Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 15 Ақпан 2018

Қызылордада балалар құқығы барынша қорғалған PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.02.2018 09:44

Балалар мен жастарға арналған 111 ұлттық сенім телефонының басшысы, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің өкілі Ысқақ Қашқынбайұлы облыс бойынша жүргізілген мониторингтік зерттеу жұмыстарына байланысты БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

- Қызылорда, Маңғыстау өңірі – суицидке қарсы жұмысты жақсы жолға қойған өңірлердің қатарында. Кешеден бері облыстағы 10 мекемені араладық. Балалар құқығын қорғау, олардың жан-жақты жағдайын жасау республика бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп бағалауға болады. Бірінші мәселе – баспана. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл түйткілдің Қызылордада түйіні тарқатылған. Яғни, бұл ретте жастар үйі жұмыс істейді. Одан кейінгі мәселе – даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу барысында өте жақсы нәтижеге қол жеткізген, - деді Ы.Қашқынбайұлы.

Осылайша Сыр өңіріндегі балалар құқығын қорғау жөніндегі жемісті, жүйелі жұмыстардың барлығына тәнті болды. Алайда кемшілік те жоқ емес. Мониторингтік зерттеу кезінде аралаған 10 мекеменің 2-еуінде ғимараттары ескірген екен. Материалдық-техникалық базасы жөндеуді талап етеді. Десек те, мекеме басшылары алдағы уақытта олқылықтың орны толтырылатынын жеткізген.

Жалпы, жасөспірім кезеңде көңіл күйі құбылмалы, эмоционалды жүретін балалар үшін қиындықтарға қарсы тұру оңайға түспейді. Отбасылық проблемалардың салдарынан өзін өлімге қиятындар, ажал құшқандар қаншама. Ал 111 ұлттық сенім телефоны түрлі кикілжің бойынша хабарласқан балаларға психологиялық көмек көрсеткен. Сенім телефоны аптасына 7 рет, 24 сағат бойы жұмыс істейді. Ы.Қашқынбайұлының сөзіне сүйсенсек, күні бүгінге дейін орталыққа 222 000-ға жуық қоңыраулар келіп түскен. Білікті мамандардың тыңғылықты тірлігінің нәтижесінде 114 суицид, 46 зорлық-зомбылық жағдайының алдын алған. 111 ұлттық сенім телефоны мекемесінде 30 оператор, 6 психолог, заңгер, талдаушы-мамандар жұмыс істейді. Олар өмірімен қоштасқалы тұрған жасөспірімдерге рухани көмек көрсету үшін кейде секундтың өзі рөл ойнайтынын айтып қалды. Көпірден, биік ғимараттардан секіргелі тұрған балалар сенім телефонына қоңырау шалып, өз-өзіне қол салғалы тұрғанын айтады да, телефонын қоя салады екен. Ал мұндайда мамандар қайта хабарласып, оның тұрған жерін анықтап, жедел жәрдем, құқық қорғау органдарына хабар береді.

Ж.Қойшыбекова

 


Заңнамаға өзгерістер енгізілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 16:44

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 5-бабына сәйкес (Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы заңның керi күшi) әкiмшiлiк құқықбұзушылық үшiн әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын не әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзге түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқықбұзушылыққа қолданылады.

Кодекстің 919-бабының 1-бөлігіне (Осы Кодексті қолдану тәртібі) сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) шығарған және орындалмаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша қаулылар, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заң әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін немесе күшін жоятын не әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзгеше жолмен жақсартатын жағдайда заңның кері күшін белгілейтін осы Кодекстің 5-бабына оларды сәйкес келтіру мақсатында қайта қаралуға жатады. Бұрын шығарылған қаулыларды қайта қарауды өзіне қатысты қаулы шығарылған тұлғаның арызы бойынша қаулы шығарған сот судьясы, органның лауазымды адамы жүргізеді.

Осылайша, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның тиісті өтініші келіп түскен кезде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша бұрын шығарылған және орындалмаған қаулы, оның ішінде айыппұл төлеу қажеттілігі туралы рәсімделген және орындалмаған ұйғарым қайта қарауға жатады.

Бұл ретте, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша қаулыны, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы ұйғарымды қайта қарау жаза қолдану туралы қаулыға, ұйғарымға қоса берілетін ұйғарымды шығару арқылы Кодекстің 740-бабына (өтінішхат) сәйкес жүргізіледі.

Заңның кері күшін қолдану туралы ұйғарымға адамдар ӘҚБтК 44-тарауында (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасау) көзделген тәртіпте шағымдана алатынын атап өту қажет.

Жаза қолдану туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы ұйғарым мәжбүрлеп орындауға жолданған жағдайда ұйғарымның көшірмесі де сот орындаушысына жолдауға жатады.

 


Өлкетану – мәңгілік ел мұрасы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 16:41

Бүгін осы тақырыпта Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты – аймақтағы киелі орындардың тарихымен таныстыру, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен сақтауға үйрету, оларды насихаттау, әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімін ояту, мәдени мұраларға қамқорлық жасау.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Ұлт тарихы - өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтардың бастау бұлағы» деген ұлағатты сөзі өмір-сүріп жатқан өз өлкеңді танып-білу керектігін айтып тұрған бізге бағдаршам іспеттес болуы керек. Қазақ Елінің Ұлы рухын көтеру үшін, оның тарихын білу - бізге парыз.

Көрме «Туған жер - тұнған тарих», «Алаштың Ақмешіті», «Мәдениет – ұлт руханияты», «Қызылорда – жаңа мүмкіндіктер мекені» атты төрт бөлімнен тұрады. Көрмеде ежелгі Сыр өңірінің қасиетті киелі орындары, өлкеден шыққан топ бастаған от ауызды, орақ тілді би-шешендер, қол бастаған батырлар мен дүлдүл ақын-жыраулар, әулие-әнбиелер, тарихи ескерткіштер мен кесенелер жайлы, әсіресе, түркі әлеміндегі ірі тұлға болып табылатын Қорқыт ата жайлы, өңірдің өткен тарихы мен киелі өңірдің көрікті келбеті жайлы кітаптар мен мақалалар  қойылды. Көрмеге жалпы саны 150-ге жуық кітап, мерзімді басылымдардан 20 мақала, 25 фотосуреттер, 45 DVR-W  өлкетану  кітаптары  қойылды.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

 


Көгілдір отын кешке дейін беріледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 14:48

Табиғи газдан уақытша ажырап қалған Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлерге қатысты мәселе бүгін реттеледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте сала басшылары мәлімдеді.

Еске салсақ, кеше облыс орталығындағы АГРС-2 желісінде апатты жағдай тіркелді. Осыған байланысты құзырлы мекемелер дер кезінде жергілікті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау жөнінде хабарлама таратты. Атап айтқанда, газ қондырғыларын ажыратқыш краннан үзіп, бөлмелерді желдетіп, қосымша хабарлағанға дейін газ қондырғаларын қоспауды ескертті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин айтқандай, қала халқын табиғи отынмен қамтамасыз ету мақсатында ірі кәсіпорындарды газдан ажыратуға тура келген.

– «Ақшабұлақ» кенішіндегі «Кристалл менеджмент» серіктестігіне қарасты электр стансасының тұтыну көлемін азайттық. Қызылорда жылу электр орталығын жаппай резервтік мазутқа көшірдік. Кеше кешке дейін АГРС-2 желісіне тиесілі газ реттеуші пункттерді АГРС-1 желісіне ауыстырдық. Бірақ КБИ және Тасбөгет шағын аудандарындағы 5 газ реттеуші пункт қосылмай қалды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түн ішінде жұмыс жүргізе алмадық. Бүгін таң атысымен аталған шағын аудандардағы пункттерді іске қосып, газ бере бастадық, – деді басқарма басшысы.

Апатты жағдай тіркелгеннен кейін кеше Қызылордада көппәтерлі екі үйде газ жарылды. Құтқарушыларға алғашқы хабарлама Тайманов көшесіндегі №1 үй тұрғындарынан түскен. Жарылыс салдарынан төменгі қабаттағы пәтер балконы құлап түскен. Абырой болғанда зардап шеккен адам жоқ.

Брифингте қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістің филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сәтмағанбетов балконды қалпына келтіру үшін үй тұрғындарына көмек көрсетілетінін жеткізді. Сала басшылары жалпы мәселенің бүгін кешке дейін реттелетініне сендірді.

– АГРС-2 желісіндегі апаттың не себепті шыққанын анықтау мақсатында комиссия құрылды. Бүгінде анық-қанығы тексеріліп жатыр. Ал қалпына келтіру жұмысы аяқталуға жақын, – деді Б.Сәтмағанбетов.

Назерке  САНИЯЗОВА

 


Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты кеңес өткізілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 14:09

Қызылорда облысының ішкі істер департаментінің кіші мәжіліс залында консультативтік кеңес отырысы өткізілді. Жаһандық бәсекеге қабілетті индекстің индикаторларын жақсарту бойынша жасалынған жоспарға сәйкес өткізілген жиынға бірқатар департамент басшылары, кеңес мүшелері мен кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері қатысты.

Жиналыс барысында облысымыздағы бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға, әкімшілік кедергілердің бақылау-қадағалау функцияларын төмендетуге, азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, құқықбұзушылықтарға, сонымен қатар кәсіпкерлік және бизнес субъектілеріне қол сұғушылықтарға қатысты сұрақтар қаралды.

Сондай-ақ кеңес отырысында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет майоры Жүніс Әбдіқайыров қылмыстық атқару жүйесінде жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, жұмыс орындарын ашу туралы баяндаса, Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздік саласындағы бақылау және профилактика қызмет басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Руслан Қайрақбаев өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылаудың кейбір мәселелері туралы сөз қозғады. Ал Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жолмырза Еламан аймақтың өнеркәсіп саласының дамуы жайлы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжанов кәсіпкерлерді қолдау мақсатында белгіленген іс-шараларды таныстыру туралы баяндамалар оқып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар полиция имиджін көтеру туралы индикаторының орындалуы іс-шара жоспарына енгізілді. Соған сәйкес коммерциялық фирмалар және кәсіпкерлерге елеулі шығысқа және шығынға әкелетін қылмыстық құқықбұзушылықпен күресу, қылмыстың алдын алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кеңес соңынан қатысушылар толғындарған мәселелер төңірегінде өз көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, бірлесіп жұмыстар атқару қажет деген түйінмен тарқасты.

Қызылорда облысы ішкі істер

департаментінің баспасөз қызметі

 


Президент – шенеуніктерге: «БЮДЖЕТТІҢ АҚШАСЫН «АСАУДА» ТӘБЕТТЕРІҢДІ ТЫЙЫҢДАР!» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
15.02.2018 12:26

Төлен ТІЛЕУБАЙ, журналист,

арнайы «Халық» газеті үшін Астанадан

Өткен жұмадаҮкімет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биліктің үш бұтағын түгел жиып, алқалы жиын өткізді. Жылдағы дәстүрмен «боларынан боладысы қызық» басқосудан жаңалық күткеніміз рас. Дәстүр бойынша, Үкімет пен Ұлттық банк, аймақ әкімдері есеп берді. Шындығында бұл басқосу да мектептегі қиын емтиханға ұқсап кетті. Емтиханнан «бестік» алып қуанғандар да, «екілік» алып жылағандар да бар. Турасын айтсақ, Президент өткен жылдың жұмысына Үкіметке «4» деген баға қойды. Енді алқалы жиында Елбасын да, елді де елеңдеткен маңызды мәселелерге кеңірек тоқталайық.

 

«БАНКРОТ   БОЛҒАНДАР

АҚШАДАН   ДӘМЕЛЕНБЕСІН!»

Жасыратыны жоқ, ақжағалылар жиынға­: «Бүгін кімнің сыбағасын берер екен?» деп көңілі алабұртып келді. Әуелі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің есебі тыңдалды. Премьер сөзін аяқтағаны сол екен, Елбасы: «Баянда­маңды қатырдың. Бірақ шын мәнісінде бәрі солай ма?», - деп сөзбен қағытты. Үкіметтің есебінде бәрі қатып тұрғаны бесенеден белгілі. Президенттен мақтау естіген жалғыз ақжағалы – Данияр Ақышев. Себебі ол мемлекеттің жәрдем ақшасынан дәмеленген ұсақ банктердің ашқарақтығын сынады. Бұдан былай мемлекет дағдарысқа ұшырағ­ан банктерге көмектеспейтінін мәлімдеді. «Қалталы адамдар банк ашады.­ Бірақ оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Банкротқа ұшырай ма, оны құрған адам өзі жауап берсін! Мемлек­еттің ақшасынан дәмеленбесін!»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев төраға­ның  сөзін  бөліп.

Банктердегі былыққа, соның ішінде лицензиясынан айырылған «Delta­Bank»-ке қатысты мәселеге Елбасы ерекше­ назар аударды. «Бұл бассыздық қашан тыйылады? Кеше ғана Әбіләзов басқарған БТА банктің былығын күллі әлемге әшкере еттік. Соған қарамастан, кейбір пысықайлар банк ашып, ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттің ақшасы­н ұрлауда. Ұлттық банк бұған көзін жұмып  қарап отыр» деп ашуланды­ Президен­т. Банк  секторындағы  ахуалды­  шынайы бақылау­ға  алу  үшін  ол Ұлттық банкке құқық беретін заң жобасын­ Мәжіліске  тездетіп енгізуді тапсырды.

Президенттің қаталдығынан қорықты ма, кейбір ұлықтар сөзінен жаңылды. Қызылорданың әкімі Қырымбек Көшербаев баяндамасын орысша зуылдат­са да, бәрібір жақпады. Артынша Астана мен Алматы қаласы әкім­деріне үлгі етіп, мақтады. Цифрландыру­ тақырыбына таңдайы тақылдап, баян­д­ама жасаған вице-премьер Асқар Жұмағалиевті Елбасының өзі тоқтатты. «Егер сен жұртқа осылай түсіндірсең, кәдімгі шопан мен механизатор  түгілі, білімді адамның өзі ештең­е ұқпайды. Сондықтан саусағыңды бүгіп тұрып, өте қарапайым тілмен жеткізуге тиіс­сің! Мысалы, медицинада адамның ден­саулығына қа­тысты нәрсенің бәрі санмен жазылады. Кез келген адам қандай аурумен ауырды, өзін кім, қашан емдеді­ деген  ақпаратты лезде алуы керек. Ең қарапайым мысал осы», - деп түсіндірді мемлекет  басшысы. Нұрсұл­тан Назарбаевтың пікірінше, цифрландыруды мектептен бастап  енгізу­  керек.

 

«МЕМЛЕКЕТТІҢ   ӘР  ТИЫНЫН ҮНЕМДЕЙІК!»

Мемлекет басшысы халықтың қамын ойламай жайбарақат жүрген министр­лерді сынға алды. Ол Үкіметтің 10 жыл бұрынғы елімізде 4-ші мұнай өңдейтін зауыт салудан бас тартып, жана­р-жағармайды сыйғыза алмаймыз деген уәдесін еске салды. «Мен жедел 4-ші мұнай өңдейтін зауытты салайық дегенімде, керегі жоқ деп дәлел келтіргенсіңдер.  Жанар-жағармайды сыйғызатын жер таба алмаймыз дедіңдер. Енді не дейсіңдер!» деп мәлімдеді Президент. Айтпақшы, 2009 жылы Үкіметтегілер интеграцияланған мұнай-химия кешенін салу жоспарын да Елбасына көрсеткенімен, істің  соңы  сиырқұйым­шақтанып кетіпті. 9 жылда жобаның құны 6-дан 9 млрд. АҚШ долларына дейін өскен. Кешенді салып бітіру мерзімі 2016-дан 2024 жылға дейін ұзартыл­ған. Сөйте тұра, Елбасының сұрағына жауап берген вице-премьер Асқар  Мәмин: «Көп ұзамай мердігерлік жұмыстар­ды бастаймыз» деп сендірді. Ал уәдеге тойдырғыш министр Қанат Бозымбаев бұл кешенге салынған әр доллар 10 доллардан пайда әкелетінін «сүйіншіледі».

Үкімет пен әкімдерді әсіреысырапшылдықтан арылуға  шақырған Елбасы Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың жұмысына «2» деген баға қойды. Бюджеттің қаражатын үнемдеуге әлі үйренбеген министрге: «Біз – мемлекеттік қызметшілерміз. Адал қызмет етейік! Ол үшін әр тиынды үнемдеп, орнымен қолданайық. Сонда бұл іспен мен айналыс­уым керек пе? Сендер ай қарап отырсыңдар ма? Ақшаны үнемдей алатын­дарға ғана беру керек» деп ескерт­ті. Президенттің пайымдауынша, кадр саясатында да осындай ұстаным болуы қажет. Мысалы, қандай да бір министрлік, ведомство қызметшілерінің 10 пайызын қысқартса, үнемделген ақша үздік қызметкердің жалақысын көбейтуге жұмсалғаны жөн. «Ал бізде қалай? Қолына қарындаш ұстаған бір адам отырады. Оған қағаз, үстел, көлік, тіпті кейбіріне қабылдау бөлмесі мен хатшысын қоса беру керек» деп мысал­мен түсіндірді. Мемлекет бас­шы­сы электрондық декларация жұмысын ақсатқаны үшін де Бақыт Сұлтановқа қатаң ескерту жасады. «Саған екі рет ескерттім. Байқа, үшіншісі қатты болып жүрмесін!», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы төрт көзі түгел жиылған шен-шекпенділерге «істі» болы­п, абақтыға қамалғандардан сабақ алуға үндеді. Өзін де, елді де ұятқа қалдырған жемқорлардың қылығы жанына қатты бататын жасырмады. Соңғы екі жылда қамалғандардың саны 2200 адамға­ жетіпті. «Шынымды айтсам, Қуандық Бишімбаевты аяймын. «Болашақпен» шетелде оқыттық. Маман даярла­уға  қыруар  ақша жұмсадық. Қазір геология комитетінің төрағасына,­ фармац­ия комитетінің басшысына қатысты қылмыстық істер тергелуде. Тасжолдардың салынуында да былық көп. Осының нәтижесінде «Қазақавтожол» басшылығының бәрі қамалды»,-деді ол. Президент өзі жылдар бойы әлпештеп, өсірген адамдардың түптеп келгенде қылмыскерге айналғанына ренішін  білдірді.

 

ЖАҺАНТОРДЫҢ

ЖЫЛДАМДЫҒЫ   АРТПАЙ  ТҰР...

Президент жаһантор жетпеген жерлерде­ міндетті әлеуметтік-меди­циналық  сақтандыруды  (МЭМС - Т.Т.) енгізуді  кешіктірген аймақ әкімдерін де айыптады. «Медициналық мекеме­лер­де ақпараттық жүйелерді енгізуден ең төмен  көрсеткішке  ие болғандар көшін Шығыс Қазақстан облысы бастап­ тұр. Даниал, орныңнан тұр! Ақтөбе – 37, Астана – 31. Орындарыңнан тұрың­дар!­»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге қаратып. «Астана – 31 пайыз­. «Астана – ақылды қала» деп жариялайсың, бірақ бұл істі толық аяғына жет­кізбей­сің. Неге  бұлай!», - деп сұрады ол Астана  әкімі Әсет Исекешевтен. Елорда­ әкімінің жауабы дайын екен. «Бас қаладағы 37 медициналық мекеме интернетке 100 пайыз қосылған, олардың 90 пайызы компьютермен толық жабдықталған. Ал халықаралық ақпараттық  жүйелерге  қосылуға  келсек, бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  есебінен  жүзеге  асырамыз»,-деп түсіндірді істің мәнісін Әсет Исеке­ше­в.  Айтпақшы, дәрігерлік меке­ме­лерді  жаһанторға  жалғаудан Солтүс­тік Қазақстан облысы 14 па­йыз­бен «жеңім­па­здар»  қатарында тұр.

Елбасына құр сөзбен есеп беруге жүйрік аймақ әкімдері Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованы Елбасының алдын­да «қызартты». Президент салық төлемейтін  «самозанятыйлар»  мәсе­ле­сі  МЭМС-ті енгізуге кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті. «Мен 5 жыл бойы мұны айтып келе­мін­. Нақты тапсыр­малар да бер­дім. Бірақ ешкім айналыс­пайды. Тама­ра, айтшы, бәлкім сен  бұл  жұмыстан қажыған шығарсың?», - деп сұрады министрден. Сөйтсе,  құзырлы  ведомство  қыруар  істі тындырып  қойыпты. Еліміздегі 18 миллион  адамның  әлеуметтік  мәр­тебесін анықтап, соның ішінде 2,7 миллионы  «самозанятыйлар» екенін де есептеген. Қал­ған 1,5 миллион  адаммен  айна­лысу – аймақ  әкімдерінің  ісі.

P.S. Сөйтіп, Үкімет үйіндегі емтиханнан сөгіс алғандар сүмірейіп, мақтау естігендер марқайып шықты. Үкіметтегілердің әдеті ғой, Елбасыдан сөгіс алған бас уәзір Бақытжан Сағынтаев министрлерін жинап, тапсырмаларды бөлісті. Түптеп келгенде, жұмысынан шаршаған ең еңбекқор шенеунік, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ғана қызметінен босатылды. Оның орынтағына атышулы экс-депутат Ерасыл Әбілқасымовтың қызы Мәдина Әбілқасымова  жайғасты.

 


Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары