Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Бейсенбі, 22 Ақпан 2018

Бәсі биік бірлестік PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:42

Өткенді қастерлеу, барды бағалау – ұрпақ үшін ұлағат. Бұл тұрғыда ел ішінде ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер жүзеге асуда. Жуырда сондай тағылымды шараның куәсі болғаным бар. Арықбалық ауылдық округі аудан көлеміндегі тіректі елді мекеннің бірі саналады. Жуырда ағайынның ауызбіршілігі, тату-тәтті сыйластығы берік қалыптасқан елді мекеннің азаматтары мәдени шара ұйымдастырған еді. Шара барысында кешті жүргізуші ініміз көпшілікке сайысқа демеушілік жасаған азаматты «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазалы аудандық өкілдігінің төрағасы Жеткербай Ерекешов деп таныстырғанда, зал ду қошемет жасаған. Енді халықтың ықыласына бөленген азамат кім деген сауалға жауап бере кетсек. Осынау баршаға Жетеу есімімен танымал ұзын бойлы, сом тұлғалы жігіт ағасы жоғарыда аты аталған қоғамдық бірлестікке басшылық жасайды. Бірлестіктің атына заты сай болуы жолында тер төгіп жүрген Жәкең түрлі мәдени шараларға қол ұшын созудан тартынып қалған емес. Соның бірі – Ресей патшасы шенеуніктерінің озбырлығы, жазалаушы әскердің жауыздығына қарсы көтерілген әулие әрі батыр  Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтерілісшілердің шешуші соғысы өткен, тарих парағына «Арықбалық шайқасы» атауымен мәңгілікке енген қанды қасапта ажал құшқан құрбандарды еске алуға арналған сайысқа демеушілік жасағаны-тұғын. Сондай-ақ өткен жылы №94 мектепте интернационалист жауынгер Нұржан Әзиев атындағы пневматикалық мылтық атудан ұйымдастырылған аудандық турнирге де қолдау көрсетті. Дүбірлі додаға аудан көлемінен келген 25 команда қатысып, жеңімпаздарды анықтаған еді. Осы дәстүр биыл да қайталанды. Оған қоса мылтық атудан өткен «Мерген ару-2017» сайысында, өзге де жарыстарда жомарттық танытты.

Аталмыш қоғамдық бірлестік аудан көлеміндегі жастар арасында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда, саламатты өмір салтын ұстанып, патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Негізінен азаматтарды Отанды қорғау бойынша конституциялық міндеттерді орындауға, машықтандыруға, тұрмыс салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында әрекет ететін бірлестіктің аудан арасындағы беделі биік. Бұлай болуына Жеткерген Сүлейменұлы башылық ететін бірлестік ұжымының қашанда елмен етене араласып, барымен бөлісетіндігі де әсер етеді. Тағы да санамалап көрейікші.

Өткен жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында «Отан» РҚБ Қазалы аудандық өкілдігі патриоттық және спорт жұмыстары айлығын өткізген еді. Аудандық білім, қорғаныс бөлімі, жол полициясы бөлімшесі бірлесе атқарған осынау шара көпшіліктің асқан қызығушылығын туындатқанын қатысушылардың қарасы молдығынан аңғарған болатынбыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар» қағидасымен сол шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергенов ақсақалдың отбасында болып, қарт майдангерге сый-сияпат көрсеткен бірлестік басшыларына қарт жауынгер алғысын жаудырғанда, көңіліміз серпілген.

«Жақсының жақсылығын айт». Қашанда қамқорлық жасауды парыз санайтын Жеткерген Ерекешов жуырда тағы да бір азаматтық танытты. Нақты кезеңде «Туған жерге тағзым» акциясы еліміздің барша аймағында өтіп жатқаны көпшілікке аян. Акцияны қызу қолдаған қайырымды жан, «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазалы аудандық өкілдігінің төрағасы Жеткерген Сүлейменұлы зағиптар қоғамының мүшесі, І топтағы көз мүгедегі Серікбол Шайховтың отбасына қаржылай көмек жасағанын айта кетейік. «Имандының жүзі жарқын» деген осы шығар.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Республикалық АНТ мүшелері Қазалыда болды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:37

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіру бойынша құрылған республикалық ақпараттық топ мүшелері Қазалы ауданында жұртшылықпен жүздесті.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен басқосуға ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асавбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов қатысты.

Аудан басшысы негізгі басымдық елді өркендетуге бағытталғанын айтып, Жолдауда айтылған 10 міндеттің маңыздылығына тоқталды. Кездесу барысында ақпараттық топ мүщелері мемлекеттің басты құжаты еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ жыл құжатындағы негізгі бағыттар Қазақстанның әлемдегі экономикалық, әлеуметтік және технологиялық салалардағы терең және қарқынды өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жүздесу барысында АНТ мүшелері стратегиялық құжатта айтылған басым бағыттардың маңыздылығын жеткізіп, қатысушылар сауалдарына жауап берді.

Жұмабек Табынбаев

 


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ СОТСЫЗ ТАТУЛАСУ ОРТАЛЫҒЫ ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰРЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:26

Бұл туралы Сотсыз татуласу тұжырымдамасын қалыптастыру туралы кеңейтілген мәжіліс отырысында хабарланды.

Мәжіліске облыс әкімі Қ.Көшербаев, ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен және облыстық мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып отыр және оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленді», - деді аймақ басшысы.

ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасын жүзеге асыру үшін қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген Қызылорда облысынан бастау жөнінде шешім қабылданған.

«Ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны осында бастауды жөн көрдік. Жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса басқа да өңірлерге таратпақшымыз. Бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор, өйткені қазіргі таңда болмашы дауды көптеген жылдар бойы шешілмей, қып-қызыл шығыға ұшырайтын жағдайлар жиілеп барады. Дегенмен, жақсы тәжірибеміз де аз емес. Соның бірі «Н.Ілиясов» ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуға болады. Қармақшы ауданының «Көмекбаев» аулында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты. Мұндай тәжірибені кеңінен қолдану қажет», - деп атап өтті Сағатбек Сүлеймен.

Сот саласының ардагері Ғалия Шыңғысованың айтуынша, 80-90-жылдары облысымызда жылына 500-600 азаматтық  іс қаралатын болса, қазір бір жылда қаралған азаматтық істердің саны 30 мыңнан асып кеткен.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Жоғарғы сот бастаған жобаның аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңыздылығы зор екенін атап өтіп, әріптестерін соттан тыс дауларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға шақырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Түріктер картон каптамалар шығаратын зауытты салуға серіктес іздеуде PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:13

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында түріктің «Чукурова Холдинг» компаниясының бас директоры Доанлы Иса, жоспарлау және сату жөніндегі директор Токатлы Камиль Мехмед, Куру Бора аймақ кәсіпкерлерімен кездесті.

Компания - түрлі саладағы тауарлардың қамтамасын шығарумен айналысатын Түркиядағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Бүгінде аталмыш түріктік компания балғын жемістер мен көкөністерге, қатты және сұйық майларға, ет, балық, жұмыртқа, сусындар мен химиялық тауарлардың қаптамаларын әзірлеумен айналысады.

1976 жылдан бері түрік нарығындағы белді компаниялардың өнімдеріне қамтама жасап жүрген «Чукурова Холдинг» кәсіпорны енді Қазақстанда гофрокартоннан қаптама жасайтын кәсіпорынды ашу жобасын жүзеге асырмақшы. Ол үшін қолайлы аумақ ретінде оңтүстік өңірлерді алып отыр екен.

«15-20 адам тұрақты жұмыс істейтін зауыт салмақшымыз. Алдымен жергілікті кәсіпорындардың кардон қаптамаларына деген қажеттілігін анықтаймыз. Экономикалық тұрғыда тиімді болатынына сенімдіміз. Өйткені, бау-бақша, жеміс-жидек, сүт өнімдері мұнда көп әзірленеді екен. Ал қаптамалар шығаратын бірде-бір зауыт жоқ. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер шикізатқа қамысты пайдалануға болатындығын айтты. Бұны мамандармен ақылдасып, шешім қабылдайтын боламыз», - дейді «Чукурова Холдинг» компаниясының бас директоры Доанлы Иса.

Кәсіпкерлер палатасы алаңындағы кездесуде қызылордалық кәсіпкерлер жобаға қызығушылығын танытып, қажетті дайын базаны беруге әзір екендіктерін де жеткізді.

Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Төреғали Шанкерей жобаны Қызылорда облысында жүзеге асырудың артықшылықтарына тоқталып өтті.

«Зауытты Қызылордада салуда ұтатын жерлеріңіз көп. Біріншіден, Қызылорда облысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан. Зауыт өнімдерін Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысы ғана емес, ар жағында Қарағанды, Тараз, бер жағында Ақтөбе облысына да кеңінен тасу, тұтынушыларды табу мүмкіндіктері зор», - деді ол.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Травматологиялық бекет тынымсыз еңбек етуде PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:03

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты әртүрлі жарақат алып, Қызылорда қалалық ауруханасының травматологиялық бекетіне келіп түсіп жатқан науқастар саны артып келеді. Аталмыш бекетке 20 ақпан күні кешкі 20:00-ден бастап өздігінен 5, жедел жәрдем арқылы 3, барлығы 8 науқас келсе, оның 6-ауы көшеде, 2-еуі үй жағдайында жарақат алған. Ауруханаға жатқызылғандар жоқ. Ал 21 ақпан және 22 ақпанға қараған түнде ауруханаға әртүрлі жарақат алып өздігінен 48, жедел-жәрдем арқылы 17, яғни барлығы 65 науқас келіп түскен. Оның 40-ы көшеде, 20-сы үй жағдайында, ал 2-еуі спорттық жағдайда және жол-көлік оқиғасынан 3 адам жарақат алған. Бекетке келіп түскен 65 науқастың 4-еуі ауруханаға жатқызылса, 61-і үйлеріне қайтарылған.

 


АРАЛ ДОСТАРЫ теңіз тағдырына араша түседі PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.02.2018 12:31

Теңізбен тағдырлас аралдық күйші-композитор, жыршы-ақын Мұрат Сыдықұлы «Асығып жаңа өмірге толқын бесік, Толқынмен берекелі бақ ілесіп. Сүйінші, Теңіз-анам келе  жатыр, Жып-жылы сағынышты самал есіп» деп толғанды. Қайтқан теңіздің оралуын тек тірі адам ғана тілемейді. Қазір маған жағалауда қаңтарылып қалған кемелер мен крандар дәуірінде дүрлеген порттағы қызу тірлікті сағынатындай көрінеді. Бүгінде ол жәдігерлер тот басып, тозы-тозы шықты...

Рас, адамзаттың қолымен жасаған табиғатқа қастандығы тарих беттерінде «тыртық» болып­ тұр. Оны қалыпқа келтіру тек қазақтың маңдайына жазылмаған. Табиғат-ананың алдында тұтас әлем кінәлі.

Тәуеліздік таңы атып, етек-жеңімізді жинаған сәтте мемлекет басшысы дереу Арал мәселесін қайта көтерді. Қордаланған шаруаларды қозғап, кешеге дейін жүрдім-бардым қараған әлемдік ұйымдар мойын бұра бастады. Елбасы экологиялық апат аймағында тұратын тұрғындарға жәр­демнің керектігін, теңіз ұл­танынан ұшқан тұздың түздегі кісіге де кесірін тигізетіндігін айтты. Жергілікті жұртты былай­ қойғанда, көршілес Қарақалпақстанда асқазан обырымен ауыратын адам саны 25 пайызға өскен. Ал кемтар болып туған нәрес­телердің тағдырына кім жа­уап­ты? Сарапшылардың сө­зінше, 100 мыңнан  астам  адам  басқа аймақтарға көшуге  мәжбүр болған және 5 мил­лион жан денсаулығынан  айыры­лған.

Балықшылардың базары тарқап, ажары кеткені де ел есін­де. Көкейге кептелген сауал­ көп. Қайсыбірін айтасың...

Әупірімдеп жүріп ауқымды жобаларды қолға алдық. Тартылған теңіз толықтай толмаса да, қалғанын сақтап қалуға да қауқар қажет. Аралды құтқаруға бағытталған "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал бөлігін сақтау" жобасы көптің үмітін үкіледі. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен және Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асты. Бүгінде ел арасында «Ғасыр жобасы» аталып кеткен шараның екінші кезеңі басталмақ. Қайбір жылы ел президен­ті «INTERNATIONAL HERALD TRIBUNE» газетіне берген сұхбатында «Эколог­иялық мәселелерді шешу үшін Қазақстанға халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет» деп мәлімдеді. Демек, айдынды Аралдың әлденуіне әлі де әрекет керек.

Апта басында Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы аясында «Арал дос­тары» тақырыбында Халықаралық симпозиум өтті. Оған БҰҰ мен жергілікті атқарушы билік өкілдері, халықаралық қауымдастықтар, қаржы институттары қатысты. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірах­манов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыр­жан Бекешев сөз сөйледі. Ал облыс әкімі  Қырымбек  Көшербаев:

– Аралдың солтүстік бөлігін «САРАТС» жобас­ы арқылы дамытуға мән береміз. Өйткені теңізді толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың арқасында кіші Аралда су көлемі мен балық түрлері артты. Өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы бағытында Жол картасы қабылданды. Бұл жоба шеңберінде жұмысымызды жандан­дыра беретін боламыз,- деді өз сөзінде.

Сонымен қатар Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Урс Шмид Арал мәселесіне алаңдайтындығын және осы бағытта қол ұшын созуға әрқашан дайын екендігі жеткізді. Ал БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Мунхтуя Алтангерел: «Арал тағдыры тек қазақстандықтарды емес, әлем халқын алаңдатады. Тартылған теңіздің табанын қалыпқа келтіру жұмыстарына барлығымыз да атсалысамыз. Құрметті Қырымбек Елеуұлы, осыған байланысты келісімдер сәтті жүзеге асады деп ойлай­мын»,- деді. Симпозиум барысында өңірде қалыптасқан ахуалды шешу үшін жаңа жобалардың іске асатыны белгілі болды.

– Дүниежүзілік банк пен Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған түйткілдердің түйінін тарқатуға өз үлестерін қосуда. Бүгінгі таңда БҰҰ Даму бағдарламасы­ аталған проблеманы шешуге ынталы. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны қолға алдық. Бұған бөлінетін қаржы көлемі 3 млн долларды құрайды. Бұл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Осылайша ондағы тұрғындардың денсаулығы  мен өмір  сүру  жағдайын  жақсартуды  көздеп отырмыз,- деді БҰҰ-ның  резидент-координаторы, БҰҰ Даму бағдар­ламасының  Қазақстандағы  тұрақты  өкілі Норимас­а  Шимомура.

Аралда қалыптасқан экологиялық жағдайғ­а қарамастан, өңірде туристік саланы­  жетілдіру  жөнінде  де  айтылды.

– Арал өңіріндегі жасыл белдеу жобасын одан әрі  дамытып, плантациялар жасау қажет  деп  есептеймін. Сонымен бірге туристік әлеуеті­н арттыру да маңызды. Себебі теңіз түбінен табылған тарихи ескерткіштер мен Қамбаш­ көлі шетелдіктерді қызықтыра алады,- деді «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің директоры Зәуреш Әлімбетова.

Шара соңында Арал өңіріне қатысты фотокөрме ұйымдасты­рылып, құмсуретпен теңіз төскейіндегі тұрғындардың  жағдайы  көрсетілді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


 

Сөзбе-сөз

Болат  Нұрқожаев,

қоғам  белсендісі:

Саясаттың басында жүргендер сөз таластырып жатқанда, біз сияқты ауыл баласының араласуының реті жоқ шығар. Бірақ Сырым Абдрахманов пен Әміржан Қосанов ағасының сөз таласынан кейін «Біреуге жеке басқа сеңдей соқпай, өз жолымен іс бастауға болмай ма екен?» деген ой келеді. Қазір ол қай жерде де бір модаға айналған сияқты ма, қалай?

Ал «Алаш» партиясы аты бүкіл қазаққа ортақ, оны ешкім меншіктеуге болмайды» деген ойдың жаны бар емес пе?.. Бас-басына партия ашып, кейіннен танылғандары «Алаш» каолициясын құрса, сөз бір басқа.

 

Сағат  Жүсіп,

саясаткер:

Саясаткерлеріміздің тарихымызда өз аттарын алтын әріппен қалдырған «Алашты» қастерлегенін құп санаймын. Бірақ кейбіреулер сол ардақты атауды өз партиясының атымен байланыстырсам – оны қадірлегенім, мақтаныш етіп «азық» етсем, қолдаушыларымды көбейтсем деп түсінетін сияқты. «Алаш» пен «Азаттың» атынан партия құрып, оның құр кеудесін сүйретіп, пародия етіп жүргендерге қынжыламын. «Алаштың», «Азаттың» қасиетті рухы жүрегіңде болмаса, ондай атаудан не пайда? «Азаттың» атын жамылған партия қазір қайда?...

Facebook-тағы парақшаларынан алынды.

 


НЕСИЕГЕ ЕТ ЖЕСЕҢ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.02.2018 12:19

Адам – уақыттың тұтынушысы. Ол оны қалай, қанша жұмсаймын десе де өз еркінде. Одан ешкімге­ қарыз болып қалмайды немесе басқа капитал­дан қарызға уақыт сұрай алмайды. Өйткені қарыз көп жағдайда ақшамен өлшеніп, құнды­лығын арттырып, қадірін қашырады һәм құтыңды кетіреді. Ал біздің құтымыз қай елдерге кетіп жүр және қадіріміз қашан артады?

Сіз соңғы он жылда уақытыңызды еселей алдыңы­з ба? Әрине, жоқ! Есесіне мойныңызға шірімес арқан ретінде ілінген қарызыңызды еселеп­ көбейтіп жатырсыз. Қалай дейсіз бе? Мемлеке­ттің сыртқы борышын өтеуде елдің әрбір азамат­ы басын алып қаша алмайды. Жіпсіз байлану­  деген – осы!

Статистикалық мә­ліметтерге сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанның  сыртқы борышы 74,6 млрд АҚШ долларына ұлғайған. Қарыз көлемінің осыншалықты өсуі, негізінен, ел аумағындағы  шетелдік  компания филиалдарының мұнай-газ жобаларын іске  асырумен байланыс­ты фирмааралық берешектің есебінен. ҚР Ұлт­тық банкінің дереккөзінше, еліміздің сыртқы боры­шы 2017 жылғы 1 қа­зандағы жағдай бойынша 168,9 млрд АҚШ долларын құраған. Оның ішін­де фирмааралық берешекке – 62, «Басқа секторлардың» байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышына – 26, Үкімет пен Ұлттық банкке  – 8  және  «Банктер»  секторының  сыртқы міндеттемелеріне 4 па­йызы  тиесілі.

Адамның жағдайы жақсара бастаған сайын оның қажеттілік құны да арта түсетіні секілді мемлекеттің де әлеуметтік-экономикалық ахуалы қалыпқа келуі үшін сырт­қы борышының сомасы артып барады. Одақтас елдерге «ожау», табақтас елдерге «сүйек» беруге міндетті екенімізді ескерсек, қанымыз қасықпен өлшенетін тәрізді. Себебі әр адам мемлекеттің сыртқы қарызы үшін 10 мың долларға жуық қаражаттан қазынаға құюы тиіс. Қарыздың  қағидасы  сондай.

Жақсымыз деп  жалпылдақ отындай жануға әзірміз, тарихымыз терең деп те­ңіздің түбіне жасыруға әзірміз, біздей ешкім жеті­стікке жетпеген, басымыздан бағымыз кетпеген деп өзімізді көкке көтеруден жалыққан емеспіз. Көсем сөзбен кестелеп, табан тіреп, өкшелеп, жер біткенге иедей сезінуде, шыны керек, шеберміз! Дұрыс-ақ! Осындай өрге ұмтылған қазақтың табанына тас  байлап тұрған бір ғана тұзақ – осы сыртқы борыштың жыл санап ұлғайып бара жатқанды­ғы. Әсіресе, экономиканың қаржылық емес секто­рының берешегі 26,2 млрд АҚШ долларына  көбейсе, Үкіметтің қарызы 10,8 млрд АҚШ долларына артқан. Бұған еурооблигацияларды шығару және сырттан несие­лер мен қарыздарды тарту себеп болып отыр. Әлемдік тәжірибеге  сүйенсек, елдің сырт­қы борышының болуы орынды. Алайда оның шегі бар, ол шектен асса, қауіпті. Яғни, сыртқы қарыз алу бойынша тартылатын қаражаттардың көлемі Ұлттық банкінің таза алтын-валюта резерв қорының 50 пайызынан acпауы тиіс. Ал біздің елдег­і Ұлттық банктің және Ұлттық қордың жалпы резервтерін қоса есептегендегі алтын валю­та резервтері өткен жылдың аяғындағы көрсеткіш  бойынша 88,8 млрд АҚШ долларын құраған. Өзіңіз бағамдай беріңіз. Сыртқы қарыздарды  көп ауқымда­ тарту кредитор елдерге экономикалық және саяси­  тәуелділікке  ұрындыруы  мүмкін.

Берешегі  бастан асып жатқан  мемлекет біз ғана емес, бізге де өзге елдер 169,4 миллиард доллар берешек. Оның ішінде алпауыт санап жүрген АҚШ 54,9, Қазақстанға қарыз беруден алдына жан салмайтын экономикадағы «басты құ­дамыз» Нидерланды 20,5, «әмиян» алмасуда айнымас дипломатиялық досымыз саналатын Ұлыбритания 16, теріскейдегі көрші һәм ортақ одақтағы «бас табақтың» иесі Ресей­дің өзі 7,5 мил­лиард  доллар  қарыз­ға батқан. Естеріңізде болса, бір жылға жуық уақыт бұрын Грузия мен Қазақстанның қаржы министрлері Грузияның 21 жылдық қарызын қай­та құрылымдау туралы келісімге қол қойып, ел қазынасына 6,5 млн доллар аударған. Соның негізі­нде аталмыш мемлекет өзінің мемлекеттік қарызын төлеуді жалғ­астыруда. Жалпы сомасы 25,48 млн доллар қарызын Грузия Үкіметі Қа­зақстанға 37,9 млн долларға жеткізіп қайтаруы қажет. Бұл сома көктен немесе жерден жік болып шыққан жоқ. Осыдан он жыл бұрын қазақстандық компаниялар Грузия экономикасының энергетика, порт, туристік инфрақұрылым салаларына 400 млн долларға жуық инвестиция құйған.

«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» десек, бізден «жылап» шыққан ақша өзімізге де дәл солай­ келіп жатқандай. «Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртар» деген осы  шығар?!

О.МӨҢКЕ

 


ӘЛІПБИ «ӘЛЕГІ»: диграф – дәйекше – акут PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.02.2018 12:00

Адамға ағза ауыстырған қандай күрделі болса,­ мемлекет үшін тіл ауыстыру процесі де оңай шаруа­ емес. Өркениетке ілесу көшін бір арнаға тоғыс­тырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жүктеген ел пре­зиденті бұған дейін латын графикасына негіз­делген қазақ тілінің нұсқасы туралы өз пікірін білдіріп келген еді. Ә дегеннен тілдің жазылуы мен айтылуы тұрғысынан­ талқыға түскен нұсқалар көпші­ліктің көңілінен шыққан жоқ.

Алғашқы диграфтық нұсқада «Ә» – «ае», «Ө»-«ое», «Ү» – «ue» әріптерінің қолданылуы қолайсыздық тудыратыны  айтылып, қоғам оны қабылдауға қарсылық танытты. Іле-шала ізін суытпай «маңдай­ы жар­қыраған» тағы бір нұсқа «өмірге келді». Жұрт тағы да «шекесі­нен» мін тауып, апострофты әріптердің жазуға қолайсыз, кей әріптері сөздің түпкі мағынасын түбегейлі «төңкеріп» тастайды деп даурықты.

Бір қызығы, еліміздің кей бұқаралық ақпарат­ құралдары мен әлеуметт­ік желі қолданушы­лары әр ұсынылған латын қарпі­нің негізінде мақала жазып, жеке  парақша  ашып үлгерді. Алайда көп ұзамай ескі тақия­ла­рын­ қайта киюге мәжбүр болды. Асатпай жатып құлдық ұрудан нәтиже­ шықпай­тынын  ұқса керек-ті. Тіпті әріптің бір шекесіне­ «нұқып» көрсететін дәйекше белгісін қолдап, қорғаушылардың  қатарының  артқанына  да  көзіміз  үйреніп қалды.

- Осы тұста басын ашып алатын және бір түйткіл бар. Ол ағылшын тілінің Word форматты компьютер клавиатураларындағы апострофқа (’) қатысты. Себебі апострофты диакритикалық белгі деуге мүлде болмайды, өйткені ол – ағылшын тіліндегі тәуелдік жалға­уының немесе кейбір сөздер­дің қысқарып қалатын әріпте­рінің орнына қолданылатын, сондай-ақ клавиатура бетінде қолжетімді жерде жеке орна­ласқан толыққанды таңба. Сондықтан да бұл таңбаны 1928 жылы қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов өзі ұсынған қазақ/латын әліп­биінің нұсқасында жуан дауыс­ты а, о, ұ дыбыстарының жіңіш­ке сыңарлары ретінде, яғни ә, ө, ү болып дыбысталуын қамтамасыз ететін ең ыңғайлы тетік ретінде қолданған болатын, - деп пікір білдірген Ресей­ және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Латын графикасы мен ағылшын тілінің әлем өркениетіндегі орны» мақаласында.

Осындай қорғап-қолдаудың нәтижесінде «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» ұранымен әйгілі бола бастаған алфавиттің тағдыры бір-ақ күнде өзгеріп шыға келді. Құдды үйінен бір қадам аттамай, алып қашудың құрбаны болған қыздың тағдыры секілді. Қазақ тіліне тән әріптердің (Ә – А’, Ғ – G’, И, Й – І’, Ң – N’, Ө – O’, Ш – S’, Ч – С’, Ү – U’, У – Y’) дәйекшемен берілуі туралы пікір білдірген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тың жаңалықтың боларын біліп айтқ­андығы белгілі болды. «Твиттер» әлеуметтік желісіндегі парақшасына қазақ тілінің латын графикасындағы апострофты нұсқасына қатысты «Ұлттық комиссия қазақ тілінің латын әліпбиі бойынша нақты  шешімге  келген  жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде, я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте», - деп өз пікірін жазған еді ол.

Қызығы сол, кезінде сол диграфты қолдап, дәйекшені төбесіне көтеріп жүрген қауым жаңадан бекітілген түрік әліпбиіне ұқсас акутты нұсқаны да қолдауға әзір екендіктер­ін тағы көрсетті. Пікір тоқтамы мен пайымын қай арнаға бұрсаң да, бұрыла беретін көпшіліктің иіл­гіш­тік қасие­тінің  иісі  «аңқып»  кетті.

Сиясы кеппеген нұсқада төл дыбыстарымыздың қақ төбесіне  таңба  қойылу ар­қылы  жазылады.

Ақордаға сілтеме жасап «Мемлекет басшысы латын негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті» деп шулаған БАҚ-тың ақпаратынан жұрт аңтарылып қалды. Белгілі журналист Арман Сқабылұлы жеке әлеуметтік парақшасында «Әсіре «ребрендингшілер» әліптің артын бақпай, әріппен ойнайтындар енді не дер екен? Қайран қаржы...» деп өз пікі­рін  білдіріпті.

Сонымен жаңа акутты нұсқа қабылданды. Кім ұсынды, қандай дәлелдерге сүйенді деген секілді мәліметтің мұрты ке­сілген. Дегенмен, соңғы түйе­нің  жүгі  ауыр...

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары