Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
Ақпан 2018

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ СОТСЫЗ ТАТУЛАСУ ОРТАЛЫҒЫ ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰРЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:26

Бұл туралы Сотсыз татуласу тұжырымдамасын қалыптастыру туралы кеңейтілген мәжіліс отырысында хабарланды.

Мәжіліске облыс әкімі Қ.Көшербаев, ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен және облыстық мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

«Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып отыр және оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленді», - деді аймақ басшысы.

ҚР Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасын жүзеге асыру үшін қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген Қызылорда облысынан бастау жөнінде шешім қабылданған.

«Ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны осында бастауды жөн көрдік. Жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса басқа да өңірлерге таратпақшымыз. Бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор, өйткені қазіргі таңда болмашы дауды көптеген жылдар бойы шешілмей, қып-қызыл шығыға ұшырайтын жағдайлар жиілеп барады. Дегенмен, жақсы тәжірибеміз де аз емес. Соның бірі «Н.Ілиясов» ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуға болады. Қармақшы ауданының «Көмекбаев» аулында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты. Мұндай тәжірибені кеңінен қолдану қажет», - деп атап өтті Сағатбек Сүлеймен.

Сот саласының ардагері Ғалия Шыңғысованың айтуынша, 80-90-жылдары облысымызда жылына 500-600 азаматтық  іс қаралатын болса, қазір бір жылда қаралған азаматтық істердің саны 30 мыңнан асып кеткен.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Жоғарғы сот бастаған жобаның аймақтың қоғамдық өмірі үшін маңыздылығы зор екенін атап өтіп, әріптестерін соттан тыс дауларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға шақырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Түріктер картон каптамалар шығаратын зауытты салуға серіктес іздеуде PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:13

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында түріктің «Чукурова Холдинг» компаниясының бас директоры Доанлы Иса, жоспарлау және сату жөніндегі директор Токатлы Камиль Мехмед, Куру Бора аймақ кәсіпкерлерімен кездесті.

Компания - түрлі саладағы тауарлардың қамтамасын шығарумен айналысатын Түркиядағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Бүгінде аталмыш түріктік компания балғын жемістер мен көкөністерге, қатты және сұйық майларға, ет, балық, жұмыртқа, сусындар мен химиялық тауарлардың қаптамаларын әзірлеумен айналысады.

1976 жылдан бері түрік нарығындағы белді компаниялардың өнімдеріне қамтама жасап жүрген «Чукурова Холдинг» кәсіпорны енді Қазақстанда гофрокартоннан қаптама жасайтын кәсіпорынды ашу жобасын жүзеге асырмақшы. Ол үшін қолайлы аумақ ретінде оңтүстік өңірлерді алып отыр екен.

«15-20 адам тұрақты жұмыс істейтін зауыт салмақшымыз. Алдымен жергілікті кәсіпорындардың кардон қаптамаларына деген қажеттілігін анықтаймыз. Экономикалық тұрғыда тиімді болатынына сенімдіміз. Өйткені, бау-бақша, жеміс-жидек, сүт өнімдері мұнда көп әзірленеді екен. Ал қаптамалар шығаратын бірде-бір зауыт жоқ. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер шикізатқа қамысты пайдалануға болатындығын айтты. Бұны мамандармен ақылдасып, шешім қабылдайтын боламыз», - дейді «Чукурова Холдинг» компаниясының бас директоры Доанлы Иса.

Кәсіпкерлер палатасы алаңындағы кездесуде қызылордалық кәсіпкерлер жобаға қызығушылығын танытып, қажетті дайын базаны беруге әзір екендіктерін де жеткізді.

Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Төреғали Шанкерей жобаны Қызылорда облысында жүзеге асырудың артықшылықтарына тоқталып өтті.

«Зауытты Қызылордада салуда ұтатын жерлеріңіз көп. Біріншіден, Қызылорда облысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан. Зауыт өнімдерін Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысы ғана емес, ар жағында Қарағанды, Тараз, бер жағында Ақтөбе облысына да кеңінен тасу, тұтынушыларды табу мүмкіндіктері зор», - деді ол.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Травматологиялық бекет тынымсыз еңбек етуде PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.02.2018 09:03

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты әртүрлі жарақат алып, Қызылорда қалалық ауруханасының травматологиялық бекетіне келіп түсіп жатқан науқастар саны артып келеді. Аталмыш бекетке 20 ақпан күні кешкі 20:00-ден бастап өздігінен 5, жедел жәрдем арқылы 3, барлығы 8 науқас келсе, оның 6-ауы көшеде, 2-еуі үй жағдайында жарақат алған. Ауруханаға жатқызылғандар жоқ. Ал 21 ақпан және 22 ақпанға қараған түнде ауруханаға әртүрлі жарақат алып өздігінен 48, жедел-жәрдем арқылы 17, яғни барлығы 65 науқас келіп түскен. Оның 40-ы көшеде, 20-сы үй жағдайында, ал 2-еуі спорттық жағдайда және жол-көлік оқиғасынан 3 адам жарақат алған. Бекетке келіп түскен 65 науқастың 4-еуі ауруханаға жатқызылса, 61-і үйлеріне қайтарылған.

 


АРАЛ ДОСТАРЫ теңіз тағдырына араша түседі PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.02.2018 12:31

Теңізбен тағдырлас аралдық күйші-композитор, жыршы-ақын Мұрат Сыдықұлы «Асығып жаңа өмірге толқын бесік, Толқынмен берекелі бақ ілесіп. Сүйінші, Теңіз-анам келе  жатыр, Жып-жылы сағынышты самал есіп» деп толғанды. Қайтқан теңіздің оралуын тек тірі адам ғана тілемейді. Қазір маған жағалауда қаңтарылып қалған кемелер мен крандар дәуірінде дүрлеген порттағы қызу тірлікті сағынатындай көрінеді. Бүгінде ол жәдігерлер тот басып, тозы-тозы шықты...

Рас, адамзаттың қолымен жасаған табиғатқа қастандығы тарих беттерінде «тыртық» болып­ тұр. Оны қалыпқа келтіру тек қазақтың маңдайына жазылмаған. Табиғат-ананың алдында тұтас әлем кінәлі.

Тәуеліздік таңы атып, етек-жеңімізді жинаған сәтте мемлекет басшысы дереу Арал мәселесін қайта көтерді. Қордаланған шаруаларды қозғап, кешеге дейін жүрдім-бардым қараған әлемдік ұйымдар мойын бұра бастады. Елбасы экологиялық апат аймағында тұратын тұрғындарға жәр­демнің керектігін, теңіз ұл­танынан ұшқан тұздың түздегі кісіге де кесірін тигізетіндігін айтты. Жергілікті жұртты былай­ қойғанда, көршілес Қарақалпақстанда асқазан обырымен ауыратын адам саны 25 пайызға өскен. Ал кемтар болып туған нәрес­телердің тағдырына кім жа­уап­ты? Сарапшылардың сө­зінше, 100 мыңнан  астам  адам  басқа аймақтарға көшуге  мәжбүр болған және 5 мил­лион жан денсаулығынан  айыры­лған.

Балықшылардың базары тарқап, ажары кеткені де ел есін­де. Көкейге кептелген сауал­ көп. Қайсыбірін айтасың...

Әупірімдеп жүріп ауқымды жобаларды қолға алдық. Тартылған теңіз толықтай толмаса да, қалғанын сақтап қалуға да қауқар қажет. Аралды құтқаруға бағытталған "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал бөлігін сақтау" жобасы көптің үмітін үкіледі. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен және Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асты. Бүгінде ел арасында «Ғасыр жобасы» аталып кеткен шараның екінші кезеңі басталмақ. Қайбір жылы ел президен­ті «INTERNATIONAL HERALD TRIBUNE» газетіне берген сұхбатында «Эколог­иялық мәселелерді шешу үшін Қазақстанға халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет» деп мәлімдеді. Демек, айдынды Аралдың әлденуіне әлі де әрекет керек.

Апта басында Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы аясында «Арал дос­тары» тақырыбында Халықаралық симпозиум өтті. Оған БҰҰ мен жергілікті атқарушы билік өкілдері, халықаралық қауымдастықтар, қаржы институттары қатысты. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірах­манов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыр­жан Бекешев сөз сөйледі. Ал облыс әкімі  Қырымбек  Көшербаев:

– Аралдың солтүстік бөлігін «САРАТС» жобас­ы арқылы дамытуға мән береміз. Өйткені теңізді толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың арқасында кіші Аралда су көлемі мен балық түрлері артты. Өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы бағытында Жол картасы қабылданды. Бұл жоба шеңберінде жұмысымызды жандан­дыра беретін боламыз,- деді өз сөзінде.

Сонымен қатар Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Урс Шмид Арал мәселесіне алаңдайтындығын және осы бағытта қол ұшын созуға әрқашан дайын екендігі жеткізді. Ал БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Мунхтуя Алтангерел: «Арал тағдыры тек қазақстандықтарды емес, әлем халқын алаңдатады. Тартылған теңіздің табанын қалыпқа келтіру жұмыстарына барлығымыз да атсалысамыз. Құрметті Қырымбек Елеуұлы, осыған байланысты келісімдер сәтті жүзеге асады деп ойлай­мын»,- деді. Симпозиум барысында өңірде қалыптасқан ахуалды шешу үшін жаңа жобалардың іске асатыны белгілі болды.

– Дүниежүзілік банк пен Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған түйткілдердің түйінін тарқатуға өз үлестерін қосуда. Бүгінгі таңда БҰҰ Даму бағдарламасы­ аталған проблеманы шешуге ынталы. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны қолға алдық. Бұған бөлінетін қаржы көлемі 3 млн долларды құрайды. Бұл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Осылайша ондағы тұрғындардың денсаулығы  мен өмір  сүру  жағдайын  жақсартуды  көздеп отырмыз,- деді БҰҰ-ның  резидент-координаторы, БҰҰ Даму бағдар­ламасының  Қазақстандағы  тұрақты  өкілі Норимас­а  Шимомура.

Аралда қалыптасқан экологиялық жағдайғ­а қарамастан, өңірде туристік саланы­  жетілдіру  жөнінде  де  айтылды.

– Арал өңіріндегі жасыл белдеу жобасын одан әрі  дамытып, плантациялар жасау қажет  деп  есептеймін. Сонымен бірге туристік әлеуеті­н арттыру да маңызды. Себебі теңіз түбінен табылған тарихи ескерткіштер мен Қамбаш­ көлі шетелдіктерді қызықтыра алады,- деді «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің директоры Зәуреш Әлімбетова.

Шара соңында Арал өңіріне қатысты фотокөрме ұйымдасты­рылып, құмсуретпен теңіз төскейіндегі тұрғындардың  жағдайы  көрсетілді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


 

Сөзбе-сөз

Болат  Нұрқожаев,

қоғам  белсендісі:

Саясаттың басында жүргендер сөз таластырып жатқанда, біз сияқты ауыл баласының араласуының реті жоқ шығар. Бірақ Сырым Абдрахманов пен Әміржан Қосанов ағасының сөз таласынан кейін «Біреуге жеке басқа сеңдей соқпай, өз жолымен іс бастауға болмай ма екен?» деген ой келеді. Қазір ол қай жерде де бір модаға айналған сияқты ма, қалай?

Ал «Алаш» партиясы аты бүкіл қазаққа ортақ, оны ешкім меншіктеуге болмайды» деген ойдың жаны бар емес пе?.. Бас-басына партия ашып, кейіннен танылғандары «Алаш» каолициясын құрса, сөз бір басқа.

 

Сағат  Жүсіп,

саясаткер:

Саясаткерлеріміздің тарихымызда өз аттарын алтын әріппен қалдырған «Алашты» қастерлегенін құп санаймын. Бірақ кейбіреулер сол ардақты атауды өз партиясының атымен байланыстырсам – оны қадірлегенім, мақтаныш етіп «азық» етсем, қолдаушыларымды көбейтсем деп түсінетін сияқты. «Алаш» пен «Азаттың» атынан партия құрып, оның құр кеудесін сүйретіп, пародия етіп жүргендерге қынжыламын. «Алаштың», «Азаттың» қасиетті рухы жүрегіңде болмаса, ондай атаудан не пайда? «Азаттың» атын жамылған партия қазір қайда?...

Facebook-тағы парақшаларынан алынды.

 


НЕСИЕГЕ ЕТ ЖЕСЕҢ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.02.2018 12:19

Адам – уақыттың тұтынушысы. Ол оны қалай, қанша жұмсаймын десе де өз еркінде. Одан ешкімге­ қарыз болып қалмайды немесе басқа капитал­дан қарызға уақыт сұрай алмайды. Өйткені қарыз көп жағдайда ақшамен өлшеніп, құнды­лығын арттырып, қадірін қашырады һәм құтыңды кетіреді. Ал біздің құтымыз қай елдерге кетіп жүр және қадіріміз қашан артады?

Сіз соңғы он жылда уақытыңызды еселей алдыңы­з ба? Әрине, жоқ! Есесіне мойныңызға шірімес арқан ретінде ілінген қарызыңызды еселеп­ көбейтіп жатырсыз. Қалай дейсіз бе? Мемлеке­ттің сыртқы борышын өтеуде елдің әрбір азамат­ы басын алып қаша алмайды. Жіпсіз байлану­  деген – осы!

Статистикалық мә­ліметтерге сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанның  сыртқы борышы 74,6 млрд АҚШ долларына ұлғайған. Қарыз көлемінің осыншалықты өсуі, негізінен, ел аумағындағы  шетелдік  компания филиалдарының мұнай-газ жобаларын іске  асырумен байланыс­ты фирмааралық берешектің есебінен. ҚР Ұлт­тық банкінің дереккөзінше, еліміздің сыртқы боры­шы 2017 жылғы 1 қа­зандағы жағдай бойынша 168,9 млрд АҚШ долларын құраған. Оның ішін­де фирмааралық берешекке – 62, «Басқа секторлардың» байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышына – 26, Үкімет пен Ұлттық банкке  – 8  және  «Банктер»  секторының  сыртқы міндеттемелеріне 4 па­йызы  тиесілі.

Адамның жағдайы жақсара бастаған сайын оның қажеттілік құны да арта түсетіні секілді мемлекеттің де әлеуметтік-экономикалық ахуалы қалыпқа келуі үшін сырт­қы борышының сомасы артып барады. Одақтас елдерге «ожау», табақтас елдерге «сүйек» беруге міндетті екенімізді ескерсек, қанымыз қасықпен өлшенетін тәрізді. Себебі әр адам мемлекеттің сыртқы қарызы үшін 10 мың долларға жуық қаражаттан қазынаға құюы тиіс. Қарыздың  қағидасы  сондай.

Жақсымыз деп  жалпылдақ отындай жануға әзірміз, тарихымыз терең деп те­ңіздің түбіне жасыруға әзірміз, біздей ешкім жеті­стікке жетпеген, басымыздан бағымыз кетпеген деп өзімізді көкке көтеруден жалыққан емеспіз. Көсем сөзбен кестелеп, табан тіреп, өкшелеп, жер біткенге иедей сезінуде, шыны керек, шеберміз! Дұрыс-ақ! Осындай өрге ұмтылған қазақтың табанына тас  байлап тұрған бір ғана тұзақ – осы сыртқы борыштың жыл санап ұлғайып бара жатқанды­ғы. Әсіресе, экономиканың қаржылық емес секто­рының берешегі 26,2 млрд АҚШ долларына  көбейсе, Үкіметтің қарызы 10,8 млрд АҚШ долларына артқан. Бұған еурооблигацияларды шығару және сырттан несие­лер мен қарыздарды тарту себеп болып отыр. Әлемдік тәжірибеге  сүйенсек, елдің сырт­қы борышының болуы орынды. Алайда оның шегі бар, ол шектен асса, қауіпті. Яғни, сыртқы қарыз алу бойынша тартылатын қаражаттардың көлемі Ұлттық банкінің таза алтын-валюта резерв қорының 50 пайызынан acпауы тиіс. Ал біздің елдег­і Ұлттық банктің және Ұлттық қордың жалпы резервтерін қоса есептегендегі алтын валю­та резервтері өткен жылдың аяғындағы көрсеткіш  бойынша 88,8 млрд АҚШ долларын құраған. Өзіңіз бағамдай беріңіз. Сыртқы қарыздарды  көп ауқымда­ тарту кредитор елдерге экономикалық және саяси­  тәуелділікке  ұрындыруы  мүмкін.

Берешегі  бастан асып жатқан  мемлекет біз ғана емес, бізге де өзге елдер 169,4 миллиард доллар берешек. Оның ішінде алпауыт санап жүрген АҚШ 54,9, Қазақстанға қарыз беруден алдына жан салмайтын экономикадағы «басты құ­дамыз» Нидерланды 20,5, «әмиян» алмасуда айнымас дипломатиялық досымыз саналатын Ұлыбритания 16, теріскейдегі көрші һәм ортақ одақтағы «бас табақтың» иесі Ресей­дің өзі 7,5 мил­лиард  доллар  қарыз­ға батқан. Естеріңізде болса, бір жылға жуық уақыт бұрын Грузия мен Қазақстанның қаржы министрлері Грузияның 21 жылдық қарызын қай­та құрылымдау туралы келісімге қол қойып, ел қазынасына 6,5 млн доллар аударған. Соның негізі­нде аталмыш мемлекет өзінің мемлекеттік қарызын төлеуді жалғ­астыруда. Жалпы сомасы 25,48 млн доллар қарызын Грузия Үкіметі Қа­зақстанға 37,9 млн долларға жеткізіп қайтаруы қажет. Бұл сома көктен немесе жерден жік болып шыққан жоқ. Осыдан он жыл бұрын қазақстандық компаниялар Грузия экономикасының энергетика, порт, туристік инфрақұрылым салаларына 400 млн долларға жуық инвестиция құйған.

«Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» десек, бізден «жылап» шыққан ақша өзімізге де дәл солай­ келіп жатқандай. «Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртар» деген осы  шығар?!

О.МӨҢКЕ

 


ӘЛІПБИ «ӘЛЕГІ»: диграф – дәйекше – акут PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.02.2018 12:00

Адамға ағза ауыстырған қандай күрделі болса,­ мемлекет үшін тіл ауыстыру процесі де оңай шаруа­ емес. Өркениетке ілесу көшін бір арнаға тоғыс­тырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жүктеген ел пре­зиденті бұған дейін латын графикасына негіз­делген қазақ тілінің нұсқасы туралы өз пікірін білдіріп келген еді. Ә дегеннен тілдің жазылуы мен айтылуы тұрғысынан­ талқыға түскен нұсқалар көпші­ліктің көңілінен шыққан жоқ.

Алғашқы диграфтық нұсқада «Ә» – «ае», «Ө»-«ое», «Ү» – «ue» әріптерінің қолданылуы қолайсыздық тудыратыны  айтылып, қоғам оны қабылдауға қарсылық танытты. Іле-шала ізін суытпай «маңдай­ы жар­қыраған» тағы бір нұсқа «өмірге келді». Жұрт тағы да «шекесі­нен» мін тауып, апострофты әріптердің жазуға қолайсыз, кей әріптері сөздің түпкі мағынасын түбегейлі «төңкеріп» тастайды деп даурықты.

Бір қызығы, еліміздің кей бұқаралық ақпарат­ құралдары мен әлеуметт­ік желі қолданушы­лары әр ұсынылған латын қарпі­нің негізінде мақала жазып, жеке  парақша  ашып үлгерді. Алайда көп ұзамай ескі тақия­ла­рын­ қайта киюге мәжбүр болды. Асатпай жатып құлдық ұрудан нәтиже­ шықпай­тынын  ұқса керек-ті. Тіпті әріптің бір шекесіне­ «нұқып» көрсететін дәйекше белгісін қолдап, қорғаушылардың  қатарының  артқанына  да  көзіміз  үйреніп қалды.

- Осы тұста басын ашып алатын және бір түйткіл бар. Ол ағылшын тілінің Word форматты компьютер клавиатураларындағы апострофқа (’) қатысты. Себебі апострофты диакритикалық белгі деуге мүлде болмайды, өйткені ол – ағылшын тіліндегі тәуелдік жалға­уының немесе кейбір сөздер­дің қысқарып қалатын әріпте­рінің орнына қолданылатын, сондай-ақ клавиатура бетінде қолжетімді жерде жеке орна­ласқан толыққанды таңба. Сондықтан да бұл таңбаны 1928 жылы қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов өзі ұсынған қазақ/латын әліп­биінің нұсқасында жуан дауыс­ты а, о, ұ дыбыстарының жіңіш­ке сыңарлары ретінде, яғни ә, ө, ү болып дыбысталуын қамтамасыз ететін ең ыңғайлы тетік ретінде қолданған болатын, - деп пікір білдірген Ресей­ және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Латын графикасы мен ағылшын тілінің әлем өркениетіндегі орны» мақаласында.

Осындай қорғап-қолдаудың нәтижесінде «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» ұранымен әйгілі бола бастаған алфавиттің тағдыры бір-ақ күнде өзгеріп шыға келді. Құдды үйінен бір қадам аттамай, алып қашудың құрбаны болған қыздың тағдыры секілді. Қазақ тіліне тән әріптердің (Ә – А’, Ғ – G’, И, Й – І’, Ң – N’, Ө – O’, Ш – S’, Ч – С’, Ү – U’, У – Y’) дәйекшемен берілуі туралы пікір білдірген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев тың жаңалықтың боларын біліп айтқ­андығы белгілі болды. «Твиттер» әлеуметтік желісіндегі парақшасына қазақ тілінің латын графикасындағы апострофты нұсқасына қатысты «Ұлттық комиссия қазақ тілінің латын әліпбиі бойынша нақты  шешімге  келген  жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде, я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте», - деп өз пікірін жазған еді ол.

Қызығы сол, кезінде сол диграфты қолдап, дәйекшені төбесіне көтеріп жүрген қауым жаңадан бекітілген түрік әліпбиіне ұқсас акутты нұсқаны да қолдауға әзір екендіктер­ін тағы көрсетті. Пікір тоқтамы мен пайымын қай арнаға бұрсаң да, бұрыла беретін көпшіліктің иіл­гіш­тік қасие­тінің  иісі  «аңқып»  кетті.

Сиясы кеппеген нұсқада төл дыбыстарымыздың қақ төбесіне  таңба  қойылу ар­қылы  жазылады.

Ақордаға сілтеме жасап «Мемлекет басшысы латын негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті» деп шулаған БАҚ-тың ақпаратынан жұрт аңтарылып қалды. Белгілі журналист Арман Сқабылұлы жеке әлеуметтік парақшасында «Әсіре «ребрендингшілер» әліптің артын бақпай, әріппен ойнайтындар енді не дер екен? Қайран қаржы...» деп өз пікі­рін  білдіріпті.

Сонымен жаңа акутты нұсқа қабылданды. Кім ұсынды, қандай дәлелдерге сүйенді деген секілді мәліметтің мұрты ке­сілген. Дегенмен, соңғы түйе­нің  жүгі  ауыр...

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КӨСЕГЕСІ ҚАШАН КӨГЕРЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
22.02.2018 11:52

Кеудесінде аз болса да қазақтық қасиет бар адам еліміздегі қазақ тілінің қандай жағдайда екеніне көз жіберсе, «біз осы қай елдің тұрғынымыз?» деп өз-өзіне сауал тастап, қынжылары анық. Неге десеңіз, еліміздегі 18 миллион халықтың 66%-дан аса тұрғыны қазақ бола тұра, Қазақстан мемлекетінде­ сол қазақтың тілі үстемдік құра алмай жүргені әрбір тіл жанашырының жанын жабырқатса керек. Бірақ қаншалықты өкінсек те, жүрегіміз қан жыласа да, қайте­міз, егемендік алған жиырма алты жыл ішінде қазақ  тілінің  көсегесі  еш  көгермей-ақ  қойды.

Кез келген мемлекет өз жұртына тән кескін-келбетімен, болмы­сымен және де өмір сүру дағдысымен басқалардан ерекшеленеді десек, осылардың бастауында елдің халықтық тілі тұрады. Ал сол халықтық қазақ тіліміздің елімізде салтанат құра алмай келе жатқаны­на не себеп болып отыр? Бұған кешегі орыс отаршылдығы қалдырған сызатты бір себеп етіп көрсетуге болады. Белгілі саясаттанушы ғалым Э.Томсон: «Отаршылдықта болған ел отарлықтан­ құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздану керек. Отаршылдар­ елден кетсе де, олардың көлеңкесі қалады. Тәуелсіздік алған елде саяси жүйе өзгерсе де, отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап­ шеккен ұлттық сана көп уақытқа дейін ойрандалған қалпын­да қалады. Оның өзгеріссіз қалуы – ең алдымен тілде көрінеді», - деген. Осы  тақылеттес  өсиеттерді Алаш зиялылары да қалдырған. Осыған  орай  Қазақстан билігі отарсыздану жолында­ белсенді қимыл  көрсетуі керек.

Бесенеден белгілі, билік жалпы халықты белгілі бір талап аясына шоғыр­ландыра алмаса, халық өзінің бойына сіңісті қасиеттер мен ұстанымдардан оңайлықпен айырылмайды. Халықты олардан айыру үшін айқай-шудың, ұрыс-керістің түкке қажеті жоқ. Ол үшін ел-жұртты үкімет байыпты жолмен мұқтаждыққа әкелуі керек. Осы жерде мынан­ы мысал етіп айтайық: қазір жұрттың кәрі-жасына қарамай, осы заманға лайық техникалық құралдарды тез меңгереді. Кемпір-шалдардың, сабақты нашар оқиды деген­ балалардың өзі ұялы телефон мен компьютерлердің «құлағында ойнап» шыға келеді. Мұның бәрі – заман талабы мен мұқтаждықтың көрінісі. Енді біздің үкімет Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың бәрін осылай заман талабы мен болашақ үшін қазақ тіліне мұқтаж етіп қойса ғой, бар мәселе өз-өзінен-ақ  шешілер еді.

Қазақ тілінің қажетті деңгейге көтеріле алмауына бір жағынан  өзіміз де  кінәліміз. Өйткені көпшілігіміздің бойымызда, санамызда орысқ­а деген жалтақтаушылық басым. Неге біз көшеде, қоғамдық көлік ішінде, халық­қа қызмет көрсету орындар­ында, т.б. жерлерде оларғ­а орысша сөйлейміз? Неге біз оларға қазақша сөйлеп, бөтен жұрттың біреуі­н болса да қазақшаға үйретпейміз?  Әр қазақ бөтен  ұлттан шыққан бір-бір көршісін, досын немесе жұмыста әріптестерін қа­зақшаны білуге шақырып, үйретуге талпынса, бол­мағанда оған күнделікті қатынас­ сөздерін қазақша айтса,  Құдай біледі, беті бері бұрылар­-ақ еді. Бірақ біз мұны ойламаймыз. Керісін­ше орысша сөйлесек, өзімізді білімді, білгіш санаймыз. Қазақстан хал­қының 66 пайызын құрап отырған қазақтардың тілі қажетті деңгейге көтеріле алмай  отырғандығының  бір себебі – осы.

Қызылорда қаласында болған бір конференцияда маған орыс жігіті айтады: «Сендерде, қазақтарда ручка,­ магазин, остановка, пиво, светофор, уже, маршрутка тағы сол сияқты сөздердің және күн аттарының қазақшасы жоқ-ау. Өйткені осы сөздерді қазақша айтқан бірен-саран адам болмаса, көпшіліктеріңнің айтқанын көрмеймін ғой», - деп. Расында, осындай қарапайым ғана атауларды тілі шыққан баладан еңкейген кәрімізге дейін орысша айтамыз. Бағыттағы автобустар мен таксилердегі жолақы жинай­тын қазақ азаматтарының әр аялдаманы таныс­тыратын хабарламасына бір сәт құлақ салыңызшы. «Остановка Қонаеваға келдік. Келесі­ Байтурсынова бо­ла­ды... Байтурсыноваға  кел­дік, Жангелдина бар ма түсетін?» деп сөйлейтіндеріне етіміз­дің үйреніп кеткені соншалық, оған бірде-біріміз елең етпейміз.

Бірде Шымкентте жазушы Момбек Әбдәкімұлымен бірге автобусқа отырдық. Автобус ішінде адам онша көп емес. Жан-жағымызға қарасақ, жолаушылардың барлығы қазақ, бірде-бір бөгде ұлт жоқ. Жолкіре жинаушы әйел де, автобус жүргізушісі де – қазақ. Бірақ жолақы жинаушы қазақ әйел аялдаманың  аттарын орысша атап, «Сходящие есть?» деп артқа қарап-қарап қояды. Авто­бус  салонының  қабырғаларына көз салдық. Алдымен көзіме түскені жүр­гізуші артындағы әйнекке ілінген «Отвле­кать водителя запрещено» деген жазу болды. Оның жанында «Аптечка находится у водителя» деген хабарлама жапсырылыпты. Есік үстінде «Осторожно, дверь закрывается», оның бер жағында «Место для стоящих», «Место для сидящих» деген жазулар ілініпті. Әлден уақыттан соң әлгі жолақы алушы әйел бізге жақындап: «За проезд беріңіздер», - деді. «Мынау автобус қазақтікі ме?» - деді Момбек Әбдәкім­ұлы  оған.  «Өзіміздікі, - деді ол. – Авто­бус анау шопырдың жекеменшігі». «Онда, қарағым-ау, аялдамалардың аттары­н, өзіңнің айтатын сөздеріңді, одан соң мынау ілулі жазуларды неге қазақшаламайсыңдар?» - деп еді. «Сіз­дің шаруаңыз қанша?!» - деп баж ете қалды. Реңі де, тұрпаты да келіспеген біреу екен пәтшағар. Қазақ намысы десе жанын беруге даяр Момбек Әбдәкім­ұлы оның әйел екендігіне қарамай айқай­лап берді... Сол жазған Өзбекстандағы өзбектер ортасында немесе Балтық жағалау­ы елдерінде осылай сөйлеп көрсінші, заматта өмірге келгеніне пұшайман жеп кетер еді. Ал бізде...

Біздің тағы бір кінәміз – өте еліктегіш халықпыз. Жоқ, бұрынғы ата-бабала­рымыз кім көрінгенге еліктегіш емес-ті. Қазір сормаңдай ұрпақ еліктегіш болып кеттік. Еліктегіштік ең алды­мен тілімізге өте үлкен зардап кел­тірді. Соңғы екі-үш ғасырда басымыздан өткен саяси өзгерістердің барлығы тілге зияндық тигізді. Тілі шұбарлан­ған халық өз кескін-келбетін жоғал­тады және өз тіліне үстемдік еткен тілдің (орыс тілінің) жұртына қарап бой түзей бастайды. Еліктегіш деген нәрсе басқа бір халықтың мәдениетіне осылай бой түзеуден басталады. Кезінде мұндай жұртты бұзатын бой түзеулерге қарсы шыққан қазақтың Кенесары мен А.Байтұрсыновтай арыстары бас көтерген. Бұл екеуі ғана емес, ұлтымыздың қаншама ғұламалары бұған көп көңіл бөлген. Алайда басқыншы ел ондай арыстардың сөзіне құлақ аспаған. Қайта оларды жау көрген. ХІХ ғасырдың алғашқы шире­гінде Қазақстанның оңтүстік өлкесінен басқа жерлердің барлығында хандық жүйені жойып, ел билеудің аға сұлтандық пен болыстық тәртібін енгізген орыс отаршылдары алдымен тілге шабуы­л жасаған. Тілінен айырылған халық оңай басқарылатынын патша ұлықтары жақсы түсінген. Ол үшін өмір сүрудің алғышарттары мен барлық қажеттілігін орыс тілінің аясына әкеп тіреп қойған. Отаршылдар алдымен далал­ықтардың билеуші тобын орыстандыруды мақсат тұтқан. Билеушілері орысша сөйлесе, қара халық та оларға еліктеп, үлгі алатынын білген. Бұған «атақты реформашы» Сперанскийдің мына  сөздері куә. Түп нұсқаны аудармай өз тілінде берейік: «...К черту казахского языка. Казахская степь теперь наша. Казахские правители отныне должны говорить на русском, и все правительственные дело должны вестись на этом языке... Русские чиновники, работ­ающие при казахах отныне не должны­ нанимать переводчика. Пусть его нанимают казахские правители. Ведь они же под нами, а мы не под ними. Дети казахских правителей должн­ы учиться в русских школах и воспит­аваться под нашим духом. Этих же, обрусевших казахов мы потом постави­м правителями степи. Вот они-то научат свой народ русскому... Пусть теперь каждый казах знает, что в будущем он без русского языка – никто».

Міне, көрдіңіз бе, орыс тіліне деген кіріптарлықтың қай уақыттан бастау ал­ғанын. Отаршылдар бұл халықты орысша үйретуге уақыт қажет деген пікірді ойға да алмады. Соған орай сол уақыттағы барлық қазақ зиялылары орысша оқыды, орысша тәрбиеленді. Өйткені мұндай құбылыс өмір қажеттілігі-тұғын.

ХІХ ғасырда отаршылдар батыс, шығыс, солтүстік және орталық Қазақстандағы ел басқару жүйесін, сонымен қатар халықты да орыстандырып жат­қанда, 1808 жылы Ташкенттен бастап Алматыға дейінгі жерлерді басып алған Қоқан хандығы жергілікті қазақтарды өзбектендіруге ұмтылған. Қазақ даласының бір шеті Қызылорда, бір шеті Созақ пен Сарысуға дейінгі түгелдей оңтүстік өлкесін 1864 жылға дейін құзырында ұстап келген Қоқан басқыншыларының тарихы әлі күнге дейін толыққанды зерттелінбегені сияқты, сол замандағы оңтүстік қазақтарының тұр­мыс-тіршілігі, саяси кескін-келбеті қандай болғандығы толық ашылмай жатыр. Шапқыншылықтың жабайы түрін ұстанған Қоқан берік те айқын­ бағыт-бағдарламалы хандық болмаса да, өзіне тән мақсаттарын бір­шама жүзеге асырған. Соның бірі – өздері басып алған қазақ даласын өзбектендіру саясаты. Қазақ даласын алғаш жаулаған Омар ханнан бастап, ең соңғы ханы Құдиярға дейін (бес рет хандық таққа отыр­ған) қоқандықтар қазақтың өздеріне қараған негізгі қалаларын өзбектендіруге көп көңіл бөлген. Осы кезеңнің тарихын көп зерттеген  ұстазым, жазушы, тарихшы Момбек Әбдәкімұлының Наманган облыстық архивінен алған еңбектерін оқи отырып мынадай қызықты дерекке көзім түсті: «Омар хан Ферғана мен Әндіжан уәлаяттарынан Шымқалаға үш жүз еркек пен әйелді, Сайрамға төрт жүз еркек пен әйелді, Түр­кістанға жүз әйел мен еркекті, Әулиеатаға үш жүз еркек пен әйелді, Созаққа жүз еркек пен әйелді хандықтың тірегі ретінде көшірді».

Бұл – 1814-15 жылдардағы оқиға. Омардан кейін хан бол­ған Шерәлі де, Құдияр да бұл істі жалғастырған. Ташкент пен оның айналасындағы ауылдардағы қазақтарды өзбектендіру үрдісі сол заманда қатты белең алды. Оның астары түсінікті де. Соның салдарынан Ташкент пен Жызақтағы, сонымен қатар олардың айналасындағы мың­дағ­ан қазақтардың уақыт ағы­мына қарай өзбек болып кеткендігі  шүбәсіз.

Қазіргі  Өзбекстан  жеріндегі жағдайды қоялықшы, Шымкенттің  өзі  мен  іргесіндегі  ауыл, кен­ттерде  қаншама  қазақ аз жылдың ішінде өзбекке айналып­  кетті  деңіз. Осының  бәріне бір уақытта қазақ жаз­ғанды биле­ген өзбек билігі ықпал  еткен­. Әлі күнге дейін он қазақ отырған жерге бір өзбек келіп қалса,  қазақтың  әлгіге  «шунақа, мунақа» деп көсіле жөнелетіні – сол Қоқан зама­нынан  қалған  жалтақтық.

Айтатын нәрсем көп еді. Бірақ мына мақаламызды осы жерден доғарсақ та жетер. «Ұзын сөздің ырғасы» деген тіркеспен айтсақ, қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, балабақшадан бастап, мектеп пен жоғары оқу орындарында, сонымен бірге қоғамдық орындарда қазақ тілінің қолданылуына ел болып, жұрт болып баса назар аударуымыз керек. Әрбір ата-ана отбасындағы ұл-қыздарына қазақтық тәрбие беріп, олардың бойына қазақтық болмысты, қазақтық рухты сіңдіретін болса, қазақ тілінің, мәңгілік қазақ елінің болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Тұла-бойымыз қазақ тұрпатты, бірақ ой мен санамыз орысша, қазақ тілін білуге қаншалықты құлықсыз  болсақ та, орыс жұрты ондайларды өз қатарына санамайтынын, басымызға іс түссе, тек өз жұртымыз – қазақтар ғана қарай­ласатынын, биік таққа жетсек, оған тек қана өз халқымыз сүйеу болатынын, тіпті өлсек те табытымызды кө­теріп жерлейтін де қазақтар екенін ұмытпайықшы, ардақты ағайын.

Абдуллах  Бекәділұлы,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  магистранты

 


МУЗЕЙЛЕР ӨЗ МҰҚТАЖЫН ӨЗІ ӨТЕЙ АЛАТЫН МЕКЕМЕ БОЛУЫ ТИІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
22.02.2018 11:42

Нұрсерік   ЖОЛБАРЫС:

Шетелден мейман келсе, мұражайға «сүйрейтін» әдетіміз бар емес пе? Алайда дүниенің төрт бұрышын түгел шарлаған туристерді біздегі мұражайлармен таңғалдыру мүмкін емес. Ал ашық аспан астындағы музейлерге жетуіңіз қиямет-қайым. Онда жол, жарық, интернет желісі, қонақүй дегеніңіз атымен жоқ. Ол аз десеңіз, бұл салада мамандар да тапшы. Еліміздегі мұражайларда қалыптасқан түйткілдер турасында Қазақстан музейлеріне ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетуге арналған «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музеолог Нұрсерік Жолбарыспен сұхбаттастық.

– Әңгімемізді еліміздегі музей­  ісінің басты проблемаларынан  бастасақ...

– Қазіргі таңда Қазақстанда 240 музей бар. Оның ішінде 234-і мемлекеттік болса, 6-ауы жекеменшік музей ретінде тіркелген. Шынын айту керек, Қазақстанда музейл­ер көбейіп келеді. Жыл сайын кемі 5-6 музейден ашылып отырады. Оларға қоғам тарапынан сұраныс бар. Бірақ, қоғамның сұранысын қанағат­тандыру оңай болмай тұр. Біз оны мойын­дауымыз керек. Ол қандай сұраныс десеңіз, музейге келушілер шетел музейлерінен алғандай әсер алғысы келед­і. Біздің музейлердің қоры шетел музейлерінен кем түспейді. Алайда осыны­ ұқсату жағы қиындау болып отыр. Ұйымдастырған көрмесі, жасаған тұрақты экспозициясы, өткізген дәріс­тері мен бұқаралық өзге шаралары көңілден шықпаса, келушілер сырт айнал­ады. Екінші рет келуге құлық таныт­пайды. Бұл музей ісінде кадр тапшы­лығы бар екенін көрсетеді. Қазақстанда музеолог мамандарды дайын­дайтын 4 оқу орны болған. Қазіргі уақытта 2-еуі ғана бар. Оның біреуі ғана ғылыми тұрғыда ізденісін жалғастыруға мүмкіндік береді. Өткен онжылдықта бұл мамандыққа сұраныс болғанымен, оқу орнына түсушілер қарасы болмады. Сондықтан оқытатын оқу орындары кафедр­аларын жабуға мәжбүр болған еді. Осының салдарын енді тартып отырмыз. Дегенмен, соңғы 2-3 жылда музеологияға қызығушылық білдіріп, жоғары оқу орындарына түскендердің саны бірнеше есе өскен. Осы уақытқа дейін жіберіп алған есемізді енді сол маманда­рдың есебінен толтырсақ та кеш емес. Міне, музейлердің бүгінгі ахуалы кадр тапшылығынан бастап, қаржы тапшылығы, ғимарат мәселесі деген  проблемалармен жалғаса береді. Ал, қаржы мәселесі музейлер үшін шешімін  таппаған  проблемаға жатады­. Республикалық деңгейдегі музейлерде 29 мың теңге жалақы алатын мамандар бар. Осыны жалақы деп айта аламыз ба?! Жалақыдан басқа музейге күрделі жөн­деу жасау, қор сақтау бөлмелерін стандартқа сай ұстау, экспозицияларды заман­ауи технологиялармен жабдықтау, қорды сатып алу есебінен толықтыру, шетелдерде немесе ірі орталықтарда біліктілік арттыру, экскурсоводтарды сертификаттау, имидждік мәселелер секілді бағыттарға қаржы бөлін­бейді. Егер мемлекет қаржы бөлгісі келме­се, музейлерді бәсекелестіктің ортасына берсін. Бүкіл әлем қолданып отырған  тәжірибеден  неге  қашамыз?!

– Кадр мәселесін жақсы атап өттіңіз. Қаржы  проблемасы  бар екенін айттыңыз. Музейлерді  қаржыландыру  мәселесі көптен бері айтылып келе жатыр. Бірақ, қаржы алып, жөнге келіп жатқан музейлер  аз. Осының бір шешімі бар ма?

– Мен үнемі айтамын, музейлер өз мұқтажын өзі өтей алатын мекеме болуы­ тиіс. Музейді өзіне кіріптар етпеуді мемлекет өзі бастауы керек. Қазір бізде бәрі мемлекетке қарап отыр. Өзі жеке табыс табайын десе, мөлшерімен ғана табыс таба алады. Мөлшерімен дейті­нім, кейбір заң нормаларына қайшы келеті­ндіктен артық-ауыс қаржылық жобалармен айналыса алмайды. Меценат­тарды музейге тарту тіпті қиын. Ірі алып компаниялар музейге аса  қызыға  қоймайды. Нақты бір қаржы көздерін табу үшін біз Ұлыбритания мен  Франция, АҚШ-тың тәжірибесін басшылыққа алуға тиіспіз. Аталған мемлекеттерде музейлерді басқару белгілі бір қамқоршылық кеңестерге жүктелген. Қамқоршылық кеңестер мемлекетке тәуелді емес. Оның құрамына сайлану үшін кәдімгідей талас болады. Мысалы, Британ музейінің Қам­қоршылық кеңесінің құрамында  мұғалімнен бастап, заңгерлер, қаржы мамандары, ВВС телеарнасының журналистері, король отбасының мүшесі және үкіметтен бір адам болады. Кеңес музейге қаржы табумен айналысады. Ал, музейдегі мамандар осы Кеңестің арқасы­нда алаңсыз жұмысын жалғас­тыра береді. Бізге керек тәжірибе – осы. Сөз басында айтып кеттім ғой, «мем­лекет музейді толықтай қаржыландырмай отыр» деп. Егер, мемлекет бұл қаржыл­андыруды қолға алғысы кел­месе, шетелдің тәжірибелеріне мойын бұр­ғаны  жөн. Сонда көп мәселенің басы  шешіледі.

– Біздегі жағдай түсінікті болды. Әлемдегі   музей  ісінің  дамуы  қандай?

– Әлемдегі музей ісінің дамуы әр елде түрлі деңгейде. Көшбасында Батыс­ Еуропа мен АҚШ, Ресей және Түркия тұр. Бұл тізімге таяу жылдары  Жапония мен Қытай, Біріккен Араб әмір­ліктерін  қосуға  болатын   шығар.  Себебі­ ­ бұл  елдерде музей ісі қарқынды дамып келеді. Бұлардың барлығында музей ісі жолға қойылған. Мысалы, бізде музеолог мамандар проблема болып­ жатса, Ұлыбританияда «музей архитекторы», «музейдегі жа­рық беруші», «музей дизайнері», «музей маркетологы» деген бөлек мамандықтар бар. Бізде мұның бәрін жинап, «музеолог» деп ғана оқытады. Дәл Еуропадағыдай оқытайық десек, мамандарды тәрбиелейтін оқытушылар жоқ. Ал, Еуропа мен АҚШ музейдегі мамандардың өзін бірнеше бағытқа бөліп оқыта бастады. Осының өзі шетелд­ердегі музей  ісінің  қаншалықты  дамығанын  көрсетеді.

Жоғарыда мен атап өткен елдер қазіргі уақытта кәсіби рейтингтерге де жұмыс істейді. Көбісінің ісі коммер­цияланған. Мемлекеттен қаражат алмай­ды. Керісінше, мемлекетке салық төлеп, қалаға турист тартып отыр. Олардың­ қатарында АҚШ-тағы Смитсон институтына қарайтын барлық музейл­ерді, Британ музейі, Эрмитаж, Лувр  мен Берлин  музейі,  Стамбулдағы археология  музейін  жатқызуға  болады.­

Бізбен көршілес Ресей мен Қытайдың музей саласы бізден озып кеткені айтпаса да түсінікті. Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы негізінен тарихи­  ескерткіштер және аз болса да музей туризмі бойынша қаржы көзін тауып отыр. Яғни, өздерінің тарихын кіріс  көзіне  айналдыра  білді.

– Шетелдерде  ашық  аспан  астындағы  музейлер  бар. Оған жыл сайын миллио­ндаған турист ағылып жатады. Біздегі  ашық  аспан  астындағы  музейлер жайлы  айтып  өтсеңіз.

– Бізде біраз тарихи орындарға музееф­икация жұмыстары жүргізілді. Енді біреулерін тек «ашық аспан астындағы музей» деп теңеумен ғана шектеліп отырмыз. Оларға музеефикация жұмыс­т­арын жүргізу қаржыны көп талап етеді. Жан-жақты инфрақұрылымы (жол, байланыс, қонақүй, т.б.) болмаса, жұм­салған қаржы ақталмайды. Мен осыдан 3 жыл бұрын Бөкей ордасы музей-кеше­ніне бардым. Шынымды айтайын, жол азабын тарттық. Ұялы байланыс та анау айтқандай сапалы емес. Қонақүй, тамақ­тану деген сияқты мәселелер толығы­мен шешілмеген. Мен ресми қонақтардың қатарында болған соң бұл проблемалармен бетпе-бет келмедім. Бірақ, өзімді жеке келген турист ретінде­ қоятын  болсам, жағдайым мүшкіл болар­ еді. Мені тек музей-кешеннің барын­ша ынтамен, тарихқа деген зор құрметпен, кәсіби тұрғыда жасалғаны қуантты. Музей-кешеннен осы деңгей­ді көріп қана шаршағаным басылды. Музей-кешеннің ішінен басқа оның архитектурасы­, жанындағы тарихи тоғайы­, кешенге кіретін ғимараттардың тарихы – нағыз ашық аспан астындағы музей. Дәл осы Бөкей ордасы тәрізді Солтүстік Қазақстанда «Сырымбет» тарих­и-этнографиялық музей-кешені бар. Барған адам кері қайтқысы келмейді. Айғаным мен Шоқанға тиесілі дүниелерді, үйлерді, тарихи мекендерді көріп жүріп сағатыңыз емес, күндеріңіз­дің қалай өткенін білмей қаласыз. Бұл мекенге де жету оңай емес. Туристерге жағдай мүлдем қарастырылмаған. Ұлытау­  өңіріндегі «Алаша хан», «Жошы хан» мазарлары да дәл солай. Осы Ұлытау­  өңіріндегі  «Теректі  әулие» атты петрогл­ифтер де ашық аспан астын­дағы музейге сұранып отыр. Ал, Маңғыстау өңірін мен «ашық аспан астын­дағы музейлер мекені» деп айта аламын. Өткен күзде бардық. Тарих­ы тереңде. Мақтанып айтатын тұсы өте көп. Әйтеуір жергілікті азаматтар билік­ке үміт арта бермей, тарихи-мәдени мұраларды өздері тұс-тұсынан қолдап жатқандары бар екен. Жергілікті тұрғындармен сөйлескенде осы дүниеге қатты риза болдым. Маңғыстауда осының бәрін біріктіретін қорық-музей болса деймін. Қорық-музейдің айна­ла­сына біріктіре алсақ, қазіргідей шашыраңқы болмас еді. Егер, Мәдениет және спорт министрлігі кіріссе, Маңғыстаудан «Адай ата» қорық-музейін әбден ашуға  болады. Сонда ғана тарихи орындар жүйеленіп, туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік ашылады. Және бұл қорық-музей өзінің көп шығын­дарын ақтайтын бірден-бір қорық-музей­ болатын­ы сөзсіз. Жалпы, еліміздің барлық  аймағынан  ашық  аспан  астын­дағы  музей­  ашуға  болады. Әр өңірдегі музейлер бір-біріне ұқсамайды. Шығыст­ағы «Берел­» қорық-музейін кеңейт­іп, ашық аспан астындағы музейд­ің талаптарына толықтай сәй­кестендіре түссе, керемет болар еді.  Ақмола облысындағы «Құмай» кеше­ніндегі балбал тастар, Алматы облысындағы «Есік» қорық-музейінің обалары – біздің ашық  аспан  астындағы музейлеріміз.

– Қызылорда  өңіріндегі музейлерге қатысты  пікіріңізді  білсек  дейміз?

– Облыстық тарихи-өлкетану му­зейіне күрделі жөндеу жасап, экспозициялары жаңарғанын білемін. Бұл музей­мен әріптестік орнату жоспа­рымда  бар. Ал, аудандық музейлерінде болдық.­ Тек Шиелідегі музейде бола алмадым. Жазға  таман Қызылордаға арнайы барып, көрсем деген ойым бар. Облыстағы музейлердің қызметкерлерімен жеке байланыстарым бар. Әріптес ретінде ақпарат алмасып, қолдан келгенше көмек көрсетіп тұрамыз. Алдағы уақытта ауқымды жобаларыма Қызыл­орда облысының музейлерін де қатыстыру жоспарланған.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АРЫЗ АРТЫНДА АДАМ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
22.02.2018 11:36

Бүгінде заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратураға көмек сұрап келетіндер көп. Азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін орган әділеттілікке қол жеткізе алмай жүрген қаншама жанның мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал етеді, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, құқықтық көмек көрсетеді. Мысалы, бір ғана 2017 жылы Қызылорда облыстық прокуратура органдарына жеке және заңды тұлға өкілдерінен барлығы 8424 арыз-шағым түскен. Түскен барлық арыз-шағымның 7469-ы (3632-сі – қоғамдық мүдделерді қорғау, 3837-сі – қылмыстық қудалау) қаралып, қалғаны қарау реттілігіне сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға жөнелтілген.

Өткен жылы қаламызда құқық қорғау қызметтері орталығы ашылған еді. Ашылғанын білсек те, нақты қандай қызмет атқаратынынан көбінің әлі күнге хабары жоқ. Осы орайда айта кеткен жөн, орталық азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді. Мәселенің жедел шешілуіне қол ұшын созатын мұнда тегін адвокат пен медиаторлар отырады. Егер қандай да бір кедергіге тап болсаңыз, осында арыздана аласыз. Сондай-ақ, прокуратура, ішкі істер, әділет органдары мен қала әкімінің қызметкерлерін де осы жерден табуға болады. Бір орталыққа құқықтық көмек көрсететін мамандардың шоғырлануы –  халықтың арлы-берлі әбігерге түспей, мәселелерінің бір жерден шешілуіне ықпал ету үшін жасалынған жағдай. «Бүгіннің өзінде бұл бастамалар өз тиімділіктерін көрсетіп отыр»,- дейді облыс прокурорының орынбасары Т.Әлібаев. Оның айтуынша, орталық ашылғаннан кейін атқарушы органға былтыр түскен арыздар 2016 жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға азайған.

Айталық, Ж.О. есімді азаматша өзі қарызға берген 200 мың теңге ақшасын А.Н. есімді азаматшадан ала алмай келгеніне үш жыл болған. Орталыққа жүгіннен кейін оның мәселесі медиатордың араласуымен қаралып, бітімгершілік жолымен қарыз ақшасы қайтарылды. Дәл осындай 80 бітімгершілік шарт қаралған. Сондай-ақ қала тұрғыны, азаматша Г.М. күйеуінің ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсететіні жөнінде шағымданғаннан кейін қабылдау жүргізген прокурор тез арада жергілікті ішкі істер органына хабарлап, демеу көрсеткен. Нәтижесінде азаматша дәрігерлік тексеруден өткізіліп, дағдарыс орталығына орналастырылды. Осылайша ол ішкі істер органдары қызметкерлерімен қорғауға алынса, күйеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал екі бөлек тұрса да, күйеуімен әлі заңды түрде ажыраспаған азаматша К.М. бұрынғы жұбайының Алматы қаласында тұруына байланысты, неке бұзу туралы талап арыз жазуы үшін қайда жүгінерін білмеген. Орталыққа көмек сұрай келген оған білікті мамандар көмек көрсетеді. Нәтижесінде күйеуінің тұрғылықты жері бойынша Алматы облысы, Әуезов аудандық сотына неке бұзу туралы талап арыз жазылып, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерімен электронды түрде кілт табысталып, соңғының талап арызы Алматы қалалық сотына жолданған. Сол сияқты мұнда жол-көлік оқиғасының салдарынан мүгедек болып қалған баласына кінәліден материалдық және моральдық шығын өндіріп беруді сұраған қала тұрғынының мәселесі де қаралып, оң шешімін тапты. Қабылданған адвокатпен Қызылорда қалалық сотына жауапкерден жол-көлік оқиғасының салдарынан келген шығынды өндіру туралы талап арыз жазылып, құқықтық кеңестер берілген. Қиналғанда көмек беріп, мәселенің оң шешімін табуына ықпал ететін осындай орталықтардың тиімділігін халықтың оң пікірінен-ақ байқауға болады. Бұл жобаның өткен жылдың аяғында Жаңақорған және Қазалы аудандарында арнайы бөлімшелерінің ашылуы да осыған дәлел.

Мұнымен қоса облыс прокуроры Х.Дәуешов те халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын. Былтырдың өзінде облыс прокурорының жеке қабылдауында 305 азамат болған. Олардың 145-іне нақты ауызша заң талаптары түсіндірілсе, 160-нан жазбаша арыз қабылданған. Егер сізге де құқықтық көмек қажет болса, әр аптаның сейсенбі күні прокуратура органдарына жүгіне аласыз. Ал мәселенің бір жерден шешілуін қаласаңыз, жоғарыда айтып өткен орталық қызметкерлері  жеке тұлғаларды қабылдайды. Бекітілген кестеге сай құқық қорғау және мемлекеттік органдардың бірінші орынбасарлары жүргізген орталықтағы жеке қабылдауларға осы күнге дейін 1000-нан аса адам жүгініпті.

Облыс прокурорының жеке бастамасымен  құрылған«Полиция» деген  жазулары  бар стационарлы-шыны бекеттер де учаскелік полиция  инспекторларының халыққа  қолжетімділігін  арттырып отыр. Прокуратура  органдарының осындай бастамаларының арқасында облыс бойынша қылмыстық  жағдай  өткен  жылдың екі  айымен  салыстырғанда 27,2  пайызға  азайып, қоғамдық орындарда жасалатын  қылмыс  пен бұзақылық 35,8  пайызға  төмендеген.

Ж.ЖҮНІСОВА

 


ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЕКАРАШЫЛАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
22.02.2018 11:33

Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қазақ-қырғыз шекарас­ына бірігіп жүргізген атышул­ы операциясын аяқтады. Дәлірек айтсақ, контрабандалық тауарларға тосқауыл қоюдың орнына­, керісінше, қомақты сомаға оларды заңсыз өткізіп беріп жүрген шекара қызметкерлерін тұтқындады. Әйтпесе сүліктей соратын жемқорлар, арандай аузын ашқан парақорлар дес берер емес.

Осылайша бас-аяғы тұтқындал­ған 35 күдіктінің ішінде шекараға жауапты лауазымды шенділер мен Қырғыз Жоғары Кеңесінің депутаты да бар. Қырғыз елі бұл хабарды ести сала мән-жайды анықтамастан, наразылық нотасын білдірген. Алайда кейінгі мәлімдемелерінде халық қалаулысына қатысты істе Бішкек еш араласпайтынын ха­барлады.

Елбасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу керектігін қанша айтса да, шекараға жауаптылар президент пәрменін елемейтін сияқты. Өздері, тіпті, шекараны майшелпекке айналдырып алған. Бас прокуратураның жариялаған видеосына назар салсақ, ол жерден пора-пора ақшаны бірінің ұсынып, екіншісінің иемденгенін анық байқауға болады. Ауызбас­тырықтарының үлкен сома екені іске қылмыс әлемі серкелері­нің де қатысы барын дә­лелдеді. Арна­йы операция барыс­ында құзырлы орган қызметкерлері Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыс­тары мен Алматы қаласында Қытай, Қырғызстан, Өзбекстанмен шекарадағы 9 кеден бекеттерін мықтап матап алған 8 қылмыстық  топты  анықтаған.

– Жүргізілген іс-шаралар барысында барлығы 8 қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекеттеріне тос­қауыл қойылды. Аталған деректер бойынша экономикалық контрабанда, ұйымдасқан топ, трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу және парақорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру басталды,- деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана  Лоскутова.

Қылмысқа қарсы күресіп, контрабанданың алдын алу жолында жұмыс жүргізеді деген шекара­шыларымыздың өзі «сау сиырдың тезегі» болмай шықты. Мұндайда «сенген қойым сен  болсаң...»  деген­  мақал  еріксіз еске  түседі  екен.

Б.ТОҚСАН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары