Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
Ақпан 2018

УАҚЫТЫМЫЗ ҚАШАН ҚАЙТАРЫЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.03.2018 11:54

«Президент айтқандай, оңтүстіккореялықтар азанғы­ сағат 7-8-де жұмыста отырады. Ал біз 9-да бастайм­ыз. Егер Гринвич уақытымен, өз белдеулік уақытымызбен  өмір  сүрсек,  біз  де  жазда  жұмысты 7-де, қыста 8-де бастайтын едік» дейді осы тақы­рыпты тереңінен зерттеп жүрген қала тұрғыны, қоғам белсенді­сі Болат Нұрхожаев. Әңгіме ауаны уақыт белдеуін­е бұрылғанын аңдағанда мәселенің тікелей денсаулыққа тірелетінін сезінген дұрыс. Түйткілді түсінген  белсенділер  шешімін  табуға  тырысып жатыр­.  Әуелі  сағатымыздың  қаншаға,  қалай  озғанын  анықтап­  алайық.

Жер шары 24 сағат белдеуіне бөлініп, оның нольдік меридианы Гринвич обсерваториясынан шы­ғысқ­а  қарай +1 сағат, батысқа  қарай -1 сағат  уақытпен өлшеніп, бүкіл әлем мемлекеттері сонымен өмір сүріп жатыр. Ал біздің Қазақстанның 5 облысы өз белдеулік уақытынан  2 сағат ауытқумен, 8 облысы 1 сағат ауытқумен  өмір  сүруде. Бір қызығы, біздегідей 2 сағат ауытқу жер шарыны­ң басқа еш мемлекетінде жоқ екен. Бәрінен де таң  бозарып ата бастаған шақта емес, қап-қараңғы кезде мектебіне асыққан оқушылар мен ұйқылы-ояу балабақшаға ба­ратын балаларға обал. Қарапайым қараша­ның өз таңы атқан мезет­те оянбауы ағзаға қалай әсер етпек?­ Уақыт белдеуіне ұзақ уақыт бойы  тынбай зерттеу жүргізіп келген қала тұрғыны Б.Нұрхожаев бұл туралы:­

- Біз  қазір 1 сағат кейін шегеруді сұрап отырмыз. Бірақ бізге биоло­гиялық өз ырғағымызға түсу үшін 2 сағат шегеру қажет. Біз Гринвич саға­т өлшемінен толық UTC+4 ау­мағында орналасқанбыз. Ал қазір UTC+6 уақытымен, Тибет пен Шыңжаңның белдеулік уақытымен өмір сүріп  отырмыз. Қытайлар  оны 10-ақ минут озса,  біз  2 сағат 38 минут озық  келеміз, - дейді.

Иә, «озып кеткен» 2 сағат 38 минуттың адам ағзасына тигізер әсері жайында медицина саласының ғалымдары не дейді?

- Мына жер шарындағы әрбір елдің тұрған жеріне, меридианына байланысты қандай уақытта қандай жағдайлардың болатыны ғылымда белгілі болды. Соның ішінде негізгі мәселе – ұйқыға  байланысты. Адамда­  24  сағаттың 8  сағаты  ұйқыға  бе­рілуі  керек. Ал ұйқы 8 сағаттан кем болса, адам ертеңіне тез шаршайды, әлсіз болады. Сондай-ақ, қан қысымы көтеріліп, ағзадағы зат алмасу процесі өзгереді. Жалпы алғанда мұның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Саяси тұрғыдан қаралатын нәрсе, әрбір елдің тұрған «часовой поясына» байлан­ысты әр жердің өзінің уақыты белгіленген. Егер қазір біздің туған жеріміз Қызылорда облысын­а осы әңгіменің айтыл­ғанына қазір жарты ғасыр болды. Бүгінгі  күні  ол  дәлелденген жағ­дайда саяси тұрғыда шешу қалды деген ойды жеткізіп жатыр маған. Ол өте дұрыс көтерілген үлкен мәселе. Бұл шешілсе, біздің халықт­ың денсау­лығына  жақсы  әсер  ететін бірден-бір жағдай деп есептелінетін болады. Көп адамның жасының ұзаруы­на, кейбір аурулардың пайда болмауына ықпалын тигізеді. Адамның иммундық жүйесі нашарлайды. Ауруларға қарсы тұру қабілеті өте нашар­лап кететі­н  болады. Сондықтан иммундық жүйені дұрыс түсін­бесе, адамдардың барлығы кез келген  ауруды қабылдауға  дайын тұра­ды­. Онымен күресуге күші азаяды деген сөз, - деді медицина ғылым­дарының докторы, профессор Сәдуа­қ­ас  Мұстафаев.

Күн тәртібіндегі кезек күттір­мейтін мәселеге айналған уақыт белдеу­і жуырда ғана Парламент отырыс­ында талқыға түсті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балай­ым Кесебаева ҚР Премьер-минис­тріне сауал жолдады. Халық қалаулысы өз сауалында уақытты есептеу тәртібі мен сағаттық бел­деудің шекарасын өзгертуге қатысты түйткілдің 2005 жылдан бері көте­ріліп келе жатқанын қадап айтты. Сол жылдары Қызылорда мен Қостанай облыстарының уақыт өлшемін дағдылы уақытынан алға жылжыту туралы шешім шығарғаннан бері қарай осы проблеманың жетегінде келе жатқанымыз шындық. Бұған дейін де Мәжіліс және Сенат депутаттарының Үкімет алдына бірнеше рет қойылған бұл проблемаға Үкімет тарапынан тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілетіндігі туралы жауап алын­ған. Алайда әлі күнге дейін нақты шешім қабылданбапты.

- Фесенков атындағы астрофизика институтының ақпаратына сәйкес, Қызылорда облысының территориясы төртінші сағаттық белдеуге жатады. Және қазіргі декреттік уақытқа орай 2 сағат 38 минутқа алда жүріп келеді. Ғалымдардың зертте­уіне сәйкес, уақыттық бел­деуден 1 сағат артық уақыт алда жүру адам организмінің биологиялық ритмінің өзгеруіне әкеліп соқтырады. Мұндай өзгерістің нәтижесі депрессияға, психологиялық бұзылулардың дамуы­на, суицидтік мінез-құлыққа, сондай-ақ, десинхроноз, жүйке жүйесі ауруларының, онкологиялық басқа да аурулардың  көбеюіне себебін тигізуде. Бұл бірінші кезекте егде жаст­ағы адамдарға және балаларға теріс ықпалын тигізуде. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балала­р табиғи уақыттан ерте ұйқыларынан тұрып, тәуліктің қараңғы уақытында оқу мекемесі­не баруға мәжбүр. Бұл ден­саулықпен  қатар, сабақ үлгеріміне де әсер етуде. Ұқсас мәселе Қостанай облысын­да да бар екен. Бұл өңірде де адамдар денсаулыққа зиянын тигізетін  биоритм­мен  күресіп отыр­ғанына назар аудару керек­. Осы ретте адамның басты байлығ­ы саналатын Қызылорда және Қостанай облыс­тары халқының ден­саулығына қатысты өзекті мәселені шешу созбалаңға салынып отыр, - деді Мәжіліс депутаты  Б.Кесебаева.

Осылайша бұқараның базынасы Елордада халық қалаулылары арасында көтерілгені көңілді бір сер­пілтіп тастағандай болды. Мәселе белгілі. Салдары түсінікті. Шешімі де бар. Тек сөзге жан бітіріп, іспен дәлелдеу ғана қалды. Қалғаны тағы да уақыттың еншісінде дейміз. Ке­зін­де еліміздің барлық облыстары өз орналасқан мекеніне қарай уақытын өзгертті. Сол кезде Қызылорданың уақыты неліктен қалпына келтірілмей «қалып қойғаны» түсініксіз...

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


САНИТАРЛЫҚ ҚАҒИДАҒА СЕЛҚОС ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ немесе халықтың декреттелген тобындағы адамдардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтары бекітілген нормативтік-құқықтық актілермен қорғала ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.03.2018 11:43

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 26 жылдан бері қажырлы еңбегі мен сындарлы саясаты арқасында Қазақстан халқы қиындық кезеңдерден өтіп, биік белестерді бағындырып келеді. Енді, міне, жер жүзіндегі 192 елдің ішіндегі ең өркениетті 30 елдің қатарына қосылу үшін қар­қынд­ы экономикалық бетбұрыс жасап отыр­ғаны­мыз Елбасының биылғы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты жолдауында айқын көрініс тапты­.

Жалпы, президенттің Қазақстан халқына жолдауларында айтқан әрбір сөзінен адами имандылықты  сезіп, шабыт аласың. Елбасы өз жолдауларында «Әйел  заты – әрдайым  біздің  қоғамның  тең  құқылы мүшесі, ал Ана – оның ең ардақты тұлғасы», «Әр қазақстандыққа  қамқорлық  көрсету  бұл қажет­тілік  болып  табылады. Әлеуметтік мәселені кейінге­  қалдыруға  болмайды» деген қарапа­йымдылы­ғынан оның Анаға деген адалдығы мен келеше­к ұрпақтың  демографиялық өсуін армандайтын үлкен тұлға  екендігіне тәнті боласың. Осы ретте мен еліміз өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын­ың жаңа дәуіріне аяқ басқан шақта­, елдің азаматы ретінде өз ойымды білдір­мекпін.

Біздің Конституциямыз – өмір талабына сай келетін бағдаршам, біз осы конституциялық кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін республикамызда Заң аясында қабылдан­ған нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын орындамауға, оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Ата Заңға негізделіп қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің әр бабын оқымасаң, сыйламасаң, оған бойсұнбасаң, түсінбесең, ол жай ғана құжат, қағаз болып қалады. Оны өз тәжірибемде көргендіктен, нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына бойсұну, оны уақытылы орындау әрбір денсаулық сақтау саласы маманының ішкі ой- санасының беріктігін таны­тады. Мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласының зейнеткер дәрігері ретінде елімізде әлеумет­тік нысандар бо­йынша қабылданған нормати­втік-құқықтық актілердің қазіргі уақытта орындалуына  тоқталмақпын.

2009 жылғы 18 қыркүйекте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс­і қабылданды. Сол Кодекстің  баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық эконо­мика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы №126 және №128, сондай-ақ 2015 жылғы 24 маусымдағы №449 бұйрықтарымен санитарлық қағидалар бекітілген. Осы директивалық  құжаттарда өндірістік нысандарда «қауіпті және зиянды фактормен» жұмыс істеуші және халыққа қызмет көрсететін «халықтың декреттелген тобын­дағы адамдардың» әлеуме­ттік жағдайын қорғауға және денсаулығын сақтауға бағытталған талаптар бекітілген. Сол санитарлық қағидалар талаптарының бүгінгі күні облыс аймағында орындалуының барысына талдау жасап, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау минис­трлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық қорғау комитеті және оның облыстық департаменті, қалалық басқармаларының басшылары мен жауап­ты мамандары тарапынан және жұмыс беруші – жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың бекітілген санитарлық қағидалардың талаптарына  назар аудармай, кедергі жасап отырғандығына  тоқталайын.

Кодекс талаптарына сәйкес Ұлттық экономика министрінің бұйрықтарымен бекітілген санитарлық  қағидаларда «Осы қағи­даларды жеке және заңды тұл­ғалардың, сондай-ақ денсаулық сақтау  субъектілерінің  орындауы міндетті» екені нақты жазы­лған. Сондықтан да бекітілген нормативтік-құқықтық актілердің талап­тарына бойсұну, оны орындау – баршамыздың мін­детіміз. Барлығымыз қарапайым еңбекшіден бастап жоғарғы билік­ке  ие бол­ған адамдар заң талаптары бойынша өмір сүріп, жұмыс істейтін болсақ, өз тәуел­сіздігімізді сақтаймыз. Елімізде денсаулық сақтау саласы бойынша бекітілген Заң, Жарлық, Үкімет  қаулылары мен ми­нист­рліктердің бұй­рықтары халыққа кең насихатталуы керек. Сол кезде жұмыс беруш­і жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар және «халықтың декреттелген тобындағы адамдар» өз міндет­терінен хабардар, бе­кіт­ілген қағидалардың талаптарын  орындау­ға міндетті екен­дігін түсінетін болады. Өкі­нішке қарай, бекітілген санитарлық  қағи­далар  талаптары Қо­ғамдық денсаулық сақтау коми­тетінің облыстық департаменті, қалалық бас­қарма басшысы мен жауапты маман­дары тарапынан халық арасында жүйелі насихатталмай отырғандығынан, жұмыс беру­ші жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар өз мін­дет­терінен хабарсыз. Соны­мен қатар, бекі­тілген қағида талап­тарында «халықтың декреттелген тобындағы адамның» ден­саулығын қорғау мен гигиеналық білік­ті­лігін жетілдіру және әлеуметтік жағдайын қолдауға байланысты нақты талаптар жа­зылған. Халықтың декреттелген  тобындағы адамдар деге­німіз – халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін, айна­ласындағы  адамдарға  жұқпалы аурулар және ішек құрт­тарын  жұқтыру  қаупін  төнді­ре­тін  адамдар.

Қызылорда қаласында әлеуметтік нысандарда жұмыс істейтін халықтың декреттелген тобындағы  адамдардың 96%-ы – әйелдер. Нысанда еңбек ететін адамдардың  жұмыс орындарын гигие­налық талаптарға сәйкес жабдықтау, арнайы киімдер және құрал-жабдықтармен  қамтамасыз ету жұмыс берушілерге жүк­телген. Бірақ та нысандарды тексеруші құзырлы органның мамандары тарапынан жұмыс берушілерден  қағидалар талаптарына сәйкес  нақты  сұраныс  болма­ғандықтан, бұл  мәселелердің әзірге оң  шешімі  табылмай  отыр.

Бүгінгінің ащы да болса ақи­қаты сол, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің қалалық басқарма басшысы және жауапты мамандары тарапынан қалалық мекеме  басшыларына бекітілген санитарлық қағидалар талап­тарын нысандарда орындау бо­йынша нақты нұсқаулар беріл­меген. Жұмыс берушілердің қағи­далар талаптары толық орындалды деп берген жалған ақпарат­тарына сеніп отыр. Оның нақты дәлелі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі­нің шығыс хатымен (2016 жылы 7 қарашада №3Т-1349) Қызыл­орда облыстық білім басқармасына «Мектептер мен мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда санитарлық-эпиде­миологиялық талаптарды қатаң бақы­лауға алуды тапсырамын» деп нақты тапсырма берілген. Алайда Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі орынбасарының жазбаша берген тапсырмасына бойсұнбай, Қызыл­орда қалалық білім бөлімнің басшы­сы жеке кәсіпкердің Қа­зақстан Республикасы Білім және ғылым министрі мен Қызылорда облысының білім басқармасына жолдаған өтініш хатындағы қағи­далар талаптары бойынша жа­зыл­ған кемшіліктерді оқымай, өтініш жазған адамның СЭС саласында жарты ғасыр жұмыс істегендігін ескермей, жеке кәсіп­кер­дің санитарлық сала бойынша қа­былданған нормативтік-құ­қық­тық актілердің талаптарынан толық хабардар екенін сезін­бей отырғаны – Қазақстан азаматының құқығын сыйламағандық. Жоғарыдағы билікте отыр­ған басшылардың жазбаша тапсырмасына бойсұнбай отырғандығы қандай әдептілік этикаға жатады?

Қалалық білім бөлімі басшысының қағидалар талаптары бо­йынша орындалмаған нәрсені орындалды деп 2016 жылы 10 қа­зандағы №3Т-С-31 шығыс хатына негізделіп, облыстық білім бас­қармасы басшысының орынба­сары 2016 жылы 10 қазанда №-ЗТ-14 шығыс хатымен жеке кәсіпкердің өтініш хатына және ҚР Білім және ғылым министрінің жазбаша берген тапсырмасына жалған ақпарат беріп отырғандығы облыстық білім басқармасы­ басшысы орынбасарының және қалалық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының біліктілік деңгейі ме? Біз сонда кімнен тәлім-тәрбие аламыз? Мұндай лауазымды тұлғалар қандай заңға бағынып, жұмыс істейді, қандай норма­тивтік-құқықтық актілерге бойсұнады? Жас ұрпақтың денсаулығын қорғауға негізделген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №179 «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық қағидаларын бекіту туралы», 2015 жылғы 17 наурыздағы №217 «Балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талап­тарды бекіту туралы» қағи­далар талаптарынан неліктен хабар­сыз? Қағидалардың талаптарын оқымаған лауазымды тұлға қалайша жас ұрпақтың денсау­лығына назар аударады? Егер де олар қағидалар талаптарынан хабар­дар  болғанда  өздері бас­қа­рып отырған балабақша мен мектеп­терде жұмыс істейтін «халықт­ың декреттелген тобындағы адамдар» бүгінгі күні «Жеке медициналық кітапшаны» тол­тырар кезінде медициналық тексеріп-қарауға және гигиеналық оқудан өтуге төлемақыны өз қалталарынан төлеп, жұмыс орын­дарында киетін арнайы киімдерін өздерінің мардымсыз (35-45 мың) еңбекақысына сатып алып отырғандығын және олардың жұмыс орнының гигиеналық нормаға сәйкес жабдықталмағанын білместен, қағидалар талаптары толық орындалды деп жалған ақ­парат беріп отырғандығы қалай?

Мекеме басшысы – ұжымның ақылгөй ағасы, сынғанды түзей­тін, ауырғанды емдейтін, әлеумет­тік жағдайы кем-кетік жандар­ға имандылық танытатын, сол ұжымның ыстық-суығына көнетін, бір­ге болатын, халықтың сенген адамы­. Қазіргі облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары мен қалалық білім бөлі­мінің белсенді, билік басында отырған «білікті» лауазымды тұлғалары әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініш­терін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 Заңын­ың талаптарынан мүлдем хабарсыздығы түсініксіз. Бұл мәселелерді заң аясында толық тексеріп, бекітілген нормативтік-құқықтық актілер талаптарын  орындау бойынша оң шешімін та­батын кезең келіп жетті емес пе?

Бекітілген  санитарлық  қағидалардың талаптарының  орындалуына  жеке  тоқ­талат­ын  болсақ:

1. «Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу қағи­даларын бекіту туралы» санитарлық қағидалар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы  24  ақпандағы №126 бұй­рығымен  бекітілген.

Қағидада: «Жеке медициналық кітапша» – халықтың декреттелген тобында­ғы адамдарға берілетін, мін­детті медициналық тексеріп-қараулар нәтижелері жазылатын жұмысқа рұқсат турал­ы белгісі бар ДЕРБЕС ҚҰЖАТ» деп  жазылған.

Нысандарда жұмыс істеуші «халықтың декреттелген тобындағы адамдар» «Жеке медициналық кітапшаны» толтыру үшін міндетті түрде денсаулық сақтау субъектісінде (емханаларда) және сараптама орталығы зертханаларында толық тексеріліп, гигиеналық біліктілігін жетіл­діруге  міндетті.

Жұмысқа барушы адам толық медициналық тексеріп-қараудан өткеннен кейін «Жеке медициналық кітапшаға» емхананың жауап­ты маманы қолын қойып, емхананың мөрін басып, мерзімін көрсетіп, жұмыс істеуге рұқсат береді.

Егер де «Жеке медициналық кітапшада» емхананың рұқсаты болмаған жағдайда декреттелген топтағы адамдарға жұмыс істеуге рұқсат берілмейді деп нақты жазылғ­ан.

«Жеке медициналық кітапшада»  медициналық  тексеріп  қарау мерзімі  өткен  жағдайда  «Халықтың декреттелген тобындағы адамдар» жұмыстан уақытша шеттеті­леді,  ол  бойынша айып­пұл  салынбайды.

Қағида  талаптарының  бүгінгі таңда  орындалмай  отырғанының себептері:

1. Қолданыстағы «Жеке медициналық кітапша» Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы    24 ақпандағы №126 бұйрығымен бекітілген­ қағиданың №1 қосымшасында көрсетілген үлгіге сәй­кес жасалмаған; қағиданың №1 үлгіде көрсетілгендей, жеке кітапшаның бетіне «Халықтың декреттелген тобына арналған жеке медициналық кітапша» деп жазылуы керек, бірақ та қазіргі қолданыстағы кітапшада «Жеке медициналық кітапша» деп қате жазылған;

2. «Жеке  медициналық  кітапшадағы»  медициналық тексері­п-қараудың қорытын­дысы жазылатын 5-23-беттер аралығында қазақша сөздері қате жазылған;­

3. Қағидада медициналық тексеріп-қарауды жүргізген дәрігер «Жеке медициналық кітапшаға» өзінің Т.А.Ә атын жазып, қолын қойып, жеке мөрін басуы керек. Қазіргі қолданыстағы «Жеке медици­налық кітапшада» медициналық тексеріп-қарау жүргіз­ген дәрігер деректері жоқ. Сондықтан да міндетті мерзімдік меди­циналық  тексеріп-қарауды, зертханалық  тексеруді кім,  қашан  жүргізгендігі  белгісіз.

4. «Жеке медициналық кітапшаның 26-27-28-29-30-31-беттеріне «2003 жылғы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Заңы баптарының көшірмесі жазылған. Бұл  Заңның  күші  2009  жылғы 18 қыркүйекте қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Ко­декспен сол жылы-ақ жойылған. Соны­мен қатар, 2010 жылы Қа­зақстан Републикасы Президен­тінің Жарлығымен «Салауат» сөзі «Саламат» сөзімен өзгертілсін делі­нген. Қадағалау жүргізуші жауапты маманның бұл Кодекс пен Жарлықты осы күнге дейін оқымағандығы өкінішті. Бүгінгі қоғамға өз ісін жетік білетін, рухан­и таза, саяси қырағы, адам тағдырына жаны ашитын, ұлтжанды басшылар мен лауазымды тұл­ғалар  қажет  емес  пе?

Енді  «Жеке  медициналық кітапшаны» толтыру кезіндегі емхананың жа­уапты­  маманының  қателіктері:

- 9-тармағында: «Жеке медициналық кітапшадағы кітапша иесінің фотосуреті медициналық тексеріп-қарауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъек­тісінің мөрімен бекітіледі»;

- 8-тармағында: «Жеке медициналық кітапшаны денсаулық сақтау субъекті маманы мемлекеттік немесе орыс тілдерінде толтырады»;

- 10-тармағында: «Жеке медициналық  кітапшаның  «Паспорт деректері»  деген  1-бөліміне  жеке  медициналық кітапша иесінің жеке куәлігі немесе паспорты бойын­ша деректері, оның жеке қолы, жеке кітапшаның сериясы мен  номері  енгізіледі»;

- 11-тармағында: «Жеке медициналық кітапша иесі туралы кәсібі, лауазымы, жұмыс орны, туған­  күні, айы, жылы, тұрғылықты мекенжайы туралы мәліметтер енгізіледі» деп көрсетілген.

«13-14-15-тармақтарындағы талаптар бойынша «Жеке меди­циналық кітапшаға» медициналық  тексеріп-қарауды жүргізген дәрігердің қолы, Т.А.Ә. және дәрі­гердің мөрі басылуы керек» делінге­н. Қағиданың талаптары бо­йынша «Жеке медициналық кітапша» иесінің суретіне емхана­ мөрін басып, 2 және 3-беттегі дерек­терді толтыруға субъект басшысы мен жауапты маманы назар аудармай отыр. Қолданыстағы «Жеке медициналық кітапшаға» жұмыс берушінің мөрі басылы­п, қағида талаптары бойын­ша қажетті деректерді кітапша  иесі  толтырады.

Сондықтан бүгінгі беріліп жатқан «Жеке медициналық кітапша» Дербес Құжат ретінде жарамсыз. Бұл қағидалар талаптарына субъект басшыларының бойсұнбаушылығы емес пе?

Сабет  ДӘРІБАЕВ,

ССРО  және  Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау  жүйесінің  үздігі,

Қызылорда   қаласы

(Жалғасы бар.)

 


ДАУКЕС БОЛЫП БАРАМЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.03.2018 11:41

- Уа, кімсің?

- Ыбыраймын.

- Жаймысың?

- Жаймын.

- Қайдан  келесің?

- Соттан  келемін.

Соттан  емес-ау, оттан  келемін...

Өз заманындағы Бейімбет Майлиннің осы өлеңінің өміршеңдігі бүгінгі біздің қоғамда да айна қатесіз қайталанып отыр­ғаны жасырын емес. Кезіндегі үлкендердің төрелігіне тоқтап, ақыл-кеңесін ұйып тыңдай­тын қазақтың бүгінгі буыны, біздер даукес болып барамыз.

Өнбес дауды қуалайтындар көбейіп барады, оның соңы сотқа сүйреумен аяқталып жүр. Облыстық соттың мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы облыста азаматтық істер бойынша сот өндірісіне 32 694 талап арыз бен азаматтық іс түскен, есепті мерзімде 31 526 азаматтық іс аяқталса, медиация тәртібімен 1239 азаматтық іс қаралған. Енді не істеуге болады? Алдағы уақытта еліміздің Жоғарғы соты қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институт­тарын дамыту және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін пилоттық жобаны­ енгізгелі отыр. Сотсыз татуласу орталығ­ын ашуды сынақтан өткізу таңдауы алғаш болып Қызылордаға түсіп тұр. Неге?

Себебі сол, Сыр елі – алты Алаштың анасы, жыр елі, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылық­тарын сақтай білген ел. Әрі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы жаңашыл, креативті басшы болғандықтан және ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны­ осы өңірден бастағанды жөн көріпті. Жоғарғ­ы соттың төрағасы, жерлесіміз Жақып­ Асанов осылайша қызылорда­лықтарға  сенім  артыпты.

Бұл туралы сотсыз татуласу тұжырымдамасын  қалыптастыру туралы кеңейтілген­ мәжіліс  отырысында хабарланды. Алдымен сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев:

- Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Назарбаев­ дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан  тыс  тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсыр­малар берген болатын. Сондай-ақ, қылмыс­тық-процестік кодекске енгізілген жаңашылдықтар  мен мемлекет  басшысының  судьялардың VІІ съезінде берген тапсырмалары, «Ұлт жоспары-100 нақты қадам», «Цифрлық Қазақстан» және «Рухани жаң­ғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын сот төрелігінің жеті түйіні тағы бар. Осыған орай Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотымен қо­ғам­дағы даукестік деңгейін төмендету, дау­лар­ды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып отыр және оны жүзеге асыру  үшін  пилоттық аймақ  ретінде Қызыл­орда  облысы  белгіленді, - деді.

Мәжілісте ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен пилоттық жобаны таныстырып, баяндама жасады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір Қызылорда облысында адам басына шаққанда әрбір бесінші азамат дауға тартылы­п, соттасып жүрген көрінеді. Төраға кеңесшісінің айтуынша, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, балас­ын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру, тұрғын үй, жер, мүлік даула­ры болып отыр. Мәселен, облыста 2017 жылы 2425 отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір үшінші неке бұзылуда. Сонда, орта есеппен әр отбасында 2 бала деп алсақ, бір жылда 5 мыңға жуық бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік жетім балалардың қатарына қосылуда. Бізде ажырасу оңай шешілетін процедураға айналған. Ал, жер, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңемін деп, ымыраға келмей, соттың есігін тоздыруда. Келісу мәдениетіміз мәнін жоғалтқан. Мысалы, бір көрші бір көршісімен оның қорасындағы жайқалып тұрған теректің көлеңкесі, жапыр­ағы менің қорама түсті деп соттас­қан. Сот ол дауды зорға шешіп, теректі кестір­уге мәжбүр болған. Бір сөзбен айт­қанда, сотты  адамдар  өш  алудың құралына­ айналдырған. Сондықтан да, аталмыш орталы­қ дауды шешу ордасы болып қана қоймай, ол халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят, табиғаты­мызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды  нығайтатын қоғам  ордасы  болуы  тиіс.

- Жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса, басқа да өңірлерге таратпақшымыз. Басты мақсат – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу. Бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор, өйткені қазіргі таңда болмашы дау көптеген жылдар бойы шешілмей, қып-қызыл шығынға ұшырайтын жағдайлар жиі­леп­ барады. Дегенмен, жақсы тәжірибеміз де аз емес. Соның бірі Н.Ілиясов ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуға болады. Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған­ бір адам болмапты. Мұндай тәжірибені кеңіне­н  қолдану  қажет, - деді С.Сүлеймен.­

Ал сот саласының ардагері Ғалия Шыңғысо­ваның айтуынша, 80-90-жыл­дары аймағымызда 500-600 азаматтық іс қаралатын болса, қазір бір жылда қаралған азаматтық істердің саны 30 мыңнан асып кеткен.

- Осыдан отыз жыл бұрын жағдай басқа болатын, дау аз болды. Адамдар сотқа келуге­ ұялатын, ар санайтын. Ал қазіргі статиститкалық мәліметтер үрей тудырады. Халқы­мызда «дау мұраты – бітім» деген сөз бар. Бітімге келу – халқымыздың әлімсақтан­  қазақ даласының салт-сана дәстүрінде және мәдениетінде бар тәжірибе. Сондықтан, дауларды соттан тыс реттеу институттарын енгізу – қазіргі қоғам талабы. Дауды сотқа жеткізбей шешудің жолдарын кеңірек­ қолдану қажет. Мысалы, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру, коммуналдық төлемдер бойынша берешекті өндіру үшін міндетті түрде сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Мұндай төлемдерді нотариустың атқар­ушылық жазбалары арқылы да өндіріп алуға болады. Ең бастысы, халықтың санасын­ өзгерту  қажет. Оларға  кез келген дауды­ бітіммен аяқтаудың артықшылығын түсіндіру  керек, - деді сала ардагері.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жоғары сот бастаған жобаның аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңыздылығы зор екенін атап өтіп, әріптестерін соттан тыс дауларды шешудің тиімді жолдарын қарас­тыруға шақырды. Сонымен, жоба ретінде қолға алынып отырған «Сотсыз татуласу орталығы» айтысып жүрген ағайынды ымырағ­а келтіріп, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуласатын орын болмақ. Оған медиаторлар, психо­логтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдар, қоғамдық бірлестіктер, т.б. мықты мамандарды тарту көзделіп отыр. «Өспес елдің баласы өнбес дауды қуалайды» демекші, бұлай кете берсек, «Қайдан келесің, соттан келемін...» деп жарқын ертеңі­мізге жарты адам болып жетуіміз әбден мүмкін. Біле білгенге бірлігі бар елдің берекесі бар.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ,

 


Редакциядан: Біз  өзектілігін  ескере  отырып, ҚР  Жоғарғы  соты төрағасының  кеңесшісі  Сағатбек  Сүлейменнің  аталған  мәжілісте  жасаған  баяндамасының  толық нұсқасын  жариялағанды  жөн  көрдік.

 


ӨКПЕНІҢ АРТЫ – ӨКІНІШ, ДАУДЫҢ СОҢЫ – ДАУРЫҚПА PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.03.2018 11:30

Сағатбек  СҮЛЕЙМЕН,

ҚР  Жоғарғы

Соты  төрағасының кеңесшісі

Құрметті Сыр елінің азаматтары,  қадірлі жерлестер!

Жоғарғы Сот Төрағасы, жерлесіміз Жақып Асановтың тапсырмасымен маңызды бастаманы ұсынуға келіп тұрмын.

Бұл пилоттық жобаны сынақтан өткізу үшін Қызыл­орда облысы таңдалып отыр.

Себебі, біздің ел – алты Алаштың анасы, жыр елі, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген ел.

Облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы жаңашыл, креативті басшы болғандықтан және ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны өз өңі­рімізден бастауды жөн көрдік.

Бұл жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса, басқа да өңір­лерге таратпақшымыз.

Елбасымыз бекіткен бағдарламаларда  дауларды соттан тыс реттеу жолдарын жетіл­діру  көзделген.

Біз неге бұл бастаманы көтеріп  отырмыз?

Біріншіден, Елбасымыздың  тапсырмасы.

Екіншіден, соттардың дау шешудегі міндеттерін, оның қыр-сырын, себеп пен салдарын білгендіктен, осы проб­леманың шешу жолын іздеудеміз.

Осы бағдарламалардың шеңберінде қазіргі уақытта жаңа жүйелілік, түбегейлі өз­герістер  қолға  алынып  отыр.

Статистикалық мәлімет­терге сай бір Қызылорда об­лысында  адам  басына  шаққанда әрбір бесінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүр­гені  көрінеді.

Ол  неліктен?

Қазақ халқы – ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халық.

Осындай сақталған қасиеттеріміз бола тұра ұлттық са­на­мыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып барамыз.

Осыны тоқтату, болмаса, қалыптасқан ахуалды мұнан да жақсарта түсу – өз қолымызда.

Жалпы, қандай да бір бастаманың мәні мен мақсаты ізгілік пен игілікті көздесе, оны түсінбейтін адам, тыңдамайтын  құлақ  болмайды.

Қашанда  жол  бастау  қиын, бірақ  алдыңда  ақылшы  хал­қың тұрғанда, ол мұратқа да жетесің.

Жобаның ең негізгі мақсаттары – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукес­тіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді  шешу.

Статистикалық мәліметтерге  сай, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау­ үшін алимент өндіру, тұрғын үй, жер, мүлік даулары болып  отыр.

Облыста 2017 жылы 2425 отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір үшінші неке бұзылуда. Сонда, орта есеппен әр отбас­ында 2 бала деп алсақ, бір жылда 5 мыңға жуық бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік жетім балалардың қатарына  қосылуда.

Дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игілік­тер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып,­ адамдар қатыгезденіп барады.

Бізде ажырасу оңай шешілетін  процедураға  айналған.

Ұлдарымыз бала-шағасын асырай алмайтын, асырағысы келмейтін бойкүйез ұрпаққа айналып  барады.

Ал қыздарымыз баласын әкеден айырғанымен қоймай, олардың тәрбиеге араласуына кедергі  келтіруде.

Ол да көп даудың біріне айналған.­

Мысалы, әкесі ұл мен қызын көріп тұру үшін, оларға жыл сайын мектепке барарда киім-кешек алатын болып мін­деттенеді, ол келісім бекі­тіледі. Ол көп ұзамай екінші әйел алғанд­ықтан міндетінен бас тартып, келісімді бұзуды сұрап облыстық сотқа арызданады. Алайда екі баланың мүддесін ойлаған сот оның бұл арызын қанағаттандырусыз қалдырады.

Осындай, өз балаларына нәпақа төлеуден қашып жүр­гендер жыл санап көбейіп келед­і.

Ажырасуды  қоғамымыз  қор көрмейтін  болған  соң, жасы да,  кәрісі де  оған арланбайтын  болды.

Отбасы адам баласының алтын діңгегі, ұлттық тәрбиенің ошағы, мемле­кеттің тірегі дейтін болсақ, «бұл қалпым­ызбен қайда барамыз?» деген заңды  сұрақ  туындайды.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген қазақ. Сонда, осы жарымжан отбасынан қандай ұрпақ тәрбиеленеді деп  ойлайсыздар?

Бұл – ұлттық қасірет!

Ал, соттар ерлі-зайыптыларға тек татуласуға мерзім берумен шектеліп, олардың арасында жүрмейді, қарым-қатынас жасап, үгіттей алмайды, процес­суалдық емес қатынасқа түсе алмайды­.

Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күреспесек, ол үлкен індетке  айнала  бастады.

Сондықтан да, оларға ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері  қажет.

Ал жер дауы, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңемін деп, ымыраға­ келмей, соттың есігін тоздыруда.

Келісу мәдениетіміз мәнін жоғалтқан.

Жан-жағындағы ағайын-туыс дауды басудың орнына, олардың қолтығына су бүркіп, мәселені ушықтыруға бейім болып­  барады.

Мысалы, Қызылорда қаласында екі көрші үш жыл бойы тілімдей жерге таласып­, болмашыны қып-қызыл дауға айналдырған. Меншігіндегі қорасының басқа жерін игеріп жатқаны шамалы. Ақыры соттасып жүріп, зорға дегенде бітімгершілікке  келген.

Қасиетті сөзіміз, «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деген ата-бабаның асыл ұстанымы  қайда?

Бір көрші бір көршісімен оның қорасындағы жайқалып тұрған теректің көлеңкесі, жапырағы менің қорама түсті деп соттасқан. Сот ол дауды зорға шешіп, теректі кестіруге мәжбүр болған.­

Тағы да бір өрімдей жап-жас жерлесіміз өзінің қызыл сызықтан (красна­я линия) шығып, 300 шаршы метр жерді заңсыз пайдаланып отырғанына қарамастан, адвокатқа 200 мың теңге ақы төлеп, жасы келген көршісінің жарты метр қоршауын алып тастауын талап еткен. Ақырында соттың жеке қаулысы негізінде оған жер инспекциясы айып­пұ­л салып, өзінің қоршауын бұзуды міндеттеген. Ол көршісімен араз болып­, қып-қызыл  шығынға  ұшырады,­ қанша жүйкесі тозды. Өнбейтін дауды қуып, өзі айыппұл төлеуде.

Сонда олар не ұтты?

Өкпенің арты – өкініш, даудың соңы – даурығу.

Сотты адамдар өш алудың құралына­ айналдырған.

Соттың аренасына шыққандар  бір-біріне күш көрсетіп, ақысын алғысы келеді. Осылайша екі жақ болмашы дауме­н қас жау болып шығады. Жау­ла­сып отырған – әкесі мен баласы, анасы мен қызы, ағайындылар, достар, көр­шілер, серіктестер.

Олар сотта бітімге келе бермейді, себебі, ол уақытқа дейін ашуға беріліп, бірі-біріне ауыр сөздер айтады, ызалары  ұлғайып, моральдық және мате­риалдық шығынға ұшырайды.

Сондықтан, жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен  шешу  жолдарын  көрсетуіміз  керек.

Ата жолымен еліне еге болып, ауыл-аймағына ақылын айтып, өзара даудан, араздықтан сақтап келе жатқан игі жақсыларымыз да баршылық.

Соның бірі Н.Ілиясов ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуғ­а  болады.

Ынтымағы жарасқан, дуалы ауыздан­ айтылған сөзге тоқтаған халқы­  бар  мұндай  ауылдар аз емес.

Мысалы, Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты.

Осындай дәстүрді әрбір ауылдан көрсек игі. Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз де осы.

Өкінішке қарай, «Заман солай» деге­н  ауызекі  сөзді  де жиі естіп қаламыз.  Заманды  жасайтын – адам.

Біздің «Сотсыз татуласу орталығы» айтысып жүрген ағайында­рымызды ымыраға келтіріп, бітімге шақы­ратын, оның артықшылығын, ұтымды  жағын ашып көрсететін, сотқа­ жеткізбей татуласатын орын болады­. Оған медиаторлар, психо­логтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдарымызды, қо­ғамдық­  бірлестіктерді, т.б. мықты ма­мандарды тартуды көздеп отырмыз.

Орталық тек дауды шешу ордасы болып қана тұрмай, ол халықтың санасы­на оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят екенін, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды нығайтатын қоғам  ордасы  болуы тиіс.

Біздер дау шешуден қашып отырғанымыз жоқ. Керісінше, елімізде даула­сушылардың көбейіп бара жатқаны­на  көңіліміз  алаңдаулы.

Елбасымыз, халықтың өмір сүру салтына бейімдеп, бүгінгідей бастама көтеріп отырғанда, оны жолға қоя­тын, қолға алатын азаматтардың да әріден ойланатын кезеңі келді.

«Рухани  жаңғыру»  бағдарламасының  да  негізгі  өзегі  осы – ұлы сана­ға, ұлттық  болмысқа оралу.

Ал, бүгінгі айтылып отырған өзара татуласу, ауыл үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де – осы рухан­и  жаңғырудың  бір  тармағы.

Себебі, біз қазақтың төл болмысындағы «ұят болады», «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген қасиет­терімізді жоғалту алдында тұрмыз.

Бұл – ащы да болса ақиқат.

Екі ағайындының соттасып, төбелесіп отырғанын көргенде, қазақтың «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады.

Бұлай кете берсек, «Қайдан келе­сің, соттан келемін...» деп жарқын ертең­імізге жарты адам болып жетеміз бе деген күдік келеді.

Егер байқап отырсақ, ел ішінен «сотқа беремін», «соттасып жүрмін» деген сөзді жиі естиміз.

«Бас жарылса, бөрік ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын­  басқаға  естірткісі  келмеген.

Өйткені ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болған.

«Біреудің бір кемшілігін көрсең, оны жасыратын он сылтау ізде» дейді қасиетті дініміз.

Осы ғибратты білген қазақ бір-бірінің жаманын жасырып, жақсысын асырған.

Ал, бүгінгі біз сол қазақтың ұрпағы емеспіз бе?

Сіз болайық, біз болайық, атам қазақ айтқандай, бір жеңнен қол шығара­йық, осы бүгінгі айтылып отырған­ халықтық мәселені жүзеге асырайық, жүзі жарқын ел болайық.

Құрметті ағайын, Сіздер, барлығыңыз, халықпен етене араласып жүрген тұлғасыздар.

Әрбір тұлға ұлтымыздың мәдение­тін көтеруге, ұрпақ тәрбиелеуге, аталық сөз айтып, ел бірлігін ойлайтын болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұл жобаны  шын ынтамен, сәтті бастауымыз  өзімізге  байланысты.

 


АЙТЫСТЫҢ АРҚАУЫ – АСТАНАЛАРДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2018 11:17

Ғасырлар тоғысынан сыр шертіп, дәуір үнін тыңдағымыз келсе, алдымен сөзге жүгінеріміз анық. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» дана халқымыз бұл жолда мүлт кетпеді. Халық ауыз әдебиеті арқылы қазаққа мол мұра  қалдырды.   Айтпағымыз – айтыс өнері. Қасиеті – ерек, құны – жоғары бұл өнер күні бүгінге дейін кескінін жоғалтқан жоқ. Шаршы топта сөз бастап, шашасына шаң жұқтырмайтын ақындар қауымы да халықпен біте қайнасып келеді. Жуырда өлеңнен түйін түйген сөз зергер­лерінің сайысы Сыр өңірінде салтанат құрды. Аламан­ айтыс Қызылорда қаласының 200 жылдық, Елорданың 20 жылдық мерейлі мерекесіне арналып отыр. Сөз барымтасына облыс  әкімі Қырымбек Елеуұлы­  да арнайы ат басын бұрды. Алғашқы болып сөз алған аймақ   басшысы:

- Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті, киелі Сыр еліне қош келдіңіздер! «Сыр елі – жыр елі» атанған қазақы болмысты, өрелі рухты көтере­ ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан айтыстың орны, әрине, бөлек. Түп-тамыры терең­де жатқан асыл мұрамыз бүгінге дейін өз мәнін ешқашан жоғалтқан жоқ. Керісінше, заманауи деңгейге сай бағыт-бағдарын кеңейтіп келе­ді. Елдің мерейтойлық шаралары, ұлы тұлғаларды ұлықтау­лар айтыс өнерінсіз өткен емес. Енді, міне, бүгінгі республикалық айты­сымыз Астананың мерейлі 20 жылдығына, еліміздің алғаш­қы астанасы болған Қызылорданың 200 жылдық мерейто­йы­на арналып отыр. Олай болса, ардақты ағайын,  «Аста­на – биік төрім, Қызылорда – туған­ жерім!» деп аталатын респуб­ликалық ақындар айтысына тағы да қош келдіңіздер, - деп игі тілегін жеткізді.

Айтыссүйер жұртшылық өңір басшысының тілегінен соң бір серпіліп қалғандай ду қол соқты. Мұнан соң маңғ­ыстаулық марқасқа ақын Мэлс Қосымбаев Сыр еліне арнауын төгілтті. Н.Бекежанов атындағы театр залы лық толы. Мұны айтыс өнеріне деген биік құрмет, баға деп түйсіндік. Біздің халық ежелден елдің мұң-мұқтажын жырға қосып, даулы мәселелерді жұртшылық алдында өлеңмен өретін ақындар қауымына сенеді. Себебі белгілі де. Сөздің көркін көркем бейнемен түйіп ғана қоймай, өткір тіркестермен түйреп өтетін шешендер тұтас бір ұлттың көкейдегісін дөп басқан, жырға қосқан­. Ал қазіргі айтыс өнерінің жүгін көтеріп жүрген жүйріктердің аяқ алысы қалай?

Кешегі мен бүгінді жалғаған қос ас­тан­аның айтулы датасын тойлау айтыс өнерімен басталғаны көңілге қонымды. Сыр еліндегі сөз жарысына жиылған айтыскерлердің шешендігі мен шебер­лігін саралау үшін қазіргі айтыс өнерін өрге сүйреу жолында тер төккен Жүрсін Ерман арнайы келді. Сондай-ақ, қазақ журналистиканың бас сардарларының бірі, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, қазақ поэзиясының ардакүреңі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, арқалы ақын Оңталап Нұрмахан, Сыр өңіріндегі ай­тыс­ өнерінің  ағасы Серік Ыдырысов­, дауылпаз ақын, «Құрмет» орденінің ие­гері Мэлс Қосымбаев сияқты марқас­қа­лар айтыскерлердің өнеріне қазылық етіп, кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті тануға атсалысты.

Кезінде Сәбит Мұқанов ақындар айтысында «жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады» деген екен. Бүгінде ел ішін «айтыс ақындары қарсыласымен алдын ала келісіп, сөздерін дайындап алады  екен» деген әңгіменің кезгені рас. Бұл туралы айтысты жүргізіп отырған арқалы ақын Аманжол Әлтаев «айтыс­қа шығатын ақындар алдын ала сөз дайындап алады екен, бір-бірімен уағдаласып алады екен деген сияқты әртүрлі әңгіме-сөздер шығып жатыр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы сөздерге тосқауыл қою мақсатында нағыз­ айтыс ат сүрінгенше  ой таба­тын, қынаптан қылыш шыққанша өлең шығарып үлгеретін біздің ақындарымыздың суырыпсалмалық қабілетінің аса жоғары деңгейде екенін дәлелдеу үшін біз бүгінгі айтысты жеребе бойынша жұптауды дұрыс көріп отырмыз» деді. Жеребе негізінде жұптау жұрт үшін қызық көрінген сияқты. Залда отырған екі кісі сахнаға шығып, айтыскерлердің аты-жөні жазылған қағазды ашады. Тағы бір  айта кетерлігі, айтыста қызылордалық ақындар көп болған­дық­тан, бір қатарда жерлес айтыскер­лері­міздің тізімі тұрса, екінші қатарда еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтыскерлер тұрды. Құр ділмарлық дәлел емес, қайта тосын сұрау, құпия-жұмбақтарға аса дәлдікпен, тапқырлықпен тар­тыс­у басталды осылайша. Ең бірінші болып Шалқарбай Ізбасаров пен Аруна Керім­бек сайысқа түсті. Елдік өткір мәселелерді онша сөзге қоспаса да, қос ақын Сырдың, Астананың туған күні­мен құттықтап көпті қуантты. Қыз бен жігіт айтысының керемет келбетін көр­сете білді. Әдемі әзіл, қалжыңмен бірін-бірі қағытқан олар арасында жұртшылықты ду күлдіріп отырды. Аруна ә деген­нен Сыр еліне келін болып қалу ұсынысына тап болды. Орайы келгенде киелі топырақты құрмет тұтатынын айтқ­ан ол тіпті қойларына дейін қызығатынын тілге тиек етті. Айтысқа қатыс­қандар­дың ішіндегі жасы ең кішісі екенін алға тартып, «кенжелеріңе қалай қарасаңдар, маған да солай қолдау көр­сетіңдер» деп назданды. Мұнан соң Мұхтар Ниязов пен Нұрқанат Қайрат сахнаға шықты. Көрерменнің делебесін қоздырған қос саңлақ аса бір дәлдікпен, ойын астар­лап жеткізді. Бірін-бірі қағытқан кезі тіпті қызық. Нұрқанат:

Мұхтаржан, айтыстағы дарасыңдар,

Қызылордадан түлеген баласыңдар,

Мейірбек екеулерің Астанада

Магистрант боп жүрген ағасыңдар.

Оқиды дегені тек аты ғана,

Айтыс десе, жан-жаққа шабасыңдар,

Ұстаздың түрін түгіл атын білмей

Екі айда сабаққа бір барасыңдар.

Арнайы дәріс айтып бермесең де,

Арнау айтып көңілін табасыңдар.

Бір күн Шымкент, ал бір күн Атырау боп

Интернетке суретті саласыңдар.

Қыдырудан қолдары босамайтын,

Білімге бұлар неткен жанашырлар,

Жыл бойы универдің бетін көрмей

Қай бетіңмен диплом аласыңдар?, - десе, оған қарымта ретінде Мұхтар Ниязов:­

Нұрқанат сөйлеп жатыр тосын қазір,

Жүрегім жас балдардан шошуда әзір.

Аянбай сахнада жосылды әзір.

Шәкірттерге неменеге өкпелейсің

Ұстаздардың өзі де осында жүр, - деп әзілге әзілмен жауап қайырды.

Мұнан соң Рүстем Қайыртай мен Әсем Ережеқызы айтысты. Рүстем «айтыстағы алғашқы махаббатым» деп тіл қатса, Әсем өзін «Астананың тоңазытқышта  сақталған суық алмасына» теңе­ді. Осындай ой өрнегімен басталған сөз сайысы салиқалы аяқталды. Мұнан соң халық алдына шыққан Сырым Әділ­беков пен Мақсат Ақанов бір-бірімен әзілдесіп, тұқыртып ғана қоймай, елдің әлеуметтік мәселелеріне тоқталды. Мақсат ақын: «жер – ана, ал анасын жалға бергенді қай елден көрдің?» деп тосын сауалды ортаға тастады. Осыған дейін айтыскерлердің бірде-біреуі сөз етпеген тақырыпты талқыға салғаны көптің көкейінен шықса керек, шапалақ  үні ұзаққа созылды. Он төрт айтыскер тартысқа түскен дода осындай көңілмен жалғаса берді.

Қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен ақтөбелік Әлихан Жақсылық ортаға шығып шаппа-шап айтыс бас­талды. Арқалы ақын Әлихан дүйім жұртқа Сырдан шыққан зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдарын өлеңмен өре келе, «қасқыр атып алсам да, қарсақ атып алсам да, қанжығамның бағы бар» деп әуелетті. Мейірбек «Бес ғасыр жыр­лай­дының сөзін айтып, бес сағат уақы­тымды аласың ба?» деп тойтарыс берді. Астаналық Сұлужан Тауболды мен тараз­дық Рай Дөңбай қыз бен жігіт айтыс­ының өзгеше үлгісін жасады. Сұлужан ақын елі мен жеріне ризашылығын білдіріп, айтыс бөлімінде бірге оқитын Райға сабаққа жөнді қатыспайтынын айтып, қағытты. Ал Рай ақын болса, тапқыр тіркестерімен дүйім жұртты ду күлдіріп отырды. Қараған­дылық Дидар Қамиев пен қызылордалық Нұрмат Мансұровтың айтысы жиыл­ған жұртшылыққа ерекше әсер етті. Қос астананың туған күнін тойлау­ды аламан айтыс өткізуден бастағаны үшін облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына­ алғаусыз алғысын жеткізді. Ал ақтық сында Рүстем мен Мұхтар ақын бір-бірін зілсіз қалжыңмен қағытты. «Ауылыңа қонақ келсе, өтірік ауыра сала­тын әдетің бе?» деп айтыскер Рүс­тем сөзбен шымшыласа, Мұхтар ақын «молдаларға тірі адамдар хабарлас­пайды емес пе?»  деп қарымта қайтарды.­ Ақтық  сайыста Нұрқанат пен Мейірбек­  үзеңгі қағысып, озық ой, тартымды тұжырым айтты. Мейірбек ақын туған жері  шырайлы  Шиеліден  бастап, Сыр елінің  қасиетін тілге тиек етті.

Айтыс туралы Жүрсін Ерман «Бүгін­гі Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған ақындар айтысы аса бір шырайлы өтті. Шын айтыс, нағыз айтыс бірінші кезеңде болды. Сөз танитын, сөздің нарқын, парқын білетін азаматтар отыр. Облыс­тың халқына жақсы көңіл күй сыйлаған, рухани олжа сыйлаған біз бақыттымыз» деп баға берді. Айтысқа қатысқан ақындардың барлығына 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы тарту етілді. Ойы орамды, сөзі семсер кіл мықтылардың арасынан Мейірбек Сұлтанхан оза шауып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Сөз мергені – Мейірбекке 1 миллион теңге тарту етілді. Ал қарағандылық Мақсат Ақанов бірінші орынды иеленсе, алматылық Рүстем Қайыртай екінші орынды еншіледі. Үшінші орын Мұхтар Ниязов, Әсем Ережеқызы­ мен Нұрқанат Қайратқа бұйырды. Ал Сырым  Әділбековке  «Рухани  жаң­ғыру» орталығының арнайы 500 мың теңге  сыйлығы  табыс  етілді.

Осылайша, елдің мұңын мұңдап, жоғын­ жоқтайтын табанды да турашыл айтыскерлер жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мұндай шаппа-шап айтысты көрген соң кешегі Сүйінбай мен Жамбылдардың жалғасы айтыс өнерінің өрісін ұзартып ғана қоймай, өміршең болуына атсалысатынына шүбә келтірмеді жұрт. Ұрымтал образ, ұтқыр ойдың авторлары еңбегіне орай өнбегін қанжығалады. Ал жиылған жұртшылық қыннан суырылған қылыштай жарқылдаған айтыс­керлерге өзара баға беруін айтыс аяқталған  соң  да  жалғастырып жатты.

 

Жазира  БАҒЛАН,

Б.Есжанов  (сурет)

 


ХАНБАЛА ЕМЕС, ҚОЛБАЛА БОЛҒАН ҰСТАЗДАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2018 11:12

Иә, мұғалім – мемлекеттің құлы емес. Әншейінде “ұстаз – ұлы есім, есімің қымбат” дейміз де, атын арзандатып, беделін тым төмендететініміз бар. Былтырғы ұстаздар күні қарсаңында мынадай құттықтауды көзім шалып қалған еді. “Ешкім қатыспайтын конференциялардың қатысушылары, ешкім тыңдамайтын концерт­тердің тыңдармандары, ешкім тазартпайтын көшелердің тазал­аушылары, ешкімге бағына бермейтін балалардың тәрбиелеушілері, ешкім алғысы келмейтін айлықты ала жүріп, ешкімге бұйыра бермейтін құрметтің иелері – ұстаздар қауымы! Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын!”.

Өткір әрі шынайы жазба. Бүгінде сөгіс алатын да, таяқ жейтін де мұғалім болып отыр. Саны жоқ тексе­ріс, сапасы, мәні жоқ жиналыс та олардан айналып өтпейді. Ханбала емес, қолбала болған мұғалімдер. Қызыл­орда облысында бай-бағландардың балалары оқитын бір мектеп бар деседі. Өңкей танауын төбеге көтеріп жүретіндер мұнда мұғалімді менсінбейтін көрінеді. “Атағы дардай білім ошағында мектеп формасы бекітіл­меген, оқушылар сабаққа шашын жайып,­ шалбар, мини юбка киіп келеді” десе, сенер ме едіңіз? Сенгіміз келмейді, сенбедік те. Бірақ...

Жалпы, мұғалімдердің басындағы мәсел­е жетерлік. Естеріңізде болса, алматылық мұғалім Наталь­я Дрейт Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде мұғалімд­ердің артығымен жұмыс істейтіні туралы мәселе көтерген еді.

- Параграфтар, 40 минуттық сабақтардың қалай өткені, “Күнделік” атты электронды журналын толтыру, дәптерлер пен күнделіктерді тексеру, ата-анамен жұмыс, сыныпта­н тыс жұмыс­тар, есептер, педагогикалық жиындар, семинарлар, сабаққа күн сайын дайындалу сияқты жұмыстың бәрін апталық кестеге жинақтадық. Дене шынықтыру мұғалімі ретінде ең көп жүктемем 39 сағат еді, алайда аптасына жұм­сайтын уақытымды есептегенде 83 сағат болды. Сонда 39 сағат­ты алып тастағанда, мен 42 сағат артық жұмыс істеймін. Бұл сағатт­ар үшін  маған  мемлекет ақы төлемейді, - дейді  ол.

Бұдан бөлек дене шынықтыру пәні мұғалімдері барлық жарыс­қа, спартакиадаларға қатысып, балаларды дайындайды­ және оларды жарыстарға апарады. Бұл үшін де оларға ақы төленбейді. Осы күні мұғалімдерден “сіздерде қандай мәселе бар?” деп сұрай қалсаң, үтірге жалғасқан ұзын сонар аянышты жайтқа тап боласың. Жұбата алмай, амалсыздан айналаңа қарап, өзің бастаған әңгіме ауанын басқа жаққа бұруға тырысасың. Бүгінде олардың көңіл күйін көтеріп тұрған бір ғана жаңалық болып отыр. Ол – біліктілігінің расталуына байланыс­ты жалақысының 30%-дан 50%-ға өсуі. Айлығы шайлығына жетпейтін білім қызметкерлері “еңбегіміз еленетін болды ғой” деп, өмірге қайта келген адамдай, тынысының кеңейгеніне қуанышты. Біз де...

 


ЕРКЕКТЕН ҚУАТ КЕТСЕ, ӘЙЕЛДЕН ҰЯТ КЕТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2018 11:11

Ауласы түрлі жеміс-жидекке толы, он бөлмелі еңселі үйдің шеткі бөлмесінен адамның  аза  бойын қаза қылып, төбе құйқаңды шымырлатар зарлы дауыс естіледі. «Уа, қу Құдай, егер бар болсаң, мына қорлықты көрсеткенше, ал мені, сенің көзің жарлының­ жалғызына, жақсының жайсаңына түседі-ау. Елуге келмей, жамбастап жер таянып, жер тістеп қалардай не жаздым саған?!» деген Оңдаш бөксесімен әзер жылжып барып, қолсозым жердегі темекісін алып, тұтатты. Түтінін құшырлана жұтып, бойы жеңілдегендей болып, сәл дем алып, қалың ойға кетті. Бұрын қандай еді?

...Кешегі келмеске кеткен Кеңес үкіме­тінің 70-жылдарының ортасы болатын. Нағыз­ коммунизмнің елесін қуып жүрген жылымық кезі. Бұл бір мекемеде маңдайалды­ жүргізуші болды. Еңбекте озат атанды. Жаман­ аты шыққан жоқ. Мекемеге жаңа көлік келсе, алдымен осы мінетін. Суреті Құрмет тақтасынан түскен емес. Соған қарай табысы да жаман болмады. Ел қатарлы үйленді. Бақыттан басы айналып жүргенде, алғашқы әйелі Нәзігүл бала үстінен кетті. Шыққан қыз шиден тысқары деген. Одан қалған екі қызы бой жетіп, тұрмысқа шығып­, өз жөнін тапты. Кең сарайдай қаңыраған үйде сопиып соқа басы қалды. Алғашқы­да қыздары келіп, әкелерінің кір-қоңын жуып, үйді жинастырып кетуші еді. Соңғы кезде өз тірліктерімен болып, келулерін сиретті. Әйелінің жылын берген соң, қырықтың ішіндегі қылшылдаған жігіт ағасы есін жиып, жан-жағына қарай бастады. «Бас екеу болмай­, мал төртеу болмайды», «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деген бұрын­ғылардан қалған аталы сөз бар. Әйтеуір­ бұл үйге шеге болатындай шүйке бастың  керегі  анық еді.

«Бір адал досы бар адам – бақытты» деген­. Сол кезде Оңдаштың бала кезден жан дегенде жалғыз досы Досан осы күнгі әйелі Ақсүйрікті таныстырады. Обалы кәне, есік көрген демесең, қараторының сұлуы, құлын мүшесі бұзылмаған, екі көзі танадай, тоқ балтырлы сұлу келіншек Оңдаштың да ойынан шықты. Өзі табыскер әрі қала ортасындағы дағарадай жайлы үйге баруға Ақсүйрік те қарсы болған жоқ. Сөйтіп отбасылық өмірді бастап кетті. «Жігіттің қосы оңбай, ісі алға баспайды» деуші еді. Ақсүйрік келге­лі үйге береке кіргендей. Қолының ебі бар әйел бау-бақшаны уақытында суарып, баптап, үйдің ішін ретке келтіре бастады. Алайда соңғы кезде Оңдаштың ескі ауруы қайта қозып, қатты науқастанып қалды. Жұмысбасты болып әрі ауруы жанына қатты батпаған соң, мән бермей жүре беріпті. Ақсүйрік Досанның жеңіл көлігімен жұбайын талай жерге апарып, білікті дәрігерлерге көрсетті. Алған емі ауруды аз уақытқа сәл басқаны болмаса, еш нәтиже бермеді. Ақыры айналдырған ауру мұны төсекке таңды. Өткенде емдеуші дәрігер мұны оңаша шығарып алып, күйеуінің бір-екі ай ғана өмірі қалғанын айтқ­ан болатын. Содан бері Ақсүйрік қалың ойда жүр. Оңдаш олай-бұлай боп кетсе, бұл қайтпек? Қайда барады, кімге сияды? Ең болмаса ортада бір шарана да жоқ. Ертең қыздары келіп, мұны үйден қуып шығатыны­ анық. Мына абажадай үйді қалай көзі қиып тастап кетеді? Адам қатты қиналғанда өзінікі  жөн деп ойлайды-ау деймін. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деуші ме еді? Егер қыздары жоқта үйді өз атына алса, қайтеді? Ақсүйрік ақыры осы шешімге келіп, көңілі жайланғандай болды.

Сол уақытта ауданда жан дегенде жалғыз Кәдеш деген адвокат болатын. Өзі бір кір­пияз. Жұмысқа келгісі келсе, келеді немесе сарыла күтіп тұрған көпшілікті шыбын құрлы көрмей, кабинетінен шығарып жіберетін. Соған әлдебір қағаздарына қол қойдырып, мөр бастыру үшін талай адам апталап сабылып жүруші еді. Қолына бірдеңе қыстырмасаң, қырсықтығы ұстап қалатын нағыз керкеткен мінезі тағы бар. Бүгін каби­нетінде көп кідіріп қалған ол қалтасына түскен олжасына көңілді еді. Есептеп көр­мек болып қолын қалтасына сала бергені сол еді, кабинетіне бір сұлу келіншек кірді. Бұл Ақсүйрік болатын. Әншейінде орнынан қозғалмай, келгендердің шаруасын қабақ түйе сұрап, ыңырана жауап беретін Кәдеш бұл жолы орнынан ұшып тұрып, келіншекке орындық ұсынды. Қасы-көзі қиылған, қарға аунаған түлкідей құлпырып, нағыз хас сұлудың өзі болып отырған Ақсүйріктен көзін алмастан қарап қалған Кәдеш бұйымтайын сұрады. Тіпті аспандағы айды алып бер десе, әперуге дайын. Тыңдап көрсе, келіншектің ісі анау айтқандай қиын емес екен. Не тұрады, үйді Ақсүйріктің атына аударады да беред­і. Қолда тұрғанда қиын болып па? Кәдеш әңгімені қипақтамай, турасына көшті.  Жұмыстың өтеуіне екеуі оңаша көңіл көтеруі керек болды. Келесі жексенбіде Қоғалыкөл жақтағы оңаша жерге екеуін бір көлік апарып тастап, кешкісін қайта келіп алып қайтады деп келісілді. «Еркектен қуат кетсе, әйелден ұят кетеді» дейді. Көптен бері еркектің буырқанған ыстық құшағын аңсаған­ әрі өзінің нақты ойға алған ісі үшін Ақсүйрік неге болса да дайын еді. Кәдеш болса үйіндегі қатынынан қатты қорқатын. Алақандай шағын­ қалада бұл ойын іске асыруға қорықты. Халықтан ештеңе жасыра алмайсың, бәрін көріп, біліп отырады. Сондықтан ол арам ойын сырт көз таса жерде іске асырмақ болды. Ол кезде қалада 4-5 қана жеңіл көлік бар еді. Кәдеш ескі танысы Досанмен хабарл­асып, қала сыртында демалуға баратынын, еңбегін жемейтінін айтты. Көп күттірмей  Досан  екеуі  жүріп  кетті.

Кәдештің нұсқауымен келе жатқанда, ол жолда тұрған келіншекті көріп, өз көзіне өзі сенбеді. Жан дегенде жалғыз досының жатысы анау, ал әйелінің жүрісі мынау. Оны мұндай жеңілтек жолға барады деген үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Не істеу керек? Ашуы келіп, қаны басына шапты. «Бірақ мына қолы ұзын бәлеқор бастығыма айтып, жұмыстан шығып қалармын» деп қорықты. «Не де болса, тәуекел, бара көрермін» деп амалсыз Ақсүйрікті мінгізіп алып, жүріп кетті. Ақсүйрік те Досан келер деп ойламаса керек. Назарын төмен салып, боп-боз болы­п үнсіз келеді. Досан көл жағасындағы қалың жыңғыл ішіне бұларды түсірді. Кәдеш көлік­тен түскен бойы балағын түріп, көлдің терең жеріне дейін су кешіп кетті. Шамасы сал­қындап алмақ болды-ау. Екеуара қалған соң Досан Ақсүйріктен бұл не жүріс екенін сұрады. Ұяттан қып-қызыл болып жылап отырып­ бұл бар шындықты айтты. «Не істеу керек? Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, Оңдаштың қыздары да, Ақсүйрік те риза болатындай бірдеңе ойлап табу керек» деген­ Досан ақыры үйді сатқанды жөн деп санады­. Осындай ойға келіп тұрғанда, көл кешіп келге­н Кәдеш көзін қысып, бұған «қайта бер» деп белгі берді. Жас кезінде спортпен айналысқан Досан Кәдештің бұл қылығына шыда­й алмаған соң, бір ұрып құлатты да, асты­на басып қылғындыра бастады. Мұн­дайды күтпеген Кәдеш өліп бара жатқан соң, қолын ербеңдетіп, босатуын өтінді. Өз-өзіне келген Досан: «Бұл оқиғаны ешкім білмесін, осы жерде қалсын. Біріншіден, Ақсүйрікті қолжаулық еткенді қоясың. Маңынан жүрмейтін бол. Бұл – менің жан досымның әйелі. Жолдасы ауыр науқас. Екіншіден, үйді сатамыз. Мына әйелдің күйеуінің жұмыстарына жұмсаймыз. Қалған ақшаны Оңдаштың екі қызы мен Ақсүйрікке теңдей етіп бөліп береміз. Бәрі заңды болуы тиіс. Үшіншіден, менен кек қайтарамын деп дәмеленбе. Сені құртып барып, жастығыңды­ ала кетемін. Көнсең міне, көнбесең, осы жерде­ өлтіріп, көміп кетемін. Ешкім де ештеңе  білмей  қалады», - деді. Сүтке тиген мысықтай болып бүрісіп отыр­ған Кәдеш болса тек басын изей берді. Құр мансабының арқасында қоқиып жүргені болмаса, өзінен күштінің алдында қуыс кеуде қорқақ еді. Осылайша қой да аман, қасқыр да тоқ болды. Ал бар ашуын көлігінен алған­ Досан ауылға қарай шаңды-шаңға қосып, жүйткіте жөнелді.

Жетілген  БАРЛЫБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


«АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН ТАБАДЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2018 11:09

Кешеден бері төсегінен тұрмай, түнін жылаумен өткізген Қарашаш бір сәтте көз жасын сығып алды да, қайта еңсесін тіктеді. «Қашанғы жыла­п өтпекпін, жетер енді» деп құшақтаған жастығын тастай сала, орнынан тұрды. Ас бөлмесіне барып, түскі ас қамына кірісті. Сол-ақ екен үйге күйеуі кіріп келмесі бар ма? Күйеуі дейміз-ау, оның бұл атты құр жамылып жүргені болмаса, отағасы болып қарқ қылып жүргені шамалы. Үйге он күннің бірінде келсе келді, келмесе ол да жоқ.

Бар уақытын жаңада­н тапқан өзінен әрі әйелінен бірнеше жас кіші тоқалына бөлуде. Бүгінгі келгеніне де Қарашаш біраз аңтарылып қалды. «Қай Құдай айдап келді сені, бала-шағаң енді есіңе түсті ме?» деп кіргеннен жағасынан алды. Күйеуінде үн жоқ.

...Самат екі жылдан астам уақыт әйелінің көзіне шөп салып жүрсе де, Қарашаш төркініне бір рет болсын мұңын айтып бармаған, ешкімге сыр білдіртпеген. Кешегі түні де бала­ларына сездіртпей бар өксігін шығарып алып, бүгін дым болмағандай кейіп танытып жүр. Ондағысы балаларының алдында әкелерін төмендеткісі келмейді, қанша өзге әйелдің құшағында жүрсе де, оны тастап, оларды тірілей жетім еткісі жоқ. Алайда  әр  келген  сайын  «маған  тоқа­л алуға рұқсат бер» деп қинайтын  еріне  өкпесі қара қазандай. Тіпті ашықтан-ашық ол жайлы айтып­, жүйкесін тоздырып біткеніне­ ашулы. Ол аз десеңіз, соңғы келуінде Самат «рұқсатыңды бермесең, кетем­» дегенді шығарған. Қарашаш дәл  осы сәтте балаларының асыраушысынан мәңгіге айырылып қалатындай күй кешті. Кімге барып ақыл сұрарын білмеді. Осылай іштей ой арбауында отырғанда әулеттің үлкен жеңгесі, жасы сексенді алқымдаған Айша  әже  есіне  түсе  кетті. Тез киінді де,  сол үйге қарай беттеді. Келді де, іштегі бар сырын жайып салды. Мұңын тыңдап болған ол: «Ат айналып қазығын табады», еш мұңайма. Ол жас қатын оған әйел болып жарытпас. Ертең-ақ сенің қадіріңді түсініп, өзіңе келеді. Ең бастысы, бала-шағаңның қамын жасап­, ешқайда кетпе. Бірден төркінге тайып тұруды ойлама. Әулеттегі абыройыңды сақтап қал. Балалары тұрған жерде ол сені тас­тамай­ды»,  -  деді.

...Арада жылдар өтті. Самат жас тоқалының соңынан келер емес. Қанша қиындыққа төзіп шыдаса да, кейде Қарашаш «осы Айша әженің ақылын бекер-ақ тыңдаған екенмін» деп налитын. Алайда үлкен кісінің айтқаны дәл келді. Саматтың жас тоқалы көп уақыт өтпей жатып жаңа еркек тауып алды. Бұл жолы жасы үлкен болғанымен, қалтасы қалыңдауын кездестіріпті. Бала-шағасын тастап, жас келіншектің соңынан кеткен Самат болса тек әулетте емес, жұмысында да абыройсыздыққа ұшырады. Қарашаштың қадірін енді білгендей. Алайда қанша жыл оны зар жылатып, енді түк болмағандай қайта  баруға  ұяты  жібермей  тұр. Десе де,  неше жылдан бері балаларын сағынғ­ан, адал жарына қамқорлық танытқысы келген ол үйіне баруға­ бекінді.

Қарашаштың «бұл қайсысың ей?» дей бергені сол еді, есік алдында Самат­ тұр. Қолында гүлі мен тәтті­лері бар. «Айша әженің айтқаны рас екен-ау» деп ойға кеткен әйелі бұл жолы жұбайының жағасынан алмай, керісінше, күлімсіреп үйге кіргізді. Содан бері жарты жыл өтті. Қарашаш қазір жүктіліктің төртінші айында. Жүзінен тек күлкі көруге болады. Үлкеннің ақылын тыңдай білгеннің арқасында бүгінде үлкен бақытқа кенеліп  отыр.

АҚГҮЛІМ

 


ҚАНДАҒАРДАҒЫ ҚЫРҒЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
01.03.2018 11:07

Кеңес  әскерлерінің  Ауған  жерінен  шығарылғанына – 29  жыл

Терең шатқал, құз тастар тым заңғар,

Қалдың иесіз қанша орден, сан медаль.

Қалғып кетсем сен түсіме енесің,

Қанға бөккен қаралы тау Қандағар.

Осынау өлең жолдары кім-кімді де елең еткізері анық. Отты  да мұңды  жыр  шумақтарының  әр сөзінен сақылдаған  автомат,  гүрс-гүрс  жарылған  мина дауысы,­ өлім тырнағына ілінгендердің шыңғырған жанайқа­йы,  алаулаған  жалын,  зарлана  жоқтаған  ана, безектей еңіреген баланың үні, жауынгерлердің қаһарлы­  атойы естілгендей күй кешесің. Төбе құйқаң шымырлап, елімізде бейбіт күндердің ұзағынан болуын­  Жаратқаннан  жалбарына  тілейсің.

Телефон соғылды. Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектептің алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімі Алмат Аралбаев екен. Ұстаздығына қоса көпшілікке мықты спортшы, дарынды өнерпаз ретінд­е  есімі  жақсы  мәлім бауырым мектепте Кеңес әскерлерінің  Ауғанстан  жерінен  шығарылғанына 29 жыл толуына қоса ауыл түлегі, интернационалист жауынгер, запастағы аға лейтенант, марқұм Нұржан Әзиді еске түсіруге арналған білім беру ұйымдары арасынд­а мылтық атудан аудандық турнир өтетінін айта  келе,  сол  шараға  қатысуымды  өтінді.

Еске алу... Қандай ауыр сөз. Алайда тағдыр солай­ жазса, амал қанша?! Есіме тірлігінде өзіммен тонны­ң ішкі бауындай аралас-құралас жүрген, туғанымдай сыйласқан Нұржан Әзи інім түсті. Еріксіз ауыр күрсіндім. Жігіттің сұлтаны деуге лайықты әнші, спортшы, сөзге шешен сол азаматтың нағыз қамал алар кезінде, небәрі қырық жасында өмірден өтуі қандай өкінішті?! Өзегің өртене түсіп, «атың өшкір соғыс, неткен қатал едің» дегенді сан мәрте қайталай­сың.

Нұржан Әзи Жанқожа батыр атындағы елді мекендегі орта мектепті бітірген соң ауылда құрылысшы болып  жұмыс  істеді. Бір күні ауылдық кеңес хатшысы­ әскерге шақыру қағазын әкеліп берген еді. Жазда пішен орып, егін егіп, қара жұмыстың көрігінде шыңдал­ған жігіт аудандағы, облыстағы дәрігерлік  тексеруден сүрінбеді. әскерге  жаңадан келгендер Қырғызстанның Ало-Тоо деген жеріне келіп тоқтады­. Арасында Нұржан да бар. Тағдыр дегенді қойсаң­шы?! Көрші айылда Ауғанстандағы ұрыс қимы­лына қатысуға тиісті арнаулы бөлімше орнала­сқан екен. Нұржандар бос уақытында­ соларға барып, арнаулы бөлімше жауынгерлерінің жаттығуларына қызыға көз тастаушы еді. Сүйсінгені соншалықты, осы бөлімшеге­ сұранды. Сынақтан сүрінбеді. Енді арнаулы бөлімше құрамында дайындық жаттығу­ларына қызу кірісті. Тәртіп  қатал. Таң  ағарғаннан  түн жарымына дейін тыныштық жоқ. Алуан тәсілдерді меңгерді. Пышақ қадау, қолма-қол айқасқа машық­танды. Кейін бөлімшені Орта Азия әскери округінен жинал­ған жауынгерлермен біріктіріп, баталь­онға айналдырды. Жауынгерлердің дені қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік ұлтының балаларына­н құралған болатын. Мұнан соң арнаулы батальон Түрікменстанның Гюк-Төбе қаласын­а жеткізілді. Енді жаттығудың күрделі түріне көшті. Парашют­пен  секірді. Нысана көздеді. Бұғаудан  босану­дың  әдістерін  үйренді. Жазық далада өскен  Нұржанды  тауға өрмелеу қатты қинайтын. Бірақ өжет ауыл баласы мойымады. Өзгелерге қарағанда  шөлге, суыққа  төзімді  болатын.

Ақпан айының бас кезінде арнайы жабдықталған батальон Термез арқылы Ауғанстан территориясына енді. Өмір мен өлімнің белдесуі басталды. Бірде баталь­онға Қандағар қаласына баруға пәрмен берілді. Бұл сапар екі аптаға созылды. Жорық жолында талай рет  дұшпандардың  тосқауылына  ұшырады. Ысқыр­ған  оқтар. Жарылған мина. Алғашқыда көңілге үрей ұялатқа­нымен, кейін бой үйренді. Минаға түсіп, бірнеше техника істен шықты. Жараланғандар мен қаза тапқандар да болды. Көп қиындықпен Қанда­ғарға  да  жетті. Сәл тынықтырып, ең қызу соғыс нүктесіне  жұмсады. Арнайы батальонға Гелмент өзенінің жанындағы қыстақты азат ету тапсырылды. Қыстақ қолдан-қолға екі мәрте өткен екен. Батальон жауынгерлері бар күштерін салды. Алайда дұшпанның ірі күші  шоғырланған  аймаққа  ұзақ  уақыт  кіре  алмады. Шығын да көп. Біраз жігіттер оққа ұшты. Саяси жетекш­і Садықов жараланып, госпитальға түсті. Ақыр соңында батальон қыстаққа басып кірді. Аула шайқасына көшті. Бір үйдің жанынан жүгіріп өте берген Нұржан қалт тоқтады. Жантүршігерлік көрініс. Есік алдында қанға боялған келіншек пен жігіттің денесі жатыр. Олардың жансыз мүрдесін құшақтап, егіле жылап кішкентай қыз отыр. Нұр­жанның  көзі  қарауытты. Алқымына өксік тығылды. Бір сәт бар дүниені ұмытқан. Қалшиып тұрып қалыпты. Взвод командирінің «Әзиев, жат!» деген жанұшырған дауысынан есін жиды. Көзіне еріксіз құйылған жасты сүртіп жата қалып, алға қараған-ды. Қаба сақалды содырлар қоршап, жүгіріп келе жатыр екен. Кіжіне түсіп, автоматынан ұзақ оқ боратты.­ Санасын жаңағы сұмдық оқиға жаулап алған­. Осы мезетте қарулас достары да көмекке келіп  үлгерді. Көптеген сарбаздарынан  айырыл­ған  қарсыластар  қаша  жөнелді.

Тағы бірде Нұржан мен қарулас серігі Мұрат Байсынов түнгі қарауылға тұрды. Екеуі өзен жағалау­ындағы окопта  алма-кезек  тынығады.  Алды­ – өзен.  Арқа беткейі – таулы жартас. Әр жерден­ су арнасы мүжіген үңгірлер қарауытады. Қаруын­ қолына ұстап арлы-берлі адымдап жүрген Мұрат кенет кілт тоқтады. Іле-шала барыстай қарғып­ үңгірге кірді. Жанталасқан айғай өзен жаға­лауы­н жаңғыртқанда Нұржан көмекке ұмтылды. Сондағы көргені... Бір ауған сарбазы жерде жатыр да, Мұрат екіншісінің тура алқымына мылтығы­н тіреп тұрғаны болды. Тұтқындарды сырт­қа алып шықты. Бұл екеуін күндізгі ұрыс ке­зінд­е тосқау­ыл­ға қалдырған екен. Түнде қарауылды өлтіру, негізгі қолға жол ашу тапсырылған. Бірақ ойлары іске аспады­. Қырағы қарауылдардың арқасында сол­даттар ажалдан аман қалды. Сап алдында­ Нұржан мен Мұратқа алғыс жариялаған батальон командирі екеуін наградаға ұсынғанын жеткізді.

Бір жолы взводқа тау шатқалындағы ауғандықтардың қару-жарақ қоймасын жоюға тапсырма берілді. Алайда тау ішінде взвод тосқауылға тап келді. Жартасқа бекінген жау қорғасын оқты қарша боратқанда көптеген солдаттар мерт болды. Бірақ, бастаушы танктің үстіндегі Нұржан салқынқан­дылық  танытты. Бөлімшесін қарсы ұрысқа көтерді. Қиян-кескі соғыс қас қарайғанша созылды. Ауа райының, түсер  орынның  қолайсыздығынан десант­  тобы  көмек қолын соза алмады. Алда тос­қауыл­ды  бұзып  өтіп, қалайда тапсырманы орындау міндеті тұрды. Шабуыл үдей түсті. Бұйрық орындалды. Жау қоймасы отқа оранды. Сол күнгі шайқаста Нұржан ауыр жарақаттанып, ұзақ емделді.­ Елге оралып, қызметке араласты. Шаңырақ көтеріп, перзент сүйді.

Өмір жалған! Ауғанстанда алған ауыр жара­қатының зардабы запастағы аға лейтенант Нұржан Әзиевтің өмірін қиып кетті. Десе де, оның жарқын­ бейнесі туған жерінде мәңгі сақтаулы. Өзі білім алған  №94  мектептің шәкірттері  жерлесінің есімін  мақтаныш  тұтады. «Ер  есімі – ел  есінд­е!».

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ,

Қазалы  ауданы

 


“ҚАМЫСҚАЛАДАҒЫ” ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ ҚАУҚАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.03.2018 11:03

Әлем жұртшылығы көз тіккен Оңтүстік Корея еліндегі қысқы Олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. 16 күн бойы көкжәшікке телмірген спортсүйер қауым “медаль бар ма, медаль қо­сылды ма?” деген секілді үйреншікті сауалдарды бір-біріне жолдаумен болды. Несін жасырайық, елдегі қысқы спорт түрлерінің даму қарқыны қатты саналғанымен, жеткен жетістігімізге сүйсіне қарай алмаймыз. Мүмкін келісерсіз, мүмкін келіспессіз. Уәжіңіз болса, тәуелсіздік алғаннан бергі медальдар санына аз-кем көз жүгіртіп  көріңіз.

Жалпы, елімізде қысқы Азиада, бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарының өтуі көптеген жасты қанаттандырып, жігерін жанығаны сөзсіз. Қысқы спорт түрле­ріне арналған спорт нысан­дарының салынуы да жеңіске жол ашты. Әсіресе, Африкадағы халықтар секілді Қазақстанның оңтүстік облыстары спорттың осы түріне келгенде­ әлсіздік танытып, жарыс жолын­ан көріне бермейтін. Тіпті, 90-жылдары Медеудің мұзына тайып жығылған­дарды жергілікті тұрғындар “қызылордалықсыз ба?” деген­ сұрақ арқылы тұрғызып кетеді екен. Бүгінде қысқы спортта асығымыз алшысынан тұрмаса да, бойына қан жүгіріп, енді-енді еңсе тіктеп келеді. Яғни, бұрынғымен салыстыруға келмейді, қазір жағдай әлдеқайда түзелген. Олимпиада ойындарынан кейін “Сыр еліндегі қысқы спорт түрлерінің қауқары қандай, спорт кешенінің әл-ауқаты қаншалықты?” деген секілді бірқатар сауалдарға  жауап  іздеп  көрген  едік.

“МҰЗ АЙДЫНЫ”

МҰЗ   КӨҢІЛДІ   ЖЫЛЫТТЫ

Іргетасы 2011 жылдың маусым айында қаланып, 2013 жылдың 6 қыркүйе­гінде қолданысқа берілген “Мұз айдыны” спорт кешені Сыр өңірінің тұр­ғындары үшін айтулы жаңалық болды. Құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1 млрд 362 млн теңгеге­ салынған кешеннің сыртқы желісін тартуға облыстық бюджеттен 214 млн теңге бөлінді. Бас мердігері – “АлдаГрадСтрой” ЖШС. Жалпы жер көлемінің аумағы 1,5400 гектар болса, ғимарат аумағы 8160,8 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта мұз алаңы 900 кө­рермен орындығымен қамтылған. Мұз алаңы 1 сағатта 50 адамды жаппай сырған­ауға қабылдай алады. Спорт кешен­інде ойын, күрес, көркем гим­настика, би залдары мен 30 орындыққа арналған мәжіліс залы мен асхана бар. Қазіргі  күні кешенде барлығы 72 адам тұрақты  жұмыс  істейді.

Өткен жылы жаппай сырғанауға келушіл­ер саны 18060 адам болса, 2018 жылдың қаңтар айында 9643 адам мұз үстінде сырғанауды құп көріпті. Кешенде  барлық құрал-жабдықтар жеткілікті. Жаз айында бір айға мұз ерітіліп, жаңадан құйылады. Мұнда арнайы үйір­мелер жұмыс істемейді. Себебі, грек-рим, волейбол, баскетбол, көркем гимнастика, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек спорт түрлерін дамыт­у үшін ойын, күрес, көркем гим­на­стика, би залдары мен мұз алаңы облыстық №2, 4 олимпиадалық резерв­т­ің мамандандырылған балалар-жасөс­пірімдер мектептері мен жоғары спорт шеберлігі мектептеріне жалға берілген.­

 

ТАЛАНТТАР   ТҮЛЕП   КЕЛЕДІ

Облыста қысқы спорт түрлерінен мамандардың тапшылығына орай, “Мұз айдыны” спорт кешені қолданыс­қа берілгеннен бастап 2014 жылы шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанаудан бөлімшелер ашылса, 2016 жылы шорт-трек бөлімшесі жолға қойылды.

Қазіргі таңда шайбалы хоккейде – 2 жаттықтырушы, 70 бала, мәнерлеп сырғ­анау спортында – 2 жаттықтырушы, 64 бала, шорт-тректе 2 жаттық­тырушы, 80 бала шұғылдануда. 2015 жылдан бастап хоккейден “Қайсар” коман­дасы бірнеше республикалық жарыс­тарда жүлделі орындардан көрініп жүрсе, мәнерлеп сырғанаудан Э.Тұрс­ынбаева, М.Бекташев, Д.Жар­мұхамедова, А.Дигай, Ж.Есен, А.Жанділ­даева және А.Сұлтан секілді спортшылар үздік өнер көрсетіп келед­і. Шорт-трек спорты бойынша 2017 жылы республикалық чемпионаттарда О.Кулкеев, Д.Досмағамбет, М.Омар­қызы, Д.Махатовтар облыс намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болды.

Әрине, бір ғана “Мұз айдыны” спорт кешенімен мақтану ақылға сыймайтын болар. Айтпағымыз, бәсекелестік арқылы­ даму, ілгерілеудің тез бола­тыны. Өткен жылы аталмыш нысанда 31 рес­пуб­ликалық, облыстық іс-шара өткі­зілген. Яғни, бұл – халықаралық  жарыстард­ы да қабылдауға қауқарлы екендігіміздің айғағы. Ал, әлемдік жарысты­ көзімен көріп, әсер алған тұрғындардың балаларын жаппай осы спорт түрлеріне беріп жатқанын уақытында жазған бола­тынбыз. Иә, “Мұз айдыны” мұз  көңілімізді  жылытты, талай түлектің қанат қағуына себепке­р болды, бағын ашты, аша да бермек...­

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары