Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 14 Ақпан 2018

ӨМІРШЕҢДІК ӨЛШЕМІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
15.02.2018 11:49

Бір патша «ең жақсы әрі көр­кем сөз айтқан адамға 400 динар­ беремін» деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарғ­а шығады. Жолда жас зәйтүн аға­шының­ шыбығын көшеттеп жатқан­  тоқсандағы қарияны жолық­тырады. Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ деген­де жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көр­мейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?»  - дейді. Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген бола­тынбыз, енді біз еккен ағаштан кейін­гілер жемей ме?!» - дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» - дейді де, қарияға 400 динар бер­гізе­ді. Ақшаны алған қарт күлім­сірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» - деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» - дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да  400  динар бергізеді.­

Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» - дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар бергізеді. Сосын­ атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді.­ «Неге асықтыңыз?» - деп таңырқаған уәзіріне:  «Мына  қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар», - деге­н  екен.

Мәселе – патшаның ақшасының таусылғанында емес, қарияның ұрпаққа қалдырған жеміс ағашының өміршеңдігінде. Бүгінгі жасаған игі істің жақсылығын ұрпағымыз игілігіне пай­дала­нып жатса, оның өзі бақыт емес пе?! Ал біз ертеңгі болашақ үшін не істеп жатырмыз? Біз еккен жеміс ағашынан ұрпағымыз не теріп жейді? Елдің даму даң­ғылы­ндағы қосқан үлесіміз қандай? Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың есепті кездесуінде бұл сауалдардың жауабы­на  қанық  болдық.

 

ИНДУСТРИЯ   ИГІЛІГІ

Соңғы бес жылда аймақ индустриалды-иннова­циялық, әлеуметтік-экономикалық саласынан бастап барлық сала жаңаша сипат, тың идея­ларға ие болды. Мәселен, өнеркәсіптің өңдеуші секторында, ауыл шаруашылығында, тұрғын үйлер салуда, аймақтың әлеуметтік дамуына инвестициялар тартуда және де құрылыс жұмыстарын жүргізуде оң тенденциялар қалыптасты. Осы ретте айтпай кетуге болмас, Қазақстандағы және ТМД елдерінің аумағында­ғы жалғыз шыны зауытының құрылысы қытайлық «Чайна Триумф­» компаниясының мердігерлік етуімен қайта жаңғырды. Шыны саласына­ жаңа технологияларды енгізу арқылы жобаның ІІ кезеңін аса жұқа және мөлдір шыны өндіру зауытының құрылысы жобасын ағымдағы жылы жүзеге асыру­ жоспарланып отыр.

- Атқарылған жұмыстар нәтижесінде мұнай мен уран бағасына тәуелсіз аймақтық экономика құра алдық деп толығымен айта аламыз. Осы бес жыл ішінде облысымызда 50-ден астам өнеркәсіп нысан іске қосылса, оның 16-сы – ірі және орта кәсіпорын. Нәтижесінде, өңдеуші сектор­да осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 пайызға, шикізаттық емес сектордың экспорт­ көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 па­йыз­ға  артты, - деді облыс әкімі Қ.Елеуұлы.

Экономика саласының ең маңызды тетіктері­нің бірі саналатын инвестиция тарту мәселесі біздің өңірде де оң шешімін тапқан. Оған дәлел ретінде 2017 жылы аймаққа 241,5 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтуға болады. Оның 22,6 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі. Осы саланың тамыры­на қан жүгірту мақсатында Иран, Өзбекстан, Жапония, Ресей, Түркия, Нидерланды, Швеция, Финляндия, Татарстан елдеріне іссапар жасалды. Нәтижесінде Иран Республикасымен  ынтымақтастық  туралы 8 меморандумға қол қойылып, Иранға­ ет, күріш  өнімдерін  экспорт­тау  жолға  қойылды.

 

2018 – КӘСІПКЕРЛІКТІ

ҚОЛДАУ   ЖЫЛЫ

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің нәтижесінде аймақта кәсіпкерлікке бет бұрғандардың үлесі 22-ден 26%-ға өсті. Ал, тұрақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 5,2%-ға артқан.

- Соңғы жарты жылда 16 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке тартуға қол жеткіздік. Алайда бұл – мүлдем біз көздеген нәтиже емес. Біздің  мақсатымыз – жалпы өңірлік өнім көлемін­дегі шағын және орта бизнестің үлесін 45-50%-ға дейін жеткізу және осы бағытта жұмыс істеудеміз. Соным­ен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға жергілікті бюджет­тен қосымша 500 млн теңге микрокредитті Өңірлік инвестициялық орталық арқылы, ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында берілетін микрокредиттер бойынша пайыздық мөлшерді субсидиялауға 539 млн теңге бөліп отырмыз. Кәсіп­керлік субъектілеріне көмек ретінде біз «Қазақтелеком» АҚ және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер пала­тасымен  бірлесіп цифрлық платформаны  енгізіп жатырмыз, - деді аймақ басшысы.

2018 жыл облыс бойынша «Жаппа­й кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланған. Өңірде «Жол картасы­» кешенді бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы барлық қаржы көздері есебінен 32 млрд теңгеден астам қаржы  бөлу  жоспарланып  отыр.

 

ЭКСПОРТТЫҚ   ӘЛЕУЕТ

Аймақта егін шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асуда. Соңғы 3 жылда мал азығы және майлы дақылдар егістігі 6 мың гектарға ұлғайды. Ал, диқандар әдеттегі рекордты тағы да жаңартып, бұрын-соңды болмаған 500 мың тоннадан астам күріш жинады. Нәтижесінде, жалпы  күріш  жинау  осы  жылдар  аралығында 2  есеге  артқан.

- Соңғы бес жылда агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңге инвестиция тартылған. Яғни, осы салаға құйылған инвестиция көлемі 23 есеге артқан. Бұл біздің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріміздің қар­жылық мүмкіндіктерін, олардың дамығандығын көрсетеді. Нәтижесінде бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өндірісінің өсіміне қол жеткізіп отырмыз. 2017 жылы 4,1 пайызға артып­ отыр, - деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, «Жобалық басқару» аясында біз «Агробиржа» электрондық сауда алаңын құру жобасын іске асыра бастадық. Бұл біздің фермерлерге сыртқы нарыққа басты назар аудара отырып, өз өнімдерін тиімді сатуға көмектеседі. Біз экспортқа шығара алатын тауарл­ар тек күріш, тұз, балық ғана емес. Біздің аймақ өте үлкен экспорттық әлеуетке ие.

 

АЛҒАШҚЫ   ЖАРНАСЫЗ

ТҰРҒЫН   ҮЙ  БЕРІЛЕДІ

Облыста «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асырылуы құрылыс саласының қарқынды дамуы үшін ғана емес, жұмыссыздық деңгейін бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік берді. Осы жылдары эконом­икалық қиындықтарға қарамастан, кәсіпорындардағы жұмысшылардың жаппай қысқаруын бол­дырмауғ­а ғана емес, соңғы 5 жылда 60 мыңдай жаңа  жұмыс  орындарын  құруға  қол  жеткіздік.

Бес жыл ішінде пайдалануға берілген тұр­ғын  үй  көлемі 2 есеге артқан. Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша біз Қарағанды, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты «миллиондық» аймақтардың алдына шықтық. Айталық, облыс орталығының өзінде ғана соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан  пайда  болды.

- Енді біз алдымызға мақсат ретінде өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінш­е қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз  етуді қойдық. Сол үшін 2017 жылы 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасын» әзірледік. Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен тұрғындардың аз қамтылған топтарының барлығ­ына  бірдей  қолжетімді  еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет­  есебінен сатып алуға жыл сайын облыс­тық бюджеттен 2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы  шешім  қабылдадық. Оларды тұрғын­дарға кейін өтеу құқығымен алғашқы жарнасыз ай сайынғы жалға алу құны шартымен беретін боламыз, - деп мәлімдеді облыс басшысы.

Енді пәтерге мұқтаж, пәтер кезегінде тұрған азаматтар екі бөлмелі пәтерді ай сайын 42 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтер үшін айына 52 мың теңге төлей отырып ала алады. Тиімділігі сол, басқа бағдарламаларда қаралған 30%-дық алғаш­қы төлемсіз! Айта кету керек, біздің бұл тәжірибеміз басқа облыстарға да іске асыруға ұсынылып отыр.

 

«АҚЫЛДЫ  ҚАЛА»   ЖҮЙЕСІ  ДАМИДЫ

Әлемнің 70-тен астам елінде жылу, күн, жел және гидроэлектр станцияларын, қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары мен тағы басқа да объектілер салумен айналысатын Қытай мемлекеттік инженерлік-құрылыс компаниясымен (CNEEC) келіссөз жүргізілуде. Оларға мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік негізінде Қызылорда облысын­да күн және гидроэлектр станция­ларын, қоқыс өңдейтін зауыт салу, сондай-ақ, «Ақылды қалалар» жүйесін дамыту жөнінде ынтым­ақтасуды  ұсынылған.

- Аталған жобалар аясында бөлінген қаражат қазірдің өзінде коммуналдық кәсіпорын­дарымыздың техникалық жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, ағымдағы жылы Қызылорда қаласының сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша жобалардың кейбір тұстарын жаңадан қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырып, қайта қарау туралы шешім қабыл­дадық. Осылайша, қарызға алынатын қаржының көлемі 28 миллион АҚШ долларына азаяды. Бұл коммуналдық кәсіпорындардың несиелік жүк­темеле­рін айтарлықтай жеңілдетеді, - деді облыс­  әкімі.

 

65   ТҮЛЕКТІҢ   ЖҰМЫС  ОРНЫ   ДАЙЫН

Білім саласына қойылған қатаң талап, естеріңізде болса, жиырмадан астам мектеп директорын жұмыстан босатудан басталған. Білім сапасын арттыру мақсатында бесінші жыл қатарына­н атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін  беруде.

- Бәрінен де 2016-2017 оқу жылындағы түлектердің 97 пайызы жоғары және орта оқу орындарына түскен. Егер де «Қырымбек Елеу­ұлы, сен қай ісіңмен, қай саламен мақтанасың?» деп сұраса, осы деректерді айтар едім. Сондай-ақ, 2014 жылдан бастап Сыр елінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің гранты бойынша білім алып жатыр. Осындай білім беруді ұйымдастырған бірден-бір облыс – біз. Осы  жазда  алғашқы  65 түлек  елге оралады.­ Олардың  әрқайсысының  жұмыс  орындары дайын!­ - деді аймақ басшысы Қ.Елеуұлы.

 

МЕДИЦИНАЛЫҚ   ҚОНДЫРҒЫМЕН  ҚАМТУ

90   ПАЙЫЗҒА   ЖЕТЕДІ

- Денсаулық сақтау саласы – ең басым бағыт.­ Жуық арадағы 3 жылда біз облыстың үшжылдық бюджетінде 97 түрлі денсаулық сақтау нысандарын салуды жоспарлаудамыз. Биылғы жылы, бұйырса, 32 объектіні іске қосамыз. Дәрігерлер­ мен мұғалімдердің кез келген елдің болаша­ғын  анықтайтынына күмән жоқ, осыдан бұл салалардың біздің өміріміздегі әлеуметтік  басымды­ғы  айқындалады, - деген  облыс­ басшысы­ биыл Арал ауданында 150 орындық, келер жылы Шиеліде аудандық аурухана құрылыс­ын тамамдайтынын және Жаңақорған ауданындағы 250 келушіге арналған емхананы салып  бітіретіндігін  жеткізді.

2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында Арал ауданының Бекбауыл, Қазалы­ ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының  Ақжарма ауылдарында дәрігерлік амбула­ториялардың құрылысын бастау көз­деліп отыр. Сонымен  қатар Қазалы ауданында 250 орындық емхананың жобасы әзірленеді. Қызылорда қаласында 100 келушіге арналған 300 орындық емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың іргесі қаланады. Айта кетейік, биыл аймақтағы ден­саулық сақтау мекемелерінің медициналық қондырғымен қамтылу көрсеткішін 90%-ға жеткізу­  жоспарланып  отыр.

 

АҚЫЛДЫ  БАСШЫ,  АҚЫЛДЫ  ҚАЛА...

Халық алдында есеп берген облыс әкімі Қ.Көшербаев 2017 жылды ғана емес, соңғы бесжыл­дыққа атқарған жұмыстарының бар­лығын жіпке тізгендей айтып берді. Сондай-ақ 2018 жылға арналған кезекті іс-қимыл жоспарымен таныстырды. Экономика, әлеуметтік, индустр­ия, денсаулық, спорт, білім, құрылыс, құқық қорғау салаларын түгел қамтыған баяндамадан түйгеніміз мол, ұққанымыз көп болды.

Бірде Бөлтірік шешенді сөзден сүріндір­мекші  болған төре:

- Азбайтын, тозбайтын байлық қандай бо­лады­? Қайтпайтын, таймайтын қолдаушың мен қорғаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады?­ - деген сұрақтарды жаудырады. Сонда Бөлтірік:

- Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде таймайтын адал қорғаушың біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, ол – АҚЫЛ. Дүниеде­  асыл  текті жел жетпес пырақ біреу, ол –  АҚЫЛ,  - деген екен.

Расында  да,  ақылмен шешкен әр ісіңнің түбі – береке, нәтижесі – толымды болары анық. Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да аймақ басшысының  ақылмен  ойлаған жобаларының жемісі  екені  анық.

 


 

 

Әкімнің  айтқаны:

«Дағдарыс – мүмкін­дік» формуласы негі­зінде Қазақстан қиын сәттерде жұдырықтай жұмылып, сынақ­тардан шынығып, жаңа жос­парлармен, сеніммен алға  қадам  басып  келеді.

***

Біздің халық - өте қонақжай халық, біз  қонақ шақыр­ғанды, өзіміз қонаққа бар­ғанды ұнататын халықпыз.

Сондықтан, барлық ту­ған­-туыстар мен достарды сыйдыра алатын үлкен үйдің болғаны біз үшін маңызды.

Біздің тағы бір ерек­ше­лігіміз – ұйымшылдығымыз бен өзара көмек көрсетуге әзірлігімізде. Көршілері­міз­бен  ауыз­біршіліктің  жоғары­ деңгейі, яғни  қуа­ныш­ты  да, қайғыны да  бірге  бөлісуіміз – бізге тән қасиет.

***

Бізде дарынды  жастар  көп. Тек оларға қолдау қажет!

***

Сыр – Алаштың анасы­, кезіндегі  панасы.

Сондықтан, біз мәдениеттердің, тілдердің өзара қа­рым-қатынасында мәдени мұраны игеру мен насихат­тауда, ұлттың генетикалық кодын­ сақтауда қазақ қоға­мында  көшбасшы аймақ болуымы­з  қажет.

***

Цифрлық әлем: "Сіздер өзгерістерге дайынсыздар ма?", - деп сұрамайтындығын  барлығ­ымыздың түсін­геніміз маңызды – өйт­кені, әлем ғаламдық өзгеруде. Джек Уэлчтің («Дженерал электрик»-тің негізін салушы): «Егер сырттағы өзге­рістер  іштегіге  қарағанда  тезіре­к болса, онда ол құр­дымның  жақындағаны» деген сөзі бар екен.

***

Біздің аумағымыз күн белсенділігі жағынан, әсіресе, жаз мез­гі­лінде көш басында, ал бұл – жоғары қуатты күн электр станциясын салу­ғ­а  жақсы  мүмкіндік.

***

Қызылорда облысы өзінің  барлық – табиғи, адами­ ресурстарымен Қазақстанның болашақ ауқымды серпілісіне өзінің лайықты үлесін қосуы  керек.


 

 

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ,

Б.Есжанов (сурет)

 


НЕГІЗГІ МАҚСАТ – ҚОЛАЙЛЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЛИМАТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
15.02.2018 11:37

Жеңіс  ҚАСЫМБЕК,

ҚР  Инвестициялар  және  даму  министрі:

 

Инвестициялық саясат ұлттық экономикалық идеямен бір арнада тоғысып жатқан секілді. Өйткені, ел экономикалық тұншыққанда тыныс беретін, өндіріс орындарының өнімін арттырып, өзге де ірі салалардың бәсекелестігін арттыра түсетін маңызды қадам – инвестиция тарту. «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген мемлекет басшысының сөзі бар. Осы арқылы біз «бұрын қандай едік, қазір қай деңгейге жеттік?» деген сауалға жауап іздей аламыз.

Қолайлы инвестициялық климатты құру жөніндегі мәселелермен қатар, ел аумағында түрлі жобаларды іске асыру жөніндегі трансұлттық компаниялар үшін эксклюзивтік жағдайлар жасалынды. Ол үшін шетелдік инвесторлармен жұмыс істеуді ынталандырушы іскерлік кешенін, сол сияқты институционалдық тетіктерін қосатын тікелей инвестицияларды тарту жөніндегі тұтас жүйені құру іске асты. Бүгінде осы алға қойған инвестициялық саясат толығымен жүзеге асып, өркендеуге жол ашылып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туды. 26 жыл ішінде инвестициялық бірлестікте жұмыс істейтін дамушы елдер қатарына қосылдық. Қазіргі күні сол еңбек пен табандылықтың арқасында экономикалық әлеуеті дамыған мемлекет ретінде мойындалып отырмыз. Еліміздің дамуының осындай жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Халық» газетінің сауалдарына жауап берді.

- Жеңіс Махмұдұлы, экономиканың өрлеуіне қосатын үлесі маңызды салаға жетек­шілік етіп отырсыз. Ең алдымен, инвестициялық жобалар турасында әңгіме өрбіт­сек... Еліміздегі ірі трансұлттық компаниялар, америкалық, еуропалық және азиялық инвес­торлардың  жобалары  мен  жұ­мыстары  қай  деңгейде?

- Жалпы, инвестициялық жоба дегеніміз халықаралық тәжірибеде кәсіпорынның даму, бизнес-жоспары ретінде көрсетіледі. Ол негізінен кәсіпорынның даму жоспарының құрамдастырылған сипаты болып табылады. Егер жоба инвестицияны тартумен байланысты болса, онда ол «инвестициялық жоба» деп аталады. Әдетте кәсіпорынның кез келген жобасы, қалай болса да, инвес­тицияның тартуымен байланысты болады. Мәселен, 2005 жыл мен 2017 жылдың 9 айын қоса есептегенде Қазақстан Республикасына тартылған шетелдік инвестицияның көлемі 259,2 млрд. АҚШ  долларына  жетті.

«Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру үшін трансұлттық корпорацияларды қайта өңдеу секторына тарту жұмыстары жалғасын тапты. 2015 жылдан бері кореялық «Lotte» (азық-түлік өндірісі), америкалық «Halliburton» (химия), жа­пон­дық «Tokyo Rope Manu­facturing» (болат өнімдерін өндіру), италиялық «Tenaris» компаниясы (машина жасау) сияқты ірі инвесторлар тартылды. Сонымен қатар, ма­шин­а жасау және фармацев­тика саласындағы АҚШ-тың «Amity Technology», (Pfizer), Агроөнеркәсіп саласында еуропалық компаниялар «Farm Frite» (Нидерланды), United Green (Ұлыбритания), Түркияның құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсібі («Yildizlar SSS Holding», «Yildizlar Yatirim Holding» компаниялары) және тағы басқ­а жобаларды іске асыру жұмыстары  жүріп  жатыр.

- «Kazakhstan Global Invest­ment Roundtable» форумында Қазақстан экономикасы үшін 3,5 млрд доллардың келісіміне қол қо­йылды. Бұл келісім қандай бағыттарды қамтып  отыр?

- 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 млрд доллар инвестиция тартылды. Ал биыл міндетті түрде еселей түсетін боламыз. Бізде «бір терезе» қағидатымен айналысатын ірі «Kazakh Invest» инвестициялық компаниясы құрылды. Жаңа тетіктер пайда болып, жаңа заңнама қабылдадық. Атап айтқанда, біз  жаңа Салық кодексіне  сәйкес жұмыс жасаймыз. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданатын болады. Аталған кодексте тау-кен металлургия саласын барынша ырықтандыру жүргізіліп жатыр.­ Яғни, біз дәл осы салаға инвести­ция құйылуын күтеміз. Біз ағымдағы жылы инвестиция өсімі 8-ден 10 пайыз­ға­ дейін болады деп күтіп отырмыз. Келесі жылы да осы трендті сақтағымыз келеді.

Ал Астанада еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында ірі әлемдік компания өкілдерінің қатысуымен өткен «Kazakhstan Global Investment Roundtable» инвестициялық форумында біз сомасы 3,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 12-13 келісімшарт­қа қол қойдық. Ол түрлі саланы, атап айтқанда тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жекешелендіру, отын-энергетикалық кешен және басқа да салаларды қамтиды. Бұл форумға жүзден астам ірі трансұлттық компаниялар, америкалық, еуропалық және азиялық инвесторлар қатысты. Сондай-ақ агроөнер­кәсіп кешені бойынша 800 млн доллар­ға есептелген келісімшартқа қол қой­дық. Оған квазимемлекеттік және Қазақстанның ірі жеке компанияларының 500-ден астам, Түркия, ҚХР, Франция, Жапония, АҚШ, Үндістан, Ұлы­британия, РФ, Италия, БАӘ және т.б. елдердің өкілдері куә.

- Еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторларға қолайлы жағдай­  қалыптастыруда  қандай  кешенді жұмыстар   істелуде?

- Соңғы жылдары Қазақстандағы қолайлы инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ретте, қолайлы инвестициялық жағдай жасау бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2017 жылдың маусым айында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Халықаралық инвестициялар көпұлттық кәсіпорындар декларациясына қосылған 48-інші ел және ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастығына мүше болды. Бұл Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі және Қазақстанның инвести­циялық климаты жоғары халықаралық стандарттарға сай екенін көрсетеді. Сонымен қатар, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы құрылды. Оның негізгі міндеті – бастапқы келіссөздер саты­сынан бастап, жобаны түпкілікті іске асыруға дейін инвесторларды қолдау. Ол «бір терезе» қағидасы бойынша идеял­ардан бастап жүзеге асырылғанға дейін инвестициялық жобаларды қолдау­ бойынша қызмет көрсетулердің толық спектрін қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік дүниежүзілік банкпен бірлесіп Ұлттық инвестициялық стратегия әзірледі. Онда инвесторларды тарту және қайта инвес­тициялауды ынталандыруға айрық­ша көңіл бөлінеді. Негізгі серіктес елдермен халықаралық инвести­циялық ынтыма­қтастық жасау үшін заңнамалық база қалыптастырылды. Қазіргі таңда инвестициялық көтермелеу және өзара қорғау туралы 47 үкіметаралық келісімге қол қойылды. Олардың арасында АҚШ, Австрия, Ұлы­британия, Германия, Испания, Нидерланды, Франция секілді мемлекеттер де бар. Үстіміздегі жылы Біріккен Араб Әмірлігі және Сингапурмен екі келісім­ге қол қою жоспарланып отыр. Елі­мізде инвесторларды тарту және қолдау мақсатында басым салаларда инвес­тиция­лық ынта­лан­дыру пакеті мен префе­рен­циялар қолданылады. 2017 жылы инвести­циялық преференция ретінде 100-ден астам­ жобаға мемлекеттік қолдау­  көр­сетілгені – осының дәлелі.

- 2017 жылы тікелей шетелдік инвести­циялар көлемінің қаржысы қандай­   болды?­ Биылғы  жылы көзделген  меже  қандай?

- Жоғарыда 2005 жыл мен 2017 жылдың  9  айы  бойынша Қазақстанға кел­ген­ тікелей шетелдік инвестициялардың (бұдан әрі – ТШИ) жалпы ағыны 259,2 млрд. долларды құрайды деп айтып­  өттік. ТШИ ағынының ең жоғары­ өсімі 2016 жылдың сәйкес кезең­мен салыс­тырғанда кен өндіру өнер­кәсібі  2 есеге, сауда 1,6 есеге, көлік  37%-ға, өңдеу өнеркәсібі 30%-ға өскен. ТШИ-дің ең жоғары үлесі 7,9 млрд теңгемен кен өндіру өнеркәсібіне тиесілі. 2017 жылдың 9 айы бойынша елдік тұрғыда ТШИ-дің едәуір жоғары көлемі Нидерлан­ды (4,4 млрд. долл.), АҚШ (3,4 млрд. долл.), Швейцария (2,1 млрд. долл.), Бельгия (960,6 млн. долл.), Ресей­ (870,5 млн. долл.), Қытай  (750,8 млн. долл.), Франция   (595,3 млн. долл.), Ұлыбритания (418,8 млн. долл.) елдерінің үлесінде.

Ұлттық инвестициялық стратегия аясында болжам бойынша 2022 жылға дейін жалпы ТШИ ағыны 1,26 есе, тікелей инвестиция көлемінің ҰІӨ-дегі үлесі 19%-ға, тиімділікті арттыруға бағытта­лған ТШИ (өңдеу өнеркәсі­біндегі) 1,5 есе, шикізаттық емес секторының негізгі капиталына салынған ин­вестиц­иялар (мемлекеттік бюджетті қоспағанда) 1,46 есе, экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына салынған сыртқы инвес­ти­циялар көлемі 1,5 есе өседі деп күтілуде.­

- Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегиясы әзірленді. Мем­лекет үшін маңыздылығы жоғары құжаттың ел экономикасы үшін ықпалы туралы  айтып  өтсеңіз...

- Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғашқы Ұлттық инвестициялық стратегия бекітілді. Осы стратегия аясында инвестиция саласында 5 жылдық рефор­ма іске асырылатын болады. Негізгі мақсат – қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру және тиім­ділікті арттыратын инвестиция тарту. Осылайша, Ұлттық инвестициялық стратегия аясында нақты салалық басым­дықтарды анықтап, осы бағыттағы қорларды шоғырландыру қажет. Бұл салаларды екі топқа бөлуге болады.

Біріншісі, азық-түлік өнеркәсібі, қайта өңдеу, мұнай, газ және пайдалы қазбалар (яғни, металлургия, химия және мұнай химиясы), машина жасау сияқты қолданыстағы әлеуетті салалар. Бұлар – алдағы қысқа мерзімді немесе орта мерзімді уақытта тиімділікті арттыруға бағыттылған және тікелей шетел­дік инвестицияны ілгерілетуге мүмкіндік  беретін салалар.

Екіншісі, ақпараттық коммуника­циялық технология, туризм және қаржы сияқты перспективалы салалар. Бұл ұзақ мерзімді, келешекте инвестор­ларды мүдделі ететін бағыттардың қата­рын­да. Осы салалар арқылы инвести­цияларды тарту үшін өзіміздің бәсекеге­ қабілеттілігімізді және үлкен әлеуетке ие екенімізді көрсете аламыз.

Инвестиция тарту үшін экономи­калық мүмкіндіктері ескеріле отырып, 36 ел анықталды. Оның ішінде біз үшін ең басым 11 ел бар. Олар – АҚШ, Ресей­, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия­, Қытай, Жапония, Оңтүстік Коре­я, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері. Әр елмен тиімді жұмыс істеу үшін ҚР Сыртқы істер министр­лігімен бірлесіп арнайы әдістеме мен нақты іс-қимыл  жоспары  әзірленетін  болады.

Алдағы уақытта Қазақстанның инвестици­ялық климатын жақсарту және тиімді операциялық шараларды іске асыру мен инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін енгізу бағыттары бойынш­а  жұмыс  жүргізіледі.

- Елдегі арнайы экономикалық аймақта­рдың жұмыс iстеуi қай деңгейде? Мемлекет бөлген қаржы шеңберінде ашылып, алайда өнім өндірмей, нәтиже шығармай жабылып қалған жобалар турал­ы  айтсаңыз...

- Қазақстанда 2001-2017 жылдар аралығында 11 арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бүгінгі күні «Сарыарқа», «Оңтүстік», «Қорғас – Шығыс қақпасы», «ИТП», ШЫҒО «Қорғас» аймақтары инфрақ­ұрылыммен толық қамтылды. Төртеуінің құрылысы 2020 жылға дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар «Ақтау теңіз порты» мен «Астана-Технополи­с» АЭА инфрақұрылымы 2025 жылдың  еншісіне  қалдырылып  отыр.

Айта кетейік, арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылым құрылысына бюджеттен және ұлттық қор қаражатынан 283 млрд теңге бөлінді. Қажет қаржы 461,2 млрд теңгені құрайды. Тұтастай алғанда, АЭА-ның алаңдарында 157 жоба жүзеге асып, 81-і іске қосыл­ған. Арнайы аймақтың жұмыс істеген барлық кезеңінде 690 млрд теңгенің инвестициясы жүзеге асырылды. Салық түсімдерінің жалпы көлемі 112 млрд теңгені құрады. 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Жалпы, Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалардың ба­сы­м бөлігі өз қаражаттары есебінен жүзеге асырылды. Мемлекет тарапынан әртүрлі – жеке ақша, Еуразиялық даму банкі және халықаралық даму институттары арқылы несиелендіру. Мысалы, Индустрияландыру картасы аясында тоқтап тұрған немесе жүктемесі төмен 72 жобаның ішіндегі жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі барларын мемлекет тарапын­ан қолдауда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы субсидиялар бөлу, инфрақұрылым тарту­ сияқты көмек түрлері көрсетілді. Қазіргі таңда ҚР Инвестициялар және даму министр­лігі әкімдіктермен, мүд­делі мемлекеттік органдармен сол жобала­р­ды қайта іске қосу жұмыстарын жүргізуде.

- Қазақстан бүгінде Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының Инвестициялар комитетіне мүше мем­лекеттер  қатарында. Бұл еліміздің инвестициялық ахуалының халықаралық стандар­ттар мен аталған ұйымға мүше елдерді­ң деңгейіне сәйкес екенін көрсетеді. Алдағы уақытта химия, фармацевтика  және  медицина  өнеркәсібі  өндірісіне өзгеше сипат, жаңа серпін беруге мүмкіндігіміз  жеткілікті  ме?

- Қазақстанда 90-жылдардың ортасынан  бастап  фармацевтикалық  нарық дамып келеді. Сонымен бірге, отандық фармацевтикалық өндірісінің қарқындылығына қарамастан, импорттық құрамдас бөлігі басым болып келеді. 2010 жылдан бастап ҚР негізгі фар­мацевтикалық өнімдер өндірісінде  47 млрд теңгеге дейін өсім байқалады. Тұтынудың ішкі нарығы 900,8 млн АҚШ долларын  құрайды, оның ішінде отандық өндіріске  4, импортқа – 86 па­йызы  тиесілі.

Мемлекеттік қолдау аясында өңделген отандық тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді ішкі нарықтарға шығару бойынша индустриалды-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылған. 2017 жылы 105 индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындары өтелді. Мемлекеттік қолдау аясында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған индустриалды-инновация­лық  қызмет  субъектілерінің  2018 жылы да  шығындары  өтеледі.

Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымының Инвестициялар комитетіне мүше мемлекеттер қатарындағы еліміздің химия, фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласын дамыт­уға  мүмкіндігі  мол.

- Мемлекет басшысының  қолдауымен қабылданған қазақ тілінің латын график­асына негізделген әліпбиі ел экономикасы мен  шетелдік инвесторларды тар­туда  қолайлы  деп  есептейсіз  бе?

- Латын графикасына көшу Қазақстанның халықаралық қатынастарын жақсартуға мүмкіндік береді. Әлемдік ғылыми және технологиялық процестерге қосылуы үшін тың серпін әкеледі. Инвес­торлардың Қазақстан террито­риясында жүруін жеңілдетеді. Мысалы,­ барлық көшелердің атаулары, көрсет­кіштері, белгілері латын әріптерімен жазылса, инвесторға да оңай  болады.­

- Мемлекет басшысының «Төртін­ші  өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақы­рыбындағы Қазақстан халқына Жолдауының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көш­басшысына айналуы тиіс» деп атала­тын бірінші бөлігінде «2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалып­тастыруға арналған индустриялан­дырудың үшінші бесжылдығын әзір­леуге кірісу керек» деген болатын. Осы бағытқа арналған жоспарлар жүйесімен таныстырып өтсеңіз... Жалпы, Жолдаудан  не  түйдіңіз?

- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сандық экономикаға ерекше көңіл бөлді. Мұнда негізгі басым­дық өнеркәсіп саласында. Айта кетейік, бұл бағытқа өту алдында цифрландырудың экономикалық тиімділік түсінігінің жеткіліксіздігі, отандық технологиялар мен құзырлықтардың дамуының төмендігі, білікті кадрлардың жетіспеуі, қаржы ресурстарының шектеулілігі, инфрақұрылымдық шектеулер секілді бес кедергі тұр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде мынадай шаралар  қарастырылған:

Бірінші, «Индустрия 4.0» моделді фабрикасын құру. Онда инновациялық технологияларды енгізу мақсатында цифрландырудың технология­лық аудитін жүргізу және жоспар­ларын әзірлеу үшін әртүрлі өңдеу саласы­ның 7 кәсіпорны іріктеліп алынатын  болады;

Екінші, «Индустрия 4.0» бойынша  ұлттық құзырлы орталығын құру. Мақсат – цифрландыру бойынша ақпараттарды кеңінен таныстыру, іске асыру және консультациялық қолдау;

Үшінші, «Индустрия 4.0» инновациялық өзара іс-қимылды жүзеге асыру. Өндіруші компаниядағы жаңа технологияны енгізу міндетін қою және отандық әзірлеушілерді ынтымақтастыққа  тарту;

Төртінші, өнеркәсіптік автоматтандыру және цифрландыру инс­титутын құру. Қолданбалы зерт­теулер мен әзірлемелер, отандық жоғары­ оқу орындарымен, ғылыми зерттеу институттарымен бірлесіп бизнестің технологиялық мәселелерін шешу, сонымен қатар техно­ло­гияларды трансферттеу  мен  ұлт­тық кадрларды­ жетілдіруге  ықпал  ету.

Бұлардан бөлек, қазіргі уақытта тау-кен өндіру өнеркәсібінің 6 кә­сіпорнында барлығы 14 жоба іске асырылуда.

- Ашығын айтыңызшы, елдің индус­т­рия-инновация саласына сырттан тартылған инвестицияның қаупі бар ма?

- Үкімет Қазақстанның индус­триалды-инновациялық  дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Оның негізгі мақсаты – өңдеу өнеркәсі­бі­нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

ИИДМБ аясында өңдеу өнеркәсі­бінің 14 басым салаларын (қара метал­лургия, түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-газ химиясы, тамақ өнімдері өндірісі, агрохимия, өнеркәсіпке арнал­ған  химикаттар өндірісі, автомобиль жасау, электротехникалық машина жасау, ауылшаруашылық машина жасау, теміржол машина жасау, тау-кен машина жасау, мұнай-газ машиналарын жасау, құрылыс материалдарын  өндіру) ынталандыру­  қарастырылған.

Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынар алдында, жобаларды ірік­те­генде өңделген тауарларды экспорттап, еңбек өнімділігін арттыру, нарықты кеңейту басты критерийлер болып табылады. Аталмыш мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың негізгі құралы – индустрияландыру картасы. 2017 жылы жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 120 жоба іске қосылып, шамамен 10 мың жұмыс орны ашылды. Олардың басым көпшілігі – отандық инвесторлар.

- Уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз!­

Сұхбаттасқан

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


Қасықтап жинаған АБЫРОЙЫҢ шелектеп төгілмесін PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
15.02.2018 11:08

Алдымен Қармақшы және Арал аудандарының әдеп жөніндегі уәкілдерінің 2017 жылы атқарған жұмыстары тыңдалды. Баяу жұмысқа көңілі толмаған кеңес төра­ғасы А.Мұхимов бүгінгінің әдеп жөніндегі уәкілдері өздері тиесілі аумақтың көзі, құлағы һәм тілі болуы керек­тігін ескертті. Шынтуайтында, әдеп жөніндегі уәкілдер­дің бар екенін бірі білсе, екінш­ілері бұл қызмет иеле­рінің атын мүлде естімеген десек­, қате айтпаған болар едік.

Бұл бір жағынан, уәкілдер  жұмысының әлсіз екенін көрсетеді. Осы орайда мем­лекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларын сақтауын, сы­байлас жемқорлыққа жол бермеу­ін, түрлі құқықбұзушылықтарға бармауының алдын­ ала отырып, қажет жерінд­е құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын уәкілдер туралы ақпараттар көшелер мен аялдамаларда, әлеуметтік желілерде жариялануы тиістігі ескертіліп, Қармақшы және Арал ауданының уәкілдеріне кешенді іс-шаралар жоспарын ағымдағы жылдың 20 ақпанына дейін  бекіту  тапсырылды.

Ал осыдан  соң  бұған  дейін де бюджет қаржысын толық игермегендіктен, ескерту  түріндегі  тәртіптік  жаза алған Е.Бахтияровтың әрекеті қаралды. Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысы бұл жолы қарамағындағы қызметкеріне қатысты апелляциялық шағымды қайта кері алғаны үшін кеңес отырысына салынды. Оқиға былай өрбіген. Е.Бахтияров өзінің қарамағында жұмыс істейтін бас маман Т.Алаш­баевтан сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысты байқағандықт­ан, оны 2017 жылдың 31 наурызында жұмыстан шығарған. Жұмысынан шығып қалған Т.Алаш­баев сотқа жүгініп, нәтижесінде Сырдария аудандық сотының шешімімен сол жылдың 11 шілдесінде қайта орнала­сады. Орналасып қана қоймай, амалсыз бос жүрген уақыты үшін жалақысын да өндіріп алады. Сот шешімімен келіспеген басшы апелляциялық шағым бергені­мен, белгісіз себептермен оны қайта  кері  алған. Заңды  іс-әрекет  жасай­ тұра,  аяқасты бұлай көзқарасын өзгертуі кімге болса да түсініксіз. Әрі бұл әрекетімен Т.Алашбаевқа 2017 жылдың 31 наурызынан бастап сол жылдың 31 қазанына дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне және бюд­жеттен жалпы 489 153 теңге негізсіз жалақы­ алуына мүмкіндік бергені тағы бар. 31 қазан деп отырғанымыз, дәл сол күні Е.Бахтияров Т.Алашбаевты апелляци­ялық шағымын кері алса да, жұмыстан қайта шығарады. Өйткені нақ  қазан  айында ҚР Жоғарғы Соты­ны­ң шыққан қаулысымен танысады­. Онда  сыбайлас  жемқорлық  жасаған  тұлғаның мемлекеттік  қызметін  тоқтатуға негіз бар екендігі анық көрсетілген. Ал кеңес отыры­сында апелляциялық шағымын қайта алғаны­н  былай  түсіндірді.

– 2017 жылдың 11 шілдесінде Т.Алашб­аевты жұмысқа қайта орна­ластыру және амалсыз бос жүрген уақы­ты үшін жалақысын төлеу туралы соттың  шешімі қабылданып, дереу орындау­ға жолданды. Сот орындаушының шеші­мін орындамаған жағдайда қылмыстық  жауапкершілікке тартылатындығым ескертіліп, мекеменің есепшотын жапты. Мен соттың шешімін орындадым. Тамыз айында тыңғылықты зерделедім, заңгерлермен ақылдастым. Соттың шешімі заңды деді. Сонда да нақты жауа­бы­н департамент берер деген оймен сот шешімін жолдап, түсіндіруді сұрадым. Түсіндірме құзыреттілігінде жоғын хабарлап, хатпен жауап берді. Осы орайда нақты дәлелдемелердің болмауына байланысты апелляциялық шағымымды қайта алдым,- деді Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары­ бөлімінің  басшысы Е.Бахтияров.

Дәл осы тәртіптік істе кеңес мүшеле­рінің ортақ шешімге келуі қиындай түскендей. Өйткені бұл іс ары қарай БАҚ өкілдері мен өзге де қатысушылардың қатысуынсыз қаралды. Тек жарты сағат уақыт өткеннен кейін ғана Е.Бахтияровқа қатысты тәртіптік істің тоқтатылғаны белгілі болды. Себеп оның тарапынан сыбайлас жемқорлық бел­гілері туындамағанымен және апелляциялық шағымды қайтып алуы мемлекеттік қызметке кір келтіретін әре­кетке жатпайтындығымен түсіндірілді.

Мұнан кейін кеңес отырысында талқыла­нған қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітовке қатысты тәртіптік істің шешілуі де кеңес мүшелері үшін оңайға түспеді. Жалпы, бұл істің кеңес отырысында қаралуына «Мұрагер» мектебі ұстаздарының  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағымдануы түрткі болға­н. Олар желтоқсан айының соңын­да (2017 жылы) жиырмадан аса мұғалімнің мектепке баса-көктеп келіп, категориялары өздерінен төмен мамандардың зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізгеніне наразы болған.  Әрі олар білім бөлімі  басшысының  орынбасары­ М.Тәуіпбаеваның тарапынан негізсіз тексерулер ұйымдастырылғандығын, сонымен қатар ол қала әкімінің 150 мың теңге грантын жеңіп алған мұғалімнің портфолио құжаттарын қайта тапсыру керектігін айтқанын қызметін асыра пайдаланғаны деп санайды. Қалалық білім бөлімінің басшысы бұл тексеру «Мұрагер» мектебінің білім, тәрбие жұмыстарына  қатысты  ата-аналардан арыз түскендіктен жүргізілгенін айтқа­нымен, департамент білім бөлімінің арыз-шағым­ кітабынан ондай арыздың тіркелмегенін анықтаған. Сондай-ақ, А.Нұрсейітовтің мектепке зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүр­гізуге байланысты шығарған Ережесін заңсыз деп санаған департамент оның бұл ісін әдеп кеңе­сін­де қарады. Алайда кеңес мүшелері қалалық білім бөлімі басшысының бұл іс-әрекеті неліктен негізсіз екенін түсінісе алмады. Өзара пікірталасып, ортақ шешімге келе алмаған кеңес мүшелеріне кеңес төрағасы А.Сансызбайұлы:

– Бұл кісінің ережесіне соңғы өзгеріс­тер  енгізілмеген. Ескі ереже, стандарт бекітілмеген. Дұрыс, тексерсін, барсын, бірақ рәсімдік бұзу болмасын. Бір жағынан қызметін асыра пайдаланды деп А.Нұрсе­йітовке айтылып тұрған жоқ. Бұл кісінің орынбасары М.Тәуіпбаевға байланысты. Бірақ ол кісі бүгіннен бастап декреттік демалысқа шығыпты (кеңес отырысына қатыспады. - ред.)... Әрі мұғалімдер категориясы өздерінен төмен ұстаздардың тексергеніне наразы. Оның үстіне жыл соңына қарай, жаңа жылдық мерекеге дайындық барысында осындай тексеріс қаншалықты қажет болды? -  деді  ол.

Ал білім бөлімінің басшысы жаңа жылдық мереке қосымша шаралар екенін  айтты.

– ҚР Конституциясына және басқа заңдарына сәйкес деп ережемізде жазылға­н. «Білім беру туралы» заңның 59-бабында да өзімізге бағынышты мекеме­лердің білім, тәрбие жұмыс­тарын бақылауға болады деген функция бар. «Әкімшілік  рәсімдер  туралы» заңның­  7-бабы бойынша да өзіне бағыныш­ты мекеме­лерді бақылауға құзыретіміз бар. Сондықтан біз осы мектепке зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргіздік, - деді А.Нұрсейітов.

Осылайша біршама уақыт ортақ шешім­ге келе алмаған кеңес мүшелері тәртіптік істі тоқтатып, келесі отырыс­қа  қалдырды.

Әдеп кеңесі отырысының соңынан қаралған тағы бір мәселе Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Дулат Таубайға қатысты болды. Әкім үстінен департаментке түскен өтініште арызданушы Р.Аралбаева (Қосшыңырау ауылдық округі­ әкімдігінің бұрынғы бухгалтері, қазіргі таңда бес жылға бас бостандығынан айырылған. - ред.) әкімнің қызметкерлердің жұмыстан кетуіне мәжбүр еткенд­ігін, дөрекілік танытатынын баян­даға­н. Алайда кеңес отырысында сөз алған Қосшыңырау ауылдық округіні­ң 2017 жылдың мамыр айында тағайындалған  әкімі Дулат Таубай  жаңа қызметке келгелі аппарат бухгалтері жұмыстан өз еркімен шыққысы келетіндігін­  жиі  айтқан.

– Мен әкім болып келгелі бухгалтерім «жұмыстан шығамын, ауырып жүрмін» деп айтып жүрді. Бір күні қаржы бас­қармасы құжаттар сұратып жатыр деп, сол жаққа барып келді. Содан соң  1 маусым күні жұмыстан шығу жөніндегі арызымен кірді. Мен алты айлық қорытындыны жауып кетуін өтіндім. Қорытындысын жапқаннан кейін 1 шілдеде тағы да келіп, кетемін деді. Жалпы сол ауылға әкім болып жұмысқа кіріскеннен кейін қоғамдық кеңестің мүшелерімен танысып, жиналыс өткізген болатынмын. Жиналыс кезінде бухгалтер де келе қалды. Сол сәтті пайдаланып, ақсақалдардың алдынан өттім. «Міне, мына қыздарыңыз жұмыстан шығамын деп жүр, ертең менен көрмеңіздер» дедім. Ал қаладағы салықты көбейтуге байланысты ауыл салығын есептетіп көріп, оны 4 млн 200 мың теңгеге көтергенімде, бір апта өте салысымен салықшым жұмыстан шығатынын айтты. «Мен ауырып жүр­мін, жұмыстан кетемін, саудада туысқандарым бар, солар қасына шақырып жатыр» деді. Мен оған шынында да сеніп қалдым. Алайда көп ұзамай финполициядан (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облыс­ы бойынша департаменті. - ред.) хат  келді, хатта мені және бухгалтерді шақырыпты, - деді Д.Таубай.

Осы хат бойынша Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы­ның Қызылорда облысы бо­йынша департаментіне барған әкім бухгалте­рі Р.Аралбаеваның 600 мың теңгеден астам қаржыны жымқырғанын және оның үстінен қылмыстық іс қозғалғ­анын біледі. Бүгінгі таңда ол бес жылға бас бостандығынан айырылған. Осыны және департаментпен тексеру жүргізгенде әкімге қарсы түсініктеме берушілердің арыз иесі Р.Аралбаеваға туыс болып табылатындығын ескерген кеңес мүшелері оған қатысты тәртіптік істі тоқтатты. Ал сөйлегенде дауысы жуан келген әкімге кеңес төрағасы «Сіз дегенде нең кетті, сен дегенде не ұттың?» дей келе, халықпен жұмыс істегенд­іктен, жұмсақ болу керектігін ескертті.

Қорыта айтқанда, халық алдында жүрген мемлекеттік қызмет­шінің титтей де болса мүлт кетуіне жол жоқ. Қателестің екен, осылай сынға ұшырайсың. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер қарапайымдылық үлгі­сінен таймаса екен дейміз. Ал тағдырыңыздың тамырына балта шабыл­масын десеңіз­, маңайыңыздан алаған қолым берегеннің әңгімесі жүрмегені абзал.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


ЕШКІМ ДЕ ҚАҢҒЫБАС БОЛЫП ТУЫЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
15.02.2018 10:56

Қиын-қыстау заманда отбасынан, бауырларынан жырақта үйсіз-күйсіз қалған жандар қаншама. Қолдағы барынан  айырылып, баз кешіп жүргендер мен өмірдің қиыншылығына  төзбей,  ішімдіктің түбіне жете алмай жүргендер  де  жетерлік. Бірі  сол  бақытсыздықты  өз қолымен  жасағандар болса, енді бірі – өзгенің  алдауына түскендер. Солардың арасында қайыршының күйін кешіп, өз қамын қоқыстан іздеп жүргендер де жоқ емес. Бүгінде көпқабатты үйлердің жертөлесі, вокзал айналасы мен базар іші, қоқыс алаңдары қаңғыбастардың  тұрақты  мекеніне  айналған.  Әр адамның  басында  бір  тағдыр.  Бір-бірімен  тағдырлас болғанымен, тіршілігі мен  өмірі  әрқилы.

 

«СЕН   МАЗАМДЫ АЛМАШЫ...»

Үйсіз-күйсіз қалған жандарды бүгінгі қоғам «бомждар» деп атап кеткен. Тағдырдың түрлі қиын­дығына төтеп бере алмай, осындай  шарасыз күйде қалған жандар қаланың әр бұрышын кезіп жүреді. Олардың тіршілігін бір сәт көзбен  көруді ұйғарып, қаладағы «Универсам»  сауда  орталығының маңын  біраз  торуылдадым. Әзірге айналамда ешкім жоқ. Сәлден соң қолында майонездің қауашағы бар біреуді көзім шалды. Біраз күттім. Сүйектен өтетін мынадай аязда салқын жерге отыруды ойлаудың өзі мүмкін емес. Ыңғайлы деуге келмес, бірақ өзіне жайлы жерге еңкейіп, жайғаса кетті. Өткен-кеткенге көз тастап, шарасыз күйде отыр. Ашқұрсақ екені көрініп-ақ тұр. Сол жердегі гамбургер сататын дүңгіршектен біреуін алып, қасына жақындап:

- Қарныңыз ашқан шығар, - деп қолымдағыны ұсындым.

Көзіме қарап тұрып, қолын созар­-созбасын білмей:

- Мынау маған ба? - деді.

- Иә, сізге, алыңыз, - дедім де қасына жайғаса отырып, мұндай күйге қалай түсіп жүргенін сұрадым.

- Сен кімсің, не керек саған?

- Аға, маған сізден  ешнәрсе керек­  емес. Тек  жауап  беріңізші, бұл жағда­й  басыңызға  қалай түсті?

- Эх-х-х... (терең күрсінді).   «Бомж  боламын» деп ойлады дейсің бе?! Ойламадым. Бәрі сол қу арақтың кесірі. Өмірім өксумен келеді. Басқа өмірді ойлаудан шаршадым. Ендігі қанша өмірім қалды дейсің. Әй, құрысыншы бәрі...

- Отбасыңыз қайда? Бала-шаға деген бар ма?

- Отбасы деймісің?.. Оларды көрмегелі қай заман. Олардың қайда екендерін де білмеймін.

- Қайда ұйықтайсыз?

- Ұйықтайтын жер табылады, сен мазамды  алмаш(ы), - деді.

Амалсыздан орнымнан тұрып кете бардым. Содан соң вокзалға, одан әрі базарға да барып, дәл осындай оқиғаларға куә болып қайттым. Бәрі бір-біріне ұқсас тағдырлар.

 

ҚАҢҒЫБАСТАРДЫ

ҚАЛАЙ    ҚАБЫЛДАЙДЫ?

Көшеден өткенде қоғамның дала кезіп жүретін сол тобына қарап, «осыларға көмек көрсететін жандар бар ма өзі?» деп ойланып­ қаламыз. Сол ойдың жетегімен қаладағы «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналға­н бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекеме­сіне бас сұқтық. Бұрын­ғы аудандық аурухана болған бұл орталық бүгінде осындай орынға айналған. Мұнда бар-жоғы 50 жатын орын мен 10 түнемелік орын бар. Бұл мекеменің емделуші­лері жыл сайын  ауысып тұрады.

- Орталыққа  2017  жылы  барлығы 85 қызмет алушы қабылданды. Олардың  барлығына  жеке  іс  құжаты ашылып,  айқындау   парағы   мен   жеке жұмыс жоспары дайындалды. Қабылданғ­ан қызмет алушылардың 22-сіне жеке куәлік рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 14 қызмет алушы орналастырылды. Ден­саулығы­на байланысты 30-ы ауру­ханаларға жатқызылып, ем-дом қабылдады. Екі адамға ІІ және ІІІ топтағы мүгедектік  құжаты берілді. Әлеуметтік және психолог маманда­рының   қызмет  алушылармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, әңгімелесуінің арқасында 12 адам отбасы­на қайта оралды, - дейді орталық­  директоры  Ж.Адранова.­

Орталыққа қаңғыбастар түрлі жағдайда келеді екен. Кейбіреулерін жергілікті учаскелік полиция қыз­метке­рлері әкелсе, өз еркімен мекемен­ің  есігін  қағатындар  да бар. Орталықтың заңдылығына сәйкес қыс мезгілінде қаңғыбастарды қабылдамайды. Бірақ мұндағы­лардың  адамгершілігі  зор.

 

БІРІНІҢ   КӨҢІЛІ   ТОҚ, БІРІНІҢ...

Орталыққа түскен қаңғыбастар медициналық  тексеруден  өтіп, жеке басын куәландыратын құжаттар рәсімделеді. Кейбіреуі облыстық комис­сия сараптамасының көме­гімен мүгедектікке шығарылып, зейнет­  жасына  жеткендерге  арнайы зейнетақы  тағайындалады.  Орталық қызметін пайдаланушыларының жасы – 30 бен 70 аралығы. Мұнда келуші­лерге әлеуметтік-тұрмыстық, еңбек, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық және құқықтық  көмек  көрсетіледі.  Оларды осында әкелген соң таза киім-кешек­ пен үш мезгіл тамағы беріледі. Егер біреуі ауырып, денсаулығы болмай­ жатқан жағдайда оларға алғашқы­ көмек көрсетіліп, тиісті мекемеле­рге жолданады. Сондай көмек  алып,  орталықтың  қызметіне жүгініп отырғандардың бірі – Игорь  Стребков.

- Негізі Байқоңырда туып-өскен­мін. Түрлі жұмыстар атқардым. Отбасы­м апаттан қайтыс болды. Күйіктен  ішіп кеттім. Таныстармен қосылып іштік. Бір күні түнімен ішімдік ішіп, әбден масайрап қалыппыз. Есімді жинасам, үйім өртеніп жатыр. Аяғымды қатты күйік шалып­ты. Өзімше емделуге тырысып едім, болмады.  уақыт  өткізіп  алдым. аяғым емге көнбей қойды. Содан Қызылордаға келіп, аяғымды кес­тіруге­ тура келді. Қазір 1-топтағы мүгедек­пін. Қазір бәрі жақ­сы­. Ешкімге өкпем  жоқ, - деді ол.

Мұнда психолог-маманның көмегіне жүгінетіндер өте көп. Тіпті күнәра келіп тұратын көрі­неді. Олармен­ көптеген психо­ло­ги­ялық ойындар ойнап, жан дүниесін түсінуге­ тырысатын Таң­шолпа­н да жұмысын­  адал  атқарып, бір адамның болса да өмірін өзгерткенін жеңіс деп біледі. Өйт­кені  өмір – күрес. Оны жеңіп  шығудың  өзі – жеңіс.

- Бейімдеу   орталығында  жат­қан  адамдардың   бүгінде  өзінен  басқа  өзгеге­ өкпесі жоқ. Уақыт өте келе бірінің  көңілі жайланса, бірінің көкі­регі сыздайд­ы. Мен психолог ретінде бұл жандармен жұмыс істеп келе жат­қаным­а  2  жылдан астам уақыт өтті.  Кез  келгенімен әңгімелесуден еш  жасқан­баймын, - дейді  психолог Таңшолпа­н  Тәжімбетова.


 

Райла  Абдикаримова,

56 жаста:

- Екі  балам  бар. Күйеуім  қайтыс болған. Абысыным бар еді, сол 15 жыл  бойы бала көтере алмаған соң үлкен ұлымды соларға асырап алсын деп берген едім. Кіші ұлым өз қолымда қалды. Баста­ әжептәуір жұмысым бар еді. Уақыт өте келе жұмысым да тоқтап, еш жолым болмай-ақ қойды. Содан­ соң қайтадан отбасын құруға бекіндім, сол кездері қолымдағы балам да ержеті­п қалған. Соған мойынсұнғысы келмеді ме, екінші ұлым да бірте-бірте қолымнан кете бастады. Екінші күйеуіммен 15 жыл бұрын отастым­. Одан да қайыр болмады. Мені ұрып-соқты. Жұмысқа шыға бастадым. Жұмыс болғанда­ қайбір жұмыс дейсің, көшеде сол тиын-тебен жинау ғой. Менің сол тапқан табысы­ма ол арақ алып ішетін. Ақшамды бермейі­н  десем  де, болмады. Ұрып алып қоятын. Жасырмаймын, өзім де іштім. Қазір ішпеймін. Жолағым да келмейді. Сосын амалсыз кетуге мәжбүр  болып, осында келдім. Мұнда жағ­дайым­  жақсы.  3  мезгіл  тамағымды береді. Таза киім, таза төсек. Ендігі арманым, 2015 жылы жер кезегіне тұрғанмын, сол жер телімін тезіре­к  алсам  деймін. Әрі  қарай  пәтер  жал­дап­  күн  көруім  қажет  ғой.

 


 

Бейбіт Бейжанов,

49 жаста:

- Кезінде әке-шешем оқытты. 2-3 жерді бітіртіп, дипломды да алып берді, бірақ өзім құнттамадым. «Адам болсын» деді ғой. Шіркін, сол кезде жұмысқа орналасып, әке-шешемді тыңдасам, дәл қазір бұл жерде отырмас едім. Жалғыз ұлым бар еді. Ол да Шымкентке көшіп кеткен. Сонда оқып, білім алып жатыр дейді ғой біреулер. Әскери қызметте де болдым. Ұлым мен әйелім үшеуміз жақсы өмір сүріп жатқан болатынбыз. Әйелім қайтыс болғаннан кейін осы жол басталды. Бірге еріп жүрген қасымдағы жолдастарым да өзім сияқты болды. Бірге ішеміз, бірге жүреміз. Арамызда есі дұрыс біреуі болмады ғой. Болғанда бәлкім біздің аузымызды тыяр ма еді. Бір құрдымға түсіп кеттік, содан шыға алмай жүре бердік. Бұл орталыққа осыдан бір жыл бұрын өз еркіммен, аяғым жарамаса да еңбектеп келген едім. Қазір жағдайым жақсы, аяғым шүкір жүруге жарап тұр. Бауырларым да мені қолдарына алғысы келеді. Осында келіп жағдайымды біліп тұрады. Бірақ менің барғым келмейді. Бұның бәрі өзімнің кесірімнен болған оқиға. Ешкімге кінә артпаймын. Сондықтан өз күнімді өзім көрейін деп шештім. Мұндағы кісілерге үлкен алғысымды білдіремін. Алла разы болсын.


Еліміздегі «бомж» аталып жүргендердің саны жайында ресми дереккөзі жоқ. Бірақ қаңғыбастардың санын азайтуға бейімдеу орталықтары атсалысып келеді. Көшеде жүрген бұл жандарға «менмендік» жүзімен емес, мейірімділік  көзімен  қараған  абзал.

Ердәулет  КӘКІМЖАНОВ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

 


СУ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
15.02.2018 10:48

Дария демі ішінде. Ақпан басталғалы Сырдарияның маңына жақын орналасқан жұртшылық арнасынан асқан өзен суынан қауіптенгені белгілі. Алайда дүрлігуге негіз жоқ. Бұл туралы облыс­тық  жұмылдыру дайындығы бас­қармасының басшысы Серік Сермағамбетов өңірлік ком­муни­ка­циялар қызметінде БАҚ  өкіл­деріне мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, 29 қаңтар күні кешкі бесте Сырдария ауданы, Қалжан Ахун ауылының оңтүстік-батыс аумағында орналасқан «Әсет» учаскесінің тұсында мұз буып, қорғаныс бөгетінің рөлін атқарып тұрған «Аласиыр» каналының ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын бөгеті 10 жерден бұзылған. Нәтижесінде 2 300 гектар ауыл шаруа­шылығы жерлерін, оның ішінде 700  гектар  күріш  алқап­тар­ы мен жайылымдық және шабынды­қ  жерлерге су  жайы­л­ған. Осының салдарынан Сырдария  ауданында  табиғи  сипаттағы төтенше  жағдай  жарияланды. Сол кезде сала  басшысы «Қалжан Ахун елді мекеніне қауіп жоқ. Басқ­а жерлер де бақылауға алынған­» деп халықты сабырға шақырған-ды.

Мұнан соң төтенше жағдайдың одан кейінгі ахуалы турасында толығырақ білу үшін 12 ақпан күні облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына хабарластық. Басқарма басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев жолдаған жаңа ақпарат бойынша, қазіргі таңда қорғаныс бөгеттері қалпына кел­тірілуде. Айта кету керек, су жайыл­уына басты себеп – мұз астын­ан қалыңдығы 2-2,5 метр болат­ын күр (шуга) жүруінен кептелістер пайда болып, су деңгейінің күрт көтерілуі. Бүгінде су жайылған аймақта қызу да қарбалас жұмыс жүріп жатыр. Бұзылған 10 бөгеттің 8-і қалпына келтіріліп, ұзындығы 2,1 шақырым қорғаныс бөгеті нығайтылған. Ғ.Жаңабаевтың мәліметінше, түйінді істің күрмеуін шешу екі мердігер мекемеге жүктеліпті, 16 бірлік техника­, 80 адам жұмылдырылған.

Өзен суының 12 ақпандағы жағ­дай­ына келсек, облыс аумағына 345 м3/сек су түсуде. Ал Қызыл­орда су  торабынан  төменге 320 м3/сек су босатылуда. Сырдариядағы су деңгейі де түскен. Енді қала мен елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Ал жалпы облыс бойын­ша жағдай бақылауға алыныпты.

Өзен суының кемерінен асып түсіп, жайылып кететіні Қызыл­орда өңірінде алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұрнағы жылдары да дария деңгейінің көтерілгені тұрғындардың есінде болар. «табиғат­тың тосын мінезі», «табиғатқ­а шара бар ма, қалай қарсы келеміз?» дегендей себептердің айтылуы таңғаларлық нәрсе емес. Алайда «Қазгидромет» күн райының күрт жылынуы немесе қардың аз не көп түсуі турасын­да алдын ала болжап айтып­  отыр емес пе? Төтенше жағдайда қызмет етуі тиіс мекеме қызметкерлері мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуге мүмкіндік  таба  алмағаны ма?

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


АЛМА АҒАШЫНАН АЛЫС ТҮСПЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.02.2018 10:45

Көпшілік ортада кейбір баланың іс-әрекетіне, қылығына қарап, оның тәрбиесіне баға береміз. Өйткені бала ес білгеннен бастап ата-анасының іс-әрекетін қайталап, айтқан сөздерін жаттап, санасына тоқып алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осының дәлелі іспеттес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға, балаларға тәрбие жөніне келгенде көңіліміз толмайды. Өйткені, (барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды) қазіргі балалар­ тым өзімшіл, қатыгез, үлкендердің тілін алмақ түгілі, айтқанына зорға көнеді.

Өз ойындағысын ата-анасына жүктеп, айт­қанын істетпей қоймайды. Бір жағынан баланы­ң психологиялық дамуына кедергі жасамау да керек, діттеген мақсатына жете де білу керек. Дегенмен, балалардың бойын­да қыңырлық басым. Өз дегені болмаса, жер тепкілеп жатып қалу, жылау, ата-анасының айтқанын істемей, олардың іс-әрекетіне көңілі толмау сияқты әрекеттер жасайды. Баласын қатарынан қалдырғысы келмеген әке-шеше амалсыздан баланың дегеніне  көнуіне тура келеді. Балаға қолдау­ көрсеткен  дұрыс, бірақ қандай жағдайда?

Көңіліміз толмайтын ұрпаққа тәлім беріп отырған – өзіміздің аға-әпкеміз, ата-анамыз. Баланың арманы таудан да биік, талабы аспанмен астасып жатыр. Егер оның  сізге қойған талабы қандай болса, сіз бірінші балаға қойған талабыңызды еске түсіріңіз. «Алма ағашынан алыс түспейді». Сіз қандай бағыт-бағдар берсеңіз, сол бағыт­қа ыңғайланып, сол даңғылға жол сала­ды. Сондықтан пайдасыз, қажеті жоқ, денсаулығына зиянды заттарды алып беруін­ талап етсе, демек өзіңіз де сондай нәрсені тұтынып, сол затқа құмар болғаныңыз анық. Оған бір ғана дәлел – ұялы телефон. Мектеп жасындағы оқушылардың қалта телефонына қызығуы да сол секілді нәрсе. Жанындағы достары интернет желісін­ен әр нәрсені көріп, қасындағы баланы­ң қызығушылығын оятады. Одан қалды, өзіміз де жұмыстан келе сала сол құрылғыға қалай байланғанымызды байқама­й қаламыз. Бала тәрбиесі туралы кім  қалай  ойлайды?

 


 

БАЛАНЫ  НАЗАРДАН  ТЫС  ҚАЛДЫРМАУ  КЕРЕК

Шыр етіп осы дүние есігін ашқан кез келген адам бұл өмірге өзінің өмір сүру шарттарымен бірге келеді. Бұл құбылысты бала өмірінің алғашқы сәттерінен-ақ байқауға болады­. Мысалы, перзентханадан жаңа шыққан­, өмірге келгеніне 3-5 күн болған нәрес­тені сырттай бақыласаңыз, мынадай құбылыс­қа жиі куә боламыз. Баланың қарны тоқ, жөр­гегі құрғақ, ешқандай мәселе тудыратын жағдайды көріп тұрған жоқсыз. Бірақ, сол бала диванға жатқызып қойсаңыз, жылайды, ал қолға көтерсеңіз, жылағаны басылады. Бұдан не байқауға болады? Бұл дегеніміз – осы өмірде адамның өз өмір сүру шарттарын басқа­ адамдарға кез келген амалмен жасатуға ұмтылыс­ы. Бала өскен сайын бұл іс-әрекет басқа­ да түрде көрініс бере бастайды. Балалар­ өз мақсаттарына қол жеткізу үшін жылайды, айқайлайды, сөйлемей тырысып қалады, тамақ ішпейді, тіпті ата-аналарына қол жұмсауға дейін  барып жатады. Ал, бұл нәрсенің бәрі ата-ананың балаға дер кезінде уақытын бөле алмағандығы, жұмысқа беріліп кеткендігі, дұрыс  пен  бұрыс  әрекеттің  ара-жігін ажыра­тып, түсіндірмегендігінен  туындайды. Бала­лар­дың  ата-ананың айтқанын  істемеуіне себеп­  болатын  негізгі  құбылыстар мыналар:

- отбасында ересектердің бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасамауы (ұрысу, бір-бірін  ұрып-соғу);

- ата-әженің тәрбиесінде болу (кейде ата-әжелер балаға өз әке-шешесін жамандап отырады);

- ұзақ уақыт әке-шешенің бақылауынан тыс қалу;

- отбасындағы жалғыз балаға гипертрофировті махаббат сыйлау (ерекше әлпештеу);

- бала үшін бәрін өздері орындау (бала бірнәрсеге ұрынып қалмасын деп);

- баласын басқа балалармен салыстырып отыру (сенің қолыңнан ештеңе келмейді деп, баланың өз-өзіне сенімін жоғалту);

- балалардың ұзақ уақыт электронды техникалармен айналысуы (ұялы телефон, компьютер, әлеуметтік желілер) және т.б.

Сондықтан бала дұрыс көзқарастағы тұлға болып қалыптасуы үшін, ата-аналар ерінбей осы жоғарыда келтірілген мәселелерді болдырмауға өз күш-жігерлерін аямау керек. Балалар әруақытта да ата-ана назарынан тыс қалмау керек. Ата-аналар осы кезден бастап балалармен және өз-өздерімен жұмыс жасамаса, ертең бәрі кеш болады.

Балабек  САҚТАҒАНОВ,

психология  ғылымының  докторы

 


 

 

МАМАНДАР  КЕҢЕСІНЕ  КӨҢІЛ  БӨЛЕМІН

Қазақ халқы «баланы – бастан» деп бекер айтпаған. Бала да шыбық секілді, қалай исең, солай кетеді. Мен осы тәмсілдерге сенемін. Сол себепті баланы ананың жатырында жат­қаннан бастап тәрбиелеу керек. Дәрігерлер іште жатқан сәби сенің ішкен асың арқылы өседі десе, психолог мамандары ананың айтқан­ әр сөзі, жасаған әр ісі балаға үлкен әсер етеді дейді. Сондықтан мен мамандар кеңесіне, өз түйсігіме сүйеніп қызыма іште жатқан кезден аса көңіл бөлдім. Денсаулыққа аса назар аударудан бөлек пайдалы кітаптар оқып, ән тыңдап, жақсы­ орындарға барып, сабырлы болуға тырыстым. Аллаға шүкір, қазір қызым аман-есен. Бақылап қарасам, мүлдем мазасыз емес. Мәселен, кейде ұйықтамаса, сол кезінде өзім тыңдаған әуенді қойсам,  бір сәтте ұйқыға кете­ді. Әрине, біз жас әке-ана болғаннан кейін әлі де баламызға берері­міз көп екенін білемін. Дегенмен, баланың­ бетін ештеңеден қақпау керек деген түсінікті ұстанамыз. Әрине есейгенде қиын болат­ын шығар деген ой да мазалайтыны анық. Дегенмен, балаға жақсыны көрсетіп алға жетелесең­,  одан  ол  жаман  болмасы  анық.

Ақмарал  СЕРІКҚЫЗЫ,

жас ана

 


АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.02.2018 10:33

Алланың адам баласына берген­ сыйы – жарық дүние. Сол дүние есігін ашқаннан бастап өмірден озғанға дейінгі уақыт ол әр адамның өз еншісінде. Ата-ана үшін өмірдегі ең маңызды сәт – сәби сүйіп, тұлға етіп тәр­биелеп, жетілдіріп, ел қатарына қосу. Бұл – әрбір ата-ана үшін алдыға қойған бірінші мақсат. Мұндай  бақыт  біреуге  бұйырса, біреу  осыған  жете  алмай  жүр.

Бір отбасында әкесі, анасы және жалғыз ұлы болды. Ержігіт есімді ұлын ата-анасы ұрпақ жалғ­астыру мақсатында ерте үйлендірген. Бастапқыда өнегелі отбасының өмірі әдеттегідей жалға­са берді. Араға жыл салып өмірге немере келіп, оның тәр­биесіне қатысты дау-дамайлар туындады. Еш себепсіз жарының ата-анасына деген құрметінен жұрдай қылған. Болмашы жағдайлардың салдарынан ұрысты­ң оты күннен-күнге үдей түскендей. Уақыт өте келе ба­ланың әкесі дүниеден озды. Әрине, күндегі ұрыстың кесірінен. Келіншегі күйеуін өзінің айтқанынан шығармай, анасына қарсы қоюдың шебері болып алған­. Анасына бөлек бөлмеде тамақ беріп, жападан-жалғыз, дүниеде жоқ есепті қылады. Ал әжесіне деген немересінің махаб­баты шексіз еді. Бұл жағдайдың барлығы өсіп келе жат­қан немересінің санасына сіңіп жатқанын байқаған жоқ. Әже­сінен жастайынан айырылып, өзегі өртенген ол да ержетті. Жақсы қызметке орналасты. Әкесі  ауыр  науқасқа шалдыққан  соң ұрпағының қызықшылығын көрсін деген оймен тез арада шаңырақ құрды. Бірақ немер­е сүйгізу бақыты оларға бұйыра қоймады. Сөйтіп жүр­генде әкесі  дүниеден  озды. Қолдағы келін де бала сүйе алмаған соң күйзеліске шалдығып, ұрыс-керіспен өмір сүруден шаршаған ол үйінен кетуге мәжбүр болды. Баласы да әйелінің соңынан кетіп, шешесі құдды енесінің күйін кешті. Міне, «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген тәмсілдің мысалы. Бұл – тек бір ғана отбасының тағдыры. Біз білмейтін тағдырлар қаншама?! Ата-ананың бауыр еті баласына деген мейірімі, кешірімі шексіз. Әрине оған мойынсұнуға тура келеді. Ал сіз ше?

Жылағанда жұбатып, ашыққанда қамыңды ойлап, түн ұйқысын төрт бөліп, шыр еткен сәбиі­нің үнін түн жарымда естіген ананың  бейнесін  елестетудің  өзі  қиын. Дала кезіп, кез келген жұмысқа мойымай, сен үшін түзде нәпақа тауып жүрген әкеңіздің жайын бір ойлап көр­діңіз бе?! Тәй-тәй басып жүр­геніңізге  балаша  қуанып, мектеп табалдырығын аттап, әр пәннен жақсы баға алып, сол мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнына түскен жеңісіңді көргендегі олардың қуанған бейне­сін  көру – біз үшін де, олар  үшін  де  үлкен мерей.

Кезінде бір жас жігіт өз анасын­  арқалап Меккеге жол тар­тады. Күн жүреді, түн жүреді, айлар­ өтіп, жылдар жылжиды. Сөйтіп Меккеге жетеді. Мек­кеге кіріп Пайғамбарымыз (с.а.с.) -дан  сұрайды:

- Мен анамды арқалап Мекке­ге дейін күн жүрдім, түн жүрдім. Айтыңызшы, мына өмірде  мен ата-анамның парызынан  құтылдым  ба?

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):

- Жоқ, анаңның сені дүниеге әкелердегі толғағынан ғана құтылдың, - деген  екен.

Міне, ата-анаға деген құр­мет­тің қаншалықты құнды екендігі. «Ата-ананың қадірін балалы бол­ғанда білерсің» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл сөзіммен жүрегіңізге жылулық, көңіліңізге мейірім сыйлай алсам – бұл менің жетістігім деп білемін.

Ердәулет  КӘКІМЖАНОВ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

 


«ШЫҚБЕРМЕСТІҢ» ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚҚАНДАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
15.02.2018 10:24

Әңгіменің төркінін тақырыптан-ақ бажайлаған боларсыз. Иә, мәселе жұдырығын жұмса ашпайтын, ашса шаш­пайтын  нағыз Шықберместердің ізін жалғап, өкшесін басып­  келе жатқан жігіттер жайын­да болмақ. Жомарттық, мәрттік, кеңдік, ол – кісінің алдын­а қысылмай кең құлаш даста­рқанын жайып, қолында барын төге салатын, тіпті қажет болған жағдайда жарты бай­лығын теңдей бөле салатын адам. Сіз бен бізде, бәрі­мізде де  ықылымнан  бері осындай жұмыр түсінік қалыптасып қалған. Қазақы   қоғамда «бай» мен «кедей» деген ұғымдар қалай қатар жүрсе, «жомарт» пен «сараң» антонимдік ұғымдары   бірге келеді.

Өмірдегі  үзеңгілес достарымның көпші­лігі «бүгінгі серілердің сараңд­ығы  басым»  де­генд­і жиi айтып жүр. Сон­дағ­ы себепт­ері – жігіт­тердің артық-ауыс  шығынға   жоқты­ғы. Қалталары­нан бақыр тиын шығарып­, қыз атаулыға құрмет жасауды әжептеуір шығын­  көреді  олар. Бүкіл  бө­рік­тілерге  бас  салып  сараңдықтың сауытын кигізіп жат­қанымыз  жоқ. Алайда арамызда тиында­рына тықыр  жігіттер  баршы­лық.

Үлкендер  жағы  «бұрын жігіт­терде  сараңдық қасиеті атымен болмаған» дейді. Кеңестік пен посткеңестік  жылдардың ар жақ-бер жағында да жігіттер азын-аулақ қаражаттарымен-ақ арулардың көңілінен шығыпты-мыс. Сол кезеңдердегі ата-ана, аға-әпкелердің айтуынша, осылай. Сондағысы қыздың көңілін аулауға  бірді-екілі  балмұздақ пен киноның шығыны ғана. Ал қазіргі серілердің басым көпші­лігі қызға алдымен толық сенім арта алмай, шығын шығармауды өздерінше үлкен мақсат етеді екен. Бұны сонда бүйірден қысқан нарық заманының кесірлі келбетінен дейміз бе, әлде үйдегі үнемшілдіктің үрдісінен қалған қасиет дейміз бе, білмейміз! Бүгінгінің Төлегендері мен Жібектері бұл туралы нендей пікірде  екен, көрейік.

«Сараңдық» пен «үнемшіл­дік» екеуі екі ұғым, оларды шатасты­руға болмайды» дейді кейіпкерлер. Мүмкін. Ол дұрыс та, бұрыс та шығар, бәлкім. Бірақ, бүгінгінің батырлары шектен тыс үнемшіл болған­­дықтан, «сараңбыз» деп ойламайтын шығар өздерін. Кім біледі? «Қыздар қауымы дүние мен байлықты басты орынға қояды» деген де пікірлер бар. Реті  келсе, сырғалыларға сәл ғана назар мен көңілдің көп бөлінуі жеткі­лік­ті екендігін жігіттер  жадында  ұстағаны  жөн. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Бұл қолы ашық жігітке  Құдай  тағы  береді  деген  тәмсіл.  Ұғынғанға  ұлағатты  сөз. Бізге жеткен аңыз, миф, әде­биеттерде­ де сараңдардың айы оңынан туып, тасы өрге дома­ламаған. Керісін­ше, атымтай жомарттың аты әлі күнге қарашаның  ау­зында  жүр.


 

Әділ Санжаров, мұнайшы:

– Сараңдық серілердің «салты» емес. Дегенмен замандастарымның арасында ақшасын санап қалғандар өте көп. Мұны көбінесе отырыстарда, бірге бас қосқанда төлем жасау кезінде байқап қаламыз. Ал қыздар қауымына келсек, менің ойымша, қыздың көңілін аулауға қалтаның қалың болуы маңызды емес. Қымбат болмаса да, көңіл аударуға тұрарлық сыйлықтар жасап, шығын шыға қоймайтын ойын-сауықтық орындарға апаруға болады. Өзімді қыздарға аса сараңдық танытатын жігітпін деп есептемеймін. Ақша келеді, кетеді. Оған үлкен шығын деп те қарауға болмайды.


 

Жанар Жарасқызы, психолог:

– Жігіттерге бойдақ уақытта ақшасын тым көп үнемдеп, көз жасын көлдете беруі дұрыс қасиет емес. Ақшаны үнемдейтін де, қажет кезінде жұмсайтын да уақыты болады. Ал қыздар қауымының көңілін табуда мүлдем сараңдық таныту оның қыз алдындағы өзге де жақсы қасиеттерінің барлығын жоққа шығарады. Нәзік жандылар жігіттің жомарттығына ерекше мән береді. Қаржылық жағдайың мейлі жақсы, мейлі төмен болсын, қыздардың қасында сараңдық емес жомарттық танытуға тырысу керек. Кейін отбасылы, үйлі-баранды болған соң керісінше әйел ерлерге қаражат үнемдеудің түрлі әдіс-тәсілдерін меңгертіп алады. Сондықтан жігіттер қауымының тиын санап, қыз алдында абыржығаны тым «жиіркенішті» де көрініп, бірден теріс айналуы да ғажап емес. Сараңдық отбасылы болғаннан кейін де жанұяның шырқын бұзуы әбден мүмкін.


 

Ермек  Сатыбалдиев, қала тұрғыны:

- Қыздарға көп шашылғым келмейді. Оған сан түрлі себеп бар. Біріншіден, мен оның менімен болашағы бірге екендігіне толықтай көзім жетпеген болса. Екіншіден, көпшілігі қымбат сыйлықтар мен бағасы удай қымбат мейрамханаларға қыдырғысы келеді. Мұндай орындарға менің табысым жете бермейді. Үшіншіден, жеке басым ақшаны үнемдеп, одан басқа өзіме пайдалы дүниелерге жұмсағанды жөн көремін. Ал үнемшілдікті сараңдық деп есептемеймін.

 


 

Тақырыпқа  тұздық

Америкалық  қаржыгер  Генриетта Хоуленд Грин – артынан 100 млн АҚШ долларын қалдырған байлардың бірі. Бір күні баласы аяғын сындырып алып, бай үш күн бойы тегін аурухана іздейді. Осы уақыт аралығында баласының аяғы асқынып кетіп, оны тізеден кесіп тастауға мәжбүр болыпты. Үнемдеймін деп үлкен мәселені кезіктірді. Бұл жай ғана мысал. Пайдаға жаратам десеңіз, оны көріңіз.

Керім  СӘУІР

(Пiкiр бiлдiрушiлердiң  өтініштері бойынша аты-жөндері өзгерті­ліп  берілді).

 


«КӨЗСІЗ БАТЫРЛАР» ҚАЙ КӨЗДІ КӨГЕРТІП ЖҮР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.02.2018 10:21

Қазақ жігіттері ежелден ірі, ержүрек болған. Оны сол уақыттағы саф ауа, табиғи тағам секілді жайттармен байланыстыруға болатын шығар. Белгісіз. Арысы батырлар жырының кейіпкерлерін көз алдымызға елестеттік. «Еліме пайдам тисін, жауыма найзам тисін» деген ұстаныммен ұлтарақтай жері үшін өзгемен егесіп, ат үстінде күнелтті. Қара бастың емес, бар Алаштың қамы үшін қасық қаны қалғаша соғысып, жаудың туырлы­ғын кескілеп тоқым, керегесін бөлшектеп отын етті.

Берісі 90-жылдары қазақтың «авто­ритеттері» елдік мақсатта, ұлттық мүдде жолынд­а тер төкті. Қазақ қызының өзгенің қойны түгілі, құшағында кетпеуін, лас жұмыстар істемеуін, т.с.с жайттарды қатаң бақылады. Қылмыс әлемінің серкелері саналғандармен Қазақстан басшылығы да санасатын болған десед­і. әрине, «заман басқа, заң басқа» дегенмен, салыстырмалы түрде баяндау тым қисынсыз­ емес. «Қайран біздің қазақтың ұрпағы да, барады­ майшабақтай майдаланып» деп келетін өлең жолдарына бүгінде келіспеске шарамыз жоқ.

Иә, бойдың аласарғаны былай тұрсын, ойдың жұтаңдығы, ұлттық болмысқа бейжай қарауы қазақ жігіттерін құрдымға жіберетін түрі бар. Қызға тән қылығы бар ұлдарды, сондай-ақ, ынжық келеті­ндерін жігітше тәрбиелеуге тырысатындар арамыз­да жоқ емес. Десе де, олардың қарасы азаюда­ деп дөп басып айту мүмкін емес. әңгімені әріден баста­ған соң, тақырыпқа маңайлау да қиынға соғып­ отыр. Сіз «бүгінгі «жуан жұды­рықтылардың» нысанасы қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрдіңіз бе? Біз өз шамамызша ізденіп, ой қорытып көрген едік. Қыркүйек айы  бастал­ғанда ауылдан қалаға ағылып білім қууға барған «балмұздақтардың» көбі жаза басып, белгілі бір ортаны­ң мүшесіне айналады. Ол – «общаг», ол – «район». Енді бұл сөздерге анықтама бере кетейік. «Район» - 50-200 аралығындағы адамдардың ұйымдасы­п, өзіне тән ереже құрып алған құжатсыз ұйымы. Жалған намысты  желеу  ететіндердің мақсатын адам түсініп болмайды. әлсізге әлімжеттік жасап­, күштінің құлы болғандар бүгінде балалықпен  біраз  жайды  бастан өткеріп тастады. Айтпақшы, «районға» кіру тегін болса да, шығу ақша деседі көзкөргендер. «Тобырдың» құрамында жүргенде ақша жинайтының екібастан белгілі жайт. Ол ақша сол «район» үшін тер төгіп, талай адамды сабасына түсірген түрмедегі «братан­дарына» жол тартады екен. «Греп» деп аталатын ақша жиынтығының көлемін әр «район» өзінше белгілейді. Оның шай-темекіге жұмсалатыны да белгілі. 150-300  теңге аралығы дегеннің өзінде 100-150  баладан  қанша  ақша  түсетінін  есептеп көріңіз. Бірақ, бұл нақты сома емес. Өйткені, апта сайын «сходняк», «разборка» деген секілді жиындар болып тұрады. әр жылғылардан «смотрящий» сайланады. Оның қызметі – қоластындағылардың «нормально» жүріп-тұруын, тиын-тебенді уақытылы жинауын, «Күлтөбедегі» жиынға қалмай қатысуын қадағалау. Төрт көзі түгел келмесе, сөз бен таяқтың астында қалады. Сосын қаһарлы «смотрящий» қалғандарын қырады. Қысқасы, солай бір-бірін жұдырықтап, біртүрлі күй кешіп жүр. әлгінде мұндай топтармен ертеректе басшылықтың қатты санасқанын айта кеттік. Неге? Дардай мемлекет мұздай қаруланған 50 адамнан неге қорқуы, сөзін сөйлеуі керек?

Шынтуайтында, себеп бар. Кей мәселелерге жұмсауға, яғни солардың қолымен от көсеуге керек­. Ұлтараздықты тудыратын жайттарды мемлеке­т қылмыстық топ арқылы жүзеге асырып отыр­ған. Ал, бүгінгілер бір-бірінің етіп жеп, жұдырық ала жөнелуге бар. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» ел едік. Осы күні қорғансыздарды тепкілеп, азын-аулақ тиын-тебенін тартып алатын тентектер ұлттың қалыптасу жолында еңбек етсе жөн болар еді. Саусақтардың өзі жұмылғанда ғана күш-қуатқа ие болса керек. Бүгінгі «көзсіз батырл­ар» қай көзді көгертіп жүр? Сұраққа біз­дің  жауап – осы.

А.САҚЕТЕР

 


СҰРАПЫЛ жаңа шығармадан үзінді PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
15.02.2018 10:15

Айжарық   СӘДІБЕКҰЛЫ

Содан, айтып-айтпай не керек, эшелон қара үзіп кетті күнбатысты төске алып. Ұлардай шулап, жылап-сықтаған, бір-бірімен көрісіп, фашист итті қарғап сілеген жұрт тарады. Вокзал алаңы құлазып қалды. Ақшабақ пен Торта екеуі Аралдың бір қисық көшесімен ілбіп басып келеді. Бірін-бірі қанша жұбатқанымен екеуі көз жасына ие бола алатын емес. Ауылдан шыққалы жылай-жылай діңкелеп шаршаған. Екеуі  қонып  шығатын  үйге жеткенше  өксумен  келді.

Ертеңіне екеуі төсектерінен басы ісіп, бет-жүзі домбығып тұрды. Ақшабақ елден келген қара-құраларының жай-жағдайын біліп, ауылға қайтуға қарекеттенді. Торта болса, осы жазда жетіншіні бітірген қайнысын Аралдағы ФЗУ-дың оқуына орналастырудың қамымен қалада кідіретін болды. Ақшабақты алға салған топ портта байлаулы тұрған кемеге апаратын көшемен ұбап-шұбап келе жатқан. Қаланың теміржол маңына жете бергенде ауызсудың кезегінде тұрғандардың үстінен түсті. Көйлектерінің етектері шұбатылған қатындар шелектері даңғырлап, өздері шағаладай шаңқылдап, бірін-бірі кимелеп әбігер. Қыз-қырқын шеттеп қалған. Шелектерін суға мүймілдете толтырып алған келіншектер енді асығатын емес; кімдердің басын ауыртып тұрғандарын өздері біледі – әйтеуір әңгіме-сөзге ұйыған. Аралда су қат, алыстан алдырады деп еститін. Рас екен-ау, - деді Ақшабақ олардың тұсынан өтіп бара жатып­.

Қаланың орталығына жете бере наубайхана жақтан жаңа піскен нанның тәбе­тіңді ашатын кереметтей иісі бұрқырап қоя берді.

– Жарықтықтың иісін-ай... - деп тұ­рып қалды бұлар. Ауылда наубайхана жоқ. Қы­зарып піскен қа­зан­жаппайға, таба нанға, бауырсаққа жетпесе де, елдегілерге нау­байхананың көмеш наны таңсық. Қазақ әйелінің қайда жүрсе де, отбасының қамын ойлап жүретін ежелгі дағдысымен Ақшабақ  та  тұра қалып:

– Алдымыздағы балық комбинатының дүкенінен базарлыққа көмеш нан ала қайтайықшы, - деді.

– Бізге бере қой­са. Тек қала тұрғындарына, онда да жан басына қарай тұтамдап береді дейтін.

Комбинатқа жақындағанда, таласып-тармасып ке­зекте  тұрғандар  тағы да алдарынан  шықты. «Құдай-ай, жұрт­ты  кезекке  тұрғызып, бір-бірімен қы­ры­лыстырып  қойған заман­-ай. Кісіге не нәрсе керек болса, соның бәрі тапшы. Жоқшылықтан қа­шан  құтылар  екен­біз, - деп ойланып келеді­ Ақшабақ. – Соғыс басталмай жатып­ нанға жары­масақ, соңыра таман қалай болар екен елдің  жағдайы...».

Ойлағанындай болды. Дүкенші: «Артық нан жоқ. Көмеш нан керек болса, пекарныйға барыңыздар. Қалған-құтқандары болса дегенім ғой» деп жылы пейі­лімен жөн сілтеді. Дегенде көмеш  нан  іздеп  кері бұрылып­ жүре ме, жолға шыққалы тұр­ғанда. Ақшабақ кемеге көңілсіз  келіп мінді...

***

...Содан бері арада төрт жыл мезгіл өтті. Айтөресіз өткен төрт жыл. Бұл төрт жылдың зобалаңы адам айтқысыз болды. Жастық жалыны бет шарпыған  келіншектердің  бұл төрт жылда көрген бейнеттері қырық  жылға  татыды-ау, сірә. Итшілеген бір қу тірлік. Колхоздың жылда қайталайтын сан-сапалақ науқандық жұ­мыстары бас көтертпеді. Бұрын азаматтарымыз барда колхозшы деген атымыз бол­ғанымен тауда ойнап жүрген екенбіз ғой, - деп күрсінді штурвалмен алысып тұрған Ақшабақ. – Ауырдың астында Айтөрелер, жеңілдің үстінде біз жүріппіз ғой, желегіміз желкілдеп. Ол уақытта нені біліп, нені аңғарыппыз. Ондай уайымсыз-қайғысыз  сал дәурен  енді  қайтып  оралатын  күн туар ма... Айтөренің амандық хаты өткен үш жылда үзілмей қатынап тұрды. Осы биылғы жыл басталғалы хат та жоқ, хабар да жоқ. Қайдам не болғанын. Қарғыс атқан осы төрт жылда бір Алладан елдің амандығын тілеп, түтін түтетіп отырған аз ағайыннан жүз алпыс­тай боздақ кетіп еді атта­нып. Содан оралғаны 12 қыршын – кіл мүгедек. Қырық бірдің жазында анталаған күпілдіктердің  жауды жылға жеткізбей жер жастандырамыз дегендері қайда-а... Айтөре-е-ау, қай жерлерде, қандай жағдайда жүр екенсің... Күндіз-түні сені ойлаумен сарғайдым ғой, сағынып. Хатың неге, нелік­тен тоқтап қалды? Бір хабар­ың қашан болады-ы-ы... – Штурвалды бауырына ала құшақтап қатты қыса түскен Ақшабақ солқылдап жылап жіберді.

Ұйқы – арсыз деген. Рулевойдың бұрышына қисайып демалып отырған қитар Қо­даман қалғып кеткен еді. Енді қорылға басып жатыр.

***

Ал сыртта дүлей дауыл күшіне мінген, әл-әзір беті қайтатын емес. Жайшылықта сабырлы қалпынан айнымайтын Ақшабақтың қаңғалақ­таған ойы анау алас ұрған ала қиғаш толқындардай аласапыран. «Құдайым-ау, бұл неткен дүлей...». Ақшабақ ойраны шығып, бұрқ-сарқ қайнап жатқа­н алапаттың түгін бетіне шанышып алған көкжасыл түрінен тіксініп шошына қобалжумен болды. Теңіздің түрі  тым  қорқынышты,  кемені бұйым құрлы көрмей жұта салат­ындай. Ақшабақтың тұла бойы толы үрей. Кеме әйтеуір Құдай сақтап қарқынды тол­қындарға  қарсы қарғып, ор­ғып итмалтумен келеді. Айнала қаптаған  жынойнақ. Ақ көбі­гін сапырған тегеурінді тол­қындар кемені маңдайынан өршелене соққылаған сайын зәресі ұшып алақтаған Ақшабақ: «Алла-а, Алла-а...» дей берді. Көк теңіздің күркірі иманнан бездірердей. Батыстан албастыдай ышқына соққан қара дауыл құтыра түсті. Жал-жал толқындар аспанға шапшиды. Ел қайда, жер қай­да, күллі кеңістік көзден бұл­бұл ұшқан; зеңгір көкте жөңкі­ле қаптаған сұрқай сұр бұлттар құдды теңіз үстіне ошарыла шөгіп алатындай; дүние дидарын тұмшалаған сұр қапастан алды-артыңды анықтап бір көру  арманға  айналды.

Енді осындай бет қаратпас сұрапылдан қорықпай көр. Мықты болсаң шыда Ақшабақ! Жер-дүниені құрсаулап қамаған сұр қапастан адаса көрме. Кемені дүлейге қарсы сал, ауытқытып алма; қолыңдағы штурвалдан  айырылып  қалма. Қалайда шыдап бақ! Осы штурвал­ды  Айтөре  саған  сеніп тапсыр­ған. Босаңсыма, не солға­, не оңға айналдырып алмай­ тастабандап ұста! Ақшабақтың құлағына азынаған дауы­лмен қабаттасқан біреу, Алла-ай, осылай да  осылай деп айқайлап тұрғандай...

Ал мына үдере соққан сойқан дауылдың беті қатты. Құдды таудай дерлік толқындар жер астынан жік шыққандай көкке көтеріле ырғып шапшығанда, құттақандай кеме осы қазір төңкеріліп түсердей теңізге тұмсығымен әлсін-әлсін сүңгіп шығумен ырғып, қарғып келеді. Қарақұсынан арқырай асып құлаған толқындар палубаның үстімен сарылдап, сарқырап өтіп жатыр. Көкке шапшыған толқын кері лықсығында, кемені тұңғиыққа тарта жөнеледі. Теңіздің бұл­қан-талқан түрінен Ақшабақтың зәре-құты зәр түбіне кеткендей тұла бойы түршігумен болды. Тулаған толқындар бұл­қынып ұрған сайын кеменің қос қабырғалығы қақ айырылып кетердей дүсірлей түседі. Қарсы беттен жұлқынып қар­ғыған алапат толқын кемені теңіздің көрдей қараңғы те­реңіне ала жөнелгенде, Ақшабақ көзін жұмып: «Алла-а, өзің сақтай гөр» деп ышқынады. Тынысын тоқтатып көзін ашқанд­а, құдая тоба, алыста бұлдырап қалған бейкүнә балалық­ шағының елестері мына айнала сұрқай, суық дүние­нің тұманданған ара­сынан әлме-әл қылаң беріп қа­лады. Елес те елес... елестер...

***

...Елес те елес, елестер. Шашы жалбырап, жалаң аяқ, жалаң бас асыр салып ойнап жүрген кезінің елестері... Сол жылы жазда колхоз балықшыларды ыстық түсе теңіздің осы қалай деген оңаша қолат-қолтықтарына бөліп-бөліп көші­ріп жіберген. Ал Ақшабақтың әкесі қостастарымен Барсакелмес аралына кеткен. Олар дүре тимей тыныш жатқан атаулар мен басаттардан ала жаздай балық аулап, салқын күзге қарай қайтады. Колхоздың төрт түліктен құралған бір ферма­ малы бар. Оларды да жайылым отына қарай Көк­аралдың  әр  тарабына  таратып жерсіндірген. Ал Өндірдің көсілген жазығына басқарма қыста бала-шағаға нәпақа болсын деген оймен бақша салып, жүгері, тары ектірген. Ақшабақтың анасы да осында. Осы жерге ауылдан қоржын-қола­басымен көшіп  келгендер  колхоздың уақытша деп қалқайтып тікейткен бес-алты қамыс қостарында тұрады. Жүгері, тарыны күзетіп, бақшалықты баптайды, әрі бір-жар малына қарайды.

Бір күндері: «Қара нан, қара көжеге  қарап  қатқақсып, тамақсынбайтын болдық. Мына іргемізде әукіп жатқан Құдайдың қара теңізіне бір-екі тартым ау құрып қойсаңдаршы» дегендер болды. Бұл да жөн екен деп нәдір Нұрмағамбет пен Әлденияр ахун жабайы жағалауда  қашаннан  бері күнге қақсып төңкерулі жататын жалғ­ыз қайықты суға түсіріп, Өндір шыңының тұсына бір-екі тартым емес, аудың бес-алты тартымын төгіп қайтқан. Сол ауды еркек кіндіктілер кезек­тесіп қарап тұратын. Содан­ қостағылар былқытып балық асып, бал татыған ыстық сорпасын терлеп-тепшіп ішіп, «биттерін  бір  сығып» алғандай болған. Балықты өз алдына­ қуырып  жегендерінен  ауыс­қан қаяз, ақбалық (орыстар оны жерх дейді, адамның жынын келтіріп), көксерке, жайын, сазан сияқты ірі бастыларын күз, қыс аралығындағы балық аулау науқаны тоқтайтын өлі­ара абыржы уақытында құмардан шыға жәукемдеу үшін қақтап, кептіріп алады. Әбден бабымен кепкен кездегі шылқып майы шыққан қақ балықтың аңқыған сүр иісі тәбетіңді ашып құнықтыра түсетінін қайтерсің. Оны балықшы ауыл абыржы уақыты теңіз айдыны қатып, мұз үстіне шығып кеткенше асып жейді. Қақталған сүр балықтың дәмі де сүрленген соғым етінің дәмінен асып түспесе, бір кем емес екенін балықшының қызы білмегенде, кім біледі...

Көп ұзамай ауды қарап келу кезегі Нұрмағамбет пен Әлдениярға да жеткен. Ақшабақ бала қыз кезінен ескерімді еді. Оқиғаның қалай болғаны осы кезге дейін көз алдынан кеткен емес. Нұрмағамбет баласы Бердімұрат, Әлденияр баласы Жалау­... бәрі жағалауда улап-шулап ойнап жүрген. Ол екеуі­нің әкелері о басында тозығы жеткен жаман қайықты тағы да суға салып ұлы теңізге шығып кеткен. Күн ашық болғанымен желкемдеу еді. Қайықты жай-жай есіп теңізге төніп тұрған Өндір шыңының ығындағы ауға да жеткен. Балалар да ойын қызығынан кілт тыйылып, ол екеуінің әрекетіне қарап қалған. Көз ұшынан алыст­а болса да анық көрінеді. Нұрмағамбет пен Әлденияр екеуі бірдей тұра қалып аудың арқалығын жоғары көтергенде, балық тор көзіне жөргемдесіп қалған екен. Торда тыпырлаған балықтардың жонарқасы көк­тен саулап құйылған күн сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт, жалт-жұлт етеді.

Алақай, ауымыз балыққа майлап қалыпты. Алақай! - деп Бердімұрат қарғып-секіріп қолға тұрмай кетті. Қолын шапа­лақтап жүгіріп жүр. Оған қосылып балалар да шапалақты күшейтіп жіберді. Ал сонау көз ұшындағы Нұрмағамбет пен Әлденияр қатар тұра қалып, балықтарды тор көзінен босатып алып, қайық түреніне тастап жатыр, тастап жатыр. Бұл қимыл неғылса да тым ұзаққа созылып кетті. бала­лар­дың шыдамы ширығып, қа­рындары  да  ашайын деді.

Бір уақытта қайық балыққа толды-ау дегенде, ол екеуі ау арқалығын жібере салып, бірі ескекке, бірі үрелге отырды. Бірақ сол сәтте күншығыстан ұлы теңіздің төріне қарай сумаңдап есіп тұрған желкем жел көтеріліп те кеткен еді. Қайық желге қарсы әрең-әрең жылжып  келеді. Бақшалық басындағылар мен қамыс жаппасындағылар қолдарында бір-бір қап, балық бөліске ентелеп келіп қалған-ды. Сол абыр-жабыр­да олардың көз алдында адам  сенбес  бір  қилы  іс  бол­ды­. Ересектердің  бірі:

– Ойбай-ай! Көріп тұрсыңдар ма, қайықтың оң жағындағы құлағы сынып кетті-ау! Қап, әттеген-ай! - деп жер тарпып­  жіберді. Көрді, көзде­рі  жетті, қайық сыңар ескекпен қалды. Жиектегілердің бәрі шулап кетті, азан-қазан, ойбай да ойбай. Бердімұрат пен Жалау жер тепкілеп жылап жүр. Ол екеуін аяп балалардың бәрі егілді. Ақшабақ тіпті қорыққанынан ықылықтап кемсеңдей берген...

(Соңы. Басы өткен сандарда.)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары