Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 08 Ақпан 2018

ЖАНЫҢ АШЫҒАН СОҢ ҚАТТЫ АЙТУ КЕРЕК БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.02.2018 10:48

Шиелі ауданы әкімі Әшім ОРАЗБЕКҰЛЫ:

Жауырды жаба тоқығанмен, жараның аты жара болып қалмақ. Немесе түсінікті тілде жазалық. Алтыннан жабу жапсаң да, жауыр боп қалар жауыр ат. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте осыған ұқсас, осы мәндес сөз айтты. Біз бар болғаны оны көркем тілмен жеткізіп отырмыз. Мәселе мынада. Өткен жылдың оныншы айында қызметіне кіріскен аудан әкімі «ауруын жасырған өледі» деген қағиданы ұстанып, мәселені ашық айтуды құп көреді екен. Иә, айғайлайтын жерде ауыз ашпаудың айып екенін біз де білеміз. Шиелідегі ісі кері кеткен салаларды, олқылықтарды аудан әкімінің өзі де айтып жүр. Ең бастысы, шиелілік басшы мәселенің мәнісіне терең бойлап, түйінді тақырыпты тарқатып, ши шыққан шулы шаруалардың шешімін табамын деп отыр.

Кез келген заттың да күнгейі мен көлеңке жағы болатынын ескеріп, кейбір саланың ақ-қарасын салыстырмалы түрде жазуды құп көрдік. Ауданда 2017 жылы тіркелген қылмыстар саны арғы жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға төмендеген. «Төмендеді» деп жылы жаба салуға болар еді, бірақ... «Бір жақсысы, біздерде бәрі жақсы» деуге тағы болмайды. Бір жаманын айтуға ойланудың қажеті де шамалы. Мысалы, өткен жылы ауданда бұзақылық 49%-ға азайса, мал ұрлығы 35%-ға көбейіпті. Құдды бұзақылық жасайтындардың барлығы жапа-тармағай мал ұрлауға кіріскендей.

- Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін барлық ауылдарды аралап есеп беріп шықтым. Сол кезде бұл мал ұрлығы мәселесін ашып айттық. «Қай жерден кемшілік жіберіп отырмыз, қалай күресуге болады?» деген секілді сауалдарға жауап іздедік. Жалпы, мал ұрлығы бірнеше жағдайда көбеюде. Мысалы, ауылдарда пада мәселесі жолға қойылмаған. Сондықтан, біз осыны қолға алуды тапсырдық. Ұрланған малдардың көбісі түнгі малбазарда сатылуда. Қазіргі таңда малбазардағы сауданы күндізгі уақытқа көшіру мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді Ә.Оразбекұлы.

Айтса, айтқандай-ақ, мал ұрлығының көбеюіне жайбарақаттық та себеп болғандай. Қорадағы малына ғана қарайлап, өрістегі малын өз бетінше жүргізіп қойған соң, барымташылар босып жүргенін қолды қылады. Жұртшылық ақ адал малын қолынан бермесе де, серкені өңгергендей жолынан алатындар да бар. Малының қашан жоғалғанын білмейтін тұрғындар қылмыстың тез ашылуына көмектесе алмайтыны бесенеден белгілі. Қысқасы, бұл мәселені аудан әкімі тікелей өз назарына алып отыр.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұған дейін Шиелі ауданында «Құлан» бағдарламасына бірде-бір адам қатыспағанын және оған тікелей ауыл әкімдері кінәлі екенін айтқан болатын. Сол секілді, брифинг барысында аудан әкімінен алынған музыкалық аспаптардың неге әлі күнге пайдаланылмай жатқанын сұраған едік.

- Жалпы, бұл – осыдан 4-5 жыл бұрын болған оқиға. Мен оны мәдениетке серпін беру мақсатында мысал ретінде айттым. Яғни, 10 домбыраны жаңадан алып келсе, оның бірнешеуі сапасыз шығуы мүмкін. Сіздің айтып тұрғаныңыз – осы сынды мәселе. Кей жағдайларға жаның ашыған соң, қатты айту керек болады.

Жылдың аяғында ауданның мәдениет бөліміне жаңа басшы тағайындадық. Бірнеше ауылдағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Шиелілік өнерпаздар облыстық, республикалық байқауларда, сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр, - деді ол.

«Құлан» бағдарламасын қарқ қылмаса да, шиеліліктердің «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы жылдық жоспарды 2 есеге артық орындағанын айта кету керек. Жеке кәсіпкер С.Ермахановтың тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «Аруана» шұбат цехының өнімі аудан, облыс көлемінде сұранысқа ие болуына байланысты өткен жылы 61 млн теңге несие қаржыға цехтың құрал-жабдықтарын құрылымдап, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруда. Сондай-ақ, «Мөлдір және К» толық серіктестігінің жанынан құрылған «Шиелі құс» фермасының құрылысына 165 млн теңге инвестиция салынып, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілген болатын. Өткен жылы құс фермасын кеңейту мақсатында «Даму Аймақ» бағдарламасы арқылы екінші деңгейдегі банктен 33 млн теңге несие қаржыға құс фермасы кеңейтіліп, тәулігіне тұрақты түрде 20 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Облыс әкімі Қызылорда облысында биылғы жылды «жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялаған болатын. Мұнан кейін Шиелі басшылығы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге білек сыбана кіріседі деп сенеміз.

Ауданда жалпы білім беретін 41 мектепте 16517 оқушы білім алуда. Цифрлық білім беру жүйесін дамыту мақсатында 66 млн теңгеге 28 мектеп 134 дана интерактивті тақтамен қамтылса, аудандық бюджет есебінен 149 млн теңгеге 1, 2 ,5, 7-сыныптардың 143 мың дана оқулығы алынған. 2017 жылы аудан спортшылары облыстық жарыстардан 66 алтын, 43 күміс, 91 қола медаль алса, республикалық жарыстар мен ҚР біріншілігінде 48 алтын, 47 күміс, 34 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне 4 спортшы енген. 6 СП, 1 ХДСШ, 27 СПҮ және 15 бірінші разрядты спортшылар дайындалды. Аудан халқының денсаулығын жақсарту, аурудың алдын алу бағытында өткен жылы 154 млн 645 мың теңгеге заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынған. Сонымен қатар, бірнеше ауылда медициналық нысандардың құрылысы жүргізілмек.

«Қазір көптеген ауылдарда шаштараз, монша, киім тігу цехтары жоқ. Мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, несие немесе гранттық қаржыларға осы кәсіп түрлерін қолға алуды жоспарлап отырмыз» деген аудан әкімі алдағы атқарар міндеттерімен де бөлісті. Бір байқағанымыз, аудан әкімі «өйтеміз, бүйтеміз» деп үйіп-төгіп уәде бере бермей, нақты іске кірісетіндей көрінді. Бұған дейін Шиеліде жоқ нәрсені жолға қойып, мәселе көтерсе, ол үшін Әшім Оразбекұлы кінәлі емес деп ойлаймыз. Ал, сөз басындағы «жауыр атты» жамап, жауып жатқан әкімдер бізде баршылық. Өйткені, өз ісін мінсіз етіп көрсететіндерден қорқып қалғанбыз...

Рыскелді  ЖАХМАН

 


Мұқағали – мәңгілік ғұмыр PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.02.2018 10:01

Орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімнің ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен әдеби-сазды поэзиялық кеш осылай аталды. Мұқағали Мақатаевтың өрісті ой, өшпес көркем мұрасын оқырмандарға ұғындыру, мәнерлеп оқу шеберлігін шыңдау мақсатын көздеген шара №216 мектептің, №226 мектеп-гимназияның, №249 мектеп-лицей оқушыларының және Қазалы гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен өткізілді.

Кеш барысында шығармашыл оқушылар қауымы Мұқағали Мақатаевтың сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы жырларын тебірене оқыса, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жұмабек Табынбаевтың «Ақынмен ашық сырласу» атты арнау өлеңін №216 мектептің оқушысы Қани Ескендір көрермендерге шебер жеткізді.

Әдеби кеште ақиық ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері тыңдалып, кітап көрмесі мен ақын шығармасы мен өмірбаянынан сыр шертетін слайд-шоу қатысушылар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, заманауи жаңаша бағытта караоке ұйымдастырылып, ақынның әндері көтеріңкі көңіл күймен орындалды. Кеште кітапхананың тұрақты оқырманы, Білім беру ісінің үздігі Қадірбек Бекетов, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Әшір Нұрбибі, №249, №70 мектептің мұғалімдері Жанна Әбішева, Бақыткүл Жайшылықова, кітапханашы Элмира Ақниязова және басқалар жылы лебіздерін білдірсе, №216 мектептің мұғалімі Құралай Асаубаева әдемі әндерінен шашу шашып, оқырмандарды серпілтіп тастады.

Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова қонақтар мен ақын жырларын жатқа оқыған жастарға өз алғысын білдіріп, мақтау қағаздарын, сый-сияпаттар табыстады.

Ж.Айдарбекұлы,

Қазалы ауданы

 


СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.02.2018 09:42

Қызылорда облысында су алу қаупі жоқ, - деп мәлімдеді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы.

Шұғыл ақпарат және мониторинг бөлімі хабарлағандай:

Арал ауданы бойынша: Арал ауданы аумағындағы өзен арнасында мұз толықтай ұстасқан. Мұздың қалыңдығы 30 см құрайды. «Ақлақ» су торабынан төмен қарай 250 м3/сек су жіберілуде.

Қазалы ауданы бойынша: Қазалы ауданы аумағында өзен арнасында мұз толығымен ұстасқан, мұздың қалыңдығы - шамамен 68 см. Басықара су торабынан төмен қарай 385 м3/сек су өтуде.

Қармақшы ауданы бойынша: Жосалы кентінен Сырдария бойымен 88 шақырым жоғарыда «Қарасиыр» учаскесінің тұсында мұз ұстасқан, мұздың қалыңдығы - шамамен 35 см.

Жалағаш ауданы бойынша: Аудан көлемінде 90% мұз ұстасқан, мұздың қалыңдығы - шамамен 40 см.

Сырдария ауданы бойынша: Аудан аумағында өзен арнасында мұз толықтай ұстасқан. Мұздың қалыңдығы - шамамен 50 см. «Әйтек» су торабынан төменгі ағысқа 255 м3/сек су өтуде.

Шиелі ауданы бойынша: Аудан бойынша мұз ұстасуда, қалыңдығы - шамамен 10-15 см.

Жаңақорған ауданы бойынша: Төменарық елді мекені мен Жаңақорған кентінің аралығында мұз ұстасуда, Жаңақорған кенті мен Көктөбе елді мекені аралығында 25-30% күр жүруде. Келіп түсіп жатқан судың көлемі 345 м3/сек құрайды.

Қызылорда қаласы бойынша: «Әйтек» су торабы мен Бірқазан елді мекені аралығында мұз ұстасқан, қалыңдығы - 15-20 см. Қызылорда су торабынан төмен қарай 320 м3/сек су өтуде.

Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі жағдай бірқалыпты және толық бақылауда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Кәсіпкерлер палатасы кімді оқытады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.02.2018 15:12

Қымбатты достар, кәсіпкерлерге кеңес беру айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға арналған курстар мен олардың ерекшеліктері туралы айтып беретін болады.

- Мәдина ханым, кәсіпкерлердің атынан кеңес алу кезеңін жалғастырғым келеді. Кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға қатысты қандай біліктіліктің курстары бар және оған кімдер қатыса алады? Мәселен, Кәсіпкерлер палатасымен өткізілетін «Бизнес кеңесші» курсы кәсіпкерлерге не береді?

- «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес «Бизнес мектеп» жұмыс атқарады. «Бизнес мектептің» мақсаты - кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы оқулар екі күндік қысқа мерзімді «Бизнес кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курсты оқытудың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға келген азамат кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қандай психологиялық дайындығы болу керек, қандай ұғымдарды білу керек, қай бағытта жылжу керек деген сиықты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін білуі тиіс. Оны білмесе, ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс істерін білмей тоқырауға ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйымдастырылады.

Кәсіппен айналысатын азаматтарға барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қойылатын міндетті шарт – кәсіпкерлік негіздерін оқығандығы туралы сертификаттың болуы. Көп жағдайда «Бизнес кеңесші» курсын «Бастау бизнес» жобасымен шатастырып жатады. Бұл екеуінің айырмашылығы өте зор. Мысалы, «Бизнес кеңесші» - екі күндік қысқа мерзімді курс, «Бастау бизнес» - бір айлық кәсіпкерліктің бүге-шігесіне дейін үйрететін толық курс. «Бастау бизнесті» оқыған азаматтар біржола бизнес жоспарларын әзірлеп, оны қорғап, несие алуға біртабан жақындайды.

«Бизнес кеңесші» оқытқанда біз тек бастапқы негізгі ұғымдармен таныстырамыз. Мұнан өзге «Бизнес кеңесші» курсына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Шектеу қойылмаған.

- «Бизнес өсу» курсын да Сіздер – Кәсіпкерлер палатасы оқытасыздар ма?

- Иә, «Бизнес өсу» курсын да Кәсіпкерлер палатасы өткізеді. Қысқа мерзімді курс болып табылады. Оқу 5 күндік мерзімді қамтиды. «Бизнес өсу» курсын ұйымдастырмас бұрын біз шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен алдын ала сауалнама жүргіземіз. Сауалнама жүргізудегі мақсатымыз – алдағы уақытта кәсіпкерлік субъектілеріне біліктілігін арттыруға қажетті тақырыптар мен бағыттарды анықтау. Биыл да сауалнама жүргізіп, осы жылы өткізілетін курстың тақырыптық бағытын анықтап алдық. Бірінші орында - іскерлік кездесулер, маркетинг тақырыбы, мұнан кейінгі орындарда - бизнес жоспарлау және персоналды басқару тақырыптары. «Бизнес өсу» курсының «Бизнес кеңесшіден» айырмашылығы, біріншіден, тақырыптарды алдын ала сауалнама арқылы анықтауға болады. Екіншіден, «Бизнес өсу» курсына тек қана «Бизнес кеңесші» курсынан өткен, сертификаты бар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. «Бизнес өсу» курсынан өткен азаматтарға да сертификаттар беріледі.

- «Жобалық оқыту» курсына тоқталып өтсеңіз...

- «Жобалық оқыту» - өте қызықты, ұзақ мерзімді курс. Оқу ұзақтығы 2 ай мерзімді қамтиды. Жыл басында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірге тақырыптар бекітіледі. Биылғы жылы біз арнайы сауалнама жүргізу, кәсіпкерлермен пікірлесу арқылы қандай бағыттарға сұраныс бар екенін анықтадық. Биылғы жылға 7 тақырып бекітілді. Оның ішінде мал бордақылау алаңдарын, тігін цехтарын, баспахана, оқу орталығын ашу сынды тақырыптар қамтылған. Жобалық оқыту курсының қандай ерекшелігі, айырмашылығы бар? «Жобалық оқытуға» қатысу үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болуы қажет немесе қатысушы азаматтың міндетті түрде «Бизнес кеңесші» оқу курсын бітіргендігі жөнінде сертификаты болуы тиіс. Бұл - бірінші ерекшелігі. Екіншіден, «Жобалық оқытуда» таңдалған бір тақырыпқа бірнеше кәсіпкер бірігіп оқиды. Кәсіпкерлерге дәрістерді бизнес-тренерлермен қатар сол салада 3 жылдан астам тәжірибесі бар, озық кәсіпкерлеріміз дәріс беретін болады. Тек дәріс беріп қана қоймай, осы кәсіптің ішкі «кухниясын» көрсету үшін тыңдаушыларды кәсібіне, шаруашылығына апарып көрсетеді. Қандай қиыншылықтары болды? Жетістікке қалай жетті? Бұрын кәсібін неден бастады? Қандай кедергілерге кездесті? Қалай жеңіп шықты? Жаңа құрал-жабдықтарды қалай, қайдан және қайтіп таңдау қажет? Міне, осы сауалдар аясында теориялық білім берумен қатар, өзінің өндіріс орнын таныстыра отырып, тәжірибе жүзінде де көрсетеді. Бұл – кәсіпті жаңа бастап немесе кәсібінің бағытын өзгертемін деген кәсіпкер азамат үшін таптырмайтын мүмкіндік және үлкен тәжірибе. Барлық оқу курстарының өткізілу мерзіміне қатысты кестелер алдын ала БАҚ-да, әлеуметтік желілерде жарияланады. Мұнан өзге, бұл курстардың барлығы да ТЕГІН өткізіледі.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Қызылордада бизнес-омбудсмен аппараты 228 кәсіпкердің құқығын қорғап қалды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.02.2018 15:00

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері – бизнес-омбудсмен аппаратының өкілдері 2 жылда 228 кәсіпкердің құқығын қорғап, кәсіпкерлердің 600 млн теңгеден астам қаржысын сақтап қала алды. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары – Бизнес-омбудсменнің Қызылорда облысы бойынша сектор меңгерушісі Ғалым Едігеев айтты.

«Бизнес-омбудсмен институты елімізде 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған. Осыдан-ақ, аталмыш институттың мәртебесінің жоғары әрі кәсіпкерлердің құқығын қорғауда маңызды рөл атқаратындығын байқауға болады. Жалпы, бизнес-омбудсменнің қызметін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етеді. Бизнес-омбудсмен аппараты құрылған сәттен бастап біздің өңірде Кәсіпкерлер палатасына 465 кәсіпкер құқығын қорғауды сұрап, өтініш білдірген. Біз олардың 228-інің құқығын қорғай алдық. Нәтижесінде кәсіпкерлерге жұмыс жасауға кедергі келтірген 50 лауазымды азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді Бизнес-омбудсменнің Қызылорда облысы бойынша сектор меңгерушісі Ғалым Едігеев.

Құқығы бұзылып, кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келген кәсіпкерлердің бірі – жеке кәсіпкер Аблан Асенов. Ол 2016 жылы Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінен жалпы көлемі 1 гектар және 0,13 гектар екі жер телімін алады. Алайда Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы сол жылдың қазан айында кәсіпкерге аталмыш жер телімін нысаналы мақсатында пайдалану туралы нұсқама беріп, ал 2017 жылы кәсіпкердің құжаттарын тексерместен, сырттай бақылау тәсілімен мақсатсыз пайдаланды деген қорытынды шығарып, Сырдария аудандық сотына берген.

Кәсіпкердің өтінішіне сәйкес Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері іспен жан-жақты танысып, сотта кәсіпкердің құқығын қорғап қала алды. Қорғап қана қоймай, кәсіпкердің құқығы мен заңды мүддесін шектеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы Сырдария аудандық прокуратурасына ұсыныспен шыққан болатын. Аудандық прокуратура да Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы қызметкерлерінің әрекетін негізсіз деп танып, аталмыш мемлекеттік орган басшылығына жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс берді.

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғалым Едігеев: «Біз ендігі кезекте кәсіпкердің құқығын қорғап қана қоймай, құқығын шектеген лауазымды тұлғаларға қатысты осындай қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Себебі, мұндай жайтта кәсіпкер қаншама уақытын жоғалтып, әуре-сарсаңға түседі. Бұдан былай кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірген лауазымды тұлғалардың аты-жөнін жариялайтын боламыз», - деді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатастының баспасөз қызметі

 


МҮРДЕЛЕР «МЕКЕНІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
08.02.2018 12:48

Қытай мәдениетіне оптимистік дүниетаным, өмір мен өлімге табиғи тұрғыдан қарау тән. Адамдар жер бетінде тіршілік етеді, ондағы тірілер мен өлілер өзара тығыз байланыста. Бұл – барлығы үшін ортақ дүние, ортақ тылсым. Бұл – философиялық даналық. Қытай халқының салт-дәстүрлерінде, наным-сенімдерінде кеңінен көрініс тапқан, еуропалықтарды таңғалдырған дәстүр – қатты ауруға шалдыққан адамға сыйға табыт тарту. Бұл ауырған адамға құрмет көрсету мен оған деген шынайы сезім белгісі болып табылады, өйткені өліп бара жатқан адам алыс сапарға шығып бара жатқан жолаушымен пара-пар. Біздегі мәңгі өмірге аттанып кеткен адамдардың уақытша тұрағы саналатын мәйітханалардың жай-күйі қай деңгейде? Әсіресе, табытқа дейінгі зерттеулерді қажет ететін мүрделердің «мекені» - сот-медициналық сараптама орталықтарындағы ахуал «аһ» ұрып тұрғандай. Маман тапшылығын айтып оң жақ, мардымсыз жалақыны айтып сол жақ бетіңізді шымшырсыз-ау, одан арғысын естісеңіз, бетіңізді қос алақанмен жабуға тура келеді. Катастрофа. Жағдай мәз емес. Мәселе қандай?

Сот-медициналық сараптама дегеннен бастап мәйітті тіліп, зерт­теп жатқан көрініс көз алдыңызға келеді. Рас, солай. Алайда «катас­трофа» деп жаға ұстайтындай не болып­ қалды деуіңіз мүмкін. Ай­тайы­қ. Бұл саладағы маман тап­шылығын еліміздегі 175 ауданның 92-сінде сот-медициналық сарапшының жоқтығынан топшылау қиын емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын сот сараптамасы мен сот медиц­инасы орталықтары бірік­тірі­ліп, денсаулық министрлігінен Әділет министрлігінің қарамағына өткені белгілі. Сол кезде дәрігерлерге мәйітпен жұмыс істеп және иммун жетіспеушілігі вирусын жұқтырғандар үшін төленетін үстемақ­ыны соттың алып тастағанын Үкімет сағатында айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров «осы мәселені Үкімет неге шешпей отыр?» деп тамамдады.­

- Еңбекақыны атқарған жұмысына қарап төлеу бірден бірнеше кадрлық мәселені шешуге мүмкін­дік береді. Сарапшылар штаттық қызметкер ретінде өзінің атқарған жұмысының көлеміне қарамастан, белгіленген жалақы алып келді. Бұл қызметкердің кәсіби өсуіне деген ынтасын жоғалтады. Жаңа жалақы төлеу жүйесі әлсіз мамандарды ығыстырып, жұмыс істейтін адамдарды іріктейді деп ойлаймын, - деп жауап берді ҚР Әділет министрі  М.Бекетаев.

Мәселенің мәнісіне осылай жылы жауып ғана жауап қатқан минист­р мәйітхана төңірегіндегі жайттарға миын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Әйтпесе, түсін­генге мүрдеге сараптама жасау – психологиялық жүктеме, ал канцерогенді және улы химиялық зат­тармен жұмыс істеу – адам денсаулығына аса қауіпті жұмыс. Ал канцерогендік заттардың ағзада қатерлі ісік ауруларын және әртүрлі қатерлі, қатерсіз ісіктерді туғызушы химиялық қосылыстар екенін жақсы білеміз. Демек, сот-медициналық сараптама орта­лығындағы әр сарапшы маман кез келген сәтте денсаулығына қауіп туғызып, кез келген мезетте ауру жұқтыруы ықтимал. Мұндай жағдай  да  жоқ  емес.

- Соңғы бес жылда сараптамалық мекемелерде 56 дәрігер, медби­ке мен тазалықшы тубер­кулез, 26 қызметкер әртүрлі вирус­ты гепатит жұқтырған. Мұндай жағдай Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында ғана тіркелмеген, - деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Әбдіров.

Үш облыста ғана тіркелмегені анық болған соң Қызылорда об­лысы  бойынша  сот  сараптамалары инс­ти­тутына сауал жолдадық. «Апатты» жағдай бізде де бар. Бірақ...

- Мекемедегі сот-медициналық сарапшыларға республикалық бюджет есебінен және Үкіметтің 31.12.2015 жылғы №1193 қаулысына  сәйкес еңбекақы төленеді. Денсаулыққа зиянды зертханалық жұмыстар жүргізулеріне байла­нысты  тегін  сүт  өнімдерімен  және қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы медициналық халат,­ бас киім, алжапқыш, бетперде және резиналы қолғаптармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда институтта жұмыс жасайтын ме­дициналық қызметкерлер арасынан 1 сарапшы туберкулез ауруымен ауырып есепте тұрады. Бірақ бұл қызметкердің туберкулез ауруы­мен ауырғандығын  «кәсіби ауруға»  байланыстыруға   негіз   жоқ,  - деп жауап берді аталмыш институ­т директорының сот-медициналық сараптамасы бойынша орынбасары  Рақымжан  Әліп.

ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері В.Божко қаңтар айын­дағы Үкімет сағатында елдегі мәйітхана ғимараттарының талап­қа сай еместігін айтып, жиынға келген ҚР Әділет министрі М.Бекетаевты  тұрған  жерінде «тұқыртты».  Зерттеу  жұмыстарына қажетті қондырғылардың ескілігі өз ал­дына  бөлек  әңгіме.

- Біздегі сараптама жасауға қажетті қондырғылар әзірге жет­кілікті. Дегенмен соңғы техноло­гиялық құрылғылардың қажеттігі барлық жерде білінеді. Сондықтан 2018-2021 жылдарға жаңа жаб­дықтар мен қондырғылар алу үшін министрлікке ұсыныс бердік. Әрине, ескі қондырғылар да бар, жылына біреуден болса да жаңаланып тұрады. Мәселен, орталыққа соңғы рет 2014 жылы бір қондырғы берілген, - деді Қызылорда об­лысы бойынша сот сараптамалары инс­титутының директоры Бақытбек Ержанов.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаеваның сөзіне сенсек, елімізде толықтай стандартқа сәйкес жабдықталған сот сарап­тама орталықтары жоқтың қасы да емес, жоқ! Бұл мәселені Әділет минис­трлігінің тарапынан шешу үшін де қомақты қаражат керек. Ежелгі 15-16-ғасырларда туындаған «Өлілер тіршілік етеді» фразасын естеріне түсірген мәжілісмендер Үкіметке, облыс әкімдеріне тиісті ұсыныстар беретін болды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТҮРМЕ – ТҰРАҒЫМЫЗ, ҚЫЛМЫСТА – «ҚЫРАҒЫМЫЗ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.02.2018 12:41

Қазақстандағы 86 түзету мекемесінде 35 мыңнан астам адам қамауда отыр. Есептеуге оңай болсын, яғни әрбiр 100 мың қазақстандықтың 200-і түрмеде тіршілік етуде­.  Десе де, бұл – өткен жылдың еншісіндегі сандар­. Былтырғыны мысалға алған себебіміз, жыл басы болған соң ба, пәлендей өзгеріс, «секірген» сандар­ жоқ. Тұрақтылық бар. Алдыңғы сөйлемді екі мағынада тең түсініңіз. Қазақстан түрмедегі адам саны ең көп елдер (220 елдің арасындағы есеп бойынша) тізімінде былтырғы 48-орнында қалды. «2014 жылы түрмеде отырғандардың санын қысқартуға  бағыт­талған реформалар жасаған Қазақстан биыл кемінде 50-орынға түсетіні күтілген» деп жазылған Халық­аралық түрме реформасы (PRI) ұйымы баяндама­сында. Көрдіңіз бе, олар бізге сенім білдірген. Ал, біз...

Түрмедегі адам саны бойынша әлемдік тізімнің қосымша индексінде Қазақстанға қатысты өзгеріс байқалады. Бұл қосымша есепте жүз мың тұрғынға шаққанда 194 түрме жазасын өтеушісі бар Қазақстан 2018 жылы 71-орында екен. 6,5 миллион халқы­ бар көршілес Қырғызстан 10500 жаза өтеушісімен тізімде 92-орында тұр. Қыр­ғызстан бұл деңгейімен Жаңа Зе­ланди­я және Голландиямен қатар. Ал, Қазақстан түрмедегі адам саны бойынша Түркі­мен­стан, Чили, Беларусь және Танзаниямен бір бестікке  жайғасқан.

Бұл статистиканың қашан және қалай азаятыны белгісіз. Тиісінше, сұрақтың антонимдік жауабын жұртшылық жақсы біледі. Неге қылмысы көп елге айналд­ық? Сұрақ бар, жауап жоқ. Болған күннің өзінде қисынсыз. Жұмыр жерді жұтса да жұмырына жұқ болмайтын «жепутаттар» мен жоғарыдағылар қылмысы­ үшін жазаланбай жатса, болмашы нәр­сеге бола басы бәлеге қалып, абақтыға айдалғандар бар бізде. Қысқасы, қылмыстағы «қырағылығымызбен» қатар, елдегі­ әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы да түрмеде тұрақтауымызға лайықты сылтау бол­ғандай.

Ш.ШАТҚАЛ

 


ҚҰЛБАЗАРДАҒЫ ҚҰНСЫЗ ҚАЗАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
08.02.2018 12:37

Күннің қабағы ашылып, қыс­тың қытымыр суығы қайтқан сәрсенбі. Таң қылаң бере жанарымды терезеден тысқа тастап, ойдың тереңіне үңілдім. Жылы жерде отыра бергеннен алақаныма біреу несібе әкеліп салмайды. Жұрт қатарлы жұмыс істемесем, қарғаның саңғып кеткені кімге бұйы­рады?  Басымда – көне қара қалпақ, үстімде – ағамнан қалған әскери тон мен былтырдан қалған қара шалбар, аяғымда – әбден тозығ­ы жеткен қонышты етік. Бағыт­ым – қаладағы ІІІ ірілен­дірілген мөлтек ауданындағы (Ескі базар  маңы)  сауда  үйлерінің  алды.

Ол жақта не бар еді деп ойлап отырсыз­ ба? Сол маңдағы жол жиегі – адамдардың жалданып жұмыс істейтін орталығы. Қолынан бұранда бұрау мен қара жұмысқа күш жұмсағысы келмейтін кер­жалқаулар, бай-бағландар осы азаматтардың  жұмысына мұқтаж. Мен де уақытымды босқа өлтір­мей, ақша табудың амалын жасап, жұрттың тілімен «құлбазар» аталып кеткен орынға жеттім. Құдды біреу маған «міне, жұмыс, міне, ақша» деп  ұсына  қалатындай.

Жол жиегімен келе жатқан маған жұрттың бәрі көзін төңкеріп қарайтындай. Діттеген орныма да жеттім. Әдепкіде  қара  жұмыстың ауырлығынан қа­шып, іргемді аулақ салып тұрсам да, бұдан басқа амалдың жоқтығын өзі­ме-өзім мойындаттым. Сырттай бақылап тұрған жұмысшылардың бәрі бір-бірімен таныс се­кілді. Темекінің түті­нін будақтатып, қара жерге «жер» сайлап, карта ойынының көрігін қыздырып-ақ жатыр. Тамағымды бір кенеп, жандарына барып, амандастым.

- Ағалар, жұмыс керек еді! - деген бір ауыз сөзбен ғана тоқталдым.

- Жұмыс жоқ! - деп мұрындарын шүйіріп, аларған көздерімен шығарып  салды.

 

«СМОТРЯЩИЙ» КІМ?

«Шешінген судан  тайынбас» деген ой мені сол жерге қайта апарды. Үн-түнсіз тұра бердім. Жол жиегіне тоқтаған көліктерге жүгі­ре жөнеледі. Сөйт­сем, олар жұмыс ұсынушылар екен. Екі-үш мәрте жүгіргендерін көріп, мен де әдістерін жылдам меңгеріп алдым. Бұл әрекетіме өзім іштей қуаныштымын. Келесі көлік те кілт тоқтап, терезесін ашты. Жапа-тармағай жарысқандардың арасына мен де қосылдым. Біреуі итке жекігендей «кет» десе, біреуі көкірегімнен ите­ріп, келесісі тіпті жұды­рығын  ала жүгірді. Жалғыз өзім – бір қазық, олар – бір топ. Сірә, менің өздерінің «нанына» ортақтасқанымды жақтырмай тұр. Сәлден соң араларынан шамамен орта жасты алқымдаған жас жігіт жаныма келіп:

- Бауырым, бұл жерде саған қалған жұмыс жоқ! Аман-есен, есіңді біліп тұрғанда жөніңе бар!

- Тым болмаса, бір-екі жұмыс істеуге мұрша беріңдерші...

- Атың кім сенің?

- Ердәулет!

- Мені «Жека» деп атасаң болады. Аралдың тумасымен. Мен де сен сияқты келгенмін басында. Қалаға оқуға түскем. Күнкөріс қиындап кеткен соң амалсыздан осында жүрмін. Ауылдың баласының қолынан осындай қара жұмыстан басқа не келеді дейсің?..

- Жека, бір азаматтығың болсын. Жұмыс істеуге көмектесші...

- Інім, мұнда жұмыс істеу үшін алдымен «смотрящий­дің» алдынан өтесің. Онымен сөйлесу үшін де таныс керек. Оңайлықпен сөйлеспейді. Оның үстіне ол қазір қалада емес, келген күннің өзінде саған­  жұмыс  істеуге  мүмкіндік беруі  екіталай.

- Менің мұнда келгенімді ешкім білмейді. Сенің үй ішің біле ме?

- Бұл жерде отыз шақты адам тұрамыз, келген-кеткен көліктерді «аңдып». Үйдегілерге айтсаң масқара ғой, менің кесірімнен бүкіл ауылдың алдында абыройы тө­мендейді ғой. Басқа амал жоқ енді, - деді де тобырына қо­сылды.

 

АҚЫСЫН  БЕРСЕҢ,

БОҚЫСЫН  ШЫҒАРАДЫ

«Еңбегі көптің – өнбегі көп» демекші сананы тұрмыс билеген заман туғалы қашан? Күйбің тірліктің ноқтасы басың­а түскен кезеңде нәпақа табу  үшін  тер  төгіп, арқа тері арша, борбай  еті  борша болып  жүрген  жандар қаншама? Бұл – базар айналасындағы күнделікті көз үйренген тірлік. Бірінің ойы «жан бақсам» дейді, енді бірі «бай болсам» деген ниетпен тіршілік етуде. Базар маңынан әрі-бері өткенде, полиэтилен қалтаға са­лынған нан сатып жүрген өзбек жігіттерін байқаймыз. Арасында өзіміздің қазақ бауырла­рымыз  да бой көрсе­тіп жүр. Тіпті, жол шетінде қайыр сұрауды кәсіпке айналдырған адамдар да көбейген. Ал, ескі базар жанынан са­лынған «Сұлтан» сауда үйінің бұрыш-бұрышында жұмыс іздеп, еңбегін саудалағандардың тірлігі жаңағыдай. Айлығымен емес, шайлық ақшамен күн көретін, сол үшін айтқаныңа көніп, айдағаныңмен жүретін бұл ағайын қай істің де ақысын берсең, боқысын шығар­ады.

Араға  бірнеше  сағат салып, «құлбазарға» айналған «Сұл­тан» сауда үйінің алдына «сұл­танша» келіп тоқтаған жігіт көлігінің терезесін сәл түсіріп, (мұнда келушілердің бәрі тек терезесін ашады - ред.) бір­неше қызмет түрін ұсынды. Мені итеріп-итеріп ортасынан шығарып тастаған олар ба­ғасын айтып абыр-дабыр. Бұлар айтқан бағаға келісім бермегендей көлігін ұйыт­қы­тып айдап кетті. Сондағы біл­генім, аула ішінен әжетхана қаздыру – 2000 теңге, жүгіңді қалаған жерге жеткізу – 1000-1500 теңге, бетон құю, қора тазал­ау, бір күндік құрылыс жұмыстарын істеу небәрі он мың теңгедей ғана. Ал аула тазала­у, қоқыс шығару секілді жеңіл-желпі жұмыстарға алынат­ын ақы екі-үш мың теңген­ің  айналасы. Бұл кө­лемдегі  қаржыға  алатын  азық-түлік  бір себетке де толмайды­. Әрине, нарықтық баға ша­рықтап  тұр.

 

ҰЛЫМЫЗ  ҚҰЛ,

ҚЫЗЫМЫЗ  КҮҢ  БОЛМАСЫН...

Кейіпкер кейпіне енген бір күнде байқағаным осы болды. Жұмыстан шеттетіліп қалғандар да, бала-шағаның қамы үшін жұмыс таппай сенделгендер де – осында. Шаруа киімін құшақтап, айналасына тоқтаған кез келген көлікке жалтақтап тұрған бұл адамдардың әрқайсысының ойында «қандай жұмыс, қанша төлейді?» деген бір ғана сауал тұрады. Айтпақшы, араларында отбасынан безіп, өз бетінше күн көріп жүргендер де жоқ емес. Бір өкініштісі, жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс атқарып, сол бейнеттің зейнетіне жете алмаған мамандық иелері де осында. Дегенмен, нарықтық өмір базардың тір­шілігіне де үйретіп тастаған. Бұрынғы лауазым мен қызмет бұл жерде өзгелер үшін абырой емес. Жалдамалы жұмыстың тәртіп өзгешелігі де – сол. Қатып қалған заңдылықтың жоқтығынан не пайда, барған жерінде қарапайым техникалық қауіпсіздік сақталмайды, біреуі ауырып, біреуі құлап жатса да оларға көмек берер ешкім жоқ.

Құлдық өмірдің қамытын киген бұл адамдардың мұндай жағдайға түсуінің өзіндік себеп­тері бар. Олардың дені оқуды бітіріп, дипломмен жұмысқа тұра алмай, бірі өзінің мамандығына сай жұмыстың жалақысына көңілі толмайтындығын, енді бірі оқудан да, отбасыдан да ма­құрым қалғандықтан осындай шарасыз күйге түскендігін айты­п күйінеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2016 жылы 64,6 мың адам жұмыссыздар ретінде тіркелген, бұл көрсеткіш 2017 жылдың қараша айында 125,9 мың адамға жетіп, екі есеге өскен. Демек, базардың айналасын «меншіктеп» жүргендер саны да күн санап артып жатыр­. Қатарын арттырмауға тырысып, кеш қарая мен де өз бағытыммен кете бардым. Басым­  жарылып, көзім  шықпай  тұрғанда...

«Ұлымыз құл, қызымыз күң болмасын» деп ата-бабамыз қаны мен терін сарп еткен. Адал істің асы тәтті. Болашағы жарқы­н елді «құлбазармен» елестету тіпті қиын. Отбасы – ошақ қасы үшін азын-аулақ тиын-тебенге жалданып, аянбай тіршілік етіп, тер  төгіп  жүргендер  кімге  өкпелі? Қолдағы  барын баға­ла­май­, табанын  кері  тартқан  өзіне  ме, өмірдің  ағысымен­  жылжып  жатқан  заман  ағымына  ма?

Ердәулет  КӘКІМЖАНОВ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

 


ЕҢБЕК ЕЛ БАҒАСЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.02.2018 12:34

Бұған дейін аймақтағы барлық аудан әкімдері ел алдында есеп берген-ді. Кезек бас шаһардың басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа да жетті. Жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған тиісті басқарма өкілдері мен қала активі түгел қатысты. Ең қызығы, кездесуге келген қарапайым халықтың қатары аз көрінді. Әйтсе де, жергілікті биліктегілер бұған аса бас қатыра қоймады. Сонымен, қала әкімінің ел алдындағы есепті кездесуін назарларыңызға ұсынамыз...

Облыс орталығының оңалып, келбеті көріктене түскені шындық. Мұны жоққа теліп, бүйректен сирақ шығар­ғандай  болмайық. Қаланы өркендетуге қаралған қаражат та қомақты. Соңғы бес жылда бас шаһарды дамытуға 115 млрд теңге бөлінген. Желге ұшпай жұмсал­ғанының нәтижесі ме, облыс пен қала  әкімінің іскерлігінің арқасы ма, әйтеуі­р шаһарымыздың шырайы кіріп қалды. Былтыр жыл басында қала қазынасы трансферттерді қоса  есептегенде  30 млрд   831 млн теңге көлемінде бекіт­ілген. Алайда қала бюджеті 43 млрд теңгеге жетіпті. Тайқазанға телміруді доғарып, тірлік еткеннің нәтижесі болар­, өнеркәсіп кәсіпорындары 619 млрд 966 млн теңге­нің өнімін  өндіріпті. Ал өңдеу өнер­кәсі­бінің  өнім  көлемі 37 млрд 188 млн теңге­ні құраған. Жалпы­, респуб­ли­када өңірге инвестиция  тарту­ мәселесіне келгенде біздің аймақ өзгелерден көш ілгері. Облысты былай қой­ғанда, қаланың өзіне өткен жылы негізгі капитал­ға салынған қаржы  көлемі – 105  млрд 322 млн теңге.

Аграрлы аймақ екеніміз аян. Дәлел ретінде айта кете­йік, облыс бойынша күріштен жылда рекордты жаңартып, түсімді молайттық. Өткен жылы қала көлемінде 5 млрд 986 млн теңгенің ауыл шаруа­шылығы  өнімі  өндірілген. Ал 251 шаруа қожалығының бірігуімен 21 кооператив құ­рыл­ған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын асылдандыру бағытында да біраз шаруа қолға алынған. Деген­мен, «Сыбаға» бағдар­ламасы  аясында  жұмыс  істеп жатқандар өте аз көрінеді. Есепті кездесуде осы бағытта жұмысты жетілдіру жөнінде сөз  болды.

Енді инфрақұрылым жа­йына келсек. Н.Мәшбекұлының  сөзінше, 2017 жылы республикалық, облыстық, жер­гілікті бюджеттерден қаланың  инфрақұрылымын да­мытуға 3 млрд 376 млн теңге бөлінген. Ауызсу, кәріз жүйелері мен ғимараттарын қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес облыс қазынасынан 61 млн теңге, Ұлттық қор есебінен 545 млн теңге­ қаржы қаралған. «Нұрлы жол» бағдарл­амасы шеңберінде республикалық тайқазаннан 3 млрд 44 млн теңгеге қаладағы 34,4 шақырым ауызсу, 7,8 шақырым кәріз су құбырлары жөнделген. Бүгінде  қалаішілік су құбырларының 60 пайыздан астамы толық жаңғыртудан  өткен. Былтыр жылу желілері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд 20 млн теңге жұмсалған.

Шаһар  басшысы  ұдайы  басынан дау  арылмайтын  жолаушы  тасымалына­ да тоқталды. Былтыр тоқсан теңгенің «толға­ғы»  тұрғындарды  титықтатқаны рас. Әйтсе де жергілікті депутаттар мақұл­даған соң көпшілік ақыры айт­қанға көнді. Бүгінде қоғамдық көлікпен барыс-келісіңіз – тоқсан теңге. Баға қашанға дейін сақталатыны белгісіз... (Нарық заңына сәйкес тасымалдау құны да құбылады.-ред.). Жолақы қымбаттағанда жауаптылар «қоғамдық көліктегі берекесіздікті қалыпқа түсіреміз» деп уәдені үйіп-төккен. (Қай деңгейде орындалғанын тұрғындар өзі бағамдар.- ред.).

– Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттан­дыру және қаламыздағы көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында аумағы 5 гектар жерді құрайтын жаңа үлгідегі автобус паркін пайдалануға бердік. Материалдық-техникалық базасы­ толық жабдықталған. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқу­шылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне облыс­тық бюджеттен 105 млн 507 мың теңге бөлінді,- деді Н.Нәлібаев.

Өткен жылы қалада 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Пайызға шақсақ, облыста атқарылған  құрылыс  жұмыстарының 43  пайыздан астамы қалаға тиесілі. Оған  тартылған  инвестиция  көлемі – 33 млрд 142 млн теңге. Қалада былтыр атқарылған екі негізгі жұмыс бар. Біріншісі – Сырдария өзенінің сол жағал­ауындағы  соны  серпін. Құрылыс компаниялары  өз  қаражаты  есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық­ балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комит­еті мұражайы ғимараты тұрғы­зылуда. Сондай-ақ, жаңа қалашықта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы аурухана, 900 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұған дейін ең өзекті болып келген Белкөл кентінің тұрғындары көгілдір  отынға  қол  жеткізді. Аталмыш жұмыстарға  облыс қазынасынан 378 млн теңге­ бөлініп, соның арқасында 830 жеке сектор­дағы баспана, 4 көп­қабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан газданд­ырылды. Қазіргі таңда қаланы  көгілдір  отынмен  қамту  көр­сеткіші  95  пайызға  жеткен.

Былтыр шаһардағы 137 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл ба­ғыт­та жұмсалған қаржы көлемі – 3 млрд 212 млн теңге. Оның 1 млрд 426 млн теңгесіне ұзындығы 5,8 шақырым бо­латын Қорқыт ата көшесі қайта жаң­ғыртылған. Аталмыш көшені жөндеуге 1 млрд 426 млн теңге кеткен. Сондай-ақ, Сәулет мөлтек ауданында ірілі-ұсақты 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүр­гізілген. Айтпақшы, Жібек жолы даң­ғылы мен Ділманов көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған көпір  салынуда. Ерекшелігі сол, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ар­налған жеделсаты орналасқан. Өткел жақын­да  пайдалануға  берілмек.

Жиында спорт, мәдениет, білім, денсаулық салалары бойынша атқарыл­ған жұмыстар барысы да айтылды. Барлығы да бірқалыпты деңгейде.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатында ауқымды шарал­ар қолға алынбақ. Соның аясында Қызылордада «Ақылды қала» жобасы­ іске асады. Мәселен, халық көп шо­ғырланатын демалыс орындарында «Оrda Wi-Fi» тегін интернет желісі, тұрғындар әкімдікпен тікелей байланыс орнату мақсатында мобильді қосымша, жер қатынастары саласындағы заңбұзу­шылықтарды болдырмау үшін GPS геодезия құралы мен ArcGis бағдарламасы, қауіпсіздікті сақтау­ мақсатынд­а тұрғын үйлерге  видео­домофондар  орнатылмақ. Әрине, мұның барлығы – бола­шақтың енші­сіндегі дүние. Тіпті, кей­бір жобалар аясында  жұмыстар  басталып та кетіпті.

Нұрлыбек Нәлібаевтың есебінен соң аймақ басшысы сөз алды. Ол облыс­та  атқарылып жатқан шаруалар жөнін­де қысқаша баяндады да, қала әкіміне бірнеше тапсырма берді. Мәселен, қалаға инвестиция тарту төмендеген. Қырымбек Елеуұлы индустриялық жобал­арды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру және жұмыссыздықты төмендету керектігін айтты. Осыдан кейін көпшілік тара­пынан бірнеше сауалдар қойылды. Ең қызығы, нақты сұрақтардан гөрі алғысын­   жаудырғандар   қатары көп.

Т.Әлиев,  «Саяхат» мөлтек ауданының  тұрғыны:

– Біздің негізгі мәселеміз – жол. Көктемде әбден батпаққа батамыз. Бізге  қашан  жол  салынады?

Н.Нәлібаев,  қала  әкімі:

– «Саяхаттың»  жол  құрылысының жобасын  дайындап  жатырмыз. Жоба  дайын болған соң, облыс әкім­дігіне  ұсыны­с  береміз.

Н.Боранбаева, қала тұрғыны:

– Көпқабатты  тұрғын  үйлердің 4-5-қабаттарына су көтерілмейді. Тұр­ғындар  насос  пайдаланып отыр. Екін­ші  сауалым, жолаушы тасымалына қатысты­. Қала автобустарында мүге­дектерге жеңілдік қарасты­рыла ма? 70 жастан асқан зейнет­керлерге  берілетін 50  пайыздық жеңіл­дікті барлық зейнеткерлерге ұсынуға бола  ма?

Н.Нәлібаев, қала әкімі:

– Соңғы 5 жылда ауызсу желілерін жаңғыртуға 16 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде  ауызсу  құбырларының  60 пайыздан астамы жаңар­тылды. Жаңа құбырлар қосылғанда су қысымы көтеріледі. Бізде су қоры жеткілікті  бол­ғанымен, ескі құбырлар қысымды  кө­термейді. Екінші сауалың­ызға  келсек,  қоғамдық көлік қызметі  негізінен  бәсекелестік орта­ға­  жіберілуі  қажет. Алайда біздің кәсіпкерлер мұнымен айна­лысуға  ынтал­ы емес. Ал  зейнеткерлер­дің   бар­лығы­на  жеңілдік  жасау  жөнінде  зерт­те­п   жатырмыз.

Қ.Қожағұлов,  қала  тұрғыны:

– Жер телімі 2005 жылдан бері кезекте­ тұрғандарға берілді. Енді 2006, 2007 жылдан кезекте тұрғандар  қашан  қол  жеткізеді?

Н.Нәлібаев,  қала  әкімі:

– Қазір 53 мың адам жер кезегінде тұр. Ашығын айту қажет, олар жерге шын мұқтаж адамдар емес. «Бәйтерек» ықшам ауданын ашуға 11 млрд теңге қаржы жұмсалды. Сол ауданнан 6 мыңнан астам адамға жер телімін бердік. Қазір сол маңда 15-ақ адам тұрып жатыр.­  Бар-жоғы  80 баспана бой көтерген. Инфрақұрылымды ор­натуғ­а қыруар­ қаржы жұмсалды. Оны  ұстап  тұру  оңай  емес. Халық онда қоныстануға құлықсыз. Биыл 1 млрд теңге қаржы бөлінеді. Тұрғындарға 1267 жер телімін табыс­таймыз.

Облыс әкімі де бұл  мәселеден хабар­дар екендігін жеткізді. Жер телімін алған­дар баспана салмаса, оны кері қайтарып, нағыз мұқтаж адамдарға берілет­індігін  ескертті.

Жиын соңында ардагерлер атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын беріп, ізгі тілегін білдірді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Бағдат  Есжанов  (сурет)

 


ҚАЗІР АЛҒАН АТАҒЫҢ САХНАҒА ШАҚЫРҒАНДА ҒАНА КЕРЕК СЕКІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
08.02.2018 12:24

Өмірқұл  АЙНИЯЗОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,

“Серпер” жастар сыйлығының лауреаты:

 

Жыр-термелерді эстрадада нақышына келтіріп орындап, тек қазақы ырғақты шырқап және қазақы иірімді сақтап жүрген ат төбеліндей талантты әншілердің бірі – Өмірқұл Айниязов.

Сол арқылы халықтың сүйікті ұлына әлдеқашан айналған жерлесіміз туған жеріне жиі-жиі келіп, мұндағы жұртшылыққа қоңыр үнімен құйқылжыта ән салуды бір ұмытқан емес. Өткен аптада Сыр топырағына табан тіреген әнші жергілікті арнаның “Жыр керуен” атты тележобасында қонақта болды. Сол сәтті ұтымды пайдаланып, Ақтанкерейдің, Сүгірдің бай мұраларын өңдеп, өміршең ән жасауға талпынған әнші Өмірқұлды әңгімеге тартқан едік.

 


АТАҒЫ  БАРДЫҢ  ЕМЕС, ТАНЫМАЛ  АДАМНЫҢ ЗАМАНЫ  БОЛЫП  ТҰР

 

- Бір сұхбатыңызда “Атақтан ешқанд­ай  пайда жоқ” депсіз. Негізі, “адам алдымен атақ үшін жұмыс істейді, одан кейін сол атағың өзіңе өмір бойы қызме­т етеді” деген бар. Келіспейсіз бе?

- Біздің дәл қазіргі жағдайымызға қарасақ, пайда жоқ деп  айтуға  әбден болады. Мысалы, ертеректе атақты адамдарға мемлекет тара­пынан көп көмек берілетін. Басшылықтың оларға деген қамқорлығы өз алдына, сөзімен санасатын, төбесіне көтеретін. Менің ойымша, қазір атақ алған азаматтарға өз деңгейінде сый-құрмет жасалы­п жатқан жоқ. Яғни, айлығына  белгілі  бір  пайызбен ақша да қосылмайды, тегін демалыс орнына да жіберілмейді. “ҚР еңбегі сіңген қайраткері” атағын алға­н кісілердің жылына бір санаторияға баратынын естігені­м бар. Басқа жоқ. Ал, қазіргі кезде алған атағың сахнағ­а  шақырған  кезде  ғана керек секілді. Шынында, бүгінгі күні атақтан гөрі, пиарм­ен жұмыс істеу, сол арқылы­ танымалдықты арт­тыр­у әлдеқайда табысты болып­ келеді. Сондықтан, бұрынғы мен бүгінгіні са­лыстыра  алмаймыз. Қазір атағы­  бардың  емес, танымал адамның  заманы   болып тұр.

- “Қоқыс жәшігіне” сұранып  тұрған  әндер  көбейіп  кет­ті. Тазалықты кімнен немесе қайдан­  бастау  керек?

- Мұны тазарта  алмаймыз. Өйткені, бізде ешқандай шектеу жоқ. Бір ғана мысал, отандық арналарда тазартатын, бақылайтын ешқандай сүзгі жоқ, заң да жоқ. Сондықтан, біреуге “мына әнің пәленшеден  ұрланыпты, ана әнің  дұрыс емес, неге сахнаға шығарасың?” деп айта ал­маймыз. Біздегі тағы бір ең үлкен мәселе мынау деп ойлай­мын. Мысалы, мағы­насыз, сөзі жеңіл әндерді “хит” қылатын да – телеарна­лар, сайттар, газет-журналдар. Оларға керегі рейтин­г болған соң, мұрты қисаймайды. Ал, өздері жарнама жасағаннан кейін әншілерге ренжу де қисынсыз шығар. Тыңдарман талғамс­ыз деп те айтуғ­а болмайды. Жұрт барлығын көргісі, тыңдағысы келеді. 3 миллион қаралымның ішінде кім жоқ? Оны бала да, шаға да, басқасы да көреді. Оның үстіне 3 миллионның барлығы­ әнді іздеп жүріп  тыңдады  не көрді дей алмайсы­з. Тіпті, музыкадан мүлде хабары­ жоқ жандар да бар. Қысқасы­, сіз айтқан әндерді тазалауға барлығы атсалыс­уы керек. Телеарналар, радиолар, сайттар  бәрі-бәрі.

Жуып-шайып айтар болсақ, ондай әндердің өмір сүру ұзақтығы болады. Қазір “Аспанға қараймын”, “Чип-чип” деген әндер қойылмай жүр ғой, сол секілді. Әрі кетсе, бір жыл, екі жыл. Атағы  жер жарған “Ақмаржанның” өзі тыңдалмай қалды емес пе? Орайы келгенде айта кетейін, сол секілді “Тоқсан бір” тобына да ренжудің қажеті жоқ. Олар – жиырмадағы жас балалар. Өсе келе шаш бояғандарын да, басқасын да қояды. Өз басым оған бола жүйкемді жұқартып, пікір таластырып, сөзімді шығын  қылмаймын.

- Ұстаздың мықтылығы шәкіртімен өлшенсе  керек-ті. Шәкірттеріңіз  бар  ма?

- Екі-үш жылдан бері “Өмір” шығар­машылық орталығы деген студия ашып, құрал-жабдықтарын түгелдеп, біршама жастарға жол көрсетіп жүрмін. “Семсер”, “Сейхун” деген топтарға, Ерсейіт деген жігітке  бағыт-бағдар беріп, ағалық ақыл-кеңесімді айтып тұрамын. Оларды өз жобаларыма қатыстырып, әр қалаларда өтетін концерттеріме шығарып жүрмін. Ең бастысы, өнерге адал болуға үйретемін. Әннің сөзіне мән беріп, салмағы­  барын  талап  етемін.

 

МЕНІ  БИЛЕТЕТІН  – АҚЖАЙНАҚ”,

МЕНІ   БИЛЕТЕТІН – “ДҮРДАРАЗ”.

 

- “Кімнің  арбасына  мінсең, соның  әнін  айтасың”. Отандық  эстрада  әншілері кімнің   әнін  айтып  жүр?

- Иә, осы мәселеге келгенде менің қарным ашады. Кешегі Ақан сері, Бір­жан сал, Үкілі Ыбырайлардың заманы қазақты қазақы болмысымен көрсететін, қазақтың әні екенін жазбай танитын­ алтын ғасыр еді ғой. Қазақ үшін халық әндерінің де мән-мағынасы, музыкасы өте жақын. Шәмші, Әсет, Әбілахат, т.б. композиторлардың кезінде­ де әніміз қазақы қалпынан, қазақы мінезінен, иірімінен ажыра­мады. Қазір әбден адасты­қ.  Жаңағы  айтқан­  танымалдыққа жетеміз деп, не болса, соны жазуда­. Әрі биге лайық­талса,  тойға арналса болды­ деген  түсінік  қалыптасқан. Арабтың, өзбек­тің, қырғыздың, басқа да көптеген ұлттардың музыкасын көшіруге машықтанды. Мұны өнерге жасалған­ қастанды­қ деуге болатын шығар. Ертерект­е өзге елдің саяхатшысы: “Қазақ деген­ халық бар. Өздері ақырын жүріп, анық басатын, домбырасын шертіп  отырып­,  терең филосо­фияда ән  айтатын  ұлт екен” деп баға беріпті. Біздің табиғатымыз жұлқынып­  би билей­тін  әуен емес, Ақанның, Бір­жанның сазы ғой. Мы­салы, мені билететін – “Ақжайнақ”, мені билететін – “Дүрдараз”.

- Ақын мен шындықты егіз деп жатамыз­.  Сол секілді, әнші дегенде қандай­  сөзді  елестетуге  болады?

- Әнші десе, сері деген еске түсетін шығар. “Әнші – халықтың айнасы” деген­ сөзбен келісуге болады. Сондай-ақ, әнші жеңіл-желпі қарайтын да маманды­қ емес. Әншілердің белгілі бір қауымды тәрбиелейтіндей де қауқары бар. Бұл әншінің басты қызметі болып табылады. Әнші халыққа барынша сапалы­, салмақты, тәрбиелік мәні бар шығарманы  ұсынуы  тиіс.

- Эстрадада қай әншілерді тыңдайсыз?

- Бала күнімде термешілерді көп тыңдайтынмын. Солардың ішінде есім­де қалғаны Ержан Қосбармақов екен. Бір қызығы, ол кісінің Ержан Қосбармақов екенін кейіннен білдім. Сол уақытта Болатбек Ердәулетовтің  шығармашылығымен таныс болдым. Көзін көрмесем де, ағамызбен телефонмен сөйлесіп жүрдім. Бірде жыршы ағамыз маған тікелей байланысқа шығып­: “Ақжайнақ” – 70-80-жылдары шығар­ған менің әнім. Ал, сен оны халық әні деп  айтып жүрсің” деп ұрысты­. Мен ол кісіге  авторлық құқығын қорғауға кеңес­ бердім. Қазір радиода да, газеттерде де Болатбек Ердәулет­овтің әні деп хабарланып жүр. Сөзі біраз өзгеріс­ке  ұшыра­ған. Бірақ, халықтың құла­ғына сіңісті болып­ кеткеннен кейін өзгеріс енгізбей-ақ қояйық деп шештік. Одан кейін оқуға түскен жылдары Ғарифолла Құрманғалиевтің архивтегі дауы­сын тыңдадық. Бергі жағы Алмас Алматов, Сәуле Жанпейісова, т.б. өнер иеле­рін үлгі еттік. Мен қазақ эстрадасына келгенд­е “АБК” тобының жұлдызы жанып­ тұрған шағы еді. Қыдырәлі Болма­нов пен Медеу Арынбаевтың әндерін әлі күнге дейін тыңдаймын. Қыдекең  жетекшілік  ететін “Ұлытау” тобының да  өнерін жоғары бағалаймын. Бекболат Тілеухан “Япурай”, “Елім менің” әндерін ерекше форматта орындап жүрді. Міне, мен осындай қазақилықты көріп, естіп, бойыма сіңіріп өстім. Сол кезде-ақ осы бағытта қызмет етсем дегенмін. Оны жүзеге асырып та жатырмын деп ойлаймын. Ал, жас әнші­лерден Ғалымжан Жолдасбайды айтуға болады. Әндері – заманауи әрі қазақи. Сол секілді, Қайрат, Төреғали, Серіктердің де өз тыңдармандары  бар.

 

ФОНОГРАММАНЫ  АЛЫП

ТАСТАСА, КӨП  ӘНШІНІҢ

ДӘУРЕНІ  АЯҚТАЛАДЫ

- Елімізде  фонограммамен  ән  айтуды жою мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып­ та, жазылып та жүр. Қазір қазақ эстрадасында 1000 әнші бар десек, әлгі заң күшіне енген жағдайда қаншасы кәсібін  өзгертеді  деп  ойлайсыз?

- Ең біріншіден, елімізде 1000 әнші жоқ. Бізде халықтың сұранысына ие, әнші ретінде табыс тауып жүрген  30-40 әнші ғана бар. Ел арасында “әнші­лердің бәрі фонограммамен ән салып­, ақша тауып, халықты алдап жүр, күн сайын бір әнші шығады” деген теріс түсінік қалыптасқан. Мен мұны көп жерде айтып жүрмін. Мысалы, екеуміз отырып барлық әншілерді сана­р болсақ, алысқа ұзай алмаймыз. Демек­, “әнші”  деген сөзді кім көрін­генге­  тіркей  беруге  болмайды. Ал, анау эфирд­е  жүрген  жас  балалардың  көбісі – шаш етектен шығындалып, өнерден өз орнын­  таба  алмай  жүргендер.

Енді фонограмма туралы аз-кем айтсақ. Жалпы, ол бұрыннан бар нәрсе. Ән тарихында өзіндік орны бар талай мықты деген өнер иелері де фонограмм­амен ән салды. Мен де өз деңгейінде қолданамын. Кейбір күн­дері бірнеше концерт беретін кездері­міз болады. Оның барлығын жанды дауыста айту мүмкін емес. Біз халықтың құлағын фонограммамен айтып әбден үйретіп тастадық. Содан болар кей әншілердің жанды дауыста айт­қанын қабылдай алмай жатады. Егер фонограмманы алып тастаса, көптеген әншілердің дәурені аяқталғанымен қоймай, концерттің де деңгейі түсіп кетеді  деп  ойлаймын.

- Әлеуметтік  желілерді  пайдаланасыз  ба?  Қаншалықты?

- Біріншіден, менің өнеріме қатысты өзімнің пиар менеджерім бар. Сол жігіт әлеуметтік желілерге қажетті ақпараттарды таратып, жариялап тұрады. Өзім фейсбук пен инстаграм желісін пайдаланамын. Жаңа  заманның жетіс­тігі ғой, ол жерлерде өзіңді жақсы жағын­ан көрсетуге үлкен мүмкіндік бар. Шығармашылығыңды насихаттау да, жеке өміріңнен ақпараттар беру де оңайы­рақ. Суреттерімізді де жариялап, халықпен етене байланысып отырамыз.

- Кітап оқисыз ба?

- Біз оқып ғана қоймай, жаттаймыз. Кейбір телевизиялық бағдарламаларда­ тосыннан сұрақ қойып, әнші соны біл­мей қалса, сенсация ететін “мықты” журналистеріміз баршылық. Әрине, білуіміз керек нәрселерді оқып, есте сақтауға тырысамын. Күнде кітап оқимын деп айтпаймын. Десе де, өзіме, шығармашылығыма қажетті дүниелерге келгенде ізденемін, оқимын. Терме­нің, жырдың сөздерін іздеп отырып бірнеше кітапты оқитын шақтар да басы­мыздан өтті. Жалпы, керекті ақпарат­тарды, мәліметтерді көбіне қолайлы болған соң телефоннан табамыз.­

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН

 


Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары