Өзекті мәселелер

  • 16.08.18

    2018 жылдың 2 тамызында «Халық» газетінің №30 санында жарияланған «Талдардың күйі тайып­ барады?» тақырыбындағы мақалаға орай Әйтеке би кенті әкімі аппараты төмендегі ақпаратты ұсынды.

    Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің Су ресурстары комитеті Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайының өзгеруіне байланысты­ Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысын...

    Толығырақ...
  • 16.08.18

    Топырағымыз құнарсыз, сор болса да, аймағымызда есірткі өсімдігін өсіру өршіп тұр. Қарапайым өсімдікке қолайсыз табиғаттың нашаға келгенде өте қолайлы болғанын қарасаңызшы! Нәтижесінде, жыл сайын есірткі түрлерін егу азаймай келеді. Соған сәйкес бұл бизнеспен айналысатын қаскөйлер де көбейіп барады. Өйткені Қызылорданың топырағында өскен есірткінің күштілігі Шудағы жабайы анашадан ...

    Толығырақ...
  • 16.08.18

    Облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры жақында ғана Шотландияның Эдинбург қаласында өткен “Фриндж” (“Fringe”) халықаралық өнер фестиваліне қатысып қайтты.­ Аталмыш халықаралық фестиваль 1947 жылдан бастап жыл сайын тамыз айында ұйымдастырылып келеді. Әлемдегі ең жоғары деңгейде өтетін өнер сайыстарының бірі. Биылғы өнер иелерінің додасына әлемнің 50 мемлекетінен 50000 ө...

    Толығырақ...
  • 16.08.18

    Қайран дүние, көрген түс­тей, сонау балдәурен бала күнімізде еліте тыңдаған әдемі ертегідей өтті де кетті ғой мына өмір. Иә, әлгі ерте­гі демекші, қазіргі таңда қария жасына жетіп, енді немер­елеріміз оқып беріп жүрген ертегілерді естіге­ні­мізде анау ақбоз атқа мініп, бойжеткен қызға келетін ханзадаға кездесуді келешегінен нәзік үміт күткен әрбір ару аңсай арман­дайды  екен-ау. Енді бүгін өтке...

    Толығырақ...
  • 16.08.18

    Биыл Елбасының «Әлеуметтік бес бастамасының» арқасы­нда жас түлектерге арнайы қосымша 20 мың грант бөлінді. Бұл  керемет  жаңалық­қа  бөріктерін  аспанға  лақтыр­ған ата-ана, талапкер қалмаған шығар. Хош, бұл бастаманың нәтижесіне таяу күндері 20 мыңдық грант иелерінің тізімі анықталғанда бір қуанармыз. Десе де, әңгіме басқада... Жалпы, жастардың қатары жұмыссыз жүргендердің ішінде 90 пайызды қ...

    Толығырақ...
Ақпан 2018

«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.02.2018 12:37

Байтілес Ержан Айтөреұлы «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Е.Байтілес 1981 жылы туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «журналистика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстан» газетінің тілшісі ретінде бастаған.

2005-2008 жылдары республикалық «Ақ жол Қазақстан» газетінде аға тілші, «Алматы Ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Ақшам-ақпарат» тобының жетекшісі.

2008-2011 жылдары республикалық «Ана тілі» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары.

2011 жылдың қаңтар айынан бастап республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып келді.

2016 жылдан бастап VІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты.

 


Төмен ұпай жинағандар оқу грантын жеңіп алған PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.02.2018 12:36

Байқасаңыздар, соңғы кездері үй-үйді аралап, ауызсуға төлем жинайтын «Су жүйесі» мекемесі қызметкерлері көрінбейді. Тіпті, есігіңізді қағып соңғы рет қашан келгенін еске түсіру де қиын. Олардың бұлай көрінбей кетуіне түрткі болған – арнайы мониторингтік топ. Олар тұрғындардан қолма-қол ақша жинау сыбайлас жемқорлық фактілеріне әкеліп соқтыруы мүмкін деп мекемеге ұсыным жасағаннан кейін, олар бұл ұсынысты қолдаған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны» жүзеге асыру үшін Қызылорда облысы бойынша департамент жанынан консультативті-кеңесші орган ретінде арнайы мониторингтік топ құрылған болатын. Топтың негізгі мақсаты – осы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жасау. 2017 жылы жоспарға сәйкес 10 кездесу өткізіп, 23 мәселе қаралды. Сол бойынша 41 ұсыным берілді. Қазіргі таңда ұсыныстар орындалу барысында,- деді өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне брифинг берген аталмыш департамент жанынан тұрақты жұмыс істейтін арнайы мониторингтік топтың басшысы Анар Ізден.

Бұған қоса, облыстық білім басқармасына қарасты колледждер жұмысына талдау жүргізу барысында да бірқатар кемшіліктердің орын алғандығын анықтаған. Мәселен, қаладағы бір колледжде оқытушылар құрамының жиі ауысатындығы, штаттық саны 96,5 болса да, бүгінгі күні қызметкерлер саны 148-ді құрайтыны талдау жұмыстары барысында белгілі болған. 2017 жылдың өзінде аталған колледжде 25 оқытушы мен түрлі жұмысшылар алынса, оның 6-ауы толық жұмыс күнімен, қалғаны 0,5-0,75 ставкамен жұмыс істеген. Сондай-ақ, олар жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келмеген. Ал емтихан кезінде жоғары ұпай жинаған талапкерлер оқу грантын иемдене алмаса, керісінше, төмен ұпай иеленгендер мемлекеттік оқу грантын жеңіп алған. Бұл былықтың барлығы нақты қай колледжде орын алғанын сұраған БАҚ өкілдеріне департамент басшысы А.Мұхимов:

Әзірге тексеру жұмыстары толық аяқталған жоқ. Алда аяқталған соң, барлығы ашық айтылатын болады,- деді.

Жергілікті атқарушы органдардың басшыларынан, ұйым, саяси партиялар мен БАҚ өкілдерінен, кәсіпкер мен блогерлерден тұратын мониторингтік топ аудандарда да кездесетін кемшілікті әшкерелеген. Мысалы, Жаңақорған ауданы ветеринария бөлімі басшысының қарамағында бұрынғы жұбайы сектор меңгерушісі болып қызмет істейтіндігі, оған қоса екеуінің мекенжайлары бір жерде тіркелгендігі және мекеме қызметкерлері сыйақы алған кезде бұрынғы жұбайына 1,5 есе көп сыйақы төленетіндігі анықталған.

Айта кетейік, құрылғанына бір жылдан енді асса да, бірқатар кемшілікті әшкерелеген мониторинтік топ енді орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерін де тексеруге алмақ.

Ж.ЕЛУБАЙҚЫЗЫ

 


АСТАНА ҚАЛАСЫНДА АРАЛ ӨҢІРІН ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.02.2018 09:00

Симпозиум Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) аясында ұйымдастырылуда.

Шараға Арал өңірі тұрғындарының проблемасынан хабардар және осы мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында мемлекеттік сектор мен халықаралық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Бұрын ауқымы жағынан әлемде төртінші орынды алатын Арал теңізі 2007 жылы өз көлемінен 10 есеге дейін қысқарып қалды. Теңіздің тартылуы үлкен проблемаға айналды, ал сол тартылған аумақ түгелдей шөлге айналды. Мұндай жағдай сол өңірде тұратын халықтың денсаулығына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сарапшылардың айтуынша, 100 мыңнан астам адам басқа аймақтарға көшуге мәжбүр болған және 5 миллион жан денсаулығынан айырылған.

"Арал теңізінің тартылуы салдарынан экологиялық апатпен қоса әлеуметтік-экономикалық проблема да белең алды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан Арал проблемасына өлшеусіз қолдау көрсетілді. Құрғап бара жатқан теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін және Арал теңізінің Қазақстандағы аумағының мәселелерін шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Аралды құтқаруға бағытталған шаралардың ең үздігі, халық арасында "Ғасыр жобасы" аталып кеткен "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал бөлігін сақтау" жобасы болатын. Бұл Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен және Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асты", - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

"Қазақстан Арал теңізінің құрғауы салдарынан болатын проблемалармен күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді", - деп атап өтті Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ тұрақты өкіл Норимаса Шимомура.

Өз зерттеулерін негізге ала отыра, БҰҰДБ барлық саланы қамтитын аймақтық экономиканы қарқынды құруға, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға және тұрақты қоршаған ортаға нәтижелі өтуге халықаралық үйлесімді жауап беру мақсатында ықпал ету қажет деп санайды.

БҰҰДБ аймақтың ең өзекті мәселелері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізді. Оның нәтижесінде Арал өңірі тұрғындарының өмір сұру жағдайын жақсарту үшін сапалы әлеуметтік және экономикалық қызмет алулары қажет екенін анықтады.

"Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және экологиялық мәселелерін толық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен, біз осы проблеманың қоршаған ортаға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын миллиондаған адамдарға жойқын әсерін жергілікті халық үшін әлеуметтік және экономикалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз – аймақ тұрғындары үшін лайықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қызметтерді алуға, өмірлерін жақсартуға көмектесу", - деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі және БҰҰДБ тұрақты өкіл Норимаса Шимомура.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Мұздың үстінде сақтық керек PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.02.2018 10:06

«Су – тіршілік көзі. Десек те оның тілсіз жау екенін азаматтарымыз әрдайым есте ұстамайды». Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне брифинг берген облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жандос Ерланұлы мен Төтенше жағдайды жою бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әлімжан Амангелдіұлы және «Оңтүстікаэроұтқыр жедел құтқару жасағы» ММ бастығы Бахыт Сағынбекұлы осылай деді.

2015 жылдан бастап күні бүгінге дейінгі жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайларды тілге тиек еткен олар алдағы жұмыс жоспарын да кеңінен тарқатты. Осыдан 3 жыл бұрын Арал ауданында Сырдария өзенінен белгіленбеген жерден мұз үстімен өтпек болған балықшылар УАЗ автокөлігімен қоса суға батып кеткен. Құтқарушылар олардың өлі денесін ғана тауыпты. Суға кеткен 5 адамның мәйіті пен автокөлікті жағаға шығарған. Ал 2016 жылдың 5 желтоқсанында Шиелі ауданынан 30 шақырым жердегі Қызылқайың елді мекені маңындағы Ақдөн жерінде қос тұрғын балық аулап жүріп суға батыпты. Құтқарушылар дер кезінде қимылдап, жедел іс-шаралар жүргізгенімен, балықшылар әлі күнге дейін табылмаған. Дәл осы жылдың 18 желтоқсанында Арал ауданына қарасты Ақеспе елді мекенінде 3 адам «Иж-планета» маркалы мотоциклімен балық аулауға мұзға шығып, суға түсіп кетіпті. Құтқарушылар суға батқан кісінің денесін тауып, су бетіне шығарғаннан кейін полиция қызметкерлеріне тапсырған. Осылайша судан ажал құшқан құрбандар саны, зардап шеккендер бірінен соң бірі тізбектеле берген. Былтырғы 3 қаңтарда Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының тұрғыны С.Әзімханұлының «Опел вектра» көлігі Ханқожа көліндегі мұз астына түсіп кеткен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жасағы жағдайды анықтап, сүңгуірлік және альпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, мұз астындағы темір көлікті жағаға шығарып берген. Мұның ізін ала бере 29 қаңтар күні Жалағаш кентінен 7 шақырым жердегі көлге трактор тіркемесімен қоса суға батқан. Құтқарушылар су астындағы тракторды тартып, жағаға шығару үшін біраз арпалысқан. Соңында жағаға шығарып беріп, көлік иесін риза қылыпты.

Биылғы 6 ақпанда қала тұрғыны М.Тұрсынбаева өзінің арызында әкесі А.Тұрсынбаевтың Жалағаш ауданындағы Бөгдек жерінде көрші шаруашылықтан 3-4 шақырым жердегі уақытша жұмыс істеп жүрген фермерлік шаруашылыққа қарай түнде жол жүріп кеткенін, содан бері оралмағанын айтқан. Ол кісіден әлі күнге дейін хабар жоқ. Қазіргі күні жасақтың құтқарушылары іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Апаттың айтып келмейтіні рас. Ол «табиғаттың тосын мінезі» болса, тіпті қиын. Алайда біздің өңірде төтенше жағдайлар кезінде жұмыла жұмысқа кірісетін арнайы мекеме жұмыс істейді. Олар су айдынындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жасақ құтқарушыларымен тұрақты түрде іс-шаралар жүргізіп, жұртшылықтың судағы һәм мұздағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқарған.

Ж.Қойшыбекова

 


ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНДА 5 АГРОИНДУСТРИЯЛДЫҚ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.02.2018 10:03

Жаңақорған ауданында «Агроэкспресс» оқу семинары ұйымдастырылды. Онда кәсіпкерлерге ауданның туристік және агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды.

Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев және «Мансап-Қызылорда» ЖШС бизнес-тренері Наталья Мишукова шағын және орта бизнестің  дамудағы әлеуеті  жайлы айтты.

Айта кетейік, «Агроэкспресс» оқу семинары өңірдегі кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарды тәжірибе алмасып, нарықтық қатынастарға сай бизнесті дамытудың жолдарын үйретуге мүмкіндік береді.

«Жаңақорған ауданы облыста кәсіпкерлікті дамыту бойынша көш бастап тұр. Өткен жылы ауданымызда «Агро-индустриялдық аймақ» құрылып, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалуда. Ауданда шағын және орта бизнестен 3338 субъекті тіркелсе, оның ішінде белсендісі - 3171 немесе 95 пайыздан жоғары. Бұл - аймақтағы  ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, тарихи ескерткіштерге қызығушылық танытқандар үшін туристік кластерді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Биыл бес ауылдық округте Манап, Қандөз, Төменарық, Ақүйік және Қаратөбе ауылдық округтерінде инфрақұрылым мәселелерін шешуге жергілікті бюджеттен  «Агроиндустриялдық аймақ» құруға қаражат бөлініп отыр»,- деді аудан әкімі Ғалым Әміреев.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясының филиалы және Қоғамдық кеңес 2018 жылды облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялау туралы бірлескен шешім қабылдаған болатын. Жаңақорған ауданы алғашқылардың бірі болып аумағы 50 гектар «Агроиндустриялдық аймақ» құрған. Семинарға қатысушылар агро-индустриялдық аймақ жұмысымен және «Жаңақорған» шипажайымен танысты.

Күннің екінші жартысында тарихи орындарға саяхат жасалды. Қатысушылар «Төлек ата», «Қылышты ата» және «Қорасан ата» кесенелеріне барды.

Айтпақшы, өткен жылы туристік саланы дамыту мақсатында тарихи орындарға баратын жол толық асфальтталған. Болашақта мұнда  туристерге арналған «Ақтас» мешіті және көрші Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бару саяхатын ұйымдастыру кешені қызмет көрсететін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Кәсіптің қағидасы – қолыңнан келетін іспен айналысу PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
19.02.2018 09:42

Соңғы жылдары Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқасында ел тұрмысы оңалып, қолға алынған жобалар өз жемісін беруде. Бұл туралы аудан әкімі Ғалым Әміреев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Өз есебінде аудан басшысы 2017 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 3338-ге жетіп, 9213 адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Өткен жылы 11126,4 млн теңгенің өнімі өндірілсе, оның 2838,2 млн теңгесі өнеркәсіп өнімдерінің еншісіне тиесілі болған. Нәтижесінде ел қазынасына түскен салық 1141,0 млн теңгені құрады. Әрі Жаңақорған ауданындағы белсенді субъектілердің саны 3171 бірлікке жетіп, 95 пайыз көрсеткішпен басқа өңірлерден көш ілгері тұр.

Биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы екені белгілі. Соған сәйкес оңтүстік ауданда кәсіпкерлікті қолдауға арналған көптеген жобалар қолға алынған. Айталық, өткен жылдың өзінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 79 жобаға, Қызылорда «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымынан 52 жобаға қаржылай несие берілді. Сонымен бірге «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ-нан «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 6 жоба қаржы алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы көптеген жобаларды демеуде. Өткен жылы бұл бағдарламаға Жаңақорған ауданынан грантқа 17 жоба ұсынылған. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің білімін жетілдіру мақсатында өңірде «Бастау-Бизнес», «Бизнес-кеңесші» жобаларымен 300-ге тарта тұрғын білім алған.

Жақын арада «Агро-экспресс» атты оқыту жобасын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Алматы, Жамбыл облысынан келген мамандар әрбір сала бойынша қатысушыларды бөліп, кәсіпкерлік туралы теориялық негізде білім беретін болады. Семинар барысында басты үш тақырып қаралады. Алғашқысы, «кәсіпкерлікпен қалай айналысуға болады?» деген сауалға жауап іздейді. Екінші, ауыл шаруашылығы саласында агробизнестің қандай түрлерімен айналысудың тиімділігі айтылады. Соңғысы, өңірдегі туризмді дамыту туралы болмақ. Тәжірибелік алаңда негізінен теориялық білім беріледі. Сонымен қоса ауданның туристік әлеуетін көтеру әрі өңірдің тарихын халыққа насихаттау мақсатында қатысушыларға тарихи орындарды аралауға мүмкіндік жасаймыз. Бұл халықтың кәсіпкерлік туралы білімін жетілдіруге өзіндік пайдасын тигізеді. Ең бастысы, кәсіптің қағидасы – қолыңнан келетін іспен айналысу,- дейді аудан басшысы Ғ.Әміреев.

Сонымен қатар Ғалым Махмұтбайұлы аймақтағы туризмді дамыту мен бұқараны осы салада өз кәсібін ашуға үндейтін бастамалар жасауға баса көңіл бөліп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде ауданда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінде қызмет көрсететін бес нысан іске қосылған екен. «Өңірдегі туризмнің жаңа тынысын ашу үшін алдымен жол мәселесін шешу басты назарға алынған. Ағымдағы жылы «Самара-Шымкент-Шалқия» автомобиль жолының күрделі құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріледі. Алдағы уақытта осы мазмұндас жобаларды қолдау ескеріледі», - дейді аудан әкімі.

Тағы айта кететін жайт, аудан көлемінде индустриялды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына сәйкес «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ кенішті модернизациялау мен кен байыту фабрикасын салу жұмыстарын бастамақ. Биыл «БК Қызылордацемент» ЖШС-гі де жылына 560 мың тонна цемент өнімін шығаратын зауыттың құрылысына кірісетін болса, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС жылына 12 мың 750 тонна тамат пастасын өндіретін өндіріс орынының құрылысын бастауды көздеп отыр.

Жоспарлы дамудың нәтижесінде ауданда ел пайдасына көптеген спорттық, білім беру нысандары да бой көтерген. Өткен жылы ауданда 6 мектептің құрылысы басталып, оның екеуі оқушылар үшін есігін айқара ашты. Осындай келелі іс аймақтағы елді мекендерде де көрініс тапқан. Мәселен, жекеменшік әріптестік аясында Аққұм, Еңбек ауылдарында дәрігерлік бекет пайдалануға берілсе, Аққорған ауылдық округінде денешынықтыру-сауықтыру кешені мен балабақшаның құрылысы жүргізілуде.

2017 жылдың статистикасына сүйенсек, ауданда жұмыссыздық деңгейі төмендегенін байқаймыз. Жыл қорытындысында Жаңақорған өңірінде жұмыспен қамтылғандардың саны 3721 адамға жеткен. Жалпы аудан бойынша экономикалық белсенді халықтың саны 34428-ді құрайды. Бұл –жылдық жоспардың артығымен орындалғанының көрінісі.

Аудан әкімінің сөзінен ел ахуалы оң өзгеріске бет алғанын, жүйелі жұмыстардың табысты нәтиже бергенін байқадық. Қарқынды тірліктің арқасында тек экономикалық ғана емес, мәдени, спорттық, тұрмыстық мәселелердің біршамасы өз шешімін тапқан. Алдағы уақытта бұл көрсеткішпен шектелмей, айқын мақсаттар мен көптеген ауқымды жобалар іске асырылмақ.

Ерсін  ШАМШАДИН

 


Қызылордада балалар құқығы барынша қорғалған PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.02.2018 09:44

Балалар мен жастарға арналған 111 ұлттық сенім телефонының басшысы, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің өкілі Ысқақ Қашқынбайұлы облыс бойынша жүргізілген мониторингтік зерттеу жұмыстарына байланысты БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

- Қызылорда, Маңғыстау өңірі – суицидке қарсы жұмысты жақсы жолға қойған өңірлердің қатарында. Кешеден бері облыстағы 10 мекемені араладық. Балалар құқығын қорғау, олардың жан-жақты жағдайын жасау республика бойынша жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп бағалауға болады. Бірінші мәселе – баспана. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бұл түйткілдің Қызылордада түйіні тарқатылған. Яғни, бұл ретте жастар үйі жұмыс істейді. Одан кейінгі мәселе – даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу барысында өте жақсы нәтижеге қол жеткізген, - деді Ы.Қашқынбайұлы.

Осылайша Сыр өңіріндегі балалар құқығын қорғау жөніндегі жемісті, жүйелі жұмыстардың барлығына тәнті болды. Алайда кемшілік те жоқ емес. Мониторингтік зерттеу кезінде аралаған 10 мекеменің 2-еуінде ғимараттары ескірген екен. Материалдық-техникалық базасы жөндеуді талап етеді. Десек те, мекеме басшылары алдағы уақытта олқылықтың орны толтырылатынын жеткізген.

Жалпы, жасөспірім кезеңде көңіл күйі құбылмалы, эмоционалды жүретін балалар үшін қиындықтарға қарсы тұру оңайға түспейді. Отбасылық проблемалардың салдарынан өзін өлімге қиятындар, ажал құшқандар қаншама. Ал 111 ұлттық сенім телефоны түрлі кикілжің бойынша хабарласқан балаларға психологиялық көмек көрсеткен. Сенім телефоны аптасына 7 рет, 24 сағат бойы жұмыс істейді. Ы.Қашқынбайұлының сөзіне сүйсенсек, күні бүгінге дейін орталыққа 222 000-ға жуық қоңыраулар келіп түскен. Білікті мамандардың тыңғылықты тірлігінің нәтижесінде 114 суицид, 46 зорлық-зомбылық жағдайының алдын алған. 111 ұлттық сенім телефоны мекемесінде 30 оператор, 6 психолог, заңгер, талдаушы-мамандар жұмыс істейді. Олар өмірімен қоштасқалы тұрған жасөспірімдерге рухани көмек көрсету үшін кейде секундтың өзі рөл ойнайтынын айтып қалды. Көпірден, биік ғимараттардан секіргелі тұрған балалар сенім телефонына қоңырау шалып, өз-өзіне қол салғалы тұрғанын айтады да, телефонын қоя салады екен. Ал мұндайда мамандар қайта хабарласып, оның тұрған жерін анықтап, жедел жәрдем, құқық қорғау органдарына хабар береді.

Ж.Қойшыбекова

 


Заңнамаға өзгерістер енгізілді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 16:44

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 5-бабына сәйкес (Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы заңның керi күшi) әкiмшiлiк құқықбұзушылық үшiн әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын не әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзге түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқықбұзушылыққа қолданылады.

Кодекстің 919-бабының 1-бөлігіне (Осы Кодексті қолдану тәртібі) сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) шығарған және орындалмаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша қаулылар, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заң әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін немесе күшін жоятын не әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзгеше жолмен жақсартатын жағдайда заңның кері күшін белгілейтін осы Кодекстің 5-бабына оларды сәйкес келтіру мақсатында қайта қаралуға жатады. Бұрын шығарылған қаулыларды қайта қарауды өзіне қатысты қаулы шығарылған тұлғаның арызы бойынша қаулы шығарған сот судьясы, органның лауазымды адамы жүргізеді.

Осылайша, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның тиісті өтініші келіп түскен кезде әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша бұрын шығарылған және орындалмаған қаулы, оның ішінде айыппұл төлеу қажеттілігі туралы рәсімделген және орындалмаған ұйғарым қайта қарауға жатады.

Бұл ретте, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша қаулыны, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы ұйғарымды қайта қарау жаза қолдану туралы қаулыға, ұйғарымға қоса берілетін ұйғарымды шығару арқылы Кодекстің 740-бабына (өтінішхат) сәйкес жүргізіледі.

Заңның кері күшін қолдану туралы ұйғарымға адамдар ӘҚБтК 44-тарауында (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасау) көзделген тәртіпте шағымдана алатынын атап өту қажет.

Жаза қолдану туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттілігі туралы ұйғарым мәжбүрлеп орындауға жолданған жағдайда ұйғарымның көшірмесі де сот орындаушысына жолдауға жатады.

 


Өлкетану – мәңгілік ел мұрасы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 16:41

Бүгін осы тақырыпта Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.

Көрменің мақсаты – аймақтағы киелі орындардың тарихымен таныстыру, тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен сақтауға үйрету, оларды насихаттау, әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімін ояту, мәдени мұраларға қамқорлық жасау.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Ұлт тарихы - өлке тарихынан бастау алады. Бүкіл адамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын болса, өлке тарихы сол құндылықтардың бастау бұлағы» деген ұлағатты сөзі өмір-сүріп жатқан өз өлкеңді танып-білу керектігін айтып тұрған бізге бағдаршам іспеттес болуы керек. Қазақ Елінің Ұлы рухын көтеру үшін, оның тарихын білу - бізге парыз.

Көрме «Туған жер - тұнған тарих», «Алаштың Ақмешіті», «Мәдениет – ұлт руханияты», «Қызылорда – жаңа мүмкіндіктер мекені» атты төрт бөлімнен тұрады. Көрмеде ежелгі Сыр өңірінің қасиетті киелі орындары, өлкеден шыққан топ бастаған от ауызды, орақ тілді би-шешендер, қол бастаған батырлар мен дүлдүл ақын-жыраулар, әулие-әнбиелер, тарихи ескерткіштер мен кесенелер жайлы, әсіресе, түркі әлеміндегі ірі тұлға болып табылатын Қорқыт ата жайлы, өңірдің өткен тарихы мен киелі өңірдің көрікті келбеті жайлы кітаптар мен мақалалар  қойылды. Көрмеге жалпы саны 150-ге жуық кітап, мерзімді басылымдардан 20 мақала, 25 фотосуреттер, 45 DVR-W  өлкетану  кітаптары  қойылды.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы

 


Көгілдір отын кешке дейін беріледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.02.2018 14:48

Табиғи газдан уақытша ажырап қалған Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлерге қатысты мәселе бүгін реттеледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте сала басшылары мәлімдеді.

Еске салсақ, кеше облыс орталығындағы АГРС-2 желісінде апатты жағдай тіркелді. Осыған байланысты құзырлы мекемелер дер кезінде жергілікті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау жөнінде хабарлама таратты. Атап айтқанда, газ қондырғыларын ажыратқыш краннан үзіп, бөлмелерді желдетіп, қосымша хабарлағанға дейін газ қондырғаларын қоспауды ескертті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин айтқандай, қала халқын табиғи отынмен қамтамасыз ету мақсатында ірі кәсіпорындарды газдан ажыратуға тура келген.

– «Ақшабұлақ» кенішіндегі «Кристалл менеджмент» серіктестігіне қарасты электр стансасының тұтыну көлемін азайттық. Қызылорда жылу электр орталығын жаппай резервтік мазутқа көшірдік. Кеше кешке дейін АГРС-2 желісіне тиесілі газ реттеуші пункттерді АГРС-1 желісіне ауыстырдық. Бірақ КБИ және Тасбөгет шағын аудандарындағы 5 газ реттеуші пункт қосылмай қалды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түн ішінде жұмыс жүргізе алмадық. Бүгін таң атысымен аталған шағын аудандардағы пункттерді іске қосып, газ бере бастадық, – деді басқарма басшысы.

Апатты жағдай тіркелгеннен кейін кеше Қызылордада көппәтерлі екі үйде газ жарылды. Құтқарушыларға алғашқы хабарлама Тайманов көшесіндегі №1 үй тұрғындарынан түскен. Жарылыс салдарынан төменгі қабаттағы пәтер балконы құлап түскен. Абырой болғанда зардап шеккен адам жоқ.

Брифингте қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістің филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сәтмағанбетов балконды қалпына келтіру үшін үй тұрғындарына көмек көрсетілетінін жеткізді. Сала басшылары жалпы мәселенің бүгін кешке дейін реттелетініне сендірді.

– АГРС-2 желісіндегі апаттың не себепті шыққанын анықтау мақсатында комиссия құрылды. Бүгінде анық-қанығы тексеріліп жатыр. Ал қалпына келтіру жұмысы аяқталуға жақын, – деді Б.Сәтмағанбетов.

Назерке  САНИЯЗОВА

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары