяулап басталған жел бірте-бірте екпін алып дауылға ұласты. Астаудай ғана шағын «Чайка» маңдайынан төпелеп соққан тол­қындардан бастықпаған асау тарпаңдай орғып қарғумен болды. Ақшабақ дауыл сапырған  сұрапылдан іш тартып шо­шын­ғаннан өткен-кеткен­ді еріксіз еске алып, өзін-өзі алдарқатып тұр. Әрбір толқы­н кеме­ні бір көтеріп тас­таған сайын­ штурвалмен ышқынып­ алыса түседі. Штурвалды  қолынан жа­затайы­м  шығарып алса, онда  біткендері; асау  толқын  кіш­кентай  кемені  бұйым көрмей аударып тастауға  бар.

Жынын шақырып толқын сапырған теңіздің сұрынан қорыққан Ақшабақтың тұла бойы түршігіп тұр. Тек, Алла, Алла дей берді. Жүрегінің басы кілкілдеп, жанын шүберекке түйгендей алқынып тұр. Осы бүгінгі күн теңіздің тұңғиығына тұншықтырмаса нетті деген сұмдық ой кеудесін осып өткенде... Айтөре-е-ай! - деп ышқынған дауысы еріксіз шығып­ кетті. Ерінің қамқор қанаты астында өте шыққан келін­шек ғұмырының қызық-шыжығы санасында толқынмен бірге толқып, бір көрген түстей қылаңытады.

Айтып-айтпай не керек, Көкаралдағы «Аққұм» ауылының әскерге жарамды еркектерін майданға аттандыру қырық бірдің шілде айы бас­талуына  дүрлікті. Айтөре аудан орталығына алғашқы топпен аттанатын болды. Алысқа жол тартқан сол сапарда қылқандай жігіттер қалаға жеткенше әзілдесіп ойнап-күлуден ауыз жаппады. Кезекпе-кезек күй күмбірлетті, ән шырқады, жыр толғады. Айтөренің құлақ құрышыңды қандыратын ашық  дауысын Ақшабақ елітіп отырып тыңдайтын. Ел іші де оның өнерін мақтап отыратын. Кеме үстін ән-жыр-күйге толайым толтырып келе жатқан өрістес замандастары да оның әрлі-нәрлі сұлу дауысына алабөтен құмартып, ара-арасында жарыса қышқырып, ду-ду көтермелеп келеді... – Ақшабақ тағы да миығынан жымиғандай болып, тана көзі жыпылықтап кетті.

Арыстандай азаматының атпал тұлғасы, кескін келбеті көз аясында толқындай тол­қыды. Ол күйді де бебеулетті, әнді де шарықтатты, жырды да ұзағынан көсілте қайырып сарнатты. Айтарыңыз не, ерінің елден ерек сазды дауысы Ақшабақтың жан дүниесіне әбден сіңіп қалған. Дәл осы сәтте де оның құйқылжыған дауысы теңіз толқынындай кеудесін кернеп, күмбірлеп  келеді.

Осы жұрт бәрі тағдырдан ғой деп үздігіп жатады. Қайдам-ау... - деп күбірлеген Ақшабақ штурвалдан айырылмай қатты қысып ұстап тұрған қарбаласта демін тереңнен тартып ауыр күрсінді. Екеуі қатар құрбыларымен бірге бір ауылда туып өскен; бір еспенің суын ішкен; бір теңіздің суына шомылып, Аққұмның ақшағыл құмына аунап, қанаттарын қатайтқан. Қыр астында қал­ған сол балалық, жастық шақтың мұңсыз-қамсыз бал дәурені естен­ кетпейді; қаншама рет аңсап сағынғаныңмен қайтып келмейді. Ақшабақ сол бір балау­са кезеңін қимайды-ау, қимайды. Ойына алса болды, көңілі толқып, жан дүниесін тербете бастайды. Күнделікті күйбіңмен жүріп білмепті, өткен өмір – аққан судай екен ғой. Енді мынау, Айтөре қайда кетті бел асып, өзі қайда қалды зар  жылап...

Алланың бұйрығына амал жоқ. Екеуінің балалық шалалықпен басталған тағдыр жолы ойда жоқта екі бағытқа қақ жарыл­ды. Өмірден ендігі көрешегі қалай болады... Ойлап ой жетпейді... Тегеурінді толқын кеме тұмсығын тағы да бір үстін-үстін көтеріп тастағанда, Ақшабақ «Алла-а, өзің жар бола гөр» деп штурвалды кеудесімен басып жата қалды. Айтөр­еге «помкапитан» болып жүрген күндерінде «Чайканы» тереңге батыра жаздаған осындай дауылдың талайын көрген. Аллалап аман қалған; көре-көре жүрегі шайлықпайтын болып алған.

– Айтөре-е-ай... - деп ыш­қынды штурвалды кеудесімен қаусыра құшақтап жатып. Артынша-а... я, босаңсып бара жатқан бойын жалма-жан тез тежеп тіктелді. Көңілі әлгін­дегі ойына қайта оралды. Қайран да қайран бал дәуреннің қысқа күндей қалай өте шыққанын білмей де қалыпты ғой. Екеуі бір ауылда бір топырақтан жаралған; кіндік қаны сол топыраққа сіңген; бір еспенің суын ішкен; құрбы-құрдастарымен бірге бір теңіздің суына шомылған; көрген жұрт ауыздарының суы құрып мақтайтын Аққұмның ақшағыл құмына аунап асыр салған... Ал бойжетуге талпынған балаң шағында өзі үйде, қылығы түзде бола бастады. Қыз салтанатымен толықсып жүргенінде күйеу таңдап тұрмыс құрудың қандай болатынын ойлап қиялдайтын. Сәтімен теңін тауып отау көтергендерге кәдімгідей қызығатын. Ол ол ма, Ақшабақ бір-бірімен жарасып үй болған, бір-екі бала тауып шырайы шыққан келіншектердей болсам деп те армандайтын.

Қыз байғұс бойжеткесін бөтен үйге пенде болады. Оған дейін өмірлік серігімен ақ шымылдық ішінде табысу қандай болады екен деп те үздігетін. Ақыры мектепте әуелі бас­тауышта, сосын жетіжылдықта бірге оқыған кластас досы Тортада­н алғашқы түннің қандай­ болғанын әуестікпен сұраған  да  еді.

– О-ой, айтпа, айтпа. Шымылдық ішінде алғашқы табысуды той өтіп болғанша тағатың болмай ынтыға күтесің. Қашан төсекке жеткенше күнді батыра алмай діңкең құриды. Төсекке жеттім бе, жетпедім бе дегеніңде тұла бойың бір жанып, бір суынып, қорқасоқтап жатасың. Әрі оның құшағына қысып, бауырына алғанын жаның қалмай тілеп ынтығасың. Ол да сондай күйде тағатынан айырылып, асығып, аптығ­ып шешінді; сосын діт­теген аңсарына мені де тұттай жалаңаштап кіріскенде, көзім­нің оты жарқ еткендей болды. Бір бұлқынып түстім. Даусым да шығып кетті. Ол ауырсынып жатқан мені аяйтын емес; өлейін деп жүр екен, таң ат­қан­ша құшағынан босатпады... - деді Торта бастасын аш белінен шымшылап. – Құрысын, ал­ғашқы түн ауыр болады екен...

– Ал, сосын не болды?

– Сосын не болсын. Таңертең шымылдықтан екі бетім ұяттан күйіп-жанып әрең шықтым. Денем алдырмай қалыпты. Белім бір жетідей сыздап,  ауырсынып  жүрдім.

– Сосын?

– Сосын, несін айтасың, рақат! Етегің бір ашылғасын рақатқа тоймай көре бергің келед­і екен, - деп Торта бұл жолы Ақшабақты төсекке шалқа­сынан алып ұрып ты­пырлата қытықтап  діңкелетіп  жіберді. – Сен қыз сылаңдап жүре бермей екеуің алғашқы түннің қызығына тездетіп кіріспей­сіңдер ме?! - деді сықылықтап.

Содан, айтып-айтпай не керек, Тортаның қызықтырып, ынтықтырып айтқанындай, Айтөре  екеуінің  махаббат отын маздатуы ақсүйек ойынынан басталған еді. Я, «Аққұм» ауылының жастары да түнге қарай аспаннан Ай көтеріле жамырасып ақсүйек ойнауға шығатын. Айтөре қатарларына қарағанда батыл болды. Және, жасынан домбыра тартуға әуестеніп, жыр жаттап үйренуге жаны құмар еді. Мүмкін, оның батылдығы мен алғырлығына Ақшабақтың көңілі ауып, жүзі ыстық көрінген шығар. Бұл қыз деген бейбағың әбден толысып бойжеткесін өз үйінен өзі қияға кеткісі келіп, көңілі алабұр­тып, ойы онға бөлініп жүреді екен ғой. Ақыры Айтөренің дегеніне көніп ұзаты­латын болды. Дегенде, бауыр басқ­ан ұясынан жат жұрттыққа келін болу оңай ма... Қайдан оңай болсын...

Бұрынғылардан жоралғы болып қалған «Қыз сыңсуы» деген ел дәстүрі болады екен. Алдымен ауылдың бір топ қыздары Ақшабақты орталарына алып, қалыңдықтың үйінен бірін-бірі қолтықтап қыз сыңсуын бастап шықты. Салт бо­йынша кететін қыз өзінің және нағашы жұртын аралап, әрбір үйден дәм-тұз татып, қоштасып шығуы керек. Қыздарға жақсы болды, ойын-күлкі, әзіл-қалжың, айтылмаған арман, тілек қалмады. Сол қолтықтас­қан қалыптарын жазбай тізі­ліп, арғы ауылға сыңсып барып, бергі ауылға сыңсып қайт­ты. Сөйтіп, бір күн сыңсумен өтті. Құрысын, несін айтасың, ұзатылу тойы мен келін болу тойынан кейін Ақшабақ та ақ шымылдықтың ішіне ақ жүзі алаулап кірген, алғашқы төсек қызығын да көрген...

Ой, дүние-ай, жастық жа­лыны алаулаған сол күндерде Ақшабақ бақытты еді ғой. Бірақ, айтып-айтпай не керек, балдай тәтті махаббат қызығы көпке бармады. Арада бар бол­ған­ы үш жарым жыл өтер-өт­песте тап келді соғыс сорына. Қауызын енді ғана ашқан жас-жастың асыл арманын соғысты бастаған сұмырайлар ерте ұр­лады. «Амал жоқ, көндік. Көнбегенде қайда барып ел боламы­з...».

Ақшабақтың әке-шешесінен білгені, осы соғыстың болатынын Нұртуған шайыр, заң­ғар-ай, он екі жыл бұрын болжап өлеңмен уайымдап айтқа­н екен. Көкаралдағы «Сарша» аралын Андағұл-Боқанн­ың биі Сүйеуқұл жылда жаз жайлайтын. Бір жазда боқан­дар жиналып бақи бол­ған бабаларына арнап ас берген. Сол асқа және бір ағайынның келін түсіру тойына Сырдарияның аяғындағы Мырзас елінен атақты Нұртуған ша­йырды да арнайы шақыртқан. Ол Көкаралға бір шоғыр қас­қалар мен жайсаңдарды бастап келеді. Сол жолы жыр бұлағын селдеткен жырау Нұртуған ақынның бір қатерді болжаған өлеңін алғаш рет тыңдаған ағайын жұрт шошып қалса керек­. «Қайдағыны қайдан шыға­рып, жамандық шақыр­ғаны неғылғаны» дегендер де болыпты.

Ал соғыс басталды! - деген суық хабар жер-жерге жеткенде­, Аққұм жұрты: «Ойпырмай, біздің Нұрекең көреген әулие екен-ау?!» деп жағаларын ұстады. Содан не керек, ауылда көр ойбай, жер ойбай басталды. Жұрт естен танып есеңгіреп қалды. Айтқаны айдай келген ақын шайыр енді жоқ. Дүние жарықтан соғыстың басталуынан он бір жыл бұрын баз кешкен.

Қайран асыл тек. Ақшабақ ақын  атасының  көреген әулие­лігіне таңғалды. Және, бір жағынан­  асыл  адамның  жарық дүниеде небәрі қырық жыл жаса­п жермола болғаны көпке дейін ойынан кетпей қойды. Жан жүрегі елжіреп өкінумен мұңайып жүрді. Алайда амал не, әркімнің өз тағдыры бар дегеніне бағатын, - деп күрсінді ойы сапырылысып тұрған келін­шек. Міне, біз де құрышымыз қанбай, бағымыз жанбай жер болып қалдық емес пе, жасамай  жатып...

Құрысын, ауылдың сәні қыз-келіншектері болса, азаматтар айбары  екен ғой. Әскерге жарамды еркектер сыпырылып кеткенде, Аққұм ел көш­кендей күйзеліп, көңіл құлазып қалды. Кәрі-құртаң мен бала-шағаның ендігі сенері броньмен іріктеліп қалғандар болды. «Азаматтарымыздың орнын басқан біз де олардан қалыспай колхоздың көнбіс жегіндісіне айналдық. Қайтейік, Құдай басқа салғасын. Осындай­  зобалаңды  тілеппіз  бе...».

...Сол әуелгі сапарда Аққұм ауылының азаматтары қалада екі тәуліктей кідірді. Ал қызыл эшелон­ға тиелетін күні, Құдай сақтасын, теміржол вок­залының алды кәдімгі қан базардай қайнап кетті. Ығы-жығы халық, ұлы шу, жылап-сықтау, Майдан өтіне аттанғалы тұрғандар мен оларды шығарып салушылар орысша, қазақша сөз сапырып, қойырт­пақтап тұрғандардың елден ерек емен-жарқын дауыс­тары құлақтың жарғағын жарып жіберердей жамырап дуылдайды. Ақшабаққа олардың мына ойдан-қырдан жиналған көп тобырдың түнеріңкі жүздерін жыр демей шалықтап, өздерінше болып-толып, асылық айтып тұрғандары ұнамады. «Тәңі­рім-ай, бет қаратпай үгіт-насихат айтып машық­танған заржақтар осы қазір аттанғалы тұрғандарды соғысқа емес, құдды ойын-тойға жіберетіндей өршеленеді ғой, түге. Өй, өңшең күпілдектер! - деп көмекейінен күңкілдеп тұр. – Қайда осындайлар шығады алдымыздан ойқастап...».

Ал олар қайдағы бір помкапитан әйелдің күйініп тұрғанын қайтеді, қайдағы жоқ аманат­тарды аудан  халқы  атынан жаудырып жатыр. Құлақ  тұндырып  тұрған  айқай-шу  үдей  түсті:

– Біздің ержүрек бабаларымыз жауға жерін бермеген­! - дейді.

– Елімізді қасық қанымен қорғаған атақты Алексан­др Невский, Кутузов, Суворов, Катовский, Буденный, Ворошилов, Шапайлардың ерлігін енді сендерден  күтеміз!

– Жау шебінен бір адым да шегінбеңдер!

– Қанқұйлы фашистердің шабуылын жылға жеткізбей тойтарып, жеңіспен оралатын болыңдар!

– Біздің кемеңгер көсеміміз ұлы Сталин жасасын! Ура-а-а... - деп ұрандатуды бастап жібергенде, Арал  аспаны  жаңғырып кетті. Осындай лепірген  шақырулар мен тек алға деп озандатқандардың айқай-шуы жер-дүниені азан-қазан қылды. Олардың даң-дұң уағыздарын бір-жар көңілі ояу, көзі ашық, Айтөре сияқты еті тірілері болмаса, шашыра­нды елден келген көп бозымның жарытып түсініп тұрғандары да шамалы. «Аналар не деп жатыр?­» - деп  бір-бірінен  сұрайды күңкілдеп.

Ақшабақ:

– Сен бес жыл әскерде болғаныңда, жөн-жосықт­ы біліп қайтқан шығарсың. Ал ауылдан ұзап шықпаған, бірауыз орысша білмейтін мына шырақта­рым қалай соғысады? - деді төбесінен төніп  тұрған  күйеуіне  жанары мөлтілдеп.

– Қорықпа. Бұларды  бірден  салмайды  майдан­ға. Соғысуды  әуелі  алты ай жаттықтырып  үйрете­ді сәйгүлікті  жаратқандай  жаратып.

– Бәсе-е-ау... Әйтеуір Құдай жар болсын шырақта­рыма.

Ақшабақтың тағы бір көңіліне келгені, Аралда жергілікті жұртқа мың қайнаса да сорпасы қосылмайтын бөтен түстілер мен ауызы түктілер өріп жүр. Момын елді біржола басынып алған. Емін-еркін қарыштап басып, ойқастап жүр. Шеттерінен менмен, жергілікті жұртқа шекесімен қарайды. Сартылдаған солдаттар мен матростар қаптап кеткен. Еркектерін шығарып салуға келген ұрғашылары да елдің назарынан қымсынайын демейді. Адамының омырауына тұмсықтарын тығып жіберіп жабыса-жабыса қалыпты; бірін-бірі иіскелесіп, ылығып болар емес; кейбірінің әр тұстан ыңырсығаны естіліп қалады. Ақшабақ: «Ұяттағы-ай, біздің әжелеріміздің «адам беті – көкдәрі» дейтіндері рас екен ғой» - деп бетін шымшып алды. Мына бір күпілдектердің өздеріндей күмпілдеген музыкасының дарылдап тепсінген дауысы да шекесін шағып барады. Ақшабақтың дүниеде жақтырмайтыны – осылардың осы күмпілдегі. Табан астынан жау шапқа­ндай жан жүрегін суылдатып тұр. Оның орны­на қазақтың әндері мен күйлерін ынтығып тыңдағанды жақсы көреді. Ойын-тойда өзінің де жұрттан  ұялмайтындай құлаққа жағымды әуенімен  әлім-берім ән  салатыны  бар.

Ақшабақ осылай ақтан тілеп, ойға батып, мұңайып  тұрған. Кенет әскерге шақырылғандарды­ эшелонға отырғызу дабылы озандатып қоя берді. Ақшабақ құдды ұйқыдан шошып оянғандай селк етті. Әлгінде  ғана  үрей  құшағында селт етпей дүме­ліп тұрғандар тау баурайынан құлдилап жөңкілген тасқындай алға қарай лап қойды. Алашұбар тобырдың ортасында тұрған Айтөре екеуі де көптің екпіні­мен ілгері дедектей жөнелді. Айтөре келіншегін сүрініп кетер деген оймен қорғаштап дереу ту сыртынан құшақтай алды. Әлгінде ғана сартылдап жүрген солдат, матрос, милицияны эшелонның  ұзына бойына екі қатар саппен қақитып қойған­ екен. Амалсыз  іркіліп тосылғандарды тегеурінді күш ілгері жібермей қойды. Енді перронда үрейлі өлі тыныштық.  Әскери  киімі сырықтай бойына құйып қойғандай  көзілдірікті кісі ел алдына шығып, қызыл түсті папкасынан бірнеше бет қағаздарын суырды. Онысы  осы қазір майданға аттанып кететіндердің тізімі екен. Ол әркімнің аты-жөнін атап тұрды; милици­я  аты  аталғандарды эшелонға жіберіп жатты.­ Айтөренің  атын  атаған  кезде  Ақшабақ:

– Алла-а, өзің жар бола гөр! - деп теңселіп кетті.

– Ақшабақ! Аман бол. Елге менен сәлем айт! - деп Айтөре де алға ұмтыла бере артына қарай-қарай кетті. Өзі теңселіп, демі жиілеп тұрған Ақшабақ:

– Алла бізді амандықпен қауыштырғай, ардақтым-м... – деп еңіреп қоя берді...

­(Жалғасы  бар.)

 


ҚҰЛАҚҚАП ҚҰЛАҚТАН ТҮСПЕСЕ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
08.02.2018 10:15

Осыдан тура 5 жыл бұрын Қармақшы ауданында қыс мезгілінде құлағын құлаққаппен тығындаған жас баланы көлік қағып кеткен болатын. Таң ата тұманды күні көлік жүргізушісі тасжолды кесе-көлденең өтпек болған мектеп оқушысын заматында байқап, көлік дабылын қаққанымен, тайғақ жолда тоқтап үлгермеді. Салдарынан, бала көз жұмды. Мейлі, жүргізуші кінәлі дерсіз.

Бірақ құлағын құлаққаппен бітеген баланың көлікті байқамағанымен қоймай, дыбысты да естімегені анық. Үлкендер «жолда жүргенде құлағыңды тығындама, айналаңа қарап жүр, тосыннан келген дыбысты естімей қаласың» дегенімен, тыңдайтын құлақ жоқ. Бәрібір даңғыр-дұңғыр музыканы дабырлатып барамыз. Иә, мүмкін орынсыз байбалам салған болармын. Себебі радионы, қажетті аудио жазбаларды тап осы құрылғының көмегінсіз тыңдай алмаймыз. Керісінше адамның құлақ жарғағына айтарлықтай зардап әкелетіні тағы бар. Ендеше, ақиқатын аңдайық.

Алғашында құлаққап науқас­тарға көмек көрсету үшін құрас­тырылған екен. Ал қазір адамзаттың 70%-ы тәуліктің тең жартысында құлағын тығындап жүреді. Мамандар сөзіне назар аударсақ, жаңа ғасырдың жаңашыл техникасы саналатын құлаққаптар тек құлақтың керең болуына әкеп ғана қоймай, тұтастай ми, бас, жүйке жүйесін жұ­қартып, психологияға да әсер етеді.

– Есту  қабілеті  мидың  қызметімен тікелей байланысты. Құлақ құрылысының өзі ортаңғы, ішкі құлақтан  және құлақ  жарғағы мен есту сүйектерінің тізбектерінен, сезімтал жасушалардан тұратынын ескерсек, оның қызметінің қалыпты болуы адамның өзіне байланысты. Қандай ортада да қатты дыбыс  құлақтың  дабыл  жарғағына­ бірден әсер етеді, сол себепті мүм­кіндігінше дыбыстардың бәсең болған­ы абзал. Құлаққап өндіруші компания  мен оны сатылымға шығара­тындар адам денсаулығы үшін бас қатырмайды, олардың мақса­ты – неғұрлым көбірек пайда табу. «Құлаққаптың кесірі бар ма?» деген сауалды, ең алдымен, тұтынушы өз-өзіне  қоюы  қажет, - дейді Асфендияров  атындағы ҚазҰМУ интерні С.Құдайбергенов.

 

ҚҰРЫЛҒЫНЫҢ   ТАРИХЫ

Өткен ғасырдың 50-жылдары Джон Косс атты азамат техникалық  ілімі, физика  ғылымына  деген­ әуестігі болмаса да Милуоки­ штатын­дағы  өздігінен кереуетінен тұра  алмайтын  науқастарға көмек көрсетудің амалын қарастырып, ақыры  соның  нәтижесінде  стереоқұлаққаптар дүниеге келді. Оны әу баста «құлаққап емес», «тыңдау құрылғысы» деп атаған. Бірақ  шуыл­ы,  дыбысы  анық естіл­мейтін құрылғыны  жетілдіру қажет болып­, Джон Косс біраз қаржы жинап алған соң, инженерлердің басын қосып, өз қиялындағы дүниен­і жарыққа шығаруға тал­пыныс жасайды. 1957 жылы ұйымдастырылған «Hi-Fi» көрмесінде Косстың құлаққаптары «жыл жаңалығы» деп танылған екен. Құлаққап талайлардың таңданысын тудыр­ады, соның нәтижесінде «Koss» компаниясы дүниеге келе­ді. Құлаққап шығаратын әйгілі компания бүгінде сапа эталоны  болып саналады. Өз ғасырында ғажайыптың ғажабы атанып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған құрылғы уақыт өте келе адам­заттың бас қайғысына айналады деген ой болмаған-ау, сірә?

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН   ШЫҒАР

ЖОЛ  ЕМЕС

«Жалғыздықтың жалғыз емі – музыка» дейді біреулер. Өмірден безіп, өзімен-өзі қалғысы келген адам мұңды әуен  тыңдап, мұңға батқанды жөн көреді. Сондайда, әрине, көмекке құлаққаптың  келетіні  анық. Бірақ психолог  Б.Ғалымжанқызы: «Сен музыканы тыңдағанмен, музыка сені тыңдамайды, жалғыз қал­ға­ныңмен, саған  серік  бола алмайды»  деген  пікір  айтады.

– «Құлаққап  дертіне» ұшыраған адамның негізгі белгісі – айналасынан  бөлектену. Басында  ләз­зат  үшін  тыңдаймын деген музыка­ның  тұңғиығы біртіндеп өзіне тартып, ақыры өзін-өзі түсінбес халге душар етеді екен. Айналасымен сыр бөліспеген адамды енді өзгелер қайдан  түсінсін. Бір жасөспірімнің тек осы  құлаққапқа тәуелді болғанымен­ қатар, мінезі де күрт өзгергенін отбасындағылар  байқаған. Бірақ ешкім қойдыра алмаған. Соңында «мені ешкім түсінбейді» деп құлағын  тығындап, өз-өзінен күйзеліп, отыра беретін күйге жеткен. Ақыры өз-өзіне қол жұмсаған. Сондықтан ата-аналар бала тәрбие­сіне көбірек көңіл бөліп, қоғамға келген  жаңа  дүниелерден оқшаулай­ білуі  керек, - дейді ол.

 

ҚҰЛАҒЫҢДЫ   САҚТА!

Бұрындары бұл құрылғыны дыбыс­  жазу студиялары мен телекоммуникация қызметкерлерінің, қала берді, авиация мамандарының құлақтарынан ғана арагідік көзіміз шалатын. Ал қазір ше? Көшеде сабылған халықтың екеуінің біреуі құлаққаппен жүреді. Құлаққаптың ағзаңызға “салқыны” тимес үшін күніне 1 сағаттан артық қолдануға болмайтын көрі­неді. Бүгіндері таңалакеуімнен көзін тырнап ашып, құлағын бітеп, қас қарайып, күн батқанша өзіне ермек­ ететіндер көп. Физикадан білеміз, дыбыстың ең жоғарғы шегін­де 80 децибелл көрсетілген. Одан жоғары дыбыстар ағзаңызға кері әсерін тигізеді. Ал бас бөлігі тамшыдай ғана құлаққап құлағыңыздың дәл түбінен даңғырап, аса зиян жасайды. Мұнымен қоса, құлаққаппен ән тыңдап отырып, ішімдік ішкенде қатты дыбыстың  есту қабіле­тіңізге әсері де артатын көрінеді. Ал қоғамдық көлікте сыртқы шуды естімеймін деп музыканың  дауысын ұлғайтқан сайын оның зияндылы­ғы да күшейетінін ұмытып  кетеміз.

Жалпы, жұмыр басты пенденің жеті мүшесі­нің ешқайсысын бір-бірінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Ал адамның нәзік те ұрымтал мүшесінің бірі – құлақ. Табиғат  ана – шебер. Ол сол шеберлігінің арқасында адам жаратылысындағы қиындыққа төтеп бере алатын түрлі механизмдерді ағзаға молынан жиған. Ол құ­лаққа  да  қатысты. Құлақ бұлшық етінің қатты дыбыс­тарға қарсы тұра алатын арнайы қорға­нысы  бар. Десек те, қорғаныс бар  екен деп адамдар есту мүшесін оңды-солды етуі тиіс емес. Қазақта қойдың басын ұстаған адам дастарқан басына жапырылыса отырған балаларға «құ­лықты, құйма құлақ болсын» деп құлақты ұсынып жатады. Ал сол құ­лаққа немқұрайды қа­рап, елемейтіндер түбі опық жеп қаларын сезбесе керек-ті. Сондықтан табиғат берген бұл сыйды барынша сақтаған ләзім.

Қ.ВЛАДИМИРҚЫЗЫ

 


ҚЫМБАТ ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.02.2018 10:13

Жыл санап жаңа технологияның енгізіліп жатқандығы медицина саласын­а да соны серпін әкелді. Мемле­кет басшысының тапсыр­ма­сы­мен жүзеге асырылып жатқан бағ­дарламаларға да баса көңіл бөлудің нәтиже­сінде халықаралық стандартты­ жүйенің тетігіне қол жеткізуге мүм­кіндік туды. Соңғы бірнеше жылда отандық денсаулық сақтау жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болғанын мойындау керек. Денсаулық сақтауды одан әрі дамыту бойынша мемлекеттік  бағдарламалардың  қабыл­дануы және олардың іске асырылуы осы бағытта бірқатар жетістіктерге қол  жеткізуге  ықпал  етті.

Бұған дейін қабылданған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау жүйесі кең көлемде жаңғыртылды. Емдеу процесінде жаңа тех­нологиялар белсенді қолданылып, тәжірибе жинақталды. Қазір бізде ауруды ерте кезде анықтауға мүм­кіндік беретін Ұлттық скринингті бағдар­лама, Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі жұмыс істейді. Фертильді жастағы әйелдер, жүкті және ауыр  жағдайда  жатқан науқастар тіркелімі жасалған. Тиісті және шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ескерту және іс-қимыл алгоритмінің кестесі қабылданды. Осының нәтижесінде өмір сүру ұзақ­тығының шамамен 3 жылға ұзаруы, мемлекеттің басты капиталы – халықтың, оның ішінде ана мен бала өлімі деңгейінің төмендеуі аталмыш бағдарламаның негізгі нәтижесі екені рас. Осы секілді жағымды өзгерістерге толы салада қазір өлімнің негізгі себептері болы­п табылаты­н қан айналымы жүйесінің бұзылуы, қатерлі ісіктер секілді қауіпті аурулардың алдын алуға, ерте анықтауға және уақытылы емдеуг­е  бағытталған  кешенді шаралар облыс көлемінде жүргізілуде.

Ауырып ем іздегеннен аурудың алдын алып, салдарымен күрескен әлдеқайда пайдалы. Аймақ бойынша соңғы жылдары қан айналымы  жүйесінің бұзылуы салда­рынан туындайтын аурулар көбейген. Асқынған дерттің соңы ота жасауға алып барады. Бүгінде осы кеселдің алдын­ алу бағытында аймақтағы жергілікті емханаларда мойын  және  аяқ тамыр­ларын  ультрадыбыстық  зерт­теу құрылғысымен анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ота демекші, қазіргі күні аймақта науқастарға жасалатын отаның­  барлық түрі ангио­графиялық қондырғы арқылы  жасалуда. Бұл  қондыр­ғы­ға қажеттілікті есептейтін болсақ,­ 250  мың  халыққа бір қондыр­ғы қызмет етуі тиіс. Ал біздің аймақ тұр­ғындарының саны 800 мыңға жуықтап қалды. Демек, облысқа әлі де осындай екі аппарат қажет. Ангиографиялық қондырғының адам өмірі үшін қандай қызмет атқаратынын, өмір мен өлім аузындағы адамды аман алып қалуға тигізе­тін көмегін көру үшін облыстық денсаулық  сақтау  басқармасы  облыстық медициналық  орталықтың ішкі жұмы­сы­мен  таныстырды.

ОМО-ның бірінші қабатындағы қабылдау бөлімінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек, дәліз жағалап отырған науқ­ас жоқ. Өйткені ел президентінің айтып жүрген қымбатқа түсетін стацио­нарлық ем көрсету қызметі бойынша арнайы бөлімше ашылды. Онда шұғыл көмекті қажет ететін, ауру­ханаға  түскен  ауыр науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Перде жапқыштарының түсі – қанық сары. Бұл түс – әлем­дік  медицинада «шұғыл көмек» түсі деп аталады  екен. Бағытымыз – эндоваскулярлы бөлімше. Ол жерде 1946 жылы туған аралдық азаматтың жүрегіне ангио­графиялық аппаратпен ота жасалуд­а. Тәжірибелі дәрігерлер мен мамандардың көмегімен ота бар бол­ғаны 30 минутқа ғана созылды. Бар болға­ны дейміз-ау, өмір үшін күресіп жатқан  ағза  үшін секундтың өзі – уақыттың  төресі.

- Бұл  аппараттың  бізге  берер  көмегі ұшан-теңіз. Өйткені науқастың өмірін сақтауда біріншіден, уақыт тиімділігін сыйласа, екіншіден, бұрынғыдай кеуде тұсын толық ашып жатпаймыз. Аппараттың көмегімен түйінделіп тұрған тамырды тауып, оған «стенд» қойып, әрі қарайғы отаны сәтті жалғастырамыз. Өткен жылдың өзінде 2700-ге тарта науқа­стың жүрек-қан тамырларына ота істелді, - дейді ОМО-ның кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Ғалымжан Әбішев.

Айта кетейік, мемлекет басшысы қойған міндеттер негізінде денсаулық саласын одан әрі дамытуға бағытталған бағдарлама 2020 жылға дейін толы­ғы­мен іске асуы керек. Басым бағыт ретінд­е қарастырылып отырған тап­сырманың бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және заманауи ақпарат­тық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету. Осы ретте аймақтағы емхана, аурухана, медициналық бекеттердің материалдық-техникалық базасын 2020 жылға дейін тыңғылықты нығай­ту жоспарда тұр. Қыруар қаржы талап ететін жобаны іске асыруға тек мемлекет емес, жеке инвесторлар да жұмылады. Яғни, қажетті қондырғылар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісім бойынша алынады. Осы мақсатта облыстық денсаулық сақтау басқармасы қажетті қондырғы, құрал-жаб­дықтардың тізімін жасап, жоба әзірлеген. Құны 5,9 млрд теңгені құрайтын жобаға сәйкес облыстағы бүкіл емдеу мекемелеріне, халықтың денсаулығын тексеріп, қажет жағдайда жедел әрі сапалы­ медициналық көмек көрсетуге жарамды аса қат қондырғыларды ауыс­пал­ы және майда бөлшектерімен бірге кезең-кезеңімен алу көзделген. Оның ішінде магнитті-резонансты томограф, компьютерлік томограф, маммограф, террогамм, ангиографиялық және басқа да  қымбат  аппараттар  бар.

- Облыс халқының санына шақсақ, бізге әлі екі ангиографиялық қондырғы қажет. Бүгінде ол бізде біреу ғана. Осы аппаратпен жылына орташа есеппен 4500-5000 коронография жасалуы тиіс. Ал қазір бұл көрсеткіш 2 мыңның ғана шамасында. Бұдан тұрғындардың қажетті медициналық көмекті алуға қолжетімділігінің азайып отырғанын аңғарамыз. Облысымыздағы жалғыз ангиогра­фиялық қондырғы 2009 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Тоғыз жыл ішінде 5000-нан астам коронографиялық зерттеу­лер мен операциялар жүргізілді. 2012 жылдан бастап нейроинсульт орталы­ғы ашылғалы бері осы қондырғы нейрохирургиялық операциялар жасау кезінде де кеңінен қолданылуда. Одан бөлек 15 түрлі операцияға да қолда­нылып жүр. Аса үлкен жүктемемен жұмыс істеп тұрғандықтан бірнеше рет істен шығып, нәтижесінде жедел коронарлы синдроммен түскен науқастарға медицин­алық көмекті толық көлемде көрсету мүмкін болмады, - деп мәлім­деді облыстық денсаулық сақтау басқа­р­масы  басшысының  орын­ба­са­ры  Баян  Боранбаева.

Ашылғанына бес айдың ғана көлемі болған «Диабет орталығы» да жаңа қондырғылармен жабдықталған. Соның бірі – денситометр. Аяқтағы сүйек тығыздылығын анықтап, нәтижесін қолыңызға ұстатады. Айта кетейік­, бұл аппарат тек Алматы мен Қызылорда облысында ғана бар.

- Қант диабеті ауруымен жылына 1000-1200 адам тіркеледі. Жас мөлшерлері әртүрлі. Тіпті жаңа туылға­н нәрестелер де бар. Ал басым көп­шілігі – 40-60 жас аралығындағы азамат­тар. Орталық ашылғалы аурудың­  алдын  алу, дұрыс  тамақ­тану, күтіну туралы 361 емделушіге 1000-ға тарта сабақ өткізілді. Орталыққа 10 млн теңгеге 5 жаңа қондырғы орнатыл­ған. Сол аппараттардың көмегімен­ науқастарды емдеу шара­лары жүргі­зіледі, - деді эндокрино­логия  бөлім­шесінің меңгерушісі Елена­  Цхай.

Облыстық   медициналық  орталық – дәлізін кезіп, санитарлық талапта­рды бұзатын орын емес. Сондықтан жаңа қондырғылардың жұмысымен танысу сағатының өзінде біраз жайтқа қанықтық. Айтпақшы, Арал, Қазалы, Қармақшы ауданы тұрғындарына инфаркт, инсульт сияқты ауруларға жедел коронография қажет бол­ған жағдайда «алтын сағат» қағидасының сақталуы қиынға түсіп отыр. Нау­қ­астарға жаңа технология арқылы уақытылы медициналық көмек көр­сету мүмкіндігі болмай тұр. Сол себептен бұл аудандардың облыс орталығынан алыс орналасуына байланыс­ты жаңадан алынатын 2 ангиография­лық қондырғының біреуі Қазалы ауданы­на орналастырылады. Қон­дыр­ғыны жеткізу, орнату және бес жыл көле­мінде сервистік қызмет көрсету жұмыс­тарын жеке инвестор арқылы жүргізу жоспарланып отыр.

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ,

Н.Нұржаубай  (сурет)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары